Мұрағат: 02.11.2016


Сараптама қорытындысын жариялады

Күні: , 49 рет оқылды

img_9874


Газетіміздің 29 қазандағы №132 санында Зеленов ауданына қарасты Январцев елді мекені маңындағы Емболатовка өзеніне өндіріс қалдықтары төгілді деген күдікпен төртінші рет сынама алынғанын жариялаған болатынбыз. Кеше облыстық экология департаментінде өткен баспасөз мәслихатында департамент басшысы Ербол Қуанов аталмыш мәселеге қатысты алынған сынамалардың сараптамалық қорытындысын жариялады.


— Ағымдағы жылдың 18 қазан күні біздің департаментке Январцев ауыл тұрғындарынан Емболатовка өзенінің өндіріс қалдықтарымен ластанғаны туралы хабар келіп түскен болатын. Артынша біздегі талдау зертханасы қызметкерлерінен құрылған топ төтенше жағдай департаменті мамандарымен және ауыл тұрғынының қатысуымен аталмыш өзен суының үш жерінен және сол маңдағы ластанды деген топырақтан екі жерден сынама алды. Зерттеу нәтижесі алғашқы екі жерден алынған сынамадан фенол элементінің және мұнай өнімдерінің шекті мөлшерден асқандығын, ал үшінші сынамада қалыпты мөлшерде екендігін көрсетті. Жергілікті жердегі тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасы мамандарының алған сынамасынан да мұнай өнімдерінің бар екендігі анықталған. Оның сыртында ауыл тұрғындары судан сынама алып, «Батыс су арнасы» ЖШС мекемесі жанындағы зертханаға тапсырған. Ол зертхананың берген қорытындысында да фенол элементінің және мұнай өнімдерінің белгілі бір мөлшері анықталған. 28 қазан күні БҚМУ жанындағы химиялық талдау жасау зертханасының мамандары алған сынаманың да қорытындысы белгілі болды. Жалпы, жүргізілген барлық сараптамалардың нәтижесін қорытындылай келе Емболатовка өзенінің суы ешқандай мұнай қалдықтарымен ластанбаған деп айта аламыз. Жасалған сараптамалар ол өзенге азғантай мөлшерде болсын тұрмыстық сарқынды су төгілгендігін көрсетті. Және де аталмыш  өзенге кәріз суы күні кеше ғана емес, біраз уақыт бұрын төгілген. Ендігі мақсатымыз — сол лас суды төккен заңды немесе жеке тұлғаларды анықтау. Өзен суының кәріз суымен қаншалықты ластанғандығы, кім және қашан төккендігі туралы қандай ма мәлімет болса, баспасөз мәслихатында жариялайтын боламыз. Сол маңдағы ауыл тұрғындарынан сұрай-тынымыз, кәріз суын төккен мекеме немесе жеке тұлғалар туралы қандай да бір мәлімет болса, біздің департаментке хабарлауын сұраймыз, — деді Ербол Қуанов.

Баспасөз мәслихатына қатысқан, мәселенің мән-жайын зерттеп жүрген ауыл тұрғындары Болат Бисенғалиев пен Барлық Меңдіғазиев шығарылған қорытындыға көңілдерінің толмайтындығын жеткізіп, түйткілді жайды әлі де болса тереңірек зерттеу керектігін айтты.

Өз тілшіміз


«Қыс маусымына дайынбыз», — дейді сала басшылары

Күні: , 38 рет оқылды

img_7992


Сейсенбі күні Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалы алаңында өткен баспасөз мәслихатында қалалық коммуналдық қызметтің қыс мезгіліне дайындық барысы талқыланды.


Брифингке Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушысы Бекжан Тоқжанов және «Жайық Таза Қала» ЖШС директоры Болат Әмірғалиев қатысты.

– Қала бойынша жалпы көлік жолдарының ұзындығы 580,9 километрді құрайды. Соның ішінде қатқыл табандысы – 284,8 километр. Қала ішіндегі көлік жолдарын және жаяу жолдарды тазалау жұмыстарымен «Жайық Таза Қала» ЖШС айналысуда. Біз алдағы қыс мезгілін қарсы алуға толық дайынбыз. Қар тазалайтын 81 арнайы техникамыз бар. Көктайғақ кезеңіне арналған материалдар да дайын тұр. Соның ішінде көлік жолдарына арналған 15 тонна құмды-тұзды қоспа және 15 тонна жаяу жолға шашатын бишофит материалы бар. Сонымен қатар бензин, дизельдік отын, газ, май секілді жанар-жағармай материалдарын алу жөнінде келісімшарттарға қол қойылды. Қаламыздағы әр көшеге арнайы топ бөлінді. Төтенше жағдай кезеңіне арнаулы мобильді топ құрылды. Бүгін мекеме құрамында 610 адам қызмет етуде, — деді Бекжан Нұрланұлы.

– 31 қазанда аяқ астынан қалың қар жаууына байланысты 28 арнайы техника, 325 жұмысшы жұмылдырылып, нәтижесінде 312 текше метр қар шығарылды, 120 км жаяужол тазартылды. Электр желілеріне байланысты барлық ақаулар дұрысталды, — деді Болат Жәзитұлы.

Баспасөз мәслихатына қатысушы сала басшылары журналистердің сауалдарына жауап берді. Қыс маусымына қамдану шаралары жөнінде есеп берген сала басшыларының айтуынша, әкімдік биыл қыста қар үйілетін жерлерді белгілеген. Оған Телеорталық ауданы, Анискин көлі, Асан қайраңы және Орал-2 шағынауданы кіреді. Сонымен қатар Меловые горки және Болашақ шағынаудандарының әрбіреуінен бір гектар көлемінде жер дайындалуда.

Айым ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Тубдиспансер жабылмайды

Күні: , 167 рет оқылды

img_8017


Осы жылдың аяғына дейін облыстық туберкулезге қарсы диспансердің кейбір қызметтері қалалық емханалардың құзыретіне берілмек. Яғни туберкулездің жабық түрін алдын ала анықтау жұмыстары және пациенттерді амбулаторлық емдеу іс-шарасы   алдағы уақыттан бастап жергілікті емханаларда жүргізіледі. Ал арнайы диспансерлер мен ауруханаларда тек туберкулездің ашық түрімен ауыратындар ғана стационарлық режимде емделетін болады.


Бұл туралы сейсенбі күні облыстық денсаулық сақтау басқармасында өткен брифингте ҚР ДСӘДМ Ұлттық туберкулезге қарсы орталық директоры Жұмағали Исмаилов пен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменов мәлім етті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары М. Тоқжанов қатысты.

Ж. Исмаиловтың айтуынша, туберкулездің  жабық түрімен ауыратын тұрғындар қоршаған ортаға қауіп төндірмейді, керісінше, олар амбулаторлық ем алуға және белсенді түрде Кох таяқшасын бөлетін пациенттерден оқшаулануға мүмкіндік алып отыр. Соңғы 10 жылда Қазақстанда туберкулезге шалдыққандардың қатары 2,2 есеге төмендеген. Осы індеттің кесірінен болатын өлім-жітім саны 5 есеге азайған. Елімізде туберкулездің жұқпалы түріне шалдыққандар міндетті түрде ауруханаларда емделеді. Осыған дейін жабық түрімен ауыратындардың бірқатары амбулаторлық ем алып келсе, енді олардың 75%-ы ауруханаға жатпай-ақ ем алатын болады.

— «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2016-2025 жылдарға арналған туберкулезді ықпалдастырылған бақылау моделі әзірленіп, туберкулездің жабық түрімен ауыратын тұрғындардың амбулаториялық ем-шарасын кеңейту қарастырылған. Аурудың жұқпалы емес түрі болса, оларды амбулаторлық деңгейде емдеуіміз керек. Өйткені мұндай пациенттерде өзгелерге жұқтыру қауіптілігі болмайды. Алайда олар стационарлық емдеуге жатқызылатын болса, көптеген туберкулезге қабілетті дәрілік препараттардың әсерінен аурудың дәріге сезімталдығы жойылған түрлеріне шалдығуына жағдай туындайды. Сондықтан олар жергілікті мекенжайлары бойынша емханаларда емделетін болады. Туберкулездің барлық жағдайы міндетті түрде туберкулезбен сырқаттанғандардың ұлттық регистріне тіркеліп, емнің тиімділігіне талдау жүргізіледі. Туберкулез ауруы алғаш анықталғандардың, сондай-ақ дәрілерге көнбейтін туберкулезбен сырқаттанатындардың емдеу тиімділігін арттыру үшін оларды дәрі-дәрмекпен үздіксіз әрі тегін қамтамасыз етілуіне бақылау жүргізіледі, — деп атап өтті Ж. Исмаилов.

Өз кезегінде Қ. Ирменов қабылданып жатқан мұндай  шаралар стационарлық ем алған  пациенттердің емдеу шараларын күшейтуді қажет ететіндігін атап өтті. Осыған орай әрбір емделуші жергілікті учаскелік дәрігер мен фтизиатр маманның қатаң қадағалауында болмақ. Сондай-ақ денсаулық сақтау басқармасының басшысы әлеуметтік желілерде жиі жазылып жүрген «Туберкулезге қарсы диспансер мен ауруханалар жабылатын болыпты» деген сөздердің еш негізсіз айтылған алып-қашпа әңгіме екендігін және олардың жабылмайтындығын шегелеп айтып өтті. Тек бұдан былай бұл мекемелерде аурудың жұқпалы түрімен сырқаттанғандар ғана емделетін болады.

Қазір облысымыздағы бактериологиялық зертхана туберкулезді жедел диагностикалауға арналған заманауи бактериологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Hain-test жабдығы екі күннің ішінде дәрілік препараттарға сезімталдықты анықтаумен туберкулезді анықтай алады, ал G-Xpert аппаратының екі сағаттың ішінде туберкулезді анықтауға мүмкіндігі зор. Биыл өңірімізде туберкулезбен сырқаттанушылық өткен жылмен салыстырғанда 12 пайызға, ал балалар арасында 29 пайызға төмендесе, осы сырқаттың салдарынан болатын өлім 37 пайызға кеміген.

Ләззат ҒИНИЯТҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»


«Қазақстаннан» Қазақстанға

Күні: , 157 рет оқылды

100-%d0%b6%d1%8b%d0%bb-%d0%be%d1%80%d0%b0%d0%bb-%d0%be%d0%bd%d0%b8%d1%80%d0%b8-%d0%bc%d0%b5%d0%bd-%d0%bf%d1%80%d0%b8%d1%83%d1%80%d0%b0%d0%bb%d1%8c%d0%b5


Жаңа шыққан кітаб

«Қазақстан» басмаханасында бір кішкене кітаб басылыб шықды. Аты – «Ызың», 27 бетді, хақы пошта расхотыменен 20 тиын. Халықды қайғыртыб айтқан өлеңдер. Басқы бір-екі жолы мынау:


Батыс Қазақстан облысы: Тәуелсіздік жылдарының жылнамасы

Күні: , 48 рет оқылды

%d1%82%d0%b0%d1%83%d0%b5%d0%bb%d1%81%d0%b8%d0%b7%d0%b4%d0%b8%d0%ba-25-kz


1996 жыл

16-17 АҚПАН

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Виталий Метте «Металист зауыты» АҚ-да болды. Мұнда ол зауыттың мамандары мен жұмысшыларымен кездесті. Бұдан кейін Үкімет басшысының орынбасары қаладағы бірқатар өнеркәсіп нысандарын аралады. Еліміздің қорғаныс, жеңіл өнеркәсіп салаларын дамыту, мемлекеттік тапсырысты орындау, шығарылатын өнімді сертификациялау мәселелерін талқылаған кеңес өткізді.


19 НАУРЫЗ

«Береке» АҚ-да қалбырға дәрі құятын автоматтандырылған желі іске қосылды. Жаңа қондырғы 50-ден 400 миллилитрге дейінгі диапазонды ыдысқа дәрі құюды қамтамасыз етеді. Оның іске қосылуы медициналық препараттар шығаратын цехтың өндірістік қуатын арттырып қана қоймай, шығаратын өнім түрлерін кеңейтуге мүмкіндік берді.

21 МАМЫР

Чапаев атындағы затонда «Зенит» зауыты және «Гидроприбор» ҒЗИ шығарған «Батыр» катері мен «Сұңқар» шекара күзеті кемесі суға түсірілді. Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Қ. Жақыпов екі өндіріс орны Қорғаныс министрлігімен тығыз ынтымақтастықта жұмыс жасап, тапсырысты орындау нәтижесінде табыс көзін молайтып отырғандарына тоқталды.

15 ТАМЫЗ

Орал корей мәдени орталығының конференциясы болып өтті. Онда Батыс Қазақстан облысы корейлер ассоциациясы құрылды. Оның басқарма төрағасы болып Анатолий Ким сайланды.

10 ҚЫРКҮЙЕК

Орал қаласында Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Боранғали Ырзабаев және Леонид Макеев тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылды. Оның ашылу салтанатына оларды жақсы білетін жерлестері көп жиналды. Ескерткіш тақта орнатқан Жазушылар одағының облыстық бөлімшесі атына жылы лебіздер айтылды.

15 ҚАЗАН

Тасқала ауданының орталығында типтік үлгідегі балабақша базасында «Сәулет» мектеп-гимназиясы ашылды. Жаңа білім ұясында қазақ және орыс тілінде сабақ берілетін екі сынып бар. Оған дарынды балалар іріктелді және аудандағы ең таңдаулы, тәжірибелі мұғалімдер сабақ береді. Балалар гуманитарлық және эстетикалық пәндер бойынша терең білім алады.

2 ҚАРАША

Сәкен Сейфуллин атындағы №11 орта мектепте ұлы ақын және философ Ғұмар Қараштың өмірі мен шығармашылығына арналған ғылыми- практикалық конференция болды. Бұл шара жерлес ғалымның 120 жылдығына арналды. Конференцияда сөз алған тарих ғылымының кандидаты И. Кенжеғалиев, Қазталов орта мектебінің мұғалімі Н. Иманқұлова, БҚМУ-дың кафедра меңгерушісі С. Шарабасов, облыстық мәдениет қорының төрағасы Ж. Ақбаев ақынның шығармашылығы туралы ой-пікірлерін ортаға салды.

19 ҚАРАША

Орал қаласына РФ Саратов облысының губернаторы Дмитрий Аяцков бастаған делегация келді. Соған орай облыс әкімшілігінде өткен шара барысында Батыс Қазақстан облысы мен Саратов облысы арасындағы сауда-экономикалық және мәдени ынтымақтастық туралы келісімшартқа облыс басшылары қол қойды.

5 ЖЕЛТОҚСАН

Лондон қаласында әлемдегі ірі мұнай және газ компаниялары қауымдастығы шығаратын «Каспиан» журналының биылғы саны түгелімен республикамызға арналыпты. Түрлі-түсті 300 беттік журнал «Ел және Президент. Бүгінгі күн, жоспарлар, үміттер» деп аталатын мақаламен ашылған. Журналдың біраз бөлігінде Батыс Қазақстан облысы қамтылған. Мұнда облыс әкімі Қабиболла Жақыповпен сұхбат, Орал қаласы туралы әңгіме, өңірдегі ірі кәсіпорындар туралы материалдар берілген. Мәдениет және өнер бөлімінде белгілі суретші Сәкен Ғұмаров туралы мақала жарияланған.

14 ЖЕЛТОҚСАН

Облыс әкімі Қабиболла Жақыповқа Мәскеу және Бүкіл Русия патриархы ІІ Алексейдің шешімімен салтанатты жағдайда Орыс православ шіркеуінің жоғары наградасы – ІІ дәрежелі «Мәскеудің қасиетті князі Данилл» ордені табыс етілді. Облыс басшысына бұл награда өңірде тұратын әр түрлі дін өкілдерінің достығы мен татулығын қамтамасыз етудегі және ескі шіркеулерді қалпына келтіру ісіне қосқан зор үлесі үшін берілді. Патриархтың тапсыруы бойынша награданы Орал және Гурьев архиепископы Антоний табыс етті. Айта кетейік, православ шіркеуінің мұндай жоғары наградасы осымен екінші рет беріліп тұр. Бұған дейін осы орден Елбасына берілген болатын.

1997 жыл

11 ҚАҢТАР

1996 жылдың қорытындысы бойынша «Егемен Қазақстан» газетінің біздің облыстағы тілшісі Темір Құсайын басылымның ең үздік журналисі атағына ие болды.

19 АҚПАН

Орал қаласына Орынбор облысының  вице-губернаторы А. Зеленцов пен Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары В. Леммле бастаған делегация келді. Олар Батыс Қазақстан облысымен өзара ынтымақтастық орнату жөніндегі келісімшарт жасасты.

5 СӘУІР

Орал қаласында мүгедек және ақыл-ойы кеміс балаларды оңалту жөніндегі «Спейшиал олимпикс» қайырымдылық ұйымының облыстық филиалы құрылды. Филиал директоры, соңғы олимпиаданың күміс жүлдегері Қ. Хасанов  бұл бағытта үлкен бағдарлама жасалғанын айтты.

7 МАМЫР

ҚР Президентінің  «Батыс Қазақстан облысының Ақжайық және Тайпақ аудандарын тарату және Чапаев ауданының атауын өзгерту туралы» Жарлығы шықты.

13 МАМЫР

Ақсай қаласының 30 жылдығы құрметіне қаланың мәдениет және демалыс паркінде даңқ  аллеясы  жасақталды. Бұл іске «Қарашығанақгазпром», «Бурлингазстрой», «Интергазстрой» АҚ-лар демеушілік жасады.

12 МАУСЫМ

ҚР Президентінің 1997 жылғы 22 сәуірдегі «Қазақстан Республикасында құқық қорғау органдарын одан әрі реформалау шаралары туралы» Жарлығына сәйкес облыс прокуратурасында құқықтық статистика және ақпарат орталығы құрылды. Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бұйрығымен  Батыс Қазақстан прокуратурасы жанындағы ҚСжА орталығының бастығы болып облыс прокурорының орынбасары, әділет майоры Сұлу Ғаббасова тағайындалды.

12 ШІЛДЕ

Орал мемлекеттік тәжірибе станциясына Саратов облысының Озинки ауданынан делегация келді. Құрамында ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының 26 директоры мен бас агрономдары бар көршілер мал азығын дайындау өндірісімен танысты. Олар станцияда 8 мың гектардан астам жерге мал азығы шөптері егілетінін көріп таңғалды. Себебі  бұл көрсеткіш оларда екі есе аз. Озинкилықтар станциядан  дәнді дақылдар тұқымын және асыл тұқымды мал сатып алатын болды.

19 ШІЛДЕ

«Металл бұйымдары зауыты» АҚ-ның ұжымы Халықаралық маркетинг ұйымының президенті, доктор Б. Дрогсет қол қойған жеделхат алды. Онда оралдық өндіріс орны әлемге танымал «Аэтэк Күнтізбесі» наградасына ие болғаны хабарланған.  Бұл награда өзінің өндірісінде жаңа технологиялар мен сервистік қызмет көрсетуді ойдағыдай пайдаланған компанияларға беріледі. Марапатталғандар арасында Жапония, Аргентина, Испания, Марокко, Израиль, Франция және тағы басқа елдердің компаниялары бар.

21 ТАМЫЗ

Тайпақ ауылының тұсында  Жайық өзеніне қалқымалы көпір салынды. Бұл көпір бұрынғы Тайпақ  ауданының Жайық өзенінің екі бетіндегі елді мекендермен байланыстырды. Ақжайық ауданының әкімшілігі бұл жұмысқа жергілікті жол-пайдалану кәсіпорнының жұмысшыларын тартты.

7-8 қыркүйек

Мемлекет басшысы Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді.

Президент әуежайдан тікелей Зеленов ауданындағы «Асан» агрофирмасына барды. Ол осындағы  жаңа технологиямен жұмыс істейтін ет өңдеу цехы, диірмен және басқа да цехтарда болып, жұмысшылармен сұхбаттасты. Осы  фирмада  «Еділ-Жайық» қазақ және Орал казактары қоғамдары мүшелерімен кездесті. Содан кейін Жайық өзені арқылы салынған жаңа көпірмен өтіп, Еуропа мен Азияны жалғастыратын көпірдің алқызыл лентасын қиды. Артынан Қарашығанақ кен орнына барып, «Конденсат» АҚ-ның шағын зауыты жұмысымен танысты. Мемлекет басшысы Қазақстандағы тұңғыш салынатын «Спектр» ЖШС-ның жеке электр станциясының іргетасын қалап, капсул салды.

 Келесі күні Президент Орда ауданына келді. Мұнда Нарын құмындағы Хан ордасында болып, Жәңгір хан кесенесінің ашылу салтанатына қатысты.

29 ҚАЗАН – 1 ҚАРАША

Орал мешітінің 100 жылдығын атап өтуге Қазақстан мұсылман діни басқармасының бас муфтиі Ратбек қажы Нысанбайұлы келді. Ол Тасқала ауылындағы мешітте болып, Орал қаласында медресенің ашылуына, 1 қараша күні Ақсай қаласындағы жаңа мешіттің ашылуына қатысты.

(Жалғасы бар)


«Елім барда тәуелсіз, Сарқылмайды ән-жырым!»

Күні: , 52 рет оқылды

dsc_0393


«Жайық таңы» газетінің 85 жылдығына арналып, өткен бейсенбіде «Елім барда тәуелсіз, Сарқылмайды ән-жырым!» атты облыстық ақындар айтысы ұйымдастырылды.


Елмен бірге қуанып, елмен бірге қиналған, ортақ шаңырағымыздағы татулық пен келісімді нығайтқан қайсыбір бұқаралық ақпарат құралының айтулы датасы, әрине, елдің тойы, елдіктің мерекесі. Сонау 1931 жылдың күзінде алғашқы саны жарық көрген «Жайық таңының» 85 жылдығы соны тағы бір тайға таңба басқандай көрсетті.

Бұл шара аудан әкімі Әділ Жоламановтың осы күнге облысымыздың жер-жерінен шақырылған журналистика ардагерлерін, аудандық газеттердің редакторларын және аталған айтысқа келген 12 ақынды қабылдауымен басталды.

Аудан басшысы осы жүздесуде халқымыздың жансерігі болып келе жатқан бұқаралық ақпарат құралдарының өміріміздегі маңызы жайында айта келіп, бүгінде облыстың екі бас басылымы мен барлық аудандық газетті біріктіріп отырған «Жайық Пресс» ЖШС-ның атына игі лебізін білдірді. Бұл медиахолдинг ұлттық рух пен биік халықтық мұратты мығым ұстанып, ақпарат айдынында республикамызға танымал болып отыр. Оның басшылығы, қызметкерлері баспасөз тарихын, ежелгі ескерткіштерді, қасиетті орындарды зерттеуге айтулы үлес қосып отырғанына да жұрт ризашылығын арнап келеді.

Келер жылы облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 100 жылдығы атап өтіледі. Бұл даңқты даталар осы басылымдардың ақпарат кеңістігіндегі орнын одан әрі айшықтап, еліміздің шежіресіне ерекше қолтаңба болып қосылары сөзсіз.

Одан әрі Ә. Жоламанов «Жайық таңы» газетінің тынысына шолу жасады. Жұртымен бірге жасап, елмен бірге есейіп, заманмен бірге түзелген басылым қашанда жоталы мәселелерді көтеріп келеді. Яғни тәу етер Тәуелсіздігімізді нығайту жолында намысты қамшылайды, қиындыққа қарсы қайрайды. Ақжайықтықтар әр сарғайған бетінде ауыл-елдің шежіресі сайрап жатқан өздерінің төл газетін ерекше құрметтейді.

85 жылдық асуға байланысты жиналғандарды, газет ұжымын құттықтап, журналистерге зор тілегін арнаған аудан басшысы «Жайық таңының» ұжымына компьютер кешенін сыйға тартты. Ол газет ардагерлеріне, белсенді қоғамдық тілшілерге, редактор Болат Есқалиевқа естелік сыйлықтар тапсырды.

Сонау алыста қалған жылдары жаңа өмір құру қарбаласы, Ұлы Отан соғысының жаңғырығы, 60-жылдардағы тың игеру – бәрін-бәрін де тасқа басқан, тәуелсіздігіміз табалдырығындағы заман өзгеріп, қоғам өзгеріп жатқан шақтан бастап та қасиетті сөздің қадірін қашырмаған «Жайық таңының» елдігімізді шыңдаудағы орны зор. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының орынбасары Мейрамбек Рахматуллин осы орайда газеттің уақытқа үн қосуын әңгімеледі. Ол газетке «PHILIPS» Smart TV» кешенін, қызметкерлердің және белсенді авторлардың бір тобына естелік сыйлықтар табыс етті.

«Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Темір Құсайын, ардагер-журналистер Мәжит Қайырғалиев, Базарғали Қуатов, Садық Саргелеков, аудандық газеттердің директор-редакторлары Өмірзақ Ақбасов (Жаңақала), Махмет Қажиахметов (Сырым), Серік Жұмағалиев (Қазталов) сөз сөйледі.

Осыдан соң ақын Сағынтай Бисенғалиевтың жүргізуімен ақындар айтысы өтті. Газеттің 60, 70, 75 және 80 жылдықтарында да осындай өнер мерекелері ұйымдастырылып, көптеген жас ақынға үлкен сахнаға жолдама берген еді. «Мерей» мәдени-демалыс орталығына жиналған қалың жұрт бұл жолы да суырыпсалмалық өнердің кереметтігіне куә болды.

Алғашқы жұп – Абылайхан Мақсотов (Базартөбе ауылы) пен Болат Өтешовтің (Алмалы ауылы) сөз сайысынан басталған айтыста Желтоқсан көтерілісі, одан кейін Қазақ елі тарихындағы ақжарылқап сәт – 1991 жылдың 16 желтоқсаны, тәуелсіздіктің талайлы тағдыры үшін күрес жайында жыр тасқыны екпіндеді.

Осы шарада кешегі жаз аяғында өткен «Пай-пай, шіркін, қазақтың келіндері-ай!» атты аудандық байқауының жүлдегері, Тайпақ мектеп-гимназиясының қызметкері, кіл ақын жігіттердің арасындағы бір өзі Гүлзада Бақытованың айтыстағы «тұсауы кесілді». Оның «Жайық таңы» газетінің тілшісі Бекболат Қаленовпен бірі қайыніні, бірі жеңге болып әдемі қағысуларымен қатар, ортаға байыпты ой тастауларына көпшілік қошеметпен қызу қол соқты.

Сондай-ақ сырымдық Бауыржан Ширмединұлы, жаңақалалық Орынбек Меңдіқұлов, жәнібектік Мұрадым Мирланов пен ақжайықтық Мейірман Шәкенов, Оралдан Талғат Мықи мен Айнабек Бисенғалиев арасындағы айтыстардың да елең еткізер тұстары аз болған жоқ.

Тәуелсіздік хақында сөз саптауда тегеурінділігімен танылып, залды әлсін-әлсін дүр сілкіндірген Б. Ширмединұлына І орын лайықты деп танылды. Қазақтың ғасырлар тереңінен жеткен бүкіл құндылығына, яғни тіліне, дәстүріне, діліне уақыттың тозаңы қонбайтынын жандырып айтқан М. Мирлановқа ІІ орын, болашаққа сене сөйлеп, Отанды көркейтуді, жаһанға паш етуді дауылдатып жеткізген Б. Қаленовке ІІІ орын берілді. Оларға «Жайық Пресс» ЖШС-ның арнайы сыйлықтары бұйырды. Ал қалған ақындарға «Таным» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығынан (жетекшісі Құрман Бисеғалиев) және «Ақжайық өрендері» жастар қоғамдық бірлестігінен (жетекшісі Ерлан Төленов) ынталандыру сыйлықтары тапсырылды.

Сәрсенғали НҰР

Суретті түсірген Нұрбек ИХСАН


Көтерілісті зерттеу – уақыт талабы

Күні: , 43 рет оқылды

dscf8566


М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына арналған «Батыс Қазақстандағы 1916  жылғы  ұлт-азаттық  көтеріліс:  тарихы  мен  тағылымы» деген  тақырыпта  дөңгелек  үстел  отырысы  болып, онда тарихшы-ғалымдар  мен  зиялы  қауым өкілдері  пікір  алысты.


Тарих ғылымдарының кандидаты, университет доценті Жаңабек Жақсығалиев жүргізген шарада ғалымдар еліміздегі, соның ішінде Батыс Қазақстандағы 1916 жылғы көтеріліс бабаларымыздың азаттық жолындағы ғасырлар бойғы күресінің заңды жалғасы екендігі, сол себепті оны әлі де терең зерттеу қажеттігі жөнінде ортақ тоқтамға келді. Әсіресе, 1916 жылға байланысты Жетісу мен Торғай өңіріндегі көтерілістер жөнінде көп айтылады да, Батыс Қазақстандағы осындай толқулар ауызға іліге бермейді.  «1916 жылғы көтерілістің ел тарихындағы орны ерекше. Өйткені ол Ресей империясының құлауына соқтырса, Бекболат сынды ұлт батырларынан көкірегінде оты бар ұрпақ үлгі алды. Мысалы, сталиндік зұлмат кезінде қазақ еліне азаттық әперемін деп, Батыс Қазақстан облысындағы Жалпақталда жасырын жастар ұйымын құрып, өзі 1941 жылғы желтоқсанда атылып кеткен Ғұбайдолла Әнесовтің аңсар-арманы босқа кеткен жоқ. Оны 1986 жылы Алматыда қазақ жастары жалғастырып, бұл толқу бүкіл кеңес империясының ыдырауына әкелді. Міне, ұлт-азаттық қозғалыстардың арасында осындай байланыс бар», – деді  Ж. Жақсығалиев.

Жиында сондай-ақ университеттің бірінші проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әсет Тасмағамбетов, өлкетанушы Жайсаң Ақбай, тарих ғылымдарының кандидаттары Есқайрат Хайдаров, Альфия Байболсынова, филолог Азамат Мамыров, журналистер Мұнайдар Балмолда, Қазбек Қабжанов және басқалар ой-пікір, ұсыныстарымен бөлісті. Мысалы, тарих ғылымдарының кандидаты Самат Құрманалин: «Ел тарихында 300-дей, кейбір деректерде 400-дей ұлт-азаттық қозғалыс болған деп айтылса, соның ішінде ең елеулілерінің бірі – 1916 жылғы көтеріліс», – десе, «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин мұның бәрін бір жүйеге түсіру үшін өлке тарихын зерттейтін арнайы орталық құрып, оған университет ғалымдарын тартып, Ресей мұрағаттарында жатқан құнды деректерді алдырып, ғылыми айналымға қосу қажеттігін жеткізді.

«1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өту керек еді. Әзірге шағын жиын, конференциялар түрінде өтуде. Екіншіден, Батыс Қазақстандағы 1916 жылғы көтеріліс тарихы толық зерттелген жоқ. 1926 жылы сол кездегі ел үкіметі арнайы қаулымен аталмыш көтеріліске қатысқандардың естеліктерін жинастырған екен. Бұл жазбалар облыстық «Қызыл ту» газетінде (қазіргі «Орал өңірі») жарық көрген. Кейін осындай мақалалар 1936 жылы облыстық газет «Екпінді құрылыс» деп аталған кезде де басылған. Міне, көтерілістің ізі суымай тұрып, қағазға түскен осы жарияланымдарда әлі ғылыми айналымға қосылмаған тың деректер бар. Бұл газет тігінділері Алматыда сақталған. Мұндай естеліктер өзге өңірлерде де қалған болуы керек. Соның бәрін қайта ретке келтіріп, тұжырымдап, жарыққа шығарсақ, бұл бабалар алдындағы парызымыздың орындалғаны болар еді», – деді тарих ғылымдарының кандидаты, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың аға оқытушысы Жәнібек  Исмурзин.

Ғайса  БӘЙМЕН


Халықаралық конференция

Күні: , 1 448 рет оқылды

img_7095


ҚР Ұлттық инженерлік академиясы ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, «Еуразиялық кеңістіктегі орнықты ғылыми-техникалық дамудың инновациялық технологиялары мен жүйелері, «ЕХРО – 2017»: Астанаға дайындықтың кешендік бағдарламаларының кластерлік бастамалары» деген тақырыпта халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырды.


«Нұр Отан» партиясы облыстық бөлімшесінің мәжіліс залында өткен бұл конференцияға облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі Әбдіғали Бекманов, Самара қаласындағы «Сервис Ойл» ғылыми-өндірістік мекемесінің бас директоры Вячеслав Колоколов және бір топ мемлекеттік мекеме басшылары мен студент жастар қатысты.

Жиынды ҚР Ұлттық инженерлік академиясы Батыс Қазақстан филиалының төрағасы, техника ғылымдарының кандидаты, академик, профессор Ақсерік Әйтімов жүргізіп отырды.

Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов «ЕХРО – 2017» халықаралық көрмесі аясында өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.

— Қазір еліміз «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесін өткізу үшін үлкен дайындық үстінде. Бұйырса, бұл көрмеге әлемнің 100 елінен және 10 халықаралық ұйымнан өкілдер қатысады деп күтілуде. Мұндай халықаралық көрменің жоғары деңгейде өтуіне біздің облыс та өз үлесін қосуда. Бұған дәлел ретінде өңірімізде жүзеге асырылып жатқан бірқатар инновациялық жобаларды айтуға болады.

Біздің облыста инновацияны дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде 76 ірі кәсіпорынның 10-ы инновациялық қызмет көрсетуге көшті.

Кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында өңірімізде құны 335 млрд. теңге болатын 47 жоба жүзеге асырылмақ. Осы жобалар іске қосылғанда 2700 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілмек. Биыл 56,4 млрд. теңгенің 10 жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Осы жобалардың нәтижесінде 552 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бұдан басқа 2017-2019 жылдары 3,5 млрд. теңгенің бес жобасын енгізуді көздеп отырмыз. Сонда тағы 323 жұмыс орны пайда болады. Аталған жаңа жобалар өңіріміздің инновациялық белсенділігін арттырмақ, — деді Игорь Стексов сөзінде.

Бұдан кейін сөйлеген ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі Әбдіғали Бекманов ҚР Ұлттық инженерлік академиясы Батыс Қазақстан филиалының жастарды білім-ғылымға тәрбиелеу ісінде қол жеткізген жетістіктеріне тоқталып, ұйымшыл ұжымға академия президенті, академик Бақытжан Жұмағұловтың атынан алғыс айтты.

Жиында отаншыл жастарды тәрбиелеп, олардың инновациялық технологияны үйренуіне мықты ықпал еткен үлгілі ұстаз, «ҚазИИТУ»-дың оқу-әдістемелік жұмыстар бойынша проректоры Әліби Баяховқа Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі тағайындаған «Ы. Алтынсарин» төсбелгісі мен куәлік табыс етілді.

Конференцияда ҚР Ұлттық инженерлік академиясы Батыс Қазақстан филиалының төрағасы Ақсерік Әйтімов «Инженерлік ойлау – Қазақстан Республикасының орнықты ғылыми-технологиялық дамуына 25 жыл бойы қызмет» тақырыбында баяндама жасады. Ғалым сондай-ақ «ЕХРО – 2017»-ге дайындық ретінде атқарылып жатқан ғылыми-инновациялық бағыттағы қызметтер жөнінде де баяндады. Жиын барысында сөйлеген «Алгоритм» аймақтық технопаркінің директоры Арман Есекенов еліміздің батыс өңірінде ғылымитехникалық және инновациялық қызметтің нәтижелерін коммерциялаудың жағдайы мен болашағы жөнінде баяндаса, Самара қаласындағы «Сервис Ойл» ғылыми-өндірістік мекемесінің бас директоры Вячеслав Колоколов газ-мұнай саласына қажетті турбиндік майды өңдеудің әдіс-тәсілдері мен тиімділігі туралы әңгімеледі.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


Банк салымшыларына 800 пәтер салынбақ

Күні: , 99 рет оқылды

img_7953


«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Батыс Қазақстан облыстық  бөлімшесінде Бүкіләлемдік жинақтау күніне орай жаңа салымшылар үшін іс-шара ұйымдастырылып, ашық есік күні өткізілді.


Аталмыш бөлімше директоры Айгүл Наурызалиеваның айтуынша, биыл  31 қазаннан 4 қарашаға дейін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» салым шотын ашқан клиенттерді кепілдік сыйлықтар күтеді. Ал жаңадан салым ашқан салымшылар 5 қарашада сағат 12.00-де банк филиалының бас кеңсесінде өтетін бағалы сыйлықтардың ұтыс ойынына қатысады. Басты ұтыс ойынына қосымша банк онлайн режиміндегі фотожарыс басталады. Өз суреттері үшін #ДеньЖССБК хештегімен барынша көп лайк жинаған әлеуметтік желі қолданушылары бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады. Жарысқа қатысатын суреттер науқан өткізілетін күндері банк бөлімшесінде түсірілуі қажет.

Сондай-ақ банк бөлімшесіндегі ашық есік күні шарасына өткен жылы бөлімшеден 31 қазанда депозит ашқан және сыйлық ретінде жинақ сандықша (копилка) алған салымшылар да шақырылды. Бір жылдың ішінде өз жинақ сандықшаларында жинаған қаражаттарын банк клиенттері салтанатты түрде депозиттеріне салды. Сонымен қатар банк бөлімшесі жетім балаларға арнап қайырымдылық қоржыны шотын ашты. Бұл қоржынға бөлімше қызметкерлері және әркім өз қалауынша ақшалай үлес қоса алады. Айтқандай, жиын барысында өткен жылы жинақ сандықшасын ашқан, аталмыш бөлімшенің клиенті Назгүл Жетпісова өз қоржынындағы 19300 теңге жинағын қайырымдылық қоржынына ұсынды.

— «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Бүкіләлемдік жинақтар күнін 2015 жылдан бастап атап өтіп келеді. Бұл мейрам 1924 жылы Миланда өткізілген конгрестен бастау алған. Биыл бұл мерекені банк клиенттерімен бірге екінші рет атап өтудеміз. Банк бөлімшесінің 34 400 салымшысы бар, — деді бизнесті дамыту бөлімінің бастығы Самал Қабесова.

Өткен аптада БҚО әкімдігі және «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Осы меморандум шеңберінде аталмыш банк желісі бойынша өңірде пайдалануға 60 мың шаршы метр тұрғын үй беру көзделген. Бұл мақсатқа облыс 4,089 млрд. теңге бөледі.

Жаңа тұрғын үйлер жергілікті атқарушы органдарының және «Бәйтерек Девеполмент» АҚ-ның желісі бойынша салынады. Несиелі бағдарлама бойынша тұрғын үйді тек банк салымшылары сатып алатын болады. «Алдағы 2017 жылы облыста жергілікті атқарушы органдар желісі бойынша пайдалануға 4 тұрғын үй (481 пәтер) салып, салымшыларға беру жоспарланған. Оның үшеуі Орал қаласында, біреуі Ақсайда болады», — деді «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» БҚО бөлімшесінің директоры Айгүл Наурызалиева.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында өңірдегі банк салымшыларына арналып, 800 пәтер салынбақ.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Бір ай мерзім берілді…

Күні: , 30 рет оқылды

34 нысанға мүмкіндігі шектеулі жандар кіріп-шыға алмайды


Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиевтің қатысуымен өткен қоғамдық кеңесте қаладағы мекеме-кәсіпорындардағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қолжетімді ортаның сақталуы тұрғысынан әлеуметтік инфрақұрылымдар нысандарына түгендеу (паспорттау) жүргізу жайы талқыланды.


Кеңес отырысының өзегі болған мәселе Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2012 жылғы 18 тамыздағы №328-ө-м және Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істер агенттігі төрағасының 2012 жылғы 17 тамыздағы №413 бірлескен бұйрығы бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне жүктелген.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасаған қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айгүл Төкешева күні бүгінге дейін атқарылған жұмыстар жайына тоқталып өтті.

— Бүгінде елімізде мүгедектерге арналған қолжетімді ортаны қалыптастыру мақсатында көп шаралар қолға алынуда. Әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына түгендеу жүргізудің басты мақсаты – халықтың қауқары аз топтары үшін қолжетімділік жағдайын анықтау және толық ақпаратты қалыптастыру болып отыр. Инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігі туралы жинақталған мәліметтер республикалық орталыққа жолданып, «Қолжетімділіктің интерактивті картасы» базасына енгізіледі. Сол арқылы мүмкіндігі шектеулі жандар аталған базаның көмегімен нысандардың қаншалықты қолжетімділігін анықтай алады. Мысалға түрлі банктер, кітапхана, қонақүй, дәмхана, монша секілді нысандарға бармас бұрын жоғарыдағы база арқылы ол жердегі оларға жасалған жағдайдың қандай дәрежеде екендігін біле алады, — деді Айгүл Төкешева.

Оның айтуынша, соңғы үш жылда қаладағы 60 нысан түгендеуден өткен. Олардың ішінде 17 мемлекеттік мекеме, жеті  денсаулық сақтау, тоғыз білім беру, бес спорт, алты мәдениет ошақтары бар.

Мәліметтерге сүйенсек, аймақтың даму жоспарына сәйкес өңірдегі мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді, паспортталған нысандардың үлес салмағы 50 пайызды құрауы керек екен. Аталған индикаторды орындау үшін нысандардың баланс иелерімен түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Күні бүгін паспортталған 78 нысанның тек 28-і ғана (35 пайыз) мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді. Ағымдағы жыл соңына дейін 100 нысан паспортталған жағдайда мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді нысандар саны 50 пайызды құрайтын болады. Дейтұрғанмен, осыдан үш-төрт жыл бұрын паспорттаудан өткен 34 нысанда да әлі күнге дейін мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасау мәселесі толық қамтылмаған.

Кеңес отырысына қатысқан «Арба» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлмира Батпақұлованың айтуынша, барлық жағдай жасалды деген нысандардың өзінде кемшілік көп. Бір ғана мысал, нысандардың алдына салынған пандустардың өзі белгіленген стандартқа сай емес. Бір пандус 45 градуста тіп-тік болып тұрса, екіншісінің арба бұрылар алаңы өте тар. Кейбір ірі сауда орындарында арнайы қойылған пандустар мен жедел сатыларды мүмкіндігі шектеулі жандар емес, қызметтік жағдайға көбірек пайдаланады.

— Қаладағы мәдени-демалыс орындарының бірқатары мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді емес. Жағдай жасау жөнінде сөз қозғалса, тарихи ғимараттар екендігін, оларға өзгеріс енгізуге болмайтындығын алға тартады. Ал шетелдердегі ғимараттарға 100 жыл емес, мыңдаған жыл болған. Алайда олар мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді. Сондықтан бұл жай ғана сылтау деп есептеймін, — деді Гүлмира Батпақұлова.

Кеңес отырысына төрағалық еткен қала әкімі күні бүгінге дейін мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жа-самаған, паспорттаудан өтпеген мекеме-кәсіпорын басшылары мен жеке нысан иелерінен орындарынан тұрғызып, жауап берулерін талап етті.

— Осы істерді атқаруға мемлекет қаражат бөліп, барлық жағдайды жасап отыр. Соның өзінде тапсырылған қызметті уақтылы орындамаған басшылардың жұмыс істейін деген ниеті жоқ секілді. Кей нысандарға қыруар қаржы бөліп, күрделі жөндеуден өткіздік. Бірақ мүмкіндігі шектеулі жандар жайын ескерген жоқпыз. Енді қайта қаражат бөліп, жабдықтау керек болады. Осының бәрін жөндеуден бұрын неге ескермеске? Бүгінгі жиналыста айтылған мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасамаған 34 мекеме-кәсіпорын басшылары мен жеке кәсіп иелеріне жіберілген олқылықтарды жоюларына бір ай мерзім беремін. Осы уақыт ішінде орындалмаған жағдайда заңды жолдармен шара қолданатын боламыз, — деді қала әкімі Нариман Төреғалиев.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика