
28 қараша күні облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов бастаған облыстық басқарма басшылары мен сала жетекшілері ауданымыздың Жалпақтал ауылында болып, мәдениет үйінде тұрғындармен кездесті.
-Бүгінгі жиынның өту мақсаты — халықпен пікір алмасу және олардың көкейіндегі сұрақтарды білу, түйткілді мәселелерді шешу жолдарын қарастыру. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Біздің ең басты құндылығымыз – Тәуелсіздік» деп үнемі айтып келеді. Әрине, кешегі күн мен бүгінгі күнді салыстыруға келмейді. Арасы жер мен көктей. Ел тәуелсіздігін алған жылы зейнетақы мен жәрдемақының, жалақының кешеуілдеуі, электр жарығының уақтылы берілмеуі, тағы басқа қиын кезеңдерді басымыздан өткердік. Бүгінге дейін біздің жұмыс тобымыз Ақжайық, Жаңақала, Сырым, Шыңғырлау, Қаратөбе аудандарында болып, халықпен кездестік. Бүгін, міне, Қазталов ауданының Жалпақтал ауылына ат басын тіреп отырмыз. Қазталов ауданы – іргелі, ірі аудандардың бірі. Соның ішінде Жалпақтал ауылында әлеуметтік нысандар қалыпты жұмыс жасауда. Жалпы ауданда «Агробизнес-2020» бағдарламасы өте қарқынды жүріп келеді. Мемлекет тарапынан беріліп отырған жеңілдіктерге шаруа қожалықтары қарқынды қатысуда.
Осы жылдың мамыр айында облыс әкімі Алтай Сейдірұлы іссапар барысында Жалпақтал ауылында болды. Қазіргі күні Жалпақтал ауылының тұрғындарын таза ауыз сумен қамту мәселесі оң шешімін тапты. Облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, осы жылдың аяғына дейін 10 млн. теңгенің шаруасы атқарылмақ. Келер жылы республикалық бюджеттен барлық қаражат бөлінетін болады. Тағы бір маңызды мәселелердің бірі — ол «Киров-Шежін» каналы. Онда төрт кезең бойынша жұмыстар атқарылуы керек еді. Соның бірінші кезеңі аяқталды. Қазіргі күні екінші кезеңі Талдықұдық ауылдық округінің түбіне келіп, жұмыстар атқарылуда. Үшінші кезеңі — Талдықұдық ауылдық округінен бастап, Үлкен өзенге әкеліп қосу.
18 шақырым жаңадан канал қазылатын болады. Сонымен қатар Жалпақтал ауылының шетінен су қоймасын жасақтау болатын. Тағы да бір айта кететін жайт, ол Талдықұдықтың халқына таза су қондырғысын қондырып, халықты таза ауыз сумен қамту, — деді жиынды ашқан облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Одан кейін күн тәртібіндегі мәселе бойынша жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жанат Асантаев баяндама жасады. Оның айтуынша, Қазталов ауданындағы 30512 адамның 15564-і экономикалық тұрғыдан белсенді, 1025-і жұмыссыздар болып табылады. 2016 жылдың 1 қарашасына дейін 512 жаңа жұмыс орындары ашылса, соның ішінде 116-сы — тұрақты жұмыс орындары. Ағымдағы жылы аудан тұрғындарын жұмыспен қамту жоспары жасақталды. Сол жоспар бойынша әлеуметтік жұмыс орындарына 46 адам жолданса, оның ішінде «Жұмыспен қамту — 2020 жол картасы» бағдарламасы арқылы 30 адам, «Жастар тәжірибесі» арқылы 108 жас маман, ақылы қоғамдық жұмыстарға 438 адам тартылды. «Жұмыспен қамту — 2020 жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру қарқынды жүруде.
Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 22 жоба орындалуда, содан бүгінге 70 адам «екі қолға бір күрек» тапты. Ал ІІ бағыты бойынша 30 адам өз істерін ашып, 66,7 млн. теңге несиеге қол жеткізді. ІІІ бағыт бойынша 17 адам кәсіптік оқуға жолданып, 4 адам оқуларын аяқтап, өз орындарына жұмысқа жолданды. Кездесулерде мына деректер тілге тиек болды: бүгінде Жалпақтал ауылдық округінде жұмыссыз ретінде сегіз тұрғын тіркелген. Жыл басынан бері ақылы қоғамдық жұмысқа 54 адам тартылса, әлеуметтік жұмыс орындарына 9 адам жіберілген. Биылғы жылдың он айында округте 66 жұмыс орны ашылған.
— Агроөнеркәсіптік кешен азық-түлік қауіпсіздігін және халықты жұмыспен қамтамасыз ету жөніндегі аудан экономикасының маңызды секторы болып табылады. Тәуелсіздік жылдарында республикамыздың өзге де өңірлері сияқты Қазталов ауданында да мақсатты түрде ауқымды жұмыстар атқарылуда, — деді ауданның ауыл шаруашылығы саласына тоқталған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Оңғарбеков. Оның айтуынша, 2016 жылдың 1 қарашасына дейінгі жағдайға аудан бойынша ауыл шаруашылығы саласында 20 заңды тұлға, 576 шаруа қожалықтары тіркелген. Барлық ауылдық округтерде мал тұқымын асылдандыру бағытында заңды тұлға – ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылып, жұмыс жасауда. Бүгінгі күнге шаруашылықтардың барлық санаттарындағы ірі қара 72433 басты құрайды, яғни 2015 жылдың сәйкесті мерзімімен салыстырғанда 110,8%. Ауданның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері соңғы 3 жылдың ішінде бағдарламаның 11 бағыты бойынша 1 млрд. 166 млн. теңге мөлшеріндегі мемлекеттік қолдау қаражатқа ие болды. Биылғы жылы да ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдары 586,6 млн. теңге көлемінде мемлекет тарапынан демеуқаржыланады деп күтілуде.
Келесі кезекте сөз алған облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұржамал Жұмағұлова жалпы ауданда атқарылып жатқан медицина саласына және кадр мәселесіне тоқталды. Соңғы үш жылда Жалпақтал аудандық ауруханасына 17 маман келген. Сонымен қатар Жалпақтал ауруханасы жаңа үлгідегі аппараттармен, соңғы бес жылда «Жедел жәрдем» көліктерімен қамтамасыз етілген.
— Барлық медициналық ұйымдарды 2018 жылдың еншісінде 9 амбулаторияға, 6 медициналық пунктке күрделі жөндеу жұмыстары 2018 жылдың жоспарына енгізіліп отыр. Онкологиялық, кардиологиялық аурулардың алдын алып, жұмыстануымыз қажет, — деген Нұржамал Шамғонқызы қазіргі күні ауданда сәби өлімінің тіркелмегендігін сөз етті.
Кездесулерде сондай-ақ облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Сабыров, облыстық жергілікті полиция қызметінің басшысы Манарбек Ғабдуллин мен облыстық прокуратураның бөлім басшысы Алмас Оңаев сөз сөйлеп, өз салалары бойынша хабарлама жасады.
Кездесу барысында Жақия Мусин, Шынболат Өтешқалиев, Әлібек Қоңырбаев ауылдық жерлерде ет комбинаты, тері, жүн өңдеу цехтарын ашу қажеттігін айтса, Кенжебай Үмбетов тамақтың қымбатшылығын тілге тиек етті. Жамбыл Нұғыманов тарихи ғимараттарды қалпына келтіру керектігін, Хамидолла Берғалиев магистральді каналдардағы қақпалардың қолды болғанын айтса, Жаңыл Құспанова, Талғат Масалиев, Бисенғали Айтжанов өздерінің ұсыныс-пікірлерін айтты.
— Иә, бұрын каналдардағы қақпаларды ашып-жауып отыратын мекеме болғаны рас. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары біз сол қақпаларды керек еместей темірлерін тапсырдық. Себебі бұлар ешкімнің құзырында болмады. Ол кезде абдырап қалғанымыз мәлім. Қазіргі күні бұларды біз ретке келтіріп келеміз. Бұл бағытта біркелкі жұмыстар атқарылуда, — деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Кәрімұлы.
Сонымен қатар кездесуде ауданның ақсақалдар алқасының төрағасы Нағым Ризуанов Жалпақталға ет комбинатын салуды, рентгенолог, терапевт мамандарын тұрғын үймен қамтамасыз етуді, ауданымыздың кейбір елді мекендерін газбен қамтамасыз етуді, Жұлдыз ауылына Кеңес Одағының Батыры Ахмедияр Хұсайыновқа, Социалистік Еңбек Ері Сағындық Ерешевке мүсін орнату, округтегі білім мекемелерінде көліктердің ескілігін айтып, өтінішін білдірді. Аудан әкімі Нұрлан Бекқайыр тұрғындардың денін тұрғын үй, жұмыс мәселесі толғандыратынын, жалпы тұрғындардың өз бетінше жұмыстану керектігін, айтылған мәселелер өз кезеңімен шешілетіндігін айтып, басқа да сұрақтар бойынша түсініктер берді.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары және басқарма басшылары бұл жұмыс сапары барысында тұрғындарды жеке қабылдап, тілек-ұсыныстарын тыңдады.
* * *
Сол күні Қазталов аудандық мәдениет үйінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұловтың төрағалық етуімен аймақтық арнайы жиын өтті. Ол ғылым мен бизнес арасындағы байланысты жандандыруға арналды. Оған еліміздегі ауыл шаруашылығы университеттері мен институттарының, ғылыми-зерттеу орталықтарының өкілдері, облыстық, аудандық мекеме-кәсіпорын басшылары, Бөкей ордасы, Жаңақала, Жәнібек аудандары әкімдерінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасарлары, бөлім басшылары, шаруа қожалықтары жетекшілері мен жеке кәсіпкерлер қатысты. Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Арман Өтеғұлов:
— Ауыл шаруашылығы саласын дамытуда елімізде түрлі бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылуда. Бұл тұжырымдама ауыл шаруашылығы кооперациясының ауқымды дамуына, халықтың табыс деңгейінің артуына, Қазақстанның ішкі нарығын қамтамасыз етуге, экспорттық әлеуетін арттыруға, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерді барынша мемлекеттік қолдаумен қамтамасыз етуге бағытталған. Ал ауыл шаруашылығы саласы ғылыммен ұштастырылмай дамымайтыны анық.
Сол себептен де бүгінгі кездесуге ғылымды тәжірибемен байланыстырып жүрген мамандарды алып келдік. Сол адамдармен тығыз байланыста жұмыс жасап, жаңа технологияларды пайдалана білсек, ісіміздің алға жылжитыны анық, — деді.
Жиында сөз алған «Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасының орынбасары Пірімқұл Ибрагимов орталықтың құрылуы мен негізгі міндеттеріне тоқталып, ғылымның бизнеспен байланысы жөнінде мағлұмат берді.
Қазақ жер және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Серік Кененбаев «Ғылым мен бизнестің өзара әрекеттестігінің жаңа тетіктері» туралы хабарлама жасады.
— Біздің институттың басты бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сорттарын шығару болып табылады. Қазіргі күнде 550 жаңа сорт шығарылып, оның 162-сі өндіріске енгізілді. Батыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы бойынша 3 аймаққа бөлінеді: астық-мал, мал-астық және мал шаруашылықтары. Қазталов ауданы осының ішінде мал-астық шаруашылығы аймағына жатқызылады. Ауа райы өте ыстық, жауын-шашын аз, өзгермелі. Сол себептен де бұл жер көпжылдық өсімдік егуге, майлы дақылдар егуге қолайлы, — деді Серік Кененбаев өз сөзінде.
Оңтүстік-Батыс мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты бас директорының орынбасары Нұраддин Әлімбаев «Өндіріске енгізілуге ұсынылатын инновациялық технологиялар» жөнінде айтып өтсе, Агротехнологияларды трансферттеу және коммерцияландыру орталығының өкілі Нұрсұлтан Мұратов агроөнеркәсіпті қолдау мақсатында өз орталықтарының атқарып жатқан жұмыстарынан хабардар етті. Ал Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ғылым және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Қажымұрат Ахмеденов кадр даярлау мәселесіне кеңінен тоқталды.
— Қазталов ауданының 24 мектеп түлегі қазіргі таңда Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім алуда. Осы студенттермен ауданның шаруа қожалықтары тығыз байланыста болып, оларды тәжірибеден өтуге өз қожалықтарына шақырып, біріге жұмыстанса, келешекте сол шаруа қожалықтарына қажетті білім мен тәжірибесі ұштасқан нағыз маман болып шығатынына сеніміміз мол, — деді Қажымұрат Мақсотұлы.
Сонымен қатар Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының директоры Кизят Кенжеев шаруаларға егістіктер салу үшін қажетті тұқымдықтарды қайдан алу керектігі, егістіктің шығымдылығын арттыру үшін технологияларды сақтауды қалай жүзеге асыруға болатындығы жөнінде түсінік беріп кетті.
Жиынның екінші бөлімі сұрақ-жауаппен жалғасты. Қайыңды ауылының тұрғыны, көп жылдар ауыл шаруашылығында жұмыс жасаған еңбек ардагері Меңсейіт Одаев Қайыңды, Болашақ ауылдарында қара бидай егу үшін техника қажеттігін айтса, еңбек ардагері Махамбет Бермағанбетов өзінің ауыл шаруашылығы саласындағы тәжірибесімен бөлісіп, кездесетін қиындықтарды да жеткізді.
Ал Ақпәтер ауылдық округіндегі «Данияр» шаруа қожалығының жетекшісі Талғар Қожамбаев:
— Биыл Атырау облысындағы «Мақат» шаруа қожалығынан асыл тұқымды аталық қойлар алдым. Бірақ сол облыста бір аурулардың шығуына байланысты карантин жарияланып, алған аталық қойларымды тізімге енгізе алмай отырмын. Енді биыл мемлекеттен субсидия ала алмай қаламын ба? — деген күдігін жеткізді.
— Биылғы жылы облысымызда 2 миллиард 900 миллион теңге субсидияға қаржы қаралған. Бұл қаражат биылға жетпейді. Сол себепті қалған ақша келесі жылы төленетін болады. Ал малды басқа жерлерден сатып алғанда оның барлық ветеринариялық құжаттары дұрыс болуы керек. Себебі оның зияны тек сізге ғана емес, барлық елге тиетін болады, — деді Арман Өтеғұлов.
Бостандық ауылдық округіне қарасты «Сарыөзен» шаруа қожалығының жетекшісі Тасқали Ілиясов:
— Асыл тұқымды малдар сапасы туралы бұрыннан да айтып жүрмін. Бірақ еш өзгеріссіз, сол қалпында қалуда. Осыны бір жөнге салса. Сонымен қатар ауданымыз мал бағудың шаруашылық бағытында, яғни қосымша егістіктер егіп, өнім алатын жағдай жоқ. Себебі су тапшы. Су шығару үшін құдықтар қазыңдар дейді. Бірақ су қорының қай жерде бар екенін біз қайдан білеміз? Оны зерттеп, айтып жатқан ешкім жоқ. Енді бір мәселе Кеңес Одағы кезінде егістік жер, жайылым жер деп бөлінген жерлер сол қалпында. Егістік жерлерге ешкім егін салып жатқан жоқ. Сол жерлерді мал жайылымына айналдыруға болмай ма? Осының кесірінен менің иелігімдегі жерімді кері қайтарып алды. Себебі мен ол жерге егін екпей, мал жайып отырғаным үшін. Осы мәселені қалай шешуге болады? — деген назын жеткізді.
Сондай-ақ «Қазталов» несие серіктестігінің директоры Абай Багисов несиенің пайыздық мөлшерлемесін азайту үшін берілетін субсидияның 2014 жылдан бері алынбағандығын айтты.
Бұл мәселе жөнінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Оңғарбеков: — Несиенің пайыздық мөлшерлемесін азайту үшін берілетін субсидия туралы комиссия отырысы алдағы желтоқсан айында өтеді. Бірақ субсидия алдымен алынған техникаға, содан кейін ғана малға беріледі. Бұған бюджеттен 179 миллион теңге қаржы қаралды, — деп жауап қайтарды.
Қошанкөл ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Меңдіхан Халықұлы мал басына төленетін субсидияны көбейту, малдың санынан сапасына ауысу қажеттігі, шаруа қожалықтарына несие алу үшін сұрайтын кепілдікке байланысты кедергілер, техника алу үшін төлейтін алғашқы жарнаның пайызының жоғарылығы жөнінде айтып, ауданда балық шаруашылығын қолға алу керектігі жөнінде де ұсынысын білдірді.
— Балық шаруашылығын дамыту үшін келесі жылдан бастап субсидия беру қолға алынбақ. Бірақ суды Ресейден сатып алып отырған аудан үшін балық өсіру қиынға түспек. Су сатып алу үшін 1 миллард 600 миллион теңге қаржы төлеп отырмыз. Су бір кезде бар, бір кезде жоқ. Сол себепті балықты қырып алу мүмкіндігі жоғары.
Қазталов ауданы бойынша 600 миллион теңге шамасында субсидия алып отыр. Осыны өндіріске, шаруашылықтарды дамытуға қайта салу керек. Қазіргі күні Ақжайық ауданының «Сәбит» шаруа қожалығы, Жәнібек ауданының «Әлем» шаруа қожалығы өз жұмыстарын ғылыми тұрғыда жүргізіп отыр. Оның пайдасын да көріп жатыр.
Сол себепті осындай қожалықтармен тәжірибе алмасып отырған дұрыс.
Бүгінгі айтылған ұсыныс-пікірлердің барлығы да ескерілетін болады. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуын қамтамасыз етуде бәріміз бірлесіп қызмет жасайтынымызға сеніміміз мол, — деп облыс әкімінің орынбасары Арман Өтеғұлов жиынды қорытындылады.
Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ.
Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ,
Қазталов ауданы