Мұрағат: 16.09.2016


Тасқалалықтар таза сумен толық қамтылмақшы

Күні: , 35 рет оқылды

pri_6297


Тасқала ауданында тәулігіне 1000 литр сүт өнімдерін өндіретін шағын зауыттың құрылысы басталды. Енді күркетауық және етті тауық фермасын салу жұмыстары қолға алынбақ. Бұл туралы бейсенбі күні Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында Тасқала ауданының әкімі Санжар Әлиев мәлімдеді.


Оның айтуынша, биыл ауданда жалпы дақылдардың егістік алқабы 20 мың 730 гектарды құрады. Қазір егілген күздік дақылдар толық жиналып, орташа есеппен әр гектардан 20 центнерден жалпы көлемі 4650 тонна өнім алынды. Жаздық дақылдардың да шығымы жақсы. Мәселен, 4727 гектарға егілген арпа гектарынан 12 центнерден өнім берді. Бұл дақылдан жалпы көлемі 5670 тонна қамбаға құйылды. Жаздық бидайдың гектарынан 10,7 центнерден өнім алынуда. Егін орағы аяқталуға таяу. Қырманда 8880 тонна жаздық бидай бар.

Шөп шабу науқаны да қарқынды жүруде. Бүгінгі таңда шөптің орташа түсімі гектарынан 7,6 центнер құрап, 105 мың тонна мал азығы дайындалды. Бұл жылдық жоспардан  31%-ға  көп.

Ауыл шаруашылығы жерлерін барынша экономикалық айналымға қосу мақсатында соңғы үш жылда жүргізілген түгендеу жұмыстары нәтижесін беруде. Соған орай игерілмей жатқан 71 мың 130 гектар жер анықталып, мемлекет қорына қайтарылды. Бұл бағыттағы  жұмыс  жалғасын  табуда.

Аудан басшысының сөзіне қарағанда, тасқалалықтарды таза сумен толық қамту көп кешікпей шешімін табады. Бүгін тұрғындардың 88,9%-ының таза суға қолы жетті. Тасқалалықтардың 5%-ы суды құдықтарынан ішуде. Қалғандарын келесі жылы қамту жоспарланып отыр. Көгілдір отын мәселесі де шешімін табуда. Қазір тұрғындардың 92%-ы отын тасып, күл шығару азабынан құтылған. Тек көгілдір отынның қызығын көре алмай отырған 8% тұрғындардың мұндай игілікке жуық арада қолдары жетпейтін секілді. Себебі олар экономикалық мүмкіндігі мен пайдасы аз елді мекендерде тұрып жатыр. Ал оларға бюджет қаражаты есебінен газ тарту тиімсіз.

2016-2017 жылдар аралығында көшпелі тәсілмен Оян (17 шақырым) және Атамекен (15 шақырым) ауылдарын қамтитын аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуге 90 млн. теңге қаражат бөлініп, жұмыстар басталуда.

«Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасының I бағыты шеңберінде Шежін жалпы білім беретін орта мектеп-балабақшасы ғимаратына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде.  Соған орай 45 жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті 23 адам (4-еуі жастар)  жұмысқа орналасты. Бағдарламаның II бағыты аясында ауылда кәсіпкерлікті дамыту үшін 20 адамға 60 млн. теңге қаражат бөлінді. Оған 23 адам жобаларын ұсынған. Қазір олардың 17-сі 47 млн. теңге  несие  алды (қалғандарының жобалары «Ауыл шаруашылығын қолдау қорында» қаралуда). Алдыңғы жылдардан қайтарылған қаражат есебінен бөлінген 4,6 млн. теңгеге 2 адамға несие берілді. Өткен жылмен салыстырғанда биыл несие алғандар саны 8 адамға  артқан. Бағдарламаның III бағыты  бойынша, яғни кәсіптік оқуды ұйымдастыру үшін 63 адамға 5894,0 мың теңге қаражат бөлініп, есепті мерзім ішінде 41 адам кәсіптік оқумен қамтылды. Оқуын аяқтаған 36 жұмыссыздың 70%-ы жұмысқа тұрды.

Жастар тәжірибесін ұйымдастыруға республикалық бюджеттен 30 адамға 6872,0 мың теңге қаражат бөлініп, 36 адам жастар практикасына жолданып, 25 мекемемен келісімшарт жасалды. Есепті мерзімде жұмыссыздық деңгейі 0,8% болып, жұмыссыздар саны 87 адамды құрады.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 23 жас маманға 3,4 млн. теңге көлемінде көтермеақы төленсе, 11 маманға 31,8 млн. теңгеге тұрғын үй несиесі берілді.

– Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында ауданымыздың экономикасын диверсификациялау үшін инвесторларды тек қана мал шаруашылығына ғана емес, басқа да салаларға тарту жұмыстары жүргізілуде. Соған орай күркетауық және етті тауық фермасын салу жұмыстары қолға алынбақшы. Сонымен қатар мал бордақылау алаңы мен жылыжай құрылысын жүргізуге арналған құжаттар да дайындалуда, — деді Санжар Әлиев.

Брифинг барысында жергілікті БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтардың бірі Орал-Тасқала-Озинки тас жолын жөндеу жұмыстарына қатысты болды. Қазір күре жолдың Орал-Переметный бағыты жөнделіп бола келгенін айтқан әкім жолдың 65-70 шақырымында, яғни Тасқала ауданы аумағындағы бөлігінде қиыршық тас сынды материалдардың жеткізіліміне байланысты жазда мәселе туындағанын жеткізді. Қазір бәрі реттелді, жұмыс жүріп жатыр. Лайсаң кезеңдерде айналма жолда былтырғыдай мәселе туындамауы тиіс. Тілшілер мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бағытында ауданда қолға алған жобаларға да қызығушылық танытты. «Бұл бағытта биыл бір жоба жүзеге асуда, – деді аудан басшысы. – Ол – 280 орындық балабақша құрылысы. Жобаны қолға алып жатқан кәсіпкер «Орал» ӘКК-мен келісімшартқа отырды. Бұйыртса, құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады».

Мәди  ЫҚЫЛАС


Ақсайда газтұтар өндірілмек

Күні: , 41 рет оқылды

img_1089


Ақсай қаласында «Гузу Алматы» ЖШС-ның газға қарсы құрылғыны (противогаз) өндіру жобасы ашылды. Бұл айтулы шараға облыс әкімінің орынбасары И. Стексов пен аудан әкімі А. Халелов қатысты.


Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің бас директоры Д. Юрченко айтып өткендей, мұнда ОМ-90 әскери газтұтар (противогаз) және СМ-6 жалпы азаматтық газтұтар өндіріліп, жиналады. Жобаның құны – 3,0 млн. евро. Өндірістің қуаттылығы жылына 200 мың бірлік газға қарсы құрылғы шығармақ. Кәсіпорында 100 адам жұмыспен қамтылатын болады. Аталмыш жоба өңірлік индустрияландыру картасына еніп отыр. Кәсіпкерлер палатасымен келісімшартқа отырған кәсіпкер «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасының төртінші бағытының кәсіпкерлікті қолдаудың қаржылай емес шаралары бойынша кәсіпкерлікті ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету жөнінде бір жыл бойы тегін көмек алады. Д. Юрченко келген қонақтарды кәсіпорын шығаратын құрылғылармен жеке-жеке таныстырып, жан-жақты ақпарат берді. Сондай-ақ кәсіпорынның Чех серіктестіктерімен бірлесіп жеке қорғану құралдарын шығару мүмкіндіктері жөнінде айтылды. Игорь Стексов компанияға тұрақты даму тілеп, кә-сіпорынға қашанда қолдау көрсетілетінін  айтты.

Ясипа РАБАЕВА,

Бөрлі ауданы


Айымгүл атқа қонды

Күні: , 64 рет оқылды

%d0%b0%d0%b9%d1%8b%d0%bc%d0%b3%d1%83%d0%bb-%d1%82%d1%80%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d0%be%d0%b2%d0%b0-%d0%b0%d0%ba%d1%81%d0%b0%d0%b9-%d0%b0%d0%ba%d0%b8%d0%bc%d0%b8


«Жасы кіші деме, ақылы жетсе, аға қыл, киіктің асығы деме, ыңғайға келсе, сақа қыл» деген ғой жарықтық бұрынғылар. Осы халық даналығының жарқын бір көрінісі жақында Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласында көрініс тапты. Нақтырақ айтқанда, Бөрлі ауданы мәслихатының депутаттары Айымгүл Тіріжанованы Ақсай қаласының әкімі лауазымына сайлады.


– Айымгүл Мақсотқызы біраз жыл білім саласында абыройлы қызмет атқарды. Жемісті еңбегінің арқасында ел-жұрттың сый-құрметіне бөленді. Ендігі кезекте Айымгүл Мақсотқызының қала әкімі ретінде Ақсайдың өркендеп-гүлденуіне ұйытқы болатындығына сенімдімін. Әрине, қалалық елді мекеннің қат-қабат  шаруасы көп. Ақсайдың инфрақұрылымын жетілдіру, қаланы көркейту, жасыл желекті молайту, жолдарды жаңалап-жаңғырту секілді көптеген мәселелер бар. Таяп қалған Ақсай қаласы күнін жақсы өткізу де бір парыз. Қылышын сүйретіп, келіп қалған алты қысқа сақадай-сай қамданыс мәселесі де күн тәртібінде өткір тұр. Қар тазалау жұмыстары мен көктемгі су тасқынының алдын алу үшін арықтарды тазалау, жөндеу жұмыстары күні бүгіннен бастап ескерілуі тиіс. Міне, осындай қарайған шаруаға  қала әкімі аппаратының ұжымы әр кез дайын болып, жұмыла жұмыс істеуі керек, – дей келе, — Айымгүл Мақсотқызы, жаңа қызметіңізде сәттілік, нәтижелі еңбек тілеймін, – деді аудан әкімі Алдияр Халелов  шаһардың жаңа басшысын Ақсай қаласы әкімінің аппаратына таныстыру барысында.

А. Тіріжанова 1975 жылы 2 тамызда бұрынғы Тайпақ ауданына қарасты Калмыков ауылында жарық дүниеге көрінген. Жоғары білімді. 1997 жылы Батыс Қазақстан гуманитарлық университетін тарих пәнінің мұғалімі, ал 2004 жылы М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 1992 жылы Шыңғырлау ауданындағы Белогор жалпы білім беретін мектебінде тәрбиеші болып бастаған. 1997 жылы Ақсай қаласының №4 жалпы білім беретін мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып қызмет етті. Әр жылдары Бөрлі ауданы әкімдігінің ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің бас маманы, аудандық туризм және спорт бөлімінің меңгерушісі, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. 2005 жылдың қыркүйегінен осы кезге дейін аудандық білім беру бөлімінің басшысы болды. Айымгүл Мақсотқызы спортты дамытуға қосқан үлесі үшін ҚР Спорт және туризм агенттігінің Құрмет грамотасымен, білім саласындағы және жас ұрпақты тәрбиелеудегі жетістігі үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» медалімен марапатталған. «Нұр Отан» партиясының мүшесі. Отағасы екеуі бір ұл тәрбиелеп отыр.

Сонымен, еліміздегі сауатты гендерлік саясаттың айшықты бір мысалындай, біздің облыстың Орал қаласынан кейінгі ең ірі елді мекенінің тізгіні әйел затына сеніп тапсырылды. Атқа қонған Айымгүл ханымға біз де сәттілік тілейміз!

Берік САЛЫҚҰЛЫ,

Ақсай қаласы,

Бөрлі ауданы


Ауласын гүл бағына айналдырған

Күні: , 49 рет оқылды

img_4325


Табиғатты сүю айналаны таза ұстаудан басталады десек, ауласын абаттандырып, көптің ықыласына бөленіп жүрген бағбандардың бірі – Жаңақала ауылының тұрғыны Гүлшат Димұқашова.


Қасайын Байтұрғанов пен Гүлшат Димұқашованың шаңырағына барғандар ауласындағы таңғажайып көрініске тамсанбай кетпейтіні анық. Әсіресе, ауладағы сан түрлі гүлдер жұпарын шашып, ауаны хош иіске бөлеп, әтірдің иісі аңқып тұрғандай. Гүлдің көптігі соншалықты, аттарын бірден жаттай алмайсың. Кейбір гүлдің тұқымын кейіпкеріміз Мәскеу қаласынан арнайы тапсырыспен алдырады екен. Аулада ирис, хризантема, геальдино, лилия, георгина, невеска, түнгі сұлу, роза, храннор, галаголос, тағы басқа да гүлдер шешек атып, жайқалып өсіп тұр. Қазір гүл өсіру Г. Димұқашованың сүйікті ісі.

– Гүлдерді күтіп-баптау ұқыптылықты қажет етеді. Өсімдіктер де тіршіліктің иесі. Олар да өзін жақсы көргенді сезеді. Көңіл күйге байланысты өсіп, жетіледі, — дейді гүл десе ішкен асын жерге қоятынын байқатқан кейіпкеріміз.

Гүлшат апамыз жастайынан бау-бақшаның қасында жүріп, егудің қыр-сырын меңгеріп алған. Оған ағаш отырғызып, гүл егу мүлдем таңсық  дүние  емес.

– 1989 жылы Жаңақала ауданының азаматына тұрмысқа шықтым. Өзім Чапаев ауылының қызымын. Әкеміз бақ күтіп, бақша еккен бағбан кісі болатын. Көзімді ашқаннан бау-бақшаның қыр-сырына қанығып, әуес болып өстім. Зейнетке шықсам да қарап жатқанды құптамаймын. Тек адам баласы жалқау болмауы керек. «Не ексең, соны орасың» деген, бақшамызда алма, алмұрт, қара өрік, шабдалы,  долана, қияр, қызанақ, пияз секілді тұрмысқа қажетті жеміс-жидектердің бәрі бар. Сондай-ақ ұзақ жыл өсетін болса да, биыл шырша терегін еккен едім, – деді ауласын гүл бағына айналдырған апамыз.

«Жақсы жұмыс – жанға тыныс» деген осы. Абзал ана жұмысынан ләззат алады. Ол үшін өзгелердің ризашылығы мен алғысы маңызды. Оған үнемі жан жары Қасайын мен ұлы Әділ қолғабыс етеді екен.

Алтынбек  ЕРМЕКҚАЛИЕВ,

Жаңақала  ауданы


Бюджет нақтыланды

Күні: , 35 рет оқылды

pri_6419


Бейсенбіде облыстық мәслихаттың кезекті 6-сессиясы өтті. Оның жұмысына облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты.


Сессияның күн тәртібінде облыстық мәслихаттың 2015 жылғы 14 желтоқсандағы «2016-2018 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралып, депутаттар бюджеттің нақтылануын бірауыздан қолдады. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараевтың баяндауынша, 2016 жылға арналған облыстық бюджетті нақтылау 568,7 млн. теңге қаржыны бюджеттік бағдарламалардың облыстық әкімшілеріне қайта бөлуді көздейді. Соның ішінде білім беру саласына 112,2 млн. теңгені, мәдениет және спорт саласына 43,3 млн. теңгені, денсаулық сақтау саласына 24,4 млн. теңге  бағытталды. Сонымен қатар Қазталов ауданындағы Нұрсай ауылын  сумен жабдықтау бойынша жұмыстарды аяқтауға – 187,3 млн. теңге, Бөкей ордасы ауданындағы Сайқын, Жаңақала ауданындағы Пятимар, Жәнібек ауданындағы Жәнібек және Қазталов ауданындағы Жалпақтал ауылдарында су құбырын қайта құру бойынша құрылыс жұмыстарын бастауға жалпы шамасы 67 млн. теңге және Зеленов ауданы Мичурин ауылдық округінің автомобиль жолдарын ағымдағы жөндеуге, күтіп-ұстауға 134,5 млн. теңге бағытталды.

Аталған өзгерістерді ескерсек, облыстық бюджет кірістер мен шығыстар  бойынша  132,3  млрд. теңгені құрады.

Халық қалаулылары «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының БҚО бойынша іске асырылу барысы туралы» мәселе қарады. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Махамбет Ихсанғалидың айтуынша, қазіргі таңда бағдарламаны жүзеге асырудың екінші кезеңіне арналған бағдарламаға сәйкес өңірде бірыңғай мемлекеттік тіл саясатын жүргізу, тілдік ортаны қалыптастыру стратегиялық бағытындағы жұмыстар, мемлекеттік тілдің қоғамдағы беделін нығайту, тарихи атауларды қалпына келтіру, облыс аумағындағы топонимикалық атауларды лексикаграмматикалық нормаларға сәйкестендіру жұмыстары атқарылған. Десе де, өңірімізде іс жүргізу 2006 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік тілге көшіріліп, мемлекеттік мекемелерде іс жүргізу негізінен мемлекеттік тілде жүргізілгенімен, бухгалтерлік есеп, статистикалық және техникалық құжаттардың басым бөлігі  күні бүгінге дейін екі тілде жүргізілуде. Басқарманың бастамасымен есеп-қисап құжаттарының қазақша үлгілері дерекқорға енгізілгенімен, оны кейбір мекемелер сала мамандарының тіл біліктілігінің  жеткіліксіздігінен әлі де қолданысқа енгізбеген.

Баяндамашының айтуынша, облыс бойынша мемлекеттік тілді білетін тұрғындардың үлесі бүгінгі таңда 75 пайызды құрайды. Бағдарламаға сәйкес бұл көрсеткішті 2020 жылға қарай 95 пайызға жеткізу көзделген, сондықтан басқарма тарапынан тұрғындарға мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгерту курстарын ұйымдастыру мәселесі шешімін табуда. 2014 жылы аталмыш басқарманың бюджеттік бағдарламасына 62 089,0 мың теңге бөлініп, оның 99,9%-ы игерілсе, 2015 жылғы жоспарлы шараларға 62 273,0 мың теңге қаралып, мақсатқа сай жұмсалған. Биыл басқарманың 002 бюджеттік бағдарламасына 62 273,0 мың теңге бөлініп, бірінші жартыжылдықта оның  56 %-ы игерілді.

Сессияда халық қалаулылары Жәнібек колледжіне мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Ықсановтың есімін беру туралы ұсынысты қарап, бірауыздан қолдады. Одан басқа сессияда БҚО бойынша «Тексеру комиссиясы» ММ-ға мемлекеттік аудит нысандарының 2016 жылға арналған тізбесіне «Ақжайық» футбол клубы ЖШС-ны енгізу, облыстық мәслихат аппаратының «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалау әдістемесін бекіту, облыс әкімдігі жанындағы сәулет-қала құрылысы кеңесінің құрамы туралы мәселелер қаралып, мақұлданды.

Сессия жұмысын қорытындылаған облыс әкімі Алтай Көлгінов жаз айларында 12 ауданды аралап, халықпен кездесу барысында шешімін күтетін өзекті мәселелердің  айқындалғанына, соған орай осы сессияда шалғайдағы төрт аудандағы елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі шешілгеніне тоқталды. «Бөкей ордасы ауданындағы Сайқын ауылында орталықтандырылған ауыз су мәселесі шешімін таппай келе жатқаны белгілі. Соған қаражат бөлінді, құрылысты биыл бастасақ, келесі жылы бітеді. Жаңақала ауданында ауыз су – өзекті мәселе. Қазір ауданның сусыз отырған елді мекендерін сумен қамтамасыз етуге 2 миллиард 800 миллион теңге керек. Оның жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалды. Енді ол сараптамадан өткеннен кейін қаражат мәселесін келесі жылы шешеміз. Қазір тиісті құжаттамасы бар Пятимар ауылында сумен қамту жұмыстарын бастауды қолдап отырсыздар. Жәнібек ауданының орталығы Жәнібекте орталықтандырылған ауыз су жүйесін жасайтын боламыз. Қазталов ауданындағы Нұрсай елді мекенінде биыл құрылыс жұмысы басталды, соны аяқтауға қосымша қаражат бөлдік. Жалпақтал ауылында болғанымызда, халық су құбыры жүйесін жүргізуді сұрады. Соған қаражат бөлінді. Осы шалғайдағы елді мекендерде 17500 халық тұрады, енді оларға таза ауыз суды жеткізетін боламыз. Алдағы уақытта Шыңғырлау, Ақжайық, Тасқала, Қаратөбе және өзге аудандарға да ауыз суды жеткізу көзделіп отыр», — деген өңір басшысы  төрт аудандағы ауылдарға ауыз су баратын болса, бұл төрт ауданның ауыз сумен қамтылуы 27-ден 45 пайызға жететінін атап көрсетті. Сонымен қатар құрылыс жұмыстарының сапасын бақылау керектігін еске салды және өмір сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстардың жалғасатынын, осы жолда бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Облыстық мәслихаттың келесі сессиясының төрағасы болып депутат Темірғали Ескендіров сайланды.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»


Ұстаз еңбегі – сара жол

Күні: , 49 рет оқылды

pri_6518


Облыс әкімі Алтай Көлгінов дарынды балаларға арналған мамандандырылған С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешенінің директоры, «Ерен  еңбегі  үшін» медалінің иегері Ерсайын Сапаровты қабылдады. Білікті басшы, ұлағатты ұстаз биыл 70 жастың белесін бағындырып отыр.


– Жарты ғасырға жуық педагогика саласында  еңбек етіпсіз.

Соның ішінде соңғы 27 жыл қатарынан еліміздегі, қала берді, өңіріміздегі алдыңғы қатарлы білім ордасын басқарып келесіз. Бұл жолда тынымсыз тер төктіңіз. Сіз директор қызметін атқарған жылдарда мектепті тәмамдаған мыңдаған түлек «Ерекше аттестат», «Алтын белгі» иегерлері атанды. Талай мәрте білім бәйгесінде жеңімпаз болды. Қазір еліміздің түкпір-түкпірінде білікті маман болып, қызмет етуде. Биылғы Білім күнінде мектептің 11-сынып оқушыларымен кездескенімде, олар емін-еркін әңгімелесіп, тереңнен ой қозғады. Көкіректері сайрап тұр. Үш тілге бірдей жүйрік екендерін аңғартты. Осындай білімді жастар тәрбиелеген педагогикалық ұжымның алар асулары алда. Сіз де мол тәжірибеңізді кейінгі буынға бөлісуден жалықпайды деп сенемін, – деді ұстаз еңбегін айрықша қадірлейтінін айтқан облыс басшысы.

Өз кезегінде  Ерсайын Қадырұлы жылы лебізге ризашылық білдірді. «Заман талабына орай жаңа педагогикалық технологияларды игеру үшін тынымсыз ізденіс қажет болды. Ұжым мені бір кісідей қолдап, көздеген мақсатқа бірлесе жетуге мүмкіндік туғызды. Талай қиындықты бірге еңсердік», – деді ол.

Облыс әкімі Алтай Сейдірұлы кездесуде  мерейтой иесіне кәдесый тарту етті.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ

Суреттерді түсірген Айбатыр  НҰРАШ


Елбасыға алғыс айтты

Күні: , 43 рет оқылды

pri_6490


Кеше облыс әкімі Алтай Көлгінов 85 жас мерейтойы құрметіне еңбек ардагері, Бөкей ордасы, Жәнібек, Жаңақала аудандарының  құрметті азаматы  Кәкен Көбейсіновті қабылдады.


– Биыл Тәуелсіздіктің 25 жылдығын атап өткелі отырмыз. Бүгінге дейін егемендігіміздің нығаюына бір кісідей үлес қостыңыз. Елбасымыздың салиқалы саясатын көпке насихаттап жүрсіз. Ел алдында беделіңіз зор, еңбегіңіз жастарға үлгі. «Нарын» қозғалысы қоғамдық бірлестігінің жетекшісі ретінде әскери сынақ полигонынан зардап шеккен аудандар тұрғындарының мұң-мұқтажын Елбасыға жеткіздіңіз. Көптеген әлеуметтік мәселелердің шешімін табуына септестіңіз. Мәселен, сіз көтерген бастаманың арқасында Жаңақала ауданаралық оңалту орталығы салынғаны белгілі. Әлі күнге дейін баршаны бірлікке шақырып отырасыз, – деді облыс басшысы есімі елге кеңінен танымал қарияны жылы шыраймен  қарсы  алған  соң.

«Елбасының қабылдауында бірнеше мәрте болдым. 2005 жылдан бастап полигон әсерінен денсаулығы нашарлаған жандарға әлеуметтік жәрдемақы тағайындалды. Тұрғындардың тілегін елеп-ескерген Президентке халық атынан зор ризашылық білдіремін», – деді Кәкен Көбейсінов.

Еңбек ардагері бұрынғы Орда, Жәнібек, Фурманов аудандарының шаруашылықтарында еңбек етті. Көп жыл облыстық халықтық бақылау комитеті төрағасының бірінші орынбасары болды. 1990 жылдан бастап «Нарын» қоғамдық қозғалысының жетекшісі. Оның қайраткерлік әрекеті ядролық сынақ жүргізілген Капустин Яр және Азғыр полигондарының аймақ тұрғындарына орасан зор кесел әкелгенін дәлелдеуге мұрындық болды. Төрт мәрте облыстық мәслихат депутаты болып сайланған  Кәкен  ақсақал  әлі  де тың.

Нұртай   АЛТАЙҰЛЫ


Екі басшы орнын босатты

Күні: , 58 рет оқылды

img_4271


Бейсенбі күні Батыс Қазақстан облысы прокуратурасы басқармасының аға прокуроры Әлия Денизбаева осы жылдың 24 маусымында өткен алқа отырысының қорытындысы туралы БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.


Облыстық прокуратурада 24 маусым күні өткен алқа отырысында тұрғындарға берілетін тегін медициналық  көмектің кепілдендірілген көлемін көрсету кезінде, сондай-ақ мемлекеттік органдарда, оның ішінде денсаулық сақтау ұйымдарында халықты жұмыспен қамту орталықтарына бос жұмыс бар екендігі туралы мәліметті уақтылы және толықтай жолдау бөлігіне қатысты халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасының сақталуына жүргізілген тексерістердің нәтижелері қаралған болатын. Алқа отырысының соңында денсаулық сақтау ұйымдарына қатысты анықталған барлық заңбұзушылықтар облыс әкімінің атына жазылған ұсыныста көрсетіліп, БҚО бойынша денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменовті тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесі қойылды. Қадағалау актісін қарау нәтижесінде облыс әкімінің 20.07.2016 жылғы №166-ө өкімімен Қ. Ирменов сөгіс түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Жалпы алғанда, аталған мәселелер бойынша заң бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке 23 тұлға, тәртіптік жауапкершілікке 51 тұлға тартылып, 5 тұлға атқарып отырған лауазымынан босатылды, – деді  аға прокурор Әлия Денизбаева.

Айта кетейік, прокуратура қызметкерлерінің денсаулық сақтау ұйымдарына жүргізген тексерістері барысында тиісті рұқсатсыз медициналық көмек көрсету мен санитарлық ережелерді сақтау барысында құқықбұзушылықтар анықталған болатын. Сондай-ақ дәрігерлік көмекті сапасыз көрсету, бюджет қаражаты есебінен сатылып алынған дәрі-дәрмекті ақылы түрде тұрғындарға сату фактілері, есірткі құралдарын қолдану және психотропты заттарды қолдану барысында бірқатар заңсыз әрекеттер анықталған еді.

Осы анықталған фактілерге байланысты Сырым және Бөрлі аудандарындағы орталық аурухананың басшылары мен үш медицина қызметкері жұмыстан босатылған.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Жол қашан қауіпсіз болады?

Күні: , 32 рет оқылды

perexo254563


Осыдан біраз жыл бұрын ресейлік «Көше қатерге толы» атты фильмді көргенім бар-ды. Міне, сол  аталмыш фильмде осыдан жарты ғасыр бұрынғы бір кеңестік қаланың көшедегі жол тәртібін қадағалаушы жас қоғамдық тәртіп сақшысының өмірі туралы баяндалады. Өнер туындысы шым-шытырық мазмұнымен де, басты рольде тамаша орыс актері Харитоновтың ойнауымен де көп көрерменнің көңілінен шықты.


Міне, көліктің санаулы шағында да жол қауіпсіздігі күн тәртібінен түспеген екен. Ал қазір тек облыс орталығында жеке меншік және қоғамдық көліктің саны (аутосы, мотоциклі, мопедін қоса есептегенде!) 98481 данаға (осы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша) жеткенде, бұл мәселенің өткір тұруы өте орынды. Өңірдің өзіндегі көліктің саны 196549-дан асады. Сондықтан ең әуелі ар жағында адам өмірі мен тағдыры тұрған қасіретті көрсеткіштерге кезек берейік. Жергілікті полиция құрылымынан алынған деректерге сілтеме жасасақ, ағымдағы жылдың жеті айында өңір бойынша 240 жолкөлік оқиғасы орын алды. Нәтижесінде 54 адам мәңгілікке көз жұмды. 280 адам түрлі деңгейдегі дене жарақатына ұшырады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, жол-көлік оқиғасы 3,6, дене жарақатын алғандар 18,4 пайызға төмендегенімен, қаза тапқандар саны 18,4 пайызға артқан.

Қанша отбасының шаңырағы ортасына түсті, қанша адам мүгедектікке душар болды?! Бұған кім кінәлі? Себептері қандай? Соны саралап көрейік.

Апаттың басты себебі — жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушылық. Мәселен, көлік жолының қарама-қарсы жолағына шығып кету төтенше оқиғаның 11,7 пайызын құрап отыр. Желмен жарысып жүйткитіндердің үлесіне апаттың 33,3 пайызы тиеді. Қозғалыстағы ара қашықтықты сақтамаудың мөлшері 5,8 пайыз болғанымен, оның да қатері мол. Бұдан басқа көлік басқарып отырып, ұялы телефонды жиі пайдалану қауіпті. Жұмыс үстінде байланыстың аталмыш түрін пайдалануға тыйым салынса да, жүргізушілер оған көз жұма қарайды. Сондай-ақ көлік ішінде ән немесе әуеннің даусын қатты шығарудың зияны бар. Өйткені жүргізуші айналасындағы қозғалыстың бағытын байқамай қалады немесе ықтимал ескерту дабылын естімейді. Мұның соңынан апатқа апарып соғарын ұмытып кетеді. Қасына танысын отырғызып, жол бойы мылжыңдасу да көлік тұтқасын ұстап отырған жанды алаңдатады. Сондықтан осындай жағдайлардың салдарынан МАИ-дың ресми мәліметі бойынша ағымдағы жылдың жеті айында 227 немесе 94,6 пайыз жол апаты тіркелген.

Тәртіпсіздіктің де сан түрі бар. Соның бірі — полиция қызметкеріне ұсталған сәтте дөрекілік таныту, қыр көрсету, тіпті бопсалау. Мұндай қылық кейде әйел жүргізушілердің тарапынан жиі кездеседі. Олар өзінің кәсіптік міндетін атқарушы жол-көлік қозғалысы полициясының қызметкеріне бағынып, айыбын мойындап немесе айыппұлын төлеудің орнына жағасынан алып, сөгіп, тіпті балағаттауға дейін баратынына не дерсіз?! Бұрын МАИ-да он жыл қызмет еткен, қазір әкімшілік полициясының аға инспекторы, полиция подполковнигі Нұртай Ілезов былай дейді: — «Жұмыс бабында «Мен сені пәленшеге айтып, орныңнан босатамын!», «Бәлем, тұра тұр! Бір жоғары қызметтегі көкеме (тәтеме, жездеме, ағама…. осылай кете береді) қазір телефон шалып, әкеңді танытамын!» деген талай қоқан-лоқыны көзіміз көрді, құлағымыз естіді. Күн сайын сондай дарақылықтың талайын көріп жататын әріптестеріме кейде жаным ашиды. Ер-азаматтарға келсем, олардың ішінде де, әрине, «әкесін танытатындар» кездеседі. Бірақ басым көпшілігі орынды талапты және ескертуді дұрыс түсініп, тәртіпке мойынсұнады, кейде «Братан, бір жолға кешіре салшы!» деп жататындар да аз емес. Әрине, көлікке уытты ішімдікке тойып немесе ұрттап алып, кейде есірткі шегіп (ондайлар да тым сирек болса да кездеседі) отыратындар жөнінде әңгіме басқаша.

Жолдағы жөнсіздіктің, кейде қылмыстың тағы бір себебі — көлік меңгеру құқығын сатып алу десек, өте орынды. Бұрын Кеңес Одағында көлік меңгеру үшін кез келген адам кемінде бір жыл оқып, білімін де, біліктілігін де жетілдіретін еді. Қазір жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен көлік мектептерінде екі-үш ай шала-пұла білім алғандар немесе тұтқаны бір-екі рет ұстағандар жүргізуші болып шығып жатыр. Құқықты сатып алатындар хақында жоғарыда айттық. Нәтижесінде жол торыған ажал әлсін-әлі өзіне «тиесілі» «құрбандығын» алып келеді, нәтижесінде бұл үрдіс жойылмақ түгілі, тіпті бәсеңдер емес.

Көлік қозғалысында сапалы жол төсемінің маңызы зор. Өкініштісі сол, сырттағы көлік жолын айтпағанның өзінде, қалаішілік, соның ішінде Орал қаласындағы кей жолдардың жай-күйін жақсы түгілі, қалыптыға жатқызу қиын. Рас, қазір облыс орталығында көлік жолдарын жөндеу, жаңарту, қатқыл төсем үлесін ұлғайту жүріп жатыр. Оның өзі де тек жүргізуші ғана емес, қарапайым адамдардың жүріп-тұруына қиындық тудыруда. Көлік кептелісі дегенің бүгінде қалыпты көрініске айналды. Сөз жоқ, халық бұған уақытша қиындық ретінде түсіністікпен қарайды. Тек биыл жаңарып-жаңғырған жолдарымыз біраз жылға шыдайтындай мығым  болғай! Себебі бұған дейін де сыртты айтпағанда, қала ішіндегі жөнделген жолдардың ұзақ уақыт сақталуы былай тұрсын, бір жылға да шыдас бермей, бұзылғаны, іске алғысыз болатыны рас. Соның кебін енді кимесек те жарайды. Осыны айтқанда, неміс елі еріксіз есіңе түседі. Онда өткен ғасырдың отызыншы жылдары жаппай салынған көлік бандары күні бүгінге дейін қалтқысыз қалпында. Кезінде соғыс үшін салынған солар, міне, 71 жыл бойы бейбіт мақсатқа қызмет етуде. Демек, біздің бүгінгі жолдың сапасы тап сондай (оған жету әлі де арман!) болмаса да, белгілі бір талапқа сай келсе, қандай жақсы?!

ІІД құрылымынан алынған мәлімет бойынша жаяу жүргіншілердің жол өткелін пайдалану ережесін бұзуы салдарынан 87 оқиға тіркеліпті. Оның өзі жол-көлік оқиғасының 36,2 пайызына жеткен. Жасыратыны жоқ, бәріміз де жүргіншіміз. Кейде асығып жүріп алабажақ өткелге жетуге ерініп, жолдың кез келген бөлігінен жүгіре шығамыз. Ал оның қаншалықты өмір мен денсаулыққа қатерлі екенін ескере бермейтініміз — ащы шындық. Өзіңмен бірге өзгені де қайғы-қасіретке ұшыратуың ықтимал екені есіңнен шығып кетеді. Қазір жүргіншілерді, соның ішінде балаларды жол тәртібін білу мен қадағалауға байланысты талай жұмыс тындырылып жатса да, оң нәтиже туралы айтуға әлі ерте.

Жол қозғалысын қауіпсіз етудің тиімді жолының біріне жер асты мен аспалы өткел жатады. Өкініштісі, қозғалыс жиі болатын күре немесе басқа көлік жолдарының үстінен салынатын аспалы жол өңірде, соның ішінде облыс орталығында атымен жоқ. Соған орай мынадай ұсынысымыз бар: көлік қозғалысы жиі жерде аспалы өткел темір қаңқадан (каркас) құрастырылып, сондағы жүргінші өткелі пластикалық қамқаумен қапталып, оған бейнеэкран орнатылса, мейлінше тиімді. Біріншіден, аспалы жол арқылы адамдар, әсіресе, балалар қауіпсіз қатынаса, екіншіден, жарнама орнатудың тек ақпараттық мәнімен қатар, кіріс түсірері де сөзсіз. Енді жер асты өткелі жайында. Орал қалалық тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және көлік жолдары бөлімінен алынған анықтама бойынша облыс орталығында сегіз жер асты өткелі бар екен. Олар кезінде өңірді басқарған қайраткер жерлесіміз Мұстақым Ықсановтың тұсында салынып, пайдалануға берілген. Сонау берекетсіздік жылдары аталмыш нысандар иесіз қалып, кейін сенімгерлік басқаруға беріліп, біреуінен басқасы тиімді пайдаланылуда. Адамдар жер астымен алаңсыз өтеді және көңілі қалағандары сонда орналасқан дүңгіршек, дәмхана мен басқасының қызметінің қызығын көріп келеді. Таңданарлығы сол, жер асты өткелдерін кәсіпкерлік мақсатқа пайдаланудың әлі күнге дейін ережелері қабылданбаған. Осы арада қалалық мәслихатқа өтініш: біздіңше, сол ережелерді қабылдап, қолданысқа енгізудің уақыты жетті. Егер ережелер қабылданса, әрі халыққа пайда, әрі мемлекетке де теріс емес. Өткел иесіз болмайды және қалалық бюджетке салық түседі. Әзірге С. Датов көшесі және Әбілқайыр хан даңғылы қиылысындағы «Астана» сауда үйінің тұсында жер асты өткелі бос тұр. Соны сенімгерлік басқаруға алған қожайыны болса, өткелді күрделі жөндеуден өткізіп, іске қосуын сұрар едік. Егер солай болса, қауіпсіз жол әрі азды-көпті жаңа жұмыс орны ашылар еді.

Әзірге жол-көлік апатын болдырмау, оның алдын алу мақсатында қаншама шара алынып, жұмыс жүргізілсе де, көңіл көншітерлік нәтиже жоқтың қасы…

Серік ИХСАНҒАЛИ,

“Орал өңірі”


«Кел, балалар, оқылық!»

Күні: , 32 рет оқылды

dsc_1223


Жуырда Ғ. Құрман­ғ­а­лиев атындағы филар­мония залында облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйытқы болуымен балабақша бүлдіршіндері арасында облыстық «Кел, балалар, оқылық!» атты байқау өтті.


Қазақстан халқы тілдері күніне арналған облыстық тіл фестивалі аясында өткен сайысқа қалалық және аудандық деңгейдегі мек­тепке дейінгі мекемелерден 5-6 жас аралығындағы барлығы қы­рықтан астам бүлдіршіндер қатыс­ты. Ұйымдастырушылардың ай­­ту­ынша, дәстүрлі түрде өткізілетін бай­қауға қатысушылардың саны жыл санап артып отыр. Сонымен қатар балабақшаларда қазақ ті­лін­де бі­лім мен тәрбие берудің сапасын арттыруды, балалардың мем­­ле­кет­тік тілге құрметін, Отан­ға сүйіспеншілігін қалып­тастыруды мақсат еткен сайысқа өзге ұлт бүлдіршіндерінің қаты­суы да кө­ңілге қуаныш ұялатады.

Мәнерлеп оқу, «Суреттер сөй­лейді», «Балалық шақтан базар­лық», «Жаңылтпаштар әлемі» атты төрт кезеңнен тұратын сайыста Қаратөбе ауданының Дияс Дәурен есімді бүлдіршіні жеңімпаз атанды. Орал қаласындағы №38 бала­бақшаның тәрбиеленушісі Асыл­нұр Жасбуын мен «Заңғар» бала­бақшасынан сайысқа түскен Кәу­сар Аманжол жүлделі екінші орынды иеленді. Ал №45 мектептің бүлдіршіні Карина Мусаулова, ақжайықтық Ержан Аманжолов, №31 балабақша тәрбиеленушісі Аяулым Құрманбай есімді бүлдір­шіндер жүлделі үшінші орынды өзара бөлісті.

Жеңімпаз балақайларға ұйым­дастырушылар атынан дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Нұрбек  Зәкәрияұлы,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика