Мұрағат: 23.09.2016


«Тәуелсіздіктің 25 жылдығына тамаша тарту болмақ»

Күні: , 70 рет оқылды

pri_7543


Жазғы маусымда облыс әкімі Алтай Көлгінов Бөрлі ауданындағы құрылыс нысандарын аралағаны мәлім. Содан кейінгі нәтижені көруге жұма күні өңір жетекшісі ауданға іссапармен барды.


Облыс басшысына, алдымен Ақсай – Бөрлі — Жымпиты бағытындағы автожолға орташа жөндеу жұмысын жүргізіп жатқан «Елжас» ЖШС-ның директоры Амангелді Рысқалиев жұмыс барысын баяндады. Оның айтуынша, қазіргі кезде жолдың жиегі жөнделуде. Кейін нұсқама-белгілер орнатылады. Серіктестік қызметкерлері жол құрылысын жоспарланған мерзімінен бұрын, қазанның 15-інде аяқтамақ. Жөндеу сапасына екі жылға кепілдік беріледі. Облыс әкімі серіктестік жол құрылысын жай бастағанымен, ерте аяқтайтынына ризашылық білдірді. «Биыл «ҚПО б.в.» компаниясымен келіссөз жүргіздік. Құрылтайшылар жол құрылысына жыл сайын бөлінетін 20 миллион теңгеге биыл қосымша 10 миллион қаражат бөлді. Себебі автожолды жөндеу жұмысының ширай түскені компанияға да тиімді», – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов журналистерге берген сұхбатында.

Автожолдың Қараоба өзенінен Бөрлі ауылына дейін созылатын 26-38 шақырым бөлігіне «Перспектива КАН» ЖШС орташа жөндеу жасады. «Құрылыс материалдарын тасудан қиындық туындаған соң, шілде айынан бастауға тура келді. Қазіргі кезде жөндеу сәтімен жүруде. Жол сапасына үш жыл кепілдік береміз», – деді серіктестік директоры Нұрлан Карин. Облыс басшысы жол бетіне төселген шикізаттың құрамы толық тексерілетінін ескертті.

pri_7652Биыл Ақсай қаласы маңындағы Аралтал ауылына жаңа 100 баспана салып жатыр. Мұнда Березов және Бестау ауылының тұрғындары көшіп келмек. «Марасант» ЖШС үш бөлмелі 50 үйдің, «Строительная инициатива» ЖШС төрт бөлмелі 50 үйдің құрылысын қатар қолға алған. «KazConctructionGroup» ЖШС инженерлік желілерін тартуда. Серіктестік директорының айтуынша, бұл бағытта жоспарланған жұмыстың 30 пайызы орындалған. Желтоқсанға дейін ауыз су мен газ құбырын тартпақ. Облыс әкімі Алтай Көлгінов қабырғасы қаланып, шатыры жабылғалы жатқан үйге кіріп, құрылыс барысын жауапты мамандардан егжей-тегжейлі сұрады. Кейін инженерлік желілер сызбасымен танысты. Қос мердігер баспаналарды түгелге жуық тұрғызып үлгерген. Енді бір-екі үйдің құрылысымен шұғылданып жатыр. «Марасант» ЖШС құрылысқа 170 адамды жұмылдырыпты. Ал «Строительная инициатива» ЖШС бас директорының орынбасары Жандос Ермағамбетов, компанияда жұмысшылар саны осыншалықты мөлшерде болғанымен, алдағы уақытта 200-ге дейін көбейтуді жоспарлап жатқандарын жеткізді. «Баспана ішінде электр желісі мен су құбырын тарту, сылақ жұмыстары жүргізілуде. Бүгінге дейін жоспарланған жұмыстың 70 пайызы орындалды», – деді ол. Өңір жетекшісі серіктестік басшыларына желтоқсанға дейін барлық қызметкерді жұмылдырып, құрылыс жұмысын уақтылы аяқтауды тапсырды.

Одан әрі облыс басшысы Ақсай қаласында «Марасант» ЖШС салып жатқан 149 пәтерлі көп қабатты тұрғын үйге барды. Бұл үйдің құрылысына 1 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалыпты. Аудан әкімдігі есебі бойынша баспана кезегіне тіркелген тұрғындар жетпіс екі пәтерді «Тұрғын үй құрылыс жинақ» банкі арқылы осы зәулім ғимараттан пәтер иелене алады. Қалған пәтерлер банк салымшыларына бұйырмақ. Ал «УральскСтройИнвест» ЖШС 75 пәтерлі бес қабатты тұрғын үйдің құрылысын қыркүйек айында бастапты. Жалпы, баспана аумағы 5083 шаршы метрді құрамақ. Бұған «Өңірлерді дамыту — 2020» бағдарламасы аясында республикалық және жергілікті бюджеттен 614 741,0 млн. теңге бөлінген. Құрылыс жұмысы келесі жылғы шілде айында аяқталмақ. Сонымен қатар «УральскСтройИнвест» ЖШС 320 орындық балабақша салуда. Ғимаратты келесі жылдың басында қаңтар айында тапсырмақ. Серіктестік директоры Алексей Безьянов облыс әкімі Алтай Көлгіновке құрылыс барысын баяндады. Балабақша ғимараты еңсе тіктеп үлгерген. Жұмысқа 87 адам тартылыпты. «ҚПО б.в.» компаниясы құрылысқа 650 миллион теңге қаржы құйған. «Инженерлік желілер толық тартылды. Электр және жылыту жүйесі әзір. Кейін көрікті кейіпке енгеннен кейін, абаттандыру жұмысын бастаймыз. Уақытында тапсыруға уәде етеміз. Жұмысшыларға жалақыны уақтылы төлеудеміз», – деді Алексей Безьянов. «Жазда келгенімізде, іргетасына арнап қазаншұңқыр қазып жатыр едіңіздер. Міне, енді құрылыс нысанын аяқтауға жақындапсыз. Сіздердей мердігерлер көп болса», – деген жылы лебізбен сөзін аяқтады облыс әкімі.

Бұдан соң облыс әкімі Алтай Көлгінов Ақсай қаласында былтырдан бастап жаңа жылыту қазандықтары орнатылып жатқан құрылыс нысанында болды. Бұл жоба желтоқсанда аяқталады. Әрқайсысының қуаты 10 МВт болатын төрт жылыту қазандығының игілігін 4 және 5-шағынаудандардың тұрғындары көрмек. Бұрынғы жылыту жүйесі ажыраты-лып, төтенше жағдайда пайдалануға беріледі. «КаzConctructionGroup» ЖШС-ның директоры Мұратбек Мұхамбе-диев қазандықтар орнатылғанын, енді қажетті бөлшектерді құрастыру біте келгенін айтты. «ҚПО б.в.» компаниясы қаржыландырып отырған бұл жобаның құны – 854 млн. теңге. Құрылыс нысанында жылыту қазандықтарымен қатар су құбырлары, кәріз жүйесі, екі электр желісі болады. Алдағы уақытта бұл нысанда 80-ге тарта адам жұмыс істемек.

Шағын шаһарда «Фирма АТК» ЖШС дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуда. Серіктестік директоры Жәнібек Нұғыманов бұған дейін жұмысты кешеуілдеткені үшін облыс басшысынан ескерту алған болатын. Бұл жолы да құрылыс қарқыны мардымсыз екені байқалады. 1200 орындыққа арналған стадион бой көтеретін, түрлі секцияға бөлінген спортзал ашылатын, шағын автопаркі болуы тиіс кешен аумағында 52 адам ғана еңбек етіп жатыр екен.

– Аудандағы бірнеше құрылыс нысанында болдым. Бөрлі — Ақсай бағытында жолды жөндеу мерзімінен бұрын бітеді. Аралтал ауылында Березов және Бестау ауылының тұрғындарына арналған 100 баспана құрылысы жылдың аяғына дейін жоспарланған. Бірақ 306 тұрғын жазбаша өтініш жазып, ауылдарда балаларының оқу жылы аяқталатынын күтетінін айтты. Себебі Аралталда салынып жатқан жаңа мектеп келесі жылы пайдалануға берілмек. Ал дене шынықтыру-сауықтыру кешеніндегі жұмыс барысы баяу. Құрылыс жобасын бірге жүзеге асыратын серіктес компания сенімнен шықпады. Бірақ мердігерге жұмыс күшін көбейтіп, жылдың соңына жобаны тиянақтауды тапсырдым. Шаһардың көшелеріне де жөндеу өткізілуде. Алдағы уақытта «ҚПО б.в.» компаниясымен бірлесіп, барлық құрылысты сәтті аяқтайтын боламыз. Мұның бәрі – Тәуелсіздіктің 25 жылдығында тамаша тарту болмақ. Барлық игі іс мемлекеттің қолдауы арқасында жүзеге асуда , – деді облыс бас-шысы Алтай Сейдірұлы.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»


Оқырманның айтқанын түзетуге кірісті

Күні: , 78 рет оқылды

img_4798


«Орал өңірі» газеті және zhaikpress.kz сайтының whatsapp нөміріне (8-707-808-48-55) хабарласқан көзі қарақты оқырманымыз қаланың Ықсанов көшесіндегі жолдың жөнделіп бітпей жатып бүлініп, бұзылып жатқандығын ашына айтты. Ықсанов көшесін жөндеу өткен жылы басталған. Сол жылы Рубежинский көшесінен Мұхит көшесіне дейінгі 700 метр қашықтық жөнделген. Биыл Чаганонабережный көшесіне дейінгі 2,5 шақырымы жасалып, толық аяқталды. Жобаның жалпы құны — 511 млн. теңге, мердігері — «СК «АзияТехСтрой» ЖШС.


Бүлінген жол жайындағы хабарды тексеріп көрген газет тілшілері оның рас екендігіне көз жеткізді. Қазір серіктестік сол «күнәсін» түзетуге кіріскен. Сонда не, бұл мердігер компания «көтере алмас шоқпарды белге байлап» жүргені ме?…


Жаңашыл тұлға

Күні: , 52 рет оқылды

%d0%bc%d1%83%d1%80%d0%b0%d1%82-%d0%b6%d0%b0%d0%ba%d0%b8%d0%b1%d0%b0%d0%b5%d0%b2_2015


«Белес Агро» компаниялар тобының жетекшісі, кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Мұрат Жәкібаев — жаңа заманның жаңашыл адамы ретінде тек өңірімізге емес, күллі елімізге танымал тұлға. Оның есімі «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы» идеясын ілгерілету іс-шаралары шеңберінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен қолға алынған «100 табыс тарихы» жобасының (түрлі қызмет саласында табысқа жеткен қазақстандықтар) тізіміне ілінгенін естігенімізде, оған еш таңғалмадық.


Жаңалыққа жаны үйір азамат Орал қаласына таяқ тастам жердегі Белес ауылынан «Белес Агро» ЖШС-ның астық өңдеу кешенін салып, 2010 жылы іске қосты. Бұл өзі бір құтты жоба болды. Әлемге әйгілі «Buhler» швейцар-герман фирмасының құрал-жабдықтары орнатылған аталмыш кешен үш-ақ жылдан кейін өндірістік қуатына шықты. Қазір онда айына 4,5 мың тонна дән тартылып, 3700 тонна астық алынады. Дүние жүзін шарпыған дағдарысқа қарамай, компания астық өткізуде қиналып отырған жоқ. Облысымызда өсірілген бидайдың сапасы жоғары, қамырлылығы күшті. Оған қоса заманауи озық технологияның көмегімен өндірілген өнімнің сапасы жоғары. Астық өңдеу кешенінің жоғары, бірінші және екінші сұрыпты астығы және жарма өнімдері Өзбекстанға, Түркіменстанға, Қырғызстанға, Тәжікстанға, Ресейдің іргелес облыстарына шығарылуда. Осылайша Мұрат Орынбайұлы өзінің әбжіл менеджер, білікті технолог екенін танытты.

Білім-білігін жетілдіруге аса мән беретін ол Стокгольм экономика мектебін іскерлік магистрі мамандығы (МВА) бойынша оқып бітірді.

М. Жәкібаев басшылық жасайтын «Белес Агро» компаниялар тобына кіретін компаниялар қатары соңғы жылдары толыға түсті. Қазіргі уақытта компаниялар тобы егін егіп, өнімін өңдеп, ұн шығарумен ғана айналыспайды. Сонымен қатар астық өнімдерінің өзге түрлерін де шығаруда. «Белестің» құрамына енген «Ақ қайнар» астық комбинатында италиялық «PAVAN S.P.A» фирмасының қондырғыларының көмегімен макарон бұйымдарының 16 түрін өндіреді. Бұдан басқа компаниялар тобы Теректі ауданының Пойма ауылындағы жұмысы тұралап қалған бұрынғы «Батыс Күнбағыс» кәсіпорнына қомақты инвестиция құйып, қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Қытай мен Украинадан әкелінген заманауи жабдықтар орнатылып, жаңғырту жұмыстары аяқталған соң кәсіпорында күніне бұрынғыдай 60-70 тонна емес, 144 тонна майлы дақылдар өңделмек. Сонымен қатар «Теректі май комбинаты» деген жаңа атау берілген кәсіпорын конвейерінен қыша майы, маргарин, майонез де шығатын болады.

Мұрат Орынбайұлының Ұлы Отан соғысына қатысып, оқ пен оттың ортасынан аман келген жерлес көзі тірі майдангер аталарымыздың ерлігін ұлықтаған «Жеңіс тарихы» деректі фильмдер топтамасы, қазақтың ұшқыш аруы, Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанова жайындағы, әйгілі Калашников қаруы туралы «Матай — аңыздың басы» атты фильмдері көпшіліктің және кинематография саласының майын ішкен мамандарының көңілінен шықты. Облыстық мәслихаттың депутаты ретінде №11 Зеленов сайлау округі сайлаушыларының аманатын арқалап, елдің, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жолында еңбек етіп жүр.

— Қазіргі заманда көштен қалмау үшін жаңашыл болуың керек. Елімізде ізденуге, тер төгіп еңбек етуге барлық жағдай бар. Кәсіпкерліктің дамуына да жол ашық. Бәрі өзіңе байланысты.

Биыл ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай компаниялар тобы ауқымды жұмыс жоспарын белгіледі. Бастысы, еліміз амандықта болып, өркендей берсін», — дейді Мұрат Жәкібаев.

Гүлбаршын ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»


Еңбекқор Елена апай

Күні: , 39 рет оқылды

20160922_101510


Сүйікті газетім «Орал өңірі»!  Өзіңе жұмыстас ұстазымыз, әріптесіміз, жасы жағынан анамыздай болып кеткен Елена Александрқызы Куфаева туралы жазғым келіп, қолыма қалам алдым. Біз Куфаевамен 2005 жылдан бері колледжде бірге жұмыс істеп келеміз. Елена апай үшін биылғы жыл ерекше жыл болып есептеледі. Өйткені ел мейрамы Тәуелсіздікке 25 жыл толуымен қатар әріптесіміздің еңбек өтіліне 50 жыл, яғни жарты ғасыр толады. Енді Елена Александрқызының еңбек жолына шолу жасап көрсек. Бірден айтайық, ол кісі — оқумен қатар өндірістік, қоғамдық жұмыстарда бай тәжірибе мектебінен өткен жан.


1966 жылы мектеп бітірген соң сол кездегі К. Ворошилов атындағы зауытта еңбек жолын бастайды. Өзінің айтуынша,  ол кездер  өте қызықты да  аяулы жылдар болып есінде қалған. Комсомол ретінде екпінді еңбек етіп қана қоймай, зауыттың қоғамдық өміріне белсене араласып, қысқа уақытта жалынды жастардың біріне айналады. Күндердің күнінде оны зауыт комсомолдары Орал облыстық комсомол комитетінің бюро мүшесі етіп сайлайды. Қаршадай қыздың бір арманы болатын. Ол авиация еді. Сөйтіп, ол осы салаға маман-техниктер даярлайтын авиациялық техникумға оқуға түседі. Оны тәмамдаған соң конструкторлық бюрода еңбек етеді. Техникумдық біліммен шектеліп қалмай, кейін политехникалық институтқа сырттай оқуға түседі. Одан әрі  Елена Александрқызы   инженер-конструктор болып жұмыс істейді. Ол кезде Ворошилов зауытын Петр Александрович Атоян басқаратын. Елена апамыз сол Атоянның мектебінен өткенін әлі күнге мақтаныш тұтады. Уақыт өте келе аталмыш зауыттан жаңа кәсіпорын «Гидроприбор ҒЗИ» АҚ құрылып, өз алдына бөлек өндіріс орны болып шығады. Бұл өндіріске бір топ инженер-конструкторлармен бірге Елена Куфаева да жұмысқа жолданады. Тың тапсырыстар түсіп, жұмыс қызып жүре берді. Ол жұмыстардың арасында ҚР Үкіметінің арнайы тапсырыстары да бола-тын. Елена Александрқызы өзінің білімін жетілдіріп, шеберлігін шыңдап, тіпті ағылшын тілін меңгеріп, сол тілдерде жазылған техникалық әдебиеттерді де оқуды әдетіне айналдырды. Талай тапсырысты орындауға конструктор ретінде тікелей атсалысты. Олардың арасында Каспий теңізінде бүгінде шекара қызметінде жүрген катерлер де бар.

Елена Куфаева зейнет демалысына шыққаннан кейін де біздің Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінде оқытушы болып жұмыс істеп келеді. Ол кісінің жасына қарамастан жастарға тән құлшыныспен ылғи да ізденіп, біз сияқты жас мұғалімдерге үлгі болып жүретіндігі қай-қайсысымызды да қызықтырады. Біз Елена Александрқызымен мақтанамыз!

Индира АБДРАХМАНОВА,

Орал газ, мұнай  және салалық  технологиялар колледжінің оқытушысы


Еңбек адамдары марапатталды

Күні: , 44 рет оқылды

img_1111


Елбасы Жарлығымен қыркүйек айының соңғы жексенбісі Еңбек күні мерекесі болып бекітілген болатын.


Аталмыш мереке қарсаңында Тасқала аудандық мәдени-демалыс орталығында салтанатты форум өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Люция Жұбанышқалиева мен аудандық жұмыспен  қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Раушан Мүсәлімова,  ауылдық округ әкімдері  мен еңбек ардагерлері қатысты.

Жиында сөз алған Люция Әсетқызы жиналғандарды айтулы мерекемен  құттықтап, еңбек күніне орай ұйымдастырылған форумның мақсатына тоқталды.

Форум соңында аудан әкімі атынан бірқатар еңбек адамдарына алғысхаттар табысталды. Марапатқа ие болғандар қатарында Амангелді ауылдық округінің механизаторы Ерсайын Төлеуішев, Оян ауылының газ жүйесі операторы Тілеген Машенов, тасқалалық механизатор Николай Хохлов, Мереке ауылындағы мектеп-балабақшасының ұстазы Жолдасбай Құрмашев сынды еңбегі еленген жандар болды.  Жиын  мерекелік концертке ұласты.

Назгүл  СЕРІКҚЫЗЫ,

Тасқала  ауданы


«Кәсіподақтар лайықты еңбек үшін!»

Күні: , 35 рет оқылды

pri_7246


Еңбек күніне орай қаламыздағы Салтанат сарайында «Кәсіподақтар лайықты еңбек үшін!» атты дөңгелек үстел өтті. Облыстық кәсіподақтар орталығы ұйымдастырған шараға мемлекеттік қызметкерлер, кәсіподақ ұйымдарының өкілдері қатысты.


Шарада ҚР Кәсіподақтары федерациясының бейнеролигі көрсетіліп, облыстық кәсіподақтар орталығы, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, сондай-ақ еңбек инспекциясы басқармасы қызметкерлерінің тақырыпқа қатысты баяндамалары тыңдалды.

— Өкінішке орай, күнделікті өмірде, өндірісте техникалық қауіпсіздік ережелері, еңбек құқықтары сақталмай жатады. Көптеген мекеме, ұйым жетекшілері бұл мәселеге тиісті деңгейде назар аудармайды. Бүгінгі дөңгелек үстелді ұйымдастырудағы мақсатымыз — қатысушыларды еңбек заңдарындағы талаптармен тағы бір мәрте құлағдар ету. Бүгінгі таңда көптеген құрылыс компанияларында, кәсіпкерлік субъектілерінде, сауда орындарында, өңдеу өнеркәсібі саласында кәсіподақ ұйымдары құрылмаған. Тіпті көптеген жастарымыз кәсіподақтың не екенін де білмейді. Ендігі мақсатымыз – әрбір еңбек ұжымын кәсіподақ ұйымын құруға шақырып, еңбек заңдарының қатаң сақталуы бағытында жұмыстану, — дейді облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Ербол Салықов.

Жиын соңында Еңбек күніне орай бірқатар кәсіподақ белсенділері ҚР Кәсіподақтары федерациясының «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» құрмет белгісімен және Құрмет грамотасымен марапатталды. Жаңақала аудандық мәслихатының хатшысы, аудандық мемлекеттік банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Зәкәрия Сисенғалиға «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» құрмет белгісі табыс етілді. №8 облыстық мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектептің кадр жөніндегі инспекторы, кәсіподақ ұйымының төрайымы Саулия Қанатова, «Қазақстандық салалық денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіптік одағының Батыс Қазақстан облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Салауат Ағдаутов, «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» акционерлік қоғамының бас есепшісі, кәсіподақ мүшесі Вера Маштакова ҚР Кәсіподақтары федерациясының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Владимир ЗЕЛЕНЦОВ: «Оралда зергерлік зауыт ашылса, шіркін…»

Күні: , 62 рет оқылды

dsc_0855


Оралдық  танымал зергер Владимир Зеленцов Қазақстанда зергерлік  бұйымдар шығаратын зауыт ашу қажет деп санайды.


Шебер мұны өмірлік тәжірибесіне сүйеніп айтады. Өткен ғасырдың 80-жылдары Свердлов мемлекеттік көркемөнер кәсіптік-техникалық училищесін бітіріп, жабық цехта зергер болып жұмыс істеген-ді. Бұл цех КСРО-ның көркемөнер және алмаз қорының тапсырыстары бойынша жұмыс істейтін. Зергерлік бұйымдар көбінесе шетелге экспортқа шығарылды. Кеңестер одағына танымал Людмила Зыкина, Валентина Терешкова, Галина Брежнева сынды тұлғаларға арнайы тапсырыспен бұйымдар жасауға атсалысты. Сол кезде гауһартаспен көмкеріліп жасалған бұйымдардың бірқатары Ресейдің Алмаз қорында сақтаулы.

— Жеті баланың кенжесі едім. Біздің қазақтар айтпақшы (зергердің жиі қолданатын сөзі — авт.), қара шаңырақты үйдің кенжесі ұстап қалу үшін Оралға оралдым. Ол кезде анам қартайып, жалғыз қалған еді. Туған жеріммен қайта қауышқаныма еш өкінбеймін. Қал-қадерімше еңбек етудемін, алдағы жылы зейнеткерлікке шығамын, — деді Владимир Григорийұлы. Негізі Зеленцовтар — зергерлер отбасы. Қызы инженер-технолог болғанымен, зергерлікке бет бұруда. Күйеу баласы, қос ұлы да — зергер. Үлкен ұлдың Оралда зергерлік шеберханасы, салоны бар. Кіші ұлы Иван Кострома облысындағы Красносельское көркемөнер училищесін аяқтап, Ресей Үкіметіне қарасты «Госзнак» кәсіпорнының тапсырыстарын орындайтын жабық фирмада еңбек етуде. Онда қандай тапсырыстар орындайтынын құпия ұстайды жас зергер. Иван жабық фирмаға жұмысқа тұрудың оңай еместігін айтады. Әкесінен алған тәлім-тәрбиесі, шеберлігінің арқасында «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» болып оза шапты. «Ресейде нанымды тауып жүрсем де, Оралданмын, Қазақстан азаматымын» деп кеудемді кере айтамын. Алыста жүрген адам Отанының қадірін қатты сезінеді. Мен де солаймын. Қай жерде болсақ та, мейліңіз Африка, Антарктида болсын, біз – қазақпыз», — деп күледі Иван Владимирұлы.

— Отбасында айтатын әңгімеміз ортақ. Мына Ваня компьютер көмегімен, жаңа технологиямен жұмыс істейді. Ондай технологияның көз майын тауысатын шұқыма жұмыстарға көмегі мол. Әйтсе де, өз басым бұйымдарды қолмен жасағанды ұнатамын. Өйткені зергерлік бұйымды жаныңмен беріліп, рақаттанып жасайсың. Сондықтан қолмен жасаған бұйымның бәсі биік. Сарытіс болсам да, жастардан үйренерім көп. Өмір дегеніңіздің өзі білмегеніңді үйрену, оқу ғой, — дейді Владимир Григорийұлы ағынан жарылып.

Зергерді Достық даңғылындағы педагогикалық коледждің іргесіндегі ескі шеберханасынан тапқанбыз. Ұлы Иван екеуі ерекше тапсырысты дайындауда екен. Көрсетті: салпыншақты алтын алқа, салпыншағының қақпағы қымбат тастармен көмкерілмек. Ал ішіне алтын тойын тойлағалы отырған ерлі-зайыптының жас кезіндегі бейнесі алтынмен бедерленіп, салынған. Эксклюзивтік бұйым.

«Шығармашылықпен жасалатын тартымды жұмыс. Мұндай алқа ешкімде болмауы мүмкін, яғни бедер-белгісі қайталанбайды, ұрпақтан-ұрпаққа қалатын отбасылық жәдігер болмақ. Әдетте біз заманның көшімен ескі заттарды лақтырып тастаймыз, ал мынау орын да алмайды, құнын да жоғалтпайды», — деді зергер.

Күмісті қамырдай илеп, алтынға ұлттық нақышты бедерлеп, тастан түйін түйетін шебер ескі жәдігерлерді қайта қалпына келтіру жұмыстарымен де айналысады.

Бір кездері зайыбы Татьяна Александрқызы екеуі мемлекеттік тапсырыстармен Бөкей ордасындағы аудандық және облыстық өлкетану мұражайларындағы экспонаттарды қалпына келтіруге атсалысты. Оның айтуынша, өңір тұрғындары соңғы кездері 2-3 ғасыр бұрын жасалған білезік, жүзік, сырға сықылды бұйымдарды жөндетуге көп әкеледі. АҚШ-тан, Еуропа елдерінен және Ресейден зергерлік бұйымдарды жөндетуге жолдайтындар да бар. Өз қолтаңбасы бар шебер кейде өз таңбасын (клеймо) танып, тұтынушыларының сеніміне көңілі өсіп марқаятынын жасырмайды. Бүгінгі таңда ұлттық нақыштағы зергерлік бұйымдарға сұраныс ерекше жоғары. «Елімізге сырттан, әсіресе, Ресей мен Түркиядан арзан алтын көп келеді. Италияның, Түркияның алтынының технологиясы бөлек, яғни алтынның құрамында Менделеевтің кестесіндегі барлық элементтер бар. Сондықтан одан хабары жоқ тұтынушылар бағасына қызығып алады. Ондай бұйымдарды жөндеуге жиі әкеледі. Сондықтан «Қазақстанда жасалған» деген белгімен ұлттық нақышта зергерлік бұйымдар шығаруды қолға алсақ, мемлекетіміз ұтылмас еді. Шап-шағын Арменияның бірнеше алтын зауыты бар, Грузияның да өз кәсіпорны жұмыс істейді. Біздерде, қазақтарда алтын қоры жеткілікті, 200-ден астам алтын кені бар. Енді соны өңдеуді қолға алып, Еуропа мен Азияның алтын көпірі іспеттес Оралдан шағын 50 адам жұмыс істейтін зауыт ашсақ деген ұсынысымызды Астанада, Алматыда жыл сайын өтетін көрмелерде айтып жүрміз, — деді В. Зеленцов.

Бір кездері Оралдағы ЖОО-ның біріндегі зергерлер даярлайтын факультетінде дәріс оқыған шебердің талантты шәкірттері аз емес. Егорь Кереев есімді шәкірті Голландияда, бір топ ізбасары Астана, Алматы жағында, Ресейде зергерлік салада еңбек етуде.

Бір Оралдың өзінде осы салада тұтынушыларға өз қолтаңбаларымен танылған Марат Сағынышев, Сергей есімді қолы алтын жігіттер бар. Олардан басқа он шақты шебер жұмыс істейді. Оралда зергерлікке оқып жүрген талапты жастар да зауыт ашылса, тұрақты жұмыс табар еді. Жас ұрпақ ұлттық қолөнерге көбірек мойын бұрар еді. Бастысы, ұлттық нақышта жасалатын оралдық зергерлік бұйымдарды әлемдік нарыққа шығарып, өз алтынымызды кәдеге жаратар едік.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


«Ел деген алтын тұғырым»

Күні: , 74 рет оқылды

pri_7209


Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында ақын, ұстаз, жұбантанушы, «ҚР білім беру ісінің үздігі» Үзілдік Елубайқызының «Ел деген алтын тұғырым» атты шығармашылық кеші өтті.


Көрермендердің назарына ақынның өмірі мен өнерінен сыр шертетін арнайы даярланған бейнебаян ұсынылды. Еркін әңгіме, сырласу түрінде өткен кеште облыстық ән байқауларының жүлдегері Инабат Қуанғалиев ақынның сөзіне жазылған «Саз сырнай» әнін орындады.

Әнуар Аманжолов, Асланбек Шығыров, Дәріс Ырысхан есімді шәкірттері Үзілдік Елубайқызының өлеңдерін мәнерлеп оқыды.  Сонымен қатар кеш қонағы жүргізуші қойған түрлі сауалдарға жауап берді.

Ақындар Дариға Мұштанова, Тілес Жазықбай, сыныптастары Қатимолла Бердіғалиев пен Қуаныш Таубаев, Есенсай ауылдық округінің әкімі Құмар Арыстанғалиев, Қурайлысай ауылдық округінің әкімі Асылбек Досқалиев сынды азаматтар Үзілдік Елубайқызын шығармашылық кешінің өтуімен құттықтады. Оған облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайыновтың атынан алғысхат табыс етілді.

Айым  ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


Басшы шенеунік қызметінен босатылды

Күні: , 73 рет оқылды


БҚО табиғат қорғау прокуратурасының ұсынысын қараған ҚР Энергетика министрлігі мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін Батыс Қазақстан облыстық бас мемлекеттік экологиялық инспекторы Е. Сапаровты қызметінен босатты.


БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Е. Сапаров ҚР Экология кодексінің талаптарын бірнеше рет бұза отырып, белгіленбеген жерлерге қауіпті өндірістік қалдықтарды төккен «Грин Ақсай» ЖШС-ға қатысты шара қабылдамаған. Е. Сапаровтың өндіріс қалдықтарының заңды түрде сақталып отырғандығы және «Грин Ақсай» ЖШС тарапынан экологиялық заңнаманы бұзушылықтың орын алмағандығы туралы қорытындысы ҚР Энергетика министрлігі Мұнай-газ кешеніндегі экологиялық реттеу, бақылау және мемлекеттік инспекция комитеті мамандарымен негізсіз деп танылды. Сөйтіп, оның аталған ЖШС-ның мүддесін жақтағаны белгілі болды.

БҚО прокуратурасы «Грин Ақсай» ЖШС-ның экологиялық заңнаманы бұзушылықты жалғастыруына байланысты оның қызметін тоқтату мәселесін қойғанымен, Е. Сапаров тиісті шараны қабылдаған жоқ.

Тек прокуратура органдарының араласуынан кейін ғана БҚО бойынша экология департаменті ЖШС қызметін тоқтату туралы талап-арыз беруге мәжбүр болды.

БҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен департаменттің «Грин Ақсай» ЖШС қызметін тоқтату туралы талабы қанағаттандырылды.  БҚО соттың апелляциялық сот алқасының қаулысымен бұл талап өз күшінде қалды. Сот актісі заңды күшіне енді.

Осылайша Е. Сапаров мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтарға барып, соның ішінде шешім қабылдау кезінде «Грин Ақсай» ЖШС-ға заңсыз артықшылық көрсеткен, яғни «Мемлекеттік қызмет туралы» ҚР Заңы 50-бабы 1-бөлігі 4-тармағына қоса экологиялық заңнаманың негізгі талаптары (кодекстің 5-бабы 2, 4, 5, 6, 7-тармақтары) бұзылған.

Арман БОЛАТҰЛЫ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика