
Сенбі күні облыс әкімі Алтай Көлгінов Орал қаласындағы инженерлік-коммуникациялық желілерді жөндеу барысымен танысты.
Өңір басшысы, қала әкімі Нариман Төреғалиев, облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Орынғалиев және «Нұр Отан» партиясының өкілдері мен біргежөндеу жұмысы жүріп жатқан Темір Масин, М. Мәметова, Әбубәкір Кердері, Жымпиты, Петровский, Гагарин көшелері мен Достық және Еуразия даңғылдарында болып, жұмыстың орындалу барысын бақылады.
— Бүгін біз «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылып жатқан инженерлік желілерді жөндеу жұмысымен та-ныстық. Аталмыш бағдарлама бойынша облыс орталығына 2,5 миллиард теңге қаражат бөлінді. Осы маусымда 40 шақырым-нан астам инженерлік желі жөнделмек, бұлар 7 және 8 магистральды жылу трассалары, су құбырлары желісі, қәріздер. Еуразия даңғылы бойынша төрт шақырым су құбыры жөнделмек, бұл ретте толық жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Қазір кәріз құрбырының екі шақырымы ауыстырылды. Мұз сарайына дейінгі аумаққа жаңа асфальт төселді, бұйырса, бұл жұмысты қазан айына дейін бітіреміз деп жоспарлап отырмыз. Мердігер компанияларға белгіленген барлық жұмыстарды жаңа жылу маусымы басталғанға дейін бітіру жөнінде тапсырма берілді. Инженерлік желілерді жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде қаланың инженерлік инфрақұрылымы жаңарып, тұрғындарға көрсе-тілетін коммуникациялық қызмет сапасы жақсарады. Бұл жұмыстың игілігін қала тұрғындарының үштен бірі көретін болады, — деді өз сөзінде Алтай Көлгінов.
Бұдан басқа қазір қаланың 14 көшесі күрделі жөндеуден өтуде, бұған 3,7 миллиард теңге бөлінген. Сондай-ақ 30 ауланы жөндеуге және абаттандыруға жергілікті бюджеттен 555 миллион теңге бөлініпті.
Рейд барысында облыс әкімі мердігерлермен кездесіп, олардан жұмыстың сапалы болуын талап етті және міндеттеріне алған жұмысты жаңа жылыту маусымына дейін белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
– Бұл — маусымдық жұмыс, сондықтан демалыс бізде болмайды. Егер қажет болса, екі ауысымда жұмыс істеңіздер, қосымша жұмыс күшін тартыңыздар. Қалай еткенде де, жаңа жылу маусымына дейін осы жұмысты аяқтап, тапсыруларыңыз керек. Және жасаған жұмыстарыңыз сапалы болсын, — деді әкім мердігерлерге жұмысты ширатуды тапсыра тұрып.
Жол жөндеу жұмысын бақылау барысында кейбір мердігерлердің жұмысына өңір басшысының көңілі толмады. Мысалы, ол Достық даңғылы мен Темір Масин көшесінің қиылысындағы ТМ-7 жылу жүйесін жаңғырту жұмысымен айналысып жатқан «Бірлік» ЖШС-ның жұмыс қарқынын сынға алып, ұжымның мойындарына алған жұмысты жаңа жылыту маусымына дейін аяқтап, тапсыратындарына күмән келтірді. Сәлден соң аталмыш нысандағы жұмыспен айналысып жатқан жұмысшылардың нақ сол сәтте жалпы ұзындығы 485 метрлік құбырды қысыммен сынауға дайындалып жатқаны белгілі болды. Құбырлардың диаметрі – 530 мм және 426 мм. Жұмысшылар гидравликалық есепке сәйкес қажет болып тұрған ұзындығы 250 метрлік, ені 426 мм болатын тік тігісті құбырдың нысанға жеткізілуін күтіп тұр екен. Алдағы уақытта топырақтың отырып қалмауын тапсырған өңір басшысы мердігерлерден жұмысты сапалы атқаруды талап етті. Ол сондай-ақ жұмысын мерзімінде орындамаған мердігерлерге айыппұл салынуы мүмкін екенін жеткізді.
Рейд барысында әкім бастаған топ Петровский көшесі бойындағы (М. Мәметова көшесінен Алмазов көшесіне дейін және Еуразия даңғылынан Сарайшық көшесіне дейінгі аралықта) су құбырларын жаңғырту жұмыстарының кестеде көрсетілген мерзімнен ертерек орындалып жатқанын көрді. Бұл жердегі жұмысты «Газкотломонтаж» ЖШС көлбеу бұрғылау әдісімен жүргізіп жатыр екен. Құбырдың жалпы ұзындығы — 1,643 шақырым. Серіктестік директоры Олег Соколовтың айтуынша, бұл нысанда 800 метр құбыр қазірдің өзінде тартылған. Аталмыш серіктестік бұдан басқа Гагарин көшесіндегі (С. Датұлы көшесінен «2-база» жол айырығына дейін) су құбырларын да жаңғыртуды қолға алыпты.
– Жалпы, Гагарин көшесіне 900 метр құбыр орналастырдық. Соның 400 метрі көлбеу бұрғылау әдісімен салынса, қалғаны ашық әдіспен қойылды. Бұрғылау барысында кейде күтпеген жерден ескі желілерге тап болып жатамыз. Оларды анықтап, шығарамыз, сосын жұмысымызды одан әрі жалғастырамыз. Жаңағы орта жолда кездескен жұмыс-тар жоспарға енгізілмеген. Біз жоспарда көрсетілген жұмыстарды жақсы білеміз, бірақ коммуникациялық желі жүйесінде ескі желілердің де кездесіп қалатынын қаперден шығармауымыз керек. Қалай болғанда да, қыркүйек айына дейін жер қазу жұмыстарын аяқтап, қалған жер бетін тегістеу жұмыстарын қазан айында жасаймыз деп отырмыз. Жоспарлы жұмыстарды қайта қараудың нәтижесінде жұмысымыз барынша жеделдеді. Бір аптада 400 метрдей жерді өттік, — дейді «Газкотломонтаж» ЖШС директоры Олег Соколов.
Облыс әкімі мердігерлерге жер қазу жұмысын жаз мезгілінде аяқтауды тапсырды. Өйткені күзге қалса, жаңбыр жауып, жұмыс жасауға кедергі келтіреді.
Еуразия даңғылындағы жөндеу жұмысының барысына әкім разы болды. Мұнда екі шақырымдық канализациялық құбырлар қайта жаңғыртылған, қазір төрт шақырымдық су құбырларын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Нысанға 56 адам және 17 техника жұмылдырылған.
Рейд барысында өңір басшысы Достық даңғылы мен Ықсанов көшелерінің қиылысындағы жөндеу жұмысын жүргізіп жатқан “АзияТехСтрой” ЖШС-ның басшылығына бірқатар ескертулер жасады.
— Егер мердігер міндетіне алған жұмысын белгіленген мерзімде аяқтай алмаса немесе жасаған жұмысы сапасыз болса, онда оған қатаң шаралар қолданылып, тіпті айыппұл салынуы мүмкін, — деген әкім ондай жауапсыз компаниялардың алдағы уақытта осындай ауқымды жұмыстарды орындаудан аластатылатынын айтты. Ол сондай-ақ кездесу барысында мердігер компаниялардың басшыларына міндеттеріне алған жұмыстарын жеделдетіп, белгіленген уақытында және сапалы орындауды тапсырды. Әкімнің сөзінше, жұмысын сапасыз орындаған мердігерлерге айыппұл салынбақ.
Жөндеу жұмыстары Жымпиты көшесінде де жүргізілуде.
— Өткен жылы Алматы және Қазталов көшелеріне жөндеу жүргізілген болатын. Биыл Еуразия даңғылы мен Жымпиты кө-шелерін жөндеуден өткіземіз. Аталған аумаққа сапалы асфальт төсеуді міндет қылып отырмыз. Бұл аймақта онкологиялық диспансер, әйелдер босанатын үй, ХҚО және тағы басқа да әлеуметнысандар көп орналасқандықтан, асфальттауды қажет деп санаймыз. Бұл жұмысты жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен 65 млн. теңге бөлінді, — деді өңір басшысы.
Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Орынғалиевтың айтуынша, «Нұр-лы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 10 нысан жөндеуден өткізілмек. Оның біреуі Бөрлі ауданының Ақсай қаласында, қалғаны облыс орталығында. Қаржыландырудың жалпы сомасы 2 млрд. 554 млн. теңгені құ-райды. Барлық нысандарды жөндеу жұмысы жылыту маусымына дейін аяқталмақ.
Облыс әкімі Алтай Көлгінов нысандарды аралауды қорытындылай келіп, ең алдымен Орал қаласының тұрғындарынан уа-қытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұрап, бұған түсіністікпен қарауды өтінді.
— Бұл – науқандық әрі қажетті жұмыстар. Біз оларды уақытында және табысты аяқтасақ, келер жылдарда мұндай қиындық-тарды кездестірмейтін боламыз. Жұмыс сәтінде кездескен қиындықтар бар. Біз оларды жұмыс барысында шешуге тырысамыз, бұл – өндірістік үрдіс. Жүріп жатқан барлық жұмыстар әкімдіктің бақылауында, техникалық бақылау бар, авторлық қадағалау да бар, «Нұр Отан» партиясы тарапынан да қадағалау бар. Біз бәріміз бірге облыс орталығын одан әрі дамытуға қажетті маңызы зор әрі пайдалы жұмыстарды орындап шығуымыз керек. Он нысанда мердігерлер жұмыс істеуде, бұл жергілікті компаниялар үшін үлкен демеу, жаңа жұмыс орындары құрылуда, салықтар төленуде. Мұның бәрі жиналып келгенде аймақтың экономикасын алға жылжытады, — деді облыс басшысы Алтай Көлгінов. – Қаланың инфрақұрылымдарын қайта құрылымдайтын ауқымды жұмыстар жүруде. Біздің алдымызда қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған міндет тұр. Біз нысандарды тексердік, жұмыстар кесте бойынша жүруде, кейбір нысандарда аздаған кейін қалушылық бар, егер олар жұмысты мерзімінде аяқтай алмаса, онда біз оларға айыппұл саламыз. Нақты шаралар алынады. Ең бастысы – жұмысты сапалы әрі мерзімінде аяқтау керек.
Облыс әкімі қаланың шағынаудандарында, теннис орталығына жақын орналасқан 300 орындық көпбейінді жаңа ауруханаға байланысты түсінік берді.
— Бұл – облыс орталығына өте қажет әлеуметтік нысан. Аурухана осы заманғы жабдықтармен қамтылған, олардың біраз бөлігі әкелінді. Жалпылай алғанда, аурухана әзір, бірақ онда жұмыс істейтін қызметкерлер әлі оқып жатыр, өйткені біз олардың жұмысының осы заман талабынан шығуын қалаймыз. Бұдан басқа аурухана жанынан жаңа жол салынуда, ол біздің қалалықтарға қолайлы жағдай туғызу үшін қажет. Біз жолды салуды және дәрігерлерді оқытуды аяқтаймыз, сөйтіп, аурухананы жуырда пайдалануға береміз. Бұл біздің қаламызда адамдарға дәрігерлік қызмет көрсетуді бұрынғыдан да жақсарта түсетін болады. Біз бұл күндерде аймақтың денсаулық сақтау саласын дамытумен түбегейлі айналысудамыз. Облыстық мәслихаттың екі сессиясында «Жедел жәрдем» стансасына 60 аутокөлік алу үшін қаржы бөлінді. Оның ішінде облыс орталығына берілетін осы заманғы реанимобильдер және барлық аудандарға тиесілі «Жедел жәрдем» көліктері бар. Алайда бұл да әзірге аз. Келер жылы денсаулық саласына тағы да көліктер алынатын болады. Қазір біз дәрігерлер құрамын, бас дәрігерлерді оқыту үшін кеңесшілерді шақырып отырмыз. Өйткені халыққа медициналық қызмет көрсетуді жаңа деңгейге көтеруіміз керек. Бүгінде №6 емханаға электрондық кезек орнату үшін қанатқақты жобаны қолға алудың жолдары қарастырылуда. Бұл емханада бұған дейін емделушілердің арыз-шағымы басқалармен салыстырғанда көп болғаны белгілі. Электрондық кезекті одан әрі басқа емханаларға тарататын боламыз. Денсаулық сақтау саласымен біз алдағы уақытта да өте мұқият айналысатын боламыз, — деп нақтылады сөзін облыс әкімі.
Галина САМОЙЛОВА
Суреттерді түсірген
Медет ДОСЫМОВ