Мұрағат: 19.09.2016


Елорда төрінде – Ақ Жайық өңірі

Күні: , 84 рет оқылды

dsc_0176


Қыркүйектің  17-18-і  күндері еліміздің бас қаласы Астанада «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» аясында Батыс Қазақстан облысының күндері өтті.


Елордалықтар алдымен шаһар төріндегі «Хан шатыр» сауда орталығы алаңында орналасқан БҚО ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне ағылды.

Облыс аудандары мен ірі кәсіпорындардың 20-ға жуық сапалы тауары мен өнім түрлері астаналықтарды жәрмеңке аясында тоғыстырды.

Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ұсынған мәлімет бойынша, жәрмеңке қалашығында елордалықтарға 19 тонна ет (соның ішінде 7 тонна жылқы, 12 тонна сиыр еті), 140 тонна картоп, 80 тонна пияз, 120 тонна сәбіз, 90 тонна қызылша, 100 тонна қырыққабат ұсынылды. Бұған қоса 10 тонна балық, 3 тонна шұжық өнімдері, 10 тонна ұн және макарон, 5 мың дана қалбыр, 0,3 тоннадан бал мен қымыз бар.

img_4822— Ақ Жайық өңірінің жәрмеңкесін Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнаған басты тарту деп айтуға болады. Бастысы – елдің дәмін елордалықтар, Астанада тұратын жерлестерімізге ұсыну. Батыс Қазақстан – еліміз бойынша мал шаруашылығын дамытушы облыстардың бірі. Бүгінгі жәрмеңкеде жылқы еті 1300 теңгеден, сиыр еті 1100 теңгеден саттыққа шығарылды. Сонымен қатар 200 тоннаға жуық бау-бақша өнімдері әкелінді. Астаналықтар біздің жәрмеңкемізге риза деп айта аламын, — деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Оңғарбеков.

Жәрмеңке қалашығының бір шетінде Ақ Жайық өңірінің өнер шеберлері Астана жұртшылығына ән-күйден шашу шашты.

Сазды бағдарлама «Назерке» халық биі ансамблінің орындауындағы «Жайдарлы Жайық жастары» хореографиялық композициясымен ашылды.

Мерекелік концертте батысқазақстандықтар Медет Оразов, Ақмарал Ахметова, «Батыс стар» тобы сықылды батысқазақстандық өнер шеберлері әсем әндер орындап, мереке шырайын аша түсті.

Жәрмеңкенің екінші күні де сауда орталығы алаңынан табылған елордалықтар көп болды. Сол күні Бейбітшілік пен келісім сарайында БҚО күндері аясында өткен концерттік бағдарлама елордалықтарға есте қаларлықтай кеш сыйлады.

Алдымен, сарай фойесінде «Ақжайық – ару мекенім» атты облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрмесі ел назарына ұсынылды.

Орал қаласындағы Е. Пугачев музей үйінің меңгерушісі Виктория Нәжімеденованың айтуынша, БҚО музей корының жәдігерлері негізінде жабдықталған көрмеге 248 жәдігер қойылды. Соның ішінде археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған жәдігерлер, түрлі саладағы облыс жетістіктерін паш ететін жәдігерлер бар.

Археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде өңірімізден табылған «Алтын ханшайым» жәдігері ерекше көз тартып, елордалықтардың қызығушылығын туғызғандығы сөзсіз. Сонымен қатар «Жайық қалашығынан» табылған қыш құмыралардың, өңірдегі кәсіпорындардың өнімдері мен жетістіктері, «Зенит» зауытынан шыққан кеме макетінің, «Достық» үйі макетінің, Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыларының жұмыстары да көрмеден орын алуы заңдылық.

1111111Ақ Жайық өңірінің тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігіне қаныққан жұртшылық одан соң БҚО өнер шеберлерінің сазды бағдарламасын тамашалау үшін Бейбітшілік пен келісім сарайының концерт залына енді.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған концерт «Назерке» және «Ақжайық» халықтық би ансамбльдерінің орындауындағы Е. Нұрымбетовтың «Жайықтың толқындары» шығармасына қойылған хореографиялық композициямен сахна шымылдығын ашты.

Ерліктері аңыз болған батырлар, дарабоз күйшілер, дауылпаз ақындар, күміс көмей әншілер туған қасиетті де киелі Ақ Жайық өңірінің өнер кеші үш жүзден ән оздырған сал Мұхиттың «Айнамкөзімен» өрілді. Әйгілі әнді асқақтата шырқаған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сәуле Таудаева халық қошеметіне бөленді.

Ару мекен Ақ Жайық жұртшылығының ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жолдаған ыстық сәлемін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын, Ақұштап Бақтыгереева жеткізді.

Біз сонау Ақ Жайықтан, Оралданбыз,

Туған жер жусанынан нәр алғанбыз.

Ән-күйге бөленсін деп келіп тұрмыз,

Алашқа арман болған Ақордамыз.

Қараойда ойламаған батар деп күн,

Жолында басы кеткен қатал ниеттің.

Күйімен Құрманғазы бірге әкелдік,

Рухын өшпейтұғын Махамбеттің.

Мың өліп, тірілген шақ өтті дер ем,

Жас ұрпақ, жанарыңнан отты көрем.

Мәңгіге желбіресін деп тілейміз,

Көк туы еркіндіктің көк тіреген – деп жыр жолдарын арнады.

Батыстың дәстүрлі әндерінің шеруін Ғ. Құрманғалиевтің «Сәлем, Қазақстан!» әнімен паш еткен Асхат Қажығалиев, Күләш Қуанышқалиева және Мирас Бақтығұловқа көрермен ықыласы ерекше болды.

Құрманғазының «Бұлбұлын» домбыра үнімен жеткізген «Құрмет» орденінің иегері, белгілі күйші Ермек Қазиевтің өнері таңдай қақтырып, халықтың сұрауымен дәулескер күйшінің орындауында тағы бір күй тартылса, халықаралық «Серпер», «Жұбанов көктемі» фестивальдерінің лауреаты Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің орындауындағы (көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, мәдениет саласының үздігі Еркін Нұрымбетов) Құрманғазының «Серпері» тыңдармандарын жігерлендіре түсті.

Оркестрдің сүйемелдеуімен ән шырқаған «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қанатқали Қожақов, Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсынан «Естайдың термесін» орындаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиев сынды өнер майталмандарына қошемет зор болды.

Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің эстрадалық-симфониялық оркестрі де айшықты өнер көрсетті.

Азаттықпен бірге ұлттық рухымызды асқақтатып, мәдениетімізді мәңгілік құндылыққа айналдырған егемен елдің тәуелсіздік тойына керемет тарту-таралғы жасаған батысқазақстандықтардың өнер кеші ойшыл ақын Қадыр Мырза Әлінің сөзіне жазылған белгілі сазгер Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен аяқталды.

Озық өнер үлгісін көрсеткен өнер шеберлеріне Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов пен Астана қаласының әкімі Әсет Есекешовтің атынан ықылас гүлдері табыс етілді.

Ертай БИМҰХАНОВ,

Астана қаласы

Суреттерді түсірген Нұртас САФУЛЛИН

Қажығали МҰХАМБЕТҚАЛИҰЛЫ,

жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері:

— Қасиетті Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойына байланысты еліміздің әр облысының күндері өтуде. Соның бірі ретінде бүгін батысқазақстандық азаматтар осында келіп жатыр екен. Тәуелсіздік дегеніміз — ең қасиетті ұғымымыз. Оралдық ағайын экономика мен ауыл шаруашылығының өсіп өркендеуін, өнер саласының дамуын Астанаға келіп көрсетіп жатыр. Ұйымдастырылған көрмелермен таныстық. Көптен кездеспеген оралдық ағайындарды көріп, бір жасап қалдық.

Ілия ЖАҚАНОВ,

жазушы, композитор, Қазақстанның және Қырғызстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері:

— Жан-жүрегімізді тебіренткен өте қуанышты күн, салтанатты күн. Мен оралдық бауырларымның арасында жиі болып, елді көп аралаймын. Өңірдің жан-жақты өркендеп, дамуын көріп шаттанып, қуанып жүремін. Тәуелсіздік мерейтойына орайластырылған мерекелік шарада оралдық ағайынды шын жүректен құттықтап, ертеңгі күндеріңіз, жалпы болашағымыз нұрлы болсын демекпін. Батыс Қазақстан облысы өзінің сан-салалы дамуымен, өркендеуімен Тәуелсіз Қазақстанның күш-қуатын, мәдениетін жан-жақты әлемге танытатын бір берекелі өңір болсын деп тілеймін.

Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ,

тележурналист:

— Сарыарқа төрінде өтіп жатқан Батыс Қазақстан облысының күндерінен үлкен әсер алдық. Еліміздегі 14 облыстың әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Әйтсе де, өнер өлкесінде Ақ Жайық жұртшылығы өзіндік қолтаңбаға ие. Бұл өңір қашанда өнер майталмандарына бай. Бүгін әуелеген әнді, күмбірлеген күйді де тыңдадық. Үлкен тебіреніспен отырдық. Қатимолла ағамызды сахнадан көріп, жақыннан барып қолын алғандай күй кештік. Батыс Қазақстан облысы шикізат көздеріне бай екені белгілі. Ондағы ауыл шаруашылығы саласының да үлкен қарқынмен дамып келе жатқаны кешегі және бүгінгі бағасы қолжетімді, бірақ сапасы жоғары азық-түлік жәрмеңкесінен байқалды. Осындай шараны ұйымдастырған Батыс Қазақстан облысының өкілдеріне алғысымыз шексіз.

Нұрлыбай ҚАЖЫҒАЛИЕВ,

Астана қаласының тұрғыны (Батыс Қазақстан облысының тумасы):

— Бүгінгі Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының жәрмеңкесінен өте ерекше әсермен тарқап бара жатырмыз.

Өзім Ақ Жайық өңірінің тумасымын. Астанада тұрып жатқаныма он жыл болды.

Жерлестеріміз ұйымдастырған жәрмеңкеге келіп, төмен бағаға сауда жасадық. Атыраудың балығынан, Оралдың етінен алдық.

Жерлестерімізге дән ризамыз, табыс тілеймін. Астанаға жиірек келіп тұрғанын қалаймыз. Туған өлкені әр кез сағынамыз. Дұғай сәлем жолдаймыз.

Қайрат ИШАНОВ,

Астана қаласының тұрғыны (Торғай өңірінің тумасы):

— Елордамыз Астана қаласында Батыс Қазақстан облысы жәрмеңкесінің сәтті өтіп жатқандығына куәмін. Жәрмеңкеге шығарылған өнімдер өте сапалы, бағалары да көңілге қонымды. Ауыз толтырып айтуға әбден тұрарлықтай.

Өз басым балық, ірімшік, сүт өнімдерін сатып алдым. Жәрмеңке жоғары дәрежеде ұйымдастырылған. Осы шаруаның орайын келтірген барша басшы-қосшыға рақмет айтамын.

Айбатыр СЕЙТАҚ,

ақын, ҚР Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі:

— Еліміздің 25 жылдық мерейтойы әр қазақтың жүрегіне қуаныш сыйлайды. Осындай айтулы мерекенің қарсаңында жерлестеріміз Елордамыздың төріне келіп өнерін, барлық жетістіктерін көрсетіп жатыр. Бүгін Астанада тұратын оралдықтар, сонымен қатар бас қаланың қонақтары, осы жердің байырғы тұрғындары да Батыс Қазақстан облысының жәрмеңкесін, концертін көріп, үлкен қуаныштарымен бөлісуде. Осындай қуаныштарымыз ұзағынан болсын. Еліміз аман болып, халқымыз игілікке, жақсылыққа жете берсін!

Балнұр ҚЫДЫРБЕК,

Қазақстан Композиторлар одағының төрайымы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты:

— Астананың сахнасында өнер көрсету оңай емес. Неге десеңіз, бұл еліміздің майталман өнерпаздарының ғана орталығы емес, мұнда шетелден келген, әлемге әйгілі өнер иелері де бар. Сондықтан осындағы көрермен қауымның да өнерге қатысты ой-пікірлері қалыптасып қалған. Соған қарамастан Батыс Қазақстаннан келген өнер иелері өте жоғары деңгейдегі орындаушылық шеберліктерін көрсете білді. Маған, әсіресе, ұнағаны – Еркін Нұрымбетов дирижерлік еткен халық аспаптар оркестрі мен Александр Шевелев дирижерлік жасаған эстрадалық-симфониялық оркестрдің қатар шығып, жарыса өнер көрсетуі болды. Шығармалары жоғары деңгейде өңделген және оған негізделген билер де ерекше үйлесім тапқан.

Құрметті   батысқазақстандықтар!

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өту мақсатында осы жылдың 17-18 қыркүйек күндері Астана қаласында «Қуатты өңір — қуатты Қазақстан» атты Батыс Қазақстан облысының күндері өтті.

Елорда тұрғындары мен астана қонақтарына облысымыздың ауыл шаруашылығы өнімдері ұсынылған жәрмеңке ұйымдастырылып, өңіріміздегі өнер иелерінің қатысуымен мәдени іс-шаралар өткізілді.

Батыс Қазақстан облысының Астанадағы күндерінің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан өңіріміздің сөз бастар зиялылары мен еңбек сіңірген ардагерлеріне, маңдай тердің арқасында алынған өз өнімдерін ұсынған ауыл шаруашылығы мамандары мен жекелеген кәсіпкерлерге, астанамыздың төрінен өңір халқына дер кезінде ақпарат жеткізген облыстық газеттер мен телеарнаның тілшілеріне зор алғысымды айтамын. Батыс Қазақстан облысы ұйымдастырған шараларға қолдау білдірген ел ағалары мен өңірімізден шыққан белгілі тұлғалардың төбе көрсетуі біздің мерейімізді тасытты. Барлығына өзімнің және барлық батысқазақстандықтардың атынан ризашылығымды білдіремін.

Астана қаласында апта сайын «Қуатты өңір — қуатты Қазақстан» деген атпен өтіп жатқан іс-шаралар – бірлігі жарасқан бүтін ел екеніміздің айқын көрінісі. Өңірлер халқы еліміздің төрінде бас қосып, үлкен әсермен тарқасуда.

Егемен еліміздің кемел келешегі жолында еңбек етіп жатқан әрқайсыңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға береке-бірлік тілеймін! Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!

Игі тілекпен: Алтай КӨЛГІНОВ,   Батыс Қазақстан облысының  әкімі


Өмірден өткен адам да өмірді құтқара алады…

Күні: , 62 рет оқылды

pri_5957


Облыстық клиникалық аурухананың базасында «Қазақстан Республикасында трансплантациялық үйлестіру және қайтыс болғаннан кейінгі ағзалық донорлықты дамыту мәселелері» тақырыбында өңірлік кеңес өтті.  Кеңес жұмысына республикалық трансплантациялық үйлестіруші Ғалымжан Рақышев, Астана қаласы бойынша стационарлық трансплантациялық үйлестіруші, медицина ғылымдарының кандидаты Бақыт Жарқымбетов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас мамандары, қоғамдық, саяси ұйымдардың өкілдері қатысты.


Жиын барысында елімізде трансплантациялық үйлестіру қызметін дамыту, ағзалық донорлықтың ұйымдастыру-құқықтық сұрақтары, қайтыс болған адамның ағзасын алу жұмысындағы анестезиолог-реаниматологтың рөлі, «Күту» парағын қалыптастыру  жайы  сөз  болды.

Астана қаласындағы республикалық трансплантациялық үйлестіруші Ғалымжан Рақышевтың айтуынша, елімізде ағзаны ауыстыру жұмыстары басталғанына төрт жылдай уақыт болған. Осы қысқа мерзімде бір мыңдай адамның өмірі трансплантацияның арқасында сақталып қалды. «Трансплантология – еліміздегі денсаулық сақтау саласының келешегі мол бағыттарының бірі. Бұл мәселеге мемлекетіміз және Елбасымыз үлкен мән-маңыз беруде. Тұрғындарға трансплантологиялық көмек көрсету көрсеткіші – элиталық форма, яғни мемлекеттің даму көрсеткішін айқындайды. Қазіргі уақытта елімізде 4 мыңнан астам науқас ағзасын ауыстыруға мұқтаж. Донорлыққа не кедергі десек, мәселе мынада: қайтыс болған адамның ағзасын алуға олардың тума-туыстары келісім бермейді. Бұл мәселеде тұрғындардың сауатсыздығы басым. Кейбіреулер дінімізде бұ-ған рұқсат жоқ деп жатады. Олай емес, мұсылман дінінде өзге адамның өмірін сақтау үшін мар-құмның ағзасын пайдалануға рұқсат етіледі, бірақ тегін болуы керек, ағза сатылмасын дейді. Содан соң науқастарды емдеп, аман алып қалу үшін донорлықтың маңызын халыққа түсіндіріп, жете ұғындыруымыз қажет. Қайтыс болған адамның тума-туыстары келісімді қағаз жүзінде береді, бұл заңдық тұрғыдан қарастырылған», — деді Ғалымжан Рақышев. Оның айтуынша, Астана, Алматыда, өзге қалаларда, барлығы он жерде трансплантациялық орталық құрылды. Сонымен қатар бірқатар ірі қалаларда ішінара ота жасау қолға алынды. Мысалға, Шымкентте 3 адамға бүйрек ауыстырылып, биыл Ақтөбеде 2 ота жасалған.

Медицина соншалықты күшті болғанымен, кейде адамның ағзасы қызмет етуге жарамсыз болып, оны ауыстыру қажеттігі туады. Әлемнің біраз елі ағзалық донорлықты дамытуға әлден ден қойған. Іргелі мұсылман елі саналатын Иранның өзінде бүйрек ауыстырудан 1991 жылы 4, өткен жылы 450-ден астам трансплантациялық ота жасалған. АҚШ-та арнайы донорлық қызметі үшін марқұмның мұрагеріне белгіленген көлемде қаржы беріледі. Германия, Италия, Канада, Францияда қайтыс болған жағдайда туыстарының келісімімен ғана керекті мүшелерді алуға рұқсат беріледі. Ал Ресей мен Австрияда ешқандай рұқсатсыз-ақ қайтыс болған адамның ағзасы алынады. Оңтүстік Кореяда донор болғысы келетіндер өздері жазып қалдырады және ол мәлімет  жүргізуші куәлігінде көрсетіледі.

Еуропада, әсіресе, Хорватия мен Испанияда қайтыс болған адамның, ал Азия елдерінде негізінен туыстарының ағзасын трансплантациялау жолға қойылған. Мамандардың айтуынша, донор болған бір адам елу науқастың өмірін сақтап қалуы мүмкін. Донорлыққа жүрек, жүрек қалқаншалары, бауыр, бүйрек, өкпе, тері, омыртқа, буын сүйектері, басқа да мүшелер жатады.

Өңірдегі 30 шақты науқасқа ағза ауыстыру отасы Астана, Алматы қалаларындағы орталықтарында жасалған. Олардың 26-сына бүйрек, екеуіне жүрек, төртеуіне бауыр ауыстыру оталары жасалған. Бұлар негізінен туыстық, бауырлық трансплантация, яғни туысының немесе бауырының тиісті ағзасы алынып, науқасқа салынады. «Бүгінде  облыста бүйрек жетімсіздігі бойынша 140-тан астам науқас есепке алынған. Ерте ме, кеш пе, оларға бүйректі ауыстыру отасын жасау керек. Мемлекет бұл мақсатқа қомақты қаржы бөлуде. «Денсаулық» бағдарламасында бұл жағы қарастырылған. Облыс бойынша 96 ауру ағза ауыстыру кезегінде тұр. Олар жүрек, бүйрек, бауыр, асқазан асты безі, өкпе сықылды ағзаларды «жаңартуға» мәжбүр. Сондықтан Астанадағы орталықпен екі араны дәнекерлеп, байланыстыратын үйлестіруші керек деп шештік», – деді басқосуда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменов. Аталмыш басқарма басшысының  бұйрығымен аймақтық трансплантациялық үйлестіруші болып облыстың бас онкологы, медицина ғылымдарының кандидаты Тайман Аманов, стационарлық үйлестіруші болып танымал дәрігер, реанимациялық бөлімшенің меңгерушісі, облыстық аурухананың анестезиологы Виктор Ширяев тағайындалғаны мәлім болды.  Олар орталықпен байланысты нығайтып, санавиациямен тиісті ағзаны жеткізу, науқастарды отаға әзірлеу  жұмыстарына басшылық жасайды. Қ. Ирменовтің айтуынша, Оралда трансплантациялық орталық ашу мақсат емес. Мысалға, Белоруссияда ТМД елдері арасынан ең үздік трансплантациялық бір орталық бар, 147 миллион халқы бар Ресейде  20 орталық жұмыс істейді.

Басқосуда мәлім болғандай, бүгінгі күні ең басты түйткіл – донорлық ағзалардың тапшылығы. Өйткені донорлар аз. Сондықтан халықты бұған психологиялық тұрғыдан дайындап, трансплантация заңдылығын түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, өркениет көшіне ілесуіміз керек. Өйткені бұл тақырыптан үріккенімізбен, өмірге деген азаматтық ұстанымымыз бұл мәселеге басқа қырынан қарауға жетелейді.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»


Жастар «мүлдем төзбеушілікке» ынталы

Күні: , 33 рет оқылды

dsc_1201


Елбасы «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында қоғамда ұсақ құқықбұзушылықтарға қарсы «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастыру керектігін айтқаны белгілі.


Күні бүгінге осы бағытта ұйымдастырған іс-шараларға бірқатар үкіметтік ұйымдар да белсене қатысуда. Солардың қатарында облыстық ішкі саясат басқармасының әлеуметтік тапсырысы негізінде «Заман» жастар қоғамдық бірлестігі жастар арасында қоғамдық тәртіпті сақтауды насихаттау, қылмыстың алдын алу мақсатында бірқатар жобаларды қолға алған болатын. Бұл жайында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында өткен дөңгелек үстел отырысында бірлестік төрағасы Асхат Өкшебаев баяндады. Оның айтуынша, құқық қорғау органдары ұйымдастырған рейдтерге бірлестік мүшелері де қатысып, түнгі ойын-сауық клубтарында ата-ана қарауынсыз жүрген кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты және бала еңбегін қанау деректерін анықтауға үлес қосқан. Сондай-ақ жоғары оқу орындарында қолға алынған «Таза сессия» акциясы аясында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында түсіндірме-ақпараттық жұмыстары жүргізілген, профессор-оқытушылары құрамымен кездесу, студенттер арасында сауалнамалар ұйымдастырылған. VK әлеуметтік желісінде онлайн парақша ашылған. Дөңгелек үстелде ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің БҚО бойынша департаментінің басқарма басшысы Біржан Хайруллин 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы және оның іске асырылуы жөнінде баяндама жасады. Ал «Орал қаласы студенттер альянсы» корпоративтік қорының атқарушы директоры Оралбек Жандауов жастардың «мүлдем төзбеушілік» қағидатын жүзеге асыруға ынталы  екенін  жеткізді.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»


«Ақжайықтың» кезекті жеңісі

Күні: , 45 рет оқылды

akzhaiyk-b


Футболдан ел біріншілігінің 7-12-інші орындары үшін болып жатқан кездесулерді Оралдың «Ақжайығы» әзірге өте сәтті өткізуде.


Кезекті турда оралдықтар Атырауда жергілікті команданы 2:1 есебімен тізе бүктірді. Бірінші таймда алаң иелерінен румыниялық жартылай қорғаушы Александру-Паул Куртеян қонақтардың қателігін сәтті пайдаланып, есеп ашты.

Матчтың екінші кезеңінде «Ақжайық» құрамындағы украиналық шабуылшы Константин Дудченко қос доптың авторы атанып, өз командасына жеңіс әперді. Алдымен ол 61-минутта «Атыраудың» қақпашысы Жасур  Нарзикуловтың сәтсіз қайтарған добынан кейін таразы басын теңестірді. Ал 78-минутта парагвайлық легионер Фредди Коронель Ортиздің дәл пасынан соң қақпашымен жекедара шыққан К. Дудченко өз мүмкіндігін қалт жіберген жоқ.

Кездесуден кейінгі баспасөз мәслихатында оралдықтардың бас бапкері Вахид Масудов бірінші таймда үш-төрт мүмкіндікті пайдаланбай, қорғаныста қателікке бой алдырған шәкірттері екінші кезеңде белсенді ойнап, шешуші сәттерде шеберлік таныта білгендігін атап көрсетті.

Сөйтіп «Ақжайық» осымен қатарынан бесінші жеңісіне қол жеткізіп, қазіргі таңда 26 ұпаймен «Тараздың» (25 ұпай) алдына түсіп, 11-інші орынға көтерілді. 27 ұпайы бар «Жетісумен» де құйрық тістесіп қалды. Бұл турда тараздықтар Қостанайда «Тобылдан» 1:3 есебімен ұтылса, Талдықорғанда «Жетісу» Қарағандының «Шахтеріне» 1:2 есебімен есе жіберді. Ақтөбеде жергілікті команданы 2:1 есебімен тізе бүктірген ел чемпионы «Астана» 62 ұпаймен бұрынғыша алда келеді. Өз алаңында Павлодардың «Ертісін» 2:1 есебімен жеңген Алматының «Қайраты» 58 ұпаймен екінші сатыға жайғасса, Шымкентте Көкшетаудың «Оқжетпесін» 1:0 есебімен қапы қалдырған «Ордабасы» 43 ұпаймен турнир кестесінде үшінші орынға шықты.

Айта кетейік, «Ақжайық» келесі ойынын 24 қыркүйек күні өз алаңында «Шахтермен» өткізеді.

Ғайса БӘЙМЕН


«Тәуелсіздік – қол жеткен мұрат»

Күні: , 49 рет оқылды

img_4334


Облыстық тарихи-өлкетану музейінде ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай зерде бұзылыстары бар балаларға арналған облыстық мектеп-интернатының жас суретшілері мен қолөнер шеберлерінің «Тәуелсіздік — қол жеткен мұрат» атты көрмесі ашылды.


Мектеп ұжымы арттерапия, иппотерапия, изотерапия, гипс және қамырмен жұмыс  сияқты заманауи жаңа технологиялар арқылы емдік сауықтыру шараларын қолданып, оқушыларды өмірге бейімдеу жолында шығармашылықпен жұмыс жасап келеді. Ағаш пен линолеумді шебер пайдалана отырып, тұмар, ас үй жабдықтары кереметтей туындыларды жарыққа шығарыпты.

Шара барысында облыстық тарихи өлкетану музейінің директорының орынбасары Нұргүл Садырова аталмыш мекеменің директоры атынан зерде бұзылыстары бар балаларға арналған облыстық мектеп-интернат ұжымына алғысхат пен гүл шоғын табыстады. Шара соңында аталмыш мектептің жас өнерпаздары би билеп, ән шырқады.

Өз  тілшіміз


«Өнегелі ене, көрегенді келін»

Күні: , 42 рет оқылды

img_1568


Жақында «Отбасы күні» мерекесіне орай «Нұр Отан» партиясы Қазталов аудандық филиалының мәжіліс залында аудандық ішкі саясат бөлімі мен аудандық аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Өнегелі ене, көрегенді келін» атты көп балалы аналармен кездесу  кеші өтті.


Шараға Әжібай ауылынан Сайран Дүйсенғалиева үлкен келіні Гүлсарамен, Бостандық ауылынан Қантай Ахметсафина кенже келіні Гүліммен, Қазталовтан облыстық «Мерейлі отбасы» байқауында «Спортшы отбасы» аталымына ие болған Бектұрғановтар жанұясының келіні  Кәмшат Молдағалиева және қазталовтық Айтқаным Дүйсенованың келіні Гүлдана Дәулетова қатысып, ене мен келін арасындағы қарым-қатынас  туралы ой өрбітті.

Кездесуде  ене мен келін қарым-қатынасы туралы әдемі өлеңдер оқылды, келіндер өз өнерлерін көрсетіп, әннен шашу шашты. Сонымен қатар келіндер өз отбасылары туралы бейнекөрініс дайындап, көрермендердің назарына  ұсынды.

Шара соңында аудандық аналар кеңесінің төрайымы Нұрия Хабибуллина кешке белсене қатысқан аналарымыз бен келіндерімізге алғыс айтып, сыйлықтар табыстады.

Әсем  БОЛАТ,

Қазталов  ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика