Мұрағат: 05.10.2016


Талай тұлғаны қанаттандырған

Күні: , 54 рет оқылды

%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d0%b3%d0%b8%d1%80-%d1%85%d0%b0%d0%bd


Жәңгір ханның туған топырағында еуропалық білім беретін бастауыш мектеп ашу ниеті 1826 жылдың өзінде басталған. Орынбор шенеуніктеріне, әдейі Орынбор әскери губернаторы П. Эссенге Ордада қазақ балаларына арнап орыс тілінде білім беретін мектеп ашу қажеттігін дәлелдеп, әлденеше рет хат жазған. Жәңгірдің ойынша, ондай мектеп қазақ балаларын Қазан университеті мен Орынбордағы Неплюев кадет корпусына, Ресейдің басқа да оқу орындарына түсіп оқу үшін дайындық тиісті. Алайда Жәңгірдің мектеп ашу жөніндегі арманы тек 15 жылдан кейін барып жүзеге асты. Иә, сонымен 1841 жылы 6 желтоқсанда қазақ даласында қазақ балалары үшін тұңғыш мектеп ашылды. Ол мұрағат (архив) құжаттарында училище деп жазылғанмен, халық арасында «Жәңгір мектебі» аталып кетті.


Қарағайдан қиып салынған мектеп Ордадағы   еңселі ғимараттың бірі болған. Оқушылардың партасы, мұғалім үстелі мен орындығы, класс тақтасы, шығыс мәнеріндегі оймыш буылтық ағаш бағанасы мектеп ішінің жоғарғы эстетикалық талғаммен безендірілгенін көрсетеді. Жәңгір хан бұл мектепті 1841 жылдан өз қарамағына алып, барлық материалдық қажеттерін өзі қамтамасыз етіп отырған. 1905 жылы осы екі сыныптық мектеп төрт сыныптық (қазіргі жүйе бойынша 9-сыныптық білім беретін) қалалық мектепке айналып, жанынан мұғалімдер даярлайтын педагогикалық курс ашылады. Мектепте шекті аспаптар оркестрі, хор және бай кітапхана болған.

«Егемен Қазақстанның» тілшісі Тілекқабыл Боранғалиев 1991 жылы Орда мектебінің 150 жылдық мерейтойына орай осы газет бетінде жариялаған «Алыптарға әліппе үйреткен» атты мақаласында: «Жастайынан зиялы қауымның арасында болып, білім нәрімен сусындаған Жәңгір билікке қолы жеткен күннің ертеңінде-ақ өз ордасында мектеп ашып, халқына білім нәрін себуді армандайды. Оған дәлел 1826 жылы қазан айында Қазан қаласына барған сапарында Қазан университетінің ректоры Фукспен екі арадағы болған әңгімесі. Университетті аралап, оның бай кітапханасымен танысып, ғылыми жетістігіне қаныққан Жәңгір Фукске өз ордасында мектеп ашып, ғылымға қазақ баласының да қолын жеткізуге бастама жасау ниеті бар екенін білдіреді. Жәңгірмен сұхбатында жақсы әсер алған Фукс ол туралы «Өзінің жас кезінде, хандығының бас кезінде, тіпті Ордада әлі бірде-бір үй тұрғызылмаған кезде, оның білімнің пайдасы жөнінде осы бастан ойлауы қандай ғанибет» деген сипаттағы пікірде болған деп жазған-ды.

%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d0%b3%d0%b8%d1%80…1841 жылы қазан айының 10 жұлдызында Жәңгір сұлтан-правитель Шүке Нұрәлиевке жазған хатында ғылым, білімнің пайдасын жан-жақты дәлелдей келіп: «Биылғы жылы мен өз ордамда мектеп ашуды ойлап, өз балаларын орташа ақымен оқуға беруге тілек білдіргендердің бәрі маған өтініш жасай алады. Сізді қарауындағы халықты, әсіресе, сұлтандарды балаларын мектепке оқуға беруге үгіттейді деп сенемін» депті.

Сөйтіп, арада екі ай өткеннен кейін, 1841 жылы 6 желтоқсанда қазақ даласында қазақ балалары үшін ашылған оның тұңғыш ғылыми негіздегі мектебі ашылды. Жәңгір оны өз қаражатына салдырып, барлық шығынын өзі көтерді. Шәкірттерге орыс мұғалімі дәріс беретінін, орысша оқытатынын естіген ата-аналар «Шоқынып кетеді, орыс болып кетеді» деп балаларын мектепке беруден бас тартады. Мұны көрген Жәңгір олардың ойының негізсіз екенін дәлелдеу үшін өзінің екі бірдей баласын оқуға беріп, үлгі көрсетеді. Олардан басқа мектептің алғашқы лектегі 25 шәкіртінің ішінде ауқатты отбасылардың балалары Ахметкерей Хансұлтанов, Мұхаметше Байтүшенов, Бажақов, Шомбалов, Ысмайыл дегендер болған көрінеді. Ал олардың бір-бірінен жас алшақтығы 9 бен 22 жас аралығында екен. Қарағайдан қиып салынған мектеп үйі Махамбет айтқандай, «еңсесі биік ақ орданың» еңселі үйінің бірі болғанға ұқсайды. Терезелері түстік бетке қараған мектептің іші кең де жарық екі үлкен бөлмеден тұрған. Оның бірі класқа, екіншісі жатақханаға арналып жабдықталған. Тұңғыш оқу ошағының үйі біздің кезімізге жеткен жоқ, тек фотосуреті сақталған. Бірақ орны белгілі – ол қазіргі амбулаторияның түстік бетінде, көкорай жағында. 25 оқушының 18-і үйден келіп, жетеуі жатақханада жатып оқыған.

Мектепте діни дәріспен бірге орыс тілі, арифметика, тарих, жағырапия сияқты негізгі ғылыми пәндер оқытылған. Дінтануды және шығыс тілдерін Садриддин Әминов оқытқан екен. Мектеп меңгерушісі әрі мұғалімі болып жоғары білімді мал дәрігері Константин Петрович Ольдекоп деген кісі істеген. Оған мұғалімдікпен қатар тәрбиешілік міндет қоса жүктеліпті. Кейін 1852 жылы Ольдекопты Потанин ауыстырады.

img_0251Музей қорындағы Бөкей ордасы мектептерінің альбомында Ольдекоп туралы «Инспекция архивіндегі ханға берген ұқыпты есептерінен оның өз жұмысын аса білгірлікпен атқарғандығын, оқу ісін жүйелі жолға қойғанды-ғын, ыждағаттылығын, өз ісіне шын ниетімен берілгендігін аңғару қиын емес. Ол осы мектепте он жылға жуық еңбек еткен кезінде орысы бар, қазағы бар жергілікті жердің қарт тұрғындары арасында игі ісімен өзі туралы ізгі естелік қалдырды» делінген. К. Ольдекоп бірыңғай қазақ балаларына орыс тілін қапелімде меңгеріп кету қиынға түсетінін байқады. Сондықтан оны неғұрлым тезірек меңгеріп, жетік білу үшін мектепке орыс балаларын да қабылдап, араластырып оқыту керек деп есептеді. 1848 жылы ол қазақ балаларымен бірге ставкадағы орыс тұрғындарының балаларын ешқандай ақы алмастан тегін оқытуға ниеті бар екенін білдіріп, Уақытша кеңестен рұқсат сұрап, келісімін алады…

Бөкей ордасынан, Жәңгір мектебінен шыққан, халқына адал қызмет жасаған қайраткерлер, ғалымдар, мұғалімдер мен дәрігерлер, заң қызметкерлері мен агрономдар көптеп саналады. Жәңгір мектебінде оқып, кейбіреулері кейін оқуын орыс жеріндегі жоғары оқу орындарында, әскери училищелерде жалғастырып, дарындылығымен, іскерлігімен көзге түсіп танылған зиялы азаматтар, қайраткерлер, оқымыстылар аз болған жоқ. Олардың есімдері, тындырған істері тарихи деректерде сақталып, халықтың жадында қалған. Кейбіреулерін атап өту орынды. Мәселен, Дәулеткерей Шығайұлы – Бөкей хан өлгеннен кейін Уақытша орданың ханы болған Шығай сұлтанның баласы, атақты домбырашы, төкпе күйдің атасы. Сұлтандар ортасынан шықса да, бар ғұмырын күйге, өнерге арнаған. «Қоңыр», «Бұлбұл», «Топан», «Жігер» деген күйлері бәрімізге таныс. Дәулеткерей сонымен бірге біраз әкімшілік қызметтермен де айналысқан. Бірақ айналасына жиі-жиі әнші-күйшілерді, өнерпаздарды жинап, ойын-сауық құруды ұнатқан сал-сері. Жәңгір хан мектебінде оқыған, хан әулетінен шыққан, Жәңгірдің Жүзім деген әйелінен туған үлкен ұлы Сейіткерейдің баласы Шәңгерей Бөкеевтің аты, ісі, өнері дүйім қазаққа таныс: тамаша ақын, ойшыл-философ, аудармашы. Хан сарайы жөнінде:

«Сол айтылған Нарында,

Нарынның қызыл құмында,

Ай белгілі ақ мешіт,

Алпыс бөлме, жүз есік,

Салынған екен көк орда…», – дейді ол.

«Ай белгілі ақ мешітті» Жәңгір хан 1835 жылы салдырғаны белгілі. Хан сарайын «алпыс бөлме, жүз есік» деп сипаттауы ақындық әсерлеу болса керек. Сол кездегі мәліметтерге қарағанда, сарайда 23 бөлме болғанға ұқсайды. Осы сарайда Шәңгерей 1847 жылы тамыз айында дүниеге келіпті. Бес жасында ата-анасынан айырылып, материалдық жағынан болмаса да, рухани, адами тұрғыда жетімдіктің зардабын тартады. Шәңгерейдің өлеңдерінің мұңлы, шерлі болып келетіні содан болса керек…

 Шәңгерей әуелі Жәңгір мектебінде оқып тәрбиеленіп, кейін кейбір деректерге сүйенсек, Орынбордағы кадет корпусына түсіп, екі жылдай оқиды. Бірақ одан соң оқуын жалғастырмай, елге оралып, серілік құрады, саятшы болады, шығармашылыққа ден қояды. Өздігінен ізденіп оқып, арабша, орысша таза сөйлейтін, дін ілімін жетік меңгерген өте сауатты адам болып шығады. Өлеңдері философиялық ойға толы болып келеді.

Оқыса өнер-ғылым көңіл ашар,

Ашылып көңіл көзі, зейін тасар.

Мас болған ақылына кейбір жастар,

Жерлерге ақыл жетпес аяқ басар.

Бұл дәурен алпыс асып, бізден қалған

Шын бақыт, тура жолға өзің бастар!

Апыр-ау кімге аян бұ жаһанның

Өлшеусіз ұлылығы асқар, асқар!

Өлеңдерінің негізгі тақырыбы уақыт, заман, аумалы-төкпелі дүние, өмір, өнер, ғылым, махаббат туралы. Шәңгерейден тәлім-тәрбие алған ақын, ағартушы, философ Ғұмар Қараш ұстазы жөнінде:

Әкім де емес, хан да емес,

Хандардан бағың кем емес.

Кем еместің белгісі,

Тыңдалар сөзің әр жерде,

Ешбір адам ләм демес, — дейді.

Білім әлеміне жорығын Жәңгір хан мектебінде бастап, Орынбордың Неплюев атындағы кадет корпусын бітіріп, Батыс өңірінде, Орда жерінде Шоқан сияқты жанжақты білімді, танымал тұлға – Мұхамед-Салық Бабажанов. Ол – Жәңгір хан қайтыс болғаннан кейін Бөкей ордасын басқару үшін құрылған уақытша кеңестің кеңесшісі, кейін Орданың бір әкімшілік бөлімін басқарған, Ресей жағырапиялық қоғамының мүшесі. Ресеймен тығыз байланыста болған, орыс мәдениетімен, орыс әлемінің озық қоғамдық ойымен таныс болған, көптеген орыс ғалымдарымен, шығыстанушыларымен, саяхатшыларымен жүйелі қарым-қатынаста болған. Орыс тілінде таза сөйлеп, апталық газет-журналдарда көптеген мақалалары жарық көрген. Мұхамед-Салықтың жазбаларына қазақ қоғамының әлеуметтік-саяси ахуалы, қазақ тарихы мен тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі мен мәдениеті негіз болған. Осы еңбектері үшін ол ресми марапатталған (М-С. Бабажанов — Ресей жағырапиялық қоғамының күміс медаліне ие болған тұңғыш қазақ). Бөкей ордасы ауданындағы бір мектеп бүгінде Мұхамед-Салық Бабажановтың атында. Туған халқына қал-қадерінше қамқор болған МұхамедСалық дүние салғанда Дәулеткерейдің «Салық өлген» деген күй шығарғаны мәлім.

Орда топырағының тағы бір төл перзенті – Бекмұхамедов Мақаш (Мұхамбетжан). Ол да Жәңгір мектебінің түлегі, Орынбордағы Неплюев кадет корпусын бітірген. Бөкей ордасына қарасты округтерде әкім болған, халық арасында «Мақаш-правитель» атанған. Ағартушы-ғалым, қоғам қайраткері. Ел ішінде шешендігімен, алғырлығымен, әділдігімен аты шыққан тұлға.

Жәңгір хан мектебі, Бөкей ордасы туралы әңгіме болғанда бірден ойға оралатын тұлғалардың бірі – Бақтыгерей Құлманов.

Оның есімі қазақ тарихына алтын әріппен жазылатын адам. Жәңгір мектебін бітіргеннен кейін Санкт-Петербургтегі император университетінің шығыс факультетіне түсіп, табысты аяқтаған, Шығыс тілдері бойынша қазақтан шыққан тұңғыш ғылым кандидаты (бұл атақты 1887 жылы алған). Бөкей ордасының Қамыс-Самар бөлігін басқарған. Бірінші және Екінші мемлекеттік Думаға Орда қазақтарынан депутат болып сайланған. Бөкей ордасындағы уақытша үкіметтің комиссары болған.

Ордадағы мектепте сауатын ашып, кейін Петербургтегі императорлық паж корпусында оқыған, ұзақ жыл әскери қызметте болған қазақтан шыққан тұңғыш генерал-лейтенант Жәңгір ханның кіші баласы Ғұбайдолла Жәңгіров. Орыс-түрік соғысына қатысып, көзге түсіп, Ресейдің көптеген жоғары марапаттарына ие болған. Патша үкіметі Ғұбайдолланы лауазымы биік қызметке шақырып, империяның телеграф департаментіне бастық етіп қояды. Ол Петербургте жүріп, қазақтың мұң-мұқтажына көп көмектеседі. Университетте, гимназияда оқыған жастарға қамқоршы болады, қызметке орналасуын қадағалайды.

Жәңгір мектебінен білім алған жүзден астам ғалым-зерттеушілер шыққан. Олардың ішінде Асан Тайманов сынды жиырмадан астам академик бар.

Жәңгір хан – өзінен бұрынғы ата-бабасының алмаған білімін кейінгі ұрпақтарына дарыту бағытында орасан зор еңбек сіңірген адам. Ол өзі өлгенге дейін мектеп шәкірттерінің ұлттық құрамын берік сақтаған. Жәңгір өлгеннен кейін оның мектебін 1848 жылы мемлекет өз қарамағына алып, жыл сайын қажетіне 1404 сом ақша бөліп тұрған. Осы жылдан бастап мектепте орыс балалары да көптеп оқи бастаған. Міне, Ордадағы Жәңгір хан атындағы мектеп сол уақыттан бері оқу-тәрбие жұмысын аралас мектеп ретінде жүргізіп келеді. 1848 жылы мектеп салықтан түсетін қазына қаражатына көшіріліп, Халық ағарту министрлігінің қарамағына беріледі. Кезінде айтылып, кейін көңіл аударылмай келген нәрсе – 1841-1848 жылдары аралығында бұл оқу орны халық арасында «Жәңгір мектебі», ал Бөкей ор-дасын басқару жөніндегі уақытша кеңес шенеуніктері арасында «Джангировское училище» аталуы. Өйткені мектеп Жәңгірдің көзінің тірісінде және қайтыс болғаннан кейін де үш жыл бойы ханның жеке қаржысы есебінен жұмыс істеді. Кешегі Кеңес өкіметі Жәңгір есімін зердемізден өшіруге қанша тырысқанымен, оның халқына сіңірген еңбегін тарихи сана бәрібір ұмытпапты.

Үшбу мектептің тұңғыш түлектерінің бірі, ғалым-этнограф М-С. Бабажанов өз естелігінде ұшқан ұясы туралы былайша еске алады: «Біз Жәңгір мектебінде тәрбиелендік. Бұрынғысынша ол қазір де кадет корпусы үшін даярлық класы іспетті. Бір күні біз ханның алдына шақырылдық және оның бізден корпусқа түсуге деген ықыласымызды білгісі келетіндігі алдын ала ескертілді. Ханның үйінде біздің жасымызға лайықтап дастарқан жайылған екен. Ол жылы қарсы алып, біздің ойымызды сұрай бастады. Үзіліс кезінде біріміздің алдымызға біріміз түсіп, өзіміздің ризалығымызды және оқуға баруға әзір екендігімізді білдірдік. Осыдан кейін ол бізге уыстап ұсақ күміс ақша үлестірді де қоя берді. Бұл 1845 жылдың басында болған еді…» Бұдан әрі Жәңгір мектебінің алғашқы түлегі, болашақ ғалым М-С. Бабажанов сол жылдың жазында бір топ сыныптастарымен бірге кадет корпусына оқу үшін Орынборға жол тартқанын, зиялы хан оларды біраз жерге дейін шығарып салып, қимай қоштасқанын сөз етеді. Иә, бұл оның өмірінің соңғы жылы болатын. Сол 1845 жылдың тамылжыған тамыз айының он екінші жұлдызында Тарғын өзенінің бойындағы жазғы резиденциясында реформатордың жүрегі соғуын біржола тоқтатты…

Жәңгірдің еңбегі еш кетпей, мектеп табалдырығын аттаған шәкірттердің бәрі дерлік жақсы оқыған. Мектепті аса үздік бітіргендердің көбі Орынбор, Петербург, Саратов, Қазан, Омбы қалаларындағы жоғары оқу орындарын бітіріп, мамандықтары бойынша басым көпшілігі туған топырағында еңбек етсе, кейбіреулері империяның басқа да өңірлерінде қызмет етті. Жәңгір хан кейде үздік оқыған шәкірттерді шетелге оқуға жіберіп, оларға өз қазынасынан арнаулы стипендиялар төлеп тұрған. Мәселен, жеті шәкірт Стамбулдағы діни семинарияны бітіріп шығады. Ал Ғабдолғазиз Мұсағалиев деген жас азамат Мысыр қаласындағы университетті бітіріп, шығыстағы сегіз елдің тілін меңгерген. Үндістан, Пәкістан, Индонезия сияқты елдерде болып, олардың тұрмыс-тіршілігімен, салт-дәстүрімен, мәдениетімен танысқан. Қазақ-татар тілдеріндегі басылымдарда қазақ халқының тарихы мен мәдениеті, қоғамдық-саяси мәселелері жөнінде мақалалар жазады.

Ордада ашылған жоғары бастауыш училищені бітіріп, Кеңес одағы кезінде әскери қайраткер болып қалыптасқан генерал-майор Шәкір Жексенбаев та құм Нарынның аты мәшһүр бір перзенті. Азамат соғысына, Ұлы Отан соғысына қатысқан генерал Жексенбаев көптеген орден-медальмен марапатталған. Қазіргі Бөкей ордасы ауданының бір мектебі генерал Жексенбаевтың атында.

Жәңгір өз мектебін тек ақсүйектердің балалары үшін ғана ашпаған. Шәкірттердің арасында өз ұлдарын орташа ақымен оқыта алатын отбасылардың да балалары болған. Қарапайым халық ішінен шыққан білімге құмар, зерделі жастардың оқуына жол ашып, кейбір менмен шонжарлардың «Қара сирақ (кедей) қазақ балаларына оқу сән бе?» деген сыңаржақ пікірлеріне қарсы болған. Мектепте негізінен арифметика, жағырапия, тарих, орыс тілі, физика т.б. пәндер оқытылған. Сонымен қатар шығыс халықтарының мәдениеті мен өнерінің тарихы, араб, татар тілдері оқытылған, діни дәрістер тыңдалған. Қазан, Орынбор, Петербург, Астрахан (Әжітархан) қалаларынан білімді ұстаздар шақырылып, оларға хан толықтай жағдай жасаған. Сол кездегі құжаттар мен деректерге сүйенсек, Жәңгір хан мектептегі оқу сапасын, тәртіп, тәрбие жайын үнемі бақылап, жөн сілтеп отыруды, шәкірттердің сабақтарына, емтихандарына қатынасуды кішілік санамай, кісілікпен зор ықылас қойған. Жәңгір хан ордалықтарға оқу-білімнің пайдасы жөнінде өзінің ойын жеткізіп, олардың ұмтылыстарын кеңінен қолдап, шәкірттер мен ұстаздарды ынталандыруға қаржысын аямаған. Кейін мектепте 30 бала Орданың шаруашылық қаржысы есебінен білім алған.

Жәңгір хан Ресейдің алдыңғы қатарлы оқу орындарымен де байланыс жасап тұрғандығын жоғарыда баян қылдық. Соның арқасында Жәңгір мектебі Орынбордағы Неплюев кадет корпусының дайындық курсына айналып, 1845-1851 жылдарда осы кадет корпусын Бөкей ордасынан сегіз өрен тәмамдаған. Солардың бірі Жәңгірдің өз баласы Зұлхарнай. Әрине, хан баласын Петербургке т.б. қалалардағы үлкен оқу орындарында оқытуға мүмкіндігі болғанына қарамастан, басқа балалар кадет корпусына барудан айнып қала ма деп өз баласын да солармен бірге жіберуі оның терең түсінігін және қамқорлығын көрсетеді. Балалардың басым көпшілігінің жас шамасы 10-12 жас арасында болған. Осы жерде айта кететін бір жәйт, кейбір тарихшыларымыз бен журналист-публицистеріміз оқу барысында Зұлхарнайға бас-көз болып Махамбет Өтемісұлы жүрген деген пікір айтады. Болса болған болар, бірақ бұдан басқа балаларға қамқорлық жасалған жоқ деп айтуымызға моральдық құқығымыз да, нақтылы дерек-дәлеліміз де жоқ. Ақиқаты, Орда балаларына қамқоршы болып, жағдайларын жасауға хан ел ішінен өз өкілін жіберіп, сол арқылы қадағалап отырған.

Ел аузында осындай сенім артқан Махамбет Өтемісұлын хан жақпас қылықтары үшін қуып жіберген деген де пікір бар. Бұның тарихи дерегі жоқ. Ойлап қарайықшы, өзі сенбейтін, сыйламайтын адамды ханның мұндай жауапты іске жіберуі де екіталай емес пе? Мұның мәні екі адамның арақатынасынан гөрі тереңде жатқан сияқты. Соған қарағанда, Махамбеттің елге қайтуына мынадай себептер болғанға ұқсайды. Біріншіден, Махамбет Орынборда болған кезінде патша және жергілікті үкіметтердің әділетсіздігі мен озбырлығын, отарлау саясатын түсініп, ханмен ой бөлісуі де мүмкін. Ол ханға ұнамай жергілікті үкіметпен ауызша келісіп, жария етпей, Ордаға шақырып алуы немесе Орынбордағы жергілікті үкімет Махамбеттің ниетін сезіп, Жәңгір ханға оны елге алуды ұсынуы да ықтимал. Сөйтіп, хан мен ақынның арасына от тастап, үкіметке қарсы адам, ханға да қарсы деп үгіттеуі де шындыққа жанасады. Екіншіден, Орда ішінде Жәңгір хан мен Махамбеттің арасындағы сыйластық пен сенімділікті, олардың жақсы қарымқатынастарын көре алмаған қара ниетті ағайындар екеуінің арасына өсек-аяң жіберіп, араздық тудырды ма деген де ой келеді.

Жәңгір хан бұл дүниеден өткеннен кейін де ол ашқан білім бұлағының арнасы кеңейіп, көптеген қазақ зиялылары осы мектептен білім алды. 1849 жылы Орал (Бөкей ордасы) облысында 44 болыстық қазақ-орыс мектебі жұмыс істеді. Оның жетеуі «Жәңгір мектебінің» негізінде жаңадан ашылды. Оқушылардың жалпы саны 20 мыңға жеткен. 1879-1880 оқу жылында «Жәңгір мектебі» аты өзгертілмей, Халық ағарту министрлігінің қарамағына өтіп, екі сыныптық ауылдық училище болып қайта құрылды. Халықтың білімге деген құштарлығы жыл сайын артып, бұрынғы оқу орындары тарлық жасап, жаңадан тағы да мектеп ашу қажеттігі туды.

1895 жылы «Жәңгір мектебінің» негізінде ашылған мектептердің саны 14-ке жетті.

Орда мектептеріне бақылау мен басшылықты одан әрі жақсарту мақсатында оқу ісі инспекциясы құрылып, оның басшылығына ғалым А. Алекторовтың тағайындалуы Ордадағы халық ағарту ісінің жедел қарқын алуына үлкен әсер еткен. 1883 жылы Ордада, қазақ даласында тұңғыш рет Хұсни-Жамал Нұрлыханова басшылық еткен қазақ қыздары үшін бастауыш училищенің ашылуына көп еңбек сіңірген де осы А. Алекторов болған. Бұл училищеде 1883-1889 жылдар арасында оқыған қыздардың саны мынадай: 1883 жылы 7 қазақ қызы, 15 орыс қызы, 1885 жылы 6 қазақ қызы, 16 орыс қызы, 1886 жылы 4 қазақ қызы, 14 орыс қызы, 1888 жылы 4 қазақ қызы, 14 орыс қызы, 1889 жылы 3 қазақ қызы, 13 орыс қызы. Жеті жыл ішінде барлығы 96 қыз оқыса, оның 24-і – қазақ қызы, 72-сі – орыс қызы.

«Қазақ қыздарының оқуға деген қабілеті, ынта-зейіні, үлгерімі керемет болды» дейді кейіннен Орда мектептерінің бақылаушысы болған Вознесенский. Бұл қыздар мектебінен шыққан түлектер арасынан қоғам қайраткерлері – Аққағаз Досанова, Алма Оразбаева, тұңғыш металлургия инженері Мәдина Бекәлиева, тұңғыш жоғары білімді дәрігер Мүбина Ниязова сынды қазақ қыздары халқына қалтқысыз қызмет еткен. Жоғарыда аталған оқу орындарынан басқа, 1898 жылы 4113 оқушысы бар 198 медресе жұмыс жасаған.

Жәңгір ханның қазақ балаларын ресейлік оқу орындарында оқытуға үгіттеу хан саясатының ерекше бір бағыты болды. Кадеттік корпустар сол кезеңдегі ең беделді білім ордалары болып саналатын. Хан өзінің беделімен орман институтынан, жол қатынасы, инженер даярлайтын институттардан орын алып отырған. Осындай оқу орындарынан 1844 жылдан бастап, жыл сайын Бөкей хандығына 10 орын бөлініп отырған көрінеді. Әлгіндей оқу орындарына түсетіндер Ордада әдейі дайындықтан өткен.

Қазақстанда алғашқы мектепті Ыбырай Алтынсаринге дейін ешкім де ашпаған, мектеп болмаған деген пікір қалыптасқан. Ал Ы. Алтынсариннің өзі «Жәңгір мектебі» ашылған жылы дүниеге келген. Торғайдағы Ыбырай ашқан мектеп 1864 жылы 23 жылдан кейін қазақ тілінде оқитын қазақ балалары үшін ашылған. Осыдан келіп төмендегідей ой туады. Алтынсарин мектеп ашу жұмыстарымен Орынбор әскери генерал-губернаторлығына барып-келіп жүргенде, Жәңгір ашқан мектептің оқу-бағдарламасымен, құрылымымен, оқу базасымен танысып, оның тәжірибелерін пайдалануы әбден мүмкін.

Өкінішке орай, Ыбырай Алтынсарин да Жәңгір мектебі туралы ешбір дерек қалдырмаған секілді. Мүмкін кеңестік үкімет тұсында ол деректерге көңіл бөлінбеген болар немесе олар жарияланым көрместен жоғалып та кетуі мүмкін. Сөйтіп, қазақ даласында қазақ балаларын алғаш рет оқу-білімге шақырған ұстаз Ыбырай болып қалды.

Әрине, оған шек қоюға, шүбәлануға болмайды, бұл да шындық. Бірақ Жәңгір ашқан мектептегі шәкірттердің басым көпшілігі дерлік қазақ балалары екенін ескерсек және ханның да көздеген мақсаты қазақ балаларын оқу-білімге тарту сияқты ізгі ниет болғанына түсінікпен қарасақ, сайып келгенде, Жәңгір ханды да қазақ даласында білім таратушылардың бірі деп түсініп, қазақ балалары үшін алғашқы орыс тілінде оқитын мектеп ашқан, кең байтақ қазақ сахарасының бір қиырында білім дәнін сепкен деп тарихи шындықты мойындағанымыз абзал. Бұл Ы. Алтынсариннің де, сол тұстағы басқа да ағартушылар мен зиялылардың да беделін бір мысқал төмендетпейді.

Биыл Жәңгір мектебінің табалдырығынан 25 оқушының алғаш аттағанына 175 жыл толады. Бұл аз уақыт емес. Өкінішке орай, кеңестік шектеу кезінде Ордадағы алғашқы ашылған мектеп Жәңгір ханның тікелей беделімен, жеке қолдауымен ашылып, халық аузында «Жәңгір мектебі» деп аталғандықтан, кеңестік идеология оның атын шығармай қойды. Жәңгірді қазақ жерінде мектеп ашқан алғашқылардың санатына жатқызбаудың да басты себебі оның хандық лауазымы болса керек.

Жәңгір мектебі 1930-1935 жылдары колхозшы жастар мектебі болып өзгертілсе, 1936-1939 жылдары орталау мектеп болып, 1936 жылы бұл мектепке Максим Горький аты берілді. 1991 жылдан бастап Орда орта мектебі деп аталды. Тек 1999 жылдың желтоқсан айынан бастап Жәңгір хан атындағы жалпы білім беретін орта мектеп болып өзгертілді.

Жәңгір хан атындағы жалпы білім беретін орта мектеп бүгінде Бөкей ордасы ауданындағы қос тілде білім беретін білім ошағы. 175 жылдық тарихы бар мектептің Олжас Сатқанғалиұлы Түсіпқалиев 2013 жылдан бері директоры. Биылғы оқу жылында осы тарихи мектепте 445 оқушы білім нәрімен сусындауда. Мектеп шәкірттерінің білім, өнер, спорт салалары бойынша аудан, облыс, республика көлемінде қол жеткізген нәтижелері мектеп ұжымын ғана қуантып қоймай, ауылдың мерейін үстем етуде.

Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, белгілі журналист, ақын Сатыбалды Дауымов Орда мектебінің 150 жылдығына орай «Орал өңірі» газетінде жарияланған (1991 жылғы тамыз-дың 17 және 20 күнгі сандарында) «Жәңгір мектебі» атты мақаласында 1864 жылы Ыбырай мектебі ашылғанға дейінгі 23 жыл ішінде «Жәңгір мектебі қазақ даласына білім сәулесін түнектегі жалғыз шамдай жеке-дара шашып келгенін» айта келіп, «шәкірттер мен оқытушыларды қолдап, демеп отыру үшін марқұм хан өзінің ақшасын да, күш-жігерін де аямай, білімнің пайдасы туралы ордалықтардың құлағына құюмен болды» деп мақаласын мынадай үш шумақ жыр жолдарымен түйіндеген екен:

Мектебім, «жаз!» деп, өзің қолға берген,

Отырмын қаламыңмен толғап өлең.

Жыр жебеп, өзің демеп, кірдім барып,

Баяғы хандар кірген Ордаға мен.

Бабамның ұқпақ болып мұң, арманын,

Беттерін шежіреңнің мың аудардым.

Білмеймін, күтті ме, әлде күтпеді ме?

Туар деп орнынан ол бір аунар күн.

Іргеңнің кеткен өзі тасын құйып,

Кім одан заманында асырды иық?

Саған да, сені ашқызған бабама да,

Мың мәрте еттім тағзым басымды иіп!

Құт қонып, кие дарыған Бөкей ордасында білім мен ғылымның, өркениет пен мәдениеттің дәнін сеуіп отырған Жәңгір мектебі туралы ақыннан асырып не айтуға болады?!

Қазыбай БОЗЫМОВ,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы,

профессор


Өрт қауіпсіздігін сақтау басты назарда!

Күні: , 29 рет оқылды

img_5913


Биыл өткен жылмен салыстырғанда төтенше жағдайлар салдарынан адам өлімі көбейген. Былтыр төтенше оқиғалардан төрт адам қаза тапса, биыл жеті адамның өмірі қиылған. Осыған орай  қалалық басқарма және аудандық төтенше жағдайлар бөлімдері мен өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлері тұрғын үйлерді аралап,  газ, электр құралдарын тексеріп, түсіндіру жұмыстарын күшейтуде.


Бұл туралы сейсенбі күні Қазақстан орталық коммуникациялар қызметі облыстық филиалының алаңында өткен баспасөз брифингінде облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Таубеков хабарлады. Сондай-ақ брифингке  өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы Ерлан Төрегелдиев, Орал қаласы төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Мәрлен Сәрсенғалиев қатысып,  алдағы жылыту маусымына дайындалу және өрт қауіпсіздігі шаралары туралы баяндады.

— Бүгінгі таңда  қалалық басқарма және аудандық төтенше жағдайлар бөлімдері қызметкерлерінің күшімен және өрт сөндіру бөлімдерінің жеке құрамымен 9953 тұрғын үйге түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде газ жабдықтарын, электр жылыту құралдарын, жылыту пештерін пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігін сақтау туралы жадынамалар таратылды. Осы кезге дейін 1100 адамның қатысуымен 28 жиын өткізіліп, өрттің алдын алу мақсатында 84 дәріс оқылды. «Сити Центр» ойын-сауық орталығының басшысымен бірлесіп өрт қауіпсіздігі тақырыбында бейнебаяндар көрсетілді. Сонымен қатар төтеншеліктермен бірге сауда үйі әкімшілігімен «Қауіпсіздік әр үйге» акциясы өткізілді. Саяжай серіктестеріне, ПИК төрағаларына және Орал қаласы бойынша маршрут автобустарына қызмет көрсететін автокөлік кәсіп-орындарына жадынамалар жолданды. Әсіресе, әлеуметтік бейімделмеген азаматтардың және тұрмысы төмен отбасылардың да мекенжайлары назардан тыс қалмай, олардың тұрғылықты жерлері бойынша 30 рейд ұйымдастырылды. Өйткені көп жағдайда өрттің тұтануына ішімдік ішіп, бейәдеп қылықтар жасайтын адамдар кінәлі болып жатады. Сондықтан оларға ескертулер жасалуда. Бұл іс-әрекеттің барлығы жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп жүргізіледі, — деген Нұрлан Сейдаханұлы, өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда, биыл өңірде тіркелген өрттің саны 163-ке азайып, 441-ді құрағандығын, алайда 9 айдың ішінде тілсіз жаудың кесірінен 7 адамның құрбаны болғанын атап өтті. Сондықтан басқарма басшысының айтуынша, қайғылы жағдайлар қайталанбас үшін төтеншеліктер қауіпсіздік жөніндегі шараларын күшейткен.

Брифинг соңында жиынға қатысушылар журналистердің сауалдарына жауап берді.

Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»

Суретті түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Пробация қызметіне өзгерістер енбек

Күні: , 35 рет оқылды

pri_9652


Облыстық әкімдіктің кіші залында «Үкімет ашық диалогта» айдарымен «Пробация туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне пробация мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын талқылаған дөңгелек үстел өтті.


Облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов жүргізген жиынға БҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің, сот пен прокуратураның, өзге де мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

— Бүгінгі жиынымызда бір ғана мәселе талқыланбақ. Еліміздің ішкі істер министрлігінде «Пробация туралы» заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу бойынша жобалар жасақталуда. Бұл Елбасымыздың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 33-қадамы аясында атқарылып жатқан істердің бірі. Осы заң жобасына қатысты ақылдасып, өз ұсыныстарымызды Ішкі істер министрлігіне жіберу – бүгінгі жиынымыздың басты мақсаты, — деді Марат Лұқпанұлы.

Жиында БҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіндегі пробациялық қызметке жетекшілік ету бөлімінің бастығы Мәриям Якубова «Пробация туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне пробация мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымын жасады. Оның айтуынша, жаңа заңнамадағы пробация қызметіне айтарлықтай өзгерістер енгізілген. Мәселен, пробациялық бақылау шартты түрде сотталғандарға ғана емес, бас бостандығы шектелгендерге де жүргізілетін болады. Әкімшілік қадағалаудан босатылғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетілуіне ықпал жасау енгізілген. Сондай-ақ қылмыстық-атқару инспекциялары пробация қызметі болып қайта құрылған. Аталмыш заң жобаларын дайындау және оны Парламенттің қарауына беру мерзімі үстіміздегі жылдағы қазан айының алғашқы онкүндігіне белгіленген.

«БҚО балалар үйі және мектеп-интернаттары тәрбиеленушілері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алексей Жансейітов сотқа дейінгі пробацияның енгізілуіне қатысты түсініспеушілік пікірін білдірді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта сотталғандарға қатысты пробация қызметінің жұмысы тиісті деңгейде жолға қойылмаған. Алдымен сот ешкімнің ықпалынсыз өзінің әділ шешімін шығаруға тиісті. Айыпталушыны қорғау үшін адвокат бар. Бұдан өзге жиын барысында шектен шыққан азғындық әрекеттерімен айыпталғандар үшін пробация қызметі көрсетілмейтіні айтылды.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


«Қазақстаннан» Қазақстанға

Күні: , 43 рет оқылды

100-%d0%b6%d1%8b%d0%bb-%d0%be%d1%80%d0%b0%d0%bb-%d0%be%d0%bd%d0%b8%d1%80%d0%b8-%d0%bc%d0%b5%d0%bd-%d0%bf%d1%80%d0%b8%d1%83%d1%80%d0%b0%d0%bb%d1%8c%d0%b5


Кімге  міндет

Барлық мұхтаждық осы күні қазақдың басында: мұнда жер жоқ, мұнда ғылым жоқ, мұнда өнер жоқ. Осындай өздері мұхтаж, өздерінің және бұл мұхтаждықбен ісдері жоқ, рахат, һиш нәрсе ойламайды, ойламағансын жарлық да, надандық да білінбейді. Түсініселікші, осы мұхтажды қайғырту кімнің міндеті, һәр кімнің өзіне міндет бе: болмаса бұ халықдың да мұндай міндетді алуға лайықды адамдар бар ма?!. Меніңше, бұл міндет – шаруаның міндеті емес, бұл міндет – бас адамдардың міндеті, мұсылманша болсын, орысша болсын оқыған адамдардың міндеті.


Тауарихға қарасаңыз, халық басдан бұзылады, басдан түзеледі екен, дүниада өзі өзінен қарадан қараб түзеб ілгері кеткен халық жоқ, бәрі де бас адамдарының басшылық етіб, халқын қызғандықбен ілгері кеткен. Оңған халық айтады; «баласы уақытында атасы менен анасының баласы, балиғ болыб болғансын халқының баласы, отанның баласы» деб.

Халықдың баласы қанша болса да бар, мұнда шек жоқ, тек бірін бірі көре алмай біле алмай жүр.

Оу, халықдың баласы, отанның баласы! Қанша болсаңыз да, Алла риза болсын көрініб шығыңызшы, көрініб шықғаныңыз сол болсын, аты-жөндеріңізні жазыб, «Қазақстанға» жіберіңіз.

Күтіб қалушы

«Қазақстан»

Хабарлар

Трполидан келген депутат айтады: Трполи жителлары Италлианнанның еткен зорлығына һәм берген жәбіріне арланыб, бірден бірге дұшмандығын өсіріб тұр, аларның бұ күндегі хиалына қарағанда көрші түрік бітіседі, италиаланлар менен татушылығы болмаса керек, түбі өскен жері үшін қанын төгуге байланған көрінеді. Түрік менен мраблар 650 жыл керуен білан азық айғанлар.

Трполи қасындағы Сали базар деген жерде болған соғыста түрік пен ғараб ғаскерлері Италианларны берік тыңнан шығарыб, 4 чуламатларын және 2 қаруын алубды. Италиан тарафынан 100 кіші өлінді.

(«Қазақстан» газетінің 1911 жыл, 15 қараша күнгі №1 санынан)


Батыс Қазақстан облысы: Тәуелсіздік жылдарының жылнамасы

Күні: , 31 рет оқылды

%d1%82%d0%b0%d1%83%d0%b5%d0%bb%d1%81%d0%b8%d0%b7%d0%b4%d0%b8%d0%ba-25-kz


1992 жыл

30 ШІЛДЕ

Ақсай қаласында ҚР Энергетика және жылу ресурстары министрінің орынбасары Н. Бекбосыновтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Оған Бөрлі ауданының әкімі Қ. Төлебаев, Қарашығанақ газ өнеркәсібі басқармасының бас директоры С. Камалов, «Қарашығанақгазпром» концерні бас директорының орынбасары В. Нупов, «Интергазстрой» тресінің басқарушысы Н. Қуанышәлиев қатысты.

Баспасөз мәслихатында Қарашығанақ кен орнын одан әрі дамыту, аймақты абаттандыру мәселелері сөз болды. Бұл жұмысқа шетелдік мамандардың қызметін пайдалану қажеттігі айтылды.


1 ТАМЫЗ

Облыстық асыл тұқымды мал бірлестігінің бастамасымен, Жаңақала ауданының «Бірлік» асыл тұқымды мал зауыты базасында еділбай тұқымды жоғары класты қойды сатуға байланысты аукцион өткізілді.

Екі күнге созылған сауда бәсекесіне Павлодар, Торғай, Шымкент, Атырау өңірлері мен облыстағы он шақты шаруашылықтың өкілдері қатысты. 7070950 сом қаржыға 1517 қой сатылды. Әрбір қой шамамен 15 мың сомға өтті. Мамандардың айтуы бойынша, аукцион ойдағыдай болды, нәтижесінде шаруашылыққа үлкен кіріс кірді.

11 ТАМЫЗ

Орал қаласында Ресей Федерациясының Самара облысы және Батыс Қазақстан облыс басшыларының кездесуі болды. Оған Самара облыстық кеңесінің төрағасы О. Анищев және облыс басшысының орынбасары Г. Задыхин, біздің облыстан халық депутаттары облыстық кеңесінің төрағасы Н. Мордасов және облыс әкімінің бірінші орынбасары А. Есенғалиев қатысты.

Кездесу барысында екі жақтың өзара ынтымақтастығына қатысты біраз мәселелер талқыланды. Соның ішінде, Самара облысының жанар-жағармайды үздіксіз жеткізу жөніндегі келісімді жыл аяғына дейін орындау мәселесі қаралды. Батыс Қазақстан облысы өкілдері өз кезегінде құрама жем және астық өнімдерін жеткізетіндіктеріне кепілдік берді. Екі жақ алдын ала Самара және Орал қаласында екі облысаралық банк операциясын жетілдіру мақсатында корреспонденттік пункттер ашуға келісті. Сонымен қатар екі облысты жалғастыратын жол бойында МАИ қызметінің жауапкершілігін арттырып, ретке келтіруге қол жеткізді.

Екі жақ өкілдері ежелден қалыптасқан көршілік қарым-қатынасты жақсартып, адамдардың бір-біріне деген сенімдерін арттыру үшін экономикалық, сауда, мәдени байланысты кеңейтіп дамыту жөнінде пікірлерін білдірді.

17 ТАМЫЗ

Облыстық әскери комиссариатта жергілікті горнизон және азаматтық қорғаныс штабтары офицерлермен кеңес өтті. Онда ҚР Қорғаныс министрлігі кадрлар басқармасының бастығы С. Тауланов офицерлерге ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығымен тағайындалған облыстық әскери комиссар Г. Мұқатаевты таныстырды.

18 ТАМЫЗ

Елбасы егін орағын тікелей өзі бақылауына алып, республиканың әр аймағын аралап жүр. Осы мақсатпен Орал қаласына келген Президент әуежайдан бірден егінжайға жол тартты. Бірінші Теректі ауданының Аманкелді атындағы колхоздың егінжайына келді. Шаруашылықтың үшінші бригадасы алқабында болып, диқандардың тұрмысы, астық шығымдылығы, еңбекақы төлеу барысы туралы әңгімелесті. Комбайнмен егін орып жүрген Ақсуат орта мектебінің оқушылары Ерболат Омаров және Владимир Чистяковпен жүздесті. Егін орағы кезінде облыс бойынша олар сияқты көптеген оқушылар ел ырысын төкпей-шашпай жинап алуға көмектесуде.

Келесі кездесу Мичурин атындағы колхоздың егіс алқабында болды. Олар орта есеппен әр гектардан 20,5 центнерден өнім жинауда. Колхоз ұжымы қазірдің өзінде мемлекеттік тапсырысты орындады. Колхоз басқармасының төрағасы Виктор Нагурный, бригадир Валерий Чуприн, комбайнер Александр Булавинцев, тағы басқаларымен болған әңгімеде өтпелі кезеңдегі өткір проблемалар, ауыл шаруашылығын басқаруды өзгерту, жекешелендіру барысы туралы ашық-жарқын пікір алмасты.

— Жинаған астықтарыңыз өздеріңізге қаржы болып құйылады. Мемлекет бірде-бір тиындарыңызды шашу шығармайды. Астықты жоғары бағамен сатып, өздеріңізге қажетті, қазіргі заманғы ауыл шаруашылығы техникаларын сатып аласыздар, — деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Елбасы бұдан кейін Қарашығанақ кен орнына бағыт алды. Жолшыбай Бөрлі орман шаруашылығы тәжірибелік-өндірістік мекемесіне соқты. Мұнда да кәсіпорын ұжымы мен жергілікті тұрғындармен кездесті. Шарауашылық мәселесімен Бөрлі ауданында жүрген РФ Орынбор облысының Елек ауданының басшысы Павел Арьковпен емен-жарқын сөйлесті.

«Бөрлі» арнаулы шаруашылық бірлестігінің диқандары республика басшылығы жүргізіп отырған сыртқы және ішкі саясатын қолдайтындықтарын айтып, әлі де аграрлық секторға көбірек көңіл бөлу керектігін жеткізді.

 «Қарашығанақгазпром» мемлекеттік мекемесінің бас директоры Сухан Камалов ел Президентіне табиғат байлығын игерудің барысы туралы айтып берді. Мемлекет басшысы осында бірнеше жылдан бері жұмыс жасап жатқан «Брно» өнеркәсіп құрылысы» фирмасының директорының өкілі Вацлав Рогликпен әңігімелесті.

19 ТАМЫЗ

 Мемлекет басшысы мен Премьер-министр Сергей Терещенко Тайпақ ауданына барды. КСРО-ның 50 жылдығы атындағы совхоздың Қосмармақ қыстағында ауданның ақсақалдар алқасы мүшелерімен кездесті. Еңбек ардагері Тобанияз Табылдиев, шопан Ұзақбай Жұмашев және тағы басқалары шалғай ауылдың шешілмеген проблемаларын ортаға салды. Жергілікті тұрғындар ауыз су, азық-түлік тапшылығын сезінуде. Көлік қатынайтын жол жоқ. Бірақ мұның бәрі өтпелі кезеңдегі қиындық екенін жақсы түсінеді. Жалпы, ауыл тұрғындары республика басшылығының саясатын қолдайтындарын жеткізді.

19 ТАМЫЗ

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Оралда Башқұртстан Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Мұртаза Рахимов пен Татарстан Республикасының Президенті Минтимер Шаймиевпен кездесті.

Келіссөз барысында біріккен Комюнике қабылданды. Үш республика басшылары Абхазиядағы жағдайға байланысты мәлімдеме қабылдады. Содан соң үш ел басшылары баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

20 ТАМЫЗ

Облыс әкімі Нәжімеден Есқалиев ұлттық-мәдени орталықтар басшыларымен кездесу өткізді. Ол ҚР Президентінің облысқа сапарының қорытындылары және Қазақстан, Татарстан, Башқұртстан Республикалары басшыларының аймақтарды мекендеген халықтардың достығы мен байланыстарын нығайту туралы келіссөз туралы әңгімеледі.

21 ТАМЫЗ

Облыс орталығынан 30 шақырым жерде Жайық өзенінің жағасынан адамдардың сүйектері табылды. Бұл кімдердікі? Оны анықтау ісімен ұлттық қауіпсіздік органдары, прокуратура, ғалымдар айналысты. Профессор Г. Кушаевтың басшылығымен жұмыс жасаған ғалымдар бұл жерде 1937-1939 жылдардағы сталиндік қудалаудың құрбандары жерленгенін анықтады.

Соған орай қалалық зиратта жерлестеріміздің сүйектерін қайта жерлеу рәсімі болды. Оған қоғамдық ұйымдар мен еңбек ұжымдарының өкілдері қатысты.

25 ТАМЫЗ

Орал қаласында республикалық монополияға қарсы комитетінің көшпелі отырысы өтті. Онда шағын бизнес орталықтарын құру, кәсіпкерлікті қолдау, бәсекелестікті дамыту және сарапшылар кеңесін құру мәселелері талқыланды.

Отырыста республикалық монополияға қарсы комитеті төрағасының орынбасары Н. Ростовец, кәсіпкерлікті қолдау және бәсекелестікті дамыту қорының директоры М. Ержанов және аумақтық комитеттердің төрағалары сөз сөйледі.

28 ТАМЫЗ

Каменка ауданының аумағында Саратов облысы мен Батыс Қазақстан облысының өкілетті делегациялары кездесті. Саратовтық делегацияны облыс басшысы Ю. Белых бастаса, өңіріміздің құрамына облыс әкімі Н. Есқалиев жетекшілік етті. Екі елдің мемлекеттік жалауларымен безендіріліген қазақтың киіз үйі ішінде көршілер өзара экономикалық және мәдени ынтымақтастық, достық туралы келісімшартқа қол қойды.

7 ҚЫРКҮЙЕК

Париж – Москва – Пекин халықаралық трансконтинеталдық автомарафонға қатысушылар Қазақстан аумағына келіп жетті. Олар Каменка және Зеленов аудандары арқылы өтіп, Орал қаласының әуежай маңындағы тігілген лагерьге демалуға аялдады.

Бұл автомарофонның жалпы ұзындығы — 16042 шақырым. Бір апта ішінде Парижден Оралға дейін марафонға қатысушылар 8 мың шақырымдай жолды артқа тастады. Осылайша Орал қаласы бұл марафонның өзіндік экваторы болды.

8 ҚЫРКҮЙЕК

Орал қаласында Батыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстары тұрғындарын біріктіретін «Нарын» қоғамдық қозғалысының құрылтай конференциясы болып өтті. Оған қатысушылар сонау 1949 жылдан бері ядролық қаруларға жасалған сынақ облыс тұрғындарының саулығын нашарлатып, өңірде экологиялық ахуалды тығырыққа тірегенін ашына айтты. Олар аталған сынақ полигондарын жауып, өңірді экологиялық аймақ деп жариялау қажеттігін сөз етті. «Нарын» қоғамдық қозғалысының конференциясына қатысушылар ҚР мен РФ Президенттеріне үндеу қабылдады. «Нарын» қоғамдық қозғалысының Жарғысы бекітіліп, басқарма жетешілігіне К. Көбейсінов сайланды.

Жалғасы бар


«Ешкім далада қалмайды»

Күні: , 46 рет оқылды

20161004_134826


Ақсай техникалық колледжі жатақханасының ғимаратына биылғы тамыз айында «Құрылысконсалтинг» АҚ БҚО бөлімшесі техникалық тексеру жүргізген. Нәтижесінде ғимарат апатты жағдайдың V санатына жататыны анықталған.


Осыған орай жергілікті атқарушы билік тарапынан тиісті шаралар қолға алынуда. Яғни жатақхана тұрғындарын көшіру жөнінде түсіндіру жұмыстарын бастады. Соның нәтижесінде 16 отбасы өз бөлмелерін босатты. Бөрлі ауданының әкімі Алдияр Халеловтың төрағалығымен аудандық төтенше жағдайлар комиссиясының отырысы өтіп, онда жаңа жатақхана салу үшін жер телімі мен ғимараттың жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау үшін аудандық бюджеттен 18 млн. теңге бөлу туралы шешім қабылданды. Аудан әкімінің өкімімен жатақхана тұрғындарын көшіру комиссиясы құрылды. 3 қазанда 9 отбасы (29 адам) БСЖМ мен аудандық демалыс орталығы жатақханаларына көшуді бастады. Ал қалған тұрғындар үшін уақытша мекендеуге бос тұрғынжайлар іздестірілуде. 6 қазан күні Ақсай техникалық колледжінде осы тұрғындармен кездесу ұйымдастырылмақшы.

Айта кетейік, 1981 жылы салынып, екі жылдан соң пайдалануға берілген бес қабатты аталмыш жатақханада бүгінге дейін 76 отбасы тұрып келді. Тұрғындардың жалпы саны 200 болса, олардың 67-сі тіркеуде тұр. Мемлекеттік санитарлық және өртке қарсы қызмет органдарының талаптары бойынша облыстық ауданаралық экономикалық сотының 18.07.2003 жылғы және 03.02.2005 жылғы шешімдерімен бұл жатақхананың қызметі тоқтатылған болатын. Мерзімінің өтуіне байланысты бұл шешімдер күшін жойды. Өткен жылдан бері жатақханада колледж студенттері тұрмайды.

Жатақханадан қоныс аударатындарына риза болмаған он шақты тұрғын сейсенбі күні Оралға келіп, облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжановпен кездесті. Жатақхана тұрғыны Клара Түркенбаеваның айтуынша, олар 1998 жылдан бері осы ғимаратта тұрып келеді. Оны ертең жаңа қоныстанған жерге төлейтін төлем жағы мазалайды екен. Ал кезінде қызымен бірге жатақханаға тиісті жөндеу жүргізіп кірген зейнеткер Баян Жүнісова жергілікті атқарушы биліктің уақытша қоныстану үшін ұсынып отырған вахталық қалашыққа көңілі толмайды. Жатақханада он бес жылдан бері тұрып келе жатқан Нұрсұлтан Қажығалиев жатақхана ғимаратын жекешелендіруге жағдай жасауды сұрады.

— Сіздер жандарыңызға батқан мәселемен келіп отырғандарыңызды түсінемін. Өздеріңіз айтқан жайттың бәрі заң жүзінде шешілетінін мәлімдеймін. Ақсай техникалық колледжінің жатақханасын мен жақсы білемін. Кезінде облыстық білім басқармасының басшысы болған кезде онда бірнеше рет болдым. 2010 жылы барғанымда, жатақхананың жертөлесіне түстім. Ол жерге су жиналғанын көрдім. Соның себебінен болса керек, жатақхана ғимаратының бір жағы кішкене шөккені байқалды. 1-қабат пен 2-қабаттың арасындағы қабырғалардың тастары сол кезде үгітіліп жатқан еді. Қазір тіптен нашарлаған шығар. Мұның бәрі өте қауіпті. Сол кезде жатақхананың есігіне ілінген хабарландырудан ғимаратының апатты жағдайда тұрғандығы, сақтық шараларын сақтау керектігі туралы өзім оқыдым. Яғни бұл әңгіме бүгін туындап отырған жоқ.

Бұған қаражат бөлу жағын да қарастырғанбыз, алайда ғимарат апатты жағдайда болғаннан кейін ол мүмкін болмады. «Құрылысконсалтинг» компаниясының техникалық тексеру қорытындысы бойынша ғимарат апатты жағдайдың V санатында тұр. Яғни жағдай мәз емес. Сол себепті жергілікті атқарушы билік тарапынан жатақханадағы ахуалыңыздан төмен емес деңгейде жағдай жасалатын болады. Яғни басқа жатақханаға ма, тұрғынжайға ма, уақытша қоныс аударасыздар. Ешкім далада қалмайды, уайымдамаңыздар. Комиссия құрылып, бұл бағытта жұмыс істеп жатыр. Жалпы, бұл мәселе облыс әкімінің бақылауында тұр.

Егер сіздердің коммуналдық төлемге қаржыларыңыз жетпесе, қажет құжаттарды жинап, тиісті мекемелерге барып, материалдық көмек алуларыңызға болады. Жалпы, аудандық бюджетте тұрғынжайларды жалдау ақысы қарастырылған.

Жаңа жекешелендіру жөнінде сұрап жатсыңыздар, бұл ғимарат облыстық білім басқармасының теңгерімінде тұр. Ол Үкіметтің 24.10.2000 жылғы №1587 қаулысына сәйкес жекешелендіруге жатпайды. Себебі ол студенттерге арнап салынған жатақхана. Ал егер техникалық жағдайы жақсы, иесі жоқ отбасылық үлгідегі жатақхана болса, онда жекешелендіруге мүмкіндік туар еді.

Қазіргі таңда Бөрлі ауданының басшылығы сіздерге қандай ғимараттарды беру керектігін қарастырып жатыр. Бейсенбі күні кешкілік уақытта, яғни көпшілік жұмыстан келген соң өтетін кездесуде бұл мәселе өз шешімін табады деп ойлаймын. Онда тұрғынжайға қатысты әрбір отбасының жағдайлары жеке қаралатын болады, — деді Марат Лұқпанұлы.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал  өңірі»


Бұқаралық билікті күшейтуге қам жасалуда

Күні: , 80 рет оқылды

pri_9761


Елбасымыз «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында ауылдық округ, ауыл, кент, аудандық маңыздағы қала деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу қажеттігін атап өткен болатын. Қазіргі уақытта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасы қоғамда кеңінен талқылануда. Осы орайда кеше облыстық мәслихаттың мәжіліс залында аймақтық көшпелі кеңес өтті.


Жиынды облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева ашқан соң, ҚР Ұлттық экономика министрлігі өңірлік саясат, өңірлерді талдау және бағалау департаментінің директоры Жайық Шарабасов сөз  алды.

– Жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу үшін халықаралық тәжірибе ескерілуде. Сондай-ақ Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың тұжырымдамасына сәйкес қажетті шаралар алынуда. 2018 жылы екі мың тұрғыны бар, 2020 жылы барлық ауылдық округте жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті енгізіледі. Бұл бюджет салық түсімдерімен, айыппұлдармен және аудандық бюджет трансферті есебінен  толығатын болады. Жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджет шығысы он екі бағытта жұмсалады. Оның қатарында мектепке дейінгі ұйымды материалдық тұрғыда қамтамасыз ету, елді мекендерді абаттандыру, ауыз су нысандарының жабдықтарын және автожолдар құрылысын жүргізу, күтіп-ұстау енгізілген. Коммуналдық меншік тұтқасы қолына берілген ауыл әкімшілігі қаражатты жергілікті қауымдастық өкілдерінің келісімі арқылы жаратады. Жалпы, заң жобасы жергілікті өзін-өзі басқару органдарының экономикалық және қаржылық мүмкіндігін кеңейтуге, сол арқылы жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге, оған тұрғындардың ықпалын күшейтуге бағытталған, – деді ол.

Жиында ҚР Әділет министрлігіне қарасты Заңнама институтының жетекші ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының кандидаты Мереке Ғабдуалиев аталған тұжырымдама бойынша Еуропалық хартия үлгісі ұсынылғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар ауылдық округ, ауыл, кент, аудандық маңыздағы қала әкімдері аппаратының  жергілікті өзін-өзі басқарудағы орны, коммуналдық меншік маңызын айта келіп, алдағы уақытта қолданысқа енгізілген кезде кей мәселелердің туындау мүмкін екенін жасырмады. Мәселен, тұрғындарды айыппұлға тарту, оған жауапкершілікпен қарау тұрғысынан түсініспеушіліктер туындамас үшін алдымен құқықтық түсіндірме жұмыстары қолға алынғаны жөн.

Кеңесте Зеленов ауданындағы Переметный ауылдық округінің әкімі Аян Халауетдин 2014 жылы жергілікті өзін-өзі басқарудың арнайы шоты ашылғанын, содан бері жергілікті бюджет трансфертінен, жарнамадан және мемлекеттік мүлік есебінен (жалға беру) түскен 16 млн. 825 мың теңге кіріс қаржысының жұмсалу жайын баяндады. Оның айтуынша, оның ішінде 818 мың теңге елді мекенді абаттандыру және көгалдандыруға, 9 млн. 461 мың теңге көшеге шамдар орнатуға, 360 мың теңге оқушыларды тасымалдауға, 124 мың теңге тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар ол мемлекеттік сатып алу порталын жетілдіру керектігін жеткізді.

 Жиында біздің өңірмен қатар, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарынан келген аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдері ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Оларға министрлік өкілдері кеңінен жауап беріп, заң жобасы ҚР Парламенті Мәжілісінде тағы да талқыланатынын, соған орай ұсыныстарын жеткізетінін айтты.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Суретті түсірген Айбатыр НҰРАШ


Қазақстан-Ресей: Келісімдер көкжиегі

Күні: , 64 рет оқылды

62f679380495c40e00ab81f5f8ce196d


Астанада Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының өңіраралық ХІІІ форумы өтті. «Еуразия кеңістігіндегі көлік-логистикалық әлеуетті дамыту» тақырыбын қамтыған бұл форумның жұмысына қос мемлекеттің басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин қатысты.


Екі елге де пайдалы форум

Жалпы, мұндай тұрпаттағы кездесулер 2003 жылдан бері үзіліссіз, нақтылай айтқанда, жыл сайын екі елдің өнеркәсібі өркендеген өңірлерінде кезектесе өткізіліп келеді. Нәтижесінде екі елге де пайдалы, тиімді жұмыстар атқарылуда. Сондықтан да бұл алқалы жиынды Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасының нығая түсуіне жоғары деңгейде ықпалын тигізіп отырған беделді, салиқалы басқосу деп есептеуімізге әбден болады.

Қазақстан мен Ресей мемлекеттік органдарының, квазимемлекеттік сектор мен іскерлік ортаның 1300-ден астам өкілі бас қосқан, инвестиция және сауда-экономика саласындағы екіжақты ынтымақтастық аясын кеңейту жолдары қарастырылған бұл ХІІІ форум барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірінші кезекте Ресей Федерациясы еліміздің стратегиялық одақтасы және маңызды сауда-экономикалық серіктесі болып саналатынын атап өтті.

– Біз кең ауқымды бағыттар бойынша өзара тиімді іскерлік ынтымақтастықты жүзеге асырып келеміз. Оған осы өңіраралық форум да септігін тигізетін болады. Биылғы бірінші жартыжылдықта өзара сауда-саттықтың көлемі 6 миллиард долларға жуықтады. Сонымен қатар дағдарысқа дейінгі кезеңмен салыстырғанда бұл көрсеткіштің 30 пайызға төмендегені байқалады. Көп жағдайда оның қарқыны бәсеңдеуі сыртқы жаһандық ахуалдарға байланысты болып отыр, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Осы орайда Мемлекет басшысы екіжақты экономикалық ынтымақтастықты дамытуға серпін беру қажеттігін айтты.

– Бізде Ресеймен бірлескен 6 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс жүргізуде. Мұнай химиясы, тау-кен металлургиясы кешені сияқты көптеген салада екіжақты инвестициялық жобалар іске асырылуда. Қазіргі уақытта бізде құны 20 миллиард доллар болатын 60-тан астам жоба бар. Олардың іске асырылуына қолдау көрсетілетін болады, — деді Қазақстан Президенті.

Бұдан бөлек Нұрсұлтан Назарбаев өзара іс-қимыл аясын кеңейту үшін айтарлықтай әлеуеттің бар екеніне назар аударды.

– Біз Еуразиялық экономикалық одақ аясында жұмыс жүргізіп отырмыз. Еркін сауда жөнінде Вьетнаммен келісімге қол қойылып, осындай келіссөздер Қытаймен, Оңтүстік Кореямен және Сингапурмен жүргізіліп жатыр.

ЕурАзЭҚ-пен ынтымақтасуға Үндістан, Мысыр, Иран, Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығының мүшелері және басқа да елдер ниет білдіруде. Біз мақсатты түрде барлық өндірушілер мен инвесторлар үшін ортақ айқын ережелер қалыптастырудамыз. Қазақстанның экономикасына қаражат құя отырып, Ресей бизнесі мұнда өздерін «үйіндегідей» сезінетін болады. Еуропа мен Азия арасындағы қуатты көлік-логистика инфрақұрылымын қалыптастыру мәселесінде елдеріміздің ортақ мүддесі тоғысып жатыр, — деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев республикадағы инвестициялық ахуалдың жақсарып, экономиканың әртараптандырылуына күш-жігер жұмылдырылып жатқанына да назар аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев экономиканы жандандыру саласындағы, соның ішінде салық режімін ырықтандыру, ауқымды жекешелендіру ісінің келесі кезеңін жүзеге асыру және Астана мен Алматыда инновациялық екі кластер құру бағытында мемлекет қабылдап отырған шаралар туралы айтып өтті.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы алдағы уақытта «Астана» халықаралық қаржы орталығы құрылып, «ЭКСПО-2017: болашақтың энергиясы» халықаралық мамандандырылған көрмесі өтетінін еске салды.

Қазақстан — Ресейдің ең сенімді серіктесі

26cdaa40d6fbfeddd51896f75a1cc44bӨз кезегінде Ресей Президенті Владимир Путин қарқынды даму үстіндегі Астана қаласының талай игі істерге ұйытқы болып келе жатқанына тоқтала келіп, бүгінгі ауқымды шараның Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ұйымдастырылып отырғанына екпін берді. Сондай-ақ ол екіжақты дәстүрлі байланыстардың өз нәтижесін көрсетіп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, екі ел арасындағы экономикалық қатынастарды одан әрі дамыта түсуге мүмкіндіктер мол.

– Қазақстан — Ресейдің ең сенімді серіктес елі. Біздің елдердің экономикасы өзара бір-бірімен тығыз байланысқан. Ресей Қазақстанмен көпжоспарлы сауда және инвестициялық қарым-қатынасқа басымдылықпен қарайды. Біз өндіріс пен энергетика, ауыл шаруашылығындағы ауқымды жобаларды бірге жүзеге асырып жатырмыз. Технологиялық кооперацияны қолданып, ортақ көліктік инфрақұрылым құрылуда, – деді Ресей Президенті.

Одан әрі В. Путин Ресей үшін Қазақстанның ТМД мемлекеттері арасында екінші сауда әріптесі екеніне екпін түсірді.

– Қазақстанда бүгінде 9 млрд. доллар ресейлік капитал жинақталған. Ал Ресейге Қазақстаннан 3 млрд. доллар инвестиция салынған. Бірлескен 6 мыңнан астам кәсіпорын құрылған. Ең бастысы, экономиканың барлық секторларында бірлесе іс-қимыл жасау жүйелі жолға қойылған. Қазақстан Ресейдің ТМД елдері арасындағы сауда әріптестері ішінде екінші орын алады. Бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де ілгері жылжытуға әбден болады, – деді Владимир Путин.

Бұдан бөлек Ресей басшысы екі мемлекеттің өзара әріптестігін нығайта түсетін шаралар көп екенін, барыс-келіс пен ынтымақтаса жұмыс істеудің тәжірибесі мол екенін айта келіп, өткен жылдың өзінде Қазақстанға ресейлік кәсіпорындардың 150-ге жуық делегациясы іссапармен келгенін жеткізді. Ресей басшысының сөзіне қарағанда, екіжақты ынтымақтастықты ұлғайту мақсатында Ресей субъектілері мен Қазақстан әкімдіктері үлкен рөл атқарып отыр. Сонымен бірге ол Ресей мен Қазақстан Еуропа мен Азияның негізгі сауда жолында орналасқанын, сондықтан осы мүмкіндікті орнымен пайдалану қажеттігін жеткізді. Осы орайда В. Путин бұл бағыттағы жұмыстарды тиімді жүзеге асыру үшін көліктік инфрақұрылымды бірлесіп құрып, дамыту керектігін атап өтті.

Сөзінің соңында В. Путин Қазақстан мен Ресей ынтымақтаса жұмыс істеуін жалғастыра беретін болса, соның нәтижесінде екі елдің де ұлттық экономикасы ілгерілеп, халықтарының тұрмысы жақсара түсетініне сенім білдірді.

Көлік саласы – экономиканың қозғаушы күші

Бұдан кейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин екі елдің мемлекеттік органдары мен іскерлік орта өкілдері жиналған пленарлық отырысына қатысты.

Жиында Мемлекет басшысы осындай пішімдегі жыл сайынғы кездесулердің екіжақты қарым-қатынасты дамытуда зор маңызы бар екендігін атап өтті.

– Бүгін біз күн тәртібіне көлік пен логистиканың өзекті мәселелерін шығарып отырмыз. Қазақстан мен Ресейге тән ортақ ерекшелік – олардың аумағының кеңдігі мен географиялық орны. Осыны бәсекелік тұрғыдағы артықшылыққа айналдыра білу керек. Атап айтқанда, біздің елдер транзиттік тасымал саласында зор әлеуетке ие. Бұл бағытта біздер бәсекелес емес, стратегиялық әріптес екенімізді ерекше атап айтқым келеді. Сондықтан көлік-логистика жүйесін бірлесе дамыту қажет. Көлік саласы екі ел экономикасы өсімінің қозғаушы күшіне айналуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақтың бүгінгі таңда Ұлы Жібек жолын жаңғыртудың негізгі буыны болып отырғанын айтты.

– Экономикалық саясатымызды үйлестіру қажеттігі туралы таяуда өткен G20 саммитінде де айтылды. Дәл осы іс-шарада біздің «Нұрлы Жол» инфрақұрылымдық бағдарламамыз бен Қытайдың «Жібек жолының экономикалық белдеуі» атты бастамасын ұштастыру жоспарына қол қойылғаны да бекер емес. Біз жобаларды Ресеймен қатарласа отырып, бірлесе жүзеге асырғанымыз дұрыс болар еді, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті еліміз жүзеге асырған, халықаралық көлік дәліздерінің конфигурациясын оңтайландыруға мүмкіндік берген ірі инфрақұрылымдық жобаларға тоқталды.

– Бірін-бірі толықтыратын түрлі бағдарлар түзілді. Соның барлығы халықаралық транзитті теңізден құрлықтағы бағдарларға қайта бейімдеуге тиіс. Бұл орайда күш-жігерімізді жұмылдырып, осы бағыттағы жұмысымызды үйлестіру қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы форум барысында талқыланған мәселелерді ескере келіп, екі ел үкіметіне көлік-логистика жүйесін дамыту жөніндегі іс-қимылды үйлестіру жұмыстарын күшейту жөнінде тапсырма беруді ұсынды.

– Жүк тасымалының, ең алдымен транзиттің көлемін түбегейлі өзгерту үшін барлық жағдайды жасау қажет. Әкімшілік рәсімдерін оңтайландыру керек, өзара сауда-саттық барысында рәсімдердің барынша жариялылығы мен рәсімдеудің жеңіл болуы қажет. Сондай-ақ Ресейдің көлік инфрақұрылымына қолжетімділік мәселесі де қозғалды. Осыған байланысты тиісті мемлекеттік органдардың аталған мәселелерді өзара тиімді негізде шешкені маңызды, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев біріккен көлік-логистика компаниясының қызмет аясын кеңейту қажеттігін айтып, Еуразия Даму банкі жұмысының аспектілеріне де тоқталып өтті.

Соңында Мемлекет басшысы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне дайындық барысында Ресейдің бірқатар өңірімен меморандумдарға қол қою жоспарланып отырғанын еске салды.

– Форум аясында «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» акционерлік қоғамы мен Омбы, Түмен, Астрахан, Свердлов және Орынбор облыстарының, Алтай және Татарстан республикаларының басшылары арасында меморандумға қол қойылатын болады. Көрмеге 5 миллионнан астам адам келеді деп жоспарланып отырғандықтан, логистиканың дұрыс жолға қойылуы маңызды, – деді Қазақстан Президенті.

Ынтымақтастықта өңірлердің рөлі жоғары

Президент Владимир Путин өз сөзінде Ресейдің Қазақстанмен көп жоспарлы сауда және инвестициялық қарым-қатынасын дамытуға басты назар аударылатынын жеткізді.

– Елдеріміздің экономикасы бір-бірімен өзара тығыз байланысты. Біз өнеркәсіпте, энергетикада, ауыл шаруашылығында ауқымды жобаларды бірге іске асырудамыз. Технологиялық кооперацияны тереңдетіп, ортақ көлік инфрақұрылымын салып, нығайтудамыз. Екіжақты ынтымақ-тастықты кеңейтуде өңірлер ең белсенді рөл атқарады, – деді Ресей Президенті.

Сондай-ақ В. Путин көлік қызметі нарығын дамыту мәселесінің өзектілігін атап өтті.

– Ресей мен Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы негізгі сауда жолы тоғысында орналасқан. Бізде ортақ кедендік шекара бар және теміржол мен автокөлік жолдарының тармақталған желісіне иелік етіп, тасымалдаудың жоғары деңгейдегі қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз, — деді Ресей көшбасшысы.

Сонымен бірге Ресей Президенті көлік-логистика саласы үшін мамандар даярлауда өзара іс-қимылды күшейтетін бірқатар халықаралық көлік жобаларына елдеріміздің бірлесе қатысуына назар аударды.

Соңында В. Путин Нұрсұлтан Назарбаевқа Ресей тарапының «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі жұмысына белсене қатысатынын және оның бағдарламасындағы 100-ден астам іс-шараны бірге ұйымдастыруға дайын екенін жеткізді.

Іс-шара қорытындысы бойынша көптеген құжаттарға қол қойылды.

Осылайша форум жұмысы табысты аяқталды. Жиын барысында мемлекеттер басшыларының келісімімен Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының өңіраралық XIV форумы Челябі қаласында өтетін болып ұйғарылды.

 («Егемен Қазақстан»,

№190, 5 қазан 2016жыл)

%d0%ba%d0%be%d0%bb%d0%b3%d0%b8%d0%bd%d0%be%d0%b2-%d0%b0%d1%81%d1%82%d0%b0%d0%bd%d0%b0Өз кезегінде сөз алған Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов былай деді:

— Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Владимир Владимирович, біздің облыста Ресей өңірлерімен ынтымақтастық белсенді түрде дамып келеді. Біздің облыс Ресей Федерациясының бес аймағымен 1,5 мыңнан астам шақырым шекаралас орналасқан. Екі ел арасындағы тауар айналымы осы жылдың өзінде 200 миллиард теңгені немесе 40 миллиард рубльді құрап отыр.

Өңірде 160 кәсіпорын ресейлік қаражаттың қатысуымен жұмыс жасап отыр және туризм саласы белсенді түрде дамып келеді.

Бұл жерде бір ұсыныс жасағым келіп отыр. Біздің өңір аумағында 25 бақылау-өткізу пункттері орналасқан. Олардың біреуі  әуе кемесінің, екеуі теміржол, алты автомобиль және 16 жеңілдетілген  бекеттер. Екі ел интеграциясын жақсарту мақсатында  біздің тұрғындардың өтініші бар. Облыстың оңтүстік аудандарындағы екі бекеттің мәртебесін жеңілдетілген өткізу бекетінен гөрі автомобиль бекетіне ауыстырса деген ұсынысым бар. Ол — Қазталов ауданы мен Саратов облысының Александров Гай ауданы арасындағы және Бөкей ордасы ауданы мен Астрахан облысының Ахтуба аудандары арасындағы бақылау-өткізу бекеттері. Бұл мәселені сол өңірдегі әріптестеріміз — облыс губернаторларымен бірнеше мәрте талқыладық. Осы жағдай оңтайлы шешімін тапса, екі ел арасындағы тауар айналымы мен тұрғындардың өзара қарым-қатынасының жақсартуына жол ашар еді.


Өзендерге су жіберілуде

Күні: , 35 рет оқылды

img_2123


Жақында Қазталов ауданының әкімі Нұрлан Бекқайыр, аудандық мәслихат хатшысы Еркін Ғазизов  Бостандық, Қараөзен, Көктерек, Жалпақтал  ауылдық округтеріндегі Қайып, Қазталов-2, Қаракөл, Автобаза және тағы да басқа су қоймаларын аралады.


Бастауын Ресейден алатын Қараөзен мен Сарыөзен өзендеріне қазіргі таңда су жіберілуде. Осыған орай аудан басшылығы жіберіліп жатырған суды тиімді пайдалану, бөгеттердің суды тиісінше жіберуі секілді жұмыстардың жай-жапсарын қарап, су қоймаларының жағдайымен танысты.

— Жалпы, ауданымыз биыл судан таршылық көрген жоқ деп айтуға негіз бар. Шабындықтар мен мал жайылымының шөп шығымы да ойдағыдай болды. Енді келер жылы да судан таршылық көрмеу үшін өзендерге  жіберіліп жатырған суды тиімді пайдалана білуіміз керек, — деді аудан әкімі Нұрлан Мағазұлы жұмыс сапары барысында.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ,

Қазталов ауданы


Тасқа басылған нәрсе ешқашан өшпейді

Күні: , 49 рет оқылды

img-20161005-wa0000


Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің шыға бастағанына 100 жыл  толуына орай журналистика, филология және тарих факультеттері студенттері мен магистранттары арасында арнайы байқау жарияланған болатын.


Байқаудың мән-маңызы, шарттары туралы кеңінен түсінік беру мақсатында «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Жантас Сафуллин Астана қаласындағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Отырар» кітапханасында  журналистика, тарих факультеттерінің студенттерімен және магистранттарымен кездесу өткізді.

Кездесуді әдебиет тарихшысы, филология ғылымдарының докторы, профессор, алаштанушы, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы кіріспе сөз сөйлеп ашты.

—  «Ұран», «Дұрыстық жолы», «Хабар-Известия», «Қазақ дұрыстығы» кітаптары тарихымыздың өте бір дұрыс кезеңін көрсетеді. Бұл еңбектердің ішінен барлық ғылым өкілдері өздеріне керегін табады. Жинақтардың маңыздылығы – тасқа басылған нәрсенің ешқашан өшпейтіндігінде. Кітаптың қадірі кітапханада тұрғанда білінеді. Бұл жинақтар – біздің кітапханамыз үшін үлкен олжа, баға жетпес байлық. Сондықтан кітабын арқалап келіп, бізді рухани байытып кеткені үшін Жантас Набиоллаұлына студенттердің, университет басшылығының атынан зор алғыс айтамын.

— Құрметті студенттер, бұл кітаптар сіздерге үлкен ой тастауы тиіс. Әр өлкенің, әр облыстың өз газеті бар. Күні ертең оқу бітіріп, қызметке араласқанда, барған басылымдарыңның тарихын зерделеп, кітап етіп шығаруға еңбектенеді деп сенемін. Ендеше, қазірден бастап бәйгеге қатысып, бақтарыңды сынауға мүмкіндік туып тұр, — деген Дихан Қамзабекұлы сөз кезегін Жантас Сафуллинге ұсынды.

— 2017 жылы Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің шыға бастағанына 100 жыл толмақ. Бұл басылымдар бастауын 1917 жылы 28 шілдеде бұрынғы Хан ордасы қаласында шыққан «Ұран» газетінен алады. Кейіннен «Хабар-Известия», «Қазақ дұрыстығы-Киргизская правда», «Дұрыстық жолы», «Қызыл ту» т.б. болып атауы сан өзгерген бұл газеттерде қазақ баспасөзін қалыптастырушы қайраткерлер Ғұмар Қараш, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Ахмет Мәметов, Халел Есенбаев, Нұғман Манаев  т.б. сынды Алаш арыстары қызмет еткен.

100 жылдықты мазмұнды қарсы алу мақсатындағы жұмыстарымызды біз ең алдымен газеттердің тарихын зерттеуден бастаған едік.

Тынымсыз ізденіс пен ерен еңбектің нәтижесінде біз газеттеріміздің алғашқы сандарын Мәскеудің, Санкт-Петербургтің мұрағаттарынан тауып, олардың көшірмелерін елге әкеліп, Қазақстан мұрағаттарындағы сандарын да жинақтап, араб қарпінен қазақ тіліне аударып, кітап етіп басып шығардық.

Бүгінгі таңда медиахолдинг жанынан құрылған баспасөзді зерттеу орталығында облыстық қос басылымның бір ғасырлық тігіндісі жинақталып, электронды және қағаз бетіндегі нұсқалары дайындалуда.

Алғашқы боп жарық көрген «Қазақстан» газеті. 1911-1913» (2012) және «Ұран» газеті. 1917-1918» (2013) кітаптарының таныстырылымын бұған дейін дәл осы жерде өткізген болатынбыз. Міне, бүгін сіздерге қазақ баспасөзінің тарихынан сыр шертетін «Хабар-Известия», «Қазақ дұрыстығы-Киргизская правда», «Дұрыстық жолы» кітаптарын әкеліп отырмын, — деген  Жантас Набиоллаұлы кітаптарды кітапхана меңгерушісінің орынбасары  Жанар Мамаеваға табыс етті.

Бұдан кейін ғасырлық торқалы тойға жүргізіліп жатқан дайындық жұмыстарын тілге тиек еткен медиахолдинг басшысы қолға алынып жатқан шараларға кеңінен тоқталды.

— Газеттердің логотиптері мен дизайны  жаңартылды, оқырманмен тікелей байланысуға мүкіндік беретін арнайы WhatsApp нөмірі іске қосылды. Жаңалықтарды аудионұсқа, бейнежаңалық түрінде www.zhaikpress.kz сайтында жариялай бастадық.

Сонымен қатар Ғұмар Қараштың екі томдық шығармалар жинағын, қос басылымның деректіжылнамалық жинағын, «Тәуелсіздік жылнамасын» шығаруды, республикалық ғылыми-практикалық конференция, Қайрат Жұмағалиев атындағы шығармашылық байқау т.б. шараларды өткізуді жоспарлап отырмыз.

Осынау шаралардың ішінде өздеріңіздей студенттер мен магистранттардың арасында жарияланған арнайы байқаудың орны бөлек.  Мақсатымыз — қазақ баспасөзінің даму тарихы тақырыбын насихаттау, осы мәселеге жас ғалымдардың көңілін аударып, қызығушылығын арттыру, ЖОО басшыларының, тиісті кеңестердің назарын қазақ баспасөзі тарихына бағыттау, сол арқылы қазақ баспасөзі тарихын, оның ішінде Қазақстанның батыс өңірінде шыққан басылымдардың даму жолын, баспасөз бастауында тұрған тұлғалардың өмір жолы мен қызметін студенттердің курстық, дипломдық және магистрлік зерттеу жұмыстары тақырыбына айналдыруға ықпал ету.

Байқауға еліміздің барлық жоғары оқу орындарының студенттері мен магистранттары қатыса алады. Байқауға жіберілетін жұмыстарға қойылатын талап – жоғары оқу орнындағы курстық, дипломдық және магистрлік зерттеу жұмыстарымен бірдей. Қазылар алқасы жүлдегерлерді анықтаған кезде, соны тақырып, тың зерттеулерге басымдық береді. Ең үздік курс жұмысына – 50 мың, ең үздік диплом жұмысына – 100 мың, ең үздік магистрлік жұмысқа 150 мың теңге көлемінде жүлде тағайындалған.

Байқауға арналған жұмыстар 2015_kb@mail.ru электронды поштасына 2017 жылдың 30 маусымына дейін қабылданады. Байқау қорытындысы 2017 жылдың 28 шілдесі қарсаңында қорытындыланады. Қазақ баспасөзінің тарихы сіздер сияқты білімпаз жастардың ғылыми-зерттеу нысанына айналады деген үміттемін, — деп сөзін аяқтаған Жантас Набиоллаұлы кездесуді ұйымдастыруға қолдау білдірген университет басшылығына алғыс білдірді.

Келесі кезекте «Дала уәлаяты», «Қазақ» газеттерін құрастыруға еңбек сіңірген Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика және саясаттану  факультетінің  деканы, профессор  Қайрат Сақтың пікірі де жастарға үлкен ой тастап, жаңа биіктерге жетелегендей әсер қалдырды.

— Газет тарихын зерттеудің нәтижесінен елдің, жеке тұлғалардың тарихы шығады. Тәуелсіздік алғаннан кейін төңкеріске дейінгі шындықты айтуға мүмкіндік алдық. Батыстағы әріптестеріміздің ізденісімен кітап болып шыққан мына газеттер алғаш рет ғылыми айналымға еніп тұр. Бұл дегеніңіз – кітаптағы әрбір мақаланы оқып, талдап, терең зерттеп, ондағы құндылықты, тарихи деректерді халыққа жеткізу. Бұл кітаптарға тек тарих деп қарамауымыз керек, олардың бүгінімізді танып, болашағымызды болжау үшін де маңызы зор. Өткен жолы «Қазақстан» газетімен қауыштыңыздар. Бұл құнды еңбектер халқымыздың жоғын бүтіндеп жатыр деп ойлаймын.

Қазіргі таңда үлкен жұмыстың бастауында тұрмыз. Әлі зерттелетін тақырып көп. Бір байқағаным, сол кездегі қаламгерлердің көпшілігі бүркеншік атпен жазған. Бұған сол заманның саясаты мәжбүр еткен. Шығармаларын, мақалаларын зерттеу арқылы біз үшін жұмбақ болған сол есімдердің кім екенін анықтау – басты парызымыз.

Биылғы дипломдық жұмыстардың, магистрлік диссертациялардың тақырыптары бекітіліп қойылды. Алайда ІІІ курс студенттері мына тақырыптарды курстық жұмыс ретінде алып, әрі қарай дипломдық жоба, диссертациялық тақырып етіп алып кетсе, маңызы зор болар еді.

Ресейлік архивтерден қолымыз жетпей, таба алмай жүрген құнды дүниелерді, қазақтың жалпақ тілімен айтсақ, көктен тілегенімізді алдымызға әкеліп беріп отырғаныңыз үшін алғысымды айтамын.

Ұлт үшін жасап жатқан қызметтеріңіз жалғасын таба берсін! Мұраларымызды тауып, бізге жеткізіп келе беріңіздер. Газеттеріңіздің 100 жылдық тойына біздің факультеттің жас зерттеушілері де үлес қосады деп ойлаймын, — деді әдебиет тарихшысы.

Тағылымды кездесу соңында сөз алған «Егемен Қазақстан» газетінің бөлім редакторы, жазушы Сүлеймен Мәметтің кітаптағы тарихи деректердің құндылығын, оны одан әрі зерттеу қажеттігін атап айтқаны жиналған жастарға жаңа міндет жүктегендей болды.

— Біз кейде «тарихты тасқа жазған халықпыз» деп Күлтегіннің ескерткіштерін айтып жатамыз. Сонау Мәскеудің, Питердің архивтерінен әкелінген мына кітаптар да – тасқа жазылған тарихтың тағы бір көрінісі. Өз басым осы кітаптардың ішінен қазақтың жоғалып кеткен, ұмытылған керемет құдіретті сөздерін таптым. Ғұмар Қараш қолданған сөздердің көпшілігін біле бермейміз.

Заңғар жазушымыз Әбіш Кекілбаевтың «Тәуелсіздік алдық деп біреуіміздің шалқайып, біреуіміздің қайқайып жүруге қақымыз жоқ. Тәуелсіздік үшін қызмет етуіміз керек!» — деген сөзі бар. Ғылым дегеніміз де – ұлтқа қызмет ету деген сөз. Өйткені ғылымы дамыған ел ғана алға шыға алады! – деді ол.

Айгүл  АХМЕТОВА


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика