Мұрағат: 31.08.2016


«Бірліктің» ісінде салғырттық бар

Күні: , 181 рет оқылды

IMG_9966[1]


«Нұр Отан» партиясы Орал қалалық филиалының партиялық бақылау комиссиясының мүшелері «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында облыс орталығындағы су құбырларын жаңғырту жұмыстарымен танысты.


Т. Масин көшесіндегі су магистралі құбырларын жаңғырту жұмыстарын «Бірлік» ЖШС жүргізуде. Айта кету керек, бұл серіктестік бірнеше рет облыс әкімінің сынына ұшыраған болатын. Мұнда жұмыс жай басталып, ерте аяқталады. Жұмысшылар саны да аз.

Аталмыш ЖШС-ның прорабы Асылхан Кенжеевтің айтуынша, үстіміздегі жылдың шілде айында басталған жаңғырту жұмыстары мерзімінен 15 күнге кешеуілдеуде. Дегенмен жұмыстарды уақтылы, яғни 1 қазанда аяқтау жоспарланып отыр.

– Қазір аталмыш нысан бойынша жаңғырту жұмыстарының 40 пайызы атқарылған. Жұмыс ойдағыдай жүріп жатқанын көрдік. Мердігер компания өкілдерінің айтқандарына тұрып, нысанды уақтылы тапсыратындығына сенеміз, – деді партиялық бақылау комиссиясының мүшесі, «Орал су арнасы» БПҰ-ның төрағасы Телжан Есетов.

Рейд барысында комиссия мүшелері каскасыз жүрген жұмысшыларды байқап, басшыларға ескерту жасады.

Айта кетейік, қазір «Нұрлы жол» бағдарламасының «ТКШ инфрақұрылымын жаңғырту, сумен жабдықтау және жылумен қамтамасыз ету, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту» бағыты бойынша қала аумағында жалпы сомасы 1905,257 млн. теңгеге тоғыз нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Назгүл ҚОЖАНБАЕВА,

«Нұр Отан» партиясы БҚО филиалының баспасөз хатшысы


Дұғашы мен асыл мұраны сақтаушы

Күні: , 207 рет оқылды

IMG_3850


Өткен жылы екі бірдей асылдың ұрпағымен сұхбаттасқан болатынмын. Бірі – немересі, бірі – шөбересі. Бірақ күнделікті қарбаласпен жүріп, тіпті ақпарат та жазылмай қалды. Ақтөбеде болған биылғы қанды оқиғадан соң асылымызды танудың маңызды екендігі анық болды.


Қазақты дінінен, салт-дәстүрінен, әдет-ғұрпынан айыру арқылы қарусыз жаулау – отарлаудың басты құралы болғаны белгілі. Кеңес заманында терең білімділерді, соның ішінде сауатты имам, молда, тағы басқаларын да «халық жауы» деп айыптап, қуғындаудың басты себебі де осы екені анық. Соңғы жылдары еліміздің әр өңірінде діни сауатсыздықтың кесірінен орын алған қанды оқиғалар – осы көп жылдық солақай саясаттың жемісі. Жақында ғана Ақтөбеде болған жантүршігерлік оқиға тіпті тәуелсіздігімізге қатер екендігін көрсетті. Қатердің алдын алып, тамырымызды тауып, қазіргі буынмен қайта жалғау үшін ағартушылықпен айналысып, халыққа білім шашқан діни терең білімді тұлғаларымызды зерттеуді қолға алу – күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі. Өңірімізде осындай тұлғаның бірі – Мәулімберлі Байшеркешұлы.

Әлқисса

IMG_0198Осыған дейін Мәулімберлі десе, Ақжайық ауданы Базартөбе ауылының маңындағы Мәулімберлі қорымы және сол жерде мешіті болған деген әңгіме ғана ауызға ілігетін. Қорымдағы құлпытастарға тіс батпай, не жазылғанынан да хабарымыз болмады. Тек 2014 жылы өңірімізге Р. Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтынан тарих ғылымдарының докторы Әшірбек Құрбанұлы Мүмінов бастап келген ғалымдар қорымдағы бірнеше құлпытастың мәтінін оқығаннан кейін Мәулімберлінің әкесі, өзі, ұрпақтары, өзімен аталас бірге тарағанның бәрі де оқымысты, діни сауатты, заманының озық ойлы адамдары болғанын білдік. Көзі қарақты оқырманның есінде болар, «Мәулімберлі қорымы – ғалымдар мекені» атауымен ескі қорымдарды зерттеу сапарының барысы бойынша 2014 жылғы 7 тамызда «Орал өңірі» газетінің №88 нөмірінде жариялаған мақаламыздың соңында: «Ғалымдардың өзі «Мәулімберлі қорымындағы тұлғалардың тарихи маңызы зор, болашақта арнайы мемлекеттік жоба жасап, соның аясында зерттеген жөн» дейді. Құрметті оқырман, осы Мәулімберлі қорымындағы тұлғаларға қатысты деректер, олардың ел үшін атқарған істері туралы әңгімелер білсеңіздер, тікелей ұрпақтары болсаңыздар, редакцияға хабарласуыңызды сұраймын» деп жазған болатынбыз. Алла қалауымызды қабыл алып, 2015-2017 жылдарға арналған «Қазақ халқының мәдени ескерткіштері рухани мұраны сақтау мен жеткізудің жолы (БҚО-ның эпиграфикалық ескерткіштері ретінде)» атты ғылыми жоба бекітілді. Осы жобаның аясында өткен жылы осы саланың мықты маманы, ғалым Әшірбек Мүмінов және Бағдат Дүйсенов жергілікті өлкетанушылармен бірлесе Мәулімберлі және сол маңдағы Қарақоға қорымындағы барлық құлпытасты суретке түсіріп, өлшемдерін алды. Қазір ғалымдар ол ескерткіштердің мәтінін үш тілге толық аударды, жинақ етіп шығаруға дайындауда. Ұрпақтары да табылды. Соның ішінде көзі тірі жалғыз немересі Сәруәр әжемізбен және Мәулімберлінің ұстаған таяғын көзінің қарашығындай сақтап отырған Уахит шөбересімен кездесудің сәті түсті. Заманының мықты ғалымы, әулие, мешіт ұстап, бала оқытқан, ісі мен сөзі қабысқан, ұрпағына да мықты білім, дұрыс тәрбие берген, бірнеше рет Меккеге барған асылдың ұрпақтарымен болған сұхбатымыздың кей тұстары оқырмандарға да қызық болар.

20141104_203512Дұғашы – Сәруәр әже

Асылдың сынығы Сәруәр Ғазезқызының айтуы бойынша, ол Мәулімберлінің кіші ұлы Ғазездің қызы, 1931 жылы дүниеге келген. К. Ахметовтің «Кіші жүз Асқар (Байбақты, Жанбақты, Тынбақты және Тана руларының шежіресі)» кітабындағы мәлімет бойынша, Мәулімберліден – Қажығали, Нығыметолла, Зинолла, Ғабдрахман, Халиолла, Бақыт, Ғабдос, Ғазез болып тарайды. Бұл мәліметтер Сәруәр әжеміздің әңгімелерімен де қуаттала түсті. Сәруәр әжеміздің әкесі Ғазез Мәулімберліұлы 1880 жылы дүниеге келіп, 103 жасқа қараған шағында 1983 жылы өмірден өтіпті.

— Кішкентай кезімде, шамамен 7-8 жаста болармын, соғысқа дейін көп сөйлемейтін әкем әр нәрседен үркіп, көп көшіп жүрдік. Куйбышев облысы дейді, Опа дейді, Татарстан дейді, Бугуруслан дейді, әйтеуір, ана жерден мына жерге көшіп-қонумен болдық. Бала кез, мен не білейін? Жол-жөнекей ақлөпті құрып, үстін жауып жіберіп тамақтанамыз, — деп бастады әңгімесін әжеміз.

Өткен жылы Мәулімберлі қорымына барғанда оқылған құлпытастың бірінде Мәулімберлінің екі бірдей ұлына – үлкені Қажығалиға және Абдурахимға (шежіредегі Ғабдрахман болар) қойылғаны анықталып еді. Екеуі де 1919 жылы, бірі 50, екіншісі 44 жаста қайтыс болған. Екі бірдей оқымыстының бір жылда қайтуына қарап, олардың сол заманның саясатының құрбандары болды деп топшылауға болады. Ғазез атамыздың көп сөйлемей, бір жерге тұрақтамай, көшіп-қонуы ұрпағын аман сақтап қалудың амалы екені анық.

— 1939 жылы бәрін қуып әкеліп «Қызыл ақырап» деген колхоз құрды, қателеспесем, қазіргі Северный ауданы, «Победа» совхозы, қасында Пушкин деген ауыл болды. 1940 жылы ағамды, содан соң әкемді сол жерден армияға алып кетті. Анам Мүгілсін Тасмағамбетқызы жолдасы мен бас көтерген балалары соғысқа кеткеннен кейін өзі сырқатты болуына байланысты қауіптенді ме екен, ұрпағы біле жүрсін деп мені, кішкентай інім Ғалымжанды және апамды шақырып, былай деді: «Біз Ресей жерінен емеспіз, біз Тайпақтікіміз. Атамның аты – Мәулімберлі. Сендер Мәулімберлінің немересісіңдер. Сенің әкең – Мәулімберлінің ең кіші баласы. «Молданың баласы» деп көп қуалап, қашып көштік. Атаң Мәулімберлі екі рет қажыға барды. Үшіншіде «Мен ол жақтан келе алмаймын, мені жерлеп келесің» деп інісі Серғалиды ала кетті. Інісі Серғали жерлеп келді».

Сәруәр апа Мәулімберлінің ұстаған таяғы шөбересі Уахиттің қолында екендігін айтты. Меккеге соңғы үшінші мәрте барған Мәулімберлі атаны інісі Серғали жерлеген соң қайтарда атаның таяғын ала келген екен. Бірақ әкесі Ғазез қиыншылықта көшкен кезде үйде ұмыт қалыпты. Тек 1964 жылы Сәруәр апамыздың енесі қайтқанда, Әтібектен келген Жүсіпқали (Қара молда) деген адам ұмыт қалған таяқты сақтағанын айтады. Қаласа, алуына келісім береді. Міне, содан Ғазез ағай арнайы барып алған.

— Мәулімберлінің түр-келбетіне қатысты не айта аласыз, үлкендер ол кісіні сипаттап әңгімелеген жоқ па? — деген сауалымызға мына бір қызық жайтты айтып өтті.

— Ондай әңгіме болған жоқ. Бірақ 1949 жыл шамасы болар. Өте қиын, жоқшылық кез болатын. Бір күні түс көрдім. Түсімде басына сәлде ораған, шапан киген, орта бойлы қарт есіктен кіріп келіп: «Балам, налыма, егін шығады биыл, егін шығады» деп есікті жауып шығып кетті. Артынан шығып едім, көрмедім. Түсімді әкеме айтып едім: «Атаң ғой ол келіп жүрген» деді. Сол жылы шынымен егін өте жақсы шықты.

Кішкентай кезімде түс көріппін, өзімнің есімде жоқ. Кәрім ишан (Мәулімберлінің інісі Серғалидың ұлы болу керек) атамыз менің анама келіп: «Сен Сәруәрдың түсін жорымағансың. Ол – артымыздан қалатын дұғашы» деп ұрысқан.

Өткен жылы түс көрдім, түсімде құлағыма: «Қабдолмәжит, Қабдолқаят, Тасмағамбетқызы Мүгілсін» деген дауыстар келді. Бұлардың үшеуі де дүниеден өткендер. Қабдолмәжит пен Қабдолқаят – Мәулімберлінің ұлы Қажығалидың ұлы мен қызы, Тасмағамбетқызы Мүгілсін – өз анам. Қазір ойлап отырсам, Алла Тағаланың осы уақыт, осы жасқа дейін ғұмыр бергені – дұғашылық парызды өтеу үшін болар, — дейді Сәруәр әже.

20150710_214033Асатаяқты сақтаушы – Уахит аға

— Менің есімім – Уахит. Әкемнің аты – Насыр. Насырдың әкесі – Қалилолла, Қалилолланың әкесі – Мәулімберлі. Яғни мен Мәулімберлі атаның шөбересімін. Мәулімберлі атамыз Меккеге қыс айына таман бес кісі болып сапар шегіпті. Оның ішінде Өлеңтіден бір кісі, Сайқұдықтан бір кісі болған. Ас-суын даярлауға екі жанұя кісі алып, азыққа алдарына қой салып, 25 өгізбен, бір ат-арбамен жолға шығады. Аталарымыз уақытында аса ауқатты болған екен. Мамыр айының шамасында Құрбан айты болып, Мәулімберлі ата Меккеде құрбан шалады. Содан кейін елге қарай бет түзейді. Бірақ Меккеден бері шыққасын көп ұзамай дүние салады. Сөйтіп, атаны кері қарай Меккеге апарып жерлейді. Мәулімберлі атамыздың сүйегі Меккеде. Оның жайнамаз, шапан, аса таяғы кенже ұлы Ғазезге табысталған.

Ғазез 1983 жылы ақпан айында 102 жасында қайтыс болды. Ұзақ ауырған жоқ, айналасына бейнет көрсетпеді. Оның әдеті – тек қана қолдан тігілген киімді киетін. Ақ сақалды, өте діндар адам еді.

Кеңес үкіметі кезінде тұқымымыз қатты қудалауға түсуі себепті Ғазез атамыз тіс жарып, әңгіме айтпаған күйі кетті.

Ол қайтыс боларында менің нағашым – анамның туған ағасы Қажиахмет Сыралыұлына Мәулімберлі атаның аса таяғын аманаттап, былай дейді: «Бұл таяқты уақыты келгенде Насырдың баласы Уахитке табыстарсың. Әулеттен қолайлысы сол. Оның тазалық жолына да икемі бар». Ғазез атамыздың аса таяқты өзіне құда болып келетін менің нағашыма аманаттауының сыры – олар көрші тұрып, нағашым үнемі Ғазез атамның басын жуып, шаш-тырнағын алып беретін.

Қажиахмет нағашым 2000 жылы мамырдың 17-сі күні дүние салды. Ол қайтар алдында, мамырдың 15-інде мені шақырып алып: «Мына асатаяқ сіздің әулеттікі. Мен қайтқасын өзің ұстап қал» деді. Нағашымның қарасында оның ұлы Алдан әкесінің өсиеті бойынша өздері 17 жыл сақтаған асатаяқты маған тапсырды. Осы уақыттан бері асатаяқ менің шаңырағымда. Таяқты алғаным жайында, әулетімізге ортақ мұра ретінде сақталатынын Мәулімберлі атаның немересі – Ғазезқызы Сәруәр апайға және Ғазездің Сағи деген екінші баласынан туған немересі Қайыржанға ескерттім.

Жантас НАБИОЛЛАҰЛЫ

IMG_3987«Мәулімберлі»  білім  ордасы

Құлпытастарды зерттеуді жүйелі ұйымдастыруымыздың арқасында Мәулімберлі қорымындағы құлпытастар биыл толық үш тілге аударылып, ғалымдардың зерттеуіне тапсырылды. Ғылыми жоба шеңберінде тарихшы Жәнібек Исмурзин Орынбор, Уфа қалаларындағы мұрағаттардан тың деректер әкеліп, Мәулімберлі және оның ұрпақтары туралы сараптамалық материал дайындауда. Терең білімді, діни сауатты, мешіт-медресе ашып, көптеген шәкірт дайындаған Мәулімберлінің зиратына жақында ұрпақтары түнек салып, арнайы садақа берді. Мәулімберлінің туған немересі Сәруәр апамыздың ұлы Кәрім ағаның еңбегі бұл. Осыдан екі жыл бұрын дәл осы зират басына келгенімізде, бұрын қыз-қыз қайнаған өмірдің нышаны да болмады. Өртенген, құлазыған дала еді. Тек тынымсыз тіршілік болғандығының дәлелі құлпытастар ғана болатын. Биыл басқаша, қарақұрым адам, толған көлік, жаңа өмір басталғандай. Садақаға жүзге тарта адам қатысты. Осы қорымда ата-бабалары жерленгендерін білген ұрпақтары жан-жақтан ағылды. Тіпті Ресей аумағынан арнайы келгендері де болды.

Бұл жер тек ата-бабамыз жерленген қорым емес, сонымен қатар заманында осы маңдағы талайларды біліммен сусындатқан мешіт пен медресенің орны, яғни білім-ғылым ордасы болған жер. Жәнібек Исмурзин Мәулімберлінің әкесі Байшеркештің және баласы Қажығалидың құлпытастарының басында олардың өмірбаяны және еліміз үшін атқарған еңбектері туралы әңгімеледі (жақын арада Жәнібек Исмурзиннің Мәулімберлі және оның ұрпақтары туралы тарихымыздағы ақтаңдақтарды ашатын мақаласы жарық көреді, сондықтан естіп алғанымды алдын ала жарысып жазбадым). Үлкендер жағы көздеріне жас алып, алғыс жаудырумен болды. Туған елдің тарихы туралы дәрісті ата-бабаның басына барып алдық. Астан соң ұрпақтары көзі көрген үлкендердің айтуы бойынша деп мешіт пен медресенің орнын көрсетті.

Бұл – біздің  ата-бабамыз мақсатсыз көшіп-қонып жүрген надан емес, керісінше көшпелілік пен отырықшылықты қатар игерген сауатты, өз тілін, өз дінін, өз жерін ерекше құрметтеген, қорғаған ұлы даланың иесі екендігін дәлелдейтін орын. Сондықтан білім-ғылым ордасының орны болған бұл жерге арнайы белгі қою аса қажет-ақ. Болашақта елдің тарихынан сыр шертетін, ой салатын, ұлттық рухты көтеретін тарихи маңызды жерлерге белгі қоюды мемлекеттік деңгейде жүйелі ұйымдастыруды қолға алған жөн.


Солтүстіктен жел тұрса… Тасқалаға целлофан «жауады»

Күні: , 251 рет оқылды

IMG_7147


Бұл Тасқала ауылдық округі тұрғындарының соңғы екі-үш жылдан бергі бастарын ауыртып, балтырларын сыздатқан мәселесі десек, қателеспейміз. «Солтүстік-шығыстан жел тұрса, Тасқаланың үстінде целлофан пакеттері қалықтап ұшып, артынша жағымсыз  иістен басымыз айналады. Сенбесеңіз, келіп көрулеріңізге болады» деп редакциямызға телефон шалған оқырманымыз аты-жөнін жазбауымызды өтінген болатын. Кезекті іссапарымыздың барысында бұл мәселеге байыппен қарауды ұйғардық.


Иә, өзге ауыл-аймақтардағыдай бұл аудан орталығының іргесінде де тұрмыстық қатты қалдықтар төгетін арнайы орын бар. Жобадағы аумағы төрт гектарды құрайтын аталмыш арнайы орынды тұрғындар 50 жылдан астам уақыттан бері пайдаланып келеді екен.

«Сегіз мыңға жуық тұрғыны бар округ аумағының абаттандырылуы мен тазалығына айрықша мән берудеміз. Еңбек биржасы арқылы ай сайын 21 адам көше тазалығымен айналысуда. Тек биылдың өзінде тоғыз тонна тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылды. Көпшілікті алаңдататын мәселе – ауыл іргесіндегі қоқыс төгетін арнайы орынның бүгінгі жай-күйі».

DSC_0886Тасқала ауылдық округінің әкімі Светлана Өтемісовамен осылайша аз-кем дидарласқан соң, аудан орталығының солтүстік-шығысына қарай бет алдық. Тура екі шақырымдай жүрген соң жол бойы тау-тау болып үйіліп, шашылған қоқысқа еріксіз көзіміз түскені. Тасқаладан алты шақырым қашықтықтағы Бірлік ауылына баратын жайын жолдың жиегі. Мұнда тұрмыстық қатты қалдықтармен қатар мал терілері, үй жануарларының қураған сүйектері, босаған  шыны мен пластмасса ыдыстардың небір түрі, целлофан пакеттер  жайрап жатыр.

– Көпке топырақ шашуға болмайды. Дегенмен тұрғындар мәдениеті жойылып бара ма деп қорқамын. Көріп тұрғандарыңыздай, бұл – «стихийный свалка». Қоқысты арнайы орынға жеткізуге ерініп, төгіп кететіндер көп. Ал жел тұрса, жағымсыз иісті айтпағанда, бұл қоқыстың жеңіл-желпісі ауылға қарай ұшады. Арнайы техника жалдап, бір мәрте тазалап та көрдік. Биыл тағы қайталанып тұр. Қоқыстың қазіргі аумағы он гектарға да жуықтап қалған шығар, – деп қынжылыс білдіреді Светлана Есқабылқызы.

Жол жиегіндегі келеңсіз көріністерді суретке түсіріп алған соң, Тасқала ауылынан қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен тікелей айналысатын кәсіпорын басшысын әңгімеге тарттық.

– Көп қабатты тұрғын үйлердің 220 иесімен келісімшартқа отырдық. Көшелердегі 90 контейнерді аптасына екі мәрте тазартамыз. Әйтсе де, тұрғындардың көпшілігі төлемақыларын өтемейді. Екі-үш жылдан төлемей жүргендері де бар. Борышкерлерді сотқа да берудеміз. Бір ғана мысал, Скоробогатов атындағы үлкен көшедегі екі тұрғынның ғана берешегі жоқ. Ал  тұрмыстық қатты қалдықтарды біздің мекеме жұмысшылары арнайы орынға ғана төгіп жүр, — дейді аудандық ТҮКШ бөліміне қарасты «Даму-Тасқала» еншілес кәсіпорнының директоры Альмир Тілепбергенұлы.

Ауыл іргесіндегі аумағы күн санап ұлғайып бара жатқан қоқыс алаңының тұрғындар денсаулығына қаншалықты қауіпті не қауіпсіз екендігін білмек ниетпен осы салаға қатысы бар бірер мекемеге бас сұғуды жөн көрдік.

Аудандық тұтынушылар құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Айгүл Жеңісқызы тұрғындар тарапынан ешқандай арыз-шағым түскен жоқ десе, БҚО экология департаментінің Тасқала ауданы бойынша өкілі Ғабиден Хабибуллин өңірдің экологиялық жағдайы қалыпты екендігін, қоқыс алаңында адам денсаулығына қауіп төндіретін зиянды заттардың болмауын прокуратура қызметкерлерімен бірлесе тексеріп тұратындықтарын айтты.

Ал түйткілді мәселенің мән-жайын аудан әкімі Санжар Әлиевтің өзі  тарқатты.

– Тазалыққа зор мән берудеміз. Соңғы екі жылда ауыл ішіндегі 20 жылдан бері тазартылмаған қоқысты шығарттық. Күл-қоқыс шығару үшін аудан орталығының маңынан үш-төрт километр қашықтықтан арнайы екі орын белгілеп қойдық. Алдымен сол орындарға жол төсетіп, жарық тарттыруымыз керек. Бұл шаруаларға кемі 10 млн. теңге қаражат қажет. Ал қазіргі қолданыстағы қоқыс алаңының тұрғындарды алаңдататын жайы бар. Осы орынды жою сала мамандарының есептеуінше,  49 млн. теңге қаржы-қаражатқа тіреледі. Мәселеден жоғарыдағы сала басшылары да құлағдар. Бірақ қаражат бөлінбей отыр, – дейді аудан басшысы.

Әбүйір болғандай, біз болған кезде Тасқала аспанында ешнәрсе қалықтаған жоқ, жағымсыз иісті де сезбедік. Мүмкін тамыздың тамылжыған  күніндегі баяу жел оңтүстік бағытпен  соққасын шығар. «Айың тусын оңыңнан»  демекші, Тасқаланың  желі ылғи да тек оңтүстіктен  соға берсін демеске амал қанша?

Сырымбек ЖӘРДЕМҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Дос Көшім: «Заңнаманы қайта қарауымыз керек»

Күні: , 174 рет оқылды

03-Koshim


Біздің өңірде «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты жоба аясында Қазақстан халқы ассамблеясы ғылыми-сараптама кеңесінің мүшесі, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дос Көшіммен бірнеше кездесу өтті.


Шара мақсаты – орыс тілді азаматтар арасында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, жергілікті этнос өкілдерін насихат негізінде бірлікке шақыру. Таяуда Достық үйінде жоба авторы Дос Көшім баспасөз мәслихатын өткізді. Оның айтуынша, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті қаржыландырған жо-баның  жоспарға сәйкес ұйымдастырылып отырғанына биыл – үшінші жыл. Қазақстанның бірнеше қаласында өткен түрлі іс-шаралар саны бүгінге дейін 80-нен асып жығылған. Оның бірқатары тамыздың 22-26-сы күндері Орал қаласында және Бөрлі, Зеленов, Теректі аудандарында ұйымдастырылды.

Брифингке сонымен бірге БҚО әкімдігі жанындағы Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау, біліктілігін арттыру және мемлекеттік тілді оқыту орталығының бөлім меңгерушісі Болат Жексенғалиев пен облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Махамбет Ихсанғали  қатысты.

– Бүгін мен қозғайтын тақырып – мемлекеттік тілдің бүгіні мен болашағы жайында. Емін-еркін пікір алмасу бағытында өткен кездесулерде  айтылған сын-пікірлер мен ұсыныстарды сараптап, министрлікке жолдайтын боламыз. Жалпы, бүгінге дейін мемлекеттік тілді дамытуға арналған бағдарламаға көптеген  жайлар енгізілді. Сіздердің аймақтарыңызда да жоба сәтті жүзеге асты деген ойдамын. Негізгі мақсатым – орыс тілді аудиториямен сөйлесу, пікір таластыру. Біз 1989 жылы шыққан «Тілдер туралы» ҚР заңымен келе жатырмыз. Бұл қос тілділікті дамытатын заң еді. Қазір тілдік ахуал өзгерді. Соны орыс тілді азаматтардың өздері айтып отыр. Заңнаманы қайта қарауымыз керек.

Жиырма жеті жылдан бері мемлекеттік тілдің мәртебесі неге жоғарыламады? Соның себебін іздеуіміз қажет, – деген Дос Көшім брифингте журналистермен кеңінен әңігмелесіп, қойған сұрақтарына уәж келтірді.

Жанар ДӘУЛЕТОВА,

«Регион-Евразия»  газеті:

– Мен мектепке дейін қазақ тілінде сөйледім. Кейін мектепте арнайы топта оқып, орыс тілін кей орыстардың өзінен жетік меңгеріп шықтым. Кезінде «Өзіңнен баста» тақырыбында мақала жариялау үшін қазақ тілінде еркін сөйлейтін орыстармен сөйлестім. Олар қазақ  тілін үйрену қиын емес екенін айтты. Қазір оқу бағдарламасына енгелі жатқан үштілділік жобасынан қауіптенемін. Жоғары сынып оқушыларына информатика, физика, химия, биология пәндерін ағылшын тілінде оқытпақ. Менің ойымша, бұлай жасап керегі жоқ. Кейбір балалар үш тілді меңгеруге қабілетті емес. Бұл мәселені тағы да Үкімет алдына қою керек. Екінші айтарым, көптеген терминдерді жаппай аудару қолға алынуда. Көп балама сәтсіз болып жатыр. Жаңа сөздерді сол күйінде қабылдау керек деген ойдамын.

Дос  КӨШІМ,

«Ұлт  тағдыры» қозғалысының  төрағасы:

– Өз басым жаратылыстану бағытындағы пәндерді басқа тілде оқытуға түбегейлі қарсымын. Орта білімді қазақ тілінде берген жөн. Екінші сұрағыңызға айтарым, тіл аясы уақыт өте кеңейіп, толығып отыратыны рас. Бірақ «тілдік популизмге» қарсымын. Яғни барлық аударма қазақ тілінде болу керек деген дұрыс  емес. Алайда кейбір аудармалар түпнұсқадан гөрі өте сәтті шығады. Мәселен, «морожное» сөзінің баламасы «балмұздақ» болып айтылып, жазылып жүр. Меніңше, тілдік қорға жаңа сөз  енгенде, оның бірнеше қазақша нұсқасын екі-үш жыл қолданысқа жіберіп, қайсысы тезірек сіңетінін бақылауға алу керек. Тіпті барлық аударма қоғам тарапынан қолдау таппаған жағдайда, жаңа сөзді сол күйінде қалдыру қажет. Ал Терминком қабылдаған нұсқаны өзімізге ұнамаса да, қолдануға тура келеді. Себебі заң бәрімізге ортақ.

Болат ЖЕКСЕНҒАЛИЕВ,

БҚО әкімдігі жанындағы «Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау, біліктілігін арттыру және мемлекеттік тілді оқыту орталығының» бөлім меңгерушісі:

– Халықаралық терминдерді аудармай қолдануға да болады.

Бұл көптеген елдердің тәжірибесінде бар. Бірақ ешбір ел сол терминді бір ғана тілдің нормасында қолданбайды. Мәселен, латын тілінен енген «Конституция» сөзін Германия, Сауд Арабиясы, Англия мемлекеттерінде түрлі, яғни тек өздерінің ана тіліндегі нормаға сай жазады. Тарихтан белгілі, түркі тілінен 3 мыңдай сөз орыс тіліне енді. «Камыш», «капкан», «беркут» сөздері орыс тілінің нормасына сай жазылды. Керісінше, «зауыт», «кәмпит», «Еуропа» секілді орыс сөздері қазақша жатық айтылады. Сондықтан бұр үрдісті де ескеруіміз керек.

Табылғали САПАРОВ,

«ТДК-42» телеарнасының директоры:

– Посткеңестік елдердің қатарында мемлекеттік тілді меңгеру жағынан қай деңгейдеміз?

Дос  КӨШІМ,

«Ұлт  тағдыры» қозғалысының  төрағасы:

– Мемлекеттік тілді меңгеру тұрғысынан біздің ел ең соңғы орында. Қырғыздар мен тәжіктер ғана біздің деңгеймен шамалас болуы мүмкін. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Өзбекстан халқының 50 пайызы, Тәжікстан тұрғындарының 69 пайызы, Қазақстан азаматтарының 17 пайызы орыс тілін білмейді. Кейбір дерек бойынша, біздің тұрғындардан осы тілді меңгермегендер саны миллионға шамалас. 1990 жылдары Балтық жағалауы елдері орыс тілі мен әдебиетін мектепте оқытудан бас тартты. Грузия мен Өзбекстан да оқу бағдарламасынан  толығымен алып тастады. 1993 жылы Грузияға барғанымда, ол елдің азаматтары аудармашы арқылы сөйлесетінін айтып, қайран қалдырды. Әлі күнге, әсіресе, Қазақстанның алты облысында, атап айтсақ, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарында мемлекеттік тіл қолдануда күрмеулі тұстар көп. Ал Оңтүстік Қазақстанда барлық салада қазақ тілі қолданылады.

Наталья  ГЛЕБОВА,

«Мой город» газеті:

– Меніңше, қазақ тілін үйренуге жағдай жасалмаған секілді. Мәселен, мектепте қазақ тілі пәнін оқыдық. Бірақ жеткілікті деңгейде меңгермедік. Туысқандарымыздың бәрі орыс тілінде сөйлеседі. Қазақ тілін ақылы үйрететін курс қызметкерлерінің еңбекақасы төмен секілді. Ал Германияға барсаң, неміс тілін үйренуге бір жыл ғана уақыт береді.

Дос КӨШІМ,

«Ұлт  тағдыры» қозғалысының  төрағасы:

– Тек қана Германияда емес, Израильде де шетелдіктерді  міндетті түрде үйретеді. Қазақстанды мекендегеніне бірнеше жыл болғанын айтқанымен, орыс тілді қауымның қазақ тілін меңгеруге құлқы жоқ. Жиырма жеті жыл уақыт өтті. Оларға үйретуге ешкім міндетті емес. Көбі «Мектептен меңгеріп шықпадым» дейді. Бірақ неге ата-аналары балаларына қазақ тілін қажетті деңгейде үйретуді мектеп басшылығынан талап етпейді. Яғни қоғамда сұраныс жоқ. Қарапайым адам үш-ақ жылда кез келген тілді меңгеріп шыға алады. Тілдік орта бар. Интернет ресурстарында ақпарат жеткілікті. Іздену керек.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»


Қолы шебер Жанар

Күні: , 383 рет оқылды

SAMSUNG CAMERA PICTURES

SAMSUNG CAMERA PICTURES


«Багира» кафесінің қожайыны, ағаштан түйін түйген шебер Жанар Садарова есімі ауылдастары арасында құрметпен аталады.


Бүгінде Жанардың қолынан шыққан үстелдер, орындықтар, киім-кешек, ілгіш, шкаф, қолжуғыш, кереует, сөре, жиһаздар көз тартып, әр шаңырақтың ажарын ашып тұр. Қолына электрлі тескіш құралын алып, көзіне көзілдірік киіп, жұмысына кіріскен сәтінің де куәсі болған едік. Ер адамдардың батылы бара бермейтін істі ұршықша үйіріп алып кеткен ол жақында жаңа бір қырынан танылып, ауылдастарын тағы бір  сүйсінтті.

Көз жауын алардай құмыра, гүл, жан-жануарлар мүсініндегі кәдесыйлар  жасап, саттыққа шығарды. Нәтижесі де жаман емес. Жанардың анасы Рабиға апаның айтуынша, балаларының бәрі де кішкентай кездерінен сурет салған. Ісмерлікке икемді.

Жиһаз жасау оңай шаруа емес. Нағыз шұқыма жұмыс. Дегенмен іскер жан өзін осы салада байқап көруді ойлады. Мұндайда жанашыры – анасының ақыл-кеңесі ауадай қажет. Нағашыларынан дарыған іскерлік те Жанарды айналып өтпеген-ді. «Іс тігуді қолға алсам, қалай болар екен?» деген ойын ортаға салды. Анасы оның бұл талабын құптай қоймады. «Ұсақ жұмыс, қалай болар?» деген күмәнін алға тартты. Ойлана келе құмыра, крахмалға салынған гүлдер, жан-жануарлар бейнесін жасады. Бұл істе қылқалам құдіреті нәтижесін берді. Алдымен суретін салып, яғни макетін құрып алды. Қатесін өзі тауып, оны түзеу арқылы еңбегін жандандыра түсті. Гүлдің сабағына салфеткаларды шиырлап байлады, жібек маталарды крахмалдап, қызылды-жасылды гүлдердің әр алуанын жасап шығарды. Ал құмыра жасауды алғаш қолға алғанда баклашка, әйнектерді пайдаланса, кейін бұл жұмыстың түрлі жасалу жолдарын зерттеп, шығармашылық жұмысын жандандыра түсті. Мәселен, жануарлар мүсіні дәретхана қағаздары арқылы іске асты. Алдымен ағаштан сұлбасын ойып алып, оны әрледі. Әрбір ұсақ тетіктерін де аса жауапкершілікпен атқаруға тырысты. Жан-тәнімен беріліп істеуінің нәтижесінде осылай әдемі дүниелер өмірге келді. Әсемдікке ерекше ынтазарлық Жанардың еңбектен, тәуекел етуден қашпайтынын байқатады. Ізденіс – оның басты мұраты. «Ниет, қызығушылық болса, адамның қолынан келмейтіні жоқ», — дейді іскер жан.

Жалпы, Садаровтар отбасының ептілігі арқасында әр жерде қолтаңбалары қалған. Олардың көлік жөндеу, үй құрылысын жүргізу, темір қақпа, жиһаз жасаумен айналысатындары бар. Әулеттің үлкені Мүсілім ағаш шебері болса (мамандығы мұғалім), Палласовка қаласында тұратын Нұрлан құрылыс жұмысына икемді. Темір қақпалар жасаумен айналысады. Мереке – көлік жөндеудің майталманы. Ал Садаровтар отбасының отағасы, марқұм Бисенбай аға техника тілін жетік меңгерген жан болыпты. Әке-ана қанымен дарыған осынау қасиет ұрпақтарын да табыс төріне жетелеуде.

Гүлнар ҚАДЫРОВА,

Бөкей ордасы ауданы


Қала әкімінің марапаты

Күні: , 160 рет оқылды

image-31-08-16-03-00


Қалалық әкімдікте ел дамуының негізгі қағидалары мен бағыт-бағдарын, мемлекет пен қоғамның қатынасын анықтайтын Конституция күніне арналған салтанатты шара өтті. Оған қала әкімі Нариман Төреғалиев қатысты.


Шара барысында Конституция күні қарсаңында қызметке қабылданған мемлекеттік қызметкерлер ант қабылдады. Ант берушілердің қатарында қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі экономикалық сараптама және бухгалтерлік есеп секторының бас маманы Данияр Қарекенов, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мүгедектер мен ардагерлерді әлеуметтік қорғау секторының бас маманы Гүлнар Нұриденова, Зашаған кенті әкімі аппаратының абаттандыру бөлімінің жетекші маманы Айнұр Тәшімова болды.

Сонымен қатар қала әкімі конституциялық негіздерінің қалыптасуы мен дамуына, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға елеулі үлес қосқан азаматтарды алғысхаттармен марапаттады. Марапатталушылардың қатарында қалалық прокуратураның бөлім басшысы Асылбек Қадыралиев, облыстық әділет департаменті нормативтік-құқықтық актілерді тіркеу бөлімінің басшысы Мұрат Садықов, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес АҚ БҚО филиалы бірінші басшысының міндетін атқарушысы Назымгүл Қуанышалиева, облыстық қазынашылық департаментінің бас қазынашысы Светлана Удалова және басқалар бар.

– Елімізде жақсы дәстүрлер қалыптасты. Солардың бірі – басты мемлекеттік мереке қарсаңында өңіріміздің лайықты азаматтарын марапаттау. Қоғамымыздың маңызды құндылығы – бұл қажырлы еңбек. Сондықтан Елбасы өз атынан және мемлекет атынан еңбегімен зор табысқа жеткен азаматтарға ерекше құрмет көрсетіп келеді. Сіздердің жетістіктеріңіз әріптестеріңізді және барлық азаматтарды жігерлендіретініне сенемін, — деді Нариман Төреғалиев.

Сондай-ақ қала әкімі Ата заң күні қарсаңында 16 жасқа толған азаматтардың жеке куәліктерін салтанатты түрде табыс етті.

– Сіздер басты құжаттарыңызды мереке қарсаңында алып отырсыздар. Бүгіннен бастап тәуелсіз еліміздің толық құқықты азаматы атанып, дауыс беру құқығына ие болдыңыздар. Келешекте сіздерді өз елін алға жетелейтін көшбасшы әрі отаншыл азаматтар қатарынан көреміз деген үміттемін, — деді Нариман Төреғалиев.

Айымгүл ТӨЛЕУҒАЛИЕВА,

«Орал өңірі»


Төлемдерді рәсімдеу жеңілдеді

Күні: , 152 рет оқылды

декрет


Жүктілігіне және босануына байланысты табысынан айырылу жағдайына әлеуметтік төлемдерді есептеуге қажетті құжаттар топтамасы қысқартылды. Бұл Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бірлескен жұмысының арқасында мүмкін болып отыр. Енді өтініш берген кезде әйелдерге соңғы 12 айға жұмыс орнынан табыстары туралы анықтама ұсыну қажет емес. Жеке куәлігін, еңбекке жарамсыздық парағы мен банктік шотын ұсыну жеткілікті. Жеке кәсіпкер куәлігі бар әйелдерге, сондай-ақ ЖК тіркеу туралы куәлік пен салықтары бойынша салыстырып тексеру акті қажет болады.


Бұрын мемлекеттік корпорацияның жұмыскерлері автоматтандырылған ақпараттық жүйеге нақты аударылған әлеуметтік аударымдарды жұмыс орнынан берілген анықтамада көрсетілген сомалармен салыстырып тексеру жүргізетін және сәйкес болмаған жағдайда өтініш берушіге нақтылау үшін құжаттар қайтарылатын», – дейді

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ЗТМО дирекциясы директорының орынбасары Серікқан Сабыржанов. «Қазір Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін әлеуметтік төлемдер мөлшерлерін тағайындау қағидасына енгізілген өзгерістердің арқасында жүктілігіне және босануына байланысты төлемдерді тағайындау автоматтандырылған ақпараттық жүйеде қамтылған нақты аударылған аударымдар бойынша жүзеге асырылатын болады. Жүктілігіне және босануына байланысты төлемдердің мөлшері есептелген және аударылған әлеуметтік аударымдардың дұрыстығына жауапкершілік көтеретін жұмыс берушіге тікелей байланысты екендігін есте сақтау қажет», — деп түсіндірді Сабыржанов.

Сонымен қатар жүктілігіне және босануына байланысты табысынан айырылу жағдайына әлеуметтік төлемдердің мөлшері соңғы 12 айға орташа айлық табысын еңбекке жарамсыздық күнінің санын отыз күнтізбелік күнге бөлу арқылы алуға болатын еңбекке жарамсыздық (науқастанған) күнінің саны коэффициентіне көбейтумен айқындалады.

Мысалы, әйел орташа айлық табысы 95 000 теңгемен 12 ай ұйымда жұмыс істеді. Еңбекке жарамсыздық парағы 126 күн болса, еңбекке жарамсыздық күні санының коэффициенті 4,2 тең. Демек, жүктілігіне және босануына байланысты біржолғы төлем зейнетақы аударымдарын шегерусіз 399 000 теңгені құрайды.

Зейнетақы мен жәрдемақы есептеу жөніндегі кез келген мәселе бойынша қазақстандықтар 1411 тегін нөміріне қоңырау шалу арқылы кеңес алып, сұрақтарын қоя алады.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы»

коммерциялық емес акционерлік қоғамының баспасөз қызметі


Сегіз рет құжат жоғалтыпты

Күні: , 143 рет оқылды

IMG_9976


«Нұр Отан» партиясы БҚО филиалында азаматтарды арыз-шағымдары бойынша кезекті қабылдау өтті.


Аталмыш шараға қатысқан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мәншүк Аймұрзиева, медициналық қызмет пен дәрі-дәрмектің сапасын бақылау облыстық департаментінің басшысы Серік Жалмұқанов, медициналық қызметке ақы төлеу бойынша облыстық департаменттің бастығы Бекмырза Ілиясов, облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Алтын Орынғалиева, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ділдә Исқақова, еңбек және әлеуметтік, көші-қон департаментінің басшысы Сатқан Төлегенов пен облыстық еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Бейімбет Мұқашев келушілердің сұрақтарына жауап берді.

Алғашқы келуші Орал қаласының тұрғыны Айнұр Тапалова екен. Оның екі баласы бар, өзі жұмыста жоқ. Жұбайының сырқатына байланысты тұрмыс тауқіметін кешіп отыр. Сондықтан әлеуметтік жәрдемге мейлінше мұқтаж. Шағымды тыңдаған Ділдә Исқақова оған тиесілі мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының мөлшерін анықтап беретіндігін айтты. Ал Б. Мұқашев болса, келушінің өтінішіне қосымша түсінік  берді. М. Аймұрзиева да Тапалованың саласына қатысты арыз-шағымын тыңдап, өзіне келіп, әдейі жолығуын сұрады.

Жаңыл Қоянова – Круглоозерное ауылының тұрғыны. Төрт баласы бар, өзі жұмыссыз. Еңбек биржасы арқылы аспаз да, хат тасушы да болып істеген. Қазір жұмыссыз екенін айтып, өзінің ауылындағы психоневрологиялық диспансерге орналастыруын өтінді. Бұрын  сол мекемеде еңбек етіпті. Ділдә Салауатқызы шағым иесінің ең әуелі жұмыспен қамту орталығына барып, тұрақты тіркелуін сұрады. Содан соң жағдайды анықтап, мүмкіндігінше көмек беретініне уәде етті. Б. Мұқашев кезінде уақытша  жұмыс істегені үшін ақысын төлемеген кәсіпкерден тиесілі еңбегін өндіріп алатынын айтты.

Зеленов ауданындағы  Мичурин ауылының тұрғыны Мергүл Қадырова да жұмыс іздейді. Ол М. Өтемісұлы атындағы БҚМУ-ды 2007 жылы физика және ақпараттандыру мамандығы бойынша бітірген. Қазталов ауданында еңбек етіпті. Бастауыш сынып мұғалімі мамандығын меңгеріп, екінші диплом да алған. Қазір тұрмыста, төрт баласы бар. Ұстаздық өтілі тоғыз  жылды құрайды. Енді бастауыш сынып мұғалімі болғысы келсе, қалалық мектептер басшылығы одан кәсібі бойынша санат және өтіл сұрап, маңына жақындатпайды екен. Ділдә Исқақова оған жұмыс жағдайы бойынша түсінік берсе, Б. Мұқашев жас маманнан санат пен өтіл сұраудың Еңбек заңына қайшы екенін айрықша атап өтті. Соған орай егер М. Қадырова қаласа, қолұшын беруге даяр.

Қабылдауға кезекті келуші Надежда Макарованың  жағдайы жиналғандарды таңдандырды. 54 жастағы бұл әйел сегіз рет құжатын жоғалтыпты. Өзінің айтуынша, құжат жоғалғанның кесірінен жеке меншігіндегі екі үйінен де айырылған. Үйленген ұлы, тұрмыста қызы бар. Бірақ олармен қарымқатынас жасағысы келмейді. Тұрғылықты жері болмағандықтан, Орал қаласындағы бейімдеу орталығын паналапты. Енді оның сұрайтыны – жеке басын куәландыратын құжаттар. Тағы да Ділдә Салауатқызы онымен жылы сөйлесіп және жоғарыда аталған орталықтың басшылығына хабарласып, Н. Макароваға барынша көмек көрсету жөнінде тәртіп берді. Қабылдау соңында Орал қаласының тұрғыны, зейнеткер Дәулет Есдәулетовтің шағымы да тыңдалып, соған орай тиісінше кеңес беріліп, ұйғарым қабылданды.

Серпін  САЯҚ


Веложорық ұйымдастырылды

Күні: , 179 рет оқылды

DSC_0999


ҚР Конституциясының 21 жылдығына орай Жымпиты-Орал бағытында веложорық ұйымдастырылды.


Тамыздың 29-ы күні сағат 11.30-да Сырым ауданының орталығынан шыққан велошабандоздар сағат 20-00-де Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының алдына келді. Оларды Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылары қарсы алды.

– Ата заңымыз күні қарсаңында веложорық шарасын өткізу дәстүрге айналып келеді. Осыдан екі жыл бұрын Ақсай-Орал, былтыр Чапаев-Орал бағыттарында велошабандоздарымыз жолға шықты. Салауатты өмір салтын насихаттау, балалар мен жастарды велоспортпен айналысуға шақыру мақсатында ұйымдастырылып отырған бұл шараға отызға жуық спортшы қатысты. Олардың арасында жастар, орта және аға буын өкілдері бар, – дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы Дәурен Мұқанов.

Айта кетейік, 10 қыркүйекте, қала күніне орай Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығынан П. Атоян атындағы стадионға дейін веложорық өтеді. Oған кез келген жан қатыса алады. Бұл жолғы веложорыққа да шамамен 600 шақты адам қатысады деп күтілуде.

Сәкен  МҰРАТҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Салтанат АЙТМАҒАМБЕТОВА,

веложорықтың ең жас қатысушысы:

– Алыс қашықтықтағы веложорыққа екінші рет қатысуым. Алғаш рет екі жыл бұрын Ақсай-Орал бағытындағы веложорықта өзімді сынап көрген едім. Ұнағасын биыл тағы шықтым. Аса қатты шаршаған жоқпын. Өзімді жақсы сезініп тұрмын. Мен облыстық спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың 10-сыныбында оқимын. Велоспортты бала кезден ұнатамын, алдағы өмірімді осы спортпен байланыстырғым келеді.

Қазболат  ҚҰРМАШЕВ,

облыстық  велоспорт  бойынша БЖСМ  директоры:

– Аудан орталықтарынан қалаға дейін және қала ішінде болатын веложорықтарға негізінен біздің тәрбиеленушілеріміз қатысады. Орал-Жымпиты бағытында жолға шыққандардың арасында ардагерлеріміз, бапкерлеріміз, шәкірттеріміз болды. Бәрі де жақсы жетті.

Жалпы спорт мектебімізге 174 бала келіп, велоспорттың қыр-сырын үйреніп жүргенімен, бәріне бірдей велосипед жетіспейді. Екі балаға біреуден келеді. Сол себепті веложорықтарға кезектесіп шығады. Десек те, өз ісіне берілген бапкерлеріміздің арқасында шәкірттеріміз бұл спорт түрін жақсы меңгеруде. Республикалық, халықаралық жарыстардан жеңімпаз, жүлдегер болып оралуда.


Мерекелік концерт

Күні: , 61 рет оқылды

DSC_1033


Тамыздың 29-да Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында ҚР Конституциясы күніне арналған мерекелік концерт өтті.


Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның ұйымдастыруымен болған шараға өңіріміздегі көптеген өнер ұжымы қатысты.

Классиктердің сөзіне қарағанда, мемлекеттің негізі болатын өзіндік қағидалары бар. Олар: жері, экономикасы мен мәдениеті, тілі  және Конституциясы. Міне, осы бес нышан ел дамуының алғышарты болады. Мұның бәрі Қазақстанда бар. Биыл республикамыздың тәуелсіздігіне – 25, Ата заңымызға 21 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында мемлекетімізде жаңаша ойлайтын, еліміздің тәуелсіздігімен, Конституциясымен құрдас жаңа толқын қалыптасты.

Олар – еркін елдің, құқықтық мемлекеттің ұландары. Иә, еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуы, саяси тұрақтылыққа қол жеткізуінің бәрі Конституциямызбен байланысты. Сол себепті біз Ата заңымызды қастерлеп, құрметтеуіміз керек. Батысқазақстандықтарды Конституция күнімен құттықтаймын, денсаулық, ырыс-береке тілеймін, Көк байрағымыз әрқашан да биіктен желбіресін, – деді шара барысында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов.

Мерекелік концерт барысында Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның өнерпаздарымен қатар, БҚО мамандандырылған күзет қызметі басқармасының «Ақжайық» вокалды-аспаптар ансамблі, «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңінің бас жүлдегері Биғалиевтер отбасылық ансамблі, «Николушка» балалар фольклорлық ансамблі, №34 мектеп-гимназияның «Шұғыла» би ансамблі және аудандардан келген жас әншілер де өнер көрсетті.

Мәди ЫҚЫЛАС


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика