Мұрағат: 19.10.2016


«Сары дала сағынышы – сал Мұхит»

Күні: , 61 рет оқылды

20161019_191749


Сейсенбі күні Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония­­да халық композиторы, әнші-ақын Мұхит Мерәліұлының 175 жыл­ды­ғына арналған «Сары дала са­ғы­нышы – сал Мұхит» атты рес­пуб­ликалық дәстүрлі әнші­лер бай­қауы басталды.


ҚР Тәуел­сіз­­дігі­нің 25 жылдығы аясында об­лыс­тық мә­­де­ниет, мұрағат­тар және құ­­жат­тама басқармасы­ның қол­­­да­­уы­­­мен, облыстық халық шы­ғар­­ма­шы­­­лық орталығы, Қара­төбе аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің ұйымдас­тыруы­­мен өткен ша­ра­ның мақсаты – өнер әлемінде өзін­дік орны бар біртуар тұл­ға, әнші-композитор Мұхит Мерәлі­ұлы­ның ән мұрасын жұрт жадында жаңғырту және дәстүрлі ән мектебінің ұлы көшін үзбей, жаңа есімдерді ашу.

Ән байқауына Астана, Алма­ты, Семей қаласы, Оңтүстік Қазақ­стан облысы, Атырау, Ақтөбе, Маң­ғыс­тау облы­сы жә­не Ақ Жайық өңі­рінен 22 үміткер қа­­ты­су­да. Олар Мұ­хит Мерәліұлы, Ға­ри­фол­­ла Құр­ман­ғалиев, Жаяу Мұса, Салға­­ра Жәң­кіс­ұлы, Ақан сері секілді ха­­­лық ком­­­по­зиторларының әндерін орындау­да.

Байқауға арнайы келген облыс әкі­мінің орынбасары Марат Тоқжанов еліміздің батыс өлкесінде дәс­түр­лі ән мек­тебінің негізін қалаған Мұхит мұра­сы­ның рухани құндылы­ғын атап өтіп, бай­қауға қаты­сушы өнер­паз­­дар­ға сәт­ті­лік тіледі. Ән бай­­қа­уы­на Түр­кі­стан қала­сы­нан ҚР ха­­­лық әртісі, Қожа Ахмет Яссауи атын­­­­да­ғы халық­ара­лық қазақ-тү­­рік уни­­­вер­­си­теті­­нің оқы­ту­шысы, профес­сор, ән­ші-терме­ші Қа­жы­­бек Бек­босын, Ақ­төбе қа­ла­сы­­нан «Мә­дениет майталма­ны» бел­гі­сі­нің ие­ге­рі, әнші-термеші Хай­дар Өте­­ға­лиев, Атырау қаласынан рес­пуб­ли­калық бай­қаулардың жеңім­пазы Қайрат Кәкі­мов, ҚР еңбек сіңір­­­ген мәдениет қызметке­рі, ақын, әнші Қатимолла Бердіғалиев жә­не өңірі­міз­дің өзге де өнер майтал­мандары қазы­лық етуде. Екі күнге со­зылған байқаудың бас жүлдесі Ақ­жайық ауданынан кел­ген Данияр Елеуовке бұйырды. 1-орын мен М. Мерәліұлы атындағы дипломды алматылық Нұ­рым Асқанов ал­ды. Ал 2-орынды орал­дық Ернар Өмір­әлі мен Бейбіт Қа­жығалиев еншіледі.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ


«Қазақстаннан» Қазақстанға

Күні: , 59 рет оқылды

100-%d0%b6%d1%8b%d0%bb-%d0%be%d1%80%d0%b0%d0%bb-%d0%be%d0%bd%d0%b8%d1%80%d0%b8-%d0%bc%d0%b5%d0%bd-%d0%bf%d1%80%d0%b8%d1%83%d1%80%d0%b0%d0%bb%d1%8c%d0%b5


Жымпиты (Қызыл үй)

Жымпиты (Қызыл үй һәм Қосба) Қызыл үй менен Қосбаның арасы он сегіз шақырым шамасы. Екеуінде де кішірек кіне мектеб бар. Қосбада мектеб кішкене болғанменен де үлкен шәкіртдер де бар. Қосбадағы мектебнің басталғанына 20-30 төмен етерге мүмкін. Ама Қызыл үйдегі мектебнің басталғанына он екі-он үш сана. Бұл мектебдерің басында болған (тұрған) адамдарны жазбай қалдыру хианат болар: Қосбада Қуанай нам ишан, әмме Қызыл үйдегі мектеб басында Ғабидолла нам халфе.


Бұл адамдар һәр екеуі де халық үшін файдалы адамдар һәм оқымысды адамар. Хасуса Қуанай хазірет ғиртлы адам.

Бұ мектеблерге төте оқыту әлі кірген жоқ. Алайда жақын арада төте оқытуны қабыл етулері үмид етіледі.

Бұ күнде төте оқыту қазақ ішінде де жайыла бастады. Бізің тарафда үш орында қазақ ішінде төте оқыту менен оқытылады.

Мер Ғазез ЗИННУРОВ

 

Басшылық

Қостанай ойазының Қарабалық уолысының упрауителі Сәлім мырза Құдиаров 1912-ші жылда перуай ғинуарда уолосной уизныйларды жинаб ысхутда халықға айтыб түсіндіріб, оушестуаның жиын ақшасынан бір жүз сом «Айқаб» журналының файдасына беруге приғоуор жасатды. Бұл хызметі үшін Сәлім мырзаға рахмет айтамыз. Осындай мұхтаж уақытда білім жеткен, сөзі өткен ағалардан һәр қайсыларының жәрдем етулерін тілейміз.

Жамаладдин

 

Мұхтарам оқушыларымызға

Ишанғали Меңдіғалиев деген азамат «Қазақстанға» 30 падписшик тауыб, бір жүздей ақша жіберіб еді. Жаткадан Билаш Шолтыров деген бір азамат «Қазақстанға» 10 кісі падписшик тауыб, 30 сом жіберібді. Бұның екеуі де өз ақшаларыны беріб, типоғрафиа сатыб алуға бұрын да жәрдем еткен азаматдар еді.

Һәр оублысдан да осындай жәрдем болыб тұр. Соның үшін шығарушылар айға үш иаки дөрт шығарушылықдың лажын көздеб жатыр.

Е.Б.


Батыс Қазақстан облысы: ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫЛДАРЫНЫҢ ЖЫЛНАМАСЫ

Күні: , 52 рет оқылды

%d1%82%d0%b0%d1%83%d0%b5%d0%bb%d1%81%d0%b8%d0%b7%d0%b4%d0%b8%d0%ba-25-kz


1993 жыл

10 АҚПАН

Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институты жанынан аспирантура ашылды. Ол ауыл шаруашылығы өндірісін басқару және экономика тақырыбында тоғыз мамандық бойынша ғалымдар даярлайтын болады. Оқыту күндізгі және сыртқы бөлім арқылы жүргізіледі.


17 АҚПАН

Орал қаласында ҚР Ұлттық Академиясы Батыс Қазақстан бөлімшесінің су және биологиялық проблемалар бойынша ғылыми орталығы құрылды. Орталықтың директоры болып, белгілі ғалым, геология және минералогия ғылымдарының докторы Роберт Құрманғалиев тағайындалды.

3 НАУРЫЗ

Желаев астық өнімдері комбинаты өздерінің қызметкерлері үшін бірден он пәтер сатып алды. Сөйтіп, жұмысшыларды тұрғын үймен қамту жөніндегі әлеуметтік бағдарламаны жүзеге асыру басталды. Тағы да 50 пәтердің құрылысын қаржыландыру жоспарлануда. Баса айта кету керек, бұл мекеме — өз қызметкерлеріне қамқорлық жасап отырған бірден-бір кәсіпорын. Мұнда қызметкерлерге көмір, астық және тағы басқа күнделікті тұрмысқа қажетті тауарлар жеңіл бағамен беріледі. Әрбір қызметкерге түскі асқа қосымша 50 сом төленуде.

6 НАУРЫЗ

Алматы қаласында біздің жерлесіміз, белгілі жазушы Хамза Есенжановтың мемориалдық мұражай-үйін жасақтау қолға алынды. Бұл жұмысты ұлы Әлихан қолға алды, оған жазушының кезіндегі достарының ұрпақтары мен жанашырлары көмектесуде.

10 НАУРЫЗ

Батыс Қазақстан облыстық телерадиокомпаниясы телевизиялық қазақ тілі сабағын беруді бастады. Оны өткізудің әдістемесін мұғалімдер білімін жетілдіру институтының қазақ тілі және әдебиеті кабинеті әзірледі. Көрермендер үшін 80 сағатқа арналған қолжетімді материалдар беріледі. Оны меңгергендер ешбір аудармашысыз қазақ тілінде еркін сөйлесе алады.

3 СӘУІР

Батыс Қазақстан облысының әкімі Қабиболла Жақыпов бастаған делегация үш күн бойы РФ Астрахан облысында болды. Келіссөздер қорытындысы бойынша Астрахан және Батыс Қазақстан облысы өзара экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы келісімшарт қабылданды.

29 СӘУІР

«Уральснефтегазгеология» өндірістік кәсіпорнының Шаған экспедициясы Приурал ауданы аумағынан Чинарев кен орнын ашты. Геологтардың болжамы расталды. Екінші бұрғылау қондырғысы 5 мың метр тереңдіктен жоғары дебитті газ конденсат қорын тапты. Зерттеу жұмыстары одан әрі жалғасуда. Геологтардың бағалауынша жаңа кен орнының болашағы зор.

8 МАМЫР

Переметный ауылында Ұлы Отан соғысында қаза болған жерлес-жауынгерлерге арналған ескерткіш ашылды. Оның құрылысына қаржы бірнеше жыл бойы жиналды. Арнайы ашылған есепшотқа ауданның шаруашылықтары, кәсіпорындары мен ұйымдары, жекелеген адамдар қаржы аударды. Сөйтіп, Жеңістің 48 жылдығы қарсаңында зеленовтықтардың арманы нақты іс жүзіне асты.

 Ескерткіштің ашылу салтанатында қолдарына қару алып, Отанды қорғауға аттанған ата-бабаларының ұрпақтары құрметті қарауылға тұрды, ауыл тұрғындары лек-легімен ағылып, бейбіт өмір үшін жанын пида қылғандардың рухына тағзым етті.

22 мамыр

Облыстық әділет басқармасында Ғұмар Қараш қоры тіркеуден өтті. Қордың мақсаты мен міндеті — ақын, философ Ғұмар Қараштың өмірі мен шығармашылығын кешенді зерттеу және өлкеміздің басқа да қоғам қайраткерлерінің еңбектерін жарыққа шығару, Ақ Жайық өңірінің шынайы тарихын жасақтауға қатысу. Қор президенті — белгілі ғалым-ғұмартанушы Мақсат Тәжімұратов.

27 МАМЫР

Батыс Қазақстан облысының қой өсірушілері елеулі табыстарға ие болды. Көктемгі төл алу науқанын ұйымшылдықпен өткізіп, 900 мыңнан астам қозы алды. Бұл өткен жылғыдан едәуір көп. Барлық аудан жоспардан артық төл өргізді. Тасқала ауданы әр жүз аналықтан – 104, Чапаев ауданы – 98, Сырым 96 қозы алды. Облыс бойынша орташа көрсеткіш – 93.

Облыс әкімі Қабиболла Жақыпов Жаңақала, Жәнібек, Жалпақтал, Қазталов, Сырым, Тайпақ, Тасқала, Орда, Чапаев және Шыңғырлау аудандарының шопандарын қол жеткізген табыстарымен құттықтап, жеделхат жолдады.

29 МАМЫР

Орал қаласында жастар арасында шахматтан ел біріншілігі өтті. Онда жерлесіміз, спорт шеберіне кандидат Мұртас Қажығалиев сегіз мүмкіндіктен 7,5 ұпай жинап, тамаша жетістік көрсетті. Ол бас жүлдегер атанып, Бразилияда өтетін әлем чемпионатына жолдама алды.

30 МАМЫР

Нью-Иорк штатының Колгайт университетінің профессоры, саясаттану ғылымдарының докторы Марта Брил Олкотт бірнеше күн Орал қаласында болды. Ол көп жылдан бері қазақтардың көшпелі өмірін зерттеу проблемасымен шұғылданып келеді. Оның «Қазақтар» атты монографиясы ғалымдардың жоғары бағасын алды. Қазір ғалым тәуелсіз жас мемлекетіміздің қазіргі шынайы өмірін зерттеумен айналысуда. Марта Брилл Олкотт облыс әкімі Қ. Жақыповпен, бірқатар саяси партиялар мен қозғалыс жетекшілерімен кездесті. Теректі ауданында болды.

3 МАУСЫМ

Бұрынғы металл бұйымдары зауытының ұжымы мемлекеттік кәсіпорынды сатып алып, металл және пластмасса тауарларын шығаратын жабық акционерлік кәсіпорынға айналғаны туралы куәлік алды. Қазір 460 мүшесі бар ұжым өндіріс қожайыны болды. Кәсіпорын директоры П. Камышев шаруашылық жүргізудің жаңа әдісіне көшу арқылы мекеменің экономикалық жағдайы түзеліп, жұмысшылардың материалдық жағдайы жақсаратынына сенімді.

10 МАУСЫМ

А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институты мен «Уральскнефтегазгеология» бірлестігінің автокәсіпорны ұжымдары бұрын-соңды болмаған су тасқыны зардабын шеккен Батыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстары тұрғындарына көмек беру жөнінде үндеу тастады. Республиканың барлық халқына, құрылыс, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп кәсіпорны, жоғары оқу орындары ұжымына арналған үндеуде нарықтық қатынасқа көшу барысындағы өтпелі кезеңдегі қиындықтар, инфляция күн санап өсіп отырған жағдайда халықтардың бірлігі мен ынтымағы керектігі айтылған. Сондықтан бастарына қиындық туған жандарға қолұшымызды созуға шақырады.

26 МАУСЫМ

А. Островский атындағы орыс драма театрында агроөнеркәсіп кешені проблемаларына арналған облыстық кеңес өтті. Кеңесте «1992 жылдың қорытындылары және облыстың ауыл шаруашылығындағы жағдайды тұрақтандыру жөніндегі міндеттер, алда тұрған науқандық жұмыстарды ұйымдастыру туралы» облыс әкімі Қабиболла Жақыпов баяндама жасады.

6 ШІЛДЕ

«Неведа – Семей» атом сынағына қарсы халықаралық қозғалысы атқару комитетінің төрағасы М. Ерімбетов, осы комитеттің «Радиация. Экология. Денсаулық» комитетінің төрағасы Д. Қайырғалиев, бір топ журналистер мен фототілшілер ядролық сынақ аймағына айналған Орда ауданында және Азғыр, Капустин Яр полигонында болды. Олар осы аймақтағы экологиялық жағдаймен, әлеуметтік-экономикалық проблемалармен, тұрғындардың денсаулығын нығайту барысында қолға алынып жатқан шаралармен танысты.

27 ТАМЫЗ

Облыстық Қызыл Крест қоғамы алыстағы Жапониядан емшектегі баланы тамақтандыруға арналған 20 тонна жасанды сүт өнімін алды. Құрамында 25 компонент бар сүт өнімдері алыстағы аудандарға және қаладағы арнаулы балалар мекемелеріне бөлінеді.

2 ҚЫРКҮЙЕК

Орал ет комбинаты ауданында жаңа №33 қазақ мектебі ашылды. Облыс бойынша бес қазақ мектебін ашу жоспарлануда. Статистика мәліметі көрсеткеніндей, жыл сайын қазақ сыныптарындағы оқушылар саны екі пайызға өсіп отыр.

7 ҚЫРКҮЙЕК

Облыстық байланыс кәсіпорнына жаңа басқару құрылымы енгізілді. Облыста өз алдына бөлек мемлекеттік байланыс қызметі және облыстық мемлекеттік телекоммуникация кәсіпорны құрылды. Бұл нарық жағдайына көшуге және аталмыш саланы басқару жүйесін жетілдіру үшін жасалды. Әрбір құрылымға әлеуетті тұтынушылармен жұмыс істеу мүмкіндігі берілді.

16 ҚЫРКҮЙЕК

Батыс Қазақстан облыстық тілдер басқармасы құрылды. Облыс әкімі Қ. Жақыповтың шешімімен басқарма бастығы болып Мырзағали Мұхамбетов тағайындалды.

2 ҚАЗАН

Жаңақала ауданының орталығында жаңа сауда орталығы ашылды. Азиялық үлгіде, ұлттық нышандармен безендіріліп  салынған жабық базар есігін айқара ашты.  Енді жаңақалалықтар қажетті тауар үшін қалаға бармайтын болды.


Жаңажол қашан жаңарар екен?

Күні: , 172 рет оқылды

img_3852


Кеңестік дәуірде мал шаруашылығын өркендетудегі ерен еңбегімен талай мәрте көзге түскен «Ақкөл» кеңшары тәуелсіздік алған жылдардан бері Жаңажол ауылдық округі деген атауға ие. Кезекті іссапар барысында Чапаев – Қазталов күре жолына таяу орналасқан округ орталығын асықпай аралап шықтық. Өйткені бұл мекеннің   ішкі  жолдарымен  жүру  ауа райының жауын-шашынсыз кездерінде ғана мүмкін  екендігіне  әлденеше рет келгенде куә болған едік. Қараөзен бойына қоныс тепкен ауылда дені жатаған үйлер болғанымен, тұрғындары көштен қалмақ жоқ сыңайлы. Аулаларына заманауи үлгідегі қоршаулар орнатып, қайсыбірі тұрғын үйлерінің сыртын суық өткізбейтін пенопластпен қымтап қойыпты. Бау-бақша өсіргендері некен-саяқ. Ресейлік көршілердің таяуда су жібергендігін аңғартқандай, Қараөзеннің толқындары жағаны ұрып-ақ тұр. Округ орталығында бас-аяғы екі көше. Ал  осы қос көшенің жолдары жыл он екі айдың кемі жартысында ми батпақ болатындығы ойға түскенде,  тұрғындардың жанкештілігіне қайран қалмасқа шара жоқ. Әйтсе де, еліміз егемендік алғалы мұнда жаңа мектеп, балабақша, мәдениет үйі мен шағын  мешіт бой көтерген.


Әкіммен аз-кем әңгіме

— Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласында 47 шаруа қожалығы, бір несие серіктестігі жұмыс істеуде. Соның ішінде 12 шаруа ірі қара малын асылдандырумен айналысса, бір шаруа «Құлан» бағдарламасының шапағатымен жылқы өсіруде. Ірі қара малын асылдандыру мақсатында екі кооператив құрып, тегін бағым ұйымдастырып отырмыз. Сегіз бақташы бар.

Ауылдың тыныс-тіршілігі турасында осылайша әңгіме бастаған аталмыш округ әкімі Арман Алдабергенов алдағы жұмыс жоспарларымен де бөлісті.

Тұрғындарды толғандырып жүрген ауыз су мәселесі, «Таза су» бағдарламасы бойынша 2008 жылы орнатылған қондырғылар жөнінде газетімізде үш жыл бұрын жазылған болатын. Жаңажолдықтардың дені әлі күнге ауыз суды Бәйжиен елді мекенінен тасымалдап отыр екен. «Ақбұлақ» мембағдарламасына қосылу үшін 209 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, 2014 жылдың көктемінде мемсараптамадан да өткен. Алайда тиісті мекемелерден әлі күнге нақты жауап келмепті.

Чапаев – Қазталов күре жолына қатқыл табанның төселіп жатқаны көпшілікке мәлім. Дәл осы жолдың маңындағы Жаңажол ауылына және ауыл ішіндегі екі көшеге қатқыл табанды жол тарту мәселесі ауданның даму тұжырымдамасында көзделген.

Жуырда «Ақжайық» ЖШС барлау-бұрғылау жұмыстарын жүргізіп кетіпті. Жобалық құжаттары да дайындық үстінде.

— Көгілдір отыны кіріп тұрған ауылдың әр үйіне «Ақбұлақ» арқылы таза ауыз су тартылып, көшелеріне қатқыл жол төселсе, тіптен тамаша емес пе?! Еңбек етіп, бала-шағасын тәрбиелеп, денсаулықтары мен бау-бақшасын күтуден өзге не қалады?..

Бейнелеп айтқанда, жаңажолдықтарды «өркениеттің қақ төріне апарып қойғанымдай» сауалыма округ басшысының сәл жымиып алып, кібіртіктеп қалғандай сыңай танытқаны. Бұл жәйдің мәнісіне байыппен үңілсек, ауылдағы амбулаторияның ахуалы тіптен сын көтерместей жағдайда болып шықты.

Ақ желеңділер ашулы

img_3876Округ әкімдігі ғимаратының оң жақ бүйірінде орналасқан дәрігерлік амбулаторияға келдік. Ақ желеңділердің қызметіне жүгінушілердің аз еместігі көрініп-ақ тұр. Мизам шуағы болғанымен, ғимарат дәлізіне енгенімізде, суықтан денеміздің тітіркеніп кеткені. Әйтсе де, қалыптасқан ережеге қоса әдеп сақтап, сыртқы киімімізді шешіп, аяқ киімді ауыстырдық. Көне кеңсенің суық дәлізіндегі жұпынылау орындықта — кезек күтушілер. Тозығы жеткендігін «шықырлаған үнімен» аңғартқан сол жақтағы есік арқылы ішке еніп, амбулатория қызметкерлерінен сұхбат беруді өтіндік.

— Емдеу мекемесінің ашылғанына 30 жыл болды. Екі мейірбике, акушер, әлеуметтік қызметкер, кіші қызметкер мен көлік жүргізуші жұмыс істейді. Ауылда 1800 тұрғын болса, оның 400-ге жуығы – 14 жасқа дейінгілер. Арнайы есепте тұратын 300-ге жуық науқас тегін дәрі-дәрмектерін уақтылы алып жүр. Айына кемі 15-20 адам үйіне шақыртып, көмек алады. Сондай-ақ ай сайын кемі 30 адам күндізгі (стационарда) бөлімде ем қабылдайды. 1972 жылы салынған кеңсенің әбден тозығы жеткендігін көріп отырсыздар ғой. Қысқы маусымда тіптен қиын – бәріміз бір бөлмеге жиналып, сырқаттарды қабылдаймыз, — дейді Жаңажол дәрігерлік амбулаториясының тәжірибелі дәрігері Светлана Жұмақаева.

Амбулаторияның аядай ғана екі бөлмесінде науқастар қабылданса, екі кереуеттік төргі бөлме күндізгі бөлімге арналыпты. Мұндағы медициналық құрал-жабдықтар 2007 жылдан бері жаңартылмаған. «Жедел жәрдемге» он жыл бұрын бөлінген ескі «УАЗ» аутокөлігінің жүруінен тұруы көп.

Қазіргі уақытта бұзылған бұл көлік жүргізуші Асхат Ахметовтің үйінің ауласында тұр екен. Ауыр науқастарды амбулатория қызметкерлері жеке аутокөлік жалдап, Жалпақтал ауруханасына жеткізуде. Кеңседе компьютер құрылғылары болғанымен, ғаламтор желісі жоқ. Ақ желеңділер атқарған жұмыстары туралы мәліметтерді күнбе-күн бес-алты шақырым қашықтықтағы Жалпақтал ауылындағы емханаға аяқтай апаруға мәжбүр.

— Қысы-жазы күнбе-күн өзеннен су тасып, оны электр қуатымен жылытамын. Жұмыстағы жағдайымыз ауыр болса да, түбі бір жақсылық болар деп үміттенеміз, – дейді аталмыш мекеменің тазалықшысы Гүлсара Рахматуллина.

Міне, ескі кеңсенің бір бөлігін 20 жылдан бері паналап жүрген ақ желеңділердің жағдайы дәл осындай.

Оқырмандар – оптимист

Айналасы қоршалып, жасыл желекке көмкерілген ауылдық мәдениет үйіне таянғанымызда, әлгіндегі жабырқау көңіліміз сәл болса да, сейіле түскендей. Сән-салтанаты келісті мәдениет ошағының кең залы лық толмаса да, ауылдың үлкен-кішісі – «Орал өңірінің» шынайы оқырмандары жиылыпты.

Алдымен ғасырға жуық тарихы бар басылымның бүгінгі һәм келешектегі қам-қарекеттерінен хабардар болған ауылдың жайсаң жандары көкейіндегі сауалдары мен ұсыныс-пікірлерін іркілмей айтты. Емен-жарқын жүздесуде имандылық, патриоттық пен ұрпақ тәрбиесі, еңбекті және еңбек адамдарын дәріптеу мәселелерімен қатар, ауылда сирек болса да, орын алатын тәртіпсіздік, мал ұрлығы сықылды келеңсіздіктер де әңгіме арқауына ілікті.

Зейнет жасындағы Бақтылы есімді оқырманымыз «сыбайлас жемқорлық туралы жазғанда атын атап, түсін түстеуімізді» өтінсе, мектеп мұғалімі Мұхит Ермағанбетов «ауыл балаларының шығармашылығына әлде де жиірек көңіл бөлсеңіздер» деген пікірде.

Оқырмандар сондай-ақ мектеп бітірушілердің болашақ мамандығын таңдауына әсер ететін мақалаларды газет беттерінен ұдайы көргілері келетіндіктерін, ауылдағы ғаламтор желісін жүйелі жолға қоюды уақыттың өзі талап етіп отырғандығын паш етті.

Ауылдағы ақжарқын ағайынның әңгімесінен біраз жайттарды ұғынып, көңілге түйгендейміз. Жаңажолдықтар «Ақбұлақ» пен қатқыл жолдың ауыл ішіне кіретіндігіне бек сенім артуда. Ал дәрігерлік амбулаторияға жаңа ғимараттың салынуы мен ғаламтор желісінің соны үлгідегі әдіспен тартылуын таяу уақыттың еншісіне қалдырып отыр. Оптимист оқырмандардың пейіліне ризашылық сезіммен келесі ауылға аттандық.

Сырымбек ЖӘРДЕМҰЛЫ,

Қазталов ауданы


«Қызыл сызықты» неге ескермейді?..

Күні: , 322 рет оқылды

img_6238


Еуропа мен Азия құрлықтарының әрі Жайық, Шаған және Деркөл өзендерінің тоғысқан тұсындағы Орал – ерекше қала. Сән-сәулеті келісті байырғы шаһардың кескін-келбеті бұрынғыдан мүлдем өзгеріп барады. Соңғы жылдары қалада жаңа саябақтар, сыртқы қас беті сан алуан көрікті материалдармен көмкерілген жаңа  нысандар бой түзеуде. Алайда зәулім ғимараттар мен көкке ұмтылған жаңа үйлер салынған қаланың шағынаудандары кең далаға көсіліп, далиып бара жатқандай әсер етеді. Сәулетшілер қала құрылысы бас жоспарға сәйкес жүргізілуде деуден танбаса да, қаланың жаңа және көне құрылыс нысандарынан өзара үйлесімділік, сәулетінен өзіндік ерекшелікті табу қиын. Мысалға, өзіміздің Атырау жақтан және Ресейдің Самара қаласы жағындағы күре жолмен қалаға кірген кезде самсаған техникалық стансалар, автокөлік жуу орындары «кеуде соғып» қарсы алады. Соларға орын оқшалау жерден неге «бұйырмады» екен? «Театр киім ілгіштен басталады» дегендей, еліміздің батыс қақпасы Орал сырттан келушілерді осындай сұрланған, сұрқы келіссіз нысандармен қарсы алады емес пе?!


— Самара күре жолы жағындағы техникалық стансалар, көлік жуу орындары Зеленов ауданының аумағында орналасқан. Нобайлық жобаны жобалау мен келісуде сәулет жоспарлау тапсырмасын беру үшін сәулетшіге қойылар басты талап – құрылыс салу жолағы мен құрылыстың шекарасын реттейтін қызыл жолақты ескеру. Осы тұрғыдан алып қарағанда, жаңағы нысандар күре жол белдеуінен 15 метрден кем емес қашықтықта орналасқан, — деді Орал қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жанболат Үмбетқалиев.

img_6723Қазір Оралда аяқ бассаң, тойхана, мейрамхана, түнгі клубтар және сауда үйлері алдыңнан атойлап шығады. Тұрғын үй аулаларына тығылыстыра салынған құжыра-құжыра дүкен, көп қабатты үйлердің 1-қабаттарына жапсарлас біткен дәмхана, шаштараз сықылды кәсіпкерлік нысандары онсыз да шағын аулалардың тынысын тарылта түседі. Ол аз дегендей, тұрғын үйлердің аулалары тұрақты көлік тұрақтарына айналған. Әсілі, көлік тұрақтары ауладан тысқары салынуы тиіс емес пе? Бұл жағын сәулетшілер де, құрылыс нысанына тапсырыс берушілер де, сол үйлердің тұрғындары да елеп-екшеп жатқан жоқ. Оралдың Жаңа орда шағынауданындағы Қызылжар көшесіндегі сауықтыру кешенінің ғимараты жаяу жүргінші (тротуар) жолына әжептәуір шығып кеткен. «Байқамай» артық жер өлшеген мамандар бұл күндері жұмыстан кетіп қалған, ал жеке кәсіпкер заңды түрде алған жерінде кәсібін жалғастыруда.

Сәулет құрылыс талаптарының және қызыл сызықтың сақталмауы көріністерін қаланың кез келген бұрышынан қиналмай-ақ табуға болады. Бірде «Нұр Отан» партиясының Орал қалалық филиалында қалалық мәслихаттың депутаты Жантас Сафуллинге қоғамдық қабылдауға келген Наталья Акунишникова есімді қала тұрғыны да осындай нақты фактіні депутаттың алдына тартты. Оның айтуынша, Мұхит көшесіндегі Л. Толстой аялдамасы қасындағы көп жылдардан бері жабық тұрған дүңгіршек автокөлік бөлшектерін сататын орын ретінде ашылып, сауда жасауға кіріскен. «Бұл дүңгіршек көлік жүретін жолға тиіп тұр. Дүңгіршектен шыққан адам қабырғаны жағалаймын деп нөпір көліктің астында қалуы мүмкін. Сауда жасауға аутокөлікпен келген адам машинасын жол үстіне қаңтарады, бұл да жол қозғалысына бөгет әрі жол-көлік оқиғаларына жол беруі мүмкін. Бұдан бұрын дәл осы шамада жол-көлік оқиғасы орын алып, кішкентай қызым ауыр жарақат алып, мүгедек болып қалды. Содан кейін ғана бұл көшеге жаяу жүргіншілер жолы, жүріс жолағы бойындағы жасанды кедергі (лежащий полицейский) салынды. Сондықтан мені ана ретінде жол қозғалысы қауіпсіздігі, адамдар өмірінің қауіпсіздігі алаңдатады», — деді Наталья Дмитрийқызы.

Зашаған шағынауданында мұндай келеңсіз құрылыстар жетерлік. Мысалға, «Жазира» сауда үйінің маңы ешбір талғамға сай келмейтін, қиюластырып сала берген шағын кәсіпкерлік нысандарына, дүңгіршектерге толы. «Медколледж» аялдамасындағы сауда дүңгіршегі жол жиегінен «шыға жаздап» қалған. Әрлі-берлі ағылған көліктер жолына өте жақын орналасқан. Тіпті жүргіншілер автобусқа міну үшін дүңгіршектің шаң басқан қабырғасын жағалап жүргені (жоғары суретте)… Тура осындай жағдайды Құрманғазы көшесінің бойындағы “Азиза” сауда үйі маңындағы аялдамадан да байқап жүрміз (төменгі суретте).  Мұндай жағдай басты байлығымыз – адам өміріне қауіп туғызады, бірақ жобалау кезінде мәселенің осы жағы қалай ескерілмеген? Осы мәселеге қатысты сұрақты қаланың сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жанболат Үмбетқалиевке қойғанбыз. «Бұл аялдамада қоғамдық көлік тұрағы үшін «қалта» қаралмаған және ескерілмеген. Қазір аялдама иелері автобус көліктерінің тұрағы үшін «қалталар» құрылысымен көлік өтетін бөлігіне қатысты алаңқайды ығыстыру қажеттігі туралы ескерту алды. Берілген нұсқаулар орындалмаған жағдайда кәсіпкерлерге жер телімдерін жалдау мерзімі ұзартылмайтын болады», — деді ол.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Үндістанға аттанбақ

Күні: , 59 рет оқылды

%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d0%b3%d1%96%d1%80-%d0%b1%d0%b0%d1%8f%d0%bd%d0%be%d0%b2-%d0%bf%d0%b5%d0%bd-%d0%b4%d0%b0%d0%bd%d0%b8%d1%8f%d1%80-%d1%81%d0%b5%d1%80%d1%96%d0%ba


Қазақстан Республикасы  Білім және ғылым министрлігі мен «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның ұйымдастыруымен жақында Астана қаласында робототехника олимпиадасы өткен болатын. Еліміздің әр өңірінен жиналған 200-ден астам оқушы халықаралық робот олимпиадасының ережесі бойынша төрт бағытта сынға түсті.


Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары аталмыш додадан олжалы оралды. Атап айтқанда, ересектер санатында 11-сынып оқушылары Әділет Бекетов пен Ербол Абай, орта жастағылар арасында 8-сынып оқушылары Жәңгір Баянов пен Данияр Серік және студенттер арасында 11-сынып оқушысы Шынболат Тінәлиев бірінші орынды иеленді. Олимпиада жеңімпаздары атанған жас өнертапқыштар қараша айында Үндістанның астанасы Дели қаласында өтетін халықаралық жарысқа жолдама алды. Сондай-ақ шығармашылық санатында Динара Алманова, Айдана Асанғалиева және Ділназ Қуанова сықылды мектептің 10-сынып оқушыларынан құралған командаға екінші орын бұйырды. Олар суда қоқыс қалдықтарын жинайтын робот құрастырған болатын. Ал Орал құрамасында болған тасқалалық оқушылар да шығармашылық санат бойынша үшінші орын иеленді.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Еврей Жаңа жылы – «Рош-а-Шана»

Күні: , 34 рет оқылды

img_6655


Жексенбі күні қаладағы Достық үйінде «Ламед»  еврей этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен еврей халқының жаңажылдық мерекесі тойланды.


Еврей Жаңа жылы – «Рош-а-Шана» мерекелік шарасына облыс әкімдігі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Александр Әжіғалиев пен Ресей Федерациясының Оралдағы бас консулы Саид Забитов және өңіріміздегі ұлттық-мәдени қоғамдық бірлестіктерінің жетекшілері қатысты. Шараға келгендер ең алдымен еврей халқының салт-дәстүрі мен ұлттық тағамдары жөнінде мағлұмат берер көрме деректерімен танысты.

— Биыл еліміз егемендігіміздің 25 жылдығын тойлайды. Осы жылдар ішінде тәуелсіз Қазақстан қай салада болмасын, үлкен табыстарға қол жеткізді. Елбасының сарабдал саясатының арқасында елімізде түрлі ұлт өкілдері өзара тату-тәтті өмір кешуде, тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы үшін ынтымақтаса еңбек етуде. Бүгінгі мерекелік шара да ұлттар арасындағы татулық пен достықтың бір үлгісі іспетті. Осы шара арқылы бүгін біз еврей халқының тарихымен, мәдениетімен, тұрмыс-тіршілігімен жақынырақ танысамыз. Бұл шара облыс әкімдігінің қолдауымен «Этностар мәдени күні» жобасының аясында қазақстандық патриотизмді нығайтуға ықпал ету, ұлттық дәстүрлерге құрметпен қарау, азаматтарды біріктіру және топтастыру, достық пен халықаралық бірлікті, ынтымақтастықты насихаттау мақсатында өткізіліп отыр. Халықтар достығы мен ұлтаралық  жарасымды нығайту – біздің басты міндетіміз. Шараға облыстық Қазақстан  халқы ассамблеясы да үлкен қолдау көрсетті, — деді өзінің құттықтау сөзінде «Қоғамдық келісім» КММ басшысы  Александр Әжіғалиев.

Бұдан соң сөйлеген Саид Забитов еврей халқының өкілдерін елшілік атынан Жаңа жылдарымен құттықтап, қашан да жақсылыққа ұмтылған еврей халқына бақ-береке тіледі. Мерекелік құттықтауды одан әрі «Айдана» ЖШС директоры,  армян мәдени-ұлттық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Аветик Амирханян, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Данильбек Саратов, «Ламед» еврей ұлттық-мәдени орталығының төрайымы Ольга Дергачева жалғастырды. Оның айтуынша, еврей орталығы 1989 жылы 16 желтоқсанда құрылған. Қазіргі кезде Батыс Қазақстан облысын 1500-ден астам еврей ұлтының өкілдері мекен етіп, қоғамның барлық саласында еңбек еуде.

— Еврей Жаңа жылы – «Рош-а-Шана» еврейлердің тишрей күнтізбесі бойынша қыркүйек, қазан айларының алғашқы күндері тойланады. Жаңа жылда еврей халқы өткен жылдағы өміріне ой жүгіртіп, істеген жұмыстарын сарапқа салып, жаңа жылға таза ниетпен, үлкен ықыласпен аяқ басады. Қазақстан діни сенім-наным бостандығын қамтамасыз етіп, ұлтаралық  жарасым саясатын дәйекті түрде жүргізіп келеді. Елбасыныңосындай саясатының арқасында Қазақстанда тұратын барлық ұлтұлыстар өздерінің салт-дәстүрлерін, тілдері мен діндерін сақтауда. Мемлекеттің бұл саясаты  халықтар достығын жоғары бағалауы деп түсінеміз. Біртұтас ел ішіндегі мейрамдардың қай-қайсысы дабаршамызға ортақ болып саналады. Олай болса, барша жұртты бейбітшілікке, ынтымақтастыққа шақыратын еврей Жаңа жылы – «Рош-а-Шана» мерекесі құтты болсын! — деген Ольга Дергачева жиын соңында жиналғандарды еврей халқының ұлттық тағамдары қойылған достық дастарқанына шақырды. Шара еврей қызының орындауындағы «Егемен Қазақстан» әнімен аяқталды. Шараның жоғары деңгейде өтуіне мерекелік кешті жүргізген «Ламед» еврей этномәдени қоғамы жетекшісінің орынбасары Феликс Баюканский мен оның көмекшісі, кешті таза қазақ тілінде жүргізген №26 орта мектептің қазақ тілі пәнінің мұғалімі Ирина Жиликтің үлкен ықпал еткенін айта кеткен орынды.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


Алма піс, аузыма түс…

Күні: , 241 рет оқылды

golden_delishes-1024x682


Бұлай деп айтуға ғана оңай шығар.

Ал алманың пісіп, ауызға түскенге дейінгі машақатын  көп адам біле бермейді. Олай болса, біз бүгін күз мезгілінде алма көшеттерін отырғызу және алманы қысқа қалай сақтау керектігі туралы айтатын боламыз. Осы жолы көп жылдан бері бағбандықты серік еткен  Ермек Абдулов ақсақалдың айтқандарына жүгініп, кәсіби тұрғыда кеңестер алдық.


 Алма көшетін қашан отырғызған дұрыс?

Алма көшеттерін отырғызу және оны баптау тұрғылықты жеріңіздің климаттық ерекшеліктеріне тікелей байланысты. Тәжірибелі бағбандар алма көшетін отырғызуға күз мезгілі қолайлы екенін айтады. Ал біздің жерге ең қолайлы уақыт — қазан айы. Өйткені күз – ылғалдың ұзақ сақталуына, көшет тамырларының тез күш алуына, жақсы өнім беруіне оң ықпалын тигізеді.

Орын әзірлеу

Алма ағашын егуде оның орны мен топырағының құнарлығы маңызды рөл атқарады. Сізге не істеу керек? Ең тиімдісі, шұңқырды кем дегенде 2-3 ай бұрын, тіпті бір жыл бұрын дайындаған жөн. Өйткені қазылған топырақ күннің жылуын бойына сіңіріп, қажетті элементтерді сіңіріп үлгереді. Әрі топырақ демалады. Ең бастысы, алма көшеті егілетін жерде бұрын-соңды жеміс ағаштары егілмеген болуы шарт. Ал қазылатын шұңқыр неғұрлым терең болса, соғұрлым жақсы. Әр шұңқырдың тереңдігі 50-70 сантиметрден, ал диаметрі бір метрден кем болмағаны дұрыс. Алдымен шұңқырдың ең астыңғы бөлігіне 20-30 см көлемінде қара топырақ төсейсіз немесе түбіне бір уыстай селитра (арнайы тыңайтқыш) себесіз. Бұл әдіс тамырдың жылдам өсуіне жәрдемдеседі. Сонымен қоса ағаштың күлі, шымтезек, жылқы мен сиырдың кепкен тезегін жақсылап араластырып, саласыз. Ал шұңқырдың бетін жабар кезде топырақтың бетіндегі шөптерін жерге қарата көмген жөн, өйткені шөптер, оның арасындағы құрттар мен микроорганизмдер топырақта қарашіріктің түзілуіне жақсы әсер етеді.

Көшетті қалай таңдау керек?

Алдымен көшеттің жасы біржылдық немесе екіжылдық болғанына мән беріңіз, екіншіден, кез келгеннің қолынан емес, арнайы мамандандырылған жеміс ағаштары тұқымбағынан (питомник) таңдаңыз. Өйткені көшеттердің сұрпын көзбен таңдау өте қиынға соғады.

— Қысы аязды, жазы ыстық біздің климатымызға Ресейдің Самара, Саратов, Орынбор облыстарынан әкелінген көшеттер тез жерсінеді. Бұл жердің көшеттері көбіне «Дина» гипермаркеті мен «Зенит» мәдениет үйі маңында болатын жәрмеңкеде сатылады. Ал орталық базарда сатылатын көшеттердің бәрі бірдей керемет деп айта алмаймын. Мен екі рет алдандым, содан қайтып ол жерге жоламайтын болдым. Екіншіден, орталық базарда Ресейден әкелінген көшеттер өте сирек, ол жерде көбіне Шымкенттен әкелгенді сатады. Ал оңтүстіктің ағаштарының бізге «бауыр» басуы өте қиын, климатқа төзімсіз. Әрі кетсе, 2-3 жыл ғана жеміс береді, ғұмыры қысқа болады. Кейбір адамдардың түсінігінде көшеттің «жасы» неғұрлым үлкен болса, алма соғұрлым тезірек жеміс береді деген қате түсінік бар. Керісінше жас көшеттер жылдам өскіш, түрлі аурулар мен жыл мезгілдеріндегі ауа температурасына төзімді келеді.

Қазіргі таңда біздің өңірімізге ең қолайлы алманың сұрпы «колонналық» түрі болып отыр. Бұрын мұны көп ешкім білмейтін, қазір күннен-күнге қызығушылық артуда. Өте  сәнді, шағын өлшемді, көп өнім беретін алма сұрпы. Шағын аулаға арасын бір метрден сақтай отырып, бірнеше көшетін отырғыза бересің. Өскенде бұтақтары айналаға жайылмайды, тіп-тік болып өседі. Артық орын алмайды, әр ағашы кем дегенде 70-80 кг-ға дейін жеміс береді. Бұл жеміс ағашы 1964 жылы Канаданың Калонна деген жерінде өсірілген, — дейді Ермек ақсақал.

Егу амалдары

Алма ағашын шағудан да шығаруға болады, бірақ оны қанша баптасаң да, «жабайы» болып кетеді, сондықтан оны теліп өсіреді. Яғни кез келген алманың көшетіне жақсы сұрыпты алманы телиді. Содан кейін көшеттің ескі талын кесіп тастайды.

Алма көшетін отырғызбастан бұрын 24 сағатқа дейін оның тамырын суда ұстаған жөн. Ол ылғалды бойына сіңіріп, тез тамырлануына көмектеседі. Алма көшетінің қай жағында бұтағы көп болады, сол жағын оңтүстікке қаратып егу керек. Егер бұтақтары жоқ болса, тамырларына қарап айырасың. Тамырлар күнді қуалап өседі, полярлықты сақтайды.

Көшеттің тамырын шұңқырға көмерде топырақ сепкен сайын төменнен жоғарыға қарай жәймен көтересіз. Сонда көшет жерге берік орналасады. Ал алманың телінген тұсы жердің бетіне 5-8 см шығып тұру керек. Жерге көмілсе, тұншығып қалады. Көшеттің жанына міндетті түрде қазық қағылып, көшет байлану керек, әйтпесе жас шыбықтың сынып кетуі ғажап емес. Сөйтіп, әбден суық түскенше аптасына 1-2 реттен қанғанша суарған жөн.

Көшетті баптау тек оны отырғызу емес, оның артық өсінділерін қиып, уақтылы суаруға да байланысты. Көшет егілгеннен екі жылдан кейін ерте көктемде оның артық, өлі және жарақаттанған бұтақтарын кесіп тастайсыз. Бұл жеміс ағашының өнімділігін арттыра түседі. Көшеттеріңіз неғұрлым тез әрі жемісті болсын десеңіз, жаз мезгілінде 3-4 шелектен аптасына 4 реттен суарған жөн.

Ләззат ШАҒАТАЙ, «Орал өңірі»


Ғұмырын ғылымға арнаған

Күні: , 43 рет оқылды

20160526_095145


Осы анықтама жерлесіміз, химия ғылымдарының докторы Дина Меңдәлиеваға қаратылып айтылғандай көрінеді маған. Кеңестік кезеңде Орда, Чапаев, Жалпақтал аудандарында партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарған, қоғам қайраткері Кенжебек Меңдәлиевтің есімі өңір жұртшылығына кеңінен таныс. Абзал азаматтың шаңырағында екі ұл, үш қыз өсіп жетілген. Солардың ішінде Дина 1953 жылдан бастап Чапаев ауылындағы Абай атындағы мектеп-гимназиядан білім алады. 1962 жылы әкесінің қызметі ауысуына байланысты оқуды Жалпақтал ауылындағы мектепте жалғастырады.


«Отбасында тәртіп қатал болды. Әсіресе, оқу үлгерімімізге айрықша көңіл бөлінді. Анам Гауһар, негізінен, бастауыш сынып мұғалімі болғанымен, есепке жүйрік, математика пәнінен біліктілігі мығым еді», — деп еске алады Дина Кенжебекқызы. Зерек те алғыр қаршадай қыз мектеп бітірместен бұрын арман-мақсатын көңіліне нық бекітіп алған болатын. Яғни көптің жүрегі дауаламайтын  химия ғылымы әлеміне қанат қағуға құштар еді. Отбасында ата-анасы бұл талабын қош көрмесе де, қайсар қыз табандылық танытып, 1964 жылы Алматы қаласындағы С. Киров атындағы ҚазМУ-дың химия факультетіне түсуге тәуекел етеді. Бір орынға 13 талапкер бақ сынаған байқаудан сәтті өтеді. Сөйтіп, университетте ҚазКСР ғылым академиясының академигі Михаил Козловский, кейін профессор Александра Зебрева жетекшілік еткен аналитикалық кафедрада оқуды тағдыр нәсіп етеді. Бұл кафедра химия саласынан білікті мамандар дайындайтын таңдаулы төрт кафедраның бірі еді.

Университетті тәмамдаған соң, 1970-1973 жылдары Орал педагогикалық институтында, қазіргі М. Өтемісов атындағы БҚМУ-да оқытушы болып қызмет етеді. Cол кезде химия кафедрасының ұжымында ұлты қазақ жалғыз маман өзі болған еді. Кейін С. Киров атындағы ҚазМУ-дың аспирантурасынан жоғары білім алады. 1976 жылы электрохимия мамандығынан диссертация қорғайды. Жас маманға химия ғылымдарының докторы, профессор Валерий Гладышев жетекшілік етеді.

Дина Кенжебекқызы өзі оқыған оқу ордасында еңбек жолын жалғастырады. Университетте жоғары активті заттардың қатысуымен жүретін түрлі электродтардағы үдерістің механизмі мен кинетикасын зерттейтін жас ғалымдар тобында болады. Сол топқа жас ғалымдардың бірі, кейін әлемге танымал болған Михаил Наурызбаев жетекшілік жасаған.

Дина Меңдәлиева 1977 жылы аналитикалық кафедра жанындағы радиохимия мен талдаудың электрохимиялық әдістері зертханасының кіші ғылыми қызметкері ретінде жұмысқа орналасты, одан әрмен аға ғылыми қызметкер болды. 1996 жылы физикалық химия мамандығынан докторлық диссертация қорғады. 1997-2004 жылдары аналитикалық химия кафедрасының доценті, 1997-2004 жылдары аналитикалық химия және сирек металдар химиясы кафедрасының профессоры дәрежесінде тынымсыз еңбек етті. Дина Меңдәлиеваның болмысындағы бір ерекшелік – мінезі өткір. Сынға келгенде, әр сөзін қаққан қазықтай қып тура айтады. Оның бойындағы осы қасиеті университетте кандидаттық және докторлық диссертацияларды қорғау жөніндегі диссертациялық кеңестің, ҚР Жоғары аттестаттау комиссиясының мүшесі болғанда айрықша байқалды. Осы орайда ұстаздарының, ұжымдағы аға буын әріптестерінің берген барлық ақыл-кеңесін кәдеге жаратты. Байыппен сараптап, әділ баға беруге дағдыланды. Сондай-ақ мектеп оқушылары арасында өтетін ғылыми байқауларға, химия пәні бойынша республикалық олим-пиадаларға қазылық етті.

Ғалым – 300-ден астам ғылыми мақаланың, тоғыз авторлық куәліктің, одан бөлек мектептерге және жоғары оқу орындарына арналған оқу құралдарының, бағдарламалардың авторы.

2004 жылы Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да мұнайхимия және мұнай, газ және көмірқышқылдың химиялық технологиясы атты мамандық бойынша студенттер қабылданатын болған соң, сол кездегі ректор Қ. Бозымовтың өтінішімен келіп, университетте бес жыл еңбек етеді. Сол мерзім ішінде оның бастамасымен магистратура дәрежесінде органикалық заттардың химиялық технологиясы және бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы атты тағы да екі мамандықты оқыту жүйесі ашылады. 2009 жылдан бастап, ғалым М. Өтемісов атындағы БҚМУ-ға қызметке орналасады. Осы оқу ордасында да жоғарыда аталған мамандықтар негізінде магистратурада оқу базалары ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта университеттің химия кафедрасының ұжымы Қазақстан мен Ресейдегі жетекші ғылыми-зерттеу институттарымен тығыз байланыста жұмыс жасайды.

Дина Кенжебекқызы бірқатар ғылыми жобаларды жүзеге асырған авторлық ұжымдарда белсенді еңбек еткен, бірқатарына жетекшілік жасаған. Мәселен, әскери өнеркәсіпке қажет аса таза металл алу жолын көрсететін ғалымның жасаған теориялық негіздемелері Өскемен қорғасын-мырыш комбинаты мен Шымкент қорғасын зауытында өндіріске енгізілген. 2009 жылдан бастап облысымызда «ҚПО б.в.» компаниясының қаржыландыруымен карбонатты бұрғылау қалдықтарды өңдеу және кәдеге жарату әдістемесін зерттеген топқа жетекшілік етеді. Жобаны іске асыруға «Перспектива КАН» ЖШС мен Саратов мемлекеттік университетінің мамандары атсалысты. Ғылыми зерттеу нәтижелі болып, бұрғылау қалдықтары жол құрылысына пайдаланылды.

Әрине, отандық химия саласында сара соқпақ салған Дина Кенжебекқызының ғылыми еңбектерінің маңызын бір мақалада тарқатып айту мүмкін емес. Оның бүгінге дейін талай мықты мамандарды тәрбиелеп шығарғанын, еліміздің түкпір-түкпірінде ғылыми дәрежесі жоғары шәкірттері тынымсыз қызмет етіп жатқанын ешкім жоққа шығара алмайтыны анық. Ғалымның қарапайымдылығы сол, барлық табысқа өзім ғана қол жеткіздім дейтін менмендіктен болмысы түгелімен ада, керісінше ұжымдық еңбектің, бірлесудің арқасында болғанын, алдыңғы аға буынның тәлімі айрықша әсер еткенін айтудан жалықпайды. Дина Меңдәлиева мектептерде химия пәнін оқытуға байланысты кейбір өзекті мәселелерге мейлінше алаңдайды. «Оқу жылының екінші жартыжылдығында тест тапсыратын (11-сыныптарда) пәндерге ғана баса көңіл бөлініп, қалған сабақтың сағаттарында тестке дайындық жүргізіледі. Кейін олардың жоғары білімді ала алмайтыны, міне, осыдан туындап жатады. …Біздің  елімізде өңдеу және ұқсату жағы әлі де кенжелеп келе жатқан сала», – деп қалам тербеген ол маман даярлау сапасындағы түпкі кемшілікке назар аудармай, іс бітпейтінін алға тартады.

– Біз ескермей келе жатқан тұлғалар көп. Мәселен, Жәнібек ауданының тумасы Тайыр Шомбалов фитохимия құпиясын жетік білген марқасқа болса, Бөкей ордасы ауданы Сайқын ауылында дүниеге келген Ердан Әзірбаев органикалық қосылыстарды зерттеумен өмір бойы шұғылданды. Екеуі де – өздері еңбек еткен салада қазақ арасынан шыққан тұңғыш химия ғылымдарының докторлары. Туған жерлеріндегі мектеп танымал ғалымдарымыздың есімдерімен аталса, олардың еңбегін жас ұрпаққа насихаттасақ, — деген Дина Кенжебекқызы жергілікті мәслихат депутаттарына ұсыныс түсірмек ниетте екенін айтып, одан әрмен бастаманы қолдау бағытында еліміздегі көзі тірі ғалымдар тарапынан қоғамдық пікір ұйымдастыра алатынын жеткізді.

Ғылым мүддесін әрдайым жеке өмірінен биік қойған Дина Меңдәлиева биыл жетпіс жастың бел ортасына келді. Тынымсыз ізденіс жолында ғалым денсаулығын «құрбан еткенін» біреу біліп, біреу білмес. Бірақ бойындағы ерекше ерік-жігер әрдайым биікке алып шықты. Өзіне тән ширақтық пен қатал болмысы өмір бойы жігерін өзі шыңдағанын дәлелдеп тұрғандай. Күлімсіреген кезінде жанарынан төгіле қалатын мейірім сәулесі аяулы ұстаз бойына дарыған терең пайым мен парасаттылықтың, ізгі ілтипаттың жылуы екенін түйсігі бар жан бірден аңғаратыны анық.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Бес жылға бекітілген су бағасы өзгере ме?

Күні: , 32 рет оқылды


«Батыс су арнасы» ЖШС-ның директоры Есенжан Шонаевтың айтуынша, қаладағы және шаһар маңындағы шағынаудандардағы су тарату және кәріз желісі қысқы маусымға толық дайын. Коммуналдық төлем бойынша жыл ішінде тұтынушылар толық есеп айырысқан. Еліміз бойынша есептеу құрылғысымен қамтылған тұрғын үйлердің ең көбі Орал қаласында екен. Шаһарда 67 су бөлетін колонка бар. Бірақ олар уақыт өте көшелерден алынып тасталмақ.


Кәсіпорын 427 шақырым су құбырын, 363 шақырым кәріз құбырын күтімге алған. Күні бүгінге оның 69 пайызға жуығы тозған. Биыл «ҚПО б.в.» компаниясы бөлген 1,5 млрд. теңге қаржыға «Альтаир» ЖШС 4370 метр су құбырын, 1320 метр кәріз құбырын жөндеген. Ал «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жеті жоба қолға алынған. Оның бесеуі шаһардағы жер асты су құбырларын жөндеуге, екі жоба кәріз сорғысы және су құю стансаларының құрылысына бағытталған. Бағдарлама аясында 1 млрд. 308 млн. теңге жұмсалыпты. «Ең бастысы, құбырларды  жөндегенде тұрғын үйлерге келетін ауыз суды айырмадық», – дейді «Батыс су арнасы» ЖШС-ның директоры Есенжан Шонаев. Биыл жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында барлық су көтеру стансаларына заманауи неміс қондырғылары орнатылған.

Сонымен қатар құбыр желісі өтетін жер асты құдықтары қақпақтарының жоғалуы да өзекті мәселеге айналып отыр. Әсіресе, көктемгі қар суын тазалау, қоқыс тасымалдау жұмыстарынан кейін ауыр техника құдық  қақпақтарын жарамсыз қылады не күресінмен бірге әкетеді. Сондай-ақ қасақана қолды қылатындар көбейіп отыр.

Облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлері ұрлыққа қатысты екі-үш деректі ғана анықтай алған. Бұл коммуналдық жүйені күтумен айналысатын мекеме-кәсіпорындарға ортақ мәселе болып отыр. Биыл «Батыс су арнасы» ЖШС бес жүздей шойын қақпақты қайта жасатуға тапсырыс берген. Тұрғындардан құдықтың аузы ашық жатқаны туралы тәулігіне он шақты хабарлама түседі екен.

«Судың тарифтік құны 2020 жылға дейін тұрақты бекітілген. Бірақ басқа кәсіпорындар тариф бағасын көтерсе, мәселен, электр  қуаты қымбаттаса, бағаны қайта қарауымыз мүмкін», – деді Есенжан Темірболатұлы.

Атауы Өлшем бірлігі ҚҚС есебі бойынша 2016 жылдың 1 қаңтарынан бері
Су Кәріз жүйесі Қорытынды
Тұрғындар 1 текше метр 50 52,07 102,07
Бюджеттік мекемелер 387,9 542,96 930,94
Басқа тұтынушылар 300,73 289,25 589,98

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика