Мұрағат: 12.10.2016


Желаяқ қария

Күні: , 97 рет оқылды

dsc_1276


Қыркүйектің соңында іссапармен Ақсай қаласына барғанда бір ерекше көріністің куәсі болған едік.


Күздің қоңыр салқын күні. Таңертеңгі мезгіл. Күннің райы қабағын түйіп, жаңбыр бүркіп тұрған еді. Үстімізде күртешеміз болса да, аз-маз тоңғанымыз жасырын емес. Көлігімізден түсіп, қызмет бабымен бір кеңсеге бару үшін көше бойлап келеміз. Бір мезетте жол жиегімен жүгіріп келе жатқан қарияны көзіміз шалғаны. Үстінде киім атаулыдан шолақ шалбар мен спорттық аяқ киім ғана. Менің таңғалғанымды байқаған ақсайлық қосшы жігіт те «Бұл — біздің спортшы атамыз. Бала кезімнен бұл кісінің көшеде жүгіріп жүргенін көріп өстім» демесі бар ма? «Жақсыны көрмекке» демекші, жалма-жан атайдың артынан жүгіре қуып жеттім. Қатарласып бірге келеміз. Жәймен амандасып, жағдайын сұрай түстім. Бағымызға орай, қария да әңгімешіл екен. Өзін Ғазиз Ақжанов деп таныстырған атамыздың жасы жетпістің бесеуінде. Ресейдің көршілес Саратов облысында дүниеге келген, мамандығы инженер. Сол жақта ұзақ жыл еңбек етіп, Кеңес өкіметі тараған соң елге оралып, Ақсай қаласына қоныстаныпты.

— Тоқсаныншы жылдардың басында жүрек талмасы ауруына шалдығып, үш ай ауруханада жаттым. Кішкене сауығып, бетім бері қараған соң спортпен шұғылдана бастадым. Алғашында 2-3 сағаттан жүгіруші едім. Қазір жас ұлғайғасын күніне екі мезгіл, таңертең және кеште 30-40 минут жүгіремін. Оның сыртында түрлі спорттық жаттығулар жасаймын. Әзірге жүрегім сыр беріп көрген жоқ. Жалпы, денсаулығыма да кінәрат тақпаймын, — дейді қария.

Қыстың қытымыр аязды күні де тек бас киім, шолақ шалбар, қолғап киіп ап, көше бойлай жүгіретін Ғазиз ақсақалды танымайтын ақсайлықтар кемде-кем болып шықты.

— Мен үшін ауа райының қолайсыз күні болмайды. Бұл жиырма бес жыл бойына қалыптасып қалған жеке дағдым. Жүгірген өзіме ұнайды. Денсаулығыма да пайдалы. Мен өзім ешкімге ақыл-кеңес айтпаймын. Тек сен сияқты көшеден жаяу немесе машинамен тоқтатып алып сұрастырған жандарға ғана спорттың пайдасы жөнінде кеңес беремін. Себебі әр пенде өз өмірінің иесі, өз тағдырының қожасы, — дейді кейіпкеріміз күлімсіреп.

Желаяқ атайды суретке түсіріп алып, алғысымды айтып қала бердім. Бабымен ақырындап жүгіріп бара жатқан қарияның соңынан қызыға, ұзақ қарап қалыппыз…

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

Ақсай қаласы,

Бөрлі ауданы


Бағбан әже

Күні: , 46 рет оқылды

dscn6540


Биыл бағбандар үшін нағыз қолайлы жыл болғаны даусыз. Өйткені  жауын-шашынның көптігінен егін мен бау-бақша өнімдерінің түсімі мол.


Жасы сексенді алқымдаған Батырова Нәсіпханым әже бау-бақша өсірумен айналысады. Әжейдің отбасы 2007 жылы Қазталов ауданының Талдықұдық ауылынан көшіп келіп, содан бері қала іргесіндегі үйінің ауласын жеміс ағаштарына толтырып үлгеріпті. Қалған жеріне бау-бақша егуді тұрақты кәсіптеріне айналдырған. Аулаға кіре бергеннен-ақ алма ағашының бірнеше сұрпы, сары өрік (абрикос), қара өрік, шие ағаштары, құлпынай, қарлыған (крыжовник), таңқурай, қара қарақат көздің жауын алады. Одан бөлек қызанақ пен қияр, бұрыш пен қызылша, асқабақ, жүгері, қауын-қарбыз жылдағыдан көп өнім берген екен. Төккен тер, тынымсыз еңбегінің арқасында бау-бақшаға жан бітірген Нәсіпханым әже енді жеміс-жидектер мен көкөніс өнімдерін қысқыға дайындаудың қамына кіріскен. Ол бізді қасына ерте жүріп, бақша күтімі туралы тәжірибесімен бөлісті.

— Бақша егуді ауылда тұрған кезімізде бастадық. 1978-79 жылдары болу керек, отағасы бақша егуді қолға алды. Талдықұдық ауылының топырағы сазды әрі қатты болатын. Соған қарамастан қи мен күлді қара топыраққа араластырып, қопсытып, жерді бір жыл бұрын дайындадық. Келер жылы көктемде бақшаны шағын ғана жерге салып көрдік. Ауылдың жанында ескі су арнасы болатын, бақшаны сол арқылы суаратынбыз. Еңбегіміз еш кетпей, сол жылы біраз олжалы болдық. Бақша егудің кәдімгідей пайдасын көріп, енді бұл істі жыл сайын жалғастыруды әдетке айналдырдық. Алғашқы жылдары қиярқызанақ, пияз секілді көкөністерді ексек, жыл сайын олардың түрі мен қатарын көбейте түстік. Тіпті бір жылы қызанақты 200 түпке дейін отырғыздық. Пайдасы көлкөсір болды. Ауылда қарапайым жұмысшы болдық, таңнан кешке дейін диірменде бидай тарта жүріп, жұмыстан кейін түн батқанша бақша баптаймыз. 41 жасымда 8 баламен жесір қалдым. Үйдің кенжесі небәрі жас жарымда болатын. Қандай қиын болса да, ешкімге алақан жаймадым, жоқ деп жыламадым. Тіпті заманның аумалы-төкпелі тұсында да бізге шынайы жаны ашыған адамдар сирек болды. Сонда да мойымай, күндіз жұмыста, кеште бақшаның шаруасымен алысып жүріп, бәрін де аяқтандырдым. Содан қалаға қоныс аударып, өзіміздің жиған-тергенімізбен жаңа баспана салдық. Сөйтіп, жаңа қонысқа жеміс ағаштарын егуді қолға алдық. Бұл жердегі екі қанаттағы көршілерімнің екеуі де орыс ұлтынан еді. Бағбандықтың шаруасын өте жақсы біледі. Теректерді баптауды, кесуді, суаруды, қопсытуды, топырақ жаңалауды, жерді демалтуды солардан үйрендік. Міне, бізге тілектес болған азаматтардың арқасында аз ғана жылда айналамызды ағашпен көмкеріп, жаз бойы жемістің рақатын көріп отырмыз. Теректі тал кезінен қалай баптап өсірсең, жемісін де солай береді. Біреулер жас шыбықты қалай болса солай еге салады, ағаш отырғызатын жердің тереңдігін дұрыс қазбайды, артық бұтақтардан арылтпайды, түбін әктемейді, айналасындағы арам шөптерін отамайды. Мұның барлығы ағаштың жылдам тамырланып кетуіне кедергі келтіреді. Өйткені артық бұтақтары кесілмесе, жеміс ағаштарының бойы аласа, шашыраңқы өседі. Жемістері сирек әрі уақ  болады. Ал арам шөптердің арасында зиянкес жәндіктердің көп болатынын білеміз, олар ағаштың жапырағы мен тамырын жарақаттап, өсуіне зиян-залалын тигізеді. Жалпы, жаңадан отырғызған көшеттерді аптасына кемінде үш рет суарған жөн. Ал күзгі мезгілде жауын-шашын аз болса, аптасына төрт рет суару керек. Сары өрік (абрикос) жиі жер ауыстырғанды (пересадка) жақсы көреді, бұл әдісті үш ретке дейін қайталауға болады. Тез жерсінеді. Ал алма ағашының жерінің диаметрі 80-90 сантиметрден кем болмауы керек. Бақша егу еріккеннің ермегі емес, бұл адам мен табиғаттың үндестігі деуге болады. Әрі еңбек етесің, әрі табиғатты аялауға үйренесің, — деп сөзін түйді бағбан әже.

Нәсіпханым әже — бүгінде бейнетінің зейнетін көріп, сегіз баладан өрбіген немере-жиеннің қызығына кенеліп отырған, үлкен әулеттің мәуелі бәйтерегіне айналған бақытты ана. Әттең, тек отағасы тым ерте кетті… Бағбан-әженің сексенді алқымдаса да, өз жасынан әлдеқайда тың көрінуі табиғатты ерекше сүйгендігінен шығар деп топшыладық. Әженің бұл ісі тек сол шаңыраққа ғана емес, исі қазаққа үлгі деп білеміз.

Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»

Lshagatai@mail.ru

Тел.: 51-18-14


Кондуктор неге мырс етті?

Күні: , 57 рет оқылды

img_6249


Жуырда қалаішілік автобусқа мінгенмін. Кондуктор жасы қырықтардың шамасындағы кісі екен. Бір қолында алма, екінші қолымен тиын санап отыр.


— Қайтарым ақшаңызды ала қойыңыз, — деп тиындарды сылдырлатып, алақаныма салды. Қолымда сусыннан босаған кішкене бөтелке бар еді.

— Әкел қолыңдағыны, — деді есік ашылған кезде.

— Оны қайтпексіз?

— Далаға лақтырып жіберейін. Ұстап тұрасың ба не?

Ересек адамның бұл сөзіне не күлерімді, не жыларымды білмедім.

— Жоқ, болмайды. Түскен соң қоқыс жәшігіне лақтырамын, — дедім ренжіңкіреген кейпімді танытып. Орынсыз сөйлегені үшін өзі де қысылды-ау деймін, артынша мырс етті де, басын шайқады.

Мұндай жайттар күнделікті өмірде жиі кездеседі. Қаладағы өзге көшелерді айтпағанның өзінде, Еуразия, Достық секілді негізгі даңғылдардың бойынан бос бөтелке, темекі тұқылы, алманың қалдығы секілді қоқыстарды жиі көруге болады. Әсіресе, «City Center» сауда орталығының айналасында орналасқан аялдамалардың маңында автобус билеттері шашылып жатады. Көліктен түскен соң, билетті арнайы жәшікке тастай салудың түк қиындығы жоқ қой. Асығып бара жатсаңыз, үйіңізге кірген соң қалтаңыздан шығарсаңыз да болады. Бір жапырақ қағазды умаждап келіп, жерге атып ұрып, сұмдық тірлік тындырғандай шырт түкіретіндерге не дерсіз?!

Түкіру дегеннен шығады. Біз тұратын тұрғын үй беріде ғана қаланған. Әйткенмен, подъездің ішіне кірсеңіз, терезе алдында ішімдіктің бос құтысы, темекі қорабы, целлофан қапшықтары үйіледі де жатады. Бұл жермен күніне қанша жеткіншек өтеді, оларға көрсете алған үлгіміздің осы болғаны ма?! Сәби түгілі, ересек адамның өзі дәл мұндай көріністен жиіркенері кәміл. Ал лифтіге мінсеңіз, едендегі қақырық-түкіріктен жүрегіңіз айнып, жоғары қабатқа дейін зорға шыдайсыз. Ойыңды басқаға бөлгің келіп, қабырғаға қарасаң да соған ұқсас жайт. Құдды бір есімін тарихқа алтын әріппен қалдырғандай қырнап, «Здесь был Алишер», «Я тебя люблю, Саида», «Димка крутой» сықылды сөздерді жазып кеткені. Таланттары тасып бара жатқан «Пабло Пикассолар» да бар әлгілердің арасында. Лифт ішіндегі «жұпар иістің» жыры бір бөлек.

Тура осындай түсінігімізбен Батысқа барсақ, өміріміз айыппұл төлеумен өтетін тәрізді. Өйткені ол жақта заң қатал. Бұзақылығың бос қалмайды. Мәселен, Германияда «қоқыс детективтері» қызмет атқарады. Франкфурт қаласындағы күзет фирмасының қызметкерлерін осылай атайды. Олар халық көп жиналатын орындарды қадағалап, тазалықты талап етеді. Кімде-кім жерге қоқыс тастай қалса, шырт еткізіп суретке түсіріп алады. Айыппұлды төлегісі келмесе, тәртіп бұзушының жаңағы суреті сотқа жіберіледі. Айтпақшы, немістердің айыппұлы қоқыстың түріне тікелей байланысты екен. Мысалы, асфальтқа лақтырылған темекі тұқылы, орама қағаз немесе бөтелке үшін 20 евро, шайналған сағыз, тамақ өнімдерінің қалдығы үшін 35 евро төлеуіңізге тура келеді. Ескі жиһаз және техниканы көшеге тастауға болмайды, ал бұлай болған жағдайда 150 мен 600 евро аралығында айыппұл өтейсіз. Римде қалдықты абайламай басқа контейнерге лақтырсаңыз, сізге 300 евродай айыппұл төлетеді. Өйткені мұнда қағаз, полиэтилен немесе пластмасса қалдықтарының әр-қайсысына бөлек жәшік орнатылған.

Ал елімізде қолданысқа енгізілген жаңа Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс бойынша мұндай құқықбұзушылық үшін 10 АЕК, яғни 19820 теңге көлемінде айыппұл салу немесе 10 тәулікке дейінгі мерзімді қамауға алу түріндегі әкімшілік жаза көзделген. Соған қарамастан, облыстық ішкі істер департаменті қызметкерлерінің мәлімдеуінше, жыл басынан бері қаламыздағы қоғамдық орындарды ластау туралы 1271 дерек тіркеліпті.

«Бәрі де адамзаттың қолында! Сондықтан қолдарыңды жиі жуып жүріңдер!» депті бір австриялық жазушы. Қолымыздан бастап жалпы айналамызды тазалықта ұстауға әдеттенгеніміз жөн-ау.

Айым ЖОМАРТҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»


Мәселені «Болашақ» шешіп берді

Күні: , 39 рет оқылды

img_1686


Жуырда Шыңғырлау ауданы тұрғындарының көкейкесті тілегіне айналған балабақша мәселесі түбегейлі шешіліп, жаңа 290 орындық «Болашақ» балабақша-бөбекжайы халық игілігіне берілді.


Аудан бойынша бүгінгі күнге дейін тұрғындарға қызмет көрсетіп келген балабақшалар түгел ыңғайластырылған ғимаратта орналасып, мектеп жанынан да ұйымдастырылып келген еді. Бұлардың өзі ішінің тарлығы, орынның тапшылығымен халық сұранысын толық өтей алмайтын. Аудан орталығының өзіндегі жыл сайынғы балабақшаға тұрған балалар кезегі бір жылдан екінші жылға ауысып, мейлінше көбейген болатын. Міне, осы мәселенің барлығы бір-ақ сәтте шешіліп, аудан орталығындағы барлық мектепке дейінгі балалар түгел балабақша қызметімен қамтылатын болды.

Республика бюджетінен қарастырылған қаржыға екі қабатты, заманауи және барлық құрал-жабдықтар, медициналық кабинет, асхана жабдықтары қамтылған үлгі жобадағы балабақша ғимараты салынды. Құрылысты жүргізген «Алтим» құрылыс фирмасы өз жұмысын сапалы және уақтылы орындап шықты.

Балабақшаның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов, облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева қатысты. Тәуелсіздіктің мерейлі мерекесі қарсаңындағы бұл толағай тартуға құттықтау тілегін жеткізген М. Тоқжанов облыс басшысы А. Көлгіновтың атынан компьютерлік сынып, яғни 10 ноутбукпен қамтылған кешенді сынып құралдарын сыйлады.

Қос қабатты ғимараттың жалпы көлемі 13050 шаршы метрді құрап, балаларға қажеттінің барлығын ұсына алатын жағдайға келтірілген. Бүгінгі таңда балабақша толық қуатында жұмыс жасап тұр. Атап айтқанда, 80 орынды 1-3 жас аралығындағы бөбектер толтырып, 165 орынға 3-5 жас аралығындағы бүлдіршіндер қабылданған. Бұған қосымша екі топ, барлығы 45 бала мектепалды даярлық тобында тәрбиеленуде. Даярлық тобындағы балалар түске дейін даярлық сыныбы бағдарламасымен оқып, түстен кейін балабақша режимінде тәрбиеленеді. Білім саласының «мектепке дейінгі ұйымдар стандартында» көрсетілгендей, 1-6 жасқа дейін әрбір бүлдіршін балабақшада бола алады, осыған орай даярлық сыныбының екі тәрбиеші-мұғалімі де балабақшаның штаттық кестесіне енгізіліп, жұмыстануда. Сондай-ақ балабақшада үш тілділік бағытындағы «Достық» тобы жұмыс жасап тұр.

Балабақша-бөбекжай жалпы саны 12 топқа есептелген, сабақ оқу бөлмелері, жатын жай, сантехникалық тораптар мен ғимарат сыртындағы арнайы ойын алаңдары да қамтылған. Нысанда 84 маман жұмыс жасауда. Дефектолог, логопед, психолог маман кейбір сөйлеу қабілеті төмен балалармен жұмыс жасап, диетолог және медбике қызмет көрсетеді.

Қаршыға ЕЛЕМЕСОВ,

 Шыңғырлау ауданы

Әйгерім ВАЛИЕВА, педагог-психолог, жас маман:

— Балалармен жұмыс көп білімді, жаңашылдықты және бөбектер психологиясын түсіне жұмыс жасауды талап етеді, мен соған дайынмын. Ғимаратымыз сәнді, жарық, жылы және заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Жасы үлкен апайларымыздан, басшымыз Бибігүл Зорбайқызынан үйреніп жүргеніміз де жетерлік. Аудан әкімшілігі тарапынан жас мамандарға қамқорлықтар жасалуда, жуырда ғана көтерме төлемақы алып, қуанып қалдым және мұндай қуанышта жүрген жалғыз мен емес, әріптестерімде де осындай жағымды жаңалықтар бар.

Бибігүл ҚИЯҚБАЕВА, «Болашақ» балабақшабөбекжайының меңгерушісі:

— Жаңа ғимарат, жаңа ұжым және жаңа мамандар, жұмысымызды жаңадан бастап жатырмыз. Бұған дейінгі жұмыс орнымда жүріп, балаларды сыйдыра алмай, орын тапшылығы мүмкіндік болмайтындығы соншалықты жаныма бататын. Ал қазір кең, жарқыраған жақсы ғимарат салынды, орын жеткілікті, ата-аналар қуанышты. Елбасы саясаты қашанда халық қажетін орындаудан ауытқыған емес, біздің жаңа балабақшамыз – соның дәлелі. Қазір ұжымда 36 педагог маман бар, жалпы, ұжымымыздың 65 %-ы — жас мамандар. Жергілікті бюджет есебінен ойыншықтар алудамыз және бұл жұмыс әлі жалғасады.

Жанар МУСИНА, ата-ана:

— Менің кішкентай қызым даярлық сыныбына барып жүр. Түске дейін оқып, түстен кейін ойнайды, осында, балабақшада болады. Бұл маған, жұмыста жүрген барлық ата-аналарға ыңғайлы болып тұр. Балабақша өте керемет салынған, іші де, сырты да сәнді. Балаларға ойнайтын, тынығатын, білім алатын барлық жағдай жасалған. Тәрбиешілері кішіпейіл, білімді, білікті деп есептеймін. Халыққа жағдай жасап берген аудан, облыс басшылығына үлкен алғысымды білдіремін.


Жергілікті сүт өнімдері молая ма?

Күні: , 130 рет оқылды

%d1%81%d1%83%d1%82-%d0%be%d0%bd%d0%b8%d0%bc%d0%b4%d0%b5%d1%80%d0%b8


«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 60-қадамындағы «Сүт және сүт өнімдері өндірісін дамыту» мақсатына орай облысымызда біркелкі жұмыстар атқарылуда. 2016 жылдың 1 қыркүйегіне облыстағы шаруашылықтардың барлық санаттары бойынша 171218,6 тонна сиыр сүті өндірілген және бұл 2015 жылдың сәйкес кезеңіндегі өнідірілген өнім көлемімен салыстырғанда 4,1%-ға жоғары. Жалпы, алдағы уақытта Ақ Жайық өңірінде сүт өнімдерін өндіру және өңдеу ауқымы ұлғая түспек.


Тауарлы  сүт  фермалары құрылуда

Өңірдегі бірқатар шаруашылық сүтті мал шаруашылығымен айналысуға, соның ішінде тауарлы-сүт фермасын құрып, сүттен бұлақ ағызуға ықылас білдіруде. Өйткені елімізде сүтті-тауарлы фермаларды дамыту мақсатында өткен жылы «Ырыс» бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарлама бойынша сүтті бағыттағы асыл тұқымды аналық мал басы мен қажетті техника, құрал-жабдықтарды сатып алуға жеңілдетілген несие беріледі.

Облыс орталығы Оралға таяқ тастам жердегі Зеленов, Теректі және Тасқала, Бөрлі аудандарында сүт өндіру бағыты жақсы дамыған. Енді мамандар Оралдың маңындағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге сүт фермаларын құру жайында бағыт-бағдар, кеңес беруде. Биыл өңірде «Ырыс» бағдарламасы аясында 300 басқа арналған (100 басқа арналған екі, 50 бас малға екі шағын сүт кешендері) шағын тауарлы сүт фермаларын құру жоспарланған. 2014-2015 жылдары облысымыздағы бес шаруашылық 326 асыл тұқымды сүтті бағыттағы ірі қара мал сатып алған және осы мал үшін 40997,2 мың теңге мемлекеттік субсидия төленді.

Облыста жеті шаруашылық асыл тұқымды сүтті бағыттағы мал өсіреді. Бұл шаруашылықтарда 1241 ірі қара мал («Нұр» ШҚ-да 147, «Шамұрат» ШҚ-да 51, «Валентина» ШҚ-да 162, «Покатиловка» ШҚ-да 25, ««Ақас» агрофирмасы» ЖШС-да 639, «МТФ-ОП Ақжайық» ЖШС-да 50, «Кубеев» ШҚ-да 167 бас) болса, соның ішінде сауын сиыры 775 басты құрайды. Биыл тауарлы сүт фермасын құру үшін Тасқала ауданының «Луч» шаруа қожалығы өз қаржысына асыл тұқымды 51 голштин тұқымының қашарын сатып алып, мемлекеттік қолдау бойынша 7854,0 мың теңге субсидия алды. Зеленов ауданындағы  «Шканов» шаруа қожалығы Ресейден голштин тұқымды 100 қашар сатып алып,   субсидиялауға құжаттарын тапсырды және 50 бас малға субсидия алды. Зеленов ауданының «Кубеев» шаруа қожалығы 100, Бөрлі ауданының «Евраз ЛТД» ЖШС 185 бас сүтті бағыттағы асыл тұқымды шетелдік ірі қара малының аналықтарын «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы сатып алу үшін жұмыстануда.

Тұрғындардан сүт жинайды

Сүт өндіру негізінен қалаға іргелес аудан-ауылдарда белсенді жүруде. Облыс орталығынан шет жатқан аудандарда сүт өндіру ісі кешеуілдеп қалған. Олай болатын жөні де бар, шалғай аудан-ауылдардың басым бөлігі етті бағыттағы ірі қара малын өсіреді. Сондықтан етті бағыттағы асыл тұқымды бұқаларды тауарлы малға қосу арқылы тұқымдық түрлендіру жұмыстары жүргізілуде. Соның нәтижесіндей өңірдегі мал басы саны жыл санап өсіп келеді. Енді оңтүстік аудандарда сүтті мал шаруашылығын жандандыру мақсатында алдымен несиелік бағдарламаларды түсіндіру жұмыстары қолға алынған. Оңтүстік аудандардың ішінде Жаңақала ауданының «Шамұрат» шаруа қожалығы,  Бөкей ордасы ауданының «Жұмағұлова» жеке кәсіпкерлігі сүтті бағыттағы мал өсіруді бастады. Жәнібек ауданының «Ұлан» шаруа қожалығы сүтті қайта өңдейтін кәсіпорынды іске қосуды жоспарлап отыр.

Дегенмен де өңірімізде ет өндіру кооперативтері көбірек құрылып, сүт өндіруші кооперативтер құру ісі кенжелеп қалған жоқ па деген сауалымызды сала басшылығынан іркіп қала алмадық.

 — Биыл Ауыл шаруашылығы министрлігімен жаңа бағыт жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіру және жұмыспен қамту мақсатында сүт өндіріп, жинап өткізуді дамыту үшін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалары бөлімдері арқылы несиелеу жұмыстары жүзеге асырылуда. Зеленов ауданы бойынша 2 сүт қабылдау пунктін ашу және 4 сүт тасымалдайтын автокөлік сатып алу жоспарланып, қазіргі таңда «Каверин» жеке кәсіпкерлігі Дариян ауылында күніне 20 тонна сүтті қайта өңдейтін кәсіпорынның 380 шаршы метр аумағын әрлеп, коммуналдық жүйелерді өткізу жұмыстарын аяқтады. Қажетті құрылғылар мен жабдықтар (танкер, пастерлеуші аппарат, сүт тартқыш машина, ірімшік дайындайтын аппарат және өзгелері) 62 млн. теңгеге «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның несие қаржысы арқылы сатып алынады деп жоспарлануда, — деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Оңғарбеков. Оның айтуынша, қазан айында аталған кәсіпорынды жөндеп, жабдықтап іске қосқаннан кейін Железнов ауылында сүт қабылдау қосынын ашу жоспарланған. Қазіргі таңда «Каверин» ЖК Зеленов ауданының ауылдарынан сүт тасымалдайтын 4 автокөлігімен сүт жинап, Орал қаласындағы өзінің сүтті қайта өңдейтін кәсіпорнына жеткізуде.

Ауылдардағы жұмыссыздықты азайтуға сүт өндіру жөніндегі жеке және заңды тұлғалардың тұтынушылар кооперативтерін құрудың септігі тиетіні сөзсіз. Сондықтан мал шаруашылығын мемлекеттік қолдау бағдарламаларын түсіндіру жұмыстары облыстық және ауданаралық жиындарда әр ауданда бөлек-бөлек жылына бірнеше рет өткізілуде.

— Егер ауыл-аудандарда сүт өндіру кооперативтері құрылған жағдайда, оның иелеріне сатып алған әрбір отандық асыл тұқымды мал басы үшін 154 мың теңге демеуқаржы беріледі. Ал асыл тұқымды ірі қара шетелден әкелінсе, онда бір бас үшін 118 мың теңге демеуқаржы төленеді. Сонымен қатар жалпы табындардағы сиырларға асыл тұқымды бұқа қосқаны үшін шаруашылыққа 104 мың теңге субсидия беріледі, — деді Марат Оңғарбеков. Аталмыш басқарма басшысының айтуынша, бұл мәселеге қатысты ешқандай қиындықтар туындамаған. Тек күні бүгінге дейін Ресейдегі эпизоотиялық жағдайға байланысты ол жақтан мал кіргізуге шек қойыл-ған. Сонымен қатар Ресейдің  облысымызға жақын аймақтарында сүтті бағыттағы малдың құны жоғары болып отыр.

Сүтті қайта өңдеген тиімді

Мамандардың айтуынша, облыста жыл сайын 200 мың тоннадан астам сүт өндіріледі. Өндірілген сүт халықтың сұранысына ие және ол арнайы 11 кәсіпорында қайта өңделеді. Сүт өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың ірілері «Береке» АҚ, «Каркула» ШҚ, «Жастық» ЖШС, одан басқа сүтті тереңдете қайта өңдеумен «Каверин» ЖК, «Сары-Бел» ЖШС, «Ақас» ЖШС айналысады. Өткен жылы   осы өңдеушілермен 883 тонна сүт және кілегей, 441 тонна сары май және тағы басқа 440 тонна сүт өнімдері өндірілді. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 1230 тонна өңделген сұйық және кілегей сүт өнімдері, 151 тонна (2015 жылдың осы кезеңінде-36 тонна) сары май, 129 тонна (2015 жылы- 30 тонна) ірімшік және сүзбе өнімі және тағы басқа 296 тонна сүт өнімдері өндірілген.

Алдағы уақытта облыста сүтті қайта өңдеу саласы қарқынды дамымақ. 2020 жылға қарай өңделген сұйық және кілегей сүт өнімдерін өндіруді 4300 тоннаға дейін, сары май өнімдерін шығару көлемін 500 тоннаға дейін ұлғайту жоспарланған. Соның бір мысалындай болып, Тасқала ауданында орналасқан «АгроАДМ» ЖШС-да (басшысы А. Перниеев) базасында сүт өңдеу цехы ашылмақ. Бүгінде цехқа арналған ғимарат сатып алынып, оған жөндеу жасалуда. Сүт  өңдейтін  жабдықтар жеткізілген және оларды құрастыру, орнату биылғы қазан айына  жоспарланған. Кәсіпкер сүт өңдеуге арналған жабдықтарды Атырау облысынан 10 млн. теңгеге сатып алды. Цехтың қуаттылығы  тәулігіне 1000 литр сүт өнімдерін (500 литр сүт, 50 литр қаймақ, 400 литр айран және 50 литр  йогурт шығарады) өндіруге қауқарлы. Сүтті Тасқала ауданының тұрғындарынан сатып алу жоспарланған.

Өндірілетін өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін жоғарылату мақсатында сүт өңдеуші кәсіпорындар жаңа технологияларды өндіріске енгізуде. Шикізатты тереңдете қайта өңдеу бойынша жаңа желілердің қолданысқа енгізілуі ішкі тұтыну нарығында отандық азық-түлік өнімінің бәсекеге қабілеттілігін жоғарылатуға мүмкіндік береді. Дегенмен облыс нарығына айтарлықтай көлемде сүт өнімінің импорты жеткізілетіні белгілі. Кеден одағы мен ТМД елдерінен әкелінетін өнімдердің көп болуы, жергілікті кәсіпорындардың технологиялық жабдықтарының тозуы, қайта өңдейтін кәсіпорындардың шикізатты сақтайтын қойманың және тасымалдайтын техниканың болмауына байланысты қайта өңдеу саласының дамуы әлі де баяу. Бүгінде «Береке» ЖШС-ның сүт және қышқыл сүтті өнімдер шығару бойынша өндірістік қуаттылығы орташа 30-35%-ды, «Жастық» ЖШС-да 40%-ды, «Каверин» ЖК-ның өндірістік қуаттылығы 50-60%-ды құрайды.

Елбасымыз Қазақстанның ет пен сүт өнімдерін шығару бойынша ірі аймақтық экспортерге айналуы тиістігін бірнеше рет атап көрсеткен болатын. Мемлекет те ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеушілерге барынша қолдау-көмек көрсетуде. Мамандардың айтуынша, 2015 жылдан бастап «Өңдеуші кәсіпорындардың ауыл шаруашылығы өнімін тереңдете өңдеп, өндіруі үшін оны сатып алу шығындарын субсидиялау» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Осы бағдарлама бойынша май өндіру үшін сатып алынатын 1634 тонна сүтті демеуқаржылауға 34,3 млн. теңге бөлініп (нормативі 1 литрге 21 теңге), «Каверин С.В.» ЖК-ге және «Береке өнімдері» ЖШС-ға субсидия берілді. Ал 2016 жылы бұл мақсатқа 24,3 млн. теңге бөлініп отыр. Сондай-ақ «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау» бағдарламасы аясында сүт-тауарлы ферманың құрылысы кезінде жұмсалған шығындардың 50%-ын субсидиялауға мүмкіндік бар. Сондықтан сүтті мал өсіремін, сүтті терең өңдеймін дейтін іскер, шаруа баққан азаматтарға мемлекеттің тарапынан көрсетілетін қолдау баршылық.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


«Дауыс көтеріп көргенім жоқ»

Күні: , 56 рет оқылды

%d0%b1%d0%b5%d0%b7%d1%8b%d0%bc%d1%8f%d0%bd%d0%bd%d1%8b%d0%b9001


Орал педагогикалық колледжінің тәжірибелі ұстазы Біржан Сапиев тәрбиелі де текті отбасынан шыққан. Ол – аяулы жар, асқар таудай әке.


Биыл 55 жасын еңсерген азамат бір ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Өсірді деуіміз де орынды. Өйткені үш қызы өмірде ғана емес, тұрмыста да лайықты орнын тапты. Тұла бойы тұңғышы Зарина бухгалтер, кәсіпкер отағасы Еркінмен бірге Ақсай қаласында түтін түтетуде. Жиендері Гүлзира мен Арслан өз жұрты ғана емес, нағашы ата-әжесінің де бауыр еті. Онан кейінгі қызы Гүлмира екі «қызыл» дипломның иесі, күйеу баласы Айғали «Қазтелекомның» ортан қолдай маманы болып еңбек етеді. Қыздың кенжесі Жаңылсынның да тұрмысы қалыпты. Өзі облыс орталығындағы бір мекемеде кадр бөлімінің меңгерушісі, ал жұбайы Айдос — құрылысшы. Сүт кенжесі Қуанжан — мұнай-газ саласының маманы.

— Абзал әке ұл-қызға қамқоршы, әрі өмірлік бағыт-бағдар берер басты ақылманы болуы тиіс.

Айтуға оңай болғанымен, мұның өзі кез келген ер-азаматтың қолынан келе бермейді. Нәтижесінде жанұяда ашу-ыза мен наразылық, алауыздық туады. Мұндай жағдай жақсылыққа апармайды. Бұл — бір. Екіншіден, балаға ұрса беру де тиімсіз. Өзім ешқашан басқа түгілі, балама дауыс көтеріп көргенім жоқ. Өйткені өзім өскен ортада ардақты әкемнің бір ұрыс-қанын естімеппін. Оның бізге сынай қараған көзқарасы жарап жатыр. Нағыз қазақы отбасында өскеніме әлі күнге дейін ризамын. Ауылда тұрса да, әкем Кәрім ұжым басшысы болғасын, үнемі далада жүрді. Балалықпен ағат қылыққа барсақ, анамыздың «Әкеңе айтамын!» деген бір ауыз сөзінен жасқанып, жұмсаған жеріне қарай жылжып жүре береміз. Міне, сол әке-шешенің тәрбиесі санамызға сіңіп, ол әрі қарай заңды жалғасын табуда, — дейді отағасы.

Біржан Кәрімұлының пайымдауынша, әке үшін ұлдың да, қыздың да айырмасы болуы мүмкін емес. Себебі екеуі де бауыр еті, ұрпағы. Әсіресе, қызға қатал қарауға, оған әкесінің ұрсуына үзілді-кесілді қарсы. Оған тек анасы, әжесі немесе әпкесі ғана ұрса алады немесе оғаш қылықтан тыяды. Қыз баланың кез келген шаңырақтың уақытша қонағы екенін естен шығармау қажет. Әдетте ұлды әкесі тәрбиелеуі тиіс. Бірақ ұрсу немесе қол көтерумен емес. Әрине, қатаң талап қою өте орынды.

— Бақытыма орай, жұбайым Ботакөз көп балалы отбасынан болып шықты. Ол – Ақтөбе облысының тумасы. Төрт ұл, жеті қыз өскен шаңырақта әкенің беделі өте жоғары екен. Сондықтан жан жарым да мені тек азамат ретінде ғана емес, аяулы әке ретінде сыйлап, ұл-қыздарымның алдында төрдегі басымды босағаға сүйреп көрген емес. Міне, 32 жыл бойы тату-тәтті, өзара сыйласып өмір сүріп келеміз. Сол үшін оған өте ризамын.

– Отбасының беріктігінде атаенемен бірге тұрудың да маңызы ерекше. Өкініштісі сол, бүгінгі келіндер, әсіресе, өңіріміздің қыздары ата-енемен бірге тұрудан қашқақтайды. Бұл – қате ұстаным. Керісінше, ата-енемен бір шаңырақтың астында ғұмыр кешу – өмір мектебі. Әрі үлкендердің жанашырлық қамқорлығы мен көмегін пайдаланып, перзенттерін өсіріп алудың өзі бір ғанибет, — дейді ол ұрпақ тәрбиесі жөніндегі әңгімесін сабақтай түсіп. Біржанның пайымдауынша, ата-енесімен бірге тұрғаннан жас келіннің ұтары көп. — Баламның үлкені ата-әжесінің бауырында болды. Өзімшіл боп өскен дара баладан ата-әжесінің бауырында болған ұл-қыз әрі есті, әрі епті, әрі әдепті болады ғой. Мәселен, біздің әкеміздің үйінен қонақ арылған емес. Қанша кісі әкелсе де, анамыз қабағын шытқанын  көрмеппін. Сол бағытқа жұбайымды да баулыды. Меніңше, жас келін кемінде үш жыл бойы ата-енесінің қолында тұруы тиіс. Мұндай жағдай жас келінді үй шаруасына ширатып, әрі әулеттегі жарасымды сыйластыққа жол ашады, — дейді Біржан.

Ата-анасынан бөлек шыққаннан кейін Біржан жан жары Ботакөзбен бірге бұрынғы Тайпақ ауданының ауылдарында мектеп басқарды. Екеуінің әріптес болғандығының (Ботакөз — математика пәнінің мұғалімі) да пайдасы тиді. Бірін-бірі тек сөзбен емес, қасқабағынан түсінетін ерлі-зайыптылар әрі қарай тату-тәтті өмірін жалғастырды. 1998 жылы Орал қаласына қоныс аударды.

— Адамға сенгішпін, ешкімнен ешқашан да жамандық күтпеймін. Әрине, бұл қасиетімнің кейде «ақауы» да бар. Бірақ «Аққа Құдай жақ» деп алаңсыз жүре беремін. Үш қызымның зайыбын күйеу емес, ұлым деп есептеймін. Қазақта «Пайғамбар да күйеуін сыйлаған» деген қанатты сөз бар ғой. Халық сөзінің дұрыстығына бүгінде көзім жетті. Ал «Аталап» жаныңнан шықпайтын жиеннен қалай айналмайсың?! Жалпы, өзім ұл-қызым есейгенше қазақтың ертегі, аңыз, тағылымды хикаяларын жинап, оқып, олардың сұрақтарына жауап қайтарғанды жаным сүйетін. Өйткені өте кітапқұмармын, мамандығым биолог-географ болса да, әдебиетке жаным жақын. Жақсы кітап, шығарма, тіпті газет-журналдағы қызықты мақала болса да, ұлыма, қыздарыма, күйеу балаларға, онан қалса, жұбайыма ұсынамын.

Математик болса да, ол да оқуға құштар. Айтпақшы, өзімнің алғашқы оқыған әдеби кітабым — «Менің атым Қожа». Қазір деректі, тарихи және өмірбаяндық кітаптарға ерекше бүйрегім бұрады, — дейді ойын түйіндеген азамат.

Бұрын «Әу» деп ән айтпаған қазақ болмаған. Сол сияқты Біржан да Шәмшінің, Әсеттің әндерін сүйсіне тыңдайды. Реті келсе, өзі де әуелетіп айтады. Кезінде әкесі де, ағасы да домбыраның құлағында ойнапты. Қазір қолы қалт етсе, домбыраға аңсары ауып тұрады. Жігіт кезінде гитара мен мандолинада шебер ойнап, талай жастық жиынның көркі болды. Отағасының өнерге құштарлығы ұл-қызына да дарыған.

Серік ИХСАНҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Жеңісгүл МОЛДАҒАЛИЕВА,

әріптесі, химия-биология пәнінің оқытушысы:

— Біржан ағаймен жұмыстас болғаныма біраз жылдың жүзі болды.  Ардақты азамат және өнегелі отбасының отағасы ретінде ұжымда беделді. Өзін-өзі тану пәні бойынша ол  шәкірттерін отбасылық өмірдің әліппесіне баулып қана қоймай, жанұялық тәжірибесімен де бөлісіп жүр. Бір сөзбен айтқанда, бойынан барлық адами қасиет табылады.

Гүлнәр ӘЛЖАНОВА,

облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы:

— Адал жар, ардақты әке Біржан Сапиевпен сонау жылдары Орал пединститутында қатар оқыдық. Бір дәуірдің қарлығаштарымыз. Жайсаң жан, адал адам, жәйлі мінезді әке мен ата. Өте қарапайым. Тәрбиелі, текті отбасынан шыққаны көрініп тұр. Текті дейтінім, ол өңірге танымал азамат, марқұм Бисен Жұмағалиев сынды асыл ағамыздың бауыры. Қашанда өзінің байыпты болмысымен ерекшеленеді. Сыйлы отағасы, өнегелі жан. Сүйген жары Ботакөзбен бірге құтты шаңырақтың берекесін асырып отыр.


Атбегілікті қастерлейтін әулет

Күні: , 39 рет оқылды

%d0%b0%d1%82%d0%b1%d0%b5%d0%b3%d1%96%d0%bb%d1%96%d0%ba


Таңатжан Сатыбалдиев 1952 жылы 8 маусымда Тайпақ ауданы Сармантөбе  ауылының Құмқұдық-Аю деген жылқышылар қосында дүниеге келген еді.


Әкесі Сатыбалды Байғазиев бала кезінен-ақ киелі жылқы малының жалына жармасып, құлағында ойнайтын. Құйрығын өзі түйетін. Қамшы мен құрықтың бауларын, шідер мен өрені өріп, былқылдақ былғарыдан ат-әбзелдерді өзі жасайтын. Өгіздің терісін илеп, одан таспа тілетін. Созып кептіріп, жүген, тұсау, делбе, үзеңгі бау, ердің тартпасы сияқты үзілмейтін мықты, жылқышыларға ең қажетті бұйымдарды жіптіктей етіп шығаратын. Жайық бойының солқылдақ көкталынан шетен өретін, кептіріп, түрлі қол құралдарына сап жасайтын. Қыстық көлік шана құрастыратын. Осылайша істің жүзін көрікті ете білетін жан еді. Ел азаматы Ұлы Отан соғысының бел ортасында болды. Сатыбалды ақсақал соғыс жылдарының өшпестей белгісі болған Қызыл Жұлдыз және II дәрежелі Ұлы Отан соғысы орде-ндерін кеудесінен тастамайтын. 1994 жылы қайтыс болды.

Жасынан әкесінен көріп өскені бар, өзінің түйсігіне түйгені бар, Таңатжанның жылқыға деген құштарлығы осылай қалыптасты. Бес-алты жасынан бастап атқа жайдақ мініп, жылқышылармен бірге жаз жайлауда, қыс қыстауда жүріп, осы бір жануардың жайына қаныға түсті. Тебіндегі жылқының терістігінен келмей, орғытып, орай бақылайтын. Жанай өтіп, топтап санап үлгеретін. Саяқ жүргендерді қуаламай, құрықпен бағыттайтын. Үйірдегі айғырлардың аңдысын аңдитын. Олардың мінез-құлықтарын жадынан шығармайтын. Содан болар, әр жылқының қай айғырдың тұқымынан екенін тап басатын. Түрлеп-түстеп білетіндігі де жүктің, болмаса бәйгенің жарауы екенінен жаңылыстырмайтын. Сөйтіп, оның атбегілік қасиеті бала кезінен-ақ қалыптаса бастады. Сондай-ақ өзінен үлкен бауырлары Қадыр, Қанат, Қайрат та әкеден үлгі алған малжанды азаматтар болды. Ұрпақ өсірді, тәрбиеледі, ұстаз атанды, техниканы меңгерді. Бір әулет бірінен-бірі көріп, бірінен-бірі үйреніп, түрлі мамандыққа дағдыланды. Қылқұйрықтының тегін тануды, қасиетін асыруды әр кез абырой етті. Еңбектері жанды. Үлкен ағасы Қадыр Байғазиев кеудесіне Еңбек Қызыл Ту орденін қадады. Ортаншысы Қанат Байғазиев Құрмет Белгісі орденіне ие болды.

1965 жылы ауданымыздың (ол кезде Тайпақ ауданы) оңтүстігіндегі жаңадан құрылған «Зауральный» кеңшары (қазіргі Сарытоғай ауылдық округі) жылқы өсіруде республикаға танымал болатын. Ол кезде осы малдың саны да, сапасы да артқан еді. Атақты Социалистік Еңбек Ерлері Әбу Сенбаев, Жөкен Берғалиев сияқты жылқышылардың даңқы атырапқа мәлім еді. Сондай-ақ Биғали Қоқақов, Бозекен Рашев, Ораз Нұрмашев еңбектері көпке танылды. Таңатжан осы жылқышылардың ісін көрді, өнегесін түйді.

Сол кезде осы шаруашылықты басқарған директор Кукаш Насипов, партком хатшысы Қалам Арыстанғалиев сияқты басшылардың ұйымдастыруымен Ұлы Октябрь Социалистік революциясының 48 жылдығына арналған той өткізілді. Қазақтың тойы аламан бәйгесіз болған ба?! 34 жүйрік шапқан отыз шақырымдық додада Таңатжан өзінің «Қостанайкөк» сәйгүлігімен топ жарды. Осы аламанға көршілес Гурьев облысының (қазіргі Атырау облысы) Қызылқоға, Индер аудандарынан он шақты жүйрік келген еді. Соның бәрінен озған жас өскіннің еңбегін ел көрді. Сол-ақ екен, жас шабандоздың өзіне деген сенімі артты, атбегілік танымы үстеді. Жас бала «Ер қанаты – ат» деп бағалаған ұлтымыздың кесімді сөзін керегелей білді, жүрегіне түйді. Жылқы туралы көп оқыды.

Кезінде қазақтың салт-дәстүріндегі, ауыз әдебиетіндегі төрт түлік мал туралы бай мұралар ел аузында молынан кездесетін. Соның ішінде жылқы туралы білем деген кісіге есті сөз де, айшықты ақиқат та мол болатын. Тайбурыл, Керқұла, Жиренкөк, Көктұйғын, Шабдаркөк т.б жараулар тарихы танымал батырлар мен би-болыстардың, серілердің ел алдындағы абыройын биіктететін. Әйгілі Ақан серінің Құлагері тап сондай жануар болатын. Осының бәрінен мол хабары бар Таңатжан атбегілікке дендеп кірісті. Сыншылдық қасиет танытты.

Ат жарату оңай емес. Алдымен жүйрікті тану да үлкен білгірлікті талап етеді. Оны өзіне үйрету, оған жем-су беру де мұқияттылықтан тұрады. Ащы терін алу, таң асыру, суыту, қаңтару – бәрі-бәрі мүлтіксіз атқарылатын шаруа. Шідер, тұсау, өре салмай, шылбырмен бос жіберу де жылқының еркіндігін ашады. Құйрық-жалын тарау да жылқыға сән беріп қана қоймайды, шапқанда сусыған қалып танытып, екпінге екпін қосады. Осының бәрін тапжылтпай орындайтын. Жарату жақсы болса, бәйгеден жүлдесіз қалған кезі жоқ. Ол көршілес Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарына, Ресейдің көршілес Астрахан, Орынбор облыстарында талай бәйгеге қатысты. Әрине, бәрінде жүлде алды десек, ағаттық болар. Еңбегінің еш болғаны да бар. Бірақ алған бетінен танған жоқ. Жылдар жүзінде өзі баптаған «Тобылғы», «Жиренқасқа», «Бәйгеторы» сияқты жараулары талай жерде тайсалмай оза шапты.

Тағдырға айтарың жоқ. Таңатжан 2010 жылы 18 қарашада кенеттен дүниеден озды. Соңында жылаған бала-шағасы, жоқтаған ел-жұрты қалды. Суымаған ізі, атбегілік қасиеті қалды. Дәлірек айтар болсақ, баласы Қитар Таңатжанұлы қазір әкесінің жолын қуып, атбегілік қасиетті иектенуде. Оның да жылқы танығыштығы ел аузына ілікті. Төңіректегі аудан-ауылдарда өтіп жатқан бәйгелерден баптаған жүйріктері көріне бастады. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығының аясында Тайпақ, Индер ауылдарында өткен аламан бәйгелерде жүйріктері көпшіліктің көзіне түсті. Ал Қитардың баласы Ерген Таңатжанов та шабандоздықты қалаулы етіп жүр. Бәйгеде атқа отыру, астындағы жануарға дем беру, желге қарсы шапқанда қолданар өзіндік тәсілдері бойында молынан қалыптасып келеді. Жануардың тершіген маңдайын, көзін әлсін-әлсін жұмсақ орамалмен сүртіп отыру да жеңіске кепіл.

Таңатжанның жары Сағима да — жылқыға әбден бауыр басқан жан. Ері ат жаратуға кіріскенде одан да тыныштық кетеді. Атжабу, тоқым, терлік сияқты керектерді алдын ала әзірлеп, бәйек таппайды. Жайық жағасындағы Байболған қыстағында отырғанда талай рет қыстаудың бір бөлмесін босатып, жылқыны соған кіргізіп, аттың ащы терін алуға өзі бастап мұрындық болатын. Сондай-ақ дәмді қымыз ашытудың маманы. Қазы-қарта сүрлеудің, бау-бақша өсірудің шебері.

Кейін олар оң жағалаудағы Шабдаржап (қазіргі Тайпақ ауылдық округінің бөлімшесі) ауылына ауысты. Бұл ауыл осы әулеттің үрдісінен үлгі алғандай атбегілік дәстүрді кең қолдап отыр. Оның басы-қасында Харькин орта мектебінің ұстазы, елжанды азамат Әлібек Қайырғалиев жүр. Ат спортын дамытуды көздейді. Жас шабандоздар мектебінің көшін ойластыруда. Оның жылқыға деген құштарлығына қызығасың. Соңғы екі-үш жылда жаз бойы бие байлап, қымыз өндірді. Жылқының жайын жетік біледі. Таңатжанды өзіне ұстаз санайды.

Мұнда Еламан Жәрдемов, Бектас Азаматов, Жамбыл Хамидуллин, Елжас Көшенов, Қайсар Ізғалиев, Қалы Файзолла сияқты жеткіншектер ат жалын тартып мінгеннен осы қасиетті өнегеге ден қойды. Ендеше, атбегілікті қастерлейтін әулеттің, ауылдың өнегесі жансын делік.

Тілес ЖАЗЫҚБАЙ,

Ақжайық ауданы


«Қазақстаннан» Қазақстанға

Күні: , 38 рет оқылды

100-%d0%b6%d1%8b%d0%bb-%d0%be%d1%80%d0%b0%d0%bb-%d0%be%d0%bd%d0%b8%d1%80%d0%b8-%d0%bc%d0%b5%d0%bd-%d0%bf%d1%80%d0%b8%d1%83%d1%80%d0%b0%d0%bb%d1%8c%d0%b5


Сұлтан Бақытжан Қаратаев Шідерті болысының бас адамы Андижан Жұбаналиев «Қазақстан» ғазетасына қазақға керек затды жазыб тұрмақшы болды.


 

Нефті (лампа май)

 

Үйшік ойазындағы Ембі деген жылғаның қасындан нифті (лампа май) шығыб, жаздан хызмет басталуға тұр. Нифті бар жердің барлық айланасы 18000 шақырым бар дейді, бұл жерде 8 болысдың елі бар екен.

 

Теке хабарлары

 

Пішеннің бұты 30 тиын, жүклеб 5 сом

 

Еті бар мал жер қатқандан бері көтерілді. Қой етінің қадағы 7-8 тиын, сиыр еті 7-9 тиын.

 

Тері:

Үлкен сиыр терісі 4 сом 50 тиындан 5 сомға қадары, тайөгіз 3 сомдан 3 сом 50 тиынға қадары, жылқы терісі 4 сом.

 

Жәрдем

Орал облысының қазағына өздерінің жинаб салған ақшасынан жәрдем бере тұруға мәслихат болған.

 

Орыс мектеблерінде қазақ балалары

Текеде риальный училишеде 30 бала оқиды, римисленныйде 30 бала, селски хазастуенниде 20-лаб бар, медреселерде 30 шамалы бар.

 

Көкшетау медресесі

Көкшетау қаласындағы ноғайлардан Халилолла есімлі бір бай 1910-нші жылы бірінші сынтабірден бастаб бір медресе салдыруға кірісіб еді. Медресе салыныб тәмам болды, 3000 сомға түсді. Он бір болыс қазақдың ортасындағы жалғыз мешітінің медресесі тозыб еді. Қазақ байлары жәрдем қылмаған соң, әлгі бай һамад қылыб медресені салыб бітірді, Алла тағала сауабын көб қылсын.

«Айқаб»

 

(«Қазақстан» газетінің 1911 жылғы 1 желтоқсан, №2 санында)


Батыс Қазақстан облысы: ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫЛДАРЫНЫҢ ЖЫЛНАМАСЫ

Күні: , 53 рет оқылды

%d1%82%d0%b0%d1%83%d0%b5%d0%bb%d1%81%d0%b8%d0%b7%d0%b4%d0%b8%d0%ba-25-kz


1992 жыл

23-24 ҚЫРКҮЙЕК

Орал қаласына ҚР Қорғаныс министрі, генерал-полковник С. Нұрмағамбетов келді. Ол облыс әкімі Н. Есқалиевпен кездесіп, еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту мәселесін талқылады.

«Зенит» зауытында, облыс аумағында орналасқан әскери бөлімдерде болғанда, министр сарбаздар мен сардарлардың тұрмысы, жергілікті билік органдарымен өзара іс-қимыл мәселелеріне назар аударды. С. Нұрмағамбетов сонымен қатар облыстық әскери комиссариаттың башылығымен, бөлім басшыларымен және офицерлерімен кездесті.


24 ҚЫРКҮЙЕК

ҚР Жоғарғы Кеңесі Президиумының қаулысымен қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының ұйымдастырушысы болған Сырым Датовты есте қалдыру мақсатында Батыс Қазақстан облысының Жымпиты ауданына оның есімі берілді.

6-7 ҚАЗАН

«Зенит» зауытының мәдениет сарайында кіші жүздегі ұлт-азаттық қозғалысын ұйымдастырушы Сырым Датовтың 250 жылдығына арналған салтанатты жиналыс өтті. Оған Қазақстанның 12 облысынан және РФ көрші облыстарынан делегациялар келді.

Салтанатты жиналыста С. Датовтың өмір жолы мен ұлттық қозғалыстағы рөлі туралы жазушы Қажығали Мұқамбетжанов баяндама жасады. Белгілі ақын, жерлесіміз Қадыр Мырзалиев, ақын Ақұштап Бақтыгереева, атыраулық ақын-драмтург Б. Қорқытов, Орынбор облысының басшысы П. Арьков, Сырым Датұлының ұрпағы Х. Лұқпанов, Көкшетау облысы әкімінің орынбасары М. Жанәділов, Сырым ауданының әкімі Е. Әжібаев, Ақтөбе педагогикалық институтының оқытушысы Б. Баймұқанов сөз сөйледі. Атырау облыстық қазақ драма театры әртістері Сырым Датұлы туралы театрландырған көрініс қойды.

Шара барысында ақындар айтысы, қазақша күрестен жарыс өтті. Қала шетіндегі ипподромда «Аламан бәйге», «Жорға жарыс», «Қыз қуу», «Көкпар», «Теңге алу» т.б. ұлттық ойындар болды.

Салтанатты шараға ҚР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы С. Әбділдин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары М. Жолдасбеков, ҚР Жастар ісі жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы И. Тасмағамбетов, «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Ә. Кекілбаев қатысты.

8 ҚАЗАН

Сырым Датовтың 250 жылдығына арналған шара батырдың туған жер Жымпиты ауылында жалғасты. Ұлттық дәстүр бойынша алыстан келген қонақтарға сый-сияпат жасалды. Алдымен құрметті қонақтар М. Жолдасбековтің, С. Әбділдиннің, Қ. Мырзалиевтің, Ә. Кекілбаевтың иықтарына шапан жабылды. Ал ақын А. Бақтыгерееваға сырымдықтар сәйгүлік мінгізді.

Биік шатырлы сахна төрінде театрландырылған көрініс қойылды. Мереке қызығы одан соң өнерпаздардың үлкен концертіне ұласты.

16 ҚАЗАН

Қарашығанақ кен орнын игеру бойынша шетелдік компаниялар арасындағы байқаудың жеңімпаздары — Ұлыбританияның «Бритиш газ» және Италияның «Аджип» компанияларының жетекшілері мен Қазақстан газ саласы басшыларының жұмыс барысында кездесуі өтті. Оған ҚР атынан Премьер-министрдің орынбасары — Энергетика және отын ресурстары министрі К. Байкенов, «Қазақгаз» ұлттық газ компаниясының президенті Е. Әзербаев, «Қарашығанақгазпром» мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры С. Камалов, облыс әкімінің орынбасары А. Маючий қатысты.

20 ҚАЗАН

1992 жылдың егін орағының қорытындысы шығарылды. Оңтүстік аудандар ауа райының қуаңшылық болуына байланысты егін өсіре алмады.

Соған қарамастан облыс бойынша тым-тәуір астық жиналды. Дәнді дақылдар  көлемі 1 млн. 400 гектар алқаптан орылды. Гектарына орта есеппен 11 центнерден өнім алынды. Мемлекетке 630,6 мың тонна астық тапсырылды. Шаруашылықтар өздерін қажетті тұқыммен, құрама жеммен қамтамасыз етті.

23 ҚАЗАН

«Зенит» зауытында шағын наубайхана шығарыла бастады. Ол тәулігіне 500 келі нан өнімдерін шығарады. Бұл наубайхана қысқа мерзімде құрастырып іске қосуға және кез келген жерде пайдалануға болады. Тек электр қуаты және су желісі болса болғаны.

1993 жыл

3 ҚАҢТАР

Орал тері комбинатының жеке балабақшасының жаңа ғимараты пайдалануға берілді (мердігер «Трансстрой» кәсіпорны). Ақ тастан қаланған екі қабатты ғимарат ағаштан ойып жасалған карниздермен безендірілген. Балабақша меңгерушісі Г. Доронина қазіргі қиын-қыстау кезеңде бұл балалар мен олардың ата-аналары үшін жағымды жаңалық, үлкен сый екенін жеткізді.

13 ҚАҢТАР

Сырым ауданының Алғабас ауылында асфальт зауыты бой көтерді. Оны №9 жол-көпір құрылысы тресіне қарасты №27 жол-көпір құрылысы басқармасының мамандары бір айда салды. Шағын зауыт үш жылда 40 мың тонна асфальт шығаруға қауқарлы. Бұл республикалық маңызы бар жолдардың қайта жаңғыртылуына өз үлесін қоспақ.

15 ҚАҢТАР

Шыңғырлау ауылында ауыл шаруашылығы өнімдерін сатуға арналған жабық павильон пайдалануға берілді. Енді тұрғындар жылдың кез келген мезгілінде өз өнімдерін сата алады. Павильонның қасына орман шаруашылығы, аудандық тұрмыстық қызмет көрсету комбинаты, кәсіптік-техникалық училищесі және тағы басқа кәсіпорындар мен мекемелердің сауда орындары қойылған. Мұнда көршілес Орынбор облысының тұрғындары да өздерінің тауарларын әкеледі.

16 ҚАҢТАР

Жәнібек ауданы әкімшілігі Ғұмар Қараштың шығармалар жинағын баспадан шығару үшін «Арыс» қорына 250 мың сом қаржы аударды. Оның есімі бүгінге дейін көпшілікке белгісіз болып келді. Біздің жерлесіміз – ақын, публицист және философ. Ол 1921 жылы қарақшылардың қолынан қаза тапты. Оның шығармашылығы мүлдем ұмыт қалды. Жақында ғана «Талов» совхозы аумағында Ғұмар Қараштың қаза болған жері анықталды. «Арыс» қоры жерлесіміздің еңбектерін іздестіріп, шығармашылық жинағын шығаруды қолға алды.

19 ҚАҢТАР

ҚР Президентінің Жарлығымен Қабиболла Жақыпов Батыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды.

22 ҚАҢТАР

Орал қаласында «Қазақгаз» ұлттық газ компаниясының газ саласы ғылыми-зерттеу және жобалау институты құрылды. Ол Батыс Қазақстан өңірінде көмірқышқыл шикізаты кен орнын игеру проблемаларын ғылыми негізде жасақтау, аймақтың мұнай-газ кешені құрылысын және басқа да нысандарды, құбырларды жобалауды жүзеге асырады. Оның бас директоры болып белгілі геолог, Қарашығанақ кен орнын ашқан жандардың бірі, геология- минералогия ғылымдарының докторы Сухан Камалов тағайындалды.

27 ҚАҢТАР

«Т және МП» ұжымдық кәсіпорны жасап шығарған жаңа үлгідегі электр сүттартқышқа «Фермер» деген атау берді. Мамандардың айтуы бойынша, мұндай аппарат біздің республикада, тіпті ТМД елдерінде жоқ. Оның бұрынғы шығарылған машинадан айырмашылығы «Фермер» сағатына 100 литр сүтті өңдейді. Бұрынғының қуаты 50 литр болатын. Жаңа аппарат Челябі облысындағы бір зауытпен ынтымақтастық нәтижесінде шығарылды. Таяуда кәсіпорын жаңа өнімдерін сериялап шығара бастайды. Жаңа сеператор фермерлердің, сүтті бағыттағы мал өсіретін кәсіпкерлердің сенімді көмекшісі болады.

30 ҚАҢТАР

Деркөл ауылындағы 180 пәтерлік үйге көгілдір отын қосылды. Ауылда сондай-ақ жаңа балалар емханасы пайдалануға берілді.

1 АҚПАН

ҚР Жоғарғы Кеңесінің шешіміне сәйкес облыс және қала мектептеріндегі бастауыш сынып оқушылары тегін тамақпен қамтылатын болды. ҚР Қаржы министрлігі әр оқушыға күніне құны 35 сом мөлшерінде сәйкес келетін тамақ беру үшін қажетті қаржы бөлді. Мұны ата-аналар қуанышпен қабылдады. Себебі бұған дейін олар тамақ шығынын өз қалталарынан төлеп келген болатын.

6 АҚПАН

Зеленов ауданының Переметный ауылында 40 адамға арналған қайырымдылық үйі ашылды. Енді жалғызбасты адамдар осында келіп медициналық көмек алатын болады. Қайырымдылық үйіне бұрынғы қонақүйдің ғимараты беріліп, демеушілердің қаржысына жөнделіп, жабдықтар берілді. Аудан әкімі Ф. Пашко бұл әлеуметтік нысан ауданның шаруашылықтары мен кәсіпорындарының демеушілігімен ұсталатынын айтты.

9 АҚПАН

Атақты сазгер әрі орындаушы Ғарифолла Құрманғалиевтің туған жері — Қаратөбе ауданының әкімшілігі музыкалық білім беретін оқу орындарында оқитын үздік студенттерге арнап атаулы стипендия тағайындады. Ғ. Құрманғалиев атындағы стипендияға Құрманғазы атындағы саз училищесінің 1-курс студенті Зухра Өтепқалиева ие болды. Табиғатынан дарынды қыз домбырада шебер ойнайды, училищенің мәдени өміріне белсене араласады.

Жалғасы бар.


«Менің әріптестерім «Орал өңіріне» үгіттемей-ақ, өздігінен жазылады»

Күні: , 39 рет оқылды

dsc04648


— Ұжымымызда 90 қызметкер бар, солардың 54-і — мұғалім. Олардың 70-сі «Орал өңірі» газетіне үгіттемей-ақ, өздігінен жазылатынын мақтанышпен айтқым келеді.


Оған газет бетіндегі өңіріміздегі жаңалықтардың, тартымды, сараптамалық, тарихи материалдардың көптігі себеп деп ойлаймын. Ұстаздар туралы, олардың білім саласына қатысты мақалалары, білім ұяларында болып жатқан шаралар да жиі шығады. Мектеп өміріне, оқушылар шығармашылығына, жастарға арналған беттерді мұғалімдер де, оқушылар да тұшына оқып, сабақта, мектепішілік шараларда өз пікірлерін айтады. Алдағы уақытта газеттен жаңа білім бағдарламасының облысымызда жүзеге асуы, ҰБТ-ға дайындық секілді қоғамдағы өзекті мәселелермен қатар, ауыл мектептерінің тыныс-тіршіліктері, елеулі жетістікке жеткен оқушылар жөнінде жиірек оқығымыз келеді.

Алмагүл БИСАЛИЕВА,

Бұлдырты орта мектебінің директоры

(Сырым ауданы):


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика