Мұрағат: 26.09.2016


Жетісудан жүлдемен оралды

Күні: , 41 рет оқылды

%d1%82%d0%b0%d0%bb%d0%b3%d0%b0%d1%82-%d0%bc%d1%8b%d0%ba%d0%b8


Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Талдықорған қаласында қазақ­тың аса көрнекті ақыны Тұ­манбай Молдағалиевтің өшпес мұрасын халық арасында насихаттау, жас таланттарды қолдау мақсатында «Жүрегі жырдан жаралған» атты республикалық жазба ақындар мен әншілер байқауы ұйымдастырылды.


Оған еліміздің әр өңірінен 29 өнерпаз қатысты. Қа­зы­лар алқасында ҚР халық әр­ті­­сі Нұрғали Нүсіпжанов, қазақ­тың көр­­некті ақыны, Мемлекеттік сый­­лықтың иегері Ұлықбек Есдәу­ле­т­ов, дәстүрлі әнші Ақан Әбду­әлі, Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма­ның басшысы Ахмет Кендірбек­ұлы болды. Осы байқаудан «ақжолтай» сүйінші ха­­­бары жетті. Ілияс Жан­сүгіров атын­­дағы мәдениет сарайында өткен өнер бәйгесінде жас ақын, Қадыр Мырза Әлі атын­дағы мәдениет жә­не өнер орталы­ғының маманы Талғат Мы­қи үз­діктер қатарында үшінші жүл­де­ні иеленсе, Ғ. Құр­ман­ғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі Дархан Құлба­баев ынта­ландыру сый­лы­ғын ал­ды. Жүлде­гер­лерге ақшалай сый­лық беріл­ді. «Шарапаты мол шара болды. Екі өлеңмен қатыстық. Ал­ғаш­қысы Тұманбай Молдаға­лиев­ке, екіншісі Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығына арналды. Кең байтақ қа­зақ даласының әр қиырынан жи­нал­ған ақындар мен әншілердің өнерін тамашалап, бір жасап қал­дық», — дейді Талғат Мықи.

Нұртай Текебаев


Балықшылар қармағы бал татыды

Күні: , 42 рет оқылды

ryibalka-na-reke-volhov


Жақында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Шалқар көліне құятын Аңқаты өзені жағалауында «Қармақта — алтын балық» атты облыстық жарыс өтті. Шараны «ЭкоДАР» білім-ресурстар орталығы» қоғамдық бірлестігі мен облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы, Шалқар ауылдық округі әкімдігі бірлесіп ұйымдастырды.


Жұма күні кешке Сарыөмір ауылдық мәдениет үйінде облыстық жарыстың ашылу салтанаты өтті. Жиында ауылдық мәдениет үйінің директоры Жанболат Жолақов, «Турист» сауда үйінің өкілі Алексей Гринев сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі. «ЭкоДАР» білім-ресурстар орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Манарбек Әжкенов жарыстың ережесімен таныстырды.

Әуесқой балықшылар сайысы сенбі күні басталды. Жарыс нәтижесінде Федоров ауылының «Жайық» құрама командасы 9 келі балық аулап, топ жарды. Шағатайлықтар екінші орын алып, олардың қанжығасы 8 келі балықпен майланды. Кейінгі тұғырды оралдық «Компас» командасы иеленді. Сонымен қатар «Жеңіске деген жігері үшін» аталымы «Турист» сауда үйінің құрамасына берілсе, «Ең салмақты балық» аталымы 600 грамм көлемінде балық ұстаған оралдық «Компас» командасына бұйырды. Шалқар елді мекенінің жеті жасар тұрғыны Олжас Хабибулин «Ең жас балықшы» атанды. Ал «Қармақта — алтын балық» аталымын «Жаңалық» («Хабар», «24КZ», «Жайық Пресс» ЖШС) журналистер командасы жеңіп алды. Балықшылардың бәрі алғысхаттармен марапатталды.

Күлімхан ТАСЕНОВА,

Теректі ауданы


Қособадағы той

Күні: , 50 рет оқылды

img-20160919-wa0003


Таяуда Қособа ауылында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында кезінде Сырым елінде жасампаз еңбектің көрігін суытпаған Нөкен Молдашевтың туғанына 85 жыл толуына орай еске алу шарасы дүркіреп өтті.


«Қособа» кеңшарын 20 жылдай басқарған білікті басшы, «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иегері Нөкен Молдашұлының құрметіне орнатылған кеудетұғырдың (бюст) пердесін аудан әкімі Абат Шыныбеков, Нөкеңнің өмірлік серігі Сәуле Сахатова және ауыл ақсақалы Ерген Тойғожиев ашты. Шараға аудандық мәслихаттың хатшысы Шынар Дүйсенғалиева қатысты.

— Бүгінгі шараның мән-мағынасы өте зор. «Елдің атын ер шығарады» дегендей, бірлігі мен ынтымағы жарасқан ауыл халқы мен марқұмның ұрпақтарының қолдауымен ұйымдастырылған бұл шараның жас ұрпаққа берер тәлім-тәрбиесі мол. Шежірелі де қасиетті Сырым елінде бірнеше мәдени шаралар өткізіліп, жаңа нысандар пайдалануға берілді. Елдің жадында ерен еңбегімен есте қалған Нөкен Молдашұлының ұрпақтарына амандық тілеймін, — деді Сырым ауданы әкімі Абат Шыныбеков құттықтау сөзінде.

Шара барысында Н. Молдашевпен жақын араласып, көзін көре қалғандар қатарында Орал қаласынан зейнеткерлер Х. Тастанбеков, М. Ерниязов, Қособа ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т. Шарифуллин, ауыл әкімі Ж. Сатаев, Нөкен ағаның інісі, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Ғ. Молдашев естеліктерімен бөлісіп, әсерлі әңгіме айтты. Осынау ұлағатты шара одан әрі дала қызықтарына жалғасты. Ат тұяғының дүбірін естігенде делебесі қозатын ауыл халқы 18 шақырымдық аламан бәйгені тамашалады. Оған аудандық ұлттық ат спорты қауымдастығының төрағасы Мүтәлі Төреғали бас қазы болып, 20 сәйгүлікті аламанға қосты. Шабандоздардың арасында Әйгерім есімді қыз баланың болуы да көрермендерге ерекше әсер етті. Бес айналымдық аламанның қорытындысында көздіқаралық Серік Мүтиевтің жирені мәреге бәрінен бұрын жетіп, 100 мың теңге жүлдені қанжығасына байласа, бұлдыртылық Сәбит Байырғалиевтың торысы екінші (70 мың теңге), ал көздіқаралық Миржан Жұмағалиевтың сәйгүлігі үшінші орынды (50 мың теңге) иеленді.  Сонымен қатар аламан бәйгеде жетінші орынға дейінгі ынталандыру сыйлықтары да қаржылай үлестірілді. Дала қызықтарында маңдайы жарқырап, жүлдегер атанғандардың бәйгесіне Нөкен Молдашевтың ұрпақтары мен ауыл азаматтары демеушілік жасады. Шара барысында қазақтың рухын көтеретін әндер орындалып, дала қызықтарын одан әрі қыздыра түсті. Аламан бәйгеде кеткен ауылдастарының есесін қазақ күресінен жібермеуді мақсат тұтқан қособалық Болатхан Айымов «түйе балуан» атанып, 50 мың теңгеге ие болды. Ал шараға қаржылай демеушілік танытқандар қатарында Қособа ауылдық округі әкімшілігі аппаратын, «Ергенбай» шаруа қожалығының жетекшісі Абзал Нұрғалиевті, Қособа ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Мәдина Жұмағұлова, бүгінде Орал қаласында тұратын 1971-72 жылдары туылған жерлес жігіттердің бар екендігін мақтаныш сезіммен атаған жөн.

Әсерлі шара соңы ауылдағы «Тұмар» мейрамханасында Нөкен Молдашевтың туғанына 85 жыл толуына арналған ас беру рәсімімен жалғасты. Мұнда да Нөкеңнің көзін көре қалған азаматтар, ақ жаулықты аналар, зиялы қауым өкілдері әсерлі естеліктер, көпке ой саларлықтай әңгімелер айтты. Еске алу барысында Нөкен ағаның інісі Ғұсман Молдашевтың «Өшпес бейнең мәңгі есте» атты кітабының таныстырылымы болып, аяулы азамат туралы басылымдарда жарияланған мақалаларға да шолу жасалды. Шара ауыл өнерпаздарының ән-жырымен әрленіп, күймен көмкерілген концертіне ұласты.

Мүсірбек АЙТАШЕВ,

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ,

Сырым ауданы

P.S Бір кезде Қособаның көркеюіне бір кісідей үлес қосқан Нөкендей азамат, оның бүгінгі тұрмыс-тіршілігін көрсе ғой, қуанар еді, шіркін. Көгілдір отын келіп тұр, ауыз су сылдырлап кіріп тұр ауылға. Ұялы байланыс «пожалыста!» Талай жыл жыр болған орта мектеп те күрделі жөндеуді көріп, көркейіп шыға келді. Тек, әттең! Иә, әттең, қособалықтардың бүгінде жанына батып тұрғаны — жол. Жаңбыр жауса, жолдың азабын ауыл халқы мықтап тартады. Нөкен ағамызды ардақтаған тойға шұбырған халық мұны өз бастарынан өткізді сол күні. Бірақ жол азабына бола, той қызығынан қалыс қалмағаны қуантты біздерді. Азаматтар аман болса, жол да жөнделер…


Іске сәт, сұрыптау кешені!

Күні: , 42 рет оқылды

img_4615


Жұмысын жаңадан бастаған қоқыс сұрыптау кешенінің жұмысымен бейсенбіде БАҚ өкілдері танысып қайтты.


«ЭКО-плюс» ЖШС компаниясының директоры Ерік Машбаевтың айтуынша, қалалық көң-қоқыс төгетін аймақтан қоқыс қалдықтарын сұрыптау кешені өз жұмысын бастаған және онда қаңылтыр, металл, әйнек, полиэтилен пакеттері мен картон сияқты қоқыс қалдықтары сұрыпталып, әрі қарай қайта өндірушілерге жеткізіледі. Мұнда жылына 100 мың тонна қалдықты реттеуге болады екен. Компания басшысы сонымен қатар кәсіпорынның алдағы күндерде жабық түрдегі кешенге айналып, жұмыс күші көбейетіндігін тілге тиек етті.

– Іске қосылған кешеннің жұмыс бағыты дұрыс деп ойлаймын. Себебі әйнек қалдықтары күннің көзінде жатса, айналаны өрт шарпуы әбден мүмкін. Қаламыздан әкелінген қоқыстар алдымен қабылдау алаңына төгіледі. Кейін қоқыс қалдықтары екі  жолақ конвейер арқылы сұрыптаушы топқа жеткізіледі. Жұмысшылардың әрқайсысы өздеріне жүктелген міндетіне қарай сұрыптайды. Ал одан қалған қоқыс қалдықтары жүк көлігіне тиеліп, тиісті орындарға жеткізіледі. Жылына жалпы қоқыс қалдықтарының 60 пайызға жуығы қайта өңдеу орындарына жіберіледі, – деп түсіндірді «ЭКО-плюс» ЖШС-ның кеңесшісі Бекболат Жұматаев.

«ЭКО-плюс» ЖШС қаладағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын 2014 жылы қала әкімдігінен 10 жыл мерзімге сенімді басқаруға алған. Кәсіпорында қазіргі таңда 12 адам жұмыс істейді. 2015 жылы 55 мың тонна қоқыс қалдықтары төгілсе, тек соңғы 8 айда қоқыс полигонына 43 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтар жеткізілген.

Темірболат ӘНУАРҰЛЫ,

«Орал өңірі»


50 мыңнан астам тал-терек егілмек

Күні: , 50 рет оқылды

dsc_0585


Орал қаласы әкімдігінің қаулысы бойынша облыс орталығын абаттандыру және санитарлық тазалық  айлығы жарияланды. Айлық аясында 24 қыркүйекте, 8 қазанда жалпыхалықтық сенбіліктер өткізу жоспарланған.


Соған сәйкес 24 қыркүйек күні Астана және  Жаңа орда шағынаудандарының аралығындағы жол бойына тал-терек  егілді. Бұл шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов, Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев, мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйым өкілдері, зейнеткерлер, жастар қатысты. Жастар демекші, «Көршілер-Соседи» лагеріне жиналған Ресейдің көршілес губернияларынан және еліміздің өңірлерінен келген жастар да бұл игілікті іске өз үлестерін қосты.

– Осы күзде 50 мыңнан астам тал-терек отырғызу жоспарланып отыр.  Бұл теректер бұрын егілмеген болатын. Яғни шетен, шегіршін, канадалық жөке, көгілдір шырша сынды қылқанды ағаш түрлеріне жете мән беріліп отыр. Олар негізінен жол бойына және қаланың сәнін кетіріп тұрған жерлерге егіледі. Бүгінгі шараға тоқталар болсақ, Астана және  Жаңа орда шағынаудандарының аралығындағы мына үшінші көше жолының бойына бес қатарға 400 түп көшет отырғызылды. Сондай-ақ жаңа саябаққа да 10 мың тал егіледі, – деді Орал қаласы әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев.

Қанат  ОРАЗҒАЛИЕВ,

зейнеткер:

– БАҚ арқылы сенбілік болатынын естіп, ерте тұрып, қаламыздың көркеюіне өз үлесімізді қосу үшін осы жерге келдік. Сенбіліктерге жыл сайын қатысып жүрмін. Көшеде ғана емес, өз үйіміздің ауласында да абаттандыру шараларын жүргіземіз. Жалпы,  ағаш егу де бабаларымыздан мирас болған  ізгілікті  іс  екенін  ұмытпауымыз керек.

Александра РЕЗЕПКИНА,

Ресей жастары одағының өкілі (Орынбор губерниясы):

– «Көршілер-Соседи»  лагері аясында Орал қаласында терек егудеміз. Бұл ресейлік жастардың Орал қаласының көркеюіне қосқан үлесі  болары  анық.

Азамат АХМЕТОВ,

Маңғыстау облысындағы жастар ұйымының өкілі:

– Ресейлік  жастармен бірігіп,  Орал қаласындағы жасыл желек қорының көбеюіне үлесімізді қосып жатқанымызға қуаныштымын. Енді Оралға келген сайын осы жерге соғып, еккен теректерімді көріп кетуге тырысамын.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал өңірі»

Қала әкімдігі жергілікті көшеттерді егуге баса назар аударып отыр. Сенбілікте «Уланов» шаруа қожалығының тынымбағында өсірген талдар егілді. Қожалықтың атқарушы директоры Елена Уланованың айтуынша, бұл олардың қала көшелеріне егіліп жатқан алғашқы тал-теректері. Бұған дейін көп қабатты үйлердің аулаларына отырғызылып келген көшеттер енді қаланың көркін арттыруға өз үлестерін қоспақшы.


Достыққа дәнекер «Көршілер»

Күні: , 34 рет оқылды

dsc_0502


Өткен аптада «Атамекен» қалалық балалар, жасөспірімдер туризмі және экология орталығында «Көршілер» атты жастар форумы өтті.


Шараға Ресейдің бірнеше облыстарымен қатар, еліміздің жалынды жастары да қатысып, форумның шырайын аша түсті. Алғашқы форум 2003 жылы Орынбор облысына қарасты Ақбұлақ ауданында өткен. Кейін Орынбор қаласына барған Оралдың жастары қазақтың отыздан астам салтдәстүрін көршілерімізге таныстырған болатын. Жастар саясаты мәселелері бойынша басқарма басшысының уақытша міндетін атқарушы Арайлым Бақытжанованың айтуынша, 2007 жылдан бастап форумның аумағы кеңейтілген.  Қазіргі таңда павлодарлық, ақтөбелік және астаналық жастар да өз үлестерін қосуда. «Шараға қатысушы жалынды да жігерлі жастарымыздың саны 120-ға жетті», — деді ол өз сөзінде.

Форумды ұйымдастырушылар көршілерімізді қазақтың қара домбырасымен ән салып, жарқын жүзбен қарсы алды. Одан кейін қазақтың дәстүріне сай бауырсақ пен қымызды алдарына тосып, қонақжайлылық танытты. Форумға қатысушы жастар жаңадан достар тауып, еліміздегі жастар саясатының дұрыс жүргізіліп жатқанына көз жеткізуді мақсат тұтты.

— Бұл форумға алғаш рет қатысып отырмын. Жергілікті мемлекеттік бағдарламалар, соның ішінде Қазақстанда жастар үшін көп жұмыс жасалып, биліктің қолдауын көріп жатқандығы көңіліме қуаныш ұялатты. Жастардың мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланып, әрі қарай тынымсыз еңбектенуіне барлық жағдай жасалған екен, — дейді Орынбор облысынан келген Егор Кубаев.

Шара барысында жан-жақтан келген еліміздің және көршілес елдің белсенді жастары қаламыздағы Қадыр Мырза Әлі атындағы өнер және мәдениет орталығында, Абай алаңында, Достық үйінде болып, облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі жәдігерлермен танысты.

— Бұдан бұрын Оралда өткен «Көршілер» форумына Қазақстандағы жастар саясатының дамуы жөнінде бағдарлама дайындағанбыз. Сонда біздің «Жасыл ел» бағдарламасы көршілерімізді елең еткізгені белгілі. Ресейлік достарымыз «Жасыл ел» бағдарламасына қызығушылық танытып, туған жердің табиғатын аялауға бірден-бір пайдалы бағдарлама екенін атап өткен болатын, — дейді «БҚО жастар қауымдастығы» ЗТБ төрағасы Ермек Мұхамбетқалиев.

Шара барысында интерактивті сабақтар өткізілді. «Мен бірінші! Жас қызметкерді жігерлендіру», «Әлеуметтік желілерді дамыту», «Еріктілер қызметі не үшін қажет?», «Ортаға тез үйрену және креативті тәсілдері» сияқты тақырыптар қамтылып, келген делегаттар өз өңірлерін таныстырды. Белгілі тележурналист, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Әуесбайдың Қанаты берген дәріс те ерекше әсер қалдырды.

«Көршілер» форумының екі жаққа да игі ықпалын аталмыш шараға қатысушылардың жүздерінен анық байқадық. Біліктіліктерін арттырып, жаңа достар тапқан, шын ниеттес екі елдің делегаттары енді 2017 жылы өтетін «Көршілер» форумын асыға күтетіні сөзсіз.

Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ,

«Орал өңірі»


«Жайықжылуқуат» 452,8 млн. теңге алажақ…

Күні: , 41 рет оқылды

20160922_120539


«Жайықжылуқуат» АҚ-ның дебиторлық алажағы 1 қыркүйек күнгі есеппен алғанда, 452,8 млн. теңгені құрап отыр. Қаладағы 65 мың жылу қуатын тұтынушының 9 мыңы кәсіпорынға қарыз. Жекелей алғанда, олардың берешегі 15 мың теңгеден басталады. Кейбірінің  қарызы 900 мың теңгеге жуық. «Қолымызда борышкерлердің тізімі бар. Қазіргі кезде төрт жеке сот орындаушысымен келісім жасадық.  Олар тек қана біздің кәсіпорын қарызын қайтару жөнінде шыққан сот шешімдерімен жұмыстанады», – деді «Жайықжылуқуат» АҚ-ның бас директоры Мұрат Иғалиев.


Брифингте кәсіпорын басшысы қысқы маусымға дайындық барысын баяндады. Оның айтуынша, ЖЭО стансаларының жабдығын жөндеу жоспарға сәйкес толық аяқталған. Бұған кәсіпорын қаражатынан 295 млн. теңге жұмсалған. Сондай-ақ күні бүгінге ұзындығы 8 499 шақырым жылыту желісі ауыстырылған. Жоспар 108 пайызға орындалған.

«Жайықжылуқуат» АҚ Орал қаласындағы 1164 тұрғын үйді қысқы маусымда жылумен қамтамасыз етеді. Күні бүгінге ПИК-тер құрамына кіретін 804 үйдің 685-інің жылыту құбыры тазаланды, 34-іне дайындық құжаты берілді. ПИК құрамына кірмейтін 319 үйдің 64-інің жылыту жүйесіне шаю, тазалау жұмысы жүргізілген, 29 үйдің құжаты дайын болды. 415 үйге жылу қуатын есептеу құрылғысы орнатылса, әлі 468 үйге осы жабдықты орнату қажет.

Күн райының салқындауына байланысты тапсырыс түсірген 29 әлеуметтік нысанға жылыту жүйесі қосылған. Оның ішінде 16-сы мектепке дейінгі мекеме болса, 9-ы – оқу орындары, 4-уі – денсаулық сақтау нысаны. Қалған мекемелерге жылу қазанның бірінен бастап берілмек. Егер сыртқы ауа температурасы үш тәулік қатарынан 10 градустан төмен болса, Орал қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес жылыту маусымы басталады.

Кәсіпорын «Қазтрансгазаймақ» АҚ-ға  471 миллион теңге қарыз. Сотта екі тарап медиациялық келісімге тоқтады. «Жайықжылуқуат» АҚ көгілдір отын үшін 270 млн. теңгені қарашаның 1-іне дейін төлеп үлгеруі тиіс. Сонымен қатар  кәсіпорынға электр қуатын тұтыну ақысын төлемей жүрген ірі мекеме-кәсіпорындар бар. Солардың қатарында «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ 50 миллион, «Жайық жарығы» ЖШС 4 миллион, «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ 3 миллион теңге берешек.

— Тұтынушылардың біздің дебиторлық алажағымызды қайтаруы өте мардымсыз. Соның кесірінен кредиторлық берешекті төлей алмай отырмыз. «Қазтрансгазаймақ» компаниясынан алдағы уақытта ЖЭО-ға газ беруді тоқтататыны жөнінде жазбаша ескерту алдық. Компания өткен жылдың соңынан бері сотқа 6-шы мәрте талап- арыз түсіріп отыр. Медиациялық келіссөздер жүргізілгеннің өзінде негізгі берешекке қосымша тұрақсыздық айыбы есебінде 38 миллион теңге «жамалды». Ал басқа мекеме-кәсіпорындар секілді төленбеген коммуналдық төлемақысы үшін тұтынушыларға арнайы шара қолдануға мүмкіндігіміз жоқ. Мәселен, біздің қызметкерлер жеке баспанаға кіріп, жылыту батареяларын айырып тастай алмайды. Акт рәсімдеп,  тұрғын үйлерге жеткіземіз. Ары қарай  мәселені шешумен ПИК-тер айналысады. Біз тек сотқа бере аламыз, – деді Мұрат Иғалиев.

Қыркүйектің біріне дейінгі есепті қарағанда, «Жайықжылуқуат» АҚ-ның «қара тізіміне» 256 бюджеттік мекеме, 1620 кәсіпорын және басқа ұйымдар мен 65 мыңнан астам пәтер  енген. Қазіргі кезде мемлекеттік және жеке сот орындаушылары 100,5 миллион теңге қаржыны қайтару үшін 2701 атқарушы өндіріспен шұғылдануы қажет. Мәселен, борышкерлердің жалақысынан және басқа да кіріс көзінен ұстау, жылжымайтын мүлкін және банктегі есепшотын тәркілеу, елдің шекарасынан шығуға тыйым салуға қатысты сот шешімдері шыққан. Екі тұрғынға іздеу салынған.

«Жыл ішінде «Көшпелі касса» акцияларын ұйымдастырдық. Мамандарымыз автобуспен сақадай сай барып, мекемеге келмей-ақ, борышкерлерге сол тұрғылықты жерлерінде есеп айырысуды ұсынды. Акция барысында күніне 100 мың теңге көлемінде ғана төлем түсті. Бұл біз үшін өте  тиімсіз болды», – деді кәсіпорын басшысы.

Дебиторлық қарызды өндірумен шұғылданған кезде кейде пәтер иелері туралы мәлімет алу қиын тиеді. Кейбір қожайын үйдің коммуналдық төлеміне қарыз құнын жасырып, сатып жіберуі мүмкін. Немесе көбіне ПИК құрамына кірмейтін пәтерлердің қысқы маусымға дайындығы нашар болады да, соның салдарынан жылыту жүйесінде ақау орын алады. Күрмеулі түйінді ортаға салған «Жайықжылуқуат» АҚ-ның бас директоры Мұрат Иғалиев тұтынушыларды берешекті қайтаруға салғырт қарамауға шақырды.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

 «Орал  өңірі»


Қараөзенге Жайық суы құйылмақ

Күні: , 77 рет оқылды

pri_7961


Өткен сенбіде облыс әкімі Алтай Көлгінов күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан  Киров – Шежін су арнасындағы жұмыс учаскелеріне барды.


Ақжайық ауданы Алғабас ауылындағы Киров су қоймасының сыйымдылығы – 62 млн. текше метр. Жайық өзенінің суын аясына толтырып жатқан алып дариядан шығатын Киров-Шежін тармағының ел игілігіне берілгеніне қырық бес жыл өтіпті. Ұзындығы 180 шақырымға жуық магистраль содан бері жөнделмеген. Су арнасын жаңғырту жұмысын 2011 жылы Өскемен қаласынан келген «Подводстрой» ЖШС қолға алғанымен, қыруар қаржыны рәсуа қылған. Кейін мердігерге қатысты қылмыстық іс қозғалып, бұл жоба аяқсыз қалды. Кейін күрделі жөндеу 2015 жылы қайтадан жандана бастады. Биыл жобаның бірінші кезеңі бойынша су арнасының 55 шақырымын жөндеу біте келді. Ал екінші кезеңге арналған жоспар бойынша магистральдың 74 шақырым бөлігіне механикалық тазартуды «Азиятехстрой» ЖШС, «Уральскводстрой» АҚ және «Қазсушар» РМК облыстық филиалы бірлесіп жүргізуде. Қазіргі кезде мердігерлердің жұмыс учаскелерінде экскаваторлар су арнасының түбіндегі шөгінділерді қазып ап, тау-тау қылып үйіп жатыр. «Бүгінге дейін 55 шақырым су арнасын тазаладық. Алдағы он екі күн ішінде бітіруіміз керек. Себебі Киров су қоймасына су жіберілуде. Магистральдың кей тұсын кеңейтіп, тереңдетіп жатырмыз. Қазіргі кезде 120 миллион теңгенің қаражаты игерілді. Енді алдағы уақытта 639 миллион теңге қаржы бөлу қажет», – деді «Қазсушар» РМК облыстық филиалының басшысы Нұрболат Жұмағалиев. Ал су арнасының бойындағы нысандарды жөндеу келесі жылы жүзеге асады. Құрылыс-монтаж жұмыстары нәтижесінде көпір, су өткізетін құбыр, көшпелі сорғы стансалары жөнделеді. «Азиятехстрой» ЖШС су өткізетін қақпаларды қадағалайтын қызметкерлерге арналған үш тұрғын үй салады. Екінші кезең жұмысы басталған 557-бекет тұсында құрылыс бригадасы алғашқы баспананың іргетасын құйып, қабырғасын көтеріп үлгеріпті. Сонымен қатар үйдің қасында сарай салынып жатыр.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов бастаған жұмыс тобы магистраль бойында ауыр техникалар іске қосылған учаскелерге аялдады. «Қазір алты экскаватор мен бір бульдозер су арнасын тазартуда. Күн ашық-жарық болған кезде өнікті жұмыс жасап жатырмыз. Алдағы уақытта қаражат мәселесі оңынан шешілмек. Қажет болса, техниканы көбейте аламыз», – деді «Уральскводстрой» АҚ-ның вице-президенті Тенгиз Тедеев.

– Екінші кезең жұмысын аяқтауға қазан айында республикалық бюджеттен 600 млн. теңге қаржы бөлінеді. Бұған өңірімізден сайланған ҚР Парламенті депутаттары да ықпал етіп, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, ҚР Қаржы министрлігі қаржылық тұрғыдан нақты қолдау көрсетті. Енді үшінші кезең бойынша Киров-Шежін су магистралінің 54 шақырымын жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Егер қаражат бөлінсе, келесі жылы бастаймыз. Бұл кезеңде 18 шақырым су арнасы жаңадан қазылады. Жалпы, бұл жобаның мақсаты –  Киров – Шежін магистралі арқылы Жайық суын Қараөзенге жеткізу. Сонда Ресейдегі Еділ өзенінен босатылатын 100 млн. текше метр суға жұмсалатын қаражаттан 30 миллион текше метр судың құнын үнемдейміз. Сондай-ақ төрт ауданның аумағын ішінара қамтитын 130 мың гектардан астам жайылымды қосымша суландыруға болады. Магистраль бойына шаруа қожалықтары орналасып, жұмыс орындары ашылады, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Жоба сәтті жүзеге асса, 2018 жылы Жайық-Көшім жүйесінен келетін бассейнаралық су Қараөзенге барып құйылады. Мамандардың айтуынша, Киров-Шежін арнасынан Қазталов ауданындағы Талдықұдық ауылындағы тоғанға секундына 8 текше метр су босатылады. Жалпақтал ауылы маңындағы су қоймасы Қараөзен арқылы толықпақ. Киров – Шежін магистралі маңындағы 12 мыңға жуық тұрғыны бар елді мекендер шаруашылыққа пайдаланатын суға қол жеткізеді.

Су арнасын Талдықұдық ауылына дейін көлікпен шолып шыққан  облыс әкімі Алтай Көлгінов кейін Чапаев – Жалпақтал – Қазталов бағытында жөнделіп жатқан автожол учаскесінде болды. Ауыр техникалар жол бетіне шайыр төсеп, тегістеп жатыр.

– Биыл бұл күре жолдың 18 шақырымы қазан айына дейін күрделі жөнделуі тиіс.  Қазіргі кезде Жалпақтал ауылының тұсына келді. Негізгі межеге алты шақырым қалды. Жөндеу жұмысы кестеге сәйкес жүруде. Келесі жылы Қазталов ауданына дейін асфальт жабындысын төсеуге жобалық-сметалық құжаттаманы дайындаймыз. Соған байланысты ҚР Инвестициялар және даму министрлігімен келіссөздер жүргіздік. Биыл облыста 255 шақырымнан астам жол жөнделуде. Барлық жол құрылысы уақтылы аяқталады. Елбасы тапсырмасына сәйкес қаражат жеткілікті бөлінуде, – деді Алтай Сейдірұлы.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Сапа басты назарда

Күні: , 31 рет оқылды

20160922_110342_resized


Таяуда орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында кезекті баспасөз мәслихаты өтті. Онда «ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті облыстық департаментінің» басшысы Салтанат Қамешова, аталмыш департаменттің бөлім басшысы Жанақын Тығынбаев пен «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» республикалық мемлекеттік мекемесі облыстық бөлімшесінің директоры Айман Үдішова есеп берді және сұрақтарға жауап қайтарды.


Алдымен сөз алған департамент басшысы Салтанат Ғазезқызы өз ұжымының мемлекеттік бақылаушы және қадағалаушы орынның бірі екенін атап көрсетті. Сертификатқа сәйкестік немесе стандартқа сай келушілікті тексеру іріктеп алу әдісі арқылы жүргізіледі. Кейде тексеру арыз-шағым бойынша немесе сараптамалық қорытындыны анықтау мақсатында да жүзеге асырылады. Нәтижесінде белгілі бір бұйымға, затқа немесе қызметке егер заң талаптарына сай келсе, мемлекеттік сертификат беріледі. Заңбұзушылық жағдайлары кездессе, соған орай тиісті шаралар қолданылады. Басқа да жұмыспен қатар мемлекеттік нышандар (Ту, Елтаңба, т. б.) даярлауға да рұқсат етіледі. Мәселен, бізде бір мекемеге мемлекеттік нышан даярлауға рұқсат берілген. Бір айта кетерлік жайт, бүгінде мемлекеттік нышандардың жасалуының біртұтас стандарты белгіленіп, оның сақталу мерзімі айқындалды. Мәселен, Елтаңба кез келген ұжымда тек үш жыл бойы сақталуы тиіс. Мерзімі келгесін ауыстырылады. Сондай-ақ биыл де-партаментке 191 өтініш түскен. Соның 92-сі жеке тұлғалардың үлесінде. Ал метрологиялық бақылау саласында барлығы 45 іріктелген тексеру жүргізіліп, 17-сінде заңбұзушылық анықталды. ҚР Әкімшілік кодексінің 419-бабы бойынша 3075 450 теңге айыппұл салынған. Бірақ аталмыш департамент соңғы кезде жұмысында жазалаудан гөрі түсіндіру ісіне маңыз беріп келеді.

Биыл 1 шілдеден бастап, ҚР аумағында «Бағалы металдар мен асыл тастар» туралы» Заңның 13-бабына сәйкес, зергерлік және басқа да бұйымдарды өндіру субъектісі барлық меншікті зергерлік және басқа да бұйымдарға қоятын сынамалау таңбасынсыз, сондай-ақ атаулы таңба бедерінсіз зергерлік және басқа да заттарды өткізуге жол берілмейді. Бұйымда сынамалау таңбасының және атаулы таңба бедерінің болмауы заңнан тыс дайындалған затты сатып алу белгісі саналады. Қабылданған заң тұтынушыларды алдауға, контрафакталық тауарды алдын ала сараптамадан өткізбей сатуға жол бермейді. Асыл тасты, зергерлік және басқа да бұйымдарды ел аумағына әкелу және әкету бойынша ҚР заңнамасы талаптарын бұзу Әкімшілік кодексінің 297-1-бабы бойынша 30 айлық есептік көрсеткіштен 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу арқылы жазаланады.

Бұдан басқа есептік мерзім ішінде аталмыш департамент қызметкерлері облыстық ішкі саясат басқармасымен бірлесіп, өңірдің 101 мемлекеттік мекемесінде ҚР мемлекеттік рәміздерін ұлттық стандарт талаптарына сай пайдалану жөнінде түсінік жұмысы мен мониторинг жүргізді. Прокуратурамен бірге денсаулық сақтау және мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде метрологиялық нормалар мен ережелерді сақтау бойынша тексерістер де оң нәтижесін берді. Аталмыш департамент каталогтық парақтар тіркеуді жүргізіп келеді. Мұндағы мақсат — отандық өнімнің каталогын қалыптастыру және тұтынушылардың кең ауқымды сұранысын қолжетімді ету. Ж. Тығынбаев пен А. Үдішова хабарлама жасаушының айтқанын одан әрі толықтырып шықты.

Серік ІЗБАСАРҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Жол апатынан бес адам қаза тапты

Күні: , 45 рет оқылды

97890150cbc3812e2a443c7b7ab199b4


Жексенбі күнісағат 18.20 шамасында Атырау-Орал автожолының 209-шақырымында Атыраудан Оралға бет алған 1967 жылғы У. деген азаматша «Мерседес» көлігінің руліне ие бола алмай, 1991 жылғы А. деген жүргізуші айдап келе жатқан «Газель» автокөлігімен соқтығысуға жол берді.


БҚО ІІД баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, жол апаты салдарынан екі автокөлік те отқа оранып, қос жүргізушімен бірге үш жолаушы қаза тапты. Оған қоса тағы бір жолаушы Ақжайық аудандық орталық ауруханасына жеткізілді.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, тиісті сараптамалар тағайындалды. Оның нәтижелері кейін белгілі болады.

Айта кетейік, биыл жыл басынан бері бұған дейін Орал-Атырау жолы бойында 23 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 7 адам көз жұмса, 26-сы түрлі дене жарақатын алған болатын.

Елжан ЕРАЛЫ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика