Мұрағат: 18.11.2016


Сайқыннан табылған снаряд

Күні: , 50 рет оқылды

%d1%81%d0%bd%d0%b0%d1%80%d1%8f%d0%b43Қарашаның 15-і күні Бөкей ордасы ауданы орталығы Сайқын ауылының тұрғыны снарядқа ұқсас затты тауып алғаны жөнінде аудандық ішкі істер бөліміне хабарлаған.


БҚО ішкі істер департаментінен түскен мәліметке қарағанда, жарылғыш затты аталған тұрғын ауылдың оңтүстік-шығыс бағытында жайылыстан малын іздеп жүргенде тапқан.

Тексеру барысында жарылғыш заттың диаметрі 70 мм, ұзындығы 40 см, құйрығында 5 см қанаты бар әуе снаряды екендігі анықталды. Снаряд табылған жер қоршауға алынып, арнайы мамандардың қатысуымен жойылды.

Арман БОЛАТҰЛЫ


Төтеншеліктер қыс маусымына тастүйін

Күні: , 61 рет оқылды

pri_0927Қараша айының 17-18-і күндері «Қыс – 2016» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді. Ол қысқы кезең жағдайында төтенше жағдайлардың салдарын жою кезіндегі іс-қимылдарға азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің басқару органдары мен күштерін даярлауға арналды. Ұйымдастырылған шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты.


Қаладағы П. Атоян атындағы стадион алдында өткен оқу-жаттығудың бірінші кезеңінде облыс әкімі, Азаматтық қорғаныс басшысы Алтай Көлгінов шұғыл әрекет ету жасақ құрылымдарының саптық дайындығын тексерді.

Өткізілген шара барысында өңір басшысы құрылымдардың жеке құрамының жасақталуына, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуіне, техниканың жұмысқа жарамдығына, жеке құрамның функционалдық міндеттерін білу деңгейіне баса назар аударды.

Бұдан әрі штабтың басшылық құрамы қаладағы Орал Ет комбинаты ауданындағы №2 оқу-жаттығу орнына барып, азаматтық қорғау құрылымдарының практикалық іс-әрекет деңгейін тексерді. Жаттығу барысында облыс аумағында болуы ықтимал төтенше жағдайларды жою әрекеті, соның ішінде қираған ғимарат аумағын тазалау, құтқару-іздестіру жұмыстарын жүргізу, зардап шеккендерге психологиялық және алғашқы медициналық көмек көрсету, ком-муналдық қызметтердің тіршілікті қамтамасыз ету жүйесіндегі апаттарды қалпына келтіру жұмыстарының барысы басшылық құрамның бақылауымен жүргізілді.

Оқу-жаттығу барысында Орал Ет комбинатының өндіріс цехында көгілдір отын қазандығы «жарылды». Нәтижесінде ғимараттар бұзылып, бірінші және қосалқы қабат өртке оранды. 112 құтқару нөміріне қоңырау шалушылар жарылыс салдарынан бірнеше жұмысшының жарақат алып, зардап шеккендерін хабарлады. Республикалық «Қыс – 2016» командалық-штабтың оқу-жаттығуында құтқарушылар дайындығы осы ықтимал оқиға бойынша сыналды. Отқа оранған ғимараттың жоғарғы қабаттарында да өрт түтініне тұншыққан адамдардың бар екендігі анықталды. Оқиға орнына жеткен төтеншеліктер лезде құтқару жұмыстарына кірісті. Қираған ғимараттың астында қалған жұмысшылар құтқарылып, оларға алғашқы медициналық жәрдем көрсетілді. Зардап шеккендер сол маңда тігілген эвакуациялық бекеттерге орналастырылды. Жарылыс салдарынан шыққан өрт ауыздықталып, төгілген зиянды қоспа залалсыздандырылды. Құтқарушылар өртке оранған ғимараттың жоғары қабатына қалғандарды да түгелдей қауіпсіз жерге көшірді. Сөйтіп, орын алған апатты жағдайдан зардап шегушілер төтеншеліктердің жедел әрекеті арқасында небәрі 26 минутта құтқарылды. «Зардап шеккендерді қабылдау және алғашқы медициналық көмек көрсету», «Зардап шеккендерді іздеу және қираған ғимарат құрастырылымдарын тазалау», «Өрт сөндіру, қираған ғимараттардан және құрылыстардан зардап шеккендерді іздеу және құтқару, улы қалдықтардың жайылып кетуін жою», «Ғимараттың жоғарғы қабатындағы зардап шеккендерге көмек көрсету үшін іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізу» сынды төрт топқа бөлінген шұғыл қызмет жасақтары міндеттерін абыроймен атқарып шықты.

— Мұндай оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізудегі негізгі мақсат құтқару қызметкерлерінің және басқа да мемлекеттік органдардың төтенше жағдайдағы іс-қимылын пысықтау болатын. Бүгін құтқарушылар, медицина қызметкерлері, жергілікті полиция қызметі, Ұлттық гвардия жасағы, өрт сөндірушілер тегістей жаттығуға қатысты. Жалпы өңіріміздің барлық аумағында өткізіліп жатқан шараға 2800 құтқарушылар мен 400-ден астам арнайы техника қатысуда. Соның ішінде Орал қаласы бойынша 187 адам мен 60 арнайы техника оқу-жаттығу жұмыстарына қатысты. Жалпы, өңіріміз төтенше жағдайда жедел қимылдайтын жасақпен де, қажетті техникамен де толық қамтылған. Бірақ алдағы уақытта да техниканы жаңарту мәселесін қарастырмақпыз. Ағымдағы жыл-дың желтоқсан айында құтқарушыларға, сонымен қатар «Жедел жәрдем» қызметкерлеріне қосымша 60 көлік алатын болдық. Биыл қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін жергілікті полиция қызметіне 50-ден астам арнайы техника алынды. Оның сыртында коммуналдық қызмет көрсету саласы қыс мезгілінде қала көшелерін қардан тазартатын 11 арнайы техникамен қамтылды. Техникаларды жаңарту жұмыстары келер жылы да жалғасын табатын болады. Ал бүгінгі көз алдымызда өткен оқу-жаттығу жұмыстарына оң баға беремін, — деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы, генерал-майор Жасұлан Жұмашевтың айтуынша, оқу-жаттығу жұмыстарына 17 арнайы техника және арнайы құрамның 187 құтқарушысы қатысқан. Қыс мезгілінде орын алуы мүмкін төтенше жағдайларда жедел іздестіру, өрт сөндіру жасақтары, қар құрсауында қалғандарды құтқарушы топтар бірқалыпты жұмыс жасайды. Бүгінгі оқу-жаттығу жұмыстарында төрт топқа бөлінген жасақтар қызметтерін ойдағыдай атқарды. Апат орын алған жерден 37 адам дер кезінде құтқарылып, оларға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Олар жылы шатырларға орналастырылып, ыссы тамақпен, жылы киім-кешекпен қамтылды. Тоқ етері, осындай пысықтау шаралары құтқарушылардың тәжірибесін шыңдай түсетіні кәміл.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Ордалықтар тірегі – тәуелсіздік, тілегі – тұрақтылық

Күні: , 49 рет оқылды

9Тәуелсіздік деген қастерлі ұғым! Ешкімнің қас-қабағына қарамай, дербес мемлекет болудан артық бақыт жоқ. Биыл ел тәуелсіздігіне 25 жыл толады. Жылдың басында-ақ Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Бөкей ордасы аудандық әкімдігінде мерейтой аясында іс-шаралар жоспары құрылып, айтарлықтай шаруалар атқарылды.


Солардың бірі аудан орталығындағы Жангелдин және Насимоллин көшелері бойынан инженерлік-коммуникациялық желілер құрылысы жүргізіліп, толықтай аяқталды. Оған 28 млн. теңге бөлініп, аталмыш жұмысты “ЛАЙГЭ” ЖШС атқарды. Бұған қоса аудан орталығында 40 млн. 252 мың теңге қаржыға 6 жаңа үйдің құрылысы бой көтеріп, олардың кілті пәтерге кезекте тұрғандарға салтанатты түрде табыс етілді.  Баспаналы болғандар негізінен жалғызбасты аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандар. Бұл мақсатқа 50 млн. теңге қаржы қарастырылып, жыл аяғына дейін тағы да 10 үйдің құрылысын аяқтау белгіленді. Мұның сыртында жеке кәсіпкер Б. Жұмағұлованың өз қаржысы есебінен тұрғызып жатқан 10 үйі және бар. Осы ретте Ұялы ауылындағы Ш. Жексенбаев атындағы орта мектеп биыл күрделі жөндеуден өтіп, бұл жұмысқа «ҚПО б.в.» компаниясы 142 млн. теңге бөлді. Бүгінде Бисен және Хан ордасы ауылындағы жаңа спорт алаңдарының құрылыстары аяқтала келді. Жыл соңына дейін Мұратсай, Бөрлі, Саралжын және Ұялы ауылында сондай алаңдардың құрылысы салынбақ. Аудан орталығында аудан әкімдігінің басшылығымен жергілікті кәсіпкерлердің алаңсыз жұмыс жасаулары үшін бюджеттен арнайы қаржы қарастырылып, бұрынғы ескі ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, кәсіпкерлер орталығы жасақталды. Онда балалардың ойын бөлмесі, шаштараз, аяқ киім жөндеу, киім ательесі, ағылшын тілін оқыту және халыққа кеңсе тауарларын ұсынатын орындар бар.

Тәуелсіздіктің торқалы тойы қарсаңында Сайқын ауылдық округіне қарасты Жәрмеңке, Шоңай және аудан орталығында балалардың жаңа спорттық ойын алаңдары салынды. Барлық ауылдық округте көшелерді жарықтандыру, жолдарды жөндеу, алаңдарға өрнектас төсеу, көшеттер отырғызу жұмыстары жүргізіліп, үнемі сенбіліктер ұйымдастырылуда. Көктемде Хан ордасында 5 мың түп қарағай көшеті отырғызылды. Сонымен қатар ауылдарды мерекелік безендіру, жарықтандыру және көшеттер отырғызу жұмыстары жалғасын табуда.

Ағымдағы қазан айында Хан ордасы ауылында екі модельді кітапхананың тұсауы кесілді. Осы айда Бөкей хандығының 215 жылдығы мен Жәңгір хан атындағы орта мектептің мерейтойларына байланысты мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылды. Нақтырақ айтсақ, ресейлік және қазақстандық ғалымдардың қатысуымен «Шежіре тұнған құт мекен» атты халықаралық конференция өткізіліп, соңы ақындар айтысына ұласты.

Аудан бойынша 126 заңды тұлға, 848 жеке кәсіпкер және 480 шаруа қожалығы тіркелген. Сайқындағы жеке кәсіпкер Б. Жұмағұлованың «Хан» шағын сүт өндеу цехының өнімі Орал қаласында өткен «Қазақстандық үздік тауарлар»  өңірлік байқауында «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымын иеленді. «Атамекен» облыстық  кәсіпкерлер палатасының  ұйымдастыруымен «Аға сеньорлар» жобасы бойынша канадалық эксперт Гарб Исли аталмыш цехтың жұмысымен танысып, тәжірибесімен бөлісті. «Іскер байланыстар» бағдарламасы бойынша ауданымыздың 7 кәсіпкері Атырау қаласында апталық курста оқып, сертификат алды. Жалпы, жыл басынан бері өңірімізде 2 дүкен, 1 дәмхана, массаж және сұлулық салоны, киім тігу ательесы, қонақүй,  стоматология және дәріхана іске қосылды. Осы жерде үштілділік қағидатына сай «Виктория» ағылшын тілін оқыту орталығы ашылып, жетекшісі Ақжүніс Нұрланова мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің 200 000 теңгелік грантын ұтып алды. Осылайша жас маман қазір тұрғындарға шет тілін тегін оқытуда.

Жергілікті кәсіпкер, ордалық С. Мұханбетшин қаржысына Хан ордасы ауылында жаңа мешіт салды.  Сайқын ауылының тумасы Қ. Бірманов  пен өзге облыста жүрген осы ауылдың перзенті А. Даниярованың қаржылай демеушіліктерімен Сайқын ауылындағы зираттарды қоршау қолға алынды. Жыл сайын Жаңа жыл мерекесі қарсаңында 1500 баланы 600 мың теңге көлеміндегі сый-лықтарымен қуантып қана қоймай, діни мейрам, қайырымдылық айлықтарына белсене атсалысып жүрген Б. Жұмағұлованың есімін ерекше атап өтуге болады. Сайқын округіндегі «Ерсайын» шаруа қожалығының жетекшісі, ауған соғысының ардагері Е. Қонақбаев екі отбасына көгілдір отын өткізілген баспана сыйлады. Ал Мұратсай округіне қарасты Тайғара елді мекенінің тұрғыны Е. Биарыстанов бұрынғы баспанасын медпункт ғимаратына беріп, ауылдастарын бір қуантса, бисендік шаруа қожалығының жетекшілері А. Кәукешев 10 жанұяға, Е. Момынов және Ш. Лайықов 5 шаңыраққа тегін отын мен шөп түсіріп, балаларын жаңа оқу жылына киіндіруге жәрдемдесті. Осындай көмекті саралжындық «Әдемі» шаруа қожалығының иелері Е. Хамитовтар да көрсетіп, ордалық «С. Әдешев» шаруа қожалығының жетекшісі Ө. Әдешев мәдени-көпшілік шараларға тұрақты түрде демеушілік  жасап  отырады.

Гүлжаз  БАДЕЛОВА,

Абзал  ИЖАНОВ,

Бөкей  ордасы  ауданы


Теректіде игі істер жалғасын таппақ

Күні: , 46 рет оқылды

pri_0848Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы – жарқын жетістіктер мен жасампаздықтардың тарихы. Ерікті Қазақстан аз ғана уақытта іргесін бекіткен елге айналып, өсіп-өркендеудің даңғыл жолына түсті. Осы жылдар ішінде Батыс Қазақстан өңірінде де бірқатар ауқымды істер атқарылды. Әсіресе, ауыл-аймақты дамыту, ондағы халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту мақсатындағы мемлекеттік бағдарламалар қолға алынды. Бұл оң өзгерістер облыс іргесінде орналасқан Теректі ауданында да жалғасын табуда. Облыс әкімінің баспасөз қызметі ұйымдастырған пресс-тур барысында осы аудандағы атқарылған істердің куәсі болған едік.


Облысымыздағы ірі өңірлер қатарындағы Теректі ауданында ірі қара, жылқы, қой, құс және шошқа өсіріледі. Он бес шаруашылық 3647 бас асыл тұқымды мал ұстап отыр. Бұл мал басының 8,3 пайызын құрайды. Он бір шаруашылық 3057 етті ірі қара өсірсе, үшеуі сүтті бағыттағы 590 бас ірі қараны баптайды. Ауданға қарасты Подстепный ауылы маңында орналасқан «Төлеңгіт» шаруа қожалығы сүт және ет бағытындағы ірі қара малын өсірумен айналысады. Қожалықтың жоспарында сүтті тауарлы ферма ашып, сүтті бағыттағы ірі қара малын 100 басқа дейін жеткізіп, халықты экологиялық таза отандық өніммен қамтамасыз ету көзделген.

— Бұл шаруашылықпен айналысқаныма екі жыл болды. Үкімет тарапынан зор қолдау көрудеміз. Алынған жаңа техникаларымызға демеуқаржы төленді. Қожалықта сегіз адам жұмыс жасайды. Жаз мезгілінде 60, қыста 30 бастай сиыр сауылады. Болашақта жайылымдық жерді кеңейтіп, мал басын көбейтсек деген ойдамыз, — дейді қожалық жетекшісі Қанат Дәкешев.

Ал Юбилейный ауылындағы «Жақсымбетов» шаруа қожалығында 800-ге жуық асыл тұқымды ірі қара малы өсірілуде. Шаруашылық өткен жылы Ресей Федерациясы Челябинск облысынан 260 бас, ағымдағы жылы Ақмола облысынан 245 бас етті бағыттағы асыл тұқымды герефорд қашарларын сатып алған. Шаруашылықта 21 адам тұрақты жұмыс жасайды. Кәсіпкер болашақта Юбилейный ауылынан 3000 басқа арналған мал бордақылау алаңын салуды жоспарлап отыр.

Арман Аманғалиев есімді жеке кәсіпкер Шаған ауылы маңынан шағын құс фермасын ашқан. Ол кәсібін жүргізу мақсатында «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының екінші бағыты шеңберінде 6 млн. теңге несие алған. Құс фермасында 3500 дана құс өсірілсе, соның 2500 данасы – тауық. Қалған 1 мыңы – балапан тауық.

— Осы кәсіпті 2014 жылдың мамыр айында қолға алған болатынмын. Құс фермасындағы тауықтарды балапан кезінде Ресейдің Саратов облысынан алып келдік. Шүкір, шаруамыз ептеп жүріп жатыр. Мемлекеттен алған несиені де қайтара келдік. Қазір күніне 2 мың дана жұмыртқа аламыз. Өніміміздің басым бөлігі аудан көлеміне, қала берді облыс орталығына өткізіледі. Құсқа қажет азықты жергілікті жерден сатып аламыз. Бұл құстар, негізінде, құрама жеммен қоректенеді. Ал қажет дәрумендерді Ресейдің Мәскеу қаласынан алдыртамыз. Болашақта несие алып, шаруашылығымызды кеңейтсек деген ойымыз бар, — дейді жеке кәсіп иесі Арман Аманғалиев.

Жалпы, аудандағы халық саны жыл санап артып келеді. Ауданға қарасты Жаңаөмір және Юбилейный ауылдарындағы жер теліміне кезекте тұрған тұрғындарға берілетін жерлерге инфрақұрылым жүргізілуі – соның айғағы. Жобаның жалпы аумағы 48 гектарды құрайды. Жеке тұрғын үй құрылысына берілетін жер телімдерінің саны – 234 дана. Ауылы облыс орталығынан 25 шақырым жерде орналасуына байланысты жер теліміне кезекте тұрушылар саны көп. Бұл жобаны жүзеге асыруға ҚР Үкіметінің арнайы қорынан 64,8 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінген. Бүгінде барлық жұмыстың 50 пайызы орындалған.

Сондай-ақ Жаңаөмір ауылында да жалпы аумағы 137 гектар жерге, 738 жер теліміне электр желісін тарту жұмысы жүргізілуде. Ауылдық жерде жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер телімінде кезекте тұрған азаматтар саны мыңнан асады. Бұл жобаға «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен қомақты қаражат бөлінген. Бүгін құрылыс жұмыстарының жартысынан көбі атқарылған.

Сонымен қатар Подстепный ауылының орталық саябағын абаттандыруға 37678,84 мың теңге қаражат бөлінсе, Жаңаөмір ауылындағы саябақтың жөндеу жұмысына «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде жергілікті бюджет есебінен 16,4 миллион теңге қаржы қарастырылған. Қос саябақтың да жөндеу жұмыстары аяқтала келген.

Оның сыртында биыл Федоров, Подстепный ауылдарында бірқатар ауылішілік жолдар күрделі жөндеуден өткен.

Үстіміздегі жылы аудан бойынша екі мектеп пен бір мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтуде. Федоров ауылындағы мектептің күрделі жөндеу жұмысына «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде ұлттық қор есебінен 159 миллион 526 мың теңге қаражат қарастырылған.

— Бұл мектеп 1965 жылы пайдалануға берілген. Сол уақыттан бері білім ордасына күрделі жөндеу жүргізілмеген. Жөндеу жұмыстарында 92 адам жұмыс жасаса, соның 30-дан астамы – ауыл тұрғындары. Тек мектептің өзі ғана емес, балалар жатақханасы, жылыту қазандығы секілді қосалқы шаруашылықтар да жөнделуде. Келер жылдың басында аяқта-луға тиіс жөндеу жұмыстарын уақытынан бұрын тапсырамыз деп жоспарлап отырмыз дейді, — «Алатау-Альдан-Агро» ЖШС құрылыс басшысы Азамат Өтегенов.

Ал аудан орталығынан қашықтау орналасқан Приречный ауылындағы мектеп үстіміздегі жылы күрделі жөндеуден өтіп, бүгінде ауыл оқушыларына есігін айқара ашқан. Мектептің терезелері, есіктері жаңартылып, төбесі ауыстырылып, қабырғаларды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар мектептің қоршауы жаңартылып, жарық шамдары орнатылған. Жылу жүйесі, кәріз жолы жөнделіп, әжетхана жасалған.

— Бұл мектеп ғимаратының салынғанына жарты ғасырдай уақыт өткен. Елбасымыздың саясаты арқасында, өңір басшыларының қолдауымен биыл мектебіміз күрделі жөндеуден өтті. Мектебімізде 47 педагог болса, соның 12-сі – «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен келген жас мамандар.

Соңғы екі жылда төрт жас жанұя ауылымызға қоныстанды. Оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілді. Мектепте 129 оқушы болса, мектеп жанындағы шағын орталықта 26 бүлдіршін тәрбиеленуде, — дейді мектеп директоры Мейрамбек Жақсыбеков.

— Биыл үкіметтің арнайы резерві қорынан, облыстық және жергілікті бюджеттен қаралған қаражаттың арқасында аудан бойынша көптеген жұмыстар атқарылды. Осы жылға жоспарланған ауылдарды абаттандыру, жол жөндеу, елді мекендерді көгілдір отынмен қамту, саябақтарды жаңғырту, білім және мәдениет саласы ғимараттарына күрделі жөндеу жүргізу секілді ауқымды жұмыстар келер жылы да өз жалғасын таппақ, — деді пресс-тур соңында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген аудан әкімі Мұрат Мұқаев.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Ақ Жайықта

Күні: , 74 рет оқылды

pri_161115Ел тәуелсіздігінің  25 жылдығына орай өңірлерді аралауға шыққан «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы кеше Орал қаласына ат басын тіреді. Оны облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев бастаған оралдықтар салтанатты түрде қарсылап алды.


Бағдат Оразалдыұлы қонақтарға қош келдіңіз айтып, олардың жұмысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ ол еліміз 25 жылдың ішінде толайым жетістіктерді бағын-дырғанын атап өтті.

— Елбасының тапсырмасымен, Қазақстан халқы ассамблеясының қолдауымен жолға шыққан «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы халық пен биліктің, ел мен үкіметтің арасындағы көпір сияқты. Біз елмен бірге болайық, халықтың мұң-мұқтажы болса, қолұшымызды созайық, әлеуметтік мәселелерді шешейік, жеткен жетістіктерімізді саралап, жетпейтіні болса түзетіп, бүгінгі тойымызды қазақтың өзіне тән ұлылықпен қарсы алсақ деген оймен бірінші қарашада Астанадан шықтық. Орал қаласында екі күнге созылатын шараларымыздың бәрі халықтың игілігі үшін ұйымдастырылмақ. Біздің құрамда 271 адам бар. Оның 72-сі — медицина қызметкерлері, қалғандары жеті түрлі министрліктің және үш ұлттық компанияның өкілдері, — деді «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы штабының жетекшісі, профессор, жазушы Әміржан Әлпейісов.

Сол күні түс қайта орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы штабының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, Лев Гумилев атындағы  Еуразия ұлттық университетінің профессоры Әміржан Әлпейісов және КХА депутаттық корпусының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің V шақырылымдағы депутаты Егор Каппель  қатысқан брифинг өтті.

— Биыл қазақ халқы үшін, жалпы қазақстандықтар үшін ерекше жыл. Білегінің күшімен, найзасының ұшымен осынау ұлан-ғайыр жерді бізге сақтаған ата-бабаларымыз, мың өліп, мың тірілген халқымыз армандаған Тәуелсіздіктің 25 жылдық тойына санаулы күндер қалды. Осы орайда жеткен жетістіктеріміз және алдағы белестерге қандай мақсаттар қоятынымыз жөнінде халықпен кездесу – негізгі мақсатымыз. Астанадан бірінші қарашада шыққан пойыз 14 желтоқсанда Алматы қаласында өз жұмысын аяқтамақ. Біз осы 43 күнде 35 елді мекенде болып, жұмыс жасаймыз. Бұл пойызды «әлеуметтік пойыз» деп те атауға болады. Себебі халыққа әлеуметтік көмек көрсетіп, күрмеулі мәселелерін шешуді басты назарда ұстаймыз. Осы уақытқа дейін біздің қабылдауымызда 27 509 адам болды. Оның ішінде 5 771 адам дәрігерлік көмек алды. 3 650 адам түрлі министрліктердің көмегіне ие болды. Ауылдық жерлерде, елді мекендерде болып, халықпен кездесіп, олардың шешілмеген мәселелерін қарастырып, медициналық көмек көрсетіп, қажет деп тапқан жағдайда ауыр науқастарға Астана, Алматы қалаларында емделуге жолдама табыстап, оқу, білім, экономика, өзге де салалар бойынша ақыл-кеңес беру бағытында жұмыс жасап келеміз, — деді Әміржан Қайырұлы.

Егор Каппель қазіргі кезеңде мемлекеттік тілді терең игеруге ден қойылып жатқандығын, шынайы патриоттық тәрбие өзің өмір сүретін елдің ұлттық салт-дәстүрін, тілін игеріп, оған ілтипатпен қараудан басталатынын айтты. Ол сондай-ақ тәуелсіздік үшін ғасырлар бойы күресіп өткен ата-бабаларды, Абылай хан, Қабанбай, Қарасай сынды күллі қазақ батырларын мақтан тұту керектігін, солардың арқасында еліміздің шекарасы бүгінгідей ұлан-ғайыр аймаққа созылып жатқанын атап өтті.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


«Тиын-тебен салып, судан миллиондап табыс табуға ешкімге жол берілмейді»

Күні: , 77 рет оқылды

1335326768_balykӨңіріміз – өзен-көлге бай. Табиғаттың мол сыйына қоса табиғи климаттық жағдай да балық өсіруге қолайлы. Алайда  қазір  су айдындарын пайдалануға алған  кәсіпкерлердің көпшілігі балық ресурстарын және басқа да су жануарларын өсіруге, көбейтуге және оларды қорғау үшін тиімді жолдарды қарастыруға аса құштар емес. Анда-санда өтетін жәрмеңкеде болмаса, қала тұрғындары делдалсыз балғын, яки тірі балық сатып ала алмай жүр. Ауылдағылардың да су жағасында тұрып, бал татыған балық сорпасын ішіп отырғаны шамалы. Өйткені су қоймаларын меншіктеп алған қожайындар өзен-көл жағасын қызғыштай қорып жолатпайды. Ендігі жерде су қоймаларын пайдаланушыларға қойылатын заңды талап күшейеді, тіпті балық аулау квотасы барлар белгіленген кесте бойынша қалалықтарға тірі балық сатуды  жалғастырады. Бұл туралы БҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мәжіліс залында облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұловтың төрағалығымен өткен өңірдегі балық шаруашылығын дамыту, табиғат пайдаланушылардың  міндеттерін атқаруы  жайына  арналған  кеңесте  жан-жақты  айтылды.


Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының  басшысы Амангелді Дәулетжановтың айтуынша, жергілікті маңызы бар 70-тен астам су айдынының 45-і конкурстар бойынша 30 балық шаруашылығы субъектілеріне бекітілген. Олармен балық шаруашылығын жүргізу жөнінде келісімдер жасалған. 30 су қоймасы резервтік қорда тұр. Табиғат пайдаланушылар бірнеше жыл бойына (5 жылдан  49 жылға дейін) балық қорын сақтауға, молайтуға, ғылыми зерттеуге, материалдық-техникалық базаны нығайтуға қаржы бөліп, жұмыстануға міндеттеледі. Осы мақсатқа орай 2015 жылы 22 табиғат пайдаланушы 14 млн. 200 мың теңге шамасында қаржы жұмсаған, соның ішінде балық қорын молайтуға 2 млн. 41 мың теңге жұмсап, 707 625 балық шабақтары суға жіберілді.  2016 жылдың 10 айы ішінде 32 табиғат пайдаланушымен 20 млн. 067 мың теңге жұмсалды, 2 млн. 959 мың теңгеге су қоймаларына 730 мың шабақ жіберілген. Өткен жылы балық аулау квотасы 240 тонна болып, ол 90%-ға орындалды. Ал биыл квота шамасы 349 тоннаны құраса, ол қараша айының басында 240 тонна (69%) болып орындалған.

– Балық шаруашылығының барлық субьектілері міндеттеріне адал қарамайды. Келісімшарттарын орындап жүргендердің ішінде «Марченко» ЖК-ын айтуға болады. Ол тоған түбін тереңдету мақсатында бөгет салып, табиғат аясында демалатындарға арнап 4-7 орындық үй тұрғызды. Тұқы балығының шабақтарын өсіретін шағын инкубациялық цех құрылысын салды. 2015 жылы  180000 дана 7-15 грамм салмағындағы шабақтарды өсіріп шығарды. Келешекте тұқының дәрнәсілдері мен шабақтарын өңірдің табиғат пайдаланушыларына таратуды жос-парлап отыр, — деді А. Дәулетжанов. Оның айтуынша, «Алтын дән» ЖК (Рубежка өзеніндегі су қоймасын пайдаланушы), «Алтын бидай» шаруа қожалығы (Корей тоғаны) балық шаруашылығын жүргізу міндеттеріне жүрдім-бардым қарап, ең ақыр аяғы басқармаға есептерін де тапсырмайды. Келісімшарттарына салғырт қарайтын субъектілер қатарында «Мансурова А. Д.», «Жанбузов», «Илиманова Н. А.» жеке кәсіпкерліктері, «Оралагрореммаш» АҚ бар.

Жиында облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Закария Тұралиев,  «Қазақ балық шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» ЖШС БҚФ-ның ғылыми қызметкері Дмитрий Пилин балық шаруашылығын жүргізу және балық ресурстарын қорғау жөніндегі келісімшарттардың  орындалуы, облыс аумағындағы тауарлық балық шаруашылығын дамыту келешегі жайында баяндады. Сонымен қатар табиғат пайдаланушылар  Мүтиғолла Жанбозов, Дмитрий Марченко балық шаруашылығын дамыту жайындағы ойларымен  бөлісті.

– Әрбір табиғат пайдаланушымен су айдынының аумағына қарай суға жіберілетін балықтың шамасын анықтап, бекіту керек. 150 мың теңгеге балық аулап, 50 мың теңгеге балық шабағын алып, балықты көбейтемін дейді. Сонда 50 мың теңге жұмсап, балықты қалай көбейтуі мүмкін? Балық қоры жыл санап азайып барады. Су қоры да тапшы. Қазір өңірдегі каналдарды, шлюздерді жөндеуді қолға алдық. Алдағы бес жылда суландыру жүйесін бұрынғы қалпына келтіреміз. Балықты көбірек аулаймыз, Атыраудың балығын квотамен алып, Ресейге сатамыз, ал оны молайту жұмыстары мүлдем мардымсыз. Барлығын тәртіпке келтіруіміз керек. Бұрын ауыл шаруашылығы саласында «Агробизнес — 2020» бағдарламасы болды, енді соны 2017-2021 жылға дейін деп жаңадан бекітеді. Онда балық шаруашылығы саласын дамыту қаралған. Сондықтан балық шаруашылығын дамытудың облыстық бағдарламасын жасақтайық. Мемлекет тарапынан қандай қолдау-көмек керек, қандай көлемде нендей шаруаға субсидия қажеттігін анықтайық. Облыста мал шаруашылығы қалыпты дамуда, салаға субсидиялар бөлінуде, жыл санап асыл тұқымды мал саны өсуде. Осы сықылды балық шаруашылығын да дамытайық. Ешкімге тиын-тебен салып, судан миллиондап табыс табуға жол берілмейді. Өз міндеттерін орындағысы келмегендерді комиссияға шығарыңыздар, — деген облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов жиынды қорытындылап, тиісті басқарма, инспекция басшыларына табиғат пайдаланушылармен жұмысты ширатуды  тапсырды.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Бас жүлдегер – Фархат Оразов

Күні: , 71 рет оқылды

%d1%84%d0%be%d1%82%d0%be-%d1%80%d0%b0%d1%84%d1%85%d0%b0%d1%82%d0%b0-%d1%85%d0%b0%d0%bb%d0%b5%d0%bb%d0%be%d0%b2%d0%b0-153Мұхит Мерәліұлы атындағы республикалық байқаудың екі мәрте бас жүлдегері Жақсылық Сәрсенғалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Қаламқас Орашева мен Қалампыр Рахимованың есімдерін ұлықтауға арналған республикалық термешілер байқауы мәресіне жетті.


Сайыс шарты бойынша байқауға қатысушылар Жақсылық Сәрсенғалиев, Қалампыр Рахимова, Қаламқас Орашеваның бір кезде репертуарларында болған Сартай Көшкіншіұлының «Тар заман» толғауын, Жиембет Бартоғашұлы, Марабай Құлжабайұлы, Абыл Тілеуұлы, Махамбет Өтемісұлы, Әбубәкір Кердері, Мұрат Мөңкеұлы, Сүгір Бегендікұлының ән-жырла-рымен қоса қазақтың жыр-дастандарынан үзінді орындаған болатын.

— Бүгінгі сахнадан терме өнерін жалғап келе жатқан тағы бір буынның өкілдерін көріп отырмыз. Осындай ұлт өнерін тамашалаушылар қатары көп болса екен. Құрметті байқауға қатысушылар, Қазақстанның түкпір-түкпірінде жақсы сөзді жарастырып айтып жүрген сіз барда қазақ ұлты өшпейді, қазақ елі мәңгі дами береді, — деді облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов шараның жабылу салтанатындағы құттықтау сөзінде.

ҚР еңбек сіңірген әртісі Сәуле Таудаева бастаған қазылар алқасының шешімімен оралдық Фархат Оразов байқаудың бас жүлде иегері деп танылды. Жеңімпазға 300 мың теңгенің сертификаты табысталды. Маңғыстаулық Оспан Құлсымақов бірінші орын алып, Жақсылық Сәрсенғалиев атындағы 150 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Ал қызылордалық Марат Сүгірбай және астаналық Бақдәулет Толыбекұлы сәйкесінше Қалампыр Рахимова және Қаламқас Орашева атындағы екінші орынға ие болып, олардың әрқайсысына 100 мың теңгеден табыс етілді. Сондай-ақ маңғыстаулық Манаш Әділбаев Жиембет Бартоғашұлы атындағы, атыраулық Нұрдәулет Ахмедияр Марабай Құлжабайұлы атындағы және БҚО, Ақжайық ауданынан қатысқан Ардақ Омар Сартай Көшкіншіұлы атындағы үшінші орынға табан тіреп, әрқайсысы 75 мың теңгеге ие болды.

Сайысқа қатысушылардың бірқатары дипломант атанса, қалғандары алғысхатқа ие болды.

Марапаттау рәсімінен кейін байқау жүлдегерлерімен бірге оларға қазылық жасаған ҚР еңбек сіңірген әртісі Қапаш Құлыш, белгілі жыршы-термешілер Амандық Көмеков, Гүлмайдан Сүндетова және Мейрамгүл Орашева өнерлерін ортаға салды.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Суретті түсірген

Рафхат ХАЛЕЛОВ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика