Мұрағат: 07.09.2016


Басты мақсат – тұрғындарды жергілікті өніммен қамту

Күні: , 157 рет оқылды

img_1259


Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында Бөрлі ауданының әкімі Алдияр Халелов қатысқан брифинг өтті. Онда Алдияр Сансызбайұлы өңір журналистеріне өзі басқаратын ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, ағымдағы жұмыстары және жоспарлары жөнінде баяндап берді.


Оның айтуынша, аудандағы ауыл шаруашылығының жалпы өндіріс көлемі ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 2 млрд. 607 млн. теңгені құраған немесе өткен жылмен салыстырғанда 18,3 пайыз, яғни 478,1 млн. теңгеге артқан. Соңғы үш жылда дәнді дақылдардың егіс алқаптары қысқарып, майлы және мал азығы дақылдарының егіс алқаптары артып келеді. Бұл орайда келесі жылғы мақсат – аудан аумағындағы күздік дақылдар алқабын 15 мың гектарға дейін көбейту екен.

Соңғы үш жылда аудандағы мал санының тұрақты өсуі байқалады. 450 бас ірі қара мал санымен бес ауылдық тұтынушылар кооперативтері құрылған. Ауданның ауыл шаруашылығы субъектілері «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары бойынша асыл тұқымдыларын қоса есептегенде барлығы 743 бас жылқы, ірі қара және қой алған.

– Біз ауданның азық-түлік нарығын зерттеп, негізгі азық-түліктің, оның ішінде картоптан басқа, көкөніс, жеміс-жидек, ет және сүт өнімдерінің басқа аймақтардан жеткізілетіндігін анықтадық. Тұрғындарды жергілікті өнімдермен қамту мәселелерін шешу үшін арнайы бағдарлама дайындап, 14 ауылдык округте 140 гектар ұжымдық бақшалар немесе шаруашылық құрылымдар жанынан көкөніс өсіруді жоспарлап отырмыз. Нәтижесінде жергілікті аумақтан екі мың тоннадай көкөніс өнімдерін өндірмекпіз. Округтерде бақшаларды суаруды ұйымдастыру үшін он алты бөгетті қалпына келтіру қажет. Алайда су қоймаларының құрылысы және жөндеу жұмыстары қомақты қаржыны қажет етеді. Бұл ісіміз облыс деңгейінде қолдау тапса, оны 2017-2018 жылдарға арналған жұмыс жоспарымызға енгіземіз, – дейді аудан әкімі.

Аталмыш ауданда Батыс Қазақстан облысының ет-сүт өндіру белдеуін құру бағдарламасы шеңберінде үш тауарлы сүт фермасының құрылысы жоспарлануда («Нұр» шаруа қожалығы, «Еuraz LTD» ЖШС, «Бірлік» шаруа қожалығы). Ал ет және ет өнімдерін өндіру «Бума» ЖШС және «Нұр» шаруа қожалығы жанынан кешенді бордақылау алаңдарын ұйымдастыру  арқылы  жүзеге  аспақ.

Халықты көкөніспен қамтамасыз ету мақсатында өнімді қысқы-көктемгі мезгілде сақтайтын сыйымдылығы төрт мың тоннадан кем емес қойма құрылысы жоспарланған. Бұл мақсатта аудандағы кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізілуде, жоба 25 млн. теңгеге жуық қаржыны қажет етеді екен.

2017 жылы Брагин шаруа қожалығы 30 гектар алқапқа жеміс-жидек бағын отырғызуды жоспарлап отыр. «Жарсуат» ЖШС-ында шошқа фермасының және екі мың басқа арналған мал азықтық цехының құрылысы аяқталуда.

2017 жылы Қарақұдық ауылдық округінде «Умбеталиев» шаруа  қожалығы 180 бас қазақтың ақ бас ірі қара малы үшін ферма салуды көздеп отыр. Сонымен қатар Березов ауылдық округінің «Исмаил» мен «Бекежан» шаруа қожалықтары жайылымдарды ылғалдандыру бағдарламасына қатысуды жоспарлап отыр.

2015 жылмен салыстырғанда ауданда тіркелген кәсіпкерлер саны 173 бірлікке артқан. Нәтижесінде шағын және орта бизнес өкілдерінен мемлекеттік бюджетке 4790,2 млн. теңге салық түскен немесе бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 9,3 пайызға өскен.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін шағын цехтардың өндірген өнімі мен көрсеткен қызметінің жалпы сомасы 393,2 млн. теңгені құраған. Аудандағы шағын цехтарда 197 адам жұмыс жасайды.

Ауданда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» облыстық филиалы арқылы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған шағын несиелер беріле бастаған.

Ағымдағы жылдың 15 қыркүйегі күні «Гузу Алматы» ЖШС-ның газға қарсы құрылғыны (противогаз) өндіру жобасы ашылады (жоба құны 3,0 млн. евро). Қуаттылығы жылына 200 мың бірлік құрылғы (противогаз) жасап шығара алатын кәсіпорын іске қосылған кезде жүз адам жұмыспен қамтылмақ.

«Euraz LTD» ЖШС Масайтөбе ауылында cүт-фермасы шаруашылығының құрылысын салуды жоспарлауда (жоба құны 2,0 млрд. теңге). Бұл мақсатта 185 бас гольштин сүтті тұқымды ірі қара малын сатып алу көзделіп, ҚазАгро ұйымына құжаттар тапсырылған.

Дәріхана, дүкен, сауда орталығын салу, ғаламтор өткізу бағытындағы тағы төрт жоба дайындалған. Оларды алдағы жылы іске қосу жоспарлануда.

Аудандағы жұмыссыздық деңгейі 1,1 пайызды құрайды. 2016 жылдың 1 қыркүйегіне 334 жұмыссыз ресми түрде тіркелген.

Аудан бойынша тіркелген қылмыс саны былтырғы жылмен салыстырғанда өсіп отыр. Қоғамдық орындарда ішімдік ішу, темекі тарту, тыныштықты бұзу сияқты әкімшілік құқықбұзушылық саны да артқан.

– Бөрлі ауданының әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін арттыру мақсатында алдымызға үлкен мақсаттар мен міндеттер қойып отырғанымызды айтқым келеді. Бүгінгі күнге дейін тұрғындардың әл-ауқатын көтеруге бағытталған жұмыстар өз деңгейінде жүргізілуде, алдағы уақытта да жалғасын табатынына сендіремін, — дейді Бөрлі ауданының әкімі Алдияр Халелов.

Аудан әкімі баяндамадан кейін өңір журналистері қойған сұрақтарға жауап берді.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Юлия  МУТЫЛОВА, «Мой город» газеті:

– Бөрлі ауданындағы газ құю бекетінде жуық арада орын алған жарылыстың себебі анықталды ма?

Алдияр  ХАЛЕЛОВ, Бөрлі ауданының әкімі:

– Әзірге анықталған жоқ. Жақын күндерде белгілі болады деп ойлаймын.

Наталья  ГОРОХОВА, «Приуралье» газеті:

– Аудандағы мәдениет үйлері музыкалық аппаратпен, өзге де қажетті жабдықтармен қамтылғанын айтып өттіңіз. Барлық ауылдық округтердегі мәдениет үйлері мен ауылдық клубтар тұрғындардың бос уақыттарын тиімді өткізуге, әсіресе,  жастар үшін қолайлы ма?

Алдияр  ХАЛЕЛОВ:

– Аудандағы барлық мәдениет ошақтары сахналық костюмдермен, музыкалық жабдықтармен 100 пайыз қамтылған, тұрғындардың сұранысына сай жұмыс жасап тұр.

Анар  МОЛДАҒАЛИЕВА, облыстық  радио:

– Ақсай – өндірістік қала. Онда шетелдік қонақтар жиі болады. Алайда аудан орталығынан ұлттық нақышқа сай орнатылған ескерткіштерді байқай алмаймыз. Осы бағытта қандай да бір құрылыс салу жоспарда бар ма?

Алдияр  ХАЛЕЛОВ:

– Бүгінгі таңда жаңа саябақтың жобалық-сметалық құжаттарын дайындау үстіндеміз. Бұл орайда қоғамдық тыңдау жүргізіп, айтылған пікірлерді ескердік. Осы жобада міндетті түрде ұлттық нақышқа мән берілетін болады.

Бағдат  ІЗМАҒАМБЕТ,

Орталық коммуникациялар қызметі облыстық филиалының маманы:

– Былтырғы жылмен салыстырғанда аудандағы кәсіпкерлер саны 173-ке артқанын мәлімдедіңіз. Олар қандай бағыттағы істерді қолға алды?

Алдияр  ХАЛЕЛОВ:

– Өкінішке орай, кәсіпкерлердің көпшілігі дүкен ашып, алып-сату бағытында жұмыстанады. Зауыттар ашып, өнімді өндіру бағыты ақсаңқырап тұр. Сондықтан шағын, орта бизнесті дамытып, өндіріс орындарын ашуды жоспарлаған жобалардан қолдау-көмегімізді аяп қалғымыз жоқ. Мысалы, Қарашығанақ кен орнында 11 мың адам жұмыс жасайды. Оларды жергілікті жерден өндірілген азық-түлік, тағамдармен қамтитын деңгейге әлі жете алмай келеміз. Сол себепті біз қаланың 18 мың тұрғыны мен кен орнындағы 11 мың жұмысшыны өзіміздің ауылдық жерлерде өндірілген ет, сүт және бау-бақша өнімдерімен қамтуды жолға қою бағытында жұмыстанбақпыз.


Даниярдың мәрттігі Ол өзіне берген 10 млн. теңгені науқас балалар қорына аударды

Күні: , 264 рет оқылды

pri_2796


Кеше Рио олимпиадасының чемпионы, даңқты жерлесіміз Данияр Елеусінов және оның әкесі әрі бапкері Марат Елеусінов өңірімізге келді. Қонақтармен облыс әкімі Алтай Көлгінов кездесті.


Облыс әкімдігінде өткен кездесуге Даниярдың Оралдағы бапкерлері, спорт, соның ішінде бокс саласының мамандары келді. Жиынды ашқан өңір басшысы мәртебелі меймандарға «елге, туған жерге қош келдіңіздер» деп айтып, биылғы Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына спортшыларымыз үлкен сый жасағанын жеткізді. Рио олимпиадасында еліміздің көк Туы 17 рет көтеріліп, 3 мәрте Әнұранымыз шырқалды. Мұның бәрі Елбасының спортқа жете мән беруінің, спортшыларды жан-жақты қолдауының нәтижесі.

– Данияр, сен тәуелсіздіктің құрдасысың. Өзіңнің 25 жасыңда елге үлкен сый жасадың. Осыдан он жыл бұрын жасөспірімдер арасында әлем чемпионы болғаныңда Елбасы қабылдап, саған батасын берген еді. Сол бата қабыл болып, сен олимпиада чемпионы атандың! Кеше, олимпиададағы сенің финалдық жекпе-жегіңді Оралдағы Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында шамамен 3 мыңнан аса батысқазақстандық тамашалады. Онда бәріміз өзімізді Бразилияның астанасында отырғандай сезіндік.

Айқас біткеннен соң төреші сенің қолыңды көтергенде жерлестеріңнің төбесі көкке жеткендей қуанды. Бірін-бірі құшақтап, құттықтап жатты. Міне, ерге деген елдің махаббаты осындай болса керек! Сөз жоқ, мұның бәрі жастарға үлкен ынта, талпыныс береді.

Марат аға, Даниярдың осындай үлкен жетістікке жетуіне әке ретінде де, бапкер ретінде де сіз көп үлес қостыңыз. Сізге де ризашылығымыз зор, – деген Алтай Сейдірұлы батысқазақстандықтардың атынан олимпиада чемпионы мен оның бапкері әрі әкесіне, әрқайсысына 10 млн. теңгенің сертификаттарын берді. Данияр сол бойда өзіне бұйырған  сертификатты Орал қаласындағы сал ауруына ұшыраған балалардың «Бәйтерек» қорына табыстады. Содан кейін әкім қаламызда салынып жатқан оқушылар мен жастар сарайында Данияр Елеусінов атындағы бокс орталығы ашылатынын да жеткізді. Оның ішін қалай жасақтау керектігін, қанша ринг қойылатынын Данияр және жергілікті бапкерлер бірігіп шешетін болады. Ертең аталмыш орталық ашылғанда Марат Елеусінов келіп, ондағы жастарға бокс өнерінің қыр-сырын үйретсе, Данияр шеберлік сыныбын өткізетін болады.

– Бізді қарсы алып, барынша көтермелеп жатқандарыңыз үшін алғысымызды білдіреміз. Алтай Сейдірұлы, сізге көп-көп рақмет. Туған жеріміздің осылайша қошеметтеп жатқандығы біз үшін үлкен мәртебе. Олимпиадада жүріп әлеуметтік желі арқылы жерлестерімнің амфитеатрға келіп қолдау көрсеткенін көріп, қатты қуандым. Сол үшін де барша батысқазақстандықтарға ризашылығымды жеткізгім келеді. Көп уақытым бола бермесе де, туған жерге жыл сайын келіп тұрамын. Ауылға барамын. Алдағы уақытта да көк Туымызды желбіретіп, ел абыройын асқақтатуға тырысатын боламыз, – деген Данияр Елеусінов боксты жақсы көретін облыс әкіміне былғары қолғапты сыйға тартты.

Өз кезегінде сөз алған Марат Елеусінов өздерін арнайы шақырып, құрмет көрсетіп жатқан облыс басшылығына ризашылығын жеткізді.

Кездесуден соң БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Данияр кәсіпқой боксқа ауысу туралы шешім қабылдамағанын айтты. Бірақ бұл бағытта түсіп жатқан ұсыныс көп. Ол сондай-ақ өзіне берілген қаржыны сал ауруына шалдыққан балалар қорына аударуын шын мұқтаж адамдарға, әсіресе, балдырғандарға жасаған жақсылығы екенін де мәлімдеді.

Әкелі-балалы Елеусіновтердің облысымызға сапары өздерінің туған жері  Қазталов ауданында жалғасатын болады.

Сәкен МҰРАТҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Суретті  түсірген Айбатыр НҰРАШ


Құрбан айтқа мал сою орындары белгіленген

Күні: , 191 рет оқылды

%d0%bc%d0%b5%d1%88%d0%b8%d1%822


Орал қаласында мал құрбандыққа шалынатын арнайы орындар белгіленді. Олар: «Ел ырысы» базары («Орал-Самара» даңғыл жолы, қатынайтын көліктер: №6, 13,39,45), «Кублей» ЖШС (Зашаған кенті, Рыбцех ауылы 55, қатынайтын көліктер: №7, 17), «Уральские колбасы» ЖШС (Желаев кенті, Промзона көшесі, 17/3, қатынайтын көліктер №1, 4, 5, 33, 35), «Заря Востока» базары («Орал-Самара» даңғыл жолы, Зашаған кенті 7-шақырым), қатынайтын көліктер: №2, 7, 45), «Құспанов С.» ЖК (Орал қаласы, Актюбинская көшесі 295, қатынайтын көліктер: №29, 43).


Малды тек мекенжайлары көрсетілген арнайы орындарда сатып алған жөн. Жануарды сатып алу кезінде сатушыдан егілгені туралы тиісінше белгілер қойылған ветеринарлық анықтама талап ету қажет. Сонымен қатар егілу күндеріне де ерекше назар аудару міндетті. Егілу сәтінен бастап, 15 күннен кем емес уақыт бойы жануар карантин тәртібінде ұсталуы тиіс. Соңғы егілудің мерзімі 15 күннен кем болмауы тиіс», – делінген Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәлімдемесінде.

Құрбан айт – Ораза айт біткеннен кейін 70 күн өткесін және қажылық аяқталған соң атап өтілетін ислам дінінің мерекесі. Бұл күні құрбандыққа шалынған жануардың еті үшке бөлінуі тиіс. Бір бөлігінің мұқтаж адамдарға берілуі міндетті. Екінші бөлігі көршілерге ұсынылатын мерекелік тағамға жұмсалса, соңғы бөлігі құрбан шалушының шаңырағында қалады. Бұл күні бүкіл мұсылмандар бір-бірін құттықтап, ашу-араздығын кешіреді және бір Жаратушымызға өздері және өзгелер үшін игі тілектерін арнайды. Ескерте кеткен жөн, биыл Құрбан айт 12,13,14 қыркүйек күндеріне келіп тұр. Өңір мешіттеріндегі айт намазы 12 қыркүйекте таңғы сағат 7.50-де басталады.


Қос үйде қоныстой басталды

Күні: , 173 рет оқылды

pri_3042


Биыл Оралда Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша «Нұрлы  жол» бағдарламасымен 1500 пәтер пайдалануға тапсырылады.


Кеше Қала күні және ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Орал қаласындағы Көктем шағынауданында екі жаңа тұрғын үй пайдалануға тапсырылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов, Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев қатысты.

– Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Биыл ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырын тойлаудамыз. Осы жылдар ішінде Мемлекет басшысының бастауымен еліміздің жеткен жетістігі мол, соның ішінде Батыс Қазақстан облысында да. Орал шаһарында да 25 жылдың ішінде 60 мектеп, 16 балабақша бой көтерді, тек осы Зашаған кентінде соңғы 3-4 жылда  көп қабатты 17 тұрғын үй салынды. Ал жоспарымызға сәйкес бұл үйлер 40-тың үстінде болады. Мына жерде әрқайсысы 1200 орындық екі үлкен мектеп бар, 360 орындық балабақша тұр, емхана, спорт кешені салынды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай осы шағынауданда үлкен саябақ, аллея болады.  Бұл да сіздер үшін. Мына құрылысы біткен 5 қабатты 90 пәтерлік тұрғын үй жас отбасыларға арналған. Жас отбасыларын, ата-аналарын, балаларын баспаналы болуымен құттықтаймын. Тағы 5 қабатты 90 пәтерлік тұрғын үйдің 45 пәтері, яғни жартысы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына және 45 пәтері кезекте тұрғандарға арналған. Орал шаһарында 16 мыңның үстінде азамат үй кезегінде тұр. Биыл Оралда Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша «Нұрлы жол» бағдарламасымен 1500 пәтерді пайдалануға тапсырамыз. Бір жылда 1500 пәтер тапсыру – бұл тарихта болмаған. Бұл да – біздің Тәуелсіздігіміздің жетістігі, – деген облыс әкімі Алтай Көлгінов жиналған қауымды қала күнімен  және ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтады. Одан кейін баспаналы болғандардың бірқатарына үй кілттерін салтанатты түрде табыс етті. Баспаналы болған жас отбасылардың атынан Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Смадияр Қалжанов салиқалы саясат жүргізіп, жас отбасыларға қамқорлық жасағаны үшін Елбасыға, өңір басшылығына және құрылысшыларға алғысын білдірді.

Екі үйдің құрылыс жұмыстары 2014 жылы жазда тұрғын үй жинағы жүйесінің салымшыларына арналған «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы бойынша басталды. Алайда өткен жылы қаражаттың қысқаруынан осы екі үйдің құрылыс жұмыстары тоқтап қалған болатын. Әлемдік дағдарысқа қарамай, Елбасының тапсырмасы бойынша «Нұрлы жол» бағдарламасынан бөлінген қаражаттың есебінен екі үйдің құрылысы аяқталды. Облыс басшысы жаңа үйлердің ішін көріп, құрылыс нысандарының сапасымен танысты. «СВ плюс» ЖШС-ның құрыш қолды құрылысшылары салған 90 пәтерлік үйдің барлық пәтері екі бөлмелік. Ал «Алтим» ЖШС компаниясы тұрғызған 90 пәтерлік үйдің пәтерлерінің 30-ы бір, екінші 30-ы екі, үшінші 30-ы үш бөлмелік.

– 2016 жылы мемлекеттік бағдарламалардың аясында Оралда 2066 пәтерді құрайтын 20 үйдің құрылысы жүргізілуде. Сол үйлердің 13-і биыл тапсырылады, бұл дегеніңіз 1427 пәтер болады. Биыл Астана күніне орай бір 72 пәтерлік үйді тапсырдық. Биыл салынып жатқан 9 үйдің (977 пәтер) құрылысы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүргізілуде, жыл аяғына дейін құрылысын аяқтап, қоныстандыру жоспарланған. Соның арқасында кезекте тұрған 986 азамат пәтермен қамтамасыз етіледі. Жалпы, 2016-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламалар бойынша 15 үйдің құрылысы жүзеге асырылуда. Сонда жеті үйдің құрылысы 2017 жылға өтеді, – деді Орал қаласы құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Алмаз Пішембаев.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Нұрлан  ӨТЕГЕНОВ,

аутокөлік  орталығының  жүргізушісі:

 – Қаладағы көлік орталығында көлік жүргізушісі болып еңбек етемін. Отбасымда екі ұлым, жарым бар. Ауған соғысына қатысушы ретінде үй кезегінде 16 жыл бойы тұрдым. Енді мына жаңа үйден кезек бойынша жалға берілетін үш бөлмелі пәтерге қолым жетті. Айына 47 мың теңге төлем төлеймін. Қуанышымда шек жоқ, барлығына рақмет.

Нұрия  ЕЛЕШОВА,

Орал  қаласындағы №36  орта  мектептің  мұғалімі:

– Тұрғын үй жинағы жүйесінің салымшыларына арналған «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы бойынша жас отбасы ретінде екі бөлмелі пәтер алып отырмыз. Отбасымда екі балам және жұбайым бар. Енді алаңсыз жұмыс істеуге, үйде сабаққа  дайындалуыма барлық жағдай бар. Жас отбасыларын қамқорлаған Елбасыға, құрылыс жұмыстарының уақтылы жүруіне  бас-көз болған облыс, қала басшылығына, құрылысшыларға алғыс айтамыз.


Жайық шаһарын жайнатқан «Жайық жарығы»

Күні: , 755 рет оқылды

%d0%bd%d2%b1%d1%80-%d1%82%d3%a9%d0%bb%d0%b5%d1%83%d2%93%d0%b0%d0%bb%d0%b8%d0%b5%d0%b2-%d0%b4%d0%b8%d1%80%d0%b5%d0%ba%d1%82%d0%be%d1%80


Небір ғажаптар бар-ау. Адамның азан шақырып қойған аты оның кейін өмір бойы айналысатын кәсібімен үйлесіп кететіні неліктен екен?.. Есімі кәсібіне, мамандығы азан шақырып қойған атына сайма-сай үндесіп, бірін-бірі толықтырып, ажарландырып тұратын мұндай құбылысты ғылым тілімен қалай түсіндіруге болады? Құрметті оқырман, мен оны әзірге білмеймін. Бірақ сондай жанды сыртынан көптен білуші едім. Жеке басын емес, ол және ол бастаған ұжымның тындырып жүрген толағай істерін меңзеп отырмын.


Осыдан екі жыл бұрын бұл азамат басқаратын ұжым республикада маңдайы жарқырап, Елбасының қолынан «Парыз-2014» республикалық бәйгесінің «Ең үздік ұжымдық шарт» аталымы бойынша Алтын жүлдесін алды. Еліміз бойынша осынау бәйгеге қатысқан 568 кәсіпорынның арасынан суырылып шығып, мұндай жүлдеге ие болу оңай емес. Араға бір жыл салып біз әңгіме еткелі отырған азамат «Ең үздік басшы-2015» ұлттық сертификатын қанжығасына тағы байлады. Әдетте мұндайда аты озып келген азамат болсын, оның ұжымы болсын, мақтағанды қалап тұрады. Газеттерден түспей, көгілдір экраннан көпке дейін кетпей, аты аңызға айналады. Ал мына азамат болса, ондай жандардың сойынан емес екен. Дегенмен осы жақында онымен дидарласып, әңгіме-дүкен құрудың сәті түсті.

 Ендеше, осы Оралдағы сіз бен біздің түнімізді нұрландырып, жайнатып қана қоймай, күндіз де көшенің келбетіне көрік сыйлаған, субұрқақ-хауыздарын отшашуға айналдырып билетіп қойған, көлігі ызғыған көшелердің қауіпсіздігіне тұрақты үлес қосып келе жатқан азаматпен таныс болыңыз.

Нұрекең шаһардың осы бір көшесімен жүргенді ұнатып тұрады. Ол — Еуразия даңғылы. Мұнда 2-базадан бастап, Шаған өзенінің жағалауына дейінгі аралықта оның жігіттерінің маңдай тері, алақанының жылуы жатыр. Соңғы технологиямен атқарылатын ірі жобаны (құны 254 млн. теңге) «тәуекел!» деп тұңғыш рет қолға алып, бір жылдай тер төккендерінде «қалай болып шығар екен?» деген ұйқысыз түндері мен қарбалас еңбекке толы мазасыз күндері бүгінде қимас естелік болып қалды. Есіңізде ме, оқырман, сонау бір жылдары Еуразия даңғылымен көлігіңізбен ызғытып бара жатқаныңызда немесе асықпай жаяу аяңдағанда сымдары салбыраған бағаналардан көше шамдары тек бір қапталдан ғана жанып тұрмаушы ма еді? Бүгінде ол қос қапталыңыздан құйылып тұрады. Алқаракөк аспаннан жерге жақындап келіп ілініп қалған жұлдыздардай бірінен бірі өтіп жымыңдаған шамдардың бұрынғыдай сымдары көрінбейді. Ол жердің астымен өтіп жатыр. Оны жердің астымен, жолдың қос қапталымен 9,6 шақырымға тартқан «Жайық жарығының» жігіттері. Тартты деген айтуға ғана жеңіл. Жолдың екі қапталында, жердің астында, өрмекшінің торындай бытысқан коммуникациялық желілерді (газ, су, телефон, ғаламтор желісі т.б.) бұзып, үзіп алмай тарту оңай болмады. Тартқанда да елу жылға шыдас беретін құбыр ішімен өтетін кабельдермен тартқан. Бойымен әлденеше мың жоғары кернеу ағып жатқан арнаға жаңбыр да, мұздақ та, жел де, құз да қауіпті емес. Одан кейін күрежолдан бұрылып әуежайға баратын жарықты да әуеден «түсіріп», жер астына «жасырған» жобаны да тап-тұйнақтай атқарып шықты жігіттер. Айта берсек, электр шамдарының желісін жер астымен тартқан «Жайық жарығына» тие-сілі мұндай мысалдар қала бойынша толып жатыр.

Жаяулардың жол қиылыстарынан өтетін жолақтарын асфальтқа дүркін-дүркін өрнектеп отыратын да, қала көшелерінде ызғыған көліктердің жолдарын атқан оқтай түп-түзу сызықтармен бағыттап, асфальтқа әлсін-әлсін «жазып» отыратын да осы «Жайық жарығының» жайсаңдары. Көлік нөпірін реттеп тұрған анау көшедегі бағдаршамдар саны жыл санап көбейіп келеді. Сіз бен біздің қауіпсіздігіміздің қамын жеп, оны орнататын да, жұмысын қадағалап отыратын да тағы сол Нұрекеңнің жігіттері.

Мереке күндері кәрі қала, әсіресе, түнге қарай түрлі шамдары жымыңдап, жасанып, жасарып кетеді ғой. Оны орнатып, «кәрі қала, қартаймайтын жас қала» — дегізіп, Оралдың түнін де көріктендіріп жүретін тағы сол баяғы «Жайық жарығы». Қызылды-жасылды сәулені төбеден төнген түнгі аспанға уыстап шашып жататын субұрқақтары бар емес пе, бұл да Нұрекеңнің жігіттерінің төл «шығармасы». Олардың арасында әуендетіп, билеп тұратындары тек жастар мен балаларды ғана емес, үлкендерді де үйіріп жатады. Еңселі ғимараттардың маңдайынан түнге қарай жымыңдайтын жүздеген жұлдыздар қазақи ұлттық ою-өрнек салып құбылатынын байқап жүрсеңіз, ол да осы мың болғыр «Жайық жарығының» жігіттерінің қолтаңбасы.

%d0%ba37Енді бұл серіктестіктің осы күндерде тындырып жатқан жұмыстарынан сәл тарқатсақ, ол да ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Облыс орталығының жыл санап абаттана, көріктене түсуіне, көліктердің қауіпсіз қозғалысы мен тұрғындардың алаңсыз жүріс-тұрысын қамтамасыз етуге білек сыбана үлес қосып келеді. Қазіргі уақытта серіктестік қала көшелерін түнге қарай самаладай жарқырататын 17 мың жарық нүктесінің, 49 бағдаршамның, 13 субұрқағының қалыпты жұмыс істеуін қалтқысыз қамтамасыз етіп отыр. Кәсіпорында көрсететін қызметтеріне қарай, жыл он екі ай кідіріссіз жұмыс істейтін алты өндірістік учаске бар. Оларда жалпы нобайы 130 адам еңбек етеді. Олардың арасында өздеріне тапсырылған учаскеде сапалы, тындырымды ісімен көзге түсіп жүрген Ж. Рашитов, А. Ермекбаев, В. Гонтарук, С. Сисенов, Т. Сапиев, Е. Жұмағалиев, М. Самарханов, Ф. Абдырахманов, Е. Белқайыров, Е. Құбашев, А. Мырзағалиев сынды тәжірибелі жандар бар.

«Жайық жарығының» түпкі «әкесі» – «Горсвет» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны. Сонау 2000 жылы осылай аталғанда онда бар болғаны 28 адам еңбек етіпті. Нұр Төлеуғалиев мекеменің тізгінін 2011 жылы ұстаған.

*       *       *

Серіктестік жұмысының жүруі, оза шауып бәйге алуы басшысының іскерлігі мен ұйымдастырушылық қарым-қабілетінен бастап, әрине, ондағы адамдардың еңбегінің нәтижесіне тікелей байланысты екені даусыз. Солай десек те, Нұр Хамитұлы еңбек бәсекесінде алдан көріну үшін ең алдымен адамдарға жағдай туғызып, алаңсыз еңбек етуі үшін тұрмыстық-әлеуметтік, материалдық мәселесін шешу керек деп есептейді. Үйінде тұрмыстық жағдайы шешілмеген, бала-шағасы орта құрсақ болып жүрген жұмысшыдан жақсы нәтиже күту — ұзаққа бармайтын шаруа. Ең әуелі еңбекақысын төккен маңдай терінен мысқал да кем қылмай төле. Төлегенде уақытында төле. Директор жұмысшылардың еңбекақысын әр айдың алғашқы онкүндігінен қалдырмай төлеуді мұқият қадағалайды.

— Сосын, — дейді Нұр Төлеуғалиев. — Жас жұмысшыларымыз үйленіп жатса, кейін шілдехана сияқты қуанышты сәттеріне арнайы көрсетілетін көмегіміз бар. Өмір болғасын қуаныш пен қайғы қатар жүреді. Ондай жағдайда да кәсіпорын жұмысшысын ұмытпайды, қайғысымен оңаша қалдырмайды. Жұмысшы қатты сырқаттанып, қымбат дәрілер керек болып жатса, серіктестік мүндайда да селқостық танытпайды. Еңбеккер еңбек демалысына шыққанында емдеу-сауықтыру шараларына бағытталып берілетін қосымша қаражат тағы бар. «Ақжайық» сауықтыру орнына барамын дегендерге жолдама құнының 80 пайызын кәсіпорнымыз өз есебінен төлейді. Жұмысшыларымыз үшін өзімізден асхана ашып қойдық. Тамағы қаладағы тамақтандыру орындарымен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Өндіріс болғасын түрлі жағдай болып жатады, кейде жұмысшыларымыз түнде жұмыс істеулеріне тура келеді немесе өзінің негізгі уақытынан қалып жұмыс істейтін кездер болады. Ондайда оларға тамақ өзіміздің асханадан мекеме есебінен тегін беріледі. Жұмысшыларды жұмысқа үйлерінен алып келіп, кейін апарып тастайтын кәсіпорынның өзінің арнайы автобусы жүріп тұр. Осы арада айта кетуім керек, өзіміздің автомобиль паркіміз бар. Ондағы қуатты техникаларды қалалық әкімдіктің көмегімен жасақтап алдық. Сондай-ақ қала әкімшілігінің қолдауымен 70 млн. теңге бөлініп, жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыра түсетін жаңа технологияны жұмысымызда кеңінен пайдаланудамыз. Жұмысшыларымызға қысқы, жазғы жұмыс киімдері тегін беріледі. Бізде негізінен жастар жұмыс істейді. Олардың барлығы дерлік жоқ дегенде кәсіптік колледж бітіргендер. Институттық біліммен еңбек етіп жатқан жігіттеріміз бар. Әрине, еңбекақыларымыз мұнайшылардың, газ өндірушілердің табысындай болмағанымен, қалада өмір сүруге жететін табыс деп айтуға болады. Шамамен айтсам, жұмысшыларымыз орташа 80-120 мың теңгенің аралығында айлық алады. Бізде демалыс деген жоқ. Жұмыстары сенбі, жексенбіге келген жұмысшыларға күндік жалақы екі еселеніп, түнгі ауысымда жасағандарға 1,5 мөлшермен төленеді. Сондықтан жігіттеріміз «сенбі, жексенбіде, түнде жұмыс істеймін» — деп құлшыныс білдіріп жатады.

*       *       *

Нұрекең үшін өмірдің мәні неде деп сұрасаңыз, елге, халыққа қызмет ету деп біледі. «Өзіңіз ойлаңыз, сіз бен біз кеңес заманының перзенттеріміз. Ауылда өстік. Мектептің қабырғасында жүргенде-ақ еңбекке араластық қой. Ерінбей еңбек еткеннің қарны да тоқ, киімі де көк болатынын ата-анамыз есімізді біле бастағаннан құлағымызға құйды. Өздері де солай еңбек етті. Еңбек ет, ұрпақ өсір, оны да адал, еңбекқор етіп өсір, ата-аналық парызыңмен қатар ел, халық алдындағы борыш-міндет дегендерді әрдайым есте ұста. Ешкімді алдама, жанұшырып ақша, байлық қума. Оны сол ұрпағыңның бойына сіңір. Мұны мен мәнді өмір сүрудің бұлжымас қағидасы деп түсінемін. Одан кейін өзіңнің жанұяңның төңірегінен айтатын болсақ, қасыңдағы жарыңмен бірге қартайып, перзент, немере қызығын бірге көрсең, өмірдің мәні де, сәні де осылар ғой. Ал от басы, ошақ қасынан шығып, ауқымдырақ, кеңірек алып айтсақ, еліміз аман болсын, ұйыған тыныштығымыздан айырмасын. Мемлекетіміз жас. 25 деген нағыз жігіт жасы. Бірақ соған қарамастан сол 25 жылда қол жеткен табыстарымыз, Құдай көпсінбесін, шүкір, адам қызыққандай. Сонау 90-жылдарды көз алдымызға елестетіп көрейікші, елдің бәрі азық-түлік талонына телміріп, халық есеңгіреп қалды ғой. Бүгінде соның бәрі артта қалды. Тірлігі мен бірлігі ұйыған еліміз енді озық отыз елдің қатарына енуге талаптануда. Иншалла, оған да жетерміз. Айналамыз тыныш болса, өмірдің мәні де, сәні де сонда ғой…» Нұрекең осылай деп тебіренеді. Ал азаматтың өткен өмір жолына қайырылсақ, қарапайым ауыл баласының өзімізге айна-қатесіз таныс өмірі көз алдымызға келіп тұра қалады. Ақжайықтың Алғабас ауылында өсті-өнді, сонда мектеп бітірді. Әкесі Хамит — қазақ тілінің, анасы Мәрия — математика пәнінің мұғалімдері. Қырық жылдан астам шәкірт тәрбиелеп қана қоймай, өздерінің бес перзентіне де толымды тәрбие, өмірлік азықтарына жетер білім бере білген жандарды Ақжайық ауданының халқы жақсы біледі. Хамекең осыдан төрт жыл бұрын дүниеден озды. Мәрия апай Атырауда, кенже ұлының қолында, бақуатты ғұмыр кешуде. Нұр — балалардың үлкені. Оқушы кезінен үй төңірегіндегі жұмыс өз алдына, шаруашылықтың науқан-дық жұмыстарының қазанында қайнап, қабырғасы қатады. Кейін осы өзіміздің ауыл шаруашылығы институтын тәмамдады. Өзінің Алғабас ауылындағы автопаркте қатардағы механиктен бастап, 8 жыл тапжылмай тер төкті, бас инженер болды. Жұмыс десе, жанын берген жас маманға аудандық комсомол комитеті сол кездің өлшемімен алғанда әжептәуір қызмет ұсынып, жұмысқа шақырды. Егер сол тұста келісімін бергенде бүгінде тағдыры қай арнамен ағатынын Құдай біледі? Біз: «Бәлки, бүгінде мынау деген шенеуніктің біреуі болып, бұдан да салтанатты кабинеттердің бірінде отырар ма едіңіз…» — дейміз әзілдеп. Нұрекең болса: «Құдай біледі, боламыз ба, болмаймыз ба?» — деп мәз болып күледі. Сосын шынын айтады. Әуелден қағазбасты жұмыстардан гөрі өндіріске бүйрегі бұра берген. Анау май иісі аңқыған өндірістік шеберханалардағы немесе егін орып, шөп шауып жатқан дала төсіндегі техникалардың қасында жүргенді ылғи жаны қалап тұрыпты. Сол Алғабасында өмірлік жарын кездестірді. Ол кезде институт бітіріп, математик болып Алғабасқа келген Гүлжан арумен 1980 жылы шаңырақ құрды. Сол ару бүгінде әже, ұзақ жыл мектепте тер төгіп, осы күндерде Нұр екеуінің бауырларынан өрген перзенттерінен көрінген немерелерінің қызығына кенелуде. «Ол да Құдайдың бергені, бақыт қой» — дейді кешегі жас инженер, бүгінгі серіктестік директоры Нұрекең әдемі жымиып.

Айтпақшы, Нұрекең қалаға келгеннен кейін 15 жыл бойы республикалық «Қазавтожол» мемлекеттік мекемесінде, соның ішінде он жыл бойы №38 жол пайдалану учаскесін басқарып, облысымыздың жол қатынасы мен оны пайдалану саласына өзінің сүбелі үлесін қосыпты. Мұнда да ерен еңбегі еленіп, «ҚР Құрметті жолшысы» атағына ие болған. Кейін оған «Батыс Қазақстанның құрметті энергетигі» атағы қосылды. Олардың ішінде Елбасының Құрмет грамотасы өз алдына бір  төбе. Бұларға қоса «ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» мен «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталуы да бұл азаматтың халық үшін, қоғам үшін алқаусыз сіңірген еңбегіне айқын дәлел бола алады.

*       *       *

 Ал енді мына бір қызықты қараңыз… Көне шаһарға нұр мен түр сыйлап жүрген «Жайық жарығын» басқаратын Нұр Тө-леуғалиев «Ой-һой, шіркін, отызға» екінші рет толғалы отыр, осы қыркүйектің 10 жұлдызында. Ендеше, күрлі күндер мен нұрлы түндер тілейік азаматтың өзіне және ол басқаратын ұжымның жігіттерінің алдағы өмірлеріне.

«Жайық жарығымен» Жайық шаһарын жасантып, жарқырата берсін, Азамат!

Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ


Берері мол «БОЛАШАҚ»

Күні: , 189 рет оқылды

pri_2525


Сейсенбі күні ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Президенті Ғани Нығыметов өңірімізде болып, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары мен студенттері және әр түрлі сала қызметкерлерімен кездесу өткізді. Ел Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының таныстырылымына  арналған басқосуға облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты.


— Өздеріңізге мәлім, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев осыдан 23 жыл бұрын «Болашақ» халықаралық стипендиясы бағдарламасын енгізген болатын. Сол уақыттан бері еліміз бойынша 12 мыңнан астам жас маман шетелдердің жоғары білім ордаларында білім алып, тоғыз мыңнан астам жас маман елімізге келіп, әр салада қызмет етуде. Мемлекеттің ауқымды индустрияландырылуы және «100 нақты қадам» Ұлт жоспары шеңберіндегі реформаларды жүзеге асыру аясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан экономикасын одан әрі дамыту үшін мемлекеттік дағдарысқа қарсы және құрылымды өзгерістерді жүзеге асыру жөніндегі міндеттерді атқара алатын әлемдік деңгейдегі кәсіби кадрларды даярлау жүйесін барынша тапсырған болатын. Біздің өңірімізде күні бүгін «Болашақ» бағдарламасымен шет мемлекеттерден сапалы білім алып келген 135 түлек әр салада қызмет атқаруда. Бүгін біз облысымыздағы жоғары оқу орындарының студенттері мен түлектеріне сол бағдарламаның игілігін, бағыттары мен өзгерістерін, сол бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде жан-жақты түсінік беру үшін «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығының басшысы Ғани Сақтағанұлын арнайы шақыртқан болатынбыз.

Жоғары оқу орындарын тәмамдап, білімін шыңдағысы келетін жастарымыз үшін бұл таптырмас мүмкіндік. Сондықтан бағдарлама туралы толық түсінік алып, көкейдегі сауалдарыңызды қойып отырыңыздар, — деді кездесуді ашқан өңір басшысы Алтай Көлгінов.

Бұдан соң сөз алған «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Президенті Ғани Нығыметов аталмыш бағдарламаны иелену туралы толық мәлімет беріп, студенттердің қойған сауалдарына жауап қайтарды.

Ғани Нығыметов атап өткеніндей, 2016 жылғы 30 қыркүйекте ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығына сәйкес ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдаудың үшінші қорытынды кезеңі аяқталады.

«Болашақ» бағдарламасының ресми әкімшісі – «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ 2016 жылғы 30 қыркүйекке дейін стипендияға үміткер Қазақстан азаматтарынан құжаттарды қабылдауда.

Үміткерлер құжаттарды электронды үкімет веб-порталы, «Азаматтар үшін үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы (бұрынғы ХҚО) немесе өз қолымен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ға тапсыруларына болады. Өткен жылғы конкурстық іріктеу тәжірибесі бойынша биылдан бастап құжаттар тапсыру талаптары жеңілдетілгені де тілге тиек етілді.

— Бағдарламаны дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған жоспарына сәйкес стипендия «Магистратура», «Докторантура», «Резидентура» және «Тағылымдамалар» бойынша тағайындалып, оларға санатына қарай жекелеген талаптар қойылады. 2016 жылы «Болашақ» стипендиясына құжаттарды қабылдаудың екі кезеңі және олардың нәтижелері бойынша екі конкурстық іріктеу өткізілді. Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия қорытындыларына сәйкес 313 стипендия тағайындалды. Олардың 199-ы магистратура, 18-і докторантура, 96-сы тағылымдама бағдарламалары бойынша. Қазіргі таңда «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ құжаттарды қабылдаудың үшінші кезеңі шеңберінде «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді тарту мақсатында ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз. Тағы бір айта кетерлігі, осы жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға түсу мүмкіндіктері кеңейтілді. Біріншіден, ағымдағы жылда 700 стипендия бөлінді, ол 2015 жылмен салыстырғанда 100 стипендияға артық. Екіншіден, конкурсқа құжаттарды қабылдау жеңілдетілді. Үшіншіден, инженерлік-техникалық мамандықтар бойынша оқу үшін жаңа санат енгізіліп, конкурстық рәсімдер жетілдірілді. Сонымен қатар барлық азаматтарға «Болашақ» стипендиясы туралы ақпараттар қолжетімді болуы үшін белсенді жұмыстар атқарылуда, — деді Ғани Нығметов.

Кездесуде сөз алған «Болашақ» бағдарламасының түлегі, жергілікті кәсіпкер Ғайса Жұмалиев өңір жастарын аталмыш бағдарлама аясында білім алуға шақырды.

— Тәуелсіз еліміздің, өңіріміздің болашағы мен дамуына атсалысам деген жастарға «Болашақ» бағдарламасымен білім алу – тамаша мүмкіндік. Бірақ сол оқу орнына оқуға түсу білімді, уақытты, қаржыны талап етері сөзсіз. Сондықтан бағдарламамен білім аламын деген, алдын ала арнайы дайындалған он шақты жас маманның  шет тілін меңгеруіне және алғашқы емтихан тапсыру қаржысына демеуші болуға әзірмін. Оқимын, білім аламын деген жастарға көмек қолын созуға әрдайым дайынбыз, — деді жеке кәсіпкер.

Кездесу соңында М. Өтемісов атындағы БҚМУ ректоры Асхат Иманғалиев Астанадан арнайы келген сала басшысы мен облыс әкіміне студенттер мен ұстаздар атынан алғыс айтты.

*         *         *

Сол күні Назарбаев зияткерлік мектебінде «Болашақ» халықаралық бағдарламасы туралы жиналыс өтті. Оған облыс әкімі Алтай Көлгінов, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Президенті Ғани Нығыметов және мектеп мұғалімдері қатысты.

– Бүгінгі басқосуымыздың негізгі мақсаты – жиынға қатысып отырған мамандардың біліктілігін арттыру. «Болашақ» бағдарламасы арқылы «Магистратура», «Докторантура», «Тағылымдама» бойынша тағайындалған стипендияларды ұтуға қала мектептерінің ұстаздарымен қатар, ауыл-аймақтардан да білім берушілер ұмтылуы тиіс, — деді Алтай Сейдірұлы.

Жиын барысында Ғани Сақтағанұлы аталмыш бағдарлама жөнінде кең көлемді ақпарат беріп, аудиторияның сауалдарына жауап берді.

– Менің есімім Мұхтар Макеев.

Өзім Шыңғырлау ауданының тумасымын. 2005 жылдан бері Астана қаласында тұрамын. Бұл жиналысқа «Болашақ» ассоциациясының мүшесі ретінде қатысып отырмын. Мен Финляндия елінде білім алдым. Елге оралған соң Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқардым. Ал қазір жеке кәсіпкерлікпен айналысудамын. Жерлестерімді «Болашақ» бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдалануға шақырамын. Егер IELTS (ағылшын тілінен халықаралық емтихан) тапсырам деушілер болса, облыс аудандарынан 12 үміткердің тестілеу қаржысын төлеуге дайынмын, — деді жас кәсіпкер жиын барысында.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

Айым ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Олимпиада жүлдегері оқушылармен кездесті

Күні: , 157 рет оқылды

pri_2286


Әйелдер күресінен Рио олимпиадасының қола жүлдегері, БҚО ІІД жедел қимылдайтын арнайы жасағында қызмет ететін полиция лейтенанты  Екатерина Ларионова «Абай болыңыз, балалар!» жедел алдын алу шарасы барысында Оралдағы №21 орта мектеп оқушыларымен кездесті.


Олимпиада жүлдегері мектепте оқыған кезін еске алып, жол-көлік ережесін сақтаудың маңыздылығын атап көрсетті. Балалар құрметті мейманмен бірге жол апаттары кезінде түсірілген фотоларды, әлеуметтік бейнероликтерді қарап, қауіпсіздік шараларын сақтамаудың неге соқтырарын зерделеді. Шара барысында балалар өз армандарын арнайы үрілген шарға жазды. Алайда  ол содан кейін тарс етіп жарылды. Бұл қауіпсіздікті сақтамаса, әркімнің де арманы шар сияқты күл-паршасы шығатынын білдіреді.

Орал қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметінің инспекторы Динара Әбділқалықованың мәлім еткеніндей, облыста жыл басынан бері балалардың қатысуымен 50 жол-көлік оқиғасы орын алып, соның салдарынан 10 жасөспірім қаза тапса, 51-і түрлі жарақат алды. Оқушылар тек жаяу жүргінші ретінде ғана емес, жолаушы, велосипед, скутер жүргізушілері ретінде де жол оқиғасына ұшырап жатады. Талдау көрсеткеніндей, балалар көп жағдайда жолдан өтудің ережесін біледі, әйтсе де өз қауіпсіздігіне жете мән бермейді. Айта кетейік, «Абай болыңыз, балалар!» шарасы жаңа оқу жылы басында республика көлемінде жүргізілуде. Оған №21 орта мектепте жүзден астам оқушы қатысты.

Ғайса БӘЙМЕН


«ЖЕМҚОЛЫҚ… СҰРАҚ-ЖАУАБ… ЖАҢЫЛЫҚТАР…» – сақау сайттар осылай деп шүлдірлейді

Күні: , 180 рет оқылды

O_o_Black_14-11.indd


Ғаламтор қолданушылары сәт сайын бірнеше есе көбейіп жатқаны баршамызға белгілі. Интернет кеңістігінде ақпараттың  қолжетімді болуына әрі тез  таралуына қажетті ресурстар өте көп. Осыған орай облыстағы мемлекеттік органдардың ресми сайттарының сапасы қандай? Бүгінгі күннің талабына жауап бере ме? Мемлекеттік тілде ақпарат беру жайы қалай?  Біз бүгін мақаламызда осы тақылеттес сұрақтарға жауап іздеп көрдік.


Шындығына келсек, облыстық басқармалардың интернет-ресурстарынан жергілікті журналистер толыққанды мәлімет ала алмайды. Ал оған тұрғындардың назар аударып жатқаны тіпті шамалы болу керек. Сол сайттарда мекеме басшысы не әкімшілік қызметкерлері туралы деректер мен жұмыс орнының телефондарының нөмірі орналасқан кесте ғана уақтылы жаңартылып отыратынын байқауға болады. Бұдан басқа олқы тұстары да аз емес. Мәселен, облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының ресми сайтының қазақша нұсқасына өтетін сілтемені табу мүмкін емес. Барлық мәлімет дерлік орыс тілінде жарияланған. Жаңалықтар мәтіндерін алма-кезек қос тілде араластырып берген. Алдағы уақытта орталық басшысы Виктор Фомин бұл сынды ескеретін шығар деген ойдамыз. Ал облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының қызметкерлері мекеменің интернет-ресурсына көз қырын да салмайтын секілді. Қазақша нұсқасында сайт бөлімдерінің атаулары аударманы қажет етіп тұр-ақ.

Сондай-ақ мәтіндерде ғана емес, қарапайым сөз тіркестерінде де орфографиялық қателер өріп жүр. Мысалы, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы «ЖЕМҚОЛЫҚ ТУРАЛЫ ХАБАРЛАУ» деп мүкістік танытса, облыстық құрылыс басқармасы «СҰРАҚ-ЖАУАБ» қос сөзін бадырайтып ұяң дыбыспен аяқтайды. Әрі сайт картасындағы «Мемлекеттің органның норма шығару қызметі» деген шұбалаңқы тіркестен нені ұғарыңды білмейсің. Сондай-ақ пікір жазған сайтты пайдаланушылар арасында да сауаттылық талап еткен ана тіліміздің жанашырлары бар. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының сайтына Асхат Өтемісов атты тіл жанашыры мынадай ескерту беріпті. «Ресми сайттарыңыздың қазақша нұсқасы бойынша «Басқарма туралы» атты айдардағы «Жаңылықтар» деген сөзді «Жаңалықтар» және «Коррупцияға қарсы іс-шаралар сұрақтар» сөзін «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар туралы сұрақтар» деп өзгертулеріңізді, яғни сайттың қазақша нұсқасындағы олқылықтарды жөнге келтірулеріңізді сұраймын», — деп өтінеді ол. Бірақ өтінішке құлақ асқан жан әлі шыға қоймаған бұл басқармадан.

Мекемелер арасында интернет-ресурстарында «Жаңалықтар» топтамасын уақтылы жаңартып отыратындары да, сонымен бірге хабарландыру мәтіндерін орынсыз араластырып беретіндері де бар. Облыстық қаржы басқармасы шағын көлемде хабарламалар берумен шектеледі де, бірақ кей ақпараттың мәтініндегі стилистикалық қателіктерді ескермейді.

Мәселен, маусымның 17-сінде өткен бос орындар жәрмеңкесі жайында жаза келіп, соңғы сөйлемді «Жәрменке сағат 10.00-ден бастап 13.00-ге дейін келушілердің тарапынан қызығушылықтар білініп жатырғандығы байқалды» деп қазақ тілінің қарапайым қағидаларын қаусатып, қабырғасын қақыратады. Орфографиялық қателіктен бастап орын алған олқылық сайтқа ақпарат орналастырған маманның сауаттылық деңгейін көрсетсе керек.

Сондай-ақ мекемелердің вебсайттарының бірқатары бірден орыс тілінде ашыла кетеді. Облыстық денсаулық сақтау басқарма басшысының блогы ресми тілде «менмұндалап» тұр. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының ресми сайтында қазақша нұсқасынан «Туризм» айдарына кіргенде орыс тілінде орналастырылған мәтін шыға келеді.

Жалпы, мемлекеттік органдар интернет-ресурсындағы барлық мазмұндағы ақпараттарды жаңартып отырулары тиіс. Орал қаласының әкімдігі сайтында инфокескіндемелердегі мәлімет 2014 жылғы екені көрсетілген. Ал Ақжайық ауданы әкімдігінің интернет-ресурсында жаңалықтар саны саусақпен санарлықтай, оның ең соңғысы бір ай бұрын жарияланған. Яғни ақпарат мұрағатын табу мүмкін емес. Жәнібек және Бөкей ордасы ауданы әкімдіктерінің сайты сын көтермейді. Ауданның тыныс-тіршілігі, құрылымдық бөлімшелері туралы қос тілде толыққанды ақпарат алу мүмкін емес. Сонымен қатар БАҚ бетіндегі өздеріне қатысты ақпаратты алып отырғанымен, авторлық құқықты белден басып, сілтеме жасамайтын мекемелер бар. Зеленов ауданы әкімдігінің веб-сайтында әрбір ауылдық округтің экономикалық өсімі, әлеуметтік саласы бойынша соңғы екі жылдың қорытындысын статистикалық деректермен салыстыра бергені әлдеқайда жинақы да тиянақты, ұтымды көрінеді. Оның қасында кейбір аудандардағы ауылдық окруттер мен аудандық бөлімдер туралы мәліметтер тым шұбалаңқы. Мекеме міндеті мен қызметі туралы қаулыны салғаннан гөрі, басшы-қызметкерлер туралы қысқаша ақпарат берген жөн секілді.

«Тарихи тұлғалар туралы» айдармен берілетін тұшымды деректер тым мардымсыз, тіпті жоқтың қасы. Сырым ауданы әкімдігі сайттағы фотогалерея бөлімінде ауданның көрнекті орындарының тартымды суреттерін едәуір толыққанды беріпті. Жалпы, басқаларымен салыстырғанда, облыстық дін істері басқармасының сайты көңілге толымды көрінді. Ал «қатарының алды» болуы тиіс облыстық төтенше жағдайлар департаментінің интернет-ресурсында төтенше құбылыстар туралы алдын ала болжам, күн райы туралы талдамаларды таба алмадық және қазақша нұсқасындағы кей атаулар орыс тілінен аударылмаған.

Мемлекеттік құрылымдардың интернет-ресурстарында заң мен нормативтік актілердің дайын мәтіндерінен басқа қазақ және орыс тілінде берілген ақпараттардың мазмұны бір-бірімен сәйкеспейді. Сайттардың безендірілімі мен өздерінің саласына сай мазмұн мен түрге сай ие болып, тартымды көрінеді десек қателесеміз. Расын айту керек, мемлекеттік органдар интернет-ресурс атын тұрақты насихаттайтын, деректерін сапалы, уақтылы жаңартумен айналысатын білікті мамандарға мұқтаж. Бұл ретте әлеуметтік желілерден ресми парақша ашып, оны орнымен пайдалануға неге тырыспасқа? Басшылардың блогтарына сауал жолдап жатқан тұрғындардың контенті аз cекілді. Облыстық басқармалар сайтында электронды сандық қолтаңба сұрайды. Әрине, бұл – «Электронды үкімет» порталының тиімді жолы. Негізінен «Сұрақ-жауап» айдарында тұрғындарға ортақ мәселелерге қатысты сауалдарға жария жауаптарды беріп отырса, ұтымды болар еді. Сол арқылы қоғаммен «санасу» және ашық болу қағидаты нығая түсері анық. Мәселен, облыстық прокурор блогында тұрғындар жолдаған арызға уақтылы, жария түрде жауап беріліп отырады әрі 2013 жылға дейінгі мұрағаты сақталған.

Тобықтай сөзді түйіндей келе, облыстағы ресми сайттардың сапасын көтеру күн тәртібінде тұрған мәселе екені анық. Әсіресе, мемлекеттік тілде ақпаратты сауатты беру, стилистикалық, емлелік ерекшелігін ескеру, тыныс белгілері жүйесін сақтауға мән беру маңызды болып тұр. Сайтқа дайындалатын ақпарат ұғынуға жеңіл, сауатты жазылса әрі уақтылы жаңарса, сонымен қатар сараптамалық бағыттағы дереккөздер болса, мекеме интернет-ресурсының мазмұнды бола түсуіне оң әсер етеді.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»


Талаптының бағын ашар бағдарлама

Күні: , 152 рет оқылды

pri_2555


1993 жылдан бері 12 мыңнан астам қазақстандық ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атанса, соның 9 мыңға жуығы елге оралып, түрлі салада қызметке орналасқан. Олардың басым бөлігі мемлекеттік және жеке меншік секторларда, халықаралық ұйымдарда, ұлттық компанияларда еңбек етуде. Бұл жайында «Қазақстан-Орал» телеарнасында өткен брифингте ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Ғани Нығыметов мәлімдеді.


Бірқатарын тарқатып айтсақ, шетелден оралған жас мамандардың 500-ден астамы мемлекеттік қызметке, тағы 500-ден астамы денсаулық сақтау, 2 мыңға жуығы білім беру саласына орналасқан.

Биыл «Болашақ» бағдарламасына 700 мемлекеттік грант бөлінген. Бүгінге дейін 313 үміткер конкурстан өткен. Олардан бөлек, шетелде оқып жатқан 1500 стипендия иегерлерін қамтамасыз ететін бағдарлама бюджеті 20 млрд.-қа жуық теңге құрайды екен. «Болашақ» стипендиясы «Магистратура», «Докторантура», «Резидентура» және «Тағылымдамалар» бағыттары бойынша тағайындалады. Биыл стипендия тағайындау конкурсына қатысу үшін тапсыратын құжаттар пакеті қысқарған. Бұл бағдарлама талабы бойынша үміткер арнайы конкурстан өтеді. Егер ағылшын тілінде білім беретін мемлекетке барғысы келсе, сол тілді кемінде орташа деңгейде білуі тиіс. Екі жыл жұмыс өтілі және жоғары білімі (дипломдағы орташа балы 3,0 GPA) болуы керек. Іріктеу қағидасына орай ҚР азаматы алдымен ағылшын және қазақ тілінен тест тапсырады, кейін психологиялық, яғни IQ-тесттен өтеді. Одан әрмен тәуелсіз сараптама комиссиясының мүшелерімен сұхбат болады.

Ғани Нығыметов бірқатар жаңа іріктеу қағидалары туралы атап өтті. Мәселен, биыл инженерліктехникалық мамандықтарға жаңа квоталық санат ашылды. «Болашақ» бағдарламасына БАҚ, мәдениет, денсаулық сақтау, білім беру саласының мамандары, мемлекеттік қызметкерлер, ғалымдар құжат тапсыра алады. Биыл конкурсқа құжат қабылдаудың соңғы кезеңі қыркүйектің 30-ында бітеді. Желтоқсанда емтиханның төрт кезеңінен сәтті өткендер үшін ҚР Мемлекеттік хатшысы жетекшілігімен шетелден мамандар даярлау жөніндегі республикалық комиссия шешімімен стипендия тағайындалады. Орта шамамен алғанда, бір стипендия иегерінің шығынын қамтамасыз етуге Ан-глияда 50 мың доллар, АҚШ-та 100 мың  доллардан астам жұмсалады екен. Сол арқылы студенттер үшін азық-түлік алуға, тұрғылықты орын табуына, виза алуға және оқу құралдарымен қамтамасыз етуге жағдай жасалған. «Жақында «Болашақ» бағдарламасына өзгеріс енбекші. Өз бетімен шетелдегі жоғары оқу орнына түскендерге  екі жылдық жұмыс өтілінің болуы талап етілмейді», – деді Ғани Нығыметов.

Батыс Қазақстан облысында «Болашақ» бағдарламасының 135 түлегі жұмысқа орналасса, оның 39 пайызы мемлекеттік мекемелерге барған. Түлектердің 71-і техникалық, 38-і гуманитарлық, 26-сы медициналық мамандықты игерген. Қазіргі уақытта шетелде білім алып жатқандардың қатарында 45 батысқазақстандық бар.

Оның 36-сы магистратура бағдарламасы бойынша оқып жатса, сегізі тағылымдамадан өтуде, біреуі ғылым докторы атанбақ.

25 «болашақтық» Ұлыбританияда, сегізі АҚШ-та, алтауы Оңтүстік Кореяда, қалғандары Италия, Австралия, Сингапур, Ресей Федерациясы мен Чехияда білім алуда. Сондай-ақ сегіз стипендия иегері мен төрт магистр шетелдегі оқуын тәмамдаған. Олар қазіргі кезде есеп беру құжатын дайындауда.

«Болашақтықтар» елге келген соң бес жыл жұмыс жасауға міндетті. Егер белгіленген мерзімді аяқтамай, шетелге кетіп қалса, оның себеп-салдарын анықтаймыз. Уақытша кеткендерін айтып, белгілі уәжбен жауап қайтарса, оған рұқсат береміз. Мәселен, бір-екі жыл тәжірибе жинау мақсатында шетелде қалғысы келетінін айтса, белгілі бір уақытқа мерзімін ұзартамыз. Жалпы, келісімшартты бұзғандардан оқу шығынын кері қайтарып аламыз. Әзірше мұндай мәселе кезіккен жоқ», – деді Ғани Нығыметов.

Айта кетерлігі, 2014 жылы АҚШ-тың Флорида штатындағы Майами қаласында өткен әлемдік білім конференциясында «Болашақ» шәкіртақысы ең үздік оқу стипендиясы атағына  ие болған.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»

Наталья  ГОРОХОВА, «Приуралье»  газеті:

– Үміткер шетелге оқуға кеткенде кепілдеме қалдыруы тиіс. Бұл шарт тағылымдамадан өтушілерге де міндеттеле ме? Соның жай-жапсарын айтсаңыз.

Ғани НЫҒЫМЕТОВ,

ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті:

– 2005 жылы кепілдемемен қамтамасыз ету жүйесі енгізілді. Стипендия иегері келісімшартқа сәйкес құны 50 мың доллар жылжымайтын мүлік қалдыруы тиіс. Бұған стипендия иегерінің не ата-анасының меншігіндегі жер телімі, құрылыс нысаны, баспана кіреді. Жылжымайтын мүлік құны міндетті түрде оқу шығынын жабуға тиіс емес. Шартта көрсетілгеніндей, кепілдеме таба алмаған жағдайда, онда студенттің қамқоршыларымен келісімшарт жасалады. Егер стипендия иегері нашар оқыса, оқуға төленген қаражат қайтарылады. Ал тағылымдамадан өтетіндер кепілдеме қалдыруға міндетті емес. Олар келгенше, жұмыс орны сақталады және елде үш жыл жұмыс істеуі тиіс. Жақында бағдарламаға бірқатар өзгерістер енгіземіз. Соған сәйкес шетелде білім алғандар өздері таңдаған сала негізінде жұмыс орнын ауыстыра алатын болады.

Жидегүл  АМАНҒАЛИЕВА,

«Қазақстан-Орал» телеарнасы:

– БАҚ саласында еңбек етіп жүргендердің біразы басқа мамандық иелері екені рас. Шетелде журналистика саласы бойынша білім жетілдіру үшін елдегі ЖОО-дан алған мамандығы қаншалықты сәйкес болуы керек? Екінші сұрағым, кейбір «Болашақ» бағдарламасының түлектері жұмыссыз жүр. Солардың жұмысқа орналасуына қатаң талап қойылмай ма?

Ғани  НЫҒЫМЕТОВ:

– Ережеге сәйкес, журналистердің базалық білімі БАҚ саласына жақын болуы қажет. Бізде арнайы жасалған тізім бар, содан қарауға болады. Мәселен, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі секілді  педагогикалық  мамандықтар  сәйкес  келеді.

Екінші сұрағыңызға келсек, шетелден білім алған мамандардың қазіргі уақытта 98,4 пайызы жұмысқа орналасты. 100 шақты стипендия иегері жұмыс іздеуде. Кейбірі енді ғана елге келді. Кейбіреулері  көңілі толмаған соң, ұсынған жұмыс орнына бармай отыр. Бірақ олар шетелге шыға алмайды. Келісімшартта қойылған талапты орындауы тиіс. Негізінен әр түлек, әсіресе, өз бетімен шетелге барып, оқып келгендер жұмысты өздері табуы тиіс. «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ бұл жерде мамандарды міндетті түрде жұмыспен қамтымайды, тек көмек көрсетеді. Әрине, біздің тарапымыздан қажетті шаралар жасалуда. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырып тұрамыз. Мектептен кейін, бірден бакалавриат санаты бойынша түскендердің жайы қиын болғаны рас. Олардан кей мекеме-ұйымдар екі жыл жұмыс өтілін талап етіп отыр. Бірақ бұл мәселені назардан тыс қалдырмаймыз.

Рауан ДИӘЛІ,

«Қазақстан» РТРК-ның меншікті тілшісі:

– «Болашақ» бағдарламасымен ауылдан барғандар оқуға түссе, оларға жеңілдік жасала ма?

Ғани  НЫҒЫМЕТОВ:

– Бұрын бакалавриат бағыты ашық болған кезде, ауылдық квота деген болды. Бірақ кейін бұл бағыт жабылды. Жүзге жуық жастар сол квотамен оқып келді. Бірақ оларға ауылға барып, жұмысқа тұру мәселесі қиын болып отыр. Сондықтан таңдаған мамандықтарына сәйкес Астана мен Алматы қалаларынан басқа өңірлерде жұмыс істеуге рұқсат бердік. Қазір квоталық санатқа іліккендерге ағылшын тілінен IELTS көрсеткіші 5.00 балға дейін талап етіледі, ал квоталық емес санатқа шетелге өз бетімен оқуға түскендер кіреді. Қазіргі кезде ауылдағы мектеп мұғалімдеріне жаңа квоталық санат ашу ұсынылды. Мұны жан-жақты қарастырып жатырмыз.


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика