Мұрағат: 23.11.2016


Тәуелсіздік күніне қос кәсіпорын ашылмақ

Күні: , 66 рет оқылды

%d0%ba%d0%be%d1%81-%d0%bd%d1%8b%d1%81%d0%b0%d0%bd-%d0%be%d0%b0%d1%80%d0%b0%d1%80


Индустрияландыру картасы аясында елімізде жүздеген әлеуметтік жобалардың жолы ашылып, ел экономикасының дамуына қызмет ететін бірқатар жаңа кәсіпорындар іске қосылуда.


Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы қызметкерлерінің берген мәліметі бойынша индустрияландыру бағдарламасының бірінші бесжылдығында, яғни 2010-2014 жылдар аралығында өңірімізде жалпы құны 257,5 млрд. теңгенің 30 инвестициялық жобасы іске қосылған. Осының нәтижесінде 1813 тұрақты жұмыс орны ашылды. Ал индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы болып есептелетін 2015-2019 жылдар аралығында жалпы құны 77,1 млрд. теңгенің 17 инвестициялық жобасы жүзеге асырылмақ. Осы жобалар іске қосылған жағдайда тағы 918 тұрақты жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Осы 17 инвестициялық жобаның екеуі 2015 жылы іске қосылып, 73 тұрақты жұмыс көзі пайда болды. Екі жобаның құны 17,1 млрд. теңгені құрайды. Ал 2016 жылы, яғни биыл 56,4 млрд. теңгеге тағы 10 жоба жүзеге асырылмақ. Бұл ретте 522 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сондай-ақ 2017-2019 жылдары жалпы кұны 3,5 млрд. теңгеге 5 жобаны іске қосу көзделуде. Осы жобалардың арқасында тағы 323 жұмыс орны құрылмақ.

Жобалардың ішінде ұсақ және ірі қара мал терісін өңдеу («Пош Руно» ЖШС) мен темірбетонды жабын плиталарын өндіруді ұйымдастыру цехы («Орал Полимер» ЖШС жобасы) биыл жыл аяғында іске қосылмақ. Бұл жөнінде бізге аталған кәсіпорындардың техникалық директоры Александр Дмитриенко мәлімдеді. Оның сөзінше, «Пош Руно» ЖШС іске қосылған жағдайда ұсақ және ірі қара мал терісін өңдеумен айналысатын цех 90 адамды жұмыспен қамтиды деп күтілуде. Кәсіпорын жылына 182 мың ірі қараның және 624 мың қой терісін өңдеуге қауқарлы. Жоба құны 2 млрд. теңгеге жуық. Кәсіпорын испандық және итальяндық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Қазіргі таңда серіктестік басшылары өңделген терілерді саттыққа шығару мақсатында отандық және шетелдік компаниялармен келіссөздер жүргізуде. Кәсіпорын әзірге мал терілерін өңдеумен айналысқанымен, болашақта кәсібін жетілдіріп, өздері өңдеген теріден аяқ киім, қысқы тон, күртеше секілді бұйымдарды да дайындап шығармақ. Компания құрылтайшысы – жергілікті кәсіпкер Роберт Ирменов, директоры – Ерлан Ілиясов. Сондай-ақ жергілікті инвестордың құрылыс материалдарын дайындау бағытындағы екінші жобасы да ел тәуелсіздігі күні қарсаңында іске қосылмақ. Желаев өндіріс аумағында орналасқан бұл жаңа кәсіпорында құрылыс жұмысына ауадай қажетті материалдардың бірі жабын плиткалары дайындалмақ. Шығарылған өнімдер ең алдымен құрылыс жұмысымен бұрыннан айналысып келе жатқан құрылтайшы компаниясында, яғни «Орал Полимер» ЖШС-да пайдаланылмақ. Ал өздерінен артылған өнімдер жергілікті және ел аумағындағы басқа да құрылыс компанияларына саттыққа шығарылады деп жоспарлануда. Зауыт Испанияның «RESIMART» және Чехияның «MERCO» фирмалары дайындаған заманауи құрылғылармен толық жабдықталған. Серіктестік ашылып, іске кіріскен кезде өңіріміздегі 150-дей адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілмек. Жаңа кәсіпорындар жоспарға сәйкес Тәуелсіздік күні қарсаңында ашылып жатса, бұл жергілікті кәсіпкердің ел тәуелсіздігіне арнаған айтулы тартуы болмақ.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


Ынтымақ ырысты молайтады

Күні: , 46 рет оқылды

img_8885


Кеше облыстық қазақ драма театрында облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының қоғамдық келісім кеңесінің ІV форумы өтті. Оның жұмысына облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов, барлық деңгейдегі қоғамдық келісім кеңестерінің, ақсақалдар мен аналар кеңестерінің төрағалары мен мүшелері, мемлекеттік құрылымдардың, жоғары және арнаулы оқу орындарының, үкіметтік емес ұйымдардың, этномәдени және жастар бірлестіктерінің БАҚ өкілдері қатысты. Театр фойесінде аудандар мен Орал қаласының қоғамдық келісім кеңестерінің жұмыстарымен таныстыратын көрме ұйымдастырылды.


Форумды кіріспе сөзбен ашқан облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов бұл форумның еліміздің тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында өткізілуін маңызды іс-шараның бастамасына балады. «Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің  ырыс-несібесі мол болмақ», — деген Елбасының сөзін еске алып, қоғамдық келісім, ұлтаралық татулық мәселесі ассамблеяның сан қырлы қызметінің бір парасы екендігіне тоқталды. «Тәуелсіздікті тұғырлы ететін, елімізді талай белеске шығаратын да осы -қоғамдық татулығымыз. Ол барлық этностардың ынтымағы мен бірлігінің арқасында орнығады. 25 жылда жеткен жетістіктеріміз қандай, өткен жылдардағы жұмыстарымызға қорытынды жасап, Мәңгілік ел болуға бекінген мемлекетіміздің бүгіні мен келешегі туралы ой толғайтын есепті жыл болмақ», — деді М. Тоқжанов. Оның айтуынша, ассамблея еліміздегі этносаралық  қарым-қатынасты дамытудың іргелі институтына айналды. Елбасы тапсырмасымен еліміздің барлық өңірінде қоғамдық келісім кеңестері құрылды. Қоғамдағы тұрақтылықты сақтау және ассамблеяның рөлін арттыру мақсатында Елбасымен жүктелген қайырымдылық, медиация институтын дамыту және қоғамдық бақылау бағытындағы үш міндетті орындауға баса мән берілуде. Бұл міндеттерді орындауда өңіріміз республика бойынша алдыңғы орындарда. М. Тоқжанов әлемдік экономикалық дағдарыс кезіндегі жұмыссыздықты азайтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына тоқталып, жұмысшы мамандарына еңбек нарығында сұраныстың барлығын, сондықтан жергілікті жерлерде осы мәселенің кеңінен насихатталуы қажеттігіне мән берді.

БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Нәжімеден Есқалиев «Жұмыссыздық мәселесін шешуге жәрдемдесудегі қоғамдық келісім кеңестерінің рөлі» тақырыбында баяндама жасады. Оның айтуынша, өңірде барлық деңгейдегі 239 қоғамдық келісім кеңесі жұмыс істейді. Олар қоғамдық келісімді нығайтуға, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге жұмыста нады. Өңірде тұрғындардың жұмыспен қамтылуы мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Бұл мәселе шағын және орта бизнестің дамуымен, тұрғындардың әлеуметтік қамтылуымен және өзге де мәселелермен байланысты. «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020», «Дипломмен ауылға», «Жастар практикасы», студенттік құрылыс жасақтары, «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламалары жұмыссыздықты азайтып, тұрғындарды жұмыспен қамтуға бағытталған. «Биылғы 3-тоқсанның нәтижесі бойынша өңірдегі экономикалық белсенді тұрғындардың (15 жастан жоғарылар) саны 333 мың адамды құрады, ал  өңір экономикасында 317 мың адам жұмысқа тартылған. Жалдамалы жұмысшылар саны 190 мың, бұл өткен жылғы осы кезеңдегі көрсеткіштен 2,5 мың адамға көбейген. Жұмыссыздар деңгейі 16,6 мың адамды құрады. 15-24 жас аралығындағы жастардың 1900-і жұмыссыз», — деген Нәжімеден Есқалиев қоғамдық келісім кеңестерінің жұмыспен қамту бағдарламаларының тиімділігін, оларды жетілдіру мәселелерін талқылап, талдау жүргізуі қажеттігіне тоқталды. Бұл мәселелерге қатысты ұсынбаларды жергілікті атқарушы органдарға ұсыну қажеттігін де көрсеткен баяндамашы жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту, өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға қатысты түйткілдерге тоқталды. Соның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға (өңірімізде олардың саны – 118 мың адам) шаруасын жүргізуге субсидия, ұзақ мерзімдік жеңілдетілген несие беру қажеттігін көтерді.

Басқосуда баяндама жасаған облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының  басшысы Жанат Асантаевтың айтуынша, биылғы 10 айдың ішінде жұмыспен қамту құрылымдарына 20757 адам жұмысқа орналасуға жолыққан, жұмыссыздар ретінде 2448 адам ресми тіркелген. Бұл облыстағы экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 0,7 пайызын құрайды. Биыл «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» бағдарламасын жүзеге асыруға облысқа 5 млрд. 171,7 млн. теңге бөлінген. Бүгінде бұл қаржы 92 пайызға игерілді. Бағдарлама аясында 2039 адамды жұмыспен қамтамасыз ету көзделсе, 1 қарашаға 2343 адам жұмыспен қамтылған. Жұмыспен қамтылғандардың 70,6 пайызы — жұмыссыздар, 29,4 пайызы — өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Баяндамашы жұмыспен қамтудың жаңа картасы жасақталатынын айтты.

Одан кейін жарыссөзге облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының аналар кеңесінің төрайымы Ш. Құрманәлина, Теректі ауданының қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы М. Төлегенов, Зеленов ауданы Көшім ауылдық округінің қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы В. Леонтьева, Орал қалалық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Б. Чебаков шығып, жұмыссыздықты азайту, жұмыссыздықпен күрес шаралары жайындағы ой-пікірлерімен бөлісті.

Форумға қатысушылар Парламент палаталарының бірлескен отырысында қабылданған «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы декларациясын» бірауыздан қолдау жөнінде үндеу қабылдады. Форум күн тәртібінде қаралған мәселе бойынша тиісті қарар қабылдады. Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов облыстың қоғамдық келісім кеңестерінің үздік өкілдеріне өңір басшысының атынан алғысхаттар табыстады.

Гүлбаршын  ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


Жетімнің жайына қатысты алаңдарлық жайттар көп

Күні: , 74 рет оқылды

dsc_0085


Кеше облыстық прокуратурада өткен алқа отырысында соңғы үш жыл бойынша жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқығын қорғау жайы талқыланды. Оған облыс әкімінің орынбасары Марат  Тоқжанов, білім, денсаулық сақтау, құқық қорғау салалары бойынша мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйым  өкілдері  қатысты.


Облыста тіркелген ата-ана қамқорлығынсыз қалған 966 жетім баланың 425-інің әке-шешесі жоқ.

Олардың 762-сін өзге отбасылар қабылдаған, 204-і жетім балаларға арналған мекемелерде тәрбиеленуде. 2436 жетім тұрғын үй кезегіне алынған. Соның ішінде 1249-ның жасы 18-ден асқан. Балалар үйінде тәрбиеленушілерді жұмысқа орналастыру да өзекті мәселеге айналып отыр. Оларға зорлық-зомбылық көрсету деректері де анықталды, – деді жиынды ашып,  ортаға күрмеулі түйінді тастаған облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов.

Жиында баяндама жасаған облыс прокурорының аға көмекшісі Алмагүл Есмағұлованың айтуынша, 2014 жылы облыста 1222 жетім бала тіркелсе, биыл 966-ға дейін азайған. Олардың ата-аналарының 226-сы бала бағу құқығынан айырылса, 38-інің құқығы шектелген, 86-сы қамқор болудан бас тартқан, 17-сін сот органдары бала тәрбиесіне қабілетсіз деп таныды, 16-сынан хабар-ошар жоқ, 46-сы бас бостандығынан айырылған, 9-ының емделу мерзімі ұзартылған. Ал 115 жетім тастанды бала саналады. Негізгі себептер – ата-аналардың төмен тұрмыс ахуалына шыдамауы, ішкілікке, нашақорлыққа үйір болуы, ауыр сырқатқа шалдығуы, мүгедек  болып  қалуы.

Облыста жетім балаларды қабылдайтын алты мекеме бар. «Бірақ балалар үйіне апару – ең соңғы амал болуы керек», – деп санайды Алмагүл Есмағұлова. Ол 2014 жылдан бері жеті жетім баланың дүниеден озғанын айтты. Мәселен, биылғы қазан айында қорғаншы отбасындағы кәмелеттік жасқа толмаған Примерова суицидтік қадамға барған. Оның аман қалуына жауапты білім беру және денсаулық сақтау саласының мамандары алдын ала қам жасамаған. Бала мен оның қамқорлаушысы арасында келіспеушілік болғаны анықталған. Былтыр облыстық балалар ауылының тәрбиеленушісі Шаған өзені бойында арнайы белгіленбеген орын болмағанының салдарынан суға батып кеткен. Көшім балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесінде 2014 жылы үш, биыл бір бала өмірден озған. Негізінен, балалар өлімінің дені жеткілікті ем жасалмай, аурудың асқынуынан орын алған. Басқа да заңбұзушылықтарға жол берген мекеме басшысы К. Жұмағалиев былтыр жұмысынан босатылған.

Соңғы үш жылда бес бала жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Мысалы, патронат тәрбиелеушінің жолдасы отбасында азғындыққа ұрынғаны белгілі болды. Сондай-ақ асырап алған жетім қызына өгей әкесінің қиянат жасап келгені  анықталды. Кінәлілерге жаза тағайындалды.  Ал облыстық балалар үйінде жымысқы ниетін жүзеге асырған қызметкер 17 жыл бас бостандығынан айырылды. Сонымен бірге жеңілтектікке барудың салдары  да сорақы. Екі қыздың жезөкшелікпен айналысқаны анықталып, олар биыл арнайы мектепке жолданған. Ал теріс жолға түскен облыстық балалар үйінің үш тәрбиеленушісі ішкі істер құрылымына  есепке  алынған.

Облыста ата-анасы қараусыз қалдырған 541 баланың 286-сына ғана алимент тағайындалған. Шын мәнісінде, 42 балаға ғана алимент төленеді екен. Қамқоршы тарап алимент өндіруге құлықсыз. Биыл олардан Орал қаласындағы сот органына бес шағым ғана түскен. Аудандардағы 200-ден астам балаға алимент тағайындатуға ешкім ниет танытпаған. Сондай-ақ мемлекеттік және жеке сот орындаушылары мемлекет қамқорлап отырған балаларға алимент қаржысын өндіріп беру істерін мардымсыз жүргізуде. Жалпы, Бөкей ордасы, Жәнібек, Жаңақала, Сырым, Теректі аудандарында патронаттық тәрбиені дамыту жолға қойылмай отыр. Жетімдерді тұрғын үймен қамту да өте өзекті. Теректі, Жаңақала, Ақжайық аудандарында бірде-бір бала баспанамен қамтамасыз етілмеген. Облыстағы балалар үйінің 22 түлегі жұмыспен қамту органдарында есепке алынған, соның он үші ғана жұмысқа орналастырылған.

Алқа отырысында облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Сабыров пен облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Ділдә Исқақова ата-ана қамқорлығынсыз қалған және жетім балаларды тұрғын үймен және жұмыспен қамту жайын оңалту үшін нақты шешімдер қабылдауды тапсырды. Жиында «Нұр» ҚБ-ның төрағасы Геннадий Франк, «Ана үйі» қоғамдық қоры» орталығының маманы Рима Көбейсінова мүмкіндігі шектеулі жетім балалардың құқын қорғау, профилактикалық шараларға қатысты ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы Жансұлу Төремұратова патронаттық тәрбиені дамытуға қатысты жаңа жоба жасақтап жатқандарын тілге тиек етті.

Жиында жетім баланы тәрбиелеудің күрделілігі, оларға қамқорлық жасаған сайын енжарлыққа салынатыны да айтылды. Облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов балалар үйі тәрбиеленушілерін жастайынан қатаң тәртіпте еңбекке баулу арқылы өмір сынағына дайындауға болатынын, сондай-ақ басқа өңірлерге қарағанда, біздің облыста жетімдерді баспанамен қамтуда озық келе жатқанын айтты.

Облыс прокуроры білім саласының жауапты өкілдеріне күрмеулі түйіндерді жан-жақты талқылаудан өткізіп, алдағы аптада ұсыныстарын жолдауды тапсырды. Келешекте  прокуратура уәкілетті мекемелермен бірлесіп, «Балалар үйі жоқ Орал» жобасын іске  қоспақ.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Отарбаев Оралда

Күні: , 61 рет оқылды

pri_3637


Облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  белгілі  жазушы,  драматург  Рахымжан  Отарбаевты  60  жылдық  мерейтойына  байланысты  қабылдады.


– Бүгін біздің өңір ғана емес, ел үшін елеулі күн деп есептеймін. Себебі жергілікті зиялы қауым өкілдерімен ақылдасып, 60 жылдық мерейтойыңызға байланысты Орал қаласында да елеулі іс-шаралар өткізуді жоспарлағанбыз. Қарымды қаламгер ретінде қазақ әдебиетіне қосқан үлесіңіз зор. Сіздің туындыларыңыз әлемдегі өзге тілдерге аударылып, кеңінен таралуда. Ертең М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде шығармашылығыңызға терең талдау жасалатын республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылады. Осы іргелі білім ордасында терең білім алғаныңызды, кейін «Орал өңірі» газетінің тілшісі боп қызмет атқарғаныңызды білеміз. Ертең облыстық қазақ драма театрының  ұжымы сіздің «Жәңгір хан» атты драмаңызды көрермендер назарына ұсынбақ. Оқырмандарыңыздың шарапатына бөленіп, кейінгі буынды тәрбиелеуге белсене атсалыса беретініңізге сенімім  кәміл, –  деді  облыс  басшысы.

Рахымжан Отарбаев облыс әкімінің пейіліне ризалық білдіріп, шығармашылық тұрғыда соңғы жаңалықтарымен бөлісті. Облыс әкімі Алтай Көлгінов қаламгердің иығына дәстүрге сай шапан жауып, ілтипатпен сый-құрмет көрсетті. Кездесуде Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрайымы Ақұштап Бақтыгереева, Алматы қаласындағы «Өлке» баспасының бас директоры, жазушы-драматург Мереке Құлкенов те болды.  Қазіргі уақытта Рахымжан Отарбаев «Алтын адамның оянуы» мен «Ақырзаман» романдарын  жазып  бітіруді  мұрат  қылыпты.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ


Іскерлік байланыс желісі таныстырылмақ

Күні: , 32 рет оқылды


25 қараша күні Орал қаласындағы “Atrium bar” мейрамханасында (Д. Нұрпейісова көш., 17/1, сағ. 20:00-де) “Fryday HUB by Movement 2050” жобасы аясында іс-шара өтеді. Аталмыш жоба еліміздің әр өңірінде нетворкингті дамыту мақсатында «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы мен «Fryday Astana»  арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асырылуда.


Бұл жаңа жоба аясында облысымызда өткізілетін алғашқы шара болып табылады. Оған өңіріміздің көрнекті тұлғалары, банк пен бизнес қауымдастықтардың басшылары, түрлі мемлекеттік мекемелердің, қоғамдық ұйымдардың  өкілдері  қатысады.

Кеш барысында Халықаралық кәсіби коучтер одағы (ICU) мен Америкалық менеджмент қауымдастығының (AMA) сертификаттарына ие танымал бизнес-тренер Мерей Мұстафина шеберлік сабағын өткізеді, жобалардың тұсаукесері болып, ұтыс ойындары  ойнатылады.


«Қазақ тіліне құрмет – қазақ халқына құрмет!»

Күні: , 579 рет оқылды

%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d0%b0%d0%b1%d0%b5%d0%ba


Сөз басы

ҚР мемлекет құрушы һәм құраушы ұлт қазақ халқының ана тіліне, ата тарихына, төл мәдениетіне өзге де ұлттар мен ұлыстар тарапынан құрмет артпай, елімізде ұлтаралық татулық орнамайтыны және еліміздің рухани-идеологиялық негіздері қалыптаспайтындығына отандық кәсіби тарихшылар жиі назар аударуда.

Иә, шындығында да қазақ – қазақ боп туғанына мақтанып, марқаятындай дәрежеге жетпей, ұлттық рух пен қуатты мемлекеттік идеология хақында сөз қозғау қиын. Бұл — киелі тәуелсіздік пен ел бірлігін сақтауға, елдік пен мемлекеттілікті нығайтып, дамытуға ерекше серпін берері сөзсіз.

Кәсіби тарихшылардың айтуынша, Отанымыздағы өзге ұлттар мен ұлыстар жетекші ұлт – қазақ халқының төңірегіне тығыз топтасуы керек. Ол үшін қазақ көшбасшы ретінде саяси сауатты, ғылымы дамыған, білімді, мәдениетті, білікті де белсенді ұлт болуға міндетті. Оның өзінің ұлттық идеологиясы, ұтымды ұстанымы, озық салт-дәстүрі де болуы қажет. Өкінішке орай, осы талаптардың бәрі бізден табыла бере ме?!

«Нұр Отан» партиясының ХV сьезінде қабылданған жаңа Саяси доктринада жаһандану дәуірінде өзінің тарихы, мәдениеті мен тілінің қадіріне жететін халық қана табысты өркендей алады деп айтылған. Барлық ұлттардың өзіндік ерекшелігін сақтай отырып, қазақ тілін, мәдениет пен дәстүрді дамыту партияның стратегиялық басымдығы ретінде айқындалған.


«Ұлы халық һәм ұлы тіл!»

Ұлт көшбасшысы Н. Ә. Назарбаевтың ел Тәуелсіздігінің 23 жылдығына орай Астанада өткен салтанатты жиында: «Ұлан-ғайыр жері бар, ұлы мұратты Елі бар, бабалар жазған ұлы тарихы мен ұрпағы көз тіккен ұлы болашағы бар менің халқым – Ұлы халық!» деген сөздері тамырында қазақ қаны ойнаған әрбір алаш баласының рухын асқақтатқаны рас.

Текті болмысты терең тарихы бар халқымыздың ұлттық иммунитетінің қатты әлсірегені болмаса, сөз жоқ, Елбасы атап көрсеткендей қазақ халқы – ұлы халық! Басқасын айтпағанда, өткен ғасырда тарихтың теперіші, тағдырдың тәлкегімен қазақ жерін паналаған қаншама ұлттар мен ұлыстарды қанатының астына алып, бауырына басқан – бала-шағасының аузынан жырып, бар тәттісін солардың аузына тосқан қазақ халқының кеңпейілділігі мен мейірімділігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін бе?!

Сөз жоқ, Елбасы атап көрсеткеніндей, ұлтымыздың ұлы екенін дәйектейтін деректер сан қилы. Соның анық бір дәлелі, ұлтымыздың алтын бесігі саналатын Ұлытауда Елбасы: «Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп Тәуелсіздікке келіп тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар. Жастарымыз мұны білуі керек. Біз кеше ғана пайда болған халық емеспіз» дегенді ерекше мақтанышпен айтты.

Иә, жоғарыда аты аталған ата-бабаларымыздың қай-қайсысыда өз заманында, жан-жағындағы төрткүл дүние санасатын қуатты империя құрған халықтар екені тарихтан белгілі. Мұның өзі қазақ халқының тамырының текті һәм ұлы екенін тағы бір мәрте айшықтайды.

Демек, ұлан-ғайыр даланы мекендеген ұлы халықтың тілі де ұлы.

Елбасы не дейді?

Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың ел егемендігімен бірге қазақ халқына қарата «Қазақ – қазақпен қазақша сөйлессін», «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Өркениет өнегесі – өз тіліңмен өмір сүру», «Қазақ тілін білу – қазақтың баласына парыз», «Өзіміз ана тілінде сөйлемейінше, өзге ешкім де бұл тілді құрметтей қоймайтынын түсінуге тиіспіз», «Шүкір, ел есін жи-ды: тілден артық қасиет жоқ екенін кештеу болса да түсіндік», «Мемлекеттік қызметке қабылданған қазақ қазақша сөйлеуі керек», «Қазақ елі барда, қазақ тілі де болады. Өседі. Өркендейді», «Он бес жылда аю да қазақша үйреніп алатын уақыт болды», «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар – ана тіліміз мәңгілік елімізбен бірге мәңгілік тіл болды. Біздің тіліміз мемлекеттің барлық жүйесінде қолданылуы үшін, барлық жерде керек болуы үшін біз өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек, өзіміз соған атсалысуымыз керек», «Мемлекеттік тілді дамыту – маңызды міндет болып табылады. 2009 жылғы деректер бойынша, мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың саны 64,4 пайызға дейін көбейген. 2020 жылға қарай мемлекеттік тілде сөйлейтін қазақстандықтардың саны 95 пайыздан кем болмауға тиіс» деп қайта-қайта нығырлап айтқаны немесе Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиында, Нью-Йоркте БҰҰ мінберінде бірыңғай ана тілінде баяндама жасағаны әр қазақтың есінде.

Тәуелсіздік тұсында, ашып айтсақ, осы ширек ғасыр бостан елімізде мемлекет басшысы қазақ тілінің дамуына барлық қажетті құқықтық, ұйымдастырушылық, қаржылық жағдайды жасауда. Тілдің мәртебесі Ата Заңда көрсетілді. Тіл туралы арнайы заң да бар. Мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Қыруар қаржы бөлініп жатыр.

Нәтижесінде облыстарда тіл басқармалары құрылып, бірнеше бағытта айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Мемлекеттік телеарналар мен баспасөз ақпарат құралдарында көрсетіліп жатқан отандас өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тіл – ана тілін қалай меңгергендігі жөніндегі сан түрлі байқаулар, олардың жергілікті ұлттың тілінде таза, жатық сөйлеуі және қазақ орта мектептерінде оқитын өзге ұлт өкілдері балаларының саны жыл өткен сайын артып келеді.

Мемлекет құраушы ұлттың табиғи өсімінің нәтижесінде қазақ тілді мектептердің бұрынғымен салыстырғанда уақыт өткен сайын көбеюі байқалады. Соған сәйкес қаншама қазақ тілді балабақшалар мен мектептер салынып, қазақша білім алатын оқушылар мен студенттердің үлес салмағы жыл өткен сайын басымдыққа ие болуда. Орыс тілді шәкірттер үшін ҰБТ-ға қазақ тілі пәні, мемлекеттік қызметкерлерге «ҚазТест» жүйесінде тест тапсыру енгізілді және елімізде БАҚ пен электронды ақпарат құралдарында ана тіліміздің үлес салмағы айтарлықтай артты. Жүзеге асырылып жатқан осындай іс-шаралар хақындағы тізімді әрі қарай соза беруге болады.

Бірақ бұл медальдың бір жағы ғана. Мұнымен ана тілінің барлық жағдайы мен мәселелері толық шешіліп болды деуге әлі ерте. Бір ғана мысал. Қазір әлеуметтік желілерде кеңінен таралып кеткен тіл мәселесіне байланысты Италияның кәсіпкері, жиһанкез Реналью Гаспирин арнайы қазақ тілінің жағдайы жайлы өз ойын ашық айтқан сөзі бар: «Мен әлемнің 141 елін аралаған адаммын. Солардың ішінде өз мемлекетінде, өз тілінде өмір сүре алмай отырған бейшара халықты көрдім. Ол – қазақтар», — деген екен. Сайып келгенде, мемлекеттік тілдің жағдайы қоғамда өзінің әлі көкейкестілігін жоғалтқан жоқ. Мұны мойындамау – ақиқатқа қиянат.

Тіл жанашырлары не дейді?

Мәселеге тереңнен бойласақ, медальдың екінші жағы «соқырға таяқ ұстатқандай» көрініп, бұл – ұлт зиялылары, тіл жанашырларының жанайқайынан анық сезіліп тұр. Қысқа айтсақ, көтерілген мәселені ғылыми тұрғыда талдап-тарқатуда Ә. Кекілбаев, М. Мағауин, А. Жұмаділдаев, М. Мырзахметов, М. Шаханов, Ш. Құрманбайұлы т.с.с. «мүйізі қарағайдай» ұлт марғасқаларының сүбелі үлестері бар.

Тіл жанашырларының ой-байламдарын жүйелей келе, олардың ұстанымдары негізінен алғанда, бір арнада тоғысып жатқандығына көз жеткіздік. Мәселен, белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметовтың: «Қазақ тілін тұғырына қондырудың бір ғана жолы бар. Ол – қазақ тілін білмейтін қазақтарға қызмет бермеу. Тілге келгенде, әуелі біз қазақтарды жөнге салып алуымыз керек. Қазақша білмейтін қазақтар қызметке мүлдем алынбаса, олардың бәрі бір жылдың ішінде қазақша сөйлеп кетері анық. Неге десеңіз, оларға жан керек. Бұрын қазақша бірауыз сөз айта алмайтын кейбір шенеуніктердің қазір бұлбұлша сайрап жүргені сияқты. Осы уақытқа дейін өз тілінен безініп келген безбүйректерге осы қатаң талапты қоюымыз керек. Мұны көрген өзге ұлт өкілдері, қазақтар өзді-өзі аямай жатыр, бізді де оңдырмас деп, өз еріктерімен қазақ тілін білуге талпынатын болады. Қазақ тілі халі осындай саяси жағдайларға байланысты кері кетіп тұр» деген батыл тұжырымы назар аударалық. Иә, саналы ғұмырын ұлт руханиятын зерттеуге арнаған кәсіби ғалым, кәнігі зерттеуші, абыз-ақсақалдың әбден елеп-екшелген соны пайымына алып қосарымыз жоқ.

Бұған қоса соңғы кезде қоғамда көтеріле бастаған «үш тұғырлы тілге» қатысты ел билігі қолға ала бастаған қадамға сәйкес, болашақ ана тіліміздің жай-күйі жұртшылығымызды қатты алаңдатып, тіпті абыржыта бастағаны белгілі. Қоғам қайраткерлері мектептерге үштілділікті енгізу реформасын орыс тілін сақтап қалу мақсатында жасалып отырған технология екенін, бұл реформаның толықтай қарастырылмаған және пісіп жетілмегенін бірауыздан айтуда.

Мерзімдік баспасөздегі осыған қатысты пікірлер мен көзқарастарды тобықтай түйсек, тіл жанашырлары негізінен «үш тұғырлы тілге» емес, үш тілді бастауыш сыныптан бастап оқыту мәселесіне наразы екендіктерін ашық білдіруде.

Осы сөзімізге тұздық, соңғы кезде ұлттық мәселелерде соны пайымдарымен жиі көзге түсіп жүрген белгілі саясаттанушы Дос Көшім «Бұл соңғы уақытта қазақ тілділердің көбейіп келе жатқанына орыс тілін сан түрлі айла тәсілдермен сақтап қалу үшін жасалған технология деп ойлаймын», — деп ой қорытты.

Ал көрнекті математик Асқар Жұмаділдаев: «Егер біз жаратылыстану ғылымдарын тек қана ағылшын тілінде өткіземіз десек, онда біз тілден айырылдық деп есептеңіз. Физика, химия, информатика, математика сабақтарының тек қана ағылшын тілінде оқытылуы маған ұнамайды, бұл маған үлкен қауіп көрінеді. Мен ағылшын тіліне қарсы емеспін, оны білу керек. Бірақ менің қарсы болатыным, «тек қана» дейтін сөз… Мысалы, Малайзияда математиканы ағылшын тілінде оқытады. Бірақ Малайзияның математиктері біздің қазақтың математиктеріндей емес. Біздің математиктер олардан анағұрлым алда. Бар болғаны бір-ақ миллион Эстония деген халық бар. Бірақ барлық сабақтарын эстон тілінде оқытады. Тіл деген – байланыс құралы… Ал қазақтың тілі тіл болуы үшін – ғылымның тілі, бизнестің тілі, технологияның тілі болуы керек. Олай болуы үшін жаңағы ғылымдардың барлығы қазақ тілінде де оқытылуы керек. Егер өйтпейтін болсақ, онсыз да көлеңкеде тұрған тіліміз бірден құриды. Егер біз жаратылыстану ғылымдарын тек қана ағылшын тілінде өткіземіз десек, онда біз тілден айырылдық деп есептеңіз» — дейді. Осы бір ұзақтау үзіндіні бекерден-бекер келтіріп отырғанымыз жоқ. Мұнда ұлт болашағының бітім-болмысын қазірден бастап бүтіндеуге ұмтылған талантты ғалымның жанайқайы жатыр.

Көтерілген мәселені профессор Шерубай Құрманбайұлы: «Халықаралық қатынас туралы айтпағанда, мемлекет ішіндегі қолданыста әлі аяғынан нық тұрып үлгермеген ана тілімізді екі бірдей әлемдік тілмен бәсекеге салғалы отырмыз. Бұл құбылысты бейнелеп айтар болсақ, әлі қабырғасы қатып, бұғанасы бекіп үлгермеген жас жеткіншекті өзінен салмағы әлдеқайда ауыр, тәжірибелі, түйе палуандармен, әлем чемпиондарымен күрестірумен пара-пар тірлік. Кім ұтатыны алдын ала көрініп тұр емес пе? Ұтқанды былай қойып, жеткіншегіміздің желкесін қиып, белін үзетін тірлікке оны өз қолымызбен итермелейтіндей басымызға не күн туды?», — деп одан әрі ширата түседі.

Сонда «үш тұғырлы тіл» ұлт зиялыларының неліктен жүрегінен өтпейді? Гәп неде? Мәселе не себепті шиыршық атып тұр? Біздіңше, олардың ойынша, көрмеген құқайы жоқ, әбден әлсіреп күйзелген, «мың өліп, мың тірілген» ана тілінің ертеңіне деген алаңдаушылық, тіпті қорқыныш басымырақ.

Бүгінгі ел билігі басқа шет мемлекеттерге біз бәсекелес болуымыз керек. Қазіргі кішкентай бүлдіршіндер, болашақ мамандар, үш тілді жақсы меңгерсе, елдің қарым-қатынасы, болашағы болады. Үш тілді үйреніп білгеннің несі жаман және ешкім бұл жерде ана тілін ұмытып, өзге тілді меңгеріп, өз тілінен жерініп, қазақ тілін жойыңдар деп айтып жатқан жоқ дегенді алға тартады.

Қызбалыққа салынбай, салқынқандылықпен зерделеген жан пікірталасқа түсушілердің екі жағында да белгілі дәрежеде шындықтың ұшқыны бар екенін байқайды. Әрқайсысының уәжі өзінше негізді көрініп, қос тараптың көзқарасы итжығыс түсіп жатқандай әсер береді.

Жинақтай айтқанда, тіл жанашырларын үрейлендіретін негізгі жайт, кешегі бодандық құрсаудан шыққан қазақ тілі, енді-енді ес жинай бастаған шақта өзге тілдердің ықпалына түсе ме деген қауіп?! Ал Үкіметтің ұстанымы қазіргідей жаһандану заманында тек бір ана тілімен алысқа бара алмаймыз дегенге саяды. Кез келген жаңа қолға алынған іс кедергіге кезігуі табиғи. Қашан да ілгерілемекті қысым күтеді.

Осы орайда ойға оралатын екінші өзекті мәселе, болашақта қазақ тілі «үш тілдің» ішінде жетекші рөл атқара ала ма? Әлде, кейбір сарапшылар айтып жүргендей бізде өз ана тіліне, төл мәдениетіне жиіркене қарайтын өзге тілді «өгей» элита қалыптаса ма? Бұл басы ашық сұрақ?

Сонда жаһанданудың жойқын шабуылына төтеп берудің басқа жолы қалмағандай ма? Посткеңестік кеңістіктегі өзге елдердің тәжірибесін саралай алдық па? Алда не күтіп тұр? Бәрі уақыттың еншісінде деп қол қусырып қарап отыруға бола ма?! Үштілділік мәселесі ғылыми тұрғыдан елеп-екшеліп, жан-жақты жүйеленіп сараланған, бүгінгі қоғамның көңілінен шыққан дүние ме?

Сонымен тіл жанашырлары-ның толғаныстарын тобықтай түйсек, «Аталған тілдерді түбінде білу керек екендігіне ешкім қарсы емес, бірақ «үш тұғырлы тіл» саясатын жүзеге асырамыз деп, балабақшадан бастап байбалам салудың еш қажеті жоқ. Мәселен, шетелдерде бастауыш сыныпты бітіргенше, ешқандай өзге тілді қоспай, тек өздерінің ана тілінде ғана оқытады. Біз бұл жерде ғылыми қателік жіберіп отырмыз. Бүкіл әлем мойындаған тәжірибеден біз неге қашуымыз керек?. Жас ұрпақты ең әуелі ана тіліміздің уызына жарытпай жатып, басқа тілді үйретіп басын қатыруға болмайды. Үш тіл білу деген әрине, жақсы нәрсе. Ағылшын тілі әлемдік тіл болғандықтан, оны міндетті түрде білу керек. Бірақ оны қалай, қашан үйрету керек, мәселе осында. Ең бірінші, жас ұрпақты өзінің ана тілінің уызына жақсылап қандыруымыз керек».

Төл тәжірибе не дейді?

Төл тәжірибеге жүгінсек, өткен ғасырдың басында алаш баласын қайткенде азамат, қазақ қауымын қайткенде ел етеміз деген оймақтай ой үркердей шоғыр ұлт интеллектуалдарын «күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан» айырыпты. «Қазақ ісіндегі неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде оқумен түзеледі… Елді түзетуді біз әуелі бала оқытуды түзеуден бастауымыз керек», — деп ойлаған олар, өздерінше айтсақ, «оқу жайына», «оқыту жайына», әсіресе «қазақша оқу» жайына баса көңіл бөліпті.

Монтескьенің: «Бағынышты халық қашан өз тілін біржола ұмытқанша ел болудан үмітін үзбейді», — дейтін әйгілі сөзінен шығарып, «сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп күйзеле дабыл қағып өткен марғасқалар, ең алдымен, төл тілімізде оқытуға, оны үздіксіз дамытуға баса назар аудартуға қажетті бар амалдардың бәрін де істеп бағыпты.

Жүсіпбек Аймауытовтың «Орыс тәрбиесін алған бала – ұлт қызметкері бола алмайды» десе, Жанша Досмұхамедұлы: «Қазақты – елдің тұрмысын, тілін, мінез-құлқын, әдет-ғұрпын білетін қайраткер ғана басқаратын болады» депті. Ал Күнбатыс Алашорданың көсемдерінің бірі Халел Досмұхамедұлының «Өз тілін білмеген ел болмайды» деген сөзі тағы бар.

Қысқасы, шетінен полиглот, шетінен универсал, шетінен энциклопедист алаш арыстары ғалым Дихан Қамзабекұлы, жорналшы Нұртөре Жүсіптерше айтсақ, бүгінде бір-бір президент, бір-бір прьемер-министр деңгейіндегі тұлғалар еді. Сондықтан да олар қиядағыны шолып, алыстағыны көре білді. Сол үшін де олар отаршылық әкімшілікпен алысып өтті. Полиглот дегеннен шығады, мәселен осы ретте алаш арыстары қанша тілді білген деген заңды сұрақ оқырманды бек мазалауы мүмкін. Мысалы, әлихантанушы Сұлтанхан Аққұлұлының дерегінше, ХХ ғасырдың басындағы Ұлт көшбасшысы Әлихан Бөкейханов тоғыз тілді білсе, қазақтың ұлтарақтай жері үшін Ленин бастаған кеңес көсемдерімен айқасқа түскен сол кезде өрімдей жас Әлімхан Ермековтің алты-жеті тілді еркін меңгергендігі, олардың интеллектуалдық әлеуетінің қаншалықты екендігін көрсетіп тұрған жоқ па?!

Сонда, мұндағы айтпағымыз не? Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, олар бала оқытуды ана тілінде жүргізбесе, шын мәнінде ұлтын сүйетін ұлт перзентінің қалыптаспайтындығын айтып, дабыл қағып өткен. Сол жолда олар барлық шаруаны ысырып қойып, қазақ тілінде мектеп оқулықтарын жазуға білек сыбана кіріскен. Алайда өкінішке орай, олар бастаған көш орта жолға да жетпеді.

Сөйтіп, отарлаушылық жүйе ақыры мысықтабандап мақсатына жеткенін тарихтан жақсы білеміз. Өйткені «мектеп – ұлтты отарлаудың ең төте жолы». Академик К. Нұрпейісовтың мәліметінше, 1954 жылғы тың және тыңайған жерлерді игеру жылдарынан бастап 1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне дейінгі аралықта елімізде 700-дей қазақ мектептерінің жабылып, алдымен аралас мектептердің өмірімізге сыналай еніп, сосын орыс мектептеріне айналғандығы дәлел бола алады.

Осы орайда өзіміздің Орал қаласында тілге қатысты өткен бір конференцияда Қадыр Мырза Әлі ағамыздың қазақтың марғаулығына қатысты айтқан мына мысалы еске түсіп отыр. Ол кісі былай деген болатын. Біз әңгіме етіп отырған кеңес кезеңінде сол кездегі астанамыз Алматы қаласында бір ғана қазақ мектебі болса, көршілес «өз ағамыз — өзбектердің» Ферғанасында жиырмаға жуық қазақ тілді мектептердің болғандығы еді. Міне, парадокс! Неге олай болған? Шайырдың айтуынша, өзбек қазақты жарылқағаннан ол мектептерді ұстамаған. Егер ол мектептер жабылып қалса, оның орнына өзбек мектептері емес, орыс мектептері ашылатынын білгендіктен солай жасаған.

Әлемдік тәжірибе не дейді?

Әлемдік тәжірибеге иек артар болсақ, біз сияқты бодандықтың қамытынан босаған елдер тарихында тіл саясатының қашан да ширығып тұратыны көзге түседі. Кемеңгер Кекілбаевша айтсақ, миллиондар сөйлейтін тілді шетқақпайлап, аз ғана билікші топ сөйлейтін тілді арнайы статус беріп, әдейі оздыру – өз бастарындағы артықшылықтан өлсе де айырылғысы келмейтін үстемдікшіл күштердің қашаннан бергі айласы еді.

Кемал Ататүрікке дейін қазіргі түрік тілі «қойшылардың тілі» саналып келген, ал ғасырлар бойы билік құрып қалған Осман әулеті сөйлеген бұрынғы қайы тілі ресми тіл «османлыша» деп аталғандығы мәлім. Бір кезде Орта Азия түріктері де өздерінің етене тілдерін әншейін ауыл арасының тілі көріп, ал шағатай тілін «кітаби тіл» санап, әз әулие көргені бар еді.

Индия республикасының хинди тілімен қатар пайдаланылатын негізгі ресми тілінің бірі ағылшын тілі деп саналады. Бұған кезінде Дж. Неру үзілді-кесілді қарсы болды. Бірақ көпке топырақ шаша алмады. 1948 жылы Индияның білім жөніндегі комиссиясы бұлай ету адамдарды екі ұлтқа бөліп жібереді және олардың арасындағы кереғарлық күннен-күнге алшақтай түседі деп ескертті.

Ол айтқандары келді де қойды. Сырттай қарағанда, хинди мен ағылшын тең құқылы тілдер. Өйткені статустары бірдей.

Алайда қолданыс аясының деңгей-дәрежесі жағынан хинди тілі ағылшын тілінің қарасын да көре алмайтын көрінеді. Сонымен, ағылшын тілінде халықтың не бары 2 пайыздайы сөйлейді деседі. Олар – ағылшынша білім алған үнді элитасы. Мемлекеттің тағдырын шешіп отырған саясат пен іскер топтың өкілдері, ғылыми зиялылар (Әбіш Кекілбайұлы. Тіл және тәуелсіздік // Егемен Қазақстан. 8 тамыз 2006 жыл.).

Ой түйіні. Бірақ жылағанның жөні осы ғой деп, ауызды қу шөппен сүртіп, онсыз да қағажуды аз көрмеген қазақ тілінің жай-күйін тым сүмірейте беру – біздің басты мақсатымыз емес. 1913 жылы Ахаң: «Үкімет қазаққа қазақша мектеп салып бермейді, қазақтың қазақша оқуын тіпті тілемейді. Сондықтан мектептерімізді тәртіпке қою, қазақша оқуды халыққа тарату өз міндетіміз», — депті. Ал қазір ше? Үкімет те өзгерді, заман да өзгерді. Өзгермеген тек өзіміз.

Иә, Өмір – бәсеке! Өмір – тартыс! Өмір – күрес! Бәсеке тоқтаған жерде, тартыс тоқтаған жерде, күрес тоқтаған жерде өмір тоқтайды. Бұл — тіршілік заңы. Бұл – мәңгілік аксиома. Бұған ешкімнің таласы жоқ. Алаш серкесі Әлихан Бөкейхановша айтсақ, «Таласып тартыспаған кісіге де, халыққа да тәмам қасқырдың арасында бәйге жоқ». Тілге қатысты қазақ қоғамында бүгінгідей талас-тартыс, мылтықсыз майдан жүріп жатқанда, Ұлт көсемі Әлекеңнің сөзіне біздің де алып-қосарымыз жоқ.

Жаңабек  ЖАҚСЫҒАЛИЕВ,

М. Өтемісов атындағы  Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты


Ұлы дала ойшылының өлеңдері оқылды

Күні: , 125 рет оқылды

img_2211


Бүгінде есімі алты алашқа белгілі болған ұлы дала ойшылы Ғұмар Қараштың шығармаларын жеткіншек ұрпаққа кеңірек насихаттау, оның өмірі мен шығармашылығын дәріптеу мақсатында Жәнібек ауданында аймақтық «Ғұмар Қараш оқулары» өтті. Біртуар азамат Ғұмар Қараштың туғанына 140 жыл, ел тәуелсіздігіне 25 жыл, Алаш қозғалысына 100 жыл толуымен тұспа-тұс келген байқауға көршілес  Қазталов, Бөкей ордасы аудандарынан оқушылар ат арытып келді.


Жұртшылық алдымен ақынның ескерткіші алдына жиналып, гүл шоқтарын қойды, оның рухына тағзым етіп, бұдан кейін жиналғандар аудандық мәдениет үйіне бет алды. Фойеде ақын шығармашылығынан сыр шертер «Жойылмаса игі еді, артта қалған ізіміз» атты кітап көрмесі жасақталған. Байқау ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын, Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы Айбатыр Сейтақтың сәлемдемесімен басталып, ол өзінің «Ақының бар Ғұмардай» атты жыр шумақтарын жолдады. Танымдық кеште аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешов пен «Орал өңірі» газеті бас редакторының орынбасары Сырымбек Тұяқов сөз алып, рухани азық беретін, ақын шығармашылығын дәріптейтін байқаудың оздырылғандығына шынайы ризашылықтарын білдірді.

Содан соң «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас  Сафуллиннің бастамасымен түсірілген «Қазақстан» деректі фильмі көрсетіліп, оқушылар Ғұмар Қараштың «Қазақстан», «Ұран» газеттерін шығару үшін біраз тер төккеніне, сол арқылы «ұйқыдағы қазақты» оятып, көзін ашқанына тәнті болып, аянышты тағдырына бірге налып, ерекше әсер алды. Фильмнен соң «Шұғыла» газетінің тілшісі Меңдігүл Фазылова «Ғұмар Қараш – ұлы дала ойшылы» тақырыбында баяндама оқыды. Аймақтық «Ғұмар Қараш оқулары» шығармашылық байқауының бірінші кезеңі бойынша қатысушылар ақын өлеңдерін жатқа оқыса, екінші кезеңінде өз туындыларын арнады. Сонымен қатар барлық қатысушыларға еліміздің танымал тұлғалары ақынның өмірі мен шығармашылығына байланысты көгілдір экран арқылы бейнесұрақ қойды. Байқауға 30 оқушы қатысып, мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік көркемсөз шеберлері озып шықты. Сайыс нәтижесі бойынша ақын өлеңдерін жатқа оқыған оқушылар арасынан Махамбетше толғанып, батырлар жырының сарынымен, ақын өлеңдерін аса бір толқындай тулап, ерекше жігермен, рухпен жеткізе білген Алтынбек Айғалиев (Жәңгір хан атындағы ЖББОМ, Бөкей ордасы ауданы) бірінші орын жүлдесін жеңіп алды. Ал Кенжебек Шохалов (Ғ. Сарыбаев атындағы ЖББОМ, Талов ауылы), Гүлхан Бораш (Жәңгір хан атындағы ЖББОМ, Хан ордасы ауылы) 2-орын, Гүлнаргизада Нұрмұханова (Ғ. Қараш атындағы ЖББОМ, Борсы ауылы), Аружан Талапова (Ғ. Қараш атындағы Қараоба мектеп-гимназиясы, Қазталов ауданы) 3-орынды қанжығаларына байлады. Сондай-ақ Гүлнара Жұмаш «Көрермен көзайымы» (Ғ. Қараш атындағы ЖББОМ, Борсы ауылы), Гүлназ Құмарғалиева «Ең жас байқауға қатысушы» (М. Ықсанов атындағы ЖББОМ, Жақсыбай ауылы) аталымдарына ие болды.

Поэзия әлеміне қызығушылық танытып, қалам тербеп жүрген, Ғұмар Қараш бабаларына өз туындыларын арнаған жеткіншектер арасынан Төрехан Насиев (Х. Халиуллин атындағы ЖББОМ, Ақоба ауылы) үздік деп танылса, Ерасыл Қорған (Ғ. Қараш атындағы Қараоба мектеп-гимназиясы), Нұртілеу Сидағалиев (Ғ. Сарыбаев атындағы ЖББОМ, Талов ауылы) 2-орын, Гүлхан Бораш (Жәңгір хан атындағы ЖББОМ, Хан ордасы ауылы), Аяжан Жұмасбаева (Б. Жәнекешов атындағы ЖББОМ, Бисен ауылы) 3-орындарға табан тіреді. Ал Асылай Жұмаспай «Көрермен көзайымы» (Б. Жәнекешов атындағы ЖББОМ, Бисен ауылы), Ақұштап Қуанышқалиева «Ең жас байқауға қатысушы» (А. Оразбаева атындағы ЖББНМ, Жәнібек ауылы) аталымдарына ие болды. Жеңімпаздар мен олардың жетекшілері арнайы дипломдармен марапатталып, оларға «Ұран», «Қазақстан» кітаптары сыйға тартылды. Сондай-ақ аталмыш байқаудың өтуіне өз үлесін қосқан ҚР Журналистер одағының мүшесі Меңдігүл Ғарифоллақызына ұйымдастыру алқасы атынан алғысхат табыс етілді.

Арайлым КЕСЕКОВА,

Жәнібек ауданы


Әділет генерал-майоры Қабдығали АХМЕТОВ: «Адам қылмыскер боп тумайды»

Күні: , 56 рет оқылды

%d0%b3%d0%b5%d0%bd%d0%b5%d1%80%d0%b0%d0%bb-%d0%b0%d1%85%d0%bc%d0%b5%d1%82%d0%be%d0%b22-001


Құқық қорғау саласындағы қызметін қатардағы тергеушіліктен бастап, әділет генерал-майоры дәрежесіне дейін жеткен Қабдығали Ахметұлы Ахметов — үлкен өмір мектебінен өткен тұлға. Әр жылдары Атырау, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының прокуроры болып қызмет істеген Қ. Ахметов ҚР Мемлекеттік тергеу комитеті, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Әділет министрлігі құрылымдарында да басшылық қызметтер атқарды. Ал 2002-2008 жылдары ҚР Парламенті Сенатының депутаты ретінде құқық қорғау саласына қатысты заңдардың жетілдірілуі мен қабылдануына тікелей атсалысты. Өмірден көрген-түйгені мол генерал Ахметов тура күні ертең 70 жасқа толмақ.


– Қабдығали Ахметұлы, сіз әр жылдары Қазақстанның үш облысында облыс прокуроры қызметін атқардыңыз. Бірер жыл Батыс Қазақстан облыстық әділет департаментін басқардыңыз. ҚР Мемлекеттік тергеу комитеті мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрылымдарында басшылық қызметтерде болдыңыз. 2002-2008 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болдыңыз. Міне, осы факті-факторлар сіздің үлкен өмір жолынан өткеніңізді айғақтайды. Саналы өміріңізді құқық қорғау саласына арнауға кім немесе қандай жағдай әсер етті?

– Мен Ресей Федерациясының Саратов облысына қарасты Бочкари деп аталатын елді мекенде 1946 жылғы жиырма бесінші қараша күні жарық дүниеге көрініппін. Ол кез соғыстың кесірінен халық шаруашылығы әбден тұралап, қираған, ел-жұрт киер киімді айтпағанда, ішер тамақтың өзіне қатты тарыққан қиын-қыстау жылдар ғой. Соғыстың, жоқшылықтың зардабын көп көрген анам  мен жасы үлкен бауырларым мен өскенде өзіміз тұратын совхозға директор болғанымды қалапты. Тілім шыққасын олар менен «Совхозға директор боласың ба?» деп сұраса, мен ештеңеге түсініп жарытпасам да, балалық қой, екі сөзге келмей, «Боламын!» деп жауап береді екенмін. Ал енді есейіп, ақ-қараны айырып, оң-солымызды тани келе, мамандық таңдауға тура келгенде, заң саласын таңдауыма біздің ауыл-аймақтағы милицияның учаскелік инспекторы Севастьянов деген азаматтың ел-жұрттың алдындағы абырой-беделі көбірек әсер етті-ау деп ойлаймын. Оның үстіне мектеп оқушысы кезімде мен жеті жыл интернатта жатып оқыдым. Балалық шақта өзім көрген әділетсіздік пен әлімжеттік оқиғалары да заңгер болуға ықпал еткен болуы ықтимал. Бұған қоса әділетсіздік көрген ағайын-туыстарым өз құқықтарын қорғау үшін білімі жетпейтіндіктері мен заңды білмейтіндіктеріне налитын. Міне, осындай жағдайлар мені заң саласына жетелегені анық. 1965 жылы Саратов қаласындағы Заң институтына түсіп, осы жоғары оқу орнын 1969 жылы заңгер мамандығы бойынша бітіріп шықтым.

– Тікелей құқық қорғау саласында қызмет істеп жүргеніңізде, өзіңіз куә болған немесе өзіңіз кезінде тергеуін жүргізген, әлі күнге дейін есіңізге жиі түсетін бірді-екілі оқиғаны айтып берсеңіз.

– Мен жас маман кезімде бес жылдан астам бүгіндері Алматы облысына қарайтын Текелі қалалық прокуратурасында тергеуші болып қызмет істедім. Расын айтқанда, ол жұмыстың абыройынан гөрі, қиындығы көп болды. Жылына уақытпен санаспай, адам өліміне қатысты 50-60-қа жуық оқиға орнына баруға тура келетін. Сонымен қатар жылына 40-45 қылмыстық істің тергеуін тиянақтап, сотқа жіберемін және соншама істің материалын жинақтап, прокурорға тапсырамын. Мен үшін адам өлтірілген оқиға орнына бару емес, өзі өзіне қол салған жастардың өліміне бару өте ауыр болды. Перзенттері өзін-өзі өлтірген аналардың аңырап жылап, естерінен танғанын көру маған өте қиын тиді. Ал енді арақ-шараптың кесірінен жасалған ауыр қылмыстарды тергеу аса қиын емес, есесіне мас күйінде өз тума-туыс, жолдас-жорасын өлтірген адамның өзегі өртене өкінгеніне  қарау  ауыр.

Бір жылы Жаңа жыл мерекесінің қарсаңында мынандай оқиға болды. Ұлы Отан соғысының ардагері өзінің соғыстан олжа ретінде алып келген «Вальтер» тапаншасымен Жаңа жылмен құттықтауға келген көршісін жайратып салған. Көршісінің бар жазығы, отағасымен сөзге келіп қалған үй иесінің әйеліне ара түскендігі ғана. Бұл соғыс біткеннен кейін 25 жылдан соң  болған  оқиға…

Маған заңгер ретінде өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңына таман экономикалық-статистикалық көрсеткіштерді көпе-көрінеу өсіріп жазуға қатысты іс-әрекеттерге сол кездегі биліктің жаза қолдануды доғарғаны әлі күнге дейін түсініксіз. Мәселен, Маңғышлақтағы мұнай өндірісі нысандарын жетілдіруге қатысты әлгіндей асыра сілтеулер көптеп орын алды. Жалпы экономикалық сипаттағы көзбояушылық КСРО-ның күйреуіне әкеп тіреген негізгі факторлардың бірі болды.

– Қазақ арасында «қаны сұйық» деген түсінік бар. Бұлайша сипатталған кісі «бұзықтық жасауға, заңды бұзуға, қылмыстық әрекеттерге баруға» бейім дегенді білдіреді.  Демек, адам баласының қылмыс жасауы тек тәрбиеден кеткен олқылықтан ғана емес, сонымен қатар қанмен берілген кесапаттың кесірі болуы да мүмкін бе?

– Әрине, ешкім қылмыскер болып өмірге келмейді. Яғни айтқанда, адам қылмыскер боп тумайды. Ешкімді бас қондырысынан немесе басқалай дене бітімінен «мынау болашақ қылмыскер» деп анықтау мүмкін емес. Рас, кейбір мінез-құлық перзентіне ата-анасының қаны арқылы берілуі мүмкін екендігін жоққа шығаруға болмайды. Бірақ көп жағдайда адамның қылмыстық жолға түсуіне оның алғашқы қылмысы үшін лайықты жазаланбауы кері ықпал етеді. Сол себепті бұрынғылар «Баланы жастан…» деп тектен-тек айтпаған. Демек, баланың, жас адамның тағдыры үшін ата-ананың берер тәлім-тәрбиесі ерекше мән-маңызға ие. Сол себепті ең алдымен ата-ана өз перзентін тым шолжыңдатып жібермей, қаршадайынан дұрыс бағыт-бағдар беруі тиіс. Әсіресе, «Тамағы тоқтық, көйлегі көктік, ермегі жоқтық – аздырар адам баласын» дегенді ескеріп, ересектер баланы кішкентайынан адал еңбекке баулығаны  ләзім.

– Қабдығали Ахметұлы, осы жылы жазда Алматы қаласында қолына қару алып, бірнеше адамды жазықсыздан-жазықсыз жайратып салған Р. Көлекбаев дегенге қатысты қылмыстық іс жақында сотта қаралып, сот оны өлім жазасына кесті. Бірақ мұндай ең ауыр жазаға Қазақстан аумағында ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес 2003 жылдан бері мораторий жарияланғаны мәлім. Тәжірибесі мол заңгер, құқық қорғау құрылымдарының ардагері ретінде осы жайтқа сіздің көзқарасыңыз бен болжамыңызды білсек деп едік. Нақтырақ айтқанда, Р. Көлекбаевқа қатысты сот үкімі орындала ма, әлде ол өз ажалынан жан тапсырғанша, абақтыда отырып, оның киер киімі мен ішіп-жемі, сондай-ақ ол жазасын өтейтін мекеменің коммуналдық төлемақысы мен басқа да шығындары жылдар бойы мемлекеттің мойнында  бола  ма?

– Егер мен өз пікірімді ашық айтар болсам, Р. Көлекбаевқа қатысты сот үкімі орындалуы тиіс.

Өйткені өлім жазасына жарияланған мораторий бұрындары жасалған қылмыстарға қатысты. Сол себепті әлгіндей ең ауыр жазаға кесілген қылмыскерлер күн ілгері шартты босатусыз 25 жыл түрмеде отыруы шарт. Президенттің өлім жазасына мораторий белгілеу жөніндегі Жарлығынан кейін біздің елде өлім жазасына кесу жөнінде сот үкімі шыға қойған жоқ. Сөйте тұра, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Қылмыстық кодексі аса ауыр қылмыстар үшін өлім жазасын белгілеуге мүмкіндік береді. Демек, меніңше, Көлекбаевты өлім жазасына кескен сот үкімінің заңи пәрмені өлім жазасына мораторий жариялаған Жарлықтан жоғары.

– Биыл жаз Ақтөбе және Алматы қалаларында орын алған лаңкестік оқиғаларға орай өткен ҚР Қауіпсіздік кеңесінің жиынында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев күштік құрылым-дардың дайындығына көңілі толмайтындығын аңғартты. Сіздің ойыңызша, бейбіт күнде, ел аман, жұрт тынышта бұдан былай әлгіндей лаңкестік оқиғалар енді мүлдем  орын алмау үшін билік пен халық не істеуі керек?

– Әрине, мен Президенттің лаңкестік оқиғаларға жол бермеу және ондай кесапаттың алдын алу жөніндегі ой-пікірлерімен толық келісемін. Мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін кешенді шаруаларды жүзеге асыру керек. Мысалы, ең алдымен ел-жұртты, әсіресе, жастарды жұмыспен қамтуды әлі де жақсарта түскеннің еш артықтығы жоқ. Жеке меншіктегі жоғары оқу орындарының тиімділігіне өз басым күдік-күмәнмен қараймын. Осындай оқу орындарын бітірген жастардың мамандығы бойынша еңбек нарығынан өз орнын табуы өте қиын болып тұр. Оның үстіне орын ал-ған қылмыстардың ашылу деңгейі көңіл көншітпейді. Тіпті жасалған қылмыстарды есептен жасыру, санаққа алмау фактілері әлі де әшкереленуде.

Кейбір шетелдерде әскерге шақырылуы тиіс жас жігіттерді әскерге алмай, оны тұрғылықты тұратын аумағы бойынша заңға қайшы әрекеттердің алдын алуға тартады. Мысалы, жаңағы жігіт замандастарымен белсенді араласып, спорттық жарыстарға қатысып, би кештеріне бірге бара жүріп дегендей құрбы-құрдастарын заңды бұзудан сақтандыруға мүдделілік танытуы шарт. Міне, бізге осы жүйеге назар аударып, мүмкін болса, қолданысқа енгізген  артықтық  етпейді-ау.

– Сіз ұзақ жыл өте жауапты және өте қауіпті салада, яғни тәубесіне келуі үшін қылмыскерге жасаған қылмысына сәйкес әділ жаза тағайындауы тиіс құзырлы құрылымдарда қызмет атқардыңыз. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, адамға тән қандай қадір-қасиетті жоғары бағалайсыз және нендей мінез-құлықты жек көресіз?

– Адам баласына тән ең ізгі қадір-қасиет адалдық пен еңбекқорлық, сондай-ақ біреудің ала жібін аттамау, кісі ақысын жемеу, жалған сөйлемеу, жала жаппау, өтірік айтпау деп есептеймін. Ал осыларға кереғар мінез-құлықты жаратпаймын.

– Біраз жылдан бері құрметті демалыстағы генерал Ахметов бүгінгі күннің биігінен өзінің әрі азамат, әрі айтулы маман ретінде қалыптасуына ықпал еткен кімдерді ерекше ықыласілтипатпен  еске  алады?

– Өз мамандығым бойынша қызмет бабында өсу үшін кезінде комсомолдық қызметтен бас тартқанымды жасырғым келмейді. Текеліде тергеушілік қызметте жүргенімде мен жас маман ретінде қала прокуроры Василий Малинин мен соғыс ардагері, прокурор-криминалист Борис Трубачевтен кәсіби тұрғыдан көп тәлім алдым.

Сондай-ақ кезіндегі Батыс Қазақстан облысының прокуроры Мұқатып Әжіханов пен ол кісінің бірінші орынбасары Иван Гапич менің болашағыма сеніммен қарады.  Осындай аға буын әріптестердің сенімі негізінде 28 жасымда Бөрлі ауданының прокуроры болып тағайындалдым. Осы қызметті атқара жүріп, әрі аудандық партия комитетінің бюро мүшесі ретінде 9 жыл бойы құрылыстың сапалы жүруі, егін жинау, мал қыстату сықылды күрделі шаруалардың оңтайлы ұйымдастырылуын қадағалап, аудан басшылығына тек заңдылықты нығайтуға ғана емес, әлеуметтік-экономикалық мәселелердің шешілуіне де жәрдемдестім.  Егер мен Текелі қаласында жедел-тергеу жұмыстарының жай-жапсарына қаныға түссем, Бөрліде қызмет пен міндеттің халық алдындағы жауапкершілігін айқын сезініп, әрі ортақ мүддеге шынайы жанашырлықпен атсалысқан адамның халықтың ықылас-ілтипатына бөленетініне де көзім жетті.

Мемлекет басшысының және сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қолдап-сенуімен 2002-2008 жылдары Батыс Қазақстан облысынан ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып сайлануым мен үшін үлкен мерей болды. Өз басым қандай қызмет атқарсам да, халық пен мемлекеттің мүддесіне қалтқысыз қызмет етумен болдым. Менің тұлға ретінде қалыптасуыма ықпал еткен барша азаматтарға шексіз ризашылығымды  білдіремін.

Сұхбаттасқан Бауыржан  ҒҰБАЙДУЛЛИН,

«Орал  өңірі»


Қас-қағым сәттің қадірін білетін жандар

Күні: , 53 рет оқылды

Жедел құтқару жасағына 15 жыл

<4D6963726F736F667420506F776572506F696E74202D2031372E31302E32303


Өмірде кездейсоқ оқиғалар кездеспей тұрмайды. Түрлі апаттар, өрт немесе тіпті қарапайым тұрмыстық жағдайда оқыс оқиғалар орын алады. Сондайда адамдардың жаны шырқырап, жүгінетіні – құтқару қызметі. «Құтқарыңыздар!» осынау әрі суық, әрі адам бойын дір еткізетін сөзде қаншама үміт, қаншама сенім жатыр. Ал осы сөзді қабылдап алған жандар өздерінің жеке басының амандығын, тыныштығын ойламай-ақ, қырсыққа іліккен, қауіпте қалған адамдарды құтқаруға асығады. Оларды құтқарушылар деп атайды. Олар  өзінің жанын, денсаулығын, амандығын қауіпке тігіп, көмек сұраған жанға шырқырап жететін жандар. Олардың да ата-анасы, үйінде күтіп отырған жанұясы, бала-шағасы бар. Олар да сіз бен біз сияқты «Сақтансаң, сақтармынды» естен шығармай, аман-есен жүріп, өмірдің қызығын көргісі келеді. Бірақ «Құтқарыңыздар?!» деген аттанды естігенде, қара басын ойламайды. Өйткені ол – құтқарушы. Өзінің өмірін қауіпке салып, өзгенің ғұмырын сақтап қалуға жаралған. Сол жедел құтқару жасағына 15 жыл толып отыр. Жасақ басшысы Асқар Қылышевпен әңгімеміз әр шақыртуда қауіп-қатермен бетпе-бет келетін құтқару жасағының осы 15 жылда жүріп өткен жолына арналады. Оның ержүрек қызметкерлеріне – құтқарушыларға арналады.


— Асқар Орынбасарұлы, 15 жыл тарихтың өлшеміне салып жіберсе, қас-қағым сәт. Ал сол қас-қағым сәт деген ұғымның қадірін бір білсе, құтқарушылар жақсы біледі. Талай қас-қағым сәттер өткен болар жігіттеріңіздің бастарынан, 15 жылда…

<4D6963726F736F667420506F776572506F696E74202D2031372E31302E32303— Өтті ғой, сөз бар ма?.. Әуелі қысылғанға ең алдымен қолын созатын, қауіп-қатерге ең бірінші болып кеудесін тосатын, дүлей апаттардың, сел-тасқындардың алдынан шығатын алғашқы жедел құтқару жасағының құрылу тарихынан аз-кем тарқатайын. Ол 2001 жылы қарашада облыстық әкімдіктің арнайы қаулысымен құрылған. Ал өткен жылдың шілде айынан бастап жедел құтқару жасағы мен судан құтқару мекемесі біріктіріліп, БҚО төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағы деп айдар тағылып, ат қойылды. Сол өткен 15 жылда жасақ 17 мың 135 дүркін атқа қонып (шұғыл шақыртумен), 4 мың 628 адам ажал тырнағынан, түрлі қауіп-қатерден құтқарылған. Мұның 2 мың 376-сы – балалар. Әр түрлі қатерлі жағдайларға байланысты 6 мыңға жуық адам қауіпсіз жерлерге көшірілді. Анау сұрағыңызға орай түйіндесем, құтқарушылар қас-қағым сәттік қауіп-қатермен 17 мың 135 рет бетпе-бет келіпті. Ал оның әр секунды қатердің дәрежесіне қарай, ешбір баға жетпейтін өмір үшін жанталастан, араша түсетін арпалыстан тұратынын ескерсек, құтқарушылардың қандай мамандық екенін түсінуге болады деп ойлаймын.

Құтқарушы да ет пен сүйектен жаратылған жан. Кейде еш кінәсі болмаса да, ажалға араша түсе алмағанына адам ретінде ет-жүрегі езіліп қайғыратыны белгілі. Мұндай психологиялық жағдайға да мықты болу – құтқарушыдан талап етілетін бір қыр.

— Енді 15 жылда жүріп өткен жолдарыңызды ойша шолып өтсеңіз. «Көш жүре түзеліп», жасақтың қаз тұру, даму, нығаю арқылы қол жеткен жетістіктері де бір төбе сияқты. Әрине, оның бәрі бір-екі жылда бола қалмаған шығар?

<4D6963726F736F667420506F776572506F696E74202D2031372E31302E32303<4D6963726F736F667420506F776572506F696E74202D2031372E31302E32303— Осы жылдар ішінде ұжымда көптеген адамдар еңбек етті, алдыңғы толқыннан кейінгі лек – жастар тәрбиеленіп шықты. Құтқарушылық қызметтің болашағына жолдама алды. Адам өмірінде болуы мүмкін қауіп-қатердің алдын алу жұмыстарына байланысты қауіпсіздік шараларын алудың түрлі шараларын үйренді, үйренгендерін кейін келгендерге үйретті. Олардың көпшілігі құтқарушы бола жүріп, жасақтың материалдық базасының жұпынылығына, қарапайым жағдайлардың жеткіліксіздігіне қарамастан, еңбек етті. «Әкеліп береді, жасап береді» деп күтіп отырмай, жасақ басшылығының ұйымдастыруымен көп нәрсені өз күштерімен жасауға үйренді, қиындықты жеңді. Сөйтіп, өздерінің тұрмыстық жағдайларын жақсартуға, қолда бар техникалық құрал-жабдықтарды сақтап, пайдалануға, қажетті тұрақтарды өз қолдарымен салуға жетісті. Тіпті құтқарушыларды күнделікті медициналық тексеруден өткізу орнын, жалпы оқу-жаттығу базасын жыл сайын жөндеп, жаңарту сияқты ішкі жұмыстарға дейін өз күштерімен атқарғанын баса айта кеткім келеді. Әрине, мұндай сәттерде қалалық әкімдік тарапынан жасаққа қажетті жер телімдерін заңдастырып беруден бастап күнделікті жұмысымызға лайым да көмек қолын созып келе жатқанын да баса айтқан жөн. Төтенше жағдайлар департаментінің тікелей қамқорлығы мен көмектері аз болған жоқ. Бүгінде жұмыс жасап кеткеніне 4-5 жыл болған өзіміздің оқу-жаттығу базамыз бар. Осы аралықта жұмысқа алынған қызметкерлеріміздің әрқайсысы 6-7 мамандықтың иесі болып шығуы сол материалдық базамыздың арқасы дегім келеді.

— «Құтқарушы болғым келеді» деп келгендерді шетінен жұмысқа қабылдай бермейтін шы-ғарсыздар?..

— Әрине, кез келген адамды қабылдамаймыз. Өйткені біздің жұмыстың басқалармен салыстырғанда ерекшеліктері мен өзіне тән талаптары көп және жоғары. Ең алдымен, олардың денсаулығында қылаудай кінәрат болмауы тиіс. Әскери міндеттілігі тағы бар. Тепсе, темір үзетін қажыр-қайраты көзге ұрып, сыртқа теуіп тұратын, бойы-сойы келісуімен қатар, олардың мінезінің психологиялық тұрақтылығы – біздің талабымыздың бір парасы. Одан әрі қолынан келетін мүмкіндіктері, мамандық түрлері, техниканың түрін меңгергендігі талап етіледі. Осындай талаптардан сүрінбей өткендерді жұмысқа қабылдасақ, олар мұнымен ғана шектеліп қалмайды. Әрі қарай құтқарушы, әрі сүңгуір, әрі парамедик, дәнекерлеуші, газбен кесуші, кеме, қайық айдаушы, тыныс алу аппараттарымен жұмыс жасаушы, альпинист, қажет болса, құрылысшы мамандығын да өзі тәжірибе жинақтай жүріп, үйреніп шығады. Осы орайда өзінің тікелей жұмысын атқара жүріп, анау айтқан мамандықтарды үйрене жүріп, өздеріне баспана салып алған жас қызметкерлеріміз де бар. Ал бізде бірнеше жыл еңбек етіп, басқа салаға ауысып, басшылық қызметте, түрлі құрылымдық бөлімдерде еңбек жолын жалғастырғандар көп. Ішкі істер органдарында, МАИ қызметінде, қаржы полициясында біздің жігіттердің жұмыс істеп жатқандарын мақтан тұтамыз. Жеке кәсібін ашқандар да бар.

Бүгінде құтқару жасағында 77 адам еңбек етеді. Оның 73-і – құтқарушылар. Былайғы адамдар біздің жасақтың суда құтқарудан бастап кинологиялық қызмет, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау қызметі, медициналық-психологиялық қызмет, автокөлікке, жүзу құралдарына және оның жабдықтарына қызмет көрсету және алты құтқару бөлімшесі болып бөлінетіндігін білмеуі мүмкін. Бір құтқару бөлімшесі Теректі ауданы Сарыөмір ауылында, екіншісі Ақжайық ауданының Чапаев ауылында орналасқан. Сарыөмірдегі бөлімшеге келетін болсақ, ол тұста Шалқар көлі орналасқан. Бұл көлге облысымызды айтпағанда, еліміздің түкпір-түкпірінен, көрші жатқан Ресейдің облыстарынан келіп демалатындар көп. Құтқарушыларымыз Шалқар көлінде демалатындардың, сол маңайдан өтетін Ақтөбе арқылы өтетін күре жолдың бойында жолаушыларды қысы-жазы кездесіп қалатын жағдайлардан сақтау, құтқару-іздестіру, түрлі төтенше жағдайларға ұшырауының алдын алу мен оның зардаптарын жою, алғашқы дәрігерлік-психологиялық көмектерді жедел түрде ұйымдастыру жолында мігірсіз еңбек етеді. Ал 18 ауылдық округ қарайтын Ақжайық ауданындағы бөлімшеміз одан әрі Жаңақала, Қазталов, Бөкей ордасы, Жәнібек аудандарын да қамтиды. Бұл бағыттан өтетін Орал – Атырау күрежолы құтқарушыларымыздың жіті назарында. Қалған төрт бөлімшеміз Орал қаласының орталығында екі базаға бөлініп, қос бағытқа жедел шығатындай ыңғайлы жағдайда орналастырылған.

— Бағанағы сұрақтарымыздың бірі – жеткен жетістіктер жайындағы сауалымыз жауапсыз қалып бара жатқан сияқты. «Арық айтып, семіз шыққан жақсы» ғой… Дегенмен жеткен нәрсені ауыз толтырып айтып отырғанның айыбы жоқ, оқырмандарымыз да хабардар болсын…

— «Мақтанғаннан гөрі жұмысыңа қарай мақтасын» дейді біздің құтқарушылар. Сол қағиданы ұстанып отырғаным ғой. Шүкір, жігіттердің қол жеткізген жетістіктері баршылық. Құтқару бөлімшелерінің басшыларынан бастап қатардағыларына дейін өз істеріне әбден машықтанған, өз жұмысын ардақ тұтатын, кез келген қиын жағдайда дұрыс шешім қабылдай алатын жігіттерімнің әрқайсысы мақтауға тұрарлық. Сайдың тасындай іріктелген, ортақ міндет пен жұмысқа бір кісідей жұмыла білетін сол жігіттерімнің арқасында соңғы 10 жылда «Қазқұтқару», «Нептун», «Тайга» халықаралық, республикалық оқу-жаттығу көпсайыстарында ылғи да бірінші немесе жүлделі орындардан көрініп келеміз. Көп әріге бармай, соңғы екі жылдан бері қозғасам, біздің жігіттер «Қазқұтқару» республикалық жарысында 16 команданың арасынан суырылып шығып, екі жыл қатарынан 1-орынды иеленді. Мұндай жарыстарға ылғи мықтылар жиналатынын ескерсек, жеңісіміздің оңай келмейтіні белгілі. Тағы бір айта кететіні, облыстық, қалалық білім беру басқармаларымен бірлесіп, оқушылар арасынан жас құтқарушыларды іріктеп тәрбиелеп келеміз. Олар да жас құтқарушылардың арасында өткен ел біріншілігінде екі жыл қатарынан бірінші орын алды. Осы жеңістеріміз бір төбе де, анау жоғарыда айтқан ажал аузынан немесе қауіп-қатерден құтқарып қалған 4 мың 628 адамның өміріне біз үшін ешқандай баға жетпейді. Бұл – біздің ең басты жетістігіміз.

Құтқарушыларымыз облыс аумағынан тыс жерлерде орын алған құтқару шараларына да қатысып келеді. Тағы да әріге бармай-ақ айтсам, осы жылдың сәуір айында Қостанай облысында болған алапат су тасқынына байланысты біздің 20 жігітімізден (техникаларымен бірге) жасақталған жедел топ сол жаққа шұғыл аттанды.

Олар су қоршауында қалған 110 адамды (14-і – балалар) құтқарып, қауіпсіз жерлерге көшірді. Мұндай мысалдар айта берсек, көп. Өзіңіз айтқандай, 15 жыл тарихпен есептегенде, қас-қағым сәт. Дегенмен біз үшін мерейтой ретінде атап өтуге тұрарлық. Сондықтан осы қарашаның 25-інде 15-ке толғанымызды атап өтпекшіміз. Бүгінде біздің құрамымыздағы бұрын өз алдына болған, суда құтқару қызметінде еңбек еткендерді қосқанда 20 ардагеріміз құрметті демалыста. Оларды және бүгін құтқарушылар сапында тұрғандарды осы мерейтойымызбен құттықтаймын.

Әңгімелескен

Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ

Сұхбат ішіндегі сұхбат

— Күнде таңертең жұмысқа келе жатып, не туралы ойлайсыз?

— Құтқарушыларымның амандығын ойлаймын… Елімізде, өз аймағымызда төтенше жағдайлардың болмауын тілеп келе жатамын.

— Құтқарушы ретінде жігіттеріңізге ең ауыр тиген қай жылды атар едіңіз?

— 2011 жылы облысымызда жойқын су тасқыны болған еді ғой. Жігіттерімнің күні-түні мігір таппай, «етікпен су кешкен» сол бір ауыр күндері әлі ұмытылған жоқ. Оңай болған жоқ, бірақ құтқарушылар ол сыннан сүрінбей өтті.

— Сіздің қызметке  жалған қоңыраулар жиі шалына ма?

— Өкінішке орай, болып тұрады, кейде күн сайын.

— Халықтан алған алғыстарыңыздан ылғи ойдан шықпайтыны  қайсысы?

— Әрбір құтқарылған адам өміріне байланысты айтылған алғыстар ұмытыла ма…

— Өмірде түрлі жағдайлар болып жатады, құтқарушылар жұмысында кездескен күлкілі оқиға.

— Атам қазақтың «Адам қартайғанда бір бала» дегені рас. Кейде қариялар үй жануарларын «Төбеге шығып кетті, ағаш басынан түсе алмай отыр» деп көмектесуімізді сұрап телефон шалады.

— Өзіңіз құтқару қызметіне жүгініп көрдіңіз бе?

— Әзірше болған жоқ, болмауын тілеймін.

— Күнде кеште жұмыстан қайтып бара жатқанда сізді жиі мазалайтын ой?

— Тыныш болғай, төтенше жағдайлардың бетін әрмен қылғай деп қайтамын күнде жұмыстан…


«Жұлдыз жауған жарық түн»

Күні: , 47 рет оқылды

dsc_0070


Орал қаласындағы Жастар мәдениет үйінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын Бауыржан Халиолланың «Жұлдыз жауған жарық түн» атты шығармашылық кеші өтті.


Кеш барысында өнер иесінің шақыртуын қабыл алып, Атырау қаласындағы айтыс аламанынан кейін Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов пен халықаралық «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер» одағының төрағасы Жүрсін Ерманның арнайы ат басын бұрғаны, белгілі композитор Алтынбек Қоразбаев пен Атырау облысынан делегация келгені мәлім болды.

Ақынның толғаныс үстіндегі ойлы жүзі, шабытқа құлай берілген сәттері арқау болған шағын фильм көрсетілген соң, Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиевке сөз берілді. Шаһар басшысы Бауыржан Ергенұлының Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры ретінде жемісті қызмет етіп жатқанын  атап өтіп, оған құттықтау хат табыс етті. Әдеби-сазды кеш жырға сусаған көрермендер үшін жаңалыққа толы болды. Себебі ақын көпшілік алдында өлеңдерін оқып қана қоймай, ән әлеміне жол тартқан жеке туындыларын да паш етті. Алдымен жергілікті әнші Ернар Өмірәлі қазақ үшін айтыс өнерінің абызына айналған Жүрсін Ерманның сөзіне жазылған Бауыржан Халиолланың «Тұсаукесер» әнін қалықтатты.

dsc_0080– Ақындар көркем сөзбен, ұтымды ұйқаспен ойыңа ой қосып, көкірегіңе нәр береді. Қазақ жаны әуелден поэзиямен біте қайнасқан. Ақ Жайық – өнер өлкесі. Жалпақ сары дала төсіне көз тіккен сайын, жазира жайлауда туған перзенттердің көңіл көкжиегі кең екенін ұғына түсесің. Ал талантты адамдар мінезді болып келеді. Жан дүниесі шарқ ұрып, тебіреніс, толғаныс үстінде жүреді. Ас ішіп, аяқ босатып, көңіл тоғайту – ондай жандарға жат қасиет. Ақын бар қиындықты басынан кешіріп, артына орамды ой, толғаулы жыр қалдырғысы келеді. Міне, мен білетін Бауыржан – осындай жан. Ақынды көзі тірісінде қадірлей білейік, — деп ізгі лебізін білдірген Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов сахнада жыраулар поэзиясымен сарындас монологты тебірене оқып  берді. Оның сөзін ақын Жүрсін Ерман тың оймен сабақтады.

– Қадыр Мырзалиев мыңжылдықта бір туатын тұлға еді. Кезінде ол «Ой орманы», «Бұлбұл бағы», «Дала дидары» атты шағын жыр жинақтарымен-ақ тұтас ұлтты тәрбиелеген ұлы ұстазға айналды. Қадыр Мырзалиев дүниеден қайтқанда, мемлекеттік Туды төмен түсіріп, қаралы күн жариялау керек еді. Елдің түкпір-түкпірінде оның есімін ұлықтау шараларын бірден бастаған жөн болатын. Дейтұрғанмен, Орал қаласында салынған сәулетті өнер ордасы бүгінде зиялылардың басын қосатын мәдени ортаға айналды. Әлеуметтік желілерде шайырдың жырлары, ой-толғамдары күн ара жарияланып тұратынына қуаныштымын. Осындай игі бастамаларға  ұйытқы болып жүрген азамат – көпке сыйлы, арамыздағы мәрт жігіт, — деген Жүрсін Ерман дүбірлі додаларда азулы ақындардың мысын басқан айтыс ақтаңгерінің өр мінезінен «жапа шеккені» жөнінде қалжың араластыра айтқан әңгімесін көрермендер езу тарта тыңдады.

Кешке қатысқан Алтынбек Қоразбаев ақынның шығармашылығымен көптен бері таныс екенін айта келіп, Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған жаңа «Түндегі өлең» атты әнін әуелетті. Ал ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Атырау облыстық филиалының төрағасы Қойшығұл Жылқышиев көрші өңірден келген делегация атынан сөз алып, кәдесый тарту етті, кейін арнау өлеңін оқыды.

Шарада ақын жыр жинақтарына енбеген жаңа өлеңдерін оқыды. Бауыржан Халиолланың сөзіне жазылған  «Жүрек сөзі», «Түнгі элегия», «Шерлі шағала», «Нұрсәулем» әндерін белгілі әнші-термешілер Ернар Өмірәлі, Армат Исламғалиев, Мирас Бақтығұлов, Дастан Есентеміров нақышына келтіре орындады.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика