Мұрағат: 27.10.2016


1916 жыл оқиғасы

Күні: , 209 рет оқылды

%d1%82%d0%b0%d0%bc%d0%b8%d0%bc%d0%b4%d0%b0%d1%80-%d1%81%d0%b0%d1%84%d0%b8%d0%b5%d0%b2 %d0%bc%d1%96%d1%80%d0%b6%d0%b0%d0%ba%d1%8b%d0%bf-%d0%b4%d1%83%d0%bb%d0%b0%d1%82%d0%be%d0%b2


Қолымызға 1916 жылғы Июнь жарлығы, қазақ жігіттерін майданға алу кезіндегі оқиғалар жөнінде тамаша естелік түсті. Авторы – қазіргі Батыс Қазақстан облысы Қазталов өңірінің тумасы Тамимдар Сафиев. 1919 жылдары «Дұрыстық жолы», «Ұшқын» газеттерінің алқа мүшесі болған, Қарақалпақ АССР-інде әдебиет саласында көп жыл еңбек етіп, өмірінің соңғы жылдарында Мәскеуде тұрған Тамимдар Сафиевке өмірбаяндық естелік жазуды қолқалаған – белгілі ғалым, қазақ тарихын жинақтауға бүкіл өмірін арнаған Мұстафа Ысмағұлов екен.


Төмендегі естелік Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұрған М. Ысмағұлов қорынан алынды. Араб әрпімен жазылған, бірнеше дәптерден тұратын естелікті оқып, қазіргі әліпбиге түсірген — Бөкей ордасы тарихи-музей кешенінің ғылыми қызметкері Гүлмару Мырзағалиева.

1916 жыл

%d0%b0%d1%85%d0%bc%d0%b5%d1%82-%d0%b0%d0%bb%d0%b8%d1%85%d0%b0%d0%bd-%d0%bc%d1%96%d1%80%d0%b6%d0%b0%d0%ba%d1%8b%d0%bf1914 жылы басталған жер жүзілік соғыс – империяшылар соғысы көпке созылды. Соғыс ылаңы 1916 жылға дейін ел арасында оншама сезілген жоқ сияқты еді. Ел әдеттегі тұрмыс күнделікті қалпында еді. Бірақ осы 1916 жылы соғыстың зардабы сезілді. Қазақтан солдат алады екен деген хабар таралды. «Ақ патша қазақтан жүз жылға дейін солдат алмаймын деп ханға уәде еткен екен, сол жүз жылы толып, 4-5 жыл өтіпті, енді солдат алатын болыпты» деген алып-қашпа сөздер жайды. Бұл ылаңменен қатар 1916 жылы елге керек қайбір нәрсе-қара қымбаттады. 14 тиын тұрған талон 15-16 тиын болды, тағы сондай қымбаттаған нәрсе-қаралар болды. Тағы бір заттардың кеміс болып, жетпеуі басталды. Елден басын кесіп, өлшеп мал алу болды. Бұрынғы күміс ақша орнына 15-20 тиындық марка шықты. Тағы-тағы сондайлар болды. Бұл жағдай белгілі ел арасына түрлі өсек үшін хабарлардың таралуына, халықтың әр комиссияға құрақ тұруына (ұшуына – ауд.) алып келді.

1916 жылғы Июнь жарлығы елге тым қатты тиген жарлық болды. Июнь жарлығы елдің зәресін ұшырды. 19 бен 30 жастардың арасы жігіттер соғыс майданының шебіндегі жұмысқа алынады деген хабар, әсіресе, жастарды қорқытты. Әкім қара Қызыл үйге (ол уақытта болыс кеңсесі қызыл үй деп аталатын) жиналып, тізім алу басталды. Істеп жатқан жұмыстарын тастап, бағып отырған малын қойып, 19-30 жас арасындағы жастар атқа мінді, лек-лек болып, топ-тобыменен ауыл, елді аралады. Елмен қоштасамыз деп қыдыру басталды, бірқатарлар бұл жұмысқа барудан қалай қаламыз, қайткенде құтыламыз деп, қалай бас қорғаудың шарасын іздеуге кірісті. Тізімге жазылмаудың шарасын іздеді.

Менің Орынборда оқып жүрген кезім, жаз ауылға келіп, үйде болған уақытым еді. Бір күні атқа мінген 20-30 атты Июнь жарлығы бойынша тізімге ілінгендер, маған келді. Қатар құрбы жігіттер маған «Неғып отырсың? Солдат болдық, соғысқа кететін болдық. Жүр, атқа мін. Елмен қоштасамыз, тағы басқа не шаралар бар, көреміз» десті. Тізімге іліккендер қатарында мен де бар едім. «Жақсы, мен де сізге қосыламын» деп, жігіттерге уәде берсем де, ауылымыздан 10-15 шақырымдай жердегі Талөпкеге (қазіргі Қазталов селосы, Батыс Қазақстан облысы — DK) бардым. Болыстың әкімдері қызыл үйде емес, Талөпкеге жиналған екен. Тізім сонда жазылып жатыр екен. Азын-шоғын орысша жазу білетін едім. Мені де тізім жазуға отырғызды. Өзімнің тізімге кіргенімді көрдім. Қалу шарасы парасыз, тамыр-таныссыз болмайтын түрі көрінді. Сөйтіп, ауылға қайттым. Енді бас қорғаудың шарасын көрмекші болдым. Орынборға барып мектеп арқылы отсрочка ала аламын ба, қалай болады деп соны ойладым. Бұл Орынборда татар медресесінде оқып жүрген кезім еді. Ағайын-туысқандармен кеңесіп, август айының ішінде Орынборға жүріп кеттім. Бұл, бір жағынан, қашқын болғаным еді.

Орынборда Ол кезде Орынборда «Қазақ» газеті шығады, редакторы Ахмет Байтұрсынов, қызметкері Міржақып Дулатов, бұлармен таныстығым бар еді. Орынборда оқудағы шәкірттер болып жұма күндері редакцияға барып, «Қазақ» газетасын поштаға тапсыру, адресін жазу жұмыстарын істеп, жәрдемдесетін едік. Орынборда оларға барып сөйлесіп көрдім. Майдан жұмысынан қалу жөнінде олардан мені тыныштандырғандай жәрдем болмады. Сөйтіп жүргенде бір күні қыста медреседе бірге оқыған сабақтасым Кітабов деген бір татар жігітін ұшыраттым. Хал-жағдайды сөйлесіп, түсініскеннен кейін ол маған былай деді: «Менің жездем осы Орынборда қазынаға (әскерге) ет тапсыратын болып договор жасады. Қаланың шетіндегі бір бойняны (мал соятын) арендаға алды. Соған рабочийлар, қызметкерлер керек, оған жұмысқа кіргендер соғысқа майданға бармайды. Отсрочка беріледі. Мен соған жұмысқа жазылып, солдаттан уақытша қалатын болдым. Жүр, барып сөйлесейік, маған көмекші болып жұмысқа кір, отсрочка аласың» — деді. Айтқанындай, мені апарып, жездесі Уахидов деген байға таныстырды, жұмысқа орналастырды. 15-20 күн өткенде Астрахан губернаторынан маған алты айға отсрочка да келді. Енді көңілді бірлеп жұмысқа кірістім. Енді бір тынышымды алған нәрсе мынау болды: тізімге кірген жігіттерден қашып кеткендер болса, оның әкесін, ағайындарын солдатқа айдайды екен деген хабар болды. Соның үшін жұмысқа орналасқанымды, отсрочка алғанымды, қай жерде екенімді айтып Талөпкеге, үйге хат жазып, хабар еттім. Кеңселерге білдірдім, сентябрьдің ішінде Талөпкеде тұратын Мифтахиддин Уәли деген бір жолдастан хат алдым. Ол Талөпке елінің жағдайын былай суреттейді: «Ел жылау-сықтауда, әсіресе, еңбекшілерге қиыншылық түсті. Астрахан, Ордадан адамдар (чиновниктер) келді. Жергілікті правитель Мерәлі Қарабаев, оның төңірегіндегілер ойларына келгендерін істеп, елді зарландыруда. Күні-түні арақ ішу, карта ойнау, адам саудасы, пара алу болып жатыр. Карта ойынына ақша орнына адам (жігіт), банкіге адам қоятын болды. Біреуі банкке бір жігіт қойдым десе, енді біреуі мен бір жігіт жүрдім дейді. Жігіттің құны 200-ден 500 сомға дейін барды. Байлар балаларының орнына кісі жалдап жіберіп жатыр. Көбісі пара беріп алып қалып жатыр. Елдің көз жасы төгілуде. Жігіттердің бірқатары жөнелтілді», — деген.

Ал енді Орынбордағы жағдайға келсек, бұнда да Уахидов деген байдың саудасын көрдім. Айлық төлеп рабочий алудың орнына, байға ақша төлеп, жұмысқа орналасушылар аз болған жоқ. Байлардың балалары Уахидов байға 100-200 сом төлеп, рабочий болып кіріп жатты. Мен өзім тамыр-таныс арқылы 15 сом айлық (жалақы) алып, конторында жұмыс істедім.

Август айының ақыры сентябрьдің бас шамасы болар деймін, Орынборда Торғай облысының бас көтерген ақсақалдарының жиналысы болды. Жиналысқа Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұхамедияр Тұңғашин қатынасты, Торғай облысынан келген болыс старшина ақсақалдар келді. Жиналыс ашық, мен де бір тыңдаушы болып жиналысқа кірдім. Жиналыста қаралған мәселе соғыстың кейініндегі қара жұмысқа адам беру, оны қалай ұйымдастыру, Июнь жарлығын қалай орындау болды.

Әлихан Бөкейханов сөз сөйлеп, Ресей халқының соғысқа қатынасын, бұл кездегі жағдайды айта келіп, соғысқа татар, башқұрт тағы басқа ұлттардың қатынасын айтып, енді қазақ халқының да шетте қалуы қолайсыз, Отанымызды қорғау керек, майданға баруымыз керек деген сөздерді айтты, басқа бірқатар адамдар Әлиханның сөзін мақұлдады. Бірақ Торғай облысынан келген бір-екі ақсақал: адам бере алмаймыз — деп, өздерінің дәлелдерін айтып өтті. Қысқасы, жиналыс адам беруді мақұл көріп, соны ұйғарды. Сонымен жиналыс тарады.

Бұрыннан «Қазақ» газетасының қызметкерлері, редактор Ахмет Байтұрсыновпен таныс едім. Оқып жүргенде «Ақас» деп үйіне барып жүрген уақыттарым да бар еді. Бір күні Байтұрсыновтың үйіне бардым. «Қош келдің!» — деп шайға отырғызды. Оның үйінде Әлихан Бөкейханов отыр екен. Ахмет мені Әлиханмен таныстырды. Бұрын «Қазақ» газетасында «Қыр баласы» деген атпенен жазылған мақалаларын оқысам да Әлиханмен таныстығым жоқ еді, көрген де жоқ едім. Осы бірінші ұшыратуым болды. Орта бойлы, жалпақ бетті, нық денелі, ауыр сөзді адам екен. Әлихан менен Бөкейде болып жатқан жағдайды сұрасты. «Жігіт беру қалай жүріп жатыр, елдегі азаматтар бұл іске қалай қарайды, Жәңгір ханның туысқан Шәңгерей князь не дейді екен, Бөкейхановтардың пікірі қалай екен» деп сұрасты. Мен Бөкейде болып жатқан жағдаймен оншама таныс болмасам да, білгенімді айттым, көргенімді білдірдім. Әлихан сол кездегі жағдайды сөйлеп, жігіттердің майданға кетіп (ж)атырғанын айтты. Көзі ашық, оқыған азаматтар да бару керек, өз ұлтының қамын ойлау керек, көптен қалмау керек деп сөздерін айтты, сөйтіп тарадық. Мен жұмысымда жүрдім. Орынборда шығатын «Қазақ» газетасын үзбей оқып тұратын едім. Бір күні газетада мынадай хабарды (мақаланы) оқыдым. Мақалада: Қазақ рабочий партияларының майданға қара жұмысқа кетіп жатқанын, сол қазақ рабочийлардың бір бөлігін земгор (Земский городской союз) деген ұйымының өз қарауына  алатынын, ал сол қазақ рабочийларға басшылық еткендей, переводчик болғандай қазақ жастарын сол ұйымның қызметке шақыратынын айтқан. Жұмыс жағдайы қолайлы, жалақысы жақсы делінген. Сол жұмысқа оқыған жастар, көзі ашық азаматтар баруы керек екені айтылған.

Сол газеттегі мақаланы оқумен Ахмет Байтұрсыновқа бардым. Ахмет Байтұрсынов жай-жағдайын толық түсіндірді. Ел азаматы қалмай майданға жіберіліп жатқан уақытта көзі ашық, оқыған жігіттеріміздің шетте қалуы жөн емес. Көппен бірге болу керек, жұмысқа бару керек деп, менің ұлтшылдық сезімімді жаман қыздырды. Өзіммен бірге оқыған Хайретдин Болғанбаев деген бір жігіт сол Орынборда екен. Ахмет маған оның сол жұмысқа жазылып кеткенін, қазақшыл Хасенғали дейтін бір татар бар еді. Оның да кеткенін маған айтты. «Сен де бар солардан қалма» деді. «Мәскеуде шығып тұрған «Сөз» газетасы бар, соның редакторы Гаяз Смақов деген бар, соған хат жазып қолыңа беремін. Қазір Әлихан Бөкейханов та Мәскеуде, оның адресін беремін, Мәскеуге баруыңмен Болғанбаев жолдасыңды, қазақшыл Хасенғалиды тауып аласың, солармен бірге қазақ рабочийлардың ішінде бірге жұмыс қыласыздар» деді.

(Жалғасы бар)


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика