Мұрағат: 09.09.2016


Чемпионмен жүздесті

Күні: , 166 рет оқылды

dsc_0079


Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің туған жері Қазталов ауданына бара жатқанын естіген көршілес Ақжайық ауданы жұртынан тағат кеткен-ді. Неге тағат кетпесін, оғланды кім көргісі келмейді?! Сөйтіп, ақжайықтықтар чемпионды тоғыз жолдың торабынан – Чапаев ауылы тұсынан күтіп алды.


Баһадүрді, оның ата-анасын, отбасын аудан әкімі Әділ Жоламанов құттықтады.

– Ақжайық – Қазталов ауданымен қоңсы қонған, әлеуметтік-экономикалық жағынан қоянқолтық араласқан көрші аудан. Жайықтың қос қапталын тең жайлаған Жұбан еліне қош келдіңіздер! Данияр, сіздің Рио олимпиадасында қазақ батырларының ақ жолын жалғастырған жарқын жеңісіңіз – еліміздің спорт тарихындағы айтулы оқиға. Күллі әлем көз тіккен додада ел намысын қолдан бермей, айдай әлемді мойындатқан сізді мақтан етеміз! — деді аудан әкімі Әділ Жоламанов.

Спортшының әкесі әрі бапкері Марат Елеусінов өздерін қарсы алған Ақжайық жұртшылығына алғысын айтып, осы елден де Даниярдың ізбасарлары көптеп шығатынына сенетіндігін айтты.

– Олимпиада барысында маған қолдау білдіргендеріңіз үшін ризашылығымды білдіріп, басымды иемін. Отандастарымды қашанда қуантуға бар күш-жігерімді сарп етемін, – деген Данияр балғын боксшыларға қолтаңба берді.

Жергілікті ақын Бекболат Қаленовтың Даниярға арнаған жыр жолдарымен ақжайықтықтар олимпиада чемпионын қошеметтеп шығарып салды.

Сәмен  ЖАҚСЫЛЫҚ,

Ақжайық  ауданы

* * *

img_4108Қазталовтың «алтын ұлы» Данияр Елеусінов 7 қыркүйекте өзінің кіндік қаны тамған Қайыңды ауылына келді. Даниярды асыға күткен жерлестерінің ыстық ықыласын сөзбен жеткізу мүмкін емес.

Туған ауылына сапары барысында Данияр Ұлы Отан соғысының боздақтарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Бұдан кейін мәдениет үйінде ауылдастарымен жүздесіп, жерлестерінің қойған сауалдарына жауап берді. Арнайы концерттік бағдарламаға ұласқан кеште қайыңдылықтар Марат Елеусіновке шапан жауып, Даниярға сәйгүлік мінгізіп, ақ баталарын арнады.

Қыркүйектің 8-і күні Елеусіновтердің жанұясын қазталовтықтар да қуана қарсы алды. Аудандық мәдениет үйіне жиналған халықта есеп жоқ. Барлығы да қуанышты. Шарада аудан әкімі Нұрлан Бекқайыр құттықтау сөз алып, аудан орталығында Данияр Елеусінов атындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің салынатынын жеткізіп, Даниярға Қазталов ауданының құрметті азаматы атағын салтанатты түрде табыс етіп, осындай биікке жетуіне көп үлес қосқан әкесі әрі бапкері Марат Тәліпұлына «темір тұлпар» сыйлады. Содан кейін Данияр туралы бейнефильм көрсетіліп, ән-жырдан шашу шашылып, флешмоб ұйымдастырылды. Жерлестерінің құрметіне риза болған Марат ағамыз сахнада ән шырқады.

Дәл осындай кездесу Жалпақтал мәдениет үйінде де өтті. Шарада ауыл әкімі Самиғолла Ақмурзин олимпиада чемпионына “Жалпақтал” кітабын сыйға тартты. Кездесу соңында мәртебелі меймандар қолдау білдірген барша жерлестеріне өздерінің ризашылықтарын  білдірді.

Қайрат  ЖАҚЫП,

Тұрарбек  АҚМУРЗИН,

Қазталов  ауданы


Құрбан айт – ұлық мереке

Күні: , 212 рет оқылды

kyrban_ait_altaykz


Мұсылман үмбеті үшін ерекше құрметке ие, асыл дініміздегі екі үлкен мейрамдардың бірі Ораза айт болса, екіншісі — Құрбан айт. «Айт» сөзі араб тілінен алынған, «қайту, оралу, мейрам, қуанышты күн» деген мағынаны білдіреді.  Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм)  өзі бұл екі күнді үмметі үшін мейрам ретінде белгілеген.


Құрбан айт – мұсылмандардың ұлық мерекесі. Ол күні Аллаһ разылығы үшін мал шалынады. Қажылық өтеушілер Қағбаға жүзін қаратып, Арафатта жалбарынып, дұға оқиды. Дүйім мұсылман баласы бір-бірін дінге беріктік танытуға шақырады. Алла тағала құрбандық шалуға байланысты мынадай аяттар түсірген: «Әрі барша адамдарды қажылыққа шақыр, олар жаяу немесе ұзақ жерден арып-ашып, түйемен саған келсін. Келгесін олар мұның өздеріне тигізген түрлі пайдаларын көрсін. Алладан өздеріне ризық ретінде берілген құрбандық малдарды белгілі күндерде Алланың атын айтып, құрбандық шалсын. Оның етінен өздерің де жеңдер, жоқ-жітікке де жегізіңдер!» (Хаж сүресі, 27-28).

Қасиетті Құранда Алла тағала Ысмайл пайғамбарды сынап,  баласы Ыбырайымды құрбандыққа шалу керектігін тұспалдап, түсінде аян береді. Әкесі баласына кейін мұны ашық айтқанда, Ыбырайым сөзге келмей, сынаққа бірден тәуекел етеді. Бірақ Алла тағала Құранда бұл оқиғаның жалғасын: «Шын мәнінде,  бұл бір ашық  сынау еді. …Ізгі істер істеушілерді осылайша сыйлыққа бөлейміз. Өйткені ол сенген құлдарымыздан еді», деп баяндады. Яғни шешуші сәтте Алла тарапынан берілген әмір өзгеріп, құрбандыққа мал шалынатын болды.

Құрбан – араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаһқа жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды. Құрбан айттың алғашқы үш күні шалынатын мал «ұдһия» деп аталады.

Хазірет Ибраһимнен (а.с.) бері келе жатқан қажылықта орындалатын құрбан (һәди) шалу Аллаһ елшісі Мәдинаға қоныс аударғаннан кейін, хижраның екінші жылы қажылықтан тыс мұсылмандарға да (удхия құрбаны) міндеттелді. Осы күндері айт намазын оқу және құрбан шалу уәжіп ретінде бекітілді. Қасиетті кітабымызда: «Сондықтан  Раббың үшін айт намазын оқы, құрбан шал», — деген аят бар.

Құрбан айт кезінде мұсылмандарға ғибадатқа мейлінше көңіл аударған абзал. Атап айтсақ:

1) Құрбан айт мейрамында түнде намаз оқу, зікір айту және Құран оқумен айналысу жақсы амал болып есептеледі. Муғаз ибн Жабалдан келген хадисте: «Кімде-кім мына төрт түнде намаз оқыса оған жаннат уәжіб болады: Таруия түні, арафа түні, Құрбан айт түні, Рамазан айт түні» делінген. Пайғамбарымыз (с.а.с) айтты: «Кімде-кім  Рамазан айтының және Құрбан айттың  түнінде Алладан сауап үміт ете отырып намаз оқыса, Алла тағала жүректер өлетін күні (дін атаулы жоғалып, адамдар имансыз халде таң атырып кеш батырған кезде)  оның жүрегін аман қалдырады».

2) Айт намазының таңы атқанда тәкбір айтуды көбейту де жақсы амалдардан. Сахаба Анас Пайғамбарымыздың: «Мейрамдарыңды ұлықтаумен, тәкбірмен, мақтаумен,  құрметтеумен   зейнеттеңдер   (көрікті қылыңда)» деп айтқанын жеткізген.

3) Арафат күнінің таң намазынан бастап, бес күн бойы намаздардан кейін тәкбірлерді айту 4) Құрбан айт намазын ертерек оқу. Бұл құрбандық малын союға оң жағдай жасайды.

5) Құрбан айт намазының алдында ештеңе жемей бару. Әнастан келген хадисте Пайғамбарымыздың (с.а.с)  Ораза айт күні тамақ ішпей шықпайтын еді және Құрбан айт күні намаз оқығанша тамақ ішпейтінін  айтқан.

6) Шалған құрбандығын үш бөлікке бөліп беру. Яки бір бөлігін өзіне, екінші бөлігін жақын туыстарға, үшінші бөлігін кедей-міскіндерге бөліп беру.

Алла тағаланың әмірлерін қалтқысыз орындау пендені Жаратушының ризашылығына бөлеп, ақыретте сый-сыяпатқа кенелтеді. Құрбан шалу да — Алла тағаланың арнайы бұйрығы. Сол себепті бұл бұйрықты шын ықыласпен атқарушы Раббысының ризашылығын алып, ақыретте жүзі жарқын болады, мол сауап иеленеді. Пайғамбарымыз хадисінде бұл ақиқатты былай деп түсіндіреді: «Адам баласы құрбан айт күні (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Аллаһ тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған  қан жерге тамбай жатып, Аллаһ тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар», — деді.

Кез келген мал құрбандыққа жарамайды. Бастысы, мынадай ерекшеліктерді ескеру керек.

  1. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдар жарамды. Ал үйрек, қаз, тауық, түйетауық, елік секілді т.б. аң-құстар құрбандыққа жарамсыз. Бұларды құрбандық ретінде шалу харамға жақын мәкрүһ болып табылады. Өйткені мұнда мәжусиларға (отқа табынушылар) еліктеушіліктің нышандары бар. Қой, ешкі, сиыр және түйенің еркектері де, ұрғашылары да құрбандыққа жарамды.
  2. Құрбандыққа жарайтын қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса құрбандыққа жарамды. Ал ешкінің міндетті түрде бір жасқа толған болуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады.
  3. Құрбандық малдың дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы қажет.
  4. Құрбандық мал ғибадат ретінде бауыздалуы шарт. Шын мәнісінде, Аллаһ пенделердің құлшылығына да, құрбандық шалуына да зәру емес. Құрбан шалудың бізге мәлім әрі беймәлім көптеген пайдалары мен хикметтері бар. Дегенмен негізгі мақсат – Аллаһ тағаланың разылығына бөлену. Мал шалғанда пенделердің ниетінің негізге алынатындығы Құран-Кәрімде былайша баяндалған: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаһқа жетпейді. Оған жететін жалғыз нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалық, Аллаһқа деген құрмет» (Хаж сүресі 37).

Пайғамбарымыз бір хадисінде біздерге былай деп ескерту жасаған: «Расында,  бұл күндегі біздің алғашқы ісіміз – намаз оқу, кейін қайтып келіп құрбандық шалу. Кімде-кім осылай істесе, расында, ол сүннетімізге қол жеткізгені.  Ал егер  намаз оқымай құрбандық шалып қойса, онда оның құрбандығы жай ғана ет болады. Құрбандықтан ешнәрсе таба алмайды», — деді.

Құрбандық шалу мұсылман адамға бұл дүниеде һәм ахиретте үлкен-үлкен сауаптар алып келеді. Сол себептен қадірлі жамағат, шама-шарқымыз келгенше Алланың разылығын көздей отырып, құрбандық  шалайық.

Руслан  СҰЛТАНОВ,

ҚМДБ-ның  БҚО  бойынша  өкіл  имамы


Оралға жеті елден инвесторлар келді

Күні: , 164 рет оқылды

image-09-09-16-11_07-9


Батыс Қазақстан облысы – Еуразия құрлығының төрінде орналасқан ерекше жағырапиялық аймақ. Ерекше дейтін себебіміз, Еуропа мен Азияның ірі экономикалық-мәдени орталықтарына оңай шығуға болатын қолайлы мекен. Жайық өзені арқылы Каспийге шығу мүмкіндігі – тұтас еліміздің стратегиялық маңызына ие.


Өнеркәсіптік секторының дамуы – облыс экономикасының негізі. 2015 жылы жалпы өңірлік өнім бойынша өнеркәсіптің үлесі 50 пайызды құрады, әрі қарқынды даму үстінде. Өңірде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру үшін белсенді жұмыстар атқарылуда. Бұл бағыт мемлекеттік қолдауға ие. Былтыр басты капиталға инвестиция 1,5 млн. долларды құраса, оның 7,5 млн. доллары шетелдік инвестиция үлесінде. Мұның бәрі статистика үшін емес, жаңа өндіріс пен жұмыс орындарын ашу үшін жасалуда. Өндіріске инвесторлар тарту үшін ұйымдастырылған шаралардың бірі – бейсенбі күні Орал қаласындағы өткен ІІІ халықаралық инвестициялық «WestKazInvest-2016» форумы. Бұл шарада да жаңа келісімдерге қол қойылды.

img_3522Өңірдің инвестициялық әлеуетін таныстыру, түрлі салаларда өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында ұйымдастырылған аталмыш форумға Ұлыбритания, Финляндия, Ресей Федерациясы, Иран, Италия, Исландия, Чехия елдерінен, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларынан, еліміздің өзге де аймақтарынан жетекші шетелдік және ұлттық компаниялар, халықаралық қаржы корпорациялары, қаржы орталықтары мен даму институттарының өкілдері, кәсіпкерлер келді. Жалпы алғанда, жиынға 100 шақты шетелдік және 500-дей отандық өнеркәсіптің, қаржы институттарының өкілдері қатысты. Ал тауар өндірушілердің көрмесінде жетпіс шақты компания өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды.

— Елбасы тапсырмасына сәйкес қазіргідей жаһандану кезеңінде инвестицияны неғұрлым молырақ тарту, қаржыны ел мен өңірді дамытуға бағыттау мақсатында облыс алдында тұрған міндеттер белгіленген болатын. Өңір әлеуетін ескере отырып, бәсекеге қабілеттілікті арттыру бағытында машина жасау, агроөнеркәсіп, құрылыс индустриясы, шағын және орта бизнес, көлік-логистикалық жүйе сынды жетекші салаларды дамытуға барынша күш жұмсалуда. Бұл ретте Батыс Қазақстанда Қарашығанақ және Чинарев мұнайгазконденсаты кен орындарының болуы машина жасау кәсіпорындарына мол мүмкіндікке жол ашады. Еуропа мен Азияның түйіскен жерінде орналасқан Батыс Қазақстан Ресейдің бес бірдей облысымен шектеседі. Бұл да шекаралас аймақтар арасындағы ынтымақты нығайтуға септеседі. Сондықтан экономиканың түрлі салаларынан бастап білім беру, экологияға дейін өзара келісім жасап, тиімді қарым-қатынас жасаудың маңызы зор, — деді форумның ашылуында БҚО әкімінің орынбасары Игорь Стексов.

Теннис орталығында форумның пленарлық отырыстары, секциялық мәжілістер мен кездесулер өтіп, инвесторлар мен жергілікті компаниялар өкілдері пікір алмасты. Нәтижесінде Орал қаласында салымшыларға үй салу жөнінде келісімге облыстық әкімдік, «Орал» ӘКК» ҰК» АҚ және «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, Орал қаласында қалдықтарды реттеу жүйесін оңтайландыру жөнінде Орал қалалық әкімдігі мен «ICMRecycling» консорциумы, «Smart City — Uralsk» жобасын іске асыру жөнінде Орал қалалық әкімдігі, «Орал» ӘКК» ҰК» АҚ мен «Intelligent Urban Solutions» ЖШС меморандумға қол қойды. Сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында тұрғын үй коммуналдық шаруашылықта қызметтер көрсету жөнінде «Kemeo Kazakhstan» ЖШС, «ABB (ЭйБиБи)» ЖШС мен Орал қалалық әкімдігі, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын құру жөнінде келісімге БҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мен ««Маңғыстау» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» ЖШС меморандумға қол қойысты. Өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту жөнінде БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы мен Иранның «Dasht-e Kakhnudj» компаниясы келісімге келді. Аталмыш басқарма облыстағы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді отандық гибридті күнбағыс дақылымен қамту жөнінде «Астана-Бизнес» ЖШС-мен меморандумға қол қойды. БҚО индустриалды аймағында көлік-логистикалық орталығы құрылысын салу жөнінде бірлескен жобаға «Орал» ӘКК» ҰК» АҚ мен «Мұнайқұрылыссервис ЛТД» ЖШС қол қойды.

Ал оралдық «Стекло-Сервис» пен «Элита» кәсіпорындары Финляндия елінің «Lammin Ikkuna» және «General Finiand» компанияларымен келісімдерге келді. Ал «Ural Electric» ЖШС Швейцарияның «АВВ» компаниясымен жабдықтар жеткізуге келісті. Испанияның «IPAP S.L.» компаниясы «ПОШ Руна» ЖШС-на мал терісін өңдейтін жабдықтар жеткізіп беретін болды. Форумда барлығы 14 меморандумға қол қойылды.

Ал көрмеге қойылған батысқазақстандық өнімдерге шетелдік, астаналық түрлі компания өкілдері қызығушылық танытып жатты. Мәселен, Сырым ауданынан келген «Жылқайдаров» ЖК көрмеге өздері илеген былғарыдан жасаған өнімдерін шығарды. Олардың ұлттық оюлы ат-әбзелдері мен аяқ киімінің тігу әдісіне итальяндықтар қызықты.

— Халықаралық көрме барлығына керек. Әлем осындай көрмелер арқылы технологиясын танытады.

Біздің ұлттық технологиямен айналысып келе жатқанымызға қырық жылға таяды. Ұлттық техно-логияның ерекшелігі – бізге шетелдің малы, шикізаты, технологиясы, мамандары қажет емес. Біздің технология ғылым жетістіктеріне сүйене отырып, адамның экологиялық, экономикалық, әлеуметтік, медициналық, рухани өмір сүру қалпына жауап береді. Бүгінде ең маңыздысы – ұлтты, тектілікті сақтап қалу. Ол үшін ағзаға зиян тағамдарды өндіруді заңмен тоқтату қажет. Біз адамның генетикалық құрамының 94 пайызын ғана білеміз, соның өзі әлі толық зерттелген жоқ. Сондықтан адамдар тек таза тағаммен өмір сүру керек. Тамақ пайдалы не зиян болады, ал зиян емес дегені болмайды, — дейді жылқыны табынмен өсірудің қыр-сырын зерттеп, дәріптеп жүрген елге танымал ғалым-атбегі Алтай Зейнуллин. Алтай Сәбитұлы көрмеге өзі жетекшілік ететін «Ауыл шаруашылығында қалдықсыз технология енгізе отырып, органикалық өнім өндіру» жобасын әкеліп, тұтынушыға дайын қымыз, шұбат шығарды. Жоба ұлттың тектілігін сақтау, мал шаруашылығында жұқпалы ауруларды 70 пайызға дейін азайту, отандық тауар өндірушілерді дүниежүзілік жаһанданудан сақтау, әр ауданда 150 жұмыс орнын ашуды мақсат еткен.

Көрмеде ата-ананың баланы бақылап отыруына арналған қол сағаттар да қатысушылардың қызығушылығын туғызды. Бұл сағат арқылы ата-ана баланың сабаққа қатысын, ортасымен әңгімесін тыңдап, жүрген жолын GPS-пен көріп отыра алады. Сондай-ақ сағатта қоңырау шалу, SOS батырмалары да бар.

Оралдық «Q7 qroup» компаниясының квадрокоптерлер (дрондар), ұшақтың ұша алатын көшірмелерін жасайтынын көріп, таңғалғанымызды жасырмаймыз. Ұшатын аппараттар тапсырыспен ғана жасалады әрі құны шетелдікінен айтарлықтай арзан.

Көрмеде кемеден бастап зауытфабрика жабдықтары, ауыл шаруашылығы техникалары, құрылыс материалдары, тұрмыстық заттар, тағам да, киім де, қолөнер бұйымы да, балалар ойыншығы да, түрлі технологиялар да бар. Көпшілік назарына ұсынылған жетпіс шақты өндірушінің әр өнімі ерекше, ұлттық болмысымызға жақын сезілді. Себебі оның бәрі – отандық.

Бұл халықаралық инвестициялық форум аймақаралық өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту, тәжірибе алмасу, өнімдерді көпшілікке таныту, бірлескен өндірістер ашу, облысқа инвестиция тарту, мемлекет пен бизнестің әрекеттесуінің алаңы ретінде ары қарай да өткізілетін болады.

*         *         *

Дәл осы күні түс қайта III Халықаралық инвестициялық «WestKazInvest-2016» форумы теннис орталығында, Салтанат сарайы мен «Достық» үйінде секциялық жұмыстармен жалғасты. Ірі шетелдік компаниялар, Қазақстанның облыстары мен Ресейдің шекаралас аймақтары, кәсіпкерлер, мемлекеттік орган өкілдері мен ұлттық институттар мен холдингтер, ғылым мен бизнес орталардың, ірі тауар өндірушілер мен қызмет көрсетушілер, инноваторлар мен туристік компания өкілдері қатысты. Секциялық жұмыстарда шетел инвестицияларын тарту арқылы батыс өңірінде агроөнеркәсіп кешенімен қаржы құралдарын дамыту мақсатында бірлескен жаңа өндіріс орындары мен кәсіпорындар ашу жайы талқыланып, инвесторлар мен жергілікті компаниялар өкілдері пікір алмасты.

Нұрлыбек РАХМАНОВ,

Нұрбек ОРАЗАЕВ


Сырым елі Оралға көшіп келгендей

Күні: , 157 рет оқылды

img_3305


Таяуда сырымдықтар облыс орталығына келіп, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына  және Қала күніне орай бірнеше шара ұйымдастырды. Соның бірі Достық үйінде этномәдени бірлестіктер өкілдерінің дөңгелек үстелде бас қосуы болды.


Орал қаласы әкімінің орынбасары Марс Сатыбалдиев жүргізген кездесу «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасы аясында Сырым ауданының Орал қаласында «Рухани келісім – бірлік пен тұрақтылықтың кепілі» тақырыбында өрбіді. Бүгінде аудандағы тұрғындар саны 20 мыңды құрайды. Олардың арасында 14 түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешуде.

– «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасы аясындағы шаралар өңірімізде соңғы үш жылда жақсы үрдіс алып келеді. Көршілес аудандарға және өзіміздің ауылдық округтерге барып, қарым-қатынасымыз жақсарды. Осындай жақсылықтың жалғасы ретінде бүгінгі шарамызды қаламыздың туған күніне тартуымыз деп есептейміз. Ауданымыздағы қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, халықтың әлеуметтік жағдайын әрдайым басты назарымызда ұстап келеміз. Бүгінгі шараға қатысып отырған қонақтарымызға зор алғыс айтамын, – деді Сырым аудандық мәслихатының хатшысы, аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы Шынар Дүйсенғалиева. Аталмыш шараға Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков және ауылдық округ әкімдері, зиялы қауым өкілдері  мен  кәсіпкерлер  қатысты.

*   *    *

Дәл осы күні “Жымпиты — Орал” 150 шақырымдық жолды артқа тастаған сырымдық марафоншылар Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының алаңына келіп жетті.

25 адамнан құралған марафоншыларды оралдықтар зор қошеметпен қарсы алды. Жүгірушілердің ішінен жетпісті алқымдаған жымпитылық Еркін Шүренов пен тәуелсіздіктің құрдасы Бекзат Бекниязов ерекше көрінді. Осыншама қашықтықты бағындырған сырымдық спортшылар бұл шараны Тәуелсіздіктің 25 жылдығына тартуымыз дейді.

Шара  қонақтары орталық алаңында тігілген киіз үй  маңындағы көне жәдігерлер мен қолөнер шеберлерінің туындыларын тамашалап, дастарқаннан дәм татты.

*   *    *

Сол күні кешкілік Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев пен Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков мәдени-экономикалық бағыттағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Кейін амфитеатрда «Тәуелсіздікпен түлеген шежірелі Сырым елі» атты мерекелік концерт болды. ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Қала күніне арналған концерт шымылдығы «Салтанат» биімен ашылды. «Сырым сазы» фольклорлық ансамблінің орындауында Н. Тілендиевтің «Ата толғауы» мен дәстүрлі әншілер шеруі көрерменнің  жүрегінен орын тапқандай. Өткен жылы облыстық «Мерейлі отбасы» байқауында  жеңімпаз болған Кенжебаевтар отбасы «Дархан қазағым» әнін шырқаса, өңірімізге танымал Шайхиевтер отбасы «Туған жер» әнін орындап, шараның шырайын кіргізді. Қадыр ақынның елінен келіп, өлең оқымай кете ме деген көрерменнің көкейіндегі сұраққа Бауыржан Ширмединұлы, Асхат Серік және Жоламан Еркіндер оқыған өлең, көркем сөз нақты жауап болғандай. Осы кеште аудандық оркестрдің өнері де ортаға салынып, дәстүрлі ән-күйлер орындалды, халықтар достығын паш ететін әр түрлі ұлт өкілдерінің биі көрермен назарына ұсынылды. Қазаққа Сырымдай батырды сыйлаған, Алаш арысы Жаһаншаға жарық дүние есігін ашқан, ақын Қадырды туған, отқа оранып Отанын қорғаған Абдолланы толғатқан, даусы алты қырдан асқан әнші Амангелді Ғұбайдуллинді дүниеге әкелген қасиетті өлкенің облыс орталығындағы мәдени күндеріне аса ұйымшылдықпен келгендері көрініп тұрды. Жерлес композитор Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін жымпитылық өнерпаздармен бірге көрермендер де қосыла шырқады. Концерттік бағдарлама соңында «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасының достық эстафетасын Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков  Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиевке тапсырды. Қала басшысы да құр қол келмегенін көрсетіп, шаһар тұрғындарына жадыраңқы көңіл күй сыйлаған сырымдық өнерпаздарға ықылас гүлімен бірге естелік  сыйлық  табыс  етті.

Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ,

«Орал  өңірі»


«Негізгі міндет – халықтың өмір деңгейін арттыру»

Күні: , 144 рет оқылды

1-%d0%bf%d0%be%d0%bb%d0%bb%d0%be%d0%b0%d0%be%d0%b2%d0%b0%d1%80%d1%82%d1%80%d0%b2


Мемлекет басшысының төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті.

Отырыс барысында елдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері қаралды, сондай-ақ экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі алдағы шаралар айқындалды.


Елбасы жиналғандарға арнаған сөзінде бүгін мемлекет алдында тұрған негізгі міндет – халықтың өмір деңгейін арттыру екенін атап өтті.

– Күрделі жағдайларға қарамастан, біз 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап бюджеттік қызметкердің орташа жалақысын 30%-ға, стипендиялар мен жәрдемақыларды – 25%-ға арттырып, зейнетақыны 9%-ға индексацияладық. 673 мың адамға мүгедектігі және асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік жәрдемақылар көлемін 25%-ға арттырдық, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев жаңа шынайылық қосымша нақты шаралар қабылдауды талап ететінін айтты.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы алдағы кезеңге келесі бағыттар жөнінде бірқатар нақты міндеттер қойды.

Жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру және жұмысбастылықпен қамту

Қазақстан Президенті Үкіметтің басты жұмыс бағытының бірі болып жаппай кәсіпкерлік мәселелері табылатынын атап өтіп, тиісті бағдарламаларды одан әрі дамытуды жүзеге асыруды және қолдау құралдарын жетілдіруді тапсырды.

– Үкімет бүгінде шағын несие беру аясын одан әрі кеңейту жөнінде шаралар қабылдауы тиіс.

Өзін-өзі жұмыспен қамтитындардың 60%-ы ауылда тұрады. Осыған байланысты «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында біз 5 өңірде пилоттық режімде «Ауылдағы жұмысбастылық» жаңа жобасын іске асыруды бастадық.

Оған 10 миллиард теңге бөлінді. Бұл жұмысты жүргізу барысында кооперацияларды дамыту ісіне айрықша көңіл бөлу қажет.

Тиісті «Кооперациялар туралы» Заң қабылданды. Енді жер-жерлерде үлкен ұйымдастыру және түсіндіру жұмыстары күтіп тұр. Үкіметке әкімдермен бірлесіп, елді мекендерде ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу және қайта өңдеуді қамтамасыз ететін кооперативтер ұйымдастыру жөніндегі шаралар қабылдауды тапсырамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы «Барлығына тегін кәсіби-техникалық білім беру» жобасы аясында жұмысты жалғастыру қажеттігіне тоқталды.

Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті Үкіметке және әкімдерге еңбек мобильділігін қамтамасыз ету және жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің бірін-бірі табуға ықпал ету жөніндегі жұмыстарды бақылауды ұстауды тапсырды.

Сонымен бірге Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкерлер қызметі мен мемлекет-жеке меншік серіктестігінің тетіктерін белсенді қолдану үшін шекараны кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.

– Бүгінде барлық жағдайлар жасалып, құқықтық алаң қалыптасты. Қазірдің өзінде жағымды мысалдар бар. Мектепке дейінгі білім беруде мемлекет бизнеспен бірлесіп мемлекеттік тапсырыс жеке мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне орналастыру арқылы тиімді жұмыс жасай бастады. Бұл жағдайда бизнес өзінің инвестициясын құрылысқа салады, – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы министрліктер мен ведомстволардың ведомствоға бағынысты ұйымдарына оларды бәсекелік ортаға немесе жергілікті деңгейге беру мақсатымен қайта инвентаризация өткізу қажеттігін атап өтті.

Экономиканы  әртараптандыру

Нұрсұлтан Назарбаев жыл соңында мемлекеттік қазынаның 830 миллиард теңге қосымша кіріске толығуы күтіліп отырғанын айтты. Бұл биылдың өзінде дағдарысқа қарсы жоспардан шығуға және стратегиялық даму міндеттерін орындау үшін қазіргі проблемаларды шешуге мүмкіндік береді.

Осыған байланысты Қазақстан Президенті негізгі үш міндетке тоқталды.

Агроөнеркәсіп  кешені

Мемлекет басшысы «Агробизнес – 2020» бағдарламасының аясында жыл соңына дейін АӨК дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді ұсынды.

– Бағдарламаның басымдықтары болып нарыққа неғұрлым қажетті өнім түрлеріне назар аудара отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайту және әртараптандыру, өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау, ауыл шаруашылығы өндірушілер үшін бірінші кезекте ұзақ мерзімді қол жетімді несиелендіру, қызмет көрсету – дайындау коо-перативтерін, бастапқы қайта өңдеудің, өнімді сақтау мен өткізудің инфрақұрылымын құру, сондай-ақ суармалы жердің айналымын енгізу табылуы тиіс. Алдағы бес жыл ішінде кемінде 600 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізу керек. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдер ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануға қатаң бақылау жүргізуі тиіс. Бұл жерлерді апатты жағдайдағы су қоймаларын жөндеу және жаңасын салу есебінен қажетті су көлемімен қамтамасыз ету керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті агроөнеркәсіп кешеніндегі субсидиялау жүйесін жетілдіру, тиімсіз субсидиялауды доғару және өнімділікті арттыруға назар аудару қажеттігін атап өтті.

Елбасы ветеринарлық қауіпсіздік мәселелерін қозғай отырып, Үкіметке биыл АӨК-ні қолдауға қажетті қосымша 97 миллиард теңге қаражат бөлуді тапсырды.

– Биыл сібір қараталағы бірнеше өңірде орын алып, адамдар да өлді. Біз ауруды емдеуге қаражатты көбейтудің орнына, оны түбегейлі жоюымыз қажет. Әкімдер ветеринарлық қауіпсіздікті сақтауға жеке жауапты болады. Бұл мәселелер 2014 жылдан бастап жергілікті биліктің құзыретіне жатады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Экспорттық  әлеуетті  индустрияландырудың  жаңа  кезеңі есебінен  әртараптандыру

Қазақстан Президенті барлық экономика мен экспорттың әртараптануы оның тұрақтылығының кепілі болатынын, нәтижесінде Үкімет пен әкімдер экспортты ынталандыру және дамытуға бағытталуы тиіс екенін айтты.

– Біз индустриялық бағдарламаның екінші бесжылдығына көштік. Таңдалатын жобалардың сапасын арттыру өте маңызды. Жаңа бесжылдықта шикізаттық емес экспорттық өнімге бағыт алу қажет екенін басып айтамын. Экспорттық әлеует, жоғары өнімділік, жаңашылдық таңдалатын жобалардың негізгі өлшемдері болуы тиіс. Үкіметке бұл бағдарламаны қолдауға қажетті қосымша 112 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев экономиканы әртараптандырудың маңызды бағыты болып Қытаймен «Жібек жолының экономикалық белбеуі» бастамасының аясындағы келісімді іске асыру табылатынын атап өтті.

– Қазақстан мен Қытайдың 51 жобасынан тұратын тізім құрылды. Бұл жобалар осы кезеңде айрықша өзекті болып саналатын қосымша құн мен жаңа жұмыс орындары түріндегі жақсы экономикалық әсер береді. Үкімет «Жібек жолының экономикалық белбеуі» бастамасының аясында белгіленген жобалардың уақтылы іске асырылуын қамтамасыз етуі тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Көлік инфрақұрылымын дамыту

Мемлекет басшысы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бүгінде көлік инфрақұрылымын дамыту мен экономиканы қолдаудың басты құралы болып отырғанына назар аударды.

– Көлік әлеуетін дамыту мен өңірлік көлік-логистика хабын құру жөнінде міндеттер тұр. Азия-Еуропа бағытындағы контейнерлік көлік тасымалының көлемі қарқынды өсуде. Биылғы жеті айдың ішінде ғана ол былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 2,5 есеге артты. Бұл жұмысты биыл жалғастырып, жыл соңына дейін «Алматы-Шу» темір жолы желісінің алғашқы іске қосылатын кешенін, Құрық портындағы паром кешенін іске қосуды, 920 шақырым қашықтықтағы автомобиль жолының құрылысы мен қайта құруды аяқтау қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі басталған жобалардың іске асырылуын жеделдетуге биыл қосымша 74 миллиард теңге бөлуді тапсырды.

Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету

Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық банкке алдағы уақытта бірінші кезекте іске асырылуға тиіс бірқатар міндеттер қойды. Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық қордан алынатын трансферттерді қатаң регламенттеуді тапсырды.

– Тағы бір мәселе – бюджетаралық қатынастар. Соңғы 10 жылда республикалық бюджеттен мақсатты трансферттер есебінен қаржыландыру көлемі едәуір артып, қаржыландырылатын салалар да айтарлықтай көбейді.  Оның мөлшері 2016 жылы жергілікті бюджеттерден түсетін қаражаттың 36%-ына  жетті. Жергілікті маңызы бар жобаларды республикалық бюджет есебінен қаржыландыруды тоқтату қажет. Бұл мәселені әкімдіктер өздері дербес шешуге тиіс. Үкіметке бюджетаралық қатынастарды жетілдіру жөнінде келісілген ұсыныстар әзірлеп, енгізуді тапсырамын, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы 2016 және 2017 жылдары инфляция деңгейін 6-8%-ға дейін төмендету макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қажетті маңызды шарт екенін атап өтті.

– Еркін айырбас бағамына көшу арқылы біз өнім өндірушілеріміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қол жеткіздік. Өңдеу өнеркәсіптеріндегі өсім қарқыны қалпына келе бастады. Бірақ теңге бағамына түзету енгізу инфляциялық үдерістердің белең алуына әкеп соқтырды. Бізге инфляция деңгейін  биылғы жылдың соңына шейін бір таңбалы санға дейін төмендетуге қол жеткізу маңызды. Халықтың әлеуметтік бақуаттылығы үшін бұл аса қажет. Сондықтан бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін мен тиісті шаралар қабылдап, табиғи монополиялар қызметінің тарифтерінің өсуіне биыл жол бермеуді тапсырамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті валюта нарығындағы ахуалдың тұрақталуы қазірдің өзінде оң нәтиже бере бастағанын айтты.

– Долларсыздану үдерісі басталды. Теңгемен салынған депозиттер өсіп келеді, бұл банк қорын толықтырудың теңгелік базасын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Теңгемен салынған депозиттер үлесі 2016 жылдың басындағы 31%-дан 1 тамыздағы 41%-ға дейін артты. Соған орай несие беру мөлшері қайтадан көбейе түсуде. Биылғы жеті айда шағын бизнеске берілген несие портфелі 2,1 триллион теңгеден 2,8 триллион теңгеге дейін ұлғайды, өсім 740 миллиард  теңге немесе 36% болды. Дегенмен, қарқынды экономикалық даму үшін бұл жеткіліксіз, – деді Мемлекет басшысы.

Осы ретте Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банкке Үкіметпен бірге ұзақ мерзімді несиелік белсенділікті қалпына келтірудің қосымша шараларын қабылдауды тапсырды.

Қазақстан Президенті экономикаға инвестиция тартудың елеулі жолының бірі  халықаралық қаржы ұйымдарынан қаражат алу екенін айтты.

– Халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық жөніндегі бағдарлама  2014 жылы мақұлданған болатын. Сол себепті, осы бағдарлама бойынша халықаралық қаржы ұйымдары, оның қатарында Дүниежүзілік банк, ЕҚДБ, АДБ, ИДБ 5 жылда Қазақстанға 7 миллиард доллар бөлуді жоспарлап отыр. Үкімет пен әкімдер осы бағдарламаның аясын кеңейту және экономикаға қосымша қаражат тарту мүмкіндігін қарастыруы қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев тұрғын үй мәселесіне арнайы тоқталды.

– Тұрғын үй құрылысын дамытуға біз зор көңіл бөліп отырмыз. Былтырдың өзінде республикада 9 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – еліміз үшін рекордтық көрсеткіш. Тұрғын үй құрылысының көлемі 2016 жыл қорытындысында 10 миллион шаршы метрден асады деп болжануда. Халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету міндетін орындау үшін 2005 жылдан бері тиісті мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Дегенмен, көпшіліктің тұрғын үйге мұқтаждығы әлі де айтарлықтай жоғары. Жұртты тұрғын үймен қамтамасыз ету міндетін орындау ісі кешенді жаңа шараларды талап етеді, – деді Қазақстан Президенті.

Осы орайда Мемлекет басшысы Үкіметке бірыңғай «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірлеуді, оған қазіргі қолданыстағы бағдарламалардың барлық мәселесін кіріктіруді тапсырды.

– Жаңа бағдарламада мына мәселелерді ескеру керек. Тұрғын үй құрылысын тікелей қаржыландырғаннан гөрі жеке меншік құрылысшыларды ынталандыру ісіне баса ден қойған жөн. Олардың тұрғын үй салу кезіндегі шығындарын азайтып, мемлекет өз ресурстарын инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымдар әзірлеуге жұмылдыруы керек. Бұл бюджеттен қаржыландырудың үлесін азайтып, жеке инвестицияны көбірек тартуға мүмкіндік тудырады. Сондай-ақ төлем қабілеті бар тұрғындар тарапынан сұранысты жандандыру керек. Коммерциялық банктердің ипотекалық несие беруін жандандырып, пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға қоса өзге де арзандату бағытындағы шараларды ойластыру қажет, – деді Нұрсұлтан  Назарбаев.

Қазақстан Президенті бағдарламаның тағы бір компоненті тұрғын үй құрылысы жинағы жүйесі арқылы несиелік тұрғын үй құрылысын жалғастыру болуы тиістігін  атап өтті.

– Бұл ретте несиелік тұрғын үй құрылысын бюджеттен тыс қаржыландыру жүйесіне көшіру керек, ал бюджеттен займдық ресурстар құнын төмендету үшін субсидиялау түрінде ғана қолдау көрсеткен жөн. Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту қажет. Бұл міндеттің орындалуы мемлекеттің бөлінетін жерлерді инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мүмкіндігімен тікелей байланысты. Сондықтан Үкімет мұндай инфрақұрылым қалыптастыруға жұмсалған қаражаттың қайтарылу механизмін ойластыруы тиіс. Бұл оны қайтарымды негізде ұдайы қайтадан пайдалануға мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев әкімдерге Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге қолда бар жер қорына талдау жүргізіп, бас жоспарларды тиісінше өзгерту жөнінде ұсыныс беру міндетін қойды.

– Сонымен қатар әкімдерге мемлекет мұқтажы, соның ішінде жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер сатып алуға қосымша құқық беру керек. Көлікке қатысты шешімдерді, қандай әлеуметтік инфрақұрылым қажеттігін алдын ала ойластыру қажет. Бұл бағдарламаның елеулі әлеуметтік әсері болатынына сенімдімін. Жаңа жұмыс орындарына қоса, миллиондаған қазақстандықтар тұрмыс жағдайларын айтарлықтай жақсарта алады. Жаңа бағдарламаның маңызды әлеуметтік мәнін ескере отырып, Үкіметке «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп, оны халықпен, жұртшылықпен және бизнес өкілдерімен бірге егжей-тегжейлі талқылауды тапсырамын, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы отырысты қорытындылай келіп, айтылған міндеттерді орындау үшін Үкіметке биылғы республикалық бюджетті нақтылау жұмысын жүргізуді тапсырды.

– Басымдығы бар жобалар мен іс-шараларды жүзеге асыруға қосымша 380 миллиард теңге, оның 280 миллиард теңгесін мен бүгін айтқан шараларды іске асыруға, ал 100 миллиард теңгесін қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, Астанадағы білім беру және инфрақұрылым нысандары құрылысына бағытталған және өзге де шығыстарға бөлу қажет. Ұлттық қордың қаражатын сақтап, одан әрі жинақтау мақсатымен 2016 жылы кепілдендірілген трансферт көлемін 400 миллиард теңгеге қысқартуды, сондай-ақ мақсатты трансфертті 50 миллиард теңгеге азайтуды тапсырамын. Үкімет менің тапсырмаларымды жүзеге асыру үшін 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында алдағы үшжылдық кезеңнің шығыстарын қарастыруы қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Отырыс барысында Премьерминистрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі А. Мырзахметов, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т. Дүйсенова, Ұлттық экономика министрі Қ. Бишімбаев, Қаржы министрі Б. Сұлтанов, Ұлттық банк төрағасы Д. Ақышев, бірқатар облыстардың әкімдері, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқармасының төрағасы Ө. Шөкеев, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы С. Мыңбаев баяндама  жасады.

www.akorda.kz


Елбасы қабылдады

Күні: , 176 рет оқылды

%d0%b0%d0%ba%d0%b8%d0%bc%d0%b4%d0%b8-%d0%ba%d0%b0%d0%b1%d1%8b%d0%bb%d0%b4%d0%b0%d0%b4%d1%8b


Елбасы Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновті қабылдады.


Кездесуде өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығын дамыту, сондай-ақ өңірдің экономикасын одан әрі әртараптандыру  перспективалары  қарастырылды.

А. Көлгінов Мемлекет басшысын өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы, сондай-ақ алдағы кезеңдегі өзекті міндеттер жөнінде хабардар етті.

Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

www.akorda.kz


«Мың тұяқтың дүбірі — бір Тұяқтың саусағы!..»

Күні: , 140 рет оқылды

img_3166


Елге танымал күйші-композитор, ҚР халық әртісі Тұяқберді Шәмеловтің 65 жас мерейтойын Ақ Жайық жұрты ескерусіз қалдырмады. Аптаның сәрсенбісінде Орал қаласындағы жастар мәдениет үйінде «Мың тұяқтың дүбірі — бір Тұяқтың саусағы!..» атты еске алу кеші өтті.


«Қазақстан-Орал» телеарнасының редакторы Мұнайдар Балмолда дайындаған деректі фильм көрсетілген соң, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов күй мұхитына шалқар шабыт боп енген дарабоз дарынның даңқы ел есінде берік сақталатынын атап  өтті.

– Тұяқберді Шәмелов Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық қазақ ұлт аспаптар оркестріне қатардағы домбырашы боп келіп, бас концертмейстері әрі көркемдік жетекшісі деңгейіне дейін көтерілді. Күйдің нағыз жанашыры өнер құдіретін шетелге де паш етті. Ол күй шығаруға өте сақ қарады: артына екі-ақ туынды қалдырды. Оның бірі – ұстаздарына арнаған «Қали, Мәмен – күмбір күй». Бұл – қасиетті өнер алдындағы зор жауапкершілік. Композитордың елді сүюге шақыратын лирикалақ әндері қандай еді! Әсіресе, ауылға деген махаббаты зор болды. Жаһандану дәуірінде дәстүріміздің түпсіз жұтылып кетуден сақтайтын осы күй өнері, ән өнері болмақ. Қазақ деген халық барда Тұяқберді Шәмеловтің есімі ұмытылмайды. Бүгінгі кеш – соның куәсі, — деді шарада сөз алған республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Темір Құсайын.

Концертте композитордың «Ауылымды сағындым» (сөзі А. Асылбековтікі) «Асқаралы азамат» (М. Құлкенов), «Домбыра» (Қ. Мырза Әлі), «Сен аман бол, Ақжайық» (А. Бақтыгереева), «Бөкей орда, жасай бер!» (Ғ. Сейтақ), «Ақ әже» (Ш. Қыдырниязова) әндерін жергілікті күміс көмей әншілер тамылжыта шырқаса, жас домбырашы Әлібек Қуанышалиев «Қали, Мәмен — күмбір күйін» бабына келтіре орындады. Кеште сөз алған танымал ақын Ақұштап Бақтыгереева жастар тәрбиесінде күй өнерінің маңызы айрықша екенін, сондықтан ерекше қадірлей білу керектігін айтса, күйшімен бірге талай мәрте дәм-тұз татқан жаңақалалық сөз сойының шебері Зәкәрия Сисенғали арнау өлең оқыды. Тұяқберді Шәмелов шығармашылығынан әсем ән-күйлерді шалқытқан Қатимолла Бердіғалиев, Сәуле Таудаева, Дастан Есентеміров, Ақмарал Ахметова, Еркін Өтегенов, Мұрат Әмірханов сынды өнер иелерін сүйемелдеген Дәулеткерей атындағы халық аспаптары оркестрі белгілі дирижерлер Қырымгерей Қажымов пен Еркін Нұрымбетовтің жетекшілігімен өнерпаздың шығармаларын шырайына келтіріп отырды.

Дарабоз өнерпаздың 65 жылдық мерейжасына арналған шараны Алматы қаласынан келген асыл жары Жансәуле Шәмелова қорытындылап, кешті ұйымдастырушылар мен оларға қолдау білдірген облыс әкімдігіне алғыс айтты.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

“Орал өңірі”


«Пай-пай, қазақтың келіндері-ай!»

Күні: , 200 рет оқылды

pri_3561


Облыстық қазақ драма театрында отбасы мерекесіне орай «Пай-пай, қазақтың келіндері-ай!» атты жас келіндер сайысы өтті. Оған әр ауданнан 21-30 жас аралығындағы 12 келін қатысты.


– Әрбір қыз баланың міндеті — аяулы жар, сыйлы келін, ардақты ана болу. Бойжеткен қыз туған үйімен қоштасып, жат жерге келін болуы – өмірдің заңы. Оның міндеті – сол үйдің түтінін түтетіп, бірлігі мен берекесін сақтау. Келіні жақсы үйдің керегесі алтын. Кез келген жақсы пікір мен тілектер — келіннің мәртебесі, жарының мерейі, отбасының мақтанышы. Бүгінгі байқаудың басты мақсаты — қазақ келіндеріне тән асыл қасиеттерді насихаттау, — дейді ақын Шолпан Қыдырниязова.

Байқау төрт кезеңнен құралған. «Сымбат-көрік сынымен» деп аталатын бірінші кезеңде жас келіндер қазақи сұлулықты танытатын заманауи ұлттық киім үлгісімен шығып, өздерін таныстырды. «Білгенге маржан» атты келесі кезеңде олар салт-дәстүрімізге қатысты сұрақтарға жауап берді. Үшінші кезеңде қатысушылар аспаздық шеберліктерін көрсетсе, соңғы кезеңде өз өнерлерін паш етті.

– Алғаш рет облыстық деңгейдегі байқауға қатысып отырмын.

Ұлтым орыс болғанымен, қазақтың нар ұлына тұрмысқа шығып, Жаңақаланың келіні атандым.

Отбасымызда қазақтың  дәстүрлерін дәріптейміз, — дейді  екінші орынды иеленген Вероника Пермитина.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені және «Аяулы жас келін – 2016» атағын жәнібектік Перизат Смағұлова иемденді. Байқауға қатысушы келіндердің барлығы алғысхаттармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Айымгүл ТӨЛЕУҒАЛИЕВА,

«Орал  өңірі»


Жаңа спорт алаңы

Күні: , 150 рет оқылды

dsc_0794


Қала күні мерекесіне орай шаһарымыздағы Астана шағынауданында балаларға арналған жаңа спорт алаңы салтанатты түрде  ашылды. Оған аталмыш шағынауданның тұрғындары қатысты.


Қала әкімі Нариман Төреғалиев және қалалық ардагерлер кеңесі президиумының мүшесі, ҚР құрметті спорт қайраткері Валентин Каракушиев спорт алаңының лентасын қиды.

— Бүгін Қала күні мерекесіне орай шаһарымызда тағы бір спорттық кешен бой көтеруде. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жергілікті атқарушы орган өкілдеріне 2020 жылға дейін еліміздегі спортпен айналысушы тұрғындар үлесін кем дегенде 30 пайызға жеткізуді тапсырғаны баршаңызға белгілі. Облыс  жастарының спортпен айналысуға деген ынтасы жылдан-жылға артып келеді. Күні кеше өткен Рио олимпиадасында жерлестеріміз Данияр Елеусінов және Екатерина Ларионова біздің өңірдің ғана емес, тұтас еліміздің мақтанышына айналғанына куә болдыңыздыр. Бұл спорт кешенінің салынуына қалалық бюджеттен 7,5 млн. теңге қаржы бөлдік. Жалпы, қаламыз бойынша 44 спорт алаңы жұмыс жасаса, соның 10-ы хоккейге арналған. Бұған дейін шаһарымызда осынша спорт алаңы болса, 2017 жылы бір ғана жылдың ішінде 30 спорт алаңын ашуды жоспарлап отырмыз. Яғни  қаланың әр түкпірінде болашақ еліміздің чемпиондарын даярлайтын мүмкіндік туады деп есептейміз.

Осы спорт алаңының құрылысын жүргізген «Жайық Сити» мекемесінің басшылығына оралдықтар атынан алғысымызды білдіреміз, — деді қала әкімі Нариман Төреғалиев тұрғындарды құттықтау сөзінде.

Салтанатты шарада шаһар әкіміне алғаш болып жаңа алаңдағы футбол қақпасына доп тебу құрметі ұсынылды. Мұнан кейін қаламыздағы №4 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің оқушылары су жаңа алаңда ойын көрігін қыздырды.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Суретті түсірген Д. КЕНДІРБАЕВА


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика