Мұрағат: 21.09.2016


Атты полицей көрсеңіз, таңғалмаңыз…

Күні: , 72 рет оқылды

ea6_66j6a_8


Алдағы жылы Оралда полицейлердің атты взводы пайда болатыны жөнінде бұған дейін құлағдар едік. Жақында осы хабардың жай-жапсарын білу мақсатында облыстық ішкі істер департаменті  жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция полковнигі Манарбек Ғаб-дуллинге жолықтық. Ол дайындық барысы мен ұйымдастыру шаралары жөнінде баяндады.


Оның айтуынша, қазіргі уақытта атты взвод орналасатын ғимарат Зашаған кентінің Пятимар көшесінде, облыстық ішкі істер департаментінің құқықтық тәртіп пен арнайы дайындықты қамтамасыз ету базасында салынып жатыр. Күні бүгінге взводқа аттестациядан сәтті өткен 25 үміткер қабылданыпты. «Жасыратыны жоқ, жолпатрульдік полиция бөлімінің қызметкерлерінің 90 пайыздайы күні кешегі ауылдың қарадомалақ балалары ғой. Аттың құлағында ойнайтын жігіттер бар екен полицейлер сапында. Шабандозға тән қасиетін көріп, таңғалып жатырмыз. Алғашында қызығушылық танытқандар көп болды. Бірақ аттың үстінде отыруға ерекше қабілет пен мығым күш, еп керек. Соны ескердік. Взводқа қабылданғандар әлі де арнайы жаттығу жасап, күш-жігерін, әдіс-тәсілін шыңдай түсуде. Жобаны қолға аларда Тараз қаласындағы атты взводты көрдім. Әріптестер тәжірибесіне қанығып қайттым», — деді Манарбек Серікқалиұлы.

Полицей-кавалеристер қала маңындағы саяжайларды торуылдап қана қоймай, шаһардағы көпшілік жүретін мәдени-демалыс орындарында қоғамдық тәртіпті бақылауға көмектеспек. Взвод құрамында екі атбегі, бір ветеринар бар. Сонымен қатар ер-тұрман жөндейтін, ат тұяғына таға жасайтын бір ұста алынған.

Жоба жөнінде саяжай қауымдастықтарының төрағалары мен тұрғындарына құлаққағыс қылғанда, олар игі бастаманы бірден құп алған. Бұл аумақтарда көктемде оралған үй иелері көбіне ұрлық болғанын айтып, шағымданып жатады. Саяжайға, әсіресе, баспанасы жоқтар үйір. Арасында іздеуде жүрген қылмыскерлер де болатыны жасырын емес. Қуғынға түскендер осында келіп, ізін суытып кетеді. Тіркелмеген қарулар да табылып жатады екен. «Алты айдың қорытынды есебін жасарда қарауылшылармен бірге саяжайларды араладым. Кейбір үйлерге біреулердің рұқсатсыз кәдімгідей орнығып алғандарын байқадық. Иесіз саяжайларын пайдалануға беру жөнінде облыс әкімдігіне ұсыныс жасалған. Меншікке алғандар да саяжайды бос қалдырмай, ең болмаса, шаруашылық жүргізуге жалға бергендері дұрыс», – деді Манарбек Ғабдуллин. Бір жағынан, саяжайлардың қалалық мекенжай тіркеуіне алынбауынан да көптеген мәселе туындауда. Қыс кезінде тәртіп сақшылары шақырту болғанда ғана барады екен.

Келесі жылы атты патруль осы олқылықтың орнын толтырмақшы.

Саяжайда профилактикалық шаралар күшейіп, тұрғындар еш алаңсыз ұйықтайтын күн де жақын. Манарбек Ғабдуллин атты взводты алғаш қолға алып жатқан соң, кейбір мәселелерді алдын ала ескеріп жатқандарын айтты. Оқыс оқиғадан хабар түскенде қала ішінен атпен шауып өту мүмкін емес екені белгілі. Сондықтан уақыт ұту үшін патрульдік көліктерге жылқы тиейтін үш дана тіркеме алынбақ. Оның біреуіне үш қылқұйрықты еркін сыйып кететін болады. Облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметінің басшысы Манарбек Ғабдуллин қазіргі уақытта патруль қызметіне лайық арғымақтарды іріктеу үшін жергілікті мамандармен ақылдасып жатқандарын айтты.

Полицей-кавалеристің күдіктіні ұстаған сәтте ескеруі тиіс нұсқаулар нормативтік құжаттарда нақты белгіленген. Мәселен, жеңіл көлік жүре алатын тұсқа жеткен соң тұтқынды автопатруль экипажы қабылдап алады. Атты патруль қаладағы қоғамдық тәртіпті нығайта түсуге себеп болмақшы. Алғашқы жылдары жоба сәтті жүзеге асса, ауыл-аймақта да бұл тәжірибе кең қанат жаюы мүмкін.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ


Жазатайым жағдайды күту керек пе?..

Күні: , 72 рет оқылды

img_4450


Бұл мәселені біз осыдан төрт ай бұрын көтергенбіз. Нақтырақ айтар болсақ, «Орал өңірі» газетінің биылғы 26 мамыр күні жарық көрген санында («Оө», №61, 26. 05. 2016 ж.)


«Қайғылы оқиғаның алдын алайық» атты мақала жарық көрді. Үшбу материалда Зашаған кенті аумағында салынып жатқан көктемде еріген қарайған қар суы мен жазғы-күзгі нөпір жауынның суын Анискин көліне құяр арнайы арна жөнінде сөз болған. Сөз жоқ, керек жоба. Әйтпесе, аталмыш кенттің аумағында еріген қар суы мен нөсер жауынның суы жаяуға да, көліктіге де көп кедергі келтіретіндігін өз көзімізбен талай көргенбіз. Бірақ бұл жобаның үлкен кемшілігі бар. Ол – арнаның күре жол жақ бетіне жағалай қорғаныш-кедергілердің қойылмауы.

Негізі Зашаған кентіне қарасты «Көктем», «Кең дала», «Арман» шағынаудандары аумағынан ағын суларды бұрып әкету бойынша құрылыс жұмыстары 2014 жылы басталды. Осы жобаға сәйкес былтыр жыл соңына таман медколледж маңындағы «Октан» жанармай бекеті айналасынан жер асты су өткізер құбырын тарту үшін Орал – Атырау тас жолының екі жағынан тереңдігі 2 – 2,5 метрлік ор қазылды. Алайда әрлі-берлі жаяу да, аутокөлік те, тіпті велосипедші мен мототицклші де ағылып жатқан жол бойындағы әлгі ордың айналасына дені дұрыс қауіпсіздік тосқауылдары орнатылмаған. Тек бар болғаны аутокөлік түгілі, велосипед қақса болды, ұшып кететін бірнеше жіңішке темір шыбық шаншылған. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дегендей, жауыннан кейінгі лайсаң, көктем мен күзгі һәм қысқы көктайғақ кезінде жолдың жаңағы бөлігі өте қауіпті. Мамыр айындағы материалдың жазылуына сол маңдағы тұрғындардың дабылы түрткі болған-ды. Біз осы жайтты алға тартып, кезінде Орал қалалық құрылыс бөліміне хат та жолдағанбыз. Өйткені бұл мекеме аталмыш жобаға тапсырыс беруші болып табылады. Ал Орал қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары А. Пішенбаевтың атынан келген жауап хатта «Бұл нысанда жоба бойынша қоршау-кедергі және арнайы жол белгілерін қою қарастырылмаған. Алайда қауіпті жағдайларды болдырмас үшін жолдың екі жағынан сигналды бағана орнатылды. Егер тұрғындар тарапынан өтініштер болса, нысанның құрылысы толық аяқталғаннан кейін БҚО ІІД әкімшілік полициясы басқармасының ұйғарымымен Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімі арнайы жол белгілерін қоя алады» деп жазылған. Пішенбаевтың «сигналды дабылдар орнатылды» деп отырғаны, шамасы, біз жоғарыда сөз еткен жарық шағылыстыратын жіңішке темір шыбықтар болса керек. Оның тайғанаған көлік атаулыны жол-көлік оқиғасынан құтқарар еш қауқары жоқ. Осыған әбден көзіміз жеткесін, біз жоба мердігері «Уральскводстрой» АҚ-ның президенті Геннадий Мутасовқа хабарлағанымызда, ол жол қозғалысына қатысушыларға түгелдей қауіп төндіріп тұрған аймаққа арнайы барып, жағдаймен танысқаннан кейін көлік жүргізушілеріне күндіз де, түнде де анық көрінетіндей етіп, темірден мықты қоршау-кедергі орнататындарын тілге тиек еткен-ді. Ал арада төрт ай өтсе де, «Баяғы жартас – сол жартас». Яғни Геннадий Мутасов айтқан қоршау-кедергі әлі орнатылмаған… Шамасы, оқыс оқиға орын алмай, жауапты адамдар қозғала қоймайтын сияқты. Міне, біз сол себепті «Жазатайым жағдайды күту керек пе?» деп байбалам салуға мәжбүрміз. Қайталап айтамыз, біздіңше, жаңағы су жолдарының күре жол жақ бетіне жаппай қорғаныш-кедергі керек. Мен бұл мәселені облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанынан құрылған Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын, сумен және жылумен жабдықтау желісін жаңғырту, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту жөніндегі комиссия төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Фарид Бахтиозиннің назарына ұсындым. Фарид Нәйілұлы үшбу ұсыныстың орынды талап екендігін айта келе, бұл мәселені құзырлы мекемелерге жеткізетіндігін алға тартты…

Бауыржан ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


«Қазақстаннан» Қазақстанға

Күні: , 64 рет оқылды

%d0%b3%d0%b0%d0%b7%d0%b5%d1%82%d0%b0-%d0%ba%d0%b0%d0%b7%d0%b0%d1%85%d1%81%d1%82%d0%b0%d0%bd-%c2%a6-1-16-03-1911%d0%b3-%d0%b8%d0%b7%d0%b4%d0%b0%d0%bd-%d0%b2-%d1%83%d1%80%d0%b4%d0%b5


«Қазақстан» газеті – өңіріміздің баспасөз тарихының басында тұрған үнқағаз. Газетіміздің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында сол «Қазақстан» басылымында жарық көрген мақалалар мен ақпараттарды қаз-қалпында жариялап отырмақшымыз.


 Түрлі  хабарлар

Бір  тәуір  хабар

Тарғын қисымының жаңа прауителі Жұмағали Қарағайов Тарғын қисымындағы болмай жүрген ұрылардан 9 кісіні ұстаб әкеліб қараңғы үйге жапты, былтыр қараңғы үйден қашқан бір Өтеб Шоқат баласы деген бар еді, сол ұры ұстар жерде қарсыласыб, бір жігітті атыб өлтірді, ол бір өзі жарлы өлмелі кемфір-шалдың жафадан жалғыз күн көріб отырған баласы екен, бұ жері қиын болды, сөйтіб Тарғын қисымына хазірде бір бейбітшілік кіріб тұр, тек ұзағынан болғай.

Соғыс

Падишахлар өз араларында бірінің қарамағына бірі қысаңшылық етпеске уағда шартында тұрады. Әгар бір тарафы бұ уағдадан дөнсе, екі падшалықтың арасында соғыс болады, Қытай падшасы менен бізің падшаның сауда хақында еткен уағда шартлары бар екен. Сол уағданы Қытай бұзып тұр. Соған бізің падша қаруланыб, әскерін жинаб жатыр. Сірә, соғыс болар білем. Қытайда соңғы жылдарда әскерді жақсы үйретіб атыр деб казиттер де жазады, сонда да  бізің  падшалықтың  әскерінің  хәлі онан  артық  ғой.

(«Қазақстан» газетінің 1911 жылғы, 16 наурыздағы №1 санынан)


«Техника жайлы мені сұра» немесе «Сулпактың» тіл заңдылығын белден басуы

Күні: , 407 рет оқылды

pri_6840


Таяуда белгілі ақын, тіл жанашыры Дариға Мұштанова өзінің фейсбуктағы парақшасында Оралдағы «Сити центр» сауда үйінде орналасқан «Сулпак» тұрмыстық техника дүкеніндегі қызметкерлердің жейделерінде «Техника жайлы мені сұра» деп қате жазылғаны туралы баяндаған. Қызметкерлердің бір-екеуін тоқтатып, «Қате сөз арқалап жүргендеріңді білесіңдер ме?» деп сұраса, олар «Иә, білеміз, бірақ бізге бұл футболкалар  арнайы  Алматыдан  әкелінген.  Киіп  жүруге  міндеттіміз»  деген.


Бұл деректің нақтылығына көз жеткізу үшін аталмыш дүкендер желісінің Еуразия 59/1 мекенжайындағы «Әлем плаза» сауда үйінде орын тепкен бөлімшесіне ат басын бұрдық. Шынында да, Дариға апамыз жазғандай қызмет көрсетуші қыз-жігіттер өрескел қателік бар жейдені киіп жүр. Мұндағы супервайзер Айсұлу Базарбаеваның айтуынша, қате жазуы бар жейделер ағымдағы жылдың маусым айында келген. «Қателікті біз де байқадық, сол бойда компаниямыздағы бұл бағыттағы жауапты тұлғаларына хат жолдадық, — деді Айсұлу Базарбаева. — Бірақ ол жақтан бұл аударма дұрыс деген жауап келді. Жалпы, біздің қызметкерлеріміздің киімдері жылына екі мәрте ауысып тұрады.

Көп кешікпей жаңасы келуі керек. Онда бәрі дұрыс  жазылады  деп  ойлаймыз».

«Техника жайлы мені сұра» деген сөйлем қаншалықты заңбұзушылық болып табылатынын білу мақсатында облыстық тілдерді дамыту басқармасына бардық.

pri_6837– Бұл — ҚР «Тілдер туралы» Заңындағы 21-баптың нақты бұзылу дерегі. «Сулпактықтар» «Спроси меня» деген орысша сөйлемді тікелей аудара салғаны белгілі. Біз жарнамаға қатысты түрлі рейдтерге шығып жүрміз ғой. Мұндай заңбұзушылықтар аз емес. Кейбір жеке кәсіпкерлік нысандары тіл заңдылығына назар аудармай, өздерінің стандарттары бойынша жұмыс істейді. Аталмыш компания да осы бағытта қызметін өрістетіп отырғаны көрініп тұр. Мұның бәрі «Тілдер туралы», «Жарнама туралы» заңдарымыздың солқылдақтығынан туындауда. Жалпы, бізге «Мемлекеттік тіл туралы» заң керек. Айта кету керек, бұл заң жобасы дайындалып, Парламентте жатыр. Егер ол қабылданар болса, мұндай заңбұзушылықтарға жол берілмес еді. Дариға Мұштанованың әлеуметтік желідегі жанайқайына көп адамның қолдау білдіргенін көріп, қуанып қалдық. Міне, осылайша тіліміздің жоғын жоқтасақ, оған жанашырлық танытсақ, сөйтіп  қоғамдық пікір туғызсақ, орын алған мәселе, заңбұзушылық реттелетіні анық. Фейсбукте кейбір жандар «Сулпакты» облыстық тілдер басқармасы неге тексермейді деп жазыпты. Қазір өздеріңіз білесіздер, біз сияқты мемлекеттік органдар шауып барып жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексере алмайды. Тексеруіміз үшін прокуратураға жеке немесе заңды тұлғалардан шағым түсуі керек. Әзірге мұндай шағым түскен жоқ, – дейді аталмыш басқарманың бөлім басшысы Гүлнар Әлжанова.

Осы олқылықтың орнын толтырайық деп біз өз атымыздан облыстық прокуратураға шағым түсірдік.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ

Р.S. Бет қатталып жатқанда, «Сулпак» дүкендер желісінің Батыс Қазақстан аймақтық директоры Иван Филин хабарласып, бұл мәселені Алматыдағы басшылыққа жеткізгенін айтып, қате жазуы бар жейделер жуық арада алмастырылатынын жеткізді.


Ғасырға қадам

Күні: , 95 рет оқылды

%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d1%82%d0%b0%d1%81-%d1%81%d0%b0%d1%84%d1%83%d0%bb%d0%bb%d0%b8%d0%bd


Құрметті оқырман! «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» демекші, міне, Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 100 жылдығын да алдағы жылы барынша кең көлемде атап өткелі отырмыз. 100 жылдықты мазмұнды қарсы алумен қатар газеттеріміздің заман көшінің алдында болып, ақпарат тарату, насихат жүргізу,  ұлттық рухты көтеріп тәрбие беру бағытындағы қызметтерін заманауи технологияларды пайдалана отырып жандандырмақпыз. Облысымызды басқарғанына алты ай болып қалған Алтай  Көлгінов мемлекеттік ақпараттық саясатпен қатар баспасөзге өңірдегі өзекті мәселелерді қозғап, халықтың көкейіндегі проблемаларды шешуге атсалысуды тапсырған болатын. Осыған орай Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы, облыстық басылымдардың 100 жылдығы қарсаңында  бүгіннен бастап қолға алынып  отырған басты жұмыстарды  әңгіме  етпекшіміз.


Ең алдымен облыстық газеттердің логотиптері жаңартылып отыр. Көлемі жағынан бұрынғыға қарағанда, кішірейтіп, соның есебінен екі жанынан және үстінен ақпараттар салуға мүмкіндік жасадық. 1911 жылы шыққан «Қазақстан» және одан кейін 1917 жылы жарық көрген «Ұран» газетінің логотиптері де осындай ықшам болған екен. Қазіргі ғаламтор саласы қарыштап дамып, жаһандану жеделдеген заман да басылымның атауы, мақалалардың орналастырылуы, безендірілуі жаңаша болуын талап етеді. Сол бағытта бар білім-білігімізді салып, қал-қадеріміз жеткенше  жұмыс-танбақшымыз.

%d0%be%d1%80%d0%b0%d0%bb-%d0%be%d0%bd%d0%b8%d1%80%d0%b8Екіншіден, қос газет тәуелсіздіктің 25 жылдығына және өздерінің мерейтойларына байланысты жаңа айдарлар ашып, соның аясында тың мазмұндағы материалдар ұйымдастырады. Мысалы, бұрыннан бар «Айналайын», «Алтын бесік», «Ардагер», «Иман», «Үзіліс», «Ине-жіп», «Бағбан», «Балға-шеге», «Гүлдәурен» сынды беттерге қоса «Хат жолға шақырады» айдарымен журналистер арнайы іссапарға шығып, соның қорытындысы бойынша сараптап, мақала береді. Газеттердің шежіресі мен тарихына орай «Қазақстаннан Қазақстанға», «100 жылдыққа – 100 тұлға» айдарымен материалдар беріледі. «Тәуелсіздік толқынында», «Ғасыр жаңғырығы», «Оқырман олжасы», «Мыңнан бір сәт» пен «Фотоайғақ», «100 жыл және бір сәт», «Менің газетім» секілді айдарлар да оқырманды тартары анық. Облыстық «Приуралье» газетінде де «Достояние Независимости», «Ұлы Дала елі», «Мәңгілік ел», «Ровесники Независимости», «Летопись Независимости», «Летопись Приуралья газетной строкой», «Вспомним всех поименно», «100 лет газеты в цифрах и фактах», «О них писала газета «Приуралье», «Приуралье» в моей судьбе» және басқа айдарлар көрініс таппақ.

100-%d0%b6%d1%8b%d0%bb-%d0%be%d1%80%d0%b0%d0%bb-%d0%be%d0%bd%d0%b8%d1%80%d0%b8-%d0%bc%d0%b5%d0%bd-%d0%bf%d1%80%d0%b8%d1%83%d1%80%d0%b0%d0%bb%d1%8c%d0%b5Үшіншіден, газеттердегі материалдарды жаңа технологиялар арқылы тарату жобасы қарастырылады. Бұл үшін басылымдардың материалдық-техникалық базасын одан әрі нығайту жұмысы қолға алынады. Әсіресе, газет материалдарын заман талабына сәйкес оқырмандар назарына тезірек жеткізу айрықша назарда болады. Осы мақсатта газеттердің әлеуметтік желілердегі парақшаларын дамыту, жазылған мақала, ақпарат, жаңалықтардың сол бойда газет сайттарында жарияланып, барынша жедел тарауын ұйымдастыру жұмыстары жасалады.

Қазіргідей ғаламторға көбірек назар аударылған заманда сайттар мен әлеуметтік желілерді де тиімді пайдаланбасқа болмайды. Бұл ретте әлеуметтік желідегі белсенділермен  бас қосып, олардың ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, тиісті шаралар алынады. Сайттарымыздың жұмысын жетілдіріп, танымалдылығын арттыру бағытындағы істеріміз жалғасады. Жүйрік ақпараттарға қоса бейнежаңалықтарды, олардың аудионұсқаларын беріп отыру қолға алынады. Өйткені кей адамдар хабар, мақалаларды оқуды қиынсынуы мүмкін, сондықтан оларға көріп, тыңдауға мүмкіндік жасалады. «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттерінің сайттарында мерейтойлық материалдарды орналастыру үшін «Бізге – 100 жыл» арнайы бөлімі ашылады. Арнайы бөлімдегі материалдар үш бөлікке топталып орналастырылады: 1) — газет тарихы; 2) — газет қызметкерлері; 3) — мерейтойлық материалдар. Оған қоса zhaikpress.kz сайтынан қос газеттің сайтына шыққан мерейтойлық материалдар көрінетін бөлім, ал әлеуметтік желіде «Жайық Пресс» парақшаларынан бөлек газеттің 100 жылдығына қатысты арнайы парақша ашылады. Сайтқа шыққан материалдар сол парақшаға да орналастырылатын болады. Себебі жаңалықтар парақшасына орналастырылған тарихи материалдарды кейін әлеуметтік желіден табу қиындыққа түседі. Ал бұл парақша әлеуметтік желідегі архивіміз әрі тек мерейтойдан хабар беретін (тарихи материалдар, дайындық, мерейтойдың өту барысы) арнайы парақша болып қалады. Әлеуметтік желілерде газеттер тарихына қатысты интеллектуалдық ойындар ұйымдастыру ісі де қолға алынады.

Тұрғындармен тікелей байланысты жақсарту мақсатында арнайы WhatsApp нөмірі (8-707-808-48-55) іске қосылды. Осы нөмірге кез келген оқырман хабарлама жіберіп, газетке немесе сайтқа өз тақырыбын ұсына алады. Сонымен қатар шешілмей келе жатқан өзекті мәселелерді немесе оқыс оқиғаларды хабарлап, сол бойынша журналистерді іссапармен келіп, зерттеу жүргізуге шақыра алады. Бұл хаттан гөрі жедел байланыс түрі болғандықтан, шараның да неғұрлым тез алынуына септігін тигізеді.

Төртіншіден, Батыс Қазақстан облысынан шыққан тарихи тұлғаларды кеңінен таныстыру жұмыстары жалғасады. Осы мақсатта газет беттері мен сайттарда арнайы материалдар сериясы жарық көрмекші. Бұл ретте Алашорданың 100 жылдығына байланысты Алаш қайраткерлерінің өмірі мен елге жасаған қызметі ерекше назарда болып, көпшілікке жария етілмекші. Соның ішінде тұстастары «Абайдан кейінгі ақын…» деп бағалаған ұлы тұлға, ағартушы, ойшыл, «Қазақстан» мен «Ұран» газеттерін ұйымдастырушылардың бірі Ғұмар Қараштың екі томдық шығармалар жинағы 100 жылдыққа айрықша тарту болмақшы. Мұнда  Ғ. Қараштың өлеңдері, әдеби шығармалары, мақалалары, көсемсөздері, пәлсапалық ой-тұжырымдары, жинақтаған ауыз әдебиеті туындылары енгізіледі. Ғұмар Қараштың туындылары бұрын-соңды бұлайша толық көлемде жарық көрген емес. Ендеше, бұл қазақ әдебиеті мен тіл ғылымына қосылған  елеулі үлес болмақ.

Бесіншіден, соңғы жылдары қос газеттің тарихын зерттеу бағытында көптеген жұмыстар қолға алынып, бірнеше жинақ жарық көргені белгілі. Кейінгі кезде табылған тың деректер бұл кітаптарды жаңарту қажеттігін көрсетіп отыр. Сондықтан «Жайық Пресс» ЖШС жанынан құрылған баспасөз тарихын зерттеу орталығы Ғұмар Қараштың кітабына қоса «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 100 жылдығына орай деректі-жылнамалық жинақ әзірлеуге кірісті. Жинақта облыстық газеттердің тарихы, кезеңдері, атаулары, негізгі тұлғалары, айтулы оқиғалар туралы деректер, құжат көшірмелері, көне фотосуреттер қамтылады. Кестелер, тізімдер беріледі. Болжалды көлемі 300-350 бет. Сонымен қатар 1919-1920 жылдары Орынбор қаласында шыққан «Ұшқын» газетінің тарихын зерттеп, жинақ дайындау, «Жайық Пресс» ЖШС ғимаратында Баспасөз тарихы музейін ұйымдастыру көзделуде. 2017 жылы облыстық газеттердің 100 жылдығына орай республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізіп,  оған елге белгілі баспасөз тарихын зерттеуші ғалымдарды қатыстыра отырып, соның қорытындысы ретінде жинақ шығарсақ, бұл да бір кейінгі ұрпаққа естелік болып қалар еді.

Алтыншыдан, қос газеттің мерейтойына арналған шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырып, өткізудің маңызы зор. Бұл үшін газет беделін одан әрі көтеру бағытында облыс орталығындағы іргелі мекеме-кәсіпорындар мен аудан-ауылдарда «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттерінің күнін өткізу арқылы жұртшылық назарын аудару жұмыстары атқарылады. Ғасырлық тойды лайықты атап өту үшін өңірдегі жетекші компания, кәсіпорындармен тиімді байланыс орнату ұдайы назарда болмақ.

Жетіншіден, облыстағы мекеме-ұйымдармен бірлесе отырып, бірнеше бағытта шаралар ұйымдастыру ойластырылуда. Атап айтқанда, облыстық басқармалармен бірге барлық мектептердің қатысуымен өңір шежіресін жинақтау мақсатында тарихи-танымдық экспедиция, облыс оқушылары арасында жеңіл атлетикадан жарыс, қалада велошеру, Қайрат Жұмағалиев атында шығармашылық байқау, өмірден ерте кеткен әріптесіміз, фотосуретші Медет Досымовты еске алуға арналған фотобайқау, облыстағы БАҚ өкілдері арасында спорттық сайыстар және басқа шаралар күн тәртібінде тұр. Жастарды газетті тұрақты оқуға тарту үшін жастар аудиториясына арналған «Гүлдәурен», «Студент», «Жұлдыздар» беті жиірек шығып, «Жастық шақтың жарқын сәті» атты фотоконкурс ұйымдастырылып, болашақ ересек оқырмандар толқынын қалыптастыру үшін балалармен жұмысты онан әрі жандандырып, дәстүрлі балалар шығармашылығына арналған байқау жалғасады. Сондай-ақ 100 жылдық аясында «Ең елгезек мекеме» аталымы бойынша редакцияның сауал-хаттарына тез жауап беретін мекеме-кәсіпорын басшылығы, «Ең белсенді автор» аталымы бойынша ел ішіндегі ең белсенді авторлар марапатталатын болады. Редакция ардагерлерімен байланысты жетілдіріп, газет тарихынан сыр шертер тағылымды мақала-материалдар мен тартымды фотоларды жариялап отыру назарда болмақ. Қазақстанның көрші облыстық газеттерімен бет алмасу, балалар үйі түлектеріне, мүгедек балаларға қайырымдылық шарасын ұйымдастыру және басқа мың-сан жұмыстар кезегімен атқарыла бермек.

Міне, құрметті оқырман, қос газетіміздің 100 жылдығына орай атқарылатын жұмыстардың бірсыпырасын айтып өттік. Газетіміздің түр-келбеті мен мазмұнына байланысты сіздің ұсынысыңыз, алып-қосарыңыз қандай, оны да білгіміз келеді. Ең бастысы, ғасырлық тойды өз дәрежесінде атап өту үшін бар күш-жігерімізді саларымыз анық. Әрдайым жүзіміз жарқын, жолымыз айқын болсын, ағайын!

Жантас   САФУЛЛИН,

«Жайық Пресс»  ЖШС  бас  директоры


Жарнамасы орысша «сайрап тұрған» Сайқын

Күні: , 727 рет оқылды

dsc_1142


Бірден айта кетелік, бұл көріністер Бөкей ордасы ауданына іссапармен барғанымызда, назарымызды айрықша аудартып, фотоқарауылға іліккендері ғана. Облыс орталығынан 600 шақырымдай жолды артқа тастап, Сайқын ауылына жақындағаныңызда, сән-салтанаты келісті кішігірім шаһарға тап болғандай сезінеріңіз кәміл. Соны үлгідегі әсем ғимараттар мен тұрғын үйлердің дені көгілдір отын мен таза ауыз су желілеріне қосылған. Түп-түзу көшелері жарық та таза.


Сайқынның дәл осындай келбетін алдымен ауылішілік жолдары әбден бұзып-ақ тұр. Кеңестік дәуірде төселген асфальт жолдардың бүгінде мүлдем тозығы жеткен. Қай көшеге барсаңыз да, шұрық-тесік асфальт жолдардан «қашқан» аутокөліктердің жол жиегімен айналып жүргенін көресіз. Ауа райының қолайсыз күндері дәл осындай көшелердің жанымен жаяу жүретіндердің жайы қандай болатынын көз алдыңызға елестетудің өзі қиын-ау. Ғафу етерсіздер, ауылдағы асфальт жолдың бәрі бірдей ойдым-ойдым емес — бір түзу жол бар. Ол жол – мәдениет үйі мен аудан әкімдігі ғимаратының арасы. Ұзындығы – әрі кетсе 600 қадам. Жергілікті жүргізушілердің сөзімен айтқанда, «Екі минуттық рахат!» деген осы.

dsc_1089Аудан тұрғындарының басым бөлігі мекен ететін елді мекенде шағын және орта кәсіпкерліктің қарқынды дамып келе жатқаны, әрине, қуанарлық жай. Әйтсе де, сайқындық кәсіп иелерінің мемлекеттік тілге деген немқұрайлылығына «қарнымыздың ашқанын» жасырмайық.

99 пайызы қаймағы бұзылмаған қандастарымыз мекендейтін ауылда жарнама атаулысы түгелдей дерлік ресми тілде. Саусақпен санарлық өзге ұлт өкілдерінің өзі қазақша сайрайтын ауылға мәтіні орыс тілінде жазылған жарнамаларды орнатудың қаншалықты қажеттілігі болды екен?..

dsc_1094Көрер көзге тағы бір келеңсіз жәйт – билбордтардың сүреңсіз қалпы. «Еңбексүйгіштік елді алға жетелейді», «Халық денсаулығы – мемлекет байлығы» тақырыптарын арқау еткен билбордтардың ілінгеніне берісі бес жылдың жүзі болса керек. Өйткені «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының 2011-2015 жылдар аралығына қабылданғандығы да сол орында тайға таңба басқандай көрініп тұр.

Өкінішке орай, аталмыш билбордтардың суреттерін, түпнұсқалық сапасы өте нашар болғандықтан, газетімізге жариялау мүмкін емес. Шүбә келтіретіндеріңіз болса, редакциямыздың әлеуметтік желілердегі парақшаларын ашып қарарсыз…

dsc_1098

dsc_1096

dsc_1118

dsc_1103

Сырымбек ЖӘРДЕМҰЛЫ,

Бөкей ордасы ауданы


Ақсай думандатқан күн

Күні: , 34 рет оқылды

img_1674


Қарашығанақ» кен орнымен аты әйгілі болған Ақсай қаласы бүгінде еліміздегі моноқалалардың тізіміне еніп, қарыштап дамып келеді.


Мұнда қазір мұнай мен газ ғана өндіріп қоймай, ауыл шаруашылығына да басымдық беріле бастады. Кәсіпкерлікпен айналысу белең алып, инфрақұрылым мен қаланы көркейту жұмыстары жандануда. Мәдениет саласындағы жетістіктермен қатар, спортшылардың бағындырған белестері де аз емес. Осы шағын қаланың тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлайтын айтулы күн – Ақсай қаласының туған күнін атап өту дәстүрге айналды. Бұл күні қаладағы тыныс-тіршілік салтанатты жиындар мен мәдени-көпшілік шаралармен, спорттық  додалармен  жандана түседі. Биыл да сол үрдіс жалғасын тапты. Бір апта ішінде түрлі мерекелік іс-шаралар оздырылды.

img_1737Қала күніне арналған спорттық ойындар тартысты да қызықты өтті. Алдымен көкпардан Бөрлі және Шыңғырлау аудандары арасында жолдастық кездесу өтіп, бөрліліктер жеңімпаз атанды.  Спортты серік еткен жандар мен ат баптап, сәйгүлігін жарысқа қосқан атбегілер  аударыспақ, қой көтеру, зілтемір көтеру, теңге ілу, аламан бәйге (24 шақырым) және тоқ бәйгеден (15 шақырым) араларындағы шын мықтылар мен желмен жарысқан жүйріктерді анықтады. Аламан бәйгеден ақтөбелік Жұмаш Ізбасаровтың жүйрігі топ жарып, бірінші келді. Маңғыстаулық А. Таңатаровтың «Ақжалы» екінші, қаратөбелік Ғ. Мақановтың «Ясині» мәре сызығынан үшінші боп өтті. Тоқ бәйгеден маңғыстаулық Б. Таңатаровтың «Ажары» топ жарып, бірінші келді. Екінші болып Ақтаудан келген Н. Бисенбаевтың «Қыраны», үшінші теректілік А. Аманбаевтың жүйрігі мәре сызығын кесті. Сәйгүліктер жарысына облыс орталығы мен аудандарды қоспағанда, Ақтөбе мен Маңғыстау, Атырау өңірлерінің жүйріктері қатысты. Сәйгүлік  иелері мен бәйгеге шапқан балаларға аудан әкімі А. Халелов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Т. Шаяхметов және аудан әкімінің орынбасары Е. Ихсанов ақшалай сыйлықтардың сертификаттарын табыстады. Сондай-ақ Алдияр Сансызбайұлы аламан бәйгеден сәйгүлігі топ жарған Ж. Ізбасаров пен ұлы Тайұстарға аутокөлік  кілтін  табыс  етті.

Орталық алаңда алдымен қала күніне орай «Үздік мамандар» салтанатты түрде  марапатталды. Әр салада жүрген үздік маман иелеріне қала әкімі Айымгүл Тіріжанова алғысхаттар табыстады.

Бұл үздіктердің қатарында Н. Кисилев «Үздік ұстаз – 2016», Д. Қабденова «Үздік медицина қызметкері – 2016», Ә. Сейсов «Үздік спортшы – 2016»,  Н. Омаров «Үздік кәсіпкер — 2016»,  А. Алекешова «Қоғамдық сақшы – 2016»,  М. Шөкиева «Үздік мемлекеттік қызметші – 2016», А. Өтеуова «Мұнай саласының үздік қызметкері – 2016», М. Сәрсенова «Үздік мәдениет қызметкері — 2016» аталымына ие болды.

img_1448Ал мерекелік концертті қаламыздағы шығармашылық ұжымдар мен түрлі ән байқауларында топ жарып жүрген өнерпаздар бастап, одан әрі қазақ эстрада жұлдыздары жалғады. Бұл тойшы қауымның  асыға күткен сәті  еді. Алдымен «Кеш You» тобы өнер көрсетті. Жастардың зор ықыласына бөленген бұл топтан соң сахнаға шыққан Индира Расылханға да көрермен шынайы қол соғып, ықыластарын аямады. Елімізде үлкен-кішінің сүйіп тыңдайтын тобына айналған «Жігіттер» квартетіне де ерекше ықылас көрсетілді. Топ мүшелерімен бірге  билеп, қосыла  ән  шырқады.

Ясипа  РАБАЕВА,

Бөрлі   ауданы


Батыс Қазақстан облысы: Тәуелсіздік жылдарының жылнамасы

Күні: , 91 рет оқылды

%d1%82%d0%b0%d1%83%d0%b5%d0%bb%d1%81%d0%b8%d0%b7%d0%b4%d0%b8%d0%ba-25-kz


Биыл Қазақ елі үшін ерекше жыл. Қазақстанның тәуелсіз ел атанғанына ширек ғасыр толып отыр. Егемендіктің елең-алаң шағында өзінің бағыт-бағдарын айқын белгілеген мемлекетіміз бүгінде әлемдегі барынша дамыған елу елдің қатарына енді. Алдағы межеміз – үздік отыздық.


Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы ішінде республикамыздың өзге де өңірлері секілді Батыс Қазақстан облысы да жүйелі түрде дамыды. Бүгін біз ширек ғасырлық мерейтойына орай газетімізде «БҚО: Тәуелсіздік жылдары жылнамасы» атты айдар ашып отырмыз. Мұрағат материалдары, басылымдарда бұрын жарияланған мақалалар негізінде қолға алынып отырған бұл жобамыз жүріп өткен жолымызға көз тастауға, болашаққа бағдар жасауға өз септігін тигізетініне сенеміз. Бұл облысымыздың жаңа даму тарихына негіз болады деген ойдамыз.

1991  жыл

16   ЖЕЛТОҚСАН

ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» ҚР конституциялық Заңына қол қойды.

19  ЖЕЛТОҚСАН

Орал қаласының Жеңіс алаңында 1986 жылы Алматы қаласында болған желтоқсан оқиғасының бес жылдығына арналған митинг өтті. Жиынды «Азат» қозғалысының облыстық ұйымының төрағасы А. Зейнуллин ашты. Орал мешітінің имамы  З. Ахметов желтоқсан оқиғасы кезінде қаза болғандардың рухына бағыштап Құран оқыды. Митингіде Халық депутаттарының облыстық кеңесі төрағасының орынбасары Б. Тұманов, Қазақстан Социалистік партиясының облыстық атқару комитеті хатшысының орынбасары Е. Солдатов, Қазақстан Жастар одағы облыстық комитетінің бірінші хатшысы М. Құлшаров, «Азат» қозғалысының белсенді мүшелері Г. Сапаров, О. Жәкібаев, ақын А. Қадырбаева және басқалары сөз сөйледі. Олар желтоқсан оқиғасының шынайы мәні, республикада демократиялық жаңартуды нығайту, Қазақстанда экономикалық реформаны ойдағыдай жүргізудің басты шарты болып саналатын халықтар достығы мен қоғамдық келісімді сақтау туралы айтты.

19  ЖЕЛТОҚСАН

А. Островский атындағы орыс драма театрында Батыс Қазақстан әмбебап биржасының тұсаукесері өтті. Осы күні ұйымдастырылған ашық саудаға әр түрлі азық-түлік және өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы тауарлары, тұрмыстық техникалар шығарылды. Сауда барысында жүздеген мың рубльдің келісімшарттары жасалды.

25  ЖЕЛТОҚСАН

Приурал ауданының Горбунов ауылын Орал – Самара тас жолына қосатын үш шақырымдық жолды асфальттау жұмысы аяқталды. Осылайша көктемде, күзде тиіп тұрған күре жолға жете алмай қиналып жүрген ауыл тұрғындарының мәселесі шешілді. Енді бұл ауылға жолаушылар автобусы кіретін болды.

«Приуральный» агрокомбинатында елді мекендерді абаттандыру жұмысына ерекше көңіл бөліне бастады. Осы жылы өздерінің күшімен жеті шақырым жол асфальтталды.

25  ЖЕЛТОҚСАН

Орал медицина училищесінің ұжымы Қызыл Крест және Жарты ай қорына 1 мың рубль аударды. Бұл қаржы жақында Переметный ауылында өткен концерттен түсті. Оған Переметный астық өнімдері комбинаты, №101 астық базасы және №21011 автобаза демеушілік жасады.

1992  жыл

24 ҚАҢТАР

Халық депутаттары облыстық кеңесінің төрағасы Н. Есқалиев Нарын құмында орналасқан Капустин Яр әскери полигонының жаңадан тағайын-далған басшыларымен кездесті.

Кездесу барысында Н. Есқалиев полигон аймағындағы тұрғындардың талап-тілектеріне назар аудару қажеттілігін жеткізіп, полигон басшыларына нақты ұсыныстар айтты. Бұл ұсыныстар полигондағы әскери мамандардың Орда және Жаңақала аудандары малшыларының шалғайдағы қыстақтарына электр желісін тартуға және телерадиохабарларын тарату қондырғыларын орнатуға қолұшын беруге қатысты. Сонымен қатар Торғай әскери қалашығын және оның маңындағы жайылымдық жерлерді (осы жерде белгілі қазақстандық этнограф-ғалым Мұхамбет-Салық Бабажановтың зираты бар) Орда ауданына беру мәселесін шешетін уақыттың келгендігі де айтылды. Соған орай әскери полигон мен Орал облысы, тіпті түгел республика арасында жаңа келісімшарт жасасу қажет.

Әскери полигон басшылары осы айтылған ұсыныстарды түсіністікпен қабылдап, бұл мәселелер бойынша жан-жақты ойланып барып, нақты шешім қабылдайтындарын жеткізді.

31 ҚАҢТАР

Облыстық атқару комитеті жергілікті тұрғындардың ұсынысын мақұлдап, Орда ауданындағы Искра орта мектебінің атауын өзгерту туралы  шешім қабылдады. Бұл мектеп қазір қазақтың тұңғыш генералы Шәкір Жексенбаевтың есімімен аталады.

4 АҚПАН

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Швейцарияның Давос қаласында өткен халықаралық экономикалық форумнан келе жатып, Орал қаласына аялдады. Әуежайда мәртебелі қонақты халық депутаттары облыстық кеңесінің төрағасы Н. Есқалиев қарсылады.

4 АҚПАН

ҚР Жоғарғы Кеңесінің қаулысына сәйкес облыстық аумақтық депутаттық топ құрылды. Оның құрамына Орал облысының аумағында тұратын ҚР халық депутаттары Б. Әжіғалиев, Т. Бөлеев, В. Водолазов, В. Волков, В. Гартман, К. Дәулетов, С. Мұқанов, П. Своик кірді.

Депутаттық топ Қазақстан Республикасының Заңдарын, ел Президентінің Жарлықтарын жүзеге асыруды бақылауға алу және өтпелі кезеңде лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін арттыру мақсатында құрылды. Депутаттық топтың жетекшісі болып С. Мұқанов, хатшылығына В. Водолазов сайланды.

4 АҚПАН

Астрахан және Орал облыстық телерадиокомпаниялар өзара хабарлар алмасу жөнінде келісімге келді.

Көршілес облыста көптеген қазақтар қоныстанған, осыған орай астрахандық тележурналистер оларға ұлттық мәдениетті дамыту үшін қазақ тілінде хабарлар ұйымдастыра бастады. Соған орай оралдықтар  әріптестерінің тәжірибелерімен алмасуды ұйғарды.

Қазақ тіліндегі бағдарламаны жүргізуші А. Ілясов Орал телестудиясында тәжірибеден өтті. Көршілік дәстүрмен астрахандықтарға Орал қаласында өткен ақындар айтысы, терме орындаушылардың сайысы және тағы басқа мәдени шаралар жазылған бейнетаспалар берілді.

7 АҚПАН

ҚР Президентінің «Экономикалық реформа жағдайында Қазақстан Республикасы мемлекеттік басқару органдарының қызметін жетілдіру туралы» Жарлығы шықты. Осы Жарлық бойынша өтпелі кезеңде халық депутаттары кеңесінің атқару комитеттері таратылып, жергілікті әкімдер лауазымы енгізілді.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Нәжімеден Есқалиев Орал облысының әкімі болып тағайындалды.

23 НАУРЫЗ

Орал қаласында Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы Үкіметтерінің біріккен отырысы өтті. Онда 1992 жылы өзара экономикалық ынтымақтастық мәселесі талқыланды.

Оның жұмысына Қазақстан Республикасы Үкіметі атынан Премьер-министр С. Терещенко, Премьер-министрдің бірінші орынбасары Д. Сембаев, Премьер-министрдің бірінші орынбасары О. Сосковец, Премьер-министрдің   орынбасарлары Е. Ежиков-Бабаханов, К. Байкенов, Мем-лекеттік комитеттердің төрағалары мен министрлер Т. Кадрахманов, Х. Дриллер, Т. Әбдіқадіров, И. Есенғарин, С. Әбішев, Орал облысының әкімі Н. Есқалиев қатысты.

Ресей Федерациясы Үкіметі атынан Үкімет төрағасының бірінші орынбасары Г. Бурбулис, Үкімет төрағасының бірінші орынбасары Е. Гайдар, Үкімет төрағасының   орынбасарлары М. Полтаранин, В. Махарадзе, министрлер мен мемлекеттік комитеттер төрағалары А. Нечаев, В. Машиц, В. Баранников, В. Ефимов, В. Лопухин, Г. Фадеев және тағы басқалары қатысты.

Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Үкіметтерінің кездесу туралы Коммюникеге қол қойылды. Кездесудің соңында қазақстандық, ресейлік және шетелдік журналистер үшін баспасөз мәслихаты өткізілді.

27 НАУРЫЗ

Ақсай қаласында шаруашылықтың жекешелендірілген алғашқы дүкені ашылды. «Қарашығанақ»  компаниясының бұрынғы дүкені «Победа» колхозының меншігіне айналды. Енді колхозшылар өздерінің өнімдерін дайындаушылар мен сауда орындарынсыз сатады. Тұтынушылар арасында делдалсыз сатылатын өнімдердің бағасы едәуір төмендеді.

(Жалғасы бар)


«Асығуға да, кеш қалуға да болмайды»

Күні: , 29 рет оқылды

img_4460


Сейсенбі күні облыстық ішкі саясат басқармасы жанындағы саяси клубтың кезекті отырысы өтті. Отырыста Қазақстандағы білім беру жүйесінің өзекті мәселелері талқыға түсті.


Еліміздегі саяси партиялардың облыстық филиалдарының төрағалары, мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар және БАҚ өкілдері қатысқан шараны ұйымдастыруға «Қазақстан Коммунистік халықтық партиясы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы мұрындық болды. Жиынды аталмыш ұйымның бірінші хатшысы Сүйінғали  Ярлығасымов  жүргізді.

Отырысқа қатысушылар білім беру жүйесіндегі кемшіліктерге қатысты өз ой-пікірлерін ашық білдірді.

– ҚР Білім және ғылым министрлігі қоғам тарапынан мақұлданбаған реформаларды тұрақты түрде жүргізуде. Мемлекет білім саласына қатысты реформалардың сәтсіздіктерін жаңа министр тағайындау арқылы жоюға ұмтылғандай әсер қалдырады. Әйткенмен мұндай шешім қабылдау арқылы оқушыларымыздың қалыс қалған білімін толтыру мүмкін емес. Қазіргі уақытта жаңа реформалар мәселенің оң-терісін толық сипаттай алатын ақпараттық қолдау арқылы қабылдануы керек. Осы тұрғыдан келгенде, Білім және ғылым министрлігінің жұмысы сын көтермейді. Соның салдарынан қоғамда көптеген түсініспеушілік пен наразылық туындап отыр. Жыл өткен сайын білім беру жүйесіндегі мәселелер өткірлене түсуде, — деді «Қазақстан Коммунистік халықтық партиясы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының мүшесі Ниязбек Есеналиев өз баяндамасында.

– Біз жаңа реформалардың сәтсіздігі туралы талмай айтумен келеміз. Алайда оған қандай түзетулер енгізу керектігі жайлы ұсыныс жасамаймыз. Бұл – бәріміз үшін ойланатын жайт. Қазіргі уақытта өзім де осы мәселеге қатысты ешқандай ұсыныс айта алмаймын. Бірақ реформаларды жүзеге асыруда қателіктер кетіп жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан жаңаша реформа қажет екендігі сөзсіз. Әйткенмен бұл мәселеде асығыстық танытуға да, мезгілінен кеш қалуға да болмайды. Баласы үш тілді қатар меңгере алса, ешқандай ата-ана оған қарсылық танытпайды. Үш тілді білу заман талабы болып отыр. Сондықтан үш тілді меңгерту саясатына қарсы болмауымыз керек. Бірақ шет тілдерді үйренуге келгенде оған көпшілікті жаппай міндеттеудің қажеті жоқ. Әр адамның өз еркі, таңдауы, қалауы болуы керек. Ең бастысы, осы мемлекеттің адамы болғандықтан, біріншікезекте мемлекеттік тілді білуіміз керек. Ал біз қазіргі уақытта мемлекеттік тілді кішкене қысқартайық, өйткені өзге тілдерді меңгеруіміз керек дейміз. Бұл қаншалықты дұрыс? Мұндай жағдайлар көпшіліктің наразылығын туғызады, түрлі митингілер ұйымдастыруға мәжбүр етеді. Құрметті әріптестер, мемлекеттік қызметкерлер, осы мәселені жоғары билікке дұрыс жеткізе білуіміз керек. Қазіргі таңда еліміздегі білім саласын нығайту үшін бірінші кезекте мұғалімнің мәртебесін көтеретін насихат жұмыстары жүргізілуі тиіс, — дейді «Ақжол» партиясы облыстық филиалының төрағасы Табылғали Сапаров.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Суреттерді   түсірген Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


«Қазақстан табиғаты ресейліктер көзімен»

Күні: , 36 рет оқылды

image-21-09-16-03-47


Жуырда Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында «Қазақстан табиғаты ресейліктер көзімен» атты фотокөрме ашылды.


Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған шараның мақсаты — өңір табиғатының сұлулығын көрсету. Фотокөрмені облыстық білім басқармасының экологиялық-биологиялық орталығы ресейлік Самара мемлекеттік хайуанаттар бағымен бірлесіп ұйымдастырды.

– Бұл көрме маусым айында Самара қаласында өткен болатын. Енді оны 15 қазанға дейін Орал қаласында тамашалауға болады. Көрмеде жерлестеріміз Сәкен Әбілқайыров, Бибігүл Сәрсенова және ресейлік Александр Кузовенко, Андрей Болтушко, Дмитрий Пилин, Денис Марыскин секілді фотосуретшілердің  жалпы саны 100-ге тарта еңбектері назарға ұсынылды. Көрменің негізгі бөлігін Александр Кузовенконың шығармашылығы алып отыр. Ол табиғатта жойылып бара жатқан аң-құстарды суретке түсірген. Көрмеге келген әр азамат туған жеріміздің табиғатына тамсанып қана қоймай, оны қорғап, күтуді де қолға алады деп сенеміз,- дейді облыстық басқармадағы тәрбиелік және алдын алу бөлімінің жетекшісі Роза Зайнуллина.

Айымгүл  ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика