Мұрағат: 29.08.2016


Аналар бас қосқан тұңғыш форум

Күні: , 4 393 рет оқылды

IMG_2399


Кеше облыстық қазақ драма театрында облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің ұйымдастыруымен бірінші аналар форумы өтті. Оның жұмысына көп балалы және патронатты аналар, облысымыздың қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысып, түрлі салада еңбек етіп жүрген белсенді және іскер әйелдер қатысты. Форумға облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты.


Алқалы жиынға қатысушыларға қош келдіңіздер айтқан өңір басшысы қоғамдағы, отбасындағы ана рөліне тоқталып, Елбасының «Әйелдер Тәуелсіздік жылдарының бәрінде менің ең сенімді тірегім болды. 25 жылдағы барлық жетістіктеріміз сіздердің белсене атсалысуларыңыздың арқасында ғана мүмкін болды. Сіздер біздің қоғамдағы бірліктің, жасампаздық пен тұрақтылықтың бейнесіне айналдыңыздар» деген сөзін еске салды. Облыс басшысының айтуынша, облысымыздағы халық саны 600 мыңнан астам адамды құраса, оның басым бөлігін әйелдер (әйелдер – 329 889, ерлер – 308 559) құрайды. Олар бала тәрбиесінде, үй шаруасында, азаматтық және мемлекеттік қызметте, өндірісте, сауда айналасында, басқа да салаларда еңбек етеді. Өңірімізде 8 мыңнан астам көп балалы ана бар. Соңғы жылдары облыста атқарушы және өкілетті органдарда басшылық қызметтегі әйелдер саны (ондай әйелдер — 114, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты — 1, облыс әкімінің орынбасары — 1, аудан әкімдерінің орынбасарлары — 5, ауылдық округ әкімдерінің орынбасарлары — 15, облыстық басқармалардың, аудандық және қалалық бөлімдердің басшылары — 36, түрлі деңгейдегі мәслихаттардың депутаттары, хатшылары — 56) өсіп отыр. Сонымен қатар білім беру саласында 17 мың, денсаулық сақтау саласында 8,5 мың нәзікжанды жұмыс істейді. Бүгінде өңірде 34 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі болса, солардың басым бөлігін (20600-ін) ақжаулықтылар басқарады.

— Отаншыл ұрпақты тәрбиелеп, ел ертеңінің еңсесін көтерер ұлдар мен қыздарды өсіріп, баптап, қоғамдық өмірде қажырлы еңбегімен атсалысып жүрген азаматшалардың бір бөлігі осы залда отыр. Болашақ ұрпақты тәрбиелеу ісіндегі табандылығыңыз, өмірлік ұстанымыңыз, еңбекқорлығыңыз, даналығыңыз үшін мың да бір рақмет! — деген облыс әкімі Алтай Көлгінов бүгінгі қоғамдағы әйелдер алдында тұрған міндет-мақсаттарды саралады. Басты құндылықтардың бірі – отбасы институтын нығайту, қыздар тәрбиесі, жастар арасындағы суицидтердің өсуі, жас ұрпақты радикалдық діни секталардың арбауынан сақтау мәселелері сықылды түйінді түйткілдерге қоғаммен бірлесе отырып жіті назар аудару, жалпы кейінгі толқынға рухани-адамгершілік тәрбиесін беру жөніндегі ойымен бөлісті. Форумға қатысып отырған Рио олимпиадасының қола жүлдегері Екатерина Ларионованың анасы Наталья Михайлқызына ел намысын қорғайтын спортшы тәрбиелегені үшін және спортшының өзіне жеңісі үшін алғыс айтты.

Форумда аналар кеңесінің төрайымы, Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж директоры, педагогика ғылымдарының докторы, қалалық мәслихат депутаты Шалқыма Құрманәлина облыстың қоғамдық-саяси дамуындағы және ұрпақ тәрбиесіндегі аналар рөлі жайында баяндама жасады. Жиында сөз алған облыстық мәслихаттың депутаты Л. Тұрсынова, «Аналар үйі» қоғамдық жобасының жетекшісі Н. Лисицына және өзгелері бала тәрбиесі, қоғамдағы әйелдер белсенділігін арттыру мәселелері жайындағы ой-пікірлерімен бөлісті.

Жиын соңы концерттік бағдарламаға жалғасты.

Гүлбаршын ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»


«Ақ орамал» акциясы бастау алды

Күні: , 181 рет оқылды

IMG_2284


Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне және Елбасының Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитте жариялаған «Әлем. XXI ғасыр» манифесін ілгерілету мақсатында Қазақстан халқы ассамблеясының бастамасымен қолға алынған «Ақ орамал» республикалық акциясы Ақ Жайық өңірінде бастау алды.


Бұл акция қазақстандықтарды этностық шығу тегіне, әлеуметтік, діни немесе басқа да ерекшеліктеріне қарамастан, бейбітшілік идеясы аясына шоғырландыруды көздейді. Отбасының игілігін мұрат еткен, перзентінің жолына бар ақ тілегін арнаған, бақытын ерінен күткен, бейбітшілікті Тәңірден тілеудей-ақ тілеген, ұлтының ұйытқысы әйел-ананың ақ орамалы қашан да қастерлі. «Ақ oрамал» акциясының пәлсапалық астары терең, оған дана халқымыздың ежелгі дәстүрі – татуластыру салты негіз болған. Яғни бағзы жаугершілік замандарда әйел-ана басындағы орамалын шешіп алып, жауласушылардың ортасына тастап, жанжалдың тоқтауына себеп болған.

Акцияны ұйымдастырушылар бастарында ақ орамалдары желбіреген 5 мыңға жуық белсенді, іскер және көп балалы аналардың қатысуымен бірге Достық даңғылы бойымен шерулетіп өтті. Аналар шеруі Мәңгілік алау алаңына жетіп, митингке ұласты. Митингіні ашқан облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов Қазақстанның Тәуелсіздік алған алғашқы күндерден-ақ өзінің татулық пен келісім салтанат құратын бейбіт мемлекет құруға бағыт ұстанғанын, Елбасының халқы мен жерінің тыныштығы үшін әлемдегі төртінші орында тұрған ядролық арсеналдан бас тартып, Семей ядролық полигонын жабуға батыл шешім қабылдағанын айтып өтті.

– Ел тәуелсіздігінің 25 жылы ішінде мемлекеттің басты саясаты бейбітшілік, келісім және татулық болып белгіленді. Осы ұстаным әлі күнге жалғасын табуда. Елбасы Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитте сөйлеген сөзінде «Мемлекетіміздің басты бағыты – бейбітшілік» деп атап көрсетіп, «Біз балалар мен немерелеріміздің болашағын ойлауға тиіспіз», «ХХІ ғасыр өскелең ұрпақ үшін, жұмыс істеу үшін, еңбек ету үшін бейбітшілік керек» деген болатын. Сондықтан да барлық халықаралық қауымдастықты, алып елдердің жетекшілерін әлемде бейбітшілік орнатуға үндеді. Қаншама ел Елбасының сөйлеген сөзін қолдап отыр. Осы акцияның өтуі, Қазақстанда мыңдаған аналарымыз бен қарындастарымыздың көшеге шығып, Елбасы саясатын қолдауы және әлемде бейбітшілік орнасын деген оймен акцияға шығуы – соның көрінісі, — деді Марат Тоқжанов.

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ақұштап Бақтыгереева ана туралы, ананық ақ жаулығы туралы толғанды. «Жас ұрпақ, қыздар, ананың ақ жаулығын кірлетпейік деп өсіңіздер.

Ана болған жас келіндер, анадан қалған ақ жаулыққа мен де кір жұқтырмаймын деп ұрпақтарыңның бесігін тербетіңіздер, айналайындар. Сонда ғана адамзат ұрпағы өзінің борышын орындайды. Сонда ғана жер бетінде ақ мейірім, ақ сүтті ақтаған ұрпақ өседі. Бізге керегі – ана сыйлау тәрбиесі, бізге керегі – ананың ақ сүтін қастерлеп, анадан бата алатын дін», — деген ақын жаңадан отау құрған Бекжан Исмағұлов мен Айнұр Шүйіншәлиева, Әдиет Құрмекеш пен Лаура Айтмағанбетова сықылды жас жұбайларға аналық ақ тілегін білдіріп, қос қалыңдыққа адал жар, абзал ана болсын деген ниетпен ақ орамал тарту етті.

Жиында А. Островский атындағы орыс драма театрының әртісі Светлана Романова, «Арба» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлмира Батпақұлова, БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының этномәдени бірлестігінің бір топ әйелдері бейбіт өмірді қадірлеуге, елдегі тыныштық пен бірлікке ұйытқы болуға шақырды. Бұдан кейін ана туралы балалардың оқыған өлеңдері де әсерлі шықты. Алаңға жиналған қауым шара соңында «Ана туралы әнді» қосыла шырқап, аспанға ақ көгершіндерді ұшырды.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Қола жүлдегерге қошемет

Күні: , 175 рет оқылды

IMG_2044


Жексенбі күні кешкісін облыс әкімі Алтай Көлгінов бастаған Ақ Жайық жұртшылығы әйелдер күресінен Рио олимпиадасының қола жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, «Құрмет» орденінің иегері Екатерина Ларионованы «Орал» халықаралық әуежайынан қарсы алып, құрмет көрсетті.


Оралға Е. Ларионовамен бірге олимпиадаға қатысқан басқа да спортшылар, атап айтқанда, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, ескекшілер Алексей Дергунов пен Андрей Ергучев, спорттық жүрістен сынға түскен Григорий Шейко мен Полина Репина оралды.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов Рио олимпиадасында қазақстандық спортшылардың үлкен табысқа қол жеткізгенін, соның ішінде жерлесіміз, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Данияр Елеусіновтің алтыннан алқа тағып, Қазақстанның көк байрағын биікте желбіреткенін айта келіп, қола жүлдені иеленген Екатерина Ларионованы жеңісімен құттықтады. Оған КIA автокөлігінің кілтін табыс етіп, сонымен қатар пәтер де берілетінін жария етті. Е. Ларионованың жеке бапкері, әкесі Алексей Ларионовқа 2 млн. теңгенің сертификаты табыс етілді. Басқа да олимпиадашыларға бағалы сыйлықтар тапсырылды.

IMG_2251«Біз үшін олимпиадаға қатысып, ел намысын қорғаған спортшыларымыздың бәрі жеңімпаз. Оларға Елбасы тапсырмасына сәйкес мемлекет тарапынан бұдан былай да қолдау көрсетілетін болады», деді өңір басшысы.

Рио олимпиадасының қола жүлдегері Екатерина Ларионова өзін құрметпен қарсы алғаны үшін батысқазақстандықтар мен облыс басшысына ризашылығын білдіріп, Токио олимпиадасында алтын медаль алу үшін бар күш-жігерін жұмсайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ спорт ардагері, еркін күрестен КСРО спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Амангелді Мұсабеков Орал қаласында Данияр Елеусінов пен Екатерина Ларионованың табысына орай палуандар мен боксшылар даярлайтын арнайы спорт мектебі ашылса деген тілегін айтты. «Катяның інісі Дәулет те палуан. Грек-рим күресімен айналысып жүрген ол Қазақстан өз алдына, Азия біріншілігі мен халықаралық жарыстарда олжа салып жүр. Төрт жылдан кейін Дәулет жиырма жасқа толады. Сондықтан Токио олимпиадасына Катя мен Дәулет және олардың әкесі Алексей бапкер ретінде қатысуы әбден ықтимал», деді А. Мұсабеков.

Бұдан кейін Екатерина Ларионова бастаған олимпиадашылар қала көшелерімен салтанатты түрде жүріп өтті.

Айта кетейік, Е. Ларионова қазіргі кезде БҚО ішкі істер департаментінің жедел қимылдайтын арнайы жасағында қызмет етеді. Оған Риодағы табысына орай полиция лейтенанты шені берілді.

Ғайса БӘЙМЕН

ркарвАлексей ЛАРИОНОВ,

жеке бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы:

 

— Катя енді Токио олимпиадасына дайындалатын болады. Қызым небәрі 22 жаста, сондықтан тұрмыс құруына әлі ертерек. Өйткені спортта бағындырмаған шыңдары баршылық. Әрине, Риода Катя Ларионованың қола жүлдені иеленуі барша батысқазақстандықтар үшін үлкен қуаныш болды. 13 жыл бойы төккен тер мен еткен еңбек босқа кеткен жоқ. Катяның спорттағы жолы тақтайдай тегіс болды деп айту қиын. Жасөспірімдер мен жастар арасында талай рет топ жарған Катядан бапкерлерінің үміт күткені жасырын емес. Оның тіпті Лондон олимпиадасына баратындай мүмкіндігі болды.

Дегенмен ол кезде 63 кг салмақта Бейжің олимпиадасының қола жүлдегері Елена Шалыгина бар еді. Ол медаль әкелемін деп уәде еткеннен кейін Лондонға сол палуан кетті, бірақ жолы болмады. Ал Катя Ларионова тура жеті айдан кейін Будапеште ересектер арасында өткен әлем чемпионатында қола жүлдегер атанып, бұл салмақта өзінің орны нық екендігін дәлелдеді.

Мен өзім Катяның жеке бапкері болсам да, қызымды Рио алдында Қайрат Сағадиев бастаған мамандарға сеніп тапсырдым. Қайрат Сағадиев екі жылдың ішінде әйелдер құрамасын жоғары деңгейге көтерді. Риоға барған төрт палуанның үшеуі жүлде алды. Міне, нәтиже деген осы. Катяның салмағында (63 кг) бәсекелестіктің күшті болғаны сондай, үш бірдей әлем чемпионы жүлдеден тыс қалды, соның біреуін қызым жолдан тайырды. Катяның шешуші белдесулерде жеңіске жетуіне бұрын бірнеше күрес түрімен айналысқаны және бапкерлерінің дер кезінде берген ақыл-кеңестері ерекше әсерін тигізді. Мысалы, Катя жұбаныш белдесуінде Еуропа біріншілігінің жүлдегері, швециялық Хенна Йохансонға бірінші кезеңде есе жібергенімен, екінші кезеңде белдесу тағдыры қыл үстінде тұрған сәтте дзюдо әдісін қолданып, таза жеңіп кетті. Ал 2012 жылғы әлем чемпионы, америкалық Елена Пирожковамен қола жүлде үшін бәсекеде үзіліске дейін жеңіліп жатты. Үзіліс кезінде Қайрат Сағадиев пен олимпиаданың тағы бір қола жүлдегері Эльмира Сыздықованың жеке бапкері Владислав Сутормин Катяға классикалық (грек-рим) күрес әдісін қолданып көруге кеңес берді. Бұл әдісті үйде жүргенде, классикалық күреспен айналыс-қан өзім де үйреткен едім. Қызым батыл шешім қимылдап, қарсыласының қолын қаусыра ұстап, лақтырғанда, теледидар көріп отырған бәріміз бөркімізді аспанға аттық. Катяның інісі Дәулет те болашағынан үлкен үміт күттіреді. Оған даңқты палуан Дәулет Тұрлыхановтың жолын берсін деп тілейміз.

Катяның өз салмағы 69 кг шамасында, содан жарысқа барар алдында кемінде 6-7 кило салмақ қууға тура келеді. Қыз балаға бұл жеңіл емес, әрине.

Жалпы, қызымыз өмірде сабырлы, бірақ аса жігерлі, алға қойған мақсатынан қайтпайды. Токио олимпиадасында да жүлде алады деп сенеміз.


Жүлделі оралды

Күні: , 138 рет оқылды

51оарарат


Кстово қаласында (Ресей Федерациясы) самбодан КСРО-ның  еңбек сіңірген жаттықтырушысы М. Бурдиковты еске алуға арналған халықаралық турнир өткізілді.


Жарыста БҚО-дан барған Ерболат Байбатыров 57 келіге дейін салмақта ІІ орын алса, 68 келіге дейін салмақта Нұрбол Серіков қола жүлдегер атанды. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Райымбек Меңдіғалиев дайындаған палуандар  осылайша халықаралық жарыстан жүлделі оралды.


Ішкі істер департаментінде жаңа басшы

Күні: , 178 рет оқылды

максутхан


ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен полиция генерал-майоры Мақсұтхан Нұғманұлы Әбіләзімов БҚО ІІД-ның басшысы болып тағайындалды.


М. Әбіләзімов ішкі істер органдарындағы қызметін 1981 жылы бастаған. Қазақ политехникалық институтын бітірген ол бұған дейін Ақтөбе  облыстық  ішкі  істер  департаментінің  басшысы  болды.

26  тамыздан  бастап  БҚО  ІІД  басшысы.

БҚО ІІД баспасөз қызметі


Құрмет көрсетті

Күні: , 144 рет оқылды

IMG_2377


Ауыл шаруашылығы саласының  және партия ардагері Михаил  Усов 85 жасқа толды. Мерейтой иесін облыс әкімі Алтай Көлгінов қабылдап, құрмет көрсетті.


Михаил Иванович – Ресейдің Челябинск облысының тумасы. 1955 жылы Челябинск  қаласындағы ауыл шаруашылығын механикаландыру мен электрлендіру институтын бітіріп, жолдама бойынша өңірімізге келіп, еңбек жолын бастады. Орал механикаландыру және электрлендіру техникумында бес жыл бойы жұмыс істеп, қатардағы оқытушылықтан аталмыш оқу орнының басшылығына дейін көтерілді. Сонан соң №9 техникалық училищенің директоры болып еңбек етті. Әрі қарай Зеленов аудандық ауыл шаруашылығы өндірістік басқармасы басшысының  орынбасарлығынан аупарткомның бірінші, обкомның екінші хатшысы лауазымына дейін өсті. Ол обкомның екінші хатшысы ретінде 15 жыл қызмет атқарған кезінде ұлтымыздың аяулы ұлы, жерлесіміз М. Ықсановпен жұмыстас болғанын күні бүгінге дейін мақтан тұтады. Бүгінде  М. Усов  Орал қаласында  тұрады. Ұл-келіні, қыз-күйеу баласы және немере-жиендері бар.

Сан жылғы жемісті еңбегі үшін екі рет «Еңбек Қызыл ту», «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған.

– Облыстың жас әкімі мені жылы ықыласпен қабылдады. Әңгімеміз бірден жарасып, ол маған жақын сала – ауыл шаруашылығы туралы баяндады. Сонан соң Орал қаласының дамуы және өңірдегі экономикалық ахуал туралы әңгімелеп берді. Орал сүйікті қалам болғандықтан, ол туралы сөз жаныма майдай жақты. Бір сөзбен айтқанда, жүздесу іскерлік жағдайда өтті. Өзім де өңір мен өмірдегі оң өзгерістерге риза екенімді айттым. Сондықтан әкімді жаңа лауазымымен құттықтай отырып, оған жұмыста тың табыстар тіледім. Алтай Сейдірұлының бар күш-жігері мен қайратын Ақ Жайық өңірін одан әрі дамытып, алға бастыруға сарқа жұмсайтынына сенім білдіремін, — деді   кездесуден шыққан соң  Михаил  Усов.

Серік   ІЗБАСАРҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Суретті  түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Жаһандық қауіпсіздікке арналған алқалы басқосу

Күні: , 157 рет оқылды

назарбаев семей 25


Қазақстан Президенті «Ядролық қарусыз әлем қалыптастыру» атты халықаралық конференцияның пленарлық отырысына қатысты.


Семей ядролық полигонының жабылғанына 25 жыл толуына орай өткен конференция жұмысына мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, дипломатиялық корпустың, ғылым мен білім саласының өкілдері, көрнекті қоғам қайраткерлері, сондай-ақ әлемнің 50-ден астам елінен шетелдік қонақтар қатысты.

Елбасы конференцияға қатысушыларға арнаған сөзінде жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін Қазақстан Президенті сыйлығын тағайындау туралы көтерген бастамалары үшін ризашылығын білдірді.

– Жалпы, мен бұл бастаманы қолдаймын. Мүмкін оны ядролық қарусыздандыру үшін берілген сыйлық деп атаған жөн болар, оның атауын қайта ойластыру қажет. Біз ақылдасып, бұл сыйлықты тағайындау туралы шешім қабылдайтын боламыз, – деді Қазақстан Президенті.

Бұдан бөлек Нұрсұлтан Назарбаев қарашада Қазақстанның елордасында Астана бейбітшілік саммиті өтетінін мәлімдеді.

– Саммитке көптеген елдердің мемлекеттер пен үкіметтері басшылары, танымал саясаткерлері мен қоғам қайраткерлері, ғалымдары мен бизнесмендері қатысатын болады. Сыйлықты тағайындау және оны алғашқы лауреатқа тапсыру туралы сол саммитте айтуға болар еді, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті 1991 жылғы 29 тамызда еліміз үшін де, бүкіл әлем үшін де тарихи маңызды оқиға болғанын атап өтті.

– Ширек ғасыр бұрын біздің жеріміз бен халқымызға 40 жылдай азап тартқызған милитаризмнің ең сұрапыл сынағы заңды түрде тоқтатылды. Біздің шешімімізден кейін барлық жетекші ядролық державалардың полигондарының үні шықпай қалды, алайда олардың ешқайсысы әлі күнге дейін жабылған жоқ. Қазақстан – мұндай қадамға барған алғашқы ел. Біздің халқымыздың қалауы солай болды. Бұл оқиғаның барша әлем үшін маңыздылығы осында, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті ширек ғасыр ішінде біздің республикамыз бейбітшілікке, ядролық қарудан азат болуға бастайтын тиімді модельді қалыптастыра алғанын айтып, оны барлық елде қолдану жөнінде ұсыныс жасады.

Мемлекет басшысы ядролық қару арқылы өзін-өзі жою қаупін азайтуға және бейбітшілікті бірте-бірте демилитаризациялауға бағытталған бірқатар ұсыныстар айта келіп, мұның халықаралық қарым-қатынаста терең ментальді өзгерістерді, көптарапты жаңа саяси шешімдерді, жоғары деңгейдегі сенімді қажет ететіне назар аударды.

– Ядролық арсеналды қысқарту үдерісін іс жүзінде сондай әскери күш-қуатқа ие барлық мемлекеттердің қатысуымен көпжақты үдеріске айналдырған жөн. Мұның алдында қазір «ядролық қаруы бар» ел атану қарсаңында тұрған мемлекеттердің ядролық мәртебесі толықтай заңдастырылуға тиіс. Барлық ядролық державалар ядролық қаруды азайту туралы жалпыға ортақ шарт әзірлеу жөніндегі келіссөздерді бастауы керек, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы ядролық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі халықаралық құқықты түгел кодификациялаудың маңыздылығын атап өтті.

– Атом қаруын иеленуден өз еркімен бас тартқан, сондай-ақ ядролық қарусыз ел деген мәртебесі бар мемлекеттерге ядролық державалар тарапынан кепілдік беруді заңдық тұрғыдан міндеттейтін жүйені жетілдіру қажет. Ядролық қаруға ие болуға және таратуға қарсы қатаң шаралар-дың нақты қолданылатын тетіктерін әзірлеу керек. Мұндай көпжақты келісімдерді БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарларымен бекіткен жөн, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұдан бөлек Қазақстан Президенті әлемдік қоғамдастықты қақтығыстардың алдын алу үшін ірі державалар мен жаңа халықаралық ұйымдар арасындағы қарым-қатынасты реттеудің жаңа тетіктерін әзірлеуге шақырды.

– Қарудың әдеттегі түрлері мен әскери технологиялардың таралуын бақылауды күшейту де аса маңызды. Барлық үкіметтерді ядролық қауіпсіздіктің негізін құрайтын халықаралық шарттар мен институттарды одан әрі нығайту жөніндегі жаңа міндеттемелер қабылдауға шақырамын. Сонымен қатар мен бүгін өз елдері мен халықтары атынан өкілдік етіп отырған барлық парламенттердің мүшелеріне бұған белсене атсалысу жөнінде сөз арнаймын. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі ретіндегі Қазақстанның қызметі халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жөніндегі осы және өзге де шараларға арналатын болады. Ядролық қауіпсіздікті күшейту жолындағы, ядролық қаруды сынақтан өткізу мен жетілдіруге қарсы кең қоғамдық қозғалыс ядролық қауіптен арылу ісіне тың серпін беруге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев конференцияға қатысушылар айтқан ұсыныстар бүкіл әлемдегі саясаткерлер мен ғалымдардың құлағына жетеріне сенім білдіріп, жиналғандардың жұмысына жеміс тіледі.

Сондай-ақ іс-шара барысында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша халықаралық ұйымдар мен шет ел үкіметтері өкілдері баяндама жасады.

www.akorda.kz


Инвестициялық форум өтеді

Күні: , 5 169 рет оқылды


Қыркүйектің 8-інде, қала күні қарсаңында Оралда «WestKazInvest-2016» III Халықаралық инвестициялық  форумы және тауар өндірушілердің көрмесі өтеді. Өңірдің экономикалық даму үрдісіндегі маңызды шараға ұлттық және өнеркәсіптік  компаниялардың, екінші деңгейдегі банктердің, қазақстандық және халықаралық даму институттарының өкілдері жиналады. Сонымен қатар Ираннан, Финляндиядан, Түркиядан, Біріккен Араб Әмірлігінен, Ресейдің шекаралас облыстарынан қонақтар келіп қатысады.


Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Миржан Сатқановтың айтуынша, форум өңірдің инвестициялық әлеуетін таныту, өңіраралық әріптестіктікті нығайту, өңірлер мен елдер арасында біріккен кәсіпорындар құру мақсатына арналған.  Нақты айтсақ, аталмыш шара облыстың инвестициялық ахуалын жақсартуда маңызы зор болуы тиіс.

Инвестициялық форум екі бөлімнен тұрады. Оның бірінші бөлімінде облыстың іргелі кәсіпорындарының көрмесі ұйымдастырылып, оның барысында өңірдегі инвестжобалардың тұсаукесері жасалады.  Шараның екінші бөліміне экономиканы дамыту, жаһандану және инвестиция тарту саласындағы тәжірибелі сараптамашылар қатысып, ой бөліседі.

— Мысалға, Иран біздің өңірге әлеуетті нарық болып табылады.

Қазір бұл елден барлық санкциялық шектеулер алынып тасталды.

Сондықтан барлық ел Иранға ұмтылып, нарықтағы өз орнын алуға жанталасуда. Біздің кәсіпкерлер үшін де Иран Ислам Республикасымен әріптестіктің  жақсы келешегі ашылады деп үміттенеміз. Иран да елімізге өз өнімдерін экспорттауға құлықты, — деді Миржан Сатқанов.

Биылғы жеті айдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға құйылған инвестиция  көлемі 194,8 млрд. теңгені құрады және бұл өткен жылдың сәйкес мерзіміндегі көрсеткіштен 26.8%-ға  жоғары. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.  Соның ішінде облыста Қытаймен калий тыңайтқыштарын өндіру жобасы іске асырылуда. Араб инвесторларымен бірге мұнайды терең өңдеу зауытының құрылысын бастау жоспарланған. Су тазалау және қоқыс қалдықтарын өңдеу бойынша фин компаниясымен келісімдер жүргізілуде. Сондай-ақ түрік инвесторларымен электр қалқандары өндірісі жобасы жүзеге асырылуда. Қорыта айтар болсақ, өңірдің инвестициялық ахуалын жақсарту мақсатында жоспарланған жүйелі жұмыс бар. Алдағы өтетін форум облыс экономикасына отандық және шетелдік инвестициялар ағынын бұруды көздейді. Форумға қатысуға ынталы кәсіпкерлердің барлығы  www.westkazinvest.kz. тіркеле алады.

Альбина  БАЙҚОНАҚОВА


Ақпарат айдынындағы әріптестік нығаймақ

Күні: , 139 рет оқылды

IMG_180254


Қазіргі уақытта мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдары арасында тиімді байланыс орнатудың маңызы күннен-күнге арта түсуде. Осы мақсат аясында жұма күні Достық үйінде облыстық прокуратура «Құқықтық журналистика» тақырыбында өңірлік форум ұйымдастырды. Емін-еркін диалог барысында біраз түйінді мәселелер ортаға салынып, ашық пікір алмасылды. Орынды ұсыныстар айтылды.


Шараны ашқан облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов мемлекеттік саясатты насихаттаудың маңызы жөнінде айта келіп, нақты дерекке сүйеніп, ақпаратты жедел ұсынатын, терең талдау жасайтын, өзіндік байыпты көзқарасы бар кәсіби журналистің қоғамдағы орны мен оған қойылатын талап зор екенін айтты. Оның пікірінше, заңнама аясында сөз бостандығын қорғау, мемлекеттік органдардың ашықтық қағидатына бейім болуы, сондай-ақ ақпарат алаңында БАҚ өкілдерінің сақтық танытуы қашанда маңызды. Бұл ретте азаматтардың құқығы бұзылғанда, осы жағдайды прокуратура бақылауға алып, ақ-қараны ажыратуға атсалысатыны белгілі. Форум қатысушыларын алдағы Конституция күнімен құттықтаған облыс прокуроры маңызды шараны бірлесе өткізуге ұйытқы болған облыс әкімдігіне ризашылық білдіріп, өңір жетекшісіне сөз берді.

– Осыдан бір ғасыр бұрын ақын, қоғам қайраткері Ғұмар Қараштың «Газет – біздің білмегенімізді көрсететін ұстазымыз, газет – біздің қараңғыда жарық беріп, тура жолға салатын шамшырағымыз» деп айтқаны әлі күнге маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Біздің өңірдегі жергілікті баспасөздің тарихы терең, мазмұнға бай. Өткен жылы Ақ Жайықтың айнасы болған «Қазақстан-Орал» телеарнасының 50 жылдығын атап өттік. Келесі жылы өңір басылымдарының қара шаңырағына айналған «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттерінің 100 жылдық мерейтойын атап өтеміз. Елбасымыз «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында мемлекеттің транспаренттілігі мен есеп беруінің негізгі критерийлерін қалыптастыруда халықтың ақпаратқа қолжетімділігін кеңейту керегін айтты. Осы орайда бұқаралық ақпарат құралдарының орны ерекше.

Соңғы бес айдың БАҚ өкілдерімен өз басым бірнеше мәрте кездестім. Қоғамдық келісім мәжілістерінде көптеген мәселе ашық талқыланды. Баспасөз мәслихаттары мен басқа да іс-шаралар ұйымдастырылды. Қазір интернет ресурстары көптеп ашылып, әлеуметтік желілер маңызға ие болуда. Біз ақпаратты берудің басқа технологиялары ашылатын жаңа дәуірдің табалдырығында тұрмыз. Құқықтық журналистка – қоғам назар аударатын алаң. «Электронды үкімет» порталы аясында облыс әкімдігі блог жүргізіп, сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы тұрғындар сұрағына жауап беріп, БАҚ өкілдеріне жедел ақпарат ұсынуға тырысуда. Қазіргі кезде мәлімет тез таралады. Бұған ешкім бейжай қарай алмайды. Мәселен, биыл Ақтөбе мен Алматы қаласында болған жағдайлар қоғамда алаңдаушылық туғызды. Содан заман  талабына сай сапалы ақпарат тарату өте өзекті екені аңғарылды, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Бұдан соң мінберде облыстық прокуратураның бірінші басқармасының басшысы Жаннұр Ахметбек сөйлеп, мемлекеттік органдардың БАҚ-пен өзара байланысының құқықтық негіздеріне тоқталса, облыс әкімінің баспасөз хатшысы Жарқын Жұмаділов «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР заңы аясында атқарылып жатқан іс-шараларды атап өтіп, баспасөз саласында салмақты сараптаманың кемшін екенін жеткізді.

Ал облыстық ішкі істер департаменті басшысының орынбасары Берік Өтеулин кейде БАҚ өкілдері оқыс оқиғаларды ерте жариялап, күдіктіні дер кезінде анықтауға көмектескенімен, кейде қылмыстың уақтылы ашылуына кедергі жасап жататынын тілге тиек етті. Осы орайда ашық талқылауға ұласқан форумның екінші кезеңінде департамент тарапына тілшілер тарапынан біраз сын айтылды. Мәселен, жедел мәлімет алуға жүгінген БАҚ өкілдеріне құзырлы орган сұранысты міндетті түрде жазбаша беруді ұсынады екен. Бірақ ресми жауап бергенше, біраз уақыт өтеді. Ал бұл ақпараттың маңыздылығына кері әсерін тигізетіні белгілі. Күдіктінің жеке басына қатысты, қылмысты ашудың құпиялылығына байланысты дерек бере алмайтындарын жеткізген Берік Өтеулин аталған мекемеге жолданған хатқа жауап министрлік белгілеген нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылатынын мәлімдеді. Осы арада талқылауға араласқан облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов заңнамада БАҚ тарапынан жасалатын сұраныстың арнайы формасы көрсетілмегенін ескертті.

Басқосуда сөйлеген «Tengrіnews» ақпараттық порталы және «Время» газетінің меншікті тілшісі Злата Удовиченко мемлекеттік органдардың ресми сайттарынан ақпарат алу мүмкін еместігін, кейбір іс-шаралардың өтетіні туралы журналистердің алдын ала құлағдар болмайтынын алға тартты. «Информбиржа» газетінің бас редакторы Сергей Кульпиннің пікірінше, мемлекеттік органдардың баспасөз қызметі жедел әрі сапалы ақпарат ұсынуға тырысуы тиіс. Ал «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин қисынсыз тұжырымға сүйеніп, қоғамда дабыра тудыруға әуес болмай, ағартушылық бағыттағы жарияланымдарды қолға алудың маңыздылығына тоқталды.

Одан әрмен дөңгелек үстелде журналистердің құқығын қорғау төңірегіндегі түйткілдер тарқатылды. Сонымен қатар баспасөз қызметшілері еңбек демалысында болғанда мемлекеттік органнан ақпарат алу қиынға соғатыны, тілшілерді ұялы телефонмен мекемеге кіргізбейтіні айтылды. Облыс прокуроры өз сөзінде алда екіжақты құқықтық байланыс тетіктерін реттеуге құзырлы орган белсенді араласып, бақылауға алатынын және қосымша іс-шаралар ұйымдастыратынын жеткізді. Форумда қорытынды сөз алған облыс басшысы Алтай Көлгінов қоғамда әрдайым мәселелер туындап отыратындығын, сондықтан сын айтпастан бұрын салмақты тұжырым жасау қажеттігін айта келіп, мемлекеттік органдар БАҚ алдында ашық болуға ұмтылатындарын, негізі мүдде бір екенін ескеріп, ақпарат алаңында әріптестікке әрдайым дайын екендерін жеткізді.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ


Конституциясы сапалы елдің жолы айқын

Күні: , 132 рет оқылды

3b4a3dbc047f7d93f7562bfff5713db9


ҚР Конституциясы – демократиялық, өркениетті даму жолына түскен мемлекет пен қоғамның негізгі және айрықша жоғары заң күші бар нормативтік-құқықтық актісі.


Ол – мемлекеттің  саяси, құқықтық және экономикалық даму жүйесін айқындайтын, ел халқымен қабылданған өміршең стратегиялық құжат. Мемлекеттің құрылтайшы құжаты деп атасақ та қателеспейміз.

Конституцияға сәйкес мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық. Халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді. Өз кезегінде Конституция мемлекеттің негізгі басқару тетіктерін, қоғамдық қатынастарды, мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару институттарының негізгі қағидаттарын, еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысын, оның біртұтастығын және Конституциялық заңдармен реттелетін мемлекеттік биліктің де бастауларын айқындайды.

Ең бастысы, Конституциямыз – азаматтардың  құқықтары мен бостандықтарының кепілі. Барлық құқықтардың қайнар көзі болып табылады, оның нормалары – ұлттық заңнамалардың дамуының негізі.

Биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық белесін тарих қойнауына табыстайды. Осы уақыт ішінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдықсаяси өмірінде Конституциямыздың атқарған рөлі өлшеусіз. Өйткені ҚР Конституциясының басты міндеті – тұрақтылықты  нығайту, халықтың әл-ауқатын көтеру және демократияны дамыту. Қазақстан жерінде ортақ тарихи тағдырмен байланысқан әр түрлі этностық топтардың басын біріктіріп, болашаққа деген зор сенім сыйлады. Сондықтан Ата заңымыз бүгінгі заманның барлық көкейкесті мәселелерін толық қамтыған және құқықтарымызға, мемлекет құрылымына толық түсінік бере алады деп нық айтамыз.

Конституция мемлекеттік саясаттың негізгі ұстанымдарымен қатар, халықтың әлеуметтік жағынан қорғалуына зор мүмкіндіктер мен басым бағыттар белгілейді. Өмір сүру құқығы, жеке бас бостандығы және ар-ождан бостандығы, денсаулық сақтау, білім беру және т.б. азаматтардың құқықтарына қатысты адамзаттың өмір сүруіне маңызды ықпал ететін нормаларды толыққанды қамтиды.

ҚР-ның қолданыстағы Конституциясы еліміз егемендік алғаннан кейін 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған  Ата заңымызды әрі қарай жетілдіру мақсатында, уақыт талабына сай қабылданған. Республика қызметiнiң түбегейлi принциптерi: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкiл халықтың игiлiгiн көздейтiн экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекет өмiрiнiң аса маңызды мәселелерiн демократиялық әдiстермен, оның iшiнде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу. Конституцияны дайындау барысында еліміздің конституциялық құрылысының жинақталған тәжірибесі, сонымен қатар осы тұрғыдағы халықаралық үлгілер де ескерілген. Бұл ретте Конституцияны әзірлеуде Елбасы – ҚР Президенті Н. Назарбаевтың орасан зор үлесін айта кеткен жөн.

Қабылданған күннен бастап, Конституция әлеуметтік бағдар ұстанған нарықтық экономикасы бар мемлекет құруға және жүйелі демократиялық өзгерістер жүргізуге арналған құқықтық іргетасқа айналды. Конституция  Қазақстан қоғамында демократиялық саяси жүйенің қалануына айтарлықтай роль атқарып келеді. Демократияның базалық принципі  биліктің айқын тежемелік және тепе-теңдік тетікті үш тармаққа – заң  шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлінуі тиімді іске асырылды.

Уақыт пен заман ағымына сай және жүргізіліп жатқан саяси реформаларға сәйкес еліміздің Ата заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттіліктері туындап, 1998, 2007 және 2011 жылдары өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Қызметі заңдылық принципіне негізделген әдiлет органдары мемлекеттiң қызметiн құқықтық қамтамасыз етудi жүзеге асыратын, мемлекеттiк органдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың жұмысында заңдылық режимiне қолдау жасайтын, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ететiн билiк органы ретінде Конституция талаптарының бұлжытпай орындалуына айтарлықтай өз үлесін қосып келеді.

Өткен жылы Елбасымен қабылданып, жария етілген «100 нақты қадам» Ұлт жоспары Конституциямызбен үндесіп, соңғы екі жылда көптеген жаңа заңнама қабылданып, қолданысқа енгізіліп үлгерді. Бұл заңдардың барлығының бастауында, әрине, ҚР Конституциясы тұр. Себебі қабылданған барлық заңнамалық актілер Конституция талаптарына қайшы келмеуі тиіс.

Конституциясы сапалы мемлекеттің жолы айқын, ісі мәңгілік! Елбасымыз бастап, халық қостаған «Мәңгілік ел» идеясын құқықтық жағынан мықтап бекіту үшін Ата заңымыздың атқаратын қызметі ерекше.

ҚР Конституциясы күнін мерекелеудің негізгі мақсаты – қоғамдық  санада бұл күнінің маңыздылығын сезінуді арттыру, Ата заңға жұртшылықтың назарын аудару, қоғамда елдің негізгі заңын құрметтеу дәстүрін нығайтып, өскелең ұрпақты конституциялық құрылымды құрметтеу рухында тәрбиелеу. Ата заңымыздың ережелерін мүлтіксіз орындау әрі оны құрметтеу, Қазақстан Республикасы заңдарын сақтау – әрбір азаматтың басты міндеті.

Естай РАШҚАЛИЕВ,

Орал  қаласы әділет басқармасының  басшысы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика