Мұрағат: 24.08.2016


«Жанкешті еңбектің жемісі бұл»

Күні: , 171 рет оқылды

ларионова 3654лла


Жуырда мәреге жеткен Рио-де-Жанейро олимпиадасы батысқазақстандық спортшылар үшін де сәтті болды. Ақ Жайықтан түлеп ұшқан бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Данияр Елеусінов алтыннан алқа тақса, оралдық Екатерина Ларионова әйелдер күресінен қола жүлдегер атанды. Біз осыған орай спортшының әкесі әрі жеке бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Алексей Ларионовпен тілдескен едік.


– Алексей Станиславович, жеңіс құтты болсын!

– Иә, рақмет. Бұл табыс оңайлықпен келген жоқ. Ол жылдар бойы жанкешті еңбектің жемісі дер едім. Катя күрескен 63 кг салмақта кіл мықты жиналды. Солардың ішінде әлем чемпиондары мен жүлдегерлері бәсекелестікке шыдамай, жарыс жолынан шығып қалды. Олардың орнына жас палуандар жарқырап көрінді деуге болады. Соның бірі қызым Катяның болғандығына қуаныштымыз. Ол жұбаныш белдесуде Еуропа біріншілігінің жүлдегері, швециялық Хенна Йохансоннан жеңіліп жатып, қарсыласын шалу арқылы құлатып, жауырынын жер иіскетті. Содан кейін қола жүлде үшін бәсекеде әлем чемпионы, америкалық Елена Пирожкованы да таза жеңді. Енді қызымыз Оралға оралғаннан кейін кішкене демаламыз, содан кейін дайындыққа қайта кірісеміз.

– Сіздің шәкіртіңіздің осындай табысқа жетуінде кімдердің үлесі зор деп білесіз?

– Ең алдымен кезінде Оралда бізді қолдаған азаматтардың бәріне ризашылығымды білдіремін. Катя кішкентайында самбомен айналысты. Дзюдоны да теріс көрген жоқ. Қазақстан чемпионы, Азия біріншілігінің жүлдегері атанды. Әйтсе де спортта өз дегені болмаса, тосқауыл қоюға тырысушылар кездеседі. Сол себепті еркін күреске ауысуға тура келді. Қазақстан өз алдына, бұл күрестен Катя кадеттер, жасөспірімдер арасында Азия, әлем чемпионаттарында биіктен көрінді. Тауы қайтып қалмас үшін ересектер арасындағы сынға қосуға көп асықпадық. Дегенмен әйелдер күресінен 2013 жылы Будапешт қаласында өткен әлем чемпионатында Катя қола жүлдені жеңіп алып, өзіне назар аудартты. Содан кейін, міне, екінің бірінің қолы жете бермейтін олимп шыңын бағындырып отыр. Мұнда әйелдер күресінен Қазақстан құрамасының бас бапкері Қайрат Сағадиевтің үлесі мол. Мен оны шәкірттерінің тілін таба білетін аса талантты бапкер деп білемін. Бұған Рио олимпиадасына әйелдер күресінен төрт палуан барса, соның үшеуінің жүлде алуы  дәлел бола алады. Енді осы табыс молая берсе деп тілейміз.

– Сіз бір ұлыңыздың атын Дәулет деп қойған екенсіз?

– Иә, оның сыры мынада. Мен жас кезімде атақты қазақ палуаны Дәулет Тұрлыхановпен бірге жүрдім. Алматыдағы спорт ротасында бірге қызмет еттік. Ол менен бір-ақ жас үлкен, мен 1964 жылдың төлімін. Екеуміз классикалық (қазір грек-рим) күрестен бір салмақта (69 кг) болдық. Оқу-жаттығу жиындарында бірге жүретінбіз. Алайда ол үнемі менің алдымды орап кетіп отырды, Қазақстанда екінші нөмірлі палуан атандым. Сондықтан жасөспірімдер арасында екі мәрте Қазақстан чемпионы, Азия біріншілігінің жүлдегері атанғаныма қарамастан, мен күресті қойып, бапкерлікті қолай көрдім. Ал Дәулет кейін 74 кг салмаққа ауысып, КСРО-ның жеті дүркін чемпионы атанып, ешкімді шыдатпады. Әлем чемпионы, олимпиада ойындарының күміс және қола жүлдегері болды. Осындай атақ-даңқына қарамастан, Дәулет мені ұмытқан емес. Шыны керек, ата-анамнан жастай жетім қалғандықтан, мен Оралдағы балалар үйінде тәрбиеленіп, қиындықты көріп өстім. Қос бауырым Геннадий мен Сергей де күресті.

1981 жылдан бапкерлік қызметтемін. Биыл жаттықтырушы болғаныма 35 жыл толды. Міне, осындай қарапайым қызметтегі маған Дәулет қолдау көрсетіп отырды. Тіпті кезінде Қазақстан чемпионы болғанымды айтып, Оралдан пәтер алуыма да көмектесті. Осындай шынайы достықты қалайша ұмытайын, 1999 жылы өмірге келген ұлыма Дәулет деп қойдым. Шүкір, сол Дәулетіміз қазірдің өзінде грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында халықаралық турнирлерде олжа салып жүр. Спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған спорт-интернаттың 11-сыныбында оқиды. 2003 жылғы Алексейімізді де ағасының қасында болсын, күрес әліппесін үйренсін деп сол мектеп-интернатқа бердік. Олардың қандай палуан болатынын болашақ көрсетеді.

Жұбайым Наталья екеуміз ел қатарлы тұрмыс кешіп, бес бірдей баланы тәрбиелеудеміз. Үлкені 22 жасар Катя болса, одан кейін Нұрлыбек 18-ге толды. Оның есімін жасымыздан бірге жүрген досымыз Нұрлыбек Райымқұловтың құрметіне қойдық. Кенжеміз Матвей бес жаста. Биыл Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы тойланады. Міне, осындай мерейлі жылы қызымыздың олимпиада жүлдегері атанғанына өте қуаныштымыз. Осының бәрі – тыныш өмірдің, ел бірлігінің арқасы.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Ғайса БӘЙМЕН


«Ел ырысында» өнім арзан

Күні: , 158 рет оқылды

IMG_9163


Өткен сенбіде Орал қаласындағы «Ел ырысы» базарында ауыл шаруашылығы тауарларының кеңейтілген жәрмеңкесі өтті.


Өз өнімдерін делдалсыз тұтынушыларға тікелей ұсынуға жағдай жасау мақсатында ұйымдастырылған жәрмеңкеде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге сауда орындары  тегін берілді.

– Жәрмеңкеге Зеленов, Ақжайық, Сырым аудандарының  шаруа қожалықтары өз тауарларын халыққа ұсынуда. Сонымен қатар «Белес», Валиев, «Агаев» және  «Аққайнар» кәсіпорындары да өз өнімдерін шығарып, сауда орындарын толықтырып отыр. Алдағы уақытта бұл жәрмеңке әр сенбі сайын өзінің жалғасын табатын болады. Сатылымға шығарылып отырған тауарлар нарық бағасынан 10-15%-ға төмен, – дейді «Ел ырысы» базарының басшысы Нұрлан Наурызбаев.

Жәрмеңкеде  қияр – 140 тг., асқабақ – 120 тг., баклажан – 60 тг., сәбіз – 50 тг., қарбыз – 40 тг., қауын  60 теңгеден сатылуда. Орал қаласының тұрғындары мен қала қонақтарын ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі әр аптаның сенбі күні аталмыш сауда орындарында күтетін болады.

Темірболат  ӘНУАРҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Үрей тудырып, зардап әкелген Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 25 жыл

Күні: , 751 рет оқылды

0n2j7017R5mqYAGN827gyYL2B76Myz


Кеңес заманында Қазақстанның әр түрлі аумағында атом бомбалары сынақтан өткені, ядролық жарылыстар болғаны кейінгі жылдары ғана белгілі болды. Соның бірі – Семей ядролық полигоны.


Естіген адамға тек қорқыныш сезімін ұялатып, үрей тудыратын атышулы аталмыш ядролық полигонды ашу үшін еліміздің ең шұрайлы жерлерінің бірі саналатын және аты әлемге әйгілі қазақтың ғұлама біртуар данышпандары – Абай, Шаhкәрім, Мұхтар бабаларымызды өмірге әкелген қасиетті Семей өңірінің Абыралы, Саржал, Шыңғыстау, Дегелен тауларының баурайынан кезінде ойып тұрып 18 млн. га жер бөлінді.

Алғашқы ядролық сынақ осыдан тура 67 жыл бұрын, яғни 1949 жылдың 29 тамызында жасалды және барлығы осы полигонда әр түрлі мақсатта, әр түрлі қуаттағы және әр түрлі ортада (әуеде, жер бетінде және жер астында) 500-дей ядролық жарылыс болып, сынақтар өткізілді.

Айта кеткен жөн, бастапқысында адамдарға, жануарлар мен табиғатқа тікелей зардабын тигізген ашық аспанда, жер бетіндегі сынақтар жасалды. Тек халықаралық келісімге қол қойылған кезден бастап, ядролық сынақтарды жер астына жасай бастады. Атом бомбаларының жарылыстары сұмдық ауыр болды. Семей полигоны маңындағы радиациялық әсер аймағында тұратын 500 мыңнан астам адам осы сынақтан азап шекті. Әсіресе, халыққа, жан-жануарға және табиғатқа  ең ауыры 1949 жылдан 1963 жылға дейін жер бетінде жасалған сынақтардың зардабы қатты болғаны белгілі.

Бұл ретте Кеңес үкіметі мен Қорғаныс күштері тарапынан аймақтағы адам және мал ауруларының есеп-қисабы 1990 жылға дейін мұқият жасырылып келгенін атап айту – парызымыз. Семей қаласында Қорғаныс министрлігіне тікелей бағынатын жабық түрдегі радиациялық медицинаның ауруханасында сол радиацияға ұшыраған адамдар арнайы есепке жатқызылды. Сол кездері аймақтағы тұрғындар арасында онкологиялық, жүрек-қан тамыр, жүйке және психикалық аурулар саны күрт өсті. Азап шегіп, өлім құшқан адамдар қаншама. Отбасында дүниеге кемтар болып келген балалар саны көбейді. Бұның өзі қазақ ұлтының келешегіне төнген зор қауіп болатын.

Сол Семей өңірінің тумасы болғандықтан, өзіме өткен ХХ ғасырдың 60-70-жылдары Семей қаласындағы №12 мектеп-интернаттың оқушысы ретінде осы сынақтардың тікелей куәгері болуға тура келді. Айына кем дегенде 3-4 рет әрбір сенбі-жексенбі күндері таңғы ұйқыдан біздерді тәрбиешілеріміз ерте оятып, интернат маңындағы стадионға жетелеп апаратын. Төсек жамылғысының бір бөлігін астымызға салып, біздерді, қазақ ауылының балаларын соның үстіне жатқызып, келесі бөлігін үстімізге жабатын. Содан кейін кәдімгі жер сілкінісі кезіндегідей қатты жердің дірілін сезініп, гүрілдеген дауысты еститінбіз. Кішкене балалар түгілі, қасымыздағы ересек балалардың өздері де қорқатын. Есімде қалғаны, біздерге қала маңында жер сілкінісі болды деп айтатын. Ол кездегі осы сұмдық пен барлық шындықты ешбір қазақ білмеген болар деп ойлаймын.

Кеңес дәуірінің де кетеуі кетіп, Горбачевтің қайта құруы мен жариялаған ашықтық қағидалары қазақ даласына да жетті. 1980 жылдардың аяғына қарай халықтың төзімі әбден таусылып, шегіне жеткен еді. Басқа ядролық державалармен салыстырғанда, Қазақстан аумағында қиратқыш әлеуеті жағынан орасан зор ядролық арсенал болды. Қазақстандағы қарудың жиынтық ядролық қуаты бұрынғы Кеңес одағының барлық ықтимал дұшпандарының аса маңызды стратегиялық объектілерінің барлығының тамтығын да қалдырмауға жетіп артылатын. Бұл қаруды қолдану миллиондаған халқы бар мыңнан астам қаланы, ол былай тұрсын, тұтас мемлекеттерді, тіпті құрлықтарды жермен жексен етуге мүмкіндік беретін. Бұл ретте Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан дүние жүзінде қуаты жағынан 3-болып саналатын ядролық  қарудан өз еркімен бас тартып, ядролық клуб елдерінің – АҚШ, Ресей, Қытай, Франция және Ұлыбританияның  кепілдігін  алды.

Өз кезегінде Қазақстан стратегиялық қару-жарақ пен оны жеткізу құралдары орналастырылған жай ғана орын болған жоқ. Біздің елде жайласқан сұмдық әскери-техникалық әлеует қуаты жағынан тұтас бір индустрия, өзіндік бір «мемлекет ішіндегі мемлекет» еді.

Әлі күнге дейін мерзімі менің есімнен ешқашан шықпайтыны, әскерилер Семей полигонында 1989 жылы 12 ақпанда кезекті жоспарлы ядролық сынақ өткізді. Үңгірлердің (штольня) бірінде қуаты 70 кило тоннадан астам ядролық заряд жарылды. Әскерилер мен мамандардың қателігінен болар, соның салдарынан жер бетінде саңылаулар пайда болып, олардан екі тәулік бойы радиоактивті газдар шығып жатқан. Нәтижесінде пайда болған «радиоактивті бұлт» 300 мыңнан астам адам тұратын Семей, Павлодар облысына қарасты үлкен аумақты бүркеді. Бұл аймақта радиациялық фон 3000-4000 микрорентгенге жетті. Яғни бұл көрсеткіш қалыпты жағдайда сағатына 15-20 микрорентген болатын табиғи радиациялық фоннан екі жүз есе асып түскен болды.

Осы кезде Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, облыс басшысы болған, кейіннен полигонды жауып, зардап шеккен аймақтағы тұрғындарға көмек көрсету бастамасын көтеріп, үлкен еңбегі сіңген Кешірім Бозтаев жергілікті телеарнадан сөз сөйледі. Ал Алматыдағы Ғылым академиясы алдындағы алаңда белгілі қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов бастаған қазақтың  зиялы қауымы митинг өткізді.

Жалпы алғанда, осы сәттерде қазақ халқының ашу-ызасын туғызып, Кеңес үкіметі мен Коммунистік партияға деген азайған сенімі жоғалып, елдің егемендікке ұмтылған сезімі қайта оянғанын  ерекше  айту  керек.

Осы күрестің нәтижесінде, жалпы Кеңес дәуірінде тұңғыш рет, 1990 жылы Қазақстанда биліктегі коммунистік партияның рұқсатынсыз «Невада-Семей» жалпыхалықтық антиядролық қозғалысы (қазіргі кезде халықаралық деген мәртебеге ие болды) пайда болғанын айтқым келеді. Оның алғашқы және заңды төрағасы болып көрнекті қоғам қайраткері, ақын Олжас Омарұлы Сүлейменов сайланды (айта кету қажет, Олжас Сүлейменовті Семей өңірі халқы кезінде КСРО халық  депутаты етіп сайлады, таяуда осы ерен еңбектерін бағалап, Елбасы Н. Назарбаев өзінің Жарлығымен Қазақстанның Еңбек Ері  атағын  берді).

Өрісі кеңге жайылған, атағы көпшілікке тараған «Невада-Семей» қозғалысының бастамасымен сол кездегі республика және жергілікті биліктің «үнсіз» қолдауымен сол 1990 жылдың 6 тамызында Семей облысының Абай ауданының орталығы – Қарауыл ауылында еліміздің әр түкпірінен жиналған 10 мыңнан астам адам қатысқан атышулы митинг өткізілді. Онда ядролық қаруды сынауға жалпы, бірдей мораторий жариялау жөніндегі ұсынысты КСРО және АҚШ Президенттеріне үндеу қабылданды. Онда былай делінген болатын: «Сайын даламыз ядролық жарылыстардан қалтырап бітті, сондықтан да онда ары қарай үнсіз қалу мүмкін емес. 40 жыл ішінде бұл арада мыңдаған Хиросималар жарылды. Біз келешекті қауіппен күтудеміз. Уайымсыз отырып, су мен тамақ ішу, өмірге нәресте әкелу мүмкін емес болып барады. Қазақстандағы ядролық қаруды тоқтату үшін, өз үйімізде бейбітшілік пен тыныштық орнату үшін, өз құқықтарымыз үшін күресу мақсатында біз «Невада Семей» қозғалысын құрдық». Осы уақытқа дейін үнсіз тығылып келген халық бір дауыстан «Ядролық қаруға жол жоқ!», «Сынақтар тоқтатылсын!» деп мәлімдеді. Ядролық сынақтардың қатері жөнінде барлық бұқаралық ақпарат құралында ашық әңгіме бола бастады. Түрлі елдердің парламенттері өз сессияларында қозғалыс ұрандарын талқылап жатты. Радиациялық сәулелердің зардаптары жайлы дәрігерлер мен ғалымдардың ақпараттарды ашық айтып қозғауға батылдары жетті. Бұқараның қысымымен Семей полигонындағы сынақтар саны азая бастаған еді. Халықтың бастамасымен және талабымен тұңғыш рет КСРО Үкіметі ядролық қаруды сынауға тыйым салу – «мораторий жасау туралы» шешім шығаруға мәжбүр болды. Осы жерде халықтың: «Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген мақал көңілге оралады. 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақстан Республикасының егемендігі туралы Декларацияда ел аумағы – ядросыз  аймақ  деп  жарияланды.

Сөйтіп бірлік, табандылық, Отанын, жерін әрі елін сүйгіштік қасиеттерін айқын көрсеткен қазақ халқы өз мақсатына, яғни  жеңіске  жетті!

Дүние жүзіндегі ажал отын шашқан ең үлкен полигон жабылып, Кеңес одағының басшылығы атом қаруынан бас тарту әрекетін жасай бастады. Семей полигоны жабылғаннан кейін Ресейдің, АҚШ пен Францияның полигондарында ядролық қаруды сынауға мораторий жарияланды. Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев Семей полигонын жабу туралы Жарлығымен 1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық полигоны жабылып, оның базасында Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталық құрылды.

Бұл қозғалыс халықтың тілегі және талабымен құрылғандықтан, ел ішінде де, дүние жүзінде де зор қолдауға ие болды. Елдің тілегін ақтап, көп іргелі істерді атқарды. Соның нәтижесінде Кеңес үкіметі Семей облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын, өңірде тұратын халықтың денсаулығы  мен тұрмыс деңгейін көтеру туралы арнаулы қаулы қабылдатқанын ауыз толтырып айтуға болады.

Соның ішіндегі ең маңыздысы және тарихи шешім болып саналатыны – 1991 жылы 29 тамызда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей полигонындағы ядролық жарылыстардың үні мәңгіге өшірілді!

Қазіргі күні – Елбасымыздың бастамасымен және Біріккен ұлттар ұйымының арнайы қарарымен дүние жүзінде жыл сайын 29 тамыз ядролық сынақтардың  тоқтатылған күні, сынақтардан зардап шеккен адамдарды еске алу  күні  ретінде  аталып  өтіледі.

Айта кету керек, 1992 жылғы 18 желтоқсанда тәуелсіз Қазақстан Парламенті тарапынан қабылданған алғашқы заң актілерінің бірі саналатын «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.

Заңның мәтініне сәйкес, Семей ядролық сынақ полигонында 40 жыл бойы жүргізілген ядролық қаруды сынау адамдардың денсаулығына және айналадағы табиғи ортаға орны толмас зиян келтірді, халықтың жалпы аурулары мен өлімін көбейтті. Бүкіл Семей аумағы мен Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының полигонға жақын жатқан аудандары экологиялық апат аймағы деп танылды. Ядролық сынақтардың апатты зардабының қатерлі әсері уақыт озған сайын күшейе түсіп, ұрпақтан-ұрпаққа, ауысып, барған сайын қатерлі әсер етуде.  Бұған қоса, Қазақстан үкіметі зардаптарды жою, халықты емдеу, сауықтыру, оңалту, әлеуметтік қорғау және аумақты әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі шаралар кешенін қабылдау қажеттігі бекітілді. Алайда заң нормаларында қажетті шаралардың әлі де бекітілмегенін және толық іске аспағанын ашық айтқан әділ болады деп ойлаймын. Себебі, 1949 жылғы алғашқы жер бетіндегі жарылыстан бастап Семей, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстары радиациялық сәулеленудің ықпалына ұшыраған басқа да аумақтар тұрғындарының арасында сырқат санының ұдайы өсіп келе жатқаны байқалады. Бұлар өкпе мен сүт бездерінің обыры (рак), лимфогемобластоз және басқа да қатерлі ісікті патологиялары. Жалпы алғанда, жүргізілген дәрігерлік сараптамалардың қорытындысында қатерлі ісік ядролық сынақтар басталғаннан бері үш есе өскенін көрсетті. Семей  полигонына жақын нақ сол аудандарда жетілуіндегі әр түрлі ауытқулар, тәндік және естік кемшіліктер әр қилы сәбилер дүниеге ерекше көп келетіні дәлелденді. Мамандардың айтуынша, соның бәрі нақ қысқа мерзімді және қалдықты радиацияның кесірінен болатын генетикалық мутациямен байланысты. Адамдар ғана емес, Жер-ана да ауыр азап пен зор зардап шекті. Жылма-жыл радионуклидтердің жи-нала беруі жердің құнарлығын азайтады. Жерде орасан зор микроэлементтер: темір, мыс, магний және басқа металдар әр түрлі дәнді дақылдар адам организміне сіңіп, радионуклидтер мен түрлі изотоптағы элементтер мың жылда да ыдырамайтыны айқын болды.

Сондықтан да осыдан 13 жылдан астам уақыт бұрын қабылданса да, «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заңның нормаларында белгіленген міндеттерін республикалық және жергiлiктi мемлекеттiк органдар ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтардың (полигон маңындағы тұрғындарға, кезінде ядролық жарылыс салдарынан түрлі мөлшердегі радиация қабылдап, қазіргі кезде түрлі себептермен еліміздің өзге өңірлерінде тұратын азаматтар) денсаулығы мен мүлкіне келтiрiлген зиянның орнын толтыртуға байланысты құқықтарын қамтамасыз етпеуде.

Қорыта айтқанда, полигонда жүргізілген жарылыстардан зардап шеккен азаматтарға мемлекет тарапынан тиесілі төлемдер, жеңілдіктер мен өзге де денсаулығын қорғау шараларын қамтамасыз  етудегі міндеттерiн үкімет әлі толық мөлшерде орындай алмай отырғандығы қынжылтады.

Сонымен бірге бұл мақалада тек Семей ядролық сынақ полигоны жайлы ғана айтсақ, жаңсақ болар. Батыс өңірінде қызмет жасай жүріп, Кеңес заманынан бері «Азғыр» ядролық сынақ аймағы болғаны маған мәлім болды.

Ежелден аталарымыз еркін өмір кешкен заманында Бөкей хандығы болған осы өлкенің, жері мен халқы да түрлі сынақтардың құрбаны болған екен. Өңірдің экологиялық зардаптарын айқындап көрсетіп, тұрғындардың денсаулығы мен әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында «НевадаСемей» антиядролық қозғалысының жалғасы ретінде Батыс өңірінде «Нарын» қозғалысы дүниеге келгендігін естіп, оқып білдім.

Оның басы-қасында өңірдің тумасы, туған жердің нағыз жанашыр азаматы – Кәкен Көбейсінов ақсақалдың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Осы мәселені облыс басшылығына, Үкіметке, тіпті Елбасының алдына тікелей қойып, Батыс Қазақстан өңірінің «Азғыр» ядролық сынақ аймағымен шекаралас аудандарының тұрғындары үшін шарапаты мол әлеуметтік маңызы бар шаралардың қабылдануына  қол  жеткізілді.

Тура осы жерде ел ағасы жасынан асып, оның ардақты ақсақалы атанған Кәкен Көбейсінов ағамыздың еңбегін ескере отырып, Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы атағына әбден лайық екенін қазір өңіріміздің тұрғындары айтуы орынды деп ойлаймын және облыс басшылығы мен облыстық мәслихат депутаттары тарапынан қолдау табатынына сенімім мол.

Осыдан 55 жыл бұрын алғашқы космонавт Ю. Гагаринге арнап, белгілі ақынымыз О. Сүлейменов: «Адамға табын жер енді!» деген әйгілі дастанын шығарған еді. Қазіргі қалыптасқан жағдайға байланысты мен бұл өлеңнің тақырыбын өзгертіп, «Адамзат, Жерге тағзым ет!»  дегім  келеді.

Жалпы, қазақ үшін асқан қасиетті егіз ұғым бар, ол: «Жер және Ана»! Көп жағдайда екеуі қатар айтылады.

Кезінде Кеңестер одағының Америка Құрама Штаттарымен ядролық тепе-теңдігін қалыптастырып, ұстап тұру үшін қазақтың қасиетті жерлері қаншама зардап шекті. Сол адамдар қолымен жасалған жарылыстардың кесірінен Семей, Азғыр ядролық сынақ полигондары маңындағы халықтың денсаулығына келген залалды қалпына келтіру үшін әлі талай шараларды жүзеге асыру қажет болар.

Бірақ та бұл істе менің ойымша, КСРО-ның заңды мұрагері атанған Ресей Федерациясы көп міндеттемені өз мойнына алуы шарт. Себебі, қазақ жерінде 40 жылдан астам зұлмат ядролық жарылыстар жасап, нәтижесінде өз қолдарына толық алып, иелік ететін «ядролық қорған» Ресейдің қорғаныс қуатын арттыруда екендігі әбден шындық. Бұған қоса қазіргі кезде Ресейге ұзақ мерзімге жалға берілген әскери полигондар мен Байқоңыр ғарыш айлағының қоршаған ортаға, сол жерлерді мекендейтін халыққа теріс әсері жайлы құпия қалпында қалуда. Кім білер, жылдар өтер, ол да кезіндегі Семей, Азғыр ядролық сынақ полигондары сияқты шындығы ашылатын болар деп сенемін.

Содан болар, ядролық сынақ полигондарындағы жарылыстар осыдан 25 жыл бұрын тоқтатылса да, Жер-анамыздан оның жаңғырығы әлі күңіреніп естіліп  тұрғандай  көрінеді.

Киелі қазақ жері тек бейбіт мақсатқа, өркендеу жолында пайдаланылсын  демекпіз!

Мейрам  БАЗАРҰЛЫ,

Семей  ядролық  сынақ  полигонындағы жарылыстардан  зардап  шегуші


Тойдың сәні – тамада, алайда…

Күні: , 231 рет оқылды

рапааолп654


Шешендік дегеніміз – керек жерде, қажет кезде үндемеу.

        Марк Тулий Цицерон

Ел ішінде, әсіресе, қазақ арасында той айы саналатын тамыз да түгесілуге таяу. Бірақ «Жиған-тергенім тойға бұйырсын» деп аңсайтын қазақтың тойы бір аймен шектелмесі кәміл. Ендеше, дәл қазір, тап бүгін тамадалық өнер туралы сөз қозғағанның еш сөкеттігі бола қоймас (әрине, «тамада» сөзінің «асаба» деген баламасы бар екендігі маған мәлім. Өз басым «асабаны» сәтті аударма деп қабылдай алмадым, оның үстіне «тамада» «асабадан» әлдеқайда әуенділеу естіледі).


…Әлқисса, атам қазақ әлімсақтан сөз өнеріне ерекше мән берген. Тарихтың тереңіне зер салсақ, оған мысал жеткілікті, әрине. Сөйте тұра бәлкім бабаларымыздың бүкіл өнер атаулының алдына «Өнер алды – қызыл тіл» деп сөз өнерін қойғаны да жеткілікті шығар. Әйтпесе, қантөгіске ұласқалы тұрған талай дау-дамайды орамды ой, ұтымды сөз арқылы бейбіт жолмен шешкен бұрынғылардан «Ел бастау қиын емес, қонам деген жерден көл табылар, қол бастау қиын емес, шабам деген ерге жау табылар, бәрінен бұрын алқа топтың, аламан жұрттың алдында сөз бастау қиын, тауып айтсаң, береке, таппай айтсаң, келеке боласың» деген ғибрат қалар ма еді?!

Қазір кім көп, Құдай сақтасын, тамада көп. Таяқ лақтырсаң, тамадаға тиеді, әйтеуір. Бірақ сан бар, сапа жоқ. Бүгінгі тамадалардың басым көпшілігі той басталғаннан той тарқар сәт таянғанша аузы аузыма жұқпай сөйлей берсем болды, менен өткен мықты жоқ деп ойлайтыны кәміл. Ал біздің дәуірімізге дейінгі ежелгі Римнің аузымен құс тістеген шешені, дарынды жазушы, мемлекет һәм қоғам қайраткері Марк Тулий Цицероннан жолы кіші, жасы кіші бір замандасы бірде «Ушыққан талай дауды одан әрі өршітпей, сіз сөз арқылы бейбіт жолмен реттедіңіз. Сіздіңше, шешендік дегеніміз не?» деп сұраса керек. Сөйтіп, әлгі бейбақ шешендік туралы сала құлаш жауап күтіп тұрса, Цицерон «Шешендік дегеніміз – керек жерде, қажет кезде үндемеу» деп қысқа-нұсқа қайырған көрінеді… Демек, көрдіңіз бе, шешендік дегеніміз әсте ешқандай татуы, дәмі жоқ сылдыр сөзді суша сапыру емес. Ал тойдың аудиториясына яки бұқаралық санаға ешқандай ықпал-әсері жоқ арзан сөзді оңды-солды сапыру – бүгінгі тамадасымақтарға тән ортақ көп кемшіліктің бірі әрі ең бастысы.

Бүгінгі той – кешегі той емес. Яғни әр тойдың өзіндік азды-көпті ерекшелігі яки ішкі иірімдері бар. Той тізгінін ұстар тұлғаның әп дегеннен ең басты назар аударуы тиіс мәселесі, міне, осы фактор.

Бұл – кешегі тойдағы айтқаныңды айна қатесіз бүгінгі тойда айтып, береке таппайсың деген сөз. Мұндай қарадүрсіндіктен той жақсы өтіп, тамаданың абыройы артып, рейтингісі көтерілмейді. Әрі әлгіндей атүстілік тамаданы шығармашылық тоқырауға тіреп тынады. Ендеше, көп оқу, талмай ізденіс керек!

Жалпы, той өткізу – үлкен жауапкершілік. Мысалы, бір үйдің бойжеткен қызы жасы 20-ға толып, ұзатылып бара ма, демек, әлгі әулет қызының теңіне қосылу тойын бақандай 20 жыл күтті деген сөз. Ал енді әке-шеше барын салып, нарын салып, қажет десеңіз, тіпті жанын салып, 25-ке келген ұлының үйлену тойын жасаудың қамында ма, ендеше, бұл да атаана мен ағайын-туыстың жылдар бойы аңсап күткен қуанышы. Енді осы талай жыл күткен тойдың қалай өтуі той тізгінін ұстаған тамадаға тікелей байланысты. Жақсы тамада той иелерінің қолының қысқалығынан дастарқаны жұтаңдау жайылған немесе басқалай міні бар тойды өзінің той жүргізу шеберлігімен байқатпай, әлгі тойдың кем-кетігін елетпей жібереді. Керісінше олақ, қарадүрсін тамадалар (егер оларды тамада деуге болса, әрине) дастарқаны майысқан, өзге шаруасы да келіскен тойдың өзінің берекесін қашырады.

Қазіргі тамадалардың дені той басталар-басталмастан той тарқағанша қол шапалақ сұрап, ығырыңды шығарады. Ей, айналайын-ау, егер сенің сөз саптауың, той жүргізу мәнерің тойшы қауымға ұнап, көңілдерінен шығып жатса, олар сені қақсатпай-ақ қол шапалақтайды емес пе?! Осыған да көл-көсір көп ақыл керек пе???

Тойды қыздырмақ болып, «Ағайын, айқай-шу қайда?» деп жар салатын асабаларды да жиі көріп жүрміз. Бұл енді барып тұрған сөздің мән-мағынасын түсінбеушілік. Әйтпесе, қазақта «Айқай шықты, шу шықты, айқай-шу шықты» деген жақсы сөз емес. «Айқай-шу шықты» деген сөз «үлкен түсінбеушілік орын алды, дау-дамай, ұрыс-керіс шықты» деген мағына береді. Сонда айқай-шуды жоқтап тұрған тамада өз жауапкершілігіндегі тойда дау-дамайды, ұрыс-керісті қалағаны ма???

Тойды жүргізіп тұрып, өзінің руын айтып, «Қане, осы рудың қазақтары болса, қол көтеріңіздер!» деп буынсыз жерге пышақ ұрып, бұйыра сөйлейтін тамадалар да баршылық. Тойға келген қазаққа трайбализмді тықпалаудың не қажеті бар??? Немесе «Мен бір айдың өзінде 2-3 несие (кредит) төлеймін. Осыны ескеріп, тамадаға да демеуші (спонсор) болып отырыңыздар, ағайын» деп бұлданатын, орысша айтқанда, әрі наглый, әрі қайыршы тамадаларды да көріп жүрміз. Өз басым әлгіндей сауға сұрауды бұқаралық мәдениетке мүлдем жат көргенсіздіктің бір түрі деп есептеймін. Алсаң, несие алған сен өзің, ал оны желеу етіп, халықтың қалтасына түсудің не жөні бар???

Былтыр бір ағамыз өзінің 60 жасқа толу мерейтойына қонақ ретінде шақырғасын бардық. Қазақтың қай тойы уақытында басталып еді, бұл мерейтой да межелі уақытынан екі сағаттай кеш басталды. Жәй басталуының басты себебі, тамада түсте тағы бір мерейтойды басқарып, сол бітіп болмай, кешігіп келген екен. Өзінің кешігіп келгенімен қоймай, әлгі асаба өзінше тойды бастап жатып, «…Осындай елге сыйлы, басы милы ағамыз алпысқа толды деп қадірлі қонақтар сіздер де келдіңіздер, кешігіп болса да, қарным қампайып, бұтым талтайып, мен де келіп қалдым», — деп салды. Дені дұрыс, сөзі дұрыс яки жөн білетін кісі әуелі тамада басымен кешігіп келгені үшін көпшіліктен кешірім сұрамас па еді?.. Сонан соң дене бітімінің кем-кетігі онсыз да көзге ұрып, көрініп тұр ғой, «қарным қампайып, бұтым талтайып» деудің не қажеті бар-ды?..

«Халайық, менің айтқан сөзіме қол соқсаңыздар, алақандарыңызға гүл шығады, қол соқпасаңыздар, алақандарыңызға жүн шығады» деп «сәуегейлік» танытатын тамадалар да ұшырасады. Қалай ойлайсыз, осы да тап қырлық па, меніңше, барып тұрған оспадарлық! Дегенмен мұның өзі мына келесі мысалмен салыстырғанда әлі де «айналайын-ау», сірә…

Осыдан бірер ай бұрын бір жора-жолдастың қыз ұзату тойында болдық. Тамаданың деңгейі әп дегеннен белгілі болды. Бірақ «Қонақ қойдан жуас» дегендей, шыдап отыруға тура келді. Сөйткен тамадамыз бірінші отырыстың белортасына таман қыз-қыздымен той қонақтарына «Әтеште не жоқ?» деген сұрақ қойды.

— Әтеште ұят жоқ, — деп қойып қалды бір қазақ.

— Дұрыс емес! — деп бәлсінді тамада.

— Әтеште теща жоқ, — деп өзеуреді тағы бір қандасымыз.

— Бұл да дұрыс емес!

— Әтеш өзінде бажа болғанын қаламайды, — деп білгішсінді және бір қазекем.

— Әлі де ойланыңыздар, — деп маңғаздана шалқайды асаба мырза.

Тағы бір қонақ орнынан көтерілді де әуелі, — «Ұлы сөзде ұят жоқ» деген бар ғой, — деп алып, — Әтеште қазақша айтқанда, мүшеқап, орысша айтқанда, презерватив жоқ! — деп «жар салды».

— Міне, азамат! Міне, сыйлығыңыз! — деп мәз болды тамада.

Әлгі өрескел сұрақтың бірінен-бірі өткен оспадар жауаптарына той қонақтарының арасында «Естір құлаққа ұят екен» деп қысылып-қымтырылғандардан гөрі, қол шапалақтап, мәз болғандар басым болды-ау. Бұл да бір бұқаралық мәдениеттің тобырлық деңгейге дейін төмендеп, әбден төменетек болғанының бір айғағы да. Әйтпесе жаңағы естір құлаққа ерсі сұрақ та, оған берілген бірінен-бірі өткен анайы жауаптар да жанжүректі тебірентерлік, көңіл толқытарлық дәреже-деңгейде өтуі тиіс қыз ұзату тойында тілге тиек, сөзге өзек болар жайттар ма еді?..

Асылы, тамада тойға дейін кемі бірді-екілі той иелерімен емін-еркін әңгіме-дүкен құрып, өзіне аса қажет ақпарат-мәліметтерді біліп алғаны ләзім. Әйтпесе қазіргі қаптаған тамадаларда «Күнде басқарып жүрген көп тойдың бірі ғой» деген ұшқары көзқарас басым. Міне, осы бірінші қателіктің өзі бір тойдағы бірнеше қателікке жол ашады…

Меніңше, тамада тойға дейін той иелерімен жүздесіп-пікірлесу барысында той қонақтарының негізін кімдер құрайды (мысалы, қарапайым ауыл тұрғындары, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, техникалық интеллигенция немесе өнер адамдары…) соны біліп алып, той сценарийін той қонақтарының негізгі бөлігі сүйсініп қабылдайтындай деңгейде құруы шарт. Мәселенки, той қо-нақтарының, той контигентінің басым көпшілігі халықтың қандай бөлігінен құралатындығын күн ілгері білу арқылы тамада аталмыш тойдың аудиториясына фольклорлық сипаттағы ма, жоқ әлде қазіргі заманғы әзіл-қалжың көбірек өте ме, міне, осындай маңызды мәселелерді алдын ала болжай алады. Әрине, тойға жиылған жұрттың көңілінен 100% шығу өте қиын, бірақ той тізгінін ұстаған кісінің соған ұмтылуы парыз. Ең бастысы, тамада топтың ішіне сіңіп, бар-жоғы белгісіз боп кететіндей емес, керісінше, интеллектуалдық тұрғыдан көпті жетелеп отыратындай тұлға болуы тиіс. Осы орайда қазіргі асабаларға тән тағы бір ортақ кемшілік – олардың ортаға тілек айтып, тост көтеруге шыққан қонақтарды кекетіп-мысқылдауы. Мәселен, кейбір тамадалар қонақ тілегін айтып болысымен іле-шала, «Енді сіз сүй дейсіз ғой, енді сіз бүй дейсіз ғой» деген сарындағы кекесін мысқылға көшеді. Тамада тойдың үстінде ешкімді кекетіп-мұқатпағаны жөн, зады, мұндай арзан маневр оған абырой әпермейді. Керісінше, тамада сөзден жаңылғанды жетелеп, сүрінгенді демеп жіберуге әр кез пейілді болуы шарт. Өйткені ол тойдың тамадасы яки кеменің капитаны, экипаждың командирі! Сол себепті тойдың тізгінін ұстаған тұлға көптің көңілінен шығуға һәм тойдың бастан-аяқ жақсы өтуіне үнемі мүдделілік танытуға міндетті.

Футболдан 1966 жылы Англияда өткен VІІІ (сегізінші) әлем чемпионатының екінші жартылай финалында Англия мен Португалия құрамалары кездесіп, осы ойынның тек 22-минутында ғана франциялық төреші Швинтенің ысқырығы қайыра естілген екен. Менің бұл мысалды алға тартып отырған себебім, кейбір тойлар тамада бастап берісімен өзі бір жүйелі арнаға түсіп, жарасымды жалғасып жүре береді. Ондай жағдайда той басқарушының «мен тамада екенмін» деп орынсыз кимелеп, килікпегені абзал. Яғни жоғарыда тілге тиек болған футбол матчындағыдай тамада тек қажет кезде ғана тізгінге жүгінгені жөн.

Өз басым интеллектуал тамадаларға құрметпен қараймын. Мұндай деңгейдегі тамадалар қысқа күнде қырық құбылатын саясаттың өзін әдемі әзіл, орынды қалжыңға айналдырып жібереді. Осыдан үш жыл бұрын Ақтөбедегі бір жолдас жігіттің қызының ұзатылу тойына қатысудың сәті түсті. Отағасы шаруасы шарықтап тұрған кәсіпкер, ал оның шаңырағының шамшырағы әуелі, әрине, Алла Тағаланың, сонан соң отағасының арқасында ат төбеліндей аз ғана қазақты бақандай бес адамға көбейткен (Құдай көпсінбесін!) ардақты ана екендігін білетінбіз (әрі әр перзентінің арасына тап көп уақыт салмай, бес рет босанса да, досымыздың келіншегі тал бойында бір міні жоқ талдырмаш гүлнәзік келіншек-ті). Мәні мен сәні келісіп, қай-қай жағынан да жарасымды өткен тойдың соңын ала әдеттегідей қонақтарына ризашылығын білдіру үшін той иелеріне, ата-анаға сөз ұсынылды. Отағасы тойға келген дүйім жұртқа келістіріп рақметін айтты. Ал жұбайы  «Мен отағасының айтқанына қосыламын» дей келе, қыз-күйеу баласына баянды бақыт пен ұзақ та жаймашуақ өмір тілеп, сөзінің соңына таман туған ұясынан ұшып бара жатқан балапанына деген аналық қимастық сезімге бой алдырып, жанарына жас айналды. Осыны байқап тұрған тамада: — Гүлдерайым жеңеше, Ерік ағам екеуіңіз бес перзент сүйіп, ұл-қызыңызды түгелдей тең құрбысының алды қылып жеткіздіңіздер. Бұл тойға дейін сіздер Айнұр қарындасымыздың екі ағасын үйлендіріп, ұяға, екі әпкесін ұзатып, қияға қондырдыңыздар. Міне, бүгін кенже қызыңызды ел-жұрттың ақ бата, ақ тілегімен алақандарыңыздан ұшырып, теңіне қосудасыздар. Ана ретінде сіздің көңіліңіз біржола жәйланды. Енді сіздің сәмбі талдай сымбатты өн бойыңызға салмақ жамап, қоң жинап, әлемдегі ең іргелі мемлекеттердің бірі – Германияның тізгінін ұстаған қазіргі ат үстіндегі канцлері Ангела Меркель секілді нән келіншек болуға толық хақыңыз бар, — дегенде тамаданың тапқырлығына риза болып, дуылдата қол соқпаған қонақ қалмады.

Саяси тақырыпқа тағы бір сәтті мысал. Осыдан үш ай бұрын келін түсірген әулет жақында жаңа құдаларын шақырып, біз сол дастарқанда жаңа құдалармен бірге болдық (жігіт жағының тойына шақырылсақ та, сол күндері іссапарда болғандықтан, екі жастың шаңырақ көтеру, отау құру тойына қатыса алмап едім). Келін түсірген отбасы жас келінге дән риза. Шынында да, «Жүзі жылыдан түңілме» дегендей, жас келіннің көркіне ақылы сай, әрі әдемі, әрі әдепті бала екендігі бір көргеннен-ақ сыпайы сәлемдесуі мен тәрбиелі жүріс-тұрысынан-ақ аңғарылып тұрды. Жас келіннің әп дегеннен үйдің шаруасын үйіріп әкеткендігін, үй-жайды мұнтаздай таза ұстауы мен тамақты дәмді пісіретіндігіне қоса, ине-жіп ұстауға керім икемді екендігін үйдегі үлкен кісі – Зүбайда әжей дастарқан басында сүйсіне әңгімеледі. Тіпті жас келіннің абысындарының бірі сөз арасында жас келіннің жасауында тігін мәшинесі бар екендігін де айтып өтті. Қайыр-хош, сол құдалықты келін түсірген үйдің әлі үйленбеген кіші ұлы жүргізді. Өзі бір әжептәуір тамадалық өнері бар бала екен. Бұл жігіт те жас жеңгесіне бек разы.

— Егер Астанадағы көкелер менің Ләйлә жеңешем дайындаған женттің дәмін татса, бірден «Мына жентті халықаралық «ЭКСПО — 2017» көрмесіне қояйық» деп ұсыныс айтар еді, — деді бір сөзінде. Қайнысы мақтаған женттің дәмін көрдік, шынында да, тіл үйіреді екен! Демек, жаңағы саяси сипаты бар теңеу әбден орынды!

Біздің қазаққа жағу қиын. «Тілек айтуға шығатындар неге ортаға билеп шығады?» деп кінәлайтындар да бар. Ей, айналайын-ау, онда тұрған не бар? Тойға келген адам тост көтеруге билеп шықпағанда, енді саптық қадаммен яки строевой шагпен шықпайды ғой! Билегені дене бітіміне, түр-тұлғасына жарасса, билей берсін. Әрі-беріден соң тойға келген қонақтың билеуі де тойды қыздырып, қызықты өткізудің басты элементтерінің бірі емес пе. Тек әдептен озбаса болды да.

Мен білетін бір тамада «Қазақтың тойын тамада болып бастап, тамада болып аяқтау үшін тамадаға ең сезімтал интуиция, аяқасты импровизация, қазақтың ұлан-ғайыр даласындай кең кругозор, жан-жақты эрудиция, шымыр логика және үлкен дипломатиялық шеберлікке қоса, қазақша айтқанда, темірдей жүйке, орысша айтқанда, железный нерві керек» деп есептейді. «Болмасаң да, ұқсап бақ…» деп хакім Абай айтқандай, меніңше, тамада біткеннің жаңағындай интеллектуалдық өреге ұмтылғаны ләзім. Әйтеуір, «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы, Қиыннан қиыстырар ер данасы» дегендей, тамаданың әр сөзі, әр сөз саптауы «аламанға дем беріп, алқа топты меңгеріп», тойдың жақсы өтуіне қалтқысыз қызмет етуі шарт.

Иә, тойдың сәні – тамада, алайда бәрі бірдей емес. Айтқан емес, айтар сөзінің әсер-ықпалын алдын ала дәл болжай білетін сұңғыла тамада ғана тойдың сәні. Біздің бұл айтқанымызға сіздің не алып-қосарыңыз бар, әлеумет?..

Бақытжан ҒАБДУЛЛИН,

Орал қаласы


Қордаланған мәселелерді қозғаған кездесулер

Күні: , 181 рет оқылды

Жанакала (3) аким


Жуырда облыс әкімі Алтай Көлгінов аудандарды аралап, тұрғындармен кездесті. Бірнеше құрылыс нысанында болды. Әсіресе, бөкейордалықтар мен жәнібектіктер қордаланған мәселелерді қозғап, шер тарқатты.


Жаңа құс фабрикасы бой көтереді

Облыс әкімі Алтай Көлгінов жұмыс сапарын Зеленов ауданындағы Щапов ауылында бастады. Мұнда «Керуен жолы» ЖШС құс фабрикасының іргетасы құйылып жатыр. Құрылысқа тапсырыс берген «Жайық Агро LTD» ЖШС-ның басшысы Темірғали Ескендіровтің айтуынша, кәсіпорынға Бельгия, Голландия, Польша, Венгриядан әкелінген жабдықтар орнатылады. Кешен аумағында 250 жұмыс орны ашылады. Құс фабрикасына Голландиядан жұмыртқалар әкелініп, инкубатордан шығарылған етті балапандар (бройлер) 40 күн өсіріледі, кейін сойылады. Балапандарға азық ретінде жергілікті аймақта егілген арпа, бидай, соя берілмек. «Келесі жылы құрылыстың бірінші кезеңі бітеді. Жылына 6 мың тонна құс еті шығарылады. Біздің облысқа АҚШ, Ресей, Беларусь, Украинадан тоңазытылатын құс еті импортталатыны белгілі. Алдағы уақытта нарықтың 50 пайызын отандық өніммен толтырамыз деп есептеймін. Жобаға «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы ауқымында «Сбербанк» АҚ қаржы құюда. Биыл құрылысқа 1,7 млрд. теңге бөлінді», – деді Темірғали Ескендіров. Облыс әкімі бұл жоба екі жылдан бері жоспарланғанын айта келіп, кәсіпорын басшылығы болашақта «импорттың орнын басып, экспортқа өнім шығару мүмкіндігін қарастырса, елдегі индустрияландыру бағдарламасы ауқымында қолдауға ие болатынын» айтты.

Жаңақалалықтар ауыз суға жарымақ

Жаңақала ауданында облыс әкімі Алтай Көлгінов «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынып жатқан 16 үйдің құрылысын көрді. Кейін ақсақалдармен болған кездесуде М. Жаданов пен К. Зейнуллин аудан тұрғындары көтерген ауыз су мәселесіне қатысты іргелі істер қолға алынып жатқанына ризашылық білдірді. Облыс басшысы суармалы жайылмалардың ескірген қақпаларын жөндеуге 24 млн. теңге, Қарасу, Төртқұлақ жайылмалардың жобалық құжаттарын жасауға 5 млн. теңге қаржы бөлінгенін мәлімдеді. Бұдан соң Қылшыққұмдағы жер асты су көзінен тартылатын Жаңақала топтық су желісінің құрылысын сапалы жүргізу барысын мамандармен талқылады.

Жуалыой, Жаңақазан, Мәстексай, Жаңажол, Сарыкөл, Жаңақала, Көпжасар ауылдарын қамтитын магистраль 151 шақырымға созылмақ. Яғни 16 мыңға жуық тұрғын сапалы ауыз су ішіп, күнделікті тұрмыста қолданатын болады. Құрылысты жүргізуге 2 млрд. 801 млн. 398 мың теңге бөлінеді. Қазіргі уақытта «СПС» ЖШС жобалау жұмыстарын жүргізуде.

«Азғырдан» туындаған түйткіл аз емес

Бөкей ордасы ауданындағы Ұялы ауылында орналасқан Ш. Жексенбаев атындағы жалпы білім беретін орта мектепке күрделі жөндеу жұмысы жасалуда. Бұған ҚПО б.в. компаниясы әлеуметтік жоба аясында 142,1 млн. теңге бөлген. Мердігер – «Раза строй» ЖШС. Облыс әкімі жөнделіп жатқан ғимарат ішін аралап көрді. Үш қабатты мектеп бөлмелерінің қабырғасы қайта сыланып, жаңа еден төселіп, жылыту жүйесі ауыстырылуы тиіс екен. Бірақ маусымда басталған жөндеу жұмысы өте баяу жүріп жатқаны байқалады. Құрылысқа жауапты серіктестік өкілдері қыркүйек айының басында барлық жұмыс бітеді деп уәде берді. Күрделі жөндеуге алпыстан аса адам жұмылған. Мектеп директоры Ардақ Әлиеваның айтуынша, білім ұясына 400 бала еркін сияды екен, ал биылғы оқу жылында 250 оқушы қабылданбақ.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов Бөкей ордасы ауданы Темір Масин ауылдық округіне қарасты «Нарын» шаруа қожалығында болды.

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ ғалымдарымен тығыз қарым-қатынас орнатқан шаруашылықта 560 бас ақбас тұқымды ірі қара, 1649 бас еділбай тұқымды қой өсірілуде. Бұдан бөлек 123 бас жылқы бағылады. Қожалық жетекшісі Нағым Тәжмұратов 20 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бірақ оның айтуынша, мал мамандары жетіс-пейді. Жалпы, ауылдық округте жетпіске тарта шаруа қожалығы бар.

Нағым Тәжмұратов шаруашылығының күйлі екенін әңгімелей келе, ауылдық округ орталығы – Бөрліге газ, ауыз су құбыры әлі күнге тартылмағанын, электр желілері әбден тозғанын құлағдар етті. «Малға тиесілі ветеринариялық анықтамалар алу, барлық құжатты рәсімдеу электрондық база арқылы жүзеге асырылады. Интернет желісі қажет. Малды аптап ыстықта жүк көлігіне тиеп, күтіп тұрудың мехнаты зор», – деді ол. Облыс басшысы Алтай Сейдірұлы аудан әкімі Нұрлан Рахымжановқа ауданның бас жоспарына келер жылға ауыз су мәселесін шешуді енгізуді тапсырды, жобалық-сметалық құжатына қажетті қаражатты бөлдіруді қолға алатындығына тұрғындарды құлағдар етті.

Басқа да шаруа қожалық иелері болған осы  кездесуде Темір Масин ауылдық округінің әкімі Меңдібай Қитанов аудан аумағының Атырау облысымен шектесетін тұсында орналасқан Азғыр полигонына қатысты түйткілдер бар екенін атап өтті. Ресейге жалға берілген сынақ алаңына құлауы тиіс зымыран қалдықтары белгіленген нысанадан ауытқып түсіп, кейбір бөлігі жарылып, шабындықтар өртеніп жататын көрінеді. Содан полигонға таяу жатқан ауылдық округтердегі шаруа қожалықтары қиналып отыр. Себебі ауданда мал басының өсуіне байланысты жайылым мәселесі өткірлене түскен. Тұрғындар бұл күрмеулі мәселені бейжай қалдырмауды сұрады.

Қарағайға қамқорлық қажет

Өңір басшысының Бөкей ордасына жасаған жұмыс сапарының екінші күні игі дәстүрден бастау алды. Хан ордасы ауылындағы қонақүй қасында биыл 5 гектар жерге 5 мың түп қарағай көшеті егіліп, қоршауға алынған еді. Күн шапағы төгілген ертеңгілік облыс әкімі Алтай Көлгінов пен облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар сол алаңда тал отырғызды. Орда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің директоры Талғат Саматовтың айтуынша, мемлекеттік орман қорында 16 405 гектар жер болса, соның 4 мың гектары орман. Мекемеде 37 қызметкер болса, солардың 17-сі – орманшы. Орманды өрттен сақтау, зиянкестерден қорғау бағытында жұмыстар жүріп жатыр.

Жалпы, аудандағы орман алқабын сақтап қалу мәселесі жылма-жыл экологиялық ахуал нашарлаған сайын күрделене түсуде. Бұрын 180 см тереңдіктен шығатын жер асты су қорының деңгейі екі жарым метрге төмен түскен. Соңғы бірнеше жыл қатарынан жазғы маусымдағы жауын-шашын аз және қыста түсетін қар да мардымсыз. Ал су тасымалына қажетті техниканың жеткіліксіздігіне байланысты жаңа отырғызылған қарағайдың 3 мыңдайы ғана өркен жайған. Облыс басшысы Алтай Сейдірұлы жуырда 5 гектар алқаптағы қарағай тұқымын өсіру үшін суландыру жүйесін жасауға техника бөлуге ықпал ететінін айтты. Жас қарағайды уақтылы суғарып, күтімге алуға жергілікті басшы-мамандар жауапты қарауы тиіс.

Бұдан соң облыс басшысы ауылдағы жеке кәсіпкер Архат Салимовтің жеке стоматология кабинетін көрді. Былтыр ашылған жеке тіс емдеу орны «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 1,5 млн. теңгеге жабдықталған. Кабинет орналасқан ғимараттың екінші жағында Гүлнәр Шәріпованың қаржысына ашылған дәріханадан басы ауырып, балтыры сыздағандар қажет дәрі-дәрмекті іздеп келеді. Сонымен қатар Хан ордасындағы тарихи музей кешенін аралаған облыс басшысы кейін Жәңгір хан, күйші Дәулеткерей Шығайұлы сынды танымал тұлғалардың кесенелері орналасқан қорымға барды.

Жол құрылысымен айналысатын жергілікті компания жоқ

Бөкей ордасы ауданындағы Сайқын ауылында «Символ» ЖШС жас мамандарға арнап салып жатқан алты баспана қыркүйек айында берілмек. Бұған облыстық бюджеттен 40,2 млн. теңге бөлінген. Серіктестік басшысы Есқайыр Елемесовке облыс басшысы Алтай Көлгінов жұмысқа жергілікті тұрғындарды көптеп тарту қажеттігін ескертті. Сонымен қатар жеке кәсіпкер Бибігүл Жұмағұлова өз қаражатына он отбасыға арнап екі үй салуда. Кейін бұл үйлерді аудан әкімдігі меншігіне алып, әлеуметтік жағынан осал  отбасыларға жалға береді. Құрылыстың мән-жайына қаныққан облыс әкімі кейін «Күйшілер» аллеясында қариялармен және жастармен кездесті. Жиында еңбек ардагерлерінен Ноқаш Қадымов Ресейдің Астрахань-Мәскеу бағытында жүретін пойыздарын Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарындағы теміржол стансаларына аялдату мәселесін РФ Федералдық жиналысы Федерация Кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенкомен кездесуде ашық айтылғанына ризашылық білдірді. Ал Әбуқан Есалиев Жамбыл, Көктерек, Бөрлі ауылдарына су құбырын тартуға 770 миллион, 11 елді мекенге көгілдер отын жеткізуге 2 млрд. 133 млн. 603 мың теңге қаражат қажет екенін, әйтпесе қаржы есебі енген жобалық-сметалық құжат мерзімі келер жылдан кейін жарамсыз болатынын айтты. Өңір жетекшісі ауыз су мен газ құбырын тарту облыс бойынша өзекті екенін тілге тиек етіп, дегенмен жұмыс жоспарына бекітіп, қаржылық мүмкіндікті қарастыратынын жеткізді. «Облыстық және жергілікті маңызы бар жолдардың 26 пайызының ғана жай-күйі қанағаттанарлық дәрежеде. Бірақ жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Елбасы тапсырмасымен соңғы үш жылда автожол сапасын жақсартуға бөлінген 19 млрд. теңге игерілді. Жәнібек ауданының орталығынан бастап жол жөнделіп жатқанын білесіздер. Енді Сайқын ауылынан бастап Жәнібекке қарай тартылған республикалық маңызы бар жолды жөндеуді бастаймыз. Облыс бойынша Бөкей ордасы ауданындағы «Жамантау» кен орнында ғана қиыршық тас бар. Құрылысқа пайдалану үшін сапасын тексеру қажет. Биыл Сайқын ауылынан бермен қарай келетін жолды жөндеуге 115 миллион теңге бөлдік. Бірақ жол құрылысын жүргізетін жергілікті компаниялардың болмауына байланысты, қаражат конкурс рәсімін өткізуге Теректі ауданына жолданды. Алдағы уақытта тағы да қаражат қарастырамыз», – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов жол сапасына қатысты сын айтқан зейнеткер Иран Дәулетовке. Кездесуде аудан жастары да сөз алды.

Одан әрі облыс басшысы Сайқын ауылында бірнеше кәсіпкерлік нысанында болды. «Аймақтық индустриаландыру картасына» енген сүт өнімдері цехын «Санди» ЖШС-ның басшысы Бибігүл Жұмағұлова 20 млн. теңгеге ашқан. Оның 9 млн. теңгесін «Өндіріс — 2» несиелік бағдарламасы арқылы үкіметтен алған. Цехтағы сүт өңдейтін жабдықтың жұмысын ресейлік маман түсіндірді. Оның айтуынша, құрылғы автоматты түрде жұмыс жасайды. Қаптамаға құйылатын өнім температурасы арнайы бағдарлама арқылы реттеледі. Бибігүл Жұмағұлова цех толық қуатында істеу үшін шикізат жетіспейтінін тілге тиек етті. Күніне 200 литрге жуық қана сүт өңделеді екен. Бұдан соң облыс әкімі «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасы ауқымында 3 млн. теңгеге салынған керамзит блок тас дайындайтын цехқа барды. Шағын өндіріс орны былтыр 12 мыңдай керамзит блок тас шығарған. Құрылыс материалын дайындаумен төрт-ақ жұмысшы айналысады. Керамзит Ресейдің Волгоград облысынан тасымалданады. Цех иесі Қуаныш Шәріпқалиев әр тас 180 теңгеден саттық-қа шығатынын әрі өтімді екенін айтты.

Облыс басшысы осы нысанда аудан кәсіпкерлерімен кездесіп, олардың қолға алған жобаларына сәттілік тіледі. Сонымен қатар шағын және орта бизнес иелері ұсынған көрмемен танысты.

Ақобаға «Ақбұлақ» бармақ

Жәнібек ауданы орталығынан шығатын «Жәнібек — Қазталов» республикалық маңызы бар жолдың 20 шақырым бөлігіне 2014 жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілуде. Облыс әкімі Алтай Көлгіновке «РСУ-1» ЖШС-ның техникалық директоры Ерұлан Жолдыбаев жұмыс барысын баяндады. Биыл жолдың 11,5 шақырымына қара жамылғы төселмек. Жалпы, жол сапасын жақсартуға республикалық бюджеттен 2 млрд. 680 мың теңге қарастырылған. Биыл 799 миллион теңге жұмсалуда. Жол құрылысына 55 адам тартылған. Ұзынкөл ауылы жанында шағын асфальт зауыты құрылыс материалын дайындайды екен. Бірақ Ресейден тартылған электр қуатының төмендеуіне байланысты өндіріс қарқыны баяулаған. Серіктестік бүгінге дейін 8 шақырым жол бетіне асфальт жабынының бір қабатын тартқан. Енді екінші қабаты төселуде. Облыс әкімі Алтай Көлгінов жол сапасына мұқият болып, күзгі жауын-шашынға іліктірмей, белгіленген мерзімнен ерте аяқтауды тапсырды.

Жәнібек ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшин мәртебелі меймандарға Күйгенкөл ауылында Жәнібек суландыру-суғару жүйесін жаңғырту жайын тарқатып айтты. Оның айтуынша, Ресей Федерациясында Еділ өзенінен тартылған су арнасы 40 жылдан бері тазартылмаған. Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарынан он ауылдық округ бойынша он төрт елді мекенді қамитын магистраль ауыл шаруашылығын дамытуда аса маңызы зор. Ұзындығы 328 шақырымнан асатын арнада судың ағысы баяулаған. Облыс басшысы қажетті жобалық-сметалық құжатты дайындауды тапсырды.

— Жыл сайын Еділ өзенінен су босату үшін Ресей Федерациясына 1 млрд. 600 млн. теңге бөлетін едік. Нарықтағы рубль бағамының өзгеруіне байланысты қосымша 600 млн. теңге қаражат қажет болды. Содан Еділ өзенінен тартылған арнадағы су ағысы төмендеді. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жақында қосымша қаражат бөлетін болды. Қыркүйекте Ресей тарапы Жәнібек суландыру жүйесіне және Қазталов ауданындағы Қараөзен мен Сарыөзенге су босатады. Қазіргі уақытта секундына 1,7 текше метр су ағып тұр, екінші су айдау сорғысы іске қосылғаннан кейін секундына 2,5 текше метр су жіберіледі. Бұл судың тапшылығын азайтуға оң әсер етеді, – деді өңір жетекшісі Күйгенкөл ауылында өткен аудан ардагерлерімен кездесуінде. Жиында Ақоба ауылындағы ақсақалдар ұйымының төрағасы Мұрат Мұханбетқалиев ауыл тұрғындары бірнеше жыл қатарынан ауыз су мәселесін шешуді сұрап келе жатқанын айтты. Аудан басшысы Наурызбай Қарағойшин екі жыл бұрын құны 272 млн. теңгелік жобалық-сметалық құжаттың әзірленгенін мәлімдеді. Облыс басшысы Алтай Сейдірұлы Ақоба ауылына келесі жылы ауыз су құбырын тарту жоспарланатынын айтты. Басқосуда Талов ауылының тұрғыны Светлана Гоман да «Ақбұлақ» игілігіне ауылдастары мұқтаж болып отырғанын жеткізді.

«Күрделі жөндеу қыркүйек айына дейін аяқталсын!»

Облыс әкімінің жұмыс сапары Қазталов ауданында жалғасты. Қазіргі кезде Тереңкөл ауылдық округі орталығы Нұрсай ауылына 11 шақырым қашықтықтағы «Апандыой» жер асты су қорынан «ҚұрылысГаз» ЖШС құбыр тартуда.

Қазіргі уақытта ауыл жанынан сыйымдылығы 50 текше метр, ұзындығы 27 метр су босататын мұнара салынып жатыр. «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында шілде айында басталған жобаға 61,6 млн. теңге бөлініпті. Келер жылы аяқтау көзделгенімен, бір ай жарымда ауылішілік желілерді тартуға серіктестік директоры Кәримолла Жақыпов облыс басшысынан 100 миллион теңге қаражат бөлдіруді сұрады.

Одан әрі облыс басшысы Нұрсай ауылында «БатысСтройСервис» ЖШС күрделі жөндеу жүргізіп жатқан жалпы білім беретін мектепке барды.

– Қыркүйек айына дейін жөндеуді аяқтаңыздар. Оқу үдерісіне кедергі болмасын. Жұмысты түнгі ауысымда үзбестен жалғастырыңдар. Бұл ғимарат сапасына теріс әсерін тигізбеуі керек, – деп қатаң тапсырма берді ғимарат бөлмелеріндегі қарбаласты аралап көрген соң облыс әкімі Алтай Көлгінов серіктестік директоры Серікқали Жолымбетовке.

Серіктестік басшысының айтуынша, маусымның 20-сында басталған күрделі жөндеу жұмысы 80 пайызға орындалған. Жергілікті бюджеттен бөлінген 124 миллион теңге құрылыс материалдарына жұмсалуда. Жұмысқа 65 адам тартылған. Оның 25-і «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша орналасқан. Жөндеу жұмысын қазан айының аяғында толық аяқтау жоспарланған екен. Серіктестік қыркүйектің біріне дейін мектеп ғимаратын дайындап үлгеруі тиіс.

Жұмыс екі ауысымда жүруде

Түн ортасы ауа облыс әкімі Алтай Көлгінов бастаған жұмыс тобы Чапаев — Жалпақтал — Қазталов бағытындағы автожолдың жөнделіп жатқан учаскесіне жетті. Асфальт жабындысының қызуы қайтпағанын жол бетіне қызығушылықпен төсеген алақанымыз бірден сезді. Қара жамылғының ауыр техникамен тегістелгеніне екі-ақ сағат уақыт өткен екен.

Облыс басшысы аз-кем уақыттан соң жұмысшылар қосынына барып жұмыс барысымен танысты. «Uniserv» ЖШС-ның бас директорының орынбасары Дінмұхаммед Сәтбаевтың айтуынша, биыл он сегіз шақырымды жөндеуге 2 млрд. 407 млн. теңге бөлініпті. Жолды жөндеуге 43 техника тартылса, 30 жүк көлігі тәулігіне 1000-1200 тонна құрылыс материалын тасымалдайды. Серіктестік қарауында 120 қызметкер бар. Жұмыс екі ауысымда жүріп жатыр. Облыс басшысы Алтай Көлгінов «Uniserv» компаниясының өкіліне жол сапасына мұқият болуды, жергілікті тұрғындарды жұмысқа көптеп қабылдауды тапсырды. Орташа еңбекақы мөлшері – 100 мың теңге құрап отыр.

– Бүгінге дейін 11 шақырым жол бөлігіне асфальт төселген. Жалпақтал ауылының бұрылысына 7 шақырым қалды. Жөндеу жұмысы кестеде белгіленген мерзімнен сәл озған. Келесі жылы Қазталов ауданына дейінгі 60 шақырым жолды күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлiгi жобалық-сметалық құжатты қарап, мемлекеттік сараптамадан өткізуде. Құзыретті орган жобаны мақұлдаған соң, республикалық бюджеттен қаражат жіберуге сұраныс жолдаймыз, – деді облыс басшысы Алтай Көлгінов.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

Орал — Зеленов — Жаңақала — Бөкей ордасы —

Жәнібек — Қазталов — Орал


Жақсы істер жалғасын таппақ

Күні: , 180 рет оқылды

IMG_0242


Қазақстан орталық телекоммуникациялар қызметінің облыстық бөлімшесінде өткен баспасөз мәслихатында Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков журналистер алдында өзі басқаратын ауданда өткен жылы және ағымдағы алты айда тындырылған істер жөнінде есеп берді. Соңынан БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап қайтарды.


Әу дегеннен әңгімесін ел шежіресінен бастаған Абат Абайұлы Сырым топырағының Қобыланды батыр мен Ер Тарғын, Едіге сынды қаһармандардың  ізі қалған, Төлеген мен Қыз Жібектің  мөлдір махаббатына бесік болған киелі жер екенін тебірене әңгімеледі. Биыл ширек ғасырлық мерекесі тойланғалы отырған тәуелсіздігіміздің де бір бастауы осы Сырым еліне тікелей қатысты. Өйткені бұл өңір – «Батыс Алашорда» сынды ұлт-азаттық қозғалысының өрлеген, кеңінен танылған жері.

Сол дүбірлі оқиғалар өткен жердің бүгінгі жұрты аталар дәстүрін одан әрі жалғастырып, жасампаз еңбектің жарқын үлгісін көрсетуде. Аталмыш ауданның  бүгінгі аумағы – 11,9 мың шаршы шақырым. Биылғы 1 шілдедегі мәліметке сәйкес бойынша халық саны – 20 мың адам. Олар 12 ауылдық округ пен 38 елді мекенде өмір сүріп жатыр. Аудандық бюджет биылғы алты айда 4,2 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 700 млн. теңгеге артты. Ағымдағы алты айдың ішінде өнеркәсіп өнімінің көлемі 115,2 млн. теңгені құрап, көрсеткіш 105,5 пайызға жетті.

Өңірдегі басқа аймақтар сияқты Сырым ауданының негізгі экономикалық бағыты – ауыл шаруашылығы. Соның ішінде мал шаруашылығына басымдық берілген. Бұл орайда сырымдықтар мақтан ете алатын көрсеткіштер аз емес. Қазір ауданда 15,3 мың бас жылқы, 115,5 мың қой мен ешкі, 20,5 мың сиыр және басқасы бар. Әрі мал басының саны жыл өткен сайын өсіп келеді. Шаруашылықтардың мемлекеттік бағдарламаларға қатысы да қалыпты. Мәселен, «Агробизнес – 2020» бағдарламасы жүзеге асырылғаннан бері тоғыз бағыт бойынша 41 жоба жүзеге асырылуда. «Сыбаға» бағдарламасы іске асқалы 64 шаруашылық 741 млн., «Құлан» бағдарламасы бойынша 17 шаруашылық 401,6 млн., «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 11 шаруашылық 129,1 млн. теңгеге мал сатып алды. 2013 жылы мұнда асыл тұқымды мал өсіруші бір шаруашылық тіркелсе, биыл оның саны 11-ге жетті. Бұрын астықты аудан болған аймақта биыл 5 мың гектардай жерге дәнді дақылдар егілген. Жазғы бидай ору аяқталды. Түсім жақсы. Енді күзгі бидай орылуда. Шөптің шығымы да тамаша. Демек, сырымдықтардың берекелі болған мешін жылына өкпесі жоқ. Бұдан басқа қазір ауданда 19 ауылдық тұтыну кооперативі құрылған. Олардың жұмысы жөнінде айтуға әлі ерте. Дегенмен келешегіне сенім бар.

Елбасымыз Н. Назарбаев қашанда баса көрсеткеніндей, қай қоғамның да қозғаушы күші – шағын және орта кәсіпкерлік. Бұл жөнінде сырымдықтардың  айтары  мол. Ағымдағы жылдың 1 шілдесінде ауданда 1076 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Қазір бұл салада 2203 адам жұмыс істейді.  Шағын кәсіпкерліктің күшімен  1522,2 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, адамдарға қызмет көрсетілді. Бұдан басқа «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы жүзеге асырылғаннан бері  272 адам  421 млн. теңге несие алды. Нәтижесінде 407 жұмыс орны ашылып, тоғыз мейрамхана, 12 халыққа тұрмыстық қызмет көрсету орны, бір қонақүй және басқасы іске қосылды. Мүлікті заңдастыру барысында 34 мүлік жария етілді. Аталмыш науқан одан әрі жалғасуда.

Мал шаруашылығына берік жем-шөп қорын жасақтау үшін мол су қоры қажет. Соған байланысты Өлеңті көлдетіп суару жүйесін қалпына келтіру жоспарланған. Оған 18 млн. теңге қаржы бөлінді. Жоба жүзеге асырылғаннан кейін 1000 гектар суарылып, ел игілігіне ұсынылмақ. Айтпақшы, елдің азық-түлік өнімдеріне сұранысын жедел және жан-жақты өтеу мақсатында былтыр да, биыл да жәрмеңкелер ұйымдастырылған. Енді күз басталып, көкөніс және жеміс өнімдерінің  пісіп-түскен шағында жәрмеңкелер де жүйелі және толыққанды өтері сөзсіз. Соңғы жылдары қымыз пісіп, қымыран ашытатын ағайындардың саны өсіп келе жатқаны қуантады. Олар да өз еңбегінің жемісін жерлестеріне ұсынып, қала берді сыртқа шығарып, қазақтың ұлттық сусындарын насихаттауда өнегелі іс тындыруда.

Қашанда қай санаттағы болсын көлік жолының маңызы аса жоғары. Сондықтан көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту күн тәртібінен түспейді. Бүгінде Сырым жерінен республикалық маңызы бар ұзындығы 196 км Самара – Шымкент тас жолы, өңірлік мәні бар 132 шақырым облыстық көлік жолы өтіп жатыр. Бұдан басқа аудандық маңыздағы 296 км көлік жолы бар. Міне, осы жолдарды түрлі деңгейде жөндеу және жаңадан салу жүйелі түрде іске асырылады. Мысалы, өткен жылы басталған Бұлдырты ауылына дейінгі ұзындығы 12 км кірме жолға жөндеу жүргізу толығымен аяқталып, 540 млн. теңге игерілген. Сондай-ақ Жымпиты – Қаратөбе бағытындағы жолдың  55 шақырымына жөндеу жұмысы жүргізілуде. Оған жалпы құны 2,6 млрд. теңге қаржы бөлінген. Бүгінде аудан орталығындағы жалпы қолданыстағы 45 көше жолының ұзындығы – 27,2 км. Былтыр үш көшеге жалпы құны 206 млн. теңгені құрайтын орташа жөндеу жүргізілсе, биыл тағы бес көшеге тап сондай жұмыс атқарылмақ. Сонда аудан орталығындағы көше жолының 30 пайызы жаңартылады. Бұдан басқа ауданның даму жоспарына сәйкес, Жымпиты ауылының Қарасу мөлтек ауданын бас жоспарға сәйкес дамыту мақсатында Асадуллин, Қолғанатов көшелеріне жол құрылысын жүргізу – алдағы уақыттың еншісінде. Сонымен бірге биыл аудан орталығындағы үш көшені абаттандыру ісіне 22,2 млн. теңге жұмсалуы тиіс. Тағы бір айта кетерлік жәйт, аудан орталығында жыл өткен сайын тұщы су тапшылығы айқын сезілуде. Халықтың ең бір күрделі тұрмыстық мәселесін шешу мақсатында келешекте жер асты тұщы су көздері арқылы аудан орталығын қамту көзделген.

Кезек күттірмейтін тұрмыстық түйткілдің бірі – көгілдір отынмен қамту. Осы жылға дейін Сырым ауданында 12 елді мекен газ құбырына қосылған болатын. Биыл олардың қатарын тағы да 10 елді мекен толықтырып, аудан бойынша газбен қамту халықтың 90 пайызын құрады. Енді қалған алты елді мекенге газ құбырын өткізудің жобалық-сметалық құжаттары жасақталған. Оны бастап кетуге биыл облыстық бюджеттен  68,9 млн. теңге қаржы бөлінді.

Білім беру саласында 22 мек-теп, балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығы орталығы, жас туристер стансасы, балалардың саз мектебі, екі мемлекеттік балабақша, тоғыз мектеп-балабақша, 24 шағын орталық және басқасы бар. Салаға бөлінген қаржы да жыл өткен сайын артып келеді. Өткен жылы оған 1,5 млрд. қаржы бөлінсе, биыл ол 2,1 миллиард теңгеге жетті. Алайда әлі де 362 бүлдіршін балабақша кезегінде тұр. Олардың басым көпшілігі – аудан орталығының тұрғындары. Демек, әлі де жаңа балабақша салу қажет. Өйткені бала өсімі де қалыпты. Аудан басшылығы мәселеден хабардар, келешекте оны шешумен айналыспақ. «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша 2014 жылы Қ. Мырзалиев атындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өтті. Биыл аталмыш жұмыс Қособа орта мектебінде жалғасуда.

Аудандағы денсаулық сақтау саласының ахуалы да жақсы. Мұнда бір аудандық аурухана, алты дәрігерлік амбулатория, бес фельдшерлік-акушерлік орын, 19 медициналық пункт адамдарға қызмет көрсетіп жатыр. Жоғары білімді дәрігер саны – 29, орташа медициналық қызметкер – 175, көмек көрсету қызметінің адамдары – 65. Соңғы бес жылда ауданға келген 11 дәрігердің бәрі де тұрғын үй мен қамтамасыз етілген. Биыл тағы да екі дәрігер келіп, жұмысқа кірісті. 2013-2015 жылдары дәрігерлік амбулаторияларға үш арнайы көлік сатып алынған. Бұдан өзге республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген 42,7 миллион қаржыға 32 медициналық қондырғы сатып алынып,  адам  игілігіне  жұмсалуда.

Мәдениет және спорт саласында да тұшымды нәтижелер мол. Аудандық және сегіз ауылдық мәдениет үйі, бес клуб халыққа есігін айқара ашса, спорт орындары да бір босамайды. Жымпиты, Бұлан халық театрлары, «Ақ ниет» әжелер алқасы, «Жауқазын», «Аружан» үлгілі би ансамбльдерінің, «Ибалы» би тобының да өз көрермені мен тыңдарманы бар. Сонымен, ағымдағы жылдың алты айында ауданда 854 мәдени-көпшілік және бұқаралық спорт шаралары оздырылыпты. Сырымдықтардың 29 пайызы немесе 5907 адам спортпен тұрақты айналысады. Бұл – оңды көрсеткіш. Жекелеген спортшылардың жеңістері жерлестерін қуантып жүр. Көршілес түркімен елінің астанасы – Ашхабадта өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында сырымдықтар Отарбай Айзан, Нұрымжан Ғаббасов, Гауһар Сағадат сынды спортшылар боз кілемде өзге палуандармен иық тірестіріп, биік тұғырдан көрінді. Елді мекендердегі мәдениет ошақтарының материалдық-техникалық негізін нығайту мақсатында 11,7 млн. теңгеге қажетті жабдықтар сатып алынған. Ал балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебіне «Газель» көлігі берілді.

Қазір қай жерде де күрделі әлеуметтік мәселе – жұмыссыздық назардан тыс қалмайды. Бұл орайда Сырым ауданындағы ахуал қалыпты. Бүгінде ресми жұмыссыздық деңгейі 0,6 пайызды құраған. Сөйтіп, өткен жылмен салыстырғанда, оның деңгейі 0,1 пайызға төмендеген. 173 адам тұрақты және уақытша жұмыс орнына ие болған. Жаңадан ашылған жұмыс орнының саны – 241.

Адамдардың бойындағы масылдық сезімін жою немесе болдырмау мақсатындағы жұмыстың нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасы саны 50 пайызға азайды. Мемлекеттік «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы да ахуалды оңалтуға мейлінше себепші. Осы мақсаттағы жұмысты жалғастыру үшін биыл ауданда «Жастардың кадрлық резерві» жобасы қолға алынған. Оған 42 жас қатысып, 25-і іріктеуден өтіп,  сегізі резервке алынды. Ағымдағы алты айда төрт бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, талай адамның  үміті  ақталды.

Абат Абайұлы аудандағы  көлеңкелі тұстарды да айналып өткен жоқ.

– Мәселен, мал ұрлығы тыйылмай отыр. Оған қарсы кешенді шаралар жоспарланып, жүзеге асырылмаса, кесірі өте көп. Жалпы қылмыс деңгейі төмендегенімен, аталмыш келеңсіз көрініс жойылар емес. Қылмыспен күресті тек құқық қорғау орындарының мойнына іліп қоя алмайды. Ол үшін көпшілік болып, жұмыла күреспесе, оң нәтиже күту қиын, – деді ол.

Серік  ИХСАНҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Юлия  МУТЫЛОВА,

«Мой город»  газеті:

– Ауданға инвестиция тартылуының жәйі қалай?

Абат  ШЫНЫБЕКОВ:

– Тоғыз жолдың торабында жатқан ауданға инвестор тарапынан қызығушылықтың болмауы мүмкін емес. Әсіресе, келешекте аудан үстімен өтетін жолаушы және жүк көлігі ағынының өсуі күтілетіндіктен, бұл орайда инвесторға ашылар мүмкіндік мол. Мал шаруашылығы саласында да игерілер істер жеткілікті. Бос жайылымдық жер де бар. Олай болса, біз қашанда экономикаға ақша салғысы келген кез келген адамды құшақ жая қарсы аламыз.

Роман  КОПНЯЕВ,

«ТДК-42»  телеарнасы:

– Байқауымызша, сіздің ауданда салықтың түсімі азайып кетіпті. Неге?

Абат  ШЫНЫБЕКОВ:

– Оны түсіндіру де оп-оңай. Бұрын аудан аумағынан  құбырлары өткені үшін оның алпауыт иелері – газ компаниялары біздің бюджетке салық төлейтін. Қазір олар республикалық бюджетке қарап кетті. Бар болғаны осы.

Лючия  КУРАРАРУ,

облыстық «Приуралье» газеті:

– Жаңа  оқу  жылына  әзірлік  қалай?

Абат  ШЫНЫБЕКОВ:

– 22 мектептің бәрі де сақадай сай әзір. Өкініштісі сол, физика, химия, математика пәндері бойынша 14 ұстаз жетіспейді. «Көш жүре бара түзеледі», мәселені  біртіндеп  шешуіміз  керек.

инфографика 105-2


«Комитет – әр үйге» қандай қызмет көрсетеді?

Күні: , 190 рет оқылды

DMS_0599


Таяуда Қазақстанның орталық коммуникациялық қызметі БҚО филиалы «Қазақстан – Орал» телеарнасы ғимаратында кезекті баспасөз мәслихатын ұйымдастырды.


Бұған ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті БҚО бойынша басқарма бастығының орынбасары Асқар Капулов, басқарманың арнайы есепке алу бөлімінің бастығы Гүлнара Ибрашева, басқарманың құқықтық статистиканы қалыптастыру бөлімінің бастығы Ержан Мұхитов қатысты.

— Біздің бұл басқосуды ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – азаматтарға  «Комитет – әр үйге» жобасын жете түсіндіру. Бүгінгі таңда ғаламтор желісінде комитет порталында азаматтар үшін құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы ақпарат бар. Мысалы, кез келген азамат өзіне берілген талонның көмегімен қылмыс туралы арыздың, мемлекеттік органдарға берілген өтініштердің қаралу нәтижелерін, өзіне қатысты айыппұлдар жайын, іздеуде жүрген сезікті адамдарды, алимент төлеуден қашқақтап жүргендерді, сонымен қатар сатып алғысы келген автокөлігінің қандай да бір жол-көлік оқиғасына қатысы бар-жоғын біле алады. Сондай-ақ азаматтар статистикалық есептермен, талдау-зерделеу материалдарымен танысып, карталардың көмегіне жүгіне алады.

Күні бүгінге дейін порталды 1,5 миллионнан астам азамат қараған. Солардың ішінде айыппұлдар бойынша 192 000, іздеуде жүргендер туралы ақпаратты 300 мыңнан астам адам, өтініштердің қаралу нәтижелері туралы 295 мың, қылмыс туралы арыздың қаралуын 95 мыңнан астам адам қараған, мыңдаған адамдар қыл-мыс туралы электронды арыз беріп, кәсіпкерлер тексерісіне байланысты 34 мың адам жүгінген. Сондай-ақ комитет сервистерінде ақпаратты алу тәртібі мейлінше жеңілдетілген. Мысалы, тексерістің тіркелгендігі туралы ақпаратты «тышқан» батырмасын үш рет басу арқылы алуға болады. Яғни ғаламторға кіріп, сілтемені басып, тіркеу нөмірін енгізген кезде сервис тексерістің тіркелгендігі туралы ақпаратты лезде шығарып береді. Сонымен қатар «электронды үкімет» мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланудамыз. Мысалы, айыппұлдың бар-жоғы жөніндегі мәліметті комитет сайтынан басқа «e.gov» порталынан да білуге болады. «Электронды үкіметтің» төлем жасау шлюзімен кіріктірілуінің арқасында сайт қолданушылары сол жерде айыппұлдарын да төлей алады. Біздің ақпаратымыз азаматтарға түрлі мәмілелер жасау кезінде өздерін қауіпсіздендіруге көмектеседі. Мысалы, автокөлікті сату-сатып алу кезінде, займ алу, сенімхат табыстау, жұмысқа қабылдау, тағы басқа да жағдайларда.

Көптеген азамат біздің мекемені соттылық туралы анықтама беретін орын деп қана таниды. Бұл дұрыс емес, біздің жұмыс ауқымымыз қазір кеңейді. Бүгінгі шараны осыны түсіндіру үшін ұйымдастырып отырмыз. Қазіргі таңда «ҚСжАЕК – әр үйге» жобасы жасақталды. Бұл жоба қарапайым азаматтарды құқықтық ақпаратпен қамтамасыз етуге, олардың мұқтаждықтарын қанағаттандыруға, сонымен қатар халықтың прокуратура органдарына деген сенімін нығайтуға бағытталған. Комитеттің басты және негізгі міндеті – бұрын қылмыс жасаған адамдардың мемлекеттік мекемелерге жұмысқа орналасуына, ал бұрын зорлық-зомбылыққа,  қылмысқа қатысы бар адамдардың білім беру мекемелеріне жұмысқа орналасуына жол бермеу. Комитет, сонымен қатар қылмыстық қудалау органдарында қылмыстық құқықбұзушылық туралы арыздың заңмен белгіленген мерзімде қабылданып, тіркелуін және қаралуын қадағалауды жүзеге асырады. Сондай-ақ еліміздегі әр қала, ауыл, көше, үй, ауланың  қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қылмыстылықтың жай-күйін талдауға қажетті шынайы құқықтық статистиканы қалыптастырады.

Қазіргі таңда  ғаламтор тұтынушысы туралы толық ақпарат алуға болады. Оның көрнекті мысалын Google компаниясынан көреміз, ол өзінің ID-тұтынушысының көмегімен барлық ақпаратты (қай елден, аймақтан, жасы, жынысы, сұрау салу тарихы т.б.) және қажетті ақпаратты іздеуге көмектеседі. Тұтынушы туралы қажетті ақпаратты жинап алып, оны операциялық (нұсқамалық) талдау ақпаратына айналдыру арқылы біз сервистерді ілгерілетудің нүктелік стратегиясын аламыз. Мысалы, ұрлықтан зардап шеккен адам бізге жүгінген кезде, оған ұрлықтар, олармен күрес әдістері, нақты аудан, нақты үйдегі ұрлық статистикасы, учаскелік инспектор, тағы басқа да толық ақпаратты ала алады, — деген Асқар Жұмағалиұлы сөз кезегін басқарманың арнайы есепке алу бөлімінің бастығы Гүлнара Ибрашеваға берді.

Гүлнара Асқарқызының сөзінше, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бес институционалдық реформасын жүзеге асыру үшін Елбасы тапсырмасы бойынша қылмыстың географиялық картасы жасақталды. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 32-қадамында «Қылмыстық құқықбұзушылық картасы» бойынша интернет-портал құру жөнінде айтылған.

— Осыған орай «Қылмыстық құқықбұзушылық картасы» интернет-порталы құрылып, бүгінде ол жетілдірілуде. Осы карта арқылы еліміздің әрбір азаматы қылмыстық оқиғалар жиі орын алатын аумақты біліп отырады, бұл тұрғындардың қауіпсіздік шараларын алып, сақтанып жүруіне ықпал етеді.  Қылмыстық оқиға орын алған жағдайда 2-3 минуттан соң-ақ аталмыш географиялық карта арқылы кез келген адам сол оқиға жөнінде толық ақпарат алады. Қылмыстық карта арқылы тексеру 1991 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Мысалы, аталмыш картада бостандыққа шыққан үш педофил қылмыскер туралы ақпарат бар. Олардың біреуі Орал қаласының, ал қалған екеуі – Жәнібек ауданының тұрғындары. Біз мұндай ақпараттарды тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін дерекқорға енгіземіз, —  деген Гүлнара Ибрашеваның сөзін басқарманың құқықтық статистиканы қалыптастыру бөлімінің бастығы Ержан Мұхитов жалғастырды.

— «Қылмыстық құқықбұзушылық картасымен» облыстың 12 ауданы түгел қамтылған. Бірақ Зеленов, Тасқала, Теректі және Жаңақала аудандарының қылмыстық картасы әлі іске қосыла қойған жоқ. Мұндай карталар облыс және аудан орталықтарында іске қосылған. Ауылдық округтерге келесі жылы қосылмақ. Қылмыстық картасы кез келген азамат үшін қолжетімді, ол үшін электронды мекенжай бойынша арнайы сайтқа кіру керек. Бұл – құқық қорғау органдары үшін үлкен көмек. Тұрғындар үшін де қылмыстық картаның пайдасы көп. Мысалы, кез келген адам пәтер немесе аутокөлік сатып алар кезде, біздің дерекқордан сатып алғалы тұрған мүліктері жөнінде ақпарат біле алады. «Апатты жағдайлар картасы» немесе «Жол-көлік оқиғасы картасы» интерактивті жүйесі 2013 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл карта арқылы, өзінің аты айтып тұрғандай, жол-көлік оқиғасы жөнінде ақпарат алуға болады. Бұдан басқа «Жасөспірімдердің қылмыстық картасы» бар. Бұл карта мемлекеттік органдардың сараптама қызметіне балалар арасындағы қылмыс жағдайын бақылауға мүмкіндік береді. Қала мектептерінде жасалған қылмыстар осы порталда тіркеледі. Бұл карта бала тәрбиесінде ықпалды. Онлайн режимінде жұмыс істейтін  қызмет кез келген адам үшін қолжетімді. Ол үшін ниет білдіруші азамат комитеттің ақпараттық қызмет көрсету сайты-на мына мекенжай бойынша http://service.pravstat.kz. кірсе болғаны. Сондай-ақ портал арқылы мойныңызда төленбеген айыппұл бар ма, жоқ па, соны білуге болады. Қылмыс жасап, қашып жүргендер мен балаларына алимент төлемейтін безбүйректердің дерегін де біздің базадан ала аласыз, — деді Ержан Мұхитов өз сөзінде.

Жиын соңында журналистер облыстық құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқарма қызметкерлеріне сұрақтар қойып, оған тиісті жауап алды.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

Эльмира НҰҒМАНОВА,

қалалық «Жайық үні» газеті:

— Басқарма жасақтаған арнайы карталар арқылы көптеген ақпарат алуға болатынын қала тұрғындары біле ме? Олардың  осы карталарды пайдалану деңгейі қандай? Және «Қылмыстық карта» бойынша қаланың қай аудандарында қылмыстық оқиға көп тіркелген?

Асқар КАПУЛОВ,

ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті БҚО бойынша басқарма бастығының орынбасары:

— Біздің басқармада жоғарыдағыдай қызмет түрлері көрсетілетінін мекеме қызметкерлері БАҚ-та жиі жариялап жүр. Сондықтан да   бүгінгі таңда порталды 1,5 миллионнан астам азамат пайдаланып отыр. Соған қарағанда жұртшылық біздің мекеме арқылы көрсетілетін  қызмет жөнінде біледі деп ойлаймын. Ал  «Қылмыстық карта» бойынша қылмыстық оқиғалар қаланың орталық көшелерінде, дәлірек айтсақ, Достық даңғылының бойында, орталық базар аумағында, жұрт жиі баратын үлкен сауда орталықтарында, сондай-ақ «Алтын Алма» секілді көтерме және бөлшек сауда орталығы аумағында жиі кездеседі.


Жаздық дәнді дақылдар орылуда

Күні: , 154 рет оқылды

daef7dad


Облыс диқандары күздік дәнді дақылдарды жинап болды. Биылғы ылғалдың мол болуы күздік дақылдардың әр гектарынан  орташа есеппен алғанда 27,7 центнерден өнім алуға мүмкіндік берді. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда (2015 жылы әр гектарынан 7,6 центнерден) әлдеқайда жоғары. Әсіресе, күздік дәнді дақылдар егістігі ең ауқымды, яғни 31,52 мың гектар болған Зеленов ауданының шаруалары әр гектарынан 32,5 центнерден мол өнім алып, ел-жұртты қуантты. Өткен жылы күздік дақылдар алқабы 30,11 мың гектар болса, биылғы күздік егістік 45,36 мың гектарды құрады.


Қазір алқаптарда жаздық дәнді дақылдарды жинау жұмыстары жалғасуда. Биыл жаздық дақылдар 169,96 мың гектар алқапқа егілді. Өткен жылы мұндай дақылдар егістігі 230 мың гектар болды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының 23 тамыздағы мәліметіне сүйенсек, егіс алқабының 87,21 мың гектары, яғни барлық егістік көлемінің 51,3 пайызының егіні орылып, бастырылған. Әзірге әр гектардан орташа түсім 11,1 центнерді құрауда. Егіннің шығымдылығы бойынша Орал қаласы көш басында. Орал маңындағы шаруашылықтар әр гектарынан 13,9 центнерден, шыңғырлаулықтар 12,7 центнерден, бөрліліктер 11,8 центнерден дән алуда.

— Биылғы жауын-шашынның мол болуы, жерде ылғалдың мол сақталуы және шаруалардың агротехникалық шараларды талапқа сай әрі дер кезінде жүргізуі астықтың мол болуына әсер етті. Ауа райы қалыпты болса, жиым-терімді тамыз айының соңына қарай аяқтауды межелеп отырмыз, — деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы  Денис Омашев.

Гүлбаршын ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»

инфографика 105


Әскердегі балаларымен скайп арқылы тілдесті

Күні: , 157 рет оқылды

????????????????????????????????????

????????????????????????????????????


Елбасымыздың Бес институционалды реформасын жүзеге асырудың  «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындау мақсатында Орал шаһарындағы 5517-әскери бөлімінде айтулы шара өтті.


Ақ Жайық өңірінен әскерге шақырылған әскери қызметшілердің ата-аналарының, туыстарының, қоғамдық ұйымдардың, құқық қорғау құрылымдарының және БАҚ өкілдерінің қатысуымен Ашық есік күні оздырылды.

Шараға қатысушылар 1995 жылдың 7 сәуірінде тәжік-ауған шекарасын күзету кезінде ерлікпен қаза тапқан Ұлттық ұланның 17 жауынгерін үнсіздікпен еске алып, ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды. Одан кейін әскери бөлімнің  клубында Ұлттық ұланның басшылығымен кездесу өтті. Ұлттық ұланның бас тәрбиешісі, генерал-майор Мұхаметқали Сатов елдің әскери тарихы, тәуелсіздіктің 25 жылы ішіндегі Қарулы Күштердің дамуы мен қалыптасуы жайында әңгімеледі, көпшіліктің сұрақтарына жауап берді және жауынгерлік қызмет пен оқуда үздік көрсеткіштер көрсеткен ұлдарын жақсы тәрбиелеген ата-аналарға алғысхаттарды табыстады.

????????????????????????????????????

????????????????????????????????????

Ұлттық ұлан әскері туралы жалпы мәлімет алған соң, көпшілік назарына балаларының сәлемдемесі жолданған бейнежазбалар ұсынылып, перзенттері қызмет атқарып жатқан әскери бөліммен тікелей байланыста хабарласуға мүмкіндік туды.

Шара соңы әскери бөлімнің көркемөнерпаздары дайындаған мерекелік концертке ұласты.

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі,

Орал қаласы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика