Мұрағат: 21.10.2016


Кентау Ақ Жайықта

Күні: , 54 рет оқылды

%d0%bd%d0%b0%d0%b7%d0%b0%d1%80%d0%b1%d0%b5%d0%ba2-001


Елімізге белгілі әнші, композитор Кентау Назарбек шығармашылық кешімен Ақ Жайық өңірін аралауда.


Жалпақ жұртқа «Мен – қазақпын», «Қазақ елі – байтағым», «Ас­­қақтай бер, Алашым», «Сый­ластық» әндерімен кең танылған композитор Кентау Назарбек – Семей өңірінің тумасы. Елі­міз­дің мәдениет саласында жауап­ты қыз­меттерді атқарып жүрген ол – жүзден астам әннің авторы. Со­­нымен қатар Қазақ ұлт­тық әдет-ғұрып, салт-дәстүр акаде­мия­­сы­ның профессоры. Ол – ұлы Абайдың 150 жылдығына ар­нал­­ған республикалық бай­қау­лар­дың жүлдегері және көп­те­ген рес­­пуб­ли­ка­лық ән бай­қау­­ла­­ры­­ның жеңімпазы. Оның шы­ғар­ма­шылығына ұстазы, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Теміржан Базарбаев, мемлекет және қоғам қайраткері, акаде­мик Мырзатай Жолдасбеков, театр жә­не өнер сыншысы, қоғам қай­рат­кері Әшірбек Сығай сынды бел­гілі тұлғалар жоғары баға берген.

Композитордың Ақжайық, Сырым, Шыңғырлау, Бөрлі аудандарын аралаудан басталған өнер сапары 25 қазан күні Орал қала­сындағы Ғарифолла Құрманға­лиев атындағы облыстық филармонияда өтетін шығармашылық кешімен қорытындыланбақ. Ком­позитормен бірге айтыскер ақын Әсем Ережеқызы, әншілер Есет Сәдуақасов және Жасұлан Мұ­са­ғали кеш иесінің шашбауын кө­теріп, ел аралап келеді.


«Рухани келісім – халықтар бірлігіне бастар жол»

Күні: , 74 рет оқылды

%d0%ba%d0%be%d0%bf%d0%b8%d1%8f-%d0%b8%d0%b7%d0%be%d0%b1%d1%80%d0%b0%d0%b6%d0%b5%d0%bd%d0%b8%d0%b5-037


Дәл осындай атаумен Рухани келісім күніне орай таяуда қаламыздағы Достық үйінде дөңгелек үстел өтті. Оған мемлекеттік құрылымдар, діни бірлестіктер мен этномәдени орталықтардың, сондай-ақ ҮЕҰ және  БАҚ өкілдері қатысты.


Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов жиналғандарды Рухани келісім күнімен құттықтап, қазақстандықтар үшін бұл мерекенің маңызы зор екенін атап өтті.

— 1992 жылдың 18 қазанында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен Бүкіләлемдік рухани конгресс өткені белгілі. Сол кезден бастап бұл күн Рухани келісім күні ретінде аталып өтіліп келеді. Елбасы өз Жолдауларында және  «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрсеткендей, біздің басты мақсатымыз – бұл  ұлтаралық жарасым мен жасампаз еңбек, бірлік пен біртектілік, — деді Марат Лұқпанұлы.

Облыстық ассамблеяның хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов бұл мереке ел бірлігін, ұлтаралық, дінаралық татулықты одан әрі дамытуға үлес қосып келе жатқанын жеткізді. «Елімізде әрбір ұлттың мәдениетін, салт-дәстүрін сақтап, жетілдіру, өздерінің төл мерекелерін атап өту үшін барлық жағдай жасалған, — деді Ғайса Қамидоллаұлы. — Бұл облысымызда да кеңінен көрініс тауып отыр. Осы бағытта өтетін түрлі шараларға барлық этномәдени орталық өкілдері ұйымшылдықпен қатысады. Содан болса керек, ұлтаралық байланысты нығайту турасында тұрғындар арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнамаға қатысқан батысқазақстандықтардың 91 пайыздан астамы өңірдегі ұлтаралық жағдайды оң бағалады».

Жиын барысында облыстық мешіттің найб-имамы Марат Асанов, Орал епархиясының өкілі протоиерей Владимир, рим-католик приходының Орал қаласындағы филиалының басшысы Петр Сакмар, христиан-пресвитериан шіркеуінің басшысы Светлана Крайникова атаулы күнге орай өз құттықтауларын жеткізді.

Дөңгелек үстелде сөз алған БҚО кәріс этномәдени бірлестігінің төрағасы Максим Пактың айтуынша, кезінде қазақ халқының құшақ жая қарсы алуынан және қазіргі Мемлекет басшысының салиқалы саясатына байланысты Қазақстандағы түрлі ұлт қазір жақсы өмір сүруде. Сол себепті олар жергілікті ұлтқа деген алғыстарын сөз жүзінде ғана емес, нақты іспен көрсетулері керек. Мемлекет тарапынан ұйымдастырылатын шараларға, әсіресе, қайырымдылық бағытындағы шараларға белсене қатысқан жөн.

Этномәдени бірлестік жетекшілері арасынан, сондай-ақ ЯикОрал казактарының одағының төрағасы Вячеслав Солодилов, «Грамада» беларус мәдени орталығының жетекшісі Михаил Беляев сөз сөйлеп, достық пен татулық, қазақстандық патриотизм жөнінде өз ойларымен бөлісті.

Жиын соңында дөңгелек үстелге қатысушылар атынан үндеу қабылданды.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал өңірі»


Бас дәрігердің былығы

Күні: , 78 рет оқылды


Зеленов аудандық №2 сотының 18 қазандағы үкімімен облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Қарағайлы» облыстық туберкулезден емдейтін шипажайдың бас дәрігері Айман Мұқашева ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы, 361-бабы 1-бөлігі, 366-бабы 1-бөлігі, 190-бабы 3-бөлігі 2, 3-тармақтарына сәйкес айыпты деп танылып, 58-баптың 3-тармағы қолданыла отырып, оған түпкілікті жаза – мүлкін тәркілеумен бірге жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасын жалпы тәртіптегі түзету колониясында өтеу белгіленді.


БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, ол сонымен қатар өмір бойына мемлекеттік ұйымдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылды.

Сот талқысында белгілі болғанындай, А. Мұқашева қызмет бабын пайдалана отырып, 2013 жылдың 1 қаңтары мен 2015 жылдың 30 қыркүйегі аралығында аса ірі көлемде қаржы қымқырған. Атап айтқанда, науқастардың медициналық карталарын жалған толтыру, стационардағы төсек-күн санын жасанды көбейту жолымен аурулар үшін тамақ пен дәрі-дәрмек алуға бөлінген 26 млн.-нан астам теңгені иемденген.

Оған қоса сотталушы қарауындағы қызметкерлерден  жалақылары қате аударылып кетті деген желеумен сол ақшаны өзіне қайта алып отырған. Сөйтіп, 2013 жыл мен 2015 жылғы қыркүйек аралығында облыстық денсаулық сақтау басқармасына 4 358,5 мың теңге материалдық залал келтірген.

Мұнымен қоймай, 2011 жылдан 2015 жылдың қыркүйегіне дейін санитарлық қызметкер Х.-ны өз үйінің қызметшісі ретінде ұстап, оған 4 386 525 теңге жалақыны негізсіз төлеген.

Бұған қоса өзінің күйеуін күзетші ретінде қызметке алу туралы бұйрық шығарған, ал ол жалақы алғанмен, шын мәнісінде, бұл жұмысты атқармаған.

Сонымен қатар медбике Т. мен санитарлық қызметкер С.-дан жұмыс уақыты кезінде арақ ішкені үшін жұмыстан қумаймын деп, олардың әрқайсысынан 15 мың теңгеден пара алған.

Ақыры 2015 жылдың қыркүйегінде су сорғысын алуға қажет деп, қарауындағы қызметкерлерден қаржы жинап, 110 мың теңгені өз қажетіне жұмсаған.

Айта кетейік, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Арман БОЛАТҰЛЫ,

Зеленов ауданы


«Орал өңірі» оқырмандар көзімен

Күні: , 94 рет оқылды

%d1%82%d0%b0%d1%81%d0%b1%d0%be%d0%bb%d0%b0%d1%82-%d0%be%d1%81%d0%bf%d0%b0%d0%bd%d0%be%d0%b2-%d0%b7%d0%b5%d0%b9%d0%bd%d0%b5%d1%82%d0%ba%d0%b5%d1%80


Осыдан бірер апта бұрын «Орал өңірі» газеті редакциясының бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин Ақжайық ауданының үш ауылдық округінде жергілікті оқырмандармен кездесіп, олардың ұсыныс-пікіріне құлақ түріп қайтқан-ды. Осы әңгіме-дүкен барысында облыстық газетте көтеріліп жүрген және көтерілуі тиіс көкейкесті тақырыптар жөнінде ел-жұрт пен редакция басшылығы арасында емен-жарқын рәуіште пікір алмасу өрбіді. Жайықты жағалай қонған ауыл-аймақтың үлкен-кішісі ортаға салған көзқарас-тілектердің арасында барша оқырманымызға ортақ мәселелер де баршылық. Ендеше, ден қойып, зер салып көріңіз.


Алдаберген СӘРСЕКОВ,

М. Әуезов атындағы мектептің тарих пәнінің мұғалімі, Чапаев кенті:

— Соңғы жылдары тарихи тақырыптағы дүниелерді жиі беріп жүрсіздер. Бұл, әрине, құптарлық қадам. Бірақ биыл 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына орай «Орал өңірінде» бар болғаны үш-төрт материал ғана шықты. Өздеріңізге мәлім, келер жылы қазақтың ұлттық мүддесі үшін бастарын оққа байлап, жандарын пида еткен ерлер құрған «Алашорда» қозғалысына 100 жыл толмақ. Міне, осы тақырыпты тарихи тұрғыдан барынша толыққанды қамтуға тырыссаңыздар екен.

Жұмағаным МАШТАҚОВА,

ағылшын тілі пәнінің мұғалімі,  Жаңабұлақ ауылдық округі:

— Маған «Орал өңірі» газетінің үлкен-кішіні бірдей адал еңбек арқылы ырыздық табуға, дәулет құрауға үнемі үндейтіндігі ұнайды. Бүгіндері «жұмыс жоқ» деп қарап отыру – тек жалқаулардың ғана айтатын сылтауы. Айналаңа ойлы көзбен қарасаңыз, билік кәсіпкерлікке ауқымды қолдау көрсетуді жүйелі жолға қойғалы бері қаншама адам өмірге қоса, еңбек нарығынан өз орнын тапты. Еңбек еткісі келген адамның бірі мал басын көбейтіп, бірі пластикалық есік-терезе жасап, енді бірі монша салып, монша жағып, бірі балық аулап сатып, бірі шаштараз, бірі бағбан, бірі фотограф, бірі етікшілікті кәсіп қылып, алға ұмтылуда. Тіпті ауылдық жерде тұрып-ақ қазақтың қыз-келіншектерінің кейбірі шілдехана мен құдалық, той-мерейтойларға қоса, баршаға ортақ мереке-мейрамдарда торт-пирог, пицца пісіріп сатуды кәсіпке айналдырғаны мені қуантады. Бүгіндері іші кірсе-шыққысыз, патшаның сарайындай, ханның ордасындай сәулетті тойханалар қалаға қоса, ауылдық жерлерде де жиі салына бастады. Осының өзі-ақ халықтың тұрмысының оңала бастағандығын көрсетпей ме?! Тек әркім өзінің қарым-қабілетіне қарай ерінбей, еңбек етсін деңіз.

 Ғазиз АБАТОВ,

 еңбек ардагері, Жаңабұлақ ауылдық округі:

— Біз кезінде мыңғыртып мал да, жайқалтып егін де өсірген «Родник новый» деген миллионер колхоздың ізіндегі ауыл-аймақпыз. 1937-38 жылдары біздің жаққа депортациямен (мәжбүрлеп қоныс аударумен) келіп, осы жерде күріш өсірген кәрістерді өз басым бала болсақ та, көре қалдық. Біздің ауылдың айналасында күріш өсірген әлгі кәрістердің бірі – Хван әулеті күні кешеге дейін осы біздің ауданның орталығы Чапаевта тұрды. Бәлкім, олардың үрім-бұтағы Чапаевта әлі тұратын шығар. Өзіміз үлкейіп, жүріс-тұрысымыз қиындағандықтан, ол жағынан бейхабармын.

Жаңа еңбек ету туралы орынды әңгіме қозғалды. Ауылымыздың тұрған жері шаруаға керім қолайлы. Іргеде орманымыз, өзен-көліміз бар. Мойыл-бүлдірген тересің бе, балық аулайсың ба, сай-салаға бақша салып, картоп егесің бе, өз еркің. Тек «жұмыс жоқ» деп қарап отырмау керек. Кезінде біздің қатарымыз колхоз-совхоздың бірі-біріне ұласып жататын, өмірі бітпейтін науқандық жұмысынан көз ашпады, бас көтере алмады. Ал қазір рақат қой, жыл-он екі ай бойы күндіз-түні жеке шаруаңды күйтте, кім қой деп жатыр?!

Мәдениет үйіміз жөнделуде, ауылға газ, су келіп тұр. Біздің ауылдан аудан орталығы да, облыс орталығы да қашық емес, яғни қатынас жөнінен қиындық жоқ. Тек тиімді шаруаның көзін тауып, еңбек ету керек деп есептеймін. Осындай мазмұнда, яғни ел-жұртты адал еңбекке үгіттейтін мақалалар «Орал өңірінде» әлсін-әлсін шығып тұрады, бұл өте дұрыс.

Тасболат ОСПАНОВ,

мектептің шаруашылық меңгерушісі, Жаңабұлақ ауылдық округі:

— Жаңа көпті көрген, көңіліне көп нәрсені түйген Ғазиз ағай өте орынды әңгіме айтты, қазаққа бос сөзді қойып, еңбек ету керек! Ел ішінде «Ер адам – байрақ, әйел адам – қайрақ» деген сөз бар, ерлі-зайыпты екеуі тіл табысып, тізе қосып еңбек етсе, қазақ ауылында береке-бірлік те, ырыс-ынтымақ та болады. Оның үстіне ерінбей еңбек еткен ерлі-зайыптылардың ұл-қыздары қаршадайынан адал еңбекпен ауызданып, бүкіл өміріне жетер дұрыс бағыт-бағдар алады.

 Жайнагүл ӨТЕШҚАЛИЕВА,

қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі,  Жаңабұлақ ауылдық округі:

— Маған «Орал өңірі» газетінің Ауғанстандағы соғысқа қатысқан жерлестеріміздің ерлігі туралы жиі жазатындығы ұнайды. Осы тақырыпқа соңғы екі-үш жылдың көлемінде «Жазылмайтын жара», «Ауғанстаннан кейін Ангола жұмақтай көрінді», «Басына 1 миллион ауғани тігілген қазақтың қыраны», «Патриоттық тәрбиесіз елжанды тұлға қалыптастыру мүмкін емес» деген атаумен бірі-бірінен өткен өте тартымды мақалалар бердіңіздер. Мен мұны ерлікке тағзым және жүйелі патриоттық тәлім-тәрбие деп қабылдаймын.

 Ғайни МАШАЕВА,

 зейнеткер, ардагер ұстаз, Бударин ауылдық округі бойынша әйелдер кеңесінің төрайымы:

— Менің ойымша, «Орал өңірі» – үлкен-кішіге бірдей керек басылым. Өйткені облыстық газетте қай тақырып бойынша да оқитын дүниелер баршылық. Дұрыс дүниетаным, орнықты көзқарас қалыптастыру үшін, жақсылықтан үйреніп, жамандықтан жирену үшін жастарды «Орал өңірі» газетін тұрақты оқуға тартайық. Тіпті біздің ауылдағы әр үй «Орал өңірін» жаздыртып алса, рухани тұрғыдан олжаға кенелері даусыз.

Хамит САҚАУОВ,

педагогика саласының ардагері, зейнеткер,  Бударин ауылдық округі:

— «Орал өңірінің» көп жылдан бергі оқырманымын. Бірақ соңғы жылдары газет уақтылы қолымызға тимейді. Облыс, аудан орталығынан дер кезінде жеткізілгенімен, халыққа үлестірілмей, «Қазпоштаның» ауылдық округ орталығындағы кеңсесінде жатып қалады. Мұндай жағдай көптеген ауылға тән екендігін газеттеріңізден оқыдық. Ал енді меніңше, халық болып, билік болып осы «Қазпоштаға» ықпал етіп, оның жұмысын бір жүйеге келтіретін уақыт жетті.

Жаңа Бауыржан інім, өзіңіз «Ауылдағы ағайынды қалаға асығыс-үсігіс көшуден сақтандырайық. Себебі соңғы жылдары облыс орталығында үйсіз-күйсіз, азып-тозып жүрген түрі қазақ қаңғыбастар көбейіп кетті. Тіпті олардың арасында әйел заты да баршылық» дедіңіз. Айтып отырғаныңыз, рас әңгіме, әлгіндей келеңсіздікті қалаға барғанда көріп жүрміз. Мысалы, біздің ауыл көгілдір отын, сапалы ауыз су деген коммуналдық игіліктердің рақатын көріп отыр. Бұған қоса ауылымыз үлкен жолдың үстінде. Аудан орталығына да, облыс орталығына да қатынау проблема емес. Міне, осындай елді мекенде тұрып, жеке малыңды көбейтіп, бау-бақшаңды жайнатып, жеке кәсіпкерлікке ебің болса, оны өрістетіп, артылған өніміңді сатып, күйлі тұрмыс кешуге болмай ма?! Меніңше, халықтың біраз бөлігі, соның ішінде жастардың дені еңкейіп еңбек етуден қашықтап кетті-ау…

 Гүлсім ШАЯХМЕТОВА,

 Бударин ауылдық округінің тұрғыны:

— Қазір қаншама қымбатшылық қысып барады дегенмен, ауыл қазағы жиі қонақ шақырудан тартынар емес. Сондай-ақ дастарқанға арақ-шарап қоюдан да айылымызды жия қойған жоқпыз. Сол арақ-шарапқа кететін ақшаға үлкен-кішіге бірдей дұрыс әңгіме айтатын газет-журналға жазылғанымыз жөн. Сосын жаңа халықты, әсіресе, жастарды салауатты өмір салтына жаппай тарту жөнінде сөз болды. Ол үшін ауыл мектептеріндегі спорттық құрал-жабдықтарды молайтып, әрі оларға ауыл халқының қолжетімділігін арттыру керек.

 Светлана САБЫРОВА,

Жаңабұлақ жалпы орта білім беретін мектебінің директоры:

— Егер «Орал өңірі» газетінен «Мұғалім» деген арнайы бет ашылып, кемі айына бір рет әр ауданнан бір мұғалім туралы жақсы мақала-очерк шығып тұрса, бұл редакцияның мұғалімнің беделін көтеруге қосқан нақты үлесі болар еді деп ойлаймын.

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,

«Орал өңірі» газетінің бас редакторы:

— Орынды ұсыныс-пікірлеріңізге бек рақмет. «Орал өңірі» газетін шығарушы редакция ұжымы болғанымен, облыстық газет – облыс халқының рухани ортақ игілігі. Сол себепті біз оқырман қауымның көңілге қонымды талап-тілегін барынша ескеруге үнемі мүдделіміз. Мәселен, жаңа ғана айтылған «Мұғалім» арнайы беті туралы орынды ұсынысты неге жүзеге асырмасқа. Тек мынаны ескерейік, «Орал өңірінің» мәртебесі (статусы) облыстық қоғамдық-саяси газет. Демек, біз педагогикалық бағыттағы салалық басылым емеспіз. Сол себепті сіз болып, біз болып, айына бір рет «Мұғалім» атты арнайы бет шығарайық. Бірақ қай ауданнан қай мұғалімнің шығатындығын әр ауданның білім бөлімі өздері ұсынсын. Сонда болашақ «Мұғалім» беті ұстаздарға арналған облыстық деңгейдегі «Құрмет тақтасы» іспетті болады.


«Мұхитты тыңдау үшін үлкен жүрек, Мұхитқа шырқау үшін дала керек…»

Күні: , 97 рет оқылды

dsc_0180


Халық композиторы, ақын әрі әнші, дала бұлбұлы Мұхит Мерәліұлының 175 жылдығына орай облыс орталығынан бастау алған «Сары дала сағынышы — сал Мұхит» атты мәдени-көпшілік шаралар легі бабамыздың туған жері Қаратөбе өңірінде жалғасын тапты.


Шара қонақтарын аудан әкімі Асхат Шахаров бастаған топ құрметпен қарсылап алды.

Меймандардың қатарында Түркістан қаласынан арнайы келген ҚР халық әртісі, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы, профессор, әнші-термеші Қажыбек Бекбосын, Ақтөбе қаласынан келген «Мәдениет майталманы» белгісінің иегері, әнші-термеші Хайдар Өтеғалиев және ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, ақын, әнші Қатимолла Бердіғалиев бастаған өңірімізге белгілі әнші-термешілер болды. Олар Саралжын ауылдық округіндегі Ақбақай қорымына ат басын бұрып, Мұхит баба кесенесіне зиярат етті. Саралжын ауылдық округінің орталығы Қарақамыс ауылындағы Мұхит Мерәліұлының ескерткішіне аялдап, гүл шоқтарын қойды.

dsc_0258Сал Мұхиттың кіндік қаны тамған Ақбақайдан аудан орталығына оралған қонақтар Мұхит баба атындағы аудандық тарихи-өлкетану музейіне саяхат жасады.

Бабамызды ұлықтауға арналған мәдени-көпшілік шаралар жазира дала төсінде салтанат құруымен ерекшеленді.

— Мұхит бабамыздың 175 жылдығы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Ұлттық болмысымызды сақтап, салтдәстүрімізді насихаттап, ақындарды ардақтап, батырларымызды ұлықтаудан жалықпайтын халқымыздың мәртебесі қашанда биік. Қазіргі таңда ұрпақтарының қолы жеткен азаттықты аңсап өткен ұлы бабаларымыз аз болмаған. Соның бірі өнер саласында өшпес із қалдырған жезтаңдай әнші, халық композиторы, кең байтақ даламыздың бұлбұлы Мұхит Мерәліұлы екендігі анық. Оның өлмес мұрасын насихаттау арқылы біз мәңгілік елге бағыт ұстап, нық қадаммен алға баса беретін боламыз, — деді шараның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Асхат Шахаров.

dsc_0345Ұйымдастырушы тараптан мәдени шараның құрметті меймандарының иықтарына шапан, камзол жабылып, естелік сыйлықтар табыс етілді.

Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов, ҚР халық әртісі Қажыбек Бекбосын, сал Мұхиттың ұрпағы Әсия Мұхитова Үш жүзден ән оздырған бабамыздың мерейтойымен жиылған көпшілікті құттықтады.

Сахна төрінде еліміздің өзге аймақтарынан келген әншілер Мұхит әндерін шырқады.

Алыстан менмұндалап көз тартар той ауылының бір шетінде спорттық ойындар ұйымдастырылды. Оның ішінде қазақ күресі, аударыспақ, кір тасын көтеру, қой көтеру, қол күресі сынды спорттық ойындар шара шырайын аша түсті.

Қазақ күресі бойынша жеңімпаз атанып жүрген қаратөбелік Бауыржан Шүрменнің мерейі осы жолы да үстем болды.

Кір тасын көтеруде ақтайсайлық Әли Орынғалиев, қой көтеруде сырымдық Темірлан Ғаббасов алдына жан салмады. Темірлан 60 келілік қойды 3 минуттың ішінде 50 мәрте көтерді.

Марапаттау салтанатында қазақ күресінен жеңімпаз Б. Шүрменге 100 000 теңге ақшалай сыйлық, кір тасын көтеруден жеңімпаз Ә. Орынғалиев пен қой көтеру сайысының жеңімпазы Т. Ғаббасовқа бір-бір қой сыйға тартылды.

Қол күресі өнерінде аудан аумағына чемпион ретінде танылған жас спортшы Фархат Қалиев жеңіс тұғырына көтеріліп, арнайы сыйлықты иеленсе, аударыспақ ұлттық ойынында Мағжан Серіковтің бәсі биік болды. Жиырма бес шақырымдық аламан бәйгеге көршілес Ақтөбе облысының Ойыл ауданынан, облыстың Сырым, Теректі аудандарынан, ауданның ауылдық округтерінен барлығы он екі ат қосылды. Мәре сызығын бірінші болып Сырым ауданы Көздіқара ауылының тұрғыны Серік Мүтиевтің Бақторысы кесіп, 1 млн. теңге ақшалай сыйлықты жеңіп алды. Қаратөбелік Ғабит Мақановтың Қызылтаңы екінші келіп, жүлдеге тігілген тоңазытқышты еншіледі. Ал сырымдық Серік Мүтиевтің тағы бір тұлпары – Байшұбар үшінші орыннан көрініп, кіржуғыш мәшинені иеленді.

Үш шақырымдық тай жарысы бойынша бірінші, екінші, үшінші орындарға сәйкесінше елу, отыз және жиырма мың теңге тігілді.

Сулыкөлдік Қадірберген Исақұловтың тайы мәре сызығын бірінші болып кесіп өтті.

Аламан бәйге, тай жарысының жүлде-сыйлықтарын аудан басшысы А. Шахаров, ҚР халық әртісі Қ. Бекбосын және сал Мұхиттың ұрпағы Ә. Мұхитова табыс етті.

Ертай БИМҰХАНОВ,

Қаратөбе ауданы

 

Суреттерді түсірген Райымбек АБАЕВ


Мүйіз сатамын деп сорлады

Күні: , 59 рет оқылды

1471329204_a


Арнайы жүргізілген шаралар нәтижесінде биылғы 28 тамызда М. Ибраhим деген азамат киік мүйіздерін заңсыз тасымалдап, сақтағаны үшін ұсталып, оның үстінен қылмыстық іс қозғалған болатын.


Тергеу барысында анықталғандай, ол 27 тамызда сағат 11.00-12.00 шамасында Жәнібек ауданының Жақсыбай ауылына қарасты «Бөгет» қыстағы маңынан пакетке оралған 26 дана кесілген киік мүйізін тауып алып, оларды өзімен бірге Қазталов ауданының Қошанкөл ауылына алып келіп, заңсыз сақтаған. Сөйтіп, М. Ибраhим сирек және жойылып бара жатқан жануарлардың пайдалануға тыйым салынған  бөліктерін (дериват) заңсыз сақтап, тасымалдау нәтижесінде мемлекетке 11 024 000 теңге көлемінде материалдық залал келтірген.

Қазталов аудандық сотының 28 қыркүйегіндегі үкімімен Марат Ибраhим ҚР ҚК-ның 339-бабымен кінәлі деп танылып, оны 1,5 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Одан 11 024 000 теңге өндірілетін болды.

Облыстық прокуратураның баспасөз қызметі


Екі жүзден астам өтініш ескерілмеген

Күні: , 65 рет оқылды


Кеше БҚО әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша өңірлік комиссия мен облыс прокуратурасы алқасының бірлескен отырысы өтті. Оған облыс әкімі Алтай Көлгінов төрағалық етті.


pri_2289— Елбасымыз азаматтардың құқықтық сауатын арттыру керектігін айтты. Осы орайда прокуратура органдарының ықпалы айрықша екені мәлім. «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау туралы» ҚР заңына өзгерістер енгізілгеніне қарамастан, мемлекеттік органдар тарапынан өтініштерді қарау тәртібіне қатысты елеулі кемшіліктер жіберілген. Десек те, облыс әкімдігі мен оның құрылымдық бөлімшелеріне жолданған арыз-шағым, өтініштер  саны жыл сайын азайып келеді. Мысалы, 2011 жылы 324 мың, 2015 жылы 71 мың өтініш түсті. Яғни  бұл көрсеткіш 4,5 есеге қысқарған. Биылғы сегіз ай ішінде 41 мыңнан астам өтініш қаралған. Барлық мемлекеттік орган қызметшілері есепке тіркелген кез келген өтініштерді қараусыз қалдырмаулары және уақтылы жауап берулері қажет. Сонымен қатар облыста тұрмыстық қалдықтарды орналастыру, өңдеу жайы да күрделі болып отыр, – деді  облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Алқа отырысында баяндама жасаған БҚО прокуратурасының басқарма басшысы Жаннұр Ахметбектің айтуынша, сот органдары биылғы тоғыз ай ішінде мемлекеттік органдар шешіміне наразылық білдірген 79 азаматтың арызын мақұлдаған. Мұндай мәселелермен прокуратура органдарына жыл сайын жүздеген тұрғын жолығады екен. Шағымдардың көпшілігі тұрғын үй, жер телімін иелену, еңбек дауы, қылмыстық тергеу, көші-қон түйткілдері және салықтық тексеру мен медициналық қызмет сапасына қатысты. Жалпы, жергілікті атқарушы органдарда жүргізілген тексеріс нәтижесінде биыл арыз иелеріне жолданған хатқа сол тілде жауап бермеуіне байланысты 60 дерек, өтініштерге салғырт қарауға қатысты 200-ден астам дерек анықталды. Мәселен, облыстық еңбек инспекциясы бойынша басқарма еңбекақысын алмаған бірнеше жұмысшының арыздарын негізсіз себептермен қараусыз қалдырған. Облыстық ішкі істер департаментінде ҚР Қылмыстық процестік кодексінің 104, 105-баптарына сәйкес жолданған өтініштер уәкілеттігі жоқ лауазымды тұлғаларға, соның ішінде арызда сыналып отырған қызметкерлерге тапсырылған. Ал сот актілерімен келіспеген А. Әзбергеновтің  облыс әкімінің аппаратына жолдаған шағымы 29 күн өткен соң қаралған. Орал қаласының сәулет және қала құрылысы бөліміне түскен 39 арызға мерзімі өткен соң барып назар аударылған.  Жаннұр Ахметбек мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігіне қатысты сын айтты. Оның уәжінше, тұрғындарды жеке қабылдауды жүйелі ұйымдастырмау, ақпаратпен уақтылы қамтамасыз етпеу, әкімшілік кедергілер жасау, мамандар біліктілігінің төмендігі, жауапты басшылардың құлықсыздығы, тиісінше кінәлінің тәртіптік жазаларға тартылмауына қатысты деректер мемлекеттік қызметтегі салғырттыққа себеп болуда.

БҚО бойынша табиғатты қорғау прокуроры Асылан Жанатауов облыстағы  тұрмыстық қалдықтар орындарына қатысты ахуалды баяндады. «Облыстағы 415 қоқыс тасымалданатын жер телімінің 405-інің қоршаған ортаға шектеулі зиян төлеміне (эмиссияға) рұқсаты жоқ. 176 елді мекен маңындағы қоқыс үйінділерінің орны арнайы жабдықталмаған және  құжаттары әлі күнге заңдастырылмаған. 2012 жылдан бері Орал қаласы және Зеленов, Бөрлі аудандарының аумағында өндірістік қалдықтардың заңсыз төгілуіне байланысты 16 қылмыстық іс тіркелді. Нәтижесінде бюджеттен 1,7 млрд. теңгеден астам қаржы шығын болғаны анықталды. Күні бүгінге айыппұлдың 1 млн. теңгесі өндірілген. Бір мұнай компаниясының және тасымалға жауапты үш кәсіпорынның басшысы сотталған. Ақсай қаласынан басқа, барлық аудан орталығында кәріз суын қабылдайтын нысандар жоқ, сол себепті тұрмыстық су қалдығы вакуумдық көліктермен арнайы белгіленбеген аумаққа төгілуде. Орал қаласының маңындағы Деркөл ауылы, Зашаған кенті, Ескі әуежай, Курени және «Самал — 1, 2, 3» ықшам аудандарындағы, Желаев трассасының бойындағы тұрғын үйлер орталық кәріз жүйесіне қосылмаған. Қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін облыстық табиғатты қорғау прокуратурасы  «Урал Ойл энд Газ» ЖШС-нан 2 млрд. теңге салық төлемін өндірді. Алдағы уақытта облыстық прокуратура «Табиғатты бірге сақтайық» жобасын мүдделі органдар назарына ұсынбақ. Облыстық экология департаментінің жаңа басшысы Ербол Қуанов аталған мәселелерді шешумен айналысуға бар күш-қайратын жұмсайды деген үміттемін», – деді Асылан Жанатауов.

Шарада прокуратура өкілдері күн тәртібінде көтерілген мәселелерге сәйкес шағын бейнесюжеттерді назарға ұсынды. Облыс әкімі Алтай Көлгінов күрмеулі түйткілдерге байланысты алқа отырысына қатысқан жергілікті атқарушы орган басшыларына сауалдар қойды. «Қазіргі уақытта қоқыс тасымалымен айналысатын жеке кәсіпорындармен құрылыс қалдықтарын тасымалдауға тариф бағасын бекіту үшін келісімшарт жасалуда. Тұрғындардың жағдайын ескеріп, қоғамдық кеңестердің қатысуымен түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз. «ОралТехСервис» ЖШС қазіргі кезде жекешелендірілуде. Бұдан қосымша мәселелер туындайтыны белгілі. Қалада санитарлық-экологиялық шаралар тұрақты ұйымдастырылып жатыр. Зашаған кентінде полигонның жанып, тұрғындардан шағым түсуіне байланысты жауапты тұлғамен сот арқылы әкімшілік іс қозғалды. Алдағы уақытта барлық кемшілікті жоюмен шұғылданамыз», – деді Орал қаласының әкімі Нариман  Төреғалиев.

– Биыл фин  компаниясы Орал қаласы маңындағы полигон қалдықтарын өңдеуге кіріседі. Инвестор алдымен полигон астындағы биогаз қорына барлау жүргізеді. Егер бар екенін анықтаса, табылған шикізаттан электр қуатын өндірмек. Екінші кезеңде қалдықтарды  іріктеу, келесі кезеңде өңдеу жұмысы қолға алынады, – деді қала әкімінің сөзін толықтырған облыс басшысы Алтай Сейдірұлы.

Алқа отырысында облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің басшысы Манарбек Ғабдуллин қоғамдық орындардың ластануына байланысты 18 мыңнан астам әкімшілік заңбұзушылық анықталғанын жеткізді. Оған облыс әкімі Алтай Көлгінов шаһарда бейнебақылау камераларын көбейтуді ұсынса, облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов тәртіп сақшыларының қажетті шаралар жүргізуге құлықсыздық  танытып отырғанына тұрғындардың шағымдануы жиілегенін ескертіп, қазіргі кезде облыстық ішкі істер департаментінде арыздарды қарау тәртібіне қатысты прокуратура өкілдері тексеріс жүргізіп жатқанын, алдағы уақытта заңбұзушылықтар дерегі БАҚ-тарда жарияланып, кінәлі деп танылған басшы-қосшы қызметкерлер жауапқа тартылатынын жеткізді. Жиында өңір жетекшісі жергілікті атқарушы органдардың басшыларына мемлекеттік қызметтің сапасын күшейтіп, қоғамға ашықтық қағидатын нақты қамтамасыз етуді тапсырды және болашақта облыстық прокуратурамен өзекті мәселелерді талқылайтын екіжақты мәжіліс жиі өтіп тұратынын жеткізді. Ал облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру жолында зор жауапкершілік жүктегенін айта келіп, заңның үстемдігі жүйелі бақылауға алынатынын тілге тиек етті.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»


Құрманғазы мен Динаға ескерткіш ашылды

Күні: , 131 рет оқылды

pri_2618


Жұма күні Орал шаһарындағы Құрманғазы Сағырбайұлы мен Дина Нұрпейісова атындағы  көшелердің қиылысар тұсында күй атасы Құрманғазы мен күй анасы Динаның композициялық ескерткіші ашылды.


Шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов, белгілі өнер қайраткерлері Орынбай Дүйсенов, Айтжан Тоқтаған, Айтқали Жайымов, Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық оркестрінің директоры Нұрғиса Дәуешов, өңіріміздің зиялы қауым өкілдері қатысты. Ескерткішті салтанатты ашу рәсімі облыс әкімі Алтай Көлгінов пен ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, күйші-домбырашы Айтжан Тоқтағанға ұсынылды.

— Бүгінгі оқиға – тарихи оқиға деп айтуға болады. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ — домбыра» деп Қадыр ағамыз айтқандай, домбыра — қазақтың жан-жүрегі. Осынау ұлы даладан қаншама ұлы тұлғалар шықты. Міне, бүгін күй атасы Құрманғазы мен күй анасы Динаға арнап ескерткіш орнаттық.  Биыл Дина Нұрпейісованың туғанына 155 жыл. Біз зиялы қауым өкілдерімен, халықпен  ақылдаса келе Құрманғазы Сағырбайұлы мен Дина Нұрпейісова атындағы  көшелер қиылысатын осы демалыс алаңына Дина анамызға ескерткішті ұстазымен бірге қойғанды жөн санадық.  Құрманғазы атамыз бен Дина әжеміз өз шығармаларында еркіндікті аңсап, тәуелсіздікті армандаған. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында ашылып отырған бұл ескерткіш – ұрпақ үшін өнеге, — деді салтанатты шарада сөйлеген облыс басшысы Алтай Көлгінов. Шарада театрландырылған көрініс қойылып, Құрманғазының «Сарыарқа» күйі орындалды.

pri_2489— Құрманғазы бабамыз бен Дина шешемізге арналған ескерткіштің бой көтергені — біз үшін үлкен қуаныш. Бұл ірі мәдени жаңалық деуге болады. Құрманғазы бабамызға арналған ескерткіш ең бірінші Атырау қаласында ашылды. Кейіннен Астана, Алматы қалаларында бой көтерді. Бүгін Орал шаһарындағы салтанатты шараға келдік, — дейді Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық оркестрінің директоры Нұрғиса Дәуешов.

Мәдени шара түстен кейін облыстық қазақ драма театрында өтекен Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық оркестрі, Атырау облысының Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі және Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрлерінің біріккен «Күй дүлдүлдерінің дүбірі» атты концертімен жалғасты.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

“Орал өңірі”


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика