
Бүгін Ленин орденді Орал облысының партия ұйымы мен барлық коммунистерінің, бүкіл облыс еңбеккерлерінің өмірінде тағы бір қуанышты оқиға болып отыр. Қазақстан КП Орал облыстық және қалалық комитеттері мен еңбекшілер депутаттары облыстық Советінің жауынгер органы «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттерінің шыға бастағанына 50 жыл толды.
Октябрь революциясы мен Азамат соғысының отты жылдарында, 1918 жылы 17 ноябрьде «Ішкі ордалықты басқарушы областной кіндік комитеттің хабары» («Известия областного исполнительного комитета Совета крестьянских, рабочих, киргизских красноармайских, ловецских депутатов») деген атпен Ордада екі тілде тұңғыш советтік газеттің бірінші номері жарық көрді. Төрт беттік бұл газеттің екі беті қазақша, екі беті орысша болды. Газет күнара шығарылып тұрды. Газеттің редакторы болып Астрахань жұмысшысы, 1908 жылдан партия мүшесі, Бөкей облыстық атқару комитетінің председателі Степан Петрович Милютин тағайындалды. Совет үкіметі орнағаннан бір жылдан кейін қараңғы қазақ даласында езілген еңбекшілерге арналып газет шығуы түндегі жарық жұлдыздай болды.
…Өзінің алғашқы нөмірлерінде газет Октябрь революциясының құрметіне Орданың көшелері мен алаңдарына жаңа ат беру туралы облыстық атқару комитетінің қаулыларын, баспахананың жұмысы, газетке жазылу басталғаны, жергілікті өкімет органдарының жұмысы, Ордада кедейлер комитетінің құрылғаны туралы хабарлар жариялады. Бұлардың бәрінен біз «Хабар» газетінің алғашқы күннен Совет үкіметін қызу қолдап, қазақ кедейлеріне Совет өкіметінің саясатын түсіндіруде көп күш жұмсағанын көреміз.
1919 жылдың 1 январынан бастап газет «Қазақ дұрыстығы» («Киргизская правда») деген атпен шықты. Бұл газет те еліміздің ішкі өмірінен, шетелдерден көптеген хабарлар, қазақ даласының хроникасын жиі жазып тұрды.
Көп ұзамай екі газеттің орнына Ұлттық істер жөніндегі Халық комиссариаты жанындағы Қазақ бөлімінің Бөкей подотделінің органы ретінде «Дұрыстық жолы» деген қазақша газет ұйымдастырылады.
Жаңа газет өзінен бұрын шыққан газеттердің ісін одан әрі жалғастырып, Совет өкіметін қорғап, нығайту үшін күресті.
Бөкей ордасында большевиктік ұйымдар мен жергілікті совет органдарын нығайтуға, қазақтың тұңғыш советтік өнегелі атты әскер полкын құруға, бұған қазақ жігіттерін көптеп тартуға, сөйтіп Бөкей облысы мен оған көрші Орал облысында Совет үкіметінің жеңіп шығуына лайықты үлес қосты.
Газетті шығаруға және таратуға коммунист, мұғалім, ақын, комиссар Бисен Жәнекешев, азамат соғысының ардагерлері Ғабит Сарбаев, Хамит Чурин белсене қатысты. «Дұрыстық жолы» газетінің тұңғыш редколлегия мүшесі болған қарт коммунист Тамимдар Сафиев қазір Қарақалпақ АССР-інде әдебиет саласында еңбек етеді.
«Дұрыстық жолы» халықтар достығын, интернационализмді, орыс және қазақ халықтары арасындағы ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи байланысты кеңінен насихаттап отырды.
«…Хабар» және «Қазақ дұрыстығы» газеттерінің алғашқы нөмірлері Москвадағы Октябрь революциясы архивінде, ал «Дұрыстық жолының» 1919 жылдың февралінен июльге дейінгі барлық он бір нөмірі В.И.Ленин атындағы Бүкілодақтық көпшілік кітапханасында әлі сақтаулы.
Жағдайдың өзгеруіне, өмір талабына байланысты газеттің аты бірнеше рет өзгеріп отырды.
1925 жылы мартта Бөкей және Орал губерниялары бірігіп, Орал губерниясы құрылды. Губерниялық партия және атқару комитеттерінің органы «Қызыл ту» газеті деп аталды.
1932 жылы елімізде екпінді еңбек жолындағы бүкілхалықтық жорық басталғанда газеттің аты «Екпінді құрылыс», 1958 жылы августа «Октябрь туы», 1963 жылы майда – «Орал өңірі» болып өзгерді.
Біріккен губкомның органы «Қызыл ту» газеті партияның деревнядағы саясатын, ауылдарды советтендіру жөніндегі ұранын жүзеге асыруда, кедейлердің «Қосшы» одағын ұйымдастырып, нығайтуда, сауатсыздықты, көп әйел алушылық пен әмеңгерлік сияқты ескі әдет-ғұрыптарды түп-тамырымен жоюда, бай-феодалдардың мал-мүлкін конфискелеуде губерния партия ұйымының табанды да жауынгер көмекшісі болды.
Елді индустрияландыру, ауыл шаруашылығын коллективтендіру жылдарында газет өзінің коллективтік үгітші, насихатшы және ұйымдастырушылық ролін абыроймен атқарды.
1933-1937 жылдар және Ұлы Отан соғысы алдындағы жылдар еліміздің халық шаруашылығын социалистік негізде қайта құру дәуірінің аяқталуы, халықаралық жағдайдың шиеленісе түскен кезеңі болғаны мәлім. Бұл кезде де облыстық газет жоғары талап дәрежесінде бола білді. …Редакция қызметкерлерінің еңбегі бағаланып, 1939 жылы «Екпінді құрылыс» газеті Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысушы болып бекітілді, көрменің дипломымен наградталды.
Ұлы Отан соғысы жылдарында газет Жайық өңірі еңбеккерлерінің күш-жігерін жауды талқандау үшін күреске жұмылдыруда …елеулі көмек көрсетті. Газетте жарияланған материалдар еңбекшілерді майдан үшін жан аямай еңбек етуге, ал жауынгер жерлестерімізді Отанды ерлікпен қорғауға шақырды. Совет Одағының Батыры атағына ие болған оралдық бауырларымыздың ерлік істерін тылдың жауынгерлеріне жеткізіп отырды.
Соғыстан кейінгі жылдарда газет облыс еңбекшілерін халық шаруашылығын қалпына келтіру және өркендету жоспарларын орындау күресіне жұмылдырды…
Тың және тыңайған жерлерді игеру облыс өміріндегі тарихи кезең болды. …1958 жыл облысымыз астық өндірудегі табыстары үшін ең жоғары награда – Ленин орденімен наградталды. Сол жылғы 4 октябрьдегі номерінде «Правда» газеті былай деп жазды: «Жа«Правда» газеті былай деп жазды: «Жаңа қазақстандық миллиард пұт астық үшін күресте облыстың «Октябрь туы», «Приуральская правда» газеттері үлкен көмек көрсетті». Бұл үшін газет 1958 жылы тағы да Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысушы болды.
Соңғы он жылда совет халқының, сондай-ақ облыс еңбеккерлерінің өмірінде елеулі өзгерістер болды. Халық шаруашылығын өркендетудің жетіжылдық жоспары, одан кейінгі бесжылдықтың екі жылының тапсырмалары ойдағыдай орындалды.
…Газет өзі өмір сүрген 50 жылдың ішінде көптеген журналист кадрлар тәрбиелеп өсірді. Белгілі жазушы Хамза Есенжанов, ғалым Қажым Жұмалиев, ақындар Қасым Аманжолов, Жұбан Молдағалиев, Хамит Ерғалиев, Жәрдем Тілеков, Сағынғали Сейітов өздерінің алғашқы қадамын «Орал өңірінде» бастады. Марқұм Ишақат Бегалиев, Медеш Оралдиев, Мереш Дәулетияров, Қуан Тастайбеков, Нұрмұхан Түркин, пенсионерлер Мәжит Үмбетов, Ғұбаш Жөндібаев, Ғатау Махамбетов, Абдолла Хамидуллин, Александр Азряков осы газеттің аппаратында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек еткен қадірлі адамдар. Семей, Шымкент, Алматы облыстық газеттерінің бұрынғы редакторы Сағат Жұмағазиев, Ақтөбе облыстық газетінің редакторы Нұрхайыр Телеуов, Талдықорған облыстық газеті редакторының орынбасары Жұрғали Ертілесов жолдастар да «Орал өңірі» ұшырған түлектер. Республикаға еңбегі сіңген мектеп мұғалімі Ғұмар Зарипов, Қияс Жұбаншалиев және басқа да көптеген жолдастар газеттің белсенді авторлары.
Совет өкіметі тұсында, әсіресе соңғы жылдарда редакция коллективі арнаулы оқу орындарын бітірген маман журналистермен толықтырылды. Мұның өзі газеттің мазмұны мен көркемдік жағының жақсаруына қолайлы әсер етуде.
Қазір газет шығарудың барлық процесі толық механикаландырылды. Баспаханада жаңа отандық машиналар жұмыс істейді. Баспахана директорының орынбасары Р.Дәулетқалиев, бет құрушы К.Жайықбаева, әріп терушілер Н.Горлова, Л.Поликарпова және басқа да жолдастар «Орал өңірін» шығаруда өз ісінің шеберлері болып алды.
…Газет қызметкерлері «Орал өңірінің» 50 жылдығын атап өте отырып, партия белгілеген міндеттерді жүзеге асыру жолында бұрынғыдан да зор жігермен, табандылықпен күресуге тиіс.
Бисен ЖҰМАҒАЛИЕВ,
Қазақстан Компартиясы Орал облыстық комитетінің секретары
«Орал өңірі» газеті, №229 (11199) 1968 жыл, 17 ноябрь, жексенбі