Мұрағат: 22.09.2016


Конструктор Ғабдуллин

Күні: , 66 рет оқылды

53877630


Ғаламтор деректеріне үңілсек, адамзат тарихында ең алғашқы өздігінен қозғалатын көлік құралын 1769 жылы Николос Джозеф есімді француз ғалымы ойлап тапқан екен.  Сол кездегі Францияның министрі Этьен Француаның тапсырмасымен жасалған көлік бумен жүретін болған. Бірақ бес тоннаға дейін жүк тиеуге болатын бұл көліктің жылдамдығы сағатына төрт шақырымды ғана бағындыра алатын еді. Ал жанармаймен жүретін алғашқы автоның авторы Карл Бенц саналады. Ол 1885 жылы үш дөңгелекті, үш орындық көлік жасап шығарды. «Ал әлемдік қолданыста өзінің ең алғашқы өміршеңдігін көрсеткен 1886 жылы Готлиб Дайлер құрастырған автокөлік болды» деп санайды автокөлік тарихын зерттеушілер.


Міне, сол уақыттан бері адамзат жерде, суда жүретін, аспанда ұшатын көліктерді де, қарапайым өмірде қажетті тұрмыстық техникаларды да ойлап табудан және жетілдіре түсуден жалыққан емес. Адамзаттың тұрмыс жағдайын жеңілдету мақсатында техника саласы мамандарының атқарып жүрген еңбегі ұшан-теңіз. Сондай өнертапқыш жандардың қатарына оралдық жерлесіміз Зейнолла Ғабдуллин ағамызды қосуға болады.

Бар саналы ғұмырын техника саласын жетілдендіруге арнаған ағамыз 1948 жылы киелі Сырым елінде дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң, жүрек қалауымен Бөрлі ауданындағы ауылшаруашылғы техникумына оқуға түскен. Осы оқу орнынан механизатор мамандығын игерген кейіпкеріміз Отан алдындағы борышын атқаруға әскерге аттанған.

— Жалпы, адам баласы кішкентай кезінен немен әуестенсе, соған қол жеткізуге тырысады ғой. Біздің балалық шағымыз елдің соғыстан кейінгі ес жинау жылдарына тұспа-тұс келді. Қазіргідей дүкен сөрелері ойыншыққа толып тұрған жоқ. Бала кезімде көзіммен көрген көлік құралдарына ұқсатып, ағаштан немесе түрлі бұйым қалдықтарынан жасап алушы едім. Кейін үлкен ағам Мәскеу қаласынан техника мамандығын игерді. Осы салаға қызығушылығымның артуына сол ағама еліктеуім де бірден-бір себеп болды, — дейді балалық шағын еске алған ағамыз.

b12Әскер қатарында жүрген жас жігіттің алған білімі мен бойындағы техникаға деген ептілігін байқаған командирлер ағамызды жанар-жағармай базасының меңгерушісі етіп тағайындапты. Ол жерде де жанармай тасымалдайтын көліктердің ақаусыз жүріп тұруы үшін біраз еңбек сіңіріп, елге абыроймен оралады.

Отан алдындағы борышын адал орындап келген жас жігіт енді Ауыл шаруашылығы институтының инженер-механик факультетіне оқуға түсуді армандайды. Техника саласының қыр-сырын толық меңгеруді мақсат еткен ағамызға бұл институтқа түсу де қиындық тудырмапты. Аталмыш оқу орнының студенті атанған соң да механика факультеті тарихында алғаш болып конструкторлық үйірме ашып, студенттік топ құрып, егін ору жұмыстарына да атсалысқан.

— Бала кезімнен техника тілін меңгеруге талпынған соң, мектепте физика мен математика пәндерін тереңдете меңгеруге тырыстым. Тырнақалды туындым теледидирдан көріп жасаған «аэросани», яғни моторлы шана болды. Алайда тәжірибенің аздығы шығар, сол шананы іске қоссам деп токқа да соғыла жаздағаным әлі есімде, — дейді Зейнолла Ғабдрахманұлы.

Жоғары оқу орнын тәмамдаған, қолынан іс келетін жас маманды Қостанай өңіріне жұмысқа шақырады. Сол жақта ғылыми-техникалық институт жанында қызмет ете жүріп, әр салаға қажетті өзінің алғашқы оңтайландырылған техникаларын құрастыра бастайды. Тың игеруге қажетті қуатты трактор, орман көшеттерін отырғызатын техника ойлап тапқан жас маманды институт Алматы қаласына аспирантураға оқуға жібереді. 2-3 жыл Қостанайда жемісті еңбек еткен ағамызға тіпті үй жағдайының барлығын жасайтын болып, сол институтқа жұмысқа қалуға да үгіттейді. Бірақ Зейнолла ағамыз әкесінің айтуымен туған елге оралған.

Ауылға келген соң, Сырым ауданының «Жетікөл» және «Абай» совхоздарында инженерлік қызметте болған. Соңынан Орал қаласындағы механикалық зауытқа конструкторлық жұмысқа орналасқан.

— Елге келген соң да жаным сүйген жұмысымды шыңдай түсуге талпындым. 1989 жылдары «Ақжайық» атты жеке ғылыми-өндірістік кооператив құрдым. Ол қолға алған ісіміз де бастапқыда өз нәтижесін бере бастады. Үкі-мет тарапынан да көп қолдау көрдік. Сол жылдары Павлодардан шығарылған «ДТ-75» шынжыр табанды тракторын дөңгелекті тракторға айналдырып шығардық. Халық ол жобаның да игілігін күні кешеге дейін көрді. Кейін сол кооператив жанынан қыс мезгілінде қала көшелерінің қарын жинайтын трактор, балмұздақ таситын велосипед, қала орталығындағы су арықтарын тазалайтын құрылғы сияқты түрлі техникалар шығардық. Заман талабына сай желдің көмегімен қуат алатын құрылғы да ойлап таптық. Келер жылы елімізде өтетін «ЭКСПО — 2017» көрмесіне де қатысудан үмітіміз бар, — дейді өнертапқыш ағамыз.

Зейнолла Ғабдуллиннің ой-толғамынан туған дүниелер өндірісте қолайлы, тұтынуға да тиімді. Ағамыздың соңғы жылдардағы тағы бір елеулі еңбегі ауылдық шаруаларға оңтайландырылған машина жүйесін жасап шықты. Ондағы басты мақсат артық жұмыс күшін жұмсамай, бір ғана трактормен мал азығын дайындаудың барлық жұмысын атқару болып табылады. Бұл жоба 100 бас малы бар шаруашылықты мал азығымен толық қамтамасыз ете алатын көрінеді.

– Қазақстанда басым көпшілікті құрайтын шағын шаруашылықтар үшін дәл осы жүйенің тиімдірек екені сөзсіз. Менің ойлап тапқан сызбаммен жасалған тракторға тіркелетін шөпшапқыштар, биіктетілген шөп тиегіштердің біразы өңіріміздегі шаруа қожалықтарымен қатар Ақтөбе, Атырау облыстарына да тарады. Себебі бұл жерде тракторға тіркелген шөпшапқыш, тырнауыш, орамға салу, бес метр биіктікке дейін шөп тиегіш жұмысын бір ғана трактор жүргізушісі басқара алады. Бұл жүйеде шөп тасымалдағыш бір мезетте 24-36 орамға дейін тией алады. Шағын, салыстырмалы түрде арзан, бесаспап мұндай жүйе толығымен өндіріске енгізілсе, шағын шаруа қожалықтарының шығыны мен уақытын үнемдеп, тез өсіп-өркендеуіне зор ықпалын тигізер еді, — дейді оралдық өнертапқыш Зейнолла Ғабдуллин.

Міне, бала кезінен техниканың қыр-сырын меңгеруге талпынып, өз арманына қол жеткізген, адал еңбегімен елге танылған бүгінгі мақаламыздың кейіпкері Зейнолла Ғабдрахманұлының өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі болар деген үміттеміз.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Кәсібін күрлеткен Нұх

Күні: , 41 рет оқылды

img_0087


Төккен тер зая кетпей, бүгінде қыр төсін түлікпен толтырып отырған «Әсем» шаруа қожалығы 1994 жылы құрылған алғашқы қожалықтардың бірі болып табылады. Иә, тұңғыштардың бірі, нарықтық  жаңа қатынастардың есігін алғашқылар қатарында болып ашқандардың бірі.


Әрине, ол кезде осы істің «бұралаң-бұлтаңын» тереңірек байыптай алмадым. Еліміздің бұрынғы кеңшар, ұжымшарлары тарап, жекешелендіру бағытындағы алғашқы қадамдардың бірі болғандықтан, қолдағы азын-шоғын мал мен техниканың басын құрап, қайырлы іс болсын деп қадам бастым. Уақыт өте келе күдігімді үмітім жеңді. Сенімім мол еді. Әрдайым сол сенімнің қанатындамын, – дейді қожалықтың жетекшісі Нұх Қайыров (суретте).

Қимылдаған қыр асады емес пе?! Осы бағдарламаларға сүйенген Нұх Қайыров 2012 жылы 5,2 млн. теңгеге 1 «МТЗ-82» тракторын иеленді. Ал 2014 жылы 3,3 млн. теңгеге асыл тұқымды 18 бас қашар, екі бас бұқа сатып алып, оның төлін көбейтіп келеді. Асыл тұқымды еділбай қошқарларын да жыл сайын «жаңалап» отыруы осы қаржыға маңдай тірейді. 2015 жылы тағы да бір «МТЗ-82» тракторын барлық керекті жабдығымен алды. Осыған қосымша жаңа бір «КУН», шөп тайлағышты иеленді.

Бұдан оның агросектордағы жаңалықтарға, тың қадамдарға үңіліп, оқып, ізденіп отыратыны да анық аңғарылады. Бұрыннан пайдаланып жүрген жүк көліктер және «Ниссан», «Нива» сияқты жеңіл автомашиналары да бар. Бәрінің пайдасын көріп отыр.

Жаз кезінде осы техникалары арқылы өзіне қажетті шөпті жинап алып жүр. Жаңа техниканың аты – жаңа. Мезгілінде 5-6 мың центнер көкқұрақ жинайды. Малға жем де береді. Жылқы шөпке тұрса, әрине, қиын. Кей жылдары пішен жетпей, тайланған шөпті сатып алған кездері де болады. Жыл он екі айға дамылсыз созылған жұмыс кейде оңы, кейде солымен келіп, өз дегенін жасайды емес пе. Бірақ еңбектің аты – еңбек! Бәрін жеңіп шығады. Маусымдық жұмыстарда Серік Аймурзин, Сүн-детқали Есқалиев, Амангелді Ихсанов, Ербол Байденов, оның зайыбы Ақжеміс Рахметова (аспаз) келіп, қолғабыс жасайды. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген осы. Қазір «Әсемде» 7-8 адам жұмыс істейді. Ұлы Нұрлыбек өзінің орнын басады деген үмітте жүр.

Көшім каналы мен Грачи-2 өзені аралығынан 2798 гектар жері бар бұл шаруа қожалығының иелігіндегі алқап нағыз төрт түлікті қаптатып өсіретін жер десек, артық айтқандық болмас. Ағын бос судың жағасында екі жерден қора-қопсы, үй-жай салған жетекшінің межелеген тұстары жетерлік.

Түгін тартсаң, майы шығатын құйқалы өңірде қазір 200-дің үстінде жылқы бағылуда. Оған биыл 53 құлын қосылды. Сондай-ақ асыл тұқымды 220 бас сиырдан 66 бұзау алынды. 303 бас еділбай қойына 211 қошақан ілесті.

Шаруаны мазалайтын жайттар да бар.

– Ешкім мал баққысы келмейді. Қолы епсекті, техникаға жетік жан да таптырмай жүр. Аудан орталығынан, ауылдық округ әкімдіктерінен жұмыс сұрап шықпайтындар бізге келмейді.

Бәріне көлеңкеде отырып істейтін қызмет керек сияқты. Сонда малды кім бағады? Оның қиындығын кім арқалайды? Қиындықсыз құт келе ме? Қазір жанұясымен келіп, жұмыс жасаймын дегендерге де жайлы жаңа үй салып қойдым. Бірақ ешкім жоқ. Ешкімнің еңбегін жемеймін. Бәрімізге жетеді. Отырсын. Бірге малын бақсын. Қолын кім қағып жатыр, — дейді азамат. Үнінен күйініш те байқалады. Өзі еңбек десе, елгезек жан, келешектің қамын естен шығармайтын жан ауыл-елдегі кейбір бейқамдыққа, жайбасарлыққа күйінбегенде ше.

Өткен жылы 300 бас ірі қара малына арналған жайлы қора мен сәулетті тұрғын үйді Көшім өзенінің бойына, Чапаев – Жалпақтал тас жолының іргесінен тұрғызды.  Первомай елді мекені де алыс емес, болашақта осы жерден қалалықтар сияқты «Айналайын» ішіп отырған ауылдастарына табиғи өнім – сүт өндіретін сауын фермасын ұйымдастырса, бие байлап, қымыз өндірсе, алыс-жақын жерге баратын жүргіншілерге демалыс орнын ашса деген қалаулы тілегі қылаң береді. Тап қисыны келместей шаруа емес. Себебі осы азамат аудан орталығы Чапаевта екі мейман залымен, екі дүкенімен қоса «Қайыр» атты сауда үйін ұстап отыр. Ірі қара малының етін де тоңазытқышқа қойып сатады.

– Көшім өзенінің қырына су тартып, бау-бақша, әсіресе, көпжылдық шөп өсіремін деген ойым бар. Екпе шөп – қуаңшылыққа төзімді және топырақ талғамайтын өсімдік. Қызылбас жоңышқа, беде, атқонақ, еркекшөп т.б. мал азықтық өсімдіктер өсіре алсам, талай іс бітер еді, – дейді агрономдықтан мол хабары бар жан. Орал ауыл шаруашылығы техникумын бітірген оның бәрінен бұрын өмір мектебінен оқып-тоқығаны мол екені  сөзсіз  байқалады.

Тілес ЖАЗЫҚБАЙ,

Ақжайық ауданы


Дамудың алғы шебінде

Күні: , 68 рет оқылды

%d0%bd%d0%b0%d2%93%d0%b0%d1%88%d1%8b%d0%b1%d0%b0%d0%b5%d0%b2-%d0%b6%d0%b0%d2%a3%d0%b0-%d1%81%d1%83%d1%80%d0%b5%d1%82


Ел үміті мен сенімі артылған судьялар қауымдастығы тағы бір зор серпіліс қарсаңында тұр. Еліміздің әділ билік өкілдері өзінің кезектен тыс VІІ съезіне дайындық үстінде.


Бұдан жиырма жыл бұрын, 1996 жылғы 19 желтоқсанда Алматы қаласында өткен Қазақстан Республикасы судьяларының бірінші съезінде ел тарихында тұңғыш рет судьялар қауымдастығы құрылып, жарғысы, мақсат-міндеттері белгіленгеннен бері сот жүйесінің ең өзекті мәселелері судьялардың ең басты форумында  талқыланып  келеді.

Өткен съездердің басты көтерген мәселелеріне қысқаша шолу жасасақ, судьялардың бірінші съезінде сот тәуелсіздігінің қоғамдық кепілдігін қамтамасыз ету, судьялар біліктілігі мен беделін арттырудағы негізгі жұмыс бағыттары анықталды.

1999 жылғы съезде Елбасы судьяларды тағайындауда ашықтықты қамтамасыз ету және бұқаралық ақпарат құралдарына судьялыққа үміткерлер тізімін жариялау қажеттілігі жөніндегі ұсынысын білдірді. Қазіргі таңда бұл үрдістер жалғастырылып, ашықтық пен жариялылық сот-тың кадр саясатының басты тетіктерінің  бірі  болып қалыптасты.

Судьялардың үшінші съезінде Елбасының сот жүйесінің алдына қойған нақты сегіз тапсырмасы тарихи маңызын жойған жоқ. Соттардың қызметінің ашықтығы мен жариялылығы, жалпыға бірдей қолжетімділігі және бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмысы бүгінде соттардың қызметінің құрамдас бөлігіне және соттардың қызметін бағалаудың негізгі критерийлердің  біріне  айналды.

Астанада өткен Қазақстан Республикасы судьяларының ІV съезінде басым бағыт ретінде сот төрелігін жүзеге асырудың халықаралық стандарттарына қол жеткізу міндеті қойылды. Қазақстандық сот жүйесінің халықаралық стандарттарға іс жүзінде жақындастырылуының арқасында 2011 жылғы қыркүйек айында Ыстамбулда өткізілген Халықаралық судьялар ассоциацияның орталық кеңесінің мәжілісінде Қазақстан Республикасының Судьялар одағы аталған халықаралық ұйымның тең мүшесі ретінде танылды.

Әлемнің жетпістен астам елі дауыс беруге қатысатын мұндай беделді халықаралық қауымдастықтың ықыласына бөленушілік – еліміздегі сот реформасының  зор жетістіктерінің  бірі.

Судьялардың V съезінде Елбасы ұлттық заңнаманы дүниежүзілік құқықтық стандарттармен неғұрлым белсенді үйлестіру міндетін қойды.

Жаңа ғасыр бастауындағы жобалар кейінгі жылдары нақты іске, өмір шындығына айналды.  Сот сатыларының дербестігі күшейтіліп, істерді қараудың жеделділігі мен сапасы арттырылды.  Сот қаулыларын орындаудың баламалы әдістері, жеке сот орындаушылары институты өмірге келді.

Алқабилер соты жұмыс жасап тұр. Мамандандырылған соттар жүйесі дамытыла түсуде. Мамандандырылған ауданаралық экономикалық, әкімшілік соттарының қатарына соңғы жылдары қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот пен кәмелетке жасы толмағандар істері жөніндегі ауданаралық соттар қосылды. Болашақта дамыған елдердегідей салық соттарын құру жобасы да бар.

Дауларды шешудің баламалы әдістері жетілдірілді. Тергеу әрекеттеріне сот бақылауы орнатылып, бүгінде тұтқынға алу мен қамауда ұстауға санкцияны соттардың беруі қалыпты үрдіске айналды. Тергеу судьясы институты енгізіліп, оның құзыреттіліктері кеңейтіле түсуде. Сот кадрларын даярлау мен біліктілігін арттырудың қазақстандық жүйесі қалыптастырылуда.

Сот жүйесін дамытуға қатысты іргелі заңдардың қабылдануы өз нәтижелерін беруде. Бітімгершілік институттары дами түсіп отыр. Медиаторлардың қатысуымен қаралатын істердің саны жылмажыл артып келеді.

Соттардың қызметіне ақпараттық технологиялардың жаңа жетістіктері батыл енгізілуде. Автоматтандырылған электрондық құжат айналымы, соттардың интернет кеңістігінде болуы, сот процестерін бейнеконференц байланысы желісінде өткізу, процеске қатысушылардың сотқа келмей-ақ, интернет арқылы сотта өзінің құжаттарының жылжуымен танысуға мүмкіндік беретін ақпараттық сервистерді пайдалануы сот жүйесінің бүгінгі күнгі өмір шындығына айналып отыр. Қазіргі кезде соттарда барлық іс жүргізу электронды жүйе арқылы жүзеге асырылуда. Компьютерлік жаңа технологияларды игеру сот қызметкерлерінің білімбіліктілігі мен дағдысын жаңғыртып, уақыт көшінің алғы сапына жетеледі.

Қазақстан дамуының 2050 жылға дейінгі стратегиялық жоспарында дамыған 30 елдің қатарына жету мақсаты тұр. Еліміз өркениет дүниесімен терезесін теңестіріп, болашаққа қадамын нық басып келеді.

Судьялардың VІ съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Судьялардың халықаралық қауымдастығының Қазақстан Судьялар одағын толыққанды мүшелікке қабылдауы біздің сот жүйесін реформалауда жеткен жетістіктеріміздің мойындалуының белгісі» деп атап көрсете келіп, «Халқы заңын сыйлайтын, сотына сенетін қоғам – ең дамыған қоғам. Біздің мақсатымыз – дәл сондай қоғам құру. «Қазақстан — 2050» Стратегиясының басты межелерінің бірі – осы. Ендеше, міндеттеріңіз айқын, бағыттарыңыз белгілі. Өздеріңізге артылған үмітті ақтап, адал жұмыс істейтіндеріңізге сенемін. Сіздерге әділ төрелік пен адал қызмет серік болсын» деген тілегін жеткізген еді.

Еліміздің сот жүйесі өзіне артылған сенімді ақтап келеді. Елбасының бес институттық бағдарламасының «Заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған екінші бағытын жүзеге асыру мақсатында «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында сот жүйесіне берілген тапсырмалар қысқа мерзім ішінде орындалып,  2016 жылдан бастап еліміз бес сатылы сот жүйесінен үш деңгейлі жүйеге көшті. Бірінші сатыдағы барлық істер – аудандық соттарда, апелляциялық істер – облыстық соттарда, ал кассациялық тәртіптегі істер Жоғарғы сотта қаралуда.

Ұлт жоспары аясында мемлекеттің, қоғамымыз бен экономикамыздың дамуына іс жүзінде нақты құқықтық орта қалыптастыруға мүмкіндік беретін 59 заң күшіне енді. Жаңғыртылған заңдар қоғамның сот жүйесіне деген сенімін арттыратыны сөзсіз. Сот төрелігіне қолжетімділікті жақсартып, сот өндірісін оңайлату мен жетілдіруге, заманауи ақпараттық технологияларды және бітімгершілік рәсімдерін кеңінен қолдануға мүмкіндік беретін жаңа Азаматтық  процестік кодекс, «Жоғарғы сот кеңесі туралы» заң күшіне енді. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңға, Қылмыстық іс жүргізу және әкімшілік құқықбұзушылық кодекстеріне тиісті өзгерістер енгізілді.

Судьяларға қойылып отырған біліктілік талаптары күшейтілді. Судьялықтан үміткерлерді таңдаудың жаңа жүйесі жасалды.

Сот процестерінің бейнебайланыс жүйесін пайдалана отырып, өткізілуі және аудиобейнежазбаны судьялар мен процеске басқа да қатысушылардың тоқтата тұруына немесе редакциялауларына мүмкіндік берілмейтіндігі барша сот процесіне қатысушыларды тәртіпке салып, сот процестері мен қабылданған сот шешімдерінің шынайылығын қамтамасыз етуге оң өзгерістер әкелді.

Алдағы съезде  Судьялар әдебінің жаңа кодексі қабылданады деп күтіліп отыр. Қазіргі кезде бұл маңызды құжат судьялар қауымдастығында кеңінен талқылану үстінде. Жаңа жоба қазірдің  өзінде беделді халықаралық деңгейдегі сарап комиссияларының оң қорытындыларын алып отыр.

Заманымыз жаңарып, заңдарымыз жетіліп, билігіміз бен бірлігіміз жарасып, тірлігіміз берекелі бола түсті. Судьялар қауымдастығы өзінің алдында тұрған жауапты да зор міндеттерін абыроймен  атқара  берері сөзсіз.

Мейрамбек  НАҒАШЫБАЕВ,

Батыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық  істер жөніндегі  сот   алқасының төрағасы


Ескі-құсқы, ырық-жырық вагондардан қашан құтыламыз?

Күні: , 88 рет оқылды

%d1%81%d1%83%d1%80%d0%b5%d1%820192


…Мамыр айының орта шенінде «Мәскеу – Алматы» пойызымен Алматыға сапар шектік. Биылғы мамыр жауынды әрі салқын болғаны жадыңызда шығар. Алдын ала алынған билет бойынша жайғасқанымыз купелі вагон болғанымен, ескі вагонның есік-терезесі ызғырық желден пана болмады. Біздің купедегі үш жолаушы – ерлі-зайыпты және үш-төрт жасар қыз бала бір үйлі жан екен. Отағасы Байқоңырда әскери қызметтегі Ресей офицері кезекті еңбек демалысында Мәскеу түбіндегі ата-анасына отбасымен барып келе жатқан бойы көрінеді. Суық жел 3-4 жасар сәби түгілі, ересек адамның өзінің құтын қашырды. Сондай сәттердің бірінде офицер сапарласым: «Ресейдің қазіргі плацкарт вагондарының өзі қазақстандық мына купе вагондардан әлдеқайда артық» — деп қалды. Мұндайда орыс ағайындардың әдетте «За державу обидно» дейтіні бар…


Әлқисса, осы жылғы тамыздың отыз бірінші жаңасы. Қадірбек құдамыздың үлкен ұлының үйлену тойына қатысып, келген шаруамыз біткесін, Шымкент вокзалынан №379 «Алматы – Орал» бағытындағы пойыздың купелі тоғызыншы вагонына аяқ арттық. «Жыласаң, тағы сабаймын» дегендей, бұл вагонның қасында мамыр айында мінген вагонымыз тойға барғандай ма деп қалдық. Өйткені үшбу тоғызыншы вагон ескілігіне қоса, мүлдем ырық-жырық әрі адам көргісіз кір-қожалақ екен. Сол жолы да тура мамыр айындағыдай күн салқын, түн суық болды. Түнге қарай купеміздің терезесінің қалың (брезент) жапқышын жабайық десек, ілгіші жарамсыз. Амал жоқ, пакетпен шоқпыттап байлап қойдық. Вагон дәлізінің купенің есігіне қарсы терезесінің қалың жапқышы да жұлым-жұлым. Ал күн көзін көлегейлер жұқа пердесі саусағыңның ұшы тиер-тиместен ұшып түсіп, аяғыңның астында жатады. Купедегі жарықты айырып-қосқыш пен қол шаяр жердегі сабын салғыш баттасқан кір, айна салтақ-салтақ. Мұны азсынсаңыз, тамбурдың шыға берісі қоқыстан, ал әжетхананың едені кілкілдеген судан жол бойы бір арылмады. Қалай арылсын, егер жолсеріктер тазалыққа көңіл бөліп, вагонды ең болмаса, тәулігіне бір сыпыруға құлық танытпаса!

%d1%81%d1%83%d1%80%d0%b5%d1%820189Ел-жұрттың айтуынша, еліміздің басқа облыстарына қатынайтын пойыз вагондары түгелдей жаңартылған көрінеді. Ал Ресейдің бес бірдей губерниясымен шектесетін Батыс Қазақстан облысына қатысты вагондарға «Қазақстан темір жолы» АҚ»-ның басшылығы тарапынан неге жеткілікті көңіл бөлінбейді? Жолаушы тасымалына қатысты пойыз билеттері арзан деп ешкім де айта алмасы анық. Ендеше, қызмет сапасы неге қымбат бағаға лайық емес?! Әрі ең бастысы, батысқазақстандықтарға ескі-құсқы, ырық-жырық вагондардан құтылар күн бар ма екен?..

%d1%81%d1%83%d1%80%d0%b5%d1%820196

%d1%81%d1%83%d1%80%d0%b5%d1%820191

Болат ӘЛЖАНҰЛЫ,

Теректі ауданы

Редакциядан: Біз осы мәселенің  жай-жапсарын  анықтамақ ниетпен «КТЖ  — жүк тасымалы» АҚ-ның – «ГП Орал бөлімшесі»  филиалы директоры Дархан Куланбаевқа   және  жолаушылар  тасымалы  бойынша  аймақтық  бөлімше  Орал учаскесінің  басшысы Думан Қарағойшинге  телефон шалып  көргенбіз.  Олардың  біреуі  іссапарда,  ал енді  біреуі  Астанадан келген комиссиямен  жүрген болып шықты. Орындарынан  таппадық, әйтеуір…


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика