Мұрағат: 04.11.2016


Жаңа тағайындаулар

Күні: , 88 рет оқылды

%d0%b0%d0%bc%d0%b0%d0%bd%d0%b3%d0%b5%d0%bb%d0%b4%d0%b8-%d0%ba%d0%b0%d0%bb%d0%b5%d0%bd%d0%be%d0%b2


Амангелді Кинешпайұлы Қаленов  Батыс  Қазақстан  облысы  қорғаныс  істері  жөніндегі  департаментінің  басшысы  болып  тағайындалды.


Полковник Амангелді Қаленов 1972 жылы туған, білімі жоғары, Қазақ мемлекеттік техникалық университетін металдарды күшпен жөндеу технологиясы және машиналар  мамандығы бойынша бітірген.

06.1995-10.1995 жылдары Семей қаласындағы №54770 әскери бөлімінің инженерлік-жол взводында командир болды.

1995-1997 жылдар аралығында Семей қаласындағы №54770 әскери бөлімінің инженерлік-жол ротасының командирі болып қызмет атқарды.

1998-2000 жылдары Павлодар қаласында әскери комиссариатта қызметтер атқарды.

2000-2003 жылдары Павлодар облысы әскери комиссариатының жұмылдыру есебі бойынша 1-бөлім бастығының аға көмекшісі болды.

2003-2008 жылдары Павлодар облысы Павлодар қалалық басқармасы аумақтық қорғаныс және жұмылдыру даярлығы бөлімінде қызметкер, кейіннен басқарма бастығының орынбасары.

2008-2009 жылдарда Павлодар облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің жұмылдыру басқармасы аумақтық қорғаныс және жұмылдыру даярлығы бөлімінің бастығы болды.

2009-2012 жылдар аралығында Павлодар облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бірінші орынбасары – жұмылдыру басқармасының бастығы қызметін атқарды.

2012-2016 жылдары Павлодар облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы  болды.

***

%d0%bc%d0%b0%d0%ba%d1%81%d0%b0%d1%82-%d0%ba%d0%be%d0%b6%d0%b0%d0%b1%d0%b0%d0%b5%d0%b2Мақсат Аманқұлұлы Қожабаев Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бұйрығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы болып тағайындалды.

Мақсат Қожабаев 1974 жылы туған, білімі жоғары, Е. А. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттк университетін заңгер мамандығы  бойынша  бітірген.

1997-2008 жылдарда ол прокуратураның басшылық лауазымдарында болды.

2008-2009 жылдарда Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының орынбасары, 2009-2011 жылдары Алматы қаласы прокурорының орынбасары, 2011-2012 жылдарда Шығыс Қазақстан облысы прокурорының орынбасары болды.

2012-2014 жылдар аралығында Қызылорда облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментін  (қаржы полициясы) басқарды.

2014-2016 жылдары  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Жамбыл облысы бойынша  департаментінің  басшысы  болып  қызмет  атқарды.

***

%d0%ba%d1%83%d0%b0%d0%bd%d0%be%d0%b2Ербол  Бисенұлы  Қуанов  Қазақстан  Республикасының  Энергетика  министрлігі  Экологиялық  реттеу  және  бақылау  комитеті Батыс  Қазақстан  облысы  бойынша  экология  департаментінің басшысы болып   тағайындалды.

Ербол  Қуанов 1981 жылы туған, білімі жоғары, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін және Атырау мұнай және газ институтын  заңгер, мұнай-газ  ісі мамандықтары бойынша бітірген.  Ол 2002-2003 жылдары аралығында Атырау қаласы әкімі аппаратында бас маман-заңгер лауазымында істеді.

2003-2009 жылдары Атырау облыстық аумақтық қоршаған ортаны қорғау басқармасында бас маман, бөлім басшысы, 2009-2012 жылдарда Атырау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды  реттеу басқармасының  бастығы  болды.

2012-2016 жылдар аралығында Атырау облысы бойынша экология  департаментінің  басшысы  болып  қызмет  атқарды.


Қос мерейтой салтанаты

Күні: , 49 рет оқылды

pri_5146


Кеше  Ғ. Құрманғалиев  атындағы  облыстық  филармонияның залында Орал электр желілері басқармасы Батыс Қазақстан энерго аудандық басқармасының «шаңырақ көтергеніне» 50 жыл, «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ-ның құрылғанына 20 жыл толуына арналған салтанатты шара өтті. Оған облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты.


– «Елу жылда ел жаңа» демекші, осы жартығасырлық уақытта энергетиктердің елге қандай қызмет атқарғаны бейнефильмнен көрсетілді. Осы мерейтой ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекесімен тұспа-тұс келіп отыр. Сіздердің жұмыстарыңыз – еңбекті талап ететін, біліктілікті қажет ететін мамандық. Әрбір үйдің шамшырағын өшірмеу үшін сіздер күндіз-түні еңбек етесіздер. Ауа райы әрқашан сынап отырады, 2-3 күн бұрын бірінші сынақтан өттіңіздер, қар жауып, бірқатар үйлер жарықсыз қалды, бірақ сіздердің еңбектеріңіздің арқасында соның барлығы қалпына келтірілді. Бүгінгі мереке – баршамызға ортақ мереке. Тәуелсіздік жылдары өңірде көптеген шаруа атқарылды. Соның ішінде энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткіздік. Алты жыл бұрын 54 МВт-тық газтурбиналы электр станса іске қосылса, өткен жылы жұмысын бастаған қуаты 100 МВт-тық электр стансасы бүгінгі таңда 33 МВт электр қуатын өндіріп, өңірімізді және көрші өңірлерді электр  қуатымен қамтуда. Бұл да — үлкен жетістік. Өңірімізде трансформатор шығаратын зауыт іске қосылып, өнімдері экспортқа шығарылуда. Осының барлығы Елбасымыздың индустрияландыру бағдарламасының аясында жасалған нәтижелі жұмыстар, – деген облыс басшысы Алтай Көлгінов өңірдегі энергетика саласы қызметкерлерін қос мерейтоймен құттықтап, мерекелік  лебізін білдірді. Сонымен қатар өңір басшысы бір топ сала қызметкеріне алғысхаттар тапсырды.

«БҚЭЖТК» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Яхия Чудров залдағы әріптестерін мерейтоймен құттықтады. Сонымен қатар Яхия Киндашұлы облыс әкімі, «Батыс Қазақстан ЭЖТК» АҚ-ның (2001 жылдан бастап бұл компания облыс әкімінің басқаруында) басқарушысы Алтай Көлгіновке «Батыс Қазақстан ЭЖТК» АҚ-ның құрметті энергетигі» төсбелгісі мен куәлігін салтанатты түрде табыс етті. Осындай төсбелгі БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары, «БҚЭЖТК» АҚ-ның директорлар кеңесінің мүшесі Бәтес Есмағұловаға, аталмыш компанияның ардагерлер кеңесінің төрағасы Виктор Графкинге, осы компанияның қалалық филиалының директоры Сергей Доляға табысталды. Сондай-ақ бір топ энергетиктерге «Құрметті энергетик. Қазақстан электр энергетикалық ассоциациясы» атағы берілгені жөнінде куәліктер берілді.

Мерейтой иелерін Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев құттықтап, бір топ қызметкерге  қала әкімінің алғысхаттарын тапсырды. Жиынға арнайы келген энергетиктердің салалық кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары Нұркен Рүстем сала қызметкерлерін мерекемен құттықтап, біраз энергетикке Қазақстан энергетиктері салалық кәсіподағының «Алғыс белгісі» төсбелгілерін және Құрмет грамоталарын салтанатты түрде табыстады.

Салтанатты шара соңы облыстық филармония ұжымы дайындаған мерекелік концертке ұласты.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Суретті  түсірген  Айбатыр  НҰРАШ


«Отаныма оралғаныма қуаныштымын»

Күні: , 64 рет оқылды

img_6971


Мырзабек Сәбденов әңгімесін дәл осылай, яғни «Отаныма оралғаныма қуаныштымын» деп бастады. Өзінің ұл-қызы Өзбекстанда жарық дүниеге көрініп, олардың алды шаңырақ көтеріп үлгерсе де, 2003 жылы Мырзабек ағамыз отбасымен Қазақстанға көшіп келеді. Ұлына атамекен қадірін ұмыттырмай, әр кез әңгімелеп отыратын әкесі Асылбек он жыл бұрын Ташкент облысындағы Шыршық қаласында өмірден озса, араға екі ай салып анасы Айниса да қайтыс болды. Кейіпкеріміздің айтуынша, әкесінің туған жері негізінен Оңтүстік Қазақстан облысы. Кейін осы облыстағы Бостандық ауданына қоныс аударған. Кеңес Одағын әйгілі саяси әпербақан Никита Хрущев басқарған кезде қазақ жерін оңды-солды талан-таражға салу пиғылы асқынып, басым тұрғыны қазақ ұлтынан болғанына қарамастан, біраз елді мекен көрші елдің құрамына берілді. Оған қоса Мәскеудің «айттым, болды!» әмірімен Бостандық ауданы да Өзбекстан КСР-ның иелігіне өтті. Сөйтіп, көптеген қандасымыз атамекенімен қоса, өзбекстандық болып шыға келді.


Мырзабек Сәбденов 1980 жылдан бастап Шыршық қаласындағы электрохимиялық зауытқа жұмысқа орналасады. Кәсіпорында еңбек ете жүріп, қаладағы политехникалық институттың кешкі бөлімін тәмамдап, инженер мамандығын игеріп, азотты қышқыл өңдеумен айналысатын зауытта еңбек еткен-ді. Оның зиянды өндірістегі еңбегін ескерусіз қалдырмаған біздің үкімет 2014 жылы зейнетақы есебінде өтемақы тағайындайды.

«Атамекенімізге аңсарымыз ауа берген соң, Қазақстан елшілігіне өтініш жазып, құжаттарымызды тапсырдық. Оңтүстік Қазақстан облысында біраз туыстарымыз тұратын. Бірақ көші-қон саласының мамандары бізге солтүстік немесе басқа өңірлерді таңдаса, құжатты тез рәсімдеп, ерте азаматтық алуға және жеңілдік иеленуге мүмкіндік туатынын айтты. Ойлана келе, таңдауымыз Орал қаласына түсті. Аллаға шүкір, бү-гінде үш ұлымды аяқтандырып, екі қызымды ұзаттым. Олардан сегіз немере, төрт жиен сүйіп отырмын. Тұңғышым Мұратбек Ақтөбе қаласында кәсіпкерлікпен айналысады. Батырбек пен Азамат қасымда, менің қос қолғанатыма айналды. Қыздарым Гүлмира мен Замира, бірі Алматыдан, бірі Оралдан теңін тапты», — дейді әке марқайып.

Қарапайым болмысы шүкіршілікпен тоғайып отырса да, Мырзабек аға басынан қиыншылық өткермеді деп айта алмаймыз. Орал қаласына келген соң, несие қаражатына шағын автобус алып, №5 және 35-маршруттың бағыттарында қоғамдық көлік есебінде жолаушылар тасымалымен бір жылдай айналысады.Қала ішінде ұзын автобустар шығарыла бастаған соң, саудамен шұғылдануға бел байлайды. Ташкент қаласында тұратын қарындасы Ази жеміс-жидектер жіберіп, аяғынан тік тұрып кетуге жәрдемдеседі. Қазіргі кезде кәсіпкердің қалада азық-түлік дүкендері бар және орталық базарда сауда нүктелеріне иелік етеді.

– Жеке кәсіппен айналысатын адамға тәуекел және сабыр қажет. Алғашқы қадамнан пайдаға кенелу мүмкін емес. Әсіресе, сауданың бастапқы кезеңінде шығын көп, табыс аз болады. Қиындықты біртіндеп еңсеріп, кіріс көзін молайта түсесің. Көшіп келген жылдары зайыбым Жәмила Оңтүстік Қазақстанға қоныс аударуды ұсынды. Оған төзімділік таныту қажеттігін ескерттім. Түбінде осында тұрақтағанымызға бәрімізден сен артық қуанасың дедім. Расында, осы шаһарда ісіміз оңалып, дос-жаран, тамыр-таныс тауып, құдандалы болдық, — дейді Мырзабек Асылбекұлы.

Ол мемлекеттің шағын және орта бизнеске зор қолдау білдіріп жатқанына қуанышты. Әсіресе, еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың бекемдігін көңілге басты медеу санайды. Дегенмен дағдарысқа байланысты қиындықтар туындап жатқанын жасырмады.

– Үкімет өндіруші және өңдеуші кәсіпорындарға демеуқаржыны мейлінше бөліп бағуда. Сол секілді мемлекеттік бағдарламаларға сауда-саттықпен айналысатындарға қолдау тетіктері енгізілсе, біздер үшін зор көмек болар еді. Шетелден келетін импорттық өнімдер теміржол арқылы Ресей айналып жетеді. Нәтижесінде делдал көмегіне сүйенуге тура келеді. Бұл тауардың қымбаттауына әсер етеді. Осы жағы реттелсе, — деді ол.

Негізінен кейіпкеріміздің алғашқы мамандығы кино түсіру саласына қатысты екенін атап өткен ләзім. Балалық шағы өткен Шыршық қаласындағы орыс мектебін тәмамдаған соң, 1974-79 жылдары Ташкент қаласындағы кинотехникумда оқиды. Кейін жолдамамен Бостандық ауданында кинофикация саласы басшысының орынбасары боп қызмет етті.

– Менің ойымша, Қазақстанда кино өнерін дамытуға айрықша көңіл бөлу қажет. Ол үшін Өзбекстан мамандарымен тәжірибе алмасуды ұсынар едім. Соғыс кезінде әйгілі «Ленфильм» киностудиясы Өзбекстанға көшірілді. Білікті киномамандар шоғырланған соң, көрші ағайын бұл салада кәсіби тұрғыда едәуір ілгерілеп кетті, — дейді Мырза-ағамыз.

Әңгімелесе отырып, Мырзабек Сәбденовтің бірнеше тілді меңгеріп алғанын білгенімде, тіпті таңырқай түстім. Бала күнінен қазақ, өзбек, орыс тілдерінде емін-еркін сөйлейтіні өз алдына, татар, түрікмен, тәжік, ағылшын, қытай, әзірбайжан, армян тілдерін өмір мектебі үйретіпті. Кеңес Одағы ыдырағанда біраз елдің өнеркәсібі тоқырағаны мәлім. Сонда Шыршық қаласындағы зауыт басшылығы жұмысшыларын жыл сайын екі-үш ай ақысыз демалысқа жіберуге мәжбүр болған. Ондай кезде іскер азамат жамбастап жатып алмай, Ресейге барып еңбек етіп, табыс тауып отырған. Кәсіптен нәсіп таба жүріп, біраз ұлт өкілдерімен араласты. Түркіменстанның Тэджэн қаласында әскери борышын өтегені де ізсіз қалған жоқ. Оның айтуынша, 2000 жылдары Шыршық қаласындағы қазақтардың біразы елге көшкен. Байырғы тұрғындар азайған сайын, тәжіктердің саны көбейе түсіпті. Қазіргі кезде қалада бір ғана қазақ мектебі қалыпты.

Кейіпкеріміз көші-қон саласы жандана түссе екен дейді. Қазіргі кезде бес жыл өткен соң ғана азаматтық беріледі. Бұл шарт шеттен келіп, қандастарымыздың тұрақты жұмыс табуына айтарлықтай кедергі болуда және жеңілдік алу құқын шектеуде. Сондықтан Өзбекстаннан атамекеніне қоныс аударғысы келетін біраз ағайынның іркіліп отырған жайы бар. Көші-қон саласына қатысты мәселелердің шешімін табатынына сенетінін жеткізген Мырзабек Сәбденовтің марқұм ата-анасына деген ризалығы сөзінен айқын аңғарылып тұрды. Әкесі Асылбек Сәбденов ҰОС кезінде Мәскеу қаласының түбіндегі сұрапыл шайқастарға қатысып, Берлинге дейін жеткен екен. Кейін елдегі бейбіт еңбекке араласқан. Өзбекстан иелігінде кеткен біраз елді мекеннің негізгі иесі қазақ екенін айтып, атажұртқа деген іңкәрлікті ұрпағының жүрегіне дарытқан ақсақалдың пейіште нұры шалқығай!

– Отбасымда «үш жүздің» басы қосылған. Өзім Ұлы жүздің Сіргелі тармағынан болсам, жұбайым Орта жүздің Қоңыратынан, ал кіші келінім Кіші жүздің Алаша руынан. Құда-жекжатпен бас қосқанда, тіпті мәре-сәре боламыз, — дейді Отанына оралғанына шексіз қуанышты отағасы.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Мемқызметші сыйлықтар алып қойса…

Күні: , 60 рет оқылды


Сәрсенбіде облыстық кәсіпкерлер палатасының мәжіліс залында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру» тақырыбында облыс кәсіпкерлерінің форумы өтті. Бұл шараны «БҚО Азаматтық альянсы» қауымдастығы заңды  тұлғалар  бірлестігі  Сыбайлас  жемқорлыққа  қарсы іс-қимыл  ұлттық  бюросының  БҚО  бойынша  департаментінің  қолдауымен  «Азаматтық бақылау»  жобасы  бойынша ұйымдастырды.


Басқосуда «Мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты мен кәсіпкерлердің құқықтарын сыбайлас жемқорлықтан қорғау мәселесі» жайында баяндаған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының БҚО бойынша департаментінің басқарма бастығы Данияр Тұрғанбаевтың айтуынша, соңғы жылдары елімізде жемқорлық дертіне қарсы іс-қимылда оң динамика басым. Бұған халықаралық рейтингтерді көрсеткіштері дәлел бола алады. Сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары 168 елдің ішінен Қазақстан 123-орында. Еліміздегі бұл бағыттағы оңды істер 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның қабылданып, іске қосылуына орай жүргізіліп отырған саясаттың нәтижесі екені сөзсіз. «Мысалға, қабылданған заңдарда мемқызметшінің тәртіп нормасы нақты көрсетілген. Қазіргі заңдылықтарға сәйкес мемқызметшіге сыйлықтар алуға болмайды. Егер де мемқызметші сыйлықты қабылдап қойған болса, оны  жеті күннің ішінде жергілікті атқару органдарына немесе арнайы мемлекеттік қорға қайтаруы тиіс. Олай болмаған жағдайда мемқызметші жауапкершілікке тартылады. Сыйлықтың бағасы екі айлық есептік көрсеткіштен аспаса, онда қызметші тәртіптік немесе әкімшілік жолмен жазаланады. Ал сыйлық бағасы бұдан жоғары болса, пара ретінде қылмыстық іс деп қаралады», – деді Данияр Тұрғанбаев. Оның айтуынша, жыл басынан бергі уақытта облыста 39 тұлға сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деп танылып, 30 тұлға түрлі жазаға тартылған. Биыл сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен анықталған қылмыстық құқықбұзушылықтар бойынша соттардың шешімдерімен 90 млн. теңге шамасында айыппұл салынды.

Аталмыш департамент жұмысының негізгі басым бағыттарының бірі – кәсіпкерлікті қорғау саласында мемлекеттік органдардың бизнеске заңсыз араласуынан қорғау. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері 8 факті анықталып, шағын  және орта кәсіпкерліктің жеті өкілінің құқығы қорғалған. Аталған қылмыстар бойынша төрт лауазымды тұлға  қылмыстық жауапкершілікке тартылған. — Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім бастығы М. Отаубаевты өзінің қызмет бабын пайдаланып, жер қойнауын пайдаланушыға қысым көрсету арқылы үшінші біреулер үшін құм-қиыршықты тас қоспасын тегін әлденеше рет алғаны үшін сот кінәлі деп тапты. Оған 2,1 млн. теңге шамасында айыппұл салынып, мүлкі тәркіленді және өмір бойы мемлекеттік органдарда жұмыс істеу құқығынан айырылды. Төрт кәсіпкер өздерінің құқықтары бұзылса да, Отаубаевтың қылмысын хабарлауға асықпаған және бұл қылмыстардың іске асуына жағдай жасаған, — деген Данияр Мұқанұлы барлық кәсіпкерлерді жемқорлыққа «нөлдік төзбеушілікке» шақырды.

Жиында өңірдегі шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы жөнінде облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Бақдәулет Ибраимов баяндады. Оның айтуынша, биылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша кәсіпкерлік саласында 46502 субъекті тіркелген және олардың 33896-сы жұмыс істеуде.  Жалпы, бұл салада 102 800 адам еңбек етеді. «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы бойынша биыл 15 млрд. теңгеге несие мөлшерлемесін субсидиялауға 92 жоба мақұлданған. Олардың ішіндегі 7,7 млрд. теңгеге мақұлданған 41 жоба (45 пайызы) ауылдық жерлерден. Аталмыш бағдарламаны іске асыруға 2016 жылға республикалық бюджеттен облысқа 2,2 млрд. теңге бөлінді және индустриалдық инфрақұрылымды дамытуға қосымша қордан 440,5 млн. теңге бағытталды.  Сондай-ақ биыл 18 млн. теңге шамасындағы гранттық қаржыландыруға 15 бизнес-жоба іріктеліп алынды.

Басқосуда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалы басшысының орынбасары Нұржан  Мақсотов, ҚР Мемлекеттік қызмет  істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басқарма басшысы Біржан Хайруллин, «Ақ жол» партиясы облыстық филиалының өкілі, «ТДК-42» телеарнасының директоры Табылғали Сапаров және өзгелері сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру, қоғамдық кеселге қарсы стратегияның іске асырылуының жай-күйін мониторингтеу жайындағы ой-пікірлерімен бөлісті.

Алайда бұл шара облыс кәсіпкерлерінің форумы деп айдарланғанымен, қатысушылардың  денін мемлекеттік органдардың өкілдері құрады, ал кәсіпкерлер жоқтың қасы десе де болады. Содан соң жиында күн тәртібіндегі мәселе бойынша талдау, сараптау жағы жетіспей жатты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің облыстағы департаменті тарапынан айтылған әңгіме «бір жақты», тек пара берушілерге қатысты болды да, ал пара ұсынатындар жайында ешқандай сөз болмады…

Гүлбаршын  ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


Мемлекеттік басқарудың тиімді тетіктері қалыптасуда

Күні: , 37 рет оқылды

pri_4975


Бейсенбі күні Орал қалалық әкімдігінде «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік басқарудың тиімді тетіктері және есеп беру кепілдігі мен ашықтығы» тақырыбында екі күндік жиын басталды.


ҚР Президенті жанындағы Модернизациялау бойынша ұлттық комиссия, ҚР Парламентінің Мәжілісі, Батыс Қазақстан облысының әкімдігі, Дін істері және азаматтық қоғам, Ақпарат және коммуникациялар министрліктері, БҰҰ-ның Қазақстандағы даму бағдарламасы (ПРООН) мен ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесі ұйымдастырған жиынға мемлекеттік құрылым, қоғамдық кеңес, ҮЕҰ, БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов Елбасы республикамызда азаматтық қоғамның қалыптасуына жете мән беріп отырғанын атап өтті. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында да бұл мәселе барынша қамтылған. «Осыдан дәл бір жыл бұрын, яғни 2015 жылдың 2 қарашасында ҚР «Қоғамдық кеңестер туралы» заңы шыққан болатын, — деді Марат Лұқпанұлы. — Қазіргі таңда облыс аумағында  12 аудандық, Орал қалалық және облыстық қоғамдық кеңестер жұмыс істеуде. Бұл қоғамдық кеңестер мүшелерінің көпшілігі – қоғамдық ұйымдардың өкілдері. Облыстық қоғамдық кеңесте алты комиссия құрылып, өз жұмыстарын  ойдағыдай  атқарып  жатыр».

Жиында сөз алған БҰҰ-ның Қазақстандағы даму бағдарламасының жобалар бойынша менеджері Гүлмира Төлесбаеваның айтуынша, олар Батыс Қазақстан облысымен тығыз байланыста жұмыс жасауда. Яғни азаматтық қоғамды дамыту, жасыл экономика технологияларын енгізу сынды жобалар бойынша біраз іс-шаралар атқарылды. Бұл байланыс алдағы уақытта да дами түсетініне сенім мол.

– ҚР «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» және «Қоғамдық кеңестер туралы» заңдары Ұлт жоспарына сәйкес дайындалды. Еліміздің тәуелсіздік алғанына 25 жыл толды. Біз қазір егемендіктің жаңа сатысына қадам басудамыз. Алдағы мақсатымыз – әлемде барынша дамыған 30 елдің қатарына кіру. Бұл бағытта елімізде көптеген іс-шара қолға алынып жатыр. Жоғарыда айтып өткен қос заңның қабылдануы – сондай  шаралардың бірі. Мен «Қоғамдық кеңестер туралы» заң жобасын дайындауға атсалыстым. Соған орай біз 29 рет жұмыс тобының жиынын ұйымдастырдық. Оған барлық қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. БАҚ-та көптеген материал жарияладық. Заң жобасын дайындауда көпшіліктің пікірлері ескерілмей қалған жоқ. Содан болса керек, аталмыш қос заңымыз Еуропа елдерінде жоғары бағаланды. Мәселен, «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңын дайындағаны үшін ҚР Парламенті Мәжілісінің комитет төрағасы Мәулен Әшімбаевтың атына Женевадағы Электрондық ақпарат құралдары ұйымының бас хатшысынан алғысхат келді. Жалпы алғанда, бұл заңдар мемлекетімізде азаматтық қоғамының дамуына тың серпін беретіні анық, – деді осы шараға арнайы келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаменті басшысы, әдеп кеңесінің төрағасы Болат Исқақовтың сөзіне қарағанда, биыл мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа кезеңі басталды. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытындағы іс-шаралар да жаңғыртылды.

ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесінің өкілі Мария Дубовицкая аталмыш ұйым өз серіктестерімен бірге Қазақстанды демократияландыру бағытында көптеген тренингтер өткізгендігін жеткізді. Сөйтіп, олар да «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» және «Қоғамдық кеңестер туралы» заңдарының қабылдануына өз үлестерін қосты. Бұл заңдар ашықтықты, есеп берушілікті, ақпарат алуға қолжетімділікті қамтамасыз ететіні, сыбайлас жемқорлықты болдырмауға септігін тигізері анық.

Жиын барысында «Интерньюс-Қазақстан» ұйымының заңгері Ольга Диденко, БҰҰ-ның Қазақстандағы даму бағдарламасының өкілдері Әлия Құртайева, Нелли Төлегеновалар жоғарыда аталып өткен заңдардың мән-маңызы, олардың мемлекетке, қоғамға, адамдарға пайдасы туралы  тренинг  өткізді.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ

Суреттерді   түсірген  Айбатыр   НҰРАШ


Пайдаланбасаң, мемлекет меншігіне қайтар!

Күні: , 47 рет оқылды

%d0%ba%d0%b0%d0%ba-%d0%bf%d0%be%d0%bb%d1%83%d1%87%d0%b8%d1%82%d1%8c-%d0%b7%d0%b5%d0%bc%d0%b5%d0%bb%d1%8c%d0%bd%d1%8b%d0%b9-%d1%83%d1%87%d0%b0%d1%81%d1%82%d0%be%d0%ba-%d0%b1%d0%b5%d1%81%d0%bf%d0%bb


Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес 2012-2014 жылдары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жүргізілген түгендеу жұмыстарының және 2012-2015 жылдары жергілікті атқарушы органдардың жүргізілген жұмыстарының нәтижесінде анықталған пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, сондай-ақ қайта айналымға қосу жұмыстары жүргізілуде.


Атап айтқанда, біздің облыстық жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасының жан-жақты тексеру жүргізуі нәтижесінде пайдаланылмай жатқан 1004,0 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің қазіргі таңда 732,9 мың гектары немесе 73%-ы мемлекет меншігіне қайтарылып, оның 404,2 мың гектары немесе 55,2%-ы ауыл шаруашылығы айналымына қайта енгізілді.

Сонымен қатар жалпы көлемі 252,7 мың гектар немесе 25% жерде жер пайдаланушылар мен иелері өз учаскелерін игеруге кірісті.

Батыс Қазақстан облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасымен болашақта да игерілмеген жер учаскелерін анықтап, мемлекетке қайтару бойынша тиісті шаралар тынымсыз жүргізіле беретін болады.

Біздің басқарма, атынан көрініп тұрғанындай, Қазақстан Республикасының Жер кодексін және де Кәсіпкерлік кодексін басшылыққа ала отырып, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттік органдардың, сондай-ақ лауазымды адамдардың жер заңдарын және жер учаскелерін пайдалану ережелерін сақтауына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады.

Өткен жылы біздің басқарма жалпы көлемі 160,1 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы егістік, жайылымдық және шабындық жерлерге тексеру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде жер учаскелерінің уақтылы игерілмеуіне байланысты иеліктеріндегі жер көлемдері 64,0 мың гектарды құрайтын 133 шаруашылыққа Жер кодексінің нормаларына сәйкес тиісті мақсатында пайдалану қажеттігі жөнінде ескертулер берді.

Анау 64,0 мың гектарды таратып айтсақ, Бөрлі ауданында 2,4 мың га, Жаңақала ауданында 3,8 мың га, Жәнібек ауданында 7,5 мың га, Зеленов ауданында 18,2 мың га, Тасқала ауданында 7,1 мың га, Қазталов ауданында 9,9 мың га, Бөкей ордасы ауданында 3,4 мың га, Теректі ауданында 6,9 мың га, Шыңғырлау ауданында 3,1 мың га және Орал қаласында 1,7 мың гектар болып шығады.

Бұдан басқа өткен жылы кәсіпкерлік мақсатта берілген жерлерді тексеру нәтижесінде көлемі 28,9704 гектар құрайтын 69 жер учаскесінің иелеріне бір жыл мерзім ішінде тиісті мақсатында пайдалану қажеттігі туралы ескертулер берілді.

Ал үстіміздегі жылы жалпы көлемі 66,5 мың гектарды құрайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдаланбағаны үшін 50 шаруашылыққа жерлерін тиісті мақсатында пайдалану қажеттігі жөнінде ескертулер берілді.

Басқармамен қазіргі уақытта пайдаланбауына (игермеуіне) байланысты заңбұзушылықты жою жөнінде берілген нұсқамалардың орындалу мерзімі аяқталған жер учаскелеріне тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Олар, атап айтқанда, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бойынша тоғыз шаруашылықтың жалпы көлемі 9,2 мың гектар құрайтын жер учаскесін басқарманың талап-арызы негізінде сот шешімімен мемлекет меншігіне мәжбүрлеп қайтарылды.

Ал 41 шаруашылық 14,8 мың гектар құрайтын жер учаскелерінен ерікті түрде бас тартып, мемлекет меншігіне қайтарды. Яғни жалпы нобайы басқарманың тексеру жұмыстарының нәтижесінде бүгінгі күні 50 шаруашылықтың жалпы көлемі 24,0 мың гектар құрайтын ауыл шаруашылығы жерлері пайдаланбауына байланысты мемлекет меншігіне қайтарылып отыр.

Бұған қоса тоғыз шаруашылықтың 3,1 мың гектар құрайтын жер учаскелерін мәжбүрлеп алып қою жөнінде біздің басқарманың талап-арызы сот органында қаралуда.

Енді кәсіпкерлік мақсаттағы жерлерге келетін болсақ, үш шаруашылық субъектісі 0,4648 гектар құрайтын жер учаскелерінен ерікті түрде бас тартуына байланысты мемлекет меншігіне қайтарылды.

Ал жеті шаруашылық 1,96 гектар құрайтын жер учаскелерін басқарманың нұсқамасынан кейін игерді.

Үш шаруашылықтың 1,8 гектар құрайтын жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою жөнінде басқарманың талап-арызы сот органында қаралуда.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – меншік иелері жерлерін өз мақсатында, уақытында, яғни заңда көзделген мерзімде игеруі тиіс. Олай болмаған жағдайда ол жерлер мемлекет мұқтажына қайтарылуға жатады.

Салауат НҰРҒАЛИЕВ,

БҚО жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы


БҚАТУ-дағы емдеу орталығы

Күні: , 41 рет оқылды

img_9006


Ел  тәуелсіздігінің 25 жылдық  мерейтойына орай  «100  нақты  көмек» жобасы  аясында  Жәңгір  хан атындағы  Батыс  Қазақстан аграрлық-техникалық  университетінде  жаңа  дәрігерлік  қабылдау  орталығы ашылды.


Салтанатты шарада сөз алған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қ. Ирменовтің айтуынша, бұл – уақыт талабынан туындаған шешім.

– Осыдан екі жыл бұрын Зашаған кентінде №6 емхана жаңадан бой көтерген кезде тіркелген халық саны 41500 адамды құраса, қазір бұл көрсеткіш едәуір артқан.  Яғни күніне 250 адамды қабылдауы тиіс емханада бір мезетте 700-ден астам тұрғын ем-дом алады. Бұл медициналық қызметтің сапасына теріс әсер етіп қана қоймай, емделушілерге де қолайсыз жағдай тудырды. Жаңа дәрігерлік қабылдау орталығының ашылуы осы олқылықтың орнын толтыруға септеседі деген сенімдемін, — деді басқарма басшысы.

Шара барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен Жәңгір хан атындағы БҚАТУ арасында әріптестік туралы меморандумға қол қойылды. №6 қалалық емхананың филиалы болып табылатын медициналық орталық оқу орнында білім алушы 5 мыңнан астам студентке, 2 мыңға жуық оқытушылар мен қызметкерлерге және жақын маңдағы тұрғындарға қызмет көрсетпек. Тұрғындар екі учаскеге бекітіліп, үш жалпы тәжірибелік дәрігер ем-дом көрсетеді. Оған қоса зертханалық-диагностикалық бөлімше іске қосылып, профилактикалық іс-шаралар мен скринингтер өткізілмек.

Орталықтың алғашқы жұмыс күні «Ашық есік» шарасы ұйымдастырылып, онда хирург, кардиолог, эндокринолог, гинеколог, терапевт мамандар тұрғындарды қабылдап, кеңес берді.  №6 емхана медбикелері «Қол жуу» флешмобын өткізіп, халыққа темірдей саулықтың кепілі – қарапайым тазалық сақтаудан бастау алатынын түсіндірді.

Динара  ӘЛПЕЙІСОВА,

Жәңгір  хан  атындағы БҚАТУ  баспасөз  хатшысы


Үш адам жұмыс тапты

Күні: , 50 рет оқылды

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

OLYMPUS DIGITAL CAMERA


«Нұр Отан» партиясы облыстық бөлімшесі сейсенбіде өңірдегі жұмыссыздықты азайту мақсатында халықты жұмыспен қамту мәселесі бойынша қоғамдық қабылдау ұйымдастырды. Бұған облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы мен қалалық жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері қатысты.


Шара барысында мамандарға алдын ала тіркелген алты адам келіп, жұмысқа орналастыру жөнінде көмек сұрады. Солардың бірі – Талғат Ханатов. М. Өтемісов атындағы БҚМУ-ды бухгалтер-аудит мамандығы бойынша қызыл дипломмен бітірген Талғаттың бір жарым жылдық жұмыс тәжірибесі бар. Ол қаладағы бір құрылыс компаниясында келісімшарт негізінде мамандығы бойынша жұмыс істеген. Қазіргі уақытта жұмыссыз жүр. Өздігінен жұмыс іздегенімен, тәжірибесі болмағандықтан, мекемелер мен кәсіпорындар оны жұмысқа алмаған. Талғаттың жағдайына түсіністікпен қараған қалалық жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері оған әлеуметтік бағыттағы жұмыс орны ретінде есепшілік қызметті ұсынды. Сөйтіп, Талғат түс қайта құжаттарын алып, Орал қалалық жұмыспен қамту орталығына баратын болды. Егер Талғат Ханатов осы айтылған жұмысқа қабылданатын болса, оның жалақысы 60 000 теңге шамасында болмақ. Еңбекақының 30 пайызын мемлекет, ал 65 пайызын жұмыс беруші төлемек.

Қабылдауға бұдан кейін кірген Гүлназ Еспентаева жұмыспен қамту саласының басшыларынан шағын несие алу жөнінде көмек сұрады. Бөкей ордасы ауданының Бөрлі ауылында тұратын Гүлназдың өзі де, күйеуі де жұмыссыз көрінеді. Балаларының алды студент, бұл отбасында балаларға төленетін әлеуметтік көмектен басқа кіріс жоқ. Азын-аулақ малын несие қарызын өтеу үшін сатып жібергендерін айтқан Гүлназ қазіргі уақытта өмір сүрудің тым қиындап кеткенін көзіне жас ала отырып жеткізді. Жұмыссыз әрі малсыз қалған жанұя қиындық-тан шығу үшін енді шағын несие алып, жеке кәсібін ашқысы келеді. Бұл ойын жергілікті басшылардың қолдамай отырғанын айтқан әйел енді амалының жоқтығынан облыстық деңгейдегі бүгінгі қабылдауға келуге мәжбүр болған. Гүлназ Еспентаеваның өтінішін мұқият тыңдаған облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Жанат Асантаев оның көзінше «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық бөлімшесінің басшысына қоңырау шалып, Гүлназды шағын несие жөнінде сол кісілерден кеңес алуға жолдады.

Ал жоғары оқу орнын психолог мамандығы бойынша биыл ғана бітірген Жадыра Ғиззатованы қинаған мәселе барынша жедел шешілді. Келген шаруасын айта бастаған Жадыраға қалалық жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері «Жастар практикасы» бойынша жұмыс істеуді ұсынды. Жадыра мамандардың бұл ұсынысына қуана-қуана келісті. Сол секілді іс жүргізушілік мамандығы бар Жадыра Айтқазиева да осы қабылдауда өзіне лайықты жұмыс тапты.

— Облыс бойынша жұмыссыздардың жалпы саны 16025 болса, соның 15 мыңнан астамы белсенді шаралармен қамтылды. Белсенді шара деп отырғанымыз – «Жастар» практикасы, әлеуметтік және қоғамдық жұмыс орындары және нақты мамандығы жоқ адамдарды оқыту секілді жұмыссыз жүргендерге көрсетілетін көмек түрлері. Жыл аяғына дейін бұл көрсеткіш тағы да өседі деп жоспарлап отырмыз. Жыл басынан бері жұмыспен қамту орындарында 2526 адам жұмыссыз ретінде тіркелген, бұл — өңір халқының 0,8 пайызы. Жалпы, облыстағы жұмыссыздық жағдайы 5 пайызды құрайды. Былтыр да осы деңгейде болған, биыл да сол шамада тұр, — дейді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Жанат Асантаев.

Шара барысында қоғамдық қабылдауға келген алты адамның үшеуі мамандықтары бойынша жұмыс тапты. Демек, бұл – жуық арада үш адамның тұрмысы жақсара бастайды деген сөз. «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Гауһар Шайхиниязованың айтуынша, ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша партияның қоғамдық бөлмесіне облыс бойынша 2530 арызшағым түссе, соның 717-сі, яғни 28 пайызы жұмыспен қамту мәселесіне қатысты. Партияның қоғамдық қабылдау бөлмесі биылдыққа осы тақырыптағы қабылдауды 37 рет ұйымдастырған.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


«Жыл үздігі – 2016» жастар байқауы

Күні: , 55 рет оқылды

dsc_0017


Батыс Қазақстан облысы бойынша «Болашақ» қауымдастығы дәстүрлі «Жыл үздігі — 2016» өңір жастарының сыйлығы»  байқауын жариялады. Бұл туралы бейсенбі күні Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалы алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аян Сакошев мәлімдеді.


-2008 жылдан бері өткізіліп келе жатқан бұл байқау облысымыздағы мемлекеттік жастар саясатын кеңінен насихаттау және жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылады. Сонымен қатар бұл байқау облыс көлемінде жыл бойына жастар қозғалысының дамуына белсене араласып, әр салада өз кәсіби шеберлігін көрсеткен, ел ертеңі деп сенім артқан жастарды анықтау және марапаттауды мақсат етеді. «Жыл үздігі — 2016» жастар сыйлығы 15 аталым бойынша үздік деп танылған жастарды таңдайды. Байқау қатысушылары қажетті құжаттарды тапсырып, қатысуға өтініш білдірулері қажет. Аталмыш байқаудың арнайы қазылар алқасы тағайындалып, өз төрелігін беретін болады, — деді Аян Сакошев.

Брифингке қатысқан БҚО бойынша «Болашақ» қауымдастығының төрайымы Салтанат Тұманбаева байқаудың шарттарына тоқталып өтті.

Оның айтуынша, биылғы «Жыл үздігі – 2016» байқауы 12 негізгі, үш арнайы аталым бойынша анықталмақ. Негізгілердің қатарында  «Үздік жастар ұйымы»,  жас көшбасшы, студент, жас ұстаз, жас ғалым, жас өнерпаз, жас дәрігер, жас спортшы, жас тілші, жас маман, мектеп көшбасшысы, үздік  бизнес жоба аталымдары бар. Сонымен қатар «Батырлығы мен ерлігі үшін», «Қайырымдылығы үшін», «Жыл жаңалығы» арнайы аталымдары бойыша үздіктер де анықталмақ. Байқауға 14-29 жас аралығындағы жастар қатыса алады және қатысушының тек 2016 жылғы жетістіктері қаралады. «Жыл үздігі – 2016» Батыс Қазақстан облысы жастар сыйлығының жеңімпаздары арнайы құрылған комиссия шешімімен анықталатын болады. Комиссия құрамы байқауды ұйымдастырушылар, әр салаға сәйкес сарапшылар, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінен тұрады. Байқау туралы толық ақпаратты «Батыс Қазақстан облысы бойынша «Болашақ» қауымдастығынан алуға болады. Мекенжайы: Қ. Аманжолов көшесі 114/2, 3-қабат, байланыс телефоны: 50-38-06, Е-mail: bolashak_zko@bk.ru,

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


Қоғамдық кеңестің есебі

Күні: , 52 рет оқылды

dsc_0007


Бейсенбі күні Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалы алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық қоғамдық кеңестің ағымдығы жылдың тоғыз айы ішінде атқарған қызметі жөнінде есебі тыңдалды.


Брифингке қатысқан БҚО аумақтық кәсіподақтар орталығының төрағасы Ербол Салықов облыстық қоғамдық кеңестің жыл басынан бергі атқарған жұмысына тоқталып өтті.

Оның айтуынша, облыстық мәслихаттың шешімімен құрылған қоғамдық кеңестің құрамында 41 адам бар. Олардың 13-і (32 пайызы) мемлекеттік органдар өкілдері болса, 28-і (68%-ы) – коммерциялық емес ұйым өкілдері. Орал қаласының және 12 ауданның қоғамдық кеңес төрағалары облыстық кеңестің құрамына енгізілген. Гендерлік құрамына келер болсақ, әйел адам саны – 9 (22%), ер адам саны – 32 (78%). Кеңес мүшелері құрамында 30-59 жас аралығындағылар саны – 22 (54%), 60-тан жоғарылар саны 19-ды (46%) құрайды.

Қазақстан халқы ассамблеясының алты мүшесі облыстық қоғамдық кеңестің құрамында, олардың төртеуі – облыстық этномәдени бірлестіктердің басшылары. Қоғамдық кеңес жанынан маңызды әр саланы қамтитын алты комиссия құрылған. Күні бүгінге дейін 11 қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырыстары, 15 қоғамдық кеңестің төралқа отырыстары өткізілген. Онда 132 мәселе қаралып, 184 ұсынба қабылданған. Соның ішінде атқарушы органдардың 118 нормативтік-құқықтық актілерінің жобалары талқыланып, үшеуі қайта ұсыну үшін кері қайтарылған.

Қазақстан Республикасының Жер реформасына қатысты қоғамдық кеңестің кеңейтілген бес отырысы өткізілген. Оған 300 адам қатысып, Жер реформасы бойынша республикалық комиссияға 72 ұсыныс жіберілген.

— Сонымен қатар жоспарға сай, облыстық қоғамдық кеңестің отырыстарында Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің 2016 жылдың I жартыжылдығында орындалуы туралы облыс әкімі Алтай Көлгіновтің есебі тыңдалды. 2011-2015 жылдарға арналған өңірдің аймақтық даму бағдарламасының орындалуы туралы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының есебі, Батыс Қазақстан облысындағы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын мемлекеттік бақылау барысы туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің БҚО бойынша департаменті басшысының есебі де қоғамдық кеңестің назарына ұсынылды. Біздің жоспарымызға сәйкес ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесіне арналған БҚО қоғамдық кеңестің азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізілді. ҚР «Жайылымдар туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарының жобалары талқыланды. Осы заң жобасын барлық аудандық қоғамдық кеңестерде қарау және ұсыныстарды жинақтау тапсырылды. Облыстық қоғамдық кеңестің төралқа мүшелерінің облыс тұрғындарын қабылдау мақсатында қоғамдық қабылдау кестесі жасақталды және ол облыстық баспасөз құралдарында жарияланды. Сондай-ақ облыс тұрғындарының пікірлерін анықтау мақсатында халықтардың көп баратын орны Азаматтарға арналған Үкімет корпорациясы КЕ АҚ БҚО бойынша филиалы халыққа қызмет көрсету орталығы ғимараттарында қоғамдық пікір жәшіктері орнатылды, — деді Ербол Салықов.

Сонымен қатар баспасөз мәслихатының спикері халықтың қоғамдық кеңес арқылы еліміздегі саясатқа, қоғамға өз ой-пікірін жеткізуге болатындығын, бірақ бұл мақсатта тұрғындар тарапынан әлі де болса белсенділіктің болмай тұрғандығын тілге тиек етті. Баспасөз мәслихаты соңында Ербол Ғұмарұлы журналистердің бірқатар сауалдарына жауаптар қайтарды.

Нұрбек ЗӘКӘРИЯҰЛЫ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика