Мұрағат: 14.09.2016


Мейірім мерекесі

Күні: , 48 рет оқылды

pri_5638


Дүйсенбі күні Орал қаласындағы орталық мешітте облыс әкімі Алтай Көлгінов батысқазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады.


Бүгін барша мұсылмандардың ұлық мерекесі басталуда. Осы айт күндері көпшілік бір-біріне жақсы тілектер айтып, мұқтаж жандарға қолұшын береді. Ислам – ізгілікке, бірлікке шақыратын дін. Біз биыл тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өтудеміз. Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасында елімізде тыныштық, ынтымақ, береке-бірлік салтанат құруда. Құрбан айт мерекесі құтты болсын, құрбан шалуға ниет еткен жандардың дұға-тілектері қабыл болсын! — деді Алтай Сейдірұлы.

Өз кезегінде Қазақстан мұсылмандары дін басқармасының (ҚМДБ) облысымыздағы өкіл имамы Руслан Сұлтанов Құрбан айт мерекесінің тарихы, оны тойлаудың ерекшелігі, айт намазы турасында уағыз айтты. Мешіт жамағатының ұсынысын, жергілікті атқарушы биліктің қолдауының нәтижесінде биылдан бастап құрбандыққа шалынатын малдар мешіт аумағында емес, арнайы белгіленген орындарда  шалынатынын  жеткізді.

Айт намазына олимпиада чемпионы Данияр мен әкесі әрі бапкері Марат Елеусіновтер де қатысты. Айта кетейік, Данияр мен Марат ағамыз осының алдында орталық мешіттегі жұма намазына да келген болатын. Сол кезде өңіріміздің бас имамы Рио олимпиадасы кезінде батысқазақстандық намазхандар да еліміздің спортшыларына, соның ішінде Даниярға тілектес болғанын жеткізді.

– Өткенде облыс әкімі  берген 10 млн. теңгені науқас балалардың қорына аударғаныңызды естіп, қуанып қалдық. Осындай игілікті ісіңіз үшін өңіріміздің жамағаты атынан ризашылығымызды білдіреміз. Сіз сияқты азаматтар көбейе берсін – деген имам мәртебелі меймандарға Құран-Кәрімді сыйға тартты.

Данияр Елеусінов қашан да тілекші болып жүрген батысқазақстандық бауырларына алғысын білдіріп, өзі Астанада тұрақты түрде мешітке баратынын, намаз оқып жүргенін жеткізді.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ


Тасобадағы таза су

Күні: , 40 рет оқылды

dscn0296


Ақжайық ауданы бойынша 52 елді мекеннің 19-ы таза ауыз сумен қамтылған. Бұл – аудан халқының 76,6 пайызы. Болашақта Ақсуат, Атамекен, Қабыршақты, Базаршолан ауылдары «Ақбұлақ» бағдарламасының қызығын  көрмек. Дегенмен  бүгінде 19 елді мекен құдық суларын пайдаланады. Сегіз  ауылға ауыз су  аутокөлікпен жеткізілсе, алты ауыл ашық су көздерін тұтынуда.


Демек, аудан бойынша  ауыз суға мұқтаждық әлі  жойылған жоқ. Осындай елдің бірі Есенсай ауылдық округіндегі Тасоба бөлімшесі. Мұнда 26 аула бар. 192 адам  тұрады. Бастауыш мектеп, фельдшерлік пункт жұмыс істейді. Кезінде кейбір шағын бөлімше халқы үдере көшкенде, ел табанынан табан аудармаған ауылдардың бірі – осы тасобалықтар. Іргедегі  Жайық өзенінің қойнауын құт еткен тұрғындар тіршілігін түгендеп, туған ауылының туын жықпады, түтінін өшірмеді. Тірлік етті.

Қазір осы ауыл тұрғындары таза жер асты суын пайдаланып отыр. Осы жазда сегіз  тұрғын оралдық жеке кәсіпкер Мәлік Пазыловқа еңбегін беріп, 28 метр тереңдіктен құдық соқтырды. Өзара көршілер бірігіп, ауа қысымы арқылы су айдайтын мотор сатып алды. Соның арқасында мөп-мөлдір таза су ішіп отыр.

Тасобалықтар  таза су ішсе деген шаруаның басы-қасында жүргендердің бірі –  ел азаматы Қуаныш Ихсанов. Олар зайыбы, күміс алқалы ана Әсила екеуі алты бала тәрбиелеуде.

Тілес  ЖАЗЫҚБАЙ,

Ақжайық  ауданы


Еріктілерді даярлау басталды

Күні: , 43 рет оқылды

img_8147


«ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне еріктілер мен супервайзерлерді даярлау бойынша жұмыстар  жүруде.


Еріктілер қала қонақтары мен тұрғындарына алдағы «ЭКСПО – 2017», ондағы іс-шаралар туралы жан-жақты мәлімет беретін болады. Сондай-ақ олар көрме қонақтарына жол сілтеп, қонақжайлық танытуы керек.

Бұл ретте «Астана ЭКСПО — 2017» ұлттық компаниясы еріктілерді дайындау жұмыстары үшін арнайы оқыту бағдарламаларын жасады.

Сонымен бірге «Қазғылым» ғылыми орталығымен бірлесіп, зияткерлік іс-шаралар, семинар-тренингтер өткізуде. Мәселен, таяуда болған  семинар-тренингке өңірлерден келетін ерктілерді дайындау жайы сөз болды. Облыстардан келетіндермен 45 жаттықтырушы-үйлестіруші жұмыс жасамақ.

Айта кетейік, ЭКСПО – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі Астана қаласында алдағы жылы 10 маусымнан 10 қыркүйек аралығында өтеді. Оған 100 ел, кемі 10 халықаралық ұйым, инновациялық технология саласында көшбасшы саналатын 10 компания қатысады деп жоспарланып отыр.

Мәди  ЫҚЫЛАС


Тамыры терең талант

Күні: , 62 рет оқылды

%d1%80%d0%be%d0%bb%d0%bb%d0%b0%d0%bd-%d1%81%d0%b5%d0%b9%d1%81%d0%b5%d0%bd%d0%b1%d0%b0%d0%b5%d0%b2


АУРУХАНА. АСТАНА

Дәрігерлер телефонымды өшіртіп тастаған. Мен бесінші күн әлеммен қарым-қатынастан тыс қалған болатынмын. Жалғыздықты жаным мен өнерімнің философиясы қылып ұстанған мен үшін бұл жолы нағыз жалғыздық аурухана палатасында өтіп жатыр еді.


Менің жүрегіме үшінші операция жасалды. Үшінші рет тірі қалдым. Үшінші рет операцияға жалғыз келдім. Мені операцияға әкелетін жақын жоқ емес, әлі бар. Тек мен тобырмен жүруді ұнатпаушы едім. Үйірге де қосылмайтынмын.

Мұрат Әуезов бірде маған:

Роллан үйірде болу керек деп сөз тастап еді. Қазақтың иә жақсы көріп айтқанын, иә жек көріп айтқанын біліп болмайды.

– Мен үйірді жақтырмаймын. Жалғыз қасқырмын ғой, деп жауап бергем.

Үлкен газеттің бас редакторы, әдебиетші, «Қазақстан Пен-клубының» басшысы Бигелді:

– Реке, біздің «Пен-клубқа» мүше болыңыз, – деп тілек білдірген.

– Бауырым, ертеде сен Америкаға кетпей тұрғанда газетіңде мен туралы «Жалғыз қасқыр» деген материал  беріп едің. Сол жалғыз қасқыр күйімде өмір сүре берейін  дедім.

Дұрыс, дұрыс. Өз ниетіңіз білсін. «Пен-клубқа» келмесеңіз де, «Феделитиге» келіп тұрыңыз деді аңғарымпаз ақылды азамат.

«Феделити» – Алматыдағы жақсы спорт клубы. Осы клубты маған тұңғыш айтқан Бигелді болатын.

Мен үшінші күн аурухана төсегінде ары-бері қозғалмай, тек шалқамнан ғана жатыр едім. Көп қозғалуға дәрігерлер рұқсат бермеген.

Тән шаршаған.

Жан қиналыста болатын.

Ауруханада жатқанда жан баласын көргіңіз келмейді. Өз ауруыңмен, өз ойыңмен, өз тебіреніс-тілегіңмен, өз күдік-күйіңмен жападан-жалғыз қаласың. Қайда барсам да екі-үш кітап, қолжазба көтеріп жүру менің ғадетім.

Кітап қарауға шамам жетсе, денсаулықтың сәл де болса ілгерілегені. Ал ақ қағазға қалам сілтей алсам, тіптен тамаша. Онда өмір сүруге әбден болады. Жасасын өмір!..

Бірақ жүрек құрғырдың жанды жейтін сұмдығы көп қой.

Осылай, иә тірі емес, иә өлі емес алмағайып кезең үстінде жатқанымда  палатаға енген аңқылдаған дәрігер:

– Аға, Әбіш Кекілбаев қайтыс болыпты, –  деп мұңлы жүзін маған туралай бұрып қарады.

Менің төбемді найзағай оты тесіп өткендей болды. Соңғы жылдары жаныма ардақ асыл аға, азаматтардан айырыла бастағам. Солармен бірге, текті тұлғалар керуені дәл қасымнан жөңкіп өтіп жатқандай елестейтін.

Әруақты Әзербайжан Мәмбетов, Әнуар Әлімжанов, Ақселеу Сейдімбеков, Сәтімжан Санбаев, Герольд Бельгер, енді, міне, күтпеген жерден Әбіш Кекілбаев. Герольд өмірден озғанда, Әбіш пен Олжас бар ғой деп үміт артқам. Міне, енді Әбекең де жоқ.

Анда-санда телефон соғушы едім.

Анда-санда Астанаға барсам сәлем беріп,  қолын алатынмын. Әр алуан пікір алысатынбыз.

Екі-үш жылда әңгіме-повестерін түзіп оқып шығатынмын. Анатолий Ким Алматыға келіп, Әбіштің шығармаларын орыс тіліне аудару үстінде, аудармашы досымның тілегімен Әбекеңнің туындыларын орыс тілінде қадағалап оқыдым. Оның атын Мәскеуде қоғамдық редакторлық оқу дейді. Бұл, әрине,  достық тілеулес көмек.

Әбіш Кекілбаев нарқасқа, тамыры терең таланттардың қатарынан еді.

Бұл қаза да қазақтың айрықша қасіреті болатын. Бұл қаза қазақтың титандар көшінің соңғы легі еді.

Бұл қазақтың ендігі дүниеге Әбіштей тамыры терең талант беруі екіталай. Бере алмай да кетуі бек мүмкін. Өйткені қазақтың рухани болмысы ұсақтанып бара жатқандай… Ертедегідей намысы оттай жанатындар тым аз. Айтуға қанша ауыр болса да, қазақ туралы шындық осы.

Оған мемлекет жұмысындағы жасыл ақша көрсе атасын сататын ұлты қазақ мерез шенеуніктерін қосыңыз. Олар аталарымен бірге Құдайды қоса сататындар.

Тәуелсіздік алған жиырма бес жылда билік бір төбе, сатқындық екінші төбе, немкеттілік үшінші төбе болып, биіктей көтеріліп, қазақ жұртын ес ақылынан алжастырып бара жатыр.

Жетуге тиіс көмбеміз көрінбей қалған. Көмбе де, мақсат та, арман да сағым буында діріл қағып, тиянақсыздық танытқан. Оған кінәлі сағым ба?.. Сана ма?.. Қазақ па?.. Билік пе?..

Сонан да Қазақ елі, қазақтың Ел-жұрты, Дешті-Қыпшақ даласы деген атаулар мемлекет идеологиясынан аласталған. Мәңгілік  ел, Ұлы дала деген жаңа тіркестерді газеттер мен теледидарлар бұрқыратып айтып та, жазып та жатады. Ол сөздердің түп-тамырының киелілігін журналист қауым ойлап та жатпайды.

Қазақстан Республикасының идеологиясында айқындық кем. Басты бағыт-бағдары солғын.

Сөз көп,  ой тиянақсыз.

Әрекет көп, мақсат бұлыңғыр.

«Жақсы адам парызын ойлайды, жаман адам пайдасын ойлайды», – деген Конфуций. Сол Конфуций осыдан екі жарым мың жыл бұрын:

«Қайтсем де Қытай елін мәңгі мемлекетке айналдырам» деп армандаған. Тірлігінде бағасы болмаса да, өлген соң оның философиялық һәм гуманистік ілімі Қытай ойы мен мәдениетінің негізін қалады.

Бүгін Конфуций Қытай жұртының ар-ұятына, рухани көсеміне айналған.

Әр халық, әр мемлекет, әр билік өзінің шама-шарқына қарап сөз сөйлеуі дұрыс деп білемін. Сырт жұрттың кеңесшілері жазып берген лозунг сөздер, қазақ жұртының болмысын айқындап, тірлік жолын ашып бере алмайды.

Әр халыққа көк Тәңірі берген үлес бар, сол үлесті қадірлеп, қасиеттеп ұстай білу – адамдық та, ұлттық та парыз. Ел-жұрттың ырыс берекесін шашып алмай, үнемді ұстаған абзал. Өз ырысын өзі шашқан ел  қалай оңбақ? Мәңгілік  ел құрғымыз келсе, халық пен билік бір болуы шарт. Мәңгілік елге тиесілі терең, қуатты, ұлтжанды идеология тудыру керек. Ол сол халықтың ұлттық ырқы мен ырғағын сақтауы шарт.

Сонымен бірге мәңгілік елде, кісілік, әділдік, рәсім, ақыл, адалдық – адам бойындағы ең асыл қасиеттер от болып жанып тұруы қажет.

Бұл бес қасиет әр қазақтың санасында мәңгі тірі болуы шарт.

Бұл бес қасиет, ертеде ата-бабамыздың санасында бүгінгі чиптей лыпылдап жұмыс жасап тұрушы еді. Қазір жұмыс жасамайды.

Бұл бес қасиет Әбіш Кекілбаевтың санасында да бұлқынатын. Сөзге сақ Әбекең көп ашылмайтын. Сонау Фарабиден, Баласағұннан, Шоқаннан келе жатқан қазақы дара қасиет бөлек еді ғой. Қазақ жұртында ғана халықтар Ассамблеясы деген ұйым бар. Өзге елде жоқ. Және оның болуы мүмкін де емес.

Абай бабамыз: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп және хақ жолы осы деп ғаділетті», – дейді.

Ал Конфуций екі жарым мың жыл бұрын Абайдың асыл ойын растап: «Ізгіліктің негізі – адамды сүю» деген.

Конфуций ілімі табынатын үш тұрғы бар. Олар: көк, рух, аруақ – адамдар. Қазақ жұртының атам замандардан бері табынған Сенім белгілері де осы қасиеттер.

Ниеті кең халық қана, Көк Тәңірін, Рухты, Адамды ардақтай алады. Өзін емес, өзгені танып-білуге, өзгеге жақсылық жасауға ұмтылған халықтың берекесі берік болады. Өзін ғана емес, қоралас болған өзгені де ойлаған бір халық болса, ол – қазақ халқы.

ТҮН ЖӘНЕ  МҰҚАҒАЛИ

Адам үшін тапжылмай үш күн, үш түн шалқадан таңылып төсекте жату қасірет екен. Созылып барып, әзер дегенде бас жағымдағы тумбадан Мұқағали Мақатаевтың кітабын алдым. Қай кітапты болса да қолыма қарындаш алып сызып, белгі түсіріп оқушы едім, қарындашқа қолым жетпеді. Мұқағали поэзиясынан кеңдік, шыншылдық, зиялылық, мейірбандық атойлап белгі беріп тұрады.

Өкінішті…

Мына  құрғыр сырқаттың  беті   күшті.

Жүрегім көтеріліс жасап  жатыр,

Бұзбақ болып кеудемде бекіністі.

Өкінішті…

О, Жүрек!

Менің алтын қазығым-ау!

Қайтейін, қажыдың-ау.

…Қытықтаған бауырдың «назы» мынау.

Қажыдың-ау, байғұсым, қажыдың-ау!

Не істемекпін?

Жаным-ай, саған шипа істемек кім?!

Жаралғанда бүтін ем, үш бөлекпін:

Жүрегім – Африка, бауырым – Кипр

Миым – Мұзды мұхиттай…

Не істемекпін?..

Сырқат меңдеген Мұқағали халі ауыр. Мұқағалидың жаны азапта. Не істеуге білмей дал болған, дағдарған, ауруы меңдеген Мұқағали жалғыздық құшағында. Ақиық ақын, сыр бөлісер, мұң бөлісер адам іздейді. Кісілігін жоғалтпаған адамға зәру.

Ащы суға еріп кетіп біраз жыл сергелдеңге түскен ақын, жолдасжорадан да айырылған, отбасынан да жылу таба алмаған, араласқұралас адамдар да теріс айналған.

Алматы аспанының астында Мұқағали ақын шын жалғыз қалып еді. Өкінішке орай, бауырға жазылмас дерт те жабысқан.

Ақын мен ауру егеске түскен. Сондай текетірес тұста ақын мұңын айтар дос іздейді. Таппайды. Пендешілікке берілген қазақтардан мейірім, ықылас, кісілік күту бекершілік қой. Сонан да саналы, ойшыл, қазақтардың барлығы да жалғыздық құшағында. Олар жалғыздық атты аралда тұншығып күн кешуде.

…Аңырамын  иесіз  жағалауда,

Айырылып достықтың кемесінен.

Сырласқанға не жетсін мұң басқанда,

Сырласатын менімен сырлас бар ма?!

…Есім кіріп, көзімді  бірде  ашқанда,

Астымда – Жер, Ай, Жұлдыз – тұрды аспанда.

Басында Алатауы, аспанда Ай, Жұлдызы, астында шалқыған АнаЖері тұрғанда жанын жеген жалғыздық зарымен кіммен бөлісерін білмей дағдарған сәтте ақын өзін табады.

Ақын өз жүрегіне өз мұңын шағынады.

Сезбейсің ғой, сезбейсің ғой сен мені…

Көрмейсің ғой кереметті мендегі.

Түсінсеңші сарсаң болған пендені,

Түсінсеңші! Ақыл-ойым кем бе еді?!

Неге бұлай?

Неге жүрмін көңілсіз?

Жаным менің жылап жатыр, тек үнсіз.

Қалам ба деп қайғырмаймын көмусіз,

Кетем бе деп қапаланам өмірсіз…

…Білмейсің ғой, сезбейсің ғой мені сен,

Ойдағымды енді кіммен бөлісем?

Құдаймен де сөйлесіп, шайтанмен де сөйлесіп, мәмілеге келе алмай сандалған сәтін ақкөңіл ақын алдыңа  тартады,  оқырман.

Жазықсызбын дей алман, жат көріндім,

Жазықтымын дей алман, ақкөңілмін.

…Өмір деген біреу бар билік құрған,

Билігінен мен соның қақ бөліндім.

Желіктіріп, су бүркіп, сайтан маған,

Кезім болды әділдік айта алмаған.

Батқан  ерді  арқама  ауырсынып,

Жауыр болған құнандай қайқаңдаған.

Арыммен де оңаша қалып көрдім,

Жоғалғанын іздедім, тауып бердім.

Ар-ұят деп аталар нәрестені,

Қызылшақа  күйінде алып  келдім.

Сайтанның да, күнәсіз  періштенің,

Бал мен уын талғамай неге  ішкемін?

Періштенің қайғысын  бөліспедім,

Сайтанменен,  болса  да, келіспедім,

Не істермін,  Тәңір-ау, не  істермін!?

Сана тірек тапқан кей сәтте ақын бойына қуат жиған Қобыландыдай арпалыс ойға түседі. Бәрін түсінгісі, бәрін ұққысы келеді. Ал пенделік кірген жүректі әзәзілдің билейтінін ақын кейде ұмытады-ау. Оны ұмытпаса ақын бола ма Мұқағали?!

…Шабыт, ашу, шаттық, мұң, ұят қалып,

Жүрген жәй бар, осылай күй ақтарып.

Билей алмай жүрмін мен бір басымды,

Роботы біреудің сияқтанып.

Бәріне де түсінем,

Бәрін білем,

Бірақ білмен өзімнің әлімді мен…

Бірақ осынау жан тебіренткен толғауы күпті сұрақтарды қоймаса, ол Мұқағали ақын бола ма?!

Сергелдеңге түсіп, сандалып жүрген кезінде де дауылпаз ақын Мұқағали санасын шайтанға жеңдірмеуге  барын  салыпты.

Ақиқаттың ауылы Совет елінде де, Совет мемлекетінде де орнамайтынына көзі жеткен күйікті ақын жалғыздық теңізіне сүңгіді де  жалғыз  кетті.

Ақиқат өлген жерде ақын да өледі. Ақын мен ақиқаттың жаны бір. Рухтары ортақ.

Аяғының астында алып Жер-Ана,  төбесінде алып Аспан-Ана,  бір жанға бәрі жетерлік, бірақ пендеге жетер сый Ақынға жетпек емес.

Ақын Тәңірдің құлы, Тәңірдің жаушысы, Тәңірдің тілеушісі.

Ақынға керегі сый емес, Сенім. Тәңірге деген Сенім. Адамға деген Сенім.

Дауылпаз ақынның жүрегінен Сенім жоғалған сәттен бастап дауылпаз ақынның басына айықпас  дерт  жабысқан.

Сол дертті марқасқа ақын өлеңге қосып саған тартады, жас оқырман.

Өмір жайлы сұрай берме сен менен,

Өмірді мен әлі зерттеп көрмеп ем.

Өмір жайлы білгің келсе, қартқа бар,

Қан майданнан жалғыз ұлы келмеген.

 Жесір келін, бір нәресте көрмеген,

Жетім шалды бала орнына тербеген.

Өмір жайлы не түсінем мен деген…

Өмір жайлы сұрай берме сен менен.

Өмір жайлы білгің келсе қартқа бар,

Өміріне кегі кеткен, өлмеген.

Жалған айып таңылғанда көлденең,

Ақиқаттың әппақ  туын  бермеген.

Содан сұра, содан сұра өмірді,

Нені көрді, нені сезді, не білді.

Неге ақылды ақымақтан  жеңілді,

Біреу жылап, біреу неге көңілді?

Содан сұра, содан сұра өмірді.

Айықпас дертпен ауырған ақын оқырманын тағы бір қырға тарта жөнеледі.

Ол  –  өлім  жолы.

Немкеттілік  жолы.

Ол үшін ақынды сен жазғырма. Сен оның ақиқатқа ұмтылудан бір таймаған жүрегіне үңіл, жас оқырман.

Сені мен көрсем деймін, көрсем деймін,

Жазыпсың  қартайдым  деп, мен  сенбеймін.

Мойнымда қарызың бар, берсем  деймін,

Сонан соң өлсем, мейлі, көмсең  мейлің…

Әсер етпей дауылың, жауының да,

Жаным менің жануда, жабығуда.

Махаббаттың  тәттісі сағыну ма?!

…Меніңше, сағынудың сағымынан

Жай отындай жалт беріп табылуда!

Мен сені көрсем деймін, көрсем деймін!

Сонан  соң,

Өлсем  мейлі,

Көмсең  мейлің…

ИТАЛИЯ  АҚЫНДАРЫ

Мен Мәскеудегі КСРО Жазушылар одағында жиырма жыл әдеби кеңесші болып қызмет атқарыппын.

Ол кез бүкіл Қазақ әдебиетінің толуға, толысуға бет қойған, жойқын туындылар әкелген дәуірлі  сәті еді. Қазақтың жаңа оянған тарихи романдары, терең психологиялық повестері, өжет әңгімелері, әрине, өркен жайған поэзиясы ерекше белеске көтерілген.

Ұмытпасам, 1977 жылы мен Мұқағалидың «Жан азасын», тағы да бірнеше өлеңдерін орыс тіліне жолма-жол аударып, атақты орыс ақыны Михаил Курганцевке бердім. Екі күн өткен соң,  Михаил Абрамович маған телефон соқты.

Роллан, Мұқағали ақынның өлеңдерімен таныстырғаныңа рақмет. Өзімен таныссам, бақытты болар едім. «Жан азасы» керемет реквием! Керемет!.. деп бөгелді Михаил Абрамович. Өмірден ерте кеткен екен. Аянышты. Мұқағалидың өлеңдерін аударам.

Біз осы байламға тоқтадық. Он-он бес күн өткен соң, Михаил Курганцев тағы да телефон соқты.

– Роллан, Италияның атақты екі ақыны Мәскеуге келген. Мен оларға тамақ берем. Сен келсең қайтеді?.. Мұқағали туралы да сол арада сөйлесер едік, – деді.

Жазушылар үйінің ресторанында Михаил Курганцев дастарқан жайды. Михаил Курганцев қазақтарша дастарқанды мол қылып жайып тастаушы еді.

Михаил Курганцев итальяндық ақындарға Мұқағали туралы, оның тамаша реквием жазғанын, жақында өмірден озғанын айтты. Данте Алигеридің «Тозағын» қазақ тіліне ғажап аударғанын да хабарлады. Итальяндықтар қызығушылық танытты. Мен портфелімнен Дантенің қазақша кітабын алып шығып көрсеткенде тіптен таң қалысты. Альберт Гурьевтің «Тозаққа» салған суреттерін де қызыға тамашалап еді.

Итальяндық ақын маған тесіле қарап: Сіз, қазақ ақынының аудармасын орысшаға жолма-жол аударыңызшы, деп өтініш жасады. Михаил оны жолма-жол итальяншаға аударсын, ал мен оны итальянша көркем аударма жасайын. Ал менің досым Стефан оны көне итальян тіліне жолма-жол аударсын. Данте көне итальян тілінде жазған ғой, – деді.

Бұл эксперимент маған ұнады.

Мен қазақ текстін жолма-жол орысшаға аудардым, Михаил жолма-жол итальяншаға аударды. Ал төрт жол тексті итальян һәм көне итальян тіліне итальяндықтар аударды.

– Қазақ ақынының аты кім? – деп сұрады Стефан.

Мұқағали, – деді Курганцев.

– Мұқағали өте үлкен ақын екен. Оның аудармасы көне итальян тіліндегі текстен аумайды. Ұлы ақынды ұлы ақын ғана аудара алады деген шындық осы, – деп Стефан орнынан тұрып,  маған басын иді. Ұлы Мұқағали үшін, ұлы қазақ поэзиясы, ұлы қазақ халқы үшін көтерейік мына итальян шарабын, –  деді.

Итальяндық  ақындардың  қуанышында шек болмады. Михаил Курганцев те қуанышты еді.

Әнуар Әлімжановқа айтып, мына итальяндық ақындарды Қазақстанға шақыру керек. Мұқағалидай феномен ақын туралы итальяндықтар сөйлесін. Сол дұрыс болады. Ұлы Ұлтқа Ұлы азаматтарын аспанға көтеру жарасады, – деді Михаил Курганцев. Мен Мұқағалиды орыс тіліне аудардым. Шығыс кітапханасына да кіргіздім. Олег Волков деген композитор «Жан азасына» оратория жазып жатыр.

Орыстың майталман аудармашысы Михаил Курганцев, Мұқағалидың аруағына адал қызмет жасап еді. Мен оны ешқашан ұмытпаймын.

Қазақстан Жазушылар одағы екі итальян ақынын да, композитор Олег Волковты да ел-жұртымызға шақырмады. Бізді құртса немкеттілік құртады ғой.

Бүкілодақтық әдебиет процесінде қазақ әдебиетінің ерен жетістіктерін атап айтып, айтулы белгі қылып көрсетуге селқостық таныттық. Өз әдебиетіміздің тағдырына өзіміз жауыздық жасадық. Ол кеселдің аты жершілдік болатын. Қызғаныш болатын. Надандық  болатын.

«Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген Абай бабамның зарын қазақ ұққысы келмеген. Әлі де ұқпай келеді. Ұқпай өтер деп ойлаймын.

Бүгінгі  жас қазақтар  Абайды Әуезовтен айыра алмайды. Қаныш Имантайұлы Сәтбаевты білмейді де. Оларға Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов та беймәлім тұлға.

Семейде колледж оқушыларының диплом алу күні жүріп жатты. Ертістегі аралға жастар жиналып қуаныштарын бөлісуде. Ал сол аралға қарсы қарап тұрған Абайдың алып ескерткішінің алды бос тұр. Жан баласы бас иіп келмепті. Мен сол күні, сол Семейде, сол Абайдың ескерткішінің алдында тұрдым. Иесіз қалған Абай бабамның ескерткішіне гүл шоғын қойдым. Туған Семейіме келгенде әуелі Абай мен Шаһкәрім бабаларымның ескерткіштеріне бас иемін, сонан соң жанымнан жақсы көрген әкемнің басына барып құран оқимын, сонан соң Қайрат Рысқұлбековтің бюстіне гүл шоғын қоямын. Бұл – менің Семей қаласына келгендегі  рәсім белгілерім.

ҚАЙРАТ РЫСҚҰЛБЕКОВ

Желтоқсандықтарды Алматыда соттаған кезде (1986 жыл) Қайрат Рысқұлбеков үкім шығарған қазақ пен орыс заңгерлеріне отты сөздерін қардай жаудырған болатын. Сол жүрек жұтқан жап-жас ер жігіт жүрегімде қалып қойып еді. Отыз жыл өткен соң, «Дешті Қыпшақ  жырлары» атты түркі жырауларының кітабына Қайраттың өлеңдерін кіргіздім.

Оқы, таны, түсін, ой қорыт, намысыңды тікте, рухыңды көтер, жас қазақ оқырманы.

Елбең-елбең жүгірген,

Ебелек отқа семірген

Арғымақ мінген жаратып,

Ақ сауыт киген темірден,

Алатаудай бабалар,

Аруағыңмен жебей көр!..

Ал енді қазір неткен күн!

Орыстан ынсап кеткен күн.

Тізесі қатты батқан соң,

Шыдамастан ақыры,

Қарғыс атқан Алаңда

Қарғыс атқыр жеткен күн.

Қаймана  қазақ  қамы  үшін

Қарусыз  шықтық  Алаңға.

Алыстан әскер алдырып,

Қырып  салды-ау  табанда.

Сөйлесем  даусым жетпейтін

Кез  болдық  мынау  заманға.

Шовинизм  еді  ғой

Басты  себеп  жанжалға.

Екі  жүзің  қырылып,

Екі  жүзің  ұрылып,

Екі  жүзің  сотталып,

Жоқтаусыз кетіп барасың!

Қатарым жусап қалғанда,

Қыршынымнан қиылып,

Солармен бірге өлсемші-ай!

Артта қалған ата-анам,

Арулап қолдан көмсеңші-ай!

Тұтқынға  түстім жаутаңдай,

Жоламай  ешкім  қасыма.

Бара қалсаң, сәлем айт

Сырттағы құрбы-досыма.

«Ақтық сөзің не?» деген

Бүгін қойды сот сұрақ.

Айтайын оны халқыма:

Жоқ пиғыл менде жасымақ.

Қорлай да беріп қайтадан,

Титыққа орыс жетпесін.

Туған жердің намысы

Бөтен қолда кетпесін…

Осы айтылған ақтық сөз

Туың болсын әрдайым.

Мойныма алып жаланы,

Мен болайын құрбаның.

Бас-аяғы сол болсын

Басыңа түскен қатердің.

Ақтық сөзді енді мен

Сотқа да бір айтайын:

Күнәдан таза басым бар,

Жиырма бірде жасым бар,

Қасқалдақтай қаным бар,

Бозторғайдай жаным бар,

Алам десең, алыңдар!

Қайрат деген атым бар,

Қазақ деген затым бар.

«Еркек тоқты — құрбандық»

Атам десең, атыңдар!..

Қайрат Рысқұлбековті Семейдің 35-түрмесінің 18-камерасында асып өлтірді. Өзі асылып өлді деген лақапқа қазақтар сенді. Мына тәуелсіздік алған тұста да Қайраттың өлімін тексерген, сот үкімін қайта қаратқан жан баласы болған жоқ. Қазақ қазаққа  ара түсе алмай, 400 жыл бойы туған Дешті-Қыпшақ даласында қорлықпен өмір сүріп жатыр.

Рухтың майырылуы, намыстың өлуі, ұлт үшін де, адам үшін де қорлық қой. Бірақ оған ұялған да, қорланған да қазақ жоқ.

Роллан  СЕЙСЕНБАЕВ

www.qazaqadebieti.kz


Жаңа алаң ашылды

Күні: , 81 рет оқылды

img_3971


Өткен сенбіде жаңа алаңның ашылуымен қала күніне арналған мерекелік шаралардың нүктесі қойылды.


Жаңа алаңның ашылу салтанатында шаһар басшысы Нариман Төреғалиев пен қаламыздың құрметті азаматы Нәжімеден Есқалиев лента қию рәсімін жасады. Осы сәтте түрлі-түсті шамдармен жабдықталған субұрқақтар іске қосылды. Республика даңғылы мен Әбілқайыр хан көшесі қиылыстарында орналасқан жаңа алаң үш бөлікке бөлінген. Жартылай дөңгелек жазғы амфитеатр мен Әбілқайыр хан көшесі жағында орналасқан сәулеттік-көркемдік элементтерімен қоса каскадты бұрқақтар кешені, гүлзарлар мен жаяу жүргіншілер аллеясы алыстан көз тартып тұр. Ал одан кейін мерекелік шараларды өткізуге арналған көп деңгейлі алаң қазіргі уақытта жұртшылықтың демалыс орнына айналып үлгерді. Төрт ротонды және сәулеттік элементтері бар дөңгелек бұрқақты қызықтап, шауып жүрген бүлдіршіндердің бал-бұл жанған жүзінен қуаныштың лебі еседі. ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында ашылған жаңа алаңның жалпы аумағы – 7,0222 гектар. 10 мыңға жуық адам сыятын көп салалы алаңның құрылысын «Марасант» ЖШС жүргізген. Мұндай ауқымды жобаларға қаражаттың аз жұмсалмайтынын халық та түсінгендей. Солардың бірі қала тұрғыны Жәния Әбубәкірова өз ойын жасыра алмады:

«Бүгінгі қуанышымды сөзбен жеткізе алар емеспін. Жаңа алаңымыздың құрылысын көріп, бюджеттегі қаржы-қаражаттың қайда кетіп жатқанын енді түсіндім. Қала күніне орай дәл осындай сыйлық жасағаны үшін өңір басшысы Алтай Көлгіновке алғысымды сіздер арқылы жеткізгім келеді. Алдағы уақытта қаламызға келген қонақтарымыздың алдында мақтануға тұратындай алаң жасалғанына ризамын».

Шара барысында қала әкімі Нариман Төреғалиұлы тарихи тұлғалардың, классик жазушылардың бейнесін сомдап, олардың шығармаларынан үзінді оқыған әртістердің өнерін тамашалағаннан кейін, композициялық кітап мүсінінің жабынын ашты. Онда әл-Фараби, Махамбет Өтемісұлы, Ғұмар Қараш, Михаил Шолохов, Абай Құнанбаев, Александр Пушкин, Хамза Есенжанов, Жұбан Молдағалиев, Қадыр Мырза Әли есімдері жазылған.

img_3903Жаңа алаңның ашылуы қала күніне арналған концерттік бағдарламамен жалғасты. Өткен ғасырдағы 80-90-жылдарды еске түсіретін «Жіберілген хат» «Этого мало», «Черный кот», «Наш сосед», «Стюардесса», «Аңсағаным» әндерін жергілікті өнерпаздарымыз шырқап, көрермендер көңілін бір серпілтіп тастады. Осы кезде мерекелік шараны жүргізушілер, концерттік бағдарлама барысында қала тұрғындары мен қонақтары үшін ерекше тосынсый болатынын жария етті. «Айтұмар», «Гүлдер», «Шұғыла» би ансамбльдері мың бұрала би билеп, шараның шырайын кіргізді. Жаңа алаңның жарық шамдарына қосыла сахнадағы түрлі-түсті музыкалық шамдар одан сайын көрік бергендей. Түннің салқындығын елеместен тосын сыйды күткен көрермендердің алдына мерекелік концерттің басты қонағы, көршілес өзбек елінен шақырылған әйгілі «Ялла» тобы шықты. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы және шаһар күнімен құттықтаған ансамбльдің көркемдік жетекшісі Фарух Зәкіров қазақтың «Құстар қайтып барады» әнін шырқады. Одан кейін «Үш-құдық», «Шайхана» сияқты кең тараған әндер орындалған кезде көрермендер қошеметін аямады.

— Өздеріңіз көріп тұрғандай, түннің салқындығына қарамай, «Ялла» тобының әндеріне қосылып билеп тұрмыз. Қала күніне орай өткізіліп жатқан мерекелік шарада 1980-90 жылдардағы әндер орындалып, ерекше әсер қалдыруда. Тамаша көңіл күй сыйлаған ұйымдастырушы қауымға рақметімді айтамын, — дейді қала тұрғыны Мейрамгүл Айтанова.

— Мерекелік шарамыз жақсы өтуде. Келген қонақтарымыз табиғи дауыспен ән шырқап, көңілімізді көтеруде. Жас кезіміздегі әндер шырқалып, әдемі әсерге бөленудеміз. Қаламыз күннен-күнге көркейіп келеді. Жаңа демалыс орындары ашылып, халықтың игілігіне берілуде, — дейді Қаныбек Тойшыбаев.

 Субұрқақтардың сылдыры мен гүлдердің жайқалуы қыдырып жүрген жандарға шат-шадыман көңіл күй сыйлауда. Оның үстіне шара соңындағы мерекелік жұлдызжауын егемен еліміздің түнгі аспанын түрлі түске бояп, ел-жұрттың көңілін онан сайын асқақтатты.

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Шаһар тойы – ынтымақ тойы

Күні: , 51 рет оқылды

pri_4772


Өткен жұма күні П. Атоян атындағы стадионда қала күніне орай мерекелік концерт өтті. Қала думаны алдымен Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған театрландырылған көрініс және би композицияларымен ашылды.


Көк Туымызды алып шыққан бишілер тобы алаңға шеберлікпен айқара жазып, асқақ көңіл күйді паш етті. Сонымен қатар қолында Ту желбіреткен 25 велошабандоз да мерекеге сән қосты. Осы сәттерде «Мәңгілік елдің бақытты балалары», «Туған күніңмен» әндері шырқалып тұрды. Кейін шаңырақ көтеріп жатқан жас жұбайлар ортаға шақырылды.  Қос аққудай тізілген жұптарға «Тұрғынүйқұрылысжинақ» банкінен алғашқы отбасылық есепшот ашуға сертификаттар ұсынылса, сонымен бірге қалалық әкімдік атынан тарту-таралғы жасалды.

Мерекелік салтанат  тізгіні танымал өнерпаз Тұрсынбек Қабатовқа берілгенде кеш барысы тіпті жанданып сала берді. Ол көрермендерді мерекемен құттықтаған соң, Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиевке сөз берді.

– Биыл Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойын атап өткелі отырмыз. Егемендігімізді көзіміздің қарашығындай сақтап, ел бірлігін нығайтуға барша қазақстандық мүдделі екені анық. Бейбіт күн аясында қала тұрғындары да ерінбей еңбек етіп,  шаһарымыздың күннен-күнге көркеюіне үлес қосуда, – деген қала басшысы Ресей Федерациясынан келген делегацияға «қош келдің» айтты. Мұнан соң шаһардың  мекеме-ұйымдарындағы ең үздік сала мамандарын түрлі аталымдармен марапаттады.

Қадірлі меймандардан ХХХІ жазғы олимпиада ойындарының чемпионы Дәурен Елеусінов пен қола жүлде иесі Екатерина Ларионова ізгі лебізін жолдап, түрлі спорттық сайыстарға ел атынан қатысып, тағы да ірі жеңістер сыйлау үшін тынымсыз дайындалатындарын жеткізді.

Атырау, Ақтөбе қалаларынан және Ресейдің Орынбор облысынан келген өнерпаздар әсем ән әуелетті. Концертте оралдықтар қуанышын бөлісуге алаңға асыққан танымал өнер жұлдызы Қайрат Нұртасты көрермендер ыстық ықыласпен қарсы алды. Оның орындауындағы әндер мақпал түн аясында жүректерді ұйытып, жылы әсер сыйлады. Мерекелік кеш салтанатты отшашумен аяқталды.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ


Субұрқақ ортасындағы «Бекіре»

Күні: , 48 рет оқылды

pri_4538


Оралда қала күні құрметіне Жайық өзені жағалауында «Бекіре» шағын скульптуралық композициясы ашылды. Сонымен қатар Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің аквамәдени зертханасында өсірілген бекіре тұқымдас 20 балық өзенге жіберілді.


Бекіре тұқымдас балықтың скульптуралық бейнесі шағын субұрқақтың ортасындағы тұғырға қойылған. Субұрқақтан атқылаған су ағыны жоғары көтерілгенде, бекіре балығы көбікті толқын арасында жүзіп келе жатқандай көрінеді. Шағын композицияның авторы — скульптор Дмитрий Баймұқашев, субұрқақтікі – Сүйеуғали Сағынов. Көпшіліктің демалыс орнына айналған қалалық жағалауда композицияның бой көтеруіне «Западный транзит», «Мирлан», «Кублей», «Орал АЗС сервис», «Орал жан ойл», «Орал Темирлан», «Москвичи» «Азовъ» ЖШС-лары, «Ашық жол» базары, «Адал», «Амрита» және өзге де жеке кәсіпкерліктер, жекелеген азаматтар демеушілік танытып, қолдау-көмек көрсетті. Қала әкімі Нариман Төреғалиев мұны өз сөзінде атап көрсетіп, барлық меценаттарға қала күніне мәнді тарту жасағандары үшін алғыс айтты.

pri_4511— Кәсіпкерлердің қала өміріне белсене атсалысып, нақты қамқорлық көрсетулері бәрімізді қуантады. Бұл олардың әлеуметтік жауапкершілігінің жоғары екендіктерін көрсетеді. Бекіре – «Қызыл кітапқа» енген, құрып кетудің алдында тұрған балық. Келешек ұрпақ үшін осы жойылып бара жатқан балық түрін сақтай отырып, табиғатты және оның байлығын қорғауымыз керек. Бұл — біздің басты міндетіміз, — деді Нариман Төреғалиев.

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың ректоры, профессор Нұрлан Серғалиев барлық қазақстандықтардың Оралды бекіремен, Астананы — Бәйтерекпен, Алматыны алмамен байланыстыруларын тілейтінін жеткізді. Шынында да, Жайық өзені — Жайық-Каспий бассейнінің бекіре тұқымдас балықтарының кәсіптік қорын толықтыру үшін маңызы зор еліміздегі балық шаруашылығы дамыған су қоймаларының бірі. Бекіре тұқымдас балық түрлерін құрудан сақтап, Жайыққа кәсіптік өзен даңқын қайтару үшін БҚАТУ-дың базасында «Парасат» ғылыми-техникалық ұлттық холдингі» АҚ-мен бірге бекіре балықтарының түрлері аквамәдени кешенін құру мақсатында жоба қолға алынды. Онда тұйық жүйелі су кешені жағдайында тауарлық бекіре еті мен қара уылдырық өндіру көзделген. Қазіргі уақытта университет базасында бекіре тұқымдас балықтардың бірнеше түрі өсірілуде.

Қала күні мерекесі барысында университеттің аквамәдени зертханасында өсірілген бекіре тұқымдас 20 балық Жайық өзеніне жіберілді.

Галина САМОЙЛОВА


Велошеру

Күні: , 35 рет оқылды

pri_5330


Биылғы қала мерекесін тойлау өткен сенбі күні жалпыхалықтық велошеруге жалғасты.


Күздің қоңыр салқын таңына қарамастан теннис орталығы маңына жиналған халықтың қарасы көп болды. Жиналғандар арасында жастармен қатар салауатты өмір салтын ұстанған зейнеткерлер де аз болмады. Велошеруге қатысушылардың көңіл күйлері керемет! Жарысқа қатысушылардың арасында Рио олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов пен қола жүлдегер Екатерина Ларионова да болды. Велошеру жергілікті уақытпен 8.30-да теннис орталығынан бастау алды.

Велошеруге қатысушы екі мыңға жуық жерлесіміз қала көшелерімен сегіз шақырымдай жүріп өтіп, жарты сағат уақыт ішінде П. Атоян атындағы стадионға табан тіреді. Рио олимпиадасына қатысқан спортшылармен бірге сахнаға көтерілген облыс әкімнің орынбасары Бағдат Азбаев сөз алып, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен қала күніне арналған спорттық шараның маңызы зор екенін атап өтті.

Мұнан кейін олимпиада жеңімпазы Данияр Елеусінов пен оның әкесі әрі бапкері Марат Елеусінов сөз алып, Орал шаһарының көркейіп, өркендей беруіне, танымал спортшылар көптеп шыға беруіне тілек білдірді.

Шарада ХХХІ жазғы олимпиаданың жүлдегерлері мен қатысушылары ұтыс ойынына тігілген сыйлықтарды үлестірді. Тіркеу нөмірі бойынша велошабандоздардың бірқатары бір жылға фитнес-клубқа тегін жолдама, Дәурен Елеусіновтің қолтаңбасы қойылған бокс қолғаптары мен велосипедтерге ие болды. Салтанатты шарада жергілікті ақын Зәкәрия Сисенғалиевтің сөзіне жазылған Асқар Кенжеғалиевтің «Данияр» әнін жас әнші Айбар Қайырханов шырқады.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

Орал қаласы

 

Андрей ЕРГУЧЕВ,

Рио олимпиадасына қатысушы:

— Риода өткен олимпиада ойындарына қатысқаныма қуаныштымын. Бұл менің алғашқы олимпиадам, тұңғыш жетістігім. Әрине, жүлделі орынға қол жеткізсем деп армандадым. Бірақ алар асуларым алда деп есептеймін. Бұйырса, төрт жылдан соң Токиода өтетін олимпиадаға тыңғылықты дайындаламын. Үлкен додадан елге оралғанда Елбасынан бастап өте жылы қарсылады. Туған жерім Оралға келгенде де зор қошеметті сезінудемін. Барлық жерлестерімді қала күнімен құттықтаймын! Велошеруге қатысушыларға сәттілік тілеймін!

 

Асқар ШОРАЕВ,

облыстық велоспорт федерациясының президенті:

— Бүгінгі көпшілік велошеруді ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Орал қаласының күніне арнап өткізіп отырмыз. Басты мақсатымыз – бұқаралық спортты насихаттап, тұрғындар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру. Жалпы, велоспорттың пайдасы өте зор. Осы спорттың түрін дамыту мақсатында орталық саябақтың қарсы бетінен арнайы велоалаң салынуда. Алаңның құрылысы алдағы қазан айында аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Болашақта барлық қала тұрғындары мен қонақтарын сол алаңның игілігін көруге шақырамын. Жерлестерімді Қала күні мерекесімен құттықтаймын!

 

Нұрислам АСҚАРБЕК,

4 жасар велошеруге қатысушы:

— Мен осы велошеруге қатысқаныма өте қуаныштымын. Бұл менің алғашқы қатысуым. Қала күні маған қатты ұнады. Бүгін Рио олимпиадасына қатысушылармен бірге велосипед теуіп келгенімді мақтан тұтамын. Ер жеткен соң мен де спортқа қатысып, Данияр ағамыз секілді чемпион боламын!


Атақты палуандарды еске алды

Күні: , 45 рет оқылды

%d0%b0%d1%82%d0%b0%d0%ba%d1%82%d1%8b-%d0%bf%d0%b0%d0%bb%d1%83%d0%b0%d0%bd%d0%b4%d0%b0%d1%80%d0%b4%d1%8b-%d0%b5%d1%81%d0%ba%d0%b5-%d0%b0%d0%bb%d0%b4%d1%8b


Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында қазақ күресінен «Жайықтың арыстары – қазақтың барыстары» атты республикалық турнир мәреге жетті.


Осымен үшінші рет ұйымдастырылып отырған аталмыш жарыс қазақ күресінен Қазақстанның 1939 жылғы тұңғыш түйе палуаны Еңсеп Досқалиев (1905-1944), самбодан 1989 жылғы әлем чемпионы, әлем кубогының иегері (1988), Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Асқар Шайхиев (1963-2000) пен оның бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, спорт қайраткері Батыр Қуанышев (1954-2004), қазақ күресінен БҚО-ның бірнеше мәрте түйе палуаны Оралбек Қожагелдин (1964-1999) және самбо мен қазақ күресінен ел чемпионы Қайрат Әбдірахмановты (1969-2004) еске алуға арналды.

Турнирдің бас төрешісі Артур Шерғалиевтің айтуынша, айтулы бәсекеге Алматы, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік және Батыс Қазақстан облыстарынан барлығы 32 палуан қатысып, «өгіз палуан» және «түйе палуан» атану үшін сынға түсті. Жарыс қорытындысында Бөрлі ауданынан келген Олжас Сүлейменов «түйе палуан» атанса, қызылордалық Нұрым Сәлімгереев екінші, тағы бір бөрлілік Ерназар Хамзин үшінші орынды иеленді. Оларға сәйкесінше 300 мың, 150 мың және 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар табыс етілді. 90 кг салмақта оңтүстікқазақстандық Ақылбек Сағидуллаев топ жарып, «өгіз палуан» атағына ие болса, қызылордалық Жайдарбай Есенов екінші, Сырым ауданының өкілі Айбол Оразғалиев үшінші орынға көтерілді. Оларға да ақшалай сыйлықтар табысталды.

Арман БОЛАТҰЛЫ


Ақжайық — Тобыл 1:0

Күні: , 30 рет оқылды

57d41a69e1fbe


Футболдан премьер-лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының кезекті турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында Қостанайдың «Тобылын» қабылдап, азулы команданы 1:0 есебімен тізе бүктірді.


Бірінші таймда қос команданың да мүмкіндіктері болғанымен, ешкім гол соға алған жоқ. Соның ішінде «Ақжайық» сапындағы сербиялық шабуылшы Мирослав Лечичтің ұрымтал сәтте тепкен добы қақпадан сәл қиыс кетті. Дегенмен екінші таймның басында Мирослав соның орнын әдемі толтыра білді. 50-минутта қонақтар ойын тәртібін бұзғаннан кейін айып добы белгіленді. Міне, осы кезде М. Лечич бұл мүмкіндікті қалт жіберген жоқ. Айып добының дәл орындалғаны сондай, «Тобылдың» қақпашысы Александр Петухов еш қимылсыз қалды. Бұдан кейін Эдуард Сергиенко, Рахымжан Розыбакиевтердің тепкен доптары қақпадан қиыс кетіп жатты. Орал футболының түлегі Нұрбол Жұмасқалиев бастаған, турнир кестесінде 7-інші орында келе жатқан қостанайлықтар таразы басын теңестіруге қанша тырысқанымен, батысқазақстандықтар алдырмады.

Сөйтіп, 7-12-інші орындар үшін ел чемпионатының бірінші кезеңі басталғаннан бері белгілі қазақстандық маман Вахид Масудов жаттықтыратын «Ақжайық» осымен төртінші рет қатарынан жеңіске жетті. Оған қоса В. Масудовпен бірге келген ойыншылардың бірі, қақпашы Денис Төлебаев әзірге өз қақпасына гол өткізе қойған жоқ.

Осы ойыннан кейін 23 ұпай жинаған оралдықтар премьер-лигада қалу үшін талас-тартысты жалғастыруда. Оның алдындағы командалар «Жетісу» мен «Шахтердің» 27-ден, «Тараздың» 25 ұпайы бар. «Ақжайық» келесі ойынын 17 қыркүйек күні Атырауда жергілікті командамен өткізеді.

Айта кетейік, өткен турда «Астана» командасы өз алаңында чемпиондық үшін бәсекедегі басты қарсыласы Алматының «Қайратынан» 1:4 есебімен ойсырай ұтылды. Павлодардың «Ертісі» өз алаңында Шымкенттің «Ордабасы» командасына 1:2 есебімен есе жіберсе, «Ақтөбе» Астанада өткен ойында Көкшетаудың «Оқжетпесінен» 3:0 есебімен басым түсті. Ал «Шахтер» Қарағандыда «Атырауды» 3:0, «Тараз» өз алаңында Талдықорғанның «Жетісуін» 3:2 есебімен ұтты.

Ғайса БӘЙМЕН


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика