Мұрағат: 22.08.2016


Қош, Рио! Алда – Токио!

Күні: , 161 рет оқылды

рвпраолп5264


Рио-де-Жанейро қаласындағы атақты «Маракана» футбол стадионында ХХХІ жазғы олимпиада ойындары салтанатты түрде жабылды.


Оған осы олимпиадада өнер көрсеткен, әлі елдеріне қайта қоймаған спортшылар қатысты. Олардың арасында Қазақ елінің өкілдері де болды.

Рио олимпиадасына әлемнің 207 елінен 11544 спортшы қатысып, 306 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Жарыс қорытындысында барлығы 86 мемлекеттің өкілдері жүлдеге қол жеткізді. Ал Вьетнам, Пуэрто-Рико, Сингапур, Бахрейн, Кот-д’Ивуар, Косово, Фиджи және Иордания сынды сегіз бірдей елдің спортшылары алғаш рет алтын жүлдені иеленді. Бұл олимпиада өрісінің кеңейіп, бәсекелестіктің күшейіп келе жатқанын көрсетеді. Жалпы медальдар саны жөнінен АҚШ спортшылары 46 алтын, 37 күміс, 38 қола, барлығы 121 жүлдені жеңіп алып, командалық есепте 1-орынды иеленді. Спортшылар арасында америкалық жүзу шебері Кэти Ледекидің бір өзі төрт алтын, бір күміс медальді жеңіп алып, елінің мерейін асырды. Сондай-ақ америкалық тағы бір жүзу шебері Майкл Фелпс алтын медаль санын 23-ке, ямайкалық желаяқ Усэйн Болт 9-ға жеткізді.

Салтанатты рәсім барысында Бразилия халқының тарихы, салтдәстүрлері мен өнері барша әлемге паш етілді. Ән мен би, театрландырылған көріністер стадиондағы халыққа айрықша әсер сыйлады. Сондай-ақ олимпиаданың ең жарқын көріністері әлем назарына ұсынылды. Олардың арасына қазақстандық дзюдошы Отгонцэгэг Галбадрах пен әйелдер күресінен батысқазақстандық Екатерина Ларионованың жеңісті жұлып алған сәттері енгізілді.

Бұдан кейін дәстүр бойынша Халықаралық олимпиада комитетінің президенті Томас Бах марафонның жеңімпаз-жүлдегерлеріне медальдарын салтанатты жағдайда табыс етті. Сондай-ақ олимпиада комитетінің жаңа мүшелері таныстырылды. Белсенді еріктілер де ұмыт қалған жоқ.

Грекия мемлекеті және олимпиада әнұрандары орындалды. Олимпиаданың қасиетті байрағы Токио мэрі Юрико Коикэге табыс етіліп, Жапония астанасы таныстырылды.

Рио олимпиадасын ұйымдастыру комитетінің басшысы Карлос Артур Нузман осы олимпиада ойындарын жоғары деңгейде өткізуге үлес қосқандардың бәріне ризашылығын білдірді. «Әлемде бейбітшілік болсын. Бәсекелер тек спорт алаңдарында өтсін», деді ол. Халықаралық олимпиада комитетінің президенті Томас Бах Рио олимпиадасын ұйымдастырушылар мен оған қатысқан барлық мемлекеттер өкілдеріне алғысын айтып, Рио ойындарын жабық деп жариялады.

Айта кетейік, Қазақстаннан Рио олимпиадасына 26 спорт түрінен 104 спортшы қатысып, бақ сынады. Қазақстандықтар барлығы 17 медальмен (3 алтын, 5 күміс, 9 қола) ел спорты тарихында күміс және жалпы жүлделер саны жөнінен рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, жалпы есепте 22-інші орыннан көрінді. Қазақстан қоржынына соңғы екі жүлдені боксшылар түсірді. Қыздар боксынан 75 келіге дейінгі салмақта Дариға Шәкімова жартылай финалда 2012 жылғы Лондон олимпиадасының әрі әлем чемпионы, атышулы америкалық Кларесса Шилдске есе жіберіп, қола жүлдені иеленді (кейін дәл осы К. Шилдске ең үздік боксшы ретінде олимпиада тарихында алғаш рет Вэл Баркер кубогы табыс етілді. Ал ерлер арасында 1936 жылдан бері беріліп келе жатқан кубокты бұл жолы өзбек боксшысы, қазақстандық Біржан Жақыповты ұтқан Хасанбой Дусматов алды). Аса ауыр салмақта Иван Дычко да жартылай финалда ұлыбританиялық Джо Джойстан аса алмай, екі мәрте қатарынан олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды. Қыздар бәсекесін қоса есептегенде, қазақстандық боксшылар бір алтын, қос күміс, екі қола, барлығы бес жүлдені еншіледі.

Енді алда 2020 жылы 24 шілде – 9 тамыз аралығында Жапония астанасы Токиода өтетін ХХХІІ жазғы олимпиада ойындары тұр. Оның бағдарламасына жаңадан каратэ сынды спорт түрлері енгізілмекші. Демек, Қазақстан үшін де медаль алатын мүмкіндіктер молая түспекші.

Ендеше, жеңісті күндерде кездесейік.

Ғайса  БӘЙМЕН


Бірдей форма, бірыңғай баға арман болып тұр…

Күні: , 493 рет оқылды

IMG_9464


Жазғы демалыстың аяқталып, балалардың мектепке баратын күндері де жақын қалды. Қаладағы сауда нүктелерін араласаңыз, баласына мектепке киім іздеп, сеңдей соғылысқан ата-ананы көзіңіз шалады.  Адамдардың қарасы, әсіресе, орталық базардың маңайында көп. Себебі түсінікті де, мектеп формасына қолжетімді баға осы жерде. Ал ірі сауда орталықтары мен арнайы киім дүкендеріндегі баға қарапайым халықтың қалтасына біраз салмақ түсірері анық.


Мектеп формасы қандай болуы керек?

Жыл басында ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығымен оқушылар арасындағы әлеуметтік теңсіздік пен діни алауыздықтың алдын алу бағытында орта білім беру ұйымдарына міндетті мектеп формасы талап етілген болатын.

Ал бұл талап бойынша оқушылардың мектеп формасында қандай шарттар сақталуы тиіс екенін білесіз бе?

Ең алдымен зайырлылық сипатта болуына мән беріңіз, киімнің пішіні классикалық үлгіде, бірыңғай түсті, үш түстен артық және тым ашық түстердің болмауы ескерілуі қажет. Мектеп формасы күнделікті, мерекелік және спорттық болып бөлінеді. Ер балалардың мектеп формасының топтамасына дара костюм (бешпет), жакет, мерекелік және күнделікті жейде (қысқы ауысымға тоқыма жакет пен жылы жейде), кең тұратын әрі аяқтың тобығын жабатын шалбар кіреді. Ал қыз баланың үлесіне бешпет, жилет, белдемше (юбка), классикалық жейде (қысқы ауысымда тоқыма жилет, жылы жейде, сарафан) және кең тұратын әрі тобықты жабатын шалбар тиесілі. Сондай-ақ мектеп формасына спорттық киімдерді (аяқ киім, футболка, спорттық костюм) қосыңыз. Әр мектептің қалауы бойынша мектеп формасының үстіңгі бөлігі мен галстукке эмблема немесе жапсырмалар тағуға рұқсат етіледі. Алайда жарақат алуға ұрындыратын ұсақ-түйек заттардың тағылуына, әр түрлі конфессиялардың діни белгілерін енгізуге жол берілмейді.

Қай жерде, қанша тұрады?

Орталық базар алаңында ашылған мектеп жәрмеңкесіндегі бағалар өзге дүкендермен салыстырғанда ақылға қонымды. Бұл жерде Қытайдың қара базарынан, Алматының барахолкасынан, Қытайдың Гуанчжоу өлкесінен, Қырғызстаннан әкелген тауарларды жиі кездестіресіз. Өкінішке орай, сапа жағынан Ресей өнімдерінен қалыс қалады. Айталық, бастауыш сыныптың ер балаларына арналған костюмнің орташа бағасы 12-13 мың теңгені құрайды. Бұл сомаға бешпет пен жакет, шалбар (кейбірінде қос шалбардан) кіреді. Түркияның тауары сыртқы түрі керемет болғанымен, іші синтетика, қыста салқын, жазда ыстық тартады. Киімнің өлшеміне қарай бағасы да арта береді. Ал бұл топтаманы дарадан сатып алсаңыз, бір шалбардың құны 4500-6000 теңге аралығында, бешпетіңіз де 5-6 мың теңгенің айналасы, жакет 1500-2000 теңге. Ақ жейденің бағасы 3500-ден сапасына қарай 8 мың теңгеге дейін өсе береді. Спорттық костюмнің ең арзаны – 4500-8000 мың теңге аралығы. Аяқ киімдердің таза былғарыдан жасалғандары 8 мың теңгеден жоғары, егер жасанды теріден жасалған болса, 3000 теңгеден оңай табасыз. Спорттық аяқ киімдердің төмен бағасы – 4 мың теңге. Қыздардың да киімдері осы шамасында. Бастауыш сыныптың қыздарына арналған сарафандар 4000 теңге, ақ жейде 3000 теңгеден басталады, ал белдемшелер 3500-6000 теңгеден сатылуда. Оған өзге де шұлық, бантик, галстук, белбеу секілді аксессуарларды қоссаңыз, әрқайсысы кем дегенде 2000 теңгені құрайды. Осы ұсақ-түйекті саудаласаңыз, 10 мың теңге ақшаңыздан қалай қағылғаныңызды байқамай қаласыз. Сондай-ақ базар аумағындағы «Школа», «Адал», «Ресей жәрмеңкесі» дүкендеріндегі мектеп киімдерінің бағасы жоғарыдағы көрсеткіштермен бірдей деуге болады.

— Біреулер қалтасына қарап киім таңдайды. Арзанның аты – арзан. Тез тозады, тігістері сөгіліп, түстері тез оңғыш келеді. Дүкеннің ашылғанына төрт жыл болды, тауарларының барлығы Ресейден әкелінеді. Сапалары орташа, аса керемет дей алмаймын, алайда бізге сын айтып келген адамдар кездеспеді. Бағасы базармен бірдей. Тұрақты клиенттеріміз бар, — дейді «Школа» балалар киім дүкенінің Галина есімді сатушысы.

Әрине, қолжетімді көрінген бұл сомадағы киімдердің сапасы да соған сай. Төзімділігі әрі кетсе бір жылдан аса алмайды. Денеге жәйлі әрі бір кигенде құйып құйғандай үйлесе кететін, матасының құрамында синтетикасы жоқ, тігістері түзу әрі тура пішілген киімдер әлдеқайда қымбатырақ.

Мысалы, алысқа бармай-ақ сол маңдағы «Атриум» сауда үйіндегі оқушылар киімдері «аспандағы айды сұрайды». Бір ғана бешпеттің құны 23-25 мың, шалбары 15-16 мың, жейдесі 8-12 мың, аяқ киімдердің ең арзаны 8-10 мыңнан, спорттық аяқ киімдер 9-10 мың теңгеден басталады. Қыздардың сарафандары 10-12 мың, белдемшелері 9-10 мың, жейденің ең арзаны 8 мың теңгеден табасыз. «City Center» сауда орталығындағы бағалар да осы құралыптас. Өйткені бұл сауда орындарындағы тауарлар Түркия, Ресей, Германия, Италия елдерінен тасымалданады. Есесіне бұл киімдердің сапасы киюге төзімді, қанша жуылса да, өңін жоғалтпайды, екі-үш жыл қатарынан үздіксіз киюге жарамды. Бұдан кейін қаламыздың «Мектеп формасы» («Спецодежда») дүкеніне бас сұқтық. Бұл жердегі баға да қалтаға жеңіл соқпасы анық, бірақ сапаға жоғары мән берілген. Дегенмен отандық өнімнің иісі мұрынға да келмейді, жапсырмадағы өлшемдер қазақша жазылғаны болмаса, тауарлар Ресейдің Новосібір облысында тігілген.

Сонымен…

Киімді қай жерден сатып алған тиімді? Егер базардан алсаңыз, бастауыш сыныптағы бір ұл-қызыңызды киіндіруге кететін шығын шамамен 25-30 мың, арнайы мектеп формасы дүкенінде 45-60 мың, ірі сауда орталықтарында 70-90 мың теңгені құрайды. Бұл ең төменгі көрсеткіштер және бұған оқу құралдары мен мектеп сөмкелерін қоспаңыз.

Осылайша, қала бойынша бағаларды сараптап көрдік. Енді қалай таңдайсыз, қайсысын қалайсыз, «көрпеңе қарай көсілу» өз еркіңізде.

Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»

Айжан НАСИХАТ,

қала тұрғыны:

— Барлық мектепке ортақ бірыңғай мектеп формасын енгізетін уақыт келді деп ойлаймын. Әуелден айтылып келе жатқан даулы мәселе болғанымен, арнайы заң болмағандықтан, әркім өз қалауынша киініп жүрді. Биыл білім министрінің бұйрығымен міндеттелді. Бүгінде қала мектептеріндегі киім үлгісі әр мектепте әр түрлі. Бұл мектеп үшін жақсы болғанымен, оқушы басқа мектепке ауысқан кезде тағы да сол мектептің формасын тіктіруге тура келеді.

Ата-ана тағы да сол үшін қалтасын жұқартады. Мысалы, 2-сыныпқа баратын ұлыма тек күзгі мектеп киімін алуға 25 мың теңге қаржы жұмсадым. Бұған сөмке мен спорттық киімдерді, оқу құралдарын қоспаңыз. Мен анау-мынау дүкендерден емес, базардан ең арзанын алдым. Бұл деген масқара емес пе? Отбасында отағасының ғана жұмысы бар. Сонда көп балалы отбасылардың балалары қайтпек?

Бәріне ортақ, жалпы үлгідегі мектеп формалары отандық өндіріс орындарында дайындалса, жалпыкөпшілікке қолжетімді, базарларда саудаға шығарылса, қарайған жұрт сол жерден алар еді.

Нұрғайша,

қала тұрғыны:

— Қызым – қаламыздағы №38 мектептің оқушысы. Оқу жылының соңында ата-аналар жиналысында бірауыздан келісіп, мектеп формасын қаламыздағы «Мектеп формасы» («Спецодежда») дүкенінен сатып алатын болып келістік. Бұл жерден жакетті 5800 теңгеге, белдемшені 5900 теңгеге, бешпетті 10000 теңгеге, жылы жемпірді 4 мың теңгеге сатып алдық. 25 мың теңге ақшам тек төрт дана киім алуға ғана жетті. Бір артықшылығы, дүкендегі киімдерді жыл бойына сатып ала беруіңізге болады. Сапасында сөз жоқ, өте жақсы тігілген. Артық қылау таппайсың. Өкінішке орай, бағасы шарықтап тұр, оқу жылы жақындаған сайын бағасы да өсіп жатыр. Әлі спорттық киімдері мен оқу құралдарын алу керек, оның да бағасы күйіп тұр. Құзырлы мекемелер мектеп формасын әр мектеп бойынша емес, Қазақстан бойынша бірыңғай етіп, барлық сауда нүктелерінде бірыңғай бағамен шығаруды қолға алса, құба-құп болар еді.

Жанат,

қала тұрғыны:

— Қызым №43 мектептің 4-сыныбына барады. Мектептің келісімі бойынша «Мектеп формасы» («Спецодежда») дүкенінен барып киім алдық. Бұл жердегі бағалар көңіліме қонбады. Өте қымбат. Осы жерден қызымның белдемшесі мен ақ жейдесі, жакетіне 15100 теңге жұмсадым. Одан бөлек бешпетін 10800 теңгеге алдым. Осыдан бір ай бұрын барғанда бешпеттің бағасы 9800 теңге болатын. Өзге киімдердің де бағалары 700-1000 теңге аралығында шарықтап кетіпті. Кәсіпкерлердің ата-аналардың қалтасын қағып, аяқ астынан тез байығысы келген шығар. Бұл әрекеттерін ұят деп санаймын.

Зәуре ҒҰМАРОВА,

облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

— Биыл ҚР Білім және Ғылым министрлігінің арнайы бұйрығы бойынша мектеп формасы барлық орта білім беру ұйымдарына міндеттелді. Алайда әр мектеп ата-аналар жиналасының жалпы қорытындысы бойынша қандай үлгіні қалайды, таңдау өздерінде. Сондай-ақ киімді базардан ба, дүкеннен бе, тапсырыс беріп алдырады ма, оған біздер араласа алмаймыз. Нарықтық экономикаға байланысты әр кәсіпкер бағаны өздері қадағалайды. Дегенмен аз қамтылған отбасының балаларына, жетім және қорғаншылықтағы балаларға жалпыға бірдей білім беру қорынан қаржы бөлініп, мектепке баруға көмектесеміз. Сондай-ақ «Мектепке жол» шарасы барысында да демеушілердің көмегімен бұл мәселені шешіп келеміз.


Жемқорлықтың жолын жұмыла кескен жөн

Күні: , 176 рет оқылды


Cыбайлас жемқорлық – қоғамның көлеңкелі тұсында тамыр жайып отыратын ауыр індет. Ширек ғасыр ішінде әлемге танылып келе жатқан мемлекетіміздің кең қанат жаюына тұсау болып отырғанын мойындауға тиіспіз. Демократия тетіктері мығым орнығып келе жатқан елімізде әрбір адамның моральдық-құқықтық теңдігі қорғалуы үшін барлық жағдай жасалуда.


«100 нақты қадам» Ұлт жоспарында Елбасымыз: «Қазір қазақстандық мемлекеттік қызметті  дамытудың жаңа кезеңі бастау алды. Менің Жарлығыммен Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі министрлік, оның құрылымында – Жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың ұлттық бюросы құрылды. Осылайша  тек  мемлекеттік қызмет жүйесі ғана емес, сондай-ақ жемқорлыққа  қарсы іс-қимыл танытатын, яғни жемқорлық көріністерінің барынша алдын алуға бағдарланған жүйе де жаңғыртылып отыр. Бұл жерде жемқорлықпен күрестің өзі барынша дәйекті бола түседі және жүйелі сипатқа ие болады»,  – деген еді. Сонымен қатар  соңғы  жылдары «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Мемлекеттік қызмет туралы» ҚР Заңдары аясында құқықбұзушылыққа қарсы әрекет қатаңдай түскені белгілі.

Елбасы бекіткен 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның ықпалы түрлі мемлекеттік органдарда, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік, кәсіпкерлік сала мекемелерінде айрықша байқалады. Заңбұзушылықтың алдын алуға байланысты дөңгелек үстел, семинар, есеп жиындары, БАҚ арқылы ағарту шаралары үздіксіз қолға алынуда.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының БҚО бойынша департаменті былтыр 250 қылмыстық құқықбұзушылықты анықтады. Ал бұл көрсеткіштің мемлекетке тиген залалы орасан зор. Латын тілінен алынған «corruptio» сөзінің этимологиялық төркіні «параға сатып алу», «пара» деген мағынаға саяды. Рим империясы дәуірлеп тұрған кездің өзінде-ақ «corrumpire» түсінігі болған. Яғни  «сындыру, бүлдіру, бұзу, зақымдау» деген түсініктің аясында құқыққа қарсы іс-әрекетті білдірген. Ерте заманнан-ақ, лауазымды адамдардың, саяси қайраткерлердің сатқындығы қатаң айыпталып отырған.

Тұрғындардың құқықтық  сауаты бекем бола түскен сайын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күшейе түсетіні анық. Мемлекеттік саясатты тиімді жүргізуге зор кесел келтіріп отырған парақорлықтан аулақ жүру, құқықбұзушылықты әшкерелеу – баршаға міндет. Бұл ретте мемлекеттік аппаратта жүргізіліп жатқан реформалар бүгінде оң нәтиже беруде. Мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігі мен қабілеті терең талдау жүргізілетін конкурстар арқылы бағалануда, мамандардың мансаптық өсу жолы да таза болуына қатаң талап қойылуда.

Қазіргі уақытта қоғамдық бақылау институттарының құзыреті күшейтілуде. Халықаралық және ұлттық деңгейде сыбайлас жемқорлық деректерін талдау арқылы қылмыстық құқықбұзушылықтың алдын алуға қатысты зор жұмыстар жүргізілуде. Әрине, бұл іске қоғам тарапынан зор қолдау қажет. Ол үшін мемлекетіміздің әрбір азаматы Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті. Жеке мүддесінен гөрі ел қамын ерте ойлаған жан парақорлық секілді жаман қасиеттен аулақ болатыны анық.

Бейбіт  ИРМЕНОВ,

Сыбайлас  жемқорлыққа  қарсы  іс-қимыл ұлттық бюросы  БҚО департаменті жедел басқарма басшысының орынбасары


Оралда 30 спорт алаңы салынбақ

Күні: , 153 рет оқылды

IMG_9507


Сенбі күні «Атамекен» лагерінде спорт күні мерекесіне арналған салтанатты шара өтті. Өңір спортшыларын атаулы мерекемен облыс әкімі Алтай Көлгінов құттықтады.


Облысымыздағы спорт саласының дамуын  баяндаған бейнероликпен ашылған шара барысында спорт ардагерлеріне құрмет көрсетілді.

– Әрбір мемлекеттің Туы екі жағдайда көтеріледі. Біріншісі, Мемлекет басшысының басқа елге жасаған ресми сапары барысында, екіншісі спортшыларымыз жеңіске жеткен кезде. Биылғы мереке олимпиада ойындарымен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақстандық спортшылар Рио олимпиадасында жақсы жетістікке қол жеткізді. Оған біздің жерлестеріміз де өз үлестерін қосты. Бұл, әрине, біз үшін мақтаныш. Күні кеше, түннің бір уағы болғанына қарамастан, Қадыр орталығына барып, даңқты жерлесіміз Данияр бауырымызға қолдау көрсеттік. Сөйтіп, оның олимпиада жеңімпазы атанғанының куәсі болдық. Сонымен қатар Екатерина Ларионова да еліміздің абыройын асқақтатты. Бұл – батысқазақстандықтардың ортақ жетістігі.

Елбасы республикамызда спортты, соның ішінде бұқаралық спортты дамыту бағытында тиісті шаралардың қолға алыну керектігін айтқан болатын. Сол бағытта өңірімізде де қажет шаралар алынуда. Мәселен, шорт-трек, бенди, хоккей, шахмат, бокс, күрес сынды спорт түрлері облысымызда жақсы дамуда. Мұндай жағдайға жетуімізге спорт ардагерлерінің, бапкерлердің қосып жүрген үлесі көп.

Жалпы, спортпен айналысуды әркім өзінен бастауы керек. Осы сәтті пайдаланып, 4 қыркүйекте өтетін көпшілік жүгіру және қала күніне орай 9 қыркүйекте болатын велошеру шараларына шақырғым келеді. Оған біз де, яғни мемлекеттік қызметшілер де қатысамыз.

Біз алдағы уақытта балалар мен жасөспірімдер спортының дамуына жете мән беретін боламыз. Соған орай облыс орталығы мен аудандарда спорт алаңдарын салу жоспарда бар. Мысалы, келер жылы Орал қаласының өзінде көп қабатты үйлердің аулаларында 30 спорт алаңы салынады. Бұл бұқаралық спорттың дамуына да мүмкіндік беретіні анық, — деді өз сөзінде Алтай Сейдірұлы.

Содан кейін өңір басшысы үздік спортшылар мен жаттықтырушыларды өзінің алғысхатымен марапаттады. Олардың арасында жастар арасында шахматтан әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Жанат Сайын, шорт-тректен жасөспірімдер арасында ІІ қысқы олимпиада ойындарының қола жүлдегері  Анита Нагай, бокстан жасөспірімдер арасындағы ІV «Азия балалары» халықаралық спорттық ойындарының жеңімпазы Нұрсұлтан Нұриддинов, грек-рим күресінен кадеттер арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Дәулет Ларионов, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Рио олимпиадасына қатысушылар А. Дергунов пен А. Ергучевтің тәлімгері Александр Аккунишников, жеңіл атлетика бойынша бапкер, олимпиадаға қатысушылар Г. Шейко мен П. Репинаның жаттықтырушысы Рустам Куватов бар. Сондай-ақ спортты жүйелі түрде насихаттағаны үшін өңіріміздегі ақпарат құралдарының  басшылары  марапатталды.

Өз кезегінде салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы облыстық филиалының төрағасы Айдар Батырханов спортшыларды, спорт мекемелеріндегі кәсіподақ қызметкерлерін аталмыш ұйымның төсбелгісімен, құрмет грамотасымен, алғысхатымен марапаттады.

Шара барысында аудандардан келген балалар мен жасөспірімдер спорт түрлері бойынша сынға түсті.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал өңірі»

Суретті  түсірген Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


Үздік мектепке – 18 млн. 287 мың теңге

Күні: , 182 рет оқылды

IMG_8295


Өңірімізде білім беру саласында көптеген жоба жүзеге асып, игі істер жасалуда. Ендігі кезекте жаңа оқу жылынан бастап,  әр ай сайын бір күнді «педагог күні» деп белгілеп, облыс әкімі өзі бастап,  қала, аудан әкімдері қостап,  білім ошақтарына барып, мұғалімдер мен шәкірттердің жағдайын өз көздерімен көріп, кейбір толғандырып жүрген мәселелері туралы сөйлеспек ниетте. Өңір басшысының бұл  ұсынысы  ұстаздар қауымының көңілінен шықты.


Бұл туралы сенбі күні “Нұр Отан” партиясы БҚО филиалы ғимаратының мәжіліс залында өткен “Білімді ел – мәңгі ел” атты тамыз кеңесінде айтылды. Облыстағы барша ұстаздың басын қосатын алқалы жиынға облыс әкімі Алтай Көлгінов, ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева, білім беру ұйымдарының басшылары мен мұғалімдер қатысты.

– Ұлтты ұстаз тәрбиелейді. Заманауи оқушының ішкі әлемін еркін түсінуі үшін мұғалім шексіз ақпараттық кеңістіктерді еркін игере алуы тиіс. Бұл – заман талабы. Оқушыларды білім кеңістігінде ғылыми-техникалық шығармашылығын арттыруда робот техникасының маңызы зор. Осы бағытта Назарбаев зияткерлік мектептерімен «Робот техникасы» бағыты бойынша байланыстар орнатылуда. Ағымдағы жылда 160 педагог «Робот техникасы» курсы бойынша біліктіліктерін арттырса, осы технология бойынша облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған қазақтүрік мектеп-лицей-интернаты базасында 35 педагог біліктілік курстарынан өтті. Облыстық бюджет есебінен облыстағы 125 мектепке робот техникасы кабинеттерін сатып алуға 365 млн. теңге қаржы  қарастырылды.  Ағымдағы жылы білім ошақтарына бейнебақылау камераларын орнатуға жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылып, 319 нысанға 4700 бейнебақылау камералары орнатылды.  Өңірімізде жеке балабақшалар санын көбейтуге ерекше көңіл бөлу қажет.

Өйткені бар жағдай жасалып жатқанымен, балабақшаға деген сұраныс өзекті күйінде қалып отыр. Қазіргі күнде 20 826 бүлдіршін кезекте тұрса, оның 17600-і Орал, 2238-і Ақсай қаласынан. Сондықтан өз ісін ашқысы келетін жандарға жеке балабақша ашып, кәсібін көркейтуге мүмкіндіктер бар. Біз де өз тарапымыздан қолдау көрсетуге дайынбыз, – деп білім саласындағы біраз мәселені тілге тиек еткен облыс әкімі Алтай Сейдірұлы Рио олимпиадасында еліміздің көк туын желбіреткен батысқазақстандық спортшыларды оқытқан ұстаздарға құрмет көрсетті.

ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің атынан батысқазақстандық ұстаздарды құттықтаған ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева елімізде білім саласының ширек ғасырда қол жеткізген жетістіктерін атап өтті.

Облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның айтуынша, облыстың білім беру саласындағы бюджеті 2015 жылғы 42,2 млрд. теңгеден 2016 жылы 53,1 млрд. теңгеге өсті. Соның ішінде республикалық бюджеттен 3,0 млрд. теңге мектепке дейінгі балалар және кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға, білім беру нысандарын күрделі жөндеуге, колледж оқушыларына шәкіртақы мөлшерін өсіруге бөлінді.

Республикалық бюджеттен 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап білім беру саласы қызметкерлерінің орташа жалақысы 29%-ға дейін өсуіне байланысты еңбекақы төлеу жүйесінің жаңа моделін енгізуге 10,9 млрд. теңге көлемінде трансферттер бөлінді. Ағымдағы жылы шетел инвестициясы есебінен Орал қаласында жастар және оқушылар сарайын ашу жоспарлануда.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасын іске асыру шеңберінде 10 білім беру нысанына жалпы сомасы 1548 млн. теңгеге күрделі жөндеу жүргізілуде, соның ішінде 1005 млн. теңгесі республикалық бюджеттен, 543,8 млн. теңгесі жергілікті бюджет есебінен қа-растырылған. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен бір білім беру нысанына 159,7 млн. теңгеге, шетел инвестициясы есебінен екі білім беру нысанына 527,0 млн. теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оқу орындарының материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жақсаруда, білім беру ұйымдарын компьютерлік техникамен жарақтандыруға жергілікті бюджеттен 259,8 млн. теңге бөлінді.

«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша ұлттық қор есебінен Шыңғырлау ауданында 290 орындық бөбекжай құрылысы аяқталуда,  шетел инвестициясы есебінен Бөрлі ауданы Бөрлі ауылында 140 орындық бөбекжай пайдалануға берілді.  Сонымен қатар шетел инвестициясы есебінен Ақсай қаласында 320 орындық бөбекжай құрылысы басталды.

Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде 1210 орындық төрт балабақша құрылысының жобалық-сметалық құжаттары жасақталуда, соның ішінде Орал қаласында екі балабақша (360 және 290 орындық), Ақжайық ауданы Чапаев ауылында (280 орындық) және Сырым ауданы Жымпиты ауылында (280 орындық). Мектепке дейінгі білімді қамтамасыз етуде бизнес өкілдерін қатыстыру бойынша атқарылған шаралардың нәтижесінде 2010 жылы үш жеке мектепке дейінгі ұйым болса, 2016 жылы олардың саны 24 бірлікке дейін артты. Жеке балабақшалар саны барлық балабақшалардың 5%-ын құрайды.

Мектепке дейінгі ұйымдардың желісін дамыту және тәрбиемен қамтудағы көрсеткіштердің артуына қарамастан, Ақжайық, Бөрлі, Жаңақала, Зеленов, Сырым, Тасқала, Теректі аудандары мен Орал қаласында мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды ұйымдастырудағы қажеттілік сақталып отыр.

Елімізде жаңартылған білім беру  мазмұны бағдарламасына көшу стратегиясы жүзеге асырылуда. Білім беру жүйесінде бұл мұғалімдердің жұмысына жаңа талаптар қояды.

2015 жылдың 1 қыркүйегінен бастап еліміздің 30 мектебінде Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесін тарату мақсатында 12 жылдық білім берудің жаңа бағдарламасы апробациядан өтті, оның ішінде біздің облысымыздан екі мектеп – Орал қаласының М. Ықсанов атындағы  №36 орта мектебі мен Теректі ауданының Шаған  орта мектебі осы бағытта жұмыс жасауда.

2016 жылдың 1 қыркүйегінен бастап білім берудің жаңартылған жүйесі кезең-кезеңімен енгізілмек. Ағымдағы жылдың жаңа оқу жылынан бастап бірінші сыныптар бес күн  оқитын болады. Аудандық (қалалық) білім бөлімдерінің болжамды мәліметі бойынша 1 қыркүйекте 6-7 жастағы 11467 оқушы бірінші сыныпқа қадам баспақ ниетте. Жаңартылған білім беру мазмұнына көшуге байланысты бастауыш сынып және пән мұғалімдерінің біліктілігін арттыру курстары ұйымдастырылды. Жаңа бағдарламаға сәйкес оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер сатып алуға баспаларға сұраныс жасалған.

Облыстағы білім беру саласының бүгіні мен келешегі туралы орамды ойлар айтылған тамыз кеңесінде жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуге елеулі үлес қосқан ұстаздарға ҚР Білім және ғылым министрлігінің марапаттары табыс етілді. Бөрлі ауданы, Ақсай қаласындағы №4 орта мектебінің мұғалімі Екатерина Тэн, облыстық балалар мен жасөспірімдер туризм және экология орталығының қосымша білім беру педагогы Светлана Петченко, Ә. Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінің мұғалімі Гүлжиһан Тасқарина, Батыс Қазақстан индустриалды колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Марья Сисенғалиева “Ы. Алтынсарин” төсбелгісімен, сондай-ақ облыстық білім басқармасының бөлім жетекшісі Надежда Лебедева, Ақжайық ауданы, Абай атындағы мектеп-гимназиясының директоры Светлана Оразова “Білім беру ісінің құрметті қызметкері” төсбелгісімен марапатталды.

Тамыз кеңесінде республикалық “Үздік педагог” байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздарына да сый-сияпат тапсырылып, құрмет көрсетілді. Олардың қатарында мектепке дейінгі білім беру ұйымдары бойынша Бөрлі ауданы №3 мектепке дейінгі балалар ұйымының педагог-психологы Ботагөз Еділбаева, орта білім беретін ұйымдар арасында облыстық дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицейінің география пәнінің мұғалімі Айсәуле Сидарова, техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдар арасында Орал ақпараттық-технологиялар колледжі химия және биология пәндерінің оқытушысы Жазира Бисалиева бар. “Орта білім беретін үздік ұйым” байқауының жеңімпазы атанған Ә. Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейіне 18 млн. 287 мың теңгенің сертификаты мен бейнекамера табыс етілді.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»


Қош бол, Медетжан!

Күні: , 189 рет оқылды

DSC_1071


Қабырғамызды қайыстырып, аққан жұлдыздай Медет әріптесіміз ортамыздан ғайып болды. От пен суды тілсіз жау деп жиі айтамыз. Бауырымыздың ажалы судан келді. Өткен сенбіден бері барша әріптестерім бір-біріне қайыр болсын айтып, біразы Медеттің жарқын бейнесін суреттеп, әлеуметтік желіде қоштасты. Жексенбіде мәңгілік мекеніне апарып, қара жердің қойнына тапсырдық. Өзінің әкесі, басқа да ағайын-тумасы жерленген жер, Ақжайық ауданы, Жайық ауылының маңындағы қорымға қойылды.


Медетті аудандық редакциядан “Приуралье” газетіне бет құрушы қызметіне, одан әрі өз қалауымен фототілшілікке ауыстырған кездегі қуанышты сәттері көз алдымда. Ерекше қағілез, ақкөңіл, тәртіпті жан еді. Әрдайым кәсіби біліктілігін арттыруға ынталы болды. Жұмысты жан-тәнімен беріліп жасайтын. Табиғатты, яғни туған жерді ерекше сүйетін. Өн бойынан есіп тұратын қарапайымдылығын барлығы құрметтейтін. Ол өзінің еңбекқорлығы мен көркем мінезі арқасында бәріне ерекше сыйлы болды. Мекеменің дамуына, ұжымның ауызбіршілігіне зор үлес қосқан азамат.

Бұл жарық дүниеде Медеттің өмірі қысқа болды. Бірақ ендігі екінші өмірі ұзақ боларына сенемін. Ол оған қажеттінің бәрін атқарып үлгерді. Қалғаны біздің еншімізде. Медетжан, біздер, әріптестерің, қарап қалмаймыз. Сенің мерейің үшін қызмет етеміз. Анаң, жарың, қызың әлі талай сен үшін мақтанатын болады.

Қаза қайырлы болсын! Жатқан жерің жарық, топырағың торқа болсын, Медетжан!

Жантас САФУЛЛИН,

“Жайық Пресс” ЖШС-ның бас директоры

Ажал қас пен көздің арасында деген сол екен ғой. Өткен жұма күні кешкі сағат алтыларда біз сені соңғы рет көріп тұрғанымызды қайдан білейік.

Ғайса, Сырымбек және осы жолдардың авторы көлігімізді күтіп, «Жайық Престің» бірінші қабатында отырғанбыз. Сол күні жұмысымыз ерте бітіп, үйлерімізге уақытында қайтатын болғасын ба, көңілді едік. Төртінші қабаттан сен де түсе қалдың. Әдеттегідей елгезек қалпыңмен бәрімізге ақжарқын амандастың. Бұл жолы ертесін алыс ауданға шұғыл іссапарға кетіп бара жатқансың. Сол арада қалта телефоның безілдеп қоя берді. Асығыс сөйлеп, әлдекімге «Міне, келе жатырмын, міне, келе жатырмын» — деп үсті-үстіне жауап қайтардың. Арқаңда жолқапшығың, ішінде фототілшінің саймандары қаршығадай қағілез денең қылаң қағып, тыпыршып тұрдың, асығып тұрдың. Сол арада көлік келіп, бәріміз сыртқа ақтарылдық. Анадай жер озып барып, «Ағалар, қалай қарай барасыздар?» — дедің қайырылып. Асығып айттың… Әзілдесетін әдетімізге басып, «Тасқалаға тартып бара жатырмыз» — дедім. «Ойбой, жолымыз бөлек екен, мен Карев көшесіне қарай барамын» — деп тарта жөнелдің. Бәріміз ду күліп, «Кел, кел, отыр, жеткізіп тастаймыз» — деп әрең тоқтаттық. Қуанып, мәз-мейрам болып, ортамызға қойып кеттің. Карев көшесіне келгенде «Әрі қарай өзім барамын» — деп түсіп қалдың. Түстің де, адымдай жөнелдің. Әлденеден кешігетіндей, бірдеңеден құр қалатындай жүгіре басып бара жаттың. Көрген-баққанымыз осы. Келесі күні қаралы хабар жетті сумаңдап. Отызға да толмаған ғұмырың Барбастаудың тұңғиығында сені тапжылмай күтіп жатқан ажалға асыққан екен ғой.

Елгезек қалпың, «ағалап» тұратын кішіпейілділігің, жұмысыңа деген адалдығың естелік болып қалды енді. «Фототілші Медет»  деп өткен шақпен айтылатын есімің қалды әріптестеріңнің арасында. Асығып бара жатқан қалпыңды тоқтата алмаған өкініш қалды. Барбастаудың басына барғызбасы неге барғызды екен деген әттең-ай, қалды. Бақұл бол, Медет…

Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ


Партиялықтар балаларды мектепке даярлауда атсалысуда

Күні: , 143 рет оқылды

IMG_9914


Әр оқу жылының қарсаңында «Мектепке жол» акцияның өткізілуі дәстүрге айналып келеді. Биылғы оқу жылында да аталмыш шара жалғасын тапты.


«Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының ұйымдастыруымен, Орал қаласының №33 жалпы орта білім беретін мектебінде партияның «Бақытты балалық шақ» жобасы аясында «Мектепке жол» акциясы өтті. Науқан барысында №33 мектептегі тұрмыс жағдайы төмен, аз қамтылған, көп балалы отбасынан шыққан балаларға мектепке қажетті құрал жабдықтар мен портфель таратылды.

Акцияның мақсаты – оқуға тартылмаған балаларды анықтау, тұрмысы төмен және көп балалы отбасылардың балалары мен жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға көмек беру. Бұл акция аясында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихатының депутаты Серік Сүлеймен сайланған округіндегі №33 мектеп балаларына көмек қолын созды. Сонымен қатар, айта кету керек, аталмыш акция аясында «Нұр Отан» партиясының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары аз қамтылған көп балалы отбасынан шыққан балаларға түрлі көмек көрсетуде.

Біздің еліміз тәуелсіздік алғанына 25 жыл толғанына қарамастан көптеген проблемалар бар екендігі белгілі. Осындай аз қамтылған отбасыларына мемлекет тарапынан істеліп жатқан көмек өте көп. Соның бір көрінісі ретінде бүгінгі шара болып табылады. Біздің өтінішімізді қабылдап, балаларымызға мектепке қажетті кеңсе тауарларымен көмектесіп отырғаныңыз үшін  мен «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалына, филиал қызметкерлеріне мектеп ұжымы атынан алғысымды айтамын, — деді №33 жалпы орта білім беретін мектебінің директоры Ахмади Арғынбаев.

«Нұр Отан» партиясы БҚО филиалының

баспасөз хатшысы Назгүл Қожанбаева


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика