Мұрағат: 26.08.2016


Үздік тауар өндіретін кәсіпорындар анықталды

Күні: , 167 рет оқылды

IMG_1770


Облыстық қазақ драма театрында «Қазақстанның үздік тауары» аймақтық байқау-көрмесі өтті. Жеңімпаз кәсіпорындарды облыс әкімі Алтай Көлгінов марапаттады.


Облыстық кәсіпкерлік пала­тасы ұйымдастырған атал­мыш шараға өңіріміздегі 18 кә­сіп­орын қатысты. Олардың үштен бірі бұл байқау-көрмеге алғаш рет келіп отыр. Биыл ірі және орта бизнес субъектілерімен қатар, жеке кәсіпкерлік өкілдері де кеңінен тартылғанын айтып өткен жөн. Ал ауылдық жерден ат терлетіп келгендердің ішінде бөкейорда­лық­тар, қазталовтықтар және қа­ратөбеліктер бар.

— Бұл байқау-көрменің мақса­ты — елімізде жасалған тауарларды қолдау әрі оны көпшілікке кеңі­нен таныстыру. Бүгінгі шараға ба­лаларға арналған құрал-жабдық­тардан бастап, құрылыс, мұнайгаз, ауыл шаруашылығы, медицина салаларына арналған түрлі бұйым­дар, жаңа технологиялар қойыл­ған. Жыл өткен сайын мұнда әкелінетін тауарлардың түрі көбейіп, сапа­сы­ның артып келе жатқандығы­ның куәсі болып жүрміз. Батысқазақ­стандық кәсіпкерлер де өз ең­бектері арқылы өңіріміздің, рес­публикамыздың атын әлемге ке­ңі­нен шығарып жүргендігі бізді қуантады. Сол үшін оларға өз ризашылығымды білдіремін. Өз­деріңіз білесіздер, кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар сәтті жүзеге асу­­да. Соның арқасында көптеген жан өз кәсіптерін ашып, елдің бе­рекесінің артуына үлестерін қо­сып жүр. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, — деді шара барысында сөз алған Алтай Сейдірұлы.

Шараға қатысушы кәсіпорын­дар биыл да үш бағытта сынға түсті. Сараптау комиссиясының қорытындысына сәйкес «Өндіріс­тік бағыттағы үздік тауар» аталымы бойынша жоғары сапалы газ жабдықтарын шығаратын, аталмыш байқауға алғаш рет қатысып отырған «БатысМұнайГазЖабдық­тары» ЖШС жеңімпаз атанды. Ал «Үздік азық-түлік тауары» мен «Тұр­ғындарға арналған үздік та­уар» аталымдарында «Фирма «Родник» және «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» серіктестіктері өзге­лерден озық деп танылды.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ


Қалалық №2 сот жаңа ғимаратқа көшті

Күні: , 177 рет оқылды

IMG_1283


Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында және ҚР Конституцияcы күні қарсаңында Орал қалалық №2 сотының жаңа ғимараты ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов, ҚР Жоғарғы соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Еліс Әбдіқадыров қатысты.


– Қазіргі заман талабына, әлем­дік стандартқа сай салынған жаңа ғимаратта соттың әділ шешімде­рі қабылданып, сот ісі ашық әрі айқын болады деп сенемін. Бұрын қазақ елінде әділдіктің символы  билер институты болды. Жаңа қоғамда олардың рөлін әділ судьялар атқаруда. Елбасының қол­­дауы арқасында елдің сот жүйесі заман талабына сай дамуда, – деген Еліс Нұрқасымұлы облыс әкімі Алтай Көлгіновке ҚР Жоғар­ғы со­ты­ның төрағасы Қайрат Мә­мидің  алғысхатын  табыстады.

– Бүгін өңіріміз үшін елеулі оқи­­ға болды. Конституция күніне  орай жаңа сот ғимараты бой кө­терді. Бұл ғимараттың ашылуы ерекше мәнге ие. Себебі Елба­сы­мыздың бекіткен «100 нақты қа­дам» Ұлт жоспарында сот жү­йе­сін жаңғырту бағыттары белгі­ленген. Жаңғырту ма­­териалдық-техникалық жағынан да қа­расты­рылуы қажет. Судьялар жә­не сот жүйесінің қызметкерле­рін бүгін­гі ерекше оқиғамен құттықтай­мын. Жаңа ғимарат сот жүйесі қыз­метінің жоғарылауы­на септі­гін тигізері сөзсіз, – деді Алтай Көлгінов.

Өз кезегінде сөз алған сот са­ла­сының ардагері  Қуаныш Әбуов­тың айтуынша, ол осыдан 39 жыл бұрын қалалық соттың бұрынғы ғимаратының салтанатты ашылуы­на қатысқан. Құқық қорғау ор­гандарында 41 жыл қызмет еткен доғарыстағы судья сол кездегі қыз­метін еске алды. «Ол кезде екі-үш судья бір кабинетте отыра­тын. Сот актілері қолмен толтырылатын. Тіпті кейде сот отырыстары дәліздерде өтетін еді. Ал жаңа ғи­мараттың ішінде сот қызметінің барлық жағдайы қарас­тырылған», — деді Қуаныш Әбуов.

Ғимаратты салған «Жиенбай» ЖШС директоры Александр Қара­ғойшин қалалық №2 соттың төр­ағасы Мұрат Иманбаевқа бейнелік кілтті табыстаған соң, жаңа ғимараттың  лентасы  қиылды.

Қалалық №2 соттың жаңа ғима­раты жергілікті бюджет есебінен бой көтерді. Оның жалпы көлемі 7478 шаршы метрді құрайды. Мұн­­да барлық қажетті және қауіп­сіз­дік жағдайлар қарастырылған. Қызметкерлер үшін жалпы 31 ка­бинет, оның ішінде 15 сот отырысы залы, екі күту залы, адвокаттар мен прокурорларға арналған ка­бинеттер, медиация бөлмесі, мұрағат және медициналық кабинеттер бар.

Айымгүл ТӨЛЕУҒАЛИЕВА,

«Орал өңірі»


Ата заң – еліміздің басты заңы

Күні: , 164 рет оқылды

IMG_1562


Кеше Оралдағы Салтанат сарайында облыс  әкімі Алтай Көлгіновтің төраға­лық етуімен 30 тамыз – Қазақстан Респуб­лика­сының Конституция­сы күні мерекесіне орай «Конституция — мемлекеттің негізгі заңы: өткені, бүгіні мен болашағы!»  атты конференция өтті.  Шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің және облыстық мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының ректорлары, мемлекеттік және құқық қорғау құрылымдарының, зиялы қауым,  үкіметтік емес ұйымдардың, этно-мәдени орталықтардың және БАҚ өкілдері қатысты.


Тарих беттерін парақтасақ, 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум нәтижесінде Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Ата заңның қабылдануы еге­мен Қазақстанның конституциялық да­муының жаңа кезеңінің бастауы болды. Басқосуда жиналған қа­уымды мерекемен құттықтаған об­лыс әкімі Алтай Көлгінов Ата заңның Қазақстанның әлемдік өр­кениетке қарай қарыштай қадам басуының алғышарттарын жасап берген жасампаз құжат екендігін айта келе, еліміздегі нарықтық экономиканың үлкен серпін ал­­уы, демократиялық қоғамдық-сая­си жүйенің дамуы, адам және аза­маттардың еркіндігі осы негізгі заңнан бастау алатындығына тоқ­талды.

– Ендігі мақсат – Қазақстан хал­қының ауызбірлігін сақтап, мемлекеттілікті арттырып, дамыған 30 ел қатарынан көріну. Бүгінгі таң­да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында еліміздің алдағы уақытта­ғы стратегиялық жолы айқындал­ды. Қазіргі таңда әлемдік сын-тегеуріндерге қарамастан елімізбен бірге өңіріміз әл-ауқаты артып ке­леді. Жаңа ғасырда Қазақстан халқы, тек заң ғана үстемдікте болатын мемлекет пен азаматтық қоғам құру үстінде. Осы жолда еліміздің Конституциясының алар орны ерекше болмақ, –  деген Ал­тай Сейдірұлы Ата заңымыздың негізгі қағидаларын басшылыққа ала отырып, Елбасы тапсырмала­рын іске асыруда ауқымды жұ­мыстар тындырылғанын атап көрсетті.

Ата заңның қабылдануымен елі­мізде құқықтық мемлекеттік негіз қаланып, заңдылық пен тәртіп ны­ғайды,  азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қам­тамасыз ету бағытында нақты шаруалар атқарылды. Осындай жұмыстардың арқасында  елімізді дүние жүзі қауымдастығы этнос­аралық, дінаралық және қоғам­дық келісім орныққан, тұрақты дамып келе жатқан келешегі кемел мемлекет ретінде таниды. Бұл туралы конференцияда сөз ал­ған ҚР Парламенті Мәжілісінің IV және V шақырылымдағы депута­ты Виктор Киянский, облыстық әділет департаментінің басшысы Алмат Нарқұлов, қоғам қай­рат­кері, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ рек­торының кеңесшісі Қазыбай Бозымов,  «Болашақ» корпоративтік қорының директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Салтанат Тұманбаева жан-жақты тоқталды.

Жиынға қатысқан ҚР Жоғар­ғы соты азаматтық істер жө­нін­дегі сот алқасының  төрағасы Еліс Әб­діқадыров жиналғандарды қас­­терлі мерекемен құттықта­ды. – Бү­­гін Оралдың жаңа шағын­ау­да­нында азаматтық істер жөнін­де­­гі соттың жаңа ғимараты пайда­ла­нуға берілді. Жаңа технологиялы жабдықтармен жабдықталған сот ғимараты жұмыс істеуге қо­лайлы, – деген Еліс Әбдіқадыров Жоғарғы сот төрағасының атынан облыс әкіміне алғыс айтты. Сон­дай-ақ облыстық соттың төрағасы Бек Әметов өз сөзінде Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев­тың биліктің бір тармағы сотқа,  сот жүйесіне деген ерекше қам­қорлығын айта келіп, жергілікті бюджет қаржысына салынған әде­мі сот ғимаратының сот жүйесі мамандарына үлкен жауапкершілік  жүктейтініне  тоқталды.

Жиында 19 жыл бойы Жаңақа­ла ауданын басқарған, бүгінде  облыстық мемлекеттік мекемелер қызметкерлері кәсіподағының төр­ағасы Төлеген Мерғалиев елі­міз­дің егемендік алған жылда­рын­да­ғы қиыншылықтарды, «жабайы де­мократиялық» жағдайларды, Ата заңымыз қабылданғаннан кейінгі елімізде заңды сыйлау, заңға бағыну мәдениетінің қалыптаса бастаған кездерін еске алды.

 – Бүгінде егемендіктің 25 жылы ішінде еліміз адам танымастай өз­герді, әлемде  Қазақстанды білмейтін ел жоқ. Осының барлығы Елбасымыздың дана саясатының, Ата заңымыздың жемісі екенді­гін айтуымыз керек. Биыл егемен­дік алғанымызға 25 жыл толады. Бұрын қандай едік, қазір қандай­мыз? Осының барлығына шүкіршілік ет­уіміз керек. Қанағат керек. Үлкеніміз-кішіміз, ат үстінде жүрген азаматтарымыз бар, қолымыздан келгенінше Елбасыға көмекші бо­луымыз керек, – деді Төлеген Тас­тайұлы.

Сондай-ақ конференцияда об­лыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар, ғалым Мұрат С­дыков, «ТДК-42» телеарнасының директоры Табылғали Сапаров жи­налғандарды мерекемен құт­тықтады.

– Конституцияда айтылатын ең басты құндылық — адамның өмірі, құқықтары мен бостандығы. Өте орынды айтылған сөз. Әдетте біз бұған мән бермейміз, 100 жыл бұрынғы тарихқа оралайықшы. 1916, 1917, 1930 жылдарды алайық. Алты миллион қазақтың екі мил­лионы репрессияға ұшырады, аштықтан қырылды. Қай заң адам­ның өмірін, құқығын қорғады? Ен­ді жүз жылдан кейінгі қазіргі заманды қараңыз, Ата заң бір адам­ның өмірін заңсыз қиюға мүм­кін­шілік берді ме? Жоқ, міне, жүз жыл арасындағы айырмашылық!- деген «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин Елбасының бастауымен, егеменді елдің мықты заңының арқасында ғана мықты елге айналғанымыз­ды баса айтты.

Сот жүйесінің, прокуратура, құ­қық қорғау саласының бір топ мамандары Конституция күніне орай облыс әкімінің алғысхаттары­мен марапатталды.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Суреттерді түсірген Темірболат  ТОҚМАМБЕОВ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика