Мұрағат: 05.09.2016


«Орта және шағын бизнес жақсы дамып келеді»

Күні: , 199 рет оқылды

фото Рафхата Халелова (223)


Кеше облысымызға жұмыс сапарымен келген «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед өңір басшысы Алтай Көлгіновтің бастауымен маңызды мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асу жайымен танысты. Соның ішінде мемлекеттен қолдау-көмек алған екі шаруа қожалығында және жиһаз фабрикасында  болып, еңбек ұжымының тыныс-тірлігімен танысты. Одан кейін мемлекеттік бағдарлама бойынша бой көтерген тұрғын үй құрылысын көріп, сапасын тексерді.


Матевосян» шаруа қо­жа­лығының жетекшісі Александр Матево­сянның айтуынша, биылғы егін әдеттегіден бітік, алқаптардан жаз­дық дәнді дақылдарды жинау жұмыстары аяқталған. Жаздық дәнді дақылдардың әр гектары­нан 23-24 центнерден, күздік дақылдардың әр гектарынан 50-52 центнерден өнім алған. Мұ­ны ес­тіген М. Құл-Мұхаммед: «Өзге ай­мақтарда гектарына 27 центнерден өнім алу рекорд болып саналады. Қазақстан бойынша орташа көрсеткіш 14-15 центнер, оза шапқанда 16-17 центнерден болады. 50 дегеніңіз абсолюттік рекорд!»  –  деп сүйсінді.

«Ұлт көшбасшысының, Мемлекет басшысының күшті қолдауы­мен бүгінде ауыл шаруашылығы саласының екінші тынысы ашылды. Қазақстан ірі агроөнеркәсіп­тік мемлекетке айнала бастады.

Өнімдерімізді шетелдерге экс­портқа шығарудамыз. Бұл өңірдің жері құнарлы. Аймақтың аумағы бойынша суы мол, арнасы кең Жа­йық өзені ағуда. Биыл жаңбыр мол болды, соның нәтижесінде күз­дік  дақылдар алқабының әр гектарынан 50 центнер бидай жиналды. Бұл – абсолюттік рекорд. Ауыл шаруашылығы саласының мықты дамуы агроөнеркәсіп саласын да­мытып қана қоймай, ауылдағы­лар­ға жұмыс береді, жақсы жала­қымен қамтиды. Осының барлы­ғы Мемлекет басшысының ұда­йы қам­қорлығының арқасында», – де­ген  Мұхтар Құл-Мұхаммед  шар­уашылық басшысы А. Матевосян­­ның шаруашылықта – 70, ком­би­натта 700 адамды жұмыспен қамтып отырғанына назар ау­дарт­­ты. Одан әрі ол Мемлекет бас­шы­сының дақылдарды өсіріп қана қоймай, оны өңдеу қажеттігін айт­қанын еске салды. «Іргеде өнім өткізетін үлкен нарық – ешқандай кедендік кедергілер жоқ Ресей елі тұр. Тек қана ерінбей, жеңді тү­ре іске сыбана кірісу керек», – де­ді шаруалармен өткен кездесу барысында.

Партия төрағасының бірінші орынбасары Махамбет ауылдық округіндегі «Шканов» шаруа қожа­лығында болды. Бекболат Шканов жетекшілік ететін шаруашылық­та 100 қара ала тұқымды ірі қара мал өсірілуде. Сүтті бағыттағы асыл тұқымды малға биыл субсидия берілген. Малдың қоңы жақ­­сы. Шаруашылықтың тынысы бір­қа­лыпты.

Бұдан кейін М. Құл-Мұхаммед  өңірдің дамуына өлшеусіз үлес қо­сып отырған маңызды бағыт­­тар­дың бірі «Бизнестің жол кар­тасы – 2020» бағдарламасының іске асу барысымен та­нысты. Аталмыш бағдар­лама аясында өткен жы­лы Орал қаласындағы Зашаған кентінде «Квант» жиһаз фабрика­сы іске қо­сылды. Жобаға бір млрд.-тан астам қаржы жұмсалды.  Қазіргі күні қарқынды жұмысқа кіріскен кәсіпорын 14 мың бірлік жиһаз өндірген. «Квант» компа­ниясының басшысы Михаил Пше­ничныйдың айтуынша, фабрика­дан шығарылған өнімдер сұра­нысқа ие. Өнімдер еліміздің бар­лық өңірлерінде, ішінара Ресейде өтеді.

Кәсіпорын жұмысшыларымен кездесуде М. Құл-Мұхаммед өңір­де бизнес-бастамаларды жандандыру қажеттігіне назар аудартты. «Елімізде 2010 жылдан бастап президенттік «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бо­йынша еліміздің кәсіпкерлеріне бір жарым триллион теңге бөлін­ген. Салыстырмалы түрде алсақ, бұл – 2001 жылғы Қазақстан­ның республикалық бюджетінен үш есе артық қаражат. 2010 жылдан бері қарай «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша республикамызда 80 мыңнан астам кәсіпорын «дүниеге» келді.  Солардың бірі – осы жиһаз фаб­рикасы. Мұндағы барлық құрал-жабдық Италиядан алынған, демек, шығарылып жатқан өнімнің технологиялық мүмкіндігі сол ита­льяндық деңгейде. Қазақстан­ның батысында орта және шағын бизнес жақсы дамып келеді. Елбасымыз экономикадағы орта және шағын бизнестің үлесін 40 пайыз­ға, 60 пайызға, 70 пайызға кө­теруіміз керек деді. Германияда осындай деңгейде. Сонда эконо­мика әлемдегі шикізаттың баға­сы­на тәуелді болып қалмайды», – деді «Нұр Отан» партиясы төраға­сының бірінші орынбасары.

Мұхтар Құл-Мұхаммед  «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жа­ңа құрылыс алаңына айналған Арман шағынауданында болды. Он­дағы жақын арада пайдалануға берілуі тиіс 144 пәтерлік көпқа­бат­ты тұрғын үйдің құрылысын көріп, сапасын тексерді. Үй құры­лысы өткен жылы қазан айында басталған, биыл осы айдың ая­ғында тапсырылуы тиіс. Қазір құ­рылыста 200 адам еңбек етуде.

«Елбасының «Нұрлы жол» бағ­дар­ламасы бойынша биылдың өзін­­де 770 млрд. теңге қаражат бө­-лінді. Соның 26 млрд. теңгесі Батыс Қазақстан облысында игері­луде. Бұл – жаңадан салынып жат­қан өндірістер, жаңа зауыттар, фа­брикалар, үлкен құрылыс алаң­дары. Мына салынып жатқан бес үй «Нұрлы жол» бағдарламасы­мен салынуда. «Нұрлы жол» бағ­дарламасының ел экономика­сын дамытуға қосып отырған үлесі өте зор. Әлемдегі экономикасы мық­ты елдердің өзін жаһандық дағ­дарыс шарпып отырған кезде Ел­басының жыл сайын Қазақстан экономикасына бір бағдарлама бойынша 700 млрд.-тан трил­лионға дейін қаражат бөліп,  елі­мізді үлкен құрылыс алаңына айналдыруы – үлкен нәтиже, Батыс Қазақстан облысына және жал­пы барлық өңірлерге жасап отыр­ған қамқорлығы деп бағалау керек»,  – деді  партия төрағасының бірінші орынбасары.

*   *   *

Кеше түс қайта «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед пар­­тияның облысымыздағы фи­лиа­лының активімен кездесті. Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің төр­ағалығымен өткен жиынға пар­тияның қалалық, аудандық төр­ағаларының бірінші орынба­сар­лары, партияның бастауыш ұйым­дарының жетекшілері, об­лыстық, қалалық мәслихат депутаттары қатысты.

Жиында партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орын­басары Серік Сүлеймен, Зе­ленов аудандық филиалы төраға­сының бірінші орынбасары Нұр­жан Дүзбатыров, «Қазақтелеком» АҚ БҚО дирекциясындағы баста­уыш партия ұйымының жетекші­сі Владимир Ткачев атқарылған жұмыстар, алда тұрған міндеттер жөнінде баяндады.

– ҚР Білім және ғылым ми­нистрлігінің мәліметіне сәйкес, об­лыста түрлі ЖОО-лар мен арнаулы оқу орындарын 135 жетім бала бітірген. Бірақ бұл жастар назардан тыс қалған. Партияның «Сәтті қадам» деген арнайы бағ­дарламасы бар. Міне, осы бағ­дар­лама аталмыш санаттағы жас­тардың жұмысқа тұруына жәр­дем­десу үшін жасалды. Алайда бұл бағытта облыста жұмыс жөн­ді жүргізілмеген. Адам жақсылық­­ты бірінші кезекте жетім-же­сір­ге жасауы керек емес пе. Өз бетімен тырмысып оқып шыққан жандарды қолдағанымыз дұрыс. Оларды өзіміз іздеп табуымыз қажет. Көмек қолын созуға тиістіміз. Осы мәселені партия филиалының бас­шылығы бақылауға алсын. Екін­ші мәселе, ҰБТ-дан тиісті балл жи­най алмай қалған мектеп түлек­теріне қатысты. Еліміз бойынша он­дай жастардың саны 12 мыңды құраса, Батыс Қазақстан облысында – 435. Мектеп қабырғасы­нан жаңа шыққан жанды кім жұ­мысқа алып, қамқорлық көрсетіп жатыр?! Арманына талпынып, алғашқы қадамы сәтсіз болған жас­тарға «Нұр Отан» партиясы қам­қор болып, жұмысқа тұруына мүмкіндік туғызуы тиіс.  Биыл мен партияның жергілікті филиал­да­­рының басшыларына мұндай жас­тардың әрқайсысын тізімге алу туралы тапсырма бердім. Егер бұл мәселені қолға алатын бол­сақ, жастардың қылмысқа баруы­­ның алдын аламыз және олар елеусіз, ескерусіз қалмайды. Яғ­ни салафиттер мен вахаббиттер­дің жетегінде кетпейді. Кешегі тер­рорлық әрекеттер жасаушы­лар­дың қатарындағылар біздің бауырларымыз ғой. Бәрі де алдау мен арбауға түскен жастар. Біз осындай іс-шараларды қолға ал­сақ, ұтарымыз көп. Сол себепті партияның аудандық филиалда­рының бірінші орынбасарлары осы іспен жүйелі түрде айналысу керек. Жаңа Зеленов ауданында бұл жұмыс қалай қолға алынға­нын естідік. Бірде-бір түлек ескерусіз қалмаған. Осыны өзгелер­ге үлгі ету қажет. «Мың сіз-бізден, бір шыж-быж артық» дейді. Құр сандарды «сөйлете» бермей, олар­дың артындағы адам тағдыры­на мән беріп, оларға қамқорлық жасасақ, партиялық жұмысымыз нәтижелі болады, – деді жиын барысында сөз алған Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Жиынды қорытындылаған өңір басшысы кездесуде көптеген мә­селе көтерілгенін, айтылған сын-ескертпелерден оң нәтиже бола­тынын  жеткізді. «Шын мәнінде де, «Нұрлы жол» бағдарламасы өңірі­міздің әлеуметтік-экономика­лық дамуына айтарлықтай үлес қо­суда, – деді Алтай Сейдірұлы. – Об­лысымыздағы жолдардың 26 па­йызы қанағаттанарлық күйде. Со­ны көріп Елбасы тиісті тапсырма берген болатын. Сол тапсырмаға сәйкес тиісті жұмыстар атқары­луда. Оның бір парасын өзіңіз көрдіңіз. Жаңа құрылысты айтып өттіңіз, биылдың өзінде Орал қаласында 1,5 мың жаңа пәтер­дің тапсырылуы ел тәуелсіздігі­нің 25 жылдығында атқарылып жат­­қан мерейлі істердің бірі деп білеміз. Облысымызға арнайы ке­ліп, жағдайды өз көзіңізбен кө­ріп, жетістіктерімізді де, кемшін тұстарымызды да айтып жатқа­ныңыз үшін, жан-жақты қолдаула­рыңыз үшін өз ризашылығымды білдіремін».

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Суретті  түсірген  Рафхат  ХАЛЕЛОВ


Жүгіру – денсаулық кепілі

Күні: , 174 рет оқылды

PRI_2060


Оралда жексенбі күні Абай алаңынан П. Атоян атындағы стадионға дейін ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен қала күніне арналған жаяу жарыс шарасы өтіп, оған облыс әкімі Алтай Көлгінов бастаған 2500-ден астам адам қатысты.


Шараға келгендердің арасында әйелдер күресінен Рио олимпиадасының қола жүл­дегері Екатерина Ларионова бас­таған олимпиадашылармен қатар мекеме, кәсіпорындар басшылары, көп жылдан бері спортты се­рік еткендер, сондай-ақ жастар мен оқушылар да болды.

«Тәуелсіздігіміздің 25 жылды­ғына арналған мұндай шара Қа­зақстанның барлық аймағында өтуде. Күн демалыс болғанына қа­­рамастан, бүгінгі жарысқа қаты­сушылар көп болды. Бұл біздің Елбасымыздың бұқаралық спорт­ты дамытуға арналған бағдарла­масын орындап келе жатқанымыз­ды көрсетеді. Мұндай шаралар­ға мемлекеттік қызметкерлер де белсене қатысып, салауатты өмір сал­тын орнықтыруға өз үлестерін қосып келеді. Еліміздің егеменді, ұлтымыздың ұлықты болуы үшін қазақстандықтардың денсаулығы мықты болуы тиіс. Ол үшін халық­ты спортқа жұмылдыру маңызды, өйткені спорт – ұлт өміршеңдігін қамтамасыз етудің, Мәңгілік ел идеясын жүзеге асырудағы басты факторлардың бірі», — деді шара­ға қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Шара соңында оған белсенді қатысушылар грамота, бағалы сый­лықтармен марапаттал­ды. Атап айтқанда, «БҚО бойынша азамат­тарға арналған үкіметтің мемле­кеттік корпорациясы» коммерция­лық емес АҚ — «Спорттық ұжым», Наргиза Мирзоева — «Ең креативті қатысушы», Келязевтер отбасы — «Спорттық отбасы», жеті жасар Ибрагим Жетпіс — «Ең жас қатысу­шы», София Иманғалиева — «Жасы үлкен қатысушы», Сандуғаш Жұ­ма­ғұлова «Ең нәзік қатысушы» аталымдарына ие болды.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы Әскербек Нұрмұқановтың айтуынша, шараға қатысушылар саны жыл сайын көбейіп келеді. Бұған дәлел – осы жолы 2500 д­а­на нөмір жасалса, сол жетпей қал­ды. Жалпы, мұндай бұқаралық іс-шаралар елді біріктіреді, қаты­су­шыларға айрықша көңіл күй сыйлайды. Әр адам күн сайын жүгіріп немесе велосипед, қыста шаңғы теуіп, денсаулығын шыңдай берсе, жұмысқа деген қарым-қабілеті артып, Қазақстанның дамуына өз үлесін қоса беретіні анық.

Еске сала кетейік, қала күніне орай 10 қыркүйек күні Оралда велошеру өтеді.

Елжан ЕРАЛЫ


Ауылдағы марафон

Күні: , 169 рет оқылды

DSCN0270


Өткен  жексенбіде Ақжайық ауданы Көнеккеткен ауылында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай  көпшілік  марафон өтті. Оған ауыл тұрғындары,  мекеме, мектеп ұжымдары  белсене қатысты.


– Астанада Риодағы ХХХI жазғы олимпиада қорытындысында қазақстандық  жеңімпаздарды марапаттау салтанатында сөз сөйлеген Елбасымыз Нұрсұлтан  Назарбаев кең байтақ елімізде спортты одан әрі нығайтудың қажеттігі – ол еліміздің абыройы мен беделін одан әрі асқақтататынын  атап  көрсетті, – деді осы  марафонның  ашылуында  сөз  сөйлеген  Көнеккеткен  ауылдық  округінің  әкімі  Ұлдаш  Қадырғалиева.

Сөйтіп, көшбасшымыз  қолдауына сүйенген  бір  топ  саңлақ  спортшыларымыз елімізге  үлкен  олжамен  оралды.

О. Исаев атындағы  орта  мектептің  алдында  өткен  шараның  қорытындысында мектеп  директоры Нұрлан  Есболатов, округтегі  қоғамдық   келісім  кеңесінің  төрағасы, спорт ардагері  Тұрлан  Сапарғалиев сөз  сөйлеп, спорттың  адам  денсаулығына  пайдасын, оның  әлемдегі  алар  орнын  дәйектеді.

Спорт  мерекесіне  қатысқан  ең  үлкен, ең  кіші  ауыл  тұрғындары  Балзия  Шынқайырова мен  Абай  Уәли, сондай-ақ мәре сызығын  бірінші  аттаған  мектеп  оқушысы  Мағжан  Болат, спорт  жанкүйері  Балжан  Айтқалиева   сияқты  марафоншылар  әкімшілік  атынан марапатталды.

Баршаның  көңіл  күйін  шат-шадыманға  толтырған  спорт  мерекесі  өз  жалғасын  табары  сөзсіз.

Тілес   ЖАЗЫҚБАЙ,

Ақжайық   ауданы


Биғалиевтерге қолдау білдірейік

Күні: , 169 рет оқылды

Мерейли отбасы


Қыркүйектің 2-сі күні «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының республикалық кезеңіне қатысушыларына онлайн-дауыс беру басталды.


ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Ләззат Сүлейменованың айтуынша, биыл жалпы республика бойынша конкурстың аудандық және отбасылық кезеңдеріне 2579 отбасы қатысты. Олардың арасында 19 этностың, сондай-ақ 53 интернационалдық отбасының өкілдері болды. Шараның мақсаты – отбасы институтын, адамгершілікті, руханилықты, бала тәрбиесіндегі атаананың жауапкершілігін, отбасы құндылықтарын насихаттау, кәмелетке толмаған балаларды еңбекке жарамсыз және қарт ата-аналарына қамқорлық жасауға үгіттеу, сонымен қатар қазақстандық отбасының жағымды имиджін насихаттау.

Еліміздің барлық облыстарынан, Астана және Алматы қалаларынан 16 үміткер-отбасы ұлттық конкурстың республикалық кезеңіне өтті. Солардың қатарында батысқазақстандық Биғалиевтер отбасы бар. Бүгінге дейін халықтық Биғалиевтер отбасылық ансамблінің шығармашылық кештеріне өңір жұртшылығы талай мәрте куә болды. Сондықтан өнер жолында жүргеніне отыз жылдан асқан жарасымды жанұяға жерлестері қолдау білдіреді деп сенеміз.

Байқаудың жеңімпаздарын анықтауға республиканың барлық азаматтары қатысуға зор мүмкіншілік жасалған. Ол үшін қыркүйектің 8-і күнгі сағат 24:00-ге дейін  kaztube.kz порталы арқылы онлайн-дауыс беруге немесе 8-803800009 нөмірі бойынша стационарлық телефон арқылы (соңғы екі сан отбасының нөміріне байланысты) және 6284 қысқа нөміріне 09 қос таңбалы санды көрсете отырып, SMS-хабарлама жолдауға болады.  Дауыс берудің қорытындылары 2016 жылғы 10 қыркүйекте сағат 11.00-де Астанадағы «Қазақстан» ОКЗ-да өтетін «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде жарияланатын болады. Жеңімпазға «Мерейлі отбасы»  лауреаты  деген  атақ  беріледі.

Қыркүйектің 2-сінен бастап онлайн-дауыс беру жалғасуда. Облыс тұрғындарын Биғалиевтер отбасын белсенді түрде қолдауға шақырамыз.


Заманауи монша

Күні: , 187 рет оқылды

IMG_1275


Білім күні Ақпәтер мектебінің жанындағы интернатта тәрбиеленушілер үлкен қуанышқа кенелді.  Ауылдағы шаруа қожалықтарының жетекшілері Самат  Хасанов, Бауыржан Мұқанғалиев, Жасұлан Дүйсенғалиев, Бейбіт Өтеғұловтардың демеушілік жасауымен  интернат жанынан заманауи монша салынды. Бұл монша құрылысының жүргізілуіне мектеп ұжымы да белсене қатысты.


Мектеп жанындағы интернатта елді мекендерден келіп оқитын 25 бала енді жұма сайын  «жеңіл бу» қабылдайды. Моншаның адам денсаулығына пайдалы екенін ескерсек,  бұл интернатта тәрбиеленушілердің денсаулығының да мықты болары сөзсіз.

Жоғарыда айтылғандай, басқа жерлерде де  «атымтайлар» болса, шалғай ауылдарда халыққа қызмет ететін орындар көбейер еді.

Әсем  БОЛАТ,

Қазталов  ауданы


«Айлананың» алғашқы адымы

Күні: , 157 рет оқылды

DSC_0805


Бизнеске жаңадан қадам басып, жұмысын дөңгелетіп отырған нәзік жандардың бірі – Айсұлу Сапиева.


Жақында ғана «Айлана» пиццериясының тұсауын кескен шаруа әйелдің жұмысы ширақ.

Ол 1988 жылы Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Атамекен ауылында дүниеге келген. Ал 2006 жылы жанұясымен Переметный ауылына қоныс аударыпты.

– Аспаздық – сүйікті ісім. Екі жылдай Астана қаласында пиццерияда аспаздың көмекшісі болып жұмыс жасадым. Пицца дайындаудың қыр-сырын сол жерде үйрендім. Ауылға келгесін бұл істі неге қолға алмасқа деген ой келді. Алғашында бір-екі ай үйден тапсырыс алып, пісіріп жүрдім. Сұраныс болды, тұтынушыларға ұнады. Міне, енді жеке кәсібімді аштым. Пиццаның екі түрін дайындап, тапсырыс бойынша үйлерге тегін жеткізіп береміз. Әзірше ғимаратты жалға алдым. Болашақта шағын кәсібімнің кеңістігін кеңейту ниетім де жоқ емес. Мүмкіндік болса, мемлекеттік бағдарламамен несиеге қол жеткізсем, – дейді Айсұлу Мұқанғазықызы.

Ал оның кәсібіндегі серігі өмірлік жары Жасұлан Сапиев тапсырысты керекті жеріне жеткізіп отырады. Мұнымен қоса Айсұлу екі адамды жұмыспен қамтыған. Ас мәзірінде пиццадан бөлек коктейль, кондитерлік өнімдер бар.

Динара  НАСЫР,

Зеленов  ауданы


Коста-Рика «ЭКСПО – 2017» көрмесіне қатысады

Күні: , 159 рет оқылды

20160829202427


Жақында Астанада «Ядролық қарусыз бейбіт өмір қалыптастыру» атты конференция аясында «ЭКСПО – 2017» комиссары Рапил Жошыбаев  Сыртқы істер министрі Мануэль Гонсалес Санс бастап келген коста-рикалық делегациямен кездесті.


Кездесу барысында «ЭКСПО – 2017» көрмесіне Коста-Риканың қатысуымен екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Коста-Рика сыртқы саяси ведомствосының басшысы  ел үкіметінің Астанада өтетін көрмеге қатысуды шешкенін хабарлады. Министрдің айтуынша, Косто-Рикада пайдаланылатын энергияның 97%-ы  энергияның балама көздерінен өңделген. Бұл әлемдегі ең жоғары көрсеткіш болып табылады.

Көрме комиссары Рапил Жошыбаев «ЭКСПО – 2017» баламалы энергетика саласындағы ынтымақтастықты дамытуда жақсы платформа болатынын, ал Коста-Риканың  қатысуы көрменің табысты өтуіне маңызды үлес қосатындығын  атап өтті.

Өз тілшіміз


Мемлекеттік қолдаудың игілігі – жаңа цех

Күні: , 177 рет оқылды

DMS_0447


«Бизнестің жол картасы – 2020»  бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде өңірдегі мемлекеттік қолдау-көмектің игілігін көрген кәсіпорындардың бірі – «Тужилкин А.Б.» жеке кәсіпкерлігі. Бұл  кәсіпкерлік «Даму-Өндіріс» бағдарламасы (өңдеу саласындағы жеке кәсіпкерлік субъектілерін қолдау бағдарламасы)  бойынша  өндірілетін өнім көлемін өсіруге қол жеткізді.


Тігін цехы 2005 жылы іске қосылған.  Онда 34 адам жұмыс істейді.

Жеке кәсіпкерліктің штатында 40 шақты адам еңбек етеді. Тігін цехы арнайы киім тігуге маманданған, оған қоса тенттер, брезент жабындар тігіледі. Сонымен қатар әскерилер мен күзет қызметіндегілерге арналған киімге арнайы логотиптер, жапсырма салады, өрнектейді. Компания өнімдерін облыс аумағында өткізеді. Негізгі серіктестері  – бюджеттік ұйымдар, жеке тұлғалар.

– 2015 жылғы ақпан айында аймақтық үйлестіру кеңесі жеке кәсіпкерліктің «Даму-Өндіріс» бағдарламасы бойынша (6 пайызбен) жеңілдікпен несиелеуді көздейтін жобасын мақұлдады. Несиелік қаражатқа дүкен-ателье ашу үшін ғимарат, сонымен қатар цех пен ательеге қажетті құрал-жабдық сатып алынды. Киім пішу үстелі, бес  тігін машинасын алдық, – деді «Тужилкин» жеке кәсіпкерлігінің менеджері Татьяна Шевцова.

Бүгінде Оралдың екінші база шағынауданындағы мекенжайдағы жаңа тігін цехында Оңтүстік Корея өндірісшілерінен шыққан лазерлі өрнек салу машинасы жұмыс істеп тұр. Бұл техниканың көмегімен көйлеккөншекті кестелеп, әдемілеп немесе қажетті пішіндегі ою-өрнекпен сәндейді. Жобаны жүзеге асыру арқасында екі жаңа жұмыс орны құрылған.

– Кәсіпкерлікте 10 жылдың үстінде тігінші болып еңбек етудемін. Тапсырыстардың түсуіне қарай жұмысшы және арнайы киімдер тігеміз. Жалақымыз тұрақты, жасаған еңбегімізге қарай төлейді. Зейнетақы қорына аударымдарды тұрақты аударады. Мұндағы жұмысым өзіме ұнайды, ұжым мен басшылық арасында түсіністік қалыптасқан, – деді тігінші-бригадир Айман Сауытова.

– Бүгінде бизнес үшін жеңілдікпен қаржыландыру тетігі жоғары сұранысқа ие.

Шағын және орта кәсіпкерлікті, шағын және микрокәсіпкерлікті, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау, өңдеу саласындағы жобаларды жеңілдікпен несиелеу бағдарламалары жұмыс істейді.  Биылдан бастап осы бағдарламаларға БҚО бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін аймақтық қаржыландыру бағдарламасы қосылды.

Бұл бағдарлама бойынша облыстық әкімдік «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорымен бірлесіп 1 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлді.  Бағдарламаның операторы ретінде «Даму» қоры несие алушылардың несиелік қаржыны мақсатты жұмсауын қадағалайтын болады. Аталмыш бағдарлама бойынша несие 8,5%-бен ұсынылады, негізгі қарыз бен пайыздарды өтеуге демалыс беріледі, несиелеу мерзімі ұзартылған және жұмыс істеп тұрған, кәсіпкерлікті жаңадан бастаған кәсіпкерлерге де «Даму» қорынан кепілдік алу мүмкіндігі бар. Берілетін несиенің шекті мөлшері – 50 млн. теңге, сонымен қатар оны аймақтық үйлестіру кеңесінің келісімімен ұлғайтудың мүмкіндігі де қарастырылған.  Инвестициялық заемның шекті мерзімі – 84 ай, айналым қаражатын толықтыруға – 36 ай. Негізгі мақсатты топтарға ауылдық кәсіпкерлер, жастар (29 жасқа дейінгі) және қай жерде, қандай кәсіп ашқанына қарамастан, өз ісін бастаған барлық кәсіпкерлер кіреді. Оларға салалық шектеу қойылмастан несие беріледі. Өзге кәсіпкерлер экономиканың басым секторына жататын жобаларды іске асыратын болса, бағдарламаға қатысушы бола алады. Несиелеудің мақсаты – негізгі құралдарды жаңғырту және жаңасын сатып алу, айналым қаражатын толықтыру инвестициялары. Қаржы екінші деңгейдегі  үш банкте орналастырылған: 400 млн. теңгеден –  «Халық банкте», «ЦентрКредит банкте» және 200 млн. теңге – «Казкоммерц банкте». Қазіргі уақытта ЕДБ-ларда жалпы шамасы 589 млн. теңге болатын 11 жоба бар, жалпы шамасы 226 млн. теңгеге алты жоба мақұлданған, – деді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры аймақтық филиалының директоры Ербол Иденов пресс-тур барысында журналистерге берген сұхбатында.

Гүлбаршын ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»


Үй жанынан табылған снаряд

Күні: , 150 рет оқылды

SAM_3697


Ақжайық ауданы Ілбішін ауылының тұрғыны үйіне су өткізбекші болып, қазу жұмыстарымен айналысқан кезде Азамат соғысынан қалған снарядты тапты.


БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, тұрғынның үйінен 5 метр жерде жатқан снарядтың ұзындығы 32 см, диаметрі 76 мм болып шықты.

Жарылғыш зат арнайы мамандардың қатысуымен барлық қауіпсіздік шаралары қолданыла отырып, жойылды.

Айта кетейік, БҚО аумағында Азамат және Ұлы Отан соғысы кезінен қалған снарядтар бұдан бұрын да табылған болатын.

Елжан ЕРАЛЫ


Велосипед ұтып алды

Күні: , 160 рет оқылды

image-02-09-16-03-16-2


Жуырда продюсер, «Астана.KZ» ұлттық құрамасында ойнаған КТК ойындарының жұлдызы, «Рывок», «Откройте дверь, я счастье!» сынды киноларда рөлдерді сомдаған белгілі актер Дәуіт Шайхисламов өзінің инстаграмм әлеуметтік парақшасында байқау жариялаған болатын.


Оның мақсаты салауатты өмір салтын ұстанатын, спортпен айналысатын жастар қатарын көбейту еді. #Вело30ЖKZ хэштегімен жарияланған байқаудын басты талабы – ескі велосипедпен түскен суреттерді осы хэштегпен өз парақшаңда жариялау. Байқау жеңімпазына басты сыйлық – спорттық велосипед.

Осы байқауға қатысқан Қазталов ауылының тұрғыны, А. Оразбаева мектебінің 6-сынып оқушысы Әділхан Қалихановтың суреті жеңімпаз болып танылып, жоғарыдағы сыйлықты жеңіп алды.

Дәуіт Шайхисламов сыйлықты жеткізуді өз мойнына алып, «Қазпошта» арқылы иесіне жіберген болатын. Жаңа спорттық велосипедке ие болған Әділханның қуанышында шек жоқ.

— Бұл спорттық велосипед жаңа оқу жылына маған үлкен сыйлық болды. Енді сабақпен қатар спортты да бірге алып жүретін боламын, — дейді Әділхан.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ,

Қазталов ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика