Мұрағат: 02.09.2016


«Сәлем саған, сүйікті, алтын ұя мектебім!»

Күні: , 209 рет оқылды

IMG_2576


Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде өткен салтанатты жиынға өңір басшысы Алтай Көлгінов қатысып, жас зияткерлерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.


Білім күніне орай өткізілген шара алдымен ҚР Мемлекеттік Әнұранымен басталды. «Ғажайып» би-ансамблі «Мақтаншақ» биін орындаған соң, аталмыш мектеп директоры Шолпан Қадырова шәкірттерге жүрекжарды тілегін жеткізді.

Аталмыш мектеп 2012 жылы ашылған болатын. Қазіргі таңда мұнда 7-11-сынып аралығында 510 оқушы білім алуда. Биыл 100 оқушы 7-сыныпқа қабылданды. Мектепте 107 жергілікті және тоғыз шетелдік педагог (оның ішінде мұғалім-сарапшылар, модераторлар, арнайы сертификаттары бар тренерлер, оқулық авторлары, бағдарлама құрастырушылары және ғалымдар) қызмет етеді.

– Тәуелсіздік алған кезімізден бастап, тек біздің өңірімізде 60 мектеп және 16 балабақша салынды. Мұның барлығы болашағымыз үшін жасалып жатқан жұмыс. Назарбаев зияткерлік мектебінің ашылғанына биыл төртінші жыл. 25 жыл бұрын жалпы білім беретін мектептердің стандарты мүлдем бөлек болатын. Қазіргі уақытта мектептеріміз бүкіл әлемдік стандартқа сай келеді. Мұндай мектептің Орал шаһарында ашылғанын мақтанып айта аламыз. Мұның бәрі – Елбасымыздың білімге деген көңілі. «Елдің қуаты біліммен өлшенеді» – деп Президентіміз айтқандай, яғни сіздер білімді болсаңыздар, мемлекетіміз қуатты болады. Оған толық мүмкіндік бар. Ана тілімізбен қатар орыс, ағылшын тілін үйреніп, заманның талабына сай білім алып жатырсыздар. Биыл қабылдануға тиісті 100 орынға 700 бала құжаттарын тапсырған екен. Оның өзі оқушылардың білімге деген құштарлығын білдіреді. Ата-аналар мен ұстаздарды, сонымен қатар осы мектептің табалдырығын жаңадан аттап отырған 7-сынып оқушыларын білім күнімен шын жүректен құттықтаймын! — деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Білім күнінің ашылу салтанатында мектеп оқушылары Әлихан Сағынгерей мен Сауреш Бекетова алаңның ортасына келіп, облыс әкімі Алтай Көлгіновпен бірге қоңыраудың үнін сыңғырлатты. Мектеп оқушылары әзірлеген «Тәуелсіздік торабында…» атты театрландырылған көріністен соң 7-сынып оқушылары өңір басшысы Алтай Көлгіновпен бірге аталмыш мектептің ауласына алма ағашының көшеттерін отырғызды.

Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ

***

Мұстақым Ықсанов атындағы №36 жалпы орта білім беретін мектебінде Білім күніне арналған алғашқы қоңырау салтанаты өтті. Оған облыс әкімі Алтай Көлгінов арнайы қатысты.

— Жаңа оқу жылы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Елбасымыздың қолдауымен жыл сайын жаңа білім ошақтары бой көтеруде. Президентіміз айтқандай, «Терең білім – тәуелсіздігіміздің тірегі». Соңғы 10  жыл ішінде мемлекет та-рапынан білім саласына бөлінетін қаражат бес есеге дейін өсті. Яғни оқушылардың алаңсыз білім алуына жан-жақты жағдай жасалуда. Осыдан 20 жыл бұрын осы мектепке мемлекеттік қайраткер, еліміз үшін аянбай еңбек еткен Мұстақым Біләлұлы Ықсановтың есімі берілген. Биыл Мұстақым Біләлұлының туғанына 90 жыл толып отыр. Аталмыш мерекелік датаға орай мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлініп, оның есімі берілген білім ұясы күрделі жөндеуден өтті. Бүгінгі таңда өңірімізде 401 мектеп оқушыларға есігін айқара ашты. 11 мың бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады.

Бұл – біз  үшін үлкен мереке, – деді өңір басшысы құттықтау сөзінде.

Салтанатты шарада облыс әкімі Алтай Көлгінов және Мұстақым Ықсанов атындағы қордың төрағасы Асқар Атаев Мұстақым Ықсановтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Аталмыш білім ұясы былтырғы оқу жылында республиканың 30 пилоттық мектебі қатарында бастауыш білімге арналған жаңа оқу бағдарламасын  оқу-тәрбие үдерісіне енгізуді бастап, биыл оны әрі қарай жалғастыруда. Биылғы оқу жылында елу бүлдіршін осы мектептің табалдырығын аттады. Өңір басшысы мектеп табалдырығын жаңадан аттаған бүлдіршіндерге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Менің Отаным – Қазақстан» атты кітабын табыс етті. Ол сондай-ақ күрделі жөндеуден өткен аталмыш мектептегі М. Ықсанов атындағы оқу-көрме залын және заманауи оқу құралымен жабдықталған ағылшын тілі кабинетін қарап шықты.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»

***

1 қыркүйек – Білім күнінде облыс әкімі Алтай Көлгінов дарынды балаларға арналған Сәкен Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешеніне барып, 11-сынып оқушыларымен еркін әңгімелесті.

Оқушылардың біреуі «Мен қазақпын» өлеңін жатқа оқыса, екіншісі облыс басшысымен ағылшын тілінде сөйлесті. Алтай Көлгінов жылы лебіздерге алғыс білдіріп, барлығына сәттілік тіледі. Мектепті тәмамдаған соң еліміздегі жоғары оқу орындарына қанат қағуға дайындық мығым болу керектігін, одан әрмен шетелден білім алу үшін «Болашақ» бағдарламасы тамаша мүмкіндік беретінін айтты. «Сапалы  білім алу оңай емес. Бірақ алған біліміңді игеру, ел пайдасына жаратудың жауапкершілігі бұдан да зор», – деді облыс басшысы.

– Биыл ауылдық жерден музыкалық қабілеті бар балаларды екі сыныпқа іріктеп алдық. Мектепте 975 бала оқиды, оның ішінде 220-сы интернатқа орналасты. Біздің білім ордамыздың жанында музыка мектебі бар, оған 230 оқушы барады. Көптеген түлектеріміз Назарбаев университеті мен Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде білім алуда. Былтыр төрт түлек «Алтын белгіні» иеленді, – деді 28 жылдан бері мектеп директоры болып келе жатқан  Ерсайын Сапаров.

Облыс әкімі мектеп директорымен бірге тарих, химия, математика және бастауыш сынып кабинеттерін аралады. Асхана мен балаларға арналған тегін интернет жүйесі қосылған аумақты, сонымен қатар интернат ғимаратын  көрді. Кейін болашақ түлектермен суретке түсті.

Юлия НИКИТИНА


Қала әкімі қатаң бақылауға алды

Күні: , 178 рет оқылды

IMG_2849


Орал қалалық әкімдігінде өткен кезекті кеңес отырысында «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалуы, жол жөндеу жұмыстары мен жылыту маусымына дайындық барысы талқыланды. Кеңеске төрағалық еткен қала әкімі Нариман Төреғалиев жол жөндеу жұмыстарын уақтылы аяқтамаған мердігерлерді қала әкімдігі сотқа беруге мәжбүр болатындығын ескертті.


Кеңес отырысында жаз маусымының үш айы бойына жол жөндеу жұмыстарын жүргізген бірқатар мердігерлердің жүктелген тапсырманы  белгіленген уақытта аяқтай алмайтыны анықталды. Олардың айтуынша, біріне жұмыс күші, екіншісіне техника, ал үшіншісіне  шикізат жетіспейтін көрінеді. Осы себепті жол жөндеу жұмысы едәуір кешеуілдеп, қара күзге дейін созылуы мүмкін.

Кеңеске төрағалық еткен қала әкімі бірқатар мердігер компания басшыларына қатаң талаптар қойды.

– Сіздер бірінші кезекте өз мойындарыңызға алған жұмыстың сапасы мен уақтылы орындалуын басты назарда ұстауларыңыз керек. Бел шешіп, білек сыбана кіріскен соң жұмысты тапсырыс беруші тарапынан еш ескерту болмайтындай етіп орындауларыңыз қажет. Күнбе-күн сіздердің атқарған жұмыстарыңызды қадағалаумен іс алға баспайтыны анық. Белгіленген уақытта жұмыс аяқталмаса, сотқа жүгінуімізге тура келетінін ескертемін, – деді Нариман Төреғалиев.

Сала мамандарының мәліметтеріне сүйенсек, бүгінгі күні қаламыздағы Байтұрсынов көшесіндегі жол жөндеу жұмысы толығымен аяқталып, арнайы комиссиямен қабылданған. Жақыпов көшесінен бастап Айтқұлов көшесіне дейінгі қайта жөндеуден өткен бұл жолдың ұзындығы 1550 метрді құрайды. Жөндеу жұмысын «ДСК Приоритет» ЖШС уақтылы атқарған болатын. Сонымен қатар №6 шағынауданындағы Әбілхайыр хан көшесінен бастап Желаев күре жолына дейінгі аралықтағы жолға күрделі жөндеу жүргізілді. Бұл жұмысты «Айдана» ЖШС атқарып, белгіленген уақытынан бұрын аяқтаған.

Ал Есқалиев көшесіндегі (Ихсанов көшесінен бастап Пугачев көшесі аралығына) 2500 метр жолға қайта жөндеу жұмысын жүргізген «PYRAMID» ЖШС тарапына жүктелген жұмысты уақтылы аяқтамаған үшін сотқа талап-арыз жіберілген. Кеңес отырысында бұл ұжымның жетекшісі бүгінде барлық жөндеу жұмыстары аяқталып, жіберілген олқылықтар қалпына келтірілгендігін айтты. Дәл сондай талап-арыз 7-9 шағынаудандарындағы көп қабатты үйлердің аулаға кірер жолдарын төсеп жатқан «Балтемен» ЖШС тарапына да берілген. Сондай-ақ құрылысы кенже қалып,  белгіленген мерзіміне  үлгермей жүрген компаниялар қатарында Ихсанов көшесіндегі автомобиль жолдарын қайта жөндеп жатқан «Азия-ТехСтрой» ЖШС да бар. Қаланың басты көшелерінің бірі Достық даңғылындағы күрделі жол жөндеу жұмыстары да мардымсыз жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары тек Мәметова көшесі мен Дәулеткерей көшесі аралығында толығымен аяқталған. Бүгінде екінші жартысы, яғни Пугачев көшесіне дейінгі аралық жөнделуде. Бұл жұмыстар кестеде белгіленген мерзімнен 22 пайыз кешігуде.

Сонымен қатар «Нұрлы жол» бағдарламасымен Гагарин көшесі бойындағы су құбырларын ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Мердігер компания өкілінің мәлімдеуінше, бүгінгі таңда жұмыстың 70 пайызы атқарылған. Күні бүгін 1413 метр құбыр жаңартылып, 400 метр жерге қатқыл жол жамылғысы төселген. Кестеге сәйкес жүргізіліп отырған жөндеу 5 қыркүйек күні толық аяқталмақ.

Өңіріміздегі «Нұрлы жол» бағдарламасымен атқарылып жатқан жөндеу жұмыстары уақтылы жүргізілуде. Атап айтқанда, Петровский,  Мәметова, Шубин, Деповская, Молдовская, Кердері көшелеріндегі су құбырларына күрделі жөндеу жұмыстары мерзімінде аяқталады деп күтілуде.

– Жаңа құрылыс немесе жөндеу жүргізіліп біткен аймақтағы тазалық жұмыстарына да көп көңіл бөлулеріңізді талап етемін. Жол жиектері қойылып, жаяу жүргіншілер жолағы реттеліп, шөптері шабылып, топырағы тегістеліп, бәрі жып-жинақы күйінде тұруы тиіс.

Кейбір мердігерлер төсейтін жолды төседік, ал айналасы бізге соқпайды деген ойда. Құрылыс нысандары белгіленген тәртіпке сай тапсырылуы тиіс. Егер белгіленген жүмысты күндіз жасап үлгере алмасаңыздар, екі ауысымды жұмыс кестесіне көшіңіздер. Құрылыс нысаны қалай да белгіленген межеде тапсырылуы керек. Берілген жұмысты мойындарыңызға алғаннан соң әрбір атқарылар іске жауапкершілікпен қарап, аяғына дейін жеткізіңіздер, – деді қала әкімі Нариман Төреғалиев.

Сонымен қатар кеңес отырысында қала бойынша жылыту маусымына дайындық жұмыстары талқыланды. Құзырлы мекемелердің мәліметінше, күні бүгін қаладағы тұрғын үйлердің 70 пайызы, мекеме-кәсіпорындар ғимараттарының 20 пайызы ғана жылыту  маусымына әзір. Ал  тұрғын үйлердің 6,4 пайызына ғана дайындық құжаты тапсырылған.

Кеңесте «ҚазТрансГазАймақ» АҚ тарапына да сын айтылды. Бұл мекеме қала аумағындағы газтаратқыш және газреттегіш 714 қорапқа жай жөндеу өткізіп, көгілдір отынның жер үсті құбырларын жаңғыртып, қайта сырлау керек екен. Бүгінгі күні бұл жүктелген жұмыстардың тек 60 пайызы ғана орындалған. Кеңеске төрағалық еткен қала әкімі бұл істерді де жеделдетіп бітіруді жүктеді.

Өзекті мәселелер қаралған отырысты қорытындылаған қала әкімі Нариман Төреғалиев әр айтылған сын-ескертпелердің орындалуын талап ететіндігін және әрбіреуін өзі жеке қадағалауға алатындығын айтты.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ


Батыс Қазақстанда ұсталған лаңкестер өзара байланыста болмаған

Күні: , 181 рет оқылды

жумаканов


Батыс Қазақстанда ұсталған радикалды топ мүшелері өзара байланыста болмаған. Бұл туралы ҚР Парламентінің бірлескен отырысында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Владимир Жұмақанов мәлім етті.


«Ешкім жараланған жоқ. Барлығы Қазақстан азаматтары, танымал діни ағымның мүшелері, өзара байланыстары жоқ», — деп атап өтті В. Жұмақанов.

Айта  кетейік, бұның алдында Ұлттық қауіпсіздік комитеті 12-30 тамыз аралығында Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары аумағында үш радикалды топтың іс-әрекеттеріне тосқауыл қойғанын хабарлады.

Батыс Қазақстан облысының 10 тұрғыны және Ақтөбе облысының 11 тұрғыны қамауға алынды.

«Біз қылмыстық баптар бойынша негізсіз адамдарды құрықтамаймыз. Сондықтан жақын арада осы тақырыпқа байланысты брифинг болады және сонда барлық мәліметтерді жария етеміз деп сендіргім келеді», – деді ол тілшілердің сауалына  жауап  қайыру  кезінде.

«Біз адамды беталды қамауға алмаймыз. Егер адам қамауға алынса, дегенмен оның ешбір іске қатысы анықталмаса, әрине, біз оны бірден босатамыз. Бірақ бізді ол адам сотқа беретін болса, сот барлығын орын-орнына қояды», — деді ҰҚК басшысы.

ҚР ҰҚК мәлім етуінше, олар радикалдардың құқық қорғау қызметкерлеріне шабуыл жасауды, сондай-ақ халық көп шоғырланатын орындарда терроризм актілерін ұйымдастыруды жоспарлаған.

«Егер біз лаңкестік үшін ұстайтын болсақ, демек, олар елде лаңкестік акт ұйымдастыруды көздеген. Құқық қорғау органдарына, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне шабуыл жасауға бекінген. Мен бұны нақты айта аламын», — дейді В. Жұмақанов.

www.inform.kz


Парламент жұмысы онлайн жүйесімен көрсетілмек

Күні: , 164 рет оқылды

6b7b98f335d215b20a4dce2db5202828


Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Парламентінің екінші сессиясының ашылуына қатысты  Қазақстан Республикасы Парламентінің сессиясын ашқан Елбасы сындарлы заң шығару дәстүрін жалғастыру қажет екенін атап өтті.


Жаңа заңдарды әзірлеу мен қабылдаудың барлық мәселелері жөнінде Үкіметпен тығыз әрі үйлесімді өзара іс-қимыл жүргізу қажет. Осы орайда  заңдар тиянақты әрі сапалы әзірленген болуы тиіс. Әсіресе, Сенат пен Мәжіліс депутаттарының халыққа жаңа заңнаманың мақсаттары мен міндеттерін жеткілікті түрде түсіндірудегі рөлін арттыру маңызды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті әлемдік экономика мен саясаттағы күрделі жағдайға назар аударды.

– Әлемдегі көптеген экономикасы дамыған және дамушы мемлекеттер қиындықты бастан кешуде. Елдер арасындағы инвестиция ағынының көлемі азайды.

Біз әлемдік экономиканың бөлігі болғандықтан, мұның бәрі Қазақстандағы жағдайға да кері әсерін тигізуде. Осындай жағдайда Үкімет пен Ұлттық банктің дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспарының іске асырылуы жалғаса береді, ол жаңа шаралармен уақтылы толықтырылып отырады,  – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы депутаттық корпусты алда ауқымды жұмыс күтіп тұрғанын айтты.

– Жаңа сессияның аясында сіздерге 50 шақты заң жобасын талқылап, қабылдау қажет. Жеті  жаңа заңды қабылдауға депутаттар бастамашылық етті және оны Үкімет қолдады. Бұл бастамалар – депутаттық корпустың жоғары кәсібилігінің айқын дәлелі. Өткен сессия аясындағы 28 жоба бойынша талқылау үдерісі басталды, – деді Қазақстан Президенті.

Бұдан бөлек Нұрсұлтан Назарбаев  Парламент палаталары қызметінің барынша жариялы болуы қажеттігіне тоқталды.

– Заңдарды қабылдаудың қажеттігі мен бүкіл қисыны қазақстандықтарға айқын әрі түсінікті болғаны маңызды. Күзгі сессиядан бастап Сенат пен Мәжіліс жұмысының, сондай-ақ Парламент палаталарының бірлескен отырыстарының тікелей онлайн-көрсетілімін енгізу бұған септігін тигізетін болады. Сонымен қатар  заң шығару үдерісінің аясын кеңейту қажет. Жобаларды әзірлеу кезеңінде оған қоғамдық сарапшылар, парламенттік емес партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар және БАҚ өкілдерін тарту керек. Халықты алдын ала ақпараттандыру және тиісті  құқықтық жаңалық – өзгерістерді қоғамдық талқылау жөніндегі ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесін белсене қолдану керек, – деді Елбасы.

Сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев жиналғандарды кезекті парламенттік сессияның басталуымен құттықтап, зор денсаулық және жемісті жұмыс тіледі.

www.akorda.kz


Этномәдени бірлестіктер қатары толықты

Күні: , 166 рет оқылды

17


Бөрлі ауданының этномәдени бірлестіктері қатарына фин-угорлар бірлестігі қосылды.


Жарсуат мәдениет үйінде ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында фин-угор бірлестігінің таныстырылымы өтті.

Шара барысында аудандағы этномәдени бірлестіктердің мемлекеттiк мерекелерге және ерекше мәнi бар мейрам күндеріне арналған iс-шараларға атсалысуы және атқарған жұмыстары туралы бейнебаян көрсетілді. Сонымен қатар өзге ұлт өкілдері дайындаған қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды.

— Елбасымыз бірлігі жарасқан ынтымақшыл ел ғана алдына биік мақсаттар қойып, оларға қол жеткізе алады деген болатын. Міне, бүгін ауданымызда тағы бір этномәдени орталық ашылғалы тұр. Ендеше, алдағы уақытта да бірлігіміз жарасып, ынтымағымыз нығая түсетініне сенімдімін, — деді шара барысында сөз алған Бөрлі ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Ақмарал Исмағұлова.

«Ялгат» Бөрлі аудандық фин-угор халқының этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы Владимир Будник Елбасы құрған Ассамблеяның шапағатын фин-угорлар да қолдап, алдағы уақытта бірге бас қосып, ұлттық салт-дәстүрлерін жинақтайтындықтарын жеткізді.

Қоғамдағы татулық пен ұлтаралық келісімді нығайту мақсатында өткен шара аудан көркемөнерпаздарының «Біздің күшіміз — бірлікте» атты концерттік бағдарламасына ұласты.

Зумрад  МЕНЕШЕВА,

Достық  үйінің  әдіскері,

Бөрлі  ауданы


Екі ғасырға жуық тарихы бар қазан

Күні: , 174 рет оқылды

IMG_3164


Болашақ ауылдық округіне қарасты Жаңатаң ауылының тұрғыны Нұрлыбек Отаров пен Ақмарал Омарованың үйінде екі ғасырға жуық тарихы бар шойын қазан сақтаулы тұр.


Ақмаралдың айтуынша, атасы Ізмұраттың ағасы Өтемұрат Омаров 1940 жылы істі болып, Томск қаласында жазасын өтеген. Қазанды сол жақтан елге алып келген. Сол кезден бері атадан балаға мұра болып келе жатырған қазанның жанында 1831 және ПЗМЗ деген жазуы бар.

Әлеуметтік желі арқылы іздестіргенімізде, ПЗМЗ жазуы байырғы тарихы бар Петровско-Забайкалск металлургия зауытында жасалғанын, ал 1831 деген жазу қазанның құйылған жылын білдіреді. Сол кезде бұл зауытта Ресей тарихында өзіндік із қалдырған “Желтоқсаншылар” (Декабристер) жұмыс жасаған екен.

Қайрат ЖАҚЫП,

Қазталов ауданы


«Шығасыға иесі басшыны» түсінетін уақыт жеткен сияқты

Күні: , 242 рет оқылды

мал урлау


Биылғы жеті ай ішінде  өңірімізде 4712 ұрлық дерегі тіркелсе, оның 3,8 пайызы, яғни  324-і мал ұрлығына қатысты екен. Нақты айтқанда, 908 мал ұрланса, соның 573-і немесе 63,3 пайызы табылып, иелеріне қайтарылған. Бұған қатысты қылмыстың 46,5 пайызы ашылып отыр.  Жоғалған малдың 224-і  ірі қара, 303-і  жылқы, 432-сі  уақ жандық екен. Жалпы келтірілген залал – 104 млн. 392 мың теңге. Бұл жайында «Қазақстан – Орал» телеарнасында өткен брифингке қатысқан облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Кенжебек Қоспаев мәлімдеді.


Оның айтуынша, ауылдық жерлерде мал бағымының дұрыс ұйымдастырылмауы қылмыстың орын алуына себеп болуда. Сондықтан учаскелік полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірлесіп, тұрғындарға малын иесіз қалдырмауды ескертіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. «Жымысқы әрекетке суық қолдылардың топпен баруы сирек, көбіне жекелей барады. Бұрын бас бостандығы шектелгендер, есепте тұрғандар қайтадан ұрлық жасап жатады», – деді Кенжебек Қоспаев.

Облыстық прокуратураның аға прокуроры Темірлан Абдықұлов соңғы үш жылда мал ұрлығына қатысты 2,5 мың дерек тіркелгенін айтты. Яғни осыншалық мерзімде 4 757 бас мал қолды болған. Сондай-ақ құқық қорғау органдарының бірлесуімен жасалған «Мал ұрлығына қарсы жол картасы» негізінде қылмыстың алдын алу шаралары жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. БАҚ өкілдеріне облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Ерболат Ахметов әрбір малға ветеринарлық құжат жасалып, бірдейлендіру базасына деректер енгізілетінін баяндады. Облыстық ветеринария басқармасының мамандары жол-патрульдік полициясының стационарлық бекеттерінде «Соғым» атты рейдтік тексеріс өткізді. Іс-шаралар барысында ауыл шаруашылығы  өнімдерін тасымалдаған 20 автокөлік тексерілді. Облыс аумағындағы 16 ішкі сауда орындарында ветеринарлық құжаттардан жіберілген 26 кемшілік орын алды.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ,

«Қазақстан – Орал» телеарнасы:

– Мал ұрлығы тыйылмай келе жатқаны рас. Көбіне ауылдағы учаскелік инспекторларына сын айтылады. Тіпті «олардың ұрлыққа қатысы болуы мүмкін» деген күдігін де жасырмайтындар бар. Неге осы қылмыстың алдын алу шаралары баяу жүргізіледі? Сондай-ақ ауыл шаруашылығы тұтыну кооперативтері мал бағымын ұйымдастырып, сұқ көзден қорғауға оң әсер етіп жатқанын естідік.

К. ҚОСПАЕВ:

– Қазіргі кезде малды бағу үшін  бақташылар әрбір басқа 700-1000 теңге аралығында ақы алады. Бұл бағаны қымбатсынған тұрғындар малын бағымға қоспайды. Мен атаған 324 қылмыстың 259-ы далада жоғалып кеткен малға қатысты. Иелері таба алмай, әбден ізі суып кеткеннен кейін барып, учаскелік полиция қызметкерінің көмегіне жүгінеді. Сонымен бірге із кесу кезінде көлік жанар-жағармайына, басқа да керек-жараққа жұмсалған қаражат тәртіп сақшыларының қалталарына соғуда. Мысалы, Жәнібек ауданындағы Жақсыбай ауылынан РФ шекарасына өтіп кеткен 28 ірі қараның үшеуін және Қазталов ауданынан шекара асқан тоғыз бас жылқыны учаскелік полиция қызметкерлері тауып әкелді.

Жалпақтал ауылында Дагоров деген азамат мал тұқымын асылдандыру мақсатында АТК (ауыл шаруашылығы тұтыну кооперативі) ашқан болатын. Кооператив  ауылдың малын қарауылдауға екі бақташы шығарды. Содан бері Жалпақталда мал ұрлығы тіркелген жоқ. Басқа аудандарда да ашылған кооперативтердің қоғамдық табынды бағуды қолға алғаны жөн екенін айтып, биыл ведомствоаралық кеңесте облыс әкімінің алдында мәселе көтердік. Қазіргі уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыруға аудан әкімдеріне тапсырма берілді.

Оксана ДЕМЕНТИЕВСКАЯ,

республикалық «Литер» газеті:

– Бұрын шекарадан өтіп кеткен малды қайтару үлкен мәселе болып еді. Бұл үшін екі елдің министрлігі тарапынан келіссөз жүргізу керек болатын. Бұл түйін қалай шешілді? Сондай-ақ «Жол картасы» туралы кеңінен түсінік берілсе екен.

К. ҚОСПАЕВ:

– Өткен жылы облыстық ішкі істер департаментінің басшылығы РФ-ның Самара, Саратов, Орынбор, Волгоград, Астрахан облыстарына жұмыс сапарымен барып, бұл мәселені оңынан шешкен болатын. Қазіргі уақытта біздің полиция қызметкерлерінің Ресей аумағына өтіп кеткен малды қайтаруына ешқандай кедергі жасалмайды.

«Мал ұрлығына қарсы жол картасы» бойынша негізгі іс-шаралар үш кезеңнен тұрады. Біріншіден – жергілікті қоғамдастық жиындарында және БАҚ арқылы тұрғындарға қауіпсіздік шараларын ескерулері керектігі жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Екіншіден – ұрлықтың алдын алу бағытында ұйымдастырылатын жұмыстар. Бұған республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдар арқылы мал тасымалдайтындардың құжаттарын, жүк көліктерін тексеру, сол жерде ұялы телефон арқылы жергілікті учаскелік полиция қызметкерімен хабарласып, тасымалды кім ұйымдастырғанын анықтап білу кіреді. Үшіншіден, ет өнімдерін сататын орындарында сауда жүргізу құқына байланысты құжаттар тексерістен өтеді.

Жандос ХАМЗА,

«ТДК-42» телеарнасы:

– Қараусыз қалған мал жол-көлік апаттарына себеп болып жатқаны мәлім. Мысалы, Атырау – Орал тас жолы бойындағы Бударин  ауылы тұсында 17 тамыз күні  түнгі сағат 22.30-да ішкі істер органының көлігі малмен соқтығысты. Кінәлі адам табылып, жауапкершілікке тартылды ма? Осындай жағдай облыста көптеп тіркелуде ме?

К. ҚОСПАЕВ:

– Патрульдік көлікке соқтығысқан малдың құлағындағы сырғасындағы нөмірден иесі анықталып, оған әкімшілік айыппұл салынды. Егер өз еркімен төлемеген жағдайда азаматтық сотқа жүгінетін боламыз. Бұл оқиғаға байланысты әкімшілік жауапкершілікке тарту бірінші рет болып отыр. Бұған дейінгі болған оқиғаларда малдың құлағындағы сырғасы болмауына байланысты құжаттарды анықтау мүмкін болмағанды. Былтыр ветеринарлық басқарма ұсынысымен облыстық мәслихат үй жануарларын ұстау ережелерін бекіткен еді. Бірақ ережеде қойылған талаптар сақталмай отыр. Себебі ол құжатта Әкімшілік құқықбұзушылық туралы немесе Қылмыстық кодекстерге сәйкес жауапкершілікке тарту белгіленбеген. Біздер соған байланысты заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ҚР Ішкі істер министрлігіне ұсыныс жасадық. Қазіргі уақытта ұсыныс қаралуда.

 Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Құрбан  айтқа  дайындық  өзгеше

Күні: , 216 рет оқылды

DSC_1049


Қыркүйектің 12-сінде қасиетті Құрбан айт басталады. Мейрам кезінде мұсылмандар құрбан шалып, жоқ-жітікті жарылқауға асығады. Биыл, бір ерекшелігі, Орал қаласында бұл діни рәсімді атқарудың жөн-жосығы өзгермек. Яғни құрбан малы жылдағыдай мешіттердің аулаларында емес, арнайы белгіленген орындарда сойылады. Бұл жайында ҚМБД-ның БҚО бойынша өкіл имамы Руслан Сұлтанов «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында өткен брифингте мәлімдеді.


Бұған бірнеше себеп бар көрінеді. Бір жағынан, санитарлық-ветеринарлық шараларды ұйымдастыру мәселесі алға шықса, бір жағынан, жұрт легі бірыңғай ағылатын болғандықтан, мешіт орналасқан көше бойында жол-көлік қозғалысы қиындайды. Яғни қауіпсіздік мәселесі туындайды. Сонымен қатар бұл өзгеріске құрбан малын бауыздаған сәтті фотомен көрсетіп, Ислам діні туралы керітартпа түсінік қалыптастырғысы келген бірқатар басылымдардың жарияланымдары түрткі болуда.

Облыстың бас имамы қалада айт намазы қыркүйектің 12-сі күні таңғы сағат 7.50-де басталатынын, одан бұрын мал союға болмайтынын ескертті. Айт үш күн тойланады, яғни қыркүйектің 14-інде аяқталады. Жағдайы бар адамдарға құрбан шалу – шариғатта уәжіп. Діни рәсім Орал қаласында «Ел ырысы» және «Заря Востока» базарларында, «Кублей» және «Орал шұжықтары» ЖШС-ларында, «Құспанов С» жеке кәсіпкерлігі ғимаратында атқарылады. ҚМБД-ның БҚО бойынша өкіл имамы Руслан Сұлтанов қыркүйектің 5-інде облыстық орталық мешітте қасапшыларға арнайы семинар ұйымдастырылатынын, онда шариғат шеңберінде құрбандық малын сою қандай тәртіппен жүзеге асатыны және арнайы оқылатын дұғасы үйретілетінін айтты. Семинарға қатысқандарға куәлік беріліп, мал союға соларға ғана рұқсат етіледі. Қасапшылар әр сойыс үшін 500 теңге алса, қажетті құрылғысы барлар 200 теңгеге бас пен сирақтарды үйітіп береді.

Брифингте Орал қалалық ветеринария бөлімі басшысының орынбасары Асқар Ізтілеуов сөйлеп, әрбір малдың ветеринарлық анықтамасы тексерілетінін, мал сойылатын орындарға екі-үш маман барып, санитарлық тазалықты қадағалайтынын жеткізді. Сонымен қатар қала тұрғындарына жақын орналасқан аудандар бойынша мал сойылатын орындар бөлек-бөлек белгіленуі мүмкін. Бұл жайында алдағы уақытта қосымша хабарланады.

Руслан Тыныштықұлы тұрғындарға құрбандық малының бағасын негізсіз өсірмеуге шақырды және осы мақсатта бірқатар  іс-шараларға көңіл бөлініп жатқанын мәлімдеді. Саудаға қойылатын мал қасапханалар маңында болады. Үш күн бойы Алла разылығына арналып сойылған малдың еті мұздатқышқа салынып, мекемелерден алынған тізім бойынша әлеуметтік жағынан әлжуаз отбасыларға бөлініп, арнайы жеткізіледі. Бұрынғыдай мешіттер ауласында таратылмайды. Сонымен қатар облыстың бас имамы жыл сайын малдың ішек-қарнын тегін берсе де, көбі тазартуға құлық танытпай, ысырап қылып жататынын тілге тиек етті. Биыл ішек-қарын аршуға және таратуға көмектесетін жандардың көбірек келуіне көңіл бөлінеді.

«Бұл діни  мереке жүректерді жұмсартып, қайырымдылық жасауға сеп болады. Мейрам кезінде әр мұсылман айттауға, тума-туысқандарын жамағатты құттықтауға асығады,  мейлінше сауапты іс жасауға асығады», — дей келе, бас имам  құрбандық рәсімін атқаруға еріктілерді көптеп қатысуға үндеді.

Айта кетерлігі, мұсылмандар Құрбан айт қарсаңында Ислам дініндегі бес парыздың бірі қажылықты өтейді. Биыл ҚМБД есебінше, Меккедегі Қағбаны тауап етуге Қазақстаннан үш мың адам бармақшы. Біздің өңірден қажылыққа баратындардың алғашқы легі аттанып кетті.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика