Мұрағат: 26.10.2016


Банкнотқа байқау

Күні: , 63 рет оқылды

%d1%82%d0%b0%d1%83%d0%b5%d0%bb%d1%81%d0%b8%d0%b7%d0%b4%d0%b8%d0%ba-25-kz


ҚР Ұлттық Банкі ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасының ұлттық ақшасы – теңге банкноттары мен мәнеттерінің үздік дизайн үлгілеріне байқау жариялады.


Байқау ережесі бойынша 6-14 жас аралығындағы балаларға сурет, ал жоғары оқу орындарының студенттеріне эссе байқауына қатысып, бақтарын сынауға болады. Конкурс 2016 жылдың 7 қазан — 15 қараша аралығында өтеді. Конкурстың қорытындылары ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына дейін шығарылады.

Конкурстың мақсаты – ҚР Ұлттық Банк қызметін, оның ішінде Банкнот фабрикасының және Қазақстан теңге сарайының қызметін танымал ету, балалардың білім деңгейін арттыру. Эссе конкурсы студент жастардың Ұлттық Банктің және тұтастай алғанда, қаржы нарығының қызметіне, тәуелсіз Қазақстанның тарихына қызығушылығын арттыру мақсатында өткізіледі. Эссені мынандай тақырыптарға жазуға болады: «Ұлттық валютаның Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің қалыптасуындағы рөлі», «Ұлттық валютадағы тұлғалар тарихы», «Қазақстандағы индустрияландыру және экономикалық өсу», «Қазақстанның әлемдік қаржы жүйесіне ықпалдасуы», «Қаржы секторының тәуелсіздік жылдарындағы дамуы және жетістіктері».

Қосымша ақпаратты мына телефондар арқылы алуға болады: +7(727) 2704585, +7(727) 2704697, e-mail: press@nationalbank.kz, www. nationalbank.kz.


«Өркендегі» мал ұрлығы ашылған жоқ…

Күні: , 99 рет оқылды

pri_3868


Сейсенбі күні орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында «Жергілікті полиция қызметінің қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмыстық ахуалды қалыпта ұстау бағытында атқарған жұмыстарының барысы» тақырыбында баспасөз-конференциясы өтті.


Жиында БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы Манарбек Ғабдуллин тақырыпқа сай баяндама жасап, журналистердің қойған сауалдарына жауап берді.

Манарбек Серікқалиұлының айтуынша, жергілікті полиция қызметінің негізгі міндеттері көшеде және басқа да қоғамдық орындарда құқықтық тәртіпті сақтау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтың алдын алу болып табылады. Жергілікті полиция қызметкерлерін өзге функцияларды орындаудан босатудың нәтижесінде кейбір жұмыс көрсеткіштері елеулі түрде жақсарған. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың басынан учаскелік полиция инспекторлары және кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспектор-ларының жеке іздестіруімен ашылған қылмыстардың саны өткен жылмен салыстырғанда 13,5 пайызға (1631-ден 1852-ге дейін), патрульдік жасақтардың қатысуымен ашылған қылмыстардың саны 23,1 пайызға (1466-дан 1805-ке дейін) артқан.

Қылмыстың жалпы саны өскеніне қарамастан, оң нәтиже ретінде ауыр және аса ауыр қылмыс түрлерінің саны 22,9 пайызға төмендегенін атап айтқан жөн.

Оның ашылуы 88,1 пайызды құрап, республика бойынша СҚО-дан кейін екінші болып тұр. Қылмыстардың тіркелуі бойынша бұзақылық 28,1 пайызға, тонау саны 11,1 пайызға төмендеген.

Облыс орталығындағы учаскелік полиция пункттерінің аумағына «Қауіпсіз аула» жүйесі бойынша 103 бейнебақылау камералары орнатылса, ағымдағы жылы облыс орталығына қосымша 172 бейнебақылау камерасын орнату туралы тапсырыс өз қолдауын тапқан. Жергілікті полиция қызметінің басшылығы тарапынан ауылдық округтерге бару арқылы жеке азаматтарды қабылдау іске асырылады. Жыл басынан бері облыстың жергілікті полиция қызметі бастығының қабылдауында түрлі мәселелер бойынша 72 азамат болған. Ауылдық жерлерге бару арқылы азаматтарды қабылдау болашақта да жалғасын таба бермек.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»

 

Саида ТӨЛЕГЕНОВА,

«Приуралье» газеті:

— Кейде мүлдем төзбеушілік қағидаты бойынша түнгі мезгілде тәртіп сақшыларына қоңырау шалуға тура келеді. Полицейлер оқиға орнына жеткенше тәртіпбұзушылар бой тасалап үлгеруі мүмкін. Осындай жағдайда полиция қызметкерінің оқиғаны хабарлаушыдан түсініктеме сұрауы қаншалықты заңды?

 

Манарбек ҒАБДУЛЛИН,

БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы:

— Тұрғындардан шақырту түскенде жедел түрде оқиға орнынан табылу – біздің қызметтік басты міндеттеріміздің бірі. Әрі қарай орын алған жағдайлар бойынша толыққанды материал жинақталуы талап етіледі. Сондықтан қажет деп табылған жағдайда куәгерден түсініктеме алумен қатар ол сотқа да шақырылуы мүмкін.

 

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі» газеті:

— Осы қазан айының ішінде «КТК» телеарнасынан Зеленов ауданына қарасты Өркен ауылындағы мал ұрлығы туралы ақпарат берілді. Бұл қылмыс ашылды ма? Оған байланысты қандай жұмыстар жүргізілуде?

 

Манарбек ҒАБДУЛЛИН:

— Қазіргі таңда жеті бас ірі қара қолды болған аталмыш оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Ол қылмыстық іс бойынша алты жәбірленуші, яғни алты арыз иесі бар. Бүгінде жедел іздестіру жұмыстарын жүргізудеміз. Әзірге қылмыс ашылған жоқ. Оның ашылуы облыстағы ішкі істер департаменті басшылығының бақылауында. Қылмыс ашылған жағдайда нақты ақпарат береміз.

 

Алмагүл ЖАНПЕЙІСОВА,

«Қазақстан – Орал» телеарнасы:

— Қазталов ауданындағы мұғалімнің мектеп оқушысына дене жарақатын салғаны және оған қатысты қандай шара алынып жатқаны туралы айтып берсеңіз?

 

Манарбек ҒАБДУЛЛИН:

— Төртінші қазан күні Қазталов ауданының Қараоба ауылында алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі футбол ойнау кезінде оқушының шап тұсына зақым жасаған. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тексерілуде.


Ауылдағы асар

Күні: , 51 рет оқылды

20161015_110645


Теректі ауданына қарасты Әйтиев ауылы Орал қаласына жақын Жайық өзенінің жағасында орналасқан. Табиғаты өте көркем ауылдың жанынан Орал – Ақсай тас жолы өтеді.


Бұрылыстағы 1,5 шақырымдай автожолдың қатты жабындысының беті тозып, ойдым-ойдым болып жатқанына көп жылдың жүзі болды. Әсіресе, көктемгі және күзгі уақытта сапасыз жолмен жүру тұрғындарға өте қиын тиеді. Сол кезеңде қаламен күніне үш мезгіл қатынайтын №77 автобус та ауылға кірмейді. Тұрғындар мал бағып, ет-сүт өнімдерін қалаға апарып, сауда жасайтынын ескерсек, әсіресе, жасы келген егде адамдар үшін жаяу жүріп қоржын-қаптарын арқалап кету оңай іс емес.

Биыл қазан айында ауылдың белсенді азаматтары бастама көтеріп, Ақсуат ауылдық округінің әкімі Л. Есқалиевадан жолды жөндеуге қолдау көрсетуін сұраған еді. Көп кешікпей ауыл басшысы жолдың шұңқырларына төсейтін әктас пен ескі асфальт қалдықтарын тауып беретінін айтты. Алайда жолды толық жөндейтін техниканың жоқтығы қолбайлау болды. Жеке кәсіпкерлер көмектесуге құлық таныта қоймады. Бірақ ауыл тұрғындарына бұл қиындық кедергі болмады. Ауыл ақсақалдары бас болып, кәрі-жасы түгел жұмылып, бірі әкті арбамен тасып, бірі кетпен-күрегін әкеліп, өз күштерімен жол жөндеуге кірісіп те кетті. Білетіндер әктастың саз секілді езілмей, су тиген сайын сіресіп қата беретінін айтады. Ауыл әкімі тұрғындар сұранысына орай тағы да жол құрылысына қажет материалды тауып беруге уәде етті. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп халқымыз бекер айтпаған. Құзырлы мекемелерге телміріп, көмек күтіп отырмай, тау-тау болып үйіліп жатқан әктастарды бірнеше күннің ішінде жол бойына төсеп үлгерген ауыл тұрғындарының бірлігі мен қариялардың көрегендігі қоғамға үлгі ретінде атап өтуге тұрарлық.

Жандос ЕСЕНӘЛИН,

Әйтиев ауылы,

Теректі ауданы


Теректінің төріндегі той

Күні: , 53 рет оқылды

115465416546951


Теректі жұрты таяуда аудан күнін атап өтті. Мерекеге келген қонақтарды аудан әкімі Мұрат Рахметов қабылдап, ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырды.


Содан кейін меймандар Достық үйіне келіп, этномәдени орталықтардың өнерлерін тамашалады. Бүгінгі таңда мұнда алты этномәдени орталық орналасқан. Олар Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай көптеген игі шаралардың ұйытқысы болып келеді. Келушілер алдында әр этномәдени орталықтың өкілі өздерінің жылдар бойы атқарған жұмыстары туралы баяндады. Сосын мерекеге келушілердің назары дала қызықтарына ауды. Күннің суықтығына қарамастан дала қызықтарына халық көп жиналды. Ауыл шаруашылығы көрмесіне әкелінген асыл тұқымды төрт түлік көпшіліктің назарын тартты. Аталмыш көрме мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне ауданымыздағы барлық қожалықтар атсалысты. Олардың арасынан «Чапаев асыл тұқымды мал зауыты» ЖШС, «Ақас» агрофирмасы» ЖШС, «МТФ-ОП» ЖШС, «Айсұлу», «Махорин», «Жақсымбетов», «Идиятова», «Шарақап» шаруа қожалықтары, «Адилова», «Монич» жеке кәсіпкерлерін атап өтуге болады. Жәрмеңкедегі бағалардың төмендігі халықтың көңілінен шықты. Олар картоптың, пияздың, қырыққабат пен сәбіздің келісін 70 теңгеден, ет өнімдерінің  әр келісін 1000 теңгеден саудалады.

121541851210Тойға жиналған ағайынның назарын сайын дала төсіндегі үлкен сахна өзіне бұрды. Сахна шымылдығы аудандық мәдени-демалыс орталығы жанынан құрылған «Дат» театры дайындаған қойылымымен ашылды. Тойдың басталғанынан хабар берген жаршы, ақындар мен батырлар кейпіндегі өнерпаздар, мың бұралған бишілер мен күміс көмей әншілер дүйім жұртты өзіне қаратты.

Шарада сөз алған аудан басшысы Мұрат Мұқаев, барша аудан тұрғындары мен қонақтарын мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

— Теректі ауданы — талай тұлғаның кіндік қаны тамған қасиетті мекен. Бүгін осы ауданымыздың мерекесін Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен орайластырып тойлағалы отырмыз. 1933 жылы құрылған ауданымызда 15 ауылдық округ, 52 елді мекен, 40 мыңға жуық халық бар. Әр жылы өз жетістіктеріміз арқылы еліміздің гүлденуіне үлес қосып келеміз. Мысалы, биылғы жылы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 7 млрд. 15 миллион теңгені құрады. Егіннің көлемі 111 мың 343 га жетті. Аудан бойынша 3647 асыл тұқымды мал бар. Оның 3057-сі етті, 590-ы сүтті бағытта. Басқа салаларда да жетістіктеріміз жетерлік. Бүгінгі таңда аудан орталығындағы Бейбітшілік көшесінің жолы жөндеуден өтуде. Сонымен бірге Жайық-Покатилов ауылдары арасындағы жолды ретке келтіру де ойда бар. Бұл жұмыстардың барлығын халық қолдап, құп көріп отыр. Осы жетістіктердің барлығы Тәуелсіздіктің арқасы, Елбасымыздың көреген саясатының жемісі деп білеміз, — деді Мұрат Рахметұлы өз сөзінде. Халыққа ақ тілектерін білдіргендердің қатарында әр түрлі жылдары ауданның басшылық қызметтерін абыроймен атқарған А. Попов пен В. Савченко да болды.

5415210321Құттықтаулар легінен соң шараны жүргізуші ат бәйгесінің басталатынын хабарлады. Бәйге десе, делебесі қозар қазақ аттың сырын жақсы білетіні бағзыдан белгілі. Тұлпардың құлағында ойнаған шабандоздар сөреге қарай ағылды. Тұяқтары жер тарпып, бір орында тұра алмай тыпыршыған арғымақтар халықтың қиқуынан күш алатындай. Сонымен, 12 шақырымға ұласатын құнан бәйге басталып кетті. Өз жүйріктеріне қолдау білдіргендердің дауысынан құлақ тұнады. Бәйге нәтижесінде Қоғалытүбек ауылынан келген Махамбет Жұбандықовтың «Боран» есімді сәйгүлігі үздік үштікке ілініп, 50 мың теңге көлеміндегі сыйақыға ие болды. Ал екінші орын мен 100 мың теңгенің сертификаты Федоров ауылының «Аймаңдайына» бұйырса, құнан бәйгенің бірінші орнын ақжайықтық Асқар Аманбаевтың «Қазынасы» еншіледі. Жеңімпазға 200 мың теңге табысталды. Жүйріктің жүйрігі анықталар 24 шақырымдық аламан бәйгеге 10 шабандоз қатысты. Аламанда үшінші орын мен 75 мың теңге сыйақыны ақсоғымдық Алтай Ақшолақовтың «Мырзаторысы» жеңіп алды. Ал Ақжайық ауданы, Тайпақ ауылынан келген Ғұбайдолла Биғазиевтің «Кермаралы» екінші орыннан көрініп, 150 мың теңгеге ие болса, ал оның «Құлагерінің» шашасына шаң жұқпай, жүйрік атанып, 300 мың теңгені қанжығасына байлады.

Аудан күніндегі спорттық жарыстардың көрігін «Түйе балуан» сайысы қыздыра түсті. Белдесу қорытындысында республикалық «Қазақстан барысы» турнирінде облыс намысын қорғаған жерлесіміз Олжас Сүлейменовке тең келер ешкім болмады. Жеңімпаз аудан әкімінің орынбасары Алтай Тоқжановтың қолынан 100 мың теңгенің сертификатын алды. Қой көтеру сынында аудандық БЖСМ-ның оқушысы, 16 жасар Төлеген Тілепқалиев жеңімпаз деп танылды.

Мерекеге орай аудан әкімі ауыл шаруашылығы саласында еңбек көрігін қыздырып жүрген озаттарды марапаттады. «Үздік малшы» аталымында Есентемір Мендияров («Ақас» агрофирмасы» ЖШС) және Өркен Тілепбергенов («Чапаев асыл тұқымды мал зауыты» ЖШС), «Үздік механизатор» аталымында Тынышқали Бекжанов («Бақыт» шаруа қожалығы) және Бауыржан Жанәлиев («Прогресс» шаруа қожалығы), «Үздік комбайншы» аталымында Асқар Абдулов («Мәдиев» шаруа қожалығы), Михаил Кортунов («Ақас» агрофирмасы» ЖШС) және Арман Аянғалиевтың («Прогресс» шаруа қожалығы) еңбектері ескеріліп, бағалы сыйлықтарға ие болды.

Теректінің төріндегі жасампаз еңбек мерекесі аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Күлімхан ТАСЕНОВА,

Әділет ОРЫНБАСАРОВ,

Теректі ауданы


Н20: Құбыр / Құдық = ?

Күні: , 711 рет оқылды

dsc_1178


Құм Нарынның жиегіндегі Бисен ауылдық округінің орталығына «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы ауыз су тартылғанына екі жылдан асыпты. Бүгінде ауылдағы 377 тұрғын үйдің 300-ге  жуығының ауласына ауыз су кіріп те тұр. Әйтсе де, тұрғындардың дені ауласына, тіпті қайсыбірінің үйіне дейін тартылған суды ішуге жарамсыз деп отыр.


Оқырмандарымызға ұғынықты болуы үшін ауыл тұрғыны Әбілғазы Шыңғалиевтің редакциямызға жолдаған хатынан үзінді келтірейік.

«… 2006 жылы «Таза су» бағдарламасы бойынша ауылдан екі шақырым жерден жер асты су қоры табылып, екі скважина қазылды. Су мұнарасы орнатылып, бассейні бар тұрғындарға автокөлікпен су тасылып тұрды. 2014 жылы «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша ауылішілік құбырлар тартылып, әрбір үйге су кіргізілді. Ауыл тұрғындары бұл суды ауыз су ретінде пайдаланбайды, тек ыдыс-аяқ жууға, мал суаруға, моншаға, яғни техникалық су ретінде пайдаланады. Бұл суды тұрғындардың он пайызы ғана (мүмкіндігі жоқ кәрі адамдар, мектеп-интернат балалары) пайдаланып отырса, тоқсан пайыздайы ауыз суды бұрынғыша құдықтан тасып ішіп отыр. Бұл жөнінде бірнеше рет облыс әкіміне хат та жаздық, бірақ ол хаттар өңір басшысына жетпейтін сияқты. Өйткені біздің хатымызға берілетін жауап, ести-ести жауыр болған «судан сынама алынып, зертханада тексеруден өтті, су ішуге пайдалы» деген сыңайлы аудан әкімінің жауабын қайталау ғана. Халық ішпейтін суды зертхана арқылы зорлап ішкізгісі келеді. Біздің сұрайтынымыз, бұрын кеңшардың екінші бөлімшесі болған Жиекқұм ауылына «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша «Хамза» су қорынан су берілген болатын. Ондағы су қоры Бисен ауылын қамтуға жететін көрінеді. Соған қосуды сұрап жүрміз, бірақ оған жергілікті билік құлақ асатын емес.

Бауыржан Файзоллаұлы! Ауыл тұрғындарының ауыз суға байланысты көріп отырған қиыншылығын жоғарғы билікке жеткізу үшін сіздің газеттен көмек сұраймыз. Ол үшін ауылға халықтың ауыз суға деген ой пікірі мен көзқарасына көз жеткізу үшін журналист (тәуелсіз журналист) жіберуіңізді сұраймыз.

Кездесуден кейін газет бетінде жарияланса, облыс әкімінің назарына ілігер еді. Бұл біздің соңғы үмітіміз. Мәселе облыс әкімі тарапынан қолдау тауып жатса, тұрғындар ауыз су азабынан құтылып, шелектеп су тасымас еді. Қазіргі жағдайда «Ақбұлақ» бағдарламасы бисендіктер үшін «көзбояушылық» болып отыр.

Қажет болып жатса, журналистің жолақысын көтеруге де әзірміз, әңгіме біздің жағдайымызды көлемді мақала етіп газет бетіне шығарса болғаны, келіп жатса, хат иесіне жолықсын.

Сәлеммен тұрғындар атынан: зейнеткер,

оқырман Әбілғазы Шыңғалиев,

Бисен ауылы, Бөкей ордасы ауданы

08. 2016 жыл.

Кезекті іссапар барысында Бөкей ордасы ауданының әкімі Н. Рахымжановқа аталмыш хаттың көшірмесін ұсынып, пікірін сұрап көргенбіз.

— Иә, біз бұл мәселеден хабардармыз. Хат иесі сіздерден бұрын облыс басшысына, ҚР Парламентінің депутаттарына да осы мәселені қаузап жазған болатын. Жиекқұм мен Бисеннің арасы 25 километр, мұндай қашықтыққа ауыз су тартқызу көп қаржыны қажет етеді. Оның үстіне Бисенге «Ақбұлақ» бағдарламасы 2014 жылы ғана қосылған. «Ақбұлақ» қондырғысында апатты жағдай орын алып, бірер күн су тоқтап қалғанда, тұрғындар бізге хабарласты. Яғни ол судың да қажет болып тұрғаны. Әрине, тұп-тұщы деп айта алмаймын, бірақ ішуге келетіндігін сала мамандары әрдайым растауда, — дейді аудан басшысы.

Аудан басшысының пікірін білген соң Бисен ауылындағы «Ақбұлақ» бағдарламасына баланатын құбыр суының адам ағзасына қаншалықты зиянды-зиянсыздығын білмек оймен мамандарға жолықтық.

— Негізі тәртіп бойынша судан тоқсан сайын сынама алуға тиіспіз. Ал біз ай сайын бактериологиялық және санитарлық-химиялық сынама алып, сараптама жүргізіп отырамыз. Бисендегі құбыр суының сынамасын да жиі тексерудеміз. Сараптама көрсеткіштері қалыпты. Бисендік тұрғындар шағымданған соң, Орал қаласындағы зертханаға жіберіп, тексерістен өткізіп алдық. Облыстағы мамандар да біздің сараптаманы растады, — дейді аудандық тұтынушылар құқығын қорғау бөлімшесінің жетекші маманы Ерлан Жұмағалиев.

Аудан орталығынан шығып, Бисенге жол тарттық. Округ әкімі Қайырсапа Саматов қызмет орнында екен. Ауылдың тыныс-тіршілігімен аз-кем құлағдар болған соң, келген шаруамызды жайып салдық.

— Е-е, сіздерге де жазған екен ғой. Осы мәселені жиналыс сайын тұрғындарға түсіндірудеміз. «Ақбұлақ» суының денсаулыққа залалын сезгенім жоқ, өзім де сол суды ішіп жүрмін ғой, — деді налыған кейіптегі округ басшысы.

Редакцияға жолданған хаттың иесі Әбілғазы Шыңғалиев бізді көргенде құдды алыстағы нағашысы келгендей қуанғаны. Жүріс-тұрысы ширақ қарт алдымызға түсіп алып, үй-үйді аралатты. Тұрғындарға қойған сұрағымыз, қандай суды пайдаланасыз және неліктен деген екі-ақ сауал.

Әсия ӘЛЕСОВА: — Тамақ пісіруге, шайға құдық суын тасып ішеміз. «Ақбұлақтың» суы шайға да түспейді, ащы.

Шолпан БІРМАНОВА: — Су үйімізге кіріп тұрса да, 500 метр қашықтықтағы құдық суын тасып ішеміз. Өйткені құбырмен үйге келіп тұрған су қайнатқанда, қап-қара болып кетеді.

Баймұрат ШОМАНОВ: — Құбыр суы үйіме келіп тұр. Бірақ Жиекқұмның суын сатып алып, ауламдағы бассейнге құйдыртамын. Бір цистернасы — 1200 теңге. Сол біразға жетеді.

Ерен МАҒЗОМОВ: — Аракідік қаладан 20 литрлік құтыдағы суды алдыртып ішеміз. Тамаққа негізінен ауылдағы құдық суын пайдаланамыз ғой. Құбырдың суын жеміс-жидекке құйған едік, өнім бермей қойды. Өсіп тұрған таңқурай бұталары қурап қалды.

Темірболат ЕСБОСЫНОВ: — «Ақбұлақтың» игілігін біздің ауыл тұрғындары көре алмай отыр. Сапасы жақсы болса, суарылған гүл солып қала ма? Бізді қойшы, 80-ге таяп қалдық, анау балабақша мен интернаттағы балалардың денсаулығына алаңдаймыз.

Ауылдың шығыс беткейіндегі З. Жиенәлиев көшесі тұрғындарын түгелге дерлік осы тақырыпта сұхбатқа тартқанымызда, жауаптары бір арнаға тоғысып жатты. Естуден жалыққанымызды сездірместен, айтқандарын түгел жазып алуға тура келгені. Содан соң округ әкімімен бірге Бисен ауылдық су құбыры бекетіне бет бұрдық. Аталмыш бекет Арон Кәукешов жетекшілік ететін «Сатыбалды» шаруа қожалығына сенімгерлікпен басқаруға беріліпті.

— Ауыл іргесінен 2-3 шақырымдай жерде екі бірдей су көзі бар. Негізгі су көзі резервуар арқылы осы бекетке айдалады. Арнайы қондырғыларда тазартылған суды құбырларға бөлеміз. Судың сапасын ауданнан келетін мамандар уақтылы тексеріп тұрады, — дейді оператор Қадырболат Шәкенов.

dsc_1163Осылайша аз-кем дидарласып, қондырғыларға көз тоқтатып алғаннан кейін ат басын Жиекқұмға бұрдық. Бисеннен төте жолмен шыққанда, 18 шақырымдай болса керек, бұйда-бұйда құмдарды кешіп өтіп, әп-сәтте діттеген жерімізден табылдық. Бұл елді мекендегі су мұнарасы да, қондырғылары да бисендіктердің бекетіндегідей. Өзін Серікбай Молдашев деп таныстырған жігіт ағасы осы ауылдың байырғы тұрғыны екендігін, құрылғы іске қосылғаннан бері операторлық қызмет атқарып жүргендігін, мекенде 110 тұрғын үй, орта мектеп пен балабақша барын да сұрақ қоюымызға мұрша берместен жайып салғаны.

— Жиекқұмнан жеті шақырымдай қашықтықта «Хамза» деген жер бар. Мамандар сол жерден тұщы су көзін тауып, бес ұңғыма орнатқан еді. Үш жылдан бері сол жерге барып, құдықтардағы құрылғыларды кезекпен қосамыз, қоршауларын тексереміз. Ауыл тұрғындары ауыз суға түгелдей есептегіш қондырған. Пайдаланылған ауыз су ақысын екі айда бір жинаймыз, — дейді ауылдың ақжарқын азаматы.

Келген жолымызбен кері оралып, Бисеннің бел ортасындағы құдық маңына беттедік. Әрбір ауылдағыдай қарапайым құдықтың маңында үш-төрт адам тұр. Оларға жөнімізді айтып, әңгімеге шақырдық.

dsc_1171— Құдықтағы су тез сарқылып қалады ғой. Сондықтан таңғы сағат бестен кезекке тұрамыз. Құбыр арқылы үйімізге келіп тұрған су ішуге жарамсыз. «Ақбұлақ» бағдарламасын қолға алған кезде «Жиекқұмнан» су тарттыруды неге бірден қолға алмағанына таңымыз бар, — дейді ауыл тұрғыны Жұмагерей Арыстанғалиев.

— Құбырдан аққан суды тек мал ішеді. Жерге төксең, сортаң болады. Шелекке құйып қойсаң, тат басып қалады. Интернат балаларына обал ғой. Айтуға да ұят, — деген Асылхан Өтеғалиевтің сөзін ауылдастары қоштай жөнелгені.

Көп кешікпей, иінағашқа шелектерін артқан қыз-келіншектер, ыдыстарын қоларбаға байлаған ауылдың үлкен-кішісі осы маңға жиналып жатты.

Бәрінің айтатыны бір сарында. «Халық айтса, қалт айтпайды» деген осы шығар.

Менделеевтің химиялық кестесіндегі қос элементтен құралған тіршілік көзіне байланысты Бисен ауылындағыдай жағдайды өзге ауыл-аймақ тұрғындарының да бастан кешіп отырғанын ұмытпайық. Халқымыздың «Көш жүре түзеледі», «Сабыр түбі — сары алтын» деген нақылдарын да естен шығармасақ.

Сырымбек ЖӘРДЕМҰЛЫ,

Бөкей ордасы ауданы


«Қазақстаннан» Қазақстанға

Күні: , 51 рет оқылды

100-%d0%b6%d1%8b%d0%bb-%d0%be%d1%80%d0%b0%d0%bb-%d0%be%d0%bd%d0%b8%d1%80%d0%b8-%d0%bc%d0%b5%d0%bd-%d0%bf%d1%80%d0%b8%d1%83%d1%80%d0%b0%d0%bb%d1%8c%d0%b5


Іс тігетұғын машина

Хатерлеріңізде болсын, іс тігетін машинаның ең жақсысы һәм ең мықтысы «Зингер» атды кампанианың мағазиндарында ғана саналады. Хақдары арзан, 20 сомдықдары да бар, һәм несиеге де сатылады. Айға бір сомнан йаки екі сомнан беріб тұрсаңыз, «Зингер» қарай береді. Және бір файдасы, машине алған адамдардың хатуны иаки қыз балалары кесте тігісін үйренгілері келсе, «Зингер» бір тиын ақша алмай, түрлі әдемі кесте тігулеріні үйретіб шығарады. «Зингернің» мағазиндары барлық шаһарларда бар.


 

Бухарест

Түрік хабары бойынша Бұлғарилар шеталжедан ауған көрнеді.

 

Ішкі хабарлар

Орал қазағы падшаһ ағзам хазіретне былай деб телеграм берді:

Орал облысының қазақдары Роман тұқымының үзілмей үш жүз жыл падшаһ болыб келгеніне хайырлы болсын айтыб, падшаһ ағзам хазіретіне телеграм соқды. Және бұндай жақсылықдың құрметіне падшаһ ағзам хазрәтнан жарылқасын үмид етіб үш түрлі мақсұт сұрады: Біреуі – қарашекпенді тоқтата тұрыб, әуелі жерге қазақдың өзін орналастыруға, екінші – падшаһлық думасына қазақ халқынан депутат жіберуге, үшінші – ортамыздан мүфти сайлауға жарылғасын етіңіз дейді.

 

Хиуа ханы

Хиуа ханы падшаһлық тойының ішінде болмақ үшін Петерборгқа шыққан.

 

Жаңа казита

Орынбордан нағыз қазақ тілінде «Қазақ» атты казит шықты. Бас жазушысы «Қырық мысалды» жазған атақды ақынымыз Ахмет Байтұрсынов, ақша шығарыб бастырушы Мұстафа Оразаев деген азамат. Газетдің мақсұды қысқа айтқанда қазақға көз, құлақ болу. Газитдің жылдық бағасы 3 сом, жарты жылдығы 1 сом 70 тиын, үш айлығы 1 сом. Әуелгі нөмірі келді, жақсы шығыбты. Барлық міндет мұнда Мұстафа Оразаевта болады. Бұндай ер міндетті халықды қайғыртыб үстіне алғандығы үшін Мұстафаға көб рахмет.

Адрес: Орынбор, «Қазақ» газетінің редакциасы

(«Қазақстан» газеті, Нөмірі 2, 16 хұт, 1331 жыл, №2 16 ақпан 1913 жыл)


Батыс Қазақстан облысы: Тәуелсіздік жылдарының жылнамасы

Күні: , 47 рет оқылды

%d1%82%d0%b0%d1%83%d0%b5%d0%bb%d1%81%d0%b8%d0%b7%d0%b4%d0%b8%d0%ba-25-kz


1994 жыл

4 СӘУІР

Облыс әкімдігінің қаулысымен Орал қаласы аумағында Круглоозерный, Зашаған, Деркөл, Желаев поселкелік әкімшіліктері және ауылдық (селолық) округтер құрылды.


19 МАМЫР

Орынбор – Новопсков газ құбырынан Зеленов ауданындағы Үлкен Шаған ауылына желі тартылуына орай ауыл маңында газ алауы жағылды. Алауды ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Қадыр Мырзалиев тұтатты. Бұл аудан ауылдарының көгілдір отынға қосылуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ осы құбыр одан әрі Чапаев, Калмыков ауылдарына тартылып, Жайықтың оң жағалауындағы елді мекендерге газ жеткізіледі.

30 МАУСЫМ

Мемлекеттік меншік жөніндегі Батыс Қазақстан аймақтық комитеті облыс орталығындағы нысандарын сату жөнінде аукцион өткізді. Қысқа мерзім ішінде бастапқы бағасы 1 млн. 613 мың теңге тұратын бірнеше кафе, дүкен, қойма тағы басқа нысандар жалпы сомасы 2 млн. 175 мың теңгеге сатылды. Орал қаласында жеке сауда орындарының иелері пайда болды. Нысандарды сатудан түскен қаржы бюджетке түсіріледі.

7 ШІЛДЕ

Облысымызда етті-жүнді бағыттағы жаңа қой тұқымы жерсіндіріп өсірілуде. Ол биязы және жартылай биязы жүнді қойды Англияның «линкольн» және «ромни-марш» тұқымды қойларымен шағылыстыру арқылы алынды. Әзірге бұл қойлар Тасқала ауданындағы «Қазақстанның 40 жылдығы» атындағы асыл тұқымды совхозы мен «Қазақстан» ассоциациясында өсірілуде.

26 ТАМЫЗ

Өңір басшысы Қ. Жақыпов даниялық «Гила консалтенс» фирмасының президенті Ариэл Розенбергпен кездесу өткізді. Бұл фирма біріккен қазақ-дат «Конденсат» кәсіпорнының құрылтайшысы болып табылады. Кездесу барысында облыстың мұнай өнімдеріне деген тапшылығын тұрақтандыру үшін кәсіпорынды тезірек іске қосу мәселесі әңгіме болды.

27 ҚЫРКҮЙЕК

Қазталов ауылына табиғи газ келді. Бұл қуанышты бөлісуге көршілес

Саратов және Волгоград облыстарынан қонақтар келді. Салтанатты шарада облыс әкімі Қабиболла Жақыпов Елбасы мен Үкіметке су тасқыны зардаптарын жоюға көрсеткен көмектері үшін алғыс айтып, табиғи газ жеткізілуі ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуына зор мүмкіндік беретініне тоқталды. Сондай-ақ қолұшын берген Волгоград облысындағы Волжск турбина зауыт ұжымына және көрші Саратов облысы басшыларына да ризашалығын жеткізді. Салтанатты шараға қатысқан Саратов облысының басшысы Ю. Белых екі облыс арасындағы өзара достық, экономикалық байланыс одан әрі дами беретініне сенім білдірді.

14 ҚАЗАН

Орал қаласында облыстық диагностикалық орталық ашылды. Нысан 4 млн. доллар тұратын қазіргі заманғы медициналық жабдықтармен қам-тылған. Жыл сайын бұл жерден 30 мыңнан астам адам тексеруден өте алады. Орталықтың тиімді жұмыс істеуі үшін мамандар ТМД және АҚШ-та дайындықтан өтті.

8 ҚАРАША

«Запказэнерго» бірлестігінің Орал филиалында қаланың энергетикалық шаруашылығын басқару электронды жүйеге көшірілді. Бас компьютерге барлық трансформатор станцияларына орнатылған шағын компьютерден кеңейтілген техникалық ақпараттар келіп түседі. Электр желісі бойындағы  ақау немесе өшіп қалғаны туралы мәліметтер және пайдаланылған электр қуаты жөніндегі деректер орталыққа келіп түседі және оны ЭВМ жедел өңдейді. Бұл жаңалық кәсіпорын мамандарының жұмысын жеңілдетті.

25 ҚАРАША

Орал ЖЭО-да сағатына 12 мың киловатт электр энергиясын және  кәсіпорынның техникалық қажеті үшін 80 тонна бу өндіретін жаңа турбина іске қосылды. Бұл жаңа турбина аймақтың электр қуатына тәуелділігін азайтуға мүмкіндік берді. Енді Ресей энергожүйесінен қуат айырылған жағдайда өзіміздің ЖЭО өндіретін энергияны пайдаланып, өмірлік маңызы бар аурухана, «Су арнасы» мекемесі, наубайхана, сүт комбинаты тағы басқа нысандар электр қуатынсыз қалмайды.

20 ЖЕЛТОҚСАН

Орал өңіріне танымал коллекционер, филология ғылымдарының докторы, Орал пединститутының профессоры Мәтжан Тілеужанов Мароккода жеке авторлық көрмесін өткізіп қайтты. Қазақ халқының тұрмысында пайдаланылған көне бүйымдарды жинаумен айналысқанына 40 жыл толу мерейтойына орай өткен шарадағы сырға, күміс алқа, ілгек, домбыра, ер-тұрман, құман сынды халқымыздың бірегей көне бұйымдарын шетелдіктер жоғары бағалады.

1995 жыл

14 ҚАҢТАР

Чапаев ауылында мешіт ашылды. Аудан орталығындағы бұрынғы ауылдық кеңестің кеңсесі болған ескі ғимарат жөнделіп, жаңғыртылып, имандылық үйіне айналды. Аудан имамы Құрман Жанұзақов бүкіл мұсылмандар атынан жергілікті билік өкілдеріне ризашылығын білдіріп, бұл жаңа дін орны халықтың рухани дүниесін байытуға үлес қосатынына сенім білдірді.

22-23 АҚПАН

АҚШ-тың ҚР-дағы елшісі Уильям Х. Кортни жұмыс сапарымен Орал қаласына келді. Облыс әкімі Қабиболла Жақыповпен болған кездесуде нарықтық реформаны тереңдетуде батысқазақстандық іскерлер тобының америкалық әріптестерімен өзара ынтымақтастық орнату туралы пікір алмасылды.

2 НАУРЫЗ

Алматыда Үкімет үйінде «Аджип» (Италия), «Бритиш газ» (Ұлыбритания) мұнай компаниялары, «Гапром» акционерлік қоғамы (Ресей) және «Қазақгаз» холдингі Қарашығанақ кен орнын игеру жөнінде табысты бөлу және басқа да тиісті құжаттар туралы келісімге қол қойды.

Өндірілген өнімнің 85 пайызы Қазақстан үлесіне тиеді, қалған 15 пайыз инвесторлар арасында бөлінеді. Жылына кен орнынан 25 миллиард текше метрге жуық газ және 13 миллион тонна мұнай өндіріледі деп болжануда. Бірлесіп игеру 40 жыл мерзімге есептелген. Біріккен концорциум қосымша кен орнының әлеуметтік даму саласына белсене қатысады, сонымен қатар мұнайхимиялық кешенді құруға және инфрақұрылымды сәйкестендіруге қаржы бөледі.

6 СӘУІР

Орынбор қаласында ұлы Абайдың 150 жылдығына арналған Қазақстан мәдениеті күндері өтті. Мереке Абайдың өмір жолы мен шығармашылығына арналған ғылыми-практикалық конференциямен басталды. Одан кейін қаланың мәдениет үйінде, көшелерінде өнер шеберлерінің концерттері, спорт кешендерінде жарыстар, жәрмеңке және ақындар айтысы өтті.

Ақындар арасындағы сайыста жерлесіміз Шолпан Қыдырниязова жеңімпаз болып, тұлпар мініп қайтты.

16 ТАМЫЗ

Орал қаласында ел Президенті Н. Назарбаев РФ Үкіметінің басшысы В. Черномырдинмен кездесті. Кездесу барысында екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамыту, Кеден одағын кеңейту, Қарашығанақ кен орнын игеру, тағы басқа мәселелер сөз болды. Кездесу аяқталысымен, Нұрсұлтан Назарбаев пен Виктор Черномырдин ресейлік және қазақстандық журналистердің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатына қатысты.

Сол күні ҚР Премьер-министрінің орынбасары А. Есімов пен РФ Үкіметінің вице-премьері А. Заверюх ауыл шаруашылығы және өңдеу кәсіпорындары саласында өзара ынтымақтастық орнату жөнінде келісімшартқа қол қойды.

2 ҚЫРКҮЙЕК

Облыс әкімі Қабиболла Жақыпов бір топ Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 73 пәтерлік тұрғын үйдің кілттерін табыс етті. Осы шарада сөз сөйлеген облыс басшысы бұл ел Президентінің Отанымызды жаудан қорғаған майдангерлерді әлеуметтік қолдау жөніндегі Жарлығын жүзеге асыруда қолға алынып жатқан істердің бірі екенін атап көрсетті. 6-ықшамауданда берілген бұл үй тұрғындарына арнаулы медициналық қызметкерлер бекітілді. Сол сияқты басқа да коммуналдық қызмет салалары ардагерлерге қамқорлық жасайтын болады.

17 ҚАЗАН

Облысқа Венгрияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Иожеф Торма жұмыс сапарымен келді. Оның жұмыс сапарының мақсаты — біздің облыспен жаңа экономикалық байланыс орнату және қазақ халқының тұрмыс-салтымен жақынырақ танысу. Елші филология ғылымдарының докторы болып табылатындықтан, ол халық шығармашылығын зерттеуге ерекше көңіл бөледі. Оның жұмыс жоспарында бірқатар аудандарды аралау, талантты суретші Сәкен Ғұмаровтың шығармашылығымен танысу шаралары бар.

25 ҚАЗАН

Орал қаласының бас алаңында ұлы Абайдың ескерткіші ашылды. Ескерткіштің жамылғысын Орал қаласының әкімі Олег Рахымбердин, қаланың құрметті азаматы Петр Атоян және еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Жайсаң Ақбай түсірді.

7 ЖЕЛТОҚСАН

Тасқала аудандық телекоммуникация және пошта бөлімінің ұжымы тамаша сыйлыққа ие болды. Оларға аудан орталығының ең сәнді көшесіндегі үш қабатты ғимарат берілді. Онда пошта, телеграф, халықаралық және қалааралық телефон станциялары орналасты.


Еңбек ерінің мүсіні

Күні: , 43 рет оқылды

_dsc0018


Зеленов ауданының Шалғай ауылында Социалистік Еңбек Ері, ауданның  құрметті азаматы Вардан Чамчиянның туғанына 100 жыл толуы аталып өтілді.


1954 жылдың көктемінде Зеленов ауданына тың және тыңайған жерлерді игеру үшін бір топ жас маман келген-ді. Солардың бірі Вардан Шноркович Чамчиян 1957 жылдан бастап «Пермь» (қазіргі Шалғай) кеңшарының басшылығына тағайындалып, 22 жыл бойы ел үшін еселі еңбек етті.

_dsc0074Шалғай ауылындағы орталық саябақта еңбек ардагеріне арналып қойылған мүсінді ашу құрметі аудан басшысы Кәрім Жақыпов пен Вардан Чамчиянның ұлы Сергей Чамчиянға ұсынылды.

– Біз бүгін ауданымыздың ауыл шаруашылығының дамуына, тың және тыңайған жерлерді игеруге сүбелі үлес қосқан тұлғаның бірі Вардан Чамчиянның 100 жылдығына жиналдық. Осындай азаматтар салған сара жол ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын таба берсін. Ауданымыз облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына лайықты үлес қосып келеді. Қажырлы еңбектің арқасында биыл егіннен рекордтық деңгейдегі өнім алдық. Жыл өткен сайын жасампаз еңбекпен жайнай түскен тәуелсіз еліміз мәңгі жасасын! — деді жиында сөз алған Кәрім Кәрімоллаұлы.

Шараға жиналған қауым ауылдық клубтағы «Еңбегімен ерекшеленген жан» атты кітап көрмесімен танысып, аудан өнерпаздарының «Ердің ерлігі – ел жадында» атты концерттік бағдарламасын тамашалады.

Динара НАСЫР,

Зеленов ауданы


Шорт-тректен ширақпыз

Күні: , 47 рет оқылды

%d1%88%d0%be%d1%80%d1%82-%d1%82%d1%80%d0%b5%d0%ba3


Жуырда Алматы қаласында шорт-тректен ҚР кубогының екінші кезеңі мәреге жетті.


БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, алдағы жылы Алматыда өтетін 28-інші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада қарсаңындағы тестілеу жарысы болып есептелетін додада батысқазақстандық шорттрекшілер табысты өнер көрсетті. Ерлер арасында құрамында Әділ Ғалиахметов, Нұртілек Қажығали, Әділ Қырымгереев, Айбек Қадыров, Ғалым Хасанов бар БҚО құрамасы 5 мың метрлік эстафеталық жарыста жеңімпаз атанды.

Ал Анита Нагай, Гүлнұр Ғаниева, Нұржанар Жұмағалиева, Ғалия Жұмағазиева, Жанерке Қадимовадан құралған әйелдер командасы 3 мың метрлік эстафетада екінші орынды еншіледі.

Жекелей сында 500 метрлік қашықтықта Анита Нагай үшінші, Әділ Ғалиахметов екінші орынды иеленді. Ал 2 мың метрлік қашықтықта Әділ Ғалиахметов мәре сызығын үшінші болып қиды.

Батысқазақстандық шорттрекшілерді Максим Лозовой мен Данабек Қайыров жаттықтырады.

Айта кетейік, Орал қаласында шорт-трек спорты жақсы дамыған.

Негізінен батысқазақстандықтардан құралған ҚР ерлер құрамасы Сочи олимпиадасында 5 мың метрлік эстафеталық жарыста бесінші орынға табан тіресе, өткен жылы Анита Нагай Норвегияның Лиллехаммер қаласында жасөспірімдер арасында өткен қысқы олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанған болатын.

 Арман БОЛАТҰЛЫ


Жылқы музейі жасақталуда

Күні: , 49 рет оқылды

img_5877


«Сәйгүлік» жылқы музейін жасақтау үшін Қазталов ауданындағы Қошанкөл ауылдық мәдениет үйінен екі бөлме берілген болатын.


Бүгінде оның бір бөлмесі жабдықталды. Оны тамашалауға ауданның барлық округінен қонақтар келді. Олардың алдында сөз алған аудан әкімі Нұрлан Бекқайыр аталмыш музейді туризм кластеріне сәйкес «Көктерек» лагерімен бірге көпшілік тамашалайтын орынға айналдыру жоспарланғанын атап өтті. Жиылғандар «Ауыл айнасы» газеті редакциясы әзірлеген жылқы музейіне қатысты деректі бейнебаянды тамашалап, «Сәйгүлік» музейіне сыйлықтар мен жәдігерлер табыстады.

Жұлдыз АСҚАР,

Қазталов ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика