Мұрағат: 28.09.2016


Ықсанов феномені һәм нар тағдырлы азамат

Күні: , 182 рет оқылды

%d0%b1%d0%b5%d0%b7%d0%b8%d0%bc%d0%b5%d0%bd%d0%b8-356


Бәрін сатып алуға болады, сатып алуға келмейтіні – халықтың махаббаты ғана…

Проспер МЕРИМ,

француз жазушысы


Мемлекет және қоғам қайраткері, кезінде ҚазССР Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары болып нәтижелі қызмет істеген және әр жылдары Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Орал облыстарын басқарған Мұстақым Ықсановтың туғанына биыл 90 жыл толды, ал өмірден озғанына бүгін 25 жылдың жүзі болды…

…Қазақта «нар тұлғалы» деген тұрақты сөз тіркесі және «Нар жолында жүк қалмас» деген мәрттікті меңзейтін мәтел бар. Осы екі теңеу де сөздің тура мағынасында Мұстақым Ықсановқа арналып айтылғандай. Көрер көзге екі иығына екі кісі мінгендей нар тұлғасына қоса, Мұстақым Біләлұлы – шын мәнінде жолында жүк қалдырмаған нағыз нардың өзі. Тау тұлғасына қоса, ірі турайтын, кесек мінезді, әрі мемлекетшіл, әрі халықшыл Ықсановтай азаматтың қандай қоғамдық формацияда да, қандай меншіктік қатынастар тұсында да елінің ертеңін ойлайтын саналы адам үшін ешқашан қадір-қасиеті кемімесі кәміл.

Иә, туған елді көркейтіп, туған жерді түлеткен азаматтар есті жұрттың жадынан ешқашан өшпек емес. Ондай тұлғалар уақыт өткен сайын, жылдар жылжыған сайын ел-жұртқа, Отанға қалтқысыз қызмет етудің эталонына айналып, замана биігінен жарқырай бермек.

%d0%b8%d1%85%d1%81%d0%b0%d0%bd%d0%be%d0%b211…Мұстақым ағамыз жас жағынан алғанда менен үш мүшелден аса үлкен. Сол себепті қатар жүріп, қызметтес болуды айтпағанда, маған ол кісінің қарауында істеу бақыты да бұйырмады. Есесіне Мұстақым Біләлұлы туралы тасқа басылған естеліктерді өз басым көп оқып, арамызда жүрген ардагерлерден ол кісі туралы аңызға бергісіз тағылымды әңгімелерді жиі естідім. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, берісі өскен өлкесінің, әрісі туған елінің нұрлы ертеңі, жарқын болашағы үшін барын салып, білім-білігін, қарым-қабілетін сарқа еңбек етіп, тер төккен Ықсановтай қайраткер азаматтарды үлгі-өнеге тұтып, олардың жанкешті еңбекпен өрілген өмірінен ғибрат алу Отанымыздың ұлы мәртебелі Тәуелсіздігінің нығаюы мен қазақ мемлекеттілігінің баянды болуына бүкіл жан-жүрек, сана-сезімімен алаңдайтын жас адамның баршасына ортақ парыз екендігі хақ. Әрине, үзеңгі жолдас болмақ түгілі, өзің қолына су құйып үлгермеген қайраткер хақында әріден толғап, кеңінен сөз қозғаудың еш қисыны жоқ. Дегенмен Біләлдің Мұстақымы туралы естеліктерді көп оқып, ол кісі туралы ел аузындағы, ардагерлердің арасындағы әңгімелерді жиі естігенімді жоғарыда баян қылдым. Бәлкім, осы екі-үш фактор маған Ықсанов феноменіне үңілуге азды-көпті қақ (құқық) берер деген үміттемін.

…Әлқисса, көзден таса болғанына біраз жылдың жүзі болса да, ел-жұрттың Ықсановқа деген құрметінің суымауына не себеп? Меніңше, бар сыр мынада: Ықсанов – мейлі құла түзде жаңадан ашылған трестің бастығы болсын, мейлі Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары немесе шалғай облыстың бірінші басшысы болсын, ол – мемлекеттік мүдде мен халықтың қамы бір-бірінен ажырамас біртұтас дүние деп ұғынған азамат. Оның үстіне Мұстақым Біләлұлы – қайда жүрсе де, қандай қызмет атқарса да, уақытпен санаспай, жеке басының жағдайының бар-жоқтығына қарамай, шын мәнінде жанкештілікпен жұмыс істеген жан. Міне, біздің қазіргі көптеген атқамінерлерге, яки әкім-қараларға жетпейтіні – осындай дүниетаным, осындай көзқарас. Әттең, жас тәуелсіз мемлекеттің қызметіне жегілген мемлекеттік қызметшілердің бәрінен бірдей әлгіндей басты-басты қасиеттердің табылмауы өкінішті-ақ…

«Мұстақым Біләлұлы «Жанымызды салып жұмыс істейік, адал еңбек етейік, құрылыс саласын өркендетіп, қаламыз бен даламызды гүлдендірейік, сонда бізге болашақ ұрпақ риза болады» деп жиі айтатын еді» деп жазады өз естелігінде Социалистік Еңбек Ері Виктор Шубин. Ал ендігі үзінді Ауған соғысының ардагері, осыдан бірер ай бұрын өмірден озған генерал Мұрат Қалматаевтың естелігінен.

«Орал облыстық партия комитетінің хатшысы болып жаңадан сайланған кезім. Мұстақым Біләлұлы ұйымдастыру жұмыстары мен идеологияға көп көңіл бөлетін. Бір күні таңертең кабинеттегі телефон шылдыр ете қалды.

– Қала аралап қайтайық, — деді бірінші хатшы. Сол кісіге еріп шығып кеттік.

— Мына лозунг нені айтып тұр? – деді обкомның бірінші хатшысы «Біздің мақсат – коммунизм!» деген жазуға қарап. – Одан да «Біздің мақсат – 286 адамға жаңа пәтер беру!» деп неге жазбайсыңдар?..» Бұл мысал – Ықсановтың жалған ұраншыл, әсіре науқаншыл емес, керісінше, халықшыл сипаттағы басшы және нақты істің адамы екендігін дәлелдейтін айшықты мысал. Әйтпесе, Кеңес одағының ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрған заманда өзі обкомның бірінші хатшысы бола тұра, әлгіндей сөз саптау – жүрегінің түгі бар адамның ғана қолынан келетін шаруа.

Қазір мемлекеттік тілдің ахуалы екінің бірінің ермегіне айналды. Үлкен де, кіші де осы мәселені әлсін-әлсін тілге тиек етіп, жиі жалаулатады. Қолданылу көкжиегі кеңеймей отырған ана тіліміздің мүшкіл халі депутаттан бастап, ауыл арасындағы зейнеткер қартқа дейін алаңдатуы, әрине, дұрыс-ақ. Әрі оған қазір өз тізгініміз өз қолымызда болғандықтан, саяси еркіндік бар. Ал КСРО кезінде Орал қаласындағы үлкенді-кішілі мәдениет ошақтары мен сауда нысандарының маңдайшасына әуелі қазақша, сосын барып орысша жазу Ықсановтың кезінен бастау алғанын аға буын ардагерлер болмаса, кейінгі толқын жастар білмейтіні анық. Бүгінгі саяси тәуелсіздіктің биігінен қарағанда, бұл да ұсақ-түйек болып көрінуі кәдік. Бірақ ұлттық мәселелерге келгенде қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған кезде әлгіндей қадамға өзінің орысы қалың, оның үстіне Ресейдің бақандай бес аймағымен шектесетін облыстың бірінші хатшысының өзі ұйытқы болу үшін, ең алдымен, ұлтжанды болу шарт! Біржола Ресейге қаратып, бауырына баспақ ниетпен орман-орыс қойнауы толы қазына Қарашығанаққа көз алартқанда да табандылық танытып, қажыр-қайрат көрсеткендердің бірі біздің Мұстақым ағамыз көрінеді. Сондай-ақ Ықсановтың өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының орта шенінде Әмудария мен Сырдарияның суын суармалы егістік үшін тым ысырап қылу күндердің күнінде Арал теңізіне сор болып жабысатындығы жөнінде сол кездегі КСРО Мелиорация және су шаруашылығы министрі Е. Александровқа дейін бетпе-бет кездескенде әлсін-әлсін құлаққағыс қылып, дабыл қағып, шыр-пыр болуы оның стратегиялық дәреже-деңгейдегі пайым-парасат иесі екендігін анық аңғартады. Әрине, мұндай мысал, әлгіндей деталь-штрихтарды Мұстақым Біләлұлының өмірінен көптеп келтіруге болады. Ал Ықсанов феноменіне үңілгендегі ең басты тағылым оның мемлекеттік мүдде мен халық қамын біртұтас дүние деп қарауында екендігі болса керек. Ең бастысы, Ықсановтай қайраткер азаматтардың өмір-өнегесімен ден қойып танысқан елін сүйер жас еліктейтін тұлғаны алыстан іздеу бос әурешілік екендігін ұғынады…

Түп мамандығы инженер Мұстақым Ықсанов Алматы қаласын су тасқынынан қорғау жүйесін қалыптастыруға, Бетпақдаланы суландырып, гүлдендіруге, Оңтүстік Қазақстан облысын бау-бақшалы өлке мен Сырдың бойын ақмаржан күріштің отанына, ал байырғы Оралды Қазақстанның ең әсем қалаларының біріне айналдыруға орасан зор еңбек сіңірді. Оның осы толағай еңбегін ескеріп, инженерлік мамандыққа оқытатын факультеттері бар еліміздің жоғары оқу орындарының бірінде (тіпті бірнешеуінде) Ықсанов атындағы арнайы стипендия тағайындау, меніңше, әбден орынды. Мұндай қадам инженерлік мамандықтың мәртебесін көтеріп, ұлттық инженерлер отрядын қалыптастыруға да игі әсерін тигізері кәміл. Әрі Қазақстанның қазіргі индустриялық-инновациялық саясатына да сай қадам.

Өзінің алғырлығы мен қарым-қабілеті һәм білім-білігінің арқасында жастайынан атқа мініп, жылдар бойы небір лауазымды басшылық қызметтерді абыроймен атқарып, тек Орал облысының өзін үздіксіз 11 жыл басқарған М. Ықсанов соңғы қызметін тапсырып, зейнеткерлікке шыққанда Алматыға бар болғаны екі-үш чемоданмен ғана көшкен көрінеді (мен мұны біраз жыл Мұстақым Біләлұлының көмекшісі болған Дәржан Иманғалиев ақсақалдың өз аузынан естідім). Мұндай тектілік пен қанағатшылдық біздің барша атқамінер азаматтарға жұғысты болғай!..

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі


«Жұмысы жемістінің өмірі келісті»

Күні: , 44 рет оқылды

20160914_165326


Орал политехникалық колледжі сегіз түрлі бағытта кәсіби-техникалық маман даярлайды. Соның ішінде 25 түлек ағаш өңдеу шебері болуға бел байлапты. Осы кәсіпке баулитын Павел Судаковтың колледжде ұстаздық қызмет етіп келе жатқанына 23 жыл.


Ол Орал қаласындағы бұрынғы №9 мектептен негізгі білім алып шыққан соң, 1985 жылы политехникалық колледжге түскен. Кейін Отан алдындағы әскери борышын өтейді. Қалада құрылыс саласында еңбек етеді. Сол жылдары шаһарда салынған құрылыстарда Павел Судаковтың да қолтаңбасы бар.

«Ең бастысы, оқып-үйрену үшін, еңбек ету үшін ниет болғаны абзал. Алғашқы курста бір студент болашақ мамандығын намыс көріп, оқудан бас тартатынын мәлімдеді. Сонда топ алдында «Бәрің бірдей шебер болмассыңдар, бірақ, ең болмаса, бұранданы орнымен пайдалануды білмей шықсаң, колледжде алған біліміңнің зая кеткені тіпті ұят. Ағаш өңдеу шеберінің құрылыс саласында рөлі зор, содан өмірлік нәпақа таба алады» деп шымбайға батырып сөйледім. Кейін сол жігіттің талпынғаны сондай, қазіргі уақытта берген тапсырманы бәрінен жақсы орындайды», — деді әңгімелесе келе Павел Судаков.

Оның айтуынша, колледжде оқытушылар бірінші курстың студенттеріне алдымен қарапайым бұйымдарды жасауды үйретеді. Мәселен, олар ағаштан таяқша, тұтқа, тікбұрышты сызғыш, балтаның сабын жасаудан бастайды. Әрбір «туындыға» автордың аты-жөні жазылып, белгіленеді. «Алдымен қай заттың болмасын, нобайын қағазға түсіріп, сызба өлшемін тиянақтап алуды тапсырамын», — дейді Павел Судаков. Он саусағы бір тұтам ағаштан оқтық мүсін шығаратын «алтын қолдың» құпиялары біртіндеп ашылған сайын студенттер шеберліктің ал-ғышарттарын тәжірибе жүзінде санаға сіңіріп, біртіндеп дағдыға айналдыра бастайды. Мәселен, Павел Иванович шағын қобдишаны (шкатулка) қолына алып, оның бұрыштарының қиюласу реті күрделі жасалғанын тәптіштеп түсіндіре бастады. Кәсіби тілде «қарлығаш құйрығы» деп аталып кеткен трапеция пішінді кертік бұрынғы кезде кеңінен қолданылған екен. Бұл тәсіл шкафтардың, үстелдердің тартпасын жасағанда оңтайлы көрінеді. Тұтқасынан тартып ашқан кезде желімдемесе де, тартпа жақтаулары мызғымайды.

Колледжде көбіне шикізат ретінде қарағай мен шамшат пайдаланылады екен. Ал еменнің құны қымбат, оны көршілес Ресей облыстарынан әкелуге тыйым салынған.

Жалпы, техникалық қауіпсіздік ережелері, гигиеналық талап қағидалары алдымен теория бөлімінде түсіндіріледі. Сондай-ақ ағашты аралау, сүргілеу, жони білудің әдіс-тәсілдеріне күнтізбелік жоспарда жеке-жеке тақырыптар арналған. Құрал-жабдықтарды ерекшелігіне қарай орынды пайдалана білу қажет. Мәселен, қол араның тісі тік болса, кедір-бұдырлы ағашты кесуге қолайлы, ұштары бір бағытта шалқақ орналасса, ұзын дөңбекті тігінен кесуге болады. Шеберханада ағаштан жасалған сүргілердің неше түрі бар екен. Қайыңнан жасалғаны жұмсақ болып келсе, еменнен ойып алған сүргінің қалыбы қатты. Оның қасында металдан жасалған сүргілердің өзі ұзақ уақытқа шыдамай, жарамсыз болып жатады. Яғни бабалар пайдаланған құрылғылардың сапалы болғанын шәкірттерге аңғарту үшін қажет.

Кәнігі ағаш өңдеу шебері атану үшін жан-жақты білім-білік қажет. Математика, сызба, физика, химия пәндерін жетік білген жөн. Осыны айтқан ұстаз бізге студенттер жасаған бұйымдарды көрсетуге ерінбеді. Олардың арасында нарда ойынына арналған торлы тақта да әдемілігімен көзге түседі.

«Шәкірттерім ілгіш, орындықтар да жасайды. Өз қолдарымен дайындаған дүниесін мұқият тексеремін. Сызба нобайында бір қателік кетсе, қай заттың болмасын, құрылымы дұрыс шықпайтынын, тәжірибе жүзінде салыстырып, ескертемін. Кей ата-аналар балаларының жасап әкелген бұйымдарын жарыса айтып, қуанып жатады. Әрине, оларға үйге ештеңе апармаса, баласының қолөнерге құлықсыз екенін содан білуге болатынын айтамын», – деді Павел Судаков.

Қарапайым есік құрастыру да оңай шаруа емес. Әрбір бөлшек, әрбір бедер орнықты үйлесуі қажет. Шикізат құрғақ күйінде кәдеге жарамайды. Шамамен бойында 35 пайыздай ылғал болуы тиіс. Есік бөлшектерін мұқият қиюластырып, желімдегеннен кейін баппен құрғатылады. Шикізатты таңдауыңа қарай қолдануға болады. Мәселен, бұтақты ағашты пайдалансаң, онда жылтыр сыр (лак) жаға алмайсың. Одан әрмен ағашты өңдеу, құрастыру, ою жұмыстары жасалады. «Мен шәкірттеріме, алдымен, орындық жасай алсаң, қолыңнан бәрі келеді деп үйретемін», – дейді шебер. Оның айтуынша, құрылысқа пайдаланылатын әрбір шикізаттың құрамын білу аса маңызды. Мәселен, кейбір сыр екі тәулік бойына кеппеуі мүмкін. Жалпы шеберханада ағаш қалдықтары қоқысқа лақтырылмайды, түгелдей кәдеге жаратылады. «Қазіргі кезде шәкірттерімнен 3-курс студенті Иса Әменов ерекше қабілетімен көзге түсіп жүр. Тек сәл шыдамсыздау. Тез істегенді қалайды. Болашақ ағаш шебері үшін сабырлылық – аса қажет қасиет», – дейді ұстаз.

Студенттер техника қауіпсіздігін игерген соң, екінші курста станоктармен жұмыс істей бастайды. Одан әрмен күнделікті тапсырмадан бөлек, тұрғындардан тапсырыс түссе, қосымша нәпақа таба бастайды.

Павел Судаков кейін бізді әріптесі Шәңгерей Нұрышевтің жұмыс кабинетіне ертіп апарды. Біз барғанда 2-курс студенттеріне сабақ бітіп жатыр екен. Шеберханадан жұқа тақтайдан өрнек ойып жатқан екі бозбаланы кездестірдік. Оның бірі – Ақжол Айғали Теректі ауданындағы Барбастау ауылынан келсе, Бағдат Дәулетов – Жәнібек ауданындағы Ұзынкөл ауылының түлегі. «Стипендиямызды тұрақты алып тұрамыз. Алғашқы курста бағыт-бағдар алғаннан кейін жеке тапсырыстар алып, қосымша табыс таба бастадық. Мәселен, бір тақтайдың (двп) өзі екі жер үстел жасауға жетеді. Шикізатты құрылыс матриалдары дүкенінен аламыз. Бұдан бөлек орындық құрастырамыз, тойда келіндердің төбесіне көтеретін шаңырақ жасаймыз», – деді жас шеберлер.

Павел Судаков сонымен қатар өзінен жасы үлкен әріптесі Виктор Неводовты ұстаз тұтады. Тәжірибелі қария тәжірибесін аянбай бөліседі. «Ерлерге үй салу, бала өсіру, ағаш егуден бөлек, құрал-сайманын сайлап, ең болмаса, есік алдына сәкі құрай білуі тиіс деп есептеймін. Әрине, бұл үшін еңбек арқылы шынығып өскен аса маңызды. Бастысы, ниет болу керек», – деді сөзін нықтай түскен Павел Судаков.

Колледжде оқыту қазақ және орыс тілінде жүргізіледі. Бір қуанарлығы, оқу ғимараты ішінде еңбек, қолөнерге қатысты нақыл сөздер, мақал-мәтелдер ірі әріппен жазылған жұқа тақтайлар биікке ілінген екен. Дәлізде келе жатып, соған бірден көзің түседі. Мәселен, «Жұмысы жемістінің  өмірі келісті», «шебердің қолы ортақ…» деген бағытта жалғасып кете береді. Бір бөлмеде студенттердің соңғы курста дайындаған бұйымдары жиналған. Соның ішінде әдемі бесіктің алдыңғы жақтауы ұлттық нақышпен зерленіп, ортасына күн астында қалықтаған қыран бейнесі ойылыпты. Тәуелсіз ел ұрпағы осылай еңбек етсе керек-ті.

Еден саңылауларын қалай бітеуге болады?

Жіпке ағаш желімін сіңіріп, саңылауға толтырамыз. Тәулік бойына еденнің кебуін күтеміз. Ацетонмен жұмсартылған майлы линолеум кесінділерінен сылақ (замазка) дайындаңыз. Осы сылақпен барлық саңылауды мұқият бітеңіз.

Енсіз жұқа тақтайшаларды саңылау өлшеміне сәйкес қалыңдығы мен ұзындығын әр түрлі қылып кесіңіз. Оларға желім жағып, саңылауға кіргізіп, бітеп тастаңыз.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»

nurtai_din@mail.ru

тел: 51-51-34


Еңбек күніндегі марапат

Күні: , 55 рет оқылды

pri_8369


Еңбек  күні  мерекесіне  орай  өңірдегі  жұмыспен  қамтуды  үйлестіру және әлеуметтік  бағдарламалар  басқармасының ұйымдастыруымен  облыстық  форум  өтті.


Бұқараны еңбек етуге ынталандыру және «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы» идеясын ілгерілетуді мақсат тұтқан шарада өңірлік «Еңбек жолы» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Аталмыш байқау еліміздің Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің бұйрығына сәйкес, облыс көлемінде Еңбек күні мерекесін атап өту мақсатында ұйымдастырылған екен.

– Биыл Елбасымыздың жарлығына сай қыркүйек айының соңғы жексенбісі Еңбек күні мерекесі болып жарияланып, атап өтілуде. Ата-бабаларымыз «Еңбек түбі – береке» деп  текке айтпаған. Мемлекет басшысы қазіргі уақытта азаматтарды жұмыспен қамту ең басты мақсат екенін атап өтті. Осыған орай еліміздегі әлеуметтік бағдарламалар да жұмыспен қамту, жұмыс орнын сақтау, халықтың табыс көзін арттыру, осал топтарға әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған. Құрметті форумға қатысушылар, баршаңызды бүгінгі мерекемен құттықтаймын, – деген облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева байқау жеңімпаздарына арнайы диплом және бағалы сыйлықтар ұсынды.

Жәнібек ауданының тұрғыны Хамит Молдағалиевтің отбасы «Үздік еңбек әулеті», Зеленов ауданының тұрғыны Денис Комаров «Өндірістің ең жас жұмысшысы», Бөкей ордасы ауданының тұрғыны Нәсіп Нұркенова «Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері» аталымына ие болса, қызметкерлердің еңбек құқықтарын сақтау жөніндегі сенім сертификаты «Орал» магистралды газ құбырлары басқармасына қарасты «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамы филиалына берілді.

Салтанатты жиында Ұлы Отан соғысының ардагері Хамза Сафин көпшілікті аталмыш мерекемен құттықтап, өзінің өмірлік тәжірибесінен алынған тағылымды әңгімелері арқылы әрбір қазақстандықты адал еңбек етуге шақырды. Мұнан кейін қала әкімінің  орынбасары Марс Сатыбалдиев және ҰОС ардагері Хамза Абдрахманұлы мерекеге орай Орал қаласы бойынша ұйымдастырылған «Мамандығы бойынша үздік» сайысының жеңімпаздарын марапаттады. Атап айтқанда, Ғалия Дүйсенғалиева («ТМК-Казтрубпром» ЖШС) – «Үздік инженер-технолог», Александр Полкунов («Оралмұнайгазгеология» АҚ) — «Үздік слесарь», Мейірман Бәйменов («Жайық жарығы» ЖШС) – «Үздік электрик», Николай Сенатский («Жайықжылуқуат» АҚ) – «Үздік дәнекерлеуші», Қартбай Аймағамбетов («Болашақ» ПИК) – «Үздік сантехник», Виктор Иванашкин («Uniserv» ЖШС) – «Үздік токарь», Клара Ғазизова («СКФ Отделстрой» ЖШС) – «Үздік құрылысшы», Сергей Самаркин («Батыс су арнасы» ЖШС) – «Үздік краншы», Светлана Вострикова («Квант» ЖШС) – «Үздік тігінші» аталымдарына  лайық  деп  танылды.

Шара Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармония ұжымының мерекелік концертіне  ұласты.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Суретті  түсірген  Айбатыр  НҰРАШ


Ғасырлық тойын атап өтті

Күні: , 49 рет оқылды

img_4842


Жақында Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжінің құрылғанына 100 жыл толуына орай аталған оқу орнында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұған Ресейден және республикамыздың түкпір-түкпіріндегі медициналық оқу орындарының өкілдері мен жергілікті денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері қатысты.


Қазақстан Республикасында денсаулық саласын дамытудың 2016-2019  жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде мейіргерлік білім беруді жаңарту» атты  халықаралық ғылыми-тәжірибе-лік конференция басталмас бұрын қатысушылар  Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжінің мейіргерлік білім беруді жаңарту және ғылыми-әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз ету» тақырыбындағы көрмесін тамашалады.

Аталмыш конференция Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменовтің алғы сөзімен басталды. Бұдан соң ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі ғылым және адами ресурстар департаменті медициналық білім және ғылым басқармасының басшысы Үлмира Нұралиева мен ҚР  Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мейіргерлер ісі бойынша штаттан тыс бас маманы, «ҚР медициналық колледждері одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы, медицина ғылымының докторы Сұлтан Сейдуманов сөйлеп, аталған ұжымды 100 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Жиында Ресей Федерациясы «Самара мемлекеттік медициналық университеті» Мейіргерлік білім беру институтының директоры, медицина ғылымының докторы, профессор  Лариса Карасева, Н. Ляпина атындағы Самара медициналық колледжінің директоры Надежда Ярочкина, Ақтөбе облысындағы мейірбике ісін дамыту орталығы   директорының  орынбасары Замзия Алипова және басқа да конференция қонақтары сөйлеп, білікті мейіргерлер даярлау бағытындағы іс-тәжірибелері мен ой-пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мәншүк Аймырзиеваның «Батыс Қазақстан облысында мейіргерлерді даярлау» және  Батыс Қазақстан медициналық колледжінің  «Мейіргер ісі» бөлімінің меңгерушісі Гаухар Әлібаеваның  «Мейіргерлерді даярлау ісінің заманауи дамуы» атты тақырыпқа даярлаған баяндамаларын конференцияға қатысушылар қызыға тыңдады.

Конференцияның келесі бөлімі сол күні кеште облыстық қазақ драма театрында жалғасты. Салтанатты шараға арнайы келген облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжінің ұжымын 100 жылдық мерейтойымен құттықтады. Колледждің бір топ қызметкерлеріне облыс әкімінің  алғысхатын  табыс  етті.

Содан соң ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі ғылым және адами ресурстар департаменті медициналық білім және ғылым басқармасының басшысы Үлмира Нұрәлиева мерейтой иелеріне ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың құттықтау хатын оқып, колледждің бірқатар қызметкеріне аталмыш министрліктің төсбелгісін табыс етті. Мәселен, Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Баянсұлу Шонаева «ҚР Денсаулық ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісіне және осы колледждің жоғары санатты оқытушысы Вера Курноскина «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісіне ие болды. Сондай-ақ осы оқу орнын 28 жыл бойы басқарған Мақсот Берген бастаған ұжымның тағы бірқатар қызметкері аталмыш министрліктің Құрмет грамотасы  мен  алғысхатына  ие  болды.

Салтанат соңы облыстық филармония қызметкерлері даярлаған мерекелік  концертпен  жалғасты.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал  өңірі»

Суретті  түсірген Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


Жүн мен теріні өңдеуді қолға алмақ

Күні: , 42 рет оқылды

pri_8113


Бөкенбай баһадүр дүниеге келген Шыңғырлау ауданының тарихы бай, айтар аңызы мен көрсетер кереметі көп. Сол себепті мұнда өлкетану музейін ашу бағытында шаралар алынуда. Осы мақсатта аудан орталығындағы үш қабатты ғимарат теңгерімге алынып, оған күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталмыш нысан ауданның мәдени өміріне тың серпін берері анық. Бұл туралы сейсенбі күні Орталық коммуникациялық қызметтің облыстық филиалында өткен брифингте аталмыш ауданның әкімі Альберт Есәлиев мәлімдеді.


Шыңғырлау – экономикалық әлеуеті артып келе жатқан аудандардың бірі. Сегіз ауылдық округпен 25 елді мекеннен тұратын шыңғырлаулықтар негізінен кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы салаларынан ырыздықтарын тауып отыр. Аудан басшысының сөзіне қарағанда,  негізгі капиталға түскен инвестиция көлемі жыл санап көбеюде. Биылғы сегіз айда ол 701 млн. 379 мың теңгені құрады,  бұл өткен жылдың осы кезеңінен  6%-ға  көп.

– Жылма-жыл ауданымызда мал басының саны артып, бау-бақша аумақтары кеңейтілуде. Ескі техникалар жаңартылып, ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылуда. Оң нәтижелі көрсеткіштерге мемлекеттік бағдарламалар негіз болуда. Биылдың өзінде «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 10 бұқа, 189 сиыр, «Құлан» бағдарламасы бойынша  65 бие және бес айғыр сатып алынды. Жылдың соңына дейін екі шаруа қожалығы «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 426 қой сатып алуды көздеп отыр.  Жалпы жыл басынан бері 2047 тонна ет, 10603 тонна сүт, 2 млн. 270 мың дана жұмыртқа өндірілді. Биылғы жыл диқандарымыз үшін де жақсы болды. Қардың қалың болуы, күзгі және көктемгі жауын-шашынның мол түсуі елдің берекесін арттырды. Ағымдағы жылы аудандағы егістік алқаптың жалпы аумағы 11025 гектарды құрады. Оның 3647 гектарына дәнді дақылдар, 1196 гектарына майлы дақылдар, 5992 гектарға мал азықтық шөптер егілді. Дәнді дақылдардан 4360 тонна өнім жиналды. Сөйтіп, көп жылдан бері еңбектерінің жемісін көре алмай келе жатқан шаруашылықтар биыл қуанышқа кенелуде. Кәсібін дөңгелетемін дейтін агроқұрылымдарға егістік, жайылым, шабындық алқаптары еш кедергісіз берілуде. Ал игерілмей жатқан жерлер мемлекет қорына қайтарылуда. Биылдың өзінде 24 шаруа қожалығы ашылып, оларға жалпы көлемі 20953 гектар, соның ішінде 4937 гектар егістік, 80 гектар шабындық, 15936 гектар жайылым жер телімдері берілді, – деген Альберт Есәлиев ауданда мал басы санының артуына байланысты ветеринариялық жұмыстарға да көңіл аударылып жатқанын айтып өтті. Соған орай Самара-Шымкент автотрассасының бойында орналасқан ауылдар маңына тексеру нысандары орнатылды. Ауылдық жерлерде кезекшілік ұйымдастырылып, сырттан келген көліктерге дезинфекция жұмыстары жүргізіліп, олар қатаң  бақылауға  алынды.

Шыңғырлауда кәсіпкерлік саласы да қарқынды дамуда. Жыл өткен сайын ауданда халыққа қызмет көрсететін шағын және орта бизнес нысандары көбеюде. Былтыр азық-түлік супермаркеті, ойын-сауық кешені, шағын кафелер мен дүкендер іске қосылған еді. Биыл бетондық бұйымдар, керамзит тастар, жиектас өндіретін «Битимбаева» жеке кәсіпкерлігі өз қызметін бастады. Бұл өнімдерге сұраныс бар және олардың құны облыс орталығындағы бағамен тең. Сондай-ақ жеке кәсіпкерлер аудан орталығында фармацевтикалық кешен, бизнес орталық және шағын маркет салуға қызығушылық танытып отыр. Таяуда аудан орталығында мал сою пункті, шағын пиццерия іске қосылды. Көп кешікпей балаларға арналған кафе ашылмақшы. «Аудан халқының сұранысын өтеу үшін ауыл шаруашылығы, яғни сүт, тері, жүн өнімдерін өңдеу орындарын ашуды ойластырудамыз, – деді Альберт Темірболатұлы. – Былтыр Ақтау мен Орал қалаларынан жеке кәсіпкерлер келіп, ауданымыздан жалға жер алып, шаруашылықтарын бастаған болатын. Осы кәсіпкерлердің бірі Сегізсай ауылында мал сою алаңын ашып, бақша салу бағытында жұмыстанып жатса, екіншісі «Сыбаға» бағдарламасы бойынша мал алуды, аудан орталығынан көкөніс сақтайтын қойма салуды,  мал өнімдерін өңдейтін цехтар ашуды жоспарлап отыр».

Ауданда бұқаралық спортты дамытуға жете мән берілуде. Былтыр ашылған «Шыңғырлау» спорт клубы жанынан аударыспақ, көкпар, теңге ілу секілді ата-бабамыздан мұра болып келе жатқан ұлттық спорт түрлері жастарға кеңінен дәріптелуде. Осы мақсатта «Темірлан» жеке ат спорт клубы жұмысын бастады. Жалпы шыңғырлаулықтар ат спорты түрлерінен болған облыстық, республикалық сайыстардан жүлдемен оралып жүр. 30 қыркүйек күні аудан орталығында көкпар сайысының облыстық турнирі өтпекші. Аудан күніне орай, яғни 1 қазанда аударыспақ, қыз қуу, бәйге жарыстарын өткізу жоспарда бар. Сондай-ақ ауданда  бокс, гір спорты мен волейбол да қарқынды дамып келеді. Жақында Шымкент қаласында өткен «Шұбар доп — 2016»  республикалық жарысында облыс намысын қорғаған шыңғырлаулық волейболшы қыздар ІІ орын алды. Аудан орталығында теннис корты мен шағын әмбебап спорт алаңы салынды. Енді осындай әмбебап алаңды қалған  жеті округте де салу жоспарланып отыр.

Мәди   ЫҚЫЛАС

Рустам МАШАРИПОВ, «ТДК-42» телеарнасы:

– Сіз өз баяндамаңызда апатты деп танылған үйлердің тұрғындарына жаңа үй беру жайын айтып өттіңіз. Оған бюджеттен қанша қаржы қаралды?

Альберт ЕСӘЛИЕВ:

– «Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасын» іске асыру барысында аудан орталығындағы екі қабатты, сегіз пәтерлі тұрғын үй апатты деп танылып, оған жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік болмады. Сол себепті ондағы тұрғындарға үй алып беру туралы шешім қабылданды. Оған аудандық бюджеттен 20 млн. теңге қаржы қарастырылды. Жоспарланған сегіз пәтердің бесеуі сатып алынды. Қалған пәтердің иелері Ресейде, еліміздің өзге өңірілерінде жүр.

Олармен хабарласып отырмыз. Ертең келген бойда өздері таңдаған  үйлерін  сатып  алып  береміз.

Айгүл  ЛОГАШКИНА,  «Қазақстан-Орал» телеарнасы:

– Ауданда кәсіпкерлік қалай дамуда? Мемлекеттік бағдарламалар аясында қанша жоба іске асып жатыр?

Альберт  ЕСӘЛИЕВ:

– «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауданда соңғы үш жылда жалпы сомасы 66,2 млн.теңгені құрайтын алты жоба іске асырылып, 37 жаңа жұмыс орындары ашылса, биылғы сегіз айда осы бағдарлама аясында 20 млн. теңге несие алынып, төрт  жаңа  жұмыс  орны  құрылды.

«Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасының ІІ бағыты бойынша биылғы жылға 60 млн. теңге қаражат бөлініп, 11 адам жеке ісін кеңейтуге 31 млн. теңгеден астам несие алды. Қалған қаржыны жыл аяғына дейін игереміз. Несие беру арқылы барлығы 23 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарымызда бар.

Жалпы жыл басынан ауданның шағын бизнес субъектілерімен 1 млрд.  46 млн. теңгенің  өнімдері өндіріліп, жұмыстары атқарылып, қызметтері көрсетілді. Шағын бизнес субъектілерінен түскен салық көлемі 38 млн. 94 мың теңгені құрады.


Құлағалы тұрған құжыра. Шарасыз жанұя. Сырғытпа жауаптар…

Күні: , 289 рет оқылды

dsc_1185


«Мемлекет алдында тұрған негізгі міндет – халықтың өмір деңгейін арттыру»

Н. НАЗАРБАЕВ.

(08.09.2016 ж.Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде сөйлеген сөзінен)


Бисен ауылдық округінің орталығындағы бұл нысанды сыртынан көргенімізде, қатар тұрған тұрғын үйлердің бірінің сарайы немесе мал қорасы шығар деп ойлаған едік. Лашық һәм құжыраға ұқсаңқырайтын жұпынылау тамның терезелерінен перделерді байқағанымызда, бұл ойымыздан дереу айнуға тура келгені.

— Отағасы бір шаруаларымен шығып кеткен, қазір келіп те қалар. Қош келдіңіздер, үйімізді көріңіздер, — деді есік ашқан орта жастағы келіншек. Шамасы,  тұрғын үйге байланысты келген комиссия екен деп ойлап қалса керек, кішкене балақайын көтерген күйі үйге кіруімізді өтінгені. Біз жөнімізді айттық.

— Сонда, біздің тұрмысымыз жәйлі ашық жазасыздар ма?..

Ол сауалына жауабымызды күтпестен үйіне кіріп кетті. Артынша біз де бас сұқтық. Дәлізден кіреберісте шағын үстел мен ыдыс-аяқ орналасқан ескілеу шкаф тұр. Келесі қуықтай бөлме төріндегі кереуетте жаулық тартқан кейуана жатыр. Көрісіп, хал-жағдайын сұрағанымызда, «Шүкір, шүкір» деп қояды.

— 77 жастағы анамыз бізбен бірге. 16 бала тапқан «Батыр анамыз» бүгінде екінші топтағы мүгедек. Өзім де 2007 жылдан бері тубдиспансерде есепте тұрмын. Бұл баспананы 2000 жылы сатып алған едік. Жөндеуге шамамыз келмейді. Ескі үй ғой, құлап қала ма деп қорқамыз, — дейді бес баланың анасы Лиза Елеуова көз жасын сүртіп алып.

dsc_1200Әңгіме төркінінен біраз жайттарды ұғынғандаймыз. Отағасы Нұрболат Өтеғалиев мамандығы жоқ болған соң, бұрын еңбек биржасы арқылы жұмыс істеген, бүгінде мектеп-интернаттың моншасын жағып жүр. Жарты бірлікпен табатын нәпақасы 22700 теңге. Зайыбы көп балалы ана ретінде және балалар жәрдемақысына 17600 теңге алады екен. Жан басына шаққандағы отбасылық кіріс айына 5814 теңге. Отбасындағы балалардың үлкені — студент, Орал қаласында пәтер жалдап тұрса, кішісі бір жас сегіз айлық. Өзгелері мектеп жасында.

— 12 жыл бойы қыс маусымында пешті тезекпен жағып, бір бөлмені ғана паналап шықтық. Тұрғын үй сұрап бірнеше өтініш жаздық. Болмаған соң, 2012 жылдан биылға дейін ауылда пәтер жалдап тұрдық. Биыл ол үй сатылып кетті де, амалсыздан ескі үйімізге қайта келдік, — деп ақтарылған кейіпкеріміз бір бума қағазды алдымызға жайып салғаны.

Нұрболат Өтеғалиев алғашында 2011 жылдың 22 сәуірі күні Бисен ауылдық округінің әкімдігіне жағдайын баяндап, тұрғын үй сұраған өтініш түсіріпті. Тура үш күннен соң округ әкімі Қ. Саматов қол қойған жауапта «… Сізге аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары, жолаушы тасымалдау бөліміне арызыңызды жазып, кезекке тіркелуге кеңес беремін. Биыл жазда ауылдан тұрғын үй бағдарламасы бойынша үш пәтерлік тұрғын үй салу жоспарланған. Ол үй бұрыннан тұрғын үй кезегінде тұрған ауыл тұрғындарына беріледі. Алдағы уақытта тұрғын үй беру мүмкіншілігі болып жатқан жағдайда, өзіңіздің кезекке қойылатындығыңызды қаперіңізге беремін» делінген. Ал 2012 жылғы 1 қазанда тіркелген арызына округ әкімі бір жыл бұрынғы кеңесін қайталай келе «… Алдағы уақытта тұрғын үй беру мүмкіншілігі болып жатқан жағдайда, сіздің арызыңыздың тіркеулі тұрғанын, өзіңіздің кезекке қойылатыныңызды қатеріңізге беремін» деп қол қойыпты.

dsc_1Өтеғалиевтің 2013 жылдың 8 сәуіріндегі Бөкей ордасы ауданының әкіміне жазған арызына орай аудан әкімінің орынбасары Р. Зұлқашев 24 сәуірде былайша жауап қайтарған: «…Сіздің үйіңізге аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Е. Хаиров және Бисен ауыл әкімі Қ. Саматовпен барып, жағдайын қарап, фотосуретке түсіріп, аудан комиссиясына жеткізді. Мамыр айында Сіздің үйіңізді апатты жағдайдағы, бұзылуға жататын үйлердің қатарына қосып, комиссия отырысында қаралады…»

dsc_3Комиссия отырысының шешімін біраз күткен отағасы сол жылдың 16 маусымы күні аудан басшысының атына тағы шағым түсіреді. Көп ұзамай «Сіздің тұрған үйіңіздің жағдайын анықтау үшін аудандық апатты жағдайдағы, бұ-зуға жатқызылатын және күрделі жөндеу жүргізуге жатқызылатын тұрғын үйлерді анықтау жөніндегі комиссиясына тапсырма берілді. Комиссия отырысының қорытындысы бойынша тиісті шешім қабылданып, Сізге хабарлама жіберіледі» деген мәтіндегі аудан әкімі Н. Рахымжановтың жауабы жеткен.

dsc_2Бөкей ордасы аудандық ТҮКШЖК және АЖ бөлімінің басшысы Е. Хаировтың атынан келген қатынас хат әлеуметтік жағдайы әлжуаз, көп балалы отбасы мүшелерінің үмітіне су сепкендей. «Жазған арызыңыз мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру жөніндегі аудандық комиссияның 19.08.2013 жылғы №8 хаттамасында қаралып, ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 67-бабына сәйкес келмеуіне байланысты Сіздің құжаттарыңыз кері қайтарылғандығын қатеріңізге береміз» делінген жоғарыда аталған қатынас хатта.

Бар-жоғы сегіз жылдық білімі бар отағасы 67-бапты қайдан білсін, сол жылдың қазан айында аудан басшысына тағы да өтініш жазады. Бұл жолы да аудан әкімінің орынбасары Р. Зұлқашевтың жауабы тез келген.

2013 жылғы 8 қараша күнгі шығыс нөмірі У-312 хатты оқып, жағамызды ұстадық. Сол жылғы 24 сәуірдегі жауабын қайталап жіберіпті: «…комиссия отырысының қорытындысы бойынша шешім қабылданып, сізге хабарлама жіберетіндігін қатеріңізге беремін.»

Кезекті хабарламаны ұзақ күткен отағасы 2015 жылдың көктемінде ауылдық округ әкіміне тағы арыз жазған. Шағымға шұғыл да сергек қараған округ әкімі «…Сіз Орал қаласынан тәуелсіз сарапшыны шақыртып (өз қаражатыңызға), сол сарапшының қорытындысымен бірге арызыңызды Бөкей ордасы аудандық апатты жағдайдағы тұрғын үйлерді қарау үшін құрылған комиссияға (комиссия төрағасы Р. Зұлқашев) жолдауға кеңес беремін» деген жауапты тура екі күнде қайтарыпты.

Тұрғын үйіне қатысты шағымдарына орай жоғарыда берілген жауаптарды бізге көрсетіп болған соң кейіпкеріміздің тағы бір құжатқа назар аударуымызды өтінгені. Бұл әдеттегідей тұрғын үйге берілетін техникалық паспорт екен. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің» деген 2007 жылдың 20 тамызында берілген осынау құжатта тұрғын үй шатырлы (шиферлі) деп көрсетіліпті.

Құжаттарға әбден көз жеткізіп болған соң, төргі бөлмені де көргіміз келгені. Бел ортасына бөрене-тіреу қойылған аядай бөлмеде балалардың бірі сабаққа дайындалып отырса, өзгелері еш уайымсыз тып-тыныш ойнап отыр. Балақайлардың көңілін бөлместен алай-дүлей сезіммен сыртқа шықтық. Дәл осы сәтте отағасының да келе қалғаны. Көп сөзге жоқ, қарапайым да аңғалдау қыр қазағына ұқсаттық. Отағасы келіншегі мен кенжетайын қасына алып, жұпынылау мекендерінің маңына суретке түсті. Мән-жайды түсінген ол ең болмаса, шай ішіп кетуімізді сұрап бәйек.

«Асығыс едік, бұйырса, қоныстойларыңызға келерміз», — дедік олардың көңілдерін қимай…

Сырымбек ЖӘРДЕМҰЛЫ,

Бөкей ордасы ауданы

P.S: «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР заңының 67-бабында мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйлер беру шарттары көрсетілген. Осы баптың екінші тармағында халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына жататын ҚР азаматтарына, төртінші тармағында жалғыз тұрғын үйі ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған ҚР азаматтарына коммуналдық тұрғын үй қорынан немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын жайларды пайдалануға берілетіндігі көзделген.


Бас жүлде біздің театрда!

Күні: , 141 рет оқылды

%d1%82%d1%80%d0%be%d1%8f-%d0%b0%d1%80%d1%83%d0%bb%d0%b0%d1%80%d1%8b3


Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры (директоры Қуаныш Амандықов) Македонияның Велес қаласында өткен «Стоби – 2016» антикалық драма театрлары ХV халықаралық фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды.


Батысқазақстандық ұжым көне грек драматургі Еврипидтің әйгілі шығармасы негізінде «Троя аруларын» сахналады. Қойылымды велестік көрермендер мен театр сыншылары өте жылы қабылдады.

Гран-приге қоса «Троя аруларын» қойған тараздық белгілі режиссер, Ш. Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов «Ең үздік режиссура», Гекуба бейнесін сомдаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Есәлиева «Ең үздік әйел образы» аталымдарын жеңіп алды.

Айта кетейік, батысқазақстандық театр дәл осы спектакльмен 2015 жылы Керчь қаласында 5-10 маусым аралығында өткен «Боспорские агоны» халықаралық антикалық өнер фестивалінің де бас жүлдесін иеленген болатын. Сондай-ақ сол жолы да Б. Есәлиева «Ең үздік әйел бейнесі үшін» аталымын иеленген еді.

Елжан ЕРАЛЫ


Ақсайдағы Айымгүлге арзу

Күні: , 143 рет оқылды

dsc_1288


Өз тізгініміз өз қолымызға тигеніне ширек ғасыр өтсе де, Бөрлі ауданы, әсіресе, аудан орталығы Ақсай қаласы әлі күнге дейін орысқолды орта екендігі жасырын емес. Демек, туған тіл үшін ең алдымен өзіміз намысқа тырысып, қайрат қылмасақ, тілдік ахуал «Баяғы жартас – сол жартас» күйі қала берері шүбәсіз.


Жақында Бөрлі ауданына іссапарға барып, ауданның жаңа басшысы Алдияр Халеловтың Бөрлінің рухани тыныс-тіршілігін ұлы мәртебелі Тәуелсіздіктің талабына сәйкестендіруге қатысты ой-пікірлерін өз құлағымызбен естіп, риза боп қайттық (алдағы бірер аптада Бөрлі ауданы туралы материалдар топтамасын бермек ниеттеміз). Жақында аталмыш ауданның орталығы – Ақсай қаласының әкімі болып бұрын аудандық білім саласында басшылық қызметте болған Айымгүл Тіріжанова сайланғаны мәлім. Бұл қарындасымыз туралы үшбу іссапар барысында кездейсоқ жолыққан Ақсай қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхтар Бокаев «Айымгүл Мақсотқызы заты әйел болса да, басшылық қызметтерде өзін іскер, алғыр, ұйымдастырушылық қарым-қабілеті жоғары тұлға ретінде танытқан қазақ қыздарының бірі» деп мақтаулы пікір білдірді. Ендеше, Ақсайдың жаңа әкімінің қажыр-қайраты мен ел-жұртпен жұмыс істей білу тәжірибесі тіл майданында да керек-ақ.

dsc_1290Біз сөздің тура мағынасында мемлекеттік тілді менсінбеген төмендегі жарнамаларды Ақсайдың шеткері аумақтарынан емес, керісінше, қақ ортасынан фотоқарауылға іліктірдік. Дәлірек айтқанда, Советская көшесінің Бөрлі ауданы әкімдігінің кеңсесіне қарсы беті. Әрине, бұл бірлі-жарым мысал емес екендігі кім-кімге де түсінікті болса керек. Мәселен, Ақсайдағы Советскаяға қоса, Аграрная, Автороторская, Железнодорожная, Пролетарская, Комсомолская, Электростанцонная секілді көше атаулары  азат елдің талап-талғамына сай деп кім айта алады???

dsc_1296Жуырда Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай елді мекен, көше һәм жер-су атауларын өзгертуге қатысты мораторий күшін жойғаны мәлім. Ендеше,  қала әкімі ретінде Айымгүл Тіріжанова Ақсайдың қазақ тіліндегі көрнекілігін арттырып, ономастикалық саясатының  да көшін түзер  деген үміттеміз.

Бауыржан ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ,

Бөрлі ауданы


Жарайсың, Сансызбай!

Күні: , 52 рет оқылды

img_5023


Жұмыстан  қайтып  келе  жатқанбыз.  Ту сыртымыздан  әлдене  шылдырлағандай  болды. Жиек-жолдың  шетіне  қарай  ысырылып, жол беріп  жатырмыз. «Шайтан арбаға»  мінген біреу  ақырын сырғанап,  жанымызға  келіп қалыпты.


Велосипедті тізгіндеген бала-шаға болар деп жүзіне  көз  сала бергеніміз сол еді, таныс бейне көзімізге оттай басылды. Сансызбай Қажыкенұлы Жанкелдиев! Сонау жылдарда қазақтың жігіттерінің маңдайына сиректеу бұйыратын Мәскеудің Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы техникумын тәмамдаған жайсаңдардың бірі. Араға бірнеше жыл түсіп, нарықтық қатынастың алғашқы толқыны басталғанда,  «Орал өңірі» газетінде фототілші, редактордың коммерциялық мәселелер жөніндегі  орынбасары болды. 1993 жылдан бастап, кәсіпкерлік салаға түбегейлі бет бұрды. Журналистердің арасынан шыққан тұңғыш кәсіпкердің бүгінде шаруа қожалығы, жеке мейрамханасы бар. Сәкеңнің тап бір жаяу жүруден шаршап, велосипедке амалсыз отыратын да жөні жоқ сияқты. Өйткені осы жылдарда оның тақымының астынан шетелдік көліктердің талай маркасы өтіпті. Қазір де жол таңдамайтын, жер тарпыған көлігі бар. Бірақ соған қарамастан «атын» ауыстырған. Велосипедтің де сапалы, қымбат,  ұшқыр түрін таңдапты. «Шайтан арбасы» тақымыңды қыссаң, құлағын жымитып ытырыла жөнелетіндей лыпып тұр. Үстінде спортшылардың ыңғайлы киімі, арқасында жол қапшығы. Осылайша Сәкең  көлігі бола тұра, соңғы кезде велосипедпен жүруге мықтап ден қойған. Қызметіне байланысты қаланың кез келген нүктесіне салып-ұрып тартып кететін көрінеді. Таза ауа, әрі қимыл-қозғалыс. «Атқа мінгеннің арқасы қозады» деп диланатын қазақпыз ғой, оңашалау жерде ызғытып алсаң, бөрікті алшысынан кигізгендей «шайтан арбаның» да желі бар шығар!.. Қиялың шарықтайды, тынысың кеңейеді. Он екі мүшең қозғалып, 62 тамырдың бойын қуалап, күш-жігер таситын көрінеді. Ер азаматқа керегі сол ғой!  Қысқа қайырғанда рақат!

«Қап, бәлем, мен де бір велосипед сатып алмасам ба?..» деп Сәкеңнің соңынан қызыға қарап қала бардық.

Кәсіпкер азамат осы бір қылығымен несін айтасыз, бізді қатты қызықтырды…

Есенжол  ҚЫСТАУБАЕВ,

Орал  қаласы


Үй ауласындағы цех

Күні: , 35 рет оқылды

dsc_1347


Соңғы жылдары елімізде орта және шағын бизнесті дамыту, сол арқылы жұмыссыздықты жою мақсатында қолданысқа енгізілген түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие алып, кәсібін өрістеткендер  өзгелерге үлгі болуда. Мемлекеттік қолдаудың арқасында еңбектен береке тапқан жерлестеріміздің қатары жыл санап артып келеді. Осыдан тура бір-екі ай бұрын Шыңғырлау ауданының орталығында тұратын Әлнұр Бітімбаев та несиеге тапсырыс беріп, өз кәсібін дөңгелетуге ден қойған болатын.


Көп кешікпей Әлнұр «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 3 млн. теңге несие алып, өз үйінің ауласынан құрылыс материалдарын шығаратын шағын цех ашты. Бүгінде цех төрт адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Алғашында тек керамзит кірпіштің бір түрін шығаруды қолға алған кәсіпкер бүгінде өрнектас (брусчатка), жиектас (бордюр), бөлмеаралық кірпіштер және құдыққа арналған диаметрі әр түрлі бетон сақиналарды шығаруға да қол жеткізген. Өндіріске қажетті цемент, шебін, керамзит секілді құрылыс шикізаттарын Орал, Ақсай қалаларынан тасымалдауда. Аталмыш цех тәулігіне 500-700 дана кірпіш шығаруға қауқарлы. Әр кірпіштің құны 180 теңге. Орал, Ақсай қалаларында да кірпіштер осындай бағада саудаланғанымен, тасымалдау құнын қосқанда жергілікті тұрғындар үшін едәуір қымбатқа түседі.

– Өз басым оқып, білім алсамда, мамандығым бойынша жұмыс жасаған жоқпын. Отбасының қажеттігін өтеу, мол табыс табу мақсатында түрлі жалданбалы жұмыстарда болдым. Әр түрлі аймақтардағы ауысымдық жұмыстарда да көп істедім. Несие алып, кәсібімді ашсам деген ой 3-4 жылдан бері мазалап жүр еді. Құрылысқа қажетті өнімдерді шығаратын шағын цехты алғашында еліміздің оңтүстік өңірінде тұратын ағайындарыма қыдырып барғанда көрген едім. Ол кезде біздің өңірде ондай кәсіппен айналысатындар өте сиректі. Ауылға келісімен жеке кәсіп ашуға талпындым. Дегенмен ойым қаражаттың тапшылығынан бірден жүзеге аса қоймады. Биыл соның сәті түсіп, мемлекеттік бағдарлама арқылы несиеге қол жеткіздім. Оның үстіне өзім жинаған азын-аулақ қаражатымды қосып цехқа қажетті құрал-жабдықтарды, станоктарды және бастапқы шикізаттарды сатып алдым. Алғашында тек керамзит кірпіш шығардық. Кейін тұрғындардың сұранысын ескеріп, өндіріс өрісін кеңейте түстік. Қазір цехта керамзит кірпіштің үш түрі, өрнектастың бес түрі, жиектастың екі түрі өндірілуде. Өнімдерімізге сұраныс аз емес. Шаруамыз осы бағытта жүре берсе, болашақта өндіріс ауқымын кеңейте түспекпіз, — дейді  Әлнұр  Бітімбаев.

Жұмыстың қызу қарқынмен жүріп жатырғандығын кәсіпкердің ауласынан-ақ аңғаруға боларлық. Тау-төбе болып үйілген құрылысқа қажетті шикізаттар, тынымсыз еңбек үстіндегі жұмысшылыр, қаз-қатар текшеленген дайын өнім соның айғағындай. Кәсіп иесінің айтуынша, шағын цех жұмысшыларының айлық орташа жалақысы 75-90 мың теңгені құрайды.

– Өзіммен бірге цехта жұмыс жасайтын жігіттермен көп жылдан бері таныспыз. Қолдарынан іс келетін, жауапкершіліктері мол азаматтар. Бәріміздің мақсатымыз – шағын кәсібімізді дамытып, оның игілігін көру. Өз басым аудандық әкімшілікке де ризамын. Жергілікті биліктің қолдауымен мемлекеттік бағдарлама бойынша өз кәсібімді жүйелі жолға қойғаныма қуанышты-мын, – дейді жеке кәсіпкер Әлнұр Бітімбаев.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

Өмірбек  БЕКЕНИЯЗОВ,

Шыңғырлау  аудандық кәсіпкерлік  бөлімінің басшысы:

– Бүгінгі таңда ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашу мақсатында ауданда бірқатар істер атқарылуда. Күні бүгін аудан бойынша 583 шағын кәсіпкерлік нысаны тіркеліп, аталмыш салада 949 адам қызмет етуде. Бүгінгі таңда ауданымыздағы шағын бизнес субъектілері 632,9 млн. теңгенің өнімдерін өндіріп, қызмет көрсетті. Бұл қызметтерден түскен салық көлемі 38094,0 мың теңгені құрап отыр. Биылғы жылдың өзінде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасымен 20 млн. теңге несие алынып, 4 жаңа жұмыс орны құрылды. Сондай-ақ аталған мемлекеттік бағдарлама аясында облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының келісімімен 2020 жылға дейін 30 жоба мақұлдауды және де 74 жаңа жұмыс орнын құруды жоспарға енгіздік.


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика