Мұрағат: 19.08.2016


Ақ Жайықтың алтын ұлы

Күні: , 208 рет оқылды

dsc_5235


Рио-де-Жанейро қаласындағы жазғы олимпиада ойындарының он екінші күні барша қазақ еліне, Ақ Жайық жұртшылығына айрықша қуаныш сыйлады.


Тәуелсіздік тойына теңдессіз тарту

Бейсенбіге қараған түні жерлесіміз, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Данияр Елеусіновтің финалдық жекпе-жегін тікелей эфирден көру үшін Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының амфитеатрына жиналған халық аз болған жоқ. Жартылай финалда алған жарақатына қарамастан, Данияр бар шеберлігін салды. Егер ауыр соққы алса, қабағы кез келген сәтте қайта жарылып кетуі мүмкін еді. Соны ойлаған Данияр қорғанысты ұмытқан жоқ. Үш раунд бойы әдемі де тез қимылдарымен өзбек боксшысы Шахрам Гиясовтың алдын орап, оңтайлы сәтте өзі соққы жұмсап, теңдессіз шебер екендігін айдай әлемге көрсете білді. Мұның алдында біраз мықтыны жолдан тайдырған Шахрам осал емес-ті. Бірақ Даниярға түк істей алмай, амалы құрыды. Дегенмен Шахрам ер екен, қазақ жігітін өзі құттықтап, бауырлас халықтың өкілі екендігін танытты. Бәлкім, бокста үнемі бітпес бәсекеге түсетін қазақ пен өзбектің арасына сына қаға бермей, осылайша туыстықтың туын көтеру керек шығар.

Данияр Елеусіновтің тарихи жеңісімен амфитеатрға жиналған жұртшылықты Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов құттықтап, биік шыңдарға жету үшін спортпен айналысудың маңыздылығын атап көрсетті. Ең бастысы, Данияр ел сенімін ақтады. Жастар осылайша спортпен дендеп айналысса, талай асуды бағындыра алады. Бұл үшін барлық жағдай бар, тек еңбек ету керек.

Иә, Даниярдың да олимп шыңына жетуі – сол жылдар бойы төккен тер мен тынбай жаттығудың арқасы. Бұл жерде әкесі, жеке бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Марат Елеусіновтің өлшеусіз үлесін айту керек. Боксқа баулып, өзі баптаған қос ұлы Дәурен мен Даниярды жетелеу оңайға түскен жоқ. Кезінде Оралда тиісті жағдай жасалмағаннан кейін амалсыз Астанаға көшті. Студенттер арасында әлем чемпионы атанған Дәурен де олимпиадада ел намысын қорғап, жүлде алуға лайықты еді. Амал не, Афины олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаевпен бір салмақта болғандықтан, 2008 жылы Бейжіңге бара алмады. Халықаралық додаларда талай рет топқа түсіп, жүлде алғанымен, құрама ауылы алыстап кеткендіктен, ақыры кәсіпқой боксқа ауысты. Сондықтан ендігі үміт Даниярда еді. Лондон олимпиадасында 21 жасар Данияр ширек финалда қарсыласына есе жіберіп, жүлдеге қол созым жерде тоқтады. Енді, міне, тәжірибесі толысқан, нағыз дер шағында олимпиада чемпионы атанып отыр. 25 жасында ел тәуелсіздігінің 25 жылдық тойына теңдессіз тарту жасады.

Қалайша толғанбайсың, қалайша қуанбайсың, Қазталов ауданы Қайыңды ауылында кіндік қаны тамған Данияр Елеусінов – Ақ Жайықтан шыққан алғашқы олимпиада чемпионы. Бұрын мұндай биікке Батыс Қазақстаннан ешкім көтерілген емес. Рас, Бейжіңде Таймураз Тигиев еркін күрестен күміс, Лондонда Даниял Гаджиев грек-рим күресінен қола жүлдеге қол жеткізгені естен шыға қойған жоқ. Алайда олардың екеуі де Орал деп онша бас қатырмайтын, шеттен келген легионерлер еді. Сондықтан Ақ Жайықтың өз ұлының жеңісі біз үшін мың есе қымбат. Бұл қала ғана емес, ауыл-аймақта дарынды балаларды қаршадайынан спортқа тартып, баулыса, дұрыстап жағдай жасаса, олардың арасынан да чемпион шығатынын дәлелдейді.

Тағы бір астын сызып айтатын жайт, 69 кг салмақта Бақтияр Артаев 2004 жылы Афиныда, Бақыт Сәрсекбаев 2008 жылы Бейжіңде, 2010 жылы Серік Сәпиев Лондонда топ жарса, биыл Данияр Елеусінов чемпион атанды. Бұған дейін олимпиада тарихында Куба елінің боксшылары ғана 91 кг салмақта төрт рет қатарынан (оның үшеуі Феликс Савонның, біреуі Одланьер Солистің еншісінде) озық шыққан еді. Енді қазақтар «өз салмағында» Токиода жеңімпаз болса, рекордтық көрсеткішке қол жеткізеді.

Әділбек Ниязымбетов 81 кг салмақта финалда қаша жүріп, «соғысудың үлгісін» көрсеткен кубалық Хулио Сесар Ла Крусқа төрешілер шешімімен жол беріп, екі мәрте қатарынан олимпиаданың күміс жүлдегері атанды.

Қазақстандық боксшы Дариға Шәкімова 75 кг салмақта марокколық Хадиджа Мардиді 3:0 есебімен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Ол кеше 2012 жылғы Лондон олимпиадасының әрі әлем чемпионы, атышулы америкалық Кларесса Шилдспен шаршы алаңға шықты. Дариға қазақ қыздары арасында алғаш рет олимп биігіне көтеріліп отыр. Кеше ел намысын аса ауыр салмақта Иван Дычко да қорғады. Қазақстан құрамасы осы олимпиадада медальдар санын 17-ге жеткізіп, рекордтық нәтиже көрсетуде.

Оралдың қызы – олимпиада жүлдегері Әйелдер күресінен 69 кг салмақта Эльмира Сыздықованың қола жүлдені иеленуі ерекше оқиға болды. Ол қазақ қыздары арасында күрестен тұңғыш рет олимпиада жүлдегері атанды. Алғашқы бәсекесінде олимпиада чемпионы, ресейлік Наталья Воробьеваға тап келген Эльмира барынша тайталасып күресіп, 1:4 есебімен ғана есе жіберді. Н. Воробьева финалға шыққаннан кейін Э. Сыздықова жұбаныш белдесуінде моңғолиялық Очирбатын Насанбурмааны 3:2 есебімен тізе бүктірді. Ал қола жүлде үшін бәсекеде мысырлық Энас Мостафаны айқын басымдылықпен (7:4) ұтты.

Эльмираның жеңісті жолын келесі күні Қазақстан құрамасындағы ең тәжірибелі палуан Гюзель Манюрова мен Орал қаласында туып-өскен Екатерина Ларионова жалғастырды. 38 жасар Гюзель кезінде Ресей құрамасы сапында Афины олимпиадасында күміс медальді жеңіп алса, кейін Қазақстанға келіп, Лондонда қола жүлдені қанжығаға байлаған еді. Өзінің төртінші олимпиадасында 75 кг салмақта алдымен Венгрия елінің өкілі Жанетт Неметті 12:2 есебімен ойсырата ұтса, одан кейін камерундық Аннабель Алиді 8:6 есебімен жолдан тайдырды. Ал жартылай финалда бұрынғы отандасы, ресейлік Екатерина Букинадан жеңіліп жатып, жауырынын жер иіскетіп кетті. Финалда канадалық Эрика Уибеге есе жібергенімен, осының өзі – үлкен жетістік. Ал олимпиада додасына тұңғыш қатысып отырған 22 жасар Екатерина тіпті ерледі. Алғашқы белдесуінде белорус палуаны, кейін финалға өтіп, күміс жүлдегер атанған Мария Мамащуктан 2:8 есебімен ұтылғанымен, қола жүлде үшін бәсекелерде әдемі әдістер қолданып, Еуропа біріншілігінің жүлдегері, швециялық Хенна Йохансонды да, әлем чемпионы, америкалық Елена Пирожкованы да таза жеңіп кетті. Данияр Астана атынан шыққандықтан, Екатерина Ларионова Батыс Қазақстан облысының қоржынына бірінші медальді салды. Бұл табыстың да оралдықтар үшін жөні бөлек. Біз осыған орай Екатеринаның анасы Наталья Ларионовамен тілдескен едік.

«Қызымыздың Рио олимпиадасында сәтті өнер көрсетіп, жүлде алатынына сендім. Оның осындай табысқа жетуіне әкесі, кішкентай күнінен күрес өнеріне баулып келе жатқан Алексейдің қосқан үлесі өлшеусіз. Алексей елде қалса да, екі апта бойы тыным тапқан жоқ. Екатеринаның барлық қарсыластарының қарымын саралап, қызына ақылын айтты. Катя осының алдындағы жарыстардың бірінде миы шайқалып, жарақат алған еді. Абырой болғанда, дәрігерлер емдеп, қатарға қосты. Екі-үш күн бұрын сөйлескенімде, «Бәрі жақсы», – деді. Қола жүлдегер атанғаннан кейін қуанышта шек болған жоқ. Катяның өзі де: «Алға, Қазақстан! Әке, мен сені жақсы көремін!» деп сәлем жолдап жатты. Жалпы, 1994 жылғы Катямыз –  отбасындағы бес баланың үлкені. Одан кейін Нұрлыбек 1998 жылы дүниеге келген. Тоқсаныншы жылдардың аса қиын уақытында Нұрлыбек Райымқұлов деген досымыз бізге қатты көмектесіп еді, есімін соның құрметіне қойдық. Қазақтың атақты палуаны, Алексейдің жас кезінде бірге жүріп, жарыстарға бірге барған сыралғы жолдасы Дәулет Тұрлыхановтың атын алған 1999 жылғы Дәулетіміз қазірдің өзінде апасы сияқты 63 кг салмақта грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында халықаралық жарыстарда топ жарып жүр. 2003 жылғы Алексейімізден де күтер үміт мол. Ол  Оралдағы спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта оқиды. Матвейіміз бес жаста.

Жас кезінде палуан болған отағасы Алексей кейін бапкерлікке ауысып, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы атанды. Бір сөзбен айтқанда, үйде бәріміз спортқа жақынбыз. Біздің отбасымызбен араласатын қазақ достарымыз да аз емес, бәрі құттықтап жатыр. Баршасына рақмет!», – деді Н. Ларионова.

Иә, Екатерина Ларионовадан біз де жүлде күткен едік. Ол үмітіміз толықтай ақталды. Бұған дейін жасөспірімдер мен жастар арасында талай рет топ жарып, 2013 жылы Будапешт қаласында әйелдер күресінен әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған Екатеринаның алар асулары алда. Бұйырса, төрт жылдан кейін Токио төрінен көріп қалармыз.

Жеңісті күндерде жолыққанша!

Ғайсағали СЕЙТАҚ,

спорт журналистері арасында С. Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты

Алтын құлжа

Данияр – даламның дарабозы,

Жеңіс сыйлап қазаққа, жарады өзі!

Тұғырда жарқырап тұрғанында,

Көңілдің көкке ұшты ала қазы.

Алаштың көкке тіккен байрағысың,

Алтын құлжа орындады ойдағысын.

Маңдайыңнан сүйген бақ еміренді,

Марғасқасың жаралған майдан үшін.

Айбаты арыстандай, қолы құрыш,

Жанары – от, жігері – асқақ, көңілі – ырыс.

Дүйім жұртты дүбірімен таңырқатты

Бойыңдағы балқыған дүлейлі күш.

Тұрқың бөлек соққандай таудан мүсін,

Қазақтың қайтпас қайсар арланысың.

Маңдайыңның етін жырып, алтын алдың,

Садақа қып аңсап күткен арман үшін.

Елбасы сүйсіне айтар мәрттігіңді,

Күдікті парша қылып серт тірілді.

Жасындай жарқылдаған жампоз жігіт,

Тұғырда желбіреттің көк Туымды!

Нұртай ТЕКЕБАЕВ

Нұрсұлтан ҚОНАРБАЕВ,

облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің бапкері:

— Даниярды 2001 жылдан бастап танимын. Ол С. Қонақбаев атындағы балалар-жасөспірімдер бокс спорт мектебінде бокспен шұғылданды. Мен 2001-2007 жылдар аралығында жасөспірімдер бойынша облыстық құраманың аға бапкері болып жұмыс жасадым. Сол кезде Даниярды түрлі турнирлерге апардым. Жалпы, Данияр жарыстарда техникасымен, талантымен ерекшеленетін. Он үш жасында, яғни 2004 жылы ол ел чемпионы деп танылды. Бұл оның ең алғашқы жетістігі еді. 2006 жылы Азия мен әлем чемпионатын ұтып, әлем чемпионатында ең үздік боксшы атағына ие болды. Сол кезде әріптес ағам, Даниярдың әкесі Марат Елеусіновке «Егер Данияр осы бетінен таймаса, Алла бұйыртса, олимпиада чемпионы болады» дедім. Марат ағам «Айтқаның келсін» деп, өзінің ризашылығын білдірді. Міне, 10 жылдан кейін сол тілек орындалды. Данияр олимп шыңына көтерілгенде, Бразилияда жүрген Марат ағамен WhatsApp желісі арқылы хабарласып, құттықтап, осы бір сәтті еске алған едік.

Айдарбек АҚБОЛАТОВ,

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің оқытушысы:

— Даниярдың финалдық айқасын көру үшін оралдықтардың біразы түн болғанына қарамастан, Қадыр орталығына келгенін көріп, қатты қуандым. Жерлестерінің, жалпы барша Қазақстанның осыншама қолдауын сезінсе керек, Данияр ел сенімін ақтады.

Даниярдың тактикалық және психологиялық тұрғыдан жақсы дайындалғаны бірден көрінді. Айқас барысында бапкерлер де жақсы бағыт-бағдар беріп отырды. Міне, соның арқасында жарақатына қарамастан, жеңіске жетті. Осылайша ол бала кездегі арманына қол жеткізді.

Олимпиада басталғалы балаларыммен бірге түрлі сайыстарды қарап, еліміздің спортшыларына жанкүйер болудамыз. Әсіресе, боксты жібермейміз. Міне, бүгінгі Қадыр орталығындағы көрсетілім шарасы әсерлі болды. Бірі 10, екіншісі бес жастағы балаларым Әлихан мен Әлижан да үлкен әсер алды. «Біздер боксқа қатысып, Данияр, Әділбек ағаларымыз секілді чемпион болғымыз келеді» деп, мені де ойландырып тастады…


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика