Мұрағат: 09.11.2016


Кәсіпкерлер тарапынан белсенділік, бизнес бастамалар керек

Күні: , 182 рет оқылды

img_8490


Кеше Оралдағы Салтанат сарайында «Облыстың өнеркәсіп және агроөнеркәсіп кешені салаларындағы кәсіпкерлікті дамыту» тақырыбында кәсіпкерлер форумы өтті. Басқосуға «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев, облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты.


Басқосуды ашқан өңір басшысы Алтай Көлгінов ел тәуелсіздігінің 25 жылы ішінде мемлекет пен қоғамның қозғаушы күші ретінде бизнестің институционалды тұрғыда қалыптасқанын, салалық және мемлекеттік бағдарламалардың кәсіпкерліктің дамуына ерекше серпін беретініне тоқталды. Сонымен қатар облыс басшысы  форумға түрлі өңірлерден бір топ кәсіпкерлерді бастап келген кәсіпкерлер палатасының басқармасы төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаевқа және қонақтарға алғыс айтты.

— Біздің мақсат – мемлекеттің, даму институттарының және бизнестің арасындағы конструктивті  және үйлесімді диалог құру. Экспортты, ЕурАзЭО шеңберінде кооперацияны дамыту арқылы облыстағы кәсіпкерліктің даму бағыттарын анықтап, бір ұстанымды қалыптастырамыз, инвестиция тарту жөніндегі тәжірибемізбен бөлісеміз, — деді Алтай Сейдірұлы. Облыс басшысының айтуынша, соңғы үш жылда облыстың әлемнің өзге елдерімен арадағы сауда айналымы   8,2 трлн. теңгені құраған, оның ішінде экспорт 2,7 есеге өсіп, 7,7 трлн. теңгеге жетті.  Бүгінде агроөнеркәсіп саласында «Желаев нан өнімдері комбинаты», «Кублей», «Белес Агро», өнеркәсіп саласында «Орал трансформатор зауыты», «Зенит», «ЗКМК», «ТМК-Казтрубпром» компаниялары және өзгелері ірі экспортерлар болып қалыптасты. Олардың өнімдері негізінен Ресейге, Әзірбайжанға, Қырғызстанға, Беларуссияға, Арменияға, Өзбекстанға және алыс шетелдерге шығарылады.  Отандық өндірісшілерді қолдау және олардың өнімдерін сыртқа шығару бағытында бірқатар шаруа атқарылды.  Соның ішінде қазақстандық және ирандық компаниялар арасында алты меморандум жасалған. Мысалға, мұнайхимиясы саласында «Топан» ЖШС және ирандық «Falizan Tasfyeh Co» компаниясы (химиялық реагенттер өндірісі), «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ және ирандық «Innovative Component Solution» компаниясы (газтурбиналы қондырғы жабдықтары өндірісі) біріккен кәсіпорын құру бағытында жұмыстануда. Оралдық «Топан» компаниясы және  сингапурлық «Сhemical Industries» компаниясы елімізде химиялық зауыт ашу жөнінде бірге жұмыстанып отыр. Ал биыл наурыз айында «Орал трансформатор зауыты» және Түркияның жеке инвесторлары «АВВ» швейцарлық компанияның технологиясы бойынша электр техникалық жабдықтар шығаратын біріккен кәсіпорын құруда.  Қазіргі уақытта Оралда электр қалқан өндірісі жобасы бойынша жаңа «URAL  ELECTRIC» ЖШС біріккен кәсіпорын тіркелді. Сондай-ақ биыл қоқыс өңдейтін және су тазалайтын салада көп жылдық тәжірибесі бар финдік  «Doranova» компаниясы жаңғыртылатын қуат көздерін енгізу және қоқыс қалдықтарын өңдеу жобаларын  қолға алу үшін ізденістерін бастады. Финдік «Lammin Ikkuna», «General Finland» және оралдық «Стекло Сервис», «Элита» компаниялары өзара тиімді әріптестікпен жұмыстануда.  Бүгінде «ЛАММИН» компаниясымен бірге біріккен кәсіпорын құру бағытында жұмыстар жүргізілуде.

— 2016 жылы облысқа инвестиция тартуда оң динамика байқалады.  2015 жылмен салыстырғанда инвестициялардың өсімі 18 пайызды (263,1 млрд. т.), соның ішінде сыртқы инвестиция 55, 9 пайызды (184, 8 млрд.т.) құрады, — деді Алтай Көлгінов. Облыс басшысының айтуынша, өңіраралық кооперация шеңберінде өзге өңірлермен іскерлік байланыстар нығая түскен. Мысалға, «Жәрдем» шаруашылығы Ақтау қаласына биылдың өзінде 150 тонна ет жеткізді. «Батыс Марка Ламб» компаниясы Атырауға өнім жеткізуге уағдаласса, «Каверин» ЖК тек қазан айында Атырауға 1,5 тонна өнім жеткізді.

— Бүгінде «Агробизнес – 2020» бағдарламасы түбегейлі өзгертілуде. Елбасының тапсырмасы бойынша, бұл бағдарлама алдағы жылы салалық емес, мемлекеттік бағдарлама болады. Оның бұрынғысынан айырмашылығы мұнда нарықта сұранысқа ие өнімдерді өндіру қажеттілігі айтылады. Өндіру керек болған соң емес, сатылатын өнімді өндіру керек. Осындай басты талап тұрғысынан келсек, біз не сата аламыз деп ойландық. Қазақстанның жағырапиялық орны ерекше: іргемізде Қытай, Ресей, Иран тұр және Парсы шығанағы елдерінен де қызығушылық күшті.

Қытай нарығы көп уақыт бойы бізге жабық еді. Өйткені қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдеріне түрлі шектеулер көп болатын. Мал ауруларына байланысты етке де жол жоқ-тұғын. Елбасымыздың соңғы жұмыс сапарынан кейін бұл нарықтың «есігі» ашыла бастады. Қытайдың мемлекеттік органдарымен, сыртқы сауда палатасымен келісімдер жүргізудеміз. Оларға қажетті өнімдер анықталуда, соның ішінде бағаларына келсек, мысалға, еттің бағасы ел нарығындағыдан 10 есе жоғары. Онда майлы дақылдарға, күнбағыс майына сұраныс зор. Алғашында солтүстік өңірлерден 2 мың тоннадай күнбағыс майын жібергенбіз, екі күнде өтіп кетті. Қазір де қазақстандық майға ауқымды көлемде сұраныс күшті әрі бағасы көңілдегідей. Жақында сыртқы сауда палатасында болдым, ондағылар сояға сұраныс барын айтты. Жыл сайын Қытай АҚШ-тан, Аргентинадан 70 млн. тонна сояны импорттайды. Елімізде жыл сайын 200 мың тонна соя өсіріледі. Қытайға өнім өткізу үшін қажетті стандарттарды алып, аударудамыз. Одан кейін оларды өңірлерге таратамыз, сайтқа саламыз, — деді Нұржан Әлтаев. Оны айтуынша, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының ұсақ 1500 омарташысы кооперацияға біріккен. Олар балдың қорапшасын шығаратын цехты бірігіп салған және Қытайдан ветеринарлық инспекция өкілін әкеліп, балдың сапасын тексерту жұмыстарынан кейін өнімнің сертификатын алуға қол жеткізген. Қазір оларға Қытай нарығының «есігі» ашық. «БҚО-ның  ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті зор.

Мал шаруашылығының да мүмкіндіктері мол. Сондықтан сіздерді Қытайға өнім шығаруға қатысуға  шақырамыз», — деген Н. Әлтаев кәсіпкерлер палатасының сайтында барлық мәлімет барын, тілек-өтініштерін сонда қалдыруға болатынын жеткізді. Бірақ Қытайға өнім шығару үшін сол елдің ветинспекциясы алдымен өңірге келіп, кәсіпорынмен, шаруашылықпен танысады. Н. Әлтаевтың айтуынша, Біріккен Араб Әмірліктері елі тарапынан қазақстандық  етке, ірі және ұсақ мал етіне деген сұраныс барын, жақсы жобалар болса, Ислам даму банкі қаржыландыруға дайын екендігін жеткізді. Одан кейін сөз алған «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарма төрағасы Жандар Омаров ауыл кәсіпкерлерін қолдау жайында баяндама жасады. Оның айтуынша, соңғы бес жылда БҚО-да аталмыш қор арқылы 7 млрд. теңге бөлініп, игерілген және 3 мыңнан астам кәсіпкер несие алған. Ауылды шағын несиелеу бүгінде «Ынтымақ» (ауылдық кооперативтерді дамыту), «Игілік» (мал өсіруге) және «Бірлік» (сүт қабылдау пункттерін құруға), «Береке» (отбасылық мал бордақылау алаңдарын дамытуға) бағдарламалары бойынша жүргізілуде. Бұл бағдарламалардың барлығы да қосалқы шаруашылықтарға негізделген кооперативтерді қолдап, дамытуға қызмет етеді. «Бағдарламалардың шарттары түсіндірілуде. БҚО-да 4 ауылдық округ пилоттық жобаға іріктеліп алынады. Округтердің әрқайсысында 20 шаруашылықтан кем болмауы тиіс. Шаруашылықтардың бірігуі, кооперациялануы тауар өндіруге мүмкіндік береді. Бұл кооперативтерге қаржылай қолдау көрсетіледі.  Бұл мақсатқа облысқа  400 млн. теңге бөлінбек. Тек оның басты шарты —  өндірілген  өнімді өткізу. Өңірде ірі өңдеу кәсіпорындарының барын ескерсек, кооперативтер өндірген өнімді өткізу қиынға соқпайды», — деді Ж. Омаров.

Кәсіпкерлер палатасының өнеркәсіп және инвестициялық саясат департаментінің директоры Нұрлан Сақуовтың басқосуда жасаған баяндамасына сүйенсек, Қазақстан кластерлік жолмен дамуға ниетті. Кәсіпорындар кооперацияға бірігіп, бәсекеге қабілетті болуы тиіс. «Жуықта Инвестициялар және даму министрлігі алты кластер бойынша іріктеу конкурсын өткізеді. Оларға мемлекеттік бағдарламалар бойынша қолдау көрсетілетін болады. Сондықтан әрбір өңір іріктеу комиссиясына өз аумағында кластер құратын жобаларын ұсынуы тиіс», — деді ол.  Бұдан кейін жиын барысында белгілі болғандай, облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Әнуар Ниетқалиевтің айтуынша, БҚО тамақ өнеркәсібі кластерін құру ниетімен үкіметке ұсыныстарын жолдамақ.

Дөңгелек үстел барысында «Финдік бизнес Хаб» директоры Мұхтар Манкеев, «Топан» компаниясының коммерциялық директоры Ғайса Жұмалиев,  «CentrAsia Group» компаниялар тобының даму жөніндегі директоры Жұматай Сәлімов, сонымен қатар экспортерлар сырттан инвестиция тарту және іскерлік байланыс орнату тәжірибелерімен бөлісті. Оңтүстік- қазақстандық кәсіпкер, «Қайып ата» ЖШС-ның атқарушы директоры Сырым Ертаев Парсы шығанағы елдерінің нарығына ұсақ малды экспорттау ерекшеліктері жайында әңгімелеп берді. «Араб елдерінде еттің бағасы біздегіден қымбат, 6-10 доллар шамасында. Бар қиындық логистикада. Өнімді ұшақпен апарамыз, бірақ қайтарда бос қайтамыз. Қазір Иранмен келіссөздер жүргізілуде. Тегеранның өзінде 30 млн. халық тұрады. Ол жақта мал өнімдері, ет, сүтке сұраныс бар», — деген Сырым Ертаев батысқазақстандықтарды бірге жұмыс істеуге шақырды. Сондай-ақ жиын барысында БҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қайыршин ауылдағы кәсіпкерлікті шағын несиелеу жобасымен таныстырды. Мұндай жобалар бірқатар өңірлерде қолға алынған.

Басқосуды қорытындылаған облыс басшысы Алтай Көлгінов кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы мұндай шаралар тәжірибе алмасуға, бизнесті дамыту мақсатында өткізілетінін айта келе, тек кәсіпкерлер тарапынан белсенділік, бизнес бастамалар қажеттігін атап көрсетті. «Біз жобаларды құрылғаннан бастап іске асырылуына дейін қолдауға әзірміз», — деді ол.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


«Динаның» мектепке тартуы

Күні: , 69 рет оқылды

pri_9028


Қаламыздағы ірі сауда орындарының бірі «Дина» гипермаркеті «Дина – мектептерге!» атты әлеуметтік бағдарламасын сәтті жүзеге асырып, еліміздің ертеңі – балғындарымызға қуаныш сыйлап келеді. Сейсенбі күні олар шаһарымыздағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған №8 облыстық мектебіне 15 компьютер, интерактивті тақта, түрлі түсті принтерді салтанатты түрде табыстады. «Дина» гипермаркетінің директоры Жанна Сүйіншәлинаның айтуынша, 15 қыркүйектен бастап 31 қазанға дейін созылған дауыс беру арқылы жүзеге асқан ұтыс ойынына 50-ге жуық мектеп қатысқан. Өткен жылы №44 мектеп көп дауыс жинап, жеңіске жетсе, биылғы жылы бас жүлде дарынды балаларға арналған мамандандырылған №8 облыстық мектебіне бұйырған. Облыстық және қалалық әкімдіктің қолдауымен өткізіліп жатқан әлеуметтік бағдарламаға қатысқан «Дина» гипермаркетінің тұтынушылары дауыс беру арқылы осы білім ошағын таңдады. «Біз өзіміздің тұтынушыларымызға «Дина – мектептерге!» бағдарламасына белсене қатысқандары үшін шынайы алғыс білдіреміз», — деді Жанна Сүйіншәлина.


Аталмыш мектеп директоры Анаргүл Қаржауова балаларды қуанту үшін бар жағдайды жасап жатқан «Дина» гипермаркетінің ұйымдастырушыларына шексіз ризашылығын білдіріп, тұтастай қажетті заттармен жабдықталған компьютерлік сыныпты 11-сынып оқушылары өз игіліктері үшін пайдаланатынын тілге тиек етті. Балалардың жүзіне күлкі үйірген әдемі шара мектеп оқушыларының шағын мерекелік концертіне ұласты.


«Ақ бұлақ» – Нұрсайда

Күні: , 71 рет оқылды

pri_9275


Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында кеше Қазталов ауданы Тереңкөл ауылдық округінің орталығы Нұрсай ауылында «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес ауыз сумен қамту жүйесі пайдалануға берілді.


Ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасқан облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев өңірде Елбасы тапсырмаларына сәйкес жоспарлы жұмыстар жасалып жатқанын, соның ішінде жергілікті халықтың әл-аухатын жақсарту мақсатында Нұрсай секілді шалғай елді мекендерде де әлеуметтік нысандардың іске қосылып отырғанын атап өтті. Аталмыш жоба құны – 247,5 млн. теңге. 11 айға есептелген жұмысты мердігер мекеме «Құрылыс газ» ЖШС (басшысы Кәримолла Жақыпов) 3,5 айда сапалы атқарып шықты. Күні бүгін ауылдағы 136 үйдің 126-сы ауыз сумен қамтылған. Су кіргізу ісі одан әрі жалғасуда.

Бұл ретте сумен қамту нысанының жедел іске қосылуына облыс әкімі Алтай Көлгіновтің тікелей ықпал еткенін атап өткен жөн. Өңір басшысы биыл тамыз айындағы жұмыс сапары кезінде жобаны аяқтауға қаржының жетіспейтінін көріп, облыс бюджетінен қосымша 182 млн. теңге бөлгізді. Осы нысанның ашылу рәсімінде Б. Азбаев пен аудан әкімі Нұрлан Бекқайыр тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай жергілікті полиция қызметі мен қос аудандық аурухана өкілдеріне аудандық бюджет қаражатына алынған «Нива» мен «Уаз» автокөліктерінің кілттерін табыс етті. Сонымен қатар биыл Тереңкөл орта мектебі 162,636 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өткізілді. Бұл жұмысты «БатысСтройСервис» ЖШС мерзімінде бітірді. Су кіргізілген үйлер мен мектепті аралап көрген облыс әкімінің орынбасары ауыл тұрғындарымен кездесті. «Тәуелсіздік жылдарында еліміз көптеген табыстарға қол жеткізді. Әсіресе, соңғы кезде Қазталов сынды алыс аудандардың өзінде жол салу, газбен, ауыз сумен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Тереңкөл орта мектебі мен оның жанындағы интернаттың сапалы жөнделгенін де көріп отырмыз. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады», — деді Б. Азбаев. Айта кетейік, «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында осы аудан бойынша биыл құрылысы басталған Қазталов ауылында сумен қамту жүйесін қайта құру (314,398 млн. теңге) және Жалпақталда су құбырын қайта жүргізу (384,690 млн. теңге) ісі 2017 жылы жалғасын таппақ. Сонымен қатар жалпы құны 1647,5 млн. теңге болатын Ақпәтер, Бостандық, Жаңажол, Талдыапан, Сарықұдық, Қайшақұдық, Қособа ауылдарын да ауыз сумен қамту көзделуде.

pri_9311pri_9365pri_9428


Ауылдықтарға қуаныш сыйлаған «Дәргүл»

Күні: , 61 рет оқылды

dsc_0222


Ақжайық ауданының тұрғындарына бұрын тыныс-тірлігі гүрілдеген тұрмыстық қамту комбинатында еңбек еткен, он саусағынан өнер тамған тігінші Дариға Сүлейменованың еңбегі жақсы таныс. Ол өткен ғасырдың аяғынан бастап «Сүлейменова» жеке кәсіпорнының жұмысын дөңгелетіп алып кету үшін аз тер төккен  жоқ. Аудан орталығында «Дәргүл» тігін салонын ашып, бөлме жалдап, қажетті құралдар тапшы болған  қиын күндер артта қалды.


Кәсіпкерлікке бет бұрған алғашқы жылдардан-ақ Дариға Байғабылқызының қасында қызы Дәргүл болды. Анасының кәсіпкерлікке кірісердегі барлық қиындықты қалай жеңгені, несиеге қол жеткізу үшін тынымсыз жүгіргені, бәрі-бәрі де Дәргүлге жақсы мәлім. Тігін салонында қазіргі таңда ұялы телефонға төлем қабылдау, бұйымға жазба түсіру, фотосуреттер шығару қызметтері көрсетіледі.

Бүгіндері ана жолын жалғап келе жатқан Дәргүлдің ұжымы ұйымшылдықпен еңбек етуде. Ұжымдағы 10 адамның бесеуі — тігінші. Олар тұрғындардан түрлі тапсырыстар алып,  киімдер тігіп,  киім жөндеп жұмыс жасауда. Сапалы мата мен жіпті Бішкек, Алматы қалаларынан алдырады. Көрпе-жастықтан бастап, қыз жасауына да тапсырыс қабылдайды. Тігін шеберлері түрлі мәдениет мекемелері мен білім саласымен тығыз байланыс жасайды. Мысалы, аудандық мәдени-демалыс орталығынан бишілерге арналған костюм немесе ансамбль мен оркестрге біркелкі киім тігуге сұраныс жиі түседі. Тіпті Атырау қаласынан ат арытып, шеберлердің қолынан шыққан дүниелерді іздеп келетін жандар аз емес. Олар биыл аудандық білім бөлімінің тапсырысымен аз қамтылған отбасылардағы балаларға арнап, арзан бағаға 300 дана, Бөкей ордасы аудандық білім бөлімінен де 300 оқушыға киім тігуге сұраныс түскен. Былтыр аз қамтылған отбасыларға арналып қысқы сырт киім тігіп берді. Кейде тапсырыс көбейген кезде олар қосымша маман алып тұрады. Ашылғаннан бері кәсіпті дамыту жолында ыстық пен суыққа бірдей төзіп келе жатқан Клара Төреғалиева, Гүлбаршын Тілешоваларды өз ісінің майталмандары деп атап өтуге болады. Клара Төреғалиева 1985-1987 жылдары Оралдағы №2 училищеде тігінші мамандығын бітіріп, 1987-1995 жылдары Чапаевтағы тұрмыстық қамту комбинатында жұмыс жасаған. Кейін аталған жеке кәсіпорынға келіп, содан бері осында үздіксіз еңбек етеді. Кейбір ауылдық округтен тапсырыс бойынша сахна жабдықтарын әзірлеумен де шұғылданады. 18 жылдық өтілі бар Клара апа бүгінде тапсырыс бойынша қыз балаларға көйлек, ұлттық киім, терезе жабындар тігеді. Өз ісін ерекше жақсы көретін Клара апай: «Бір күн тігін тігумен айналыспай қалар болсам, жұмысымды сағынамын», —  дейді ағынан ақтарылып.

Алғашқы жылдары кәсіпті өркендету мақсатында кәсіпорын үш рет шағын несие алған. Ал 2014 жылы «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша қомақты қаржы алып, бүгінде түскен табысынан қарызды қазынаға қайтару үстінде.

– Келешекте мүмкіндігі жоғары тігін машинасын алсақ деген жоспарымыз бар, — дейді Дәргүл Сүлейменова.

Кәсіпорын мұқтаж жандарға қайырымдылық жасаудан да тартынған емес. Анасы Дариға Байғабылқызынан алған өнегені абыроймен жалғап жүрген Дәргүл  облыстық «Орал өңірі» газетінің тұрақты оқырманы екен.

— Баспасөз – қашаннан бергі серігіміз, сырласымыз болғандықтан, «Орал өңірінің»  әр жаңа санын асыға күтеміз. Ұжымдағы алты адамды өз табысымыздан жыл сайын сүйікті басылымымызға жаздырып келемін. Бұл үрдіс алдағы жылдары да жалғасын таба бермек. Соңғы кезде газеттің безендірілуінде көзтартарлық өзгерістердің бары да көңілімізден шығады, — дейді «Дәргүл» тігін салонының иесі.

Бекболат  ҚАЛЕНОВ,

Ақжайық  ауданы

Керек  кеңестер

Төсек  жабдығын  тігу

Төсек жабдығы  – төсекті жабдықтауға арналған, матадан жасалған бұйым. Төсек жабдығына матадан жасалған сейсеп, ақжайма, жастық тысынан тұратын бірегей жиынтық кіреді. Көлеміне қарай оның мынадай түрлері бар: бір кісілік, бір жарымдық, екі кісілік. Төсек жабдығы сапалы, жұмсақ, түсі ашық маталардан тігілуі керек. Көбінесе оны мына мата түрлерінен тігеді: зығыр (лен), мақта, жібек.

Ғимарат. Егер үйіңізде артық бос бөлме болса, онда сол бөлмеде жұмыс істеуден бастаған дұрыс. Ал бизнесіңіз біршама жүрген кезде арнайы орынды жалға алатын боласыз.

Жабдықтар, құрал-саймандар, қажетті материалдар Тігін машинкасы. Егер сіздің оверлогы мен түрлі операциялары бар қымбат тігін машинкасын сатып алуға мүмкіндігіңіз болмаса, кез келгені жарайды. Оның қымбатын алу міндетті емес.

Мата. Дүкен не мата қоймасын іздеңіз. Көзге ұнамдысын алыңыз. Жоғарыда айтып өткендей, сапалы мата таңдау керек. Алайда сіз арзанға тігемін десеңіз, онда арзан маталар да алуға болады. Матаны ораммен алған арзанырақ. Өзіңіз тұратын жерден матаны жаппай сататын қоймаларды іздеп көріңіз.

Жіптер. Көп жіп керек. Сондықтан бірден көп мөлшерде алған дұрыс, оның түсі матаға сай болуы керек.

Қайшы мен үлкен сызғыш. Сіз үлкен көлемдегі маталармен жұмыс жасайсыз, сондықтан жақсы қайшы мен ұзын сызғыш алу қажет. Оған қоса үлкен үстел керек. Алайда еденде де жұмыс жасауға болады.

Технология. Төсек жабдығын тігуден бұрын алдын ала өлшеп, есептеп алу керек. Алдымен сызба жасап алыңыз. Матаны ысырапсыз пайдаланып, нақты өлшеммен кескен жөн. Көбінесе маталардың ені – 1,5 м, 2,2 м. Төсек жабдығын тігу барысында белгіленген стандарттарды сақтау керек.

Мысалы, балаларға арналған төсек жабдығының стандарттары мынадай: сейсеп – 100 х 150, ақ жайма – 120 х 180, жастық тысы – 35 х 45. Жастықтың тысы екеу болуы  керек.

Бір кісілік төсек жабдығы: сейсеп – 160х220, ақ жайма – 180 х 240, жастық тысы – 70 х 70 (кейде 50 х 70).

Екі кісілік төсек жабдығы: сейсеп – 200 х 220, ақ жайма – 220 х 250, жастық тысы 70 х 70 (немесе 50 х 70). Сонымен қатар  отбасылық жиынтықтар бар, онда екі сейсептен болады. Төсек жабдығының осы түрімен сіз клиенттерді тарта аласыз. Өйткені ондай жиынтықтар барлық жерде сатылмайды. Өлшемдермен алдын ала жұмыс жасап, сызба сызып алғаннан кейін пішіп, кесуге болады.

Келесі кезекте – тігу. Түзу жолмен тігу ең басты шарт болып табылады. Түзу жолдан ешқашан да ауытқымау керек. Содан кейін үтіктеу қажет. Жақсы үтіктеу дайын өнімнің сыртқы келбетін аша түседі.

Қызметкерлер. Бастапқы кезеңде қызметкерлер алмай, өзіңіз ғана жұмыс жасауға болады.

Өткізу. Алғашқы кезеңде өз таныстарыңыз бен көршілеріңізге сата аласыз. Сонымен қатар балабақшалар мен басқа да мекемелерді аралап шыққан жақсы нәтиже береді. Ең дұрысы – базарлармен, дүкендермен төсек жабдығын тұрақты түрде жеткізіп тұру туралы келісу. Сондай-ақ төсек жабдығын арнайы тігетініңіз туралы жарнама беріп қоюға да болады. Жақсы тауарға деген сұраныс әрқашан да жоғары.


«Арқан тартқыш» Айбатыр

Күні: , 531 рет оқылды

%d0%b0%d0%b9%d0%b1%d0%b0%d1%82%d1%8b%d1%805


Петропавл қаласында балалар командалары арасында өткен республикалық «Мен чемпионмын» додасына Тасқала ауданы Шежін ауылынан барған «Жайық» командасы туған жеріне оралды.


Мұның ерекшелігі сол, арқан тарту сайысы кезінде ең соңында тұрған кішкентай Айбатыр Мырзабеков жылап-құласа да, қайсарлықтың үлгісін көрсетті. Оның осы ерлігі YouTubе-дегі шағын сюжет арқылы күллі әлемге тарап, Айбатыр ғаламтор жұлдызына айналды.

«Қызыл жолаққа 10 сантиметрдей қалғанда да, берілмей, арқанды кері тартуға тырысып бақтым. Жылаған себебім, біз ұтылып қалсақ, күлкі боламыз деп ойладым. Сондықтан намысымды жібермей, бар күшімді салдым. Ақыры бес минуттай уақытқа созылған тартыс тең аяқталды. Бұл менің ғана емес, командаластарымның, бапкеріміз Дакешов Нұрлан Қапсиықұлының еңбегі дер едім. Біз, әрине, келесі айналымға шыға алған жоқпыз. Дегенмен алдағы уақытта соның есесін қайырғым келеді. Мен өзім спорттың футбол, баскетбол, волейбол, еркін күрес сынды түрлерімен айналысамын. Алдағы уақытта Орал қаласында оқығым келеді. Негізі әлемдік додаларда ел намысын қорғайтын Криштиану Роналдудай футболшы немесе атақты палуан болсам деймін. Сабағым да жақсы. Әсіресе, математика, биология, география сияқты пәндерді жаныма жақын тұтатын. Сынып жетекшім Бектібаева Әлия Әліпқалиқызы бізді әрдайым қолдап отырады. Біз секілді жас жеткіншектер намысын ешкімге жібермейтін, Отанын сүйетін азамат болып өссе, тәуелсіз Қазақ елінің ертеңі жарқын болатыны анық», – деді Шежін орта мектебінің 7-сынып оқушысы Айбатыр Мырзабеков.

Аталмыш жарысқа Айбатыр ағасы, команда капитаны Айжарықпен бірге барған екен. Бапкерлері, Шежін орта мектебінде отыз жылдай дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып келе жатқан, талай шәкірті республикалық додаларда жүлде алып жүрген Нұрлан Дакешовтің айтуынша, команда құрамында 5 ұл, 5 қыз өнер көрсетті. 12-14 жасар балалардан құралған, барлығы 16 команда қатысқан дода олимпиадалық жүйе бойынша шоу түрінде өтті. Сондықтан сегіз команда қатарында «Жайық» та бірден шығып қалды. Негізі үш тәуліктей жол жүріп барғандықтан, бір ойынмен шектемеу керек еді. Мысалы, футболдағыдай төрт топқа бөліп, әрқайсысынан үздік екі команда келесі турға жолдама алса, мүмкіндік молырақ болар еді. «Дегенмен Айбатырымыздың арқасында танымал болдық. «Мен чемпионмын» жобасының ұйымдастырушылары оның жанкештілігін ескеріп, велосипед сыйлады. Айбатырдай қай жарыста болсын, жеңілгенді жаны қаламайтын, намысқой, спортта да, оқуда да алда жүретін балалардан үлкен үміт күтемін», – деді Н. Дакешов.

Шежін ауылдық округінің әкімі Талғат Шәкіровтің сөзіне қарағанда, Айбатырдың әкесі мен анасы, төрт ұл тәрбиелеп отырған Бейбіт және Ұлмекен Мырзабековтер – ауылдағы өзін-өзі қамтып отырған қарапайым отбасылардың бірі. Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Асан Нарымбаев Айбатырдай өрендерді алдағы уақытта қолдап отыратындығын жеткізді.

«Отбасында төрт ағайындымыз. Үлкені мен, 1991 жылғымын, яғни тәуелсіздік құрдасымын. Менен кейінгі Айбар қазір Қалмақ елінде магистратурада білім алуда. Айжарық пен Айбатыр мектепте оқиды. Кенжесінің есімін атына заты сай болсын деп әкем қойып еді. Соны ақтап келе жатыр бауырым», – деді Айдос Мырзабеков.

«Мен чемпионмын» жобасын «Хабар» телеарнасы ұйымдастырған болатын. Биыл облыстық білім басқармасының қолдауымен өңірде екінші рет өткіздік. Сонда жеңімпаз атанған аталмыш ауыл балаларының республикалық сында осылайша айрықша көзге түсуі бізді де қуантады», – деді «Өркен» қосымша білім беру орталығының директоры Айболат Қожанғалиев.

Ғайса БӘЙМЕН


Жастарды жұмыспен қамту маңызды

Күні: , 57 рет оқылды

pri_9169


Сейсенбіде облыс әкімдігінің кіші залында облыстағы мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы және жастар арасындағы өзекті мәселелерді талқылаған селекторлық отырыс өтті. Жиынға облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты.


— Мемлекет басшысы жастар саясатына көңіл бөліп, мән-маңыз береді. Бүгінгі отырыста жастардың жұмыссыздығы, олардың қазір немен айналысатындығы немесе жоспарлары қандай деген мәселелерді талқылайтын боламыз, — деген өңір басшысы Алтай Көлгінов облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының жаңадан тағайындалған жетекшісі Аян Сакошевті жиынға қатысушыларға таныстырды. Одан кейін күн тәртібіндегі мәселе бойынша аталмыш басқарманың басшысы Аян Сакошев баяндама жасады. Оның айтуынша, аталмыш басқарма өңірдегі жастар саясаты бойынша арнайы сараптама жұмыстарын жүргізген.

Облыста жастар саясатын жүзеге асыруды үйлестіруші жастар саясаты мәселелері басқармасы болып табылады. Кұрылымына 13 ресурстық орталықтар кіреді. Әкімдіктер жанындағы жастар ісі жөніндегі Кеңес жұмыс жасайды. Сонымен қатар облыста 89 жастар қоғамдық бірлестіктері тіркелген.

Облыста жастар саясатын қаржыландыруға 253 млн. теңге қаражат бөлінген және соның 48 млн. теңгесі әлеуметтік тапсырыстардың негізінде іске жаратылуда. «Барлық бөлінген қаржының 70 пайызынан астамы штат ұстауды қаржыландыруға, тек қалған 30 пайызы ғана жастардың негізгі мәселелерін шешуге арналған шараларды жүзеге асыруға бөлінеді», — деген А. Сакошев БҚО-да жастар саясатының жүзеге асырылуын қаржыландыру басқа облыстармен салыстырғанда ондықтың ішінде екендігін атап көрсетті.

Баяндамашы аудандардағы ресурстық орталықтардың ауыл жастарын өзге мемлекеттік органдар өткізетін шараларға, соның ішінде флеш-моб ұйымдастырып, өткізуге тартатынын, мұның негізгі міндеттерімен айналысуға кедергі келтіретінін айтты. Мемлекеттік жастар саясатын одан әрі дамыту мақсатында жүргізілген swot-сараптама өңірдегі жастар саясатын жүргізудегі бірқатар кемшіліктерді анықтаған. Олардың ішінде жастар саясаты саласындағы басым бағыттар толықтай айқындалмаған, жобалық қызметтерді іске асыруға қаржы шектеулі, аталмыш басқарманы флеш-моб ұйымдастыратын орган деген түсінік үстемдеу, жастар саясаты мәселелерін шешуге «қалдық» принципімен қараушылық басым.

Осының барлығы мемлекетік органға деген сенімді азайтып, әлеуметтік шиеленіске соқтыруы ықтимал. Оның айтуынша, жұмыспен қамту органдарында 5900 адам жұмыссыз деп ресми тіркелген, ал жастар жұмыссыздығы 4,1 пайызды құрайды. Сондықтан А. Сакошевтің айтуынша, меморгандардың және азаматтық қоғам институттарының өзара үйлесімді жұмыстары арқылы облыс жастарын дамытуға жағдай жасау маңызға ие. Соның ішінде жастар саясаты саласын-дағы барлық құрылымдардың атаулы және жобалық жұмыстармен айналысуы, жастар және оқушылардың сарайы базасында жастардың үкіметтік емес ұйымдар үшін Коворинг орталықтар ашу, ресурстық орталықтардың базасын күшейтіп, жобалық қызметтерге қаржы бөлу, «Жастардың дамуы үшін жағдай жасау жөніндегі жол картасы» аймақтық карта-жоспарын жасақтау жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.

— Өңірде экономикалық белсенді жастар саны 8,5 мың шамасында. Өзгесі ше? Жұмыссыз жастар саны 5900, яғни 6 мыңдай, олар немен айналысуда? Жалпы, 145 мың жастың 3,5 пайызы ештеңемен айналыспайды. Міне, біз осы мәселені шешу үшін жұмыстануымыз керек, — деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Сабыровтың айтуынша, облыс әкімдігі жанында облыстағы кәсіптік білім беруді дамыту мәселелерімен айналысатын өңірлік кеңес жұмыс істейді. Сол кеңеске мүше саналатын әр басқарма өз саласына қандай мамандар қажеттігіне мониторинг жасап, жылдың аяғында ақпарат беруі тиіс. Арнайы комиссия осындай ұсыныстарды ескеріп, мамандар даярлау жөніндегі мемтапсырыстарды колледждерге орналастыруы керек. Өкінішке орай, мұндай мониторинг жүргізілмей, бұл шаруаның ақсап отырған жайы бар. БҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Самат Хангереевтің де пікірі соған сайды. Бірқатар аудан басшыларының айтуынша, ауыл-аймақтарда негізінен малшы, механизатор, токарь, бухгалтер мамандары жетіспейді. Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев ауылдардағы шаруашылықтарда жұмыс істейтін жұмысшылардың саны ақпараттарда толық көрсетілмейтінін, сондықтан шаруа қожалықтарын мал санына, жер көлеміне қарай адамдарды жұмыспен қамту нормативін заңдастыру қажеттігін айтты. Жиынға қатысушылардың пікірінше, ауылдарда мал бағушыларға жалақы дұрыс төленбейді, кейбір шаруашылықтар жұмысшыларға зейнетақы төлемдерін аудармайды. Бұл мәселеге салық органдарының жіті қарағандары жөн.

Жиынды қорытындылаған облыс басшысы Алтай Көлгінов жастар саясатын жүзеге асыруда меморгандардың бірлесіп жұмыстану керектігін еске салып, сала басшыларына тиісті тапсырмалар берді.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Жаңарып, жасанған Жұбан елі

Күні: , 58 рет оқылды

pri_8909


Соңғы жылдарда халықтың әлеуметтік жағдайының көрсеткіші мемлекеттік бағдарламалардың орындалу нәтижесімен өлшенеді. Сондықтан, әсіресе, ауылдарда халықтың тұрмысын жақсарту, орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту, жастарды жұмыспен қамту атқарушы биліктің негізгі міндеті болып табылады. Еліміз тәуелсіздікке ие болған 25 жылдың ішінде атқарылған жұмыс та баршылық. Аптаның алғашқы күні облыс әкімінің баспасөз қызметі ұйымдастырған пресс-тур аясында Ақжайық ауданында болып, өңірдегі мембағдарламалардың қалай атқарылып жатқандығын көріп, жеке шаруалармен жүздесіп қайтқан болатынбыз.


Ақжайық – демографиялық өсімі жоғары аудандардың бірі. Тоғыз жолдың торабында орналасқан ауданда 18 ауылдық округ, 42 280 тұрғын бар. Соңғы статистикалық мәліметтерге сәйкес ауданда 74 мың 586 бас ірі қара, 239 мың 455 ұсақ мал, 27 мың 526 жылқы, 218 бас түйе тіркелген. Биылғы жылы аудан көлемінде атқарылған ауқымды істер – мемлекеттік бағдарламалардың қарқынды жүзеге асып жатқандығының дәлелі.

pri_8628– Тек биылғы жылдың өзінде аудан көлеміндегі бірнеше ауылдық округте мәдениет үйлері мен балабақшалар, емханалар күрделі жөндеуден өтуде. Мұның барлығы — Тәуелсіздіктің жемісі, — дейді ауыл тұрғындары.

Ақжайық ауданына іргелес орналасқан Бударин ауылында екі мыңға жуық тұрғын бар. Ауылдағы халыққа медициналық қызмет көрсететін дәрігерлік амбулаторияның іргетасы сонау жетпісінші жылдардың соңында қаланып, осы уақытқа дейін күрделі жөндеу жүргізілмеген. Ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 19 миллионға жуық қаражат бөлініп, амбулаторияға күрделі жөндеу жүруде. Қазан айында басталған жөндеу жұмыстарын желтоқсан айында толықтай аяқтау жоспарлануда.

Аудан іргесіндегі Жаңабұлақ ауылында мәдениет үйі жөнделуде. Сонау 1973 жылы салынып, бұрын-соңды жөндеу көрмеген мәдениет ошағына 29,5 миллион теңге бөлініпті. Ағымдағы жылдың маусым айында басталған жөндеу жұмыстары жыл соңында аяқталмақшы.

Ауданда «Агробизнес — 2020» бағдарламасы аясында «Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту» шебер-жоспары бойынша ауқымды жобалар іске асырылған. Қазіргі уақытта аудан орталығы Чапаев ауылында бір ауысымда 1400 басқа дейін ұсақ мал соятын «Батыс Марка Ламб» ЖШС ет комбинаты және «Батыс Нық» ЖШС ауысымына 50 бас ірі қара малын соятын пункт өз жұмысын бастады.

pri_8575Чапаев ауылының жетпіс тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтыған «Батыс Марка Ламб» ЖШС-да тәулігіне 500-600 бас ұсақ мал сойылады. Күні бүгін өңіріміздің Қазталов, Жаңақала, Зеленов, Ақжайық аудандарындағы шаруа қожалықтары өз иелігіндегі қой малын осы кәсіпорынға өткізуде. Оның сыртында Ақтөбе, Павлодар, Ақмола облыстарындағы шаруалармен де келісімшарт жасалып, ұсақ малдар тасымалдануда. Күні кеше Ресей елінің Мәскеу қаласына сегіз тонна марқа етін жөнелткен кәсіпорын алдағы уақытта Қытай, Араб, Иран мемлекеттерімен де ет экспорттауға келісімшарт жасасқан.

Ағымдағы жылдың шілде айында ашылған ауысымына 50 бас ірі қара малын союға есептелген комбинаттың да жұмысы бірқалыпты жүруде. Ауыл тұрғындары мен көршілес аудандардан әкелінген ірі қара малын соятын кәсіпорында 15 адам жұмыспен қамтылған. Комбинат жас жарымнан асқан ірі қара малдарының еттей салмағының әр келісін сапасына қарай қабылдайды. Еттің бағасы 700-1000 теңгеге дейінгі аралықта. Дайындалған ет тапсырыс берушінің сұранысына байланысты төшкелей немесе сүйектен ажыратылған таза ет күйінде жіберіледі. Бүгінде кәсіпорын Бөрлі ауданы мен Атырау өңіріндегі мұнай-газ компанияларымен келісімшарт жасасып, оларды сапалы сиыр етімен қамтуда. Болашақта кәсіпорын қалбырдағы ет пен шұжық шығаруды да жоспарлап отыр.

Он мыңға жуық тұрғыны бар аудан орталығы Чапаев ауылының да әлеуметтік жағдайы тұрақты. Ауылда екі бірдей мектеп пен балабақшалар қалыпты жұмыс істеп тұр. Инфрақұрылым дамыған. Ағымдағы жылы Чапаев ауылындағы аурухана күрделі жөн-деуден өтуде. Салынғанына 40 жылдан астам уақыт болған 95 орындық аурухананы жөндеуге 340 миллион теңге бөлінген. Жөндеу жұмысын атқарып жатқан мердігер компания басшысы осы жылдың соңында ғимараттың пай-далануға берілетінін айтады.

pri_8594Аудан орталығындағы «Бөбек» балабақшасын жөндеуге де жергілікті бюджеттен 19 миллион теңге бөлінген. Бүгінгі күні балабақшаның шатыры, есік-терезелері, кәріз жүйесі толығымен жаңартылып, пайдалануға берілген.

Сонымен қатар аудан орталығындағы К. Меңдәлиев көшесі бойынша құны 6 564,7 мың теңгені құрайтын жоба негізінде 1032 метр электр жүйесі тартылып, 35 дана бағана мен көше шамдары орнатылған. Исаев көшесі бойынша да 4 796,5 мың теңге бөлініп, жоба негізінде 750 метр электр жүйесі, 26 дана бағана мен көше шамдары қойылған. Сондай-ақ «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы аясында Қазақстан, Д. Қонаев, К. Меңдәлиев, О. Исаев көшелеріне жалпы ұзындығы 4,6 шақырым жаяу жүргіншілер жолы төселген.

Ағымдағы жылы Чапаев ауылының 1996 жылғы мектеп бітіруші түлектері ауылдың көркеюіне қосқан үлестері ретінде өз қаражаттарымен ауыл ішіндегі «Майданов саябағына» субұрқақ орнатқан. Қазіргі уақытта саябақты абаттандыру бойынша жарық шамдар орнатылып, өрнектас төселуде. Оның сыртында аудан орталығында 150-200 адамға арналған мешіт ғимараты бой көтеруде. Айта кетейік, мешіт тұрғындар мен жеке кәсіпкерлердің жинаған қаржысына салынуда.

Ақжайық ауданына қарасты Ақжол ауылдық округінде 200 орындық, Тайпақ ауылдық округінде 270 орындық мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтуде. Қос нысанды жөндеу жұмыстары келер жылдың қаңтар айында аяқталмақ.

— Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы мақсат, мүдделерге қол жеткізу жолында еселі еңбек ету — басты міндет. Өңірдің әлеуетін арттыру және экономикасын дамыту мақсатында биылғы жылы да бірқатар жұмыстар атқарылды. Ағымдағы жылы бюджет көлемі 6,2 миллиард теңгені құрап, өткен мерзіммен салыстырғанда 30 пайызға өсті және есепті кезеңде 99,9 пайызға игерілді. Сонымен қатар «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында 18 маманға 2,7 миллион теңге көтерме жәрдемақы, 40 маманға 123,3 миллион теңге тұрғын үй несиесі берілді. Биылғы жылы 29 шағын кәсіпкерлік субъектілеріне несие беру ұйымдары арқылы 543 миллион 250 мың теңге несие бөлінді. Соның ішінде «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы арқылы үш жоба 39,0 миллион теңге, ауыл шаруашылығы бағытына арналған мемлекеттік бағдарламалар бойынша 24 шаруа қожалығы 354 миллион 250 мың теңге қаржы алды. Бұл жұмыстар келер жылы да өз жалғасын таппақ. Мысалға, оралдық инвесторымыз «Меридиан Орал» атты жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құны 100 миллион теңгені құрайтын, саны 4 мың бас құс өсіретін құс фермасын ашу мақсатында Чапаев ауылынан көлемі 1,9 гектар жер учаскесін өтеулі мерзімге рәсімдеп алып, келер жылы құрылыс жұмыстарын бастауды көздеп отыр. Сонымен қатар өндірістік жылыжай мен сүт өнімдерін өндейтін цех құрылыстары да келесі жылы басталады деп жоспарлап отырмыз, — деді БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен пресс турды қорытындылаған аудан әкімі Әділ Жоламанов.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»,

Ақжайық  ауданы


Заңдылық қатаң қадағаланбақ

Күні: , 50 рет оқылды

20161108_105239


Өткен сейсенбіде Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық бөлімшесі алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің еңбек инспекциясы бойынша басқарма басшысы Азамат Айтуев БАҚ өкілдері  алдында  он айлық жұмысы туралы есеп берді.


Облыстық еңбек инспекциясы басқармасының қызметкерлері ҚР еңбек заңнамасы талаптарының сақталуын бақылауда талай толымды істердің басын қайырған. Мәселен, Еңбек кодексі нормаларының бұзылуы немесе бұрмалануына байланысты және еңбек заңнамасына түсінік беруге орай өткен мерзім ішінде 932 арыз-шағым, өтініш тіркеліпті. Соның 821-і – арыз, 111-і өтініш екен. Басым көпшілігі қаралып, тиісінше шаралар алынып және жазбаша түсінік берілген. Ал 33-і қаралу үстінде, қалғанына мазмұнына орай тиісті шешімдер қабылданған. Бұдан басқа ағымдағы жылдың он айы ішінде түрлі меншік нысанындағы кәсіпорын мен мекемеге 365 жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Қосымша ішінара тексерістің саны – 11. Тексеріс барысында 399 заңбұзушылық анықталып, оның басым көпшілігін еңбек қатынастары құраған. Қалғаны еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау, халықты жұмыспен қамту бағытының үлесінде. Барлық заңбұзушылықтар бойынша шара қолданылуда. Еңбек қатынастары бойынша заңбұзушылыққа еңбек-ақыны мезгілінде және толық төлемеу, еңбек шартының жасалмауы, тәртіптік шара қолданудың бұрмалануы және басқасы жатады. Бәрінен бұрын аталған заңбұзушылықтардың ішінде жалақыны мезгілінде және толық төлемеу басты орында тұр. Соған байланысты аталмыш инспекция қызметкерлері кінәлілерге айыппұл салудан бастап, қылмыстық жауапкершілікке тартуға дейін күштеу шараларын қолданып келеді. Мысалы, ағымдағы жылы 56 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы саны 10 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Кейбіреулерінің ісі сотқа жолданыпты. Жұмысын істетіп алып, жалақысын төлеуден жалтаратындардың ішінде «Компания Бурлингазстрой» ЖШС, «СпецСтройСервис» ЖШС, «Орал жолдары» АҚ және басқасы бар. Алынған шаралардың нәтижесінде он айдың ішінде 227 кәсіпорында 2536 қызметкерге тиесілі 322 157 мың теңге жалақы қарызы өтелген. Алайда күні бүгінге дейін 12 кәсіпорынның 338 қызметкер алдында 182715 мың теңге тиесілі қарызы бар екен. Демек, жыл аяғына дейін аталмыш жұмыс жалғасын табуы тиіс.

Шыны керек, еңбекті қорғау және оның қауіпсіздігі саласында да олқылықтар байқалады. Ең бастысы, жазатайым оқиға мен жарақат алу жағдаяттары азаймауда. Тілге тиек етсек, биылғы он айдың ішінде 19 адам қаза тауып, жазатайым оқиғадан 94 жұмысшы зардап шекті. Жазатайым 75 оқиға бойынша арнайы тергеу-тексеру құжаттары полиция қызметіне жолданып, 28 қылмыстық іс қозғалған. Аталған заңбұзушылықтар бойынша 21 нұсқама берілген екен. 27 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы мөлшері 1,421 млн. теңге көлемінде айыппұл салыныпты. Әрине, айыппұл салу немесе қылмыстық, әкімшілік жауапкершілікке тарту қыршынынан қиылған өмірді немесе денсаулыққа келген нұқсанды толық өтей алмайды. Демек, еңбекті қорғау, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету басқа тараптармен қатар, еңбек инспекциясына да зор жауапкершілік жүктейді. Сондықтан бұл жұмысты инспекция қызметкерлері қашан да басты назарында ұстамақ.

ҚР «Халықты жұмыспен қамту» заңының қадағалануы барысында он айда 110 заңбұзушылық анықталған. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 1,866 млн. теңге айыппұл салыныпты. Мұндағы заңбұзушылықтардың қатарына бос жұмыс орнын жасыру, жалақы төлеу күнінің ҚР Еңбек кодексінде белгіленген күнінен кейін қойылуы және басқасы енеді. Ұжымдық шарт жасасу төңірегінде де түйткіл көп. Бір жақсысы, қазір  өңір бойынша 130 мың адам ұжымдық шартпен қамтылыпты. Сондай-ақ жұмысшы-қызметкердің заңды құқығын қорғауда еңбек инспекциясы және өзге де мемлекеттік органдар арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақ жыл өткен сайын нығаюда. Мұның ортақ іске берері мол. Еңбек инспекциясында ұжымдар арасындағы үгіт-насихат жұмысы жолға қойылған. Оған дәлел — инспекция қызметкерлерінің өткен мерзім кезінде көптеген мекеме-кәсіпорындарда болып, ұжымдармен кездесуі, еңбек заңдылығына байланысты түрлі сұрақтарға жауап беруі.

Серік ІЗБАСАРҰЛЫ

Серік ИХСАНҒАЛИ,

«Орал өңірі» газеті:

— Сіз айтқан қайғылы оқиғалар қай салада, қай кәсіпорында жүйелі кездеседі?

— Әрине, өндіріс, құрылыс саласында байқалады. Соның бір айғағы – осы жылы «Батыс су арнасы» ЖШС-ында жазатайым оқиғадан екі адам қаза тауып, бесеуі жарақат алды.

— Жалақы жөнінен кідіріс қай салада, қай кәсіпорында жиі байқалады?

— Кідіріс бюджеттік мекемелерде жоққа жуық. Көбіне жеке кәсіпорындар тарапынан кездеседі. Жаңа ғана айттым, жалақыны кешіктірген не бермеген жұмыс берушілерге айып салу күшейді. Сондықтан келешекте олар да жалақыны кешіктірмеуі тиіс.

Ақмарал ШАЯХМЕТОВА,

«Уральская неделя» газеті:

— Сізге екі сұрақ. Біріншісі – әлеуметтік бейімдеу орталығындағы ахуал туралы не айтасыз? Екіншісі – биыл «Орал-Тасқала» көлік жолын салуда жұмысшы Алмабек Молдахметов зардап шекті. Соған орай қандай шара қолданылды?

— Бейімдеу орталығына жалақы төлеу кешіктірілген. Басқа да олқылықтар бар. Тиісінше шаралар қолданылуда. Жолдағы төтенше жағдайға орай айтарым, комиссия құрылып, жағдаят анықталды. Оқиғаның орын алуына 60 пайыз Молдахметовтің өзі кінәлі. Қалғаны жұмыс берушінің еншісінде.


Кооперацияның тиімділігі неде?

Күні: , 48 рет оқылды

img_8425


Дүйсенбі күні “Ақжайық” шипажайының мәжіліс залында ауыл шаруашылығы мамандарына арналған семинар өтті.


Бұған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Серік Нұрмағамбетов, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ оқытушылары, аудан әкімдерінің орынбасарлары мен ауыл әкімдері және ауыл шаруашылығы мамандары қатысты.

– Семинар, негізінен, ауыл шаруашылығын дамыту тақырыбына арналған. Семинарға облыстың түкпір-түкпірінен келген 179 адам қатыспақ. Бұл шараны екі кезеңде өткізуді жоспарлап отырмыз. Бірінші кезең 7-9 қарашада, ал екіншісі 10-12 қараша күндері өтеді. Семинардың алғашқы кезеңіне 88 адам қатысып отыр. Олар бүгін ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру мәселесі бойынша дәріс тыңдап, бұл тақырып бойынша өздерінің ой-пікірлерін ортаға салады. Жиында селекция, мал азығы мен мал өнімдерін өндіру және түрлі мал ауруларын ауыздықтау бағытындағы өзекті мәселелер талқыланды. Сондай-ақ кооператив құру ісі мен бұл бағыттағы мемлекеттік қолдау жәйі түсіндіріледі. Біз бұл семинарды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырысы бойынша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкерлерімен бірігіп ұйымдастырып отырмыз. Аталмыш шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз – ауыл тұрғындарына 2015 жылы шыққан кооперация туралы заңды түсіндіру. Бұл заң ағымдағы жылдың қаңтарынан бастап жүзеге асырылуға тиіс болғанымен, әзірге өз деңгейінде әрекет ете алмай отыр. Ауыл адамдары ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруға асығар емес. Сондықтан ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бізге осындай семинарларды жергілікті жерлерде ұйымдастырып, кооперация туралы заңды халыққа түсіндіру жөнінде тапсырма берді. Семинардан соң ауыл шаруашылығы мамандары өз аудандарында, ауылдық округтерде тұрғындарды жинап, кооператив құрудың тиімділігін түсіндіруі тиіс. Сөйтіп, олар ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру ісін тездетуге ықпал етпек.

 Жалпы, ауыл шаруашылығы кооперативі ауылдағы жеке аулаларды біріктіру арқылы жасақталмақ. Ауыл тұрғындарына жеке-жеке тірлік жасағаннан гөрі осындай кооперативтерге бірігіп әрекет еткен дұрыс. Өйткені олардың жеке тірлігінен ештеңе өнбейтінін өмірдің өзі дәлелдеді. Жеке-дара тіршілік еткенде олар малды бағып, күту жұмысында, сондай-ақ малдарының еті мен сүтін, жүнін өткізгенде, үлкен қиындықтарға тап келді. Ауыл адамдары кооператив құрып біріксе, мұндай қиындықтар болмайды. Кооператив құрғанда олар өздері орталарынан басшы сайлайды. Сол басқарушы адам арқылы түйткілді мәселені шешу үшін мемлекеттен қолдау-көмек алады. Мысалы, олар мал басын көбейтуге, мал азығын дайындауға қажетті техникаларды сатып алуға, су мәселесін шешуге мемлекеттен субсидия ала алады.

 Бүгінгі таңда елімізде ет пен сүт өнімдерінің 80 пайызын жеке аулалар беріп отыр. Халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін оларға толыққанды жағдай жасалуы керек. Ауыл шаруашылығы кооперативін құру осы мақсатта қолға алынып отыр, — деген Едіге Насанбаев жеке аулалардың басын біріктіріп, осындай кооперативтерді құрғанда ғана сапасы жоғары ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге болатынын айтты. Профессордың сөзінше, бұл жағдай сапалы ет пен сүт өнімдерінің мөлшерін ұлғайтып, оларды экспортқа көптеп шығаруға мүмкіндік береді.

Семинардың алғашқы күнінде БҚАТУ оқытушылары Едіге Насанбаев ауыл шаруашылығы мамандарына кооперация туралы заңды түсіндірсе, Әлия Ахметәлиева жиналғандар назарына мал азығын дайындау технологиясы мен жас төлдердің алты айға дейінгі бағым-күтімі бойынша заманауи әдіс-тәсілдерді ұсынды.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»,

Теректі ауданы


Тіл майданының сардары

Күні: , 46 рет оқылды


«Біз тілімізді қанша сақтасақ, ұлтымызды да сонша сақтаған боламыз».

Ғұмар ҚАРАШ

Баспасөзде оқтын-оқтын тіл мәселесі көтеріліп қалады. Әсіресе, орыстілді ақпарат құралдары қазақ жерінде отарлық кезеңнен қалған, орыстандыру мақсатында қойылған ономастикалық атауларды тарихи атауларымен ауыстыру немесе жаңа ат қою мәселесі көтерілсе, аттанға басып, азан-қазан қылуға құмар. Жақында да солай болды.


Елдің шетінде, желдің өтінде тұрған Ақ Жайық өңірінде отарлау көріністері көбірек болуы заңды. Батыс Қазақстан облысында 59 елді мекен мен 184 көшеге лайықты атау керек деген ақпарат облыстық басылымға жарияланған соң баяғы аттаншылар тағы бір шу көтеріп, ел ішіндегі тыныштықтың іргесін шайқамақ болды. Осындай кезде таяқтың бір ұшы облыстық тіл басқармасына, оның басшыларына тиіп кететіні бар. Әсіресе, аталмыш дау кезінде басқарма басшысының міндетін атқарып жүрген Гүлнәр Әлжанованың от пен оқтың ортасында қалғаны анық.

Осындайда «Тіл соғысы» деген еңбек жазған Азат Кәрімұлының пікірімен толық келісесіз. Қазақта «Өмір – күрес» деген сөз әуелден бар. Ал талай жыл теперіш көрген қазақ тілі, шын мәнінде, «мемлекеттік» деген мәртебеге лайық болғанша әлі талай күрес, әлі қанша күрескер керек десеңізші!

Ал мен білетін Гүлнәр Жәрдемқызының стихиясы – әу бастан күрескерлік. Марқұм ұстазымыз Жәрдем ағай Әлжанов та өте парасатты, әділ адам болатын. Екінші дүниежүзілік соғыстың майдангері, тарихшы Жәрдем ағайды бүкіл ауыл сыйлайтын. Ағайдан тараған тоғыз ұрпақ өмірден түгел орнын тапты. Соның ішінде Гүлнәр Жәрдемқызының ұлтқа жасап жүрген қызметі ерекше деп ойлаймыз.

Анау бір жылы жергілікті басылымдардың бірінде Орал казачествосын «тарихта болған толыққанды мемлекет» ретінде сипаттаған провокациялық мақалаға табанды тұжырым, салиқалы сөзбен жауап берген де Гүлнәр Жәрдемқызы болатын. Ол кезде Гүлнәр апайдың қызметі тіл басқармасына маңайласпайтын да еді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Оралда бір күнде отыз көшенің аты өзгерді. Көп адам қуанды, біреулер әдеттегідей айғайға ұран қосып, шу шығармақ болған. Өтті ғой.

Иә, тіл майданы – көзге көрінбейтін соғыс. Бауыржан Момышұлы айтқандай, идеология саласындағы соғыс мәңгі-бақи жалғаса береді. Бұл майданға өз ісіне берілген, табанды, әдісті, білімді сарбаздар керек. Жанкешті жауынгерлер керек. Стратегиясы айқын, тактикасы дұрыс жоспар керек. «Батпандап кірген ауру мысқалдап шығады» демей ме? Сан көбейсе, сапа артса, Ғұмар Қараш атамыз армандаған «әрбір істе қазақ исі аңқығанын» көретін заман да туары анық.

Міне, Қазақстан Республикасының 25 жылдығы қарсаңында тағы бір сілкініп, отаршылдық ономастиканың шаңынан арылғалы жатырмыз. Бұл – уақыт талабы. Тәуелсіз елде туған, екі мүшел жасап үлгерген жаңа ұрпақтың талабы осы. Мұны енді ешбір шуылдақ тоқтата алмайды.

Кейбір отандастарымыз «тарихи атауды сақтау керек» деген желеу айтады. Мысалы, Ақжайық ауданындағы Коловертное ауылының атауын өзгертуге болмайды-мыс. Тіпті ол жерде бір де бір славян тектес тұрғын қалмаса да, қазақ балалары тілін бұрап, «туған жерім – көлөбөртный» деп тұруы керек екен.

Әрине, казачество тарихын сүйетіндер үшін Жайық бойындағы топонимдердің өзгеруі «тарихи әділетсіздік» шығар. Бірақ одан трагедия жасауға болмайды. Тарихтың арғы жағында да тарих бар. Круглоозерный елді мекенінің байырғы атауы «Қырықкөл» екен деген деректі сол казак өлкетанушыларының өз еңбектерінен көрдік. Кезінде Алтын Орданың астанасы болған Сарай Берке қайда қазір?! Бүгінгі картада Астрахан облысындағы Селитренный деген ауыл ғана. «Стамболға Константинополь деген тарихи атауын қайтарыңдар» десең, күлкіге қалмайсың ба? Сондықтан «өнбейтін дауды өспейтін бала қуады» деген. Мемлекетке атауын беріп отырған халық, елді мекен тұрғындарының басым бөлігін құрап отырған халық – өзі тұратын жердің, ұл-қызының туған жерінің атауын ақылмен шешеді, тарихи әділеттілікті қалпына келтіреді. Ол – таң атқандай, күн шыққандай ақиқат нәрсе.

Философия ғылымдарының докторы, өзім ерекше сыйлайтын Тілекжан Рысқалиев ағамыз бір мақаласында: «Әр адам өмірде өз рөлін ойнауы керек, өз ісімен айналысуы керек, өз орнын табу керек. Бірақ жан-жақты адамдарға қай рөл де жарасады, қай істен де олар өздерін таба алады. Сондай жан-жақты жанның бірі – Гүлнәр» деп жазған екен. Өткендегі «ономастика шайқасы» кезінде майдан алаңында қалып, біраз соққыны өзіне қабылдап алған Гүлнәр Жәрдемқызын қолдап, мемлекет жүргізіп отырған ономастика саясатына да өз көзқарасымды білдірейін деп, осы бір пікірімді жазып отырмын.

Қазыбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

журналист


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика