Мұрағат: 12.08.2016


Үкімет басшысының Ақ Жайыққа сапары

Күні: , 201 рет оқылды

DMS_9714


Өткен бейсенбіде ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов жұмыс сапарымен өңірімізде болды. Ол жекелеген стратегиялық нысандар көлік инфрақұрылымының қауіпсіздік жүйесімен, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының шеңберіндегі республикалық маңызы бар көлік жолдарын жаңғырту барысымен танысты. Кәсіпкерлер және жұртшылықпен кездесіп, жолдардың жай-күйі, мұнай-газ және тамақ өнеркәсібі салаларын дамыту, көмірсутекті шикізат өңдеу, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелерін талқылады.


Облыс әкімі Алтай Көлгінов мәртебелі мейманды әуежайда қарсы алып, Үкімет басшысы әуе, көлік және теміржол бекеттерінің қауіпсіздік жүйелерінің жай-күйі жөніндегі өңір басшысының баяндамасын тыңдады. Аталмыш нысандар басшыларының сөзіне қарағанда, лаңкестік қауіптің сары деңгейіне байланысты қауіпсіздік шаралары екі-үш есеге дейін күшейтілген.

«Орал-Тасқала-РФ-ның шекарасы» көлік жолының жаңғыртылуы жөнінде облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов баяндады. — Ұзындығы 100 (4-104) км жол бөлігі жаңғыртылатын болады. Оны жүзеге асыру кезеңі — 2015-2018 жылдар. Өткен жылы 11,4 км жол жаңғыртылса, ағымдағы жылы жаңғыртуды 37 км аумағында аяқтау жоспарланған. Жұмыс кесте бойынша еш кідіріссіз атқарылуда.

Облыс және аудандық маңызы бар көлік жолдарының жай-күйін шешуді басты мәселе ретінде атап көрсеткен облыс әкімі Алтай Көлгінов Үкімет басшысынан өңірдің көлік жолдарын жаңғырту мен жөндеуге республикалық бюджеттен бөлінетін қаржының көлемін қысқартпауды, сонымен бірге жолдарға бөлінетін жалпы сипаттағы трансферттер бөлуді қолдауды сұрады.

— Жергілікті маңызы бар көлік жолдарының жалпы ұзындығы 5,1 мың км соның тек 1,3 мың км (немесе 26 пайыз) ғана жақсы және қанағаттанарлық жағдайда (орта деңгейдегі республикалық көрсеткіш 61 пайыз). Бұл — елдегі ең төмен көрсеткіш. Жолдардың жай-күйі халықтың қозғалысына, инвестициялар тарту мен шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына кері әсерін тигізуде. Өңірішілік және Отанымыздың өзге, Ресейдің көршілес аймақтарымен қатынас жолаушы және жүк ағыны көлік жолдары арқылы ғана өтеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Батыс Қазақстандағы көлік жолдарын жөндеуді қаржыландыру көлемін 2014-2016 жылдары арттыру жөнінде тапсырма берген, тапсырмаға сәйкес, соңғы үш жылда 19 млрд. теңге бөлінді. Нәтижесінде жергілікті маңызы бар 300 км-га жуық жол жаңғыртылды және жөнделді, қатқыл табанды жол арқылы бұрын оған қосылмаған алты ауданның үшеуінің (Жаңақала, Қаратөбе, Шыңғырлау) облыс орталығымен байланысы жақсарды. Аталған аудандардың халқы 55 мың адамнан асады. Мұның өзі аталған аудан тұрғындарының әлеуметтік көңіл күйін көтеріп, жол қатынасын жақсартты. Енді қалған үш ауданды (Бөкей ордасы, Жәнібек және Қазталов) облыс орталығымен байланыстыру қажет. Біз ИДМ-мен бірге республикалық маңызы бар жолдар бойынша жобалық-сметалық құжаттамаларды жасақтадық және министрліктің мақұлдауына ие болдық. Осыны ескере отырып, өңірдегі көлік жолдарын жаңғырту мен жөндеуге бөлінуі тиіс республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемін төмендетпеуіңізді сұраймын. Ағымдағы жылы жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуге 6 млрд. теңге бөлінген, ол қаржыны ұзындығы 120 километрге жуық жолды жөндеуге жұмсау жоспарланған. Бұлар «Чапаев – Жаңақала — Сайқын», «Ақсай — Шыңғырлау», «Аңқаты — Сарыөмір», «Жымпиты — Қаратөбе», «Орал — Кирсанов» және Бұлдырты ауылына бұрылыстың бөліктері. Құрметті Кәрім Қажымқанұлы, Сізді жергілікті маңызы бар жолдарға жалпы сипаттағы трансферттер бөлуді қолдауыңызды сұраймыз.

Бұдан басқа облыс әкімі стратегиялық мақсаттағы Қарашығанақ мұнайгазконденсат кен орнынан жүк тасылатын, Орталық Азия мен Еуропаны «Оңтүстік-Солтүстік» шеңбері бойынша байланыстыратын көлік дәлізінің бірі, республикалық маңызы бар «Подстепный – Федоров — Орынбор» көлік жолының қанағаттанғысыз жағдайы мәселесін көтерді. — Аталмыш жол бұдан 40 жыл бұрын салынды және күні бүгінге дейін күрделі жөндеуден өтпеген, оның өзі облыстың инвестициялық тартымдылығын төмендетіп отыр. Соған орай оны да жаңғырту жөніндегі ұсынысты қолдауыңызды сұраймын.

Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек Үкімет басшысына көлік жолдарын салу және жөндеуде өңірде жаңа технологиялар қолданылғаны туралы айта келіп, облыс әкімдігіне аталмыш бағыт бойынша жұмысқа жергілікті бюджеттен қаржыландыру көлемін ұлғайтуды ұсынды. Бұдан басқа ол 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасында облыс жолдарын қаржыландыруға алдын ала 9,6 млрд. теңге қарастырылғанын атап өтті. – Бұл тек біздің министрліктің бюджеті бойынша ғана. Оған қосымша экономика министрлігі арқылы өтетін жалпы сипаттағы шығын бар. Мен 2017-2018 жылдары жылына 6 млрд. теңге деңгейінде ақша береміз деп есептеймін.

Жиынды аяқтай отырып, Кәрім Мәсімов өңірдегі республикалық және жергілікті маңызы бар жолдар құрылысының айрықша басымдық берілетін, көкейтесті мәселенің бірі екенін атап өтті. — Мұндай мүмкіндік бізде қазір бар, — деді ол. — Мен мемлекеттік органдар, салалық министрліктерге тапсырма беремін. Осы мәселелер төңірегіне назарды ерекше аударып, қажетті жадығаттар (ресурс) даярлау қажет және ел тәуелсіздігінің 25 жылдығында біз халыққа осындай тамаша сый тартуымыз керек.

* * *

Бұдан соң Кәрім Мәсімов өнімдері елімізге кеңінен танымал «Кублей» ЖШС-да болды. Осы жерде Үкімет басшысы жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, олардан жұмыс барысын сұрады. Орта және шағын бизнестің дамуына кеңінен қолдау жасап жүрген ел Үкіметіне ризашылығын білдірген кәсіпкерлер аталмыш салада және ауыл шаруашылығы кешенінде кездесіп қалып жатқан түйткілді мәселелер жөнінде де баяндады. Мысалы, Үкімет басшысымен кездесу кезінде «Айсұлу» шаруа қожалығының жетекшісі Мағауия Зайнуллин бруцеллез (сарып ауруы), түйнеме секілді аурулардың кесірінен мал басының азайып кетуі мүмкін деген қауіп айтты.

— Жер-жерде бруцеллез, түйнеме секілді малға қауіпті аурулар шығып жатыр, ал біздің малымыз мұндай қауіпті аурулардан қорғалмаған. Жалпы, қауіпті аурулардың таралуына мал басының көші-қоны мен жүйесіз жүргізілген вакцинация (егу) себепші болып тұр. Осы мәселелер ветеринарлық қызмет тарапынан бір ретке келтірілуі керек. Егер бірыңғай ветеринарлық қызмет болмаса, жауапкершілік болмайды. Мына көрші Ресейдің шекаралас аумақтарында, Атырау облысында аталған ауруларға қарсы мал басын егіп (вакцинация) жатыр дейді. Ал біз ол жайында, тіпті білмейміз де. Ертең жұқпалы аурулардың кесірінен қолдағы бар малды жойып алсақ, бұған кім жауап береді?-деді ол өз сөзінде.

Бұдан кейін сөйлеген «Жайық Ет» ЖШС басшысы Асан Сұлтанғалиев бағдарламаның өтемақыға қатысты тұсын өзгерту керек деген ұсынысын жеткізді.

— Бағдарлама бойынша құс етін өндіретін фабрика құрылысына өтемақы алу үшін көп мөлшерде ет өнімін өндіру керек. Нақтырақ айтсақ, бройлерлік фабриканың қуаты жылына 20 мың тонна құс етін өндіруге жететін болуы керек. Бұл аумағы үлкен облыстар үшін қалыпты. Ал біздің облыстың құс етіне деген қажеттілігі жылына 7 мың тоннадан аспайды. Мен өз жобамды бұл бағдарламаға енгізу үшін тек облысқа ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның батыс аймағына ортақ бір үлкен тауық фабрикасын тұрғызуым керек. Өкінішке орай, мен олай ете алмаймын. Өйткені Атырау мен Ақтөбе қалаларында мұндай жобалар бар. Облыстың ішкі қуатына сәйкес есептелген бірде-бір жоба бұл бағдарламаға ілікпей отыр. Сондықтан аталмыш бағдарламада айтылған ережеге сәл өзгеріс енгізіп, өтемақы алу үшін өндірілетін ет өнімін 10 мың тоннаға дейін азайту керек, — деген «Жайық Ет» ЖШС басшысы жалпы жұртқа ортақ түйткілді мәселені Үкімет басшысына жеткізді.

* * *

Оралдағы «ҚПО б.в.» кеңсесінде өткен дөңгелек үстелде компания өкілдері, өкілетті органдардың басшылары еліміз бойынша және аймақтағы газ өндіру саласын дамыту жолдарын талқылады.

— Табиғи газды саудалау көбіне 10 жылдан 25 жылға дейін жасалған ұзақ мерзімді келісімдер негізінде жүзеге асырылады, — деді ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев. – Көгілдір отынды жеткізу жөніндегі келісімге үкімет деңгейінде келісіледі. Табиғи газды жаһандық саудалау 2015 жылы оның алдындағы жылмен салыстырғанда 3,3 пайызға өскен. Көгілдір отын нарығында бүгінгі орташа шұғыл кезеңмен алғанда, арамыз құбыр инфрақұрылымдарымен байланысып жатқан Қытай елі ең тиімді және басым сауда нарығына жатады. Газ тасымалдауда балама әдіс ретінде сұйытылған тұтыну газ технологиясы қарқын алып келеді. Келешек күндерде алыс ауылдарды газдандыру барысында сұйытылған тұтыну газын пайдалану жолдарын қарастыратын боламыз. Бүгінде Қазақстан көгілдір отын қорынан дүние жүзінде 22-орында, ал ТМД елдері арасында үшінші орын алады. Көгілдір отынды ішкі тұтыну 2010-2015 жылдар аралығында 3,1 млрд. текше метрге өскен. Көгілдір отынды тұтыну еліміздің газдандыру жөніндегі саясатына байланысты тұрақты түрде өсіп келеді. Сондай-ақ тауарлы газды шетке шығару мен өндірудің мөлшерінде де қарқынды өсудің оң өзгерісі байқалады. Алайда мұнайға деген әлемдік бағаның құлдырауына байланысты қазақстандық газдың экспорттық құнының төмендеуі байқалады.

Облыс әкімі айтып өткеніндей, Батыс Қазақстан облысын көгілдір отынмен қамту төрт магистральды газ құбырлары арқылы жүзеге асуда. Олар «Орынбор – Новопсков», «Орта Азия – Центр», «Қарашығанақ – Орал» және «АГРС Жымпиты, Қаратөбе» бағытына шығатын газ құбыры. 2008-2016 жылдар аралығында табиғи газ 138 елді мекенге жеткізіліп, оған 20 млрд. теңге қаржы жұмсалды. Бүгінгі таңда облыс тұрғындарының көгілдір отынмен қамтылуы 93,4 пайызды (облыстың 594 мың тұрғыны) құрайды.

Үстіміздегі жылы Сырым ауданына қарасты барлығы 1,5 мың адам тұрып жатқан алты елді мекенді газдандыру жұмыстары жүріп жатыр. 103 шақырым газ құбыры тартылады, бұл жұмысқа облыс бюджетінен 240 млн. теңге бөлінген.

— 2016 жылдың аяғына дейін тұрғындарды табиғи газбен қамту 93,6 пайыз немесе 595 адамды құрайды, — деді Алтай Көлгінов. — Сонымен қатар бүгінде қалған елді мекендерге көгілдір отын жеткізуді одан әрі жалғастыру ең өзекті мәселе болып табылады. Облыс әкімдігінен 2017-2019 жылдарға республикалық бюджеттен 3 млрд. теңге қаржы бөлуді сұратқан тиісті бюджеттік тапсырыс берілді. Қаржы бөлінген жағдайда жалпы ұзындығы 463,8 шақырым газ құбыры тартылатын болады. Бұл айналып келгенде Ақжайық, Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарының 9 мыңнан астам халық тұратын 25 елді мекенінің тұрмыстық-әлеуметтік жағдайын бұрынғыдан да жақсарта түсетіні даусыз.

Облыс әкімі аймақ үшін маңызды мәселелердің бірі ретінде Орал жылу-қуат орталығына (ТЭЦ) жалғанатын газ құбырының қосалқы тармағының құрылысын жалғастыруды айтып өтті.

— Орал жылу-қуат орталығына барып тұрған газ құбыры жалқы тармақ түрінде, сонау 1977 жылы салынған. Бүгінде оның пайдалану мерзімі нормативтік мөлшердің бәрінен асып кеткен, тозған. Орал жылу-қуат орталығы облыс орталығын жылумен қамтитын стратегиялық нысан болып табылады. Бүгінде жұмыс істеп тұрған газ құбырына жылу-қуат орталығынан басқа Орал қаласының 70 пайыздан астам әлеуметтік нысандары, жеке тұрғынжайлар және өнеркәсіп орындары қосылған. 2014 жылы жалпы құны 3,4 млрд. теңге тұратын құрылыстың жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, дайындалған. 2015 жылы жұмыс басталды, республикалық бюджеттен 341,8 млн. теңге бөлініп, игерілді. Сондай-ақ жергілікті бюджеттен 295,7 млн. теңгеге қаржыландыру болды. Үстіміздегі жылы республикалық бюджеттен жобаның құрылысын жалғастыруға қаржы бөлінбеген. Осыған байланысты құрметті Кәрім Қажымқанұлы, 2016 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде жобаның құрылысын одан әрі жалғастыру үшін 700 млн. теңге көлемінде мақсатты трансферттерді бөлудің мүмкіндігін қарастыруыңызды сұраймын.

Орталыққа жалғанатын газ құбырының құрылысын аяқтау Орал жылу-қуат орталығын және қала тұрғындарын көгілдір отынмен тұрақты, сенімді қамтамасыз етуге мүмкіндік берер еді.

Аймақтағы газхимия саласын дамыту туралы «Конденсат» АҚ-ның директорлар кеңесінің төрағасы Валерий Жүнісов былайша әңгімеледі:

— Қарашығанақтың шикізатынан жылына 600 тонна мұнай өңдеуге арналған «Конденсат» АҚ мұнай өңдеу зауыты сол Қарашығанақта орналасқан. Оның тұсауын Елбасымыз кескен. Жиырма жылға жуық уақытта бюджетке зауыт 100 млн. доллардан астам кіріс кіргізді. 2012 жылы экологиялық кластың еуро – 5 өнімін шығаратын зауыттың екінші кезегін жобалау мен құрылысы басталды. Қазіргі уақытта зауытты тапсыру жұмыстары аяқтала келді, таяу аптада біз жанармайдың ең жоғарғы сапалы түрін аламыз деп күтіп отырмыз. Алайда бүгінде нарықта дайын өнімнің құнынан оны дайындайтын шикізаттың құнының қымбат болып отырған жағдайы қалыптасқан. Энергетика министрлігінің ықпалдастығымен біз «ҚПО б.в.» мен бірнеше келіссөздер жүргізіп, өзіміздің бағалық ұстанымдарымызды жақындастырдық. Бірақ нарықта қалыптасқан жағдай бізге «ҚПО б.в.» ұсынып отырған бағамен жұмыс істеуге мүмкіндік бермей отыр. Бара-бара жағдайдың өзгеретінін біз түсінеміз. Біздің жобамыз бұрыннан бар 400 жұмыс орнына қосымша, жаңадан 150 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Біздің контрагенттердің 1 мың қызметкерінің жұмысы зауыттың жұмысына тәуелді болып тұр. Ағымдағы салыққа акциздер қосылып, ол жылына бюджетке 20 млн. долларға дейін тұрақты төлемді қалыптастырады. Біздің үлкен өтінішіміз – таяудағы үш жылға қолайлы бағаға шикізат бөлуге көмектесуіңізді сұраймыз. Оған дейін жағдайдың жақсылыққа қарай бет бұратындығына іштей сеніміміз күшті. Қалай болғанда да, бізге нарықтағы аласапыран кезінде өзімізді ұстап қалу керек. Екінші мәселе – газ. Біздің газхимиялық кешеніміздің тұжырымы «ҚПО б.в.»-дың ішкі қысымды ұстап тұру үшін жердің астына айдайтын газдың жалпы тұрақтандыру және сеперациялау ағынынан бағалы шикізаттық компоненттерді ішінара бөліп алу. Оларды, атап айтқанда, этан, пропан, бутан, изобутан – бәрін қосқанда, жылдық мөлшері 1 млрд. текше метр шикізатты газхимиялық өнімдерді өндіруге пайдалануды ұсынамыз. Қалған газ жер астына кері айдау үшін қайтарылады. Газхимияның қажеттілігі 4 пайызды құрайды, бұл «ҚПО»-ның газ өндіру көлемінің арта түскенін есептегенде, өте аз мөлшер. «ҚПО» бізге қайтарылатын газдың сапалық құрамы бойынша техникалық талапты берді. Жоба бойынша жұмыс Энергетика министрлігінің қатысуымен, облыс әкімдігінің қолдауымен жүріп жатыр. «Конденсат» АҚ-ның тапсырысы бойынша америкалық технологиялық компания жобаны дайындады. Жобалаушы сұраныстың әлемдік тенденциясын ескере отырып, шикізат компоненттері негізінде экологиялық таза өнім өндіруді ұйымдастыруды, сондай-ақ көліктерге арналған пропанды өндіруді мақсат етіп қоюда. Сол арқылы Еуропа және Қытай, Еуроазия одақтастығы нарықтарына шығуға мол мүмкіндік болады. Біз үшін қышқыл газды әділ бағасына жеткізіп отыратын нақты кепілдік керек. Экономиканы алға бастыруға көмектесетін осынау екі мәселені шешуді қарастыруыңызды сұраймыз.

— Бүгін осында айтылған мәселелер өзінің шешімін табуын талап етеді, — деп Үкімет басшысы кеңесті қорытындылады. — Біз былай болады немесе былай деп нақты айтуымыз керек. Сондықтан Энергетика министрі бастаған жұмыс тобын құрайық. Бүгін осында көтерілген мәселелермен бірге мені екі сұраққа қатысты жауаптар қызықтырады. Ол – ресурстарды тиімді пайдалану, кері айдалатын газға қатысты не істейміз және аймақтарды газдандыру. Елбасымыздың алдымызға қойған нақты тапсырмалары бар. Біз әлі нақты жауабын қайтарған жоқпыз. Екі ай мерзім сіздерге жететін шығар, қазан айында үкіметтің арнайы мәжілісін өткіземіз. Сонда осы сұрақтардың жауабын береміз.

* * *

Сол күні ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов Қ. Мырза Әлі атындағы өнер және мәдениет орталығында зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Батыс Қазақстан облысының экономикасы қарқынды дамып келе жатқан ірі өндірістік аймақтардың бірі екендігін тілге тиек еткен Үкімет басшысы өңірімізде ел экономикасын өркендету мақсатында жүзеге асып жатқан жобалармен танысып шыққанын атап өтті.

— Елбасымыздың тапсырмасы бойынша өңірде жаңа жұмыс орындарын ашу, инфрақұрылымды дамыту мақсатында игі істер қолға алынуда. Олардың бірқатарымен бүгінгі жұмыс сапарында таныстым. Сондай-ақ рухани саланы дамытуда да атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Өңір халқының жағдайын одан әрі жақсарту мақсатында тағы қандай шараларды қолға алуымыз керек? Шешімін күтіп отырған қандай мәселелер бар? Бүгін сіздермен осындай мәселелерді талқылау үшін кездесіп отырмын, — деді ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов өз сөзінде. Кездесуге келген зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдардың мүшелері түйінін таппай жүрген мәселелерін ортаға салды.

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:

— Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатының арқасында «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алған жастар барлық салаға жұмысқа қосылды. Біз оған қуаныштымыз. Солардың бірі Алматыны басқарып отырса, енді бірі – Батыс Қазақстан облысының жас әкімі Алтай Көлгінов. Біз жас ұрпағымыздың сапалы білім алып, егемен елге еңбек етіп жатқанына қуанамыз, қолдаймыз. Табыс тілейміз. Егемендік – біздер үшін ең қымбат ұғым. Егемендікке қол жеткізген 25 жылда біз бәріміз қиындықты да, жетістікті де бірге көрдік. Осы жолда біз ауызбірлігіміздің арқасында еңбек етіп, тіршілік кешіп келеміз. Батыс Қазақстанның ең үлкен байлығы – Қарашығанақ газ кен орны. Бұл тек Қазақстанға ғана емес, аты әлемге әйгілі жер. Сондықтан бұл өлке кейбір дағдарыс кезеңдерін оңай еңсеріп, тойын тойлап, еңбек етіп, баласын өсіріп келеді. Сонау қиын жылдардың өзінде қазақ драма театрын тұрғызып, сәнді де салтанатты мектептер, жастарға арналған салтанат сарайы мен Қадыр орталығын салуы – осының айғағы. Қарашығанақ елдік, ұлттық мақтанышымызға айналды. Оның шапағатын да халық көріп жатыр. Енді сол сәні мен салтанаты келіскен білім ошақтарында білімді ұрпақ пен сауатты мұғалімдеріміз жеткілікті болуы керек. Батыс Қазақстан облысын заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев «Қазақстанның Венасы» деп атады. Өйткені Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина өскен орта, олардың шығармасы қалған орта музыка әлемінде бүкіл ұрпақты тәрбиелеп келеді. Бұл елде опера, сонаталарды жазған Базарбай Жұманиязов, Құрманғазы оркестрін әлемге танытқан Шамғон Қажығалиевтей ұлы дирижеріміз дүниеге келген. Бұл жерге театрға атын сұрап жүрген Хадиша Бөкеевадай талантты актриса, Тайыр Жароков, Жұбан Молдағалиев, Қадыр Мырзалиевтей ұлылардың кіндік қаны тамған. Бұлар тек батыстың ғана емес, қазақ ұлтының, қазақ даласының, бүгінгі тілмен айтқанда, брендке айналған есімдері. Оларды насихаттау жұмысы ұрпақ тәрбиелеу үшін қажет. Бұл ұлы есімдердің аты анда-санда туған күндерінде сахналардан ғана естіліп қалмау керек. Олардың есімдері әуежайларда, қонақтарды қарсы алып, жарқырап тұру керек. Біз жас ұрпақты қаламгерлердің еңбегімен, олардың есімдерімен тәрбиелейміз. Алайда бүгінгі күнде жазушыларға жазған кітабы үшін қаламақы төленбейді. Кітап сатып, күн көру мүмкін емес. Қазіргі балалар кітапты ғаламтордан оқиды. Осындай ұлы тұлғаларды дәріптейтін журналистердің алатын жалақысы да мардымсыз. Осыны да ойластыру керек. Айтайын дегенім, біз ертеңгі күнге үлкен сеніммен қараймыз. Өйткені жастардың қолында білім бар, тізгін бар. Қазақ елі сауатты бизнесмендерімен, білімді ұрпағымен, мейірімді аналарымен, тәрбиелі қыздарымен өзге ұлттармен терезесі тең өмір сүруге толық мүмкіндігі бар. Сондықтан да Жайық өлкесіне келген сапарыңызға сәттілік тілеп, еліміз аман болсын деп тілеймін! Әрқашан жақсылық күтіп отыратын Астана көркейе берсін, бізге нұрын шаша берсін!

Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

— Ақұштап Бақтыгерееваның көтеріп отырған мәселесі өте орынды. Авторлық қаламақы мәселесі қазіргі күнде қолға алынды. Біз бір жылдың ішінде ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің тапсырмасымен осы салада жұмыс жасап жатырмыз. Қазіргі күнде комиссиядан өтіп, қаламақы туралы мәдениет заңына өзгерістер енгізуге депутаттарға бердік. Қазір Мәжілісте қаралуда. Заңның өтуі бір-екі жылға созылады. Егер Кәрім Қажымқанұлы рұқсат берсе, алдыңғы қатарлы заңға енгізіп, 2017 жылдары бірінші қатарлы заңдар легінде осы мәселе шешілер еді.

Ермек МҰҚАМБЕТҚАЛИЕВ, облыстық жастар қауымдастығының төрағасы:

— Жастар арасындағы бірді-екілі мәселеге тоқталғым келеді. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жастардың жұмыссыздығын азайту бағытында, оларды жұмыспен қамту мақсатында керемет бағдарламалар бар. Атап өтсек, «Дипломмен ауылға», «Жастар тәжірибесі» бағдарламалары. Біз жастармен кездескенімізде, олар «Жастар тәжірибесі» бағдарламасының уақытының тым аз екендігін алға тартады. Сондықтан біз «Жастар тәжірибесі» бағдарламасынан әрбір жастың өтетін мерзімін алты айдан бір жылға ұзартуды ұсынғымыз келеді. Екінші көтеретін мәселе – «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жұмыс жасайтын жастардың жалақысының аздығы. Аталмыш бағдарлама бойынша қазіргі күнде 800-дей сарбаз жұмыс жасауда. Олардың алатын жалақысы 39333 теңгені құрайды.

Бұл соманың 40 пайызы республикалық бюджеттен, 60 пайызы жергілікті бюджеттен төленеді. Жастарымыздың осы бағдарламаға қызығушылығын оятып, олардың санын көбейту үшін «жасылелдік» сарбаздардың жалақысын 50 мыңға дейін көтеруді ұсынғымыз келеді.

Біржан НҰРЫМБЕТОВ, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі:

— “Жастар тәжірибесі” бағдарламасын алты айдан бір жылға дейін ұзарту туралы ұсыныс түсті. Бұл – «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында оқу орнын енді бітірген жас түлектердің қиындықтарына көмек беру үшін жасалған шараның бірі. Жұмыс берушілер маманды жұмысқа қабылдап аларда тәжірибесінің молдығы мен еңбек өтілінің көп болуына басымдық береді. Сондықтан біз кәсіпорындармен келісе отырып, штаттан тыс жұмыс орындарын ашып, жас түлектерді мамандығы бойынша жолдаймыз. Олар белгіленген алты айдың ішінде тиісті дағдыларға ие болып, тәжірибе жинақтайды. Алты ай еңбек өтілі болып есептеліп, еңбек кітапшасына жазылып, кішігірім жалақысын алады. Сондықтан бұл салаға қатысты тетіктерді жетілдіруге мүдделіміз. Жалақыға қатысты мәселе өткен аптада ғана Үкіметтен қолдау тапты. 38 мыңның үстіндегі жалақыны 53 мыңға дейін көтердік.

Қазыбай БОЗЫМОВ, ғылым докторы, профессор:

— Батыс Қазақстан облысының 80 пайыз су ресурстары Ресей Федерациясының шекаралық аймағындағы трансшекаралық өзендерден жиналатыны белгілі. Жайық өзені – біздің өңір үшін ең маңызды нысан. Ауыз суының ең маңызды көзі болып табылады. Бұл өзен бассейнінің жанында 87 елді мекен орналасқан. Бұл жерде облыс халқының 75 пайызы тұрады. Сондықтан да Жайық өзенінің экожүйесінің сақталуы, гидрологиялық режимдердің жақсаруы және суларының сапасын арттыру халқымыз үшін маңызды мәселе болып отыр. Себебі соңғы уақытта өзеннің арнасы тартылып, суы ластанып, өзен жағасындағы өсімдіктер азайып барады. Бүгінгі таңда Жайықтың экожүйесін сақтаудағы ең маңызды жұмыс – өзеннің арнасын кеңітіп, түбін тереңдетіп тазалау. Әрине, бұл жұмысты өзеніміздің бастапқы жолы Ресейден бастау алатын су қоймаларынан бастаған дұрыс. Жайық суын кеңінен пайдалану үшін оның салалары мен су қоймаларының көздерін ашып, тазарту қажет. Екінші мәселе, облысымыздың оңтүстік бөлігіндегі Қазталов, Жәнібек, Жаңақала, Бөкей ордасы аудандарының халқы шаруашылыққа баяғыдан Еділ суын пайдаланып келген. Қазіргі уақытта біз осы суды ауданның шаруашылығы үшін, халқымыздың тұрақты өмірі үшін, экологиялық жағдайды жақсарту үшін трансшекаралық Қараөзен мен Сарыөзен арқылы сатып алып отырмыз. Бұл, әрине, керек мәселе. Үкімет, республикалық бюджеттен көп көмек көрсетіп отыр. Дегенмен 2016 жылы біздің есебіміз бойынша 107 млн. текше метр су керек болып, оған бюджеттен 1 млрд. 490 мың теңге бөлінген. Әр түрлі, соның ішінде табиғи жағдайларға байланысты сол уақытта 2015 жылы бюджетті бекіткенде, Ресейдің рублінің құны біздің теңгемен салыстырғанда 3,5 болса, қазір ол бағам өзгерді. Сондықтан да бізге бүгінгі таңда жалпы есеппен 40,5 млн. текше метр су, яғни 622 млн. теңге қажет болып тұр. Осы күрделі мәселені өзіңіз бақылауға алсаңыз деген өтінішіміз бар.

Біз тек қол жайып, қарап отырған жоқпыз. Осы бағытта үлкен жауапты жүйе іске асуда. Жайық пен Көшім жүйесін тиімді пайдаланып, Қараөзенге су беру жұмыстарын бастадық. Бұған Киров пен Шежін арналарын пайдаланып, керекті уақытында халқымызды сумен қамтамасыз ету. Бұл бағытта екі кезеңдік жұмыс бітті. Бұл жүйені жұмысқа кіргізетін болсақ, судың тапшылығы кезінде 30 млн. текше метр суды пайдаланып, 300-400 млн. теңгені өзіміз игеретін болар едік. Сондықтан осы жүйенің үшінші кезеңін өз бақылауыңызға алып, тиімді шешілуіне ықпал етсеңіз.

Ермек КӨШЕРБАЕВ, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

— Бұл мәселеге қатысты Ұлттық экономика және Қаржы министрлігімен ақылдасып, керекті инвестициялық ұсынымды қабылдаймыз. Өткен жылы Ресейдегі девальвация, біздегі теңге құнының төмендеуіне байланысты екі ел арасында экономикалық бағытта айырмашылық болды. Ауыл шаруашылығы министрлігі саласында жұмыс істейтін су ресурстары комитеті және су кәсіпорны керекті есептемені жасап, 659 млн. теңгені қарастырып, Қаржы министрлігіне өтінім енгізді. Сондықтан бұл мәселе шешімін табуы тиіс.

Кәрім МӘСІМОВ, ҚР Премьер-министрі:

— Жақында болатын кездесуде Ресейдің Премьер-министрімен трансшекаралық су мәселесін өзім талқылаймын.

Абат ЕСЕНҒАЛИЕВ, еңбек ардагері:

— Облыстың шалғайда жатқан тұрғындарының мәселесі – жол мәселесі. Ең алыс аудан Жәнібек ауданына салынып жатқан тас жолдың биылғы жұмыстарын есептегенде әлі 200 шақырымы жасалмай қалайын деп тұр. Жыл сайын жиырма шақырымнан жөнделетінін есептесек, әлі он жыл күту керек екен. Осы жолдың қаржыландыру мәселесі көбейтілсе деген ұсыныс бар. Екінші Жәнібек ауданымен көршілес Бөкей ордасы ауданы бар. Оған Өнеге, Бисен, Сайқын жерлерімен жол салу мәселесін алдағы жылдардың жоспарына кіргізсеңіз, дұрыс болар еді. Үшіншіден, біз Ресейдің бес облысымен шектесеміз. Бес облыспен экономикалық қарым-қатынас жүріп жатыр. Ресейден біздің шекараға кіріп келген жолды салыстырсақ, бізде жол жоқ деуге болады. Мәселен, Орынбор шекарасына шығатын жолдың сапасы сын көтермейді. Осы жолдарды күрделі жөндеуден өткізуге қаражат бөлінсе деп сұраймыз.

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, Инвестициялар және даму министрі:

— Оралдан Тасқалаға баратын жолды көрдік. Соңғы екі-үш жылда республикалық бюджеттен Батыс Қазақстан облысына жолдарды жөндеуге қомақты қаржы бөлінді. Тасқалаға баратын жолды жөндеу үшін 5,5 млрд. теңге бөлінді. Жәнібек пен Қазталов – Жалпақтал, Қазталов – Жәнібек жолдарын жөндеуге 3,8 млрд. теңге бөлінді. Келесі жылы жолға бөлінетін қаржыны көбейту мәселесін қарастырамыз. Орынборға баратын жолды жөндеуге алдағы жылдардың бюджетінен қаражат көзделген жоқ. Қазіргі күнде келіссөздер жүргізіп жатырмыз.

Алтынбек ӘБДІЛМАНОВ, облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы:

— Біздің елде өскелең ұрпақ тәрбиесінде үлгі болар тұлғалар жетерлік. Сондай тұлғалардың бірі Х. Есенжановтың есімі бәрімізге белгілі. Ол – Батыс өңірінен түлеп ұшып, қазақ халқының мақтанышына айналған тұлға. Оның «Ақжайық» трилогиясы, «Ағайынды Жүнісовтер» романы кітапсүйер қауымға жақсы таныс. Жайық жұртшылығы Х. Есенжановтың 100 жылдық мерейтойына орай өңіріміздегі облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасын Х. Есенжановтың атымен атасақ деген тілек білдірген. Халықтың бұл тілегі қоғамдық ұйымдар тарапынан ұсынылып, жергілікті басқару органдары тарапынан қолдау тауып, еліміздің құзырлы органдарында шешімін тапқан да болатын. 2014 жылы республикалық ономастикалық комиссияның шешімімен «Облыстық балалар мен жасөспірімдер Х. Есенжановтың атымен аталсын» деген шешім де шыққан еді. Алайда бірер жылдар ономастика саласында болған мораторийге байланысты мәселенің түбегейлі шешімін табуы сәл тежелді. Бүгінгі таңда мораторий алынды. Сондықтан осы мәселенің заңды-құқықтық мәртебесін негіздеуде Үкімет тарапынан қолдау күтеміз.

Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

— Көтеріп отырған мәселе өте орынды. ҚР Тәуелсіздігінің мерейтойының алдында ономастика саласында Үкіметтің арнайы отырысы болады. Елімізге еңбек сіңген немесе соғыс ардагерлері мен батырлардың атағын беру туралы талап қойылған. Х. Есенжановтың еңбегі жұртшылыққа кеңінен таныс. Сондықтан Кәрім Қажымқанұлы рұқсат берсе, біз бұл мәселені облыстық мәслихатпен, әкімшілікпен талқылап, Үкіметтің отырысына шығарар едік.

Кездесу барысында зиялы қауым өкілдері тарапынан қойылған мәселелерге орай нақты жауаптар берілді. Емен-жарқын жүздесуде Үкімет басшысы көтерілген мәселелердің нақты шешімін табатындығын, осындай кездесудің халық үшін пайдасы көп екендігін айтты.

Наталия ПОРТНЯГИНА


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика