Мұрағат: 18.08.2016


Алтынға бергісіз күміс!

Күні: , 145 рет оқылды

large (1)


Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан жазғы олимпиада ойындарының оныншы күні Қазақстан ұлттық құрамасы боксшылардың алатын жүлдесін есептемегенде, медальдар санын 10-ға жеткізді.


Бірден айтайық, дүйсенбі қазақстандық боксшылар үшін сәтсіздіктерге толы, ауыр күн болды. Алдымен 52 кг салмақта рингке шыққан Олжас Сәттібаев әзірбайжан жігіті Эльвин Мамишзадеден үш раунд бойы басым түссе де, төрешілер жеңісті қарсыласына берді. Ал 75 кг салмақта қазақстандықтар алтын алады деп үміттенген Жәнібек Әлімханұлы 1:2 есебімен тағы бір әзірбайжан Камран Шахсуварлыдан ұтылды. Бұл жерде, біздіңше, алғашқы екі раундта Жәнібек белсенділік көрсетіп, қа-зыларға еш күмән қалдырмауы керек еді. Үшінші раундта алға ұмтылғанымен, кеш қалды. Бір қызығы, 25 жасар Камран Ақтө-беде туып-өскен, Жәнібекпен жас шағында талай кездескен. Қазақстан спорт шебері атағына қол жеткізгенмен, ұлттық құрамаға ілінбегеннен кейін 2013 жылдан өзінің тарихи отанының атынан шыға бастаған. Әйтеуір, қандай себеппен болсын, Ж. Әлімханұлы қол созым жерде тұрған жүлдеден қағылды. Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны, жерлесіміз Данияр Елеусінов 69 кг салмақта жартылай финалда француз Сулейман Сиссоконы айқын басымдылықпен ұтып жатқан. Алайда екінші кезеңде басынан жарақат алғандықтан, дәрігерлер кездесуді жалғастыруға рұқсат бермеді. Дегенмен жеңіс бірауыздан Д. Елеусіновке берілді. «Бұл олимпиада ойындары ғой. Сондықтан әр боксшы жеңіс үшін түрлі құйтырқы әрекеттерге барады. Қарсыласы Даниярды баспен сүземін деп, өзі жарыс жолынан шығып қалды», деді Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов бәсекеден кейін. Даниярдың жарақаты ауыр болмаса, бүгін түнде 69 кг салмақта өзбек боксшысы Шахрам Гиясовпен өткен соңғы шайқас алтын жүлде иесін анықтады.

Төрешілер тарапынан әділетсіздіктің көкесі қазақстандық Василий Левит пен ресейлік Евгений Тищенконың кездесуінен кейін болды. Екі кезең қорытындысы бойынша олардың бәсекесі тең дәрежеде деп бағаланса, үшінші раундта Василийдің қарсыласын қуып жүріп сабағанына қарамастан, жеңіс Е. Тищенкоға берілді. Бұған риза болмаған залдағы көрермендер гуілдеп, «Қазақстан!» деп айқайлап жатты. Ысқырық, шу спортшыларды марапаттаған кезде де басылған жоқ. Қайта В. Левиттің өзі қолын көтеріп, оларды тыныштандыруға тырысты. Дәл осындай жағдай 2004 жылғы Афины олимпиадасы кезінде орын алған еді. Онда ресейлік атақты гимнаст Алексей Немовқа төмен баға берілген кезде көрермендер жарысты жалғастыруға мүмкіндік бермей, шулап тұрып алған еді. Осы жолы да төрешілер шешімі дауға айналып, мамандар арасында қызу талас туғызды. Қазақстандықтарды айтпай-ақ қояйық, Ресей құрамасының бапкері Эдуард Кравцовтың өзі В. Левиттің жеңісін мойындады. Ал белгілі ресейлік промоутер Владимир Хрюнов қазақстандық боксшыға Вэл Баркер кубогын беру керектігін, егер өзімен келісімшартқа қол қойып, кәсіпқой боксқа ауысса, әлем чемпионы атануға мүмкіндігі бар екендігін мәлімдеді. Тағы бір атышулы промоутер Лу Дибелла АИБА-ның (халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы) былыққа батқанын айтып, отқа май құйса, кәсіпқой бокстан орта салмақтағы әлемнің экс-чемпионы, аргентиналық Серхио Габриэль Мартинестің пікірінше де, бұл кездесуде жеңген – В. Левит. Кейбір спортшылардың түрлі себеппен алтын алмағанмен, атақ-даңқы шарықтап кететін кезі болады. Сондықтан қазақстандық боксшының бұл күмісі алтыннан артық.

Оның алдында Олжас пен Жәнібектің жеңілмегендігін айтқан Мырзағали Айтжанов Е. Тищенконың өзі келіп, кешірім сұрағанын жеткізді. Алайда соны күллі әлем алдында мойындауы керек еді.

Ауыр атлетикадан Қазақстанның соңғы үміті Александр Зайчиковтың 105 кг салмақта қоссайыс қорытындысында екінші орынға көтерілетін мүмкіндігі болды. Бұдан тағы да төрешілер айырды. Жұлқа көтеруден кейін 193 кг салмақты еңсерген Александр үшінші орында тұрса, серпе көтеруді 223 келіден сәтті бастады. Әйтсе де екінші әрекетінде 227 келіні көтере алмады. Үшіншісінде әуелі төрешілер есептегенмен, артынан қазылар алқасы (жюри) бұл шешімнің күшін жойды. Сөйтіп, қазақстандық атлеттің жолына нүкте қойды. Бұл салмақта Илья Ильин болмағандықтан, өзбек спортшысы, 24 жасар Руслан Нурудинов өзін суда жүзген балықтай сезініп, 431 кг (194+237) көрсеткішпен чемпион атанды. Ал 19 жасар армениялық Симон Мартиросян қоссайыс қорытындысында 417 келіні (190+227) бағындырып, күміс жүлдені іліп әкетті. А. Зайчиков одан небәрі 1 келіге қалып қойды. Қызылорда облысында туып-өскен, қазақшаға судай, 17 тамыз күні 24 жасқа толған Александр Зайчиков енді Токио олимпиадасына әзірленетінін жасырған жоқ. Тек халықаралық ауыр атлетика федерациясының президенті Томаш Аян Рио олимпиадасынан кейін допинг дауына байланысты Ресей, Қазақстан, Беларусь сынды елдердің құрамалары бір жылға жарыстан шеттетілетінін мәлім етті. Бұл спорттың осы түрінде барынша таза өнер көрсетудің маңызы зор екендігін дәлелдейді. Сондықтан сыннан сабақ алып, Токио олимпиадасына тастүйін күйде бару үшін бәрін дұрыс жолға қою керек.

Олимпиаданың он бірінші күні бокс сайысында Жайна Шекербекова 51 кг салмақта франциялық Сара Урамуннан ұтылып, кемінде қола жүлде әперер жартылай финалға шыға алмады. Есесіне аса ауыр салмақтағы Иван Дычко нигериялық Эфе Аджагбуды тізе бүктіріп, келесі кезеңге аса қиналмай өтті. 20 тамыз күні ол ұлыбританиялық, жұдырығы жойқын Джо Джойспен қолғап түйістіреді. Қола қолда, финалға өту үшін барын салуы керек енді.

81 кг салмақта Әділбек Ниязымбетов сауатты бокстасудың үлгісін көрсетті. Ол тағы бір британдық, Әділбектің сыралғы қарсы-ластарының бірі, өзбек Елшод Расуловты ұрып құлатқан Джошуа Буатсиді соққымен күтіп алып, адымын аштырмады. Финалда ол үш мәрте әлем чемпионы, кубалық Хулио Сесар Ла Круспен шаршы алаңға шығады. Әлемдік додаларда, соның ішінде Лондон олимпиадасында кілең күміс алып жүрген Әділбектің бағы жансын деп тілейміз.

Ғайса БӘЙМЕН


Ел үшін туған ер

Күні: , 201 рет оқылды

оралбек батыр (96)


ҚР Журналистер одағының мүшесі Нұрлан Сәдірдің «Оралбек батыр» атты кітабы шыққаны, оған белгілі заңгер Абзал Құспанның бастамашы болғаны туралы жергілікті басылымдар, әсіресе, әлеуметтік желі беттерінде жиі жазылуда. Кітап кейіпкерінің ҚР спорт шебері, дзюдо мен самбодан облыс чемпионы, қазақша күрестен Батыс Қазақстан облысының бірнеше дүркін абсолюттік жеңімпазы, республикалық, халықаралық сайыстардың жүлдегері Оралбек Қожагелдин екендігін анықтап айтудың қажеті шамалы. Себебі біздің елде Оралбек Қожагелдинді білмейтін адам кемде-кем.


Кітаптың кіріспесінде бұл еңбекте Оралбек Қожагелдиннің өмір жолы, тұлғалық қалыптасу кезеңдері, отбасылық өмірі, қоғамдық қызметі және қасіретті қазасы туралы нақты куәгерлердің естелігі жинақталғаны жазылған. Біздің  өңірде (Сырым ауданы) Оралбек жайлы әркім екі ауыз әңгіме айта алады. Ол әңгімелердің нұсқалары мен бояуы түрліше, бірақ мазмұны бір. Олай болуы орынды да. Себебі әрбір қазақтың жүрегінде өзінің Оралбегі бар. Оралбек жайлы әңгіме айтылса, әркім ол әңгімеден өзінің Оралбегін іздейді. Өзінің Оралбегіне тән мінезді, өзінің Оралбегіне тән қылықты көргісі келеді. Жаңа айтқандай, мазмұн біреу, қазақ үшін Оралбек Қожагелдин – батыр. Кітапты құрастырушылар еңбекке тақырып берер кезде осыны ескерген. «Оралбек батыр» кітабы – елдің аузындағы Оралбек жайлы айтылатын әңгімелерді хаттаған алғашқы басылым. Кітаптың жаңалығы деп осыны айтайық.

Жуырда Қособа ауылдық округінде, Оралбек Қожагелдиннің туған ауылы Жырақұдықта, өзі оқыған мектептің акт залында Нұрлан Сәдірдің «Біздің елдің жігіттері» сериясымен шыққан «Оралбек батыр» кітабының таныстырылымы өтті. Бұл шараны өткізуге ауыл тұрғындары өздері ұсыныс берген. Кейін округ әкімі Жұмабай Сатаев, ел азаматтары Серік Тоқмамбетов, Жеңіс Шапешов, Марат Халиоллин сынды ауылдықтар бірлесіп ұйымдастырды. Таныстырылымға кітаптың авторы Нұрлан Сәдір, «ДАНА.kaz» тарихи-танымдық журналының бас редакторы, өлкетанушы Қазбек Құттымұратұлы, белгілі заңгер, «Оралбек батыр» кітабының идея авторы Абзал Құспан арнайы қатысты.

Осы шарада «Оралбек батыр» кітабы қолыма тиді. Үйге келгесін шамалап қарап шықтым. Байқағаным, кітап авторы жазған дүниесін асыра әсірелеуге бармаған. Кей авторлар оқырманды баурау үшін суреттеуді көбейтіп, әдеби әдістердің  небір шұрайын қолданады емес пе. Бұл кітап олай жазылмаған. Бірақ оқығанда бас алғысыз. Оқырман ретінде кітаптың бір тартымдылығын жазылу тілінің табиғилығынан деп түйдім. Еңбектің ең басты ерекшелігі – тастүйін фактілігі де сияқты. Кітаптағы деректердің түгелдей жете зерделенгені, сауатты адамдармен сарапталғаны көрініп тұр.

Шарада аталмыш еңбек туралы, Оралбек туралы әркім жылы пікірлер айтты. «ДАНА.kaz» тарихи-танымдық журналының бас редакторы, өлкетанушы Қазбек Құттымұратұлы «Оралбектің өмірінде өкініш жоқ!» деп айтты. Белгілі заңгер Абзал Құспанның аузынан «Ол – күрделі тұлға! Оралбек – өз заманының өнімі!» дегенді естідік. «Оралбек жайлы жазуға мастықпен кірістім. Мен Оралбек деген тұлға туралы түсінікке масайдым. Масаймасам, «сау» болсам, еңбек халықтың ықыласын туғызбас еді. Оралбекті жазу – маған бұйырған бақыт!» деді кітап авторы Нұрлан Сәдір. Есімізде қалған осындай есті сөздерді мақаланың ішінде қамти кеткенді дұрыс санадым.

ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын Бауыржан Халиолла кітаптың шығармашылық ұжымының еңбегіне елдің атынан алғыс білдірді. Шарада округ әкімі Жұмабай Сатаев, батырдың жары Сәуия жеңгей, ауыл қариясы Мәдина Жұмағұлова сөз алды.

Осы күні «Тұмар» мейрамханасында Оралбек батырдың рухына арналып ас берілді.

Таныстырылым шарасының барысында Оралбек Қожагелдинді мәңгі есте қалдыру мақсатында оның атын көшеге, не болмаса бір әлеуметтік нысанға беру туралы ұсыныстар да айтылды. Қособадан Жымпитыға жеткенше «Оралбек батыр есімін Жымпитыдағы дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне берсе, қалай болар екен?» деген оймен келдім…

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы


«Оралдың оғланы»

Күні: , 186 рет оқылды

фото Рафхата Халелова (214)


Сейсенбі күні Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында ҚР спорт шебері, қазақ күресінен облыстың абсолютті чемпионы Оралбек Қожагелдинді еске алуға арналған «Оралдың оғланы» атты әдеби-мәдени шара өтті.


Кеш шымылдығы белгілі өнерпаз Дастан Есентеміровтің орындауындағы «Қазақтың жігіттері-ай» әнімен ашылды. Артынша «Біздің елдің жігіттері» деп әндеткен Фархат Оразов көрерменнің қошеметіне бөленді. Ал жас ақын Талғат Мықи «Батыс жақта Жымпитыдай бір ел бар» атты өлеңін оқып, жұртшылықты бір серпілтіп тастады. А. Маемировтың сөзіне жазылған «Бауырды аңсау» әнін композитор Жаскелең Ғайсағалиев орындаса, жас күйші Әлихан Сейітқалиев «Жеңіс» күйін жұртшылыққа тарту етті.

— Айдан алқа, жұлдыздан жүзік таққандай қасиетті Жайықтың жағасында кімдер келіп, кімдер кетпеді. Қол бастаған көсем, сөз бастаған шешен Сырым батыр, саусағынан саз тамған Құрманғазы мен Дина туған өлке. Оралбек ағамыз да шағын кешке сыятын тұлға емес. Отыз бес жылдық ғұмырында күллі қазақ жұртының жүрегінен орын ала білген Оралбек ағамыздың мәдени кешіне қош келдіңіздер, — деді Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының басшысы Бауыржан Халиолла. Аталмыш мекеме басшысы белгілі кәсіпкер Ержан Бахтияровтың аманатын орындап, «Оралбек батыр» кітабының авторы Нұрлан Сәдір мен кітаптың шығуына бірден-бір себепкер болған Абзал Құспанның иығына шапан жапты. Сонымен бірге осы кешті ұйымдастыруға қолұшын созған Тілек Махметов пен Мұратбек Мұхамедиев сияқты мәрт жігіттерге алғысын білдірді.

Шара барысында қойылған «Қасқыр мен адам айқасы» атты хореографиялық композиция көрерменді кереметтей әсерде қалдырды. Тарас Жауымбаев, Жаңылсын Хасанова, Альберт Ғазизжанов және қособалық  Сәлімжан Әубәкіров сияқты әншілер өз өнерлерін ортаға салды.

— Қособа елінің тумасы Оралбек ағамыз туралы Нұрлан Сәдірдің «Оралбек батыр» атты кітабының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартып отыр. Осы хабарды естіп, бір топ ауылдастары келіп отырмыз. Оралбек Матниязұлы туралы кітап жарыққа шықты дегенді естігенде, бүкіл ауыл болып қуандық. Ағамыздың артында қалған жары мен ұрпақтарына амандық тілеймін. Кітаптағы естеліктерді оқи отырып, Оралбек Қожагелдиннің туған жерге деген ыстық махаббатын сезінуге болады. Игі шараны ұйымдастырған елдің азаматтарына алғысымды жеткізгім келеді, — деген Қособа ауылдық округінің әкімі Жұмабай Сатаев Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы мен Оралбекке арнау жазған Ерік Мұхамбетқалиевке естелік сыйлықтар табыстады.

Самбо күресінен ардагерлер арасындағы әлем чемпиондары Қуаныш Әбуов пен Чапай Иманғалиев күрестің әдіс айласын көрсетіп, көрерменді бір серпілтті. Кейінгі ұрпаққа Оралбек сияқты елдің азаматын танып білсін деді ме екен, кешті тамашалаған көрермендердің дені балаларын ерте келіпті. Қособа жұртының да Оралбекке деген құрметінің шексіз екенін Марат Халиуллиннің орындауындағы әннен аңғардық. Кеш соңында амфитеатрға жиналған жұртшылық орнынан тұрып қол соқты.

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ,

«Орал өңірі»

Суреттерді түсірген Р. ХАЛЕЛОВ


Ән айтып, тіл үйренуде

Күні: , 150 рет оқылды

QYV8VtCsDts


Тәуелсіздік алғалы елімізде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне, өнеріне деген қызығушылықтары арта түсті. Қазір Зеленов ауданында қазақша ән шырқап, көптің көңілінен шығып жүрген өнерпаздар аз емес. Солардың бірі — махамбеттік Анастасия Сафина. Жастайынан өнерге құмар боп өскен Анастасияның әнге деген махаббатын мектепте музыка пәнінен сабақ берген ұстазы оятқан. Ол жайында Настяның өзі:


— Маған музыкадан сабақ берген Мағаз Досаев деген ағайымның сабақтары қатты ұнайтын. Ол үнемі қазақ әндерін айтып жүруші еді. Басқа сабақты оқымасам да, музыка сабағын жібермеуге тырысатынмын, — деп еске алады. Осылайша ұстазының арқасында қазақ әндерін үйрене бастаған Настя ең алғаш аналар мерекесінде «Анашым» деген әнді орындап, көпшіліктің көңілінен шыққан. Ол сәтті әлі күнге дейін есіне алып отыратын кейіпкеріміз бұдан кейін барлық мерекелік шаралар мен концерттерде тек қазақ әндерін шырқайтын болыпты. Мектеп жасынан өнерге құмар боп өскен ол ауылдық, аудандық мәдени шаралар мен конкурстардың жеңімпазы, жүлдегері атана бастайды.

Настя мектепті аяқтаған соң Жәңгір хан атындағы агротехникалық университетіне оқуға түседі. Аталмыш оқу орнын химик-технолог мамандығы бойынша аяқтаған соң оқуын магистратурада жалғастырады. Бұл күндері өзі оқыған жоғары оқу орнындағы биотехнология және табиғатты пайдалану ғылыми-зерттеу институтында мамандығы бойынша еңбек етіп жүр. Студент кезінде де қоғамдық жұмыстарда белсенді болған оны «Грамада» беларусь этномәдени орталығының басшысы Михаил Беляев байқап, бірге жұ-мыстануға шақырған. Қазір ол –аталмыш этномәдени бірлестіктің жастар қанатының жетекшісі. Өз мамандығы бойынша жұмыс жасап жүрсе де, қоғамдық шаралардан қол үзгісі келмейтін Настя түрлі мәдени-көпшілік, жиындар мен фестивальдерде өзін жақсы қырынан көрсетіп жүр. Өңірімізге Елбасымыз келіп, Қазақстан халқы ассамблеясының форумы болған кезде Президентіміздің алдында ән шырқағанын да мақтанышпен еске алады. Сондай-ақ үстіміздегі жылдың сәуір айында Беларусь Республикасына тәжірибе алмасу мақсатында барған-ды. Сол жақта еліміздегі беларусь этномәдени бірлестігі мен қазақ халқы жайында жергілікті «Кніга ноша» аталатын газетке сұхбат беріп, алыстағы беларусьтарға елімізді жаңа қырынан танытыпты.

Бүгінде домбыра үйреніп жүрген ол “Қазақстан-Орал” телеарнасында өтіп тұратын Нина Павлычеваның «Звучи домбыра дружбы» атты бағдарламасына да түсіпті. Аталмыш бағдарламаның түсірілімдері уақытша тоқтағанымен, ұстазы Айгүл Нұх-қызының үйреткендерін үйінде қайталап тұратын көрінеді. Тіпті интернеттен домбыра үйрену курстарын алып, білімін жетілдіріп тұруды әдетке айналдырған. — Мен қазақ халық әндерін айтқанды ұнатамын. Тамара Асар мен Алтынай Жорабаеваны сүйіп тыңдаймын. «Саржайлау», «Ариайдай», «Туған жер», «Қарлығаш» әндерін орындаймын. Сондай-ақ беларусь, татар халықтарының әндерін де айта аламын. Мен мемлекеттік тілді осы ән айту арқылы үйренгім келеді. Өйткені мемлекеттік тілді меңгеру әр азаматтың борышы, — дейді ол.

Түгелбай БИСЕН,

Зеленов ауданы


Біздің Салтанат

Күні: , 352 рет оқылды

image-13-06-16-01-09-14


Бала кезгі қызықты сәттерді ойға алған кезде сағыныш толы естеліктер арасында тәтті шақты бір бөліскен бала күнгі достардың бейнесі жанға ерекше әсер сыйлайды.


Сол кездегі тұлымды ұл мен бұрымды қыздар бүгінде өз өмірлерінің ұстасы, бір-бір отбасының тірегі мен шырағы болып отыр. Солардың бірі – біздің сыныптағы ең қайсар қыз, ұлдың өзін екпінімен ығыстырып, үнемі асық ойнау, ләңгі тебудің ортасынан табылған ерке сыныптасым Салтанат. Төрт ағасының ортасында еркелеп, еркін өскен құрбымның әкесі, марқұм Мақсот аға – көп жыл совхоздың малын баққан нағыз еңбек адамы. Ұл-қызын еңбек етіп, тер төгу арқылы адал ас табуға тәрбиелеген абзал жан «төрт ұлын бір төбе, Салтанатын бір төбе» санап өтті. Анамыз Қымбат бүгінде бала-шағасының ортасында көзайым болып, ұрпағының қызығына кенеліп отыр.

Салтанатпен Теректі ауданының Шағатай ауылдық округіне қарасты Қызылжар ауылында бірге өстік, Қызылжар негізгі мектебінде тоғыз жыл бойы білім алып, бір партада отырдық. Туған ауылымыздағы тоғыз жылдық мектепті бітіргеннен кейін әркім әр тарапқа жол тартқанда, Салтанат Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы саз колледжінде 2005-2009 жылдары драма актері мамандығы бойынша оқуға түсіп, бала кезгі актриса болсам деген арманына алғашқы қадамын жасады. Кейін, 2009-2013 жылдары білімін Алматы қаласындағы Т. Жүргенов атындағы Қазақтың ұлттық өнер академиясында театртанушы мамандығы бойынша жалғастырды. 2014 жылдан бастап Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының магистратурасында театртанушы мамандығы бойынша оқып, биылғы жылы көптен күткен дипломына қол жеткізді.

Армандар мекені – Алматы қаласында құрбым білім алып қана қоймай, сонымен қатар жанына жақын қызмет тауып, өзін білікті маман ретінде мойындата білді. Айта кетсек, менің Салтанат құрбым 2012 жылдан бастап 2014 жылға дейін М. Әуезов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрында сайт редакторы болып қызметін бастаса, 2014 жылдан көрермендермен жұмыс жасау бөлімінің жетекшісі болды, 2015 жылы Баспасөз қызметі бөлімінің жетекшісі қызметіне ауысып, қазір осы лауазымды лайықты атқаруда. Қызметтік сатысында жеткен жетістіктері де аз емес. 2011 жылы театртану бойынша өткен республикалық пәнаралық олимпиадада ІІІ орын иеленді, «Театртану» мамандығынан курстағы ең үздік ғылыми мақала аталымының иегері (2011-2012 оқу жылы), магистратурада оқып жүргенінде көптеген шетелдік курсқа қатысып, сертификаттар иеленген, сонымен қатар сұхбат, сын мақалалары республикалық газет-журналдарға жүйелі түрде жарияланып келеді.

Өмірдегі жетістіктері туралы сөз қозғағанда, Салтанат әр қол жеткен биік үшін әуелі Аллаға, ата-анасына, содан соң ұстаздарына шексіз қарыздар екендігін үнемі айтып отырады. Қайсар қыздың биікке ұмтылып, өнер шыңына нық қадам басуына Қызылжар негізгі мектебінде бастауыш сыныпта жетекшіміз болған марқұм Зауре Қадырғалиқызы Байнешованың, жоғары сыныпта қамқорлығына алған Жанаргүл Байнешованың, Құрманғазы колледжінде білім берген ұстазы – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемировтың, Т. Жүргенов атындағы білім ордасында бағыт-бағдар берген өнертану ғылымдарының докторы, марқұм Бағыбек Құндақбаевтың, өнертану ғылымдарының кандидаты Анар Еркебайдың рөлі зор. Ал өмірдегі, өнердегі ұстазы, жанашыры ретінде жүрегіне жақын тартатын жан – елге танымал театр сыншысы Әлия Бөпежанованы анасындай сыйлайды. Әлия Қаһарманқызы кезінде Салтанаттың театрға қызметке орналасуына септігін тигізіп, өмірінің маңызды сәттерінде қасынан табылып, бар ақыл-кеңесін аямастан, аялы қамқорлығын көрсетіп келеді.

Кішкене ғана ауылдан алыстағы алып қала Алматыға арман қуып аттанған қайсар қыздың әлі талай биікті бағындырып, туған ауыл-аймағының мақтанышына айналарына сенім мол.

Аяужан КЕРЕЕВА,

Орал қаласы


Күш атасын танымас

Күні: , 167 рет оқылды

IMG_3184


Спорт күніне орай Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан жазғы олимпиада ойындарына қатысушы Қазақстан құрама командасына қолдау көрсету мақсатында қол күресінен жасөс-пірімдер мен ересектер арасында Жаңақала ауданының ашық біріншілігі өткізілді.


Аталмыш сайысқа Бөрлі, Жәнібек, Қаратөбе, Орал қаласы №4 балалар және жасөспірімдер спорт мектебі және Жаңақала ау-данының білекті жастары қатысты.

Барлығы 60-қа тарта қара күш иелері қатысқан жарыс тартысты өтті. «Күш атасын танымас» дегендей, спортшылардың бірі күшінің басымдылығын көрсетіп, айқын басымдылықпен жеңіп жатса, бірі айла-тәсілге арқа сүйеп, ал енді бірі спорттық ережеге сай қулықтарын жүзеге асырып жатты. Жарыс соңында күш атасы Қажымұқан аталарын пір тұтқан жеңімпаз спортшыларға арнайы дипломдар табысталды.

Н. ҒАББАСОВ,

Жаңақала ауданы


Қымыз иісін аңқытып…

Күні: , 142 рет оқылды

DSCN0191


Ақжайық ауданы Көнеккеткен ауылдық округінде 18 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Солардың ішіндегі 1996 жылы құрылған «Самал» шаруа қожалығының төрт түлік мал өсіріп, оның игілігін көріп отырған жайы бар.


Шаруашылық округ орталығынан, Жайық бойынан, шығысқа қарай 16 шақырым қырлықтағы Қарамектеп қыстағын атақоныс еткен. Малжанды ауыл жыл сайын төрт түліктің басына бас қосып, жылқы байлап дәруменді сусын — қымыз өндіріп отырғаны көрер көзге көрікті, айтар ауызға лайықты. Әрине, қымыз болса, ішер ауыз табылады. Бұдан 3-4 жыл бұрын Теректі ауданы Ақ-жайық ауылындағы аурухананы қымызбен қамтыды. Қазір Орал қаласындағы орталық базарға апарып, пұлдап отыр.

Қожалық жетекшісі Ерлан Сұлтанов пен оның зайыбы Мая Төлеуқызының шаңырақ көтергендеріне биыл он тоғыз жыл болған. Олар үш бала тәрбиелеп өсірді. Ал ата-аналары Сабыржан Сұлтанов пен Гүлжиян Қалмұрзақызы немере-жиен сүйген, шүкіршілігі мол зейнеткерлер. Қазір олар Орал қаласына жақын Подстепный ауылында тұрады. Келісті үй салып алып, немерелерін оқытуда. Мұнда апта арылтпай келіп тұрады.

Ынтымағы жарасқан, ықыластары ұштасқан үлкен әулеттің еңбек жолы да әріден басталады. Отағасы Сабыржан — кезіндегі Ораз Исаев атындағы ұжымшардың малын да баққан, техникасын да жүргізген, темірін де жонған бесаспап жан. Қайда жұмсаса, сонда «Сәкең» атанған азаматтығын ауыл жақсы біледі. Ал қосағы бес баланы өмірге әкеліп, оларға тәрбие беріп, қазақтың салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына, атакәсібіне мейлінше молынан сусындатыпты. Ұлдың да, қыздың да, кейін келіннің де тәрбиесін уысынан шығармай үлгілі жолды үкілей біліпті. Соның айғағы дерсің, Мая келіні, міне, жиырма жылға жуық осы шаңырақтың қиындығын бөлісіп, қуанышын еселеп келеді. «Келін ененің топырағынан жаратылады» деген бар, енесінің үйреткенін жүре тыңдамай, құлағына құйып өскен оның тұрмыстағы қазақылығы қызықтырады. Үй ұстауы, ыдыс-аяқ, көрпе-көпшіктің тазалығы, қонақ күтуі, ас пісіруі – бәрін-бәрін тәптіштеп үлгі етуге болады. Әсіресе, қолда барды ұқсатып, қымызды балдай етуі мақтауға тұрарлық. Бие саууы шапшаң, қолы қолына жұқпайды. Себебі иісі-ніп тұрған жануардың сүт беруі де шапшаңдықты қалайды. Киелі жануардың келісті тұрысынан-ақ иесіне еміренгені байқалады. Басын шұлғып, бауырына жақындаған жанға мейірімді мінез көрсетеді. Желінге қолы тигенде саулап қоя беретін саумалдың өзі де төңірекке хош иісін төгіп жібереді екен. Қырмызы қымыз шашуы танауыңды қытықтайды. Келін бұл сусынның түр-түрін де бір кісідей біледі екен. Уыз қымыз — биені алғаш байлағанда бапталатын қымыз. Мұны «бие бау» деп те атайды. Бал қымыз — әбден піскен және бойына жылқының майы сіңген бапты, жұмсақ қымыз. Түсі сары келеді. Бесті қымыз — төрт түн асып, ашуы әбден жеткен қымыз. Қысырақ қымыз – бірінші рет құлындаған жас биеден сауылады. Міне, әрі қарай жалғастырып, білгіңіз келсе, Мая айтуға әзір. Жылқы түгіл, сиырдың бауырын ұмытқан ауыл келіндері осындайда есіңе түседі. Бәрі де үйретуден, үйренушінің құлықтылығынан. Демек, үйренгеннің жемісі еңбекке құлшыныстың адал көрінісі.

Қожалықта 384 гектар жер бар. Сан түрлі шөпке бай алқапта 120 ірі қара, 200-дей қой-ешкі, 60 шақты жылқы бағылуда. Биыл 42 бұзау, 12 құлын өріске қосылыпты. Сөйтіп, түлік төлден көбейеді. Демек, атакәсіп нәсіпті еселейді де. Оған да мысалымыз әзір. Сабыржан да «Лифан», Ерлан да жаңа «Нива» автокөліктері қай шаруаға да әзір. Бір «МТЗ-82», бір бесаспап «МТЗ – 82 — 1» жаңа тракторы, шөптайлағыш, басқа да техника бабында. Бәрі де малдың арқасы.

— Осы шаруа қожалығы жылда да мал азығын дер кезінде жинап алады. Иісі бұрқыраған көк шөп жануарға жұғымды. Қазірдің өзінде 2500 центнер тайланған шөп үйілді. Айналасы берік қоршалған. Мал азығын дайындау жұмысы жалғасуда. Бұл да еңбекқор жанның өзіне пайдасы, өзгеге өнегесі, — дейді Көнеккеткен ауылдық округінің бас маманы Мұхтар Бұланаев.

— Ауыз суды өзімізге жақын Жаман деген жерден тасып ішіп отырмыз. Жерасты суы таза, жақсы. Малды сусорғымен құдық-тан суарамыз. Су көздері тартылып барады. Болашақта іргемізде жатқан Азынабай – Тайпақ су жүйесін жөндеп, іске қосса, су келсе, малды өңірдің өңі кірер еді, — дейді еңбекпен есейген Ерлан Сабыржанұлы.

Тілес ЖАЗЫҚБАЙ,

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген автор


Еңсеп бабаны еске алды

Күні: , 145 рет оқылды

DSC_0233


Тамыздың 11-13-і күндері киелі Қаратөбеде осы өңірден шыққан даңқты палуан Еңсеп Досқалиевті еске алуға арналған қазақ күресінен екінші республикалық турнир оздырылды.


Қазақ күресі өнерінде талай белестерді бағындырып, республикамыздың тұңғыш абсолюттік чемпионы атанған Еңсеп бабамыздың есімі еш ұмытылмақ емес.

1905 жылы Егіндікөл ауылында дүниеге келген Еңсеп атамыз жастайынан қазақ күресіне, аламан бәйгелерге қатысып, шыңдала түседі. Жігері мен табандылығы арқасында 1939 жылы Семей қаласында өткен республика біріншілігіне қатысып, орта салмақта бірінші орынға, сондай-ақ барлық салмақ дәрежесі бойынша қарсыластарын жеңіп, абсолюттік чемпион атағына ие болған. 1941 жылы Фрунзе қаласындағы одақтық жарысқа қатысып, Ресей, Украина, Беларусь және басқа мемлекеттердің палуандарымен белдесіп, чемпион атанады. Ұлы Отан соғысы басталғанда Е. Досқалиев өз еркімен майданға аттанып, 1944 жылы Украина жерінде ерлікпен қаза табады. Ұлттық спорт – қазақ күресін дамытуға өлшеусіз үлес қосқан спорт саңлағының өмір жолы бүгінгі ұрпаққа үлгі боларлық.

Өткен жылы Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Шахаровтың қолдауымен Еңсеп бабамызды еске алуға арналған турнир алғаш рет республикалық деңгейде ұйымдастырылып, баба рухы ұлықталғаны баршаға мәлім.

Осы жылғы жарыстың алғашқы күнінде турнир қонақтары мен қатысушылар Мұхит Мерәлиев атындағы аудандық тарихи-өлкетану музейіне саяхат жасап, жергілікті көркемөнерпаздардың концерттік бағдарламасын тамашалады. Екінші мәрте өткізілген республикалық турнирге еліміздің Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе облыстарынан және Орал қаласынан, сондай-ақ облысымыздың бірнеше ауданынан барлығы тоқсанға жуық палуан қатысты.

– Еңсеп бабамыздың турниріне алыс-жақыннан келген қатысушылар мен ұрпақтарына қош келдіңіздер дегім келеді. Осындай айтулы додалардың жастар арасында бұқаралық спортты дамытуға, қазақ күресін насихаттай түсуге зор ықпалы болары сөзсіз. Жарысқа қатысушы спортшылардың биік тұғырдан көрінулеріне тілектеспін, — деді турнирдің ашылу салтанатында сөз алған Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Шахаров.

Е. Досқалиевтің немересі Айдар Досқалиев пен жарыстың бас төрешісі Ибат Еришев те қазақ күресінің дами беруіне тілектестіктерін жеткізіп, жарыс жолына шыққан палуандарға сәттілік тіледі.

Дүбірлі додада палуандар 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100, +100 келі және абсолюттік салмақ дәрежесі бойынша белдесулер өткізіп, жарыс көрігін қыздырды.

Салмақ дәрежелері бойынша белдесудің ақтық сынына шыққан палуандар арасындағы күрес тартысты өрбіді. Күрес десе, делебесі қозатын қалың жұрт қиқуға басып, сайдың тасындай іріктелген палуандарды қолдаумен болды.

Жарыстың ақтық сынында 55 келі салмақ дәрежесі бойынша оралдық Данияр Ұзақбаев, 60 келі салмақта атыраулық Азамат Едігеев, 66 келіде Сырым ауданынан келген Айбол Оразғалиев, 74 келіде атыраулық Нұрбек Қожағалиев, 82 келіде қазталовтық Ерназар Хамзин, 90 келі және 100 келі салмақ дәрежесінде шымкенттік палуандар Ерсұлтан Мұзаппаров пен Әділжан Ыстыбаевтың бағы жанса, 100 келіден жоғары салмақта қызылордалық Айбек Серікбаев жеңімпаз атанды.

Абсолюттік салмақ дәрежесіне белдесуге шығып, шымкенттік қарсыласы Әділжан Ыстыбаевты үш минутта таза жеңіспен ұтқан қызылордалық Айбек Серікбаев турнирдің «түйе палуаны» атанып, бас жүлдеге тігілген 250 мың теңгені иемденді. «Түйе палуандыққа» талас барысында Бөрлі ауданынан келген Темірлан Көлібай жүлделі ІІІ орынға табан тіреді.

Турнир соңында салмақ дәрежелері бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтарға ие болды. Еңсеп Досқалиевтің немересі Айдар Досқалиев жарысқа қатысушы жекелеген палуандарға түрлі аталымдар бойынша сыйлықтар табыс етті.

Серікбай ХАСАНОВ,

Қаратөбе ауданы


Адал еңбек иесінің есімі ұмытылмасын…

Күні: , 117 рет оқылды

542455


Атамыз Өте Мусин 1886 жылы бұрынғы Шалқар, қазіргі Сырым ауданының Қособа елді мекенінде дүниеге келген. Бабамыз Мұсадан Ақкерей, Сағыр, Өте, Кенжеғали атты  (басының сопақтығынан жеңгелерінің атауымен Шошақ аталып кеткен) ұлдар өрбиді. Бабамыз Мұса інісі Қобыландымен қаражат жинап, Алланың алдындағы мұсылмандық парызын өтеу үшін Меккеге қажылыққа жол тартып, сол жақта сүйегі мәңгілікке қалған көрінеді. Бабамыз Мұсаның үшінші баласының ныспысын Өте деп қоюы кейінгі ұрпақтарына шешуін табатын тылсым жұмбақ сияқтанады.


Тарихқа көз салсақ, қазан төңкерісі, одан кейін азамат, Ұлы Отан соғыстары болып өтті. ХХ ғасырдың 28-29-30-жылдары Кеңес одағында жаппай «коллективизация» жүргізілгені мәлім. Сол кезде қазақтың малы тартып алынып, колхоз бен совхоздар құрылды, бүкіл байлық үкіметтікі болып шықты. Халықты байдың баласы не қажының, дін ұстағандардың ұрпақтары деп босытып жіберді. Солақай саясаттың зардабын тартып, бас сауғалаған аталарымыз Ресей асып, орыс мұжықтарына жалданып күн көрді. Бірақ 1932 жылы елімізде өнеркәсіпті қарқынды дамыту басталды. Елдегі ірі қалалардағы зауыт-фабрикалардағы мыңдаған жұмысшыларды азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі бірінші орынға шықты. Кеңес үкіметінің қаулысымен (төрағасы И. Сталин) 1932 жылы «Аңқаты» ет совхозы құрылды.

КСРО-да таза етті бағыттағы ірі қара мал жоқ болатын. Елде қуғын-сүргін саябырсып, жұмыс қолдары өте қажет болатын. Осыны бетке ұстап елге оралайық деп атамыз Өте ағалары Ақкерей, Сағыр, інісі Кенжеғалиды (Шошақ) ертіп, осы «Аңқаты» ет совхозына аға малшы болып жұмысқа кіріседі. Атамыздың қасында көмекшілері болып туған ағалары мен бала-шағасы болған.

Жергілікті қазақтың аналық сиырларын шетелден алтынға сатып алынған герефорд тұқымдас  аталық бұқалармен будандастырып, метис ұрпақтарын алып өсіріп, олардың тәуліктік салмақ қосуын әр басына 750 грамға жеткізеді. Жаңағы бұқалар мұхит, теңіз арқылы Англия, Канададан Ленинградқа пароход арқылы жол тартып, кейін шойын жолмен атамыздың өзі бас-көз болуымен Оралға жеткізілген екен. Осы мал «Аңқаты» совхозының №1 бөлімшесінде «Новая точка» деген ауылда бағылып күтілді. Ал жазда Саралжын көлінің Ащысай, Аңқаты өзендерінің  және Шалқар көлінің жағалауындағы жайылымдарда жайылатын болған.

Қазақстанның Семей облысындағы «Чалобай» совхозында, Ақмола облысының «Балкашино» совхозында, Ресейдің Чкалов (Орынбор) облысының «Броды» совхоздарында да осы  жұмыстар қолға алынып жүргізілген еді. Атамыз Мусин Өтенің аға малшы ретінде ғалымдармен бірлесе жасаған жұмысы өз нәтижесін берді. КСРО-да, осының ішінде Батыс Қазақстан облысында «Аңқаты» ет совхозында аға малшы Өте Мусиннің сиыр табынында ғылыми жолмен етті бағыттағы қазақтың ақбас сиырлары дүниеге келген еді.

КСРО Министрлері кеңесінің (төрағасы И. Сталин) 1951 жылғы 14 наурыздағы №981 қаулысымен бір топ адамға бірінші дәрежелі Сталиндік сыйлықтың лауреаты атағы берілді. Оның ішінде «Аңқаты» асыл тұқымды ет совхозының аға малшысы Өте Мусин, ғалымдар С. Дудин, К. Акопян және тағы басқалар (барлығы 14 адам) бар. Кейінірек бұл атақ мемлекеттік сыйлық болып өзгертілді. Атамыздың бұл жәдігерлері облыстық өлкетану мұражайында сақтаулы және сирегірек болса да, көрермендер назарында.

Атамыз 1940 жылы Бүкілодақтақ ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысқан және 1938-1939 жылдары герефорд тұқымдас метис бұзауларынан (сегіз айға дейін) тәулігіне 750 грамм салмақ қосуын қамтамасыз етіп, мал басын 100 пайыз аман сақтаған (құжаты – 127255. Мақтау қағазы №1992. 1945 жылы 5 ақпан күні).

Бүкілодақтық социалистік жарыстың совхоздар арасындағы ең үздік стахановшы деген атағы бар. Атамыз Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерен еңбегі үшін КСРО-ның Жоғарғы кеңес президиумының қаулысымен «Ұлы Отан соғысындағы 1940-1945 ж.ж. ерен еңбегі» медалімен (Х №055586, 1946 ж. 31 мамыр) марапатталды, ал 1951 жылы «Құрмет Белгісі» орденіне ие болады.  Атамыз бірнеше рет ауылдық, аудандық, облыстық кеңестің мүшесі болды. Ол 1955 жылы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының «Құрметті зейнеткері» атағымен зейнеткерлікке шықты. Алайда ірі қара малын бағып-күтудегі мол бай тәжірибесін кеңесші ретінде малшыларды аралап бөлісіп отырды.

«Аңқаты» ет совхозының алғашқы директоры А. Писарев болды. Одан кейін  әр жылдары осы совхозды И. Голупов, Г. Петренко, И. Герасимов, Ф. Скобычкин, П. Суворов, А. Черекаев, Ж. Қоланбаев, Н. Келексаев, С. Балахметов, М. Зейнуллин деген азаматтар басқарды. Атамыз Өте Мусин – «Аңқаты» ет совхозының даңқы КСРО-ға таралуына аянбай еңбек еткен адам.  Сол кезеңнің біраз аға малшыларын да атап кетуді жөн көрдім. Олар: Бекебас Қартабаев, Шаян Өміров, Байғуат Ысқақов, Тілеген Стамғазиев, Насиха Диярова, Ахмет Отарбаев, Ешмұқан Бөкенбаев, Құлмаш Кенжеғалиев т.б.

Атамыз малшы таяғын Қабекес Серғалиевке тапсырған. Содан ол кісі 1966 жылы наурыз айында Социалистік Еңбек Ері деген жоғары атаққа ие болады. Ал Балтабай Молдахметов алғаш рет Ленин орденімен марапатталды. Атамыз қазақтың ақбас етті бағыттағы сиырларының авторларының бірі ретінде 1951 жылдың наурызында бірінші дәрежелі сталиндік сыйлықтың лауреаты атағын алса,  содан 20 жылдан соң осы «Аңқаты» асыл тұқымды мал зауыты КСРО-ның ең жоғарғы наградасы «Ленин» орденімен марапатталды. Ал совхоз директоры А. Черекаев 1972 жылы Социалистік Еңбек Ері деген жоғары марапатқа ие болды.

Атамыздың үлкен ұлы Мүти Мусин осы «Аңқаты» совхозында алғаш рет етті бағыттағы ірі қара малын қолдан ұрықтандыруды (1944 жылы)  қолға алған. Денсаулығына байланысты бұл жұмысын 1953 жылы немере інісі Назар Шошақовқа тапсырған еді. Сол кезде ағамыз екі аяқты арбаға ат жегіп, бүкіл малшылардың табынын асыл тұқымды бұқалардың ұрықтарымен сиырларды қолдан ұрықтандыратын еді. Бұл жұмыс тәжірибесі осы саладағы мал шаруашылығында КСРО-да ең алғаш рет қолданылып, іске асқан болатын. Ағамыз ерен еңбегі үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Осының арқасында әр 100 сиырдан 90-100 бұзау алуға жетіскен еді.

Атамыз сақал-мұрты келіскен аққұба, орта бойлы кісі еді. Төңірегіндегі жақын-жуығына қамқоршы бола білді. Атамыздың үлкен ұлы, менің әкем Мүти Мусин 1915 жылы 3 наурызда дүниеге келген, ал анам Сағида Аяшева 1925 жылы 3 наурызда туған. Әкем мен анам 1947 жылы 5 мамырда некелескен. Олардың ұлдары – мен, Орынбек, 1948 жылы 27 қыркүйекте дү-ниеге келгенмін. Бір құрсақтан төрт ұл, үш қыз туғанбыз. Өзім де осы  саланың маманымын, қазір зейнеткермін. Немерелерінің бәрі де әр саланың мамандары болып жұмыс істейді.

Атамыз бес мезгіл намазын оқитын, ораза ұстап, наурыз мерекесін, құрбан айт тойларын атап өтетін. Атамыздың екінші ұлы Сағидолла 1919 жылы туған. Ол кісі офицер не саяси қызметкер болып Қызыл Армияда Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп жүргенде, совет-фин соғысы, одан кейін Ұлы Отан соғысы басталып, сол соғыста хабарсыз кеткен. Атамыз әжеміз Әлима баласы соғыстан аман келеді деп күткен еді. Бірақ оралмады. Әлима әжеміз 1971 жылы мамыр айында бақилық болды.

Атамыздың 1927 жылы туған Бәтима деген қызы болды, Жездеміз Жұпқалиев Дәулетқалимен тұрмыс құрған. Екеуінен бір ұл, бір қыз дүниеге келген. Атамыздың үшінші ұлы Әзербай 1929 жылы 30 желтоқсанда дүниеге келген. Әсия деген жеңгеміз болған. Оның қызы Сәния Өтеева 1953 жылы туған. Қазір Назарбаев атындағы зияткерлік мектебінің физика пәнінің ұстазы. Тәтеміз екінші рет үйленіп, жеңгеміз Зина екеуі үш ұл, бір қыз тапқан болатын. Қазір қыздары Өтеева Роза Әзербайқызы – ма-тематика ғалымдарының докторы, Ресейдің Тольятти университетінің профессоры. Атамыздың төртінші ұлы Оралбай 1939 жылы туған. Аңқатыға Саралжыннан жаяу барып, оқып жүргенде, ауырып бақилық болған.

Атамыздың Сырым ауданының Қосаба ауылында әкесінің інісі Қобыландыдан туған Мұқаннан Қанапия, Жанқожа, Алпысбай, Бисенғали деген бел немере інілері тұрған және оларға ат арба жегіп, мені ілестіріп қыдырып баратын еді. Ал облысымызға белгілі Жұмағалиев Бисен ағамыз орыстың атақты жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты М. Шолохов жайында көп жазған еді. Соның бірі менің атама қатысты оқиға болатын. Онда жазушының Шалқар көлі жағасында балық аулап, аң-құс атып жүргенде жаңбыр жауып, көліктері жүрмей қалады. Тоңып-шашырап жүрген кісілерді атамыз отырған күркесіне әкеліп, ыстық тамағын беріп, киімдерін кептіреді. Сол кездесуді М. Шолохов қазақтың кеңпейілдігін жоғары бағалап, соңынан сол қарапайым малшының сталиндік сыйлықтың лауреаты атанғанын естіп, қатты қуанғандығы айтылған. Осы оқиғаны бейнелейтін көркемсурет қазір Дарияндағы (Даринский) М. Шолохов мұражайында тұр.

Жас кезінде атамыз бір бақсы адамға қаралады, ол кісі «Сен дүниеден 73 жасыңда өтесің» деген. Содан атамыз 1959 жылдың басында өңештің обыры ауруымен ауырып, осы жылдың 15 тамызында бақилық болды. Енді беті бері қарамасын білген соң немерелерін бір-бірлеп қасына шақырып, маңдайынан иіскеп, сүйіп,  «Айналайындар, оқыңдар, жақсы азамат болыңдар» деп өсиетін айтқан-ды. Назар інісіне басына қойылатын құлпытасты құйдырды және үй тұрғызатын саман тасты әзірлетіп қойды. Жылдар жылжып өтіп, саман үй құлап қалды, құлып тастың жазулары түсіп қалды. Жерлеуге қатысқан атқамінерлер атамыздың басына мәрмәр тастан белгі қою қажет деп айтқан еді. Оны естіген әкеміз ауданға, облысқа, тіпті республикаға арыз жазды, бұл іс аяқсыз қалды. Сол кезде жергілікті бюджеттен бес мың рубль бөлуге рұқсат еткен. Осы шаралар іске аспаған соң, өзіміз немерелері болып қаражат жинап, мәрмәр тастан белгі қойдық. Құран оқытып, садақасын бердік.

Атамыз қазақтың ақбас етті бағыттағы сиырларының дүниеге келуіне еңбек сіңіріп, стратегиялық азық-түлік, соның ішінде сапалы мәрмәр етті егемен Қазақстанға мұра етіп қалдырды. Олай болса, ел үшін адал еңбек еткен Өте Мусиннің есімін кейінгі ұрпаққа мәңгі үлгі етуіміз керек. Ол үшін облыс орталығы Орал қаласынан  бір көшенің немесе мектептің атын сол кісінің есімімен аталса, орынды болар еді. Осылайша, өмір-бақи мал бағып, адал еңбегімен елдің құрметіне бөленудің өнегесін танытқан еңбек ерінің рухына, жасампаз еңбегіне құрмет көрсеткен болар едік.

Орынбек МУСИН,

немересі,

Орал қаласы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика