Мұрағат: 28.10.2016


Мәселенің мәнісін білді

Күні: , 69 рет оқылды

img_0418


Жуырда облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев жұмыс сапарымен Жаңақала ауданында болды.


Бағдат Оразалдыұлы Құлшық құмынан тартылатын жер асты суы құбырының  жай-күйімен танысты.  Ауданда  тұщы су мәселесі өзекті. Өзен-көлге судың аз мөлшерде түсуінен оған сұраныс артып келеді. Осы мәселе ауданның оңтүстік бөлігінде жиі көтерілуде. Осыған орай Бөкей ордасы ауданымен шекаралас тұста Құлшық құмдағы жер асты су көзінен (2160 м3/тәулігіне) Жаңақала топтық су құбырын тарту қолға алынды. 2015 жылы жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалып, 2016 жылға ЖСҚ жасақтауға 28766 мың теңге бөлініп, конкурс өткізілді. Нәтижесінде «СПС» ЖШС-мен 58490,460 мың теңгеге келісімшарт жасалды. Екі бригада топографиялық түсірілім жұмысын жүргізді. Жобалық-сметалық құжаттамасын жасақтау әзірленуде. Оны ағымдағы жылдың 20 қарашасына аяқтау жоспарланған. Құрылыс жұмысына 2 801 млн. теңге қаржы қажет. Жұмыс  2017-2018 жылдарға жоспарланып отыр. Тартылатын су құбырының ұзындығы – 151 шақырым, сегіз елді мекенді сумен қамту көзделген. Құбыр іске қосылғанда, ауданның 70 пайызы сумен қамтылады. Облыс әкімінің орынбасары Бағдат Оразалдыұлы осы саланың білікті маманы ретінде нақты тапсырмалар берді. Бұдан кейін Жуалыой ауылында былтырғы оқу жылының басында пайдалануға берілген 108 орындық мектепті аралап көрді. Мектептің салыну сапасы жайында мектеп директоры Қ. Садырдан сұрап білді. Жаңақазан ауылындағы М. Жүнісов атындағы ЖОББМ-ның мерейтойына орай атқарылатын және қажетті жөндеу жұмысы жайында ауылдық округ әкімі С. Ғұбашевпен арадағы әңгімеден қомақты көмектің болатынын аңғардық. Келесі кезекте аудан орталығында салынып жатқан коммуналдық тұрғын үйлердің құрылысымен танысты. 2014 жылға республикалық бюджеттен 20 млн. теңге бөлініп, үш үйдің құрылысы салынып, қалған 16 тұрғын үйдің құрылысына 2016 жылға жергілікті бюджет қаражатынан 106 852,0 мың теңге бөлінген болатын. Конкурстық рәсімдер бойынша «Жолаушы-Жол» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, биыл 12 тамызда құрылыс жұмысы басталған еді. Күні бүгін 56 352 мың теңгенің қаржысы игерілді. Барлық 16 үйдің қабырғасы тұрғызылды. Негізгі жұмыстың 80 пайызы орындалды. Мердігерге 1 желтоқсанда құрылыс жұмысын аяқтап, пайдалануға беру міндеті қойылғанын естіп-білген облыс әкімінің орынбасары Б. Азбаев ең бастысы, сапаға көңіл бөлу қажеттігін мұқият тапсырды. Құрылыс нысанын асықпай аралап көргеннен кейін жаз бойы жазылып та, айтылып та жүрген, күрмеуі тек күз болғанда ғана шешімін табатын су мәселесіне қатысты «Коммунал» мекемесіне қарасты су айдайтын орталыққа барды. Онда аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Н. Беисов, аудандық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының басшысы Р. Ибрагимов және «Коммунал» МКК басшысы міндетін атқарушы М. Қайырғалиев, кәсіпорынның бас инженері Т. Байжұмашевпен кездесті. Кездесу барысында су сапасының төмендеп кетуіне халықтың алаңдауының себебін анықтап, қажетті қондырғылар мен қанша қаражаттың қажеттігі жайында тез арада нақтылап, облыс әкімдігінің алдына мәселе етіп қою үшін шұғыл тапсырма берді. Мұнан кейін Б. Азбаев Бірлік ауылына ат басын бұрып, ауылдағы жер телімінің сыртқы инженерлік желілерін (электрмен және газбен жабдықтау) тарту жұмыстарының жай-жапсарына назар аударды. Сосын Қызылоба ауылындағы Е. Орақбаев атындағы ЖОББМ-да жүргізілген күрделі жөндеу жұмысының нәтижесімен танысты. Облыс әкімінің орынбасары жаз айларында жүргізілген Чапаев – Жаңақала — Сайқын автожолының 76-51 шақырым аралығындағы жол жөндеу жұмысының сапасына да зер салды.

Қазбек  ҚУАНЫШҰЛЫ,

Жаңақала  ауданы


Бітімгершілік рәсімдерін қолданудың тиімділігі байқалды

Күні: , 75 рет оқылды

%d3%99%d0%bc%d0%b5%d1%82%d0%be%d0%b2


Дауларды сотқа дейін баламалы негізде шешудің конституциялық негізгі  принципі Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабының 1-бөлігінде көрсетілген: «Әркімнің құқық субъектісі ретінде танылуына құқығы бар және өзінің құқықтары мен бостандықтарын, қажетті қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға хақылы».


2016 жылдан бастап қолданысқа енген жаңа Азаматтық процестік кодексінде «Сот медиациясы» ұғымы пайда болды. Сот медиациясы — дауды реттеудің судьяның жәрдемдесуімен жүзеге асыратын бітімгершілік рәсімі.

Жоғарғы Сот дайындап, 2015 жылғы 31 қазанда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жариялы түрде қол қойған жаңа Азаматтық процестік кодексте дауларды татуластыру рәсімімен шешу тетіктері жан-жақты қарастырылып, дауларды шешу мерзімдерін қысқартуға, тараптардың шығындарын азайтуға септігін тигізетін көптеген баптар енгізілді.

Жаңа Азаматтық процестік кодекске қол қойған сол тарихи сәтте заңнаманың маңызына тоқталған Елбасы жаңа Азаматтық процестік кодекс құқық саласын түбегейлі жақсартатынын айтып, бұл кодексті қабылдау заң үстемдігін қамтамасыз етуге айтарлықтай үлес қосатынына сенім білдірді. Шындығында, заңнама аясында барлық негізгі құқықтық институттар қамтылып, осы саланы әлемдік озық стандарттарға жеткізетін елеулі өзгерістер енгізілген. Әсіресе, азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі сотқа прокурорлардың қатысуын азайту, соттардың қарауындағы істерді оңтайландыру, жаңа мән-жайларға байланысты істі қайта қарау тәсілін енгізу, дауларды татуластыру рәсімімен шешу секілді тетіктер Азаматтық процестік кодекстің маңызын арттыра түседі. Жаңа кодекс дауларды шешу мерзімдерін қысқартуға, тараптардың шығындарын азайтуға септігін тигізеді.

Азаматтық процестік кодекс бітімгершілікке келтірудің бұрыннан бар қағидалары мен рәсімдерін бүгінгі күнге сай жетілдіруімен де ерекшеленіп отыр. Оған дауларды реттеудің соттан бөлек тетіктерін жетілдіру мақсатындағы «Дауларды соттан тыс реттеу» деп аталатын жаңа тараудың енгізгені айғақ. Кодексте дауларды шешудің балама тәсілдері мол қамтылған. Жаңа қағидаларды саралап отырып, дауларды реттеудің соттан тыс және сотқа дейінгі тәртібіне, соттағы татуласу рәсімдеріне айрықша көңіл бөлінгеніне көз жеткізуге болады.

Бүгінде азаматтар Азаматтық процестік кодексте белгіленген тәртіпті пайдалана отырып, татуласу келісімін, дауды медиация тәртібімен немесе партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы келісімді жасай алады. Татуласу келісімі бірінші, апелляциялық сатылардағы соттарда сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейінгі уақытта, сот талқылауының кез келген сатысында, сондай-ақ сот актісінің орындалуы кезінде де жасала береді.

Татуласудың тағы бір артықшылығы, мұнда сот шешімі орындалмай орта жолда қалмайды. Келісімді өзара мақұлдағандықтан, тараптар ондағы шарттарды дер кезінде, белгіленген уақытта орындауға мүдделі. Келісім жасалғанда екінші тарап өзіне міндеттеме алған соң оны орындауға барынша күш салады. Ал орындалмаған жағдайда да талапкердің өтінішхаты бойынша сот бекітіп берген атқару парағы мәжбүрлеп орындатуға жатады.

Тағы бір ескерерлігі, дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім, осы келісімді бекіту туралы ұйғарым ҚР «Медиация туралы» заңында және Азаматтық процестік кодексінде көрсетілген талаптарға сәйкес келуі тиіс. Егер татуласу келісімі заңға қайшы келсе немесе басқа да тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзса, сот келісімді бекітпейді. Сот ұйғарымы шағым не наразылық келтіруге жатпайды.

Азаматтық процестік кодекстегі айтулы жаңалықтардың бірі — дауды партисипативтік келісім арқылы реттеу болып отыр. Партисипативтік рәсім – дауласушы екі тарап адвокаттарының келіссөздерді судьяның қатысуынсыз жүргізу арқылы ортақ келісімге келтіруге қол жеткізуі. Келісімге келе алмаған екі жақты бір үстел басына жинап, бітімге келтіру мәселесінде судьяларға қарағанда адвокаттардың мүмкіндігі кең. Құжаттағы татуласу келісіміне қойылатын талаптарға сай, қос тарап арасындағы келісім жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар немесе олардың адвокаттары қол қояды. Мұндай жолмен татуласу талап қоюшыны төленген мемлекеттік баждан босататыны да — заңдағы ынталандыру тетіктерінің бірі.

Азаматтық процестік кодекс қолданысқа енгізілгеннен бергі аралықта бітіммен бітетін істердің саны өсе түсті. Жаңа заңнаманың тиімділігін түсінген адвокаттар, медиаторлар, басқа да құқық қорғаушылар дауды бітіммен бітіруге мүдделілік танытып, азаматтарға медиацияның тиімділігін түсіндіруге жаппай атсалыса бастады. Өз мәселесінің бітімгершілік жолдарымен тез шешілгені алдымен олардың өздеріне тиімді екенін көпшілік те ұғына бастағандай. Соттар қылмыстық және азаматтық сот ісін жүргізуде бітімгершілік рәсімдерді және медиацияны қолдану әдістерін жергілікті жерлерде кеңінен түсіндірудің жолбасшылық тізгінін ұстап отыр. Атқарушы, өкілді органдармен бірлесе отырып, ауылдық округтер мен аудан, қала, облыс орталықтарында медиация кабинеттерінің ашылуына қол жеткізілді. Соттар медиация кабинеттерінің жұмыстарын ұдайы бақылауда ұстап, жүйелі түрде құқықтық көмектер көрсетіп келеді. Қазіргі кезде медиация кабинеттері мен медиаторлар әр ауылда бой көтере бастады.

Батыс Қазақстан облысындағы барлық аудандық соттарға қарасты аумақтардағы ауылдық округтерден тегістей медиация кабинеттері ашылып, кәсіби емес медиаторлар қатары толығуда. Өткен тоғыз айда облыста татуластыру рәсімдерімен 1061 азаматтық іс қаралып, 180 тарап бітімгершілік келісімге келді. Медиация тәртібімен қаралған 877 істің 610-ы бойынша сот медиациясы қолданылды. 267 дау медиаторлардың қатысуымен шешілді. Небәрі төрт дау ғана партисипативтік рәсіммен реттелді. Сот өндірісінен қысқартылған істер бойынша медиацияның үлесі 64,4 пайыз құрап отыр.

Тағы бір ескеретін жай, соттарда оңайлатылған тәртіпте қаралатын істердің көбейе түскені болып отыр.

Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібі азаматтарға қолайлы, қарапайым және қолжетімді сот процесі. Оның ерекшелігі сол азаматтық іс тек қана жазбаша дәлелдемелердің негізінде қаралады. Ол тараптарды сотқа шақыруды және сот талқылауын жүргізуді талап етпейді. Тоғыз айда 6177 арыз оңайлатылған өндіріс тәртібімен қаралды. Бұл сот бұйрықтарын қоспағанда барлық қаралып біткен істердің 43 пайызын құрайды. Жазбаша құжаттар негізінде қаралатын мұндай істер тараптарға да, сотқа да қолайлы.

Елдегі бірлік пен татулықтың жаймашуақ ахуалы, қоғамның тұрақты дамуы, ізгілендірілген және бітімгершілік заңдарының басымдылық алуы Қазақстанның жаңа мыңжылдықтың орта шеніне дейінгі мақсатты бағдарламаларының жүзеге асуына серпін береді.

Ал қоғамдағы кез келген қайшылық пен дауды азаматтық келісім аясында шешуге қолданыстағы заңнамалардың бітімгершілік рәсімдері мен медиация тәсілдері мол мүмкіндік берері анық. Өйткені сот тәжірибесі татуластыру мен бітімгершілік рәсімдерін қолданудың тиімді екендігін көрсетіп отыр.

Бек ӘМЕТОВ,

Батыс Қазақстан облыстық

сотының төрағасы


Ойыннан шыққан от

Күні: , 4 120 рет оқылды

img_6157


Бұған дейін де бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланғанындай, Қазталов ауданындағы Ғ. Қараш атындағы Қараоба мектеп-гимназиясының екі мұғалімі мен бір оқушысы арасында жанжал шығып, соның нәтижесінде оқушы шаптан ауыр жарақат алған. Соның салдарынан Қазталов аудандық орталық ауруханасына түскен жасөспірім кейін облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізіліп, ота жасалады.


Таяуда зардап шегуші оқушы ауруханадан шығып, ауылына кеткенін естіген соң осы мәселенің анық-қанығын білу мақсатында Қараоба ауылына арнайы бардық.

Алаңдағы оқыс оқиға Аудан орталығынан 75 шақырым қашықтықта орналасқан Қараоба ауылының 1300-дей тұрғыны бар екен.

Қараобаға келген бойда зардап шегуші, Ғ. Қараш атындағы Қараоба мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысы Еділ Мақсотовтың үйіне ат басын бұрдық.

%d0%b0%d2%9b%d0%b6%d0%b0%d0%bd-%d1%82%d0%b0%d0%bb%d0%bf%d0%b0%d2%9b%d0%be%d0%b2%d0%b0Есік алдынан бізді Еділдің анасы Ақжан Талпақова (суретте) қарсы алды. Ол Еділдің сабақта, жолдасы Олжастың шаруаларымен қырға кеткенін айтты. Әңгіме барысында өзі де, отағасы да жұмыссыз екендерін білдік. Қалқанша безінің ауруына байланысты Олжасқа бес ай бұрын ота жасалыпты. Қазір ІІ топ мүгедегі. Еділ — төрт баланың үлкені. 2001 жылы дүниеге келген тұңғыштары озат оқушы екен. Спорт десе, ішкен асын жерге қояды.

— Оқиға үш-төрт апта бұрын, яғни 4 қазан күні кешкі сағат 9-дар шамасында болды. Күн сайын кешкілік уақытта Еділ үйіміздің жанында жазда салынған спорт алаңына барып, оқушылар, ауыл жастарымен бірге футбол ойнайтын. Сағат 9-да өзім не анамыз барып, болмаса балалардың бірін жіберіп, Еділді үйге шақыратынбыз. Сол күні кешкілік Еділ жақын жерде тұратын қайын ағама жәрдемдесіп жүрген. Біз сол үйде шығар, қазір келер деп отырған едік. Ал қайын ағамыз кеш түсіп келе жатқасын оны үйге жіберген. Үйге жақындай бергенде, доп ойнап жатқан жігіттердің даусын естіп, ол спорт алаңына бет алыпты. Біз оны білмейміз. Алаңсыз кешкі асымызды ішіп отырғанда «Ақжан апа» деген дауыс шықты. Шықсам, мектебіміздің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Айдос Ғабдулкәрімов пен тарих пәнінің мұғалімі Рауан Хадешев баламды екі жағынан демеп ұстап тұр. «Жаңа доп ойнап жүргенде аяғым байқаусыздан Еділге тиіп кетті. Содан бір жері ауырып кеткен сияқты» — деді Айдос. Мен оның сөзіне сеніп, сол бойда қолтықтап үйге кіргіздік. Осы жерде айта кетейін, Рауанның ішімдік ішкені байқалып тұрды. Сол бойда ауылдағы дәрігерлерге хабарласқанымызда, бірінің телефоны сөндірулі тұрса, екіншісі үйінде жоқ болып шықты. Дәрігер таба алмағасын, бұрын ауылымызда дәрігер болған апайды алдырдық. Ол кісі дәрі егіп болғасын, аудан орталығындағы ауруханаға апаруға кеңес берді. «Жедел жәрдем» көлігінің жүргізушісіне хабарлассақ, ол жақын жердегі елді мекенге кетіп, сол жақта көлігі сынып қалғанын айтты. Сөйтіп, көлік таба алмай тағы қиналдық. Артынан ауыл әкімдігінің көлігін алып, оған бензин құйып, сонымен кеттік. Аудандық орталық ауруханаға барғанда сағат тілі түнгі бір жарымды (01.30) көрсетіп тұрды. Кезекші дәрігер қабылдап, баламды қарап шығып «Қорқатын ештеңе жоқ» деп, Еділді алып қалатынын айтты. Ертесіне ауруханаға тағы келіп, баламның денсаулық жағдайының жаман емес екенін біліп, ауылға қайттым. Екі күннен кейін енем ауруханаға барып, еңсесі түсіп келді. «Еділдің халі нашар, жүрмек түгілі, орнынан тұра алмайды» дегесін, біз Оралға апару керек деп ұйғардық. Аудандық ауруханаға барсақ, ондағы дәрігерлер, нақтылап айтсам, хирург Тілек Әдиетов қорқатын ештеңе жоқтығын, емдеу курсы жүріп жатқанын айтып, бізді шығарып салды. Сөйтіп, баламызды Оралға алып кете алмай, біраз әбігерге түстік. Қайдан білейін, егер ертерек облыстық балалар ауруханасына апарсақ, ота болмас па еді… Алты-жеті күннен соң, 11 қазанда түс қайта тиісті құжаттарды беріп, баламызды ауруханадан шығарды. Сол күні кешке такси жалдап, жолдасым Еділді Оралға алып кетті. Таңға таман Оралға туысқандардың үйіне барған соң әкесі «Шыныңды айт, не жағдай болды?» деп қатаң түрде сұрағасын, балам болған жағдайды баяндаған. Екі мұғалімнің бірі боқтап, екіншісі шаптан тепкенін жеткізген. Осының бәрін жолдасым маған ұялы телефонмен айтты. Оқыс хабарды естіген бойда мектеп директорына бардым. Директор алаңда болған жағдайдан құлағдар екен. Аталмыш оқиғаға себепші болған мұғалімдер айтыпты. Мен жолдасымнан естігенімді жеткізген соң мектеп басшысы Айдос Ғабдулкәрімов пен Рауан Хадешевті шақырып алды. Шындықтың беті ашылған соң олар ештеңе дей алған жоқ.

Баламды тепкен Айдос — тұрақты түрде ауылымыздағы мешітке барып, намаз оқып жүрген жігіт. Имандылыққа бет бұрған жаннан мұндай әрекет шығады, ол өтірік айтады деген ой болған жоқ. Сол себепті Еділ Қазталовтағы орталық ауруханаға түскеннен соң аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің шақыруымен барып, болған оқиғаға орай ешқандай талабым жоқ деп арыз жаздым. Оқиғаның басқаша өрбігенін естігеннен кейін 12 қазанда аудандық ішкі істер бөліміне қайта барып, бұрынғы арызымды алдым да, баламның айтуы бойынша болған оқиғаны баяндап жазып, кінәлі адамдарға тиісті жазасын беруді талап етіп, жаңаша мазмұндағы шағым түсірдім.

Өздеріңіз білесіздер, Оралда балама ота жасалды. Бір аталық енін алып тастады. Қазір аудандық орталық ауруханадағы хирургке барып қаралып жүр. 25 қазаннан бастап сабаққа қатысуда. Ауырсынып не өзін жайсыз сезініп жүргенін әзірше байқаған жоқпыз. Біз енді оның болашағына алаңдаймыз. Сап-сау баланы осындай күйге түсіргені үшін екі мұғалімге, әсіресе, Айдос Ғабдулкәрімовке ашу-ызамыз қазандай. Олар баламыздың жағдайы ауыр болып, Оралға кеткенін естігеннен кейін барып келді ғой кешірім сұрап. Ата-анасы келді, өзге де ағайын-дар, ауылдастар келіп, кешірім беру туралы өтініштерін айтып жатыр. Біз әлі ойланып жүрміз. Бұрын бұл екі мұғалімді жақсы жақтарынан білетін едік. Бірі Еділге ауыл, ел тарихына байланысты тәлім берсе, екіншісі түрлі әскери-патриоттық бағыттағы байқауларға қатыстыратын. Неге мұндай әрекетке барды? — дейді Ақжан Талпақова.

Оқиға қалай өрбіді?

%d0%b5%d0%b4%d1%96%d0%bb-%d0%bc%d0%b0%d2%9b%d1%81%d0%be%d1%82%d0%be%d0%b2Мұны Еділдің (суретте) өз аузынан естиік деп мектепке келдік. Еділ көзінде оты бар, сүйкімді бозбала екен. Арманы да биік. Мұғалім болғысы келеді. Мектеп директоры Руслан Жұмағұловты өзіне үлгі тұтады. Еділдің айтуынша, ол 4 қазанда кешкі сағат сегіздердің шамасында спорт алаңына футбол ойнауға барған. Ойын енді басталайын деп жатыр екен. «Арнайы спорт киімді киіп шығып, допты ортаға қойып, ойынды бастайын деп жатқанымызда Рауан ағай келді, — дейді ол. — Оның мас күйде жүргені көрініп тұрды. Ол маған жақындап «Екеуміз ауысайық, екінші таймда сен шығасың» дегесін мен келістім де, алаң сыртына шықтым. Екінші тайм басталар тұста ағайға келіп ауысайық дегенімде, ол кісі мені боқтады. Ренжіп кетіп бара жатып, мен де боқтап жібердім. Спорт алаңының есігінен шығайын деп жатқан тұста ту сыртымнан біреудің маған қарай келе жатқанын байқадым. Бетімнен бір соққаннан кейін жалт бұрылғанымда, оның Айдос ағай екенін көрдім. Артынан ол шабымнан бір тепті. Сол сәтте есімнен айырылып қалдым. Есімді жисам, Рауан мен Айдос ағай екеуі демеп, спорт алаңының сыртына шығарып, «Өкшемен секір, отыр, тұр» деп біраз жаттығулар жасатты. Онымен шабымның ауырсынуы кеткен жоқ. Қайта жаттым жерге. Көп кешікпей олар дәрігерге апарайық деп Рауан ағайдың көлігіне отырғызып алып, ауылдағы дәрігерлердің үйлеріне бардық. Бірақ олар ауылда жоқ болып шықты. Сосын үйге әкелді. Көлікте келе жатқанда Айдос ағай «Қалай келісеміз? Мен сендерге әлі бір жыл сабақ берем, ешкімге айтпайсың ба?» дегесін, шабымның ауруы кететін шығар деп ойлап, келісімімді бердім. Солай айтпай жүрдім біразға дейін. Оралға келген соң әкем шындығыңды айт дегесін, болған оқиғаны жеткіздім».

«Бізден ағаттық кетті»

Осы оқиғаға себепші болған қос мұғаліммен Қазталов ауылында кездестік. 1987 жылы дүниеге келген Рауан Хадешев мектеп-гимназияда 2008 жылдан бастап еңбек етіп келеді. Үйленген, үш баланың әкесі. Оқиға болатын күні кешкі сағат 9.15-те спорт алаңына барған. Футбол ойнап жатқан оқушылардың бірі орын бергесін алаңға шығыпты. Ойынның екінші таймы басталар тұста Еділ келіп «Ағай, ауысайық» деген. Ол «қазір 15-20 минут ойнаған соң үйге кетем, сәл шыдасаңшы» деп жауап берген. Сол кезде Еділ мұны боқтап жіберген. Бірақ балағат сөзді Рауан естіген жоқпын дейді. Оны Айдос естіп, намыстанып кетіп «Еділ, сен неге мұғалімдерді боқтайсың» — деп құйрығына тепкен, сол сәтте бала бұрылып қалған, аяқ соққысы жанды жеріне тиген-мыс.

— Өтірік айтпай-ақ қояйын, сол күні үйге қонақ келіп қалып, бір-екі шөлмек сыра іштім. Бірақ мен мас болған жоқпын. Сыра ішіп алып, қоғамдық орынға барған қателігімді мойындаймын. Еділге менің қолым да, аяғым да тиген жоқ. Алаңда Еділ екеуміздің арамызда ешқандай түсінбеушілік орын алған емес. Айдостың Еділді неге тепкенін түсінбедім. Егер оның орнында болсам, мен де солай істер ме едім, қайдам?.. Еділді көлікке отырғызып, дәрігерге алып бара жатқанымызда, оқушымыз бізден боқтағаны үшін кешірім сұрады. «Айдос ағай, әке-шешеме допқа талас кезінде сіздің аяғыңыз тиді деп айтайыншы» — деді. Бала ауруханада жатқанда басында Айдос, артынан мен ауруханадағы хирургпен, таныс дәрігерлермен хабарласып, Еділдің жағдайын тұрақты түрде сұрап тұрдық. Жалпы, бұл оқиғадан соң өзгені айтпағанда, ата-анамның, балаларымның бетіне қарауға ұяламын. Тергеу аяқталып, бұл оқиғаның анық-қанығы шешілгенше жұмыстан шыға тұрайын деп шешім қабылдаған жайым бар, — дейді Рауан Хадешев.

Енді Айдос Ғабдулкәрімовтің сөзіне құлақ түрейік. Сол күні ол ойынға төреші болып тұрған. «Ойынның екінші таймы басталар сәтте зардап шегуші оқушы келіп Рауанға ауысайық дейді. Ол келіспейді. Еділ соған ренжіп боқтап бара жатты, — дейді  Айдос. — Мен оны спорт алаңының есігі алдынан тоқтатып алып, мұғалімді неге боқтап бара жатқанын сұрадым. Сөздің шыны керек, оқушының мұғалімге деген дөрекілігіне, ауыл жастарының бізді әжуалап күлгеніне шыдай алмай қалдым. Негізінен оны желкесінен ұстап, есіктен шығарып тастағым келген. Бірақ аяқпен қалай теуіп қалғанымды өзім байқамай қалдым, ол тепкім кіндіктен төмен жерге тиді. Еділді көлікке отырғызып, дәрігер іздеп жүргенімізде, оған «Үйдегілерге болған жағдайды айт, мына стадионда отыз шақты адам жүр, біреуі болмаса, біреуі түбі айтады ғой» деп ескерттім. Ол да, біз де бұл жарақат ауыр болады деп ойлаған жоқпыз, Еділ айтпай-ақ қояйын дегесін біз келістік. Жалпы, өз кінәмді мойындаймын, ашуымды тежей алмай қалдым. Бізден бір ағаттық кетті…»

«Аталық ен ауылдан жарылып келген»

%d1%85%d0%b8%d1%80%d1%83%d1%80%d0%b3Қазталовқа келгесін аудандық орталық ауруханаға соғып, Еділге ем-дом шараларын жасаған жас хирург Тілек Әдиетовпен (суретте) де тілдестік. Дәрігердің айтуынша, ауылдан алып келген кезде жасөспірімнің жағдайы ауыр болған. Тексергенде оның оң шап аймағынан жарақат алғаны анықталды. Сол себепті ұманың оң жақ бөлігі ісініп кеткен. Ісінуге байланысты оң жақ аталық безі пальпацияланбаған, яғни ұстауға келмеді. Содан кейін науқасты ауруханаға жатқызып, анализдерін алып, консервативті емдеу шарасын бастаған. Екінші күні де жағдай осы күйде болғасын, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының урологымен телефон арқылы хабарласып, науқастың жағдайын баяндаған. «Осы маманның кеңесі бойынша консервативті емді әрі қарай жалғастырдым, — дейді хирург. — Емдеу барысында ұманың ісінуі біртіндеп кете бастады, бірақ ауырсыну сақталды. Алтыншы тәулікке қараған күні урологпен тағы да кеңесіп, әрі қарайғы емдеу тактикасын облыстық көпбейінді балалар ауруханасында жалғастыру керек деп шешім қабылдадық. Сөйтіп, науқас Оралға жолданды. Бүгінгі таңда Еділдің жағдайы жақсы. Амбулаториялық бақылауда».

Хирург егер науқас бірден Оралға жөнелтілсе де, ота жасалатынын мәлімдеді. Себебі артынан белгілі болғандай, аталық без ауылдан жарылып келген. Ұманың ісініп тұруына байланысты басында нақты анықтай алмаған. Ауруханаға келген науқастың дертін анықтап алмай, облыстағы емдеу орындарына жолдама бере алмайтындарын да жеткізді хирург. «Мен қолымнан келгенін істедім» — деді ол.

Енді не болмақ?

img_6130Қазіргі уақытта ҚР ҚК 106-бабының 1-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Бұл бағытта біз аудандық ішкі істер бөлімінен де, прокуратурадан да мәліметтер ала алмадық.

— Болған оқиғаға орай облыстық білім басқармасында комиссия құрылды. Оның құрамына басқармадағы екі бөлімнің және аудандық білім бөлімінің басшылары енді. Олар Ғ. Қараш атындағы Қараоба мектеп-гимназиясына барып, орын алған жағдайға байланысты жиналыс өткізіп, мектеп басшысынан, педагогтардан түсініктемелер алды. Осындай тәртіпсіздікке жол бергені үшін мектеп директорына Еңбек кодексінің 64-бабы 2-тармағына сәйкес сөгіс түріндегі тәртіптік жаза берілді.

Мектепте оқушыларға отансүйгіштік, патриоттық бағыттағы тәрбие беретін жауапты қызметкердің бірі – алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі. Ал бозбаланың денсаулығына ауыр нұқсан келтірген оқиғаға сол пәннің мұғалімі себепші болып отыр. Соған орай аталмыш білім ұясына инспекторлық тексеру жүргізу жоспарлануда. Онда ата-ана мен мұғалімдер арасындағы байланыс, ата-аналар комитетінің жұмысы, орын алған оқиғаға байланысты оқушылардың көзқарасы және басқа да жайлар қарастырылмақшы. Сондай-ақ таяуда аудандық білім беру бөлімінің кеңесі өтеді. Оның күн тәртібіндегі басты мәселе де осыған арналмақ. Жалпы, бұл оқиға аудан мектептері үшін үлкен сабақ болды деп ойлаймын.

%d3%99%d0%b4%d1%96%d0%bb-%d0%bc%d1%8b%d1%80%d0%b7%d0%b0%d2%93%d0%b0%d0%bb%d0%b8%d0%b5%d0%b2Педагог ретінде мұғалімнің балаға қол көтеруі, нақтылап айтқанда, тебуі дұрыс емес. Бұл жерде баланың құқығы шектелді. Екіншіден, оқиға сабақ кезінде емес, кешкі мезгілде,  мектептен тыс жерде орын алған. Яғни ата-ананың баланы қадағаламағаны көрініс беріп тұр. Осыдан-ақ екі жақтың да кінәсі аңғарылады. Бір шүкір дейтініміз, бала отбасына, мектепке, қоғамға қайта оралды. Ертең сот процесі кезінде мұның бәрі ескерілетіні анық. Біз кінәлі деп танылған мұғалім шартты түрде бас бостандығынан айырылады деп болжам жасап отырмыз, — дейді Қазталов аудандық білім бөлімінің балалар құқығын қорғау жөніндегі бас маманы Әділ Мырзағалиев (суретте).

%d0%b0%d0%bb%d1%82%d0%b0%d0%b5%d0%b2Қайырбай АЛТАЕВ,

Қазталов аудандық орталық ауруханасының директоры:

— Бір аталық енін алғаннан Еділ Мақсотов ешқандай кем болып қалмайды.

Ертең есейгеннен соң отбасылы болып, ер адам ретінде толыққанды өмір сүре алады. Балалары болады. Адам ағзасында екі жұмыртқа, екі бөтеке, екі өкпе сынды  жұпты органдар бар. Бірі болмаса, екіншісі оның орнын алмастырады. Бір бөтекемен де, бір өкпемен де адам өмір сүреді емес пе? Сол секілді бір аталық енмен де ешкімнен кем қалмай, өмір сүріп жүрген жандар бар. Солардың бірі — ағамның 1988 жылы туған баласы. Ол крипторхизм деген ауруға шалдыққан. Яғни дүниеге келгенде бір жұмыртқасы іште қалып қойған. Яғни туабітті патология. Бір аталық безбен жүріп сол ініміз үйленді. Қазір бір қыз, бір ұлы бар.

Р.S.

 Мақала барысында аңғарылғандай, бұл оқиғаға тікелей қатысы бар жандардың сөздерінде қайшылық бар. Оның ақ-қарасын құқық қорғау органдары анықтар. Біз тергеу жүргізетін құрылым емеспіз. Сол себепті әр тараптың айтқандарын жарияладық. Спорт алаңында орын алған оқиғаға куә болған кейбір азаматтардың да пікірлерін бергіміз келген. Бірақ олар өз ойларын білдіруді жөн көрген жоқ. Ал енді педагогика және медицина саласындағы бірді-екілі маманның «Бір аталық енін алып тастағаннан Еділ ешкімнен кем болып қалмайды» — деп жауырды жаба тоқи сөйлеуі бізді қатты тіксіндірді. Біздің ойымызша, Еділдің денсаулығын, әсіресе, ер адам ретінде жетілуін әлі ұзақ уақыт тәжірибелі мамандардың жүйелі қадағалағаны жөн.

Сәкен МҰРАТҰЛЫ,

«Орал өңірі»


«Мәңгілік елдің алтын адамы»

Күні: , 75 рет оқылды

img_7173


Облыстық қазақ драма театрының ұжымы сахналаған «Мәңгілік елдің алтын адамы» ең үздік қойылым атанып, «Мәңгілік ел» сыйлығына ие болды. Бұл туралы бейсенбі күні театрда  өткен белгілі ақын-драматург Иран Ғайыптың «Мәңгілік елдің алтын адамы» атты республикалық театрлар фестивалінің қорытынды кешінде белгілі болды.


Бірнеше күнге созылып, көрермендерге шуақ сыйлаған фестиваль өз мәресіне жетті. Өзінің бірнеше өлеңін оқып, көрерменді жырмен әлдилеген ақын-драматург Иран Ғайып өнер мерекесінің өтуіне атсалысқан Ақ Жайық жұртшылығына, облыс басшысы Алтай Көлгіновке шынайы ризашылығын білдірді.

«Менің театрмен біте-қайнасып кеткеніме 20 жылдан асты. Қазіргі бар жұбаныш-қуанышым театр десе де болады. Оралда алты күннің ішінде 10 туындым қойылып, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында шығармашылығымның бір кезеңіне есеп бергендей болдым. Сол үшін осы фестивальге қатысқан барлық театрға, бізді құшақ жайып, қарсылаған Ақ Жайық өңіріне ризамын», — деді Иран Ғайып.

img_7298Сахнаға көтерілген облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов жұртшылықтың көңілін көтеріп, рух сыйлаған өнер иесіне ақжайықтықтардың атынан шынайы алғыс айтты. Қазылар алқасының шешімімен ең үздік қойылым аталымына «Мәңгілік елдің алтын адамы» қойылымы үшін Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры ие болды. Осы қойылымның режиссері, елімізге белгілі театр және киноактері Мұрат Ахманов «Үздік режиссура» үшін марапатталды. «Үздік әйел бейнесі» аталымына «Фатима» қойылымындағы Фатима бейнесін шебер сомдаған Ғ. Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театрының актрисасы Ақбота Қаймақбаева мен «Мәңгілік елдің алтын адамы» қойылымында Қазына бейнесінде шыққан Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының актрисасы Нұрлыгүл Жұбатова лайық деп танылды. Ал «Үздік ер адам бейнесі» аталымы «Адасқан бақ құсы» қойылымындағы Керікеткен бейнесі үшін семейлік актер Бауыржан Төлековке бұйырды. Фестивальде бақ сынаған театр ұжымдарының өзге де актерлары «Тәуелсіздікке тағзым», «Мәңгілік ел» аталымдары бойынша ақшалай және естелік сыйлықтарға ие болды. Олардың қатарында Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының бас режиссері Мұқанғали Томанов, театрдың белді актерлары Сердеш Қажымұратов, Мұсағали Бектенов, Ербол Есендосов, театрдың суретшісі Қайыр Оразғалиев те бар. Өнер кешінде ақын-драматург Иран Ғайыптың ұлы ЖайыншаҺ Иранбекұлы, жиені Жанар Дұғалова, қарындасы Рая Оразбаева өнер көрсетті.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ


Ұстаз. Ғалым. Тұлға

Күні: , 164 рет оқылды

%d1%88%d0%b0%d1%80%d0%b0%d0%b1%d0%b0%d1%81%d0%be%d0%b2-1


Осыдан бірер күн бұрын  М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде БҚМУ-дың профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, әдебиеттанушы ғалым Серікқали Шарабасовтың 70 жылдық мерейтойына байланысты бірқатар іс-шара өтті.


Білім ордасындағы ізгі шара профессор Шарабасов атындағы оқу-әдістемелік кабинеттің ашылу салтанатымен басталды. Университеттің бас ғимаратында ғалымның аты берілген 405-дәрісхана лентасын танымал ақын Ақұштап Бақтыгереева мен университеттің бірінші проректоры, тарих ғылымдарының докторы Әсет Тасмағамбетов қиды. Оқу-әдістемелік кабинеттің жабдықталуымен университеттің филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Зейнолла Мүтиев таныстырды.

Кабинетте ұстаздың өмірдерегі, фотосуреттер, ақындардың оған арнаған өлеңдері жазылған тақталар ілінген. Марапат қағаздары бір бөлек орын алса, арнайы сөреге тұтынған бұйымдары қойылыпты. Кабинет қасындағы бөлмеге профессордың және оның әріптестерінің жеке кітапханасынан алынған оқу-әдістемелік құралдар, ғылыми әдебиеттер жинақталған. Осында отырып ғылыми жұмыстармен шұғылдануға магистранттарға рұқсат етіледі.

Шарада Орал қалалық №1 орта мектептің оқушылары ұстаздың ұлағатты сөздерін жатқа айтты. «Жазушы Ғабиден Мұстафин адам баласы түрлі қулық-сұмдық әсерінен жүрегіне көлеңке түсірмей, өмірде қылаудай қиянат жасамай өтсе, мұны ерлікке балайтынын айтқан болатын. Ерекше ұстаз, ерекше оқымысты, ерекше тұлға болған Шарабасовтың болмысы адалдықтың айрықша үлгісіне айналды», – деді Ақұштап Бақтыгереева. Кейін ғалымның отбасы атынан ғалымның ұлы Еділ Шарабасов сөз алып, игі істі ұйымдастырушыларға алғыс айтты.

Университеттің мәжіліс залында «Ұмытылмас есім: ұстаз, ғалым, тұлға» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Жиында М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың бірінші проректоры, тарих ғылымдарының докторы Әсет Тасмағамбетов профессор Серікқали Шарабасовтың қоғамдық шараларда айрықша белсенді болғанын атап өтті.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Зинол-Ғабден Бисенғали пайымы зор, парасатты тұлға туралы сыр шертті. «ҚазМУ-дың аспирантурасында оқып жүргенде, жазушы Оралхан Бөкеймен кездесу өтті. Кездесу соңында Секең рұқсат сұрап, қаламгердің көркем әңгімелерінде эссе жанрының ықпалы барын байқағанын айтып, соның себебін кеңірек талқылап беруін сұрады. Жазушының ұзақ ойланып отырып берген жауабына, шән мәнінде, қанағаттана қоймадық. Аудиториядан шыққан соң Секеңе жолығып, екеуміз ұзақ әңгімелестік. Жалпы, ол Оралхан Бөкейді ерекше құрметтейтінін айтып, қаламгермен жеке кездесіп, ой алмасуды армандап жүрді. Серікқали Шарабасовтың кандидаттық диссертацияны қорғауы да нағыз тартысқа айналғанына куәмін. Оның қазақ әңгімелері туралы зерттеуі сынға толы еді. Жазушыларға бұл тіптен ұнамайтыны белгілі. Олар жас ғалымға сұрақтарды жаудырды. Сонда шәкірттерін аса жақтай қоймайтын ғалым-ұстаз Зейнолла Қабдолов үш рет ресми түрде рұқсат алып, Секеңді қорғап сөйледі. Кейін ғылыми кеңестің жетекшісі Серік Қирабаев кандидатты мақтап, одан үлкен үміт күтетінін жеткізді», – деді профессор З. Бисенғали.

Бұдан кейін ҚР БҒМ А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты лексикология бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Жамал Манкеева «Қазақ әңгімелеріндегі сөздің лингвомәдени әлеуеті» тақырыбында баяндама жасаса, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Мұрат Сабыр «С. Шарабасов прозасы тілінің лексика-семасиологиялық айшықтарына» тоқталды. Ал М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті «Махамбет» гуманитарлық зерттеулер институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев Ақ Жайық өңірінде әдебиеттану және абайтану саласында Серікқали Ғабдешұлына пара-пар ғалым болмағанын атап өтті. Конференцияда облысқа танымал ақын-жазушылар мен зиялылар өз естеліктерімен бөлісті.

Шарабасов шекпенінен шыққандардың ұстазының жарқын мінезін тамсана әңгімелейтіні, өткірлігі, студент десе, ішкен асын жерге қоятын қасиеттері туралы көп айтылды. Атаулы шара барысында биыл ғалымның университет баспасынан жарық көрген «Көкжиек» пен «Ойтолғақ» кітаптарының тұсаукесері өтті. Алғашқы еңбекте профессордың қазақ әдебиетіндегі әңгіме жанрына қатысты ғылыми зерттеулері топтастырылса, екінші кітапқа публицистикалық жазбалары мен ұстаз туралы көзкөргендердің естеліктері енген.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Бағырлайдағы берекелі қожалық

Күні: , 138 рет оқылды

dscn0303


Атамекен  ауылының тұсынан  Жайықтан  бөлініп шығатын  Бағырлай  өзені – географиялық  жағынан  аң-құстың өсіп-өнуіне  тиімді аймақ. Ұзындығы — 239 шақырым. Көршілес Атырау облысы Индер  ауданының аумағындағы  Тереңқызыл  көліне жетпей, құмға  сіңіп, тартылып  қалады.


Батыстағы қалың құмның Жайыққа жетер жолын бөгегендей табиғаттың тылсым тілі әлденені аңғартқысы келіпті. Уақытында суы мол болды. Көктемгі тасқын кезінде, кей жылдары Жайықтың қызыл балығы да осы өзенге шығып кететін. Бүгінде мұның бәрі «ертегі» сияқты.

— Көзіміз көрді, Бағырлай бойы табиғи шикізатқа бай болатын. Су, балық, қамыс, көкқұрақ көл-көсір еді. Демек, қазір Жайықта мол су болмаған соң, Бағырлайға да су аз бөлінеді. Суда тіршілік етуге жаралған балық, суы аз арнаға қайдан шықсын. Мұнда қазір тұқыш сияқты тұрқы шағын балықтар ғана бар, — дейді осы жердің иесі, Тайпақ ауылдық округіндегі «Айбар» шаруа қожалығының жетекшісі Нәсіпқали Бисенов. Ол Индерден бері Бағырлайға салынған бетон көпірдің арғы жақ бетінен 1300 гектар жерді жалға алған еді.

2012 жылы осы шаруа қожалығын ашқан Нәкең бұл жерді тектен-тек таңдаған жоқ. Атақоныс аймағы. Қожалықта ірі қара да, уақ жандық та баршылық. Жарамды трактор мен жүк көлігі де жыл он екі ай шаруаға қолғабыс. Шөп шабатын кәшелдері де сайма-сай. Орал – Атырау тас жолы іргеден өтіп жатыр. Жеңіл көліктерімен шаруаларын тындырып жүр. Өткен жылы атақонысқа қыстау тұрғызды, биыл малға кең қора салып алды. Осы жазда 1200 центнер мал азығын дайындап, қазір соны қыстақ басына тасуда. Балалары Нұрлан, Нұрбек, немерелері Айбек, Айбар әрдайым сенімді көмекшілері. Қысы-жазы қолдары қалт еткенде, осы шаңыраққа жиналады. Қолдағы техниканың сынғанын жөндеп, ауыстыратынын ауыстырады. Мал төлдету де маңызды іс. Онсыз басы көбеймейді. Әрине, мал баққан соң қиындықсыз бола ма? Төбеңді тесер ыстық, қара жаңбыр, қарлы боран – бәрі-бәрі осы өңірдің алмасып келер ауа райы. «Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар?» дегендей қыраулы күз, қызылшақа аяздың талайын көрді. Бірақ туған жерден табан аудармасы анық. «Әкең мал бақса, балаң жан бақпайды екен» дегендей осы әулет түгелімен атакәсіптің бірін екі, екісін төрт етуге ниетті. Тек тері, жүн сияқты мал өнімдерінің қадірінің жоқтығы едәуір қолбайлау. Себебі қойды қырқу керек. Ал қырқылған жүнді қайда өткізесің?

Немере-жиендері бәрі оқуда. Бәріне тамақ, киім-кешек керек. Қала іргесінен үй салу да бүгінгі күннің іргелі шаруасы. Демек, мал өсірудің қиындығы — өзіңе, ал ұрпағыңа үлкен қамқорлықтың басы.

Нәсіпқалидың Құдай қосқан қосағы Ақырыс Жұмақызы да осы әулеттің барын асыруға, жоғын бүтіндеуге жаралған жандай. Нәкеңе екі ұл, үш қыз сүйдірді. Бәрін аяқтандырды. Құда-құдағайларымен әр кез сыйластық төрінде кездеседі. Сондай-ақ оны осы шаңырақтың таусылмас тірлігі әбден баурап алған. Қонағын күтеді.

Сиырын сауып, сүттің қаймағын айырады. Құрт жасау да уақыт алады. Десе де, немере-жиендері үшін ауыздың суын құртар ақ құрттың орны ерек. Ара-тұра ірімшік пен сарысуды да құнттап қояды. Сиыр сүті нәрлі келеді. Сүтті қайнатып, ұннан жұп-жұқа нан илеп, кеспе жасауды да ұмытпайды. Яғни барды ұқсатудың шебері. Осы шаруаның үстіне бұлар үй іргесінен бақша салады.

Шағын сусорғының қызығын көріп келеді. Қауын-қарбыз, асқабақ, қызанақ, қияр т.б. көкөніс пен жеміс-жидектері епті қолдың ізін танытады. Бақшалықты мезгілінде суару, түбін қопсыту, шөптеу т.б. шаруалар кезектесіп келеді. Әйтеуір, жазғы уақытта немерелері бар, өздері бар бау-бақшаның тынымсыз тірлігін бөлісіп атқарады. Сөйткен бейнеттің де зейнетін көруде.

Харькин орта мектебінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет істейтін келіні Жеміс Серікқызының да ұрпақ тәрбиелеудегі тындырымды жұмысына қоса, енесінен көргенін істейтін ұғымталдығын айта кеткен жөн. Бағырлайдан келетін бақша өнімдерін банкіге тұздықтап алуы да білгірлікті ғана емес, қол ұқыптылығын танытатын бейнеті бар жұмыс. Демек, барды баянды ету деген осы. Әр түрлі жеміс-жидектерді қайнатып, тәтті тосаптарды қысқа дайындап алады. Бәрі жетеді. Тек ынта мен құлшыныс болсын де. Ал бұл Жемістің бойынан молынан табылады. Үлкен-кішіге деген сыйластығы, қазақы әдептілігі де адам қызыққандай. Ері Нұрбек екеуі төрт ұл-қыз өсіруде. Сөйтіп, тәрбиелі келін туралы да әп-әдемі ой өруге болады.

— Кезінде жұмыс болмаған соң үйде отырдым. Бірақ сол үйге сыймадым. Бір кірдім, бір шықтым.

Мал да бақтым. Жеке «УАЗ-бен» Оралға, Атырауға жолаушы да тасыдым. Бірақ соның бәріне ішкі дүнием разы болмады. Сөйтіп, қолдағы бар малдың басын құрап, шаруа қожалығын ашып, атақонысқа Бағырлайға бет түзедім. Мұным бекер болмады, — дейді Нәсіпқали Әжімұлы. Десе дегендей, қазір тыным жоқ. Әулеттің бар қамы осы Бағырлайда жүзеге асып жатқандай. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген бар, Нәкең атақоныстың әр жеріне ағаш егіп тастапты.

— Балам Нұрбек көктемде Атыраудан үйректің 40 шақты балапанын әкеліп берді. Тез ет алатын құс екен, өзі күй талғамайды.  Күніне бөліп-бөліп бір шелек жем беремін. Басқа шығын жоқ, — дейді еңбекқор жан.

Тілес  ЖАЗЫҚБАЙ,

Ақжайық  ауданы


Төртінші рет сынама алынды…

Күні: , 53 рет оқылды

pri_4387


Жақында Зеленов ауданына қарасты Январцев және Кирсанов елді мекендерінің тұрғындары өз ауылдары маңынан мұнай қалдықтарын қайта өңдейтін зауыт салуға наразылықтарын білдірген еді. Сонымен қатар жергілікті халық Кирсанов ауылына жақын маңдағы Емболатовка өзеніне өндіріс қалдықтары төгілді деп те дабыл қаққан болатын.


Кеше БҚО экология департаментінің мамандары мен Зеленов ауданының басшылығы аталмыш ауылдарда болып, журналистерге арнайы сұхбат берді.

— «Айбар Ербақыт» ЖШС Кирсанов ауылы маңынан мұнай қалдықтарын қайта өңдеу зауытын салуды жобалаған болатын. Қазақстанның Экологиялық кодексінің талаптарына сәйкес қандай болмасын өндіріс орындары салынбастан бұрын жергілікті халықтың ой-пікірімен санасуы қажет. Ол үшін жергілікті билік өкілдері мен тұрғындардың қатысуымен қоғамдық тыңдау ұйымдастырылады. Егер тұрғындар құрылыс нысанын салуға наразылық білдірсе, жиналыстың хаттамасы толтырылып, жергілікті басқарушы органдарға жолданады. Ағымдағы жылдың 12 қазан күні «Айбар Ербақыт» ЖШС жоғарыда аталған жобаға сәйкес қоғамдық тыңдау өткізді. Жиынға қатысқан 46 ауыл тұрғыны зауыттың салынуына түгелдей қарсы екендіктерін білдірді, — деді Зеленов ауданы әкімінің орынбасары Амангелді Тоғызбаев.

Ал Емболатовка өзеніне өндіріс қалдықтары төгілді деген мәліметке қатысты облыстық экология департаментінің басшысы Ербол Қуанов жауап берді. Оның айтуынша, Емболатовка өзеніне қатысты мәселе бір аптадан бері жергілікті баспасөз беттерінде жариялануда. «Ауыл тұрғындары аталмыш өзенге өндіріс қалдықтары немесе кәріз суы төгілді деп дабыл қағып отыр. Сол уақытта тұтынушылар құқығын қорғау мекемелері судың сынамаларын алған болатын. Бұған қоса жақын маңда орналасқан мұнай компаниялары да су сынамаларын алып, «Батыс су арнасы» мекемесіне жолдап, сараптамадан өткізген. Біздің департамент қызметкерлері де 18 қазан күні арнайы келіп, өзеннен сынама алды. Бүгінгі таңда барлық сараптаманың қорытындысы экология департаментіне келіп түсті. Дегенмен туындаған мәселенің дұрыс шешімін шығару мақсатында бүгін облысымыздағы БҚМУ жанындағы химиялық талдау жасау зертханасының мамандарын шақыртып, төртінші мәрте сынама алдық. Сараптамалардың нәтижесі туралы алдағы уақытта өтетін баспасөз мәслихатында айтатын боламыз», — деді ол.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Бопай ханымды ұмытпайық

Күні: , 98 рет оқылды

%d0%b1%d0%be%d0%bf%d0%b0%d0%b9-%d1%85%d0%b0%d0%bd%d1%8b%d0%bc


Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы Хан моласы деген жерде өткен шараға қатысқан едік. Сонда ел азаматтары жиылып, Әбілқайыр ханның жұбайы Бопай ханымның кемеңгерлік істерін жалпақ жұртқа насихаттау жөнінде ақылдастық.


Әбілқайыр хан — белгілі тарихи тұлға. Кіші жүзді 38 жыл басқарған. Ал оның жұбайы Бопай ханым – қазақ хандарының жұбайлары тарихында ханым дәрежесіне көтерілген екі адамның бірі. Тарихи деректерге үңілсек, одан басқа Шыңғыс ханның жұбайы Бөрте ғана ханым мәртебесін иеленген екен. Бопай ханым қазақ халқының жоғын жоқтаған, мұңын мұңдаған, ақылгөй, дана адам болған. Оны Ақтөбе, Орынбор қаласының салынуына ықпал еткен деседі. Ол жайында Құрал Тоқмырзиннің 1998 жылы Ақтөбе қаласынан шыққан «Әулие Әжібай би немесе дала данышпандары» кітабында толық баяндалған. Бопай ханым орыс патшайымдары Анна Иоанновнамен, Елизавета Петровнамен хат алысқан. Орынбор губернаторы Неплюевпен, елші Тевкелевпен кездесіп, хат алысқанда қазақтың арын арлаған. Жоғары дәрежедегі мәмілегер, күрескер Бопай ханымның халқына сіңірген еңбегін, қайраткерлігін тәуелсіздіктің 25 жылдығы кезінде ұмыт қалдыруға болмайды. Биыл үшінші қыркүйек күні Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облысының белгілі азаматтары, газет тілшілері және телеарна қызметкерлерінен құралған топ болып Бопай ханымның басына тағзым еттік. Ал қазан айының он бірінде оның басына құлпытас орнатып, мазар орнын қоршап келдік. Орынбор облысы, Елек ауданы, Дмитриевка ауылынан отыз шақырым жердегі Бопай ханым жерленген маңай 1929 жылдан бері «Доңыз» әскери полигонына айналған екен. Қорым Бопай сайына жақын биіктеу қабақта орналасқан. Жазушы Александр Сергеевтің 1981-83 жылдары жарық көрген «Петербургский посол» кітабында Әбілқайыр хан және Бопай ханым жөнінде тұшымды деректер келтірілген. Бопай ханым өмірінің соңғы жылдары, оның қайда жерленгені туралы Соколовтың 1906-1908 жылдары жарияланған «Из поездки по степи» атты мақаласында жазылған. «Аңыз адам» журналының 2012 жылғы №2 санында ол туралы көптеген мәліметтер бар. Біз бүгінгі таңда Бопай ханымның жоқшысы, оны жарыққа шығаратын насихатшысы ретінде жұмыстанудамыз. Осыған орай Атырау, Маңғыстау газеттерінде мақалалар жарияланды. Жуырда ғана Ақтөбе облыстық газетінде «Бопай ханымның жоқшылары» атты көлемді материал жарық көрді. Бопай ханым тарихын насихаттауда Батыс Қазақстан облысының да орны ерекше боларын ескеріп, осы шағын мақаламды «Орал өңірі» газетіне ұсынуды жөн санадым.

Ислам МЫРЗАБЕКҰЛЫ,

зейнеткер,

Жылыой ауданы,

Атырау облысы


ҮЕҰ-ның белсенділігін арттыруға жете мән берілмек

Күні: , 66 рет оқылды

img_7525


Кеше қаламыздағы «Раrk Hotel» кешенінде біздің облыстағы үкіметтік емес ұйымдардың форумы өтті. Оның жұмысына облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты.


Форум секциялық жұмыстармен басталды.

Онда ҮЕҰ-ның қоғамдық кеңестердегі рөлі мен мақсаттары, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, электронды сатып алуға ҮЕҰ-ның қатысуы туралы мәселелер қамтылды.

Форумның пленарлық мәжілісін облыс әкімі Алтай Көлгінов ашты.

— Үкіметтік емес ұйымдардың облыстық форумы өңіріміздегі маңызды қоғамдық-саяси оқиғалардың бірі десем, артық айтқандық емес. Ел тәуелсіздігінің 25 жылы ішінде өңірімізде азаматтық қоғамның қарқынды дамуы байқалып отыр. Қазіргі таңда үкіметтік емес сектор мемлекетпен бірге халықтың әлеуметтік жағдайының артуына және азаматтық қоғамның дамуына өз үлесін қосуда. Еліміздегі тыныштық пен тұрақтылық көп жағдайда азаматтық қоғамның белсенділігіне байланысты. Өңіріміздегі азаматтық сектор қоғамдағы көптеген мәселені жылдам әрі кәсіби түрде шешетін қоғамдық бірлестіктердің тұрақты жүйесі ретінде қалыптасқан. Елбасы үкіметтік емес ұйымдардың мүмкіндіктерін терең түсініп, жоғары бағалайды және оларға ерекше көңіл аударып, үнемі қолдау көрсетеді. Жақында құрылған Дін және азаматтық қоғам министрлігі – осыған дәлел.

img_7376Бүгінде елімізде 18 мыңнан аса ҮЕҰ тіркелген. Онда 30 мыңнан аса адам қызмет атқарып жүр. Біздің облысымызда 660 ҮЕҰ тіркелсе, оның алтыдан бірі ғана белсенді болып табылады. Осыдан-ақ үкіметтік емес ұйымдардың көпшілігі қағаз жүзінде жұмыс істейтінін көруге болады. Сол себепті бұл бағытта бізге біраз жұмыс істеуге тура келеді. Біз ағымдағы жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде ҮЕҰларға 14 бағыттағы 165 әлеуметтік маңызды жобалар бойынша 475 млн. теңгеден астам қаржы бөлдік. Бірақ талдау нәтижелері көрсетіп отырғандай, олардың бұл қаржыны игеру мен осы бағыттағы есептері тиісті талаптарға сай емес. Мұндайға енді жол бермеуіміз керек. Сол себепті мемлекет қаржысын тиімді жұмсаудың жаңа жолдарын қарастырғанымыз жөн.

Елімізде ҮЕҰ-мен бірігіп жобаларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар саны төрт есеге жуық артты. Ал облысымызда бұл көрсеткіш төмен болып тұр. Мәселен, ҮЕҰ-мен бірге жұмыс істейтін 200 бюджеттік бағдарламалар әкімшілері болса, солардың ішінен біздің облыстан тек бес  басқарма (2,5 пайыз) бар. Бұл жұмысты жандандыру туралы тапсырма VІ Азаматтық форумда берілген болатын. Соған орай жаңа жылдан бастап осы басқармалардың қатарына облыстық мәдениет, құжаттама және мұрағат ісі, дене шынықтыру және спорт, дін істері, білім, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму сынды тағы да бес басқарма қосылуы керек.

img_7539Жалпы үкіметік емес ұйымдардың белсенділігін арттыру облыс әкімі жанындағы ҮЕҰ-лардың тәртіптік кеңесі арқылы жүргізілген дұрыс. Сондай-ақ қоғамдық келісім кеңестері мүшелерінің қатарына екі-үш ҮЕҰ өкілдерін қосу қажет, — деді өз сөзінде Алтай Көлгінов.

Форумға арнайы келген «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» АҚ-ның басқарма төрағасы Нұрлан Өтешов жаңа құрылымның рөлі мен міндеттеріне, ҮЕҰ-ларды гранттық қаржыландыру жүйесіне тоқталды. «Қазақстан – 2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев ұйым әлеуметтік жобаларға жете мән бере бастағанын айтып, бұл бағыттағы ұсыныс-пікірлер ескерілетінін жеткізді.

Жиын барысында сөз алған «БҚО Азаматтық альянсы» қауымдастығының президенті Әлия Сәлиеваның айтуынша, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы ішінде Ақ Жайық өңірінде де коммерция-лық емес сектор, соның ішінде азаматтық альянс жақсы дамып, көпшілікке кеңінен танылды. Соңғы жылдары БҚО Азаматтық альянсы ірі республикалық мемлекеттік жобаларды орындаумен қатар, әлемдік деңгейдегі іс-шараларға да атсалысуда. Олар сондай-ақ ҚР Дін және азаматтық қоғам министрлігімен және БҚО бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментімен серіктес болып табылады. Облысымыздағы ҮЕҰ-лар негізінен экологияны, балалар мен әйелдерді, бизнесті қорғауды, кедейшілікпен күресті, аурулардың алдын алуды, білім мен ғылымды, салауатты өмір салтын дамыту бағытында қызмет етуде.

Жиын соңында белсенді жұмыстарымен танылған ҮЕҰ өкілдері облыс әкімінің алғысхаттарымен марапатталды.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

“Орал өңірі”

Суреттерді түсірген Т. ТОҚМАМБЕТОВ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика