Мұрағат: 20.08.2016


Қазталовтықтар түнімен тойлады

Күні: , 177 рет оқылды

IMG_2826


Тамыздың 18-і күні түнгі сағат 00:30-да жерлесіміз, Қазталов ауданы Қайыңды ауылынан шыққан боксшы Данияр Елеусінов өзбек елінің боксшысы Шахран Гиясовпен қолғап түйістірді. Нәтижесінде Данияр бауырымыз айқын басымдықпен жеңіп, ОЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЧЕМПИОНЫ атанды.


Жерлестерінің финалдық жекпе-жегін қазталовтықтар “Достық” саябағында тамашалап, жанкүйерлік танытты. Даниярдың жеңісіне қуанған жерлестері “Данияр — чемпион!” деп ұрандатып, қуанып жатты. Төрешілер Даниярдың жеңіске жеткенін хабарлағаннан кейін, жарысты халықпен бірге тамашалаған аудан әкімі Нұрлан Бекқайыр қазталовтық ағайынды құттықтап: — Бүгін біз үшін үлкен қуаныш. Даниярдың аты аудан тарихында және әлем спортының тарихында алтын әріптерімен жазылатын болады. Баршаңызға бүгінгі түнде Даниярға жанкүйер болып, қолдау білдіргендеріңізге өз атымнан алғысымды білдіремін, — деді.

Сондай-ақ Данияр Елеусіновтің жеңісінің құрметіне аудан көркемөнерпаздары ән шырқап, саябақтың түнгі аспаны әдемі отшашуға бөленді.

Қайрат ЖАҚЫП,

Мөлдір ТӨЛЕКЕНОВА,

Қазталов ауданы


Чемпионға арналған аутошеру

Күні: , 155 рет оқылды

IMG_2871


Тамыздың 18-і күні Қазталов ауылында жерлесіміз, олимпиада чемпионы атанған Данияр Елеусіновтің құрметіне аутошеру ұйымдастырылды.


Салтанатты шеруде сөз алған аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова:

— Данияр бауырымыздың жеңісі теңдессіз. Ол әлем алдында қазақ оғландарының қандай екенін дәлелдеді. Төрткүл дүние бұл жеңіске қызыға да, қызғана да қарады. Қараөзеннің жағасында, қызғалдақты алқапта кіндік қаны тамған Данияр – ел мақтанышы, — деді.

Аутокөлік шеруі Қазталов ауылының бас көшелерімен көк байрағымызды желбіретіп, жеңісті паш етіп, жүріп өтті.

Гауһар ӘДІЛЖАН,

Қазталов ауданы


Березовтық балалар Орынборда демалуда

Күні: , 163 рет оқылды

IMG-20160819-WA0019


Қазіргі уақытта Бөрлі ауданындағы Березов ауылының балалары Ресейдің Орынбор облысындағы «Солнечная страна» атты білім беру-сауықтыру кешенінде тынығуда. Саяхатты облыс және Бөрлі ауданының әкімдігі Орынбор облысының басшылығымен бірлесе ұйымдастырған. Балаларды лагерьге жеткізуге «ҚПО б.в.» компаниясы автобус берген.


Жеткіншектер  алғашында ата-аналарымен бірге келгенімен, қазіргі кезде олардың қасында Ақсай қаласындағы  емханада қызмет ететін психолог пен мектеп мұғалімі бар. Башқұртстан шекарасына жақын көрікті жерде орналасқан лагерьдегі қамқорлыққа жасөспірімдер мен олардың жетекшілері дән риза. Балалар емдеу шарасын уақтылы алуда және қажетті дене шынықтыру амалдарын жасайды.

Олар осындағы демалыс ұнайтынын, алғашқы күннен жақсы әсерге бөленгендерін айтты. Лагерь қызметкерлері өте қамқор әрі сыпайы көрінеді. Күн сайын түрлі шаралар өткізіледі. Тәлімгерлер қызықты байқаулар ұйымдастырады. Демалушылар қолөнермен айналысады, ән салады, би билейді.

Лагерьге барарда әрбір балаға қойылған диагноз бен дәрігерлер тағайындауы енген  шипажай кітапшасы ашылады. Сауықтыру кешенінің медбикесі Евгения Хамитованың айтуынша, балалар алмаг (магнитотерапия) аппараты арқылы ем қабылдайды екен. Бұл құрылғы дене жарақаттанған, сіңір созылған кезде пайдаланылады. Биоптрон құрылғысы иммунитетті нығайтса, ал милта сәуле терапиясының аспабы ас қорытуға, тамақ ауруын, созылмалы бадамша безінің қабынуын емдеуге пайдалы. Барлық емдік шара қатаң түрде сырқат анықтамасына байланысты дәрігер-физиотерапевтің тағайындауымен күнара жеті мәрте жүргізіледі.

Демалыс орнында балалар топқа бөлінген. Әрқайсысының өздері қиялына сүйеніп жасайтын таным белгісі бар. Қазақстаннан келген топ Астанадағы Бәйтерек кескінін басты нышан ретінде таңдапты. Күн сайын кестеге сай шаралар ретімен өтеді. Түскі астан кейін тынығып, ұйықтауға уақыт бөлінген.

— Білім беру-сауықтыру орталығы 2014 жылы құрылған. Оған Орынбор облысынан ерекше қабілеті бар талантты балалар қабылданады. Лагерь ашылғаннан бері 4 мың жеткіншек демалды. Әрбір ауысымның өзіндік тақырыбы белгіленген. Биыл «Құрлықтар жұлдыздары» тақырыбы таңдалды.  Батыс Қазақстан облысының балалары осы кезеңге сәтімен келіп, туған елін басқаларға кеңірек таныстыруға мүмкіндік алды. Өзге елдің ұландары лагерьге бірінші рет келіп жатыр және болашақта бұл үрдіс жалғасын табатынына үміттімін. Кішкентай меймандар сауықтыру бассейніне түсіп, қылқан жапырақты және інжу ваннасын қабылдауда. Бұл – көптеген ауруға шипа, – деді лагерь директоры Татьяна Михелёва.

Мұнда Березов ауылынан жол тартқан 22 бала 11  күн демалмақ.

Лагерьдегі қызықты күндер тамыздың 10-ында басталған. Демалушылар таңғы жаттығу жасайды және арнайы құрал-жабдық орналасқан спорт залына, алаңдарға жиі барады. Шекарадан асқаннан кейін сәл алаңдағандарымен, тамылжыған табиғат аясында өткен түрлі ойын-сауық шаралары балалардың көңілдерін шайдай ашып, қуаныш сыйлаған. Олар сауықтыру кешенінде күніне бес мәрте тамақ ішеді. Дәрігерлер тарапынан тұрақты бақылау және жасалып жатқан жақсы жағдай денсаулықтарына оңынан әсер етуде.

Камила САҚБОЛСЫНОВА


Шабындықта шалғы үні шалқиды

Күні: , 174 рет оқылды

2010080837908f7173_hay


Облысымызда қысқы мал азығын дайындау жұмыстары жоғарғы қарқынмен жүргізілуде. Сала мамандарының мәлімдеуінше, биыл көктемгі жаңбырдың мол болуынан шөп қалың шығып, жоғары өнім алынуда.


Ағымдағы жылдың тамыз айының 15-і күнгі көрсеткіш бойынша шабындықтың  әр гектарынан орташа есеппен 16,3 центнер өнім алып,  өзгелерден озық тұрған – Зеленов ауданы. 128,316 мың гектар жерді шабуды көздеген  аудан шаруалары осы уақытқа дейін  оның 75,5 пайызын орындаған. Қазіргі таңда жоспарланған 203,87 мың тонна шөптің 153, 89 мың тоннасы жиналған.

Ал Бөрлі ауданы болса, жоспарды артығымен орындаған. Биылдыққа 474,3 мың тонна мал азығын дайындау жоспарланған. Өңірде 583,39 мың тонна мал азығы дайындалып, жоспар артығымен, яғни  123 пайызға орындалып отыр.

Шабылған шөптің өнімділігі  гектарына орташа 10,8 центнерді құрайды.

Өзге аумақтармен салыстырғанда, биыл ең көп 363,900 мың тонна шөп жинауды жоспарлаған Ақжайық ауданы болып отыр. Бүгінге 175,076 мың тоннасы дайындалған. Оның ішінде ауыл шаруашылығы құрылымдары бойынша – 109,568 мың, жеке тұрғындар – 65,508 мың тонна. Ауданның 18 ауылдық округінің 12-сінде алдағы қыс маусымына  қажетті  мал азығы толық әзір. Шабындықтарда 380 трактор, 395 шалғы, 136 тайлауыш, 143 тиегіш жұмыс жасауда.

Сондай-ақ кестеге көз жүгіртсек, шабындық төсіндегі қимылы ерек Қазталов  ауданының пішенші-механизаторлары екенін байқауға болады. Аталған аудан шаруалары 343,13 мың тонна мал азығын дайындауға бекініп, Ақжайықтан кейін көбірек шөп жинауды жоспарлаған екінші аудан. Қос өзен жағасындағы пішеншілер көздеген меженің 241,660 мың тоннасын немесе 70,4 пайызын жинап үлгерген.

Шөптің шығымына қарай Бөкей ордасы ауданында қысқы мал азығын дайындау жоспарын биыл екі есеге орындау мақсат етілген. Яғни 238,230 мың тоннаға жеткізу көзделді. Күні бүгінге 206,500 мың гектар жер шабылып, одан алынған өнім 113,500 мың тонна қыстақтарға тасылып, үйілуде.

Жаңақала  ауданының жоспары бойынша 125,41 мың тонна мал азығын дайындау болса, бүгінге дейін оның 82,8  пайызы дайындалды.

Мал азығын дайындау науқанына 180 трактор, 127 орақ қатысып, күні бүгінге дейін 189,08 мың гектар жердің шабындығы шабылды. Одан 103,8 мың тонна сапалы табиғи мал азығы жиналды.

Биылғы шөп өнімділігі бір гектардан орташа 5,76 центнер болып отыр.

Орақ қарқыны жақсы. Әсіресе, жоспарының 97,0 пайызын дайындаған Пятимар, 89 пайызын дайындаған С. Меңдешев атындағы, 84 пайызын дайындаған Мәстексай, Жаңажол округтерінде орақ іркіліссіз жүруде.

Тасқала ауданы бойынша да шаруашылықтарда шөп шабу науқаны қарқынды. Бүгінгі таңда 63,4 мың тонна шөп дайындалды. Жылдық жоспар 79,9 мың тонна болса,  ол 79,3  пайызға орындалды. Орташа түсім  гектардан 6,1 центнерді құрап отыр.

Жәнібек  ауданы  биыл 174,5 мың тонна мал азығын дайындауды жоспарлаған. Науқан басталғалы 154,2 гектар алқаптың шөбі шабылып, әр гектардың орташа шығымдылығы 7,7 центнерді құрауда. Бұл – 118,7 мың тонна мал азығы дайындалып, жоспар 68,2 пайызға орындалды деген сөз. Бұдан басқа былтырдан қалған 14,9 тонна пішен және бар.

Биыл Теректі ауданында да шөптің шығымдылығы жылдағыдан ерекше болды. Орташа есеппен өнімділігі гектарына 11,7 центнерден беруде. Науқан кезінде 216,96 мың тонна шөп жинауды мақсат тұтқан аудан шаруалары  жоспарды әзірге 66,1 пайыздан асырған. Табиғаттың жауын-шашынсыз қолайлы шағы шөп шапқан шаруа ағайынға мол мүмкіндігін беріп тұрған кезде қалған 143, 4158 мың тоннасын жинап алуды көздеуде.

Сондай-ақ 254,93 мың тонна шөп жинауды жоспарлаған Сырым ауданы әзірге белгіленген жоспарларының 57 пайызын орындаған. Мал азығын дайындауға  157 маялағыш, 101 жинауыш, 287 шабу машинасы  мен тырма, 389 трактор жұмылдырылған.

Қаратөбе ауданындағы шөп шабу жұмысының да барысы жаман емес. Гектарына орташа есеппен 6,3 центнер өнім алып, 140,00 мың тонна өнім алуды көздеген шаруалар қазіргі таңда жұмыстың 55,4 пайызын орындаған.

Шыңғырлау ауданы бойынша мал азығын дайындау науқаны қарқынды жалғасуда. Тапсырма бойынша 145,830 мың тонна пішен қамдау жоспарланған екен. Бүгінде соның 75,1 мың тоннасы, яғни 51,5 пайызы орындалды. Шөп шабу әлі тоқтаусыз жүруде. Қазіргі таңда аталмыш бағытта ауылдық округтер арасында  Лубен ауылдық округі мал азығын даярлауда міндетке алған жоспарын 90,6 пайызын орындап, алда келеді.

Әділғазы КЕРЕЕВ


Лубеннің көптен күткен қуанышы

Күні: , 156 рет оқылды

IMG_5132


Шыңғырлау ауданының Лубен ауылына көптен күткен көгілдір отын келді.  «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жүзеге асып, халықтың пайдалануына беріліп жатқан бұл жетістік тұрғындарды қатты қуантуда.


Дағдарыстың әлемді ықтырған ызғарына қарамастан, еліміздің осындай дамуы, ауыл-елді газдандыру, инфрақұрылымды дамыту жұмыстарының еселі жүзеге асуы, шағын және орта бизнестің ауылдан бастап өркен жаюы – ел ертеңіне деген сенімділікті нығайтып, тәуелсіздігімізді тұғырлы ете түсуде.

Сүйінішті шараға облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев қатысып, осынау қажеттіліктің тек үйдің ішін жылытып қана қоймай, ауыл бизнесіне жол ашатынын, ауылға инвестиция тартып, аймақтың бизнеске қабілеттілігін арттыра түсетінін атап өтті.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің  депутаты Шафхат Өтемісов осы ізгі лебізді жалғастырып, ауылдық жерлердің табиғи отынға қол жеткізіп, әлемді алаңдатқан дағдарыс тұсында да мемлекетіміздің халқына қамқорлығын іркіліссіз жасап келе жатқандығын жеткізді.  Ауыл тұрғыны, ардагер-ұстаз Ғұмар Қанатов қария мінберден игілікті іске қуанған халықтың үнін жеткізді.

Осы арада ауылға келтірілген көгілдір отын алауының салтанатты түрде жағылуы тұрғындарды қуантып, игі істің бастауын облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев пен ауыл тұрғыны Ғұмар Қанатов тұтатып берді.

Елді мекенге жоғары қысымды газ құбырын тартқан мердігер, «Батысгазстрой» ЖШС учаскесінің бастығы Серік Асқаров, ауылішілік газ құбырын өткізуді жүргізіп жатқан «Газстрой» ЖШС-ның директоры Жүсіп Қазиев бұл қуанышқа елмен бірге қуанатынын айтып, тұрғындарды құттықтады. Ізгі шараға шалғайдан арнайы келіп, халықтың әл-ауқатымен таныса жүрген Мәжіліс депутаттары Шафхат Өтемісов пен Кеңес Әбсәтіров,  облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев аудан әкімі Альберт Есалиевпен бірге газ кіргізіп, игілігін тұтына бастаған Ғұмар қарияның отбасында болып, табиғи отынға қолы жеткен ауыл халқының қуанышына ортақтасты.

Газ плитасын тұтатып жіберіп, шәйнегін қойып, шай демдеп жатқан ауыл тұрғыны Алтынзер Қанатова енді қолдың ұзарып, бұрынғыдай отын жиып, қала берді күл шығарып, әуре болмайтынына қуанып тұрғанын жеткізді.

Дәл қазір елді мекендегі 11 үйге газ кіргізілген. 82 отбасы толық және ішінара төлеп қойып, қосылуын күтуде.  Газ құбырын аулаға дейін әкелу бүгінгі таңда 195 мың теңге, жобаны жасақтау 10 мың, дабыл жабдығын қою 30 мың, газ пеші, есептегіші бар, жалпы газды үйге қосу 250-265 мың теңге шамасына шығып отыр, – дейді округ әкімдігінің бас маманы Қ. Қосмағамбетов.

Бүгінгі таңда осы аталған Лубен елді мекені, Қарағаш, Қайыңды және Сегізсай ауылдарына газ кіргізіліп жатыр. Шыңғырлау ауданының 25 елді мекенінің  15-і бүгінгі күні табиғи көгілдір отынмен қамтылған және төрт елді мекені бойынша газбен қамту жұмыстары жүргізілуде. Алдымыздағы жылы бюджеттен Қарағаш ауылдық округінің Ақсуат ауылының әлеуметтік нысандарын газдандыру үшін қаражат бөлінген жағдайда, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, жоғарыда аталған 15 елді мекенге тағы да бір елді мекен қосылады.

Қаршыға ЕЛЕМЕСОВ,

Шыңғырлау ауданы


Мораторий бес жылға ұзартылды

Күні: , 164 рет оқылды

c521b4366dbe0bc5415c990af04775b1


Елбасының төрағалығымен елдің әлеуметтік-экономикалық  даму қорытындылары және Жер реформасы жөніндегі комиссияның қызметі туралы кеңес өтті.


Кеңеске Премьер-министр К. Мәсімов, Президент Әкімшілігінің басшысы Ә. Жақсыбеков, Премьер-министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі А. Мырзахметов, Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Н. Ермекбаев, Ұлттық экономика министрі Қ. Бишімбаев қатысты.

Іс-шара барысында Жер реформасы жөніндегі комиссияның жұмыс қорытындылары талқыланып, жер заңнамасының өзгерістеріне мораторийді бес жылға ұзарту туралы шешім қабылданды.

– Жер кодексінің бірқатар нормаларына мораторий енгізілген кезден бастап комиссия маңызды жұмыс жүргізді, елдің барлық өңірінде кеңес өткізіп, азаматтардың пікірін тыңдады. Жұмыс барысында олар жақсы ұсыныстар айтты, атап айтқанда, жалға беретін телімдердің шекті көлемін, жерді пайдалану тәсілдері мен оны тиімсіз пайдаланған жағдайда қабылданатын шараларды анықтау туралы ұсыныстар енгізілді. Осылайша  бәрі жерді 49 жылға дейін жалға беру институтын сақтау қажет деген ортақ шешімге келді. Сонымен бірге  әлемдік тәжірибені тағы да зерттеп, қосымша уақыт қажет екені туралы тұрғындарға біліктілікпен түсіндіру керек. Сондықтан комиссияның мораторийді тағы бес жылға ұзарту туралы ұсынысын қабылдаймын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті Үкіметтің жер заңнамасына өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдаған кезде агроөнеркәсіп саласына қаражат тарту мақсатын басшылыққа алғанын атап өтті.

– Ауылдық жерлерде халықтың шамамен 40%-ы тұрып жатыр, 20%-ы ауылда еңбек етеді. Ауыл шаруашылығын өркендету көптеген салалардың дамуына септігін тигізеді. Ауыл шаруашылығымен айналысатындардың барлығы бұл салаға қолдау көрсету үшін мемлекеттің қандай күш-жігер жұмсағанын жақсы біледі. Жыл сайын аграрлық секторға айтарлықтай қаражат жұмсалады, бірақ ол өзін ақтай бермейді. Нарықтық экономикада олай болмайды. Мұның себебі ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігінің төмендігінде жатыр, ал оны арттыру үшін қосымша қаражат салу керек. Бүкіл әлем аграрлық секторға инвестиция тарту ісімен айналысуда. Біздің мемлекетіміз де ауыл шаруашылығын дамыту үшін көбірек капитал тартуды қалады. Егер бұл жұмыс түсіндіруден басталып, тек содан соң ғана заңдар қабылданса, онда ахуал басқа болар еді, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, кеңесте республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі мәселелері, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы және алдағы кезеңге арналған жоспарлар қарастырылды.

– Елдің экономикалық дамуы әлемде болып жатқан үдерістер салдарынан зор қысым көріп отыр. Қазіргі қаржылық-экономикалық дағдарыс, сандық экономиканың жаңа парадигмасына көшу бізден мүлде жаңа қадамдар талап етеді. Біз соны таба білуіміз керек, бұл үшін елде ресурстар жеткілікті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Өз баяндамасында А. Мырзахметов Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған комиссия Астанада, сондай-ақ бірқатар өңірде жұртшылықтың қатысуымен көшпелі отырыс өткізгенін айтты.

– Азаматтардың арыз-шағымдары үшін арнаулы сайт ашылып, call-орталықтар құрылды, бүгінде оларға 13 мыңнан астам телефон қоңырауы түскен. Түсіндіру жұмыстары барысында жұртшылықты барынша кеңірек қамту үшін әкімдіктер жанындағы қоғамдық кеңестер іске тартылды, халықтың 67 мың өкілімен кездесу өтті, – деді Премьер-министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі.

А. Мырзахметов комиссияның негізгі ұсыныстары, соның ішінде ауыл шаруашылығы жерін жалға беру институтын сақтап, одан әрі дамыту, жалға берілетін жер телімдерінің шекті көлемін белгілеу қажеттігі жөнінде де айтты. Сондай-ақ халықтың жайылымдар мен шабындық жерлерге қатысты мүддесі мен талаптарын ескеру керектігі, жеке тұрғын үй салу үшін жер берудің нақты ережелері мен тетіктерін анықтау қажеттігі аталып өтті.

Мемлекет басшысы кеңес қорытындысы бойынша бірқатар тапсырма берді.

www.akorda.kz


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика