Мұрағат: 30.09.2016


Алдияр ХАЛЕЛОВ: «Ауылдағы ағайынның тілегі маңызды»

Күні: , 468 рет оқылды

%d0%b0%d0%bb%d0%b4%d0%b8%d1%8f%d1%80-%d1%85%d0%b0%d0%bb%d0%b5%d0%bb%d0%be%d0%b2_2016-%d1%81%d0%b5%d0%bd%d1%82


Бестау және Березов ауылдарын қауіпсіз аймаққа көшіру мәселесі жөнінде Бөрлі ауданында қарқынды жұмыстар атқарылып жатыр. Әр тұрғынның пікірімен санасып, талаптілектерін назарға алған өңір басшыларына халықтың ризашылығы зор. Аталмыш ауылдарды аудан орталығына еш қиындықсыз көшіру бағытында жасалып жатқан жұмыстар туралы Бөрлі ауданының әкімі Алдияр Халелов сұхбат берген болатын.


– Екі ауылдың тұрғындарын аудан орталығына көшіру қолға алынып, көшірудің бірінші кезеңінде жалпы 82 отбасы, оның ішінде Березов ауылынан 75, ал Бестау ауылынан 7 отбасы, жалпы 416 адам Ақсай қаласындағы 5-шағынауданда орналасқан 80 және 75 пәтерлі тұрғын үйлерге көшірілді. Бұл кезеңге ең алдымен әлеуметтік әлсіз топқа жататын және 2014 жылдың 28 қарашасында зардап шеккен балалар көшірілді. Әр отбасыға 1000 доллар және отбасындағы әрбір адамға 200 доллардан, сонымен қатар шаруашылық құрылыстарға, жер телімдері мен бау-бақшаларға жәрдемақы төленді. Ол отбасылармен биыл бірнеше рет кездесіп, мұң-мұқтаждарын тыңдадық. Тұрғындардың өтініші бойынша балаларға ойын алаңдарын салып, егде адамдар тынығатын арнайы орын да салып бердік. Жуырда ғана 22 бала Орынбор қаласындағы «Солнечная страна» шипажайына барып, демалып қайтты.

– Екінші кезең бойынша не айтасыз, ауылда қалған тұрғындардың талап-тілегі қандай?

– Көшірудің екінші кезеңімен 373 үйдің тұрғындары қамтылады. Оның ішінде 349 үй Березов ауылынан, ал 24 үй Бестау ауылынан. Барлығы 1455 адамды көшіреміз деп отырмыз. Бүгінде Ақсай қаласының орталығындағы Қарашығанақ-1 шағынауданында 153 пәтерлі 9 қабатты екі үйдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Аталмыш екі үйдің құрылысын «АзияТехСтрой» және «АТК» компаниялары салуда. Жобаға сәйкес бір бөлмелі  36 пәтер, екі бөлмелі  54 пәтер, үш бөлмелі  27 пәтер және төрт бөлмелі  27 пәтер қарастырылған, көлемдері сәйкесінше 52, 68, 88 және 102 шаршы метр. Одан бөлек Ақсай қаласының Аралтал шағынауданында  бір қабатты 100 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бас мердігер «Марасант» ЖШС үш бөлмелі 50, ал мердігер «Строительная Инициатива» ЖШС  төрт бөлмелі 50 пәтерді салып жатыр. Жоба бойынша үйлердің көлемі сәйкесінше 90 және 100 шаршы метрге жуық. Үйлерге қоса қосалқы шаруашылық нысанның құрылысы да қаралған. Үйлер барлық сәулет-құрылыс тарапына сәйкес жобаланған, жұмыстар кестеге  сай жүргізілуде.

– Жалпы жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына Березов және Бестау ауылы тұрғындарының көңілдері тола ма?

– Қос ауылда да ашық есік күнін өткізген болатынбыз. Сол кездесуде ауылдықтардың құрылыстың сапалы жүргізілуіне байланысты талап-тілектеріне орай тұрғындар арасынан комиссия құрылды. Аталған комиссия апта сайын Ақсай қаласына келіп, құрылыс жұмыстарының барысын қадағалауда. Құрылған комиссияның құрылыс барысымен келіспейтін тұстарын өз тарапымыздан қарап, оң шешімін таптық. Техникалық су мәселесін шешу мақсатында комиссия мүшелері бізге өз тілектерін айтты. Біз тапсырыс беруші «ҚПО б.в.» компаниясының қосымша қаржыландыруымен әр үйге құдық қазып беретін болдық.

– Аталған мердігер компаниялар үйлерді қашан тапсырмақшы?

– Бұл мәселе облыс басшысы Алтай Көлгіновтің тікелей назарында. Қай құрылыста да ең алдымен сапа болуы міндетті. Бұл – алғашқы талап. Бүгінде құрылыстың 70 пайызы толық аяқталды деп толық айта аламыз. Ағымдағы жылдың желтоқсан айында барлық үйлер толығымен аяқталып, пайдалануға беріледі.

– Ал Аралтал ауылында бой көтеретін әлеуметтік нысандар және инженерлік инфрақұрылым жүйесі  жөнінде не айтар едіңіз?

– Аралтал ауылында 300 орындық мектептің құрылысы тамыз айында басталып кетті. Бас мердігер «РаЗаСтрой» ЖШС аталмыш нысанды 2017 жылдың тамыз айында тапсырады. Ал екінші мәселеге келетін болсақ, Аралтал шағынауданында инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысын бас мердігер «KSG» ЖШС тамыз айында өз жұмысын бастады. Жобаға сәйкес сумен қамту, газ отынымен қамту және көшеаралық жолдардың құрылысы  қаралған.

Ал Қаршығанақ-1 шағынауданында 320 орындық балабақша құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Бас мердігер «УральскСтройИнвест» жаңа жылға тамаша тарту жасамақ. Сонымен қатар келер жылы Аралтал шағынауданы мен Ақсай қаласының тұрғындары үшін аудан орталығының солтүстік бөлігінде де балабақша салу жоспарда тұр.

– Салынып жатқан барлық үйлер пайдалануға ағымдағы жылдың желтоқсан айында берілгенімен, ауыл тұрғындары биыл көшкілері келмейтіндіктерін  айтқан. Бұған  не  дейсіз?

– Облыс басшысы Алтай Көлгіновке 362 ауыл тұрғыны атынан өтініш келіп түсті. Ол өтініште ауыл мектебінде білім алып жатқан оқушылар 2016-2017 оқу жылын Березов орта мектебінде аяқтауын және мал бағып отырған отбасылар жер аяғы кеңейген соң көшіруді сұраған. Әрине, ауылдық ағайынның бұл тілегі орынды. Демек, алдағы 2017 жылдың мамыр-маусым айларында екі ауылдың тұрғындары да толығымен аудан орталығына  көшірілетін  болады.

Сонымен қатар тұрғындардың денсаулықтары да басты назарда. Күзгі каникул кезінде 30 баланы қазақстандық шипажайлардың біріне ем алу үшін  жібереміз деп отырмыз. Қазіргі кезде келіссөздер жүргізіліп жатыр.

– Әңгімеңізге  рақмет.

Сұхбаттасқан Айым  НҰРҒАЛИЕВА,

Бөрлі  ауданы


«Мәңгілік елдің ұстазы»

Күні: , 65 рет оқылды

pri_9206


Осындай атаумен кеше облыстық қазақ драма театрында ұстаздар күніне арналған мерекелік шара өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов арнайы қатысып, ұстаздар қауымын мерекелерімен құттықтады.


Бүгінгі ұстаздар мейрамы – барша адамзат үшін ортақ мереке. Себебі ұстаз  бүгін мен ертеңді жалғайтын алтын арқау, келешекке жол көрсететін шамшыраққа тең. Білікті де білімді маман қай заманда да елдің мықты тірегі болғаны белгілі. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев егемен еліміздің әрбір ұрпағының сапалы білім, саналы тәрбие алып, өмірде өз орындарын табуды әрдайым басты бағытта ұстауы да соны меңзейді. Бүгінгі күні еліміздің белсенді жастары шет мемлекеттерде білім алып, елге оралып, туған жерінің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Халқымыздың біртуар батыр ұлы Мәлік Ғабдуллин ағамыз «Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, мінезімен, сыртқы келбетімен әрбір оқушының санасына әсер етіп, болашағына жол сілтейді» — деген болатын. Тәуелсіздіктің туын тіккен егемен елімізді өркениетке бастар жолының шыңында елге, халыққа, Отанға деген сүйіспеншілік жатыр. Осы ұлы сезімдерді шәкірт бойына сіңіріп, оларға талмай білім мен тәрбие беру жолындағы мәртебелі де ұлы қызметтеріңізге табыс тілеймін, — деді Марат Тоқжанов.

Бұдан соң облыс әкімінің орынбасары білім саласында елеулі қызмет атқарып жүрген бірқатар ұстаздарға облыс әкімінің алғысхаттарын табыс етті. Олардың қатарында Орал қаласы, А. Макаренко атындағы №6 жалпы орта білім беретін мектебінің директоры Александр Мозжухин, Сервис және жаңа технологиялар колледжінің өндірістік оқыту шебері Лариса Наботова, дарынды балаларға арналған мамандандырылған С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешенінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сәуле Тілепова, Орал қалалық физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіндегі география пәнінің мұғалімі Мейрамгүл Бегжанова сияқты тағы да басқа ұстаздар бар.

Жақында Астанада өткен «Үздік педагог»  республикалық байқауының жеңімпаздары — Орал қалалық А. Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Эльмара Траисова, Бөрлі ауданы, №3 мектепке дейінгі ұйымның педагог-психологы Ботагөз Еділбаева, технологиялық колледждің арнайы пән оқытушысы Гүлшат Сүйінова да сахна төріне шақырылып, марапатталды.

Ал Орал қаласындағы №17 ОЖББМ директоры Тамара Рудич, Теректі ауданындағы Әйтиев бастауыш мектебінің меңгерушісі Шолпан Таңатарова, Бөкей ордасы ауданының Ш. Жексенбаев атындағы ЖОББМ директоры Ардақ Әлиева сынды бір топ өңір ұстаздары «Іскерлік жаршысы» аталымына ие болды.

Сонымен қатар мерекелік шарада Теректі ауданы, Долинск негізі орта мектебінің ұстаздары Дмитрий, Елена Полосиндер, Орал қаласы, №37 ЖОББМ-дан  Мәлік Бижанов пен Гүлбаршын Орынова, Бөкей ордасы ауданы, Жәңгір хан атындағы мектептен  Жаслан Бекеев пен Табиғат Арынова және теректілік  Қуаныш Ислам мен Баян Махимова «Ұстаздар отбасы» аталымымен  марапатталды.

Республика, облыс деңгейінде жетістіктері және 25 жыл еңбек өтілі бар ұстаздарға арналған «Мерей» аталымымен марапатталған 25 ұстаздың қатарында Қазталов ауданы, К. Меңдалиев атындағы ЖОББМ орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлфайруз Хабибуллина, Орал қаласы, №28 мектеп лицейінің химия пәнінің мұғалімі Ольга Сорокина, Жәнібек ауданы, Е. Ниетқалиев атындағы ЖОББМ орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Рита Мамбеталиева есімді ұстаздар бар.

Жаңақала ауданы, №3 ЖОББМ бастауыш сынып мұғалімі Айдана Садықова, Зеленов ауданы, Ульянов ЖОББМ математика пәнінің мұғалімі Гүлжамал Қапашева, Шыңғырлау ауданы, Ащысай ЖОББМ математика және информатика пәндерінің мұғалімі Әсел Садықова сынды жас мамандар мерекелік шарада ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне орай «Біз тәуелсіздіктің құрдасымыз»  аталымымен марапатталды.

Барлық аталым иелеріне білім және ғылым қызметкерлерінің облыстық кәсіподақ комитеті атынан естелік сыйлықтар мен сертификаттар табыс етілді.

Ұстаздар күні мерекесіне арналған шара өңірдегі өнер шеберлерінің қатысуымен ұйымдастырылған концерттік бағдарламаға ұласты.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


Діни басқарма түсінік бермек

Күні: , 53 рет оқылды


Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті бірқатар БАҚ беттерінде еліміздегі мешіттерде ресми уағыздардан кейін қосымша түрде оның орыс тілінде түсініктемесі айтылуы қажет деген мәселе төңірегінде туындаған талқылауларға қатысты түсіндірме беруді қажет деп есептейді.


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде өткен экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселелеріне арналған дөңгелек үстелде жекелеген мешіттерде уағыздардан кейін имамдардың орыс тілін пайдалануы туралы мәселе министрлік тарапынан емес, осы шараға қатысушылардың бірімен көтерілген болатын. Сәйкесінше, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі аталған іс-шара барысында осы мәселе төңірегінде журналистер тарапынан сұрақтар қойылғаннан соң біршама түсініктеме берген.

Министрлікке исламға қызығушылық танытып жүрген бірқатар діндарлардың мешіт имамдарының уағыздарын толық түсінбейтіні туралы ел азаматтарынан өтініштер түсіп отырады. Өтініштерде сондай діндарлардың осы себепті ислам туралы ақпаратты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми көздерінен тыс жерлерден, оның ішінде теріс діни ағымдардың ұстанушыларынан алуға мәжбүрлік танытатыны туралы айтылады. Сәйкесінше, өтініш жасаушы азаматтар халықаралық тәжірибені ескере отырып, мешіт имамдары ресми уағыздардан кейін қазақ тілін айтарлықтай меңгермеген азаматтар үшін орыс тілінде түсіндірме беруді ұсынады.

Осы ретте аталған мәселе тұрғындарының құрамы көптеген ұлттардан тұратын елді мекендердегі жекелеген мешіттерге ғана қатысты екендігін айта кетуіміз керек.

Министрлік өз кезегінде  азаматтардан түсіп отырған кез келген өтініштерді қарастыруға және оларды талдап отыруға міндетті. Осы орайда министрлік құзыретіне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ішкі мәселелерінің шешімін табу кірмейтінін айта кеткіміз келеді. Сондықтан жоғарыда аталып отырған мәселе бойынша мешіттерге келушілердің пікірлерін ескере отырып, шешім қабылдауы тиіс Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына хабарласуды ұсынамыз.

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті еліміздің Конституциясында кепілдік берілген сөз бостандығына құрметпен қарай отырып, отандық бұқаралық ақпарат құралдарын дін тәрізді өткір салада туындап отыратын мәселелер туралы екіұдай ақпарат беруге жол бермеуге және тұрғындарға шынайы ақпаратты дұрыс жеткізуге шақырады.

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі

Дін істері комитетінің баспасөз қызметі


Жеңістің қос қанаты

Күні: , 49 рет оқылды

poster_place_5


Біздің өңірімізге келетін қонақтар Жайық пен Шаған өзендерінің  ортасына орналасқан, сәні мен салтанаты жарасқан әсем шаһарымызды сүйсіне тамашалап, жоғары бағасын беріп жатады. Олар, әсіресе, Жайық бойына жайғасқан, Ұлы Отан  соғысы мен тыл ардагерлеріне арналған алаңды аралап, көкке созылып тұрған Стелланы көріп, «Мына ескерткіш қалай аталады?» деп сұрайды. Сөйтсек, мұны дәлдеп атау қажет екен.


Жұртшылық ұғымында ол жеңімпаз майдангерлер мен сарбаздарды азық-түлік, қару-жарақпен мүлтіксіз жабдықтап отырған тыл еңбеккерлерінің біртұтастығын бейнелейтін жеңістің қос қанаты іспетті. Солай болса, келушілер сұрап жатпай-ақ, өздері көріп-түсінуі үшін осылай деп тасқа ойып, таңба салынса, қателік кетпейтін шығар және сонымен бірге ойға алынған тағы бір шаруа нәтижелі шешімін тауып  қалар еді. Олай дейтінім, Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында тыл еңбеккерлеріне арнап ескерткіш орнату мәселесі қозғалған-ды. Бірақ қазіргі экономикалық жағдайға байланысты ол кейінге ысырылғандай. Демек,  бұл мәселені  майдангерлер мен тыл қаһармандарының бұлжымас бірлігін айнытпай паш еткен мына қасиетті қос қанаттың өзі-ақ шешіп тұрғандай.

Бұл тамаша кешен кезінде өңірімізді басқарған, Ақ Жайықтың асыл қыраны, белгілі мемлекет қайраткері Мұстақим Ықсановтың басшылығымен және тікелей қатысуымен жүзеге асырылған.Олай болса, дара дарынның 90 жылдық мерейтойына орай ұсынысым қолдау тауып жатса, нұр үстіне  нұр болар еді.

Бақытжан САЛАХАТДИНОВ,

тыл  және еңбек ардагері, Орал  қаласы


Қысқы маусымға дайындық пысықталды

Күні: , 65 рет оқылды

20160930_111014


Облыстық әкімдіктің кіші залында облыс әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалығымен облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Комиссия отырысында азаматтық қорғау күштері мен құралдарының 2016-2017 жылғы күзгі-қысқы, көктемгі маусымға дайындық жұмыстарының барысы, азаматтық қорғау бойынша об-лыстық қызметтердің өз міндеттерін  орындауы  мәселелері  қаралды.


Жиынды ашқан облыс әкімі табиғи техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға азаматтық қорғау жүйесіндегі күштер мен құралдардың тұрақты дайындығы облыстың жағырапиялық, экономикалық, инфрақұрылымдық және климаттық жағдайына негізделетінін атап көрсетті. «Көктемгі және жазғы ауа райының қолайлы жағдайы шөптің шығымдылығына, астықтың және мал азығының мол жиналуына мүмкіндік берді. Экономиканың даму үрдісі өндіріс нысандарының және тұрғын үй, әлеуметтік құрылыстың өсуіне әкеледі. Бұл азаматтық қорғау жүйесіндегі әдістерді жетілдіруге, тұрғындар мен аумақтың, шаруашылық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді міндеттейді. Азаматтық қорғаныс аумақтық және салалық принцип бойынша құрылып, әрбір орындаушыдан өз аумағында  басқару формаларын және әдістерін жетілдіру, үйлестіру және өзара әрекетті талап етеді», – деді Алтай Көлгінов.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Жасұлан Жұмашев алдымен барлық аудандарда орын алатын төтенше жағдайларға жанжақты тоқталды. Биыл өңірде мал азығының екі жылдық межесі жасақталған. Жылыту маусымына бюджеттік мекемелердің отынға деген қажеттілігі 4,4 мың тонна көмір мен 1,4 мың сұйық отынды құрайды. 645 білім беру нысаны түгелдей, 407 денсаулық сақтау нысанының 403-і, 379 әлеуметтік нысанның 376-сы, 1269 тұрғын үйдің 1140-ы қысқа дайын. Облыстық жолдар мен көпірлер қызметімен 1392 шақырым республикалық маңыздағы  және 1758 шақырым облыстық маңыздағы  жолдар күтіледі. Қысқы суықта жолдағы жолаушылардың амандығы үшін 21 жылыту пункті әзірленген. Жалпы 228 қар басуы ықтимал жол телімдері анықталған. Облыс бойынша қыста төтенше жағдайларды жоюға 182 техника, 458 адам жұмылдыру көзделген. Қыс кезеңіне басқару құрылымдары мен күштердің, құралдардың дайындығы «Қыс — 2016» республикалық командалық штабтық оқу-жаттығу барысында облыстық штабпен тексеріледі.  Облыс басшысы қыс мезгілінде адамдардың жоғалуы сол адамдардың өздерінің және оларды іздейтін құтқарушылардың өмірлеріне қауіп төндіретінін айтып, мұндай фактілерді болдырмау мақсатында қандай іс-әрекеттер алуға болатыны жайында ой бөлісті. Ж. Жұмашевтың айтуынша, аудандардағы, екі ауылдық округтегі өрт сөндіру бөлімшелерінде  тек өрт сөндіру техникалары бар болғанымен, олардың жолсызбен жүре алмайтынын, сондықтан арнайы жабдықталған техника алу қажеттігін алға тартты. Облыс басшысы азаматтардың қауіпсіздігі үшін мұндай техниканы алуға тиісті құжаттарды дайындауды тапсырды.

Ж. Жұмашевтың айтуынша, Ақжайық, Сырым, Қазталов аудандары өткен жылғы маусымда жол тазалауға атүсті қараған. Осыған орай онлайн режимінде жиынға қатысып отырған аталмыш аудандардың басшылары «орындарынан» тұруға мәжбүр болды. Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов күре жолдан Алғабас ауылдық округіне дейінгі 38 шақырым жол дұрыс тазаланбағанын мойындады. Биыл гидроторап бөлігіне   арнайы «К-700» техникасы бөлінбек. Жаңадан автогрейдер техникасы да алынған, сондықтан қиындықтар болмайды деп сендірді ол. Сырым ауданында биыл былтырғы кемшілікті болдырмас үшін облыстық жолды бір компания және аудандық жолдарды өзге компания қарап, күтетін болған. Сонымен қатар 32 шаруа қожалығымен 36 техника тартуға келісімдер жасалған. Қазталов ауданының әкімі Нұрлан Бекқайырдың айтуынша, аудандағы 719 шақырымдық жолды қардан бір күнде тазалау қиын, бұл жұмыстардың 3-4 күнге созылғаны жасырын емес. Алтай Сейдірұлы аудан басшыларынан өткен жылғы кемшіліктердің биыл қайталанбауын шегелеп тапсырып, қысқа дайындықты ширатуды талап етті.  Сондай-ақ  «Қазавтожол» БҚО филиалы директорының міндетін атқарушы Бауыржан Темірхановтан көктайғақ кезінде жол қозғалысына қатысушылардың өмірін қауіпсіз ету бағытында қандай жұмыстар атқарылатынын сұрап білді. Өткен жылы транзиттік жолдарда қар кептелісі болғаны аян. Б. Темірхановтың айтуынша, жолға себілетін инертті материалдар 25 пайызға дайын, 49 техниканың 67 пайызы әзір және қысқа дайындық  1 қазанға  толықтай  аяқталмақ.

Жиында жұқпалы аурулардың алдын алу жөніндегі мәселе бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мәншүк Аймұрзиева баяндады. Оның баяндауынша, биылғы 8 айда 23 мыңнан астам жіті респираторлық аурулар тіркелсе, соның 83-і тұмау болды. Бұл өткен жылғыдан едәуір төмен. Жергілікті бюджет есебінен тұмауға қарсы 45 мың дозалық ресейлік вакцина сатып алынған. Тұмауға қарсы дәрімен тұрғындардың 7 пайызы, соның ішінде медқызметкерлер, балалар үйлері мен сәбилер үйлерінің тәрбиеленушілері, созылмалы аурулы, иммунитеті нашар балалар мен ересектер, жүкті әйелдер егіледі.  Сонымен қатар кеңес отырысында қысқы маусымда шалғай ауылдардан ауруларды орталыққа жеткізу жайы да сөз болды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ғалым Орынғалиев те қысқы маусымға дайындық жайын баяндады. Алдағы қысқы маусымға дайындық жұмыстарын жүргізуге және бюджеттік мекемелерге отын түрлерін сатып алуға 6,9 млрд. теңге бағытталды. Бүгінде қажетті 1126 тонна сұйық отын (жоспардың 80 пайызы), 3234 тонна көмір (47 пайызы) жеткізілді. Білім беру нысандары түгелімен, денсаулық сақтау мекемелері 99 пайызға, әлеуметтік 379 нысанның 99 пайызы дайын. 1269 тұрғын үйдің 1140-ы ғана жылыту маусымына әзір. Жоспарлы 11,8 шақырымның орнына 12,3 шақырымдық жылу желілері жөнделген немесе жаңадан салынған. Жоспарлы 18,9 шақырымдық құбырдың орнына 14,5 шақырымдық су құбыры және кәріздік желі,  666 шақырым электр желісі  жөнделді. Жылу-қуат орталығындағы жылу қазандықтары да жөнделген. Облыстағы 465 жылу қазандықтары қысқы кезеңге дайындықтан өткен. Жылыту маусымына дайындық жұмыстары жылыту маусымы басталғанша толықтай аяқталады деп күтілуде. Ал Бөрлі ауданының әкімі Алдияр Халеловтың айтуынша, 16 жылу қазандығы қысқа дайын. 105 көпқабатты үйлер де дайындық құжаттарын алған. Ақсай қаласының төртінші және бесінші шағынаудандарын жылумен қамтитын жаңа Германиядан әкелініп, орнатылған жылу қазандығы жағылатын газды 30 пайызға үнемдемек.

Бұдан кейін «Қазавтожол» БҚО филиалы директорының міндетін атқарушы Бауыржан Темірханов қыс кезіндегі жолдың сапасын назарда ұстау, қар басып қалудан сақтау, күту, жол қозғалысының қауіпсіздігі хақында баяндады. Облыс басшысы республикалық маңызы бар жолдарды қарайтын мекеме басшылығына Атырау-Орал, Саратов, Ақтөбе бағытындағы күре жолдарда қыс уақытында қиындықтар тумас  үшін қосымша техниканы жалға алуды ұсынды.

Кеңес отырысында «Қазгидромет»  БҚО филиалының өкілі қысқы маусымға емес, тек қазан айындағы ауа райы жөнінде мәлімет берді. Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы   Ж. Жұмашев аталмыш мекемеден қысқы маусымдағы ауа райы болжамын сұратқанын, бұл қыстың және қардың, мұздың қалыңдығы қанша болатынын біліп отыруға, соған сай әрекет етуге қам жасауға көмектесетінін айтып, наразылығын білдірді. «2006 жылы өзен-көлде мұз қалың болып, тонналаған балық қырылып қалды. Мұндай жағдай 10 жылдан кейін қайталануы мүмкін. Мұз 7 сантиметр болса, балық қырылып қалады. Ондай жағдайда мұз ою жұмыстарын жүргізуіміз ке-рек. Маршруттарды жасауымыз керек», – деді Ж. Жұмашев.

Комиссия отырысын облыс басшысы қорытындылап, қысқы маусымға дайындықты уақтылы аяқтауды тапсырды.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Суретті   түсірген   Н.ГОРОХОВА


Мүбина апайдың арманы

Күні: , 216 рет оқылды

%d0%bc%d2%af%d0%b1%d0%b8%d0%bd%d0%b0-%d0%b0%d0%bf%d0%b0%d0%b9%d0%b4%d1%8b%d2%a3-%d0%b0%d1%80%d0%bc%d0%b0%d0%bd%d1%8b


Биылғы қаңтар айында 92 жасқа толған  Мүбина апай, тіл-көз тасқа, әлі тың көрінеді. Оны сонау өткен ғасырдың  алпысыншы жылдарының басынан танитынмын. Балалық шағымда әке-шешем аудан орталығында  Дүйсен аға, Мүбина апамен қоңсы  отырды. Апайды жақында кездестіріп қалдым, тіпті сол кезде сексеннің сеңгіріне шыққан атам мен әжемнің әке-шешеммен бірге тұрғанын ұмытпапты. Әңгіме арасында менің кейпімнің атама тартқанын  айтқанда, осыншама  жасқа келген кейуананың  жадысының мықтылығына тәнті болдым.  Апай бала кезімде көргеннен көп өзгере қоймапты. Жүзіндегі молайған әжімнің пердесін ойыммен ептеп сырып тастағанымда, сол балалық шағымда қырықтың ол жақ бұл жағындағы Мүбина апай көз алдыма келе қалды…


Ол Күйгенкөл ауылдық округіне қарасты Өнеге ауылында дүниеге келіпті. Әкесі Ұлы Отан соғысында хабарсыз кеткен. Шешесі беріректе, 75 жасында дүниеден озған. Соғыс кезінде апай Өнеге ауылында дүкенші болып, ат-арбамен аудан орталығынан тауар тасыған. Колхозда қоймашы, тракторшылар шапқан шөптің жерін өлшейтін есепшілік қызметті де істеп, егін орып, ат, өгіз айдаған.

— Сол кезде жастарды бос отырғызбайтын, — дейді кейуана бізбен әңгімесінде, — Қай жерде қол күші жетіспесе, сонда жұмсайтын. Осындай қауырт жұмыстарды атқара жүріп, Дүйсен ағаңмен таныстым. Біз тұрмыс құрған жылы соғыс басталды. Дүйсен колхоздағы бастауыш мектепте сабақ беретін әрі осындағы цехтық бастауыш партия ұйымының хатшысы болатын. Соғысқа бармай, броньмен ауылда қалды. Ауыл адамдарына үйлерінің есігінің алдынан окоп қаздырды. Бас көтерген ер адамның бәрі соғысқа кетіп, окоп қазуды кілең әйелдер атқардық. Жау ұшақтары келе жатқанда, окопқа барып тығыламыз. Сол кезде ауылда 20 шақты үй бар еді, әйтеуір, Құдай сақтап, соның біреуіне де бомба түскен жоқ. Фашист ұшқыштары жымырайған там үйлерді байқамады білем, бомбаны далаға тастайтын. Соғыстың бұдан басқа да қиыншылығы жетеді ғой, шырағым. Аштықтан арам өлген малдың етін, тулақ жегендер, дұрыстап ас ішіп, тамақ жемегесін, ісіп кетіп, ана дүниеге аттанғандар да болды. Тышқан аулап, терісін астық, шайға айырбастап, аштан өлмей қалдық. Сабыр сақтап, жеңіске жететінімізге имандай сендік.

Соғыстан соң Дүйсен аға мен Мүбина апа аудан орталығына қоныс аударды. 1953 жылдан бастап апай Жәнібек ауылындағы дүкендерде сатушы болып жұмыс істеді. Қызметінде абыройсыз болған жоқ. Талай рет грамоталар мен алғысхаттарға ие болды. Жұртшылық Хамзиндер отбасын Жәнібектегі үлгілі отбасылардың бірі ретінде сыйлап, құрмет тұтатын. Дүйсен аға ұзақ жыл сауда саласында қызмет атқарып, 1981 жылы 65 жасында дүниеден озды. Балалық шағымда байқағаным — олардың үйінен қонақ арылмайтын, қашан көрсем де, есігінің алдында алыс-жақыннан келген көліктер толып тұратын. Солардың біреуіне қабақ шытпай, ауласында жүзінен күлкі үйіріліп жүретін Мүбина апайды көретінмін. Тағы бір есімде қалғаны — бұл үйден ер балаларды емес, Сәния, Ғалия, Лиза, Надя, Люция атты кілең қыздарды көретінмін. Үлкен қыздары шешеммен шамалас. Біздің үйдің қасына келіп, шешеммен бірге шемішке шаға отырып, әңгіме-дүкен құратын. Сол әңгімеден Люцияны сәби кезінен Дүйсен аға екеуі бауырына басып алғанын білдім.

– Бесеуі де Құрмаш қайын ағамның қыздары. Люцияны тым жас кезінен бауырға басқасын, ол өзімнің қызым болып есептеледі. Қайын ағам ертеректе жол апатынан қаза тапты. Абысыным да ауырып, екі жылдан кейін ерінің соңынан қайтыс болды. Артында аңырап шиеттей төрт қыз қалды. Дүйсенмен ақылдасып, төртеуін де бір жерден бағып, өсірейік деген ұйғарымға келдік. Қартым екеуміз бәрін де оқыттық. Жоғары білім алды. Қазір олардың алдының жасы жетпістен асты. Өз алдарына түтін түтетіп отыр, — дейді Мүбина апай өз сөзінде.

Апай 1982 жылы зейнетке шыққаннан соң да қарап отырмай, аудандық дайындаушылар кеңсесінде жұмыс істеді.

— Қазір үш немерем, сегіз шөберем бар. Барлығы да Орал қаласының айналасында тұрады. Солардың тілеуін тілеп отырамын. Жаратқан тек ақылымды ауыстырмай, балалардың алдында алып кетсе екен. Қыз-күйеу балам Люция мен Қорқыт та «қолымызға кел», деп күн сайын телефонмен хабарласып жатады. Ажал жетсе, осы қартымның мекенінде көз жұмсам деп армандаймын. Қазір қолымда қайын інімнің қызы тұрады. Алып бара жатқан сырқатым жоқ, аздап аяғым ауырады, — дейді өмірге құштар кейуана.

Нұрымбек ЖАПАҚОВ,

Жәнібек ауданы


«Бақыттың гүлі»

Күні: , 57 рет оқылды

14494719_367996646922863_961367456541227872_n


Сәрсенбінің сәтті күні Қ. Мырза Әлі атындағы облыстық  мәдениет және өнер орталығында халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің Гран-при иегері, республикалық «Алтын қалам», «Үркер-үміт» әдеби байқауларының жүлдегері, атыраулық ақын Бақытгүл Бабаштың «Бақыттың гүлі» атты шығармашылық кеші өтті.


Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен өткен рухани кешке жыр сүйер тыңдармандар  жиналды.  Фаризадай ақын туған жердің түлегі, өлеңдері сырлы сезімге толы ақын Бақытгүл Бабаштың  шығармашылығын оқырманға кеңінен насихаттауды мақсат еткен әдеби кеште өңіріміздің белгілі ақындары Дариға Мұштанова, Айтқали Нәріков кеш иесіне ақ тілектерін айтса, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Т. Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері Ғайсағали Сейтақ ақын қарындасына арнап жазған өлеңін оқып берді. Ән-жырмен әрленген әдемі кеште ақын Бақытгүл Бабаш өз өлеңдерін оқып, жеке өмірінен сыр шертіп, жыр өлкесіндегі қолдаушы піріне айналған Фариза ақын туралы естеліктерімен бөлісті. Нәзік те сыршыл өлеңдерімен, әсіресе, жастар арасында кеңінен танылған Бақытгүл Бабашқа көрермендер тарапынан да сұрақ  көп  қойылды. Өзін кеңінен танып-білгісі келген жандарға ақын өлеңдерімен, қара сөзбен шынайы жауап берді. Сахнаға шығып ән салған ақынның ұлдары да көрермен көңіліне шуақ сыйлап, әдемі кештің ажарын аша түсті. Кеш иесі ағынан жарылып, сыр төккен, жыр төккен әдеби кеш жоғары деңгейде өтті.

Бақытгүл Бабаш 1981 жылы Атырау облысының Құрманғазы ауданында дүниеге келген. Ол Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің гуманитарлық факультетін, аспирантурасын тәмамдаған. Кейіннен Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті қазақ әдебиеті және журналистика кафедрасында оқытушы, республикалық «Алтын орда», «Жас қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Атырау облысындағы меншікті тілшісі, облыстық «Атырау» газетінің мәдениет, білім, денсаулық бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. Қазіргі таңда Қазақ радиосының Атырау облысы бойынша меншікті тілшісі қызметінде.

Өлең өлкесіне қалам тартып жүрген  өңіріміздің жас ақындары Айнұр Ұябасова, Мәрлен Ғилымханов, Раббина Бату, Жадыра Ерманова рухани кеште өз өлеңдерін оқыды. Кеш соңында жыр сүйер тыңдармандар ақын Бақытгүл Бабашпен естелік суретке түсіп, қолтаңба алды.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ


Мақтаулы білім ошағы

Күні: , 72 рет оқылды

img_5292


Осыдан бірер ай ғана бұрын өткен тамыз кеңесінде облыстық  “Ең үздік орта білім беру  ұйымы” байқауының жеңімпазы атанған Ә. Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейіне мұғалімдер күні қарсаңында арнайы ат басын тіредік.


Біз ол жерде ұстаздармен, мектеп басшысымен кездесіп, жеңіске жетудің қыр-сырын сұрадық.

Ұққанымыз жетістікке жетудің сырының ең бастысы – ұжымдағы бірлік пен жауапкершіліктің жоғары болып, мұғалім мен оқушының өз ісін тиянақты аяғына дейін жеткізе білуінде.  2010 жылдан бастап мектеп-лицей болып ашылған білім ошағында оқығысы келетін балғындар ең әуелі емтихан тапсырады. Одан әрі іріктеу нәтижесінде бағы жанған балалар осы мектеп-лицейде 5-сыныптан бастап, оқуын жалғастырады.

Ә. Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ақмарал Баймолдинаның айтуынша, мектептегі жасалып жатқан жұмыстардың нәтижесі шәкірттердің білім сапасы, жетістігі және ҰБТ арқылы бағаланады. Мектеп-лицейдің оқушылары жыл сайын қалалық, облыстық, республикалық білім додаларына қатысып, ылғи жүлделі орындармен оралып жүр. ҰБТ-дан қала бойынша үздік бестіктің құрамында. Ал жыл сайын мектеп бітірген түлектердің жоғары оқу орындарына мемлекеттік грантпен түсуі 50 пайызды құрайды. Мәселен, жаздағы ҰБТ қорытындысында мектеп бітірген 34 түлектің 16-сы мемлекеттік грант иегері атанған. Біз аталмыш мектеп-лицей директоры Шынар Октябрьқызынан “Ең үздік орта білім беру ұйымы” байқауының жеңімпазы болып иеленген 18 млн. 287 мың теңгенің қандай қажеттілікке жұмсалып жатқанын сұрадық.

— Бұл қаражат мектептің материалдық-техникалық әлеуетін нығайтуға берілгендіктен, ең бірінші әр мұғалімді компьютермен қамтамасыз етудеміз.  Содан соң оқушылар мен ата-аналардың жиі болатын мәдени орны – акт залдағы перделерді жаңартып, жаңадан безендіруді жоспарладық. Жаңадан музыкалық аппаратураға, интеракивті тақта, моноблок алуға тапсырыс бердік. Кітапхана қорын толықтыруымыз қажет. Ол үшін қазіргі күнде әр мұғалімінің сұранысы бойынша жұмыстанудамыз. Әр сыныпқа қажетті картадан бастап, әр оқушының алдына глобус, әдістемелік құралдар, өзге де қажетті кітаптарды сатып алмақ ниеттеміз. Мектептің әр бұрышына Wi-Fi орнатып, мектептің сайтын жасатып жатырмыз. Әдістемелік кабинет, қыздарға арналған технология кабинетіне қажетті құрал-жабдықтар, керекті жиһаздармен қамтамасыз етуге, спорт құралдарына және роботтехника үйірмесіне қажетті заттарды сатып алуға тапсырыс бердік, — дейді мектеп-лицей директоры.

Мектеп директорының ғылыми — әдістеме ісі жөніндегі орынбасары Гүлдана Мұхтарова лицей шәкірттерінің өз шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында ұстаздарымен бірлесе отырып, жиі ізденетінін айтып қалды. Тағы бір бізді қызықтырған дерек, бұл білім ошағының балғындары кітапты өз беттерімен қызығып, іздеп жүріп оқиды екен. Әңгіме түйінін Гүлдана Сәрсенғалиқызы былай тарқатады:

— Біздің мектеп-лицейде әр пән өз ерекшелігіне сай өтеді. Баланы қызықтыра білу – мұғалімінің шеберлігіне байланысты. Көбіне сабақтың материалын ғылыммен байланыстыра отырып, оқушыға өз бетімен ізденуге тапсырмалар береміз. Оқушыға тек тапсырма беріп қана қоймай, оның орындалуын да жіті қадағалаймыз.  Баланы кітап оқуға баулу да мұғалімнің қызықтыруына байланысты.  Ұстаз шәкіртін жетелей білсе, ол  да талпынады. Мәселен, өткен оқу жылын 298 оқушымен аяқтасақ, солардың жартысына жуығы – түрлі сайыстардың жеңімпаздары. Атап айтар болсақ, олардың 36-сы – олимпиада жеңімпаздары, жетеуі – облыстық, үшеуі – республикалық олимпиаданың жүлдегерлері, 30 оқушы – ғылыми жобалар сайысының жеңімпаздары, олардың оны – облыстық ғылыми жобалар сайысының, екеуі – республикалық олимпиаданың жеңімпазы. Жеті оқушымыз халықаралық олимпиадаға қатысса, оның төртеуі жүлделі орындармен марапатталды.

Міне, осылай біздің шәкірттеріміздің жетістіктері жалғасып кете береді. Бұл жерде орын алған әр шәкірттің артында оның жетелеп, бағыт беруші, шырақшысына айналған ұстазы тұр. Сондықтан біздің бағындырған әр биіктігіміз бен жеткен жетістігіміз – бұл оқушы мен мұғалімінің біте қайнасқан еңбегінің нәтижесі.

Ә. Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінде 37 педагог қызмет атқарады. Бар өмірін ұстаздыққа арнап, мектеп абыройын асқақатып отырған ұстаздар көшінің басында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Гүлзиһан Тасқарина, Гауһар Ажкеева, Ақмарал Баймолдина, физика пәнінің мұғалімі Алтынай Хасымова, математка пәнінің мұғалімі Қанат Иманғалиев, биология пәнінің мұғалімі Шынар Қаратаева,  география пәнінің мұғалімі Гүлмира Сағатова, тарих пәнінің мұғалімі Шынар Сағынғалиева тұр. Бұл мұғалімдердің шәкірттері тек облыста ғана емес,  республика көлемінде де өңіріміздің мерейін асқақтатып жүр.

Мектеп-лицей ұжымы ата-аналармен тығыз байланыс жасайтындықтан, тәрбие жұмысы да жақсы жолға қойылған. Мектебіміздің ең үздік атануына тек ұстаздар мен оқушылар ғана емес, ата-аналарымыздың қосқан үлесі зор. Олар баламен бірге жұмыстанып, мектепке жиі келіп, біздің әр қадамымызды қолдап отырады. Бұның өзі мектеп үшін – үлкен абырой,  — дейді ұстаздар.

Біз мектеп-лицей директоры Шынар Сағынғалиевадан қазіргі заманда әр түрлі гаджеттерге байланып отырған оқушыны өз еркімен кітап оқуға отырғызатын, әр түрлі білім додаларынан жеңімпаз болатын шәкірттерді дайындайтын мұғалімді қалай таңдап, тауып алатынын сұрадық.

— Негізінен, біз осы білім ошағының бұрынғы директоры Дайыр Сапаровтың бағыт-бағдары бойынша жұмыстанып келеміз. Педагогтар құрамын мектептің бұрынғы кадрлары құрайды. Жалпы әр мұғалім – психолог. Сөйлесіп отырып, тумысынан мұғалім болу үшін жаралған адамды көзінен тануға болады. 2010 жылы осы мектеп-лицей ашылғанда көп ауыстүйіс болды. Мұғалімдердің кейбірі келгісі келмеді, кейбірі лицейде жұмыс жасауға жүрексінді. Көп қиындық болды. Бірақ қазір оның бәрі артта қалды. Біз өз арамызда тәжірибе бөлісу арқылы бір-бірімізді дамытып, толықтырып жұмыс жасаймыз. Ортамызға келген жас маман, жаңа мұғалімнің тез сіңісіп кетуіне жағдай жасаймыз, — дейді Шынар Октябрьқызы.

Мектеп мерейін асырып, ұстаз үмітін ақтап жүрген шәкірттердің тізімінен көз сүрінеді. Біз республикалық және халықаралық білім-ғылым  додаларында топ жарған мақтаулы шәкірттердің есімін оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік. Олардың қатарында Гүлзаман Меңдігереева, Дана Ерғалиқызы, Әнел Ғиззат, Асыланбек Ибрагимов, Аслан Тайманов, Гүлшанат Самигуллаева, Таймас  Байқатов, Ильдар Бақтығали, Оралхан Зағыпар, Елшат Төлегенов, Айдарбек Төлегенов, Мария Гладкова, Шабхат Бержанов бар.

Бір «әттеген-айы» мақтаулы мектеп-лицейдің өз спортзалы жоқ. 5, 6, 7, 8 — сыныптар кішкентай екі сыныпта дене шынықтыру пәнін өткізсе, 9, 10,  11- сынып оқушылары М. Өтемісов атындағы БҚМУдың спортзалына барады. Сондайақ сан түрлі тарихи сәттерді басынан өткерген көне ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді. Өңіріміздегі үздік білім ошағының  бұл мәселесіне құзырлы орындар назар аударып, оңынан шешілер деген сенімдеміз.

 Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

“Орал өңірі”

Суретті түсірген Т. ТОҚМАМБЕТОВ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика