Мұрағат: 16.08.2016


Үмітті ақтады Ольга

Күні: , 166 рет оқылды

photo_81776


Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан жазғы олимпиада ойындарының тоғызыншы күні қазақ-стандықтар үш қарғып секіруден Лондон олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпаковадан жүлде күтті. Шығысқазақстандық саңлақ бұл үмітті ақтады.


Бірінші әрекетінде-ақ 14,73 метрге секірген Ольга жоғары орын үшін күреске дайын екендігін байқатты. Дегенмен бәсеке барысында колумбиялық Катрин Ибаргуэн 15,17, венесуэлалық Юлимар Рохас 14,98 метрге секіріп, әлдеқайда ұзап кетті.

Қазақстандық спортшы өз көрсеткішін бір ғана сантиметрге жаңартып, қола жүлдегер атанды. Төртінші орынға табан тіреген америкалық спортшы Кетура Орджидің Ольгадан үш сантиметрге ғана (14,71) қалып қойғанын ескерсек, қола медальдың да оңайлықпен келмегенін аңғарамыз.

Лондон олимпиадасында 14,98 метр нәтижемен чемпион атанған, биыл 32-ге толатын Ольга осымен екінші жүлдесін жеңіп алып отыр. Бұл, әрине, спорттағы үлкен табыс, биік абырой.

Өкінішке қарай, жүлдеге қол созым жерде қапы қалып жатырған отандастарымыз да аз емес. Шығыс Қазақстан облысының тағы бір өкілі, ауыр атлет Денис Уланов 85 кг салмақта жүлде алады деп күткен едік. Ол жұлқа көтеруден 175 келімен төртінші орында қалса, серпе көтеруден соның есесін толтыра алмады. Тіпті ешқандай нәтижесіз қалудың алдында сәл-ақ тұрды. Аңысын аңдымай, бірден ауырлау салмаққа тапсырыс берген бапкерлердің қателігі ме, әйтеуір Денис 215 келіні үшінші әрекетінде әзер көтеріп, сонымен тоқтауға мәжбүр болды. Ирандық Киануш Ростами 396 келімен (179+217) чемпион атанса, жарыс кезінде бар болғаны екі-ақ мүмкіндігін пайдаланып, жанкештілік танытқан Тянь Тао күміс медальді иеленді. Ал барлық мүмкіндіктерін қалт жібермеген румыния-лық Габриэль Синкраян Денис жарыс жолынан шыққаннан кейін 217 келіні тік көтеріп, қоссайыс қорытындысында Д. Улановпен бірдей нәтиже (390 кг) көрсетіп, қола медальді жұлып әкетті. Тіпті оны жүлде алады деп көп ешкім елей де қоймаған сияқты. Міне, спорт деген осы. Осылайша сан соғып, бармағын тістеген 22 жасар Дениске енді Токио олимпиадасын күтуге тура келеді. Бірақ оған дейін кім бар, кім жоқ, басқа мықтылар шығып, жол бермеуі де әбден мүмкін. Әңгіме Нижат Рахимов сияқты нағыз сын сәтте қайрат танытып, есе жібермеуде ғой.

Грек-рим күресінен Алмат Кебіспаев пен Досжан Қартықов та жүлдеден тыс қалды. Әсіресе, Алматтың қола медаль алатындай мүмкіндігі болды. Ол алғашқы белдесуінде ресейлік мықты палуан Ибрагим Лабазановты 4:0 есебімен ұтқанмен, екінші айналымда 22 жасар жапон жігіті Шинобу Отамен бәсекеде қателік жіберіп, ұтылып қалды. Ш. Ота финалға шыққаннан кейін А. Кебіспаев жұбаныш белдесуде Лондон олимпиадасының жеңімпазы, алты мәрте әлем чемпионы, ирандық Хамид Сорианнан 0:7 есебімен ұтылып жатып, таза жеңіп кетті. Осы кездесу бар күшін сарықты ма, тағы бір жұбаныш белдесуде норвегиялық Стиг Андре Бергеге 0:2 есебімен есе жіберді. Кейін дәл осы норвегиялық палуан қола жүлдегер атанды. Тағы бір қола медальді Өзбекстан намысын қорғаған қазақ жігіті Елмұрат Тасмұратов жеңіп алды. Ташкент облысында дүниеге келген Елмұрат балаң кезінде Түркістандағы Бекзат Саттарханов атындағы спортинтернатта төрт жыл оқып, Қазақстан құрамасына іліккісі келген екен. Бірақ ондай мүмкіндік берілмегеннен кейін Өзбекстанға қайтадан кетіп қалған. Елім деп келген Елмұратты өзекке тепкен екенбіз, өкінішті…

Рио олимпиадасында тоғызыншы күннің қорытындысы бойынша қазақстандықтар сегіз медальмен (қос алтын, екі күміс, төрт қола) 16-ыншы орында тұрды. Бұл көрсеткіш әлі де өзгерері анық. Әсіресе, боксшыларымыз барынша сәтті өнер көрсетуде. Жартылай финалда кубалық Эрис-ланди Савонды «сабаған» Василий Левит (91 кг) осы түнде алтын медаль үшін ресейлік Евгений Тищенкомен шайқасты. Қазақстан құрамасының капитаны, Батыс Қазақстан облысының түлегі Данияр Елеусінов жартылай финалда франциялық Сулейман Сиссоконың шамасын байқап көрді. Бұл салмақта әлем чемпионы, марокколық Мохаммед Рабии мен өзбек Шахрам Гиясовтың біреуі финалға шықты. Өзбек демекші, Біржан Жақыповты жолдан тайдырған Хасанбой Дусматов ақырында олимпиада чемпионы атанды. Көптен алтын алмаған өзбек спортшыларының биылғы қарқыны қатты, жалпыкомандалық есепте озық шығудан басты үміткерлердің қатарында. 56 кг салмақта әп-әдемі бокстасқан Қайрат Ералиев ширек финалда ұтылмаса да, жеңіс төрешілердің шешімімен тағы бір өзбек Муроджон Ахмадалиевке берілді. Бұл ештеңе емес, қарсыласынан екі мәрте нокдаун алып, есеңгіреген боксшыға да жеңіс берілгенін көз көрді, құлақ естіді. Қайта қазақ боксшыларының әзірбайжан жігіттерімен шайқасында жолдары болды. Суперсалмақта Иван Дычко өзі сияқты басты үміткерлердің бірі, әлем чемпионы Магомедрасул Меджидовпен рингке шығып, бірінші раундтан кейін алда тұрды. Екінші кезеңде жарақат алған М. Меджидовке дәрігерлер кездесуді жалғастыруға рұқсат бермеді. Сөйтіп, бұл бәсекеден оңай өткен И. Дычкоға енді, сәтін салса, жол ашық тұр деуге болады. Сол секілді 81 кг салмақта тағы бір әзірбайжан жігіті Теймур Мамедовті ұтқан Әділбек Ниязымбетов кем дегенде қола жүлдеге ие болмақшы. Оның жартылай финалдағы қарсыласы мықты, британиялық Джошуа Буатси осы олимпиадада өзбектің мықтысы Эльшод Расуловты нокаутқа жіберді. Кеше сондай-ақ қазақстандықтар Жәнібек Әлімханұлы (75 кг) мен Олжас Сәттібаев (52 кг) тағы да әзірбайжан боксшыларымен шеберлік байқасып, өз өнерлерін көрсетті. Ауыр атлетикадан 105 кг салмақта Александр Зайчиков бағын сынаса, грек-рим күресінен Қазақстанның қалған жалғыз үміті, аса ауыр салмақтағы Нұрмұхан Тінәлиев кілемге шықты.

Қыздар боксынан 75 келіге дейінгі салмақта Дариға Шәкімова екі мәрте әлем чемпионы, канадалық Ариан Фортинді 2:1 есебімен тізе бүктіріп, келесі кезеңге жолдама алды. Ол 17 тамыз күні марокколық Хадиджа Мардиді ұтса, кемінде қола медальді енші-лейді. Ал 18 тамыз күні Жайна Шекербекова (51 кг) шайқасқа түседі.

Өзекті өртеген өкініш емес, жеңіс көбейсін, ағайын!

Ғайса БӘЙМЕН


Судан неге шу шықты?

Күні: , 192 рет оқылды

IMG_2752


Соңғы бір ай бойы Жаңақала ауданының тұрғындары әлеуметтік желілер арқылы ауыз су сапасының сын көтермейтіндігін айтып, дабыл қағуда. Нақтырақ айтсақ, маусым айының ортасынан бастап ауыз судың түсі сарғыш тартып, лайланған судан жағымсыз (балдыр, балық иісі) иіс шығып, дәмі өзгеріп кеткендігін жеткізуде.


Жаңақалалықтар ауыз суды 30 шақырым жердегі «Қазсушар» мекемесінің теңгерімінде тұрған Пятимар су қоймасынан алады.  Аудан орталығындағы ауыз су қоймасынан бірнеше су тазартқыш сүзгілерден өтіп барып,  тұрғын үйлерге беріледі. Аталмыш қондырғы осыдан екі жыл бұрын «Таза су» бағдарламасымен 200 млн. теңгеден астам қаржыға салынған болатын. Бүгінде аудан орталығындағы су беру станциясында әрқайсысының сыйымдылығы 160 текше метр болатын екі су беру мұнарасы орнатылған. Бұрын тұрғындарға күніне 400 текше метр су берілген болса, қазір бұл мұнаралардан күніне 1000 текше метр су беріп тұр.

— Ауыз судың сапасы туралы аудан тұрғындарының айтып жүрген сөздерін жоққа шығара алмаймыз. Иә, бүгінгі таңда судың түсінде де, дәмінде де өзгеріс бар. Бірақ оны ішуге жарамсыз деуге болмайды. Аудандық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы ауыз судың құрамын сараптап, адам ағзасына қауіпсіз  деп тауып отыр. Енді түсі мен дәміне келер болсақ, оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, көлде балдырдың көбеюі. Осы уақытта балдыр гүл атады, ал сол балдыр гүлінің түсі суға шығып кетеді. Екіншіден, Пятимар су қоймасы мен аудан орталығындағы су айдағыш сорғы арасын қосып жатқан 32 ша-қырымдық темір құбыр ескіріп, тат басқан. Міне, осыдан келіп ауыз судың түсі де, дәмі де өзгеріп отыр, — дейді  «Коммунал»  мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы Мұхтар Батырханов.

Аудан орталығындағы ауыз су қоймасындағы су тазарту құрылғылары мен су сақтау мұнараларын,  тазарту сүзгісінен өтіп, тұрғындарға беріліп жатқан судан дәм татып көрдік. Бұл жердегі қызметкерлердің айтуы бойынша, сүзгілер күніне 2-3 рет тазартылып, ауыстырылып тұрады. Және суды залалсыздандыру мақсатында 1 тонна суға 00,30 гр. езілген хлор қосылады екен. Бірақ соның өзінде судың түсін тазарту мүмкін болмай отырған көрінеді.

— Өңірдегі таза суды біз үнемі қадағалап, ай сайын химиялық және бактериялық сынама алып отырамыз. Соңғы сынама 22 шілде күні алынған болатын. «Жаңақала аудандық санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы» санитарлық-химиялық зертханасында су үлгілерін зерттеу нәтижелері Жаңақала ауылы тұрғындарына беріліп жатқан ауыз судың түстілігі мен лайлылығы нормативтік көрсеткіштерден асып кеткенін анықтады. Норматив бойынша судың лайлылығы 20 болу керек болса, қазір бұл көрсеткіш 3,770-ке жоғарылаған. Түсі 200-ден 25,50-ге көтерілген. Ал судың микробиологиялық, бактериялық көрсеткіштері нормативтік құжаттардың талаптарына сай.  Тұрғындардың арасында ауыз судан ауруға шалдыққандар жоқ, — дейді аудандық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының басшысы Р. Ибрагимов.

Бұл мәселе – жылда қайталанатын мәселелердің бірі. Жылдан-жылға өзендерге судың келуі азайып барады. Ал су азайған сайын оның сапасы да нашарлай түсетіні анық. Осы мәселенің шешілу жолына тоқталған аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Ерлан Әбдіров:

— Ауыз су – бүгінгі таңда ауданымыздың басты мәселесі. Ауыл тұрғындарының дабылы жауапсыз қалып жатқан жоқ. Ауыз судың сапасыни қалпына келтіру үшін қолдан келген жұмыстың бәрін жасап жатырмыз. Ауыз су түсінің бұзылып, иістенуіне байланысты су жинағыш сыйымдылықтар тазартылып, залалсыздандырғыштар көлемі екі-үш есеге дейін көбейтіліп берілуде. Апта сайын судың құрамы тексерілуде. Күні бүгін судың сапасы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай.

Мұхтар Батырханов айтып өткендей, біздегі құрылғылар ескірді әрі ол судың иісі мен түсін тазарта алмайды. Ауылдық округтердегі осыдан 14 жылдай бұрын қондырылған су тазарту құрылғыларының да тозығы жетіп тұр. Аудан халқы жыл санап көбейіп келеді. Алдағы уақытта 384 тұрғын үй су жүйесіне қосылмақ, болашақта одан да көп болмақ. Сол кезде қазіргі су тазарту құрылғымыздың күші мүлде жетпей қа-луы ықтимал. Бұл мәселені шешудің жалғыз-ақ жолы – Құлшық елді мекенінен жерасты суын тарту. Бұл туралы біз ауданымызға іссапармен келіп кеткен облыс басшысына да, оның орынбасарына да айтқан болатынбыз. Құлшықтан су келер болса, аудандағы ауыз су мәселесі толығымен шешілер еді деп, Құлшықтан су тарту үшін барлық құжаттардың дайын тұрғанын айтты.

Нұрғали ҒАББАСОВ,

Жаңақала ауданы


Жерлесімізге мың алғыс

Күні: , 174 рет оқылды

IMG_9190


Өткен сенбіде облыстық аурухананың мәжіліс залында Оңтүстік Корей еліндегі Мин емханасының хирургі, Сеул ұлттық университетінің профессоры Ким Джон Миннің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Оған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменов, облыстық аурухананың бас дәрігері Ерлан Тоқсанов, БАҚ өкілдері қатысты.


Соңғы 10 жыл шамасында көптеген ауруларды хирургиялық жолмен емдеудің әдісі түбегейлі өзгеріп, жаңа эндоскопиялық немесе аз инвазивті хирургия әдісі енгізілді. Облыстық клиникалық ауруханада 1998 жылдан бастап лапароскопиялық холецистэкомия жасала басталды. Қазіргі таңда клиникада эндоскопиялық оталар ЛОР, кеуде және ішперде тұстарындағы органдарға жасалады. Орныққан тығыз халықаралық әріптестік аясында және инвазивті эндоскопиялық хирургияны одан әрі дамыту мақсатында Мин емханасы бас директорының арнайы шақыруымен қарқынды хирургия бөлімінің меңгерушісі Қ. Жаишев Оңтүстік Кореяда оқу-тәжірибеден өтті. Облыстық клиникалық аурухана негізінде қалқанша безіне жылына 60 ота жасалады. Осы сала-дағы әлемдік тәжірибені меңгеру мақсатында Сеул университетінің профессоры Ким Джон Миннің тікелей басшылығымен шеберлік сағаттары оздырылды. Игі істердің басында жүрген жерлесіміз Галина Әлімова баспасөз мәслихатында осы сапар туралы қысқаша түсінік берді.

— Оңтүстік Корей елінде алдымен тіл үйрендім. Алған білімімнің арқасында осындай дәрежеге жеткеніме қуаныштымын. Адамның басты байлығы денсаулық екенін жақсы білеміз. Әріптестеріме Қазақстанға барып шеберлік сағатын өткізу туралы ойымды жеткіздім. Менің бұл ойыммен келіскендері үшін алғысым шексіз. Бұл – дәрігерлердің Қазақстанға алғашқы сапары, алдағы уақытта өзге де өңірлерді аралап, науқас жандарға қолұшымызды бергіміз келеді. Туған жерім Жайықтың жағасы болғандықтан, әріптестерімді бірден осында ертіп әкелдім. Облыстық аурухананың басшысы Ерлан Виленұлының келісімімен келіп отырған жайымыз бар. Мұндағы басты мақсат – жерлестерімнің  денсаулығының жақсаруына аз да болса септігімді тигізу. Туған жерге келіп әріптестеріммен бірге маңызды шаруа атқарғанымызға қуаныштымын, — дейді Мин емханасының кеңесшісі, жерлесіміз Галина Әлімова.

БАҚ өкілдерінің қойған сұрақтарына Ким Джон Мин мырза тұшымды жауап берді.

— Эндоскопиялық тиреоидэктомии әдісімен ота жасауда бірқатар артықшылықтар бар. Ота жасалғаннан кейін науқастың денесінде ота тігісі қалмайды. Өйткені ота шағын тесік арқылы арнайы хирургиялық құралдардың көмегімен жасалады. Ең бастысы – қалқанша без жойылғаннан кейін науқастың жұмысқа қабілеті жақсарады, — дейді профессор Ким Джон Мин.

— Соңғы жылдары дәрігерлеріміздің сауаттылығы артып келеді. Шетелдік мамандармен тығыз байланыс жасаудамыз. Корей елінде іссапарда болып, ондағы мамандармен тәжірибе алмасқанмын. Оңтүстік Корей елінен қалқанша безге ота жасау үшін арнайы білікті мамандардың өңірге келуі – біз үшін үлкен сәттілік. Егер науқастың өзі бұл елге барып емделетін болса, 3-4 мың доллардай шығын жұмсайды. Біздің елге келген Ким Джон Миннің емін алу үшін науқастар тегін қаралып, дәрігерлік кеңесті тегін алады. Ота жасау жұмысына да араласпаймыз. Науқастардың барлығына бақылауды өздері жүргізіп, науқасы күрделі деген үш адамға ота жасауда. Қалған науқастарды өз ауруханасына шақырып отыр. Біздің міндетіміз – науқастарға  сапалы қызмет көрсету. Осы орайда Галина Әлімова қарындасымызға елімізге шетелдік тәжірибесі мол білікті мамандарды әкеліп, біздермен байланыс орнатқаны үшін шексіз алғысымды білдіргім келеді, — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменов.

Осылайша, Оңтүстік Кореядағы Мин клиникасының дәрігері, Сеул университетінің профессоры Ким Джон Мин облыстық ауруханаға келіп, үш науқастың қалқанша безіне ота жасады. Сондай-ақ жергілікті хирургтар мен эндокринолог дәрігерлерге шеберлік сағатын өткізіп, осы күнге дейін жинаған тәжірибесімен бөлісті.

Темірболат ӘНУАРҰЛЫ


«Қауіпсіз мектеп» акциясы басталды

Күні: , 422 рет оқылды

DSC_0104


Еліміздің Білім және ғылым министрлігі 10 тамыздан 20 қыркүйекке дейін «Қауіпсіз мектеп» республикалық акциясын бастауына байланысты Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Меңзипа Жұматова тәрбие және білім мекемелері басшыларымен кеңес өткізді.


Ол «Қауіпсіз балалық шақ!» ұранымен өткізу ұсынылған аталған шара барысындағы міндеттерді тұжырымдады. Мақсат – білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оқушылар арасында және оларға қарсы құқықбұзушылықтың алдын алу және оқу орындарында қауіпсіздік шараларын жетілдіру.

Кеңесте аудан прокуратурасының прокуроры Анастасия Семилиди бұл акцияның барысында оқу сыныптарының, асхананың, спорт залының, медициналық кабинеттердің, су құбырларының, жылу жүйесінің жұмысқа дайындығына; ғимараттың өртке қарсы және санэпидемиологиялық талаптарға сай болуына назар аудару қажеттігін қаперге салды. Сондай-ақ ол мектеп директорларының, мектепке дейінгі ұйымдар жетекшілерінің «Білім туралы» заңнан, тиісті басқа да құқықтық актілерден хабардар болуының маңызын еске салды. Мекемелерде босаған жұмыс орындары туралы үш күннің ішінде жұмыспен қамту орталығына хабарлануы тиіс. Өкінішке қарай бұл тәртіпті білмейтіндер кездесіп қалады.

Түнгі уақытта балалардың беймезгіл жүруін болдырмау, мектеп – ата-ана байланысын нығайту жайында кеңінен қамтылды.

Болат ҚОСЖАНҰЛЫ,

Ақжайық ауданы


Жастар күні жасындай жарқылдады жас өрен

Күні: , 202 рет оқылды

IMG_9327


Өткен аптада Орал қаласындағы М. Мәметова атындағы алаңда Халықаралық  жастар күні мерекесі атап өтілді.


Қай мемлекетте болмасын, жастардың болашағы басты назарда. Біріккен Ұлттар Ұйымының бас ассамблеясы 1999 жылдан бастап 12 тамызды Халықаралық жастар күні деп бекіткен болатын. Міне, содан бері елімізде жастар күні дәстүрлі түрде аталып келеді. Осыған орай облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен аталмыш алаңда үш турдан тұратын «Karaoke battle» сайысы оздырылды. Бірінші турда барлық тілек білдіруші әндер тізімінен өздері таңдап, бір ән орындайды. Ал екінші турда қатысушы жасырылған әуендерді дәл тауып айтып, көрерменнің көзайымына айналуды мақсат тұтады. Үшінші кезеңде алаңға жиналған барлық көрермендер өздеріне ең ұнаған қатысушыға таңдау жасайды. Бұл күнгі мерекеде Салтанат Қасымханова 1-орынды жеңіп алса, екінші және үшінші орындарды Алина Семғалиева мен Алтынбек Байзоллаев иемденді. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар атынан бағалы сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар жастар шаштаразшыға шаш үлгілерін жасатып, жердегі шахмат ойыны және ұлттық ойын түрі асық атудан сайыстар өтті.

— Бұл шараның негізгі мақсаты — жастар күнін жоғары дәрежеде атап өту. Аталмыш шараға жастарымыз белсенді қатысып, өздерінің қабілеттерін байқауда. Әлеуметтік желі арқылы осы жерде тұрып, ең көп лүпіл (лайк) жинаған жастарға сыйлықтарымыз дайын, — дейді облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының кеңесшісі Лаура Есқалиева.

* * *

Келесі сенбі күні Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының алаңында Халықаралық жастар күніне орай мерекелік шара одан әрі жалғасты.

Батыс Қазақстан облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен және «БҚО азаматтық альянсы қауымдастығы» ЖҚБ ұйымдастыруымен өткен шараға Ресейдің көршілес облыстарынан жас өнерпаздар келіп, мерекелік шараны қыздыра түсті.

— Бүгін дәстүрге айналған Халықаралық жастар күнін атап өтудеміз. Көршілес Ресейдің Самара, Саратов қалаларынан жастар келіп, өз өнерлерін ортаға салуда. Қазіргі таңда облыс тұрғындарының төрттен бірін (14 пен 29 жас аралығында) жастар құрайды. Концерттік бағдарлама арқылы қала жастарына жақсы көңіл күй сыйлағымыз келеді, — дейді облыстық жастар саясаты мәселелері басқарма басшысының міндетін атқарушысы Данияр Құлжанов.

Самара қаласынан келген «ақ түсті ғажайыптар» бейнесіндегі қонақ жастар көрермендермен суретке түсіп, балаларға шаттық сыйлады. Сондай-ақ өзге ұлт өкілдерінің жас өнерпаздары қазақтың бірнеше әнін әуелетті. Тольяттидан келген дауылпазшылар сахнада бірнеше туындылар орындап, мерекенің шырайын аша түсті. Көңілді кеште жергілікті әнші Данияр Рахметжановтың «07-Аймақ» атты әнінің тұсауы кесілді.

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ

Суреттерді түсірген автор


Мәжіліс депутаттары ауданда

Күні: , 175 рет оқылды

IMG_20160812_173903


ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Шафхат Өтемісов пен Кеңес Әбсәтіров Сырым ауданына жұмыс сапарымен келді. Аудан әкімі Абат Шыныбеков депутаттарға бірқатар нысандарды таныстырды.


«EVEREST» супермаркеті – заманға сай салынған аудандағы алғашқы әмбебап сауда орталығы. Оның аумағы 1500 шаршы метрді құрайды. Осы айдың соңына қарай іске қосылатын супермаркеттің құрылысына сауда орталығының иелері Мелс Сапаров пен Медет Кәкімов өз қаражаттарын салды. Ал айналым қаражатына және сауда үйіне керекті құрал-жабдықтарды алу үшін кәсіпкерлер «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының мүмкіндігін пайдаланыпты. Жобаның жалпы құны 57 млн. теңгені құрайды.

Депутаттар сауда орталығының жұмысына халықаралық маңыздағы Самара – Шымкент күре жолындағы жолаушылар ағыны сұраныс туғызады дегенді айтты. Орталықтың жұмысын жолға қоюдағы ауданның түпкі мақсаты да осы. Жаңа нысан 17 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ.

Халық қалаулылары жұмыс сапары барысында Жымпиты ауылының Қарасу мөлтекауданындағы 93 тұрғын үйдің құрылыс алаңы үшін жасалып жатқан инженерлік-коммуникациялық жүйелері құрылысының жұмысымен танысты. Бұл құрылыс Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың есебінен жүргізілуде.

Биыл Сырым ауданының орталығы Жымпиты ауылындағы ауылішілік қатты жамылғылы жолдардың 8,3 шақырымына жаңа-дан асфальт төселеді. Бүгінде мердігер «УральскСтройИнвест» ЖШС аудан орталығындағы Абай көшесінің 838 метріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмыстар Х. Есенжанов көшесі бойынша толық аяқталды. Алдағы аптада С. Сейфуллин көшесінің шақырым жарым ұзындығына орташа жөндеу жұмыстары басталады. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Шафхат Өтемісов пен Кеңес Әбсәтіров жол жөндеу жұмыстарының қарқынына  жақсы  деген  баға берді.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы


Құрылысшылардың мерекелік жиыны

Күні: , 217 рет оқылды

IMG_9263


Өткен сенбіде құрылысшылар күніне орай облыстық қазақ драма театрында салтанатты жиын өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев, құрылыс компанияларының басшылары, құрылысшылар және сала ардагерлері қатысты.


Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев жиналғандарды төл мерекелерімен құттықтап, құрылысшы мамандығының жауапты әрі құрметті мамандық екендігіне тоқталды.

– Сіздер қаланың кескін-келбетін қалыптастырасыздар, еңбектеріңіздің жемісі жұртшылықтың көз алдында, қалалықтардың  өмір сапасының жақсаруына да үлес қосасыздар. Құрылыс кешенін дамытуға мемлекет тарапынан  басымдық берілген. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасы бойынша күллі елімізде жыл сайын әлеуметтік нысандар, тұрғын үй, өнеркәсіп және инфрақұрылым бойынша мемлекеттік бағдарламалар іске асырылуда. Соңғы жылдары облысымызда көптеген балабақша, білім беру және медициналық мекемелер бой көтерді.  Биыл да осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, шаһарымыздың көркейе түсуіне жұмыстанамыз. Кәсіби мереке қарсаңында сіздерге мықты денсаулық, табыс, бақуаттылық тілей отырып, кәсіпорындарыңызға гүлдене берсін дегім келеді. Өмірдің әр кезеңінде қала құрылысына қатысып, баға жетпес үлес қосқан құрметті ардагерлерімізге айтар алғысымыз ерекше, – деді Бағдат Оразалдыұлы.

Салтанатты жиын барысында өңірдің құрылыс саласының үздік басшыларына, кәсіпорын қызметкерлеріне төсбелгілер, құрмет грамоталары және облыс әкімінің алғысхаттары табыс етілді.

Жиын соңы мерекелік концертке жалғасты.

Лучия  КУРАРАРУ

Суреттерді түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика