Мұрағат: 14.10.2016


Қос мерекені атап өтті

Күні: , 67 рет оқылды

????

????


Бөкей ордасы ауданының Хан ордасы ауылында ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Бөкей хандығының 215 және Жәңгір хан мектебінің 175 жылдығы аталып өтілді.


Мерекелік шаралар алдымен Жәңгір хан іргесін қалаған білім ордасында басталды. Осында мектептің алғашқы меңгерушісі Константин Ольдекопқа арналған ескерткіш тақта ашылды. Әр тараптан жиналғандар мектеп мұражайын тамашалады.

Содан кейін ауылдық мәдениет үйінде «Шежіре тұнған құт мекен» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді.

Онда аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов ел тарихын түгендеу туған өлкеден басталатынын айтып, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келген осынау шараның маңыздылығын атап көрсетті.

Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов өңір басшысы Алтай Көлгіновтің атынан құттықтап, игі тілегін жеткізді. «Өткенді білмей, болашақты болжау мүмкін емес» дегендей, бүгінгі таңда біз ұлттық таным-тарихымызды зерделеп, ертеңгі күніне нық қадам басқан тәуелсіз елміз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев кезінде тарихи Бөкей ордасына арнайы ат басын бұрып, елдің дәмін татты. Президенттің қолдауы арқасында аудан мен мектептің тарихи атауы қайтарылып, киелі орындар жаңғыртылды. Таудан аққан бұлақтың теңізге ұласатыны секілді, ата-бабаларымыздың ерлік дәстүрі мен елдік ғибраты бүгінгі буын бойынан табылып, жалғасып жатса, қандай ғанибет! Бөкей хандығының қос бірдей мерекесін атап өтудің де тәрбиелік, тағылымдық-танымдық мәні зор. Ұлы дала төсіндегі ерен еңбек көші тоқтамай, алға баса берсін. Мәңгілік елге бет алған жолда мақсат-мұратымыз да бір болсын», — деді Д. Құсайынов.

Конференцияда астаналық ғалым Ғизат Табылдин, Қазан қаласынан келген Маргарита Бадтрутдинова Шыңғыс хан шежіресі, одан тараған ұрпақтар, Қазан университетімен тығыз байланыста болған Жәңгір ханның ағарту саласына, ғылымға қосқан үлесі туралы әңгімелеп берді. Сонымен қатар басқа тарихшы-ғалымдар да Бөкей хандығына байланысты тың деректермен бөлісті.

Мерейтойлық шаралар ақындар айтысы және мерекелік концертпен жалғасын тапты.

 

(Мерекелік шарада дайындалған материалдың толық нұсқасын газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар)


Жылыту маусымына толық дайын

Күні: , 44 рет оқылды

pri_1143


Бейсенбі күні орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалы алаңында өткен баспасөз мәслихатында 2016-2017 жылдардағы жылыту маусымына дайындық барысы және атқарылған жұмыстардың жай-күйі талқыланды.


Брифингке БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Орынғалиев, Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Мұхамбетқалиев, «Жайық-жылуқуат» акционерлік қоғамының бас директоры Мұрат Байменов қатысты.

— Бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес облыста 2016-2017 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары біркелкі жүргізілуде. Соңғы күндері күннің күрт суытуына орай «Жайықжылуқуат» АҚ қазан айының он екісінен бері жылыту маусымын бастады. Ағымдағы жылы дайындық жұмыстарын жүргізуге, сонымен қатар сұйық және қатты отынды сатып алуға 6,9 миллиард теңге бағытталды. Өңіріміздегі елді мекендердің табиғи көгілдір отынмен қамтылуы көмір және сұйық отынға деген сұранысты едәуір төмендетіп отыр. Алдағы жылыту маусымына бюджеттік мекемелердің қажеттілігі 4,4 мың тонна көмір және 1,4 мың тонна сұйық отынды құрады. Күні бүгін барлық отын түрлері қажетті орындарға жеткізілді және жылыту маусымына дайын. Бұл жұмыстарға 323,4 миллион теңге қаражат жұмсалды. Бүгінгі күні 645 білім беру, 407 денсаулық сақтау, 379 әлеуметтік нысандар, сонымен қатар 1269 көп қабатты тұрғын үй маусымға толықтай дайындалып, жылыту жүйесіне қосылды. Республикалық бюджет қаражаты, сонымен қатар коммуналдық кәсіпорындардың өз қаражаттары есебінен 12,5 шақырым жылу желілерін, 15,8 шақырым су құбырлары және кәріз желілерін, 666 шақырым электр желілерін, «Жайықжылуқуат» АҚ жылыту қазандықтары мен жылу желілерін салуға, жөндеуге және қайта жабдықтауға 295,7 миллион теңге қарастырылған болатын.  Күні бүгін 141,4 миллион теңге қаражатқа 7,9 шақырым жылу желілері күрделі жөндеуден өтті. Жылу электр орталығын жөндеуге 154,2 миллион теңге қарастырылып, бүгінде барлық жөндеу жұмыстары аяқталды. Кәсіпорынның теңгерімінде 19 қазандық бар. Күні бүгін барлық қазандықтар тексеруден өтіп, жылыту маусымына толықтай қосылды, — деді Ға-лым Орынғалиев.

Қайрат Мұхамбетқалиевтің айтуынша, күннің күрт суытуына орай 783 көп қабатты тұрғын үй жылыту жүйесіне қосылған болса, қалған үйлерге де бір-екі күнде жылу берілмек. Коммуналдық шаруашылық бойынша осы жылға жоспарланған барлық жұмыстар өз уақытымен толық аяқталған. Көктем айларында жылу құбырларының ақауын анықтау мақсатында бірқатар тексерістер жүргізілген. Жылу құбырларын жоғарғы қысыммен тексеру барысында сексенге жуық ақаулар анықталып, толық жөнделген.

— Қысқы жылыту мерзіміне жүз пайыз дайынбыз деп толықтай айта аламын. Қыс мезгіліндегі жол тазалау жұмыстарына да техникалар толық дайындықтан өтіп, жанар-жағармайлар да алынып қойылды. Сонымен қатар бұл жұмыстарға жыл соңына дейін он арнайы техника сатып алуды жоспарлап отырмыз. Жолдардағы көк тайғақты болдырмау үшін тұзды-құмды қоспа да әзірленді, — деді Қайрат Қуанышқалиұлы.

Сондай-ақ брифингте сөз алған «Жайықжылуқуат» акционерлік қоғамының бас директоры Мұрат Байменов атқарылған істермен қатар жұмыс барысындағы түйткілді мәселелерге де тоқталып өтті.

— Биылғы жылыту маусымына біздің мекеме бойынша 311 миллион теңге қаражат қарастырылып, бүгінгі таңда толықтай игерілуде. Осы қаражат есебінен жылу орталығына 106 миллион теңге қаржы бөлініп, күрделі және ағымдағы жөндеулер жүргізілді. 476 миллион теңге қаражат жылу жүйелерін жөндеуге жұмсалды. Бұл қаржыға Т. Масин, Әбілқайыр хан кө-шелеріндегі  магистральды жылу жүйелері жөнделіп жатыр. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстары 95 пайызға орындалып, ішінара жылу берілді. Қалған жұмыстар бір-екі күнде толық аяқталады. Айта кететін жайт, «Жайықжылуқуат» акционерлік қоғамының «ҚазТрансГазАймақ» мекемесіне күні бүгінгі берешегі 481 миллион теңгені құрап тұр. Бұның сыртында қала тұрғындарының біздің мекемеге бережағы 300 миллион теңгені құрады. Кейбір тұрғындар тіпті бес-он жыл бойына пайдаланған жылу үшін қаражат төлемей отыр. Қазіргі таңда қолымызда берешек тұрғындарға шығарылған 100 мыңнан астам  сот шешімдері бар. Қарызды қайтару мақсатында көптеген шаралар қолданып көрдік. Жылуға бережақ тұрғындардың пәтерлеріндегі жылу батареяларын кесіп алып тастау шарасына дейін бардық. Бірақ әзірге нәтиже болмай отыр. Ендігі жерде заң бойынша жазаның қатаң түрлерін қолдануға мәжбүр боламыз, — дейді Мұрат Болатұлы.

Баспасөз мәслихатына қатысушы сала басшылары журналистердің бірқатар сауалдарына да жауаптар қайтарды. Қаржылық жағдайдың күрделілігіне қарамастан, жылудың бағасы алдағы бес жылда қымбаттамайды деп сендірді сала басшылары. Тұрғындардың тұтынылған коммуналдық қызметке төлеген артық төлемдері келесі есептеулер кезінде ескерілетіндігін жеткізді. Сондай-ақ соңғы жылдары пәтерлерге орнатылып жатқан жылу есептегіш құралдары тұрғындар үшін тиімді екені айтылды. Ал «Жайықжылуқуат» АҚ кәсіпорнының мемлекеттік сатып алу бөлімінің бұрынғы басшысы Бакир Каримовтен 349 миллион теңгені өндіру сот шешіміне сәйкес жүзеге асырылмақ.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


Болат ДОСЖАНОВ: «Ұрпақ отаншыл болсын десек…»

Күні: , 68 рет оқылды

%d0%b1-%d0%b4%d0%be%d1%81%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d0%be%d0%b2


Болат Досжанов — Қазақ бейнелеу өнеріндегі танымал тұлғалардың бірі. 1945 жылы Алматы облысына қарасты Іле ауданында дүниеге келген. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, республикалық және халықаралық көрмелердің лауреаты. В. Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік көркемсурет институтын бітірген.


Монументалды мүсін өнерінде көптеген туындыларды дүниеге әкелген, ол мүсіннің қоршаған ортамен жарасымды үйлесімділігін, жарықтың түсуін басты назарда ұстайды, шығармаларына классикалық үлгіге тән пластикалық ерекшелік береді. Оның шығармаларындағы тарихи тұлғалар образдары нақты табылған кескін-келбеті мен дұрыс өлшемді шешімі, кеңістіктегі орны, қазақ мүсін өнерін классикалық деңгейге көтерді.

Жақында  Болат  ағамыз Орал  қаласына  арнайы келді. Сол  сапарында аз-кем әңгіме-дүкен құрып, ол былайша өрбіген еді.

— Болат Сапарұлы, Ақ Жайық атырабына қош келдіңіз! Сіз қазақтың мүсін өнерінде айрықша орны бар тұлғасыз. Әуел басында бәрі қалай басталып еді өзі?

— Балалардың барлығы да кішкентай кезінде сурет салуға әуес болады ғой. Сол сияқты мен де бала жасымнан шимайлап сурет салатынмын. Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезімде, сынып безендіру жұмыстарына жақсы араластым. Мұғалімдердің берген тапсырмаларын қалтқысыз орындап, мейрам сайын қабырға газеттерін шығаратынмын. Күні кешегідей әлі көз алдымда, жоғары сыныптарға көшкен кезім еді, біздің мектепке қазақтың кәсіби тұңғыш мүсіншісі, Қазақстанның халық суретшісі Наурызбаев Хакімжан аға келді. Менің салып жүрген жұмыстарымды көріп, өзінің шеберханасын көруге шақырды. Шеберханадан көптеген жұмыстардың эскиз, макеттерін көрдім. Қызығушылығым артты, ағайдың ықпалы да шығар, хирург боламын деп жүрген арманымнан айнып, мүсінші болам деп шештім сол жерде. Алматы сурет училищесін бітірген соң, Мәскеудегі В. Суриков атындағы көркемсурет институтынан білім алып, монументалды мүсін өнерінің маманы болып шықтым.

— Мәскеу мүсін мектебі дүниежүзіне белгілі ғой, тәлім берген ұстаздарыңыздан кімдерді атар едіңіз, студенттік жылдардағы шуақты сәттерді жадыңызда жаңғыртып көрсеңіз?

— «Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты» деген сөз бар, әрбір суретші белгілі бір шебердің қолынан тәрбие алып шығады.

Өйткені әр шебердің артында үлкен бір мектеп, дәстүр тұрады. Мәскеуде Михаил Федорович Бабуриннен білім алдым, ол әлемге аты мәшһүр мүсінші Александр Терентьевич Матвеевтен, ал Матвеев есімі аңызға айналған тұлға — Мансурдан білім алған екен. Сондықтан өзімді Мансурдың «шөбересімін» деуге құқым болар.

Мәскеудегі дипломдық жұмысымның тақырыбы «Құрманғазы» еді. Ұстазым осы тақырыпты алғанымды онша қаламады. Бірнеше рет өтініп сұрап  көріп едім, келіспей қойды. Менің миымнан Құрманғазы образы мүлдем шығар емес. Не істеу керек? Біраз толғанып, Бабамыздың шығармаларын бұл кісіге тыңдатып көрсем деген ой келді. Сол үшін пойызбен арнайы Алматыға келіп, күйтабақты тауып, Мәскеуге апардым. Ұстазыма «Сарыарқа» күйін тыңдаттым. Дана адам ғой — Михаил Федорович күйді бар жан-тәнімен тыңдады, біраз үнсіздіктен соң – «Бұл адам жай музыкант емес, үлкен философ екен, жұмысыңды баста» — деді де  шығып кетті…

— Керемет, ғажап көрініс екен. Сол алғашқы бағдаршамыңыздай болған «Құрманғазы» аталатын дипломдық жұмысыңыздан басталған кәсіби шығармашылығыңыздың өрісі кең екенін білеміз, тарқатыңқырап айтсаңыз.

— Құрманғазыдан басталған, тарихи тұлғалар бейнелері менің негізгі тақырыбыма айналды. Оның бәріне тоқталу мүмкін емес шығар, тек соңғы жылдарда жасаған еңбектеріме тоқталайын. 1999 жылы Петропавл қаласында А. Пушкиннің туғанына 200 жылдығына арнап мүсін ашылды. Мүсін екі метрден аса гранит мәрмәр тұғырдың үстіне қойылған, жалпы биіктігі үш метрден асатын монумент. Осы қаладағы тағы бір мүсін – Қарасай мен Ағынтай батырларға арналған композициялық шығарма. Бұл ескерткіш Погодин атындағы орыс драма театрының алдына, яғни театр алаңына қойылды. Қоладан құйылған ескерткіште қазақтың хас батырлары Ағынтай мен Қара-сай иық тіресіп тұр.

Тарихи деректерге сүйенсек, Қарасай мен Ағынтай арасындағы достық олардың талай жеңіске жетуіне себеп болған. Қашан да адамды жеңіске жетелейтін мызғымас достық екендігі белгілі. Талай жауға бірге шапқан, айырылмас дос болған қос батыр ерліктерін осы композицияда барынша көрсетуге тырыстым. Сәтті шыққан туынды болса керек, аталмыш батырлар бейнесінің сувенирлік түрі шығарылып, қазір елге келген сыйлы қонақтарға тарту ретінде ұсынылып жүр.

2010 жылдың жазында Астанада жеті метрлік тас тұғырда аспанмен астасқан алып тұлға, қазақтың ұлы ақыны Абайдың мүсін ескерткіші ашылды. Мұны қажырлы шығармашылық ізденістің, еңбектің жемісі деп  білемін. Және бір айтарым, бұл бүгінгі таңдағы еліміздегі ең үлкен ескерткіш болып табылады.

2011-2012 жылдары Елордада «Қазақ елі» монументі өмірге келгенін білесіз. Бұл мүсінде қазақ тарихындағы батырлар мен хандар, жазушылар мен ақындар, аналар мен арулардың бейнесі кең көрініс тапқан. Осынау авторлар ұжымының ортақ ізденісімен дүниеге келген үлкен композицияда қолтаңбамның болғандығына қуанамын.

— Сіздің бұл қасиетті өңірге алғаш келуіңіз емес қой, бізді қаламызда орнатылған мүсін һәм ескерткіштер туралы көзқарасыңыз қызықтырып отыр.

— Орал – көрікті, әсем қала. Өзіндік сәулет өрнегі бар,  даму үдерісі жақсы. Өз әдетіме салып, келісімен қала саябақтары мен аллеяларына, ғимараттар алдына, көшелерге көрік беріп, көпшіліктің көзайымы болып тұрған ескерткіштердің барлығын қарап шықтым.

Ұлы Абай айтады ғой: «Әттең дүние-ай, сөз таныр кісі болса, кемшілігі әр жерде-ақ көрініп тұр-ау»-деп. Қаладан композициялық шешімі төмендеу ескерткіштер мен шағын пішінді мүсіндерді көрдім. Кейбір мүсіндерді алып, кәсіби тұрғыда дамытып, қайта жасап қойса болар еді. Оған өзім бар жинаған тәжірибем мен ақыл-кеңесімді беріп, тіпті ақысыз жасап беруге де көмектесер едім. Қаланың жаңа ауданында үлкен алаң ашылыпты, енді соның әдемілігін жоймау керек. «Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, талғаммен, кәсіби шеберлермен, суретші-мүсіншілермен кеңесе отырып шешу қажет барлығын. Өзің төрағалық етіп отырған «БҚО суретшілер одағы» осы мәселелердің басы-қасында болғаны дұрыс дер едім.

— Болат аға, енді бұл жолғы іссапарыңыздың негізгі мақсатына қарай ойыссақ…

— Иә, Оралға мен соңғы уақыттарда жиі келетінді шығардым. Осы жолғы келуімнің себебіне қысқаша тоқталайын, биылғы жаз айында Исатай мен Махамбет ескерткішіне мүсіншілер арасында республикалық конкурс жарияланды. Ол «Егемен Қазақстан» газетінің 22 маусым күнгі нөміріне шықты. Ескерткіш Орал қаласында орнатылмақ. Исатай-Махамбет тұлғасы көкірегінде патриоттық сезімі бар, ұлтты сүйетін, оның тарихын бағалайтын мүсіншінің қай-қайсысын да мазалап жүрген тақырып. Мен де аталмыш тақырыпты көп жылдан зерттеп, зерделеген, жүректен өткізген жандардың бірімін. Сондықтан байқауға қатысуға бірден бел будым.

Шілде айының аяғына таман байқаудың облыстық кезеңі өтіп, менің мүсіндік-композициям жоғары бағаланды. Таяуда Астана қаласында, Мәдениет министрлігінде ескерткіштер жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысы болды. Сол жиында Исатай-Махамбет ескерткішіне байланысты менің жасаған жобам үздік деп танылды. Ұрпақ отаншыл болсын десек, осындай жобаларды көбірек қолға алып, қолдаған дұрыс. Келгендегі мақсатым сол ескерткіштің техникалық мәселелерін тағы бір рет нақ-тылау еді.

Сұхбаттасқан

Қуандық МӘДІР,

БҚО Суретшілер одағының төрағасы


Дала төсіндегі той

Күні: , 47 рет оқылды

%d0%b0%d1%82-%d0%b6%d0%b0%d1%80%d1%8b%d1%81


Сырым ауданы  күнінің алғашқы шарасы Сырым Датұлы атындағы саябақтан бастау алды. Мұнда ауданға ұзақ  жылдар еңбек сіңірген ардагерлер бас қосты. Олар батырдың рухына тағзым етіп, аудан әкімі Абат Шыныбековпен бірге ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Жылдан-жылға абаттандырылу ауқымы кеңейіп, көркейіп келетін Сырым саябағында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Ардагерлер аллеясы» ашылды. Аллеяға 25 түп көшет отырғызылды.


Аудан күнінің шаралары ауыл іргесіндегі тойтөбеде жалғасты. Тойтөбені сырттай қарағанда, бір қауым ел тұратын ауыл дерсің. Ақ қанатты киіз үйлер алыстан айдынға қонған аққудай менмұндалап тұр. Жиылған халықтың да қарасы қалың. Қара күздің сызына дес беретін емес, елдің еңсесі көтеріңкі. Тойтөбенің айналасына тұрақтаған көліктерде де есеп жоқ. Дала сахнасының алдына үлкендер жағы жайғасыпты. Жастар жағы иісі мұрынды жаратын кәуап, қуырдақ пісіп жатқан жәрмеңке жақты жағалап жүр. Енді бір жерде бәйге алуға асыққан арғымақтар құлақтарын қайшылап, тыпыршып тұр.

%d0%b0%d1%82-%d0%b6%d0%b0%d1%80%d1%8b%d1%81-4Дала сахнасында «Тәуелсіздікпен түлеген мекен» атты салтанатты шара өтті. Мұнда аудан әкімі Абат Шыныбеков елді Тәуелсіздіктің ширек ғасырға аман жетуімен, аудан күнімен құттықтап, ақ тілегін төгілтті. Елдің ширек ғасырда басынан өткен қиындықтары мен күш біріктіруі арқылы бағындырған биік белестерін атап, тойға жиылған қауымның көз алдына әкелді. «Бүгінгі шараның басты мақсаты – қасиетті де шежірелі, Алаштың ақ Ордасы атанған Сырым елінің жыл бойы қол жеткізген жетістіктерін әкелген еңбек адамдарына алғысымызды білдіріп, үлкендерімізге құрмет-ілтипатымызды, жастарымызға үлгі көрсету, халқымызға мерекелік көңіл күй сыйлап, тұғырлы Тәуелсіздіктің 25 жылында еліміздің жеткен жетістіктерін паш ету», — деді аудан басшысы дүйім жұрттың алдында. Абат Абайұлы ауданның ауыл шаруашылығы саласының үздіктерін, жазғытұры басталып, әр сенбі сайын ұйымдастырылып келетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне өнім шығаруға белсене қатысқан тұрғындарды марапаттады. Шолақаңқаты ауылдық округіндегі «Нұрдәулет» ШҚ жетекшісі Қайырбек Мырзағалиев – «Ең үздік шаруа қожалығының жетекшісі», Жетікөл ауылдық округіндегі «Атамекен» ШҚ-ның аға шопаны Жұмалы Нұрғалиев – «Ең үздік шопан», Жетікөл ауылдық оругінің «Байқадам» ШҚ-ның жылқышысы Қасым Төреғалиев – «Ең үздік жылқышы», Сарой ауылдық округінің «Серік» ШҚ-ның аға малшысы Мақсот Қуанышәлі «Ең үздік малшы» аталымдарымен марапатталды. Жымпиты ауылдық округінің «Жібек жолы» ШҚ-да инженер-механик болып жұмыс жасайтын Ерген Жұмағожиев – «Ең үздік ауыл шаруашылығы маманы», «Көгеріс» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі – «Ең үздік ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі», Жымпиты ауылдық округінің мал бақташысы Қайрош Райымов «Ең үздік жекелердің мал бақташысы», Жосалы ауылдық округінің мал дәрігері Тілеген Сағидуллин «Ең үздік мал дәрігері» атанып, аудан басшысының қолынан алғысхат пен бағалы сыйлық алды.

Пайғамбар жасына келген Құсайын Бақтияровты зейнеткерлікке шығуына орай аудан әкімі марапаттап, иығына шапан жапты. Сырым ауданындағы ат спорты федерациясының президенті Мүтәлі Төреғали құнан бәйгенің Құсайын Бақтиярұлының атына тігілетінін айтты.

%d0%b0%d1%82-%d0%b6%d0%b0%d1%80%d1%8b%d1%81-3Құнан бәйгеде қаратөбелік Исақұлов Қадоктың Сымбат есімді сәйгүлігі мәрені бірінші қиса, көздіғаралық Қ. Үбішевтің Телжирені екінші, бұлдыртылық Н. Байырғалиевтің Тыртық атты қылқұйрығы үшінші келді. Құнан бәйгеге Құсайын Бақтияров алпыс үш жасына орай 63 000 теңге тікті.

Дала төсін дүбірге толтырып, аламанда жеті айналыммен қазақы аттар шапты. Мұнда бәйге алған жосалылық А. Ақшолақовтың Мырзаторысы болса, екінші орында Найзағайы келді. Ал аламанның үшінші бәйгесі ақжайықтық Н. Нұртаеваның Тауторысына бұйырды.

Ал таза қанды түлпарлардың бәйгесінде ақжайықтық Қ. Берғазиевтың Балақасқасы бірінші жүлде алды. Қаратөбелік Ғ. Мақановтың қызыл тайы екінші, аралтөбелік М. Төреғалидың Думанторысы үшінші келді. Бәйгеден орын алған аттардың иелері тоңазытқыш, теледидар, кір жуғыш мәшине сынды бағалы сыйлықтармен марапатталды.

«Сырым жастары» ЖҚБ мен жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың ұйымдастыруымен лотерея ойындары ойнатылды. Ұтысқа тұрмысқа қажетті бұйымдар, ауыл шаруашылығы өнімдері, ұялы телефон бірліктері және ең басты ұтысқа қой тігілді.

Қазақ күресінен Талдыбұлақ ауылының палуаны Темірлан Көлбаев жауырынын жерге тигізбей, түйе палуан атанып, 100 000 теңгені иеленді. Ал екінші орын алған жымпитылық палуан Темірлан Ғаббасов — 70 000, өлеңтілік Айбол Оразғалиев үшінші орын және 50 000 теңгеге қол жеткізді. Қой көтеруден Т. Ғаббасов жеңіске жетіп, сол қойдың иесі атанды. Сондай-ақ ұлттық ойындар қатарында арқан тартудан, қол күресінен жарыс болды.

Тойға жиылған қонақтарға тігілген ақшаңқан киіз үйлерде қонақасы берілді.

Аудан күні түстен кейін аудандық мәдениет үйіндегі «Тәуелсіздік – тірегім, азаттығым – айбыным» атты облыс ақындарының айтысына ұласты. Айтыс сахнасының шымылдығы Бауыржан Халиолланың әні мен сөзіне жазылған «Жымпитым» әнімен ашылды. Он ақын – бес жұп болып, сөз қағыстырып, айтыс өнеріне шөліркеген халықтың сусынын қандырды. Айтысты сағынған жұрт қолдарын қаттырақ соғып, қошеметтерін білдірді.

Бұл айтыста ақындарға жүлде бөлінген жоқ, бәріне тегістей аудан әкімінің алғысхаты мен сыйақы табыс етілді.

Кешкісін жастарға арналған қорытынды концерт болып, аудан күніне арналған жоғары деңгейдегі шара жұлдызжауынмен мәресіне жетті.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА,

Сырым ауданы


Су мәселесі алаңдатуда

Күні: , 42 рет оқылды

img-20161005-wa0016


Жуырда ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің облыстық  департаменті мен «Теректі – Таза су» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлері аудан тұрғындарымен кездесті.


«Теректі – Таза су» ЖШС-ның директоры Ж. Каримов демеуқаржыланған нысандардың тізіміне енбеген, әлі күнге дейін 1 текше метрге 676 теңге 70 тиын төлеп отырған 7 округ (Шағатай, Ақсоғым, Богданов, Приречный, Ақжайық, Аңқаты, Бозай) тұрғындарының мәселесін министрлікке хат жолдау арқылы жеткізгенін атап өтті. Оның айтуынша, кезінде бұл округ тұрғындарының құжаттары түгел болмаған. Соның кесірінен тұтыну ақысын бірнеше есе артық төлеп отырған тұрғындар наразы көрінеді.

— Бүгінде «Теректі – Таза су» ЖШС тазартып, таратқан суды 8555 адам тұтынады. Сонымен қатар 35-ке жуық ұйым мен кәсіпорын да тізімімізді толықтырды. Қазіргі таңда жергілікті су құбырларының ұзындығы – 170 028 метр. Ағымдағы жылдың 14 шілдесінен 1 қазанына дейін өнеркәсіптер мен ұйымдарға 60234,03 текше метр су берілді. Сондай-ақ биыл Қабылтөбе, Ұзынкөл, Төңкеріс, Сарыөмір және Приречный ауылдарының су құбырларын ауыстырдық, — дейді «Теректі – Таза су» ЖШС-ның экономисі Оксана Аябова.

Шараға қатысқан ауыл тұрғындары көкейіндегі сұрақтарын қойды. Ауданымыздың құрметті азаматтары  С. Кукашев пен А. Попов халықты сабырға шақырып, түйіні шешілмейтін мәселе болмайтынын, төзімділіктің арқасында бәріне қол жеткізетінімізді ескертті.

Аягөз БАҚТЫҒАЛИ,

Теректі ауданы

Гүлхан ӘЛЕНОВА, Шағатай ауылының тұрғыны:

— Судың бағасы өте қымбат. Ай сайын 8000-9000 теңге, кейде одан да көп ақша төлейміз. Алдағы уақытта аудан орталығындағыдай 1 метр текшеге 40 теңгені біз, қалған шығынды мемлекет көтерсе деген арманымыз бар.


«Бәріміз де бірдейміз, кемсітуді білмейміз”

Күні: , 73 рет оқылды

pri_1008


Облыстық қазақ драма театрында ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай және “Мейірбандық күндері” атты қайырымдылық айлығы аясында “Батыс Қазақстан облысы мүгедектері ерікті қоғамы” қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен мүмкіндіктері шектеулі жандар арасындағы “Бәріміз де бірдейміз, кемсітуді білмейміз” атты облыстық фестиваль өз мәресіне жетті.


Байқаудың негізгі мақсаты мүгедектігі бар адамдардың шығармашылық қабілеттерін арттыруға, олардың қоғамға етене араласуына, ой-өрісін кеңейтуге қолдау көрсетіп, барынша жағдай жасау болатын. Биыл 18 рет қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан дәстүрлі шараның аудандық, қалалық кезеңдеріне 215 үміткер қатысқан. Өзгелерден оза шапқан 39 жеңімпаз облыстық кезеңге жолдама алып, «Үздік орындаушы» (18 жасқа дейін), «Үздік орындаушы» (18 жастан жоғары), «Үздік көркемсөз оқу шебері» және «Үздік жасампаз» аталымдары бойынша бақтарын сынады.

Фестивальдің қорытынды кешінде театр фоэсінде қолданбалы өнер туындыларының көрмесі ұйымдастырылып, гала-концерт өтті. Шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша көңіл бөлініп, жағдай жасалып жатқандығына тоқталып өтті.

— Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері мемлекеттік саясаттың басты бағыты әлеуметтік салаға үлкен көңіл бөлініп келеді. Өйткені бұл сала Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жолдауында нақты тапсырма ретінде белгіленген болатын. Бүгінгі күні мемлекеттік тұрғыдан барлық мүгедектер мен халықтың әлжуаз топтарына зейнетақы мен жәрдемақылар уақтылы төленуде. Сондай-ақ мұндай жандарға әлеуметтік және медициналық көмек көрсету де жүйелі жолға қойылған. Әлеуметтік саясаттың басты мақсаты — әр адамның өз мүмкіндіктерін толық пайдалануға мемле-кет тарапынан жағдай жасау. Біз оларға жан-жақты көмек көрсетуге қашанда әзірміз, — деп атап өткен облыс әкімінің орынбасары фестивальге қатысушыларға алдағы уақытта да жетістіктер тілеп, жеңімпаздарды арнайы алғысхаттармен марапаттап, бағалы сыйлықтарды табыс етті.

— Дәстүрге айналған бұл фестиваль 1998 жылдан бері үздіксіз өткізіліп келеді. Шараның жас ұрпақтың тәрбиесіне беретін маңызы зор. Мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамда өздерін шетқақпай сезінбеулері керек. Осындай шаралар арқылы дос-жаран тауып, бір-бірімен тілдесуге, сахнада өз қабілеттерін ашуға жиірек мүмкіндік туса, олардың өмірге деген құштарлығы артары сөзсіз. Біз оларға мүгедектігі бар адамдар деп қарамаймыз, керісінше оларды өнерпаз адамдар деп қабылдаймыз, өнеріне баға береміз. Алайда олардың қасында өнерге баулитын арнайы мамандардың жетіспеуінен біраз кемшіліктерге жол беріп жататыны анық. Дегенмен олардың айналадағы адамдардан жасқанбай, ерік-жігерін жинап, көптің алдына шыға білуі ерлікпен пара-пар дер едім. Мүмкіндігі шектеулі бола тұра, шығармашылықпен айналысуларына уақыт тапқандары бізді қуантады, — деген БҚО мүгедектері ерікті қоғамының төрағасы Жұмажан Қожжанов облыс көлемінде 24 мыңнан астам мүгедек жандардың 11 мыңы Орал қаласында тұратынын атап өтіп, олардың әрқайсысына қолдау көрсетілсе деген шынайы тілегін жеткізді.

Фестиваль қорытындысы бойынша 18 жасқа дейінгілер арасынан «Үздік орындаушы» аталымында Айнұр Өтегенова (Бөкей ордасы ауданы) озық шықса, 18 жастан жоғарылар арасынан Қайрат Жұбандықов «Үздік орындаушы» (Қаратөбе ауданы) ата-лымын жеңіп алды. Ал сырымдық Бану Ысқақова «Көркемсөз оқу шебері», зеленовтық Арман Айтбаев «Үздік жасампаз» аталымына лайық деп танылды.

Ләззат ҒИНИЯТҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»


Батыс Қазақстан облысының әкімі А.С.Көлгіновтің ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салтанатты жиынындағы БАЯНДАМАСЫ

Күні: , 254 рет оқылды

14.10.2016 жыл, сағ.10.00

«Нұр Отан» БҚО филиалының акт залы

 

 

pri_1303


Құрметті салтанатты

жиынға қатысушылар!

Сіздерді, агроөнеркәсіп кешенінің мамандары мен осы салаға зор еңбек сіңірген ардагерлерді келе жатқан ауыл шаруашылығы қызметкерлері мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!


Биыл – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ауыл шаруашылығы қиын кезеңдерді бастан өткерді. Бүгінгі таңда өңіріміздің агроөнеркәсіп кешені айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді.

Кеше ғана Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев астық жинау науқанының табысты аяқталуына байланысты еліміздің агроөнеркәсіп кешені еңбеккерлеріне құттықтау жолдады.

Елбасы құттықтауында ауыл шаруашылығындағы жетістіктерге тоқталып өтіп, «осының барлығы мейлінше мол тер төгуді, ұдайы қамқорлықты, зор қажырлылықты, білім мен тәжірибені талап ететін саланың бірі – егін шаруашылығының табысты дамып келе жатқанын даусыз дәлелдейді. Бұл саладағы азаматтардың бәрін құттықтап, бірден жеміс бере қоймайтын жер төсіндегі бейнетті еңбектері үшін» деп алғыс білдірді.

Сонымен қатар ел Президенті «Біз Қазақстанда диқандардың адал еңбегі барынша бағаланып, ауыл шаруашылығы инвестицияға қолайлы, жаңа жобаларға, жастарымыздың күш-қуатына өріс ашатын перспективалы салаға айналуы үшін барлық жағдайды жасаймыз» деп атап өтті.

Халқымызда «ауылдың амандығы – елдің амандығы» деген өсиетті сөз бар. Расында да, ұлтымыздың тамыры – ауыл, тағдырымыз да соған байланысты.

Ауыл шаруашылығы саласын дамыту – бұл 443 ауылдық елді мекенді өркендету, облыс тұрғындарының жартысынан астамын (51,5%-ын, 329 мың тұрғындарын) қолдау болып табылады.

Мемлекет тәуелсіздік жылдары бұл салаға айрықша назар аударып, ерекше көңіл бөліп келеді.

Тек 2016 жылы ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 8,3 млрд. теңге қаражат жұмсалды (2014 ж. 4,9 млрд теңге,                      2015 ж. 7,1 млрд.теңге). Сонымен қатар 2016 жылы ауыл шаруашылығын қаржыландыруға шаруашылықтармен                         3,6 млрд. теңге «ҚазАгро» акционерлік қоғамы арқылы несие ресурстары тартылды.

2013 жылдан бастап облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдарымен «ҚазАгро» акционерлік қоғамы арқылы                  19,0 млрд. теңге несие ресурстары тартылған болса, соның ішінде 4,2 млрд. теңгеге 1055 дана ауыл шаруашылығы техникасы мен қондырғылары лизинг бойынша сатып алынды.

Жоғарыда атап өткенімдей, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін басқа салалар секілді аграрлық сектор да, «алтын бесігіміз» ауыл да күйзелісті басынан кешірді.

Өз тарихында қандай да болмасын қиын-қыстау кезеңді  абыроймен өткерген халқымыз, осы сәтте де маңдай тер, адал еңбегімен ауыл шаруашылығын қайта қалпына келтірді.

Мысалға, тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардан бері ауыл шаруашылығы саласынан түсетін жалпы өнім 16 есеге өскен (7 миллиард теңгеден 107 миллиард теңгеге дейін).

1991 жылдары майлы дақылдардың алқаптары 27 мың гектар болса, ағымдағы жылы әртараптандырудың нәтижесінде  екі есеге өсіп, 53 мың гектарды құрап отыр.

Сондай-ақ картоп, көкөніс-бақша дақылдарының егіс көлемі де екі есеге өсіп, күні бүгін 12 мың гектарға жетті (1991 жылы 6,3 гектар болатын).

Біздің өңіріміз – асыл тұқымды «Көшім» жылқысы, қазақтың ақбас сиыры мен «Еділбай» қойының отаны.

Соңғы 20 жылда ірі қара мал басы 30%, қой мен ешкі50%, жылқы60%, құс саны 130% артты.

Бүгінгі таңда Еуразиялық Экономикалық Одақ аясында және Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргелі шаруаларымыздың аяғына нық тұруына, бәсекеге қабілетті сапалы өнім шығаруға «Агробизнес-2020» бағдарламасы шеңберінде барлық жағдай жасалуда.

Үсіміздегі жылдың қаңтар-тамыз айларындағы есеп бойынша ауыл шаруашылығының ішкі тауарайналымы 14,4 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде экспорт 2,4 миллиард, импорт 12,0 миллиард теңгені құрайды.

Біздің өңір ірі қара мен ұсақ мал етін мұздатып та, сонымен қатар тірілей де экспортқа шығарады. Бұған қоса балық өнімдері, ұн мен ұн өнімдері, майлы дақылдар, макарон өнімдері және де басқа тауарлар шетке шығарылады. Ресей, Испания, Әзірбайжан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Түркіменстан, Ауғанстан, Өзбекстан мен Украина секілді мемлекеттер – біздің сауда-саттық саласындағы тұрақты әріптестеріміз. «Ірі қара етін экспорттауды өрістету» бағдарламасы бойынша аталмыш елдерге соңғы  бес жылда 7 300 тонна ет пен ет өнімдері жөнелтілді.

Агросекторды мемлекеттік қолдаудың арқасында, сондай-ақ жерді баптау мәдениетінің артуы, ауа райының қолайлы болуы және ауыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегінің нәтижесінде облыс диқандары биыл жылдан-жылға ұласқан қуаңшылықтан кейін рекордтық деңгейдегі ырыздық жинап, ел-жұртты қуантты. Ағымдағы жылы бидай дақылдары бойынша 318 мың тонна мол өнім жиналды. Бұл былтырғы межеден (95,4 тонна) 35 есе артық. Биылғы орташа түсім гектарына 15 центнерді құрады.

Біз бүгін күздік бидай дақылынан гектарына 52,3 центнерден өнім алған Зеленов ауданындағы «Алтын бидай» шаруа қожалығын, жетекшісі Мұқашев Бекболат Құспанұлы, «Матевосян» шаруа қожалығын, жетекшісі Матевосян Саркис Александрович (50 ц/га), Шевчук Владимир Васильевич басқаратын  «Достық» шаруа қожалығын (41ц/га) және үздік нәтиже көрсеткен өзге де шаруашылықтарды орынды мақтан тұтамыз.

Біздің өңір өз тарихында ауыл шаруашылығы бойынша көптеген айтулы жетістіктерге қол жеткізді. Мәселен, 1958 жылы облыс мемлекетке 50 миллион пұт (800 мың тона) астық тапсырғаны үшін «Ленин» орденімен марапатталғаны мәлім.

Тәуелсіздік жылдары шаруашылық жүргізу тәсілдері мен меншіктік қатынастар өзгеріп, енді тауар өндіруші төл еңбегінің жемісі – өз тауарының тағдырын өзі шешеді. Бұл үшін мемлекет тарапынан ауқымды қолдау көрсетілуде. Мысалы, асыл тұқымды мал өсіріп, одан өнім өндіруге, жайылымдарды суландыруға, өсімдік өнімдерін өндіру барысындағы тауарлық-материалдық шығындар мен инвестициялық салымдарға мемлекет тарапынан демеуқаржылық қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ лизингке алынған техниканың ақысын төлеу бойынша да жеңілдіктер қарастырылған. Ұзын саны ауыл шаруашылығына қатысты демеуқаржының 15 түрі бар.

Агрокешенді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаның сәтті жүзеге аса бастауы осы салаға қатысты тауарөндірушілерге қанат бітіріп, болашаққа сеніммен қарауға негіз болуда. 2016 жылдың сегіз  айы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімі облыс аумағында 63,3 млрд. теңгені құрады. Бұл – өткен жылғы межемен салыстырғанда 106,7%-ға жоғары көрсеткіш. Әрі бұл көрсеткіш республика бойынша алғашқы бестікке енетін деңгей.

Әлеуметтік маңызы бар деп есептелетін азық-түліктің 33 түрінің 24-ін жергілікті тауар өндірушілер өндіреді. Соның тоғыз  түрімен (бірінші сұрыпты нан, вермишель, лапша, рожки, ірі қара мен қой еті, пияз, қызылша, картоп) облыс халқы толық қамтылған. Біздің өңірде өндірілген өнімдер облыс орталығындағы сауда нүктелерінде саттыққа шығарылады. Бұған қоса «Кублей», «Мартин», «Батыс продукт» және «КАЗКОН» секілді бірқатар іргелі кәсіпорындардың өнімдері республиканың барлық аймағына жөнелтіліп, тіпті алысты-жақынды шетелдерге де шығарылады. Манадан бері тілге тиек болған зор жетістіктер – ауыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегінің тәтті жемісі. Біздің өңірдің ауыл шаруашылығын өркендетуге осы залда отырған сіздер де айтулы үлес қосып жүрсіздер!

Ауыл шаруашылығының тиімді дамуы – ирригациялық жүйесімен тікелей байланысты.  

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ирригациялық жүйені жаңғырту және жайылымды жерлерді суландыру мәселесіне ерекше көңіл бөлуде.

Өздеріңізге мәлім, Казталов ауданындағы Үлкен өзенге Жайық-Көшім жүйесінен бассейнаралық суды жіберу үшін Киров-Шежін каналын қайта жаңғырту жұмысы басталды. Жобаның мақсаты – Ресейден алынатын Еділдің 30 млн. текше метр суына тәуелділікті азайту және облыстың оңтүстік аудандарының 6 мың гектар көлтабандарын суару жүйесін жаңғырту жұмыстары атқарылып, 130 мың гектар жерді суармалы етуге мүмкіндік береді.

Сол аумақта орналасқан Казталов және Жаңақала аудандарының елдімекендері Киров-Шежін каналының тазартқыш қондырғылары арқылы ауыз су пайдалану мүмкіндігіне ие болады.

Биыл бірінші кезең жұмыстары аяқталды (55 шақырым), сонымен қатар қарашаның басында екінші кезең жұмыстары аяқталады (75 шақырым). Жобаны жүзеге асыру үшін үшінші кезеңнің жобалық-сметалық құжаттамасы осы жылдың аяғына дейін әзірленеді (49 шақырым, оның 18,8 шақырымы жаңа каналдың құрылысы).

Үшінші кезеңді жүзеге асыруды келесі жылдың бюджетіне енгізу бойынша жұмыстанып жатырмыз.

Бұл жұмысты атқаруда ел Үкіметі тарапынан, уәкілетті министрліктердің тарапынан қолдау тапқандығын атап өткен жөн.

Ағымдағы жылы Ақжайық, Жаңақала, Жәнібек, Теректі аудандарының  66 су шаруашылығы нысандарының құжаттарын және 3 су шаруашылығы нысандарының жобалық-сметалық құжаттамасын жасақтауға (106 млн.теңге) қаражат бөлінді.

Сондай-ақ Сырым ауданы Шолақ-Аңқаты су қоймасының құрылыстарын қалпына келтіру (5,6 млн.теңге), Өлеңті көлтабанды суару жүйесін жаңғырту жұмыстары (18 млн.теңге) басталды. Теректі ауданы Жайық-Шалқар суландыру каналының насос станциясының жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленді, осы бағыттағы жұмыстар келесі жылы басталатын болады.

Бұл ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қолайлы жағдай жасалуына және мал шаруашылығының дамуына септігін тигізеді.

Ауылды көтеру дегеніміз тек аграрлық секторды дамыту ғана емес, сонымен бірге елді мекендердің инфрақұрылымын күшейту, ауылдағы шағын және орта бизнесті қолдау және жаңа жұмыс орындарын ашу.

Мектептер, балабақшалар, мәдениет және денсаулық сақтау ғимараттары салынып, ескі әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өтуде.

Ауылдық елді мекендерді дамыту қолданыстағы мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалармен, облыстың аумақтарды дамыту бағдарламасымен жүзеге асырылуда.

Биылғы жылдың өзінде  өңірімізде «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасымен 58 білім беру, 4 денсаулық сақтау, 32 мәдени нысандар, 7 бөгеттер мен көпірлер, 4 ауылдың ішкі көшелері жөндеуден өткізіліп, саябақтар, ойын алаңдары мен спорт алаңдарын абаттандыру және жарықтандыру жұмыстары атқарылды.

Атқарылған жұмыс нәтижесінде күні бүгін аудан тұрғындарының 98%-ы электр жарығы және телефон байланысымен, 93,4%-ы — табиғи газбен қамтылды.

Кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру мақсатында ағымдағы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша 284 адамға 787 млн. сомада шағын несие берілді. Нәтижесінде 708 жаңа жұмыс орындары ашылды.

Бұлардың барлығы үкімет тарапынан ауылдың дамуы мен өсуіне бағытталған үлкен қолдауды білдіреді.

 

Құрметті әріптестер!

Әрине, атқарылған шаруа аз емес, бірақ алдымызда әлі де бірнеше міндеттер тұр. Соларға тоқталып өтсек.

Біріншіден, ауылдық елді мекендердегі тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету өткір мәселе болып отыр. Облыс халқын таза да сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бұл кезек күттірмейтін және аса маңызды міндет.

Бүгінгі таңда «Ақбұлақ-2020» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде облысымызда орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосылған 163 ауылдық елді мекен бар. Бұл бағыттағы жұмысты бізге едәуір күшейту қажет.

Облыс бойынша 280 ауылдық елді мекен орталықтандырылған сумен қамтылмаған.

Келер жылы Ақжайық, Тасқала, Казталов, Қаратөбе Жаңақала, Жәнібек, Шыңғырлау аудандарындағы 10 ауылдық елді мекенді сапалы ауыз сумен жабдықтаудың орталықтандырылған жүйесіне қосуды жоспарлап отырмыз.

Екіншіден, заманауи жаңа технологияларды пайдалана отыра, әлемдік стандарттарға сай ауыл шаруашылығы саласындағы қайта өңдеу кәсіпорындарының санын арттыруымыз қажет.

Соның ішінде өңір тұрғындарының құс еті қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында «Жайық құс» серіктестігі құс фабрикасының құрылысын келесі жылы аяқтап, өндіріске енгізу міндеті тұр.

Сонымен бірге әлемге әйгілі Франция елінің «Лакталис» компаниясының құрылтайлығымен өңірімізде жылына 40 мың тонна өңделген жоғары сапалы сүт өнімдерінің бірнеше түрін шығаратын зауыттың құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Бұл өндіріс орнының құрылыс келесі жылы басталып, 2018 жылы аяқталатын болады.

«ПОШ Руно» ЖШС жобалық құны 2,2 млрд. теңгені құрайтын, қуаттылығы жылына 182 мың дана ірі қара және 624 мың дана ұсақ малдың терісін өңдейтін кәсіпорынның құрылыс жұмыстарын жүргізілуде. Ағымдағы жылдың соңында іске қосу жоспарланып отыр.

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық–техникалық университетінде орналасқан, жобалық құны 3,7 млрд. теңгені құрайтын «Аква мәдениеттің тәжірибелік–өнеркәсіптік өндірісінің оқу ғылыми кешені» ЖШС–нің негізгі қызметі тауарлы бекіре балықтарын өсіріп өндіру болып табылады. Аталған кәсіпорын 2016 жылдың соңына қарай жыл сайын 10 мың тонна қара уылдырық пен 131 тонна тауарлы бекіре етін өндіретін кешенді іске қосуды жоспарлауда.

Үшіншіден, облыс тұрғындарын өзімізде өндірілген көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында заманауи талаптарға сай көкініс сақтау қоймаларын салу қажет. Қазіргі таңдағы қоймалардың сыйымдылығы – 35 мың тонна.  Көкөніс сақтау қоймаларының сыйымдылығын 60 мың тоннаға дейін жеткізуіміз керек.

Төртіншіден, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үкіметтің кеңейтілген отырысында алдағы 5 жылда республика бойынша 600 мың гектар суармалы жерлерді айналымға қосу мәселесін көтерді. Осы орайда Батыс Қазақстан облысы бойынша 10 гектар тұрақты суармалы жерлерді айналымға қосылуы бойынша жұмыстар атқарылатын болады.

Бесіншіден, облысымызда мал шаруашылығының тез дамуы, азық-түлік өнімдерінің өсуі, сапалы және қауіпсіз болуы ветеринариялық іс-шаралардың уақытылы жүргізілуіне тікелей байланысты. Республика көлемінде мал шаруашылығы және ветеринария саласына жылдан-жылға бөлінген қаржы көлемі артып келеді, мемлекеттік ветеринариялық жүйелер құрылып, олар толығымен материалдық техникамен  жабдықталған.

Біздің облысымызда жылдан-жылға эпизоотикалық ахуалды реттеу бағытындағы жұмыстар біркелкі атқарылғанымен, өңірде әлі де ауыл шаруашылығы жануарлары індеттерінің ошақтары тіркелуде. Сондықтан ветеринариялық профилактикалық іс-шаралардың уақытылы орындалуын қатаң бақылауда ұстауымыз қажет.

Құрметті жиынға қатысушылар!

Ауылшаруашылық саласында еңбек етіп жатқан азаматтарға және ардагерлерге, барлық диқаншылар мен мал өсiрушiлерге ерекше алғысымызды және ризашылығымызды бiлдiремiз.

Сiздер қажырлы еңбектерiңiзбен елiмiздiң экономикасының дамуына ғана емес, қоғамның әлеуметтiк тұрақтылығының нығаюына да қомақты үлес қосып келесiздер.

Егер биыл маңызды оқиға – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы болса, келесі жылы Астана қаласында өтетін «EXPO-2017» бүкіләлемдік көрмесі халықаралық қоғамның назарын өзіне аударады. Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылық қызметкерлері көрменің ұйымдастыруына атсалысады деген сенімдеміз.

Барлықтарыңызды төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай келе, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, дастархандарыңызға береке, еңбектеріңізге мол табыс тілеймін.


«Құлагер тағдыр»

Күні: , 59 рет оқылды

pri_1087


Жақында Қадыр Мырза Әлі атындағы өнер және мәдениет орталығында «Құлагер тағдыр» тақырыбында дарынды суретші, жерлесіміз Мұратбек Жоламановты еске алу кеші өтті.


Оның еңбектері қойылған көрме залында ҚР Суретшілері одағының облыстық филиалының төрағасы Қайыр Оразғалиев, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов сөз сөйлеп, суретші шығармашылығының ерекше қырларын айрықша атап өтті. Оның «Ауыл», «Ақбота», «Қарбалас», «Көрші» туындыларынан туған жерге деген зор сүйіспеншілік анық аңғарылса, «Күз», «Жаңбырдан кейінгі кеш» картиналары табиғаттың тылсым сырын шертеді. Сондай-ақ «Хан көтеру», «Керей-Жәнібек», «Күлтегін мен Білге туралы жыр», «Еділ мен Жайық» сынды асыл мұраларынан тарих тұңғиығына терең бойлап, ұлттық болмыс бояуларын анық та қанық бергені қылқалам шеберінің терең білім-білігін айқындайды. Шарада тележурналист, ақын Мұнайдар Балмолда арнау өлеңін оқыды. Кейін концерт залында Мұратбек Тауфихұлы туралы деректі фильм көрсетілді. Терме төгіліп, ән шырқалды. Жылы естеліктер айтылды. Еске алу кешіне марқұмның отбасы мүшелері, тума-туысқандары қатысты. Суретшінің анасы Мәрия өнер жолында өр рухымен табандылық танытқан қайсар ұлы туралы толғана келіп, оның мерейтойына орай игі шараны ұйымдастыруға мұрындық болғандарға алғыс айтты. Жасы отыздан асқан кезде қыршынынан қиылған таланттың көзі тірі болса, биыл елуді еңсерер еді. Екі қызын мейірлі жүрек жылуымен аялап өсірген, мұраларын да көзінің қарашығындай сақтап бүгінге дейін бүтін жеткізген асыл жары Гүлжәміштің де еңбегі зор екені «Құлагер тағдыр» кешінде айтылды. Шығармашылығының шырайы ерекше суретшінің отыздан астам туындысы, «Қазақтар» атты циклдық картиналарының 100 шақты эскизі қалды. Оның туындылары Түркия, Польша, Англия, Корея т.б. елдердің қорларында да сақталған. Шарада мәлім болғанындай, алдағы уақытта туған жері Сырым ауданында Мұратбек Жоламановтың кеудемүсіні қойылып, ол оқыған мектепте арнайы сынып ашылмақ. Ғажайып картиналары жеке жинақ ретінде шығарылмақ.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ

Суретті түсірген А. НҰРАШ


Төлем жүйесі зашағандықтардың «зарына» айналды

Күні: , 51 рет оқылды

img_6262


Жақында редакциямызға телефон шалған оқырманымыз Зашаған кентіндегі коммуналдық төлемақы төлеу нысанындағы кассалар алдында ылғи шұбатылған кезекке реніш білдірді.


«РЦКУ-Уральск» ЖШС-ның абоненттік учаскесі 25-Чапаев дивизиясының көшесінде көп қабатты тұрғын үйдің астында орналасқан «ҚазТрнасГазАймақ» АҚ филиалының кеңсесін жалға алған екен. Біз барғанда, кассалар алдында ығы-жығы халық, адам қарасы қалың екенін көрдік. Жұрт, алдымен, бөлек бөлмеге барып, газ шығынын есептетіп алып шығып жатты. Кейін кассалар алдына оралды. Онда электр қуаты мен көгілдір отын тұтынғаны үшін есеп айырысып жатқандар екіге жарылған.

— Басқа кабинетке кіріп, газға төлейтін ақыңды есептетіп жатқанда, осылай бірнеше кезек пайда болады. Коммуналдық төлемді сағат 17.00-ге дейін ғана қабылдайды. Сол үшін жұмыстан ерте сұрануға тура келеді. Яғни маған өте қолайсыз. Таңғы уақытта және түскі астан кейін жиналғандардың қарасы көп болады, – деді өзін Антонина деп таныстырған толықша келген егде әйел.

«РЦКУ-Уральск» ЖШС учаскесінің басшысы Қуаныш Нұрышев бұл мәселеге қатысты түсініктеме беруден бас тартты. Ол бұл қызметке жаңа орналасқанын айтып ақталды. Жалпы, серіктестік «Батысэнергоресурсы» ЖШС, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ және «ОралТазаСервис» ЖШС үшін бірыңғай коммуналдық төлем түбіртегін ұсынады. Соған сәйкес Зашаған кентіндегі учаскеде біріктірілген касса жүйесі орналасқан. Мәселен, газға төлемді осындағы «Қазпошта» АҚ филиалының кассасы үстеме комиссия ақысымен қабылдайды.

Қуықтай бөлме ішінде сапырылысқан жұрт кезектің ретінен қайта-қайта жаңылысып әуре. Әсіресе, төрт-бес жасар қызын құшағына алған жігіт кезек тәртібін әлсін-әлсін сұраумен болды. Жиналғандардың бәрі де асығып тұрғандығын жүздері аңғартқандай.

– Сен кімнен кейін тұрсың?

– Жаңа бір әйелден кейін екі кісі қатарынан кезек алып еді.

– Мен мұнда бағанадан бері тұрмын.

– Біз де күтіп тұрмыз…

– Кезек соңындағы кісі қайда?

Осындай сарындағы диалогтар үзіліссіз жүріп жатты. Толласыз  келіп жатқандар көбейіп, есеп айырысып шығып бара жатқандар сирей түсті. Бір тәмсілде «кірген із бар, шыққан із жоқ» деп айтылғандай күй кешеді екенсіз.

«Бұл мәселені өте орынды қозғадыңыздар. Зашаған кентіндегі он алты шағынауданның тұрғындары коммуналдық төлемді құрқылтайдың ұясындай учаске кеңсесіне келіп төлеуде. Соған қатысты әкімшілікке түсіп жатқан арыз-шағым көп. Ғимаратта жағдай жасалмаған. Кейде кезекке тұрғанда, кассирлер компьютер бағдарламасының баяулағанын айтып, ұзақ күттіретіндері рас. Жалпы, коммуналдық төлем алатын мекеме-кәсіпорындар кассаларына қатысты мәселелер баршылық. Мәселен, Арман шағынауданында «Батысэнергоресурсы» ЖШС коммуналдық төлем үшін дүкенге терминал құрылғысын орнатты. Бірақ аядай орын өте тарлық етуде. Ал «РЦКУ-Уральск» ЖШСның коммуналдық төлемді қабылдау қызметінің сапасы нашар екені бесенеден белгілі. Біз бұл мәселені бұлай жолда қалдырмаймыз», – деді біздің сауалымызға орай тіл қатқан Зашаған кенті әкімінің орынбасары Ақеділ Бекжанов.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Суреттерді түсірген Т. ТОҚМАМБЕТОВ

Ерсайын САПАРОВ, зейнеткер:

– Кейде кезекке тұрған тұрғындар кеңсеге сыймай кетеді. Ауа тарылып, демалысың қиындайды. Зашаған кентінде тұрып жатқаныма бірнеше жыл. Көпшілік бұл мәселенің оңынан шешілгенін қалайды.

Валентина ГРИГОРЬЕВНА, Зашаған кентінің тұрғыны:

– Мұнда коммуналдық төлемді қабылдау барысы баяу. Электр жарығы мен газ ақысын төлеу үшін күтіп отыруға тура келеді. Жасым сексеннің біреуінде. Біздей кәрілерге ұзақ күту оңай емес.

Жайдарбек СӘЛІМОВ, Балауса  шағынауданының тұрғыны:

– Өзім жұмысбасты адам болған соң, коммуналдық қызмет ақысын төлеуге тек сенбі күні барамын. «Жазира» дүкені маңындағы төлем қабылдайтын орын қанша барсақ та, халыққа лық толы болады. Демалыс күннің тең жартысы ұзын-сонар кезекке тұрумен өтеді. Зашаған кентінің аумағы өте үлкен, тұрғындар саны көп екені белгілі. Сондықтан төлем қабылдау орындарын көбейтсе немесе кеңдеу ғимаратқа көшіріп, электрондық кезекке алмастырса, халық өз уақытын үнемдер еді.


Жасампаз еңбек мерекесі

Күні: , 64 рет оқылды

pri_1465


Кеше Орал қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған шаралар аясында Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні аталып өтті. Бұл мерекелік шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты.


Мерекеге орай таңсәріден қала орталығындағы М. Ықсанов көшесі бойында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі  ашылды. Қала тұрғындарына арналып ұйымдастырылған жәрмеңкеге өңір аудандарындағы және қаладағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер өз тауарларын қолжетімді бағамен саттыққа шығарды.

Облыстық «Нұр Отан» партиясы ғимаратында аталмыш мерекеге орай салтанатты шара өтті. Мерекеге жиналғандар ғимарат дәлізінде орнатылған теледидарлар арқылы әр ауданның экономикалық дамуы мен жетістіктерінен сыр шертетін бейнебаяндарды тамашалады.

pri_1443Салтанатты шараға жиналған ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлері мен ардагерлерін облыс әкімі Алтай Көлгінов құттықтады.

— Биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ауыл шаруашылығы қиын кезеңдерді бастан өткерді. Бүгінгі таңда өңіріміздің агроөнеркәсіп кешені айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Кеше ғана мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев астық жинау науқанының табысты аяқталуына байланысты еліміздің агроөнеркәсіп кешені еңбеккерлеріне құттықтау жолдады. Елбасы құттықтауында ауыл шаруашылығындағы жетістіктерге тоқталып өтіп, «Осының барлығы мейлінше мол тер төгуді, ұдайы қамқорлықты, зор қажыр-қайратты, білім мен тәжірибені талап ететін саланың бірі – егін шаруашылығының табысты дамып келе жатқанын даусыз дәлелдейді. Бұл саладағы азаматтардың бәрін құттықтап, бірден жеміс бере қоймайтын жер төсіндегі бейнетті еңбектері үшін» деп алғыс білдірді. Сонымен қатар ел Президенті «Біз Қазақстанда диқандардың адал еңбегі барынша бағаланып, ауыл шаруашылығы инвестицияға қолайлы, жаңа жобаларға, жастарымыздың күш-қуатына өріс ашатын келешегі кемел салаға айналуы үшін барлық жағдайды жасаймыз» деп атап өтті. Халқымызда «Ауылдың амандығы – елдің амандығы» деген ғибратты сөз бар. Расында да, ұлтымыздың тамыры – ауыл, тағдырымыз да соған байланысты. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту – бұл 443 ауылдық елді мекенді өркендету, облыс тұрғындарының жартысынан астамын қолдау болып табылады. Мемлекет тәуелсіздік жылдары бұл салаға айрықша назар аударып, ерекше көңіл бөліп келеді. Тек 2016 жылы ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 8,3 млрд. теңге қаражат жұмсалды. Сонымен қатар 2016 жылы ауыл шаруашылығын қаржыландыруға 3,6 млрд. теңге «ҚазАгро» акционерлік қоғамы арқылы несие ресурстары тартылды. Біздің өңіріміз – асыл тұқымды Көшім жылқысы, қазақтың ақбас сиыры мен Еділбай қойының отаны. Соңғы 20 жылда ірі қара мал басы 30, қой мен ешкі – 50, жылқы – 60, құс саны 130 пайызға артты. Еуразиялық экономикалық одақ аясында және Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргелі шаруаларымыздың аяғына нық тұруына, бәсекеге қабілетті сапалы өнім шығаруға «Агробизнес – 2020» бағдарламасы шеңберінде барлық жағдай жасалуда. Үстіміздегі жылдың қаңтар-тамыз айларындағы есеп бойынша ауыл шаруашылығының ішкі тауарайналымы 14,4 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде экспорт 2,4 миллиард, импорт 12,0 миллиард теңгені құрайды. Бүгінгі таңда өңіріміз ірі қара малы мен қой етін, балық, астық пен астық өнімдерін, майлы дақылдарды сыртқы нарыққа шығарып отыр.  Бізде Ресей, Испания, Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Ауғанстан, Өзбекстан мен Украина секілді елдермен сауда-саттық саласы мықты дамыған. Еліміздегі ауыл шаруашылығы саласына деген қолдаудың, ауа райының қолайлы болуының және диқандар мен жұмысшылардың қажырлы еңбегінің арқасында биылғы жылы егін шаруашылығынан мол өнім алдық. Ағымдағы жылы өңіріміз бойынша дәнді дақылдан түскен өнім 318 мың тоннаны құрап отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 35 есеге көп. Мол өнімге қол жеткізген шаруашылықтар қатарында Зеленов ауданындағы «Алтын бидай», «Матевосян», «Достық» шаруа қожалықтары бар. Олар әр гектар егістен 52,3 центнерден бастап 41 центнерге дейін өнім алды. Бұл – біздің өңір үшін үлкен жетістік.

— Біз бүгінгі мейрамда ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген азаматтарға және ардагерлерге, барлық диқандар мен мал өсiрушiлерге ерекше алғысымызды және ризашылығымызды бiлдiремiз. Сiздер қажырлы еңбектерiңiзбен елiмiздiң экономикасының дамуына ғана емес, қоғамның әлеуметтiк тұрақтылығының нығаюына да қомақты үлес қосып келесiздер. Егер биыл маңызды оқиға – ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы болса, келесі жылы Астана қаласында өтетін «EXPO – 2017» бүкіләлемдік көрмесі халықаралық қоғамның назарын өзіне аударады. Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы қызметкерлері көрменің ұйымдастыруына атсалысады деген сенімдеміз. Барлықтарыңызды төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай келе, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, дастарқандарыңызға береке, еңбектеріңізге мол табыс тілеймін, — деді өңір басшысы Алтай Сейдірұлы.

Бұдан соң облыс басшысы ауыл шаруашылығы саласында елеулі еңбек етіп жүрген бір топ сала мамандарын марапаттады.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен Жаңақала ауданынан сала ардагері Жанболат Семенов, Теректі ауданы «Приречный» шаруа қожалығының жетекшісі Федор Савичев, Шыңғырлау ауданындағы «Усмангалиев» шаруа қожалығының жетекшісі Оразбай Османғалиев марапатталды.

Ал ақжайықтық Қанат Досқалиев, қазталовтық Өтепберген Бекжанов, бөкейордалық Исатай Ғабдуллин, сырымдық Болат Тасқалиев, жаңақалалық Тілеген Мусин, Жәнібек ауданынан Абай Жаманқұлов сықылды шаруа қожалықтарының жетекшілері министрліктің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды. Сонымен қатар салтанатты шарада бір топ қожалық жетекшілеріне министрліктің Құрмет грамотасы табысталды. Олардың қатарында Қазталов ауданынан Мұрат Хасанов, Қаратөбе ауданынан Айгүл Баянова, Тасқала ауданынан Ержан Хаиров сияқты еңбек адамдары бар.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығының әр саласы бойынша үздіктер анықталып, олар жекелеген аталымдармен марапатталды. Атап айтсақ, Зеленов ауданынан Сергей Шунайбеков «Үздік асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын шаруашылық», Ақжайық ауданынан Ерболат Құрманғалиев «Үздік асыл тұқымды қой өсірумен айналысатын шаруашылық», Ерболат Аткеев «Үздік асыл тұқымды жылқы өсірумен айналысатын шаруашылық», Теректі ауданынан Вячеслав Балакиев «Үздік бау-бақша шаруашылығы» аталымымен марапатталды.

img_6351Ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне арналған салтанатты шара «Ауылым – асыл мекен» атты концерттік бағдарламаға ұласты. Бұдан соң облыс әкімі бастаған басшы азаматтар ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін аралап, тұрғындарға ұсынылған тауарлар бағасымен танысып, тұтынушылармен пікірлесті. Өңір басшысы аудан-ауылдардан келген шаруа адамдарына жәрмеңкеге атсалысқандары үшін алғыс айтты.

img_6491Мерекелік шара Зеленов ауданы Трекин ауылында өткен дала қызықтарына жалғасты. Шараға қатысушыларға арналып асыл тұқымды мал шаруашылығы және жаңа ауыл шаруашылығы техникаларының көрмесін тамашалады.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

Суреттерді түсірген Т. ТОҚМАМБЕТОВ

Роза ҚАЖМҰҚАНОВА, қала тұрғыны:

— Осындай ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін ұйымдастыру қала тұрғындары үшін өте тиімді. Жәрмеңкеде күнделікті тұтынуға қажет барлық өнім түрлері бар. Әрі бағасы да өте тиімді. Дәл қазір ет сатып алдым. Бұрын орталық базардан еттің әр келісіне 1300-1400 теңге төлеп алған болсақ, бұл жердегі еттің құны – 1000 теңге әрі сапалы. Базарда 600 теңгеден саудаланатын балықтың әр келісі мұнда 300 теңгеден сатылуда. Қарапайым халыққа осындай жағдай туғызған облыс басшылығына және жәрмеңкеге өз өнімдерін шығарған шаруа қожалықтарына алғыс айтамын.

Валентина ШЕФЦОВА, зейнеткер:

— Біз секілді зейнеткерлер үшін бұл – тамаша мүмкіндік. Қысқы маусымға қажетті көкөніс түрлерін арзан бағамен алудамыз. Бұл жәрмеңкеде картоп, пияз, қырыққабат, сәбіз, қызылша секілді көкөністер 50 теңгеден сатылуда. Жәрмеңкенің орталық көшеде орналасқаны да қала тұрғындары үшін тиімді. Үш күнге созылатын жәрмеңкеден өзімізге керекті өнімді сатып аламыз. Жалпы, Елбасына, өңір басшылығына зор алғыс айтамыз. Сондай-ақ осы өнімдерді өндірген шаруаларға да ризамыз. Еңбектерінің жемісін көре берсін.

Бекболат МҰҚАШЕВ, Зеленов ауданы, «Алтын бидай» шаруа қожалығының басшысы:

— Бүгінгі жиында облыс басшысы айтып өткендей, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың және ауа райының қолайлы болуына байланысты шығар, биылғы жылы күздік бидайдың әр гектарынан 52,3 центнерден өнім алдық. Бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталдым. Бұл марапат тек маған ғана емес, біздің қожалықта қажырлы жұмыс жасаған әр жұмысшының еңбегінің бағалануы деп есептеймін. Барша әріптестерімді мерекелерімен құттықтаймын.

Федор САВИЧЕВ, Теректі ауданы, «Приречный» шаруа қожалығының жетекшісі:

— Ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдан бері еңбек етемін. Диқандардың көп жылғы еңбегі ақталып, биыл мол өнім жинауға қол жеткізді. Ауыл шаруашылығының қай саласын алып қарасақ та, оңайлықпен келетін ештеңе жоқ. Қажырлы еңбекті, шыдамдылықты талап етеді. Көп жылғы еңбегім ескеріліп, марапатталғаныма қуаныштымын. Ауыл шаруашылығына зор қолдау көрсетіп отырған Елбасына, облыс әкіміне, ауыл шаруашылығы саласы басшыларына зор алғыс айтамын.


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика