Мұрағат: 16.11.2016


«Қасақана заң бұзғандарға қатаң жаза қолданылса…»

Күні: , 51 рет оқылды

img-20161116-wa0003


Биылғы аңшылық маусымына қатысты заңбұзушылықтың өрескел деректері кездесті ме? Облысымыздағы орман ресурстары мен жануарлар дүниесін молайту бағытындағы жұмыстардың нәтижесі қандай? Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы заңнамалық талаптардың сақталуы қандай деңгейде? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық  инспекциясының басшысы Қайрат Қадешевпен сұхбаттасқан едік.


— Қайрат Темірғалиұлы, орман ресурстары мен жануарлар дүниесін молайту бағытындағы жұмыстарды бақылау қандай нәтиже беріп отыр? Нақты статистикалық деректер келтіруге бола ма? Мәселен, атқарылған жұмыстар нәтижесінде өткен жылдармен салыстырғанда орман ресурстарының молайғандығы немесе жануарлар санының артқандығы туралы…

— Инспекцияның негізгі міндеті орман шаруашылығы, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласында қорғау жұмыстарын үйлестіру және бақылау функцияларын орындау болып табылады.

Батыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы тарапынан жүктелген міндеттермен жоспарланған жұмыстар тиісті деңгейде атқарылуда деп айтуға болады. Нақты статистикалық деректерге сүйеніп, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде орман ресурстарының молайғандығы немесе жануарлар санының артқандығына тоқталатын болсақ, келесі мәліметтерді келтіруге болады. Жануарлар дүниесі саласындағы негізгі жануарлар түрлерінің, яғни киік, қабан, еліктің үш жылдағы көрсеткіштерін алатын болсақ, қалыпты өсімі байқалып, келесіні құрап отыр:

Түрлері   2013   2014   2015   2016  
Киік   26400   39500   52500   70200  
Қабан   1015   1036   1065   —  
Елік   998   1030   1093   —  

Орман шаруашылығы саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталатын болсақ, өткен жылғы аптап ыстық уақыттарда облыс бойынша 50 орман өрті орын алып, оның салдарынан 2810,1 га көлемде орманды алқап өртеніп, мемлекеттік орман қорының аумағы сәл азайды. Бүгінгі күні облысымыздағы мемлекеттік орман қорының жалпы аумағы 216 706 гектарды құрап отыр.

Мемлекеттік орман қорының аумағын кеңейту мақсатында жалпы орман шаруашылығы мекемелерімен жылма-жыл 500 гектар жерге тал-терек отырғызылып, облыс аудандарында көгалдандыру жұмыстарын жүргізу үшін 150 мың түп түрлі көшеттер өсіріліп отыр.

— Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы заңнамалық талаптардың сақталуы қандай деңгейде? Облысымыз бойынша мұндай аумақтардың саны қанша? Қай жерлерде орналасқан?

— Облыс бойынша ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың көлемі 188706,3 гектарды құрайтын он мемлекеттік табиғи қаумалдан тұрады, олардың үшеуі жалпы ауданы 160 мың гектарды құрайтын республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар, оның ішінде: Кирсанов (кешендік) – 61,0 мың га, Бударин (зоологиялық) – 80,0 мың га, Жалтыркөл (зоологиялық) – 19,0 мың га. Жалпы көлемі 28706,3 мың гектарды құрайтын бес жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумал мен екі табиғи ескерткіш бар. Екі мемлекеттік табиғи ескерткіштің (Садовское көлі – ауданы 150 га, Үлкен Ешкі тауы – 175 га) жалпы аумағы 325 га құрайды.

Бес мемлекеттік табиғи қаумалдың аумағы 28381,3 га, оның ішінде «Миргород» (кешендік) – 3950 га, «Селекционный» (ботаникалық) – 36,3 га, «Орда» (ботаникалық) – 16405,0 га, «Дубрава» (ботаникалық) – 6,0 га, «Аққұм» (геоморфологиялық) – 7984 га.

Облысымыздағы ЕҚТА аумағында 18 қорықшы жұмыс жасайды. Олармен жыл бойы күзету шаралары атқарылып, ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда 50 заңбұзушылық анықталды.

— Сіздің мекеме тарапынан табиғат қорғау ұйымдарымен өзара бірлескен түрде қандай шаралар жасалуда?

— Орман шаруашылығы, балық шаруашылығы, жануарлар дүниесін қорғау және өсімін молайтудағы жұмыстарды үйлестіру мақсатында, құқық қорғау және құзырлы табиғат қорғау мекемелерімен браконьерлік және басқа да табиғат қорғау заңнамаларын бұзуға қарсы күрес жөнінде бірлескен іс-шаралар жоспары жылма-жыл құрылып отырады. Ол жоспарда орман ресурстарын, балық, жануарларды қорғауға бағытталған көптеген шаралар қарастырылған. Мысалы, қазіргі уақытта сол жоспарда қаралған негізгі іс-шаралардың бірі ҚР ІІМ тарапынан жүргізіліп жатқан «Браконьер» жедел алдын алу шарасына белсене қатысудамыз. Сонымен қатар қазіргі уақытта инспекция мамандары табиғат қорғау ұйымдарымен, яғни «Дистанциялық байқап көру орталығы және ГИЖ» ЖШС-мен бірге «Жайық орманы» мемлекеттік табиғи резерватын құру жұмыстарын жүргізуде. Ағымдағы жылы инспекция мамандары Қазақ орман орналастыру мекемесінің мамандарымен бірлесе отырып, мемлекеттік орман қорын орналастыру жұмыстарына да атсалысқан болатын.

— Браконьерлікпен күрес барысы туралы не айтар едіңіз?

— Иә, бұл жұмыстар инспекцияның негізгі міндеттерінің бірі болғандықтан, инспекторлар құрамы тұрақты қорғау іс-шараларын жүргізіп отырады. Жыл басынан бері инспекцияның қызметкерлерімен 312 рейдтік шаралар ұйымдастырылып, нәтижесінде заңсыз балық аулау бойынша 233 хаттама, заңсыз аңшылық құру бойынша 33 хаттама, ал орман заңнамаларын бұзу бойынша 31 хаттама толтырылып, заңбұзушыларға жалпы көлемі 4 млн. теңгеден астам айыппұл салынды.

— Қайрат Темірғалиұлы, аңшылық маусымның мерзімдері туралы айтып өтсеңіз. Дәл қазіргі уақытта аңдардың қандай түрлерін аулауға рұқсат етілмейді? Рұқсат етілген түрлері қандай? Алдағы жақын уақытта қандай жануарларға аңшылық маусымы ашылады?

— Қазіргі уақытта аңшылық нысандары болып табылатын облысымыздағы барлық дерлік аң-құстарға аңшылық маусымы ашылып, жүруде деп айтуға болады.

Аңшылық маусымының мерзімдеріне толық тоқталатын болсақ, ол аң түріне байланысты аңшылық ережесімен бекітілген. Мысалы, құстар бойынша қаз, үйрек түрлері, қасқалдаққа аңшылық маусымы қыркүйек айының бірінші сенбісінен басталып, 30 қарашаға дейін созылады. Ал шілге қыркүйек айының бірінші сенбісінен басталып, 15 қарашаға дейін ғана белгіленген. Сол сияқты тұяқты жануарларға тоқталатын болсақ, қабанға аңшылық маусымы қыркүйек айының бірінші сенбісінен басталып, 31 желтоқсанға дейін созылады, ал сібір елігіне 20 қыркүйектен бастап, 31 желтоқсанға дейін белгіленген. Айта кетерлік жәйт, сібір елігінің аталықтарына аңшылық маусымын бірінші тамыздан бастауға болады. Тек қана мамық жүнді жануарлардың, оның ішінде қоян немесе түлкіге аңшылық маусымы бірінші қарашадан басталып, келесі жылдың 15 ақпанына дейін созылады. Аңшылық құруға мүлдем рұқсат етілмейтін облысымызда мекендейтін негізгі бағалы аң түрлеріне киікті немесе бұғыны жатқызуға болады.

— Биылғы аңшылық маусымында заңбұзушылықтың өрескел деректері кездесті ме? Болса, қандай? Оларға қандай шара қолданылды?

— Әрине, заңсыз аң аулау бойынша өрескел заңбұзушылықтар әлі де орын алуда. Мысалы, ағымдағы жылдың өткен кезеңінде жалпы 22 өрескел заңбұзушылық тіркелді. Оның 19 дерегі заңсыз киік ату немесе олардың мүйіздерін тасымалдау болса, заңсыз түрде қабан және елік атудың үш дерегі тіркелді. Барлық әшкереленген деректер бойынша құқық қорғау органдарымен қылмыстық істер қозғалды. Қазіргі таңда алты қылмыстық іс сот-та қаралып, қалғандары бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Ағымдағы жылы заңсыз киік ату дерегі бойынша бір жылдың ішінде қайта құрықталған Қазталов ауданының тұрғыны 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылған болатын. Ал қалған істер бойынша заңбұзушылар сот органдарының шешімдерімен шартты түрде ғана жазаланып отырады. Осы бағытта қасақана заңбұзушылыққа барған айыпталушыларға заңдарымызды қатайтып, қатаң жаза қолдануды қарастыруды жөн көрер едік.

— Өзіңіз басқаратын мекеменің жұмысын тиімді ұйымдастыруға кеселін тигізетін күрмеулі мәселелер бар ма? Болса, қандай? Жалпы, осы қойылған сұрақтардың аясынан бөлек, тағы қандай мәселелерді тарқатып айтқан болар едіңіз?

— Соңғы жылдары Атырау облысы шекарасында іргелес орналасқан Тайпақ орман шаруашылығы мекемесі аумағында орман ағаштарының көп көлемде жаппай қурауы орын алып отыр. Осыған орай облыстық бюджеттен ағымдағы жылы 214 га көлемге санитарлық кесу жұмыстарына 5 млн. теңге көлемінде қаражат бөлініп, санитарлық кесу жұмыстары жүргізілген болатын. Алдағы уақытта да осы жұмыстардың жалғасын табуға қосымша қаражат көздері қаралғандығын қалар едік. Сонымен қатар облысымыздағы акбөкендерімізді арнайы қорғайтын заңды тұлға ретінде құрылатын, инспекторлар құрамы 52 адамнан тұратын «Бөкей орда» мемлекеттік табиғи резерватын құру мәселесі өткен жылдарда көтеріліп, барлық құжаттары әзірленгенімен, қазіргі уақытқа дейін бұл жұмыс жалғасын таппай келеді.

— Сұхбатыңызға рақмет.

Сұхбаттасқан

Нұртас САФУЛЛИН


Көлік апатынан 87 адам көз жұмған

Күні: , 53 рет оқылды

img-20161116-wa0009


Дүние жүзінде жыл сайын 1,5 миллион, ал  Қазақстанда 2,5 мың адам аутокөлік апатынан көз жұмады. Биылғы он ай ішінде Батыс Қазақстан облысы аумағындағы аутожолдарда 386 жол-көлік оқиғасы орын алған. Апат салдарынан 87 адам қаза болса, 448 тұрғын жарақат алған. Бұл жайында облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметі ұйымдастырған  брифингте  мәлім  болды.


«10-12 қараша күндері көлік апатын азайту мақсатында өткен «Қауіпсіз жол» іс-шарасы нәтижесінде 1703 жол жүру ережесін бұзу дерегі тіркелді. Мас күйінде көлік айдаған 48, көлік жүргізуге құқығы болмаған 41, жылдамдықты арттырған 150, маневр жасау ережесін бұзған 142, апат қатерін туғызған 8, жаяу жүргіншілерге жол бермеген 52, қауіпсіздік белдігін тақпаған 209, рульде отырып, ұялы телефон пайдаланған 168, көлігі техникалық байқаудан өтпеген 103, бағдаршамның рұқсат белгісін күтпеген 35, автотұраққа қою ережесін бұзған 19 жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Жыл басынан бері он ай ішінде жүргізушілерге материалдық шығын әкелген 1596 жол-көлік оқиғасы болды», — деді облыстық ІІД ЖПҚ жол қозғалысын қадағалауды ұйымдастыру тобының инспекторы, полиция майоры Руслан Дүйсенғалиев.

Облыстық ІІД ЖПҚ ювеналды полиция бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Руслан Ғалиев қараша айында ұйымдастырылған «Жасөспірім» жедел алдын алу іс-шарасы барысында 285 жасөспірім ішкі істер органдарына жеткізілгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, құқықбұзушылық жасаған он үш жасөспірім профилактикалық есепке алынған. Бейімдеу орталығына 21 бала орналасыпты. Кәмелеттік жасқа толмағандардың түнгі мезгілде ойын-сауық орындарында жүруіне байланысты екі дерек анықталды. Бала тәрбиесіне салғырт қараған 24 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жасы 18-ге толмаған жасөспірімге темекі сатудың бес дерегі тіркелді. Және алкоголь өнімін сатқандарға қатысты бес заңбұзушылық анықталды. Руслан Ғалиев жыл бойына облыстық прокуратура, білім беру органдары және «Нұр Отан» партиясының облыстағы жастар қанаты өкілдері мен жастар қоғамдық бірлестіктерінің мүшелерімен бірлесіп, «Түнгі қаладағы балалар», «Жанұя – басты қамқоршы», «Қайыршы», «Тұрмысы төмен отбасы», «Құқықтық тәртіп» атты жедел алдын алу ісшаралары өткізілгенін хабарлады. Нәтижесінде биыл жасөспірімдер арасында 131 қылмыс дерегі тіркелген, яғни былтырғы кезеңмен салыстырғанда 20 дерекке азайған.  Ішкі істер органдарында 354 кәмелеттік жасқа толмағандарды тәрбиелеп отырған 199 тұрмысы төмен отбасы есепке алынған.

«2005 жылы 25 қазанда БҰҰ Бас ассамблеясы қарашаның үшінші жексенбісін жол-көлік оқиғасында қаза болғандарды бүкіләлемдік еске алу күні деп жариялады. Жеті жылдан бері біздің облыста соған орай түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Мәселен, апталық аясында мектепке дейінгі ұйымдарда және орта білім беру орындарында ата-аналар арасында байқаулар өткізіледі. Жүргіншілер жолында бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында рейдтер ұйымдастырылып, көлік жүргізушілеріне абай болу қажеттігі ескертіледі. Ішкі істер органдарының қызметкерлері дәстүрлі түрде жол апатынан ауыр жарақат алғандарға қан тапсырады. Биылғы қарашаның үшінші жексенбісінде жолаушылары қаза тапқан көліктер тиелген автокеруенді Орал қаласының көшелерінен алып өту жоспарлануда. Түскі сағат 12.00-де қаралы оқиғаларды еске алу құрметіне Жеңіс алаңында ақ-қара шарлар ұшырылады. Сол уақытта барлық көлік жүргізушілеріне дабыл белгісін басуды ұсынамыз», – деді Орал қаласы ІІБ ЖПҚ-ның инспекторы  Динара  Әбділхалықова.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»


Банк саласында алаяқтық азаяр емес

Күні: , 64 рет оқылды

6%d1%81%d0%bb%d0%b0%d0%b9%d0%b4-%d0%b8%d0%bd%d1%84%d0%be-140


Жалпы, алаяқтық – жақсы іс емес. Оңай олжа  іздеген  пайдакүнемдер қай заманда да болған. Қазір, әсіресе, екінші деңгейдегі банктерден несие алып, оны өзге біреуді алдау-арбау жолымен рәсімдеп кеткендердің алаяқтығы әшкереленуде. Бұл туралы Орал қалалық прокуратурасы өткізген банк саласындағы алаяқтықтың алдын алу тақырыбындағы жиында кеңінен айтылды.


Аталмыш прокуратураның бөлім прокуроры Мадияр Мұқановтың айтуынша, биылғы 10 айдың ішінде Орал қаласы бойынша 1122 алаяқтық фактісі негізінде алдын ала тергеу жұмыстары басталған. Олардың 45%-ына (513 факті бойынша) тіркеуден кейін есептен шығару арқылы алдын ала тергеу жұмысы тоқтатылған. Соның нәтижесінде есепті мерзім ішінде 609 факті бойынша алдын ала тергеу жалғасуда, бұл өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 28,4%-ға (былтыр 850 факті) төмен. Жүргізілген сараптамалардың қорытындысына сүйенсек, тіркелген қылмыстық құқықбұзушылықтың 40 шақтысы немесе 6,5%-ы банк саласында жасалған.  «Саладағы алаяқтықтың басым бөлігі 22-сі несие алумен және  15-і өзгенің құжаты бойынша іске асырылған. Көп жағдайларда жалған құжаттар  пайдаланылған немесе таныстардың, тума-туыстардың өтініштері бойынша азаматтардың сеніміне кіру жолымен жасалған», – деді Мадияр Мұқанов.

Орал қаласының прокуроры Айдын  Рашидовтың айтуынша, биылғы жыл басынан бергі уақыт ішінде банк саласындағы қылмыстар саны 2,5 есеге өскен. 40 қылмыстық құқықбұзушылықтың жартысы үшінші тұлғаларға несие рәсімдеу деректері бойынша орын алған. Алаяқтар қаржылық сауаттылығы төмен азаматтарды  өздерінің құйтыртқы әрекеттеріне пайдаланған. Шаһардағы «Сулпак», «Зентрум», «Технодом», «Фора-трейд» сауда үйлерінде несие рәсімдеуде алаяқтыққа жол берілген. «Каспий банк», «Альянс банк», «Форте банк» және «Нұрбанк» сықылды банктерде азаматтардың жоғалған құжаттары бойынша несиелер рәсімделген деректері тіркеліп отыр. Соның салдарынан жеке және заңды тұлғаларға материалдық және моральдық  шығын  келді.

Басқосуды қорытындылаған қала прокуроры Айдын Рашидов екінші деңгейдегі банктердің өкілдеріне алаяқтық жолмен жасалатын қылмысты азайту мақсатында саладағы алдын алу шараларын күшейту бағытында ұсынбалар берді.

Загир  ВАГАПОВ,

«Каспий банк» АҚ облыстық филиалы қауіпсіздік басқармасының бастығы:

– Көп жағдайда несиені рәсімдеуден хабары жоқ, несиені  бірінші рет алатын, несиелік тарихы жоқ адамдар алаяқтардың «жемтігіне» айналады. Олар банкке арыз береді, содан кейін қызметтік тексеріс жүргізіп, олардың әлдекімдердің арбауына түскенін анықтаймыз. Бұл материалдарды құқық қорғау органдарына  жолдаймыз, алайда ондағылар алаяқтарды іздестірумен айналыса бермейді. Сондықтан несие қарызы банктің мойнында қалып, қаржылық шығынға ұшырайды. Мысалға, біздің банкте 2013 жылы мұндай – 4, 2014 жылы – 9, 2015 жылы – 5, 2016 жылы 10 қылмыстық іс болды. Жыл өткен сайын қылмыстық  құқықбұзушылық  жиілеп  барады.

Рашид  ҚАЖЫҒАЛИЕВ,

«Еуразиялық банк» АҚ облыстық филиалы қауіпсіздік қызметі департаментінің  бас  маманы:

– Банкте алаяқтық оқиғалар тіркелген емес. Жалған құжатпен несие алушылар анықталған жоқ. Әдетте тұтынушылық несиені рәсімдегенде азаматтардан жеке куәлік сұралады. Сонда құжаттағы азаматтың суретін несие алып отырған азаматтың кескін-келбетін салыстыра қарайды. Әрбір несие алатын адам фотоға түсіріледі. Сол арқылы оның барлық суреттері салыстырылып, сол құжаттың иесі екені анықталады. Әлбетте, банк менеджеріне өте мұқияттылық  керек.

Эрик  ҚАЙРАНБАЕВ,

«Альфа банк» АҚ-ның Оралдағы филиалы  қауіпсіздік  қызметінің  маманы:

– Биылғы жылдың 2-3-тоқсанында банк қызметкері қызмет бабын пайдаланып, қылмысқа бейім белгісіз біреулермен ымыраласып, сауда орындарындағы банк нүктелері арқылы өзге біреулерге (тұрақты жұмысы жоқ қылмыстық істі болғандарға, шалғай ауылдардың тұрғындарына) несие рәсімдеген. Мұндай 12 дерек анықталды. Қазір  тергеу  амалдары  жүргізілуде.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»


Егемендіктің жемісі

Күні: , 56 рет оқылды

12-%d0%ba%d0%b5%d0%b7%d0%b5%d0%ba%d1%82%d1%96-%d2%9b%d0%be%d0%bd%d1%8b%d1%81%d1%82%d0%be%d0%b9


Еліміз егемендік алып, тәуелсіздікке  қол  жеткізген  жылдары  Бөрлі  ауданында  да  қыруар шаруа  атқарылып,  халықтың  тұрмысы мен  өмір  сүру  деңгейі  жақсарған үстіне жақсара түсуде. Жас ұрпаққа саналы білім, сапалы тәрбие беру мақсатында балабақшалар мен мектептер салынып, іске қосылды. Ауданымызда әр сала бойынша нақты  істер  атқарылып,  мемлекеттік бағдарламалар  жүзеге  асуда.


Тұрғындардың денсаулығын нығайту, медициналық көмек көрсетуді жақсарту бағытында осы жылдың ақпан айында  Бөрлі аудандық ауруханасы  күрделі жөндеуден өтті. Аталмыш нысан «ҚПО б.в.» компаниясының тапсырысымен 653 миллион теңгеге жөнделді. Нысанның мердігері «НазТур» ЖШС (директоры Л. Елеусінов) жөндеуді уақтылы аяқтады. Бұл нысанда балалар, перзентхана, ота жасау, жансақтау, терапия, гемодиализ бөлімдері, күндізгі стационар жұмыс жасайды. Сонымен қатар ауруханада екі, емханада бір «Жедел жәрдем» тобы  жұмыс  жасайды.

Ал ауданда Достық үйінің ашылуына халық ерекше қуанды. Ауданда өмір сүріп жатқан 13 ұлт пен ұлыстың достығын одан әрі нығайтуға күш салатын Достық үйінің ашылуындағы басты мақсат – аудандағы этномәдени орталықтарының жұмысын қолайлы жүйеге бағыттай отырып, ұйымдастырушылық қабілеттерін арттыру. Осы мақсатқа жету үшін Достық үйі этномәдени орталықтарға әдіскерлік көмек беріп, оларға жағдай жасап, ұлтаралық татулықты нығайтып, ассамблеяның мақсат-мүддесін жандандыру  болып  табылады.

img_2686Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай  ауданымызда жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының «100 нақты көмек» жобасы аясында «Аяла» қайырымдылық дүкені ашылды. Дүкен ішіндегі барлық тауар Бөрлі ауданы бойынша мүмкіндігі шектеулі, аз қамтылған жандар, көп балалы отбасылар және қиын жағдайға түсіп, көмекке зәру жандарға тегін таратылады. Қайырымдылық іс-шара барысында «Аяла» қайы-рымдылық дүкенінің ашылуына демеуші болған – Ю. Юн, Ш. Шадиев, Н. Мақсотов, А. Жақыпов, Н. Серікқалиұлы, А. Агаев, Л. Жүсіпов, Е. Қалиев сынды жеке кәсіпкерлер, қайырымды жандар.

Астана күні қарсаңында ауданымызға қарасты Бөрлі ауылдық округінің 140 кішкентай тұрғыны үлкен қуанышқа кенелді. Себебі «Ақ сұңқар» атты бөбекжай ашылды. Елордамыз Астана қаласының 18 жылдық мерейтойына арнайы сыйға берілген аталмыш нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі А. Көлгінов және аудан әкімі А. Халелов қатысты. Қуанышты шараға Парламент Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақтияр Мәкен қатысып, тұрғындарды айтулы мерекемен  құттықтады. Бас мердігер «НазТур» ЖШС-ға алғысын жеткізсе, ауыл тұрғыны Іңкәр Қарасаева аталмыш бөбекжайдың ұжымына табысты  еңбек  тіледі.

Аудан басшылары қашанда жастардың тың идеялары мен бастамаларын қолдап келеді. Осы мақсатта биылғы жылы ауданымызға қарасты Приурал ауылында жас мамандарға арналып салынған жатақхана ашылды. Осы ғимараттың құрылысын оралдық «Бекқалиев» ЖК жүргізді. Сыңғырлап тұрған ғимараттың лентасын Бөрлі ауданының әкімі  Алдияр Халелов пен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Павел Лобушкин қиды. Аудан әкімі Приурал мектеп-балабақша кешеніне келген екі жас маман А. Қажығалиева мен А. Жұбаниязоваға, осы мектеп-балабақша кешенінің әдіскері С. Жұмаеваға, ауылдық округ әкімі аппаратының жетекші маманы Ш. Расқұловаға бөлме кілттерін  табыс  етті.

8-%d0%b1%d3%a9%d0%b1%d0%b5%d0%ba%d0%b6%d0%b0%d0%b9Биылғы жылы қоныстойын тойлаған тек жас мамандар ғана емес. Ақсай қаласында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Қарашығанақ шағын ауданында орналасқан 9 қабатты 144 пәтерлі үйдің құрылысы аяқталды. Бөрлі ауданының әкімі Алдияр Халелов мемлекеттік қызметшілер, бюджет саласы қызметкерлері мен отбасыларға салтанатты түрде пәтер кілтін  табыстады.

Ауданымызда қайырымды жандардың қолдауымен мұқтаж адамдарға жүйелі түрде көмек көрсетіліп келеді.

Қайырымдылық айлығы аясында Ақсай қаласында «Өмір сыйла» атты мүмкіндігі шектеулі балаларға  көмек қолын созған акцияны «Жас дарын» қоғамдық қоры ұйымдастырды. Акция аясында «Золотой треугольник» артстудиясы шәкірттерінің шығармашылық жұмыстары аукцион-көрмеге қойылды. Бұл акция қорытындысында 500 мың теңге көлемінде қаражат жиналды. Аукционның басты демеушісі «Ақсайгазсервис»  АҚ  болды.

Ақсайда жаңа «Бәйтерек» супермаркеті ашылды. Аталмыш дүкеннің қожайыны – жеке кәсіпкер Нұрбек Омаров. Бұл супермаркеттің ерекшелігі, мұнда әлеуметтік бұрыш ұйымдастырылған. Бұл бұрышқа мұқтаж жандарға көмек көрсету мақсатында әр адам сатып алған тауарды өз еркімен қойып кетуге болады. Демеушілік көмек шеңберінде А. Баймұқанов басқарып отырған «Ақсайгазпроект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері Пугачев ауылының тұрғыны,  Ұлы Отан соғысының ардагері Оразай Күмісқалиевке мүгедектер арбасын сыйлады. Жақында ота жасатқан ардагерге мекеменің бұл сыйлығы  қажеттілікке  айналған  еді.

Жаңаталап ауылында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш орнатылды. Ескерткішті ашуға ауыл ардагерлер кеңесінің төрағасы К. Ишкеев пен Жаңаталап ауылының ардагері М. Есқалиевтерге тапсырылды. Салтанат әрі қарай үлкендерге арнап ас беру мен өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасты. Мұндай есте қаларлық игі іс өз мәресіне жетіп, қарттар өте-мөте риза болып, баталарын берді. Бұл шараны ойдағыдай өткізу үшін атсалысып, демеушілік көрсеткен азаматтар облыс мәслихатының депутаты Мадияр Байжановқа, жерлес қожалық басшысы Болат Рахметовке қарттар  атынан  алғыс  шексіз.

Өндірісі жағынан көш ілгері тұрған ауданда шағын және орта бизнес, ауыл шаруашылығы, мәдениет және спорт саласында да жетістіктер аз емес. Күн санап көркейіп, гүлденіп келе жатқан аудан орталығы Ақсай қаласында да жаңа ғимараттар салынып, жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр.

Бөрлі ауданындағы атқарылып жатқан барлық игі жұмыстар – ел тәуелсіздігінің арқасы, егемендігіміздің  жемісі.

Айым  НҰРҒАЛИЕВА,

Бөрлі  ауданы


«Термелетіп жырлайын»

Күні: , 57 рет оқылды

20161116_162706


Кеше Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармония залында жыр-терме өнерінің ардақтылары Жақсылық Сәрсенғалиев, Қалампыр Рахимова және Қаламқас Орашеваның есімдерін ұлықтауға арналған «Термелетіп жырлайын» атты республикалық термешілер байқауы салтанатты түрде ашылды.


Өнер сайысына Астана, Алматы, Қызылорда, Ақ­төбе, Ақтау, Атырау жә­не Орал қалаларынан барлығы он бес үміткер қатысуда. ҚР ең­бек сіңірген әртісі Сәуле Таудаева же­текшілік жасайтын қазылар алқа­сының құрамында Амандық Кө­ме­ков, Қа­паш Құлыш, Мейрамгүл Орашева, Гүл­майдан Сүндетова, Көшерғали Макаров, Серік Әб­ді­рахманов сынды елімізге танымал жыршы-термешілер бар. Бай­қаудың же­ңімпаздарын марапаттау рә­сімі және гала-концерті бү­гін сағат 18.00-де облыстық филар­мония залында өтпек. Байқау ту­ралы толығырақ газетіміздің келесі  санында  жарияланады.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Қос мектептің іргетасы қаланды

Күні: , 63 рет оқылды

pri_0386


Қалаға  іргелес  Деркөл ауылы  мен  Зашаған  кентінде  келешекте  қос  мектеп  бой көтермек. Облыс  әкімі  Алтай Көлгінов  өткен  сейсенбіде сол құрылыс  нысандарында  болып, қос мектептің  іргетасын өз  қолымен  құйды. Одан  әрі  олардың жобаларымен  егжей-тегжей  танысты.


Деркөл елді мекенінде бой көтеретін білім ошағы 600 оқушыға есептелген. Мектеп құрылысына ұлттық қордан, республикалық және жергілікті бюджет есебінен 1 млрд. 255,6 млн. теңге қаражат бөлінген. Құрылыс жұмыстарын «СФ «Алтим» ЖШС жүргізуде. Мектеп құрылысына бөлінген жалпы жер телімінің аумағы – 29 688,8 шаршы метр. Нысанның аумағы 8 478,7 шаршы метрді құраса, онда 45 641,6 текше метріне құрылыс көлемі атқарылмақ. Ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында басталған мектеп құрылысы алдағы жылдың осы мерзімінде аяқталады деп күтілуде.

Зашаған кентінің Сарытау мөлтекауданында құрылысы басталған мектеп 900 орындық. Нысан құрылысына 1 млрд. 888,14 млн. қаржы қарастырылған. Білім ошағын салуға бөлінген жердің жалпы аумағы 2,84 гектарды құрайды. Атқарылатын құрылыс көлемі 51 141 шаршы метр болмақ. Мектеп бір және үш қабатты, бір-бірімен байланысқан тоғыз бөлек ғимараттан тұрады. Сондай-ақ нысанның аумағында спорттықдене шынықтыру, алғашқы әскери дайындық, демалыс және шаруашылық орындары қарастырылған. Осы жылдың қазан айында басталған құрылыс жұмыстары бір жыл ішінде толықтай аяқталады деп жоспарлануда.

pri_0260– Бүгін екі жаңа мектептің құрылысы басталды. Бұл ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына үлкен қолдау деп санаймын. Себебі облыс орталығындағы тұрғындар саны жыл санап артып келеді. Осы уақытқа дейінгі қолданыстағы мектептердегі бала саны өте көп. Үкімет пен Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен келер жылы облыс бойынша үш мектептің құрылысы басталмақ. Облыс орталығындағы апатты жағдайда тұрған №4 мектептің орнына жаңа білім ошағын тұрғызу жоспарымызда бар. Сонымен қатар бір мектеп өңір орталығынан салынса, екіншісі ауданда бой көтермек. Биылғы жылы Шыңғырлау ауданында бір, Бөрлі ауданында екі балабақша салынды. Сонымен қатар Зеленов және Бөрлі аудандарында жаңа мектептер бой көтеріп, пайдалануға берілді. Жалпы, тәуелсіздік жылдары өңірімізде мемлекеттік қаражат есебінен 59 мектеп, 17 балабақша бой көтерген. Оған қоса 24 балабақша жеке инвесторлардың есебінен салынды. Бүгінгі іргетасы қаланған мектеп құрылыстары біз үшін үлкен қолдау болып отыр. Бұл жұмыстар оқушы саны көп, үш ауысымда оқитын мектептерді болдырмау мақсатымен жүргізілуде, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

%d1%88%d0%ba%d0%be%d0%bb%d0%b0-1

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Суреттерді  түсірген  Айбатыр  НҰРАШ


Мойындалған тарихи әділеттілік

Күні: , 47 рет оқылды

%d1%80%d1%83%d0%b4%d1%8c-%d0%b0%d0%bd%d0%b4%d1%80%d0%b5%d0%b9-%d0%b8%d0%be%d1%81%d0%b8%d1%84%d0%be%d0%b2%d0%b8%d1%87


Өткен жылдың 21 мамырында Германияның Бундестагы бұрынғы кеңес әскери тұтқындарына жасалған әділетсіздіктің орнын толтыру мақсатында арнайы өтемақы төлеу туралы шешім қабылдады.


Шешімде екінші дүниежүзілік соғыс кезінде неміс тұтқынында болған кеңес Қарулы күштерінің әскери қызметкерлеріне ақшалай өтемақы берілетіндігі қарастырылған. Ақшалай өтемақы өте қомақты. Оның көлемі — 2500 евро.

БҚО мемлекеттік архиві мониторинг жасап, Ұлы Отан соғысы кезеңінде әскери тұтқында болған, қазір өңірде тұратын көзі тірі майдангерлерді іздестірді. Қолда бар мұрағаттық құжаттар зерттелді, электрондық қорлар тексерілді. Талай жыл өтсе де, архив қызметкерлерінің жолы болды. Нәтижесінде көрсетілген уақыт аралығында тұтқында болған жалғыз жерлес табылды. Ол — Шыңғырлау ауданы, Шыңғырлау ауылының тұрғыны А. Рудь.

Ол 1921 жылдың 12 қарашасында Ресей Федерациясы, Краснодар өлкесі, Ейск ауданында дүниеге келген. 1940 жылы тамызда әскер қатарына шақырылды. Сол себептен Андрей Иосифович соғысты алдыңғы шепте қарсы алып, алғашқы күннен бастап соғысты. Өкінішке орай, Ұлы Отан соғысының бастапқы кезеңі қызыл әскер үшін сәтсіз болды. Әскердің ерен ерлігі мен батырлығына қарамастан, жау күшті болды және ел аумағында екпіндей жылжыды. Қарсыласу ошақтары әуеден, танктердің және зеңбіректің күшімен басып-жаншылды. Андрей Рудь 1941 жылдың маусымында бір топ сарбазбен тұтқынға түсіп, құлдықтың ауыртпалығы мен тауқыметін тартты. 1945 жылдың мамырында тұтқыннан босатылды. Үйіне оралды. 1946 жылы Ейск ауыл шаруашылығын механизациялау техникумына оқуға түсіп бітірген. Жас маман тағдырдың жазуымен Қазақстанға келіп, 1948 жылдың 13 қыркүйегінде «Шыңғырлау ет» кеңшарына шеберхана меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Аталған кеңшарда ұзақ жыл абыройлы жұмыс жасап, құрметті еңбек демалысына шықты. Самайына ақ кірген Андрей Иосифович бүгінде ардақты ата, абыз ақсақалға айналған.

Облыстық архив ардагердің тұтқында болғандығы жөнінде нақты дәлел жинап, неміс тарапына құжаттар топтамасының көшірмелерін жіберген еді. Артынан мемлекеттік архивтің игі міндетінің нәтижесі күтілді. Бұл — облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің, ішкі істер департаментінің және Шыңғырлау ауданының әкімі аппаратының қызметкерлерімен бірлесе жасалған жұмыс. Ардагерге бұл әрекеттер беймәлім еді. Осылайша қараша айының басында ақпарат келіп түсіп, Рудь Андрейдің есепшотына 2500 евро көлемінде ақшалай қаржы аударылды.

Айжан  САУҒАБАЕВА,

БҚО  мемлекеттік  архивінің директоры


Тереңдік пен биіктік

Күні: , 64 рет оқылды

%d1%80%d0%b0%d0%ba%d1%8b%d0%bc%d0%b6%d0%b0%d0%bd-%d0%be%d1%82%d0%b0%d1%80%d0%b1%d0%b0%d0%b5%d0%b2көрнекті жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығына шолу


Жазушының «Құпия түн» атты тұңғыш кітабы 1987 жылы жарық көрді. Оралдағы пединститутты тәмамдап, облыстық «Орал өңірі» газетінде өзім сияқты еңбек жолын бастаған Рахымжанды, сол 1987 жылдың тамыз айында Алматыда, «Қазақ әдебиеті» газеті редакциясында алғаш рет көріп, танысқан болатынмын. Тұңғыш кітабының сүйінші данасын қызметтестеріне көрсетіп, шағындау дастарқан жайып жібергені бар еді. Кезек келгенде, мен де жас жазушыға тілегімді білдіріп, болашақ кітаптарын жібермей оқуға уәде берген едім. Қазір есептеп отырсам, содан бері 30 жылдай уақыт зулап өте шығыпты-ау.


Рахымжан Отарбаев аталған мерзім ішінде жанкешті еңбек етті. Беделі биік баспалардан 10-нан астам кітабы жарық көрді. Қаламгердің аса белсенді шығармашылық қызметі қоғамдық құрылымның күрт өзгерістерге ұшырауымен тұспа-тұс келді. Яғни коммунизмге бағыттап бара жатқан біз 180 градусқа бұрылып, бұрын ит етінен жек көрген капитализмге қол арттық. Жұмыр басты пенде нені көріп, неге көндікпейді десеңізші!?. Әдебиеттің объектісі, яғни нысаны – адам. Ал жазушыны адам жанының инженері дейді.

Рахымжан Отарбаевтың сол 10-нан астам кітапта топтастырылған әңгіме, повесть, пьесаларында адамтану, яғни адамзерттеу ісі тереңдей де биіктей түседі.

«…Қанша адам болса, сонша мінез. Бірін-бірі қайталамайтын образ, әркімнің өзіне тән тілі мен пайымы. Осының бәріне автордың эрудициясын, жалпылау мен жалқылауда, оқиға екшеуде, адам мінезі мен болмысын іріктеуде көрінетін биік талғамын қосыңыз…» деп жазыпты Мемлекеттік сыйлықтық лауреаты, қазіргі қазақ прозасының шашасына шаң жұқпас жүйрігі Дулат Исабеков қаламдас інісінің «Фолиант» баспасынан 2009 жылы шыққан «Аспандағы ақ көбелектер» атты әңгімелер мен повестер жинағына арнаған алғысөзінде.

Шынында да, жазушы  Рахымжан Отарбаевтың кейіпкерлері бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Былай қарағанда, жұмыр басы, үлкенді-кішілі кеудесі, ұзынды-қысқалы аяқ-қолы бар пенделер. Күнде көріп жүрміз, өзіміз де сондаймыз. Ал қаламгер болса, сол нөпір көптің әрқайсысын даралай көрсетіп, әр адамның саусақ табы қайталамайтын болса, әр пенденің ішкі-сыртқы дүниесі де ұқсамайтынына қалам күші арқылы сендіреді. Барлық зейінін аударып оқыған адам Отарбаев кейіпкерлерін автордың аты-жөні көрсетілмесе де, тап басып тани алар еді.

Салыстыру өнер атаулы бас иетін түсінік болса керек.

Екі-үш классик жазушыны мысалға алайық. Мұхтар Әуезовтың сөйлемдері ұзақ, сол себептерден салған суреттерінің бояуы қалың, яғни оқырман сол бойда жеп-жеңіл қабылдай алмайды. Санаға салмақ түсіреді. Салалас, сабақтас, аралас құрмалас сөйлемдерді бір емес, бірнеше рет оқуға тура келеді. Ғабит Мүсірепов өзекті өртейтін туындыларды жазып отырып, юморды шебер қолданады. Яғни автор діттеген ойын жеткізу үшін қажетті «құралға» қол созады. Шыңғыс Айтматов қиялы әлемді шарлап жүреді. Дархан дарын айналып келгенде, алуан-алуан тағдырды тамашалатып, кейіпкерін отқа да салып, суға да салып, қарапайым адамды пайғамбар, пайғамбарды қарапайым адам жасап, сөз бен сезім сиқырын армансыз қызықтатып барып, «жұмбақты» ойламаған жерден тосын шешіп тастайды.

Рахымжан Отарбаевты оқығанда, оның төл әдебиетіміз бен әлемдік әдебиеттің озық үлгілерін терең зерттепзерделегенін пайымдап, өз орбитасын табуға деген ешкімге ұқсамайтын ұмтылысын, яғни қолтаңбасын көргендей боламыз.

Міне, осыдан келіп қаламгердің есімі алыс-жақын шет елдерге танылып, сондағы жетекші әріптестері тарапынан мойындалып отыр. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Махамбет атындағы сыйлықтың иегері. Таяуда алыстан өте қуанышты хабар келді. Көрнекті жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев «Жемісті бейбітшілік шығармашылығы» үшін алтын медальмен марапатталыпты. Айта кетерлік жайт, осыған дейін бұл медальді әлем бойынша Назым Хикмет, Пабло Неруда, Джавахарлал Неру иелік еткен екен.

Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығына жақын көршіміз Ресей елінің көрнекті қаламгерлері қызығушылық танытып, орыс тіліне аударып, кітап етіп шығаруда. Басқа таланттардың беделіне көлеңке түсіруден аулақпыз. Десек те, дәл қазіргі кезде қазақ  прозасының хал-ахуалы шет елге Отарбаевтың туындылары арқылы белгілі болып отыр десек, асырып айтқандық емес. Бұған жазушы шығармаларын талдаған беделді басқосулар куә бола алады.

%d1%80-%d0%be%d1%82%d0%b0%d1%80%d0%b1%d0%b0%d0%b5%d0%b2%d1%80-%d0%be%d1%82%d0%b0%d1%80%d0%b1%d0%b0%d0%b5%d0%b2-%d1%88%d1%852000-2016  жылдар аралығында Рахымжан Отарбаевтың «Таңдамалы шығармалар жинағы», І том, «Дауысыңды естідім», «Біздің ауылдың амазонкалары», «Қараша қаздар қайтқанда», «Шыңғыс ханның көз жасы» кітаптары шықты. Жазушының 60 жасқа толуына орай қазақ және орыс тілдерінде екі томдығы жарық көріп отыр.

Жазушы Рахымжан Отарбаев – драматург. Оның 15 пьесасы топтастырылып, 2013 жылы Астана қаласындағы «Фолиант» баспасынан «Айна – ғұмыр» деген атаумен бір томдық болып шықты. Автордың пьесалары республикалық және облыстық театрлар сахнасынан түсіп көрген емес. Сондай-ақ оның туындыларын туысқан қырғыз халқы өз сахналарынан тамашалауда.

Біз газет мүмкіндігіне орайластыра жазылған осынау мақаламызда қаламгердің бүкіл шығармашылығын талдауды мақсат тұтпадық. Олай істесек, құшағы жетпесті құшуға әрекеттенгеніміз болар еді.

Теңіз суының дәмін бір тамшысынан білуге болатыны сияқты Отарбаев қаламының қарымын бір ғана әңгімесі мысалында көрсетуге талпыныс жасадық.

«Бесқасқа Беріштің хикаясы» – повестің жүгін көтеріп тұрған әңгіме. Көлемі жиырма парақ шамасындағы дүние. Ұлы жүзде ел билеушінің жалғыз ұлын намыс жолында өлтірген Жүсіп деген жігіттің тағдыры баяндалады әңгімеде. Жарлы болса да, арлы Жүсіп қыз таңдап, үйленбей біраз жүріп қалады. Қалталының алдында қалтақ-тамайтын, әкімқараларға жалтақтамайтын ерлігіне серілігі сай, серілігіне ерлігі сай азамат ел тізгінін ұстағандарға ұнай қоя ма!..

«…Екі көзі алақандай, қапсағай бойлы қара жігіттің айбатына шыдамай, тайсаң қаққандар, сырттай уәж байласып, осының басын бір пәлеге шатиық деседі. Мықтының сағын сындырғанша, жақсының бағын қайтарғанша мігір таппайтын қу мүйіз сығырлар, сонымен, аңғал Жүсіпті қайрап-қайрап бір іске салады. Ол қыз алып қашу еді…» деп жазады автор. Екі ауыз сөзбен кейіпкерінің сыртқы көрінісі мен ішкі жандүниесін көз алдыңа әкеліп тұр ғой. Содан қулар датқаның қызы Бәлекей сұлудың орнына оның күңін түн қараңғысында Жүсіпке ілестіріп жібереді. Пәле осыдан басталып, Жүсіпті табалай келген байдың жалғыз ұлы мерт болады.

Әңгімеде қарапайым ауыл жігітінің «философиясы» ғажап көрініс тапқан. «…Ғашықтық деген не тәйірі, жүр ғой соны білмей-ақ, балағынан бала төгілген біздің жаман қатын. Томырғаны май, тоңқайғаны ұл, байдың малын сауады, жапасын үйеді. Жүнін түтіп, киізін басады. Содан жаман атанды ма?..» Иә, оның пайымы осы. Өзінікі жөн. Бұл – кейіпкерді даралау әдісі. Ал Жүсіпке жардың ең сұлуы, елде жоғы керек. Оны можантопайлар қайдан түсінсін. Даралардың арманы да дара, өмірлік ұстанымы да дара! Жүсіп намыс жолында туған жерін тәрк етіп, Жетісудан Ақ Жайыққа сапар шегеді.

Әңгімеде Жүсіптің анасы елес күйінде ғана көрініс табады.

«…Қарағым-ау, қоң етімді кесіп аспасам, осы үйде тіске басар қызыл емге жоқ. Қап түбіндегі тарыдан қалғаны мынадай, — деп қос уысын көрсетті…» деп жазады автор. Екі сөйлемде қараша үйдің өте кедейлігі, Жүсіптің анасының тұрмыс тауқыметінен титықтағаны, бейнесі көрінбесе де, арып-ашыған кейуана көз алдыңа келе қалады.

Жүсіп Ақ Жайық бойына жеткенде көрген шал ше?.. «… – Осы тоқал итті сояйын, қызылсырап біттік деп Құдайдың зарын қылдым. Үйдегі қақпас көнді ме? Жыл сайын егіз лақтайды деп. Сен менің таңдайымды ағартып, дәулетімді тасытпай-ақ қой. Тумай туа шөккір. Көтің неге бітеліп қалмайды сенің! – деп бар қарғысын тоқал ешкісіне жаудырған шал дамбалы ағараңдап шек-шек келгірді тал санап қуды…». Тұнып тұрған сурет, жан-жақты ашылған образ ғой. Шал – кедей, шал – аңғал, шал – юморист, шал – қарапайым халық өкілі.

Иә, Жүсіп деген салт басты, сабау қамшылы өр жігіттің Ақ Жайық атырабына келіп, Беріш руына сіңісіп кеткені туралы аңызды өз басым төрт-бес жастағы бала кезімнен естіп келемін. Жүсіптің ұрпақтары Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында ғұмыр кешіп жатыр. Бұл оқиға шамамен 250 жылдай бұрын болған сияқты. Көненің көзін зерттеп жүрген журналист ініміз Қазбек Құттымұратұлы Жүсіпке қатысты құнды жәдігер – шежіре тапты. Тегін білген елін біледі. Атамекен, бабажұртын есінде ұстайды. Бесқасқалар Берішпен еншілес болса да, таңбасы (//) бөлек.

Жазушы Рахымжан Отарбаев ел аузындағы аңызды әдемі әңгімеге айналдыра алды. «Сөз сөзге сәулесін түсіреді» дегендей, Рахымжанның әңгімеге арқау болып отырған туындысынан қатты әсерленіп, яғни от алып, «Ер Жүсіп» атты повесть жазғанымды айта кеткім келеді. Мұны қаламгердің қаламгерге тигізген игі ықпалы деуіміз керек. «Жақсыдан – шарапат» деп осындайды айтар болар.

Көрнекті жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы Нұржау ауылында 1956 жылдың қоңыр күзінде дүниеге келді. Яғни асқаралы 60 жасқа келіп отыр. Ол Орал пединститутын бітірді. Облыстық «Орал өңірі» газетінде қызмет етті. Рахымжанның тырнақалды туындылары Оралда дүниеге келді. Сондықтан біз үшін ол өте ыстық көрінеді. Шығармашылық дер шағындағы дарынды жазушының жаңа әңгімелер жинағы Мемлекеттік сыйлыққа да ұсынылды.

Қазақ әдебиетін сапалық тың белестерге шығарған ұлылардың ізін басқан буынның арасынан кең тынысты, қолтаңбасы ерекше қаламгер Рахымжан Отарбаевтың шоқтығы биік көрінеді. Шығармашылық жолында тереңдік пен биіктікті мұрат тұтқан сөз зергерінің бергенінен берері көп екені күмәнсіз.

Айтқали НӘРІКОВ,

ақын,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі


Ұлттық валюта ұлықталды

Күні: , 45 рет оқылды

photo_31516


Елдің экономикалық тәуелсіздігін көрсететін басты белгілердің бірі – төл валютасы. Бұл бұлжымайтын қағида деуге болады. Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық тойының қарсаңында елордада төл теңгеміз айналымға енгізілген күннің мән-мағынасын ашып, ұлттық валютамызды ұлықтаған алқалы жиын өтті.


«Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл: ұлттық валюта» деген тақырыппен өткен конференцияға Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев, Парламент депутаттары, теңгенің дүниеге келуіне атсалысқан белгілі экономист ғалымдар, қаржыгерлер қатысты. Жиын басында сөз алған Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова теңгенің ел тағдырында алатын маңызды орны туралы баяндады.

– Мемлекеттік туымыз, Әнұранымыз, Елтаңбамызбен қатар, Тәуелсіздіктің ең басты белгілерінің бірі – мемлекеттің төл валютасының болуы. 1993 жылы 15 қарашада Қазақстанның өз валютасы – теңге айналымға енгізіліп, үлкен тарихи қадам жасалды. Ол экономика тоқырап, өндірістер жабылған, тіпті қарапайым адамдардың жалақысына дейін сыртқы факторларға тәуелді болған аса күрделі кезең еді.

Елбасы Н.Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында еліміз уақыт сынынан сүрінбей өтті. Ал төл теңгеміз тәуелсіздіктің айшықты символдарының біріне айналды. Халықтың көңіліне сенім ұялатып, болашаққа нық қадам басуына жол ашты. Әлемдік дағдарысқа лайықты төтеп беріп, мызғымас қуатын дәлелдеді,– деді Мемлекеттік хатшы.

era_1028-1Гүлшара Әбдіқалықова «Елбасы Н.Назарбаевтың жалпыұлттық бірлік пен келісім үлгісі Қазақстанның жарқын жетістіктерінің шешуші факторы екенін, сондай-ақ, оған Қазақстан халқы Ассамблеясы да ықпал еткенін жеткізді. Мемлекеттік хатшы атап өткендей, бүгінде теңге экономикамыздың тірегіне, берекелі де мерекелі тіршілігіміздің күретамырына айналған. Ол алдағы уақытта да Қазақстанның жарқын жеңістері мен толағай табыстарының тұғыры бола беретініне сенім зор.

Осы конференцияда Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған 10 мыңдық кәдесыйлық банкнотты және монетаны жұрт назарына ұсынды.

– Елбасы ұсынған «Мәңгілік Ел» идеясының мызғымас негіздерінің бірі – ұлттық бірлік, бейбітшілік және келісім. Баршамыздың Отанымыз бір, тағдырымыз бір. Бүгін сіздердің назарларыңызға ұсынатын естелік монетаға осы идея негіз болды. Тәуелсіздік тарихы – Мемлекет басшысының тарихымен тығыз байланысты. Сол себепті, Ұлттық банк Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған, еліміздің дамуына Президенттің қосқан үлесін бейнелейтін мерейтойлық банкнотты назарларыңызға ұсынады,– деді Данияр Ақышев.

Банкнотты таныстыру салтанатында айтылғандай, он мыңдық купюрада сақтар дәуірінен бүгінгі күнге дейінгі тарих жинақталған. Қазақстанның картасы ел халқының ортақ үйі ретінде көрсетілген. Қазақ елі монументіндегі Самұрық құс өткен күн мен бүгіннің сабақтастығын бейнелейді. Мерейтойлық купюра Президентіміздің ел дамуына сіңірген ерен еңбегінің көрінісін бейнелеуге бағытталған.

5 мың номиналдағы монетаға тоқталар болсақ, ол 925 сынамалы күмістен жасалыпты. Беткі жағында Қазақ елі монументі, ұлттық киімдегі әр түрлі ұлт өкілдері бейнеленген. Күн шапақтарының көрінісімен көмкерілген монетаның салмағы 777,5 грамға тең.

Данияр Ақышев айтқандай, Ұлттық банк кәдесыйлық банкнот пен монетаны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні – 1 желтоқсанда жарыққа шығарады. Осылайша, Тәуелсіздік тойының қарсаңында халқымыз үшін үлкен сый жасалмақ.

4ac61fd92373ba79453972bf4a176e15Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы кеңесінің төрағасы Мағжан Әуезовтің пікірінше, жаңа банкнот пен монета халық үшін айрықша бағалы зат болады.

– Ұлттық валютамыздың айналымға енуі – Қазақстанның тарихындағы айрықша оқиғалардың бірі. 1993 жылдың қараша айында Қазақстан Президентінің «Қазақстан Республикасының Ұлттық валю-тасын енгізу туралы» Жарлығы шыққан болатын. Содан бергі аралықта мемлекетіміздің экономикалық құрылымы қалыптасты. Ал Тәуелсіздік күнінің қарсаңында Ұлттық банктің Мемлекет басшысы бейнеленген купюра мен монетаны таныстырғаны өте орынды қадам деп ойлаймын. Купюраға Елба-сының суреті бейнеленуі Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде қалыптасуындағы Президенттің айрықша рөлін білдіреді. Бұл купюра үлкен құндылыққа айналады, оны адамдар бағалы дүние ретінде сақтайды деп сенемін, – деді Мағжан Әуезов.

Философия ғылымдарының докторы, академик Ғарифолла Есім Ұлттық банк таныстырған жаңа банкнотты сонау 1993 жылы шыққан алғашқы 1 теңгелікпен салыстырды. Ғалымның пайымына салсақ, теңгеде әл-Фарабиден бастап, Нұрсұлтан Назарбаевқа дейінгі аралықтағы еліміздің тарихы көрініс тауып отыр.

– Бір теңгелік банкнотқа әл-Фараби бейнеленген еді. Міне, сол оқиғаға да 20 жылдан астам уақыт өтіпті. Бүгін Данияр Ақышев мырза 10 мың теңгелікте Елбасы бейнеленгенін айтты. Демек, теңге арқылы әл-Фарабиден бастап, Нұрсұлтан Назарбаевқа дейінгі тарих көрініс тауып отыр. Төл теңгеміздің төрге озған күні құтты болсын! Теңгеміз теңселе бермей, тұғырлы болсын! – деді Ғ.Есім.

Осы жиында айтылғандай, теңгені жасау, айналымға енгізу өте күрделі жағдайда жүргізілген. Ол кезеңде мамандардың тәжірибесі аз, ресурс жеткіліксіз, біліктілік төмен еді, ондаған жылдар бойы қалыптасқан экономикалық қатынастар күйреген уақыт болатын. Теңгені дүниеге әкелу жұмыстарын Қазақстан Республикасының Президенті тікелей қадағалап, атсалысты.

Конференцияда есімі елге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, экономист ғалымдар сөз сөйлеп, төл валютамыз еліміздің қаржылық тәуелсіздігінің символы екенін айрықша атап өтті. Олар өзінің ұлттық ақшасы бар ел ғана дамудың жаңа кезеңіне аяқ басып, нарықтық экономиканың құрылымын қалыптастыра алатынын тілге тиек етті.

Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»

No220, 16 қараша, 2016 жыл


«Көгеріс» ауылдың көсегесін көгертпек

Күні: , 56 рет оқылды

img-20161108-wa0028


Елбасы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы жиі айтып, кәсіпкерлерді қарапайым халыққа қарай бет бұруға шақырып келеді. Осы бағытта Сырым ауданындағы «Көгеріс» ауылдық тұтыну кооперативі өзгелерге үлгі боларлықтай істерді қолға алды.


Аталмыш кооператив Бұлдырты ауылдық округіндегі Көгеріс елді мекенінде құрылды. Бұлдыртыдан 22 шақырым қашықтықта орналасқан бұл ауылда 300-ден аса тұрғын бар. Кеңес заманында салынған мұндағы клуб ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары өртеніп кетіпті. Содан бері бұл ауылдағы түрлі шара атаулысы мектепте өтіп жүр. Ал білім ұясының шағын ғимараты мектепішілік шараларды өз деңгейінде өткізуге қолбайлау туғызып жатқанда, өзге іс-шаралар туралы не айтасыз?! Ауылға мәдениет үйін салу туралы мәселенің күн тәртібіне қойылғанына біраз болды. Оның жуық арада шешілетініне көпшілік сенімсіздік танытқаны рас. Сөйтіп жүргенде көгерістіктердің аспаннан іздегені жерден табылды. Былтыр құрылған ауылдық тұтыну кооперативі биыл осы істі қолға алды.

– Ауылымыздан біраз өнер адамдары шықты. Олардың ішінде Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық ұлт аспаптар оркестрінің директоры, «Мәдениет саласының үздігі» Нұрғиса Дәуешев, елімізге танымал журналист Құбаш Меңдіғалиев бар. Қазіргі жастарымыз да өнерден құралақан емес. Мәселен, ауылымыздан көңілді тапқыштар клубы құрылып, олар аудандық, облыстық сайыстарға қатысып, жақсы өнер көрсетіп жүр. Бірақ олардың дайындалуына сахна жоқ. Сол себепті КТК-ның жастары да мектепті жағалайды. Міне, осының бәрін бұрыннан білеміз ғой. Алайда ол кездері көмектесуге мүмкіндігіміз болмады. Үкіметтің ауылдық тұтыну кооперативтерін құру туралы жақсы бастаманы қолға алғанына ризамыз. Соның нәтижесінде тұрғындардың ауызбірлігі нығайып, мемлекет тарапынан берілетін демеуқаржыға және өзге де қаржы көздерін тауып, ауылымыздағы өзекті мәселелерді шешудеміз. Осылайша мәдениет үйін салуды қолға алдық. Құрылысқа қомақты қаржы керек қой. Қызметімізді енді бастап жатқан бізде ондай қаржы қайдан болсын. Дегенмен де жоқтан бар жасап, қимылдап жатқан жайымыз бар. Жалпы, бұл ісімізге ауылымыздан түлеп ұшқан, қазір аудан, облыс көлемінде, тіпті республикамыздың өзге өңірлерінде тұратын жандар барынша жәрдемдесіп жатқанын да айта кеткім келеді. Оларға ауыл тұрғындары атынан өз ризашылығымды білдіремін, — дейді «Көгеріс» ауылдық тұтыну кооперативінің төрағасы Боранбай Сарбөпеев.

Көпшіліктің жәрдемдесуіне «В контакте» әлеуметтік желісінен ашылған «Көгеріс» деген парақша да септігін тигізуде. Жергілікті жастар желінің әкімгерлері болып белгіленген жігіттерге ауылдағы, мектептегі жаңалықтарды жазып, фотоға түсіріп жібереді. Олар бәрін жинақтап, реттеп, парақшаға салып отырады. Мәселен, мәдениет үйінің құрылысы басталды деп желіге хабар шығарғанда, Көгерісте дүниеге келген, оқыған, жұмыс істеген жандар хабарласып, сәттілік тілеген, кейбіреулері көмектерін беруге әзір екендерін айтқан. Ауыл жігіттерін асарға да осы әлеуметтік желі арқылы шақыру дәстүрге айналған.

img-20161108-wa0010Көгеріс негізгі мектебі директорының міндетін атқарушы Ізбасар Амангелдиннің айтуынша, ауылдық тұтыну кооперативі білім ұясын да өз қамқорлығына алған. Қажет құрал-жабдықтарды, мектептегі шағын орталыққа ойыншықтар алуға, өзге де мәселелерді шешуге қолұшын созып келеді. Бала саны азайып, білім ұясы негізгі мектеп мәртебесінен айырылып қалмауы үшін кооператив басшылығы көп балалы отбасыларды ауылға көшіріп әкеліп, бүлдіршіндерді мектепке, отағасыларын осы мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарына орналастырған. Бұйыртса, бұл мәдениет үйі салынып болғасын оны мемлекет меншігіне өткізу көзделіп отыр. Осында жұмыс істеп жүрген жандарды сол мекеменің техникалық бағыттағы қызметтеріне орналастыру жоспары жергілікті атқарушы билік құрылымдары тарапынан қолдау табуда.

Айта кетейік, Сырым ауданында бірінші болып құрылған аталмыш кооператив бүгінде ауыл тұрғындарының қолындағы 300 бас аналық ірі қара малын біріктіріп отыр. Оларды асылдандыру мақсатында 10 бас асыл тұқымды бұқа алынды. Кооперативтің штатындағы бақташылар малдың күтіміне, амандығына тікелей жауапты. Соның арқасында ауылда мал ұрлығы тыйылыпты. Бұрын жыл сайын осы ауылдан 20 шақты мал жоғалатын болса, былтырдан бері мұндай қылмыс орын алған жоқ. Мемлекет тарапынан берілген демеуқаржыға өткен жылы ауылдағы құдық, су жүйелері жөндеуден өткен. «Көгерістіктер арнайы су сору құрылғысы арқылы жер асты суын пайдаланып отыр, — дейді Бұлдырты ауылдық округінің әкімі Ерлан Мақашев. — Құны орта есеппен 200 мың теңгедей тұратын аталмыш сорғы істен шығып қиналып жүргенде, осы кооператив өз қаржысына жаңасын алып берді. Кооператив әлеуметтік жауапкершілікті жете сезінетін, түрлі шараларға демеушілік танытып келеді. Содан болса керек, таяуда «Көгеріс» Сырым ауданының ең үздік ауыл шаруашылығы кооперативі деген атақ алды. Бұл – біз үшін үлкен мақтаныш».

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

Сырым  ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика