Мұрағат: 21.11.2016


Жансая мен Бауыржан жүлдегер!

Күні: , 55 рет оқылды

%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d1%81%d0%b0%d1%8f-%d0%bc%d1%83%d1%81%d0%b8%d0%bd%d0%b0


Жексенбі күні ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Атырау қаласында мәреге жеткен «Асқақ рухты Атырау» атты республи­калық ақындар айтысында Батыс Қазақстан облысынан барған Жансая Мусина мен Бауыржан Ширмединұлы жүлдеге ілікті.


Екі күнге созылған айтулы жыр додасына барлығы 20 ақын қаты­сып, бақ сынады.

Атақты өнер тарланы, Қазақ­стан мен КСРО-ның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Асанәлі Әшімов бастаған қазы­лар алқасының шешімімен айтыс қорытындысында қараған­дылық Мақсат Ақанов бас жүлдені иеленді. Оған 2 млн. теңгенің сертификатын Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев табыс етті. М. Өтемісов атындағы Батыс Қа­зақстан мемлекеттік универси­те­тінің оқытушысы Жансая Мусина бірінші жүлдені (1 млн. теңге) жеңіп алды. «Жайық Пресс» ЖШС филиалы Сырым аудандық «Сырым елі» газетінің тілшісі Бауыржан Ширмединұлы астаналық Ме­йірбек Сұлтанханмен бірге екін­ші орынға (800 мың теңгеден) көтерілді. Астаналықтар Серікзат Дүйсенғазин мен Иранғайып Күзенбаев, атыраулық Жәнібек Садыров үшінші жүлдені (750 мың теңгеден) еншіледі. Үш ақынға 450 мың теңгеден арнайы жүл­де берілсе, қалғандарына 150 мың теңгеден ынталандыру сыйлық­тары тапсырылды.

Жансая алғашқы күні атырау­лық Шалқарбай Ізбасаровпен ай­тыс­са, финалда Мақсат Ақановпен сөз сайыстырды. Ал Бауыржан алдымен Мейірбек Сұлтанханмен, сосын финалда оңтүстікқазақстан­дық Қалижан Білдәшпен сахнаға шықты. Республикалық сайыста біздің өңірден қос бірдей ақын­ның жүлдегер атануы – үлкен жетістік.

Айта кетейік, 1 желтоқсан кү­ні Оралдағы Жастар мәдениет үйінде Қадыр Мырза Әли атын­дағы мәдениет және өнер орта­лығының ұйымдастыруымен «Қа­дыр жолымен» жобасы аясында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына ар­налған «Азаттықтың ақ таңы» ат­ты республикалық ақындар айтысы өтеді. Асанәлі Әшімов баста­ған қазылар алқасы төрелік ететін додаға Серік Қалиев, Әсем Ережеқызы, Мұхтар Ниязов, Ме­йірбек Сұлтанхан сынды таңдаулы жиырма ақын қатарында батыс­қазақ­стандықтар да қатыспақшы.

Ғайса БӘЙМЕН


«Грамматиканың заңдылықтарына корольдер де бағынады»

Күні: , 363 рет оқылды

%d0%b0%d0%bd%d0%be%d0%bc%d0%b0%d1%81%d1%82%d0%b8%d0%ba%d0%b0


Сезінем деп қадірін ана тілдің,

 Қауырсыны қалмады қанатымның …

Мұқағали

 «Грамматиканың заңдылықтарына корольдер де бағынады»

 Жан-Батист Мольер, француз драматургі


Аймақтар  қуантып, астаналықтар алаңдатады…

Әңгіме төркіні тағы да туған тіл хақында. Ұлт көшбасшысының өзі «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін» дегенінің өзіне бірсыпыра жыл өтті. Бірақ осы талапқа мектепті орыс тілінде бітірген бауырларымыздың бәрі бірдей құлақ асты деу қисынсыз. Қайта Қазақстан Республикасында еліміздің Конституциясы бойынша мемлекеттік тіл – қазақ тілі болғандықтан, біздің ана тілімізді үйренуге ықыласты «түрі басқа болғанымен, тілегі бір, жүзі басқа болғанымен, жүрегі бір» отандастарымыздың қатары жыл санап көбейіп келе жатқандығы қуантады. Мәселен, кезінде Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып қызмет атқарған, біраз жылдан бері «Қазармапром» АҚ-ның төрағасы, Жайық жұртына кеңінен танымал өндіріс командирі Станислав Качалоның бірнеше перзенті Орал қаласындағы қазақ мектептерінің бірінде оқитындығы бүгіндері батысқазақстандықтарға таңсық емес. Тіпті осы отбасының бір өрені Богдан Качало осыдан бірер жыл бұрын домбырашылардың республикалық байқауында тең құрбысының алды болып, бас жүлдені иеленгені бар. «Бірақ бұл негізінен аймақтарға ғана тән құбылыс-ау…» деген күдік бар біздің көкейімізде. Өйткені…

Биыл жаз Астанаға бала-шағамызбен тағы бір мәрте қыдырыстап барғанбыз. Шүкір, Елордада тума-туыс та, дос-жаран да баршылық. Біздің келгенімізді бірінен бірі естіп, күн сайын бір үй қонаққа шақырумен болды. Сонда аңғарғанымыз, астаналық балдырғандар мен жасөспірімдер аулада негізінен орыс тілінде сөйлеседі екен. Ақырындап сыр тартып көрсек, араларында қазақ мектебіне баратын қаракөз жеткіншектер де баршылық болып шықты. Бірақ есік алдына шыға қалса болды, орысша шүлдірлейді. Мұны азсынсаңыз, базбір астаналық қазақ ата-аналардың өз отбасы, ошақ қасында ұл-қызымен тек орыс тілінде ғана сөйлесетініне де куә болдық.

Ресми  грамматиканы реттейік

Грамматика – тіл ғылымының сөздердің дұрыс жазылуын, сөз тіркестері мен сөйлем құрылысының сауаттылығын зерттейтін саласы. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, тілші-ғалымдардың арасында «Грамматикаға корольдер де бағынады» деген қағида бар. Бірақ біздің елде «король» деген лауазым болмағасын ба екен, әйтеуір, үшбу талап орындала бермейді. Мысалы, бізде көбіне-көп «Қазақстан Республикасы Президентінің Аппараты» деп жазылады. Осы қарамен берілген сөз тіркестеріндегі алдыңғы үш сөздің бас әріппен жазылуына ешкімнің айтар ешқандай уәжі жоғы кәміл. Яғни Қазақстан Республикасы – мемлекеттің атауы, Президент – біздің елдегі халық тікелей дауыс беру арқылы сайлайтын ең жоғары ресми лауазым. Ал «аппарат» сөзін бас әріппен жазуға қандай грамматикалық негіз бар? Егер «аппарат» орыс тіліндегідей сөз тіркесінің басында келсе, мысалы, «Аппарат Президента Республики Казахстан» деген сөз тіркесінде алғашқы сөздің, яки аппараттың бас әріппен жазылуы әбден орынды. Ал енді қазақ тілінде сөз тіркесінің соңында келетін «аппаратты» бас әріппен жазуымыз, сіз дұрыс түсініңіз, орыс тілінің емес, орыс тілділіктің орынсыз ықпалы. Осыған ұқсас және бір мысал, «Қазақстан халқының Ассамблеясы». Үшбу сөз тіркесіндегі «ассамблея» сөзінің бас әріппен жазылуына ешқандай грамматикалық та, логикалық та негіз жоқ. «Халық» сөзінен кейін тұрып-ақ, бас әріппен жазылатындай ассамблея халықтан үлкен, халықтан киелі ұғым-түсінік емес. Міне, сондықтан да ассамблея салқын ақылға салсаңыз да, грамматикалық заңдылыққа сүйенсеңіз де, халықтан кейін кіші әріппен жазылуы шарт. Яғни «Солдатқа генерел керек емес, өйткені ол генерал болмаса да, бәрібір солдат. Ал солдат болмаса, генерал кімге генерал?..».

Жақында біз ҚР Ұлттық банктің Батыс Қазақстан облыстық филиалы берген жарнаманы жарнама берушінің талап етуі бойынша қайта басуға мәжбүр болдық. Себебі мен газеттің баспаханаға басуға жіберілетін нұсқасын редакторлық оқу кезінде «ҚР Ұлттық Банк» деген сөз тіркесіндегі бас әріппен жазылған «Банк» сөзін түзетіп, кіші әріппен жіберген едім. Ал ҚР Ұлттық банктің Батыс Қазақстан облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы С. Родиннің редакция басшылығына жолдаған наразылық хатында ақысы төленген материалды «банк» сөзін бас әріппен беріп, қайта басуымызды талап еткен.

Өйткені ҚР Ұлттық банктің жарғысында «банк» сөзі бас әріппен жазылған-мыс. Осылайша өркениетті елдерде корольдердің өздері бағынатын грамматикалық заңдылықтарға біздің елде банк филиалдары директорының міндетін атқарушы да бағынбайтын болып шықты.

Қазақ тілді басылымдардың кейде «перспектива» деген сөзді қолданатыны бар. Мысалы, еліміздің ресми бас басылымы болып саналатын «Егемен Қазақстан» газетінің 2014 жылғы бесінші маусым күнгі санында «Жемқорлыққа қарсы күрес ордасы» деген көлемді материалда («ЕҚ», №109. 05. 06. 2016) жаңағы сөз қолданылған. Бұл, әрине, жалғыз-жарым мысал емес. Ресми сипаттағы қазақ газеттері ара-тұра «перспективалы жоспар» немесе «перспективалық жоспар» деген сөз тіркестерін қолданады. Осы сөз тіркесін, мәселен, «Үкіметтің келешек жоспары» деп алсақ болмай ма? Нағыз «келешек» сөзін септеп-жіктегіміз келсе, «Үкіметтің келешекке жоспары» немесе «Үкіметтің келешектік жоспары» десек, немене үйлеспей ме?!

Ойлы  ұсыныс – ортақ  олжа

Өз басым қолданысқа өзге тілден енген сөздердің бас-көз жоқ баламасын іздеуге қарсымын. Сөйте тұра, қарап отыруға және болмайды. Егер сәтті тәржіма табыла қалса, неге жаппай қолданысқа енгізбеске. Төмендегі кейбір сөздердің қазақ тіліндегі нұсқасын мен көптің назарына бұрын да ұсынғанмын. Мәселен, брусчатканың мен ұсынған қазақша нұсқасы – өрнектас бүгіндері Жайық журналистері арасында тұрақты қолданысқа ие. Ендігі кезекте мына ұсыныстарға зер салып көргейсіз:

Автомойка – аутожуар

Бардюр – жиектас

Инфографика – ақпаркесте

Минеральная вода (минералка) – шипасу

Монета – мәнет

Пешеходный переход – жаяуөткел

Пешеходная полоса – жаяужолақ

Прачечный комбинат (прачечный) – кіржуар комбинат (кіржуар)

Правохранительные органы, (орган) – құқық қорғау құрылымдары, (құрылым)

Тротуар – жаяужол

Фейерверк – жұлдызжауын

Химчистка – химтазалау

«Мардан  Төребектің сол  аяғы  жігерлі»

Ана тілімізде спорттық репортаждар жүргізетін комментаторлардың тілдік орашолақтығын мен бұрын да сынағанмын («…Қақпаға соққыны тепкілеу керек!» «Орал өңірі» газеті, №104, 20. 08. 2013). Өкінішке орай, бүгін соның тағы «сәті түсіп» тұр.

Футболдан Қазақстанның биылғы чемпионатының соңғы турында Шымкенттің «Ордабасы» командасы мен Керекудің «Ертісі» кездесті. Осы ойыннан репортажды Жандос деген комментатор жүргізді. Ойын барысында ол «Мардан Төребектің сол аяғы жігерлі екенін ескерсек…» деп «сөз саптады». О заманда, бұ заман, қазақ аяқты жігерлі деп сипаттаушы ма еді?! Бір сөзінде Жандос бауырымыз «Бақтияр Байсейітов бапкер ретінде кейде сәтті ойын өткізіп, кейде сүреңсіз нәтижелерге қол жеткізіп жүр» деп салды. «…Кейде сүреңсіз нәтижелерге қол жеткізіп жүр» деп сөйлеу стилистикалық сауатсыздық. Қазақ тілінде «қол жеткізіп жүр» деген сын есімді тек жақсы нәтижелерге қатысты ғана қолданады. Жандостың аузынан шыққан «Бүгінгі ойын тең аяқталады деп болжап отырмыз, бірақ аяқталмауы да мүмкін» немесе «Доп Гогуадан кетіп отыр» деген сөйлемсымақтарды да «сау сиырдың тезегі» ретінде қабылдау қиын.

Соққы – қолмен, баспен орындалатын іс-әрекет. Бірақ осыны біз қанша айтсақ та, қазақ комментаторлары футболшыларға допты аяқпен «соққызудан» танар емес. Осындай әбден қанға сіңді «классикалық» кемшілік аталмыш комментаторға да тән. Сондай-ақ Жандос «команданың доп ұстау көрсеткіші» деген жаңа «термин» ойлап тапқан екен. Біз аталмыш сөз тіркесінің жібі түзу екі бірдей нұсқасын ұсынбақпыз: а) Команданың допқа иелік ету көрсеткіші, ә) Команданың допты иелену көрсеткіші.

Иә, тізе берсек, тере берсек, қазақ комментаторларында әзірше кемшілік шаш етектен. Бірақ біздің мақсат әсте, «тырнақ астынан кір іздеу емес». Сөйте тұра, ана тілімізде спорт репортаждарын жүргізетін әріптестеріміздің мынадай қадау-қадау кемшіліктерден арылғаны абзал.

Ономастикалық олқылықтар  және орынсыз  көңілшектік

Ономастикалық олқылықтар мен сауатсыздықтар жөнінде «Орал өңірінде» аз жазылып жүрген жоқ. Мысалы, облыстық газеттің биылғы 29 қыркүйек күні жарық көрген санында менің «Ақсайдағы Айымгүлге арзу» деген мақалам жарық көрді. Бұл материалда қазақ елі үшін азаттықтың ақ таңы атқанына ширек ғасыр болса да, Бөрлі ауданының орталығында ұлы мәртебелі тәуелсіздіктің талабына сай келмейтін көше атаулары ырғын екендігі айтылады. Мәселенки, Ақсайда Цвиллинг атындағы көше бар. «Бұл кім болды екен?» деп ғаламтордан қарап көргенмін. Бақсам, Самуил Моисеевич Цвиллинг 14 жасында дәріхана тонап, өзінің туысқаны болып келетін дәріханашыны атып өлтіріп, саналы өмірін қарақшылықпен және кісі өлтірумен бастаған революционерсымақ екен. Егер Ақсай қаласындағы аталмыш көшенің тұрғындарын жинап, жаңағы жантүршігерлік мәліметті оқып берсе, меніңше, олар өздері тұратын көшеге жөнді атау беруге еш қарсы болмайды. Яғни ономастикалық саясатты сауатты жүргізуге көңілге қонымды, ақылға сыйымды жүйелі үгіт-насихат керек-ақ!

Ағымдағы жылдың 18 қарашасында «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан «Ой толғау» атты хабарды көрдім. Осы хабарға қатысқан танымал саясаттанушы Дос Көшім соңғы екі-үш жылда орыс тілді аудиториямен Қазақстанның сегіз облысында 94 кездесу өткізгендігін айта келіп, кейде биліктің ономастикалық саясатта орынсыз көңілшектікке баратындығын тілге тиек етті.

— Мәселен, маған орыс ағайындардың өздері «Абай көшесі» деген жазуға қоса, «улица Абая» деп жазудың қаншалықты қажеті бар? Біз «Абай көшесі» дегенді түсінбейтіндей нақұрыс емеспіз ғой» деп өкпесін айтты деді Дос Көшім. Міне, бұл – билік буындарының орынсыз көңілшектігіне бұлтартпас айғақ. Демек, Орал қаласындағы «Достық даңғылы – проспект Дружбы» деген орынсыз қосарланған көше атауы орыс отандастарымыздың әлгі өкпе-ренішінің «синонимі» болғаны ғой?!

Бауыржан  ҒҰБАЙДУЛЛИН,

«Орал өңірі»


Тәуелсіздік тынысы: табыстар мен міндеттер

Күні: , 42 рет оқылды

%d1%82%d0%b0%d1%83%d0%b5%d0%bb%d1%81%d0%b8%d0%b7-256698-%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d0%b0%d0%ba%d0%b0%d0%bb%d0%b06


Тәуелсіздік. Осы бір ауыз сөзге ата-бабамыздың аңсаған арманы, мұраты мен тілегі, кешегі желтоқсан оқиғасындағы жастардың жалыны мен жігері, отаншылдық асқақ рухы, бүгінгі ұрпақтың қуанышы мен шаттығы, жарқын болашаққа сенімі сыйып тұр десек, қателеспейміз.


Сол құны қымбат Тәуелсіздігімізге биыл ширек ғасыр толғалы отыр. Осыған орай Ұлт Көшбасшысына айналған Елбасымыз жыл басынан бері торқалы тойға әзірлік іс-шараларын жүйелі жүргізіп, тәуелсіздігіміздің қадірін жұртшылыққа сезіндіре түсуді міндеттеді, тәуелсіздік тынысын кеңінен насихаттауды тапсырды. Әрине, орынды.

Ширек ғасырда тұтас ғасырда атқарылар істер атқарылды. Оны ешкім жоққа шығармайды.  Десе де, той алдында әр еңбек ұжымы осы жылдар ішінде атқарылған істерге шолу жасап, саралап, көңіл толтырар табысын да, олқы тұсын да біліп отырса, алдағы даму жолына айқын бағдар болары даусыз.

Сонымен, тәуелсіз байтақ еліміздің бір бөлшегі – Жаңақала ауданы 25 жылда неге қол жеткізді? Табысымыз толымды ма? Тәуелсіздігіміздің тұғырын беркіте түсер игілікті іске құлшынысымыз қай деңгейде? Етектен тартар енжарлығымыз жоқ па? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік.

Ауданның негізгі өндірісі – мал шаруашылығы. Сондықтан алдымен ауданның экономикалық деңгейін мал басымен сипаттап кеткеніміз артық болмас.

Күні бүгін 24317 тұрғыны бар ауданда 48503 сиыр, 191039 қой мен ешкі, 19191 жылқы, 915 түйе бар. Бұл мал әр адамға шаққанда орташа 2 сиыр, 8 қой, 1 жылқыдан келсе, әр отбасына есептегенде орташа 11 сиыр, 42 қой, 4 жылқыдан келеді. Демек, ауданның қазіргі экономикалық әлеуеті жаман емес. Бұл «ортақ өгізден оңаша бұзау» қағидасымен үндескен жекешелендіру саясатының жемісі деуге де болады.

Округтер бойынша айтсақ, Қызылоба, Бірлік ауылдық округтерінің көрсеткіштері өте жоғары да, керісінше, Жаңақала, Жаңажол, Жаңақазан округтерінің көрсеткіштері төмендеу екенін жасыруға болмайды.

Қысқартып айтқанда, ел тәуелсіздігін алғаннан бергі аудандағы мал шаруашылығының дамуы, асыл тұқымды мал үлесін көбейту, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңалау, ауданға инвестиция тарту, мемлекеттік бағдарламалармен жұмыс облыс бойынша алдыңғы деңгейде. Яғни бұл сала табысын толымды деуге толық негіз бар.

Аудан экономикасының келесі бір көрсеткіші құрылыс екені белгілі. Ал осы ширек ғасыр ішінде аудан құрылысы өте қарқынды дамыды. Салынған құрылыстардың келбеті мен сәулеті заманауи сипат алып, көркеюі тұрғындар көңіліне қуаныш ұялатуда. Алдымен осы жылдар ішінде салынған әлеуметтік нысандарды еске сала кетейік.

Білім саласы бойынша 25 жыл ішінде алты мектеп ғимараты жаңадан салынды. Атап айтсақ, 1991 жылы 302 орындық М. Мирманов атындағы орта мектебі, 2006 жылы Мәстексай ауылдық округінде 108 орындық Ә. Жангелдин негізгі мектебі, 2007 жылы аудан орталығында 360 орындық №3 қазақ орта мектебі, 2015 жылы Жаңақазан ауылдық округінде 108 оқушыға есептелген Қ. Нұрымғалиев атындағы орта мектеп, Жаңажол ауылдық округінде 108 орындық Абай атындағы орта мектеп, аудан орталығында 600 орындық мектеп-гимназия ғимараттары  салынып,  пайдалануға  берілді.

Мұндай жаңа ғимараттар денсаулық сақтау саласында да аз емес. Ауданның сегіз елді мекендерінде салынған дәрігерлік пункттер осы жылдар жемісі десек, 2009 жылы облыста бірінші рет ауданаралық сауықтыру-оңалту орталығы ғимараты, 2015 жылы аудан орталығында бір ауысымда 250 адам қабылдайтын, озық технологиямен жабдықталған аудандық орталық аурухана салынып, бүгінгі таңда ел игілігін көруде.

Сол сияқты осы жаңа құрылыстар қатарына аудандық мешіт, оның жанынан салынған діни оқыту орталығын, аудандық прокуратура, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы ғимараты мен бірнеше жеке кәсіпкерлік нысандарды да қосуға болады.

Ал 25 жыл ішінде салынған коммуналдық және жеке тұрғын үй құрылыстарын түгел атап шығу мүмкін емес.

Тек үстіміздегі жылдың өзінде аудан орталығында ауыл шаруашылығы техникаларының қосалқы бөлшектерін сататын жеке дүкен, «Шашбау» сұлулық салоны, автокөліктерге газ құю стансасы, екі азық-түлік дүкені тіркеліп, жұмыс жасап тұрса, таяу күндері жиһаз жасау цехы, шаштараз, басқа да жеке нысандар ашылғалы отыр.

Ауданда ет комбинаты қайта іске қосылып, жаңа иелері 56 млн. теңге несиелік қаржыға ішкі жабдықтарын жаңартып, шұжық цехын ашуға, сүт өнімдерін өндіруге жұмыстануда.

Тек биылдың он айында аудан бойынша 5527 шаршы метр немесе 52 тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның 5410 шаршы метрі (51 үй) аудан орталығынан болса, енді біреуі Қызылоба ауылдық округінде. Үстіміздегі қараша айында Бірлік және Қырқопа ауылдық округінде екі үйдің  құрылысы аяқталып, құжаттары тапсырылса, аудан орталығында 16 коммуналдық тұрғын үйлер де қоныстойларын күтіп тұр. Бұл көрсеткіш жыл соңына дейін көбейе түседі. Демек, құрылыс саласында да тәуелсіздік жылдарындағы табысымыз көңіл толтырады.

Табысы ауыз толтырып айтар тағы бір жұмыс – кәсіпкерлік саласы. Тәуелсіздік алған күндерден бастау алған кәсіпкерлік  нысандар саны қазір  аудан бойынша 1094-ке жетті. Оның 917-сі немесе 90 пайызы қазір белсенді жұмыс істеп тұр. Оның 79-ы – жауапкершілігі  шектеулі серіктестіктер, 460-ы – шаруа қожалықтары, 555-і – кәсіпкерлер.

Тек 2016 жылдың өткен он айында 93 жұмыс орны ашылды. Оның 22-сі сауда саласында, 47-сі шаруа қожалықтарында, 3-еуі көлік, байланыс, 21-і басқа салаларда.

Ауданда несие алу да жақсы жолға қойылды. Соңғы бес жылда (2012-2016 жылдар аралығы) аудан бойынша 690 адам 3195 млн. теңге несие алып, шаруашылықтарын жүргізсе, тек биылғы он ай ішінде ауданда 566  адам 509 млн. теңге несиемен қамтылды. Бұл да Тәуелсіздігіміздің жемісі.

Міне, тәуелсіздік жылдарындағы Жаңақала ауданының толымды істеріне осы көрсеткіштер нақты дәлел  болатындығы  даусыз.

Халық қазір кәсіп ашып, өзінөзі жұмыспен қамтып, шаруасын жүргізуге, мемлекеттік бағдарламаларға белсене араласуға бейімделіп қалды. Елдің ертеңіне сенімі нық, бақытқа бастар жолдың  еңбек  екенін  ұқты.

Әрине, осы толағай табыстар көлеңкесінде әлі де болса енжарлықтан айырыла алмай келе жатқанымыз да жасырын емес. Мысалға, ауданның оңтүстік округтерінде мал басы әлі де аздау. Жаңақазан ауылдық округінде асыл тұқымды мал өсіретін бірде-бір шаруашылықтың болмауы  көңіл  қынжылтады.

Құрылыс саласы бойынша да Жаңақазан, Жаңажол ауылдық округтерінен жекелердің баспана салуы мардымсыз.

Аудан бойынша жұмыссыздар есебінде 84 адам болса, оның 63-і аудан орталығынан, 5-еуі Мәстексайдан, 4-еуі  Жаңажолдан, 3-еуі  Жаңақазаннан. Бұл орын алған көрсеткіштер – етектен тартқан олқы тұстарымыздың айғағы.

Ендігі міндет – аз жылда игілігін ел көріп, дәмі таңдайымызға татыған тәуелсіздігіміздің тұғырын биіктете түсуге жұмыла үлес қосу. Оған олқы тұсымызды түзеп, еңбегімізді еселеп, бірлігімізді  бекемдеп, табысымызды тасыта түсу арқылы  жетуіміз керек.

Өмірзақ  АҚБАСОВ,

Жаңақала  ауданы


Сырым ауданында су қоймалары жөнделуде

Күні: , 48 рет оқылды

pri_2174


Сенбі күні облыс әкімі Алтай Көлгінов жұмыс сапарымен Сырым ауданында болды. Өңір басшысы ағымдағы жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылған бірқатар игі істің орындалу барысына өз бағасын берді.


Облыс әкімі алдымен Сырым ауданына қарасты Шолақаңқаты ауылдық округіндегі Аңқаты өзені су қоймасының су өткізгіш жүйесі құрылысының жөнделу барысымен танысты. Шолақаңқаты ауылдық округі Тоғанас ауылы маңында орналасқан су қоймасы 1968 жылы пайдалануға берілген. Бірнеше жыл техникалық күтім көрмеген су қоймасы соңғы жылдары толықтай істен шыққан. Ағымдағы жылы бөгетті жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып, бөгетті қалпына келтіруге қажет қаржы 103,3 миллион теңгені құраған. Биылғы жылға жоспарланған жөндеу жұмыстарына 5,6 миллион теңге бөлінген. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда су қоймасына 6,5 миллион текше метр су жиналып, ауыл іргесіндегі шабындықтар мен жайылымдар көл суына қарық болмақ. Бөлінген қаражатқа орай мердігер компания бөгет құрылысын жөндеу жұмысын келер жылы жалғастырады.

Бөгет құрылысын жүргізіп жатқан мердігер компанияның жетекшісі өңір басшысына жөндеу жұмыстарының барысы туралы толық мағлұмат берді.

— Біздің мекеме бұдан бұрын да облыс аумағында орналасқан бірнеше су өткізгіш бөгеттер құрылысымен, оларды жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарымен көп жылдан бері айналысып келеді. Соңғы жылдары Жаңақала ауданы аумағындағы бөгеттерді жөндеу, Теректі ауданы орталығына ауыз су өткізу жұмыстарын ойдағыдай аяқтадық. Бүгінгі таңда Сырым ауданы аумағындағы бөгетті қалпына келтірумен айналысудамыз. Бұл бөгет толыққанды жұмыс жасай бастаса, шабындық пен жайылымдықтарға су шығатын болады, — дейді «ПМК-17» ЖШС директоры Ольга Попова.

pri_2253Бұдан соң өңір басшысы ауданның Қособа, Бұлан және Жымпиты ауылдық округтері аумағында орналасқан Өлеңті көлдетіп суару жүйесінің құрылыс учаскесіне барды. Бұл аймақтағы су өткізгіш бөгет 1935 жылы салынған. Бөгеттің жобалық-сметалық құжаттамасының құны – 108,7 миллион теңге. Жөндеу жұмыстарын Александр Қарағойшин басшылық ететін «Жиенбай» ЖШС атқаруда. Ағымдағы жылы бюджеттен бөлінген 18 миллион теңге қаражат толығымен игерілген. Жоспарға сәйкес жөндеу жұмысы келер жылы жалғасын таппақ.

– Өңіріміздегі ирригациялық құрылымдарды қалпына келтіру бойынша мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы бар. Елбасының тапсырмасына сәйкес, облыс көлеміндегі барлық ирригациялық құрылымдарды есепке алып, жобалық сметалық құжаттарын дайындап, ішінара жөндеу жұмыстарын бастап кеттік. Мысалға, салынғанына 50 жылдай уақыт болған Шолақаңқаты су өткізгіш қондырғысы соңғы жылдары жөндеу көрмей, істен шыққан болатын. Күні бүгін жөндеу жұмыстарына қажетті қаражаттың бір бөлігін аудардық. Су тоқтатқыш қақпалар жаңартылып, бөгет қалпына келтірілсе, көктем мезгілінде судың мол қоры жи-налмақ. Соның нәтижесінде мың гектар шабындық жерге су шығарылады. Жоспарымыз іске асқан жағдайда мал өсіретін шаруа қожалықтарына арзан әрі сапалы мал азығын жинауға қол жететін болады. Сонымен қатар өңірдің кәсіпкерлері бұл жерлерге мал бордақылау алаңы мен құс фермасын салуға, балық шаруашылығын қалпына келтіруге ниет білдіріп отыр. Облыс аумағында орналасқан барлық осындай ирригациялық құрылымдарды қалпына келтіруге қаражат бөлініп, құжаттамалары дайындалуда. Болашақта Жаңақала, Қаратөбе, Жәнібек, Сырым аудандарындағы су өткізгіш қақпалар жөнделетін болады. Осы жұмыстарды толығымен қолға алсақ, өңірімізде бірнеше мыңдаған гектар суармалы жер пайда болмақ. Яғни ауылдық жерде қоныстанған, мал шаруашылығымен айналысатын шаруаларға қолда бар барлық мүмкіндікті жасауға ниеттіміз, — деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Қособа ауылына қарасты «Мүтір» шаруа қожалығының жетекшісі Жеңіс Шәкешовтің айтуынша да, бұл бөгеттің қалпына келтірілуі – шаруа күйттеген жандар үшін таптырмас мүмкіндік. Көктемгі ағын суды бөгеп, шабындық пен жайылым суға толса, бұл маңға табиғи шөп те бітік шығады екен. Қожалық жетекшісінің айтуынша, аудан орталығына жақын ауыл шабындықтарына мал азығы мол шықса, шөптің құны да арзандамақ.

pri_2342pri_2339Қособа ауылындағы жалпы орта білім беретін мектеп те биыл күрделі жөндеуден өткен. 1983 жылы пайдалануға берілген білім ошағының жалпы аумағы 2573,8 шаршы метрді құрайды. Ғимараты жаңарып, жасанған мектепте күні бүгін 125 оқушы білім алуда.

Жөндеуден өткен мектепті аралаған облыс әкімі білім ордасының ұстаздар қауымымен, ауыл тұрғындарымен жүздесті. Кездесу барысында Шарифуллин Төлеу есімді ауыл ақсақалы ел игілігіне жасалып жатқан ауқымды істер үшін ауылдастар атынан өңір басшысына алғысын айтып, ақ батасын берді.

— Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында атқарылған игі істердің барлығы Елбасының салиқалы саясатының арқасында жүзеге асуда. Басты мақсатымыз – ауыл тұрмысына қолайлы, жайлы жағдай туғызу, әр түрлі құрылыс нысандарын салу, ғимараттарды сапалы жөндеу. Өңірімізде қолға алынған бастамалар келер жылы өз жалғасын табатын болады, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

— Осыдан бір-екі жыл турасында ауылымызға көгілдір отын тартылып, халық от жағу, күл шығару азабынан құтылды. Тұрғындар таза ауыз сумен де қамтылды. Биыл көп жылдан бері жөндеу көрмеген білім ордамыз жөндеуден өтіп, ауылға ұялы байланыс жүйесі орнатылды. Ауыл маңындағы бөгет те жөнделуде. Осындай ауқымды жұмыстардың атқарылғанына ауылдастар атынан алғысымды айтамын, — дейді Төлеу ақсақал.

Баспасөз өкілдеріне берген сұхбаты барысында қария қособалық ағайынның ендігі арманы аудан орталығымен байланыстыратын 25 шақырым жол жөнделіп, ауылға мәдениет үйі салынса деген бұйымтайын да жасырмады.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

Сырым ауданы


Жанғали ақынның жаңа жинағы

Күні: , 50 рет оқылды

img_3161


Өткен жұмада Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында ақиық ақын Жанғали Набиуллиннің 80 жылдық мерейтойына орай «Жыр мұхитының жиһангері» тақырыбында еске алу кеші өтті.


Шараға қатысқан қаламгердің зайыбы Ағиба Ғинаятқызы отағасының өте қарапайым жан болғанын, өмірінің соңғы кезеңінде ауыр дерт азабынан қатты қиналғанын әңгімеледі. «Замандастарының көбі Жанғалидың шен-шекпенге қарамай, қара қылды қақ жарып айтатын мінезі болғанын айтады. Ал отбасында ешкімге аса қатты зекіп, дауыс көтергенін көргенім жоқ. Өмірге сондай құштар еді. Дерті күшейген уақытта өлеңдерін маған жазғызды», – деді ақынның жары. Кездесуде Қазақстан Жазушылары одағының мүшесі Айтқали Нәріков Кеңес одағы кезінде қазақ мектептері жабылып, барлық өңірде орыстандыру саясаты белсенді жүргізіле бастағанда, поэзия әлемінің есігін айқара ашқан Жанғали Набиуллиннің ерлікке пара-пар қадамын сүйсіне әңгімеледі. Оның айтуынша, шығармашылық өсу жолында шайырға сөз зергері Қадыр Мырзалиев демеу беріп, жанына жақын тартқан, Алматы шаһарына барғанда әдеби ортаға емін-еркін енуіне себепші болған. Сертіне адал болған, қайсар ақынның өзіндік өлең өрнегіне белгілі ақын-жазушылар, соның ішінде, Мұқағали Мақатаев, Әбділда Тәжібаев, Ғафу Қайырбеков оң бағасын берген.

Еске алу кешінде Ж. Досмұхамедов атындағы педколледждің студенттері, Орал қаласындағы №1 және №40 мектептің 9-сынып оқушылары ақынның өлеңдерін жатқа оқыды.

Ж. Набиуллиннің шығармашылығы туралы «Жайықтың жыр жампозы» зерттеу еңбегін жарыққа шығарған педагог-ғалым Талап Таймасұлы Ақ Жайықтың талантты перзентінің қалам қуатын белгілі ақын-жазушылар мен әдебиет зерттеушілері жоғары бағалайтынын атап өтті. Шараны ұйымдастырған кітапханашы Бибігүл Жұмағазиева  тақырыпқа сәйкес көрмеге қойылған әдебиеттермен және басылым бетінде жарияланған деректермен таныстырды. Айта кетерлігі, кітапхана қорына Ағиба Ғинаятқызының құрастыруымен биыл жарық көрген ақынның «Таңдамалы шығармалар жинағы» енгені жөнінде қуанышты хабар айтылды.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»


«Ащысайдағы ауыз су мәселесіне Үкімет қолдауы қажет»

Күні: , 44 рет оқылды

20161119_104227


Қарашаның  18-інде  «Нұр Отан»  партиясы  облыстық филиалының  ғимаратында  «Тәуелсіз  Қазақстан»  пойызы штабының  мүшелері  тұрғындарды  қабылдады.


Қоғамдық қабылдауға келгендердің дені тұрғын үй мәселесімен жолықты. Мәселен, Биғайша Ғаббасова 2004 жылдан бері толық емес отбасы санатында Орал қаласында баспана кезегінде тұрғанын айтты.  Былтыр жеке басына тиесілі жатақханадағы 11 шаршы метрді құрайтын бөлмесін банктегі несиесін өтеу үшін сатып жіберген.

Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі оның шағын баспанасы болғанынан дерекқор арқылы хабардар болып, комиссия шешімімен үй кезегінен шығарып тастаған. «12 жылдан бері кезегімді күткен едім. Жатақхана бөлмесін есепке алатындарын әуелден айтып, маған алдын ала ескертпеді. Қазіргі еңбекақым тіпті мардымсыз. Енді пәтерді жалға алдым. Сот құрылымына  шағым түсіруге мүмкіндігім жоқ. Оған қаражат керек. Бірге тұратын қызымның баласы бар. Оның бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бар болғанымен, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік  бағдарламалар бөлімінде екі жылдан бері жұмыссыз ретінде есепке алынған», – деді ол. «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы штабының басшысы Әміржан Әлпейісов оған сот құрылымына жолығу тиімді екенін айтып, Орал қаласы әкімінің орынбасары Марс Сатыбалдиевке қызына бос жұмыс орнын қарастыруды ұсынды. Ал Орал қаласының тұрғыны Аягөз Дәуітова кезінде әкімдік ұсынысымен 2007 жылы көп пәтерлі үйдің бір бөлмесін жекешелендіріп алғанын, қазір қолындағы ұлы мен қызы отбасылы болғанын, бәрі бірге тұрып жатқанын баяндады. Бөлме ылғалдылығы санитарлық талапқа сәйкес емес екені құжатпен куәландырылған. Бірақ арнайы комиссия жеке баспанасы барын айтып, тіркеуге алынған үй кезегін қарастыруды кейінге ысырып отырған көрінеді.

Қоғамдық қабылдауға келген Жұрғали Байғұтиев 1958 жылдан бастап Семей полигоны аймағында төрт жыл әскери қызмет атқарғанын, 2000 жылы ҰОС мүгедегіне теңестірілгені жөнінде құжат алғанын баяндай келіп, бірақ зейнетақысы коммуналдық шығындарды жабуға және дәрі-дәрмек сатып алуға ғана жұмсалатыны, денсаулығы нашарлап, күнкөріс қиындай түскені жөнінде шағымданды. Тұрғындар сауалына «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы штабының өкілдері Әміржан Әлпейісов, Руслан Барбасов, ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» ММ-ның басшысы Дәурен Базаров жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесе отырып жауап іздеп, мәселелерді шешу заң талаптары аясында жүзеге асатынын ескертумен болды.

– Штаб құрамында жеті министрлік және үш ұлттық компанияның өкілдері бар. Екі күн бойы әр сала бойынша жұмыс тобына 300-ге тарта батысқазақстандық жолығып үлгерді. Бүгін «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының ғимаратында да қоғамдық қабылдау ұйымдастырдық. Бізге жолыққан 16 тұрғынның сегізінің мәселесі кездесу барысында шешімін тапты. Екі мәселе Алматы қаласындағы жұмыс органына жолданады. Қалған түйткілдер жергілікті деңгейде шешіледі. Орал қаласында тұрса да, көпке ортақ мәселені көтерген Зұлқарнай Нұрғазиевтің азаматтық белсенділігіне ризамыз. Зейнеткер Шыңғырлау ауданы, Ащысай ауылын ауыз сумен қамту өте өзекті екендігін, соның салдарынан ауылдан көшіп жатқандардың саны артқанын жеткізді. Бұл мәселені шешуге жергілікті бюджеттен қаржы тарту қарастырылмаған. Енді Үкімет тарапынан зор қолдау керек.  Жалпы, барлық өтініштің хаттамаға түсіп, тиісті органдарға жеткізілуін мұқият қадағалайтын боламыз. Сондай-ақ қордаланған мәселелер бірқатар заңнаманы әлі де жетілдіру қажеттігін көрсетті. Бүгінгі шарада штаб мүшелеріне көмектесіп, біраз тұрғынға құқықтық кеңес берген  Орал қаласының прокуроры Айдын Рашидовке алғысымды айтамын, – деді «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы штабының басшысы Әміржан Әлпейісов.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал   өңірі»


Ұлт мұратының ұйытқысы

Күні: , 38 рет оқылды

%d0%ba%d0%be%d0%bf%d0%b8%d1%8f-%d0%b8%d0%b7%d0%be%d0%b1%d1%80%d0%b0%d0%b6%d0%b5%d0%bd%d0%b8%d0%b5-033


Сенбі  күні  Достық үйінде  «Мәңгілік  ел – болашағы біртұтас  ұлттың  рухани  негізі»  тақырыбында дөңгелек үстел  өтті. Жиынға «Тәуелсіз  Қазақстан»  пойызымен келген  ғалымдар,  Қазақстан  халқы  ассамблеясының өкілдері, сондай-ақ  облыстық  басқарма,  этномәдени бірлестік,  саяси  партия, ҮЕҰ басшылары,  ЖОО оқытушылары  қатысты.


Жиынды ашқан облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Александр Әжіғалиев мәңгілік елдің негізінде еліміздің тәуелсіздігі жатқанын айтып өтті. Ал тәуелсіздікті нығайтатын дүние – еліміздің бірлігі.

Жиын барысында сөз алған Астана қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор Қазбек Қазкенов «Мәңгілік ел» идеясына діни-философиялық тұрғыдан талдау жасады.

– Егемендігіміздің 25 жылдығына орай «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы жолға шығып, республикамыздың өңірлерін аралауда. Пойыз мүшелері жеке қабылдаулар жүргізіп, түрлі сала бойынша кеңес беруде. Біздің сапарымыз Ақ Жайық өңірінде жалғасуда. Оралдықтардың қонақжайлығына шын жүректен ризамыз. Қазақстан түріктер қоғамы ұлтқа, тілге байланысты көп іс-шара атқаруда. Соның бірі — «Бір ел, бір ту, бір тіл» деген жоба аясында өтуде. Негі-зінен біз бұл бағыттағы қызметімізге әлемдік тәжірибелерді қолданамыз. Бес  жыл бұрын Елбасымызбен бейресми жағдайда кездесіп қалдым. Ол кісі біздің осынау жұмыстарымызды жоғары бағалап, оны одан әрі қарай жалғастыру қажеттілігі жөнінде айтқанын мен тапсырма ретінде қабылдадым. Осыдан екі жыл бұрын түріктердің Қазақстанға депортацияланғанына 70 жыл толуына орай өткізген іс-шарамызды «Атажұртқа оралудың 70 жылдығы» деп атадық. Жалпы, бір ғұламаның айтуынша, өзі өмір сүріп жатқан мемлекеттің тілін үш түрлі адам білмейді екен. Олар қонақ, басқыншы және ақымақ. Бұл үш санаттың қатарына жатқысы келмейтіндер мемлекеттік тілді білуі керек деп ойлаймын. Американ саясаттанушысы Сэмюэль Хантингтонның әлем елдері мәдениеттерінің күйреуі туралы “Өркениеттер қақтығысы”  тұжырымдамасының бар екені белгілі. Ал Қазақстанда бір шаңырақтың астында көптеген ұлттың мәдениеті, тілі, дәстүрлі діні тоғысып, дамуда. Сөйтіп, Елбасымыз өзінің көрегенді саясаты арқылы С. Хантингтонның ой-пікірінің дұрыс емес екендігін дәлелдеді, – деді өз сөзінде Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, «Ахысқа» Қазақстан түріктер қоғамының төрағасы Әскер Пириев.

Шарада сондай-ақ аталмыш пойыз мүшесі, өңіріміздегі кәріс этномәдени бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Максим Пак, жергілікті ғалымдар «Мәңгілік ел» идеясы мен тәуелсіздік жылдары қол жеткізген табыстар туралы өз ойларын білдірді.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ


Ақ Жайық Ақмаржанын еске алды

Күні: , 79 рет оқылды

img_7134


Таяуда Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжде Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын, ұстаз Ақмаржан Таубаеваны еске алу кеші өтті. Он төрт жыл «Жайық ұстазы» газетінің бас редакторы болып қызмет атқарған Ақмаржан Бақытқызы көзі тірі болса, сол күні зейнеткерлік жасын атап өтер ме еді? Шараға ұстаздың әріптестері, ақын-жазушылар, колледждің ұжымы мен отбасы мүшелері қатысты.


Студенттер ақынның өлеңдерін оқып, оның өлеңіне жазылған әндерді шырқады. Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрайымы, ақын Ақұштап Бақтыгереева өз естелігін ортаға салды. Көрермендер алдында айтыскер ақындар Талғат Мықи мен Орынбек Меңдіқұлов сөз қағыстырып, ұстаз жайында ұтымды сөз, жарасымды ой өрбітіп, көңілді бір серпілтті. Кейін білім ордасында Ақмаржан Таубаева атындағы арнайы дәрісхана ашылатыны хабарланып, ақын Ақұштап Бақтыгереева мен колледж директоры Шалқыма Құрманалина қиған лента кесінділерін  Ақмаржан Таубаеваның ұлы Әнасылға тарту  етті.

– Ақынның соңында мол мұра қалды. Оның өлеңдеріне әндер жазылды. Публицистикалық еңбектері де жетерлік. Ақмаржан марқұмның әлі жарыққа шықпаған туындыларының басын құрап, рухани мұрасын жинақтауды қолға алмақпыз. Сонда Ақмаржан Таубаева атындағы дәрісхананың көрнекі құралдарын молайтып, мазмұнын арттыра түсеріміз анық. Бұл кабинеттің белгілі ақын Ақұштап Бақтыгерева атындағы дәрісханамен қатар орналасқаны да заңдылық секілді. Расында, Ақмаржан Бақытқызы Ақұштап апасын ерекше сыйлап өтті. Жаңа дәрісхана колледж студенттеріне ғана арналмаған, алдағы уақытта өнер адамдары бас қосатын шығармашылық ортаға айналады деп сенемін.

Ақмаржан Таубаеваның педагогикалық колледждің түлегі болғаны, кейін осы білім ордасында еңбек еткені көпшілікке мәлім, – деді Шалқыма Құрманалина.

*  *  *

img_7080

Сол күні ақынның рухына арналған игі шаралар «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-ның облыстық филиалының ғимаратында жалғасты. Педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында да  Ақмаржан Таубаева атындағы арнайы дәрісхана ашылды. Еске алу кешінде институт директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты София Ізмұхамбетова, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың қазақ филологиясы кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Ақзия Ниязғалиева, ақынның інісі Қайыржан Бақытұлы естеліктерімен бөлісті. Шарада А. Таубаеваың «Ауылға хат», «Алтын жеңешем», «Өзіңе ғашықпын, өлең», «Менің байлығым» атты өлеңдері оқылды. Ақынның өмірбаяны мен шығармашылығы туралы шағын бейнебаян көрсетілді.

Дәрісханада Ақмаржанның институтта қызмет еткен жылдарынан сыр шертетін фотосуреттер, «Жайық ұстазы» газетінің ең алғашқы нөмірі және әр жылғы басылымдары, қолжазбалары,  күнделігі, зерттеу еңбектері және кітаптары орналасқан. Еске алу кешінде Қайыржан Бақытұлы белгілі ақын Фариза Оңғарсынова Ақ Жайық өңірінде болған кезде Ақмаржанға тарту еткен орамалын дәрісханаға сыйға тартты.

Өз  тілшіміз


«Партия дабыра-ұрандатуға емес, нақты істермен айналысуға мән береді»

Күні: , 371 рет оқылды

pri_1850


Өткен  жұма күні облыстық мәслихатта «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалының есеп беру-сайлау конференциясының отырысы өтті. Облыс әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Алтай Көлгінов, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев, партияның аудандық филиалдарының  төрағалары мен бірінші орынбасарлары, барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттары қатысқан жиын барысында үш мәселе қаралды.


Бірінші мәселе бойынша, яғни партияның облыстық филиалы саяси кеңесінің 2015-2016 жылдары атқарған жұмыстары жөнінде Алтай Көлгінов баяндама жасады. Оның айтуынша, бүгінгі таңда өңірімізде 271 бастауыш партия ұйымы бар. Онда  33336 мүше есепте тұр. Жалпы жыл басынан бері партия филиалының мүшелері 7297 адаммен толықты. Бастауыш партия ұйымдарында еліміздің белсенді азаматтары табысты еңбек етуде. Олар тұрғындармен тікелей байланыс жасап, Елбасы саясатын жан-жақты түсіндіріп, өзекті мәселелерді шешу бағытында атқарушы билік тарапынан қолға алынған іс-шараларды көпшілікке жеткізіп жүр. Соңғы екі жыл ішінде бастауыш партия ұйымдарындағы практикалық жұмыстар жандандырылды. Есеп беру-сайлау жиындарында 271 бастауыш партия ұйымы төрағасының 40-ы ауысты. Жалпы облыстық филиал тарапынан аумақтық бөлімшелерге ұйымдастыру және әдістемелік көмектер жүйелі түрде көрсетіліп келеді, бөлімше қызметкерлері мен бастауыш партия ұйымы басшылары үшін оқыту семинарлары ұйымдастырылады.

— Облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының сәуір айында алғашқы отырысында жеті бағыт бойынша жұмыс мақсаттары айқындалды. Комиссия отырыстарынан кейін ұсыныстар қабылданып, олар партияның орталық аппараты арқылы партиялық тәлімгерлерге, яғни Парламент Мәжілісінің депутаттарына жолданып келеді. Сайлауалды бағдарламаның мақсатты индикаторлары мен нәтиже көрсеткіштерінің орындалуы фракция отырыстарында, саяси кеңес бюросында тыңдалады. Айталық, «Білім» бағыты бойынша балаларды мектепке дейінгі ұйыммен қамту 81,6%дық меже көзделсе, бүгінде ол 99,7%-ға орындалып отыр. Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі балалардың 85%-ы білім алумен қамтамасыз етілген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5%-ға артық. «Денсаулық» бағыты бойынша облыс халқының орташа өмір сүру ұзақтығы 71,7 жасты құрайды, бұл көрсеткішті 2020 жылға дейін 73 жасқа жеткізу қажет. «Жұмыспен қамту және халықтың әлсіз топтарын әлеуметтік қолдау» бағыты бойынша әлеуметтік көмек көрсету көздеген межеге жетті. Азаматтарды тұрғын үймен қамту жоспарға сәйкес уақтылы орындалуда. «Мемлекеттік қызмет көрсету» бағыты бойынша барлық қызмет көрсетудің ішінде электронды түрде мемлекеттік қызмет көрсету 65%-ды құрады. «Кәсіпкерлікті қолдау» бағытында «Бизнестің жол картасы – 2020» бірыңғай бағдарламасының жүзеге асыру мақсатында инфрақұрылым және несиелер сомасы 70 млрд. теңгеге жетіп, 599 жоба мақұлданды. 22,4 мың жұмыс орны сақталып, қосымша 4,2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды.

pri_1790Сайлауалды бағдарламаның орындалуы біздің өткен сайлауда халық алдында берген уәдеміздің орындалуы деп білеміз. Партияның даму жоспарында жаңа идеологиялық тәсілдерінің негізі – адамға күнделікті қамқорлық көрсету, әр азаматтың өзін қоғамның ажырамас бөлігі ретінде сезіндіру. Осыған орай облыстық және аудандық филиалдар ардагерлер, егде адамдар, мүгедектер, жастар, ана мен баланың мәселелерін шешуге бағытталған тоғыз ірі партиялық жобаны жүзеге асыруда. Мысалы, былтыр «Кедергісіз келешек» арнайы партиялық жобаның шеңберінде 300-ден астам мүмкіндігі шектеулі жан жұмысқа орналастырылса, биылғы жыл қорытындысы бойынша бұл көрсеткішті 435-ке жеткіземіз. Ағымдағы жылы партиялық жобалар аясында мақсатты топтардың қамтылуы 301800 адамды құрайды, бұл облыс тұрғындарының 47%-ы болып табылады.

Елбасымыз «Жас Отан» жастар қанаты – елді жаңғырту үдерісіндегі қазақстандық жастардың басты саяси үйлестірушісі» деген болатын.

Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен құрылған жастар ұйымы бірқатар ірі жобаларды іске асырып келеді. «Жастар кадрлық резерві» жобасы аясында Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың студенті Әлихан Баймұхамбетов 78 үміткердің ішінен жоба қатысушысы атанып, Астанадан апталық модульден өтіп, деректер базасына есепке тұрды.

%d1%81%d0%bb%d0%b0%d0%b9%d0%b4Жалпы бізге еліміздің, партиямыздың болашағы туралы ойлау керек. Жастар есебінен кадрларды даярлау – әрбір  ұйым, соның ішінде саяси партия үшін маңызды міндет. Сол себепті біз де жастарды «Нұр Отан» партиясына тартуға қызықтыратын түрлі формалар іздестірудеміз. Ертең кәсіби және мансаптық өсуіне көмектесу үшін олардың оқуына мүмкіндіктер қарастыруымыз қажет. Бұл бағытта партиядан мемлекеттік лауазымды қызметке ротациялау іс-шараларын жүзеге асырудамыз. Мәселен, жақында партияның Орал қалалық филиалының бірінші орынбасары Дархан Қадырәлиев облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары болып  тағайындалды. Ол өзінің жұмысын «Жастар конгресінде» жүрген кезде-ақ көрсеткен болатын.

Марс Сатыбалдиев жастар ұйымдарын нәтижелі жұмыс істеп, Орал қалалық мәслихатының хатшысы қызметіне бекітілді, қазір қала әкімінің орынбасары болып жүр. Бүгінгі таңда облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымындағы Бақытжан Нарымбетовті де партиялық қызметтен шақыртып алдық. Ал таяуда облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысы лауазымына конкурстық негізде тағайындалған Аян Сақошев «Жас Отан» жастар қанаты орталық аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарған еді. Мұндай мысал аз емес. Жалпы партиялық мектептің маңызы зор. Егер «Жас Отанның» қатарында жүрген жастар белсенділігімен көзге түссе, олардың қызметтік баспалдақпен өсуіне, болашақтарының жарқын болуына толық мүмкіндік бар, — деді Алтай Сейдірұлы.

Партияның облыстық филиалындағы бақылау-тексеру комиссиясының 2015-2016 жылдары атқарған жұмыстарының есебін тыңдау жиынның күн тәртібіндегі екінші мәселе болды. Бұл туралы аталмыш комиссияның төрағасы Самат Оспанов сөз сөйледі.

Жиындағы үшінші мәселе – ұйымдастыру мәселелеріне арналды. Онда партияның облыстық филиалындағы саяси кеңес құрамына енгізілген өзгерістер баяндалды және бақылау-тексеру комиссиясының төрағасы Самат Оспановтың өтінішіне байланысты атқарып жүрген міндетінен босатып, оның орнына Төлеген Мерғалиевтың кандидатурасы ұсынылып, ол бірауыздан қолдау тапты.

Конференцияны қорытындылап сөйлеген «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев партия тарапынан қолға алынып жатқан іс-шараларға тоқталды. Соның бірі – Парламент  депутаттарымен қабылданған заңдарды қадағалау. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға байланысты 59 жаңа заң қабылданған. Сол заңдар өмірге қаншалықты енді, олардың игілігін халық көріп жатыр ма? Міне, осындай қадағалау жұмыстары партияға тапсырылған екен. Өкінішке орай, бұл бағытта партия қызметкерлерінің белсенділігі төмен. «Сөздің шыны керек, кейбір біздің партия мүшелерінен «Партия деген не, ол немен айналысады?» деп сұраса, әріптестеріміз жауап бере алмай қалып жатады, — деді Қаныбек Бекболатұлы. — Себебі олардың баратын жері түрлі жиын-шара, ұстайтыны жалауша, басына киетіні бейсболка. Сөйтіп, шабады да жүреді. Не болып, не қойылып жатқанын өздері де жөнді білмейді. Міне, осындай дабыраұрандатуды азайтып, есесіне халыққа қажетті нақты істермен айналысу үшін біз партиялық жобаларды қолға алдық. Басында 12 жоба дайындалды, қазір оның тоғызы қалды, енді сегіз жоба болмақшы. Яғни олар негізінен идеологиялық, әлеуметтік, экономикалық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы, жастарды қолдауға бағытталған. Осы жобалар арқылы біз қоғамдағы барлық топты қамтимыз. Және ең бастысы, «Партия немен айналысады?» деген сұраққа ауыз толтырып жауап береміз. Енді «Ұлы дала елі» жобасына «Ұлы дала қазынасы» тұжырымдамасы қосылмақ. Қазақстан – аспан астындағы мұражайлы  ел. Сондықтан мәдени мұраларымызды, құндылықтарымызды сақтау ісіне партия да атсалысатын болады. Елбасы тапсырмасына сәйкес биыл біз алғаш рет оқумен, жұмыспен қамтылмаған жастарды есепке алып, оларды оқуға, жұмысқа орналастыру бағытында көп қызмет істедік. Партияның орталық аппараты тиісті министрлік, комитет, өзге де құзырлы құрылымдардан биылғы және одан бұрынғы жылдары ҰБТ-ға мүлдем қатыспаған, ал қатысқандардың ішінде шекті деңгейден төмен балл жинаған мектеп түлектерінің саны, олардың қайда жүргені, тағдыры туралы мәлімет сұрағанда, жөнді ақпарат ала алмады. Осы олқылықтың орнын толтыруды партия қолға алды. Мысалы үшін айтсам, биыл мұндай жандардың қатары 51397 жасты құрады. Солардың көбі оқуға, жұмысқа және қайта даярлау курстарына жіберілді. Енді 3022 жас қалды. Партия төрағасының бірінші орынбасарының тапсырмасына сәйкес, міне, осы қалған жастарды желтоқсанның ортасына дейін оқуға не жұмысқа орналастыруымыз керек. Батыс Қазақстан облысы бойынша қазір төрт адам қалып тұр. Мен өзім партияның Ақ Жайық өңірі бойынша тәлімгері болғандықтан, бәріміз бірігіп, осы жастарымыздың мәселесін шешуіміз қажет. Сонымен қатар алты жан ауруханада жатыр. Емделіп шыққасын оларды да орналастыруды назардын тыс қалдырмайық. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыс белсенді түрде жүргізілетін болады».

pri_1965Жиын соңында «Үздік бастауыш партия ұйымы» аталымдарының және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбындағы карикатуралар сайыстарының жеңімпаздары марапатталды.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал өңірі»

Суреттерді түсірген А. НҰРАШ

Әйгерім ЗАЙДУЛЛИНА,

Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы:

— «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбындағы карикатуралар сайысына қатысып, жеңімпаз атанғаныма қуаныштымын. Байқауға ұсынған суретімде екі елді бейнеледім. Бірі – бай ел. Бұл – сыбайлас жемқорлық болмаса, мемлекетіміздің гүлденетінінің көрсеткіші. Ал жең ұшынан жалғасқан жемқорлық тоқтамаса, республикамыздың экономикасы әлсірейді деген ойымды білдіру үшін екіншісі – кедей елдің суретін салдым. Жалпы, бұл сурет арқылы мен де еліміздегі жемқорлыққа қарсы бағытталған күреске өз үлесімді қосқым келді.

Абзал АХМЕТОВ, С. Меңдешев бастауыш партия ұйымының төрағасы (Жаңақала ауданы):

— Біздің облыста «Үздік партия ұйымы» атануымыз ұйымымыздағы 105 мүшеміздің атқарған еңбектерінің жемісі деп білеміз. Республикалық деңгейде облысымыздың намысын қорғау – біз  үшін үлкен жауапкершілік. Партияның сайлауалды бағдарламаларын орындау ісінде алдағы уақытта да белсенді түрде қызмет ететін боламыз.


Егор КАППЕЛЬ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Жастар бәсекеге қабілетті болуы үшін, алдымен, мемлекеттік тілді білуі керек»

Күні: , 44 рет оқылды

%d0%ba%d0%be%d0%bf%d0%b8%d1%8f-%d0%b8%d0%b7%d0%be%d0%b1%d1%80%d0%b0%d0%b6%d0%b5%d0%bd%d0%b8%d0%b5-497


Кеше Қазақстан халқы ассамблеясының бастамасымен Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай еліміздің барлық өңірінде ұйымдастырылып жатқан «Менің елім – Мәңгілік ел» атты жалпы республикалық жастар акциясы Орал қаласында өтті. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының ғимаратында ұйымдастырылған салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев сөз алып, ауқымды акцияның ел идеологиясын дамытуда маңызы зор екенін, мемлекетті көркейтетін жастардың болашағына сенетінін айтты. Кейін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Егор Каппель ізгі лебізін мемлекеттік тілде бастап, жастарға «ақ жол»  тіледі.


– Мәжіліс депутаттары «Жастар саясаты туралы» жаңа заң жобасын талқылауда. Құжатта жастарды елжандылыққа баулуға негіз болатын басты критерийлерді енгізу қарастырылуда. Жастар Отанын шын жүрегімен беріле сүюі тиіс. Бәріміз бір болуға ұмтылып, татулық пен тұрақтылықты нығайта түскеніміз абзал. Бүгінгі таңда жастар бәсекеге қабілетті болуы үшін, алдымен, мемлекеттік тілді білуі керек. Еліміздегі жастардың 73 пайызы қазақ тілінде емін-еркін сөйлеседі. Ал араларыңызда кімде-кім мемлекеттік тілді білмесе, тез үйренуі үшін оған көмектесіңдер. Сонымен қатар Қазақстанның тарихын терең білуге ұмтылыңдар. Біз – қазақстандықтармыз. Бұл сөздің түбірі «қазақ» деген сөзден шыққан. Әлемде қазақ ділінен асқан ешқандай менталитет жоқ.

Біздің халықтың мәдениеті өте керемет. Мемлекеттің әрбір тұрғыны, оның ішінде өзге ұлт өкілдері де қазақтың ата-бабаларымен мақтана білуі керек. Себебі олар байтақ та көркем атамекенді бізге табыстап кетті, – деді Егор Каппель.

Ұлттық саясаттың нақты бағдарын айтқан халық қалаулысынан кейін Павлодар облысынан келген жастар көшбасшысы Максим Спотыкайдың таза қазақ тілінде сөйлеуі акцияға жиналғандардың көңілін тіпті  шат-шадыман  қылды.

– Жер жаннаты – Жетісудан басталған акция енді Ақ Жайық өңірінде сән-салтанатымен аталып өтілуде. Бұл эстафета желтоқсанның бірі күні Елордада аяқталады.

Акцияның басты нышаны — «Мәңгілік ел» жастарының жетістіктері» кітабына батысқазақстандық жастар қолтаңбасын қалдырып, Ақтөбе облысына жолдайтын болады,  – деді Максим Спотыкай.

Акцияда жұма күні Орал қаласына келіп жеткен «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы штабының жетекшісі, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің халықаралық қатынастар кафедрасының  профессоры, тарих ғылымдарының  кандидаты Әміржан Әлпейісовке сөз берілді. «Мәңгілік ел» болу ата-бабаларымыздың арманы еді. Елбасымыздың қажырлы еңбегінің арқасында сол ұлы мұратқа қол жеткізіп отырмыз. Біз ежелден жалғасып келе жатқан ұлттық тәлім-тәрбиенің, ізгі өнегенің шарапатын жастардың бойынан іздейміз. Тәуелсіздік алғалы шекарамызды бекіттік, әскерімізді  нығайттық. Бүгінде керегеміз кең, шаңырағымыз биік»,  – деген ол Елбасының тапсырмасымен барлық өңірді аралап жүрген «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының мән-маңызын түсіндірді.

Салтанатты шарада Ақжайық аудандық мәслихатының депутаты, Тәуелсіздік құрдасы Біржан Кухаев, самбо күресінен спорт шебері Серікбай Нағымов, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың студенті Мәдина Құрбанова ізгі тілектерін ортаға салды. «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының облыстық филиалының төрағасы Нұрғали Жолдасқалиев жалпы республикалық жастар акциясына қатысушылардың Елбасыға арнаған Үндеуін оқыды.

Спикерлер сөйлеп болған соң, салтанатты шара мерекелік концертке ұласты. Акция барысында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Мәңгілік ел» жастарының жетістіктері» кітабы Ақтөбе облысы жастарының өкілі Ерхан Мырзағұловқа табысталды. Ассамблея бастамасы мәресіне жеткенше, біздің облыста акция аясында түрлі іс-шаралар өткізу жоспарланған.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика