Мұрағат: 28.11.2016


«Өз еріктерімізбен жазылудамыз», — дейді жәнібектік оқырмандар

Күні: , 67 рет оқылды

dsc_0008


Облыстық «Орал өңірі» газеті бас редакторының орынбасары Сырымбек Тұяқов жуырда аудан орталығындағы М. Ықсанов атындағы колледжде және Тау, Ұзынкөл, Күйгенкөл ауылдарында болып, оқырмандармен жүздесті.


Аудан орталығындағы оқырмандармен болған кездесуде аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешов жұртшылықты ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен қызу құттықтап, облыстық «Орал өңірі» газетінің оқырмандар арасындағы ойып тұрып алар орны ерекше екендігін, алдағы жылы бұл басылымның өмірге келгеніне 100 жыл толатынын айта келіп, аудан бойынша мерзімді басылымдарға жазылу қарқынды жүргізіліп отырғанын баян етті. Өз кезегінде сөз алған облыстық басылым редакторының орынбасары облыстық қос басылым мен 12 аудандық газетке қамқор болып отырған «Жайық Пресс» ЖШС-ның мерейтойға байланысты алдағы уақытта бірқатар іс-шараларды қолға алатынына тоқталып, алдағы жылы оқырмандарды қандай мақалалардың қызықтыратынын білгісі келетінін, сондай-ақ газеттегі сырт көзге байқалатын кемшін тұстармен ауыл-аймақтағы көкейкесті мәселелерді де ашық айтуға, пікірлесуге шақырды.

Кездесуде Жәнібек ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Қабаш Жүнісов облыстық «Орал өңірі» газетінің безендірілуі бұрынғы жылдармен салыстырғанда әлдеқайда жақсарып, оқырмандарды тартып тұратынын, балаларға, жастарға арналған беттердің көңілден шығатынын айтты.

— Жақында облыстық газеттің бетінен Бекболат Машқанов пен Мақсот Досжанов туралы жазылған мақа-лаларды оқып, өзімнің көз көрген қос жерлесім, замандасыммен қауышқандай болдым. Сол сияқты аталған газет бетіндегі өнер, спорт, білім салаларына қатысты материалдарды қалт жібермей оқимын. Сын мақалалар бұрын жиі жазылса, қазір сиректеу шығады. Өнер адамдарына қарағанда, мұғалімдер туралы материалдар анда-санда ғана жарық көреді. Аудандардағы аурухана, пошта мекемесі жұмыстарының көлеңкелі тұстарына көбірек көңіл бөлінсе деген ұсынысым бар, — деді ол.

dsc_0027— Облыстық газеттің тұрақты оқырманымын. «Орал өңірін» аудандық пошта мекемесінен айына бір рет зейнетақыға барғанда алатын едім. Онда да жазылатын басылымдарымды алдын ала емес, тек қолыма тиерде ғана бөлетін. Қазір, шүкір, пошта қызметкерлері газетті 3-4 күнде үйге жеткізіп тұр. Бұрынғы кездесулерде «Орал өңірі» газетінде соғыс отына шарпылған ауданымыз жөнінде деректер жазылу керектігін айтқан едім, ол тілегім орындалды. Аудандық газеттің редакторы Ахмедияр Батырханов облыстық, аудандық мұрағаттарға барып, соғыста хабарсыз кеткен боздақтар жайында жазып жүр. «Орал өңірінде» де осындай тарихи тақырыптағы мақалалар жиірек жарияланса. Сонымен қатар шаруа қожалықтары «Жалғыздың үні шықпас» дегендей, жеке өзі ештеңе бітіре алмайды. Халыққа пайда келтіру үшін олардың ауылдық тұтыну кооперативіне бірігу қажеттігі әлде де тереңірек пайымдалып жазылса. Сосын ұялы телефон мен ғаламторды бағытсыз қарау жас жеткіншектердің санасын улап, оларды қате жолға түсіруі мүмкін екендігін психологтарды, педагогтарды, заң қызметкерлерін басылым бетінде сөйлету арқылы жазып тұрса, құба-құп болар еді, — деді зейнеткер Болат Закарин.

Кездесуде, сондай-ақ аудандық «Шұғыла» газетінің бас редакторы Ахмедияр Батырханов кейбір ақсақалдардың ауызша айтумен белгілі тұлғалардың дүниеге келген жерін бұрмалайтынын, сондықтан мұрағат құжаттарын негізге алып, баяндауға баса назар аудару қажеттігіне тоқталды.

Тау, Ұзынкөл және Күйгенкөл ауылдарындағы кітапханалар мен мектептерде өткен кездесулерде «Орал өңірі» газетінде жарияланатын ақпараттық және танымдық мақалаларды басым көпшіліктің жүйелі түрде оқитындығы байқалды. Тау ауылында тұратын Төлебай Әзберген ақсақал облыстық басылымның жылдан-жылға тартымды болып шығып келе жатқанын, түрлі тақырыптардағы мақалалардың ылғи да жазылатынын, соның ішінде ауыл өмірінің мәселелері ұдайы қамтылатынын сөзіне сүйеніш ете отырып, — Облыстық газет бетінен Есенжол Қыстаубаев, Гүлжамал Кенжеғалиева, Сәкен Әбілхалықов сықылды тағы да басқа журналистердің жазған мақалаларын іздеп оқимын. Дін тақырыбында да материалдар жарияланып жатады. Кеңес үкіметі кезінде балаларға дін тақырыбында ештеңе айта алмадық. Енді сол олқылықтың орнын толтыратындай газетте жастарға дінді үйрету жағы көбірек жазылса деген ұсыныс айтамын, — дейді. Ал осы ауылдағы мектептің мұғалімі Асыл Құлмырзина «Орал өңіріне» мұғалімдердің жыл сайын ешкім мәжбүрлемей-ақ, өз еріктерімен жазылатындығын, өлкемізден шыққан танымал жандар туралы мақалаларды, жерлес ақындардың өлеңдерін оқығанда бір жасап қалатынын баян етіп, газет бетінде облысқа белгілі адамдардың елеулі еңбектері жөнінде жастарға үлгі болатындай үзінділер жиі жазылса және қазіргі заманға сай кәсіпкерліктің қыр-сырын үйрету мақсатында «Бизнес сабақтары» іспеттес айдар ашылса деген пікірін білдірді. Ұзынкөл мектебінің мұғалімі Нұрлан Кәрімғалиев ғасырға жуық тарихы бар облыстың басты басылымында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, елдің өткен тарихын қаузайтын материалдардың жиі жарық көретінін ризашылықпен айтты.

dsc_0036– Елбасының ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға бағытталған «Құлан», «Сыбаға», Алтын асық» мемлекеттік бағдарламалары мен шаруа қожалықтарының жарқын істері де газет бетінен тыс қалған емес. Мәселен, басылымның таяудағы санынан «Шаруасын шалқытқан Шалқар» атты біздің ауданнан жазылған мақалада Орал қаласынан Жақсыбай ауылына қоныс аударып, мал өсірумен айналысып жатқан жігіттің қарымды ісі жан-жақты жазылуымен жұмыссыз жүрген жастарға тәрбиелік мәні зор болды деп есептеймін. Ауыл адамдарына қиыншылық тудырып отырғаны — басылым бағасының жылдан-жылға қымбаттауы. Мұның өзі табысы аз отбасылардың газетке жазылуына кедергісін тигізіп отыр. Бұл жағдай оңтайлы шешілсе дейміз, — деді ол өз сөзінде.

Емін-еркін, ашық-жарқын өткен кездесу барысында, сондай-ақ Ұзынкөл ауылындағы пошта байланысы мекемесінің қызметкері Орынғаным Ғатауоллина, ауыл мұғалімдері Сансызбай Қауенов, Алтын Досқалиева облыстық басылымда денсаулық, медиация мәселелері және әдеби-көркем шығармалар жиірек жарияланса екен деген тілектерін білдірсе, Күйгенкөл ауылындағы зейнеткерұстаз Жұпар Хамзина газеттегі «Ғибратты айдар» бетін жетілдіріп, басылымда отбасы тәрбиесі, ене мен келіннің арасындағы қарым-қатынас туралы кеңінен жазылған дүниелер қамтылғанын жөн көретінін жеткізді. Үш ауылда оздырылған кездесулерге ауылдық округ әкімдері Алтай Бақтығалиев, Әлия Оспанова және аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Қошанова мен мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімдерінің басшысы Айдынғали Есенғалиев қатысып, «Орал өңірі» газетіне келер жылы ауылдағы оқырмандардың көптеп жазылатынына сенімді екендіктерін білдірді.

 Нұрымбек ЖАПАҚОВ,

Жәнібек ауданы


Рахымжанның «Алтыбақаны» (қаз-қалпында)

Күні: , 248 рет оқылды

0993e055bceb94c30f6764401fc9abddf319202e


Бәрі де есте. Содан бері отыз бес жылдай уақыт өтіпті-ау, бірақ әлі көз алдымда тұр. Рахымжан ол кезде Алматыда, республикалық телевидениеде жұмыс істеп жатты. Содан үш-төрт жыл бұрын «Орал өңірінде» бірге істегенбіз.


Мезгіл көктем еді. Мен қысқа мерзімдік курсқа Алматыға шұғыл баратын болдым. Тап сондай курста редакциядағы әріптесім Өтепберген оқып жатқан. Алматыға қарай өкшем көтерілгенде Өтепбергенге қоңырау шалдым. Ол қуанып кетті: — Ешқайда алаңдама, мен «Түркістан» қонақүйіндемін, қасымда бір орын бос, саған әзірлеп қоямын. Тиын-тебенің мол болсын, — деді телефонның арғы жағынан ұшып кетердей елпілдеп. Үш күннен кейін ұшақпен Алматыға топ ете түстім. Әуежайдан Өтепбергенім қарсылап алды. Сақал-мұрты өсіп кеткен, өткендегі телефондағыдай емес, назары пәстеу. Құлағын жымып, ытырыла жөнелгелі тұрған таксидің жалына жармасып жатып, «Қонақүйге тарттық па?» — десем, төмен қарап, күмілжи береді. Сөйтсем, қонақүйдегі нөмірден айырылып қалыпты… Жастау кезіміз ғой, бүлдірмей жүреміз бе?.. «Осы Алматыда 5-6 жыл болдың ғой, өзің бір жолын тапсайшы…» — дейді жүзін төмен салып. «Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңе болайын» — дегім келіп тұрдым да айтпадым, досымды аядым. Өтепбергеннің «бір жолын тапсайшы» — деуінде мән бар. Алматыда бес жыл болғанда нағашымның үйіндей болып кеткен, мен үшін бір аяулы мекен, қадірлі шаңырақ бар. Ол — ҚазГУ қалашығы, ондағы осы қалашықты салған құрылысшылардың «Алатау» жатақханасы. Ауысып кетпесе, «Алатаудың» Иван Иванович Рак деген еврей коменданты болуы керек. Ендеше, кеттік. Таксидің тұмсығын сол жатақханама тіредік. Рак орнында екен, бет-аузы тек мұрыннан тұратын. Сол нән мұрны күлгенде тіпті шығандап, баяғысынша бет-аузын көрсетпей, мені бауырындай қарсы алды. Оның өйтетін себебі бар, жатақханада тұрған кезімде тәртіп пен тазалық жөніндегі мәселелерге жауапты оң қолы болғанмын. Әр бұрышынан жиырмадағы қайран күндердің елестері сығалап, сыңғырлап тұрған бес қабатты жатақхананың біраз жерін аралап шықтым. Сағынып қалыппын. Вахтерлердің дені сол баяғысынша жұмыс істеп жатыр екен. Солардың ішінде Наталья Марковна деген 70-тен асқан кемпір бар еді. Соған дейін орнында отыр. Бұрқыратып папирос тартады. «Мои пернатые вернулись!» — деп ол апамызға дейін қуанып жатыр. Жатақхана болғасын демалыс, мереке күндері қыз-қырқын, достар дегендей қонаққа келмей тұрмайтын баяғыда. Бірақ тәртіп қатал, бөгде адамдарды (әсіресе, қыздарды) табалдырықтан аттатпайды. Сондайда Наталья Марковнаға сол кездің мөлшерімен алғанда қымбаттау «Қазбек» папиросы мен (апамыз бұрқыратып «Беломор» тартады) плиткалы шоколад сыйлап көңілін табамыз. Соларымызды есімізге салған Наталья Марковна мәз-мейрам.

Бұрынғы комендантым бірінші қабаттан үш кісілік бос тұрған бөлменің кілтін қолыма ұстатып, «Живи, сколько хочешь» — деді Тәңір жарылқағыр. Курстың басталуына әлі бірер күн бар. Шалқайып қалай жатасың бөлмеде. Жүрген сайын, көрген сайын көзіңді суырып, көңіліңнің түкпірінде бұғып жатқан өткен күндерді қайта сәулелендіретін Алматы «көр, қыдыр» деп шақырып тұрса, жата аласың ба?.. Күні бойы көрікті жерлерді аралап, әбден құмардан шықтық. Ақшам жамырады-ау деген шамада Рахымжанға телефон соқтық. Ол жұмыстан кешкі сағат 7-лерге қарай шығады екен. Бұлай қарай шығарда жұмыс орнымның берген іссапарлық қаражаты бар, Өтепбергеннің «тиын-тебенің мол болсын» — деп ықтияттағаны тағы бар, қалтам қомақты. Соның да буы шығар, Өтепбергенмен салыстырғанда байдың баласындаймын, көшеде келе жатқанда алда жүремін (Бұл менің қазіргі Алматыға келген бойдағы күйім ғой. Алға озыңқырап айтсам, курс аяқталар шамада қымбат мейрамханаларға бармақ түгілі, студенттердің арзан асханасына бір аяқтап кіретін, қайтар жолға ауылдан ақша сұрататын халге жететінімді мен, әрине, ол кезде білмеймін ғой…). Рахымжанды кешке Алматыдағы 25 қабат «Қазақстан» қонақүйінің сол кездегі «По, дегізерлік!» мейрамханасына шақырдық. Рахаң, әрине, қуана-қуана келісті. Бір-бірімізді сағынып қалған екенбіз, мейрамханада армансыз тойладық. Түн ортасынан ауып, мейрамхананы әбден жаптырып шықтық. Рахаң ол кезде өлеңнің, поэзияның шалығы тиіп, күйіп-жанып жүрген шағы.

Тостыларымыздың арасында желкесіне түсетін мойылдай қара шашын шалқасынан қайырып тастап, өлең оқыды. Студент кезінде өзі айтқандай «жағын сауып», облыстық радиода диктор болған. Дауыс бар, мақамы одан да мықты. Шеген құдықтың шыңырауынан күңгірлеп шыққандай күшті әрі қоңыр, әрі салмақты үні мейрамханада отырғандарды жалт қаратады. Құдай-ау, содан Рахаңның Яблоневая көшесі (мейрамханадан таяқ тастам жерде екен), 6 «а»-үйдегі жалдамалы пәтеріне қырық аялдап жеттік-ау… Пәтері жартылай жердің астында. Үстінде орыс қожайыны тұрады. Бір ғана бөлме. Бір кереует, бір үстел. Өтепберген екеумізді кереуетке салды. Бөлме жартылай жердің астында орналасқандықтан ба, салқын екен. Мейрамхананың бізге өз ақшамызға «сыйлап» жіберген қызуы тарқап бара жатты, әлгі салқындықтың күштілігінен. «Өзің қайда жатасың?..» — дейміз біз. «Маған алаңдамаңыздар, демала беріңіздер. «Алтыбақанның» (Рахымжан сол кезде республикалық телевидениеден жаңадан көрсетіліп жүрген осы хабарға жауаптылардың бірі екен) сценарийін даярлап апаруым керек, ертең таңертең» — деді. Сөйтсек, алтыбақан теуіп отырып айтысатын қыз бен жігіттің бір сағатқа жуық өлеңмен айтысын Рахымжан жазып апаруы керек. Жай сөзбен емес, өлеңмен!!! Бағанағы мейрамханадағы алапат отырыстан кейін қыз бен жігіттің айтысын жазу?.. Және оны ертең бүкіл қазақ елі тамсанып тыңдайтындай (солай болды да) етіп бастан-аяқ өлеңмен өру кешіріңіз, бұл енді біздің ақылымызға мүлдем кірмей-ақ қойды сол сәтте…

Таңға жақын қатты тоңғаннан оянып кеттім. Рахымжан үстіне пальтосын жамылып алған, әлі жазып отыр… Қасындағы электр плиткіге қолдарын тосып, әлсін-әлсін жылытып алып, алдындағы қағазына қайта төнеді…

Таңертең «Жігіттер, қайырлы таң! Тұрыңыздар, шай дайын» — деген дауыстан көзімізді зорға дегенде тырнап аштық. Анадай жерде, электр плиткасының үстіндегі ескі шәйнек тұмсығынан бу атып, секіріп түсердей қалшылдап тұр. Бізге шай қайнатып қойған ғой…

Рахымжан өзі көңілді-ақ. «Бастығым Құсекең (телевидениедегі халық шығармашылығы бөлімінің бас редакторы, жазушы Құсман Игісінов ағамызды айтып отыр) кеше «Бала, айтыстың текстісі таңертең менің алдымда болсын» деген. Қуанып қалатын болды. Мұны тергізіп, әрі қарай театрдың әртістеріне береміз, жаттауға. Музыканттар әуенін жазады», — деді. Мен әлі де болса сеніңкіремей: «Көлемі қандай болды, көрейінші», — дедім. Рахымжан шиыршықталған қағазды қолыма ұстатты. Кәдімгі ақ параққа сықыстырып жазған да, әр парақты шетінен бірбіріне желімдеп отырған. Машинкадан шыққан лентадай, жазу үстелінен сусып төмен түсе берген. Рахымжан әлгіні қолына алып, басынан асыра созып, тарқатқанда, екінші шеті еденде жатты… Онда да толық тарқатылмай. Және парақтардың қос беті де өлең жолдарына мөймілдеп тұр… Оқып келіп жібергенімде жалт-жұлт етіп, жұтынып тұрған жолдар бірінен-бірі өтеді. Арасында әзіл-қалжыңмен бірін-бірі ырғасқандары қандай? Таңғалмасқа, Рахымжанның еңбекқорлығына, жанкештілігіне тәнті болмасқа амалым қалмады…

 

* * *

 

Осы өткенде, қазан айының соңғы күндерінде Рахымжан Отарбаев Оралға ат басын бұрды. Театрлардың Оралда өткен фестиваліне келіпті. Қасында Ақ Жайықтан түлеп ұшып, қазір Астанада қызмет атқаратын журналист ініміз Ғабит Молдамұратов бар, Монғолиядан келген ақын-жазушы, тарихшы Сұраған Рахметұлы бар, біздің үйдің дастарқанында бас қостық. Темір Құсайын, Аманкелді Шахин бар, өткен күндердің шоғын көсеп, біраз жерге бардық. Шалқып отырған сәттеріміздің бір мезетінде мен жоғарыдағы жәйтті еске түсірдім. «Апырмай, Алматыдағы менің тұрған пәтерімнің мекенжайына дейін ұмытпапсыңдар», — деп Рахаң қуанып қалды. Сосын: «Анау «Алтыбақанға» келетін болсақ, ол рас… Ол кезде телевидениеге өшіп бара жатқан салт-дәстүрімізді әкелу, соның ішінде қыз бен жігіттің айтысын шығару қып-қызыл соғыспен жүрді ғой. Әсіресе, айтысты телевидение арқылы қайта тірілту оңай болған жоқ. Өлеңін өзіміз жазып, оны алтыбақан тепкен қыз бен жігіттің аузына салып, халқымыздың ұмытылып бара жатқан жауһарын қайта жандандырамыз деп сондай-сондай приемдарға барғаны-мыз рас. Шүкір, кейін бәрі орнына келді ғой», — деді.

 

* * *

 

Тағы бір оқиғаны есіне салдым. Алматыға тағы бір барғанымда Рахымжан жан-жақты қолайлы пәтерге көшіпті. Басыбайлы емес, баяғысынша жалдап тұрады. Бір күні барсам, нән кілемді шиыршықтап, екі жерінен байлап, әлдеқайда жиналып жатыр.

— Оу, Раха, көш қонықты болсын, — дедім пәтер алып, көшкелі жатыр екен деп ойлап қалып.

— Қайдағы, мына кілемді ломбардқа апарып тапсыру керек, — дейді. Қолым бос еді, алып баруға көмектесейін деп мен де ердім. Троллейбуспен көк базардың қасындағы ломбардқа тартып келеміз. Кезекті бір аялдамадан Рахаңның танысы болуы керек, бір жігіт кірді де, амандаса кетті. Арасында: — Әй, Рахымжан мынандай кілемді қайдан алдың, мұны жуу керек қой, — деп самбырлай жөнелді. Рахаң болса: — Ломбард деген түрмеде осыдан кішілеу кілемім жатыр. Мынау соның ағасы, түрмеде жатқан інісін құтқаруға бара жатқан, — дегені. Ана жігіт аң-таң. Сөйтсек, Рахаң бұдан бұрын қаражаттан қысылып қалып, кішілеу кілемін ломбардқа өткізген. Оның мерзімі бітіп, енді алған ақшаны қайтарып бермесе, кілемнен айырылады. Ондай ақша тап қазір жоқ. Мұндайда ломбардтың талабы бойынша қымбаттау зат апарып, арзандау затыңызды қайтарып алу керек. Соңынан алған ақшаны қайтарсаңыз, анау затыңызды да қайтарып береді. Үлкен кілемді ломбардқа апара жатқан себебі сол екен. Бірақ соны «інісін құтқаруға бара жатыр» — деп тапқырлықпен жеткізгеніне танымайтын жігіт екеуміз шегіміз қатқанша күлдік. Мұны айтып отырған себебім, Рахымжанның бұл қыры оның повесть, романдарынан, драматургиялық шығармалары мен әңгімелерінен де жиі кездеседі. Қай шығармасын оқысаңыз да, юморды шебер өретіндігі сізді тәнті етпей қоймайды. Сенбесеңіз, кітаптарын оқып көріңіз…

Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал өңірі»


«Атты екен қандай адам көзі қиып?!»

Күні: , 176 рет оқылды

img_9360


Қарашаның 25-і күні облыстық прокуратурада жануарлар әлемін, соның ішінде киіктерді қорғау саласына қатысты алқа отырысы өтті. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов, киік популяциясын қорғауға тиісті мекемелер мен құқық қорғау құрылымдарының басшылары қатысты.


Ақбөкеннің 70 пайызы – Ақ Жайық өңірінде

– Қазақстанда 100 мыңнан астам киік болса, оның 70 пайызы Батыс Қазақстан облысында шоғырланған. Бөкендерді заңсыз аулау бес есе көбейген. Мәселен, 2014 жылы браконьерлікке қатысты төрт дерек тіркелсе, биыл 19 қылмыстық құқықбұзушылық жасалған. Соңғы үш жылда аудандар бойынша заңсыз киік аулауға байланысты Қазталовта – 17, Бөкей ордасында – сегіз, Жәнібекте – алты, Жаңақалада – үш, Тасқалада – екі, Зеленовта – бір, ал Орал қаласында бір дерек тіркелді. Бүгінге дейін облыс бойынша браконьерлерден 208 киік төшкесі мен 941 мүйіз тәркіленді. Бұл көрсеткіштегі айырмашылық жауапты органдардың 262 киікті қарауылға іліктіргендердің жолын кесе алмағанын дәлелдейді. Соңғы үш жылда қозғалған 38 қылмыстық істің 16-сы бойынша жауапқа тартылғандарға 74 млн. теңге айыппұл тағайындалған. Бүгінге дейін айыппұлдың 7,9 пайызы, яғни 6 млн. теңге қаражат қана өндірілген. Яғни киік популяциясын қамқорлайтын уәкілетті мекемелер мен құқық қорғау органдары арасында бірлесе қимылдау мен шешім қабылдауда үйлесімділіктің болмауы, іс-шараларды жоспар-лау мен жүзеге асыруда нақты қадамдардың жасалмауы, қылмыстық істі сөзбұйдаға салу, айыппұлды уақтылы өндірмеу киік популяциясын қорғаудың тиімділігін төмендетуде. Бөкендердің мүйізі тәркіленгеннен кейін жойылатыны белгілі. Біз бас прокуратураға заңнама аясында акт рәсімдеп, оларды қажетке жаратуды, дәрі-дәрмек жасауды ұсындық, – деді облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов.

zhivotnoe-saigakАлқа отырысында облыстық мамандандырылған табиғатты қорғау прокуроры Асылан Жаңатауов баяндама жасамастан бұрын, тақырыпқа сәйкес шағын фильмді назарға ұсынды. Бейнежазбада Қазақстанда киіктің Бетпақдала, Үстірт, Орал популяциялары сақ-талғаны айтылды. Сайғақтар ареалы еліміздің он облысын және көршілес Ресей Федерациясы мен Өзбекстан елдерінің өңірлерін қамтиды. 2015 жылдың басында Қазақстандағы киіктер саны 300 мыңға жуық болған. ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 25 шілдедегі №969 қаулысымен 2020 жылға дейін бөкендерді аулауға тыйым салынды. Соған сәйкес кінәлілер әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылуда.

Фильмде қылмыс үстінде әшкереленгендер де көрсетілді. Мысалы, былтырғы шілденің 31-інде Орал қаласының маңындағы Желаев кентінде Алматы облысының тұрғыны Амангелді Жантөреев 149 дана киік мүйізімен ұсталған. Жауапқа тартылғанына қарамастан, сол жылғы 4 қыркүйек күні Бөкей ордасы ауданында А. Жантөреев пен оның сыбайластары мінген автокөлік салонынан 50 дана сайғақ мүйізі тәркіленді. Заңсыз киік аулау ісін бүркемелеу үшін ішкі істер органдарының қызметкерлері де көзбояушылыққа барған. Тергеуші Дәурен Мұқанов шілде айында толтырылған хаттамадағы деректі бұрмалап, алматылық Жантөреевтен тәркіленген мүйіздер санын 49-ға дейін кемітіп көрсеткен. Сот үкімімен Д. Мұқановтың 2 жыл 6 айға бас бостандығы шектеліп, полиция майоры шенінен айырылды. Биыл қазан айының 14-і күні таңғы сағат 7.00-де «Охотзоопром» ӨБ РМҚК-ның Орал өңірлік филиалының инспекторлары Бөкей ордасы ауданындағы Саралжын ауылдық округінде «Нива» автокөлігімен аңшылыққа шыққан учаскелік инспектор Д. Әшімовті әшкереледі. Көлік ішінен арамен кесілген 14 мүйіз бен тоғыз киік төшкесі табылды.

Жат діни ағым мүшесі де араласқан

— Соңғы үш жылда біздің облыста киік популяциясы 30 мыңнан 70,2 мыңға дейін өсті. Есесіне, көрші өңірлердегі көрсеткіш құлдырады. Бағалы киік мүйізін заңсыз жолмен сату тыйылмай келеді. Қазақстанда сайғақ мүйізінен дәрі-дәрмек жасайтын бірде-бір мекеменің жоқтығынан, құнды «шикізат» Оңтүстік-Шығыс Азия ел-деріне контрабандалық жолмен жылыстауда. Талдау барысы көрсеткендей, Қазақстандағы «қара» нарықта киік мүйізінің бір келісі 10-нан 100 мың теңгеге дейін бағаланады. Ал Қытайдағы құны 4-тен 10 мың долларға дейін шарықтайды.

Облыста заңсыз киік аулауға қатысты деректерге сүйеніп, табиғатты қорғау прокуратурасы қосымша 340 млн. теңгеден астам қаржының айыппұл есебіне кіргізілмегенін анықтады, – деген облыстық мамандандырылған табиғатты қорғау прокуроры Асылан Жаңатауов уәкілетті органдардың жұмысындағы кемшіліктерді де баяндады.

«Охотзоопром» РМҚК-ның өңірлік филиалы қарауында бес тірек пункті бар. Республикалық бюджеттен қаржыландырылса да, мекемедегі мемлекеттік инспекторлар қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмеген. 12 дана қызмет көлігінің тең жартысында техникалық ақау бар. 28 мемлекеттік инспектордың мамандығына сәйкес білімі жоқ, оларға қызмет жағдайында пайдаланылатын 16 дана қару берілген. Қысқы маусымда қар үстінде жүретін арнайы көліктермен қамтамасыз етілмеген.

ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті БҚО аумақтық инспекциясының да материалдық-техникалық базасы нашар. Инспекция үш дерек бойынша мергендер нысанаға алған бөкендердің өлімтігін тапқан, браконьерлердің өзін анықтай алмаған.

Аталған мекемелермен қоян-қолтық жұмыс жасамаған БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің табиғатты қорғау бөлімі де профилактикалық шараларға салғырт қараған. Ішкі істер органы қызметкерлерінің басқа өңірдегі әріптестерімен ақпарат алмасу жолға қоймаған. Заңсыз киік аулаған күдіктілердің 39-ы Батыс Қазақстан (18-і Қазталов ауданынан), 25-і басқа облыстардан (10-ы Атыраудан), үшеуі РФ азаматы екені анықталған. Былтырғы шілде айында Алматы және Жамбыл облысының 10 тұрғыны мінген автокөлік Бөкей ордасы ауданында тоқтатылады. Келесі күні олардың белгілі «кейіпкер» А. Жантөреевпен бірге ұсталғаны және дәстүрлі исламнан басқа діни ағымның өкілдері екені мәлім болды.

Облысымыздың бес ауданында бөкендер жайылмайтын аумаққа киіктердің тасымалданғаны анықталды. Мәселен, БҚО ІІД-ның ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы қызметкерлері Орал қаласының темір жол бекеті ауданында «Тойота» автокөлігін тексеріп, салонға жаңа ғана кесілген 402 дана мүйіздің тиелгенін әшкереледі. Яғни браконьерлердің қала ішінде сайғақтардың аталықтарын емін-еркін тасымалдағаны кәдік.

Баяндамашы аталған деректерді жіпке тізгендей қылып айтқан соң, облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов контрабандалық жолмен киіктің бағалы өнімдерін тасымалдаумен айналысқандар жөнінде мәлімет жоғын айтып, мұны құқық қорғау органдары тарапынан жіберілген зор кемшілік деп атап көрсетті. Табиғатты қорғау прокурорына барлық уәкілетті және құқық қорғау органының қызметін үйлестіру мақсатында жоба дайындауды тапсырды. Ол үшін бір ай мерзім берді.

Браконьерлер туралы мәлімет жинақталмақ

Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов сөз алып, «Охотзоопром» ӨБ-ның Ақтөбе және Қостанай облыстарындағы бөлімдерінде жұмыс орны қысқартылып, биыл ашылған Орал өңірлік филиалының қызметкерлерінің саны артқанын, олардың қатарына аумақтың ұңғыл-шұңғылын білетін жергілікті мамандарды жұмысқа тартудың маңыздылығын айтты. «Сайғақтар ауру малмен бірге жайылуы да мүмкін. Олардың өлімтігін белгілі орынға көму жұмысында да кемшіліктерді реттеуді осы филиалға тапсырып отырмыз», – деді Арман Кәрімұлы.

Алқа отырысында баяндама жасауға шыққан уәкілетті органдардың басшыларын облыс прокуроры сын тезіне алды. «Охотзоопром» ӨБ өңірлік филиалының директоры Сәбит Дүйсекеновке мекеме қызметінің сылбырлығын айтып, алдағы уақытта бұлай жалғасса, түбі жақсылыққа апармайтынын ескертті. Сондай-ақ жануарлар әлемін қорғау саласында қалыптасқан ахуалды оңалту үшін нақты ұсыныстарымен бөлісуді, инспекторлардың біліктілігін көтеруді жолға қою керектігін айтты.

– Мекемедегі жергілікті 22 инспектор кімнің аңшылықпен айналысатынын бес саусақтай білетіні сөзсіз. Учаскелік инспекторлар да хабардар. Арнайы құрал-жабдыққа сықа толы көліктер облыс аумағында емін-еркін жүр. Бұл жөнінде ешқандай ақпарат жасырын қалмасын! – деді облыс прокуроры Сәбит Дүйсекеновке. Ол дәл осы мәселені ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті аумақтық инспекциясының басшысы Қайрат Қадешевке де бағыттап, браконьерлікпен айналысуы мүмкін күдіктілер туралы мәліметтерді фотосуретімен құжатқа құпиялығын сақтай отырып енгізіп, табиғатты қорғау прокуратурасына жолдауды, қылмыстық іс үстінде әшкерелегендер жайындағы ақпаратты БАҚ құралдарына ашық жариялап отыруды тапсырды. Қайрат Қадешев 2010-2011 жылдары белгісіз аурудан қырылған мыңдаған киіктердің орнын қарақшымен (чучело) қоршап, шектеулі аумаққа сайғақтарды кіргізбегенін, 2012 жылдан бері Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да мұндай аурудың алдын алу шарасы мақсатында бірнеше киік пен олардың төлдеріне ғылыми зерттеу жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Облыстық ІІД ЖПҚ-ның басшысы, полиция полковнигі Манарбек Ғабдуллин қоғамдық ұйымдармен бірлесе қажетті шара алуды ойластырып жатқандарын жеткізді. Заңсыз аң аулаумен ұсталғандар туралы мәліметтер енген республикалық «Браконьер» атты деректер базасын құруды, киік атқаны үшін кінәлінің өмір бойы аңшылық құқығынан айырып, қаруын тәркілеу бабын заңнамаға енгізуді ұсынды. Оның ұсыныстары құзырлы орган тарапынан қолдау табатынын айтқан облыс прокуроры Сапарбек Айтуұлы облыс аумағында аңшылық құралдарымен жабдықталған көліктер туралы толыққанды мағлұматтарды келесі жылдың 15 қаңтарына  дейін анықтауды тапсырды.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Ортопедиялық салон жұмысын бастады

Күні: , 119 рет оқылды

pri_394911


Қаладағы Алмазов көшесінде «Әлібеков А.А» кәсіпкерлігінің ортопедиялық салоны ашылды. Биыл бұл жобаға (старт-ап) «Бизнестің жол картасы  – 2020» бағдарламасы шеңберінде қолдау көрсетілді. «Даму» қорының облыстық филиалының кепілдігімен ғимараттық орын алуға берілген несиенің пайыздық мөлшерлемесі субсидияланды. Ал салонға қажетті жабдықтар, соның ішінде жедел ем-шара жүргізетін заманауи құрал-жабдықтар жеке қаражатқа алынды.


Өңірдегі травматологиялық-ортопедиялық бағыттағы қызмет көрсететін алғаш ашылған салонда 3 адам жұмыс істейді. Салонның қызметі медициналық қызметтер (ақылы кеңестер, компьютерлік диагностика, сынықтарды емдеу, табан деформациясын түзетудің жекелеген тәсілдерін таңдау, ортопедиялық тауарларды, соның ішінде аяқ киім сату, тірек-қозғалыс жүйесі ауруларының алдын алу және басқалары) көрсетуге бейімделген.

— Өңірде жастар арасында майтабандылық немесе табаны деформацияланғандар көп кездеседі. Сондықтан ондай аурудың алдын алу шараларын жүргізіп, қажетті жағдайда емдейміз. Жалпақ табан адам жүргенде тез шаршап, балтыры, табаны, белі ауырады. Табандағы өзгерістер адамның тізе, жамбас буындарының, омыртқа сүйектерінің өзгерісіне соқтырады, — дейді Асылбек Әлібеков. Оның айтуынша, табан сүйектері дененің бүкіл салмағын көтереді, яғни табан сүйектері сәл доғалау келіп, жүргенде, секіргенде серіппе қызметін атқарады. Үнемі биік өкшелі, қытайлық жалпақ табан аяқ киім киюдің салдарынан табан сүйегі ауыртпалықты көтермей, өзгеріске ұшырайды. Жоғары санатты травматолог-ортопед дәрігер ретінде ол ата-аналардың балаларының болашағы үшін қандай аяқ киім киетініне мән берудің маңыздылығын айтады.

Асылбек Әлібекұлы 2004 жылдың тамызынан бері облыстық клиникалық ауруханада травматолог-ортопед дәрігер болып еңбек етеді. Кәсіби біліктілігін Қазақстанның, Ресейдің, Польшаның іргелі медициналық және ғылыми орталықтарында жоғарылатқан және тірек-қозғалыс жүйесін емдеудің барлық түрлерін игерген.

2012 жылы «Жайык-орто» ЖШС компаниясын құрып, ортопедиялық тауарларды жеткізумен, сатумен айналысты. Енді жаңа салон ашып, тұрғындарға қызмет көрсетуге кіріскен жайы бар. Салондағы ота жасайтын орынның барлық талапқа сай екенін «Даму» қорының облыстық филиалы ұйымдастырған пресс-тур барысында көріп, байқадық.

– Бүгінде аяқтың үлкен башпайының өзгеруі салдарынан сүйекшенің (шишки) пайда болуынан қиналып жүрген әйелдерге ота жасауды қолға алдық. Келешекте буындарды ауыстыру оталарын жасаймыз, — деді Асылбек Әлібеков.

Гүлбаршын ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


«Ладушки» – балақайларға жайлы мекен

Күні: , 48 рет оқылды

pri_3760


Биыл қыркүйек айында Оралдың жаңа Бәйтерек шағынауданында «Ладушки» балабақшасы ашылды. Ол жас ерекшелігіне қарай 1,5-5 жас аралығындағы төрт топта 72 балаға тәрбие беруге шақталған. Бүгінде онда 35 балапан тәрбиеленуде.


Жас кәсіпкер Дарья Мятеж екі жыл бұрын кішкентай ұлын балабақшаға беріп, жұмысқа шығуды ойлайды. Алайда балабақша кезегі келмей, тауы шағылады. Содан жеке балабақша ашуға бел буады. Жинақтаған жеке қаржысына ондай мекемені ашуға қауқары жетпейтінін түсініп, «Қазақстанның халық банкі» АҚ-ның облыстағы филиалынан 40 млн. теңге көлемінде несие алады. Содан кейін «Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасының көмегімен несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға қолы жетеді. Несиелік қаражат 352 шаршы метрлік 2012 жылы салынған екі қабатты коттедж ғимаратын және жиһаз, құрал-жабдық сатып алуға жұмсалады. Кәсіпкер ғимаратты санэпидемиологиялық талаптарға сай  қайта жөндеп, балаларды тәрбиелеуге жағдай бары жөнінде тиісті орындардың рұқсатын алады.

– Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік ретінде ашылған балабақша мемлекеттік тапсырысты орындайды. Мұнда мемлекеттік мектепке дейінгі тәрбие орындарындағыдай әдістемелік бағдарламалар басшылыққа алынады. Сондықтан бізге қалалық білім беру бөлімінде кезекте тұрған балалар да келіп жатыр. Бүгінде топ жасақтау жұмыстары жалғасуда. Балақайлар балабақшаға қуанып келуі үшін отбасындағы жылылықты орнатуға тырысамыз. Бізде оқу-тәрбие жұмыстары орыс және қазақ тілдерінде жүреді. Әзірге тек орыс тілінде тәрбиеленетін топтар жұмыс істеуде. Қазақ тобын ашуға педагогтар іздестірудеміз, — деді балабақша басшысы Дарья Мятеж.

pri_3826Жаңа әлеуметтік нысанда 15 адамға тұрақты жұмыс берілді. Балабақшаға инфекциялық жұқпалы аурулардың алдын алу үшін кварцтық шамдар сатып алынды. Тәрбиеленушілердің иммунитетін нығайту бағытында емдік шөптерден, итмұрыннан жасалған фитошай беріледі. Балабақшада асүйдің жұмысына өзіндік бақылау жасау жұмысы жолға қойылған. Әрбір ата-ана таңертеңгі, түскі асқа қалып, балаларға арналған тағамды байқап көре алады. Тәр-биеші Анна Сейтенова тобында 13 балақайдың барын, жеке балабақшада әр баланың дамуына жіті көңіл бөлінетінін айтады. Сондай-ақ таңертеңгі 9.00 сағаттан кешкі 6.30-ға дейін жұмыс істейтін балалар мекенінде кешкі топта жұмыс жалғасады. Бұл жұмыстан кеш қайтатын немесе іссапарға шығатын ата-аналар үшін жасалған. Қазіргі уақытта ата-аналар баласы үшін айына 20 мың теңге төлем төлейді. Ал кәсіпкерге мемлекет тарапынан әр балаға 16 мың теңге дотация беріледі.

— Ағымдағы жылдың 10 айы ішінде облыста «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша жалпы несиелік портфелі 16,4 млрд. теңгені құрайтын 101 жоба мақұлданды. Сонымен қатар кепілдік беру шамасы 770 млн. теңге, несиелік портфелі 1607 млн. теңге болатын 68 жобаға кепілдік берілді. Екінші деңгейдегі банктерден: «Халық банкі», «Сбербанк», «ВТБ банк» мейлінше белсенді. Зеленов, Бөрлі, Теректі аудандары да жақсы қатысуда. «Даму-Көмек» жобасы шеңберінде биыл мүмкіндігі шектеулі 3 кәсіпкерге демеушілік көмек көрсетілді. Сонымен қатар биылдан бастап қолға алынған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландырудың аймақтық бағдарламасы (ЕДБ-ге қаржы 30.06.2016 ж. аударылды.) бойынша мақұлданған 15 жобаға 656 млн. теңге бөлінді, жалпы құны 36 млн. теңге болатын 6 жоба мақұлданды. Жалпы құны 151 млн. теңге 9 жоба екінші деңгейдегі банктерде қарастырылуда. 23 жоба ауылдық жерлерде (74%-ы) жүзеге асырылуда, — деді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның БҚО бойынша аймақтық филиалының құзыреттілікті арттыру бойынша бас менеджері Ренат Құсманов. Оның айтуынша, қаржылық қолдау көрсету (субсидиялау немесе кепілдік беру) жұмыстарының алдында «Даму» қорының және кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының мамандары үлкен дайындық жұмыстарын жүргізеді. Мәселен, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының мамандарымен мемлекеттік бағдарламаларға қатысушыларға қажетті құжаттар жинауда, банктерге тапсырыстар беруде көмектер көрсетілді. Жыл басынан бері кәсіпкерлерге көмек көрсету орталығында бизнес ашу, бухгалтерлік есеп жүргізу, заңгерлік, бизнес-жоспар дайындау мәселелері бойынша бір мыңнан аса кеңестік қызмет көрсетілген.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»


«Ассамблеяға» саяхат

Күні: , 37 рет оқылды

0o9a1973


Еліміздегі  ұлтаралық  байланысты  нығайту  және  қазақстандық біртектілік  пен  бірлікті  дамыту  бағытында  Қазақстан  халқы ассамблеясының  қызметі  зор.  Мұның  бірсыпырасы  облыстық тарихи-өлкетану  музейіндегі  «Ассамблея»  залында  көрініс тапқан.


Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Орал политехникалық колледжінде көптеген іс-шара қолға алынған. Соның бірі – студенттердің облыстық тарихи-өлкетану музейіне саяхаттауы. Мұнда студенттер ғасырлар қойнауында қалған бабалар қазынасы туралы сыр  шертетін жәдігерлермен, Жайық қалашығының, Қазақ хандығы мен Бөкей хандығының тарихымен кеңірек танысты.

ҚР тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың өмір жолына арналған «Елбасы және Тәуелсіз Қазақстан» мен «Ассамблея» залдары  студенттерімізді баурап алды десе де болады. Егемендіктің алғашқы жылдарында Елбасымыздың Қазақстан халқы ассамблеясы сынды институтты құруы туралы шешімнің қабылдануы тарихи оқиға десе де болады. Бүгінгі таңда әлемде қоғамдық келісімді қамтамасыз етуге бағытталған мұндай әмбебап модель жоқ. Оны  Н. Ә. Назарбаевтың моделі деп атайды.

Ассамблея залында ұлтымыздың және елімізді мекендейтін орыс, украин, беларусь, неміс, армян, әзірбайжан, ұйғыр, татар, кәріс сынды ұлттардың мәдениетін, дәстүрін, тұрмыс салтын көрсететін жәдігерлер, мұрағат құжаттары қойылған.

Осы залдармен танысу кезінде студенттеріміз үлкен әсер алды. Тәуелсіздігіміздің құндылығын түсініп, қоғамдағы бейбітшілік пен тыныштықтың сақталуы бағытында қандай іс-шаралар қолға алынғанын  зерделегендей  болды.

Айнаш  БАЙМОЛДАЕВА,

Орал  политехникалық  колледжінің  өндірістік  оқыту шебері


Елбасына елі риза

Күні: , 58 рет оқылды

img_2826


Бүгінде  еліміздің  тұңғыш  Президентінің салиқалы  саясатын  бүкіл  әлем  қолдап,  қызығушылық  көзқараспен,  еліміздің  болашағына деген  сеніммен  қарап, бірнеше  елдің  басшылары,  саясаткерлер  және тағы  да  басқа  белді тұлғалары  мойындап, оң  бағасын  беруде.


Ширек ғасыр ішінде республикамыз әлемдегі бірнеше беделді ұйымдарға мүше болды және оларға жетекшілік жасады. Осы уақыт аралығында Елбасымыздың елге сіңірген еңбегі көп. Солардың ішінде атап айтар болсақ, ядролық қарудан бас тарту туралы іс-шараларды қолға алды, сөйтіп, ол мұндай құжатқа қол қойған әлемдегі бірінші мемлекет басшысы болды. Есілдің бойында Елорданы  тұрғызды. Қазір Қазақстан мен Астана ажырамас бір ұғым іспетті. Астанада түрлі әлемдік деңгейдегі іс-шаралар жүйелі түрде өтіп келе жатыр. Ал-дағы жылы «EXPO – 2017» көрмесі болады.

Тұңғыш Президентіміздің бастамасымен елдің әлеуметтік-экономикалық тұрмысын жақсарту мақсатында түрлі бағдарламалар қабылданып, халық игілігіне жұмыс істеуде. Олардың қатарында «Нұрлы жол», «Өңірлерді дамыту», «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Агробизнес – 2020» бар.

Салиқалы саясат ұстанып, елімізді ұлт пен ұлыстың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, әлемде татулығы жарасқан мемлекет атандырған  Елбасына  елі риза.

А. МОЛДАБЕРГЕНОВ,

БҚО ҚАЖД РУ-170/3 мекемесінің қызметкері, әділет аға лейтенанты


Полиция қызметкерлері марапатталды

Күні: , 52 рет оқылды

pri_4295


1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті күні.


Осыған орай өз  міндеттерін мінсіз атқарған облыстық ішкі істер органдарының үздік қызметкерлеріне ҚР Ішкі істер министрінің және облыстық ІІД-ның арнаулы атақтары мен   марапаттары табыс етілді.

Дүйсенбі күні Жеңіс алаңында облыстық ІІД ұйымдастырған шара ішкі істер органдарының жеке құрамының сапқа тұруымен және Қазақстан Республикасының Әнұранымен басталды. Бұдан кейін облыстық ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Мақсотхан Аблазимов ортаға шығып сөйлеп, ұжымын Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті күнімен құттықтады. Ол өз сөзінде  Елбасының тәуелсіз мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне қосқан өлшеусіз еңбегі жөнінде айтты. Сөзінің соңында қоғам тыныштығы үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан өз ұжымының еңбегін атап өтіп,  айтулы мереке қарсаңында бір топ полицей қызметкерін  марапаттады. Оларды  атап айтар болсақ, ІІД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Михаил Протопопов ҚР Ішкі істер министрінің «Құрмет» грамотасымен, ІІД тергеу басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Махамбет Темірбаев пен ІІД анықтау басқармасының аға анықтаушысы, полиция майоры Миржан Киндихов  «Құқық тәртібін қамтамасыз етуде үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталды. Сондай-ақ ІІД  штабы  басқармасының  бөлімше бастығы, полиция подполковнигі Дәурен Өтеғұлов  пен ІІД жол-патрульдік полициясы батальонының полицейі, полиция старшинасы Мұратбек Ізбасаров «ІІ дәрежелі ішкі істер органдарының үздігі» кеуде белгісіне ие болса,  ІІД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Асхат Хасанғалиев пен ІІД ақпараттық-аналитикалық орталығының аға инженері, полиция майоры Назгүл Уәлиге мақтау грамотасы табыс етілді. Өз қызметін адал атқарғаны үшін Тасқала ауданы ІІБ бастығының бірінші орынбасары, полиция майоры Руслан Мұхамедрахимов пен ІІД техникалық қызмет басқармасының технигі, полиция старшинасы Галина Черноярова облыстық ІІД-ның  алғысхатымен марапатталды. Бұдан басқа ел Президенті күніне орай ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен ІІД жедел-криминалистика басқармасының аға криминалисі, полиция майоры Самал Ізбасарова мен ІІД есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бөлімше бастығы, полиция майоры Ғайнел Қайнеденов атқарып отырған лауазымында көрсетілген арнайы атағынан бір саты жоғары арнайы атаққа ие болды. Аталған қызметкерлердің екеуі де полиция подполковнигі атағын мерзімінен бұрын алды. Марапаттау рәсімінен соң жергілікті полицейлер қатарын жаңадан толықтырған 30 жас қызметкер өз міндетін мінсіз атқаруға ант қабылдады. Отан алдында ант берген тәртіп сақшыларын жаңа қызметімен құттықтаған ІІД бастығы Мақсотхан Аблазимов, ішкі істер органдарының ардагері, ішкі істер органдары ардагерлер кеңесінің төрағасы  Жайлыбай Адаев оларға қоғамдық тәртіпті сақтау мен қылмысты ашу жолында сәттілік тіледі.

Айша  ӨТЕБӘЛІ,

«Орал  өңірі»

Суретті  түсірген  Айбатыр НҰРАШ


«Бірегейлік пен бірлік»

Күні: , 42 рет оқылды

img_9498


Өткен  сенбіде  Орал  қаласындағы  Мұз  айдынды  спорт сарайында  ел  тәуелсіздігінің  25  жылдығына  орай  «Бірегейлік пен бірлік»  атты  мерекелік  шара  өтті.


Аталмыш шарада алдымен LED экран арқылы көрермендерге бейнеқойылым көрсетілді. Содан соң өңіріміздегі этномәдени орталықтардың өкілдері мен жоғары оқу орындарының студенттері өз өнерлерін паш етті. Мерекелік шараның өтуіне мұрындық болған Мұз айдынды спорт сарайы көрерменге лық толды. Шараға қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов «Ұлы дала тұлғалары» атты  көрмені  тамашалады.

– Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай «25 жұлдызды күн» шарасының басталуымен облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атынан құттықтауға рұқсат етіңіздер. Еліміз бойынша қарашаның 21-інен бастап 15 желтоқсанға дейін жалғасатын шара тәуелсіздік күніне орайластырылып отыр. Жыл басынан бері Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары жүзеге асырылып келеді. Жүзге жуық этнос өкілдері Ақ Жайық өңірінде бір-бірімен жақсы араласып, тату-тәтті ғұмыр кешіп отырғандығы біртектілік пен бірліктің жарқын көрінісі. Мемлекет басшысы «Бірлік — баға жетпес басты байлығымыз» деп атап өткен болатын. Елдігіміздің арқасында қол жеткізген тәуелсіздік құндылықтары күні кеше ғана Парламент қабылдаған тәуелсіздік декларациясында анық көрініс тапты. Бұл құжат мемлекетіміз үшін қиын да табысты жылдардағы маңызды оқиғаларды қамтыды. Азат ел ретінде аға ұрпақтың атқарған ізгі істерін жас ұрпақ әрдайым жадында ұстауы қажет. Баршаңызға мерекелеріңіз құтты болсын айтқым келеді, – деген облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов  «Бейбітшілік және келісім жол картасы» мега-жобасының кітабын облыстық тарихи-өлкетану мұражайына тапсырды.

«Достық-Дружба» фестивалінің қорытындысы негізінде өңіріміздің әр ауданынан келген және қалалық мәдени-ағарту бірлестігінің әжелер ансамбльдері халық әні «Беу, айдайды» орындап, жиналған жұртшылыққа қазақы салт бойынша шашу шашты.

– Бүгінгі ауқымы кең мерекелік шараға қатысқанымызға қуаныштымыз. Өңір басшыларына алғысымыз шексіз. Ақсай қаласындағы жастармен тығыз қарым-қатынаста болып, жұмысымызды жүргізіп келеміз. Бөрлі ауданында грузин халқының 11 отбасы тату-тәтті ғұмыр кешуде. Қайырымдылық шараларына, сондай-ақ мүгедек балаларға көмек көрсету мен ауданымыздағы мерекелерге белсенді қатысып, өз үлесімізді қосып келеміз, — дейді Бөрлі ауданындағы грузин этномәдени бірлестігінің жетекшісі Иван Бурджеклели.

img_9623img_9553Мұнан соң жиналғандар «Достық» клубы мүшелерінің өнерлерін тамашалады. Түркештің «Көңіл ашарын» бірлескен ұлт аспаптар оркестрі орындап, көрермендердің қошеметіне бөленді. «Достық» клубының 200-ден астам мүшесі ортаға шығып, би өнерін көрсетті. Шара  Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен аяқталды.

Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


Құтқарушылардың төл мерекесі

Күні: , 25 рет оқылды

img_9217


Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағының құрылғанына 15 жыл және суда құтқару  қызметінің  құрылғанына  20 жыл  толуына  орай  салтанатты  шара өтті.  Оған облыс  әкімінің  орынбасары  Бағдат Азбаев қатысты.


Мерекелік шараға қатысушыларға «Жедел құтқару жасағының» қиын да қызықты сәттерін паш ететін бейнекөрініс көрсетілді. Аталмыш мекеме 2001 жылдың 6 сәуірінде БҚО әкімінің №2 шешімімен «Облыстық жедел құтқару жасағы» болып құрылып, оған басшылық қызметке Владимир Баштавенко тағайындалған болатын. Міне, содан бері аталмыш мекеменің қызметкерлері халыққа мүлтіксіз қызмет етіп келеді.

– Төл мерекелеріңіз құтты болсын. ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 25 сәуіріндегі қаулысына сәйкес «Жедел құтқару жасағы» мен «Суда құтқару қызметі» біріктірілген болатын. Құтқарушылардың алдынан күн сайын қандай қиыншылықтар тап келсе де, өз істерін абыроймен атқарып келеді. Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіз қаншама адамды қиыншылықтан құтқарды. Қазіргі таңда құтқарушыларымыздың республикалық жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүргені қуантады. Баршаңызды мерекелеріңізбен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, бастарыңызға амандық тілеймін, – деген облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев, жүзу құралдарына және жабдықтарына қызмет көрсету қызметінің басшысы Назар Ізтілеуовке, сүңгуірлік құтқару қызметінің басшысы Алексей Еремеевке, жасақ басшысының орынбасары Рашид Нұрғалиевке Батыс Қазақстан облысы әкімінің алғысхатын тапсырды.

Шаһар басшысы Нариман Төреғалиев, қалалық мәслихат хатшысы Аққали Әубекеров, БҚО ТЖД «Жедел құтқару жасағы» ММ-ның басшысы Асқар Қылышев жедел құтқару саласының ардагерлеріне «ҚР Төтенше жағдайлар комитетінің құрылғанына 20 жыл медалімен» марапаттап, өзге де үздік қызметкерлерге алғысхаттар тапсырды. Құтқарушылардың қызметін халыққа кеңінен насихаттап, төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі уақтылы халыққа жеткізуде зор үлес қосқан Тұрар Кенжеғалиев (РТРК БҚОФ АҚ «Қазақстан»), Есенжол Қыстаубаев (облыстық «Орал өңірі» қоғамдық-саяси газеті), Ақбота Төлеупова (ТДК-42) сияқты өңіріміздің журналистері де мекеме басшысының алғысхатымен марапатталды.

Шараға жиналған жұртшылық Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әртістері дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады.

Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика