Мұрағат: 03.10.2016


Ел есіндегі еңселі тұлға

Күні: , 294 рет оқылды

img_5629


«Ұрпақ ұлыларды ұмытпайды», міне, осындай ортақ атаумен өткен сенбі, жексенбі күндері көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Ықсановтың туғанына 90 жыл толуына орай облыс орталығы мен Жәнібек ауданында мерейтойлық шаралар өтті. М. Ықсанов кезінде Қазақ КСР Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары және әр жылдары Жамбыл, Қызылорда, Орал облыстарын басқарып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосқан қайраткер тұлға.


Ол үкімет басшысының орынбасары ретінде кезінде республикамызда қалалық елді мекендердің кең қанат жайып, гүлденуіне, өнеркәсіптің өркендеуіне, сондай-ақ Алматы қаласын селден қорғау құрылымдарының қалыптасуына, ал еліміздің жоғарыда аталған үш облысын басқарған кезде ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласына қоса, суландыру жүйесінің күрт дамуына тікелей ықпал етті. Сол себепті ел есіндегі еңселі тұлға Мұстақым Біләлұлы Ықсановтың өмірге келгеніне 90 жыл толуына орай облыс орталығы мен Жәнібек ауданында өткен мерейтойлық шараларға Жайық жұртының ықыласы ерекше болды. Мерейтойлық салтанатқа облыс жұртшылығымен қатар, ҚР Парламентінің депутаттары, М. Ықсановтың қарындасы Хашия және қызы Гүлнәр қатысты (Өздеріңізге мәлім, Гүлнәр Мұстақымқызы Ықсанова бүгіндері ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты). Мерейтой барысында ғылыми-танымдық конференция, Ықсановтың өмірі мен қызмет жолынан мол мағлұмат беретін қос кітаптың таныстырылымы өтті. Осы шараларға облыс әкімі Алтай Көлгінов  қатысып, сөз сөйледі.

Сенбі күні Орал қаласында өткен шаралар 1975-86 жылдары М. Ықсанов обкомның бірінші хатшысы болып қызмет істеген кезде облыстық партия комитеті, ал бүгінгі облыстық мәслихат ғимаратының қабырғасына орнатылған ескерткіш тақтаны ашудан басталды.

— Кеңес одағы кезінде көп мәселе тек орталық арқылы ғана шешілетін. Бірақ Мұстақым Біләлұлы қажет кезде батыл шешім қабылдай алатын қайраткерлердің қатарынан еді. Ол — Орал өңірінде құрылыс саласы мен суландыру жүйесін дамыту бойынша айшықты қолтаңбасын қалдырған тұлға. Байырғы Оралдың бүгінгідей гүлденген қалаға айналуы, суландыру жүйесінің жақсы жолға қойылуының арқасында жайылым мен шабындық мәселелері оң шешім тауып, Ақ Жайық атырабында асыл тұқымды мал шаруашылығының жаппай ілгерілеуі Мұстақым Ықсанов бастап, жасампаз еңбекке жұмылған аға толқынның еңбек майданындағы еңселі биігі, асқаралы асуы. Асыл ағаның ел есінде қалуы да өзі талай іргелі іске ұйытқы болған жасампаз еңбегінің нәтижесі, — деді өңір басшысы салтанатты шарада. Облыс әкімі Алтай Көлгінов пен ҚР Парламентінің депутаты Гүлнәр Ықсанова ескерткіш тақтаны ашу рәсімін жасады. Ел-жұрттың назары еңселі тұлғасы сәтті мүсінделген М. Ықсановтың жарқын бейнесіне ауды. Іле-шала ескерткіш тақта алды гүл шоқтарымен көмкерілді. Қарымды қайраткердің қызы Гүлнәр Ықсанова әкесі туралы тағылымды естеліктерге ерік беріп, Мұстақым Біләлұлына құрметі еш кемімейтін Жайық жұртына шынайы ризашылығын білдірді. Облыс орталығындағы еңселі білім ошағы №36 орта мектепке М. Ықсанов есімінің берілгеніне де біраз жылдың жүзі болды. Мерекелік шара осы оқу орнында жалғасты. Осы мектептің алдында, М. Ықсановтың мүсіні жанында өткен шарада Мұстақым Біләлұлының қарындасы Хашия Сырғабекова ағасының есімін құрметтеп, ұлықтаған еліне және мектеп ұжымына алғыс айтты. Облыс әкімі А. Көлгінов және Г. Ықсанова бастаған топ қайраткер тұлғаның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етіп, аталмыш білім ошағындағы М. Ықсановқа арналған көрмемен танысты. Олардың қатарында ҚР Парламентінің депутаттары Бірғаным Әйтімова, Зағипа Бәлиева, Гүлжан Қарағұсова, Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев,  Жамбыл, Атырау, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан келген меймандар да болды.

Облыстық қазақ драма театрында әуелі облыстық тарихи-өлкетану музейі қорынан алынған М. Ықсановтың өмірі және еңбек жолы туралы сыр шертіп, мағлұмат берер суреттер мен құжаттар қойылған көрмені тамашалаған жұртшылық содан соң «Ұлы тұлға» және «Ғасырдың асылы» атты қос кітаптың тұсаукесеріне қатысты. Бұл шара «Ұрпақ ұлыларды ұмытпайды» атты республикалық ғылыми-танымдық конференцияға ұласты. Облыс әкімі Алтай Көлгінов ашып, жүргізіп отырған конференцияда өңір басшысы баяндама жасап, Мұстақым Біләлұлының жасампаз еңбек жолын айшықты мысалдармен жұрт жадында жаңғыртты.  Ал сенатор Бірғаным Әйтімова тағылымға толы естелік өрбітті.  «Қазақстан РТРК» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары, М. Ықсанов туралы «Ғасырдың асылы» атты кітаптың авторы Қайнар Олжай  Мұстақым ағамыздың әкесі соғыстан оралмаса да, атасының көп жыл қамқорлығында болып, ұлт рухымен суарылған адам екеніне айрықша мән берді. Әрі асыл аға атасын қария өмірден өткенше қасынан тастамапты. Атасы ұдайы намаз оқып, қасиетті ислам дінінің жоралғыларын қатаң ұстанса да, немересінің мансаптық өрлеуіне еш кедергісі болмаған. Қызылордада күріш шаруашылығына қатысты ғылыми-зерттеу институтын ашқан, жер сілкінуден күйзелген Тараз қаласын екі рет көтерген, өзге де қыруар еңбегі бар Мұсекеңді ұлтының ұмытуы мүмкін емес.

Тіпті оған көршіліс өзбек ағайындар да көшенің атын берген екен.

ҚР мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері Жамбыл облыстық кәсіподағы комитетінің төрағасы, Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Оңласын Есіркепов облыс әкімі Алтай Көлгіновке Жайық жұртшылығы үшін сый-кәде ретінде әкелген жүз жасаған Жамбыл бейнеленген кілемді сыйға тартты. Ал Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы Наурызбай Байқадамов Сыр елінің ықыласын жеткізіп, жерлестері атынан Қорқыт бабаның портретін ұсынды. Оңтүстік Қазақстан облысы мақта шаруашылығы тарихы музейінің директоры Асқар Тәжібекеев, Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсенбаев, Қазақстан халқы ассамблеясы облыстық бөлімшесі жанындағы аналар кеңесінің мүшесі Роза Көжекова Біләлдің Мұстақымы туралы ғибратты естеліктер тиегін ағытты. Осы жиын барысында М. Ықсанов атындағы қоғамдық қордың төрағасы Асқар Атаев Мұхтар Әжіғұлов, Хамза Сафин, Роза Көжекова, Рахметолла Егізбаев сынды ардагерлерді мерейтойлық медальмен марапаттады. Мұндай марапатқа ие болғандардың арасында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев және біраз жыл Мұстақым Біләлұлының кіндік қаны тамған ауыл-аймағы Жәнібек ауданының әкімі болған, қазір Теректі ауданының әкімі Мұрат Мұқаев секілді атқамінер азаматтар да бар.

Бұдан соң жұртшылық облыстық қазақ драма театрына жиналып, Мұстақым Біләлұлының өмірбаяны мен еңбек жолы негізінде құрастырылған «Туған жердің түтіні» атты бейнебаянды тамашалады. Бейнебаяннан туған еліне еселеп еңбегін сіңірген тау тұлғалы азаматтың ғибратты ғұмырына қанығасыз. Сонымен қатар бір кездері Ықсановтың өзі басқарған өңірлердің қазіргі басшыларының бейнебаянда бедерленген ой-пікірлері де қайраткердің еліне сіңірген өлшеусіз еңбегін жарқырата түседі.

Шара  «Ел есінде – ер Мұстақым» атты концерттік бағдарламаға ұласты.

Серік ИХСАНҒАЛИ,

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

%d0%b0%d1%81%d0%ba%d0%b0%d1%80-%d0%b0%d1%82%d0%b0%d0%b5%d0%b2Асқар АТАЕВ,

М. Ықсанов атындағы қоғамдық қордың төрағасы:

— Осыдан 11 жыл бұрын жастарға Мұстақым Ықсановтың өнегелі өмірі мен жасампаз еңбек жолын насихаттау мақсатында қоғамдық қор құрдық. Соңғы 7 жылда Мұстақым Біләлұлының  қайраткерлік  тұлғасын ұлықтау мақсатында облыс көлемінде 16 шара ұйымдастырылды. Биылдың өзінде М. Ықсановқа арналып, үлкенді-кішілі оқу орындарында танымдық-тағылымдық біраз шара өтті. Олардың қай-қайсысына да жұртшылық көптеп қатысты.

Ал жалпы, биылғы мерейтойлық шараларды өткізу үшін дайындықты былтыр ақпан айында бастадық. Батыс Қазақстан облысының сол кездегі әкімі Нұрлан Ноғаевқа кіріп, жоспарымды көрсеткенде, ол кісі бірден мақұлдаған болатын. Бұл жоспарымызды қазіргі облыс басшысы Алтай Көлгінов те құптап, шараның ойдағыдай өтуіне бастан-аяқ қолдау танытты. Мерейтойлық жоба-жоспарымыздың өтуіне қаржылай қолдау танытып, демеушілік көрсеткен Лиана Тұрсынова, Әлібек Сыдықов, Валентина Михно, Қайдар Қосжанов сынды кәсіпкер жерлестеріме үлкен ризашылығымды білдіремін.

 ***

dsc_0052Ақ Жайық өңірінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Ықсановтың 90 жылдық мерейтойы өзінің кіндік қаны тамған ауыл-аймағы Жәнібек ауданының орталығында да тойланды.

Мұстақым Біләлұлының мерейтойына Жәнібек жұртшылығы тайлы-тұяғына дейін қалмай қатысты десек, артық айтпаспыз. Шара барысында Жәнібек колледжінің алдында қайраткердің мүсіні ашылды. Салтанатты жиынға облыс әкімі Алтай Көлгінов, Мұстақым Ықсановтың қызы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлнәр Ықсанова және ҚР Парламентінің депутаттары Бірғаным Әйтімова, Рашит Ахметов, Гүлжан Қарағұсова, Шафхат Өтемісов, сонымен қатар кезінде Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында қайраткермен қызметтес болған ардагерлер мен елімізге танымал біраз тұлға қатысты. Алғаш болып сөз алған облыс әкімі Алтай Көлгінов шараның мән-маңызына тоқталып, ел-жұртқа игі тілегін арнады.

— Құрметті халайық! Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сара басшылығының арқасында Тәуелсіз Қазақстанды барша әлем танып, мойындады. Тәуелсіздігіміздің биыл атап өтілетін ширек ғасырлық мерейтойында қол жеткен табысымыз мол. Осы жылдар ішінде тек облысымыздың аумағында 59 мектеп, 40-қа жуық балабақша салынып, пайдалануға берілді. Жолдар салу жұмыстары да жүйелі жалғасын табуда. Жәнібекте де бүгінгі таңда жол салынып жатырғанына өздеріңіз куәсіздер. Осындай игі істердің барлығына да тұрақтылықтың, халықтың бірлігінің нәтижесінде жетіп отырмыз. Жерлесіміз Мұстақым Ықсановтың мерейтойы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық торқалы тойымен тұспа-тұс келуімен барлығыңызды шын жүректен құттықтаймын. Қашанда өткенге салауат айтып, болашаққа аманат жүгін қалдырған халықпыз. Ел мүддесі үшін тынымсыз еңбек етіп, ортақ мақсатқа жету жолында бар күш-қайратын жұмсаған азаматтарды ел-жұрты ұмытпай, мәңгілік есінде сақтайды. Соңына өшпес із қалдырған қайраткер тұлғалардың бірі Мұстақым Біләлұлы Ықсанов екендігі хақ. Осыдан тоқсан жыл бұрын Жәнібек ауданында өмірге келген Мұстақым Ықсанов барлық саналы ғұмырын халықтың игілігіне жұмсап, елінің жарқын келешегіне арнады. Ол — өзінің өнегелі өмірімен, жасампаз еңбегімен, ұлтжанды мінезімен ел жадында мәңгілік қалған тұлға. Мұстақым Біләлұлы біздің облыстың өркендеуіне, жаңаша дамуына, облыс жұртшылығының берекелі де бақуатты өмір сүруіне айрықша еңбек сіңірді. Жайық өңірінің ырыс-берекесінің артуына тікелей ықпал жасады. Бүгін міне, осындай абзал азамат Мұстақым Біләлұлының есімін ұлықтау үшін аудан орталығындағы Жәнібек колледжін М. Ықсановтың атымен атап, оқу орнының алдында мүсінін ашып отырмыз. Мұның өзі ел өзінің азаматының қадірін, оның елге сіңірген еңбегінің бағасын білгендігінің белгісі, — дей келе, облыс басшысы жиналған қауымды мүсіннің ашылуымен құттықтады.

Салтанатты шарада ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова, Жәнібек аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманкелді Уәлиев сөз алып, облыс, аудан жұртшылығының қайраткерге көрсеткен құрметіне ризашылық білдірді.

Өңір басшысы Алтай Көлгінов пен Мұстақым ағамыздың қызы Гүлнәр Ықсанова қайраткер тұлғаның мүсінін салтанатты түрде ашқан соң гүл шоқтары қойылды. Жиналғандар бұдан әрі мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Ықсановтың есімі берілген колледж ғимаратына еніп, оқу орнының тыныс-тіршілігімен танысты. Қайраткерге арналған өлеңді мәнерлеп оқыған осы колледждің шәкірті Рауан Болатовқа Алтай Сейдірұлы мен Гүлнәр Мұстақымқызы өте разы болып, жас дарынның қолын алып, лебіздерін білдірді. Бұдан әрі меймандар Мұстақым Біләлұлына арналған көрмені тамашалап, ардақты азаматтың атындағы сыныпты көріп шықты.

Қарымды қайраткердің мерейтойына арналған мерекелік шаралар түстен кейін дала қызықтарымен жалғасты. Аудан орталығының солтүстік-батыс беткейінде орналасқан алаңда 8 киіз үй тігілген. Ауылдық округтер мен аудан орталығындағы мекемелердің мұрындық болуымен құрылған киіз үйлерде меймандар мен Жәнібек жұртшылығына қазақ халқының меймандостық салтына сай дастарқан жайылып, ас мәзірі тартылған. Көп кешікпей дала қызықтары да басталды. Шара басталар алдында шаршы топтың алдында сөз сөйлеген аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин еліміздің Тәуелсіздік алғанына 25 жыл толу мерейтойына арналған шаралар аудан бойынша бекітілген жоспарға сай өтуде екендігін, бүгін сол жоспардың ауқымында жерлесіміз, мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Ықсановтың 90 жылдығы аталып өтуде екендігін айтып өтті.

img_9286Шарада алдымен халқымыздың ұлттық ойындарының бірі аударыспақ сайысы болып, мұнда бірінші орынды жәнібектік Алмат Оразбай жеңіп алса, екінші, үшінші орындар да тиісінше Мирас Берікбаев, Мейірім Меңдіғалиев секілді жерлестеріміздің қанжығасында кетті. Қыз қууда да жерлестеріміз Марина Жанапанова мен Ғалым Мақсоттың мерейі үстем болды. Теңге ілу ойынында да Ертай Жұмабаев, Әлімжан Мамаев, Мирас Берікбаев сияқты жәнібектіктер сәйкесінше жүлделі орындарды иемденді. Ал үш шақырымдық тай жарысында болашақта аламанда шабатын жас тұлпарлар бағын сынады. Бір айналымдық үш шақырымға шапқан тұлпарлардың сайысында жәнібектік Мерей Исиннің тұлпары бірінші, көршілес Қазталов ауданының Көктерек ауылынан келген Еркенже Егінбаевтың аты екінші, қазталовтық Әділбек Айтболатовтың жүйрігі үшінші орынға ие болды. Сол сияқты бозкілемде қазақ күресінен белдесу қызу жүріп жатты. Бұл ұлттық сайысты тамашалап тұрған жұртшылықтың қарасы да өте көп. Бірнеше сағатқа созылған палуандар белдесуінің нәтижесінде «Түйе палуан» атағын жәнібектік Ниязбек Оңайәлиев жеңіп алды. Екінші, үшінші орындарды сәйкесінше жәнібектіктер Сырым Байысов, Тұрарбек Мырзағалиев иеленді.

Ал 30 шақырымдық аламан бәйгеге ауыздығымен алысқан 35 сәйгүлік қатысты. Бәрі де нөмірленіп, қаз-қатар сапқа тұрған. Бағы да, бабы да келіскен сәйгүліктің ғана көмбеге бірінші келері анық. Бәйге барысында алғашқы айналымда топтала шапқанымен, одан кейінгі айналымдарда біртіндеп аралары сирей берді. Ақыр соңында алғашқы айналымдарда-ақ алдына қара салдырмай баққан Тайпақ ауданынан келген «Наурыз» атты Ермұхан Балғабайдың сәйгүлігі көмбеден бірінші болып өтті. Одан кейін Орал қаласынан Дастан Тұржановтың тұлпары өтті желдіртіп. Үшінші болып жәнібектік Мерей Исиннің арғымағы өте берді. Бас бәйгеге жеңіл автокөлік, екінші орынға мотоцикл, үшінші орынға тоңазытқыш тігілді. Аламан бәйгенің жеңімпаз-жүлдегерлеріне салтанатты жағдайда сыйлықтары тапсырылды. Алдында айтылған тай жарысы және ұлттық ойындарда алғашқы сатылардан көрінгендерге де арнайы сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ волейболдан өткізілген жарыста көршілес Ресейдің Волгоград, Саратов, Волжск, Николаевка, Красный Кут қалаларынан және өзіміздің Орал қаласынан, Бөкей ордасы, Жәнібек аудандарының командалары қатысты. Алыстан ат арылтып келген Волжск қаласының волейболшылары жүлделі бірінші, Орал қаласының ойыншылары екінші орын алса, Жәнібек ауданының волейболшылары үшінші орынды місе тұтты.

Мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Біләлұлының Жәнібектегі мерейтойы кешкісін орталық алаңда аудандық мәдениет үйі мен облыстық филармония әншілерінің тартымды концертіне ұласты. Мерейтой жұлдызжауынмен мәреге жетті.

Нұрымбек ЖАПАҚОВ,

Жәнібек ауданы

img_5716Гүлнәр ЫҚСАНОВА,

 ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

— Әкемнің өмірден озғанына биыл 25 жыл. Оның жарқын бейнесін еске алып, құрмет көрсетіп жатырған жәнібектік жерлестерге мың да бір рақмет! Әкемнің басты мақсаты халқына қалтқысыз қызмет ету болды. Бала кезімде оны үйден сирек көретінмін. Ол үнемі ат үстінде жүрді. Елімнің еркіндігін көрсем екен деген әкемнің ең ізгі арманы осыдан 25 жыл бұрын ақиқатқа айналды. Біздің ендігі міндетіміз — Отанымыздың тәуелсіздігі мен мемлекеттілігін нығайта түсу.


Ұлт-азаттық көтеріліске 100 жыл

Күні: , 32 рет оқылды

img_5095


Қазақ даласында жалындап өткен ұлт-азаттық көтеріліске биыл 100 жыл толды. Тарих бетіне қанды әріппен жазылған осы арпалыс жайында қаншама көп жазылса да, әлі де көмескі қалған тұсы көп. Таяуда Ж. Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада атаулы күнге арналған «1916 жыл: ұлт-азаттық көтерілістің ақтаңдақтары мен себептері» атты дөңгелек үстел өтті. Оған ғалымдар, мектеп ұстаздары, студенттер және кітапхана ұжымы қатысты.


Басқосуды ашқан кітапхана директорының орынбасары Сара Кенжебаева күн тәртібіндегі мәселенің тек тарих қана емес, ұлттық рухтың қалыптасуы мен сақталуы үшін де маңызын айта келіп, сөз кезегін тарихшы ғалымдарға берді. БҚИТУ-дың оқытушысы, ғылым кандидаты Самат Құрманәлин ең алдымен аталмыш көтерілістің тарихи тағылымын атап өтті. Орыстың соңғы патшасы Екінші Николайдың 1916 жылғы «бұратана» ұлттардан сол кезде жүріп жатқан бірінші дүниежүзілік соғыстың тыл жұмысына адамдар алу жөніндегі жарлығы — көтерілістің себебі емес, түрткісі іспеттес. Қазақ ұлтының ғасырлар бойғы кемсітушілік пен отарлық езгіге қарсы ашу-ызасы шиқандай жарылып, сыртқа шықты. Сонымен қатар қазақтан басқа, ұйғыр, өзбек, қырғыз, түрікпен сынды бауырлар да қолына қару алып, кейде қарусыз да қарсылық көрсетті. Алайда қазақ жеріндегі көтеріліске тең келе алған жоқ.

— Әдетте 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі десек, бірден есімізге Торғай және Жетісу өңіріндегі жанкештілік түседі. Дұрысында, байтақ еліміздің барлық аймағында дерлік, көтеріліс деңгейіне жетпесе де, дүмпулер аз болған жоқ. Көптеген қазақ зиялылары ел-жұрттың қолына қару алып, көтеріліске шығуын мақұлдамады. Өйткені есепсіз адам шығынынан, әсіресе, жазықсыз әйел, бала-шаға, кәрі-құртаңның қырылып қалуынан сақтандырды. Өкініштісі сол, кейін солай болды да. Бір жылдай уақытқа созылған көтерілістің нәтижесінде 900 мың қазақ қаза тапты немесе бас сауғалап, Қытайға, көршілес түркі бауырларына көшіп кетіп, паналады. Әрине, ұлт-азаттық көтерілісін мүлдем нәтижесіз деуге болмайды. Сол кездегі ресми билік қазақ даласынан майданның қара жұмысына 500 мың ер-азаматты алуды жоспарласа, іс жүзінде 280 мың адамды «қанағат» тұтты. «Бала өлгенше, шал өлсін!» деген ел арасындағы ұран сол жылдары халық арасында кеңінен қолдау тапты. Бізді қынжылтатыны — осы аса маңызды тарихи оқиғаның күні бүгінге дейін Отанымызда кеңінен атап өтілмеуі. Әзірге тек Торғай мен Жетісу өңірінде көтеріліске қатысты мазмұнды шаралар жүріп жатыр, — деді сөзін түйіндеген Самат Құрманәлин.

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың тарихшы ғалымы, ғылым кандидаты Есқайрат Хайдаров мазмұнды әңгімесінде 1916 жылы жазда өңірдің Бөрлі мен Орда, Шыңғырлау аумағында болып өткен толқуларға тоқталып өтті. Жымпиты өңірінде де қарсылық болғаны туралы деректер бар. Бірақ патша жарлығына қарсы Жайық өңіріндегі бой көтеру хақында тиянақталған толымды ғылыми еңбек әлі жоқ. Тек академик тарихшы Т. Рысбековтің көлемді туындысы мен Ғ. Қарабалиннің мақаласынан басқа тұшымды зерттеу болмай отыр.

— Соның өзінде біз қазір тек аудан ғана емес, Орал қаласының іргесіндегі Барбастау, Тихомиров сынды елді мекендерде де бой көрсету болғанын біліп отырмыз. Ал Орда, Жаңақала аумағындағы халықтың наразылығын Сейітқали Меңдешев пен Исатай батырдың немересі Өтепқали Дінбаянұлының басқарғаны күні бүгінге дейін кеңінен танылмай келеді. Сондықтан төл тарихымыз, соның ішінде 1916-1917 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі әлі де насихатқа ділгер, — дейді Е. Хайдаров.

Ал облыстық дін істері басқармасының бөлім басшысы, тарихшы С. Ғиззатовтың айтуынша, жаратылысынан еркіндік сүйгіш болғаны үшін және орыс тілін білмегендіктен, патша қазақтан әскерге адам алмаған. Әйтпесе, татар және башқұрт ағайындар ғасырлар бойы патша әскерінде болды ғой.

Әрі қарай ғалым Шыңғырлау өңіріндегі қарсылықты Б. Сарбалаев басқарғанын, бой көтерушілер қара жұмысқа алынатындардың тізімін сұрағанда, бергісі келмеген болысты өлтіргенін тілге тиек етті. Алайда соңынан Мордвинов жетекшілік еткен жазалаушылар келіп, бәрін қуып, сегіз адамды дарға асқан. Ал С. Меңдешев Астрахан түрмесінде жатып шықты. Соның өзінде өңірде қара жұмысқа алынуы тиіс 50 мың қазақ жігітінің 35 мыңы ғана еріксіз батысқа аттанды. Кәнігі тарихшы аталмыш тақырыпқа әлі күнге дейін жас ғалымдардың мойын бұрмай отырғандығына қынжылыс білдірді. Әрі жыл сайын 25 маусым күнін 1916 жылғы ұлт-азаттық кө-терілісінің басталуы мерзімі ретінде мемлекеттік деңгейде атап өту жөніндегі ұсынысын айтты.

Серік  ЫҚСАНҒАЛИ,

 “Орал өңірі”


Абыройға бөлене бер, азамат!

Күні: , 44 рет оқылды

%d2%9b%d2%b1%d1%81%d0%b0%d0%b9%d1%8b%d0%bd-%d0%b0%d2%93%d0%b0%d0%b9


Адам баласы өмірде жемісті, табысты ғұмыр кешуді әрі бақытты болуды армандайтыны шындық. Дегенмен жемісті еңбек етіп, жан-жақты жетістікке қол жеткізгендерді бақытты десек, қателесуіміз мүмкін. Себебі жетістік пен бақыт егіз ұғым емес.


Еңбекте жеміске қол жеткенімен, жеке бастың бақытына қол жеткізе алмағандарды көріп жүрміз. Солай бола тұра, жетістік пен бақыттың арасында бір байланыс барын жоққа да шығара алмаймыз.

«Жетістік – адамның қалағанына қол жеткізуі, ал бақыт — қол жеткізгенін қалауы» деген тәмсіл бар. Бақыт та еңбегімен көгеріп, ертеңіне ұмтылғандарға үйір. Сонда ғана соңында жарқын із қалады, айналасына нұрын шашады.

Мақаланың кейіпкері, менің досым Құсайын Бақтиярұлы — еңбегімен қоса адамгершілік қасиетімен, басқаның қайғысына қайғырып, қуанышына қуана білетін, көпшіл, спортқа, әсіресе, қазақ күресіне, қазақтың ұлттық ат спортына, сөз өнері мен айтысқа жанашыр болуды және соған жөн сілтеп, өзіндік ойын айта білер, сын көзбен қарап, саралай білетін дәрежедегі азамат.

Кейде адалдық, адамдық, біреудің жетістігіне қуана білу алдыңғы буын мен біз қатарластардың бойында ғана тұмардай сақталып қалған ба деген ойда боламын. «Өмір – күрес» деген сөзге мен түбегейлі қарсымын, жоқ жерден жаға жыртысып, бірін-бірі аңдып, қызылкөзденіп, өмірді күреске айналдыруға болмайды. Мен айтар едім, өмір – еңбек. Күреспей-ақ үнсіздікпен атақ-даңқ өзі келеді. Есігі емен, көңілі бірде шөл, бірде көл, ат шаптырым кабинеттердегі үлкен бастықтарды жағаламай-ақ, өзіндік дәрежесі бар, ортасында ағайын-тума, достардың арасында өзіндік орны бар Құсайын — қарапайым жүргізушіден басшылық деңгейге көтерілген азаматтардың бірі.

Құсайын алғашқы еңбек жолын сол уақыттағы «22-партсъезд» кеңшарында 1972 жылы жүргізушіден бастады. Кейін 1973-1975 жылдары Кеңес әскері қатарында болды. 1975-1980 жылдары сол кеңшарда жүргізуші болып еңбек етті. 1980 жылдан бастап аудандық тұтынушылар мекемесінде дайындаушы, 1984 жылдан аудандық тұтынушылар одағында автобаза директоры болды. Әрине, білім керектігін түсініп, 1984-1986 жылдары Оралдағы кооператив техникумын, 1989-1994 жылдары Мәскеудің сауда университетін бітіріп, экономист мамандығын алып шықты.

1990-1995 жылдары аудандық тұтынушылар одағында басшының орынбасары болып қызмет атқарғанда Бұлдырты ауылдық сауда бөлімінің басшысы болғаны, әсіресе, адамдармен қоян-қолтық жұмыс жасауда көп көмегін тигізді.

1995 жылдары Орал қаласына қоныс аударып келгесін «Бекбау» жеке кәсіпорнын басқарып, 2000-2002 жылдары «Казвторчермет» мекемесінде басшылық қызмет атқарды. Ал 2002 жылы «Алим Транс Контракт» ЖШС-ын құрып, осы мекеменің гүлденуіне, облыстағы іргелі кәсіпорынға айналдыруда өзіндік үлесін қосты. «Алим», «КСС» мекемелерін дамытуда, жұмысын жолға қоюда аутокөлік саласын басқара отырып, сан салалы үлкен компанияға айналдыра білді.

«Нан болса, ән де болады» деген Брежнев заманында өскен ұрпақ болсақ та, «Ән болса, нан да болады» деген ұғымға жүрегі бұрыңқырайтын Құсахаң өнердің жанашыры. Облыстың өнерсүйер, өнерлі жандары — Құсайынға өте жақын адамдар.

«Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, спорт, әсіресе, қазақ күресі түрі — Құсайынның сүйетін өнері. Астанаға дейін барып, қазақ палуандарын тамашалаумен қатар, сыни тұрғыда саралап, өз ақылын айтудан жалыққан емес.

Кейіпкерімнің жақсы көретін тағы бір өнері – ұлттық ат спорты. Жай жақсы көріп қана қоймай, осы саланың облыстағы бірден-бір жанашыры болып жүр. Тәубешіл, ырымшыл халықпыз ғой, көз тигенге сенетін Құсайынның ұл-қызы туралы көп нәрсе айтпай-ақ қоялық. Тәрбиелі, өздеріне сын көзбен қарайтын, білімді, кәсіпкер, тамаша ұрпақ өсіріп отыр менің досым.

Адам бір мақсатпен мағыналы өмір сүруге тырысады. Сол үшін жоспар құрады. Жоспарсыз бір нәрсе бар, ол – өзіңнің сүйген жарыңа ұнатып қосылу. Жақсы көріп қосылу мәңгі. Жоспармен, есеппен қосылған жұбайлардың ерлі-зайыпты өмірі көбіне ұзақ болмайды немесе азаппен өтері даусыз. Есеппен емес, сүйіп қосылған Құсайынның сүйген жары Мәрзия – адал сүт емген жанның бірі. Адал жар, құрсақты ана, қонақжай, көпшіл, дастарқаны кең, тамағы нәрлі, қазақ әйелдерінің эталоны деуге болады. Қай уақытта да тамағы әзір Мәрзия ағайын-тумаға сыйлы, қуаныш пен қайғысына ортақтасуы Құсахаңа пара-пар.

Намазы бұзылмаған, оразасы үзілмеген, Алланың сүйген құлы, мекемесінің абыройлы басшысы, немерелерінің сүйікті атасы, адал жар Құсайын Бақтиярұлы Бақтияров 63-ке, яғни пайғамбар жасына келіп отыр. Зейнеткерлікке шығуы, шартты меже ғана. Еңбек майданында әлі алар асуы бар екендігі шүбәсіз. Сондықтан абыройлы еңбек ете бер дегім келеді.

Мүт-Әлі ТӨРЕҒАЛИ,

Сырым ауданы


Тоқсан бестің төрінде

Күні: , 38 рет оқылды

dsc_0045


Соғыс және еңбек ардагері Рафхат Ғалимуллин жуырда өзінің 95 жасын қарсылады.

Бүгінде Орал қаласында тұратын қарияны Ақжайық  ауданының әкімі Әділ Жоламанов арнайы барып құттықтады.


Жаңақала ауданында дүниеге келген Р. Ғалимуллин еңбек жолын Жәнібекте мұғалімдіктен бастайды. Ұлы Отан соғысы кезінде алғы шептегі атқыштар батальонында штаб басшысы, кейін 36-шы Қызыл тулы Неман корпусында байланыс офицері ретінде талай қанды майдан жорыққа қатысты. Ал бейбіт кезеңде Ордадағы әскери комиссариатта, орта мектепте қызмет істеді. Рафхат Ғалимоллаұлының бұдан кейінгі еңбек жолы Ақжайық ауданында аупартком хатшысы, халықтың бақылау комитетінің төрағасы қызметтерінде жалғасып, қарымды істерімен халық құрметіне бөленді. Бертін келе аудандық газетте көп жыл редакторлық қызметте болып, журналистика саласына да сүбелі үлес қосты.

Аудан басшысы ғұмыры ғибратты абзал жанға игі тілегін арнап, оған және зайыбы Роза Есмағұлқызына естелік сыйлықтар тапсырды. Биыл жұбайлық өмірлеріне 70 жыл толған қариялар еліміздегі ынтымақты өмірге ризашылықтарын білдірді.

Шынар  АБЗАЛ,

Ақжайық  ауданы

Суретті түсірген Нұрбек ИХСАН


Шаһар басшысының марапаты

Күні: , 39 рет оқылды

img_5489


Орал қалалық әкімдігінде Қала күні мен Еңбек күнін қорытындылаған  іс-шара өтті. Оған қала әкімі Нариман Төреғалиев қатысты.


— Елбасымыздың 2013 жылғы Жарлығына сәйкес жыл сайын Еңбек күні аталып өтіледі. Шаһарымыздың көркеюіне барынша атсалысып, еңбек етіп жүрген азаматтарымыз аз емес. Барлығы да мадақ пен марапатқа лайықты. Қала күнінде де өз үлестеріңізді қостыңыздар. Еңбек еткен адамның әрдайым еңбегі бағалатынын осы шарада көрсеткіміз келеді, — деген қала әкімі Нариман Төреғалиұлы «Үздік еңбек әулеті» байқауының «Өндіріс» аталымы бойынша Павлычевтар әулетін, «Кәсіпкерлік» аталымы бойынша Шаховтар әулетін, «Көлік» аталымы бойынша Сәтбаевтар әулетін, «Денсаулық сақтау» аталымы бойынша Мұқан-бетқалиевтар әулетін, «Білім және ғылым» аталымы бойынша Траисовтар әулетін, «Құқық қорғау органдары» аталымы бойынша Сейітжановтар әулетін марапаттады.

Сондай-ақ қала имиджін қалыптастыруға үлес қосқаны үшін және қаланың үздік логотипі байқауында жеңімпаз атанған Наталья Дурманова мен бейнеклип жасаушы Максим Кулов марапатқа ие болды. «Жасыл қала» байқауының «Үлгілі аула» аталымы бойынша «Жамбыл» пәтер иелері кооперативі мен БҚО әкімдігі білім басқармасының «Облыстық экологиялық-биологиялық орталығы» МКҚК «Үздік мекеме» деп танылды. «Үздік жеке үй» аталымы Мақсот Бергенге бұйырса, «Өндірістің үздік жас маманы» болып Ербол Бертілеуов анықталды. Ал «Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері» аталымы бойынша Сергей Катиба шаһар басшысының қолынан сыйлық алды.

— Мекемеміз құрылыс саласы бойынша қызмет етеді. Компаниямызда жеңіл көліктерден бастап, құрылыс техникасына дейін 1000-нан астам техника бар. Ұжымымызда 1500 адам қызмет жасайды. Қалалық әкімдіктің қолдауымен марапатқа ие болып жатқанымызға қуаныштымыз, — дейді «Uniserv» ЖШС-ның бас директорының бірінші орынбасары Дінмұхамбет Сәтбаев.

Шара барысында өткен концерттік бағдарламаға көрермендер қошеметін білдіріп отырды.

Темірболат  ӘНУАРҰЛЫ


Қазан айы қандай болмақ?

Күні: , 56 рет оқылды

611


— Ауылда мал бағып, ауа райының «қас-қабағын» аңдитын шаруа адамын  күздің қандай болмағы қызықтырады. Сондықтан атам қазақ бозқырау деп атайтын биылғы қазан айы қандай болмақ? Осыны ауа райын зерттеушілерден біліп берсеңіздер екен.

Айбек САТЫПАЛДЫҰЛЫ,

Теректі ауданы


Дәулет ОРАЛЫМБЕКОВ,

«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының директоры:

— Қазан айының бірінші онкүндігінде түнге қарай -3 градус аяз, +2 градус жылы болады. Ал күндіз +2,+7 градус, кей жерлерде -12 градусқа дейін төмендейді. Одан әрі қарай ауа райы жылынады. Түнге қарай 2-7 градус жылы, түнде 8-13, кей жерлерде 18 градусқа дейін жоғарылайды. Қазанның екінші онкүндігі де осындай құбылмалы: түнге қарай +6,+11, күндіз 12,17, кей жерлерде 22 градус жылы. Айдың үшінші онкүндігінде ауа райы өзгермелі, айдың соңына қарай -3 градус аяз, +2 градус жылы, күндіз 7,12 градус жылы болады.

Ай ішіндегі жауын мөлшері қалыпты және қалыпты мөлшерден жоғары болмақ. Кей жерлерде қарлы жаңбыр, тұман болуы ықтимал, айдың ортасынан бастап батыс, шығыс бөлікте жел күшейіп, 15-20 м/с.-ге жетеді. Өткен жылдың қыркүйегімен салыстырғанда, биыл осы айда Оралда жауын екі есеге көп жауды. Жауын-шашынның ең көп мөлшері Жымпитыда (104 мм), онда 6,5 есеге көбейген. Ал ең аз жауған Жаңақазан ауылында (19 мм). Жаңбырдың жиілігінен биыл облыс аумағындағы ылғал қоры өткен жылғымен салыстырғанда 49 есеге жоғары.


Міндетті медициналық сақтандыру жайын түсіндіруде

Күні: , 39 рет оқылды

med-saktandyru-318x219


Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыруды жүзеге асыру жөніндегі республикалық штабтың мүшесі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Құрал Құрақбаев «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында Орал қаласының тұрғындарымен кездесіп, міндетті медициналық сақтандыру туралы ақпараттық-түсіндіру  жұмысын  жүргізді.


«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 80-қадамын іске асыру шеңберінде Елбасының бес институционалдық реформасын және денсаулық сақтауды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша ҚР 2016-2017 жылдарға арналған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу жөніндегі жол картасы бекітілген болатын. Штаб мүшесі ағымдағы жылдың маусым-шілде айларында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу мәселелері бойынша медицина қызметкерлері арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысының бірінші кезеңі аяқталып, халықпен кездесетін екінші кезеңнің басталғанын айтты.

– Мiндеттi медициналық сақтандыру Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтау жөнiндегi олардың мүдделерiн әлеуметтiк қорғаудың нысаны болып табылады. Кәмелеттік жасқа толмаған балалар, «Алтын алқа,» «Күміс алқа», «Батыр ана» белгісімен марапатталған көп балалы аналар, ҰОС ардагерлері, мүгедектер, жұмыссыз ретінде тіркелгендер, интернатта тәрбиеленушілер, жоғары оқу орнында оқитын студенттер, жоғары білімнен кейінгі білім алушылар, декреттік демалыстағы әйелдер, зейнеткерлер мен жазасын өтеп жүргендер үшін медициналық сақтандыруға үкімет есебінен қаражат бөлінеді, – деді Құрал Құрақбайұлы.

1990 жылдары қолға алынған алғашқы міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің сәтсіз аяқталғаны көпке мәлім. Алдағы уақытта аталмыш жүйе алғашқы жүйенің кебін кие ме деген қорқыныш туады. Осы орайда бұл жүйені талай уақыттан бері қолданып келе жатқан басқа елдердің озық тәжірибесіне сүйене отырып жүргіземіз, – деген профессор тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.

Дәл сол күні Құрал Құрақбайұлы «Нұр Отан» партиясының ғимаратында ҮЕҰ және кәсіпорын ұжымдары, жеке компаниялардың жетекшілері және бюджеттік мекеме қызметкерлерімен де осы тақырыпта кездесті.

Айым  ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Әлеуметтік нысандарға апаратын жолдар мен тротуарлар жөнделеді

Күні: , 31 рет оқылды

img_5079


Таяуда Орал қалалық әкімдігінде қалалық мәслихаттың 7-ші кезекті сессиясы өтті.


Сессияда халық қалаулылары  Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиевтің есебін тыңдады. Оның баяндауынша, Орал шаһарында жаңа әлеуметтік нысандар көптеп бой көтеріп, жолдар мен желілер жөнделіп, аулалар абаттандырылуда. Осы бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын таппақ. 2016 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімдерінің жалпы көлемі 77,2 млрд. теңге құрап, 2%-ға елеусіз кеміген. Кему өнеркәсіптің өңдеу өнеркәсібінде, электрмен жабдықтау саласында, тау-кен өнеркәсібінде, сумен жабдықтау саласында орын алған. Орал қаласы бойынша биыл 4,6 мың га жерге жаздық дәнді дақылдар егіліп, толықтай жиналып алынды. Биыл қаланың агроқұрылымдарының өз қаражаты есебінен жылыжайлардың аумағы 4 мың шаршы метрге өсіп, олардың жалпы аумағы 15 мың шаршы метрді құрады. Таяуда  ауданы 12 мың шаршы метр болатын «Орал жылыжай» ЖШС кешені пайдалануға берілмек. Сонымен қатар аумағы 50 мың шаршы метр болатын өнеркәсіптік жылыжай кешенін салуға, жеке инвесторлар тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Индустрияландыру картасы шеңберінде биыл жыл соңына таман Оралда 97 адамға жұмыс ұсынатын құны 5,6 млрд. теңге болатын үш жоба іске қосылады. Олар қара уылдырық және тауарлық бекіре етін өндіретін аквакешен, «Зенит» зауытының құрғақ салмағы 600 тоннаға дейінгі жаңа класты теңіз кемелері өндірісі, «СпецСтройСервис» ЖШС-ның ұсақ бетон бұйымдары өндірісі зауытының құрылысы жобалары.

Қала басшысының айтуынша, қалада тұрғын үй құрылысы қарқынды жүруде. Биыл барлық бағдарламалар бойынша 20 үй (2498 пәтерлік) салынуда, оның жетеуінің құрылысы келесі жылы жалғасады. Қаланың Деркөл, Зашаған кенттерінде, қаланың солтүстік-шығыс және орталық бөліктерінде жаңа мектептер ашу қажеттілігі туындап отыр.  «Үш тілде оқыту заман талабы болып  табылады. 2013 жылдан бастап  қаланың 22 мектебінде көптілділікті енгізуге дайындық бойынша жоспарлы жұмыс атқарылуда. Биылғы оқу жылының басында 13 мектепте (математика, физика, биология, география) кейбір пәндер бойынша сабақ көптілділік негізгі қағидаттарын қолдана отырып жүргізілуде», – деді Нариман  Төреғалиев.

Биыл 23 шақырымды құрайтын 19 қала көшесі жөнделуде. Өткен жылы құны 833 млн. теңге болатын 38 аула аумағын абаттандырудың жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалды. Биыл 30 ауланы жөнге келтіру көзделіп, соның 20-сында жұмыстар басталған. Қалған он ауланы жөндеу бойынша конкурс жарияланған.Одан басқа 31 аула аумағын абаттандыруға жобалық-сметалық құжаттама жасалмақ. Сөйтіп, келесі жылы 40 аула ретке келтіріліп, соның 30-ына спорттық алаң құрылғылары орнатылады. Қала әкімі тағы бір жақсы жаңалықпен бөлісті: алдағы жылы қалалықтарға қолайлы жағдай туғызу үшін қаладағы барлық әлеуметтік нысандарға апаратын жолдар мен тротуарлар салынады немесе жөнделеді. Мұндай нысандар саны 150-дей, олардың 30 пайызы жайландыруды қажет етеді.

Сессия жұмысында қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының күзгі-қысқы маусымға дайындығы туралы мәселе қаралды. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Мұхамбетқалиевтің хабарламасына сүйенсек, қаладағы 1164 тұрғын үйдің 1035-інің жылыту желілері қысыммен тексерілген және олардың жылыту маусымына дайындығы 89%-ды құрайды. Коммуналдық кәсіпорындардың қысқы маусымға дайындығы жаман емес. «Жайықжылуқуат» АҚ жабдықтарды, желілерді жөндеу жұмыстарын 100%-ға,  “Батыс су арнасы” ЖШС жөндеу жұмыстарын  86%-ға орындалған. Бірқатар қала көшелеріндегі су құбырын қайта жөндеу жұмыстары қазан айына дейін аяқталмақ. “БҚЭЖТК» АҚ ҚФ-ның, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ ӨФ-ның жылыту маусымына дайындығы аяқталған.

Сессияда Орал қаласының 2016 жылға арналған бюджетін нақтылау мәселесі қаралды. Орал қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Бибігүл Ниетқалиева қала бюджетін 569 850 мың теңгеге және соның ішінде облыстық бюджет есебінен 8184 мың теңгеге, қалалық бюджеттің кірістері есебінен 561666 мың теңгеге нақтылауды ұсынды. Мұндағы облыстық бюджеттен бөлінген қаржы қала мектептеріне оқулықтар сатып алуға бағытталды. Ал қала бюджетінен бөлінген қаржының негізгі бөлігі бөлімдердің  ағымдағы шығындарына, жол-көпір шаруашылығын ұстауға, көгалдандыруға, жолдарды жөндеуге жобалық-сметалық құжаттамаларды дайындауға қарастырылған. Сонымен қатар бюджет қаражатын қайта бөлу бюджеттік бағдарламалар әкімшіліктерінің хаттарына сәйкес бағдарламалардың іс-шаралары ішінде 111143 мың теңге шамасында қарастырылған және оның негізгі бөлігі жөндеуден өткен  №36, 39 мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту, жаңадан ашылған бастауыш сынып мұғалімдерінің еңбекақыларын төлеу шығындарына бағытталды. Бұдан басқа бұрын өткізілген білім бөлімі бойынша 62806 мың теңге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бойынша 21034 мың теңге шамасында түзетулер нақтыланды. Депутаттар бюджетті нақтылауды мақұлдады, соның нәтижесінде белгіленген өзгертулер есебінен қалалық бюджет 31720241 мың теңгені құрайды.

Халық қалаулылары келесі кезекті сессияның төрағалығына Дархан Қадралиевті сайлады.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»


«Алаш» порталы таныстырылды

Күні: , 53 рет оқылды

pri_8657


Осыдан бірер күн бұрын Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында жергілікті өнім өндіруші компания өкілдері Атырау қаласынан келген «Algoritme KZ» ЖШС мамандарымен кездесті. Отандық өнім өндірушілерді мемлекеттік сатып алу ісінде қолдау бағытында ұйымдастырылған бұл жиынды облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қайыршин жүргізіп отырды.


Күн тәртібіне сәйкес облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының экономика жөніндегі орынбасары Марат Нұрғуатов жиналғандарды палатаның мемлекеттік сатып алу саласында атқарған жұмыстарымен таныстырды. Оның сөзінше, облыстық кәсіпкерлік палатасы сатып алу ісінде отандық үлесті арттыру үшін барлық мүмкіндікті қарастыруда. Бұдан кейін сөйлеген «КПО б.в.» компаниясының өкілдері Ғайша Длимова мен Раиль Валиев жергілікті кәсіпкерлерге компанияның сатып алу ісіндегі талаптары мен тендер үдерісін түсіндірді.

Келесі кезекте атыраулық «Algoritme KZ» ЖШС-ның өкілдері Марк Лу, Бақтыгүл Болатқали және Бақтыгүл Қуаталиева сөйлеп, жиналғандарға «Алаш» порталын таныстырды. «Algoritme KZ» ЖШС бизнесті дамыту бойынша директоры Марк Лудың айтуынша, аталмыш портал Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің қолдауымен жасақталған. «Алаш» порталының басты мақсаты – «КПО б.в.», НКОК, «Теңізшевройл» компаниясы секілді жер қойнауындағы пайдалы қазбалармен жұмыс істейтін ірі компаниялар мен жергілікті мердігерлерді тіркеу. Бірыңғай деректер базасы арқылы отандық компаниялар бір-бірінің өнімдерімен жете танысуға мүмкіндік алады. Қазіргі таңда бірыңғай деректер базасында, яғни «Алаш» порталында қазақстандық 1000 компания тіркелген, соның 100-ге жуығы Батыс Қазақстан облысының компаниялары. «Algoritme KZ» ЖШС маркетинг бойынша менеджері Бақтыгүл Болатқалидың сөзінше, бірыңғай деректер базасы ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап іске кіріскен. «Алаш» порталы операторлар мен мердігерлердің уақыттарын үнемдеп, бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ осы порталға тіркелген компаниялар бір-бірінің тыныс-тіршілігін еш кедергісіз бақылап, жұмыстарындағы өзгерістерді өздері енгізіп отыруына болады. Алдағы уақытта аталмыш порталға тек қазақстандық компаниялар ғана емес, сонымен қатар халықаралық компаниялар да тіркелетін болады. Тіркеу бөлімінің менеджері Бақтыгүл Қуаталиеваның мәлімдеуінше, бірыңғай деректер порталда үш тілде – қазақша, орысша және ағылшын тілінде жазылады. «Алаш» порталына тіркелу қазақстандық компаниялар үшін тегін. Аталмыш порталға тіркелгісі келетін шетелдік компаниялар 500 АҚШ доллары көлемінде ақы төлеуі тиіс.

Жиын барысында аталмыш портал жұмысына қатысты түрлі пікірлер айтылып, ірі компания басшылары тарапынан ұйымдастырушыларға көптеген сұрақтар қойылды.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


«Құндыз ішік жамылып, қалы кілем төсеніп…» (тергеушінің дәптерінен)

Күні: , 48 рет оқылды

29016420


Ішкі істер органдарындағы қылмысты іздестіру бөлімі қызметкерлерінің мерекесі күні қарсаңында қолыма қалам алдым. Оған себеп, өзінің қысқа ғұмырының азғантай ғана жылдарын қиын да шытырман жұмысқа арнаған, әріптес, қатар жүрген жолдас болған жан туралы, Мақсот Ізғалиұлы Нұғыманов жайлы баяндағым келіп отыр.


Иә, қырық жастың қырқасынан көп аса алмаған подполковник Нұғымановтың тергеушілігі жайында, басшы ретіндегі жанкешті еңбегі хақында таңды-таңға ұрып әңгімелеуге болады. Мен бүгін азаматтың тек бір ғана жұмысын баяндамақпын. Мақсот Нұғыманов Қарағанды жоғары милиция мектебінің түлегі еді. Екеуміз Чапаев АІІБ-де бірге қызмет атқардық. Тіпті екеуміз Құдай қосқан көрші болып, жанұямызбен мидай араластық. Жұмыс бөлмелеріміздің есіктері де қарама-қарсы-тұғын. Ол аудандық ішкі істер бөлімінің қылмысты іздестіру бөлімшесіне басшылық жасады. Мақсоттан қылмысты іздестіру, істі жүргізу, қылмыскерлердің ізіне түсу, қолдағы бар материалдарды сараптау, елеу-екшеу секілді қатпары мол, машақаты көп тергеуші қызметінің қыр-сырын үйренгенімді, талай нәрселерді ойыма түйгенімді жасырмаймын.

*  *  *

1983 жылдың қыркүйек айы. Жұмыста отырғанбыз, телефон безілдеп қоя берді. Хабарласып тұрған Мерген ауылдық кеңесінің төрағасы. Абыржып, асығып айтылған сөздерден ұққанымыз – Мергеннің әмбебап дүкенін біреулер үптеп кеткен. Біршама тауар ұрланған сияқты. Шұғыл атқа қонған тергеушілер тобын, яғни біздерді Мақсот Нұғыманов өзі бастады. Қылмыстық жағдай орын алған жерді қарау, тексеру барысында анықтағанымыз — ұрылар жаяу келіп, жаяу кеткен. Дүкенге кіретін белдеме темірлермен мықталған, мығым есіктің ауыр құлыптарын сом темірмен қайырып тастаған. Іздерге қарағанда, ұрылар бірнеше адам. Автокөлік немесе мотоцикл, арба іздері сол маңайды қанша шиырласақ та, байқалмады. Мерген ауылдық жұмысшылар кооперациясын ол кезде Зәуреш Жұмағалиева деген көпке сыйлы, іскер апай басқаратын. Тергеушілер өздерінің жұмыстарын аяқтаған бойда апай комиссия құрып, ұрланған заттардың нобайын анықтауға кірісіп кетті. Мақсот Нұғыманов ауыл адамдарынан сұрастырып, сол ауылдағы милицияның өкілі Серік Абдушев және оның штаттан тыс көмекшілерімен сөйлесе отырып, анықтау жүргізгенде, ауылға бейсауат адам, көлік келмеген. Той-томалақ, кештерден шыққан жастар тентектік жасады деуге де күдік болмады. Келесі күні Мақсот бастаған бір топ, яғни біз Жайықтың бойын жағалай, Горячкин ауылына қарай кетсек, екінші топ төмен қарай, Ілбішін ауылын бетке ұстады. Олай еткеніміз — сол жылдарда Жайық бойына қызыл балықты жасырын аулауға берісі Самара, Орынбор, әрісі Башқұртстан, Татарстан жақтан адамдар келеді. Кейде олар тоғай ішінде жертөле қазып алып, жаз бойы жатады. Олардың ішінде неше түрлі адамдар болатын. Біздің топ «Полигон» аталатын маңайдан жайбарақат қойын жайып жүрген малшыға кездесті. Алайда ол ештеңе көрмеген, дым да байқамаған болып шықты. Әлгі малшы кетейін деп жатқанымызда, біздің темекі тартпайтынымызды біле тұра шылым сұрады. Мақсот былай шыға бере, «Осы бірдеңе білетін сияқты, бірдеңені айта алмай тұрған тәрізді, кешке оның үйіне қайта соғайықшы» — дегені. Кешкі апақ-сапақта, қойшы малын қамады-ау деген шамада біз жетіп бардық. «Шаршап келдік, мүмкін болса, шай ішейік деп едік» — деп Мәкең рұқсат сұрады. Қойшының әйелі қабағы ашық, сірә, қонақжай жан болса керек, дастарқанын жайып, бәйек болды. Үй иесі үндемейді. Мәкең бағана «пайдаға асар» деп екі бөтелке арақ ала шыққан еді. Әлгіні шығарғанымызда қойшының қабағы жазылды. Екі-үш рюмканы бірінің соңынан бірін тастап жібергеннен кейін тіпті батылданып, сөйлей бастады. «Анадан тағы біреуін құйып жіберіңдерші, сосын таза ауаға шығып, темекі тартайық» — деді көп ұзамай. Сыртқа шыққасын «Бағана басым пәлеге қалар деп қорқып айта алмап едім, енді көрген-білгенімді айтайын» — деді иығынан ауыр жүк түскендей терең тыныстап. Сөйтсе, дүкен тоналатын түні қойшы таңға жақын малын қарайын деп сыртқа шығады. Сол кезде Жайыққа қарай кетіп бара жатқан 3-4 адамның сұлбасын байқайды. Арқаларында ауыр заттары бар, тоғайға кіріп жоғалады. Сол түні қойшының үйіне қонып шыққан біз таң ата Жайық жағасына келдік. Адамдардың ізі сайрап жатыр және жағаға сұғына келіп тоқтаған қайықтың ізі де анық түсіп қалыпты. Мақсот екеуміз әлгі маңайды біраз шарлағаннан кейін бұл адамдар арғы бетке өтіп кеткен деген жорамалға келдік. Сол бойда Мерген ауылына барып, телефон арқылы басшыларымызға мән-жайды баяндадық, екінші топтан көмекке қызметкерлер алып, Жайықтың арғы бетіне өттік. Тоғай ішінде ұзақ із кесіп, жаяу адамдардың елеусіздеу етіп салған жалғыз аяқ жолын қуалай келіп, қалың жыныстың арасындағы жертөленің үстінен түстік. Қызықты қараңыз! Ылғи қымбат, қалы кілемдерді төсеп тастап, үстінде  үш азамат тырайып ұйқыны соғып жатыр. Ол да ештеңе емес, үшеуі де (қыркүйек айы, тоңған болар) үстеріне әйелдердің құндыз жағалы қысқы пальтоларын жамылып алған… Жағалай шашылған армян коньягінің бос бөтелкелері. Әлі ішіліп үлгермеген бір жәшіктей коньяк және табылды. Қалы кілем төсеніп, құндыз жағалы ішік жамылып, «жып-жылы» жатқан үшеудің қолдарына сол бойда кісен салдық. Тінту кезінде екі жәшік коньякқа қоса, кілемдер, әйелдердің бағалы пальтолары, ер адамның костюмдері және құжаты жоқ, тіркелмеген қос ауызды аңшы мылтығы оқтарымен табылды. Ұрылар негізінен бес адам екен, қашып үлгерген екеуін кейін Орал қаласынан ұстадық. Содан көп ұзамай Мақсот Нұғымановты  қызметінде жоғарылатып, Қазталов аудандық ішкі істер бөлімі бастығының бірінші орынбасары етіп жіберді. Тағы бірер жыл араға түскенде ол Жалпақтал аудандық ішкі істер бөліміне бастық болып тағайындалды. Жайсаң азаматтың бағындырар биігі әлі де алда еді, бірақ қатал тағдыр оған үлгертпеді…

Мұрат ТҰЙҒЫНБЕТОВ,

прокуратура ардагері,

әділет кеңесшісі,

Орал қаласы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика