Мұрағат: 31.10.2016


«Субарендаторлар» салық төлемей ме?..

Күні: , 82 рет оқылды

25b8ed88f30b9888c6268253c59


Қазіргі заманның қалталы азаматтары қаражатты күреп табудың ең оңай тәсілін тапқан. Олар қала орталығынан жанға жайлы бірнеше пәтер сатып алады да, баспанаға мұқтаж жандарға жалға беріп қояды.


Статистикалық мәлімет бойынша пәтер жалдау құны Астана мен Алматы қалаларында «шырқау көкте». Астаналық қожайындар қала шетіндегі бір бөлмелі пәтерлерін жалға айына 70-80 мың теңгеге, ал орталықтағы осындай пәтерлерін 90-120 мың теңгеге жалға беретін көрінеді. Ал екі бөлмелі пәтерлері бұдан сәл қымбатырақ, 100 000-150 000 теңгенің төңірегінде. Қаражаты мол қала санатындағы Ақтау мен Атырау қалаларында да пәтер жалдау құны шамамен осындай. Ал Орал қаласында 1 бөлмелі пәтерді 40-45 мың теңгеге, 2 бөлмеліні 50-55 мың теңгеге, 3 бөлмелі пәтерді 60-70 мың теңгеге табуға болады. Бұл — үйлеріне тұтас бір жанұяны жібергенде ай сайын төленетін пәтерақының мөлшері. Кейбір адамдар пәтерін әдейі бизнес көзіне айналдырып, бұдан да мол қаражат табуды көздейді. Ондай адамдар үйлерін айлап емес, сағаттап жалға береді. Жалға берудің бұл түрі, алдыңғысына қарағанда, әрине, қауіпті әрі жұмысы көп. Бірақ бұдан түсетін қаражат та аз емес. Нақты дерек көздеріне сенсек, біздің Оралда бір бөлмелі пәтерді бір сағатқа жалдасаңыз, қожайынға 500-700 теңге ақша тастап кетесіз. Екі сағат үшін 1000-1500 теңге бересіз. Бөлме саны көбейген сайын және үйдің тұрған жеріне байланысты төлемақы да өзгере береді. Бұдан басқа пәтерлерін жалға тәуліктеп беретіндер де бар. Орал қаласында олардың бағасы 4000 теңгеден басталады. Әдетте бизнестің бұл түрімен көбінесе «субарендаторлар», яғни біреудің үйін жалға алып, оны сағаттап немесе тәуліктеп жалға беретіндер айналысады. Бұл пысықайлар қалаға іссапарға немесе басқа да шаруамен келгендерді тез тауып, нәпақасын тауып жүр. Осы мақаланы жазарда жалдау құнын білу үшін және олардан қаншалықты пайда түсіруге болатынын анықтау мақсатында 3-4 нөмірге қоңырау шалып көргенбіз, олардың бәрі де бос болмай шықты. Демек, «жалдамалы пәтерлер жақсы жұмыс жасауда». Бизнестің нақ осы түрімен айналысатын бір танысымның айтуынша, пәтерлерді тәуліктеп жалға беруден бір айда 100 мың теңгенің үстінде ақша табуға болады. Ал сағаттап жіберсеңіз, одан да көп пайда түсіресіз. Бұл — бір ғана пәтер ұстайтындардың табысы. Ал пәтер бизнесімен айналысатындардың жалғыз пәтермен шектелмейтінін ескерсек, бизнестің нақ осы түрімен айналысатындардың табысы мол екенін аңғару қиын емес.

Мұның несі құпия?..

Қалада пәтер бизнесімен айналысатындар көп-ақ. Олардың барлығы бірдей салық органына тіркелмейді. Егер пәтер бизнесімен айналысатындар салық органдарына түгелдей тіркеліп, бәрі бірдей белгіленген мөлшерде салық төлейтін болса, онда бюджеттің жергілікті түсімінің мөлшері қазіргіден әлдеқайда көбейетіні анық. Өкінішке орай, пәтер бизнесімен айналысатындар әлі күнге дейін жеке кәсіпкер ретінде жіті қадағаланбайтын тәрізді. Өйткені олардың салық органдарына тіркелгендерінен гөрі, еш жерде тіркелмей жүргені көп. Біз бұл ретте біреудің үйін жалға алып, содан сағаттап ақша «сауатындар» жөнінде айтып отырмыз. Оларды ел ішінде жоғарыда айтқанымыздай, «субарендаторлар» дейді. Газет беттеріндегі және көшелерге жапсырылған хабарландырулардың қожайындары – осы «субарендаторлар».

Жақында Орал қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына хабарласып, осы бағытта мақала даярлау үшін сауалнама жолдаған болатынбыз. Сонда аталмыш орган қызметкерлері біздің пәтер бизнесіне тікелей қатысты бірнеше сұрағымызға жауап беруден бас тартыпты. Олардың ішінде облыс орталығында қанша пәтер жалға беріледі (1-сұрақ), қалалық мемлекеттік кіріс департаментіне қанша риэлторлық компания тіркелді (6-сұрақ) және олардың салықты төлеу деңгейі жөніндегі сұрақтар бар еді. Басқарма бізге ҚР Салық кодексінің 557-бабына сәйкес мұндай мәліметтердің салық құпиясы болып табылатынын айтып, бұл жөніндегі ақпараттарды БАҚ-қа беруге болмайтынын хабарлапты. Бірақ біз бұдан бірнеше жыл бұрын нақ осы тақырыпта мақала даярлағанда жергілікті мемлекеттік кірістер департаментінен (сол кездегі облыстық салық департаменті) алынған мәліметті пайдаланғанбыз. Сол жолғы мәліметке сәйкес, «Тұрғын үйді және өндірістік емес мақсаттағы басқа да жылжымайтын мүлікті сатып алу, сату және жалға беру кезіндегі делдалдық қызмет көрсету», «Көппәтерлік және тұрғын үйлерді сатып алу және сату» секілді қызмет түрімен тіркелген заңды және жеке кәсіпкерлердің саны 1532 болатын. Оның ішінде пәтер бизнесімен айналысатын қалалық кәсіпкерлер саны – 1210 болды. Және аталған қызмет түрімен айналысатын салық төлеушілердің қанша мөлшерде салық төлегенін жергілікті салық органдары қызметкерлерінің мәліметіне сәйкес сол жолғы мақаламызда көрсеткен де болатынбыз. Егер ҚР Салық кодексі бойынша жоғарыдағыдай сұрақтарға жауап беруге болмаса және бұл сұрақтардың жауабы салық мекемесінің құпиясы болып табылатын болса, онда сол кездегі облыстық салық департаментінің басшылығы бізге сол жолы жоғарыдағы жауапты қалайша берді екен?

Дегенмен Орал қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері пәтерлерін жалға беруші жеке тұлғалардан түскен салық мөлшерін көрсетіпті. Олардың мәлімдеуінше, өткен жылы пәтерлерін жалға беруші жеке тұлғалардан түскен салық көлемі 2 092,0 мың теңгені құраған. 2015 жылы пәтерлерді жалға беріп, табыс тауып отырған заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер 286 547,0 мың теңге көлемінде салық төлесе, ағымдағы жылдың 5 айында олардан түскен салық мөлшері 471 794,6 мың теңгені құрапты. Сондай-ақ 2015 жылы бюджетке мүлікті сатудан 16 233,0 мың теңге көлемінде қаражат құйылған.

Қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері біздің «Пәтерлерін жалға беретін адамдардың есебін қалай анықтайсыздар? Көшелердегі хабарландыру арқылы ма, әлде олардың өздері келіп, қалалық мемлекеттік кіріс департаментіне тіркеле ме?» деген сұрағымызға «Тұрғын үйлерді жалға берушілер санын Орал қалалық тұрғын үй инспекциясынан алынған тізімдер мен қалалық ішкі істер бөлімі мәліметтері және жеке тұлғалардың арыз-шағымы негізінде анықтаймыз» деп жауап беріпті. Негізі пәтер бизнесімен айналысатындардың санын жоғарыдағы ресми мекемелердің берген мәліметімен ғана анықтау жеткіліксіз, өйткені бұл пәтер бизнесіндегілердің дәл санын білуге мүмкіндік бермейді. Аталған құзырлы мекемелер тек өздерінде тіркелген адамдардың ғана санын береді. Ал шын мәнінде жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ, біреудің үйін жалдап, сағаттап ақша сауып жүргендердің көп екенін жоғарыда айтып кеттік. Бұл көшелердегі, БАҚ-та жарияланған хабарландырулардан да көрініп тұр…

«Үй сатып алушылар әлі де азайған жоқ…»

Пәтер бизнесімен ресми түрде айналысушыларды халық арасында «Риэлторлар» дейді. Біздің қаламызда осындай он шақты агенттік жұмыс істейді. Олардың ішіндегі ең тәжірибелісі – «Контакт» агенттігі. Аталмыш агенттік жетекшісі Сайлаубек Есқалиевтің айтуынша, «Контакт» агенттігінің құрылғанына биыл 11 жыл болған. Сайлаубектің сөзінше, бүгінде Қазақстан риэлторлары қауымдастығы құрылып, бұл қауымдастық агенттік жұмысын бір қалыпқа түсіру бағытында жұмыстануда. Қазіргі таңда «Контакт», «Листинг», «Наш дом», «Уют» секілді агенттіктер бірігіп, өңірімізде тәуелсіз риэлторлар бөлімшесін құрған. Олар пәтерлерді ұзақ мерзімге жалға берумен және пәтерлерді сату мен сатып алу жұмыстарымен айналысады. Оның сөзінше, жоғарыда аталған агенттіктердің бәрі де жергілікті салық органдарында тіркелген. Салық төлемін олар бұрын жеңілдетілген тәсілмен тоқсан сайын төлесе, қазіргі уақытта алты айда бір рет төлеуге көшкен.

— Еліміз дағдарыс жағдайында тұр десек те, қазіргі таңда үй сатып алушылар анау айтқандай азая қойған жоқ. Жұрттың қолында ақша болмағанымен, баспананы екінші деңгейлі банктер арқылы ипотекаға рәсімдеп алып жатыр. Егер пайызға шағатын болсақ, үй алатындардың 70 пайызы қаражатты екінші деңгейлі банктерден алады. Ипотекаға үй алып жатқан оралдықтардың 90 пайызын ҚР «Тұрғын үй жинақ құрылыс банкі» АҚ-ның облыстық бөлімшесі қаржыландыруда. Бұл бағытта «Ресей жинақ банкі» АҚ Қазақстандағы еншілес банкісі де қарқынды жұмыс жасауда. Аталған банк несиелеу ставкасын 15,1 пайызға дейін түсірген. Мұны анық білетін себебім, үй сату және сатып алу бағытында біз қаладағы барлық банктердің филиалдарымен ынтымақтаса жұмыс істейміз.

Ал енді риэлторлық қызметке келер болсақ, біздің елімізде риэлтор жұмысына тиісті назар аударылмайды. Риэлторлар жұмысын реттейтін заң елімізде әлі күнге дейін жоқ. Бұл аталған бағыттағы жұмыстың жүруіне едәуір кедергі келтіріп тұр. Риэлторлар жұмысында қандай да бір заңға негізделген арнайы тәртіптің болмауы, бір жағынан, осы кәсіппен айналысатындар үшін қауіпті болса, екіншіден, арнайы заңның жоқтығы еңбек тәртібінің бұзылуына жол береді. Риэлторлар жұмысын реттейтін заң жақында Ресейде қабылданбақ. Содан көп ұзамай біздің елімізде де сондай заң қабылданады деп ойлаймын. Егер бұл заң қабылданса, бұл жағдай салық төлемінің дер кезінде әрі белгіленген мөлшерде жиналуына себепші болады, — деген Сайлаубек Есқалиев риэлторлық қызметте құқықтық жағынан сауатты адамдардың жұмыс істегені жөн екенін жеткізді. Оның сөзінше, елімізде риэлторлық қызмет сапасын арттыру мақсатында түрлі сайыстар болып тұрады. Биыл ол басқаратын агенттік еліміздің Батыс өңірінде, яғни Ақтау, Ақтөбе және Орал қалаларында өткізілген риэлторлар байқауына қатысып, барлық көрсеткіштер бойынша үздік атанды.

Риэлторлық қызметпен айналысатын компания өкілдерінің пікірінше, риэлторлар мен субарендаторларды шатастыруға болмайды, бұл екеуі — екі басқа нәрсе. Риэлторлар — жеке компания ретінде тіркеліп, салығын уақтылы төлеп отырған заңды мекеме. Ал субарендаторлар біреудің үйін жалға алып, содан ақша жасап жүрген азаматтар. Олардың жұмысы тұрақты емес және олар салық органдарында тіркелмегендіктен, жеке кәсіпкер ретінде салық төлемейді. Өкінішке орай, заңды түрде тіркеліп, салығын төлеп отырған риэлторлық компанияға қарағанда, пәтер бизнесімен заңсыз айналысып жүрген осындай субарендаторлар көп. Сондықтан салық органдарының салықтарын уақытында төлеп отырған риэлторлық компаниялармен ғана шектеліп қалмай, «субарендаторларды» да назарларынан тыс қалдырмағандары жөн.

Ең төменгі салық мөлшері – Қазақстанда

Әлемнің дамыған елдерінде жергілікті органдардың қаржылық-экономикалық негізі қозғалмайтын мүлік салығынан құралады. АҚШ, Жапония, Германия, Франция секілді елдерде қозғалмайтын мүлік салығынан түскен табысты бөлу және оны тиімді жарату ісі жергілікті биліктің құзырында көрінеді. Дерек көздеріне сүйенсек, қазіргі таңда қозғалмайтын мүлікке салық салу ісі әлемнің 130 еліне таралыпты. Бірақ осы елдердің әрқайсысында салық мөлшері әр түрлі екен. Мысалы, Италияда пәтерін жалға беретіндер табысының 40 пайызын мемлекетке аударуы тиіс болса, америкалықтар — 30, француздар — 25, чехтар мен түріктер 17-18 пайыз, көрші ресейліктер 13 пайыз табыс салығын төлейді екен. Жергілікті салық қызметкерлерінің айтуынша, Салық кодексінің 180-бабы 3-7-тармақтарында өзгеше белгіленбесе, мүлікті өткізу бағасы мен оны сатып алу бағасы арасындағы оң айырма мүлікті өткізу кезіндегі құн өсімінен түсетін табыс болып саналады. Біздің елімізде құн өсімінен түсетін табысқа 10 пайыз көлемінде салық салынады. Көріп отырсыздар, біздің еліміздегі салық мөлшері өзге елдермен салыстырғанда көп төмен.

Мәскеу қаласының атқамінерлері пәтерақыдан түсетін табыс салығын есептеп көріп, одан қыруар қаражат жиналатынына көздерін жеткізгеннен кейін осы мәселені қолға алыпты. Ресми деректер бойынша Мәскеу қаласында әрбір 10-шы пәтер жалға берілетін көрінеді. Аталған қалада 4 миллион шамасында пәтер бар деп есептегенде, шамамен 400 мыңдай пәтер қаржы көзіне айналған. Тіпті бұл нақты сан болмағанның өзінде де, Ресей астанасына бұдан түсетін пайда шаш етектен. Мысалы, Мәскеудегі орташа пәтерді жалдау құны шамамен 30 мың рубль болса, оған 13 пайыз салық салынғанда, қала бюджетіне айына бір пәтерден 3900 рубль салық табысы түседі екен. Оны 12 айға көбейтсек, бір жылда 46 800 рубль, ал үш жылда бір ғана пәтерден түсетін табыс салығы 140 мың рубльді құрайды. Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ мүшелерінің бірі — Белоруссияда былтырдан бастап үйін жалға тәуліктеп берілетін пәтер иелеріне салынатын салық мөлшері өсті. Жеке тұлғаларға 12-15 пайызға, ал заңды тұлғаларға 50-70 пайызға өсті. Дерек көздері бойынша дәл қазіргі уақытта Минск қаласында жеке тұлғалар 52 000 пәтерді жалға береді екен. Бұдан басқа бизнестің осы түрімен 800 кәсіпкер айналысатын көрінеді. Нәтижесінде қала бюджетіне тәуліктеп жалға берілетін пәтерлерден 60 млрд. рубль келіп түседі екен. Осы тәртіппен өзіміздің Орал қаласының бюджетін толықтыратын салық мөлшерін де шамамен есептеп көруге болатын еді. Өкінішке орай, қаладағы жалға берілетін пәтерлер мен біреудің пәтерін жалға алып, оны сұрағандарға сағатына және тәулікке беріп, сондай-ақ жұрттың үй сатуына немесе қай-сыбіреулерге үй сатып алуға көмектесіп жүрген делдалдардың нақты санын жергілікті салық қызметкерлері бізге бермеді…

Қазіргідей мемлекет бюджетін молайтудың барлық амалдары қолға алынып жатқан тұста жан қинамай, табысқа белшесінен батып жүргендердің нақты есебі жасалып, олардан салық табысы ұсталса, жергілікті бюджет қоржыны тағы біраз толығары даусыз. Ол үшін пәтер бизнесімен заңсыз айналысып жүрген жандардың нақты есебін алу керек. Оны анықтау да соншалықты қиын емес. Қажет болғанда мамандар еліміздегі киіктерді тікұшаққа мініп алып та санап жүр ғой. Оның қасында хабарландыруларды жергілікті басылым беттеріне аямай беріп, көшелерге жағалай іліп қойған «субарендаторларды» «ойнап жүріп» тауып алуға болмай ма?..

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында сегіз тұрғын үй пайдалануға берілмек

Күні: , 105 рет оқылды

img_7565


Сенбі күні облыс әкімі Алтай Көлгінов Зашаған ауылы маңындағы бес қабатты көп пәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысымен, сондай-ақ Орал – Тасқала – РФ шекарасы тас жолының жөнделу барысымен танысты.


Аталмыш тұрғын үй кешенінің құрылысы облысымыздағы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасының аясында былтыр қазан айында басталған. Салынып жатқан бес үйдің әрқайсысында 100 пәтер бар. Бүгінгі таңда бұл үйлердің барлығы жылу жүйесіне қосылған. Тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқтала келген. Қазіргі уақытта ішкі сантехникалық жұмыстар атқарылуда. Мұндағы құрылыс жұмыстары құжат бойынша осы жылдың қараша айының басында аяқталуы тиіс болатын. Алайда құрылыс учаскесінің бастығы Бауыржан Жұмағалиев жұмысты толық аяқтау үшін әлі де 20 күндей уақыт қажет екенін айтты. Облыс әкімі құрылысқа қойылатын басты талап – сапа және орындалу мерзімінің сақталуы екеніне тоқталып, бас мердігер «Марасант» ЖШС-ның басшылығына қатаң ескерту жасады. Кешенді абаттандырумен «Балтемен» ЖШС айналысуда. «Балтемен» ЖШС-ның директоры Артур Қабдығалиевтің айтуынша, абаттандыру жұмыстары қараша айының соңына дейін өз мерзімінде бітеді.

img_7559— Биыл өңірімізде мемлекеттік бюджет, яғни Ұлттық қордан бөлінген қаражат есебінен 1500 пәтерді құрайтын 14 көп қабатты үй тұрғындардың игілігіне берілмек. Оған 17 миллиард теңге қаржы қарастырылды. Оның 5 миллиарды инженерлік-коммуникациялық және абаттандыру жұмыстарына жұмсалуда. Біз қазір барлығы 500 пәтерлік бес үйдің аяқтала келген құрылысына куә болып тұрмыз. Пәтерлердің көпшілігі кезекте тұрған азаматтарға беріледі. Осы құрылыс аясында 1500-ге жуық жұмыс орындары ашылды. Құрылыс сапасы қадағалауымызда болады. Осы жылдың ішінде олардың бірқатары пайдалануға берілді. Қалған сегіз үй желтоқсан айында табысталады. Осылайша мемлекеттік бағдарламалар аясында өңірімізде жаңадан 1500 пәтер пайдалануға берілсе, оны 25 жылдық тәуелсіздігіміздің тартуы деп білеміз, — деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Мұнан кейін өңір басшысы Орал – Тасқала аралығындағы жол жөндеу жұмыстарының жай-күйімен танысты.

— Биыл Елбасы тапсырмасына сай өңіріміздегі республикалық маңызы бар жолдарды жөндеуге 10,5 миллиард теңге бөлінді. Оған 105 километр жол жөнделді. Облыстық және аудандық маңызы бар жолдарға 6 миллиард теңге қарастырылды. Ол қаржыға 140 километрден астам жол жөнделді. Бұл – біздің өңіріміз үшін мемлекет тарапынан жасалған үлкен қолдау. Биыл Орал – Тасқала бағытындағы жолды 36 шақырымына дейін жөндеу жоспарланған. Қазіргі жұмыс қарқыны жоспарға сай. Бұл жолдың бұрынғы ені жеті метр болса, қазір тоғыз, кей жерлерінде 16 метрге дейін кеңейтілуде. Жолдың сапасы да күшейтілуде. Жолдың бұл учаскесі Елбасымыздың «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жөнделуде. Биыл осы жұмысқа 5 миллиард 900 миллион теңге қаржы бөлінді. Бұл бағыттағы жөндеу жұмыстары 2018 жылы аяқталады. Ресей шекарасына дейін барлығы 100 километр жол жөнделмек. Жоба бойынша 23,5 миллиард теңге қаралған. Республикалық маңызы бар бұл жолмен ауыр жүк көліктері қатынайды. Сондықтан жөнделген жолдың сапасына қойылар талап та жоғары. Бүгінгі таңда Жаңақала, Қаратөбе аудандарындағы жол жөндеу жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта жолы жөнделмеген Бөкей ордасы, Жәнібек, Қазталов аудандары қалды. Тегіс жол Қазталов ауданының орталығына да барды. Бұл бағыттағы жұмыстар келесі жылы да жалғасады. Сонымен қатар Орал – Орынбор бағытындағы жолды жөндеу мәселелерін де қарастырудамыз, — деді өңір басшысы Алтай Сейдірұлы.

img_7636Орал – Тасқала бағытымен Ресей шекарасына дейінгі жолды жөндеу жұмыстары бойынша бас мердігер «Uniserv» ЖШС-ның бас инженері Николай Кондопулоның айтуынша, қазіргі уақытта аталмыш учаскеде 240 адам, 70 шақты техника жұмыс жасауда. Оның есебі бойынша екі аптадан кейін облыс орталығынан Тасқалаға дейінгі тас жол толықтай ашылады. «Uniserv» ЖШС жөнделген жолдың сапасына бес жылға дейін кепілдік береді.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»

 

Суреттерді түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Ортаев неге одыраңдайды?

Күні: , 4 322 рет оқылды

img_7410


Ел-жұртпен тікелей қарым-қатынаста болатын, «биліктің айнасы» деп танылып жүрген мемлекеттік құрылымның бірі – ішкі істер мекемелері. Тәртіп сақшыларының жағымды имиджін қалыптастыру үшін Елбасы тапсырмасына сәйкес Үкімет, Ішкі істер министрлігі тарапынан біраз игілік қолға алынып, іс-шара жүзеге асуда. БҚО ішкі істер департаменті тарапынан ұйымдастырылатын түрлі жиын-шараларға қатысып, өңірімізде де бұл бағытта тиісті жұмыстар қолға алынғанының куәсі болып жүрміз. Бірақ осынау реформалардан Қазталов ауданының бас полицейі хабарсыз сияқты.


Газетіміздің өткен санында (№132, 29.10.2016 жыл) «Ойыннан шыққан от» деген тақырыпта мақаламыз жарияланған болатын. Осы мақалаға орай журналистік зерттеу жүргізу барысында Қазталов аудандық ішкі істер бөліміне ат басын бұрған едік.

Барған жұмысымызға полиция басшысының тікелей қатысы болмаса да, қызметтік әдепке сәйкес оған кіріп амандасу және керек мәліметтер алуға ықпал жасауға көмек сұрау мақсатында Қазталов аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Бекбол Ортаевтың қабылдауында болдық. Ол бізді кірген бойда қабағы қатулы күйде, салқын жүзбен қарсы алды. Біз келген жұмысымызды баяндадық. Соған сәйкес БҚО ІІД баспасөз қызметінен Қараоба ауылында болған оқиғаға байланысты ҚР ҚК 106-бабының 1-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалғандығы жөнінде мәлімет алғанымызды айттық. Оқиғаның орын алғанына үш аптадай уақыт болған, осы мерзім аралығында тергеу амалдары қалай жүріп жатқанын білгіміз келетінін жеткіздік. Егер ыңғайы шықса, істі жүргізіп жатқан тергеушімен кездескіміз келетінін де мәлімдедік. Осында келмес бұрын БҚО ІІД баспасөз қызметіне хабарласып, егер мүмкін болса, тиісті мәліметтерді алуға рұқсат алғанымызды да айтып өттік. Б. Ортаев тергеушінің Жалпақталға кеткенін, аталмыш оқиғаға қатысты ешқандай мәлімет бермейтінін айтып, біршараның жүріп жатуына байланысты бізбен отыратын уақытының жоқтығын желеу етіп, одыраңдай сөйлеп, дөрекілеу түрде кабинетін босатуды талап етті. Жеке шаруамызбен келмегенімізді айтып, бізбен мұндай мәнерде сөйлесуі қызметтік әдепке келмейтіндігін ескерттік. Мемлекет басшысы, Ішкі істер министрі еліміздегі кез келген полиция қызметкері дөрекілікке жол бермеу керектігін айтқандығы жөнінде құлағдар еттік. Қажет болса, оның бұл қылығын газетке, тиісті құзырлы органдардың басшыларының атына жазатынымызды да жеткіздік. «Қайда жазсаң, онда жаз, кабинетімді босат!» деп бір кесті. «Жылдар бойы халықтың және тәуелсіз мемлекетіміздің мүддесіне қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан облыстық газеттің тілшісіне осындай дөрекілік танытып тұрған полиция басшысы қарапайым адамдармен қалай тілдеседі екен?» деген оймен амалсыздан сыртқа беттедік.

Қазталов аудандық «Ауыл айнасы» газетінің тілшілері де аудандық ішкі істер бөлімімен байланыс нашар екенін айтты. Полицияға қарағанда аудандық прокуратура, сот жариялыққа жете мән береді екен.

— Аудандық газетте қызмет атқару кезінде аудандық ішкі істер бөлімінің он шақты басшысымен серіктес, әріптес ретінде жұмыс істедім. Олардың бәрі де мемлекеттік саясатты түсінетін жандар еді. Бұл полиция басшыларының дөрекілігін көрмек түгілі естіген жоқпын. Ал Б. Ортаевтың мұндай әрекетін естіп жүрмін. Ол осы әрекеті арқылы полицияның, ауданымыздың имиджіне нұқсан келтіріп жүргенін түсіне ме екен? Ертең орынтағынан түскеннен кейін елдің бетіне қалай қарайды? — дейді «Ауыл айнасы» газетінің бас редакторы Серік Жұмағалиев.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал өңірі»


1916 жыл оқиғасы

Күні: , 46 рет оқылды

%d0%b0%d0%bb%d0%b8%d1%85%d0%b0%d0%bd-%d0%b1%d0%be%d0%ba%d0%b5%d0%b9%d1%85%d0%b0%d0%bd%d0%be%d0%b2%d0%b0%d1%85%d0%bc%d0%b5%d1%82-%d0%b1%d0%b0%d0%b9%d1%82%d1%83%d1%80%d1%81%d1%8b%d0%bd%d1%83%d0%bb%d1%8b%d1%85%d0%b0%d0%b9%d1%80%d0%b5%d1%82%d0%b4%d0%b8%d0%bd-%d0%b1%d0%be%d0%bb%d2%93%d0%b0%d0%bd%d0%b1%d0%b0%d0%b5%d0%b2


(Жалғасы. Басы газеттің №131 санында)

Қысқасы, мен земгорға қазақ рабочийлардың арасында жұмыс ету үшін баратын болдым. Енді қожайыным байменен есептесіп, жұмыстан шығатын болдым. Тез расчет алатын болдым.


Қожайыныма келіп расчет сұрасам, ол маған: кетпе, кетсең қателесесің, «отсрочкаң» бар, енді саған не керек? — деді. Бірақ жігіттердің кетіп жатқаны, Ахметтің сөзі, бірге оқыған жолдасым Хайретдиннің кеткені, қызған ұлтшылдық сезім маған іркілуге жол бермеді. Қожайыннан расчет алып, жұмыстан шықтым.

Ахметке, Міржақыпқа келіп, Мәскеудегі «Сөз» газетінің редакторы Гаязға арнап хат жаздырып алып, Әлихан Бөкейхановтың Мәскеудегі адресін алып, октябрьдің 15-тері шамасында Орынбордан Мәскеуге жүріп кеттім.

Мәскеуге келіп, адресі бойынша Әлиханды іздеп тауып алдым. Ол Орынбордан бұрын келген Хайретдин, қазақшыл Хасенғалидың қай жерде екенін біледі екен. Мені жетелеп соларға алып барды. Сол күні жатып, ертеңіне земгор ұйымының бастықтарына барып сөйлеспекші болдық. Өзім алып барамын деген Әлихан бізді өзі алып барып таныстырмақшы болды.

Мәскеуде

1916 жыл. Соғыс ылаңы Мәскеуге азырақ тигені сезілді. Ерте тұрмасақ, нан ала алмайтын болдық. Түрлі керектердің кемістігі сезілді. Мәскеудегі… «Сөз» газетасының редакциясына хатты тапсырманы Гаяздың кеңсесіне ертең кел дегені… Кешегі уәде бойынша ерте тұрып, Хайретдин Болғанбаев, Хасенғали, мен – үшеуіміз Әлиханға бардық. Әлихан біздерді ертіп земгордың кеңсесіне алып барды, бір бастыққа кірдік, сөйлестік. Ол кісі: сізді бүгіннен бастап жұмысқа кірді деп есептейміз, ертең келіп ақша аласыз, киім алуға қағаз береміз, соны аласыз, батыс майданда рабочийлар бар, соларға жібереміз, Минскіде біздің кеңсе бар, соның қарауында боласыз, – деді.

Ертеңіне барып ақша алдық, офицерлер магазині бар екен, соған барып қолымыздағы қағаз бойынша 100 сомнан пұл төлеп, мұздай киіндік. Кеңсеміз 100 сомнан жалақы беретін болды. Солай етіп Мәскеуде 5-6 күн болып, Минск қаласына жөнелдік.

Ноябрь айының бас күндерінде Минск қаласына бардық, ертеңіне земгордың ондағы ұйымына барып, документ қағаздарымызды көрсеттік. Бізді қабыл етті, документтерін тексеріп, «күте тұрыңыз» дегені. «Минскіден 70-80 шақырым жерде станция Молодежный бар, сол станцияға жақын қазақ рабочийлары бар, соған барасыз» деді. Солай етіп, Минск қаласында тағы 5-6 күн болып, Молодежный станциясына жөнелдік.

Соғыстың үдеп тұрған кезі, Молодежный станциясына немістер келіп алып, тағы кейін азырақ шегінген екен. Молодежный станциясына барып, вокзалға түстік, станция бұзылған, қираған көрінді. Молодежный стансасынан 7-8 шақырымдай жерде земгор ұйымының 7-дружина рабочийлары окоп қазу жұмысында екен. Сол 7-дружинада бір мың кісі қазақ рабочийлар бар екен. Белгіленген орнымыз сол қазақ рабочийлар тұрған 7-дружина еді. Молодежный станциясына барып түсіп, станцияда телефон бар, сол телефонмен сөйлесіп, 7-дружинаның штабынан көлік сұрадым. Күн бойына станцияда отырып, кешқұрым қараңғы түскенде көлік келді. Түнде штабқа бардым. Штабтың бастығы ертеңмен мені көріп сөйлесті. «Осы жерде 4-5 шақырымдай жерде мың адам қазақ рабочийлар бар, соларға барасың, ондағы рабочийлардың басында Берг деген уәкіліміз бар, Эмдин деген тағы басқа қызметкерлеріміз бар, сондағы уәкіліміздің қарауында істейсің» деді. Қасыма бір адам қосты. Қалың тоғай орманның ішіменен жаяу жүріп кеттік. Жолда баратқанымызда тас төбемізден немістердің екі аэропланы ұшып, екі бомба жерге түсті. Анадай жерден бұрқырап топырақ көтерілді. Менің зәрем қалған жоқ, дір-дір қалтырадым. Бірақ қасымдағы жігіт: қорықпа, бұндай бола береді – деп мені жұбатты. 1916 жыл ноябрьдің 15-тері шамасында 7-дружинадағы қазақ рабочийлар партиясына бардым. Рабочийлардың басындағы Берг деген, Эмдин дегендермен сөйлестім. Қызметкерлер қатарында бір барақтан орын берді, орналастым. Ендігі жұмыс қызметтегі қазақ рабочийлармен танысу, олардың жай-жағдайларын білу болды. Өзімді таныстыру болды.

Қазақ жігіттері Ақтөбе уезі (Торғай облысы) І-ІІ Бөрте болысының жігіттері екен. Бір мың жігіт бір партия рабочий болып келген екен. Жігіттердің ішінде орысша білгендері болмаса да, қазақша сауатты оқығандары бар екен. Танысып болғаннан кейін жігіттердің менің алдыма қойған мәселелері мынау болды:

  1. Біз дін тұтқан халықпыз, бізге бес уақыт намазымызды оқуға уақыт берілсін. Намазымызды оқып беретұғын молла берілсін.
  2. Тазалық жағдайымыз жөнделсін, доктор қарап, ауруларымыз бағылсын.
  3. Ас-суымыз көпшілік кухнядан айырылсын. Өзімізге тиіс паек ауқатты өзіміздің белгілеген кісіміз тиісті жерінен есептеп алсын. Өз кухнямызда өзімізден болған аспаздарымыз пісіріп, өзімізге үлестіріп беретін болсын.

Бұл 7-дружинада земгор ұйымының уәкіл басшыларынан басқа рабочийларды қай жағынан болса да бақылап, басқарып отыратын әскери бір бөлім де бар еді. Онда бір взвод па, отделение ме әскер, 2 прапорщик бар еді. Бұл екі прапорщиктің біреуі Рябов деген тым қатал, айтқанға түсінбейтін, рабочийлардың жай-жағдайымен есептеспейтін қолайсыз адам еді, ал енді біреуі Александров, бұрын мұғалім (учитель) болған жігіт, жақсы жайлы жігіт еді.

Қазақ рабочийлардың жоғарыда сөз қылған талабын земгор уәкіліне, әскери бөлімшедегі прапорщиктерге айтып сөйлестім. Мәселе қойдым.

Жігіттердің алдыңғы екі талабы көп сөз болмай-ақ орындалды, тез арада бес уақыт намазына уақыт берілді. Жігіттердің өздерінің қалауы бойынша араларынан молла сайланды.

Күн сайын дерлік фельдшер я сестра келіп қарап тұратын болды, аурулары болса, айырылып балниске (больница – ауд.) алынатын болды.

Ал енді бірінші мәселе ас-ауқат мәселесін шешу біраз қиынға соқты.

Бірақ тап сол кезде көп ұзамай Мәскеудегі земгордың орталық ұйымынан рабочийлардың жағдайымен таныспақшы болып екі адам келді. Олардың біреуі татарлардың белгілі жазушысы Гаяз Смақов, екіншісі татарлардың белгілі бір адамы Садри Максудов деген еді. Гаяз Смақов дегенмен оның жазған кітаптарын оқып, оның үстіне Мәскеуге алғашқы келгенімде Ахмет Байтұрсыновтың оған жазған хатын тапсырып, азырақ таныстығым бар еді. Гаязбен айырым оңашалап сөйлесіп, қазақ жігіттерінің жай-жағдайын айттым. Ас-ауқат мәселесін түсіндірдім. Орысша шала-шарпылау сөйлесіп, тілім жетіңкіремей жүр еді. Гаязға татаршалап бәрін айттым.

Гаяз Смақов сол күні земгордың уәкілі, әскери бөлімнің екі прапорщигі бәрімізді өзіне шақырып алып, менің шеше алмай жүрген мәселем — асхананы айыру, паек, азық-ауқатты рабочий жігіттердің өздері белгілеген адам алып, өз арасынан аспаздары болу мәселесін қойды. Бұл мәселе де жігіттердің өз талабына лайық шешілді. Жігіттердің ішінен паек, азық-ауқатты алатын адам сайланатын болды, жігіттердің өздері белгілеген аспаздары болатын болды.

Жігіттер өз арасынан паек, азықауқатты алатын уәкілдерін өздері сайлап қойды, аспаздарын өз араларынан белгілеп, солардың қолында піскен ауқаттарын жеп, ішкен астары бойларына тарағандай болды. Азық-ауқат туралы наразылық жеңіл тарасылды. Мен бір тілмаш, қазақ жігіттері мен әкімдердің арасында бірінің сөзін біріне айтып, шала-шарпы білген тіліммен сөйлесемін. Күндіз бірден жұмыс істеген жерде болсам, кеште бірден бараққа барып жігіттермен сөйлесемін. «Қазақ» газетін, «Алаш» газетін, «Айқап» журналын алдыратын болдық. Алып тұрдық. Жігіттер бес уақыт намазын оқиды (бұл бір демалыс қой). Майдандағы жігіттерді ел де ұмытқан жоқ.

7-дружинадағы қазақ жігіттеріне арналған вагон-вагон азық-ауқат келіп жатты. Жылқының сүр еттері — қазы, қарта, қарын-қарын сары май, тағы-тағылар. Бір-екі рет Минскіге барып, елден келген азық-ауқатты алып қайттым. Жігіттер өзара бөлісіп алып жатты.

Бұратана бөлімі ұйымдасуы

Бір күні Минскіден бір уәкіл келді. Бұл Хусаин Бекентаев деген еді. Өзі Қостанайдың жігіті, студент. Бұл Минскіде ұйымдасқан «Бұратана ел» бөлімі (инородческий отдел) деген ұйымның уәкілі еді. Ол уәкіл қазақ рабочийлардың тұрмыс, жұмыс жағдайыменен танысу үшін жіберілген уәкіл екен.

Хусаин Бекентаев 2-3 күн болды. Қазақ жігіттердің хал-жағдайымен танысты. «Жұмыс, тұрмыс жағдайыңыз жақсы екен» — деді. Басқа дружиналарда жағдай мақтанғандай емес дегенді айтты.

Намаз деп демалыс алғанымызды, докторлық жәрдемді жақсылағанымызды, айырым кухня, бөлек азық пісіру, тағы сондайларымызды мақұл көрді. Жігіттермен де сөйлесіп, өзі де жағдайды түсіндірді.

Бекентаевтың бір хабары: земгордың қапталында инородческий отдел ұйымдасқаны, оның қазақ оқығандарының жігерімен болғаны, ол ұйымның жұмысы майдандағы қара жұмысқа алынған қазақ жігіттеріне жәрдем, олардың жұмыс жағдайын, тұрмыс халін жақсарту екенін айтты. Бұл ұйымның басында Әлихан Бөкейханов отырғанын, оның төңірегіне қазақ зиялыларының (интеллигенция) жиналғанын, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Асфендиар Кенжин, Мырзағазы Есболов, Мұқтар Саматов, Хусаин Бекентаев, Бекмұхамбетов, тағы сондай-сондай оқығандардың келгенін, оқып жүрген студенттердің жиналғанын айтты.

Міне, осындай жағдайда 1917 жылға кірдік. 1917 жыл февраль айының соңғы күндері, күнде келіп тұрған поштамыз жоқ болды, газета, хат келмей қалды. Патша тақтан түсіпті-мыс, жаңа патша болады-мыс деген ызың хабарлар жайылды.

Марттың екісі күні Берг деген басшымыз мені шақырып алып, «Минскіге барып қайт, газета жоқ, түрлі хабарлар шығып жатыр. Газеталар алып кел» деді.

Мен марттың 6-сына дейін Минскіде болдым. Әлихан Бөкейханов басында отырған Бұратана бөліміне бардым. Онда Әлихан, Міржақып, Кенжин, Есболов, тағы басқаларды көрдім. Әлихан менен жай-жағдайды 7-дружинадағы қазақ жігіттерінің жағдайын сұрасты. Бөкейхановтың қолында «Русское слово» газетасы бар. Соны оқып көріп: Милюков, Шингарев, Ред(ван)колар менің жолдастарым еді. Бәрі министр болып кетіпті.

Мен бұл жерде не қылып отырғаным, — деп сөз етті, күлді. 1917 жыл марттың 6-сы күні Минскіде митинг болды. Мен, Есболов, Міржақып үшеуіміз митинг-демонстрацияға қатынасайық, көрейік деп шықтық. Минскінің үкімет майданына бардық. Майданда митингі болды. Батыс майданның командующийі Алексеевтің бұйрық тақырыбы оқылды. Патшаның түскені айтылды, жарияланды.

Бір кезде қызыл жалау көтерген топ-топ болып, адамдар майданға келіп еді. Мен онша көп нәрсені біліңкіремеймін ғой. Мырзағазы Есболов «жүріңдер, жылдам кетейік, қызыл жалауменен рабочийлар шықты, бір сойқан болады» деп алып кетті. Бірақ ешнәрсе бола қойған жоқ. Митинг тыныш тарқасты.

Кезекте тұрып бірнеше газеттерді алып (барын) мен сол күні Молодежный станциясына жақын жердегі орналасқан жұмыс орным 7-дружинаға қайттым. Жұмыс тамам етті, қызмет жүріп жатты, майданда өсек сөз басталды.

1917 жыл апрельдің бас кезінде майданның кейінінде жұмыс ететұғын рабочийлар қайтарылады деген хабар болды. Бастығымыз бұл хабарды Уақытша үкіметтің жарлығы деп жариялады. Бұл хабарды, қуанышты хабарды рабочий жігіттерге жеткізу, айту керек болды.

Бұл хабарды естумен жігіттерді жинап, үлкен жиналыс қылып, солармен қатар отырып жігіттерге қуанышты хабарды айттым.

Жігіттер аса қуанды. «Ал енді қайтатын болсақ, соның садақамыз» деп молла мен екеуіміздің алдымызға ақшаны үйіп салды.

Бірақ жігіттердің ақшаларын өздеріне қайтарып беріп, қуаныштарына ортақтастым, енді қалған аз күнге тәртіп сақтап, тыныш жұмыстарды істеу керек екенін айттым.

Қайту хабарын жігіттерге айтып жеткізумен бірге сол күні «Қазақ» газетінің редакциясына, Талөпкедегі бір жолдасыма телеграм арқылы хабар еттім.

Рабочийлардың қайтуына елдің қуанышы да үлкен болған. «Сүйінші» деп бірталай дүние жинап алғандар болған.

Елге қайту хабары болғаннан кейін жұмыста жүрген менің де қайтқым келді. Көп ойланбастан арыз беріп, 20 күнге демалыс (отпуск) алдым. Солай етіп отпускіге елге Талөпкеге қайтып келдім. Сол келгеннен қайтып земгор штабына барғаным жоқ. Мені іздеген адам да болған жоқ…

Тамимдар САФИЕВ


Уылдырықпен ұсталды

Күні: , 86 рет оқылды

%d0%b8%d0%ba%d1%80%d0%b0


БҚО ІІД жергілікті полиция қызметкерлері 29 қазан күні рейдтік іс-шара жүргізу кезінде Самара-Шымкент тас жолының 205 шақырымында «Опель Омега Караван» ныспылы автокөлікті тоқтатады.


1970 жылы туған С. есімді азаматтың басқаруындағы аталған автокөліктің салонын тексеру барысында ешқандай құжаты жоқ, арнайы контейнер ыдысқа нығыздалып салынған 20 келі уылдырық табылған. Қазіргі таңда осы іс бойынша тергеу жүргізілуде.

БҚО ІІД баспасөз қызметі


Қазанда жауған қар

Күні: , 100 рет оқылды

dsc_0038


Биылғы қазан айының соңғы күндері батысқазақстандықтар үшін ауа райының қолайсыздығымен есте қалатын болды. Өйткені өңірдің басым бөлігінде жауын-шашын болса, облыс орталығының тұрғындары кешегі таңды қалың қармен қарсы алды.


Орал қаласы көшелерін бір түнде түскен қардан тазалау, жалпы жауапты мекеменің қысқы маусымға дайындығы жайында «Орал өңірі» газетінің тілшісіне «Жайық таза қала» ЖШС пайдалану бөлімі басшысының орынбасары Талғат Наушин былайша баяндады:

— Қала жолдарын қардан тазалау және көктайғақты болдырмау мақсатында кеше түн ортасынан бастап сегіз құмшашқыш машина жұмыс жасады. Оның сыртында түнгі сағат екіден бастап қазіргі уақытқа дейін көшелерді тазартуға 15 қар тазалағыш машина жұмылдырылуда. Сонымен қатар 12 дана тазалағыш құрылғылармен жабдықталған «МТЗ-80» маркалы тракторлары қаладағы алаңдар мен демалыс бақтарын қардан тазартуда. Ал техника бара алмайтын жаяу жүргіншілер жолағымен, аялдама маңдарын тазарту үшін үш ВТЗ маркалы шағын техника мен 305 жұмыс күші жұмылдырылды. Көшелердегі және аулалардағы қардың салдарынан сынған теректерді және жиналған қарды көліктерге тиеп, қала сыртына шығару жұмыстары да атқарылуда. Жалпы, біздің мекеме биылғы қыс маусымына толықтай дайын. Алдағы қысты еш төтенше жағдайсыз өткіземіз деген ойдамыз, — деді Талғат Наушин.

dsc_0057

dsc_0138

Өз тілшіміз


Премьер-лигада қалды

Күні: , 55 рет оқылды

09a6b0e62e8631bd0af14fd3d35bfe52


Сенбі күні футболдан премьер-лига командалары арасында Қазақстан чемпионаты мәреге жетті.


Ел чемпионы («Астана») мен күміс жүлдегер (Алматының «Қайраты») осыған дейін белгілі болса, соңғы турда тек қола медаль иелерін анықтауға тура келді. Үшінші орыннан бірнеше команда үміткер болатын. Соның ішінде өз алаңында «Астананы» қабылдаған Павлодардың «Ертісіне» тең ойнаса жеткілікті еді. Ал 3 қараша күні Еуропа Лигасында Грекияның «Олимпиакос» командасымен күш сынасатын астаналықтар күні бұрын өз мақсатын орындағандықтан, бұл матчқа қосалқы құрамда отырған біраз футболшыларын шығарды. Сөйтіп, 0:0 есебімен тең аяқталған кездесуден кейін «Ертіс» 49 ұпай жинап, қола жүлдемен бірге келесі жылы Еуропа Лигасының іріктеу сайысында ойнауға жолдама алды. «Ордабасы» Шымкентте «Ақтөбені» 2:1 есебімен ұтқанымен, 48 ұпаймен төртінші орынға ғана табан тірей алды.

Бұл турдағы аса маңызды кездесудің бірі Талдықорғанда «Жетісу» мен «Ақжайық» командалары арасында өтті. Премьер-лигадағы орнын сақтап қалу үшін қос клубқа да жеңіс ауадай қажет еді. Бұл матчта Вахид Масудовтың шәкірттері ширақ та жинақы ойнай білді. Бірінші таймда жарақат алып қалған сербиялық Мирослав Лечичтің орнына шыққан Руслан Валиуллин көп ұзамай, 33-минутта сол қапталдан дәл пас берді. Оны тағы бір сербиялық Предраг Говедарица баспен Эдуард Сергиенкоға бағыттады. Кезінде Қазақстан құрамасында доп тепкен Э. Сергиенко ұрымтал тұста мүлт кеткен жоқ. Екінші таймда талдықорғандықтар қарымта қайтарудың орнына армениялық легионер Нарик Бегларян алаңнан қуылғаннан кейін өз қақпаларына тағы бір доп жіберіп алды. Бұл жолы оң қапталдан суырылып алға шыққан Эльдар Абдрахмановтың пасын парагвайлық Фредди Коронель Ортиз сәтті пайдаланып, есепті 2:0-ге жеткізді. Осы турда Эльдар чемпионаттағы үздік 11 ойыншының қатарына енді.

Сонымен, «Жетісу» он жылдан кейін қайтадан бірінші лигаға сырғыса, «Ақжайық» 35 ұпаймен оныншы орынға орнығып, премьер-лигадағы орнын сақтап қалды. 35 ұпай жинаса да, қосымша көрсеткіштер бойынша 11-орынды иеленген «Таразға» да премьер-лигада қалуға мүмкіндік бар. Ол үшін бірінші лигада екінші орынды иеленген Семейдің «Алтайымен» 5 қараша күні «Астана Аренада»  өтетін ойында жеңімпаз атанса, жетіп жатыр.

Сөйтіп, «Ақжайық» биылғы маусымды біршама сәтті қорытындылай білді. Бастапқыда команданы баптаған Талғат Байсуфинов Қазақстан ұлттық құрамасының тізгінін ұстағаннан кейін батысқазақстандық клуб біраз уақыт «иесіз» қалды. Т. Байсуфиновтың бар кезінде де алға баса алмаған жігіттерден әл, ойыннан сән кетті.

Чемпионаттың бірінші бөлігі мәреге жетіп, командалар алты клубтан екі топқа бөлінген кезде соңғы орындағы «Ақжайық»  өзінің алдындағы «Тараздан» тура тоғыз ұпайға қалып қойды. Бұл кезде аяқдоптан хабары барлардың көпшілігі оралдықтардан үміт үзді десе де болады. Клубты осындай қиын сәтте қолға алған тағы бір қазақстандық маман Вахид Масудовқа (ол Қазақстанның жастар құрамасын да қоса жаттықтырады) «Ақжайықты» алға шығару оңайға түскен жоқ. Дегенмен онымен бірге жаңа футболшылардың келуі ойынды қайта құруға мүмкіндік берді. Соның арқасында команда капитаны Мейрам Сапанов бастаған жігіттер біріншіліктің екінші бөлігін тамаша өткізіп, он ойынның сегізінде қарсыластарын тізе бүктірді. Нәтижесінде алға кеткен қос команданы басып озып, өз мақсатына қол жеткізді. Осы ретте селекциялық жұмыстарды дұрыс жүргізудің көп пайдасы бар екендігін айта кетейік. Бұл жөнінде сөз қозғағанда, Парагвайдан Қазақстанға аяқ басқан бірінші ойыншы, жартылай қорғаушы Фредди Коронель Ортиз алдымен ауызға ілігеді. Маусым басында келген ол белді футболшылардың біріне айналды. Шабуылды ұйымдастырумен бірге стандартты жағдайды жақсы орындайтын Фредди біріншілік қорытындысында 8 голмен  «Ақжайықтың» мерген ойыншысы атанды. Оған қоса үш рет дәл пас беріп, командаластарының доп соғуына мүмкіндік жасады. Сондай-ақ талайды көрген тісқаққан ойыншы Эдуард Сергиенкомен бірге сербиялық қорғаушы Предраг Говедарицаны атап өтуге болады, ал оның отандастары Данило Николич пен Саша Колуния үмітті ақтады деп айту қиын. Маусымның орта тұсында келген қақпашы Денис Төлебаев Нұрболат Қалменов пен Роман Багаутдиновтың «орнын тартып алса», нигериялық Майкл Одибе орталық қорғаушы Д. Николичті ығыстырып шығарды. Сол секілді тыңнан қосылған Рахымжан Розыбакиев, шабуылшылар М. Лечич (ол бес доп соқты) пен украиналық легионер Константин Дудченко (4 гол) біраз серпін берді. Чемпионат соңына таман Чили елінің өкілі Матиас Рубио да негізгі құрамнан өз орнын тапты.

Футболдан 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирінде Қазақстанның Даниямен 11 қараша күні өтетін кездесуі қарсаңында таңдаулы 35 аяқдоп шеберінің қатарында «Ақжайықтан» үш бірдей ойыншы, атап айтқанда, оң қапталдағы қорғаушы Э. Абдрахманов, жартылай қорғаушылар Р. Валиуллин мен Р. Розыбакиев ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиынына шақырту алды. Эльдар мен Руслан Оралдың өз түлегі болса, Алматының «Қайратында» доп тепкен Рахымжан «Ақжайықтың» құрамында жарқырай көрінді. Әрине, олар түпкілікті тізімге (23 ойыншы) енбесе де, ұлттық құрама бапкерлерінің көзіне ілігуінің өзі – үлкен жетістік. Бұл команда құрамын қысылтаяң кезде емес, күні бұрын дұрыстап жасақтап, шетелдіктердің ішінен тек ең керек футболшыларды іріктеп, таңдап ала білсе, көш соңында салпақтап жүрмей, алдағы уақытта алғашқы алтылыққа енуге үміт артуға болатындығын көрсетеді. Қазақстанда негізінен өз тәрбиеленушілеріне сүйенетін клуб ретінде «Ақжайықты» атайды. Ендеше, осы бағыттан танбай, келесі маусымға тастүйін дайындалу керектігі айтпаса да түсінікті болса керек.

Ғайса БӘЙМЕН


Дін және БАҚ

Күні: , 64 рет оқылды

img_9562


«Жайық Пресс» медиахолдингінің мәжіліс залында «Дін және БАҚ»  тақырыбында семинар-кеңес өтті. Дін мәселесі бойынша өңірімізге арнайы келген  ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитетінің бастамасымен құрылған республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының (РАТТ) мүшелері бірқатар іс-шаралар өткізбек. Олардың қатарында аталмыш комитеттің дінтану сараптамасы басқармасының басшысы, теология ғылымдарының докторы Балғабек  Мырзаев, республикалық Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының бөлім басшысы Галина  Новикова, аға ғылыми қызметкері Марлен Муслимов бар.


Облыстағы дін мәселесімен айналысатын журналистердің діни сауаттылығын арттырып, діни экстремизм мен терроризмге қарсы ісқимыл саласында мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өзара байланысын нығайтуды мақсат еткен семинарға өңірлік журналистер пулына кіретін облыстық, аудандық, қалалық деңгейдегі басылымдардың және телеарналардың журналистері қатысты.  Облыстық дін істері басқармасының басшысы Талғат Нығыметовтың айтуынша, арнайы медиа-жоспарларды жүзеге асыру негізінде БАҚ-пен байланыс жақсарып келеді.  Құрамына 25 журналист кіретін облыстық пул арқылы арнайы журналистік зерттеулер ұйымдастырылып, дін саласындағы өзекті мәселелер жиі қозғалып жүр. Мәселен, «Қазақстан-Орал» телеарнасында эфирге шығатын «Ғибрат» рухани-танымдық бағдарламасында бүгінгі қоғамда белең алып отырған теріс діни ағымдардың кері әсері мен қаупі, дәстүрлі ислам діні туралы, өзге де дін саласындағы өзекті тақырыптар туралы айтылып жүр.

Сонымен қатар «Қазақстан-Орал» радиосында апта сайын «Руханият/Духовность» радиобағдарламасы ұйымдастыруда. 2014 жылдан бастап облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінде дін тақырыбына арналған арнайы айдарлар жарық көре бастады. Ағымдағы жылы БҚО дін мәселелерін зерттеу орталығының мемлекеттік тапсырысы негізіндегі 2 млн. 284 мың теңгеге бөлініп, облыстық газеттерде «Руханият/Духовность» атауымен арнайы бет шығарылуда. Сондай-ақ облыстық дін істері басқармасының бастамасымен, Дін мәселелерін зерттеу орталығының ұйымдастыруымен 2015 жылдан бастап облыс журналистеріне арналған «Руханият» шығармашылық конкурсы өтіп келеді. Биылғы байқауға конкурстық жұмыстар 15 қарашаға дейін қабылданады.

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитетінің дінтану сараптамасы басқармасының басшысы Балғабек Мырзаев қазіргі дін саласындағы өзекті мәселелер туралы ой қозғады. Жастарымыздың жат ағымдарға арбалуы, діни сауаттылықтың төмендігі, заңды білмеуі, әлеуметтік желілерде заң шеңберінде тыйым салынған кітаптарды насихаттауы туралы кеңінен айтып берді. Екі сағатқа созылып, тартысты өткен семинарда жергілікті журналистер өздерін алаңдататын сұрақтарды ортаға салды. РАТТ жұмысы облысымызда бірнеше күнге жалғаспақ.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ


Тіл тағдырына темірқазық болған ақын

Күні: , 78 рет оқылды

img-20161031-wa0001


Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың мәжіліс залында аса көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлінің шығармашылығына арналған «Атамекен» атты ән-жыр кеші  өтті. Ақын жөнінде шағын деректі фильм көрсетілген соң «Қадыр Мырза Әлі» атындағы қоғамдық  қордың директоры Донеділ Қажымов сөз алды.


– Осы іргелі білім ордасында білім алып жүрген студент-жастар ақынның жауһар жырларын сүйсіне оқып, келер буынға насихаттай түсуіне осы әдеби кеш елеулі әсер етеді деген сенімдеміз. Егемендіктің елең-алаңы елге оңай тиген жоқ. Көзі тірісінде Қадыр ақын Кеңес одағы ыдырамаған уақытта қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру оңай болмағанын айтып отыратын. Сол кездегі Қазақ КСР Жоғарғы кеңесіндегі кей ұлты қазақ депутаттарының өзі ана тіліміздің болашағына сенімсіз еді. Қазақ тілінің тағдыры талқыға түскен атышулы сессияда үзіліс жарияланған сәтте Қазақ КСР Компартиясы ОК-ның бірінші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаев халық қа-лаулысы болып  жүрген ақынды шақырып алып, ана тіліміздің абыройын қорғай сөйлеу қажеттігін жеткізді. Қадыр ағамыз мұқият дайындалып, кейін мінберде қансонарда иттер қуғынға алып, қатты дағдарған еліктің лағының көжектей қалтырап аңшының екі аяғының арасына барып тығылғаны туралы хикаяны мысалға алып, ана тіліне қатысты ахуал дәл осындай екенін, бұл мәселені шешу өз қолдарында тұрғанын депутаттарға ашық баяндайды. Қаламгердің қазақ тілінің көсегесін көгертуге осылай үлес қосқаны және тіл мәселесіне қашан да сергек қарағаны белгілі. Қазақстанның алғашқы Әнұранының мәтінін жазуға авторлық ұжымның қатарында Қадыр ақын да үлес қосты. Кемеңгер жазушы Әбіш Кекілбаев:

%d1%84%d0%be%d1%82%d0%be-%d1%85%d0%b0%d0%bb%d0%b5%d0%bb%d0%be%d0%b2%d0%b0-%d1%80%d0%b0%d1%84%d1%85%d0%b0%d1%82%d0%b0-284«Ол – бүгінгі және келешек поэзиямыздың темірқазығы… Оның кітаптары әлем  классиктерінің қайсысымен де қатар тұра алады» деп баға берді, – деді Д. Қажымов.

Белгілі әнші-композитор сахнада “КазИИТУ” ғылыми-білім кешенінің құрылтайшысы Ақсерік Әйтімов, облыстық мәслихаттың депутаты, Сырым ауданындағы «Көктөбе» ЖШС-ның директоры Кейпін Төлеген және жеке кәсіпкер Берік Сүлейменовке Қадыр Мырза Әлі атындағы медальды табыстады.

%d1%84%d0%be%d1%82%d0%be-%d1%85%d0%b0%d0%bb%d0%b5%d0%bb%d0%be%d0%b2%d0%b0-%d1%80%d0%b0%d1%84%d1%85%d0%b0%d1%82%d0%b0-221Шарада Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалының төрайымы, ақын Ақұштап Бақтыгереева жастарға «Ана тілің – арың бұл» деп жырлап, қалам қуатымен ұлтына қалтқысыз қызмет еткен ақынның рухани мұрасына терең бойлауды және Орал қаласындағы  Қадыр Мырза Әлі атындағы өнер және мәдениет орталығына жиі баруды насихаттады. Әдеби кеште Қадыр оқуларының жеңімпаздары, БҚМУ студенттері, Оралдың түбіндегі Круглоозерный  ауылдық округіне қарасты Серебряков ауылынан, Сырым ауданынан келген мектеп оқушылары ақын жырларын жатқа оқыды. Ақынның  өлеңіне жазылған әндерді Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары әуелетті.

 Айта кетерлігі, қоғамдық қордың құрылғанына бес жыл толып отыр. Осы мерзімде қордың қолдауымен сөз алыбының бірнеше томдық кітабы, афоризмдерінің жинағы, дискідегі жинақтары жарық көрген, мерейтойына байланысты елеулі іс-шаралар ұйымдастырылған.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»


5 млрд. 727, 5 млн. теңге қалай игерілуде?

Күні: , 71 рет оқылды

dsc_0008


Өткен аптада өңірімізде «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыруға Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың мақсатты және тиімді жұмсалуына бақылау жүргізілді. Облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын, сумен жабдықтау желілерін жаңғырту, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту» комиссиясы құрылыс нысандарын аралады.


Бұл жолы аталмыш комиссия мүшелері облыс орталығындағы жалпы құны 137,9 миллион теңгені құрайтын, ұзындығы 1,6 шақырымдық Мәметова көшесі бойынан Алмазов көшесіне дейін, Еуразия даңғылынан Сарайшық көшесіне дейінгі және ұзындығы 2,7 шақырым, жалпы құны 395,3 миллион теңге болатын  Мәметова көшесі бойымен Куличев, Неусыпов көшесіне  дейінгі су желілерін қайта құру жұмыстарының барысымен танысты. Сонымен қатар Щубин, Деповская, Восточная, Молдавская көшелерінен Куличев көшесіне  дейінгі су желілерін қайта құру нысандарында болды.

— Біздің мақсатымыз – «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан нысандар құрылысының барысына партиялық бақылауды қамтамасыз ету. Айта кетейік, облыс бойынша 2016 жылы Ұлттық қордан бөлінген 5 727,5 миллион теңге қаражатқа 27 жоба іске асырылуда. Бұл қаржы 230 шақырымнан астам инженерліккоммуникациялық және 16 шақырымнан астам коммуналдық желілердің құрылысы мен қайта жасақтау жұмыстарына жұмсалуда. Бұның сыртында «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» АҚ және «Байтерек девелопмент» АҚ арқылы қаржыландырылатын 1004 пәтерлі тұрғын үй салынуда. Бүгін біз қаламыздағы су желілерін қайта құрып жатқан үш нысанда болдық. Бұрынғы су құбырлары сонау жетпісінші жылдары салынған. Қырық жылдан астам уақыт пайдаланылып келген құбырлардың әбден тозығы жеткен. Қала тұрғындарына қолайсыздық туғызбас үшін барлық жұмыстар су құбырларын айырмай жүргізіліп келеді. Шараның барысында құрылыс жұмыстарының жоспарға сай жүргізіліп жатқандығына көз жеткіздік. Құрылыс жұмыстарының аяқталу мерзімі – 1 желтоқсан. Дегенмен мердігер мекемелермен жүргізіліп жатқан жұмыстардың қарқыны жақсы. Құрылыс жүргізіп жатқан компания басшылары нысандар құрылысын мерзімінен бұрын тапсырамыз деп жоспарлап отыр, — дейді комиссия төрағасы Фарид Бахтиозин.

Облыстық мәслихаттың депутаттары, қоғамдық ұйымдар, бастауыш партия ұйымдары мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен құралған комиссия ай сайын жауапты мемлекеттік органдардың есептерін тыңдап, құрылыс нысандарында жүйелі түрде тексеріс жүргізіп келеді. Сондай-ақ қаражаттың тиімді игерілуіне үнемі талдау жүргізіп, оның қорытындысы бойынша комиссияның ұсынымдарымен қоса тиісті органдар мен қала және облыс басшылығын хабардар етіп отырады.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика