Мұрағат: 13.08.2016


Қарты бар елдің қазынасы бар

Күні: , 191 рет оқылды

DSC_0081


Теректі аудандық мәдениет үйінде ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Қазақ елі осындай» атты аудан зейнеткерлері арасында байқау өтті.


Шараға ауданға қарасты ауылдардан үміткерлер қатысты. Аудан әкімдігінің қолдауымен, мәдени-демалыс орталығы және ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен фестивальдің бәсі жоғары болды. Себебі, әр аталым бойынша жеңімпаз атанған қатысушылар облыс көлемінде аудан намысын қорғау құрметіне ие болады. Қатысушыларды аудан әкімі М. Мұқаев құттықтады.

Сайыс нәтижесінде хор ұжымы аталымы бойынша «Япурай» зейнеткерлер клубының хор ұжымы үздік деп танылды. Вокалдық ансамбль аталымы бойынша «Ақ отау» әжелер ансамблі жеңімпаз атанды. Жеке вокал бойынша Г. Айбергенова І орынды, Р. Клименко ІІ орынды, ал С. Аманғалиев ІІІ орынды иеленді. Ал көркем сөз оқу бойынша П. Фефелов І орын С. Ахметжанов ІІ орын алды. Аспаптық жанрда күйші М. Нуменов жеңімпаз атанса, аталымның ІІ орын жүлдесі Н. Крутькоға бұйырды. Эстрадалық вокал жанрының дуэт аталымы шеңберінде А. Кубиев пен Б. Баданова алға шықты.

Әділет ОРЫНБАСАРОВ,

Теректі ауданы


Бірінші сынып жаңа бағытта білім алады

Күні: , 231 рет оқылды

IMG_9088


Қазақстан орталық телекоммуникациялар қызметінің облыстық филиалында өткен брифингте облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Ғұмарова алдымен «Мектепке жол» акциясы жөнінде баяндады. Оның дерегінше, тамыздың бірінен басталған акцияның алғашқы онкүндігінде әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасы санатынан 1531 балаға 7914,4 мың теңге, соның ішінде бюджеттен тыс қаражат есебінен 1134 балаға 4364,5 мың теңге қаржылай және материалдық көмек көрсетілді. Жалпы, акция өткен сегіз жыл ішінде 117 647 оқушыны қажетті көмекпен қамтамасыз ету үшін 534,158 млн. теңге жұмсалған.


Биылғы оқу жылында облыста 387 мектепте 93 мыңнан астам оқушы білім алады деп есептелуде. «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен ҚР Білім беруді дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында қыркүйектің бірінен бастап 1-сыныптың барлығы жаңартылған білім мазмұнына көшеді. Бұған дейін дайындық сынағы еліміздің 30 мектебінде сәтті өткен. Жаңа бағдарламаны оқу жүйесіне кезең-кезеңімен енгізу толығымен 2020 жылы аяқталады. Биыл бес күндік оқуға бейімделген 1-сыныпқа 11 467 оқушы қабылданады деп күтілуде. «Өрлеу» БАҰО облыстық филиалы мен Назарбаев зияткерлік мектебі жанындағы педагогикалық шеберлік орталықтарында бастауыш сынып мұғалімдері біліктілікті арттыру курстарынан өтуде.

Зәуре Базарғалиқызы облыс бойынша 779 483 дана оқулық пен оқу-әдістемелік кешенді сатып алу үшін жергілікті бюджеттен 775 млн. теңге бөлінгенін айтты. Күні бүгінге баспадан оқу құралдарының 94 пайызы алынып, 80 пайызы білім мекемелеріне жеткізілген. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында облыста тоғыз мектеп пен бір балабақшаға күрделі жөндеу жүргізілуде.

Оқушылар санының азаюына байланысты Сырым және Теректі аудандарында екі бастауыш мектеп жабылды. Облыста екі негізгі мектеп орта, екі орта мектеп негізгі және екі негізгі мектеп бастауыш мектеп болып, қайта құрылды. Бұл мәселеге байланысты қойған тілшілер сауалына орай, Зәуре Ғұмарова жыл сайын мектептердің жабылу дерегі тіркеліп жатқанын айтты. Мәселен, өткен жылы 10 білім беру ұйымы қызметін тоқтатқан. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта жалғасуы мүмкін. Сәйкесінше, жабылу қаупі бар мектептерде оқитын балаларды үш шақырым қашықтықтағы ауылдардағы білім беру ұйымына күнделікті тасымалдау немесе интернатқа орналастыру, педагог мамандарды жұмыспен қамту мәселелерін шешумен жергілікті әкімдік айналысады.

Өткен жылы ҚР үкіметінің қаулысына сәйкес, террористік қауіп кезінде осал болып саналатын, яғни бір мезгілде ішінде 200-ден астам адам болатын білім беру нысандарын бейнебақылау камералармен жабдықтау қолға алынған. Соған байланысты қазіргі кезде облыстағы мектептерге камераларды орнату үшін қажетті қаражат жергілікті бюджеттен бөлінген. Бұл шара, бір жағынан, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді деп есептелуде.

Кезекті брифингте облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының ақпаратты талдау бөлімінің бас маманы Арайлым Бақытжанова мен «БҚО Азаматтық альянсы» қауымдастығы» ЗТБ атқарушы директорының орынбасары Асыланбек Ақшалов 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне байланысты Орал қаласында өтетін шараларға тоқталды. Мәселен, Мәншүк Мәметова алаңында асық ату ойыны, караоке-батл және флешмоб ұйымдастырылады. Тамыздың 13-інде Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында мерекелік кеш болмақ. Шоуда талантты жастар өнер көрсетеді. Жаңа әндер шырқалады.

Тамыздың 18-інде Сырым ауданында облыстық жастар форумы өтеді. Қыркүйек айында Ресей Федерациясынан келген жастардың қатысуымен «Көршілер» халықаралық лагері ұйымдастырылады.

Брифингте сондай-ақ «Орал аруы – 2016» сұлулық байқауы өтетіні мәлім болды. Бұл жайында «Мария ханым» сән үйінің директоры Жұлдыз Құспанова әңгімеледі. Ол байқау алдында қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып жатқанын айтты. Арулар сынына 12 адам іріктеуден өткен. Олар қазіргі кезде шеберлік дәрістеріне қатысып, би өнері және әртістік қабілетін шыңдауға қатысты кеңес алуда. Қыркүйектің үшінде қазақ драма театрында болатын байқауды көруге Францияда тұратын белгілі кинорежиссер Рашид Нұғыманов арнайы келмек. Сондай-ақ театр фойесінде ұлттық киімдер, кәдесый, әшекей өндірушілер мен сатушылар арнайы көрме ұйымдастырады.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ


Этножурналистер клубының тұңғыш семинары

Күні: , 197 рет оқылды

DMS_9987


Кеше қаламыздағы Достық үйінде «Мәңгілік ел» патриоттық актісін жарыққа шығарудағы» және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының «Біртектілік пен біртұтастық» – төртінші бағытын іске асырудағы БАҚ-тың рөлі тақырыбында облыстық ҚХА-ның этносаралық қарым-қатынастар мәселесі жөніндегі журналистер клубының семинар-кеңесі оздырылды.


Шара өңірімізге арнайы іссапармен келген филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ілеспе аудармашы, Қазақстан халқы ассамблеясы баспасөз қызметінің жетекші сарапшысы Камал Әлпейісованың қатысуымен өтті. Жиын журналистер қауымдастығына, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің жұмысына аталмыш тақырып аясында көмек көрсетіп, бағыт-бағдар сілтеуді мақсат тұтты.

— Облыстық ҚХА және «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесі ұйымдастырып отырған этножурналистерге арналған бүгінгі семинар-кеңеске Астанадағы республикалық «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінен арнайы келдім. Белгілі бір іс-шараны өткізерде сол саладағы маман-дардың қызметі қандай деңгейде екені ескеріледі. Осы тұрғыдан алғанда, Батыс Қазақстан облысының ассамблеясы өзін жақсы қырынан көрсете білді. Бұл орайда өткен жылы «Тарихтан тағылым, өткенге тағзым» атты үлкен форум ұйым-дастырылғаны белгілі. Биыл да Орал қаласында халықаралық деңгейде жастар форумы өтпекші. Бүгінгідей этножурналистер клубының жиыны да еліміздің облыстары ішінен бірінші болып өтіп отыр. Жалпы алып қарасақ, біздің бүгінгі таңда қабылдап отырған актілеріміздің бәрі ұлттық дәстүрімізден алынған. Мысалы, «Мәңгілік ел» ұлттық идеясының өзі – ата-бабаларымыздан бері келе жатқан ұлы арман. Қорқыт ата қара басының өлімінен қашпаған, халқының мәңгі болуын ойлаған. Аңыздың негізінде осындай философиялық түйін жатыр. Асан қайғы бабамыз жерұйықты өзі тұру үшін емес, халқының болашағы үшін іздеді. Бүгінгі журналистер жазған дүниенің арғы жағында қазіргі Қазақстан осындай бабалар арманы болған мекенге, Қорқыт ата іздеген мәңгілік елге айналуы тиіс деген ұғым жатқаны орынды болады. Алдыңғы буын журналист ретінде кейінгі буын әріптестеріме мақала жазған кезде өзіміздің ұлттық тарихымызбен ұштастыра отырып жазса, оның жастарға танымдық пайдасы мол болар еді деп айтқым келеді. Қай елде болмасын, ең бірінші орында ұлттық мүдде тұруы керек қой. Біздің мемлекетіміздің негізін құраушы – қазақ ұлты. Осыны ұмытпауымыз керек, — деді Камал Әбілқасымқызы.

— Бүгінгі таңда түрлі ұлт өкілдерін ұйыстырып, татулық пен бірлікке шақыру бағытында барымызша жұмыстанып жатырмыз. Алайда өз басым ақпарат құралының жетекшісі ретінде әлі де тыңғылықты, тиянақты түрде жариялануы керек бірнеше мәселенің бар екенін айтқым келеді. Бізді алдымен біріктіретін – өткен тарихымыз. Осы тұрғыдан алғанда, түрлі этнос өкілдерінің әр қилы алмағайып кезеңдерде біздің елімізге келіп паналауы туралы терең сараптамалық материалдар жазылуы керек. Бұл орайда тек қана ақпарат құралдарының емес, өзге ұлт өкілдерінің де белсенділігі аса қажет. Сонымен қатар бізді бүгінгі таңда және болашақта біріктіретін үлкен күштердің бірі – қарым-қатынас жасайтын тіліміз. Біз бұл аса маңызды тақырыптан еш уақытта ауытқып немесе аттап өте алмаймыз. Мысалы, осы дөңгелек үстелде қай тілде ұғысып, басымыз біріксе, сол тіл негізгі болады және ол алдағы уақытта үлгі ретінде көрінеді. Сондықтан осы жерде көрсете алмаған оң үлгіні басқа жерде талап етсек, «күлкілі» болар еді. Қорыта айтқанда, мұндай жиындарда басымызды біріктіретін мемлекеттік тіл болуы шарт. Осы бағытта «Приуралье» газетінде «Наш язык» атты айдар ашылды. Онда қазақ тілін еркін меңгерген өзге ұлт өкілдері кеңінен насихатталады. Шын мәнінде, өзге ұлт өкілдерінің ішінде дарындылары, қазақтың тілін, елімізді құрметтейтіндері бар. Солар арқылы жалпы ұлтаралық құрметті қалыптастыра аламыз деп есептеймін, — деді «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин.

Семинар-кеңесте облыстық ҚХА төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов, сондай-ақ дөңгелек үстел басына жиналған этномәдени бірлестіктердің басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері тақырыпқа қатысты өзекті ой-пікірлерін ортаға салды.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Күн тәртібінде мемлекеттік сатып алулар

Күні: , 190 рет оқылды

IMG_9490


Облыс әкімдігінде Қаржы вице-министрi Руслан Бекетаевтың қатысуымен мемлекеттік сатып алуларға байланысты семинар-кеңес өтті.


Жиынды ашқан облыс әкімі Алтай Көлгінов мемлекеттік сатып алу саласында сауатты жұмыс жүргізу, заңды қатаң сақтау қажеттігін айтып, аталмыш бағыттағы кеңестердің маңыздылығына тоқталды.

Жиында осы саладағы жаңалықтар мен ақпараттарды Қаржы вице-министрі Руслан Бекетаев бастаған министрлік өкілдерімен бірге облыс әкімі аппаратының қызметкерлері, қала әкімдігінің өкілдері, басқарма басшылары, сондай-ақ бейне байланыс арқылы аудан әкімдері тыңдады.

Семинар кеңесте баяндама жасаған Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алу заңнамасы департаментінің директоры Сәбит Ахметов тақырыпқа қатысты биыл енгізілген өзгерістер жайында айтты.

Жиынға қатысушылар заңсыздықтардың алдын алу, құжаттамада қателіктер жібермеу үшін қолданылатын шаралар туралы сұрақтар қойып, сала мамандары тарапынан тыңғылықты жауаптар алды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі


Алтынмен апталған күн

Күні: , 200 рет оқылды

11853883_881922528510992_2133458775_n5


Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан жазғы олимпиада ойындарында 11 тамызға қараған түні қазақстандық спортшылар айды аспанға шығарып, қос алтын, бір күміс медальді жеңіп алды.


Газетімізде бұдан бұрын жазғанымыздай, Қазақстанға жетпей тұрғаны алтын еді. Өйткені күміс, қоладан гөрі алтынның жөні бөлек, бәсі жоғары. Медальдар саны жөніндегі орын да алдымен осы алтынмен бағаланады.

Ауыр атлетикадан 69 келіге дейінгі салмақта Жазира Жаппарқұлдан жүлде күткеніміз анық-ты. Әрине, күмістен гөрі алтынға бүйрегіміз бұрып-ақ тұрды. Негізгі қарсыластарынан салмағы сәл ауырлау болғандықтан, Жазираға олардан озу үшін кемінде бір келі артық көтеру керек-ті. Жұлқа көтеруде әуелі 111, сосын 115 келіні еңсерген қазақтың қарагөз қызы 117 келіні бағындыра алмады. Егер осы салмақты алғанда, басты қарсыласы, қытайлық Сян Яньмэйді абдыратып тастары сөзсіз еді. Серпе көтеруде де 140 келіні бірден ала алмады. Содан кейін қайтадан шығып, 140, сосын 144 келіні тік көтерді. Бірақ қытайлық спортшы 145-пен тоқтап, қоссайыс қорытындысында Жазирадан екі-ақ келі алға кетті. Сөйтіп Жазира Жаппарқұл қазақ қыздары арасында тұңғыш рет олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанды. Осының өзі – зор нәтиже, толағай табыс. Биылғы жыл соңында небәрі 23-ке толатын Жазира келесі Токио олимпиадасында осы салмақта алтын жүлдеге қол созатынын жасырған жоқ. Бұйырса, оны да көрерміз.

Ауыр атлетикадан ерлер арасында 77 келіге дейінгі салмақта Нижат Рахимов нағыз ерге тән қасиетті көрсете білді. Ол жұлқа көтеруден кейін 165 кг көрсеткішпен қы-тайлық, 2012 жылғы олимпиада чемпионы Люй Сяозюньнен бақандай 12 келіге қалып қойды. Бар мәселе жұлқа көтеруде шешілді. Қытайлық атлет соңғы әрекетінде 202 келіні көтеріп, іс біттіге санап, тойлай бастады. Одан озу үшін Нижатқа 214 келіні көтеру керек еді, сонда қоссайыс қорытындысы бойынша қытайлықпен бірдей нәтиже (379 кг) көрсетіп, салмағы жеңіл болғандықтан, чемпион атанатын еді. Соңынан бас бапкер Алексей Нидің мәлім еткеніндей, мұндай салмақты Н. Рахимов тіпті жаттығу кезінде де еңсеріп көрмеген екен. Әрі әлемдік рекордтан 4 келіге артық. Бірақ Нижат 214 келіні көтеріп, әлемдік рекордты жаңартып қана қоймай, 22 жасында олимпиада чемпионы атанды (тек енді допинг дауынан аман болсын деңіз). А. Нидің айтуынша, мұндай көзсіз ерлікке бұдан бұрын атақты қазақстандық атлеттер Анатолий Храпатый мен Илья Ильин ғана барған екен. Өзінің елінде (Әзірбайжан) қағажу көріп, Қазақстанға келген Нижат И. Ильиннің орнын жоқтатпады. Көрші Атырау облысына алтын жүлде сыйлаған мұсылман бауырымыздың бұдан кейін де алар асуы аз болмасы анық. Осының алдында Алексей Нидің «алтын және күміс» аламыз дегені ақиқат болып шықты. Бұдан кейін айтқаны айдай келіп жүрген бапкер «тағы екі медаль аламыз» деп қалды. Енді Александр Зайчиковтан жүлде күтеміз. Алтын болып апталып жатса, тіпті жақсы.

Ал алматылық 21 жасар спортшы Дмитрий Баландинді 200 метрге брасс әдісімен жүзуде чемпион болады деп ешкім күткен жоқ. Кіл мықтылар жиналған бәсекеде 2:07.46 минут нәтижемен мәре сызығын бірінші болып қиған Дмитрий американдық Джош Прено, германиялық Марк Кох сияқты сайыпқырандарды сан соқтырып кетті. Сөйтіп жүзу спортынан Қазақстан тарихында алғаш рет олимпиада чемпионы атанды. Бұдан артық қандай абырой-атақ керек десеңізші.

Қос бірдей алтын жүлденің арқасында күн сайын кейін сырғып бара жатқан Қазақстан құрамасы бірден 11-інші орынға көтерілді. Кеше бірақ франциялықтар қазақтардың алдына шықты. Демек, медаль үшін тайталас әлі біткен жоқ.

Осы түнде бокстан 90 келіге дейінгі салмақта қазақстандық Василий Левит Маврикия елінің өкілі Кеннеди Сен-Пьерді ұтып, жартылай финалға жолдама алды. Бұл – кемінде қола жүлде қолда деген сөз. Лондон олимпиадасына қатыса алмаған Василийдің бұл сынға жақсы әзірленгені байқалады. Оның келесі қарсыласы – кубалық Эрисланди Савон.

Бокс демекші, 49 келіге дейінгі салмақта осымен үшінші олимпиадасында бақ сынаған Біржан Жақыпов бұл жолы өзбек спортшысы Хасанбой Дусматовтан жеңіліп, тағы да жүлдеге қол созым жерде тоқтады. Бұрын ол Бейжің және Лондон олимпиадасында ширек финалда атышулы қытайлық Зоу Шиминге есе жіберген болатын. Қытайлық қарсыласы кәсіпқой боксқа ауысқандықтан, Риоға алтын аламын деп келген Жақыпов білгенінен жаңылып, есе жіберіп қойды. Біржанның өзбекте кеткен «өшін» шымкенттік жерлесі, 56 кг салмақтағы Қайрат Ералиев (ол да – Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжановтың шәкірті) қайтаруы мүмкін. Алғашқы кездесуінде өзін 2013 жылғы Алматы қаласында бокстан өткен әлем біріншілігінде сүріндіріп, чемпион атанған әзірбайжан жігіті Джавид Челебиевті ұтқан Қайрат енді Өзбекстан өкілі Муроджон Ахмадалиевпен айқасады. Серік Сәпиевтей сайыпқыранның жерлесі, 19 жасар Абылайхан Жүсіпов 64 кг салмақта британиялық Пэт Маккормакқа еш қайран қыла алмады. Есесіне Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны, өзіміздің Қазталов ауданының түлегі Данияр Елеусінов олимпиадада қазақтарға кіл алтын сыйлап келе жатқан 69 кг салмақта тағы бір британиялық Джош Келлиді әдемі соққылармен «тұсап» тастады. Даниярдың ширек финалдағы қарсыласы – 2013 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, венесуэлалық Габриэль Маэестре. 81 кг салмақта Лондон олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов белорус боксшысы Михаил Долголевецті тізе бүктірді. Оның ширек финалдағы қарсыласы, әзірбайжандық, сол Лондонда қолаға қол жеткізген Теймур Мамедов осал емес. Бойы да ұзын, қимылы да ширақ. Бір қызығы, оның ата-анасы Шымкенттен, анасы қазақ. Жалпы, қазақ боксшыларының өзбек және әзірбайжан спортшыларымен бірнеше рет жолдары тоқайласып тұр. 91 кг жоғары салмақта Иван Дычко өзін 2013 жылы Алматыдағы финалдық бәсекеде нокаутқа жіберген әзірбайжан алыбы Магомедрасул Меджидовпен шаршы алаңға шығады. И. Дычко оны жақындатпай, алыс қашықтықтан ұрып, ұпай жинап отырса ғана қарымта қайтара алады.

Қазақстандық дзюдошылар үшін бұл олимпиада олжасыз болған жоқ. Бір күміс, бір қола. Осының қатарын толықтырады деп үміт күткен, Лондонда жолы болмаған Максим Раков (100 кг) алғашқы айналымнан өткенімен, екінші белдесуінде чехиялық Лукаш Крпалекке «шидомен» (ескерту) ғана жол берді. Крпалек қасқыр екен,қарсыластарының бәрін тізе бүктіріп, Рио олимпиадасының чемпионы атанды. Бейсенбіден жұмаға қараған түні осылайша Қазақстан қоржынына жүлде түспесе, кеше кешкісін бокстан рингке Жәнібек Әлімханұлы (75 кг) шықса, түнде ауыр атлет Денис Уланов (85 кг) Қазақ елінің назарында болды.

Олимпиада жүлдесіне қол соза алатын спортшыларымыз әлі де аз емес. Соның ішінде әйелдер күресінен 2013 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, оралдық Екатерина Ларионова да бар.

Сәттілік тілейік, ағайын!

Ғайса БӘЙМЕН


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика