Мұрағат: 01.11.2016


Тәуелсіздік – туым менің ұстаған…

Күні: , 182 рет оқылды

%d0%b3%d0%b0%d0%b9%d1%81%d0%b0


Қайран Ордам…

Көкке ұшпай, төмендейді құсым неге,

Құдірет туған елдің ішінде ме,

Орманы, жері-суы аман ба екен,

Орданы көріп жатам түсімде де!

Қырынан, бара қалсам, гүл теремін,

Көз жасын қосып, кейде жыр төгемін.

Қасына әжем, әкем, ағамды алып,

Басында анам жатыр бір төбенің.

Рухымен, бәлкім, мені тұрар демеп,

Мойныма таққандай ма тұмар бөлек.

Тіріге дүниенің бәрі таңсық,

Өліге ұран емес, құран керек.

Қызық көп құлақ естіп, көз көрмеген,

Бәрін де өмір өзі безбендеген.

Қой баққан ізім менің қалмаса да,

Ой тапқан құмның іші өзгермеген.

Құдірет құмның қызу-күшінде ме,

Ол барда төмендесін құсым неге!?

…Орманы, суы – бәрі сау болса деп,

Орданы көріп жатам түсімде де!


Қыршын кеткен қарағайлар

Қайран Нарын, жетпеді-ау бұған да ақыл,

Құдайсыздар құртқан ба құнарды ақыр.

Құлпытастай мезгілсіз сынып түскен,

Құм ішінде қарағай құлап жатыр.

Қазағың бұл кей кезде неткен надан,

Қара бұлттар төнді ғой көктен жаман.

Қарудың да сынады неше түрін

Кең даланы полигон еткен заман.

Көлдер кеуіп, шөп өспей,

Қуарған маң,

Құлынын да тебеді суалған мал.

…Кепиетін қалайша сезбейді екен

Құм астынан есепсіз су алғандар?!

Күн күркіреп, бұлт қашып, Ай жөтелген,

Қайғысы емес бұл елдің жай көтерген.

Құмға мынау қайтадан оралмайды

Құбырменен кеткен су Әймекеннен.

Кім бар енді

Құм ішін дара бойлар,

Қашып бірге құйынмен бара ма ойлар?!

…Қыршын кеткен қырғында жауынгердей,

Құлап жатыр, беу, қайран

Қарағайлар!

Атырау

Туған жерге махаббат пен жыр бөлек,

Әр тасынан сөйлегендей тың дерек.

Атырабын алыс кетсе, аңсайтын

Атырауға Бибарыстай ұл керек!

Кең далада төгілмесін күй қалай,

Қонағын да жібермейді сыйламай.

Көк теңіздің толқынындай тербейтін

Күйші керек Құрманғазы, Динадай!

Мінез деген туған жерге тартады,

Бұл Нарынның таланттары бар тағы.

Құмға ұқсаған жыры-дағы жұмбақтау,

Жұмекендей ақын керек арқалы!

Мақтанатын байлығы да бар басқа,

Атырау деп әнді неге салмасқа!

Жауға бермес жерінің әр тұтамын

Мақаштайын әкім керек марғасқа!

Атажұртын шығаратын өрге көп,

Қандай жақсы ұлды тұрса ел демеп.

Атырабын адал, әділ қорғайтын

Атырауға Махамбеттей ер керек!

* * *

Туған елге жұмсалмаса, күш һарам,

Тілім,

Жерім,

Отаным бар үштаған.

Тәубе, тәубе – көк байрағым биік тұр,

Тәуелсіздік – туым менің ұстаған.

Айтар сын көп билер менен бектерге,

Алса-дағы біреу кейде беттен де.

Азап кешпей, жүрсе деймін бір адам,

Азаттыққа қолы жаңа жеткенде!

Патша – жалғыз, сәтін күткен нөкер көп,

Ертең олар кімнің туын көтермек?!

…Арасынан Арыстан мен Аюдың

Аласұрам қалай аман өтем деп!

Көз алартса кең жеріме мұқым жау,

Бәрінен де керек енді ұтылмау.

Өз тілінде сөйлемесе, тұқым – жау,

Ұлтқа түгел жүк болып тұр жұтылмау.

Құлпыратын күн болар ма мың алап,

Жаңбыр күткен анау дала, мына бақ.

Кімге керек төрлегені қазақтың,

Тұрса тілім босағадан сығалап.

Көк байрақты көтеремін қолдағы,

Мәңгі айнымас асылым ғой  ол-дағы.

…Уын ішсем туған жердің түк емес,

Туым ғана жығылмаса болғаны!

* * *

Жан емес дертіңді емдер,

Өтірік сертін берген

Елім деп еміреніп,

Жерім деп желпінгендер.

Төрді ылғи қош көргендер,

Мықтымсып, төс кергендер.

Жоқтарды жоқтамастан,

Көппіз деп көшке ергендер.

Бас ұстап, қой жегендер,

Құлағы тойға елеңдер.

Шешенсіп, шекпен киіп,

Көсемсіп сөйлегендер.

Менікі жөн дейтіндер,

Тақты ойлап, өрлейтіндер.

Өзгені бір кісіден

Көздері көрмейтіндер.

Жылтыр сөз тілегінде,

Аярлық тұр өңінде.

Елі жоқ кеудесінде,

Жері жоқ жүрегінде.

* * *

Айырылады бәрінен,

Басынан бақ тайғанда ел.

Улар дұшпан зәрімен,

Не көрмеген қайран жер!

Түскен жерге, атылып,

Қарулар бар не түрлі.

Қазақ біткен аһ ұрып,

Келімсектер кекірді.

Болсын шаттық көп, мейлі,

Жоламасын азап түк.

Төбеден бұлт кетпейді,

Төрге өрлемей азаттық!

Ер тереңге бойламай,

Шыңға шықпас өрмелеп.

Тек бүгінді ойламай,

Ұрпаққа да жер керек!

Болмау үшін ақтабан,

Жинағандай ел де есін:

Құмырсқадай қаптаған

Қара қытай келмесін.

Қонар басқа бақ талай,

Дауды өршітіп, бөлме елді.

Табанға сап, таптамай,

Табынған жөн жерге енді!

* * *

Көтерді көкке тіл мені,

Шыр етіп жерге түскеннен.

Сөзбенен қымтап іргені,

Күресем сыртқы күштермен.

Кезіксін өткел алдан көп,

Шығамын аман қайдан да.

Жалғанда мына арман жоқ,

Тіл үшін кірсем майданға!

Ұмтылдым жастан өрге көп,

Үмітпен кейде күн батар.

Қазақтың тілі төрде деп,

Күн туар ма екен тіл қатар!?

Ер шығар алға, ел десе,

Болмайды көшті оңдамай.

Қиналса тілім, ендеше,

Қалайша жүрем қорғамай!?

Жүрсе де жаным тоналып,

Жүректі көп жай тілімдеп.

Тілім деп, тудым,

Ол – анық,

Өлемін және тілім деп!

Ғайса-Ғали СЕЙТАҚ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика