Мұрағат: 17.10.2016


Даладағы думан

Күні: , 64 рет оқылды

img_6624


Өткен аптаның жұма күні Зеленов ауданының Трекин ауылында Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы күндеріне орай дала қызықтары өткен болатын.


Шараға қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов, алдымен асыл тұқымды мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа техникалар көрмесін аралап, өңіріміздің әр ауданынан келген шаруа қожалықтарының жетекшілерімен кездесті. Іргелі шаруа қожалықтары өрістегі мал басының түрлерін көрмеге арнайы әкеліпті. Қаз-қатар тізілген озық үлгідегі су жаңа техникалар шараның шырайын кіргізіп тұрды. Сән-салтанаты келіскен даладағы думанға жиналған жұртшылық алыстан менмұндалап тұрған ақшанқан киіз үйлерді тамашалап, алтыбақан тепті. Одан әрі исі қазақтың делебесін қоздыратын «Топ бәйге», «Құнан бәйге» және арбадағы желіс аттар жарысы ұйымдастырылып, шараның көркін қыздырды.

img_6609— Дала қызықтарының өзіндік ерекшелігі бар. Аударыспақ, қазақ күресі, аламан бәйге сияқты ұлттық спорт ойындарын тамашалауға келген жұртшылықтың қарасы қалың. Астана, Ақтөбе және Ақтау облысынан келген атбегілер ауыздығымен алысқан сәйгүліктерін бәйгеге қосуда. Бұл додаға қатысып, өз бақтарын сынап жатқандардың арасынан Сырым, Тасқала аудандарының шабандоздары жақсы дайындалғанын байқадық, — дейді ұлттық спорт мектебінің директоры Дастан Мырзағалиев.

img_6430— Биыл ауа райының қолайлылығына байланысты егініміз бітік шығып, жақсы өнім алдық. Мал басы да көбейіп келеді. Енді алдымызда тұрған мақсат өңдеу өнеркәсібін іске қосу мәселесі. Ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу арқылы одан әрі дамыта аламыз. Өңірімізге жыл сайын 10 мың тонна құс еті шеттен әкелінді. Осы жағдайды ескере келе, жылына 6 мың тонна құс етін шығаратын құс фабрикасы, сонымен қатар тері өңдеу цехын іске қосу жөнінде  жеке инвесторлармен келісім бар. Цех іске қосылған кезде жылына 120 мың ірі қара малының және 600 мың қой-ешкі терісі өңделетін болады. Бұл алдағы уақыттың еншісінде. Ағымдағы жылы облысымызға 8 млрд. теңге демеуқаржы бөлінді. Оның өзі үлкен қолдау деп есептейміз. Ауылдық жерде жұмыс орнын ашып, мал басын көбейтіп, егін егіп отырған барлық ауыл шаруашылығы саласының мамандарын мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! — деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

img_6651Мерекелік шараның ең қызығы, ат бәйгесі болды. Қос бәйгеде де бейнеулік Қобыланды Таңатаров баптаған сәйгүліктер мәрені бірінші болып кесіп, бағалы сыйлықтарға ие болды. Отыз бір шақырымдық аламанда оза шапқан «Джекпот» есімді жүйріктің иесіне облыс әкімі Алтай Сейдірұлы «Шевроле Нива» аутокөлігінің кілтін табыс етті. Қазақ күресінен апай төс, атан жілікті кіл мықтылар боз кілемге шығып, өзара бақтарын байқасты. Ақырғы сайыста биылғы «Қазақстан барысына» қатысушы жас палуан Олжас Сүлейменов жеңіске жетіп, түйе палуанға тиесілі 150 мың теңгені еншіледі.

img_6398Аталмыш мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты. Тынымсыз еңбектің жемісін көріп жүрген ауыл еңбеккерлеріне арналған шараға жиналғандар тамаша көңіл күймен тарқасты.

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ

Суреттерді түсірген автор


Қабырғасы жарылған үй қауіпті ме?..

Күні: , 58 рет оқылды

img-20161010-wa0016


Орал қаласының «Жаңа орда» шағынауданындағы №9 үйдің қабырғасы шытынапты. Мұны сол үйдің тұрғындары кездейсоқ байқап қалып, бірден тиісті орындарға хабарлаған. Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған жаңа үй қабырғасының жарыла бастауы жұртшылықты, әрине, бейжай қалдырмады.


Өйткені қаланың солтүстігіндегі көп қабатты жаңа үйлерде көбінесе жас отбасылар тұрады. Жоғарыдағы жайсыз хабардың анық-қанығын білу үшін жақында аталмыш үйге бардық. Көп қабатты үйді бірнеше мәрте айналып шыққанымызбен, қабырғалардан көзге ұрып тұрғандай үлкен жарықты байқай қоймадық. Үйге кіріп, тұрғындарды әңгімеге тарттық.

— Осы үйдің №20 пәтерінде тұрамын. Аты-жөнім – Нұрбол Дүйсенғалиев. Қоныстанғаныма екі жыл болды. Негізі, үйіміз жаман емес, жылу жүйесі жақсы жұмыс істейді. Бірақ үйіміздің едені салқын, қыста үй ішінде қалың кебіс киіп жүреміз. Біз көшіп келгенде, үй ішінің электр желілеріндегі розеткалар салбырап, қауіпті жағдайда тұрды. Бөлмелердің есіктері дұрыс жабылмайтын. Мен сол жылы «Болашақ-К» компаниясының басшыларына барып, осы жағдайларды айтып, жазбаша арыз қалдырдым. Обалы не керек, аталмыш компания басшылығы сол бойда мамандарын жіберіп, кемшіліктерді қалпына келтіріп берді. Бірақ мына терезелердің арасы бітелмеген күйінде қалды, жел соқса, болды, үйіміз гулеп, ысқырып кетеді. Бәріміз бір бөлмеге жиналып, сол жерде тамақ ішіп, сол бөлмеге ұйықтаймыз. Оның үстіне үйіміз жылдан-жылға «отырып» бара жатқан сияқты, өйткені асүй мен балконның қабырғалары жарыла бастады, — деген Нұрбол бізге қабырғалардағы сызаттарды көрсетіп, бұл сызат бара-бара ұлғайып, қабырғалардың құлап кетуіне әкеп соқпай ма деген қаупін де жасырмады. Көп қабатты жаңа үйдің отырып бара жатқанына дәлел ретінде ол  асүйдің қабырғасына бекітілген құбырдың сырланған жері мен сыр-ланбаған бөлігін салыстырып, осы екі аралықтың 6,0 мм шамасында айырмашылығы бар екенін көрсетті. Осы жерде бір айта кететін жәйт, асүйдегісі жәй ғана сызат секілді болса, балкондағы жарықтың аражігі кәдімгідей үлкен. Біз көргенде қабырғаның жарылған жерінен күн сәулесі сығалап тұрды.

img_6206Нұрбол мен Әлияның айтуынша, «Болашақ-Т» компаниясының жұмысшылары жақында жоғарғы қабат тұсындағы жарылған жерді жөндеп кеткен. Бірақ жұмысшылар, неге екені белгісіз, жарылған тұстан жоғары тұрған тастарды ауыстырған. Ал жоғарғы қабаттың жарылған жерін цементпен майлап қана қойған. Мұны тұрғындар  өздерінің ұялы телефондарына суретке түсіріп алыпты. Біз бұл әңгіменің шындыққа қаншалықты жанасымды екенін біле алмадық. Өйткені жетінші қабаттан жоғары тұрған жарықтың қалай бітелгенін жәй көзбен анықтау мүмкін емес.

Бұдан соң Нұрболдың төменгі қабатта тұратын көршісі Әлияның үйіне бардық. Сегізінші қабатта тұратын Әлияның айтуынша, балкон әйнектелгеніне қарамастан, жаңбыр жауған күні суға толады. Оның ойынша, жаңбырдың сыртқа ағуына жағдай жасайтын балконның жоғарғы жағындағы қондырғы дұрыс орналаспаған немесе шұрқ тесік болуы мүмкін. Ол сондай-ақ өздерімен жапсарлас тұратын көршілерінің төбесінен үнемі су ағатынын айтты. Мұны өз ауыздарынан есту үшін, көршілерінің есігін қағып көріп едік, іштен ешкім жауап бермеді.

img_6229Осы тақырыпта төменгі қабаттағы пәтерлердің тұрғындарымен де сөйлесіп көрдік. Олар пәтерлерінің жылы да жайлы екенін, әзірге үй сыртындағы сызатқа байланысты ешқандай жайсыздықты сезінбегендерін айтса, кейбіреулері бұл мәселе жөнінде пікір айтудан ат-тондарын ала қашты.

Түс қайта қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Марат Молдашевқа жолығып, жоғарыдағы мәселе жөнінде пікірін сұрадық.

— Бұл үйді «Болашақ-Т» ЖШС монолитті құрылыс әдісімен жүргізген. Үй 2012 жылдың желтоқсанында тапсырылған. Ал енді үйдің жоғарғы бөлігінде пайда болған сызат  жөнінде айтар болсам, бұл мәселе бойынша арнайы комиссия құрылып, сызаттың пайда болу себебін анықтады. Комиссияның қорытындысы бойынша жарық немесе сызат үйдің көше жақ бетін әрлендіру үшін жасалған кірпіштердің арасының ашылуынан пайда болған. Үй құрылысын жүргізген кезде құрылысшылар әдетте әр қабаттың үстін плитамен жабады. Көп қабатты үйдің бетон қабырғаларын кірпішпен қаптау үшін осы плиталардың арасына бұрыштама темірлерді дәнекерлеп салады. Бұл бұрыштама темірлер жалаң қабат кірпіштерді ұстап тұру үшін керек. Комиссия жоғарыдағы келеңсіз жағдайды осындай бұрыштамалардың дұрыс дәнекерленбеуінен болуы мүмкін деп отыр.  Нақтырақ айтсақ, дұрыс дәнекерленбеген темір бұрыштамалар уақыт өте келе сөгіліп кетіп, соның кесірінен тастың қалауы бұзылған. Үйдің негізгі қабырғасы қалың бетон қабырғалардан құрастырылған, сыртындағы жалаң кірпіштердің жарылғанынан келетін қауіп жоқ. Оны қалпына келтіруге болады. Ең бастысы, үйдің қабырғасы дін аман. Сондықтан тұрғындардың алаңдауына еш негіз жоқ. Қазіргі уақытта мердігер компания қабырғаның жарылған тұсын жөндеп, қалпына келтірді. Тәртіп бойынша мердігерлер тұрғын үй құрылысына жеті жылға дейін кепілдік береді. Сондықтан тұрғындар осы мерзім аралығында құрылыс жұмысына қатысты кемшіліктерді байқаса, бұл жөнінде үй құрылысын жүргізген компанияның басшылығына айтуы керек. Негізі, «Болашақ-Т» компаниясы – жұмысты  адал істейтін ұқыпты компаниялардың бірі, сондықтан олар орын алған кемшіліктерді тез қалпына келтіреді деп ойлаймын, — деген Марат Төлеуғалиұлы тұрғындардың жарықты жөндеу жұмысына қатысты пікірлерінің ескерілетінін жеткізді. Біздің көзімізше мердігер компанияның басшысы Қайдар Қощановпен хабарласқан Марат Молдашев онымен аталған үйге қайта барып, жөндеу жұмысының сапасын тағы бір мәрте тексеріп шығуға келісті. Бұдан соң «Болашақ-Т» компаниясының басшысы Қайдар Жасенұлымен хабарласқанымызда, ол кісі де қалалық құрылыс бөлімі басшысының пікірін мақұлдап, таяу күндері аталмыш мәселені қайта қарайтынын айтты. Оның сөзінше, көп қабатты үйдің қабырғасында пайда болған жарықтың себебі әлі де зерттеуді қажет етеді. Себебі түпкілікті анықталған соң, оны қалпына келтіру жөнінде тағы да қосымша шешім қабылданбақ.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


«Шежіре тұнған құт мекен»

Күні: , 100 рет оқылды

img_3268


Бөкей ордасы ауданының Хан ордасы ауылында Бөкей ордасының құрылғанына 215 жыл және Жәңгір мектебінің ашылғанына 175 жыл толуы салтанатты түрде атап өтілді.


Мерекелік шаралар легі Жәңгір хан атындағы жалпы орта білім беретін мектептің ауласында орналасқан Жәңгір хан мүсініне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Мұнан кейін Жәңгір хан мектебінің тұңғыш мұғалімі, меңгерушісі Константин Ольдекопқа арналған мемориалдық тақта салтанатты түрде ашылды.

Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұрия Гайтбаева, Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы, ақын Ғайсағали Сейтақ, Хан ордасы ауылының тұрғыны, ардагерұстаз Сисен Байзунов және аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов құттықтау сөз алып, ауданның бай тарихына тоқталып өтті.

1841 жылы Орда жерінде бой көтерген Жәңгір мектебі сол кезде көрнекілігімен көз тартқан еңселі ғимараттардың бірі болған. Мұндағы екі сыныптық мектеп 1905 жылы төрт сыныптық қалалық мектепке айналып, жанынан мұғалімдер даярлайтын педагогикалық курс ашылған. Жәңгір хан мектебі шекті аспаптар оркестрі, хор, сондай-ақ бай кітапханасымен де ерекшеленіп тұрған.

Құттықтаулар легі ауылдық мәдениет үйінде өткен «Шежіре тұнған құт мекен» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда жалғасын тапты.

— Бөкей ордасындағы Жәңгір мектебінен түлеп ұшқан таланттар бүкіл қазақ мемлекетінің құрылуына еңбек сіңірді десек, еш артық айтқандық емес. Өйткені осы кезге дейін қазақ даласында тұңғыш мектеп ашты деп келген Ыбырай Алтынсарин бабамыздың өзі Жәңгір хан мектебі ашылған 1841 жылы дүниеге келген болатын. Сондықтан Жәңгір мектебінің орны бөлек. 1826 жылы осы жерге Хан ордасының шыбығын шаншыған кезде-ақ, Жәңгір хан мектеп ашуды ойлаған екен. Бұл өлке тұңғыштар мекені деп текке айтылмаған. Орда жерінде Шәңгерей Бөкеев, оны ұстаз тұтқан Ғұмар Қараш, сегіз тіл білген Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Ресей географиялық қоғамының медалімен марапатталған тұңғыш қазақ Мұхамед-Салық Бабажанов, сондай-ақ Мақаш правитель, Бақтыгерей Құлманов секілді мықтылар тәрбиеленген. Күні кеше өткен Тайыр Жароков, Жанғали Набиуллин, Қайрат Жұмағалиев сынды ағаларымыз шыққан өлкеде әлі де талай талантты ұлдар дүниеге келе берері анық. Тың деректер тарих бетіне енді-енді қалқып шығып жатыр. Соның бірі батыстағы баспасөз ісі дер едік. Сонау 1911 жылы Шәңгерей Бөкеев бастаған, Ғұмар Қараш қостаған зиялыларымыз патша үкіметінің қылышынан қан тамып тұрған мезгілінде «Қазақстан» деген атаумен тұңғыш рет газет шығарғаны белгілі. Ол кезде Қазақстан атауы мүлде айтылмайтын. Оны тұңғыш рет ресми қолданысқа енгізген де осы біздің бабаларымыз. Біз оны ешқашан ұмытпауымыз керек. Сол үрдісті жалғастырып әкеткен Ғабдолғазиз Мұсағалиев 1917 жылы 28 шілдеде «Ұран» газетін ашқан екен. Бұрын облысымыздың қос басылымы – «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттері 1918 жылы 17 қарашадан бастап шықты делінді. Соңғы деректерге байланысты бұл газеттердің шыққан уақытын «Жайық Пресс» ұжымының шешімімен «Ұран» газетінен бастауды жөн көрдік. «Жайық Пресс» ЖШС соңғы жылдар бедерінде «Қазақстан», «Ұран», «Қазақ дұрыстығы» секілді бірнеше кітап шығарды. Міне, осының арқасында біз келер жылы газеттеріміздің 100 жылдығын атап өткелі отырмыз. Соған байланысты көптеген шаралардың бір-екеуін осы Бөкей ордасы жерінде өткізуді көздеп отырмыз. Осы жерге біздің газеттеріміздің жанашырлары жиналып отыр деп есептейміз. Соңғы кезде газеттеріміздің түр-келбеті, дизайны, логотипі жаңаруда. Сондықтан газет бетінде де жиі-жиі қауышып тұрайық, қадірлі ағайын! – деген «Жайық Пресс» ЖШС директорының орынбасары, ақын Ғайсағали Сейтақ туған жері Бөкей ордасына арнаған өлеңін оқыды. Ол өзі түлеп ұшқан мектебіне Махамбет ақын, өзге де белгілі тұлғалардың шығармалары топтастырылған кітаптарды тарту етті. Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері Ләззат Нұркеева, сондай-ақ көршілес аудан өкілдері де құттықтау тілектерін жеткізіп, сый-сияпаттарын табыс етті.

Конференцияға Қазан, Астана, Орал қалаларынан келген ғалымдар қатысты. Олар Бөкей орда тарихын зерттеуге қосқан үлесі үшін Бөкей ордасы ауданы әкімінің алғысхатымен марапатталды. Татарстандағы «Қазан қалалық есептеуіш техникасының тарихы» музейінің директоры Маргарита Бадрутдинова, Астана қаласындағы Ұлттық музейдің ғылыми қызметкері, академик Ғизат Табылдин және оралдық ғалымдар Шыңғыс хан шежіресі, сондай-ақ Жәңгір ханнан тараған ұрпақтар, олардың еңбектері туралы баяндамалар жасады.

— Жәңгір ханның қызы Зылиханың, оның қызы Гүлсімнің Қазақстанда бұрын соңды жарияланбаған фотосуреттері бүгінгі конференцияда алғаш рет көрсетілді. Ал оралдық жас ғалым Саялбек Ғиззатов өзінің баяндамасында осы жерді алу үшін Бөкейден бұрын және кейін арыз берген тұлғалар туралы айтып берді. Бұл тың деректер осы конференцияның басты жаңалықтары болды, — дейді конференцияның модераторы, тарих магистрі, «Ғылыми зерттеулерді қолдау» жеке қорының қызметкері Айболат Құрымбаев.

«1801 жылдан бастап Кіші жүз қазақтарының кейбір тобы патшадан ішкі тарапқа түпкілікті орнығу үшін арнайы рұқсат сұраған. Алғаш болып ноғай руының старшыны Ислам Құрманқожаев 100 шаңырақпен өтуге ниет танытқан екен. Ізінше 1801 жылы 11 ақпанда Кіші жүздегі Хандық кеңестің төрағасы Бөкей сұлтан Орынбор губернаторы Н. Бахметевке емес, Грузия және Астрахан губерниясының басшысы К. Кноррингке Ресей бодандығын қабылдау, Жайық пен Еділ өзендері аралығында көшіп жүру жөнінде өтініш білдірген. Бөкей Нұралыұлымен бір мезгілде Кіші ордадағы кердері руының старшыны Тілеп Қайбашев Астрахан маңындағы далаға орнығуды жоспарлаған. Ол тек басқаша жолмен, яғни Орал әскери кеңсесі арқылы қимылдаған. Кіші жүз қазақтарының Қосөзенге осындай қарқынмен ұмтылуы жоғарыда көрсетілген үш билеушіден басқа «ресми рұқсат» сұрағандар санының көп болғандығын болжауға мүмкіндік береді.

Жайық өзенінің оң жақ бетіне өтуге ноғай руының старшыны Ислам Құрманқожаев алдымен рұқсат алғанымен, жетекшілік рөлді ірі көшбасшы Бөкей Нұралыұлы иеленген болатын. Бірнеше айға созылған тыңғылықты дайындығынан соң сұлтан 1801 жылы 20 желтоқсанда негізінен өз туысқандарынан тұратын 183 шаңырақты ішкі тарапқа бастап өтеді. Зерттеуші И. Бирюковтың келтірген мәліметі бойынша осы көште 740 адам, 1366 ірі қара, 24 түйе, 3300 жылқы, 1250 қой есепке алынған» деген еді «Бөкей ордасындағы жер үшін күрес» атты жаңа кітаптың авторы, оралдық жас ғалым Саялбек Ғиззатов өз баяндамасында.

Түстен кейін облыс ақындарының қатысуымен айтыстан көрініс және мерекелік концерт болды. Ақын-журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айбатыр Сейтақ пен айтыскер ақын Жансая Мусинаға «Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. Бұдан кейін Жәңгір хан атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде аталмыш аудан оқушылары арасында оздырылған «Не? Қайда? Қашан?» интеллектуалдық ойыны би кеші және мерекелік отшашуға ұласты.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Ағаларын аңсаған ардагер

Күні: , 37 рет оқылды

img_4944


Таяуда редакцияға бір қария келді. Ол осыдан 75 жылдай уақыт бұрын Отанын қорғап, мәңгілікке көз жұмған екі ағасын аңсап, көкірегіне сыймаған сағынышын бөлісуге келген екен.


Теректі ауданындағы Шағатай ауылдық округіне қарасты Қызылжар ауылының тұрғыны, 88 жастағы Хамит Салахиевтің ата-анасының үш ұл, үш қызы болған екен. Өзі – ұлдың кенжесі. Алдындағы асқар таудай екі ағасы Темір мен Ихсан Ұлы Отан соғысында қаза тапқан. Жаңақала ауданының тумасы, 40 жыл бойы ұстаздық еткен қария соғыстан кейін ұзақ уақыт бойы ағаларынан қандай ма болсын хабар-ошар күтіпті. Алайда «Хабар-ошарсыз кетті» және қаза тапқаны туралы «қара қағаздан» басқа тұшымды дерек жоқ. Ағаларынан үрім-бұтақ қалмағаны да Хамит ақсақалдың жүрегін сыздатады.

Енді білім беру ісінің үздігі, еңбек және тыл ардагерінің қос ағасының жайына кеңінен тоқталайық. Үлкені Темір 1916 жылы туған. Арнаулы білім алып, мектепте математика пәнінің мұғалімі болып қызмет істепті. Ол 1938 жылы әскер қатарына алынып, украин жерінде азаматтық борышын өтеп жүргенде, соғыс басталып кетеді. Содан төрт жылдай майданда жүріп, Украинада қаза тапса керек. Бірақ «Хабар-ошарсыз кетті» деген ресми құжаттан басқа қолына ештеңе түспеген Хамит үлкен ағасының дерегін іздестіріп, талай жерге сұрау салыпты. Алайда іс нәтижесіз.

Екінші ағасы Ихсан 1918 жылы дүниеге келіп, тетелес туған ағасы сияқты 1938 жылы әскер қатарына алынып, сонау солтүстіктен бір шығады. 1939-1940 жылы орыс-фин соғысына қатысып, елге қайтуға жиналып жүргенде, 1941 жылдың 22 маусымында неміс басқыншылары бұрынғы Кеңес одағына лап қойды. Тағы да соғыс… 68-гвардиялық атқыштар дивизиясы сардарының көмекшісі (адьютант), лейтенант Ихсан Салахиев әуелі атышулы Ленинград құрсауын басынан өткерген. Кейін эстон жерін азат етуге қатысады. «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталып, «Ленинградты қорғағаны үшін» медаліне ие болған сарбаз 1944 жылы 1 тамызда ерлікпен қаза табады. Сүйегі Ленинград, бүгінгі Санкт-Петербург қаласының төңірегіндегі бауырластар зиратында жатыр. Соны өткен ғасырдың ортасында аталмыш қалада милиция оқуында болған туған жиені Тілекбай Нұрғалиев тауып, көзі көрмеген нағашысына тәу етіпті. Әрі көзі тірі нағашысына да хабарласқан.

1947 жылы бір азамат елдегі Хамитке келіп: «Менің бір танысым, соғыс жылдарында Украинада сіздің ағаңыз Темірмен госпитальда жатыпты. Содан кейін білгені, ол сонда қаза болған екен. Өйткені госпиталь жау қоршауына түсіпті. Оның жау қолынан немесе кездейсоқ, бомба не снарядтан қаза тапқаны белгісіз» депті.

Хамит қария ерлікпен қаза тапқан ағаларына қарағанда, бақытты өмір сүрді. Марқұм кемпірі Жұмазиямен бірге төрт ұл, төрт қыз өсірді. Қазір немере-жиендерінің қызығын көріп отыр. Тек анда-санда ағаларын аңсап, жан дүниесінің күйзелетені бар. Оның бүгінгі бейбіт заман үшін майдан даласында мәңгіге қалған қос ағасына деген сағынышы сарқылар емес…

Серік  ІЗБАСАРҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Шоқайтерек

Күні: , 74 рет оқылды

dsc_1495


Шыңғырлау ауданындағы жетпіс түтінді Шоқтыбай ауылынан екі-үш шақырым қашықтықта бес адамның құшағы зорға жететін алып терек өсіп тұр. Біраздан естіп жүрген табиғаттың бұл таңғажайыбын өткен айда үшбу ауданда іссапарда жүргенімізде арнайы барып көрдік.


Жергілікті жұрт оны Шоқайтерек дейді екен. Бірақ неге бұлай аталғандығы жөнінде ешкім нақты мағлұмат айта алмады. Біреулер Шыңғырлау өңірінде бұрындары Шоқай деген батыр болған-мыс десе, енді бірі алыстан шоқайып көрінетіндіктен, «Шоқайтерек» атанып кеткен десті. Алайда табан тірер тиянақты дерек жоқ.

Елбасымен кезінде металлургия саласындағы еңбек жолын бірге бастаған, тіпті Нұрсұлтан Әбішұлымен жалын жастық жылдарында Украинаның Днепродзержинск қаласындағы №8 кәсіптік-техникалық училищеде металлург мамандығының қыр-сырына бірге қаныққан бүгіндері Астанада тұратын еңбек ардагері, техника ғылымдарының докторы, академик, Қазақстан Республикасының техника мен ғылым саласындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қабидолла Сәрекеновтің кіндік қаны Шоқайтеректің төңірегінде тамған екен. Бүгіндері ғұмыр жасы 75-ке таянған Қабидолла ақсақал ара-тұра туған жеріне келгенде, әлгі маңда әлі күнге дейін салт атпен серуендегенді жақсы көреді деседі. Сондай сәттерде қария айналаға сарқылмас перзенттік сағынышпен қарап, «Бала кезімізде талай асыр салған жеріміз ғой. Мына Шоқайтерек біздің ойын баласы кезімізде алып ағаш еді. Әлі жайқалып тұр екен жарықтық!» деп сүйсінеді екен. Бізге мұны Шыңғырлау орман шаруашылығының орманшысы Қаймолдинов Аталық ағамыз айтып берді. Осы азамат «Шоқайтерекке шамамен 150 жыл» деген уәж айтты. 150 жыл – бір жарым ғасыр, оңай ма, сірә?!  Былтыр Шоқайтерекке найзағай түсіп, діңінің түбін жарықшақтандырып жіберген. Зады, содан болса керек, ұшар басына таяу бірді-екілі бұтағы биыл жапырақ жаймапты…

dsc_1470Шыңғырлау аудандық «Серпін» газетінің редактор-директоры Адақ Шотпановқа «Бәлкім Шоқайтеректің атауының Мұстафа Шоқайға бір қатысы бар шығар?» деген төл болжамымызды айтып көріп едік, өзі сол ауданда өмір есігін ашқан, бүгіндері жасы алпысты алқымдап қалған әріптесіміз әлгіндей жорамалға негіз болар ел ішінде еш дерек жоқ екендігін алға тартты. Сонымен Шоқайтеректің атауына қатысты біздің әзірге бар айтарымыз осы, қадірлі оқырман. Ал енді Елек өзенінің жағасына жақын өскен Шоқайтеректің айналасында ағаштың неше түрі бар. Тораңғы, шегіршін, емен, үйеңкі, тал, ақтерек, көктерек дейсің бе, тіпті ішінара бірен-саран қайың мен қарағай да көзге шалынды. Бірақ бір ғажабы олардың бірде-біреуі Шоқайтеректей ерекше емес. Көрер көзге кәдімгі бірі-бірінен еш айырмашылығы жоқтай көрінетін орман «тұрғындары». Ал Шоқайтерекке Алланың рахымы неге айрықша түсіп, неліктен оны елден ерек, жұрттан бөлек қылып жаратты екен? Бұл сірә, адамның ой-санасы жетпес табиғаттың бір тылсымы болса керек…

Айтпақшы, Шоқайтеректен қарға адым аттасаң болды, орман-орыстың елі, Ресейдің жері басталады. Шоқайтерек құдды, ұлы мәртебелі Тәуелсіздікке ие бол-ған Қазақстанның шекарасын кірпік қақпай қырағы күзетіп, елдің шетінде, желдің өтінде тұрған қазақтың нағыз алып батыры тәрізді.

Сен аман бол, Шоқайтерек!

ФАЙЗОЛЛАНЫҢ  Бауыржаны,

«Орал  өңірі»

Суреттерді түсірген Нұрбек ЗӘКАРИЯҰЛЫ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика