Мұрағат: 07.10.2016


Пойыздарға шекаралық бақылау жүргізілмейді

Күні: , 41 рет оқылды

1249a75335029ef1435a398889fadcd9


Астанада өткен Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының өңіраралық форумы аясында 1996 жылғы 18 қазандағы ҚР мен РФ Үкiметтерiнiң арасындағы темiржол көлiгi кәсiпорындарының, мекемелерi мен ұйымдарының қызметiн құқықтық реттеудiң ерекшелiктерi туралы келiсiмге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойылды. Бұл жөнінде ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің ресми интернет-ресурсында (www.mid.gov.kz сайты) жазылған.


Құжатқа сәйкес, тараптар РФ аумағындағы ҚР теміржол учаскелерінде және ҚР аумағындағы РФ теміржол учаскелерінде жолаушылар және жүк пойыздарының мемлекеттік шекара арқылы өтуін бақылау рәсімдерін жүргізбей, соның ішінде шекаралық бақылауды жүргізбей өткізуге келісті. Бұл облысымыз бен еліміздің орталық, оңтүстік өңірлері арасындағы жолаушылар тасымалының уақытын 10 сағаттан аса мерзімге қысқартуға мүмкіндік береді.

Қол қойылған хаттама ратификацияланғаннан кейін «Астана-Орал» және «Алматы-Орал» бағытында жолаушылар үшін жүрдек пойыз қатынасы ұйымдастырылады деп  жоспарлануда.


Бірыңғай белгі тағылмақ

Күні: , 58 рет оқылды

%d0%b0%d0%bb%d1%82%d1%8b%d0%bd-%d0%b0%d1%81%d1%8b%d0%bb%d1%82%d0%b0%d1%81


Жақында «ҚР ИДМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті» РММ қызметкерлері «Даму» қорының аймақтық филиалының ғимаратында техникалық реттеу және метрология мәселелері бойынша аймақтық штаб отырысын өткізді.


Отырысқа облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының қызметкерлері мен құрылыс саласының мамандары, асыл тасты және қымбат бағалы металдардан жасалған зергерлік бұйымдарды сатумен айналысатын кәсіпкерлер қатысты. Техникалық реттеу және метрология комитетінің БҚО бойынша департаментінің директоры Салтанат Қамешева жүргізген шара барысында ағымдағы жылдың 14 қаңтарында қабылданған «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» ҚР Заңының талаптары түсіндірілді. Жиын барысында асыл тастар мен қымбат бағалы зергерлік бұйымдар саласындағы өзгерістер слайдтар арқылы көрсетілді. Мысалы, өткен жылы бағалы металдар мен асыл тастарды пайдалану және оны тарату бойынша арнайы заң болмаса, биыл «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» ҚР Заңы қабылданды. Бұрын бағалы металдар мен асыл тастарға сараптаманы тек қана «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» АҚ ғана жасаған болса, енді жаңа заң бойынша оларға сараптама жасауға бәсекеге қабілетті ортаның басқа да қатысушыларының құқы бар. Бұрындары асыл тастан және қымбат металдан жасалған зергерлік бұйымдарда оны өндірушілердің белгісін, бұйымдардың пробасын тағу міндеттелмейтін. Бүгінде жаңа заңға сәйкес мұндай қымбат зергерлік бұйымдарға өндірушінің белгісі мен бұйымдардың пробасы міндетті түрде салынуы керек. Бұл ретте Қазақстан Республикасы бойынша бірыңғай проба (единая пробирная клейма) белгіленді. Сондай-ақ биыл ЕАЭО аумағындағы ішкі нарықта асыл тастан және қымбат металдан жасалған зергерлік бұйымдарға қатысты операциялардың ерекшелігі жөніндегі келісім жобасы жасақталды. Енді ЕАЭО құрамына кіретін елдердің өкілдері асыл тастан және қымбат металдан жасалған зергерлік бұйымдарға қатысты операцияларды осы жоба бойынша жасайтын болады. Салтанат Қамешеваның сөзінше, осы шаралардың барлығы да зергерлік бұйымдар нарығын реттеу мақсатында  және өз ісіне адал, тәртіп бұзбайтын кәсіпкерлерді қолдау үшін ұйымдастырылған.

Бұдан кейін «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» РМК Батыс Қазақстан филиалының директоры Айман Удишева сөйлеп, Кеден Одағының «Автомобиль жолдарының қауіпсіздігі» техникалық регламентінің талаптарын түсіндірсе, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Медет Шақаев аталмыш талаптардың сақталуын қадағалау жөнінде өз ұсыныс-пікірін жеткізді.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


«Арбаның» жай-күйімен танысты

Күні: , 39 рет оқылды

img_5362


Жуырда Орал қаласындағы «Арба» қоғамдық бірлестігінде «Болашаққа көзқарас» атты шара өтті. Оған облыстық мәслихат депутаттары, жергілікті атқарушы билік пен этномәдени бірлестік өкілдері қатысты.


Қайырымдылық айлығы аясында өткен шарада Гүлжан Бижанова «Еркем-ай» әнін домбыраның сүйемелдеуімен орындап берді. Осы орайда мүмкіндігі шектеулі жандардан құрылған ансамбльге жетекшілік ететін Асқар Жұмағалиев, музыкалық аспаптардың жеткіліксіз және сахналық киімдердің тапшылық ететіні жайлы айтып, жуырда Атырау қаласында өтетін байқауға дайындалып жатқанын тілге тиек етті.

Орал қаласы әкімінің орынбасары Марс Сатыбалдиев, облыстық мәслихаттағы «Ынтымақ» депутаттық тобының жетекшісі Максим Пак, облыстық мәслихат депутаты Аветик Амирханян, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов бірлестіктің компьютерлік бөлмесін, тігін цехын, шеберханасы мен массаж бөлмелерін көріп, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

«Арба» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлмира Батпақұлова әлі күнге шешілмей келе жатқан мәселелерге тоқталды. «Қазіргі күнде I, II топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру өзекті мәселеге айналып отыр. Көбінесе мүмкіндігі шектеулі жандардың «Арба» қоғамдық бірлестігінің кеңсесіне жетуі физикалық тұрғыда қиынға соғады. Жүзі жылы жандар келіп, ешқандай ақысыз көмектесіп тұратынын айта кету керек. Тігін цехында жасайтын қыздарымыз құлшына жұмыс жасап жүр. Бірақ тапсырыстың аздығы – үлкен мәселе. Болашақта қоғамға пайдамызды тигізуге барымызды саламыз», — деді ол кездесу барысында.

Төрайымның бұл ұсынысына құлақ асқан халық қалаулылары қолдарынан келгенінше көмек көрсетілетінін айтты.

— «Қайырымдылық» жобасы аясында біз, депутаттар тобы «Арба» қоғамдық бірлестігіне келіп, қазіргі таңда олардың алдында қандай мәселелер тұрғандығына көз жеткізуді жөн санадық. Негізінен біздер бұрыннан да жақсы қарым-қатынастамыз. Қолымыздан келген көмекті көрсетуге әрдайым дайынбыз, — дейді «Ынтымақ» депутаттық тобының жетекшісі Максим Пак.

Шара соңында дәрігер Виталий Ан «Арба» қоғамдық бірлестігіне қысқа толқынды пешті сыйға тартты.

Темірболат ӘНУАРҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Еңбекпен есейген

Күні: , 38 рет оқылды

dscn0319


Балалық шағын соғыстың от-жалыны ораған Ғазиз Хаймулдиннің өмір жолы – еңбек жолы. Талай қиындық көрді. Құмаршықтың да дәмін татты. Бірде аш, бірде тоқ бола жүріп, 1944 жылы Орда ауданының Талап ауылында алғаш мектеп табалдырығын аттады.


Әкесі Усағали қалың құм ішінде жылқы бақты. Одан шашау шығарған жоқ. Себебі соғыс заңы өте қатал. Кезегінде семіз, әлді жылқыларды майдан үшін Басқұншаққа, теміржолға айдап апарып тапсыратын. Одан әрі соғыс қажетіне жұмсалды. Әке тәрбиесінің алғашқы шешімі де бала Ғазиздың көкірегіне орнай бастады. Ол қоғамшыл, адал кісі болатын. Анасы Үлпеш те үйде отырған жоқ. Ол да ел үшін еңбегін аямады, шөп шапты, егін орды, майданға азық-түлік қамдады, дала қосында аспазшы болды. Сөйтіп, бейнет бастан асатын. 7-8 жастағы балалар да осы шаруаның шылбырына оралып, шыбыртқымен өгіз айдады. Үлкендердің атқаратын жұмысын да ауыр санамады. Осының бәрі соғыс кезінің балаларын сынады. Өмірдің өзі отаншылдыққа, туған жерге адалдық тұғырына баурады.

1952 жылы Нарын құмында Капустин Яр сынақ айлағы ашылғандықтан, мұндағы ұжымшарлар таратылып, мал-жан Чапаев, Жымпиты, Фурманов аудандарына, Қазақстанның оңтүстік облыстарына дейін көшірілді. Туған жерді қимастық сезім қанша мазаласа да, Мәскеудің жарлығына ешкім қарсы тұра алмады. Сөйтіп, халқы көшкен аймақ әскерилердің құзырына берілді. Олар Чапаев ауданына келді. Жас жігіт ауылдағы шаруаға білек сыбана кірісті. «Коммунизм» ұжымшарында жұмысшы болды. Қой бақты, құдық қазды, қора тұрғызды, қырман көтерді. Әйтеуір, «Мынау менің қолым емес» деп айтпады. Осындай тындырымды азамат ел көзіне бірден ілікті. Білім алуды да кейінге қалдырмады. 1957 жылы Саратов мемлекеттік малдәрігерлік-зоотехникалық институтына түсіп, оны ойдағыдай бітірді. Сөйтіп, ол облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының жолдамасымен Тайпақ ауданының «Есенсай» кеңшарына бас ма-ман болып келді.

Қашанда еңбекке ынтасы жоғары жанның үлкен шаруаның тізгінін ұстауы да мансапқа ұмтылыс емес, мақсатқа ықыластың ажарын ашты. Еңбек адамдарымен амандасудан бастап, қоштасуға дейінгі аралықты тек шаруа жайын сөз еткеннен гөрі, қатардағы жанның күйініш-сүйінішіне көңіл бөліп, оның қол жеткені мен қол жетпегенін талдап, таразылап алғанды жөн санады. Олардың барына разы, жоғына жоқшысы болуды жөн көрді. Сөйтіп, еңбек адамының көңілінен шығуды уақытша деп қарамай, өмірлік жол тұтты. Мұнысы көп кешікпей өзін ақтады. Себебі сенім білдіріп, айтқан уәдеңді жұтпасаң, саған да сенетіндер қатары көбейеді екен. Осылай Ғазақаң алғашқы тәжірибесін еңбек адамдарымен бөлісті.

— Есенсайда ол кезде партком хатшысы Мәди Мусин еді. Ауыл шаруашылығының мықты маманы болатын. Төрт түліктің жайын жетік білді. Жаз жайлау, қыс қыстау сияқты малшының қамы мен мал қамы ол үшін әр кез биік тұратын. Малды асылдандырудың шығыны мен берер «шырынын» ауызша есептеп беретін тамыршыдай тапқырлығы қызықтырды. Егіннің жайын да жақсы болжайды. Жердің өңіне қарап, шығымының шамасын айтатын, — дейді ол туралы  Ғазиз ағамыз.

Тайпақ ауданында көп жыл аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі болған, ардагер ұстаз Мағаз Бекқайыров  төмендегідей ой білдіреді.

— Ғазиз кейін Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, Құрмет белгісі ордендерін алды. 1980-1985 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Осының бәрі оның ұйымдастырушылық қабілетін, осы бағыттағы еңбегінің жемісін ұқтырады. Кезінде Азынабай-Тайпақ суландыру жүйесінің іске қосылуы, Тайпақ ауданына көгілдір отынның жүргізілуі, Калмыковта (қазіргі Тайпақ ауылы) жаңа кәсіптік-техникалық оқу орнының бой көтеруі, үлкен аурухананың салынуы, еңселі мәдениет үйінің қатарға қосылуы сынды  аудан өмірі үшін ең өзекті буындардың басы-қасында жүрді. Демек, осының бәрінде замандасымның ерен еңбегі бар.

Осындай атқарылған оң істерді, жарқын жаңалықты білетін ағамыздың замандастары мен өкшелес іні-қарындасы аз емес. Жақсыны жақсы деу де парыз.

— Басында «Есенсай» кеңшарына зоотехник, кейін директор болған іскер басшы Ғазиз ағамыздың еңбегін араласа жүріп көрдік. Көп оқитын, тәжірибе жинайтын. Кеңшардың малын асылдандыруды бірден қолға алды. Мал басын іріктеді. Бұрын аралас жүретін қойдың да қаракөлін бір бөлек, биязы жүнді қойды бір бөлек жинақтады. Қой тоғытуды жеңілдету үшін жартылай механикаландырылған орын салынды. Мал бордақылау алаңдары іске қосылды. Шаруашылықта республикада тұңғыштың бірі болған комсомол  жастардың қой өсіруші бригадасы ұйымдастырылды. Соның бір мүшесі – мен. Арамыздан Райхан Мамаева сияқты Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты шықты, — дейді есенсайлық еңбек ардагері Ақаташ Қуанышова. Азаматтың еңбек жолы еш болған жоқ. Жастарды ел басқару ісіне тартты, жол көрсетті. Олар: Нұрлан Бекқайыр, Серікқали Бақманов, Уәли Құбашев, Ғиззат Ихсан, Мәлік Ілиясов, Аманжол Сәлімов, Күләш Өтеулі, Назым Қуанышова, Қамбар Досмұханбетов, Боранбай Қыдырғожин сияқты аға тәрбиесін  жалғастырып келе жатқан еліне танымал жандар.

Оның Тайпақ ауданы ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, Тайпақ ауданы атқару комитетінің төрағасы, облыстағы кейбір жетекші салаларда үлгілі қызмет еткені де жадымызда. Бүгінде ол сексен жасқа толып отыр. Ақкенже апамыз екеуі ұрпақ өсірді. Оларға кемел тәрбие берді.

Тілес  ЖАЗЫҚБАЙ,

 Ақжайық  ауданы


Ән-дария – Илья аға

Күні: , 79 рет оқылды

dsc_0207


Сексеннің сеңгіріне шыққан, мерейтойы еліміздің жер-жерінде аталып өтіп жатқан әйгілі композитор, музыкатанушы, қаламгер, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ақжайық ауданының құрметті азаматы Илья Жақанов өткен сәрсенбіде Чапаев ауылының қадірлі мейманы болды.


Қалың жұрт еңбегі алысқа мәлім Алаштың ардақты  азаматын облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев, аудан әкімі Әділ Жоламанов, өңіріміздің өнер, мәдениет шамшырақтарымен бірге ең алдымен Жұбан Молдағалиев ескерткіші жанында қошеметпен қарсылады.

…Жыр – Жұбан – Ақжайықтың ақберені,

Алашқа әйгі болған текті өлеңі.

Илья-Жұбан, Еділ-Жайық, егіз ұғым,

dsc_0115Ендеше, Илья аға, қош келеді! — деп ақын Сағынтай Бисенғалиев ашқан осы алаңдағы поэзия сағатында жырлары исі қазаққа ұран Жұбан Молдағалиев туралы шығармаларын оқыған ақындар Тілес Жазықбай, Үзілдік Елеубайқызы, Қадыр Мырза Әлінің «Жұбан рухымен сырласу» атты өлеңін оқыған Біржан Кухаев тура осы күні туғанына 96 жыл толған ақиық ақынның жарқын бейнесін жаңғыртты.

Өңіріміз шежіресіне мәңгілікке жазылар осындай күнмен жиналғандарды және ғұмырлы әндердің, жауһар мұраның иесін құттықтап, аудан әкімі Ә. Жоламанов сөз сөйледі.

– Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен тұспа-тұс келген Илья ағамыздың мерейтойы қуанышымызды еселей түсті. Ағамыздың Кеңес Одағы күркіреп тұрған уақытта еш тайсалмай «Мен қазақпын!» деп өткен Жұбағаңмен шығармашылық байланыста балып, Алаштың айбынын асырғанын біз ерекше мақтан тұтамыз, — деді ол.

– Осы заманның Махамбеті болған Жұбанның ел ішінде алар орны ерекше. Ол бізге рух сыйлады. Осы рухты қастерлеп, ақиық ақынның ескерткішін ауылдың қақ ортасына орнатқан ауданның басшы-қосшы азаматтарға алғыс айтып, басымды иемін, — деді И. Жақанов.

dsc_0193Осыдан кейін С. Бисенғалиев алдыңғы күні өткен дәстүрлі аудандық «Жұбан оқулары» байқауының жүлдегерлері Гүлханат Мұхитов, Дәурен Қуанышев, Гүлназ Патшағұлова, Назерке Мағзом сынды мектеп оқушыларына өзі жетекшілік ететін «Муза» шығармашыл оқырмандар отауының мүшелік билеттерін табыстады.

Шара өнердегі рухани жан-дүниесі жарасқан Ж. Молдағалиев пен И. Жақановтың шығармашылық шабытынан туған «Еділ-Жайық» әніне арналған композицияның ашылуымен жалғасты. Илья аға мен облыс әкімінің орынбасарыБағдат Азбаевтың толқыны тайдай тулаған айдын төсіндегі қанатын жайған аққу бейнеленген бұл туындының ақ жамылғысын түсіруі талай жылдан бері бүкіл жұртымызды тебірентіп, сазы мен сөзі, әні мен өлеңі бір-біріне үйлесіп, қиюласып, айрықша мақтаныш сезімімен тербеп келе жатқан әннің ауыл төріне ескерткіш болып жайғасқанын әйгіледі.

Аудан әкімінің бастамасымен орнатылған бұл туындының авторы өз ауданымыздың түлегі – Асқар Отарғалиев. Мұнда Еділ деп еңіреген Қазтуған жырау мен Жайық деп жандасқан Махамбеттің ұлы арманы анық көрініс беріп, Еділ-Жайық бір арнада тоғысқандай, бірлік пен достыққа шақырып тұр. Композиция көңіліңді асқақтатып, шалқыған сезімнің ақ жауынына қарсы жүгіргендей боласың.

Үлкен аудан жұртының атынан Илья ағаға ақбоз ат мінгізілді. Ол және басқа да жиналғандар алаңға ондаған түп қарағай отырғызды.

Аудандық өлкетану мұражайында тума дарынға арналған бөлім ашылды. Мұнда оның кітаптары, оның еңбегін әйгілейтін жылдар жүзіндегі фотосуреттер, домбырасы, басқа да құнды дүниелер орналастырылған.

«Мерей» мәдени-демалыс орталығында «Сырлы жүрек пернесі» атты үлкен кездесу өтті.

Осында ұлы өнерге өлшеусіз олжа салып келе жатқан кесек тұлғаның халық арасында танымал «Асылым», «Жайлаукөл кештері», «Оралдың ерке самалы», «Жәмиланың әні», «Әселім», «Толағай», «Ағады Жайық», басқа да әндері, «Екі жирен», «Бірінші концерт» секілді әңгімелер жинағы, «Ықылас» романы, сондай-ақ Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Үкілі Ыбырай, Мәди, Естай, Әсет, Кенен сияқты аса дарынды өнер саңлақтарымен қатар Сүгір, Ақбала, Қайыпназар, Төлеген Момбеков, т.б. күйші-композиторлар туралы сүбелі еңбектері хақында керемет баяндалды. Ақын Сағынтай Бисенғалиев арнауын толғады.

Сахнада Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қанатқали Қожақов, Жаңылсын Хасанова, Дастан Есентеміров, Ернар Өмірәлі, Жаскелең Ғайсағалиев, Еркін Өтегенов, Дария Бақытова, Венера Нұрғалиева композитордың әсем сазды әндерін шырқады. Әнуар Нұрғалиев пен Света Сұлтанова орындаған «Еділ-Жайық» әнімен мәреленген концерт И. Жақанов шығармашылығын ұлттық сарынымен, қоңыр бояуымен жүректерге жеткізді. Сылдыр қаққан бұлақ пен жусан исі аңқығандай… Олай болуы заңды да. Өйткені музыканы өміріне арқау еткен талантты жан бала жасынан дала әуеніне елтіп өсті. Оның шығармашылығынан үнемі табиғат-ананың құлаққа жағымды әуезді үні сезіліп тұратыны да сондықтан.

Облыс әкімінің орынбасары Б. Азбаев мерейтой иесіне облыс әкімі Алтай Көлгіновтің құттықтау хатын табыстап, аудан әкімі Ә. Жоламанов шапан кигізіп, жары Тиыш апаның иығына камзол жапты.

И. Жақанов осындай тамаша күн үшін баршаға жүрекжарды алғысын арнады. Ол өзі сүйіп оқитын авторлардың 20-ға тарта кітабын орталықтандырылған кітапханаға сыйлады.

Бекем БЕКҰЛЫ,

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН


«Ырыс алды – ынтымақ»

Күні: , 43 рет оқылды

img_5994


Облыс орталығындағы Достық үйінде «Ырыс алды — ынтымақ» атты танымдық-тағылымдық шара өтті. Ерекше мазмұнда өрбіген әсерлі кеште түрлі ұлт өкілдерінің құрметті ақсақалдары сахна төрінен орын алды. Олар жас ұрпақ үшін тәрбиелік мәні жоғары, тағылымға толы өмір өткелдерін терең тебіреніспен әңгімелеп берді.


— Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылып отырған бұл форум – ұрпақтар сабақтастығының жарқын мысалы. Шара барысында аға буын өкілдері тарапынан айтылатын ғибратты әңгімелер жастардың болашағына оң әсерін тигізеді деп сенеміз. Тағы 25 жыл өткенде тұтас Қазақстан жұртшылығы мемлекеттік тілде еркін сөйлеп қана қоймай, еліміз шын мәнінде әлемдегі озық отыз мемлекеттің қатарынан көрінсін деген тілегімді жеткізгім келеді, — деді форумның салтанатты ашылуында құттықтау сөз алған облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Александр Ажғалиев.

Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясына қарасты ақсақалдар кеңесінің төрағасы Рахметолла Сүйербаев шараға жай ғана ақсақалдар емес, қоғамға зор еңбегі сіңген зиялылар келіп отырғанына тоқталып өтті.

 

Хамза САФИН, Ұлы Отан соғысының ардагері, татар этномәдени бірлестігінің өкілі:

— Бәріміз ата-анамыз және еліміз үшін еңбек етуге міндеттіміз. Бүгін мен қазақстандық патриотизм жайлы сөз қозғағым келеді. Бұл ұғым жайлы күнделікті өмірде жиі әңгімелейміз. Бірақ патриотизм үстел басында отырып насихаттайтын іс емес. Қазақстансыз біз ешкімбіз. Ұлтымыз қандай болса да, Қазақстан халқының өкіліміз. Мұны айта берудің өзі артық шығар. Елге жақсылық жасау деген ой біздің әрқайсымыздың әрдайым ойымызда болуы керек. Мысалды алыстан іздемей-ақ, Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан, осыдан төрт жыл бұрын Украин жерінен сүйегі әкелінген қаратөбелік жерлесіміз Баянқожа Қабашевты немесе үш батыр қызымыз – Әлия, Мәншүк, Хиуазды Отанының патриоты ретінде үлгі етуге болады. Біз осындай жандардың жерлесі бола тұра, елімізді сүймеуге хақымыз жоқ. Нағыз қазақтарша айтқанда, патриот болу үшін «Жүрегіңді халқыңа бер, жаныңды Құдайға тапсыр, намысыңды өзіңе қалдыр».

 

Сәуле, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің студенті:

— Құрметті Хамза Әбдірахманұлы, адам баласына тән мінездің қандай қырларын бағалайсыз және кісіні қандай қасиетіне қарап сыйлайсыз?

 

Хамза САФИН:

— Уәдеге беріктік, еңбексүйгіштік, қызметіне адалдық және табандылықты бағалаймын. Міне, осындай қасиеттері бар адамдарды сыйлаймын.

 

Мұхтар БОҚАЕВ, Ақсай қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы, жазушы, шешен ұлтының өкілі:

— 1944 жылдан бастап күні бүгінге дейін қазақ жерінде өмір сүріп келемін. Қазақстанға келуімнің себебін айтайын. 1944 жылы, 23 ақпан күні шешен-ингуш халқын бір түнде тұрғызып, жылы төсектен, жылы үйден айдап шықты. Сыртта – 30 градус аяз еді. Бәрімізді бір алаңға жинады. Одан үш-төрт күн жаяулатып жол жүрдік. Өлгендер жолда шашылып қалды. Қалғандарымызды тауар таситын вагондарға тиеп, «Сен халық жауысың» деген айдар тағып, жат жерге айдаған болатын. Ол кезде мен бес жасар бала едім. Әкем және оның ағасы соғыста жүрді. Жол-жөнекей өлгені қалып келе жатқанда, екі халықтан тірі қалғандарының ат басын тіреп, тоқтаған жеріміз – қасиетті қазақ жері, қазақтың сайын даласы, қазақтың асқар таулары, Алатау мен Қаратау, Ұлытау тоғысқан жерлер екен. Сондықтан біз қазақ халқына, жеріне шаш етектен қарыздармыз. Екі ұлтты бірдей паналатып, қазір Кавказда екі республика болып күн кешіп отырған еліне аман-есен өргізген қазақ жері, қазақтың қонақжайлығы. Қазақтар көшіп келген кезімізде жалаңаштық, аштық, қайғыны бірдей көріп отырса да, бізге көмек қолын созды. НКВД оларға біздің халыққа жолауға қатаң тыйым салған болатын-ды. Соған қарамастан Сары деген қарт бізді паналату үшін қой қорасының жартысын бөліп берді. Сонда ол ел аяғы басылғасын, түн ішінде келіп, анама: «Менде үш сиыр бар. Соның бірін саған тапсырдым. Оны күндіз барып саума, түнде сауып, сүтін пайдалан. Үш балаң аман қалсын» деп ақ дәмін беріп отырған кездер болды. Осындай қайырымдылықты қалай ұмытарсың. Айта берсе, ондай мысалдар көп…

 

Григорий ТЕ, кәріс этномәдени бірлестігінің өкілі:

— Біріншіден, өңірдегі құрметті адамдардың қатарында болғаным үшін бүгінгі күніме алғыс айтамын. Өмірімнің сексен екінші жылында облыстық форумның төрінде отырғаным жанымды тебірентеді. Яғни осы өмірді текке сүрмеген екенмін. Адам жарық дүниеге артына із, болашақ ұрпағына өнеге қалдыру үшін келеді деп ойлаймын. Менің мамандығым – жол салушы. Бір кездері Сайқын, Жаңақала, Жаңақазан, Чапаев ауылдарының арасын жалғайтын жолдарды салғанымызды мақтан тұтамын. Оны салу кезінде ата-бабаларымыз жүрген керуен жолдарының сүрлеуін басты негізге алдық. Өйткені бұрынғы өткен бабалар жол салудың дұрыс бағыттарын білген. Қарамағымдағы қызметкерлермен бірге Орал қаласына да бөгеттер салдым. Қаламызда мен салған жолдармен жүріп көрмеген тұрғындар кемде-кем шығар. Сондықтан бұл қалада мен өзімді кішкентай ғана қожайын ретінде сезінетінім бар. Өйткені осы жерде өстім, маңдай терімді төгіп еңбек еттім. Бұл жер маған ыстық. Өзім үшін Орал қаласынан асқан шаһар жоқ. Жастарға мынаны айт-қым келеді. Адам қай жерде жұмыс жасаса да, немен айналысса да, сол жұмысты сүюі тиіс. Еңбегіңді өзге адам қайта өңдемейтіндей, таза атқару керек. Өмір тамаша және қызықты. Оның қызығы таусылмауы үшін барлық күш-жігерің мен біліміңді сарқып, өзіңнен кейінгілер үшін игілікті іс жасауың керек.

 

Василий БАЕВ, орыс этномәдени бірлестігінің өкілі:

— Мен Орал қаласында туып-өстім. Бүгінде осы жерде тұрамын. Қазақстанда тұрғанымды мақтан етемін. Жастарға мынаны айтқым келеді. Біз адамдарды әдемі сөздері үшін немесе ұлтына қарап бағаламаймыз. Біз үшін тұлға еңбегімен, оның адамдарға деген ақ пейіл қарым-қатынасымен бағалы. Адамға өмір қымбат. Ал өмір сүрген адам үшін білім қымбат. Білімдеріңді әрдайым жетілдіріңдер. Ол – баға жетпес капитал. Білім оңайлықпен келмейді. Бірақ қазіргі уақытта білім алу жолында еңбектенуден аянбаңдар. Адам білім жолындағы жеткен жетістігіне қай уақытта тоқмейілсіп тоқтаса, сол уақыттан бастап оның кері кеткені. Ақылды және іскер адам қай уақытта да сұранысқа ие. Мен математика пәнінің мұғалімі ретінде математикалық білімдеріңді жетілдіріңдер, ол сіздерге барлық уақытта пайдаға асады деп айтқым келеді. Баршаңызға денсаулық пен бақыт тілеймін.

Қазақтың қара домбырасының шанағынан төгілген күй, мектеп оқушыларының ынтымақ, еңбек, елдік тақырыбындағы өлеңдері әдемі кештің көрігін одан әрмен қыздыра түсті. Ғибраты мол шара Камалиден Айтбаевтың орындауындағы «Атамекен» әнімен қорытындыланды.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Сый-сияпат көрсетті

Күні: , 45 рет оқылды

20161004_111246


1 қазан — Бүкіләлемдік қариялар күніне арналған шара «Жайық Пресс» ЖШС-ында да өтті.


Мекемедегі баспасөз орталығына жиналған ардагерлерді «Жайық Пресс» ЖШС директорының орынбасары Мейрамбек Рахматуллин осы атаулы күнмен құттықтап, сый-сияпат тарту етті. 75 жасқа толған журналистика саласының ардагері Энгельс Шыңғалиды мерейтойымен құттықтап, марапат иесіне кәдесый ұсынды. Кездесуде «Жайық Пресс» ЖШС директорының орынбасары Ғ. Сейтақ,  ардагерлер М. Қайырғалиев, А. Боранқұл, А. Ақмырзин, В. Ярлов өз тілектерін айтып, ой-пікірлерін білдірді.

Шара барысында ардагерлер облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 100 жылдығы қарсаңындағы атқарылар шаралардың барысымен және медиахолдинг қолға алып отырған тың жобалармен танысты.

Серік ІЗБАСАРҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Қарияларға сый-құрмет

Күні: , 46 рет оқылды

img_5907


Орал қаласындағы «Әсем» мейрамханасында Халықаралық қариялар күніне орай дастарқан жайылды.


БҰҰ Бас ассамблеясының шешіміне сәйкес 1991 жылдан бастап 1 қазан Халықаралық қариялар күні болып тойланып келеді. Аталмыш мейрамда табыс-кірісі аз жандар, қариялар, жалғызбасты зейнеткерлер мен мүгедектер басты назарда болып, оларға әлеуметтік-тұрмыстық және материалдық көмектер көрсетіледі. Бұл күн елімізде «Қариялар күні» деп аталады. Ағымдағы айда өткізілетін «Мейірбандық күндері» қайырымдылық айлығы аясындағы іс-шаралар жоспарына сәйкес, мүгедектер мен зейнеткерлерге арналған әлеуметтік орталықтың ұйымдастыруымен «Әсем» мейрамханасында қарттарға арналып дастарқан жайылды. Онда қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Сәуле Шоланбаева қатысып, келген қонақтарды мерекелерімен құттықтады.

— Қарттарымызды құрметтеу — біздің басты парызымыз. Оларға әрдайым көңіл бөліп отыруымыз қажет. Осындай мейрам күндерін пайдаланып, Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлеріне дастарқан жайып отырмыз. Бір-бірімен дастарқан басында кездесіп, көтеріңкі көңілмен отырғандарын көріп, біз де қуанышқа бөлендік. Қарияларымызға арналған шараға демеушілік білдірген «Әсем» мейрамханасының меңгерушісі Зайра Хамитоваға алғысымды білдіремін. Қарттарымыз әрдайым аман жүрсін, — дейді жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мүгедектер мен зейнеткерлерге арналған аумақтық әлеуметтік орталығының директоры Арман Дәулетов.

— Біз сияқты үлкендерге құрмет көрсетіп жатқан ұйымдастырушыларға көп рақмет айтамын. Тәтті тағамдардан ауыз тиіп, өнерпаз балаларымыздың әндерін тыңдап марқайып отырмыз. Зашаған кентінде тұрсам да, осындай игі шарадан қалғым келмеді. Замандастарыммен әңгіме-дүкен құрып отырмыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, — дейді зейнеткер Социал Пұсырман.

Шара барысында жастар мәдениет үйінің әншілері мен «Ақжелкен» балалар аула клубының жас өнерпаздары қариялардың алдында ән шырқап, көңілдерін бір серпілтті. Демеушілер атынан қарттарға сый-сияпат көрсетілді.

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Инновацияға құштарлар «ЭКСПО — 2017»-ге қатысады

Күні: , 50 рет оқылды

pri_9875


Кеше Оралдағы «Алгоритм» технопаркі» ЖШС-да облыстық білім беру басқармасының қатысуымен оқушылар мен студенттер арасында өткізілген инновациялық жобалар «INNOVA — 2016» байқауының қорытындысы  шығарылды.


Жылда өткізілетін бұл байқаудың басты мақсаты – инновациялық дамуға құштар шәкірттер мен жастарды анықтау, оларды ғылыми, техникалық мамандықтарға бағыттау, жаңа жобаларды одан әрі дамытуға жөн сілтеу. Байқаудың бас демеушісі – мұнайгаз саласына сервистік қызмет көрсететін «RT-Alliance» ЖШС компаниясы.

Жиынды ашқан облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Әнуар Ниетқалиевтің  айтуынша, индустриалдық-инновациялық  даму саласындағы мұндай байқауды өткізудің маңызы зор. «Бізге еліміздің  тұрғындарының өмір сапасын жақсартатын жаңа озық жобалар қажет. Осы байқауда қызықты жобалар іріктеліп алынып, «ЭКСПО — 2017» көрмесінің павильонына өңірімізден ұсынылатын жобалар қатарын толықтыратын болады. Қазірдің өзінде ондай жобалардың саны 40-қа жуық», — деді ол.

— Байқаудың 1-кезеңі 5-28 қыркүйек аралығында өткізіліп, онда қатысушылардың жобалары іріктеліп алынған. Байқауға 31 жоба түссе, соның 17-сі мектеп оқушыларының, 14-і студенттердің жұмысы. Оқушылар жобаларының жартысына жуығы Назарбаев зияткерлік мектебінен, ал аудандардың белсенділігі төмен. Жобалар жаратылыстану, инженерлік ғылымдар, мұнайгаз саласы, робототехника, IT-технологиясы бағыттарын қамтиды, — деді аталмыш технопарктің бөлім басшысы Павел Проскурин.

pri_9876Радиоқабылдағыштың көмегімен қоршаған ортаны таза ұстауға шақыратын, өзі де жолында кездескен қоқыс қалдықтарын жинайтын роботы «Тукс универсал» деп аталатын жобасымен байқауға қатысушы Тасқала ауданынан Қ. Сәтбаев атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Темірлан Мәулен. «Мектебімізде робототехника сабағына балалардың ынтасы күшті. Бір топ оқушым радиациялық қоқыс жинайтын робот жобасымен Астанаға, Индияда өтетін халықаралық байқауға қатысу үшін іріктеуден өтуге кетті», — деді Темірланның ұстазы Бақытжан Мәуленов.

Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары ұсынған «Әмбебап үй» жобасындағы үйдің ерекшелігі қажет кезінде үйдің ауданын екі есеге дейін ұлғайтуға болады. «Құрылымы жылжымалы, рельстің үстіне орнатылады. Қыста үйдің қабырғалары жинақталып, қалыңдай түседі, сондықтан жылы болмақ», — деді үй макетімен таныстырған 10-сынып оқушылары Тайыр Мырзағалиев пен Әлихан Шәріпов.

Байқау қорытындысы бойынша «Үздік студенттік инновациялық жоба» аталымы бойынша Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың студенті Ольга Плахотнюктің «Керамзит өндірісі технологиясын жетілдіру» жобасы 1-орын (50 мың теңге), ҚИИТУ студенті Диана Құрманбекованың «Су балдырларының негізінде биостимуляторлар алу» жобасы 2-орын (30 мың теңге), БҚАТУ-лық Сенім Қадырова мен Әлия Талғатованың «3 д принтері үлгілерінде басылым өнімділігін арттыру» жобасы 3-орын (20 мың теңге) алды.  Ал мектеп оқушылары арасынан Назарбаев зияткерлік мектебінің шәкірттері Талғат Молдашев пен Мерхан Мерғалиевтің атмосфералық ауадан электр қуатын алу қондырғысы жобасы 1-орын, №42 «Ақ ниет» гимназиясының оқушысы Әлихан Таласбаевтың «Экзоскелет» жобасы 2-орын, №8 дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектептен қатысушы Әбілхан Әділбеков «Ақ Жайықтың інжу-маржаны» жобасымен 3-орын алды және оларға сәйкесінше ақшалай сыйлықтар берілді. Сонымен қатар байқаудың жеңімпаз-жүлдегерлеріне дипломдар, сертификаттар және ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.

Гүлбаршын  ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


«Тәуелсіздікке тағзым»

Күні: , 35 рет оқылды

img_6045


Орал қаласындағы Жастар мәдениет үйінде ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздікке тағзым» атты ардагер ұйымдарының фестиваль-байқауының гала-концерті өтті.


Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған бұл шараға жұртшылық көп жиналды. Гала-концерттің шымылдығы Шыңғырлау ауданынан келген «Асыл қазына» ардагерлер хорының орындауындағы «Жасай бер, қазақ» әнімен ашылды. Оралдық украин хоры «Степь» әні мен Зеленов ауданынан келген ардагерлер ұжымы хореографиялық композиция орындаса, «Тәуелсіз елім Қазақстан» әнін Қазталов аудандық ардагерлер хоры сахналады. Сонымен қатар ақ жаулықты аналарымыз сахнаға шығып мың бұрала билегенде, жиналған қауым ризашылықпен қол соқты.

— Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған фестивальге қатысып, өз бақтарын сынағалы отырған ардагерлерімізге мың алғыс. Барлық аудандардан облыс орталығына келіп, өз өнерлерін ортаға салып,  жас ұрпаққа үлкен өнеге көрсетіп отырсыздар. Еліміздегі мәдениетіміздің дамуына әлі күнге дейін өз үлестеріңізді қосып жүргендеріңіз үшін ризашылығымызды білдіреміз. Бұдан да басқа шараларға да ардагер аға-апаларымыз белсене қатысып келеді. Отбасыларыңызға амандық тілеймін және ортамызда ұзақ жыл бірге жүрулеріңізге шын жүректен тілектеспін, — деді шара барысында сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов.

Байқаудың қорытындысы бойынша Қазталов аудандық ардагерлер хоры суырылып алға шықса, жәнібектік Уахит Сариев эстрадалық вокалдан үздік деп танылды. Бөрлілік Мұхит Біранов «Халықтық музыка» аталымы бойынша үздік шықса, теректілік Мағзом Нуменов аспапта орындаудан шеберлігін көрсетті. Авторлық шығармаларды орындаудан бірінші орын Роза Бейісхановаға (Тасқала ауданы) бұйырса, сырымдық Гүлбаршын Нариева көркем сөз оқудың шебері атанды. Бөкейордалық «Нарын» әжелер ансамблі «Хореография» аталымынан алдарына жан салмады.

Жастар мәдениет үйінің сахнасында өз өнерлерін ортаға салған ардагерлеріміз тамаша көңіл күймен тарқасты.

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика