
Осыдан біразырақ күн бұрын облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин Бөрлі және Шыңғырлау аудандарында болып, оқырмандармен кездесу өткізді.
Бөрлі ауданындағы іссапар барысында басылымның бас редакторы Ақсай қаласындағы №6 жалпы орта білім беретін мектебі ұжымымен кездесу өткізіп, бірқатар өндіріс нысандарын аралап, Пугачев ауылдық округінде болды.
Газет оқырмандарымен өткен кездесулерде Б. Ғұбайдуллин ғасырға аяқ басқан басылымның бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқталып өтті. Сонымен қатар қоғамда орын алған келеңсіз оқиғалар, олардың алдын алу мақсатындағы басылым беттеріндегі жарияланған мақалалар, жаңадан ашылған арнаулы беттердің мұрат-мақсатына тоқталып, редакцияның алдағы жоспарларымен бөлісті.
Емен-жарқын өткен басқосуларда газет оқырмандары көкейлеріндегі сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін айтты. Ақсай қаласындағы №6 жалпы орта білім беретін мектепте өткен кездесуде мұғалімдер қауымы балауса бойжеткендер мен бозбалаларға, әсіресе, мектеп бітірушілерге рухани және кәсіби бағыт-бағдар берер мақала-материалдар жиі жарияланса деген пікір білдірді. Сонымен қатар отандық ақын-жазушылардың тағылымы мол шығармалары мен олардың сыр-сұхбатын жиірек оқысақ деген тілек те айтылды.
Шыңғырлау ауданында жалғасын тапқан іссапар жаңарған орталық саябақты, құрылысы аяқталып, жақында пайдалануға берілетін 290 орындық «Болашақ» бөбекжайын, мемлекеттік бағдарлама аясында іске қосылған өндіріс нысандарын аралаудан басталды.
Аудан орталығындағы «Нұр Отан» партиясы ғимаратында және Ақбұлақ ауылдық округінде өткен тұрғындармен кездесуде де бірқатар өзекті мәселелер жайы сөз болды. Басқосуда айтылған оқырманның ойын, ұсыныс-пікірлерін санамызға түйіп, қойын кітапшамызға түртіп алған болатынбыз. Солардың бірқатарын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Сабыр СӘМИЕВ,
Шыңғырлау аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
— Өз басым «Орал өңірін» үзбей оқитын, тұрақты жаздырып алатын оқырманның бірімін. Сіздердің мерейтой қарсаңында ауылға келген сапарларыңызға сәттілік тілеймін. Облыстық басылым сан алуан тақырыпты көтереді, көпшілік үшін қажетті ақпараттарды ұсынып отырады, яғни біздің рухани сұранысымызды өтейді. «Орал өңірі» бір жағынан тәрбие мектебі, өнеге таратушы әрі кем-кетікті түзеуге де бағыт беріп, ақыл қосады. Сондықтан да біз бір ғасырлық бай тарихы бар газеттің қоғамдық мән-маңызын жоғары бағалаймыз. Өзекті мәселе тақырыбындағы оқырманға ой салар мақалаларыңыз көбейе берсін. Еңбектеріңізге жеміс тілеймін!
Темір ЖАНТАСОВ,
зейнеткер:
— Облыстық басылымның көп жылдан бергі тұрақты оқырманымын. Соңғы жылдары газеттің безендірілуі, тақырыптық мазмұны өте жоғары дәрежеде деп санаймын. Айтарым – еліміздің, өңіріміздің, қала берді ауыл-аймағымыздың өсіп-өркендеп, бүгінгідей дәрежеге жетуі жолында тер төккен еңбек майталмандарының өмір жолдары, атқарған істері көбірек жазылса, өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік маңызы зор болар еді. Жалпы, жарасты отбасы, ұрпақ тәрбиесі, діни теріс ағымдардан аулақ болу туралы жазылған мақалаларды көп оқимын. Осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі ширата түсу керек деп есептеймін.
Ғайса ҚАНАФИН,
еңбек ардагері:
— Менің айтпағым, қарапайым ауыл халқын қымбатшылық қысып барады. Сауда орындарындағы азық-түлік бағасы шарықтап тұр. Ең аяғы күнделікті тұтынатын нан бағасының өзі жүз теңгеден асып барады. Алып-сатарлық кең етек алды. Бір орыннан сатып алған затты екінші жерге апарып басқа бағамен сату әбден үрдіске айналды. Осыны бақылайтын құзыретті орындар бола ма? Баға қашан тұрақтанбақ?
Бақытжан САПАРОВ,
зейнеткер:
— Қазақта бала басты тәрбиені алтын діңгек қара шаңырақтан алады деген қасиетті ұғым бар. Сондықтан қара шаңырақтың қасиеті туралы көбірек жазсаңыздар екен. Өзінің шыққан тегін, қара шаңырағы, жеті атасын санасына сіңіріп өскен баладан болашақта дұрыс адам қалыптасады деп ойлаймын. Сондай-ақ қазіргі қоғамда жастардың негізінен кемшілік жағын айту қалыптасқан. Ал олардың жеткен жетістіктері жиірек насихатталса, құба-құп. Осы бағытта да біраз жұмыстану керек сияқты. Аз да болса, жастардың алған асуын, бағындырған биігін жариялап отырсақ, бұл өзге өрімдей жастарға керім үлгі емес пе?!
Айзада ЗЕЙНУЛЛИНА,
жас маман:
— «Орал өңірі» газетінен бір-бірінен айырмашылығы шамалы ағымдағы жиналыстардан гөрі, өмірде болған оқиғалар туралы көбірек оқығымыз келеді. Соңғы жылдары осы бағыттағы мақалалар сиреп кеткендей… Өмірдің қыр-сырынан мол мағлұмат беретін аға-апаларымыздың мазмұнды естеліктері жиірек жарық көрсе, жастарға үлгі-өнеге берер еді.
Баян ДӘУЛЕТҚАЛИЕВА,
кітапханашы, Ақбұлақ ауылдық округі, Тасмола ауылы:
— «Орал өңірінің» бас редакторының өзі алыс аудан, шалғай ауылдарға барып, жергілікті оқырмандармен жиі кездесетіндігін газеттен оқыған сайын, «Апырым-ай, бұл кісінің біздің ауылға жолы түспей қойды-ау…» деп жүретінмін, жақсы келдіңіз. Менің алдымен айтпағым, біздің ауылға шағын да болса, мәдениет үйі керек. Наурыз мейрамы, Құрбан айт, Жеңіс күні, Жаңа жыл секілді мерекелерде ауылымыздың үлкен-кішісі болып бас қосатын ортақ шаңырақ жоқ. Кей ауылдарда мектеп оқушылары мен ауыл жастары мереке-мейрамдарда концерт қойып, би кешін өткізіп, мәре-сәре болып жатады. Ал бізде ауылымыздың кешін көңілді қылатын ондай мүмкіндік жоқ. Сізбен кездесіп отырған бүгінгідей жиналыстың өзінде ауылдың кәрі-жасы аядай мектепке келіп тығыламыз. Осыны жоғары жаққа жеткізгейсіз…
Самиғолла ӨРЖАНОВ,
Ақбұлақ ауылдық округінің әкімі, Шыңғырлау ауданы:
— Тасмола ауылына клуб керектігінен ауданның жаңа басшысы хабардар. Таяу болашақта қаржының ыңғайына қарай көрерміз деген. Бір ыңғайы келгенде тағы есіне салармын.
«Орал өңірі» газеті осыдан екі-үш жыл бұрын Ресеймен шекаралас аудан-ауылдардың мәселесін көтеріп, біраз мақала жариялап еді. Ол материалдарда ел шетіндегі елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық ахуалына қоса, демография мәселесі де орынды қозғалған-ды. Бүгіндері біраз ауыл көгілдір отын мен таза судың игілігін көріп отыр. Осындай игіліктен біздің ауыл да шет қалған жоқ. 2012 жылы ауылымызға табиғи газ келсе, ендігі жылы «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша сапалы ауыз су жетпек. Алайда осындай жақсылықтарға қарамастан жастардың ауылдық жерлерден үдере көшуі ойландырады. Ал шекараға таяу аумақты ел-жұртсыз қалдырмау жөнінде Елбасы талай айтты емес пе?..
Нұрбек ОРАЗАЕВ,
«Орал өңірі»