Мұрағат: 06.08.2016


Бөкей хан тарихындағы ақтаңдақтар

Күні: , 290 рет оқылды

23-12-2011-1


Бөкей хандығының төл тарихымыздан маңызды орын алатынына ешкімнің шүбә келтіре алмасы анық. Еділ мен Жайық арасындағы осы киелі атамекен талай тұңғыштарды дүниеге әкелуімен де құнды.


Тарихнама не дейді?

Бөкейдің ата-тегі Қазақ хандығының негізін салған Жәнібек ханнан бастау алатын хан, сұлтандар әулетінен. Әйгілі Әбіл-қайыр ханның тұңғыш ұлы Нұралы хан шаңырағында дүниеге келген Бөкейдің анасы да төре тұқымынан. Ол жөнінде Бөкей 1806 жылы 22 ақпанда әскери министр С. Вязмитиновке жолдаған хабарында «Бірге туған ағайынды үшеуміздің әкеміз хан, ал шешеміз хан қызынан тарайды» деп, өз тегінің таза ақсүйектер әулетінен екендігін алға тартады [Материалы по истории Казахской ССР (1785-1828 гг.). Т. IV. Под рук. М. Вяткина. – Москва-Ленинград: Изд. АН СССР, 1940. 268-б.]. Князь Г. Волконскийге жазған хатында да Бөкей өзінің хан мен хан қызынан туғандығын айтып, ата-тегі бойынша өзін ақсүйек санаған.

Алайда Бөкейдің анасының нақты есімі әрі қай әулеттен тарайтыны осы күнге дейін құжаттық деректермен нақтыланған емес. Өткен ғасырдың 60-70 жылдары Атырау өңірінде өмір сүрген шежіреші Ыбырай Қорқытов Бөкейді Нұралы ханның үшінші әйелі Аққолтықтан өрбіген үш ұлдың ортаншысы деген. Біздіңше, Бөкейдің анасы Орта жүздегі төрелер тұқымынан болуы мүмкін. Себебі, Бөкей, оның інісі Шығай есімдері Орта жүздегі Жәдік әулетінен тарайтын төрелерге тән. Әрі бабаларының есімдерін өз балаларына қайталап қою төрелер тарихында жиі кездеседі.

Бөкей ханның дүниеге келген уақыты жөнінде де бірізділік жоқ. Бүгінде отандық зерттеушілердің иек артып, табан тірер дерегі 1901 жылы «Астраханский листок» газетінде жарық көрген зерттеуші И. Ивановтың еңбегі болып табылады. Ол бойынша 1811 жылы төменгі Орал шебінде Бөкеймен жүздескен Орынбор кеденінің директоры сұлтанның жасын 60-тан асқан деп шамалаған. Осыны негізге алған И. Иванов Бөкейдің дүниеге келуін XVIII ғасырдың 40-жылдарының соңына жатқызады [Иванов И. К столетнему юбилею Внутренней (Букеевской) киргиз-кайсацкой орды // История Букеевского ханства. 1801-1852 гг.: Сб. документов и материалов. – Алматы: Дайк-Пресс, 2002. 940-б.]. Осы дерекке сай тарихшы И. Ерофеева Бөкейді шамамен 1748 немесе 1749 жылы туған десе, мұрағатшы Б. Жанаев 1749/1750 жылдарды топшылайды. Ал Ө. Қажымғалиев пікірінше, Бөкей хан 1757 жылы туған [Қажымғалиев Ө. «Бөкей хан таңдап қонған Нарын еді…» // Ана тілі. – 2015. – 21-27 мамыр. – № 20. 9-б.].

Оның үстіне Бөкейдің Нұралы ханның нешінші ұлы екендігі де дәл анықталды деу қиын. Тарихшы Ж. Қасымбаевтың анықтауынша, Бөкей Нұралының тұңғышы [Касымбаев Ж. Государственные деятели казахских ханств. XVIII – первой половины ХІХ вв. Жангир хан (1801-1845 гг.). Т.4. – Алматы: Наш Мир, 2001. 10-б.], А. Самиғоллаұлының саралауынша, екінші ұлы [Самиғоллаұлы А. Қазақтың мақтанышы // Президент және халық. – 2011. – 28 қаңтар.], И. Еро-фееваның есебінше Есім, Пірәлі хандардан, Қаратай сұлтаннан кейінгі төртінші ұлы [Ерофеева И. Внутренняя, или Букеевская, Орда в первой половине ХІХ в.: история и историография // История Букеевского ханства. 1801-1852 гг.: Сб. документов и материалов. – Алматы: Дайк-Пресс, 2002. 8-б.]. Жазушы Әнес Сарай алғашында Бөкейді Нұралының тұңғышы деп анықтағанымен, [Сарай Ә. Исатай-Махамбет тарихы. Зерттеу. – Алматы: Өлке, 1997. 9-б.], кейіннен «Бөкей – осы Нұралының көп ұлдарының бірі. Орынбор әскери губернаторы Г. Волконский оны хан тағайындау тұсындағы мінездемесінде «сұлтандардың үлкені» деп көрсеткен. Бұл анықтама – Нұралының тұңғышы дегендік пе, жоқ, Нұралы ұлдарының көзі тірісінің арасындағы қазіргі үлкені дегені ме – анық емес. Қайсыбір жазбалар Бөкейді Нұралының тұңғышы деп көрсетеді. В. Воскресенский Бөкейді Нұралының кенжесі деп жазады. Олай болуы мүмкін емес. Бөкейдің Сығай деген туған інісі болғаны және белгілі. Бұл мәселе әлі де анықтай түсуді қажет етеді» [Ә. Сарай Екі тарлан. Исатай-Махамбет тарихы туралы зерттеу. – Алматы: Арыс, 2003. 11-б.] деген тоқтамға келді.

Жалпы, Бөкейдің қашан туғандығын, соған орай Нұралының белінен өрген 40 ұлдың нешіншісі екендігін анықтау үшін ханның өзге балаларына тоқталу қажет. Орынбор, Мәскеу мұрағатының құжаттары Нұралының тұңғышы Есім, екінші ұлы Пірәлі екенін дәлелдейді. Нұралы ұлдарының есімдері орыс деректеріне 1750 жылдан бастап түскен. Өйткені бұған дейін Әбілқайыр хан ұлдарын аманатқа алып келген Орынбор әкімшілігі осы кезден Нұралы ұлдарын ала бастады. 1750 жылы Әбілқайыр ұлы Әділдің орнына Орынборға аманатқа алынған Нұралының баласы Пірәлінің бес жаста болғанын А. Левшин, Л. Мейер, В. Витевский, А. Добросмыслов секілді орыс зерттеушілері атап өтеді. Нұралы хан 1751 жылы баласы Пірәліні елге қайтаруды сұрап, орнына Мұхаметәліні (Мәмбетәлі) ұсынғанымен, орыс үкіметі сұлтанның жастығын, яғни үш жасқа да толмағанын алға тартқан. Осыған байланысты үкімет Нұралыдан үлкен ұлы Есімді сұрағанымен, хан оған келіспеген. Міне, осы аманат төңірегіндегі текетіресте Нұралы ұлдарының үлкендері ауызға алынған.

Деректер не дейді?

Егер де жоғарыдағы зерттеушілер айтқандай, Бөкей сұлтан 1748/1749 жылдары шамасында дүниеге келсе, неліктен орыс үкіметі ол жөнінде үнсіз қалған. Әлде Нұралы хан айналасын «бес саусақтай» білетін Орынбор ұлықтарының хан балалары туралы мәліметтері болмаған ба? Алайда Орынбор мұрағатындағы құжаттарға тиянақты зер салған адам олай дей алмайды. Өйткені 1750-1770 жылдары Нұралы ұлдарын кезекпен Орынборға аманатқа алып отырған патша үкіметі олар жөніндегі ақпараттарды әрдайым кеңсе журналдарына мұқият тіркеп отырған. Мәселен, 1750 жылы Пірәлі, 1752 жылы Мұхаметәлі, 1753 жылы Жаналы, 1754 жылы Бегәлі, 1756 жылы Абылай, 1757 жылы Бердәлі, 1758 жылы Айтөре, 1759 жылы Артыққали, 1760 жылы Бекғали, 1763 жылы Бердіғали, 1765 жылы Абылай, 1767 жылы Бегәлі, 1768 жылы Оразғали, 1769 жылы Нәдірғали сұлтандар аманат ретінде Орынборға келген. Тарихи деректерге сүйенсек, Нұралы ұлдары Есім 1744 жылы, Пірәлі 1745 жылы, Мұхаметәлі 1748/1749 жылы шамасында дүниеге келген. Бүгінде Есімнің басына қойылған құлпытас табылып, онда ханның 1797 жылы 53 жасында опат болғаны жазылған [Қ. Құттымұратұлы Құлпытас сырын ашайық. – Орал: ЖК «ADIL PARASAT», 2014. 16-17 бб.].

Олай болса, Нұралының тұңғышы Есім сұлтан 1744 жылы атасы Әбілқайыр ханның көзі тірісінде дүниеге келген. Нұралы ханның орыс үкіметінен өзіне мұрагер тағайындау мәселесі бойынша 1768 жылы наурызда Кіші жүзге келген Я. Гуляев жазбасында Есім 23 жаста, Пірәлі 22 жаста деп көрсетілген [ОрОММ. 3-қ., 1-т., 88-іс, 133-п.]. Оған қоса 1767-1768 жылғы мұрағат құжаттарынан Есім, Пірәлі, Мұхаметәлі сұлтандардың Кіші жүздің оңтүстігінде түрікменге қарсы күресте қол бастап жүргенін байқаймыз. 1770 жылы күзде Әбілқайыр хан немерелері Пірәлі Нұралыұлы түрікменге, Сүйікәлі Айшуақұлы қарақалпаққа, Ағым Әділұлы Хиуаға хан сайланды [РИССМ. 122-қ., 122/2-т., 1769-1773, 19-іс, 184, 189 пп.]. Ал 1771 жылғы «шаңды жорыққа» Нұралы хан бес баласымен бірге аттанды. Ол 19 ақпанда өзінің Есім, Жаналы, Арыстан, Абылай атты ұлдарымен жорыққа шығып, Пірәлі сұлтанға шақыру жібергенін Ресейдегі ұлы Бекәлі сұлтанға хабарлайды. Бұл туралы князь Н. Урусов та 1771 жылы 16 сәуірде Астрахан губернаторы Н. Бекетовке жазған рапортында айтып өтеді [ОрОММ. 3-қ., 1-т., 119-іс, 389-п.]. «Қалмақ қашу» кезінде қазақ даласына келген капитан Н. Рычков 3 мамыр күні Нұралы ханмен кездесуін: «Хан қалың кілем үстінде, екі ұлы Есім және Пірәлі сұлтандардың ортасында отыр екен. Есім сұлтан үлкен болғандықтан, оң жағында отырды, екіншісі, түрікмен ханы болғанына қарамастан, сол жағына отырыпты» деп сипаттайды [Рычков Н. Дневные записки путешествия в Киргиз-Кайсацкую степь в 1771 г. – Санкт-Петербург: Императорской Академия Наук, 1772. 49-50 бб.].

Тарихшы И. Ерофеева Нұралының ұлы Қаратай сұлтанды қалмақ тұтқыны Рыстан 1746/1747 жылы туған дейді. Қаратай тарихын арнайы зерттеген А. Рязанов, А. Ахмет, Ә. Мұқтар сынды ғалымдар осы әулеттің ұрпағы Бақытжан Қаратаевтың қалдырған мәліметтеріне сүйеніп, Қаратайды 1771 жылы туған, Бөкейдің інісі десе, тарихшылар А. Рязанов, М. Вяткин, Ж. Қасымбаевтар Қаратайды Нұралының екінші ұлы деп жаңсақтыққа жол берген. Мұрағат құжаттары мен төңкеріске дейінгі орыс авторларының еңбектері Қаратайдың жас жағынан Бөкейдің ағасы екендігін айғақтайды. Бұған 1811 жылы 19 тамызда Айшуақ сұлтанның Орынбор әскери губернаторы Г. Волконскийге жазған хатында «үлкен ағасы (Қаратай – Ж. А.) ханды (баласы Жантөре – Ж. А.) өлтірді, ал кішісінің (Бөкей – Ж. А.) хан болуды қалауы маған соншалықты жағымсыз» деген хабары дәлел бола алады [ОрОММ. 6-қ., 10-т., 716-іс, 259-п.].

Кіші жүз хандарын зерттеуші Ж. Қасымбаев «Хан Айшуак (1719-1810)» атты еңбегінде Айшуақ ханның 1810 жылы қайтыс болғанын келтіреді. Ал Л. Мейер, А. Добросмыслов, И. Ерофеевалар Айшуақ ханның 1811 жылы бақилық болғанын жазса, А. Рязанов, Ә. Мұқтар, А. Ахмет секілді тарихшылар 1812 жылы фәниден озғанын алға тартады. Орынбор мұрағатының деректері соңғы пікірді құптайды. Ол бойынша Айшуақ хан 1812 жылы сәуірдің соңында дүние салған. Сонымен бірге Ж. Қасымбаев, И. Ерофеевалар Жантөре ханды Айшуақтың үлкен ұлы деп, тағы да жаңсақтыққа жол береді. Себебі, 1768 жылы көктемде Кіші жүзге келген Я. Гуляев Нұралы ханның, Ералы сұлтанның үлкен ұлдарымен бірге Айшуақтың тұңғышы Сүйікәліні 16 жаста деп анықтаған [ОрОММ. 3-қ., 1-т., 88-іс, 133-п.]. Олай болса, Айшуақ шаңырағындағы алғашқы ұл бала 1751 жылы дүниеге келген Сүйікәлі еді. Осы әулеттің ұрпағы Сейітжафар Асфендиарұлы 1898 жылы 21 қазанда Ташкентте өз қолымен жазған өмірбаянында өзінің туған атасы Сүйікәлі сұлтанды Айшуақ ханның үлкен ұлы деп көрсетеді [ӨРОММ. 1-қ., 27-т., 30-іс. http://kungrad.com/history/doc/ avtobiog/]. Сейітжафар әйгілі Санжар Асфендияровтың әкесі екендігін ескерсек, Сүйікәлі сұлтан оның тікелей атасы: Санжар – Сейітжафар – Асфендиар – Сүйікәлі – Айшуақ – Әбілқайыр.

Сүйікәлінің інісі Жантөре хан Ж. Қасымбаев, И. Ерофеева жазғандай 1759 жылы емес, 1760 жылы дүниеге келген. Бұған Теректі ауданының Шағатай ауылдық округіне қарасты Қызылжар ауылындағы «Хан зиратынан» табылған Жантөре хан басындағы құлпытас дәлел. Онда ханның 1809 жылы 49 жасында өмірден озғаны оймышталған [Нұрманова А. Жантөре Айшуақұлы құлпытасы // DANAkaz. – 2015. – № 6-7 (20). 75-б.].

Сайып келгенде, мұның барлығы өлкеміздегі хан, сұлтандар тарихын саралауда дәйекті деректермен байыпты байлам жасамай тұрып, тиянақты түйін, тұжырымға ерекше көңіл бөлуді білдіреді. Мәселен, И. Казанцевтің Қаратай сұлтанды 70 жастан асқан шағында қайтыс болды деуі [Казанцев И. Описание киргиз-кайсак. – СПб.: Типография Товарищества «Общественная польза», 1867. 75-б.], Орынбор әскери губернаторы П. Эссеннің 1825 жылы 2 желтоқсанда Сыртқы істер министрі К. Нессельродеге жолдаған хабарында Қаратайды «өзінің өте қарттығына қарамастан» [Материалы по истории Казахской ССР (1785-1828 гг.). Т.IV. Под рук. М. Вяткина. – Москва-Ленинград: Изд. АН СССР, 1940. 478-б.] деп сипаттауы, сұлтанның егде жаста екендігін, яғни 1771 жылдан бұрын туғандығын растай түседі.

Атан ханым хақында не білеміз?

Ал 2011 жылы Бөкей хан басына тұрғызылған келбетті кесене ішіндегі жаңа құлпытаста оның 1747 жылы дүниеге келгені көрсетілген. Астрахандық ағайындар бұрынғы ескі кесене жанында құлпытас болғанын айтады. Еділ өңірінің тумасы Ләтифолла Қапашев Сейіт бабадағы Бөкей ханның бұрынғы кесенесі туралы: «Ол – тік бұрышты (жобамен 40+5,7 м²) күйдірілген кірпіштен қаланған қоршау ішінде темір күмбезді кесене. Қоршаудың бұрыштары төрт жағына қарайды. Кесене қасында сұлтан таңбасы бар құлпытас орнатылған. Араб әріптерімен Нұралы ханның баласы Бөкей аты жазылған, оған қоса 62 жасында қайтыс болды деген жазу бар» [Л. Қапашев Қайран да қайран Еділ жұрт… // Ана тілі. – 2008. – 25 желтоқсан.– № 52 (941). 15-б.] — деп баяндайды.

Алайда этнограф Серік Әжіғали Бөкей хан кесенесіне қашық емес жерде жатқан сұлтан таңбасы бар құлпытастың Бөкейдің жұбайы Ғатан ханымға арналғанын анықтады. Онда «Бөкей хан Нұралыұлының жұбайы һижра бойынша 1239 (1823/1824) жылы 52 жасында Ғатан ханым офат болды» деген жазу қашалған [Ажигали С. Архитектура кочевников – феномен истории и культуры Евразии (памятники Арало-Каспийского региона). – Алматы: Ғылым, 2002. 169-б.]. Бұл құлпытас бүгінде Бөкей хан кесенесі жанындағы Атан ханымға арналып салынған кесененің ішіне қойылды. Шын мәнінде, Атан ханым Бөкей ханның екінші жұбайы, Жәңгір ханның анасы еді. Жергілікті тұрғындардың «Ғатан» деп атауы да ханымның дұрыс ныспысын көрсетеді. Ол араб қарпімен жазылған ханым есіміндегі алғашқы «айн» мен «ғайн» әрпінің өзара ұқсас болуына орай оның қазақша оқылу кезінде өзгеріске ұшырауына байланысты еді. Ал Тілекқабыл Боранғалиұлы, Өтепберген Әлімгереев секілді жазушылардың ханым есімінің дұрысы Әтен болуы керек деген пікірімен келісу қиын. Себебі, Атан ханымның өзі 1815 жылы 8 маусымда Орынбор әскери губернаторы Г. Волконскийге жолдаған арабша түпнұсқа хатының соңына «хан Бөкей Нұралыұлы халалы ханым Атан Нұралиева» деп қол қойған [ОрОММ. 6-қ., 10-т., 1286-іс, 8-п.]. Бұл жазуды қазақ тіліне Қазбек Құттымұратұлы тәржімалаған еді. Оның үстіне қиямет күні махшар алаңында азан шақырылған атымен шақырылатын болғасын құлпытасқа марқұмның дұрыс есімі жазылатын. Тастағы төре таңбасы Атанның да ата-тегі ақсүйек, яғни хан әулетінен шыққанын айқындап тұр. Өлкетанушы Ө. Әлімгереев «Кейбір деректерде оны Қаратай тұқымы деп көрсетеді» [Әлімгереев Ө. Бөкей хан. – Атырау: «Атырау-Ақпарат» ЖШС, 2015. 235-б.] дегенімен, атақты Жанұзақ жырау Жәңгір ханға арнаған толғауында:

Ал Шыңғыс ханның әулеті,

Хандар өтті хан соңы,

Хан ұлының кенжесі

Патша иемнің ана сойын сұрасаң,

Қарабай ханның нәсілі

[Шайыр. Құрастырған М. Ізімұлы. – Алматы: Арыс, 2002. 54-б.] – деп жырға қосқан. Бұдан Жәңгір хан анасы Атан ханымды Қарабай хан тұқымынан тарайтынын нақтылай түсеміз. Жырау келтірген Қарабай хан – өлке тарихында өзіндік орны бар тарихи тұлға. Ол – Бөкейдің атасы атақ-ты Әбілқайыр ханның замандасы Батыр сұлтанның ұлы. Батырдың өзі әз Тәукеден кейінгі қазақтың аға ханы Қайып Хұсырауұлының баласы. Бұлар Қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібек ханның Жәдік атты баласынан, ал Әбілқайыр әулеті Жәнібек ханның Сүкәлі (Сөк, Өсеке, Сүйік) деген баласынан тарайды. Яғни екі әулеттің арғы тегі Жәнібек ханнан барып қосылады. Қазақ ақсүйектеріне тән құдандалық дәстүр бұл әулет арасында XVІІІ ғасырдан басталып, одан әрі өз жалғасын тапқан. Әбілқайыр ханның немере қарындасына үйленген Батыр сұлтан оған күйеу бала болса, Айшуақ сұлтан Батырдың қызын қалыңдық қылған. Нұралы ханның қарсылығына қарамастан анасы Бопай ханым өзінің туған қызын Батырдың баласы Қарабай сұлтанға ұзатқан. Әулет арасындағы құдандалық ілік-шатыс тек осымен шектелмей, кейін бөкейлікте дәстүрлі түрде кең өріс алды. Бөкейдің інілері Шығай сұлтан Қарабайдың туған немересі Ифақ ханым Асанқызына [М. Жахатов Шығай сұлтанның зайыбы // Орал өңірі. – 2015. – 9 сәуір.] үйленсе, Меңдікерей сұлтанның бәйбішесі Ұлпеш Құлман Қарабаевтың қызы. Ал Жантөре хан Айшуақұлы Қарабайдың Меңді атты қызын алған. Орынбор мұсылмандары діни басқармасының тұңғыш мүфтиі Мұхамеджан Хұсайыновтың Қарабай сұлтанның Қаракөз деген қызымен 1800 жылы 1 тамызда Орынборда өткен неке қию рәсіміне қазақ қоғамының барлық билеушілері қатысқан. Бұған қоса М. Хұсайынов түріктің Анапа бекінісінен шыққан Кәрима бике Жұмалықызына үйленіп, одан туған Фатима тоташ Жәңгір ханның жұбайы болды. Бөкей ханның үлкен ұлы Тәуке сұлтан Жібек Қарабайқызымен отбасын құрса, Бөкейдің Қазына деген қызына Қарабай немересі Бажақ Қасымұлы үйленген.

Өзінің туған ағасы Батырұлы Қайып ханның 1758 жылы Хиуадан кетуінен соң Қарабай сұлтан төрт айдай уақыт Хиуаның хан тағына отырған. Академик В. Бартольдтың зерттеуінше, Хиуада хандыққа отырған Қайыптың інісі Абдолла, сондай-ақ түрікше Қарабай есімін иеленген [Бартольд В. К истории орошения Туркестана. – С.-Петербург: Типография «Сельского Вестника», 1914. 111-б.]. Қарабайдың хан атануы осымен байланысты. Оның Әбілқайыр ханның кенже қыздарының біріне (Айдархан ханым деп те айтылады – Ж. А.) үйленіп, Нұралы ханға күйеу бала болуы, әкесі Батыр хан басқарған Әлімұлы руларынан Байұлы руларына, яғни Нұралы хан ұлысына келуіне ықпал еткен. Бұл жерде Қарабай сұлтан шеркеш руын басқарды. Ел аузында сақталған әңгімелер бойынша, XVIII ғасырдың екінші жартысында шеркеш руының старшыны Тұрмамбет бидің қолдауымен Қарабай осы руға хан сайланды [История киргизских султанских родов // Астраханские губернские ведомости. – 1898. – №4. 3-б.]. Қарабай сұлтан өз әулетімен (27 ұлы болған) 1802 жылы Бөкейдің соңынан ішкі тарапқа бет бұрса, кейін 1810 жылдың басында түпкілікті өтіп, сол жылдың жазында өмірден озды. Бұл жөнінде Бөкей сұлтан 1810 жылы 11 тамызда Орынбор коменданты полковник А. Тарарыкинге хабарлаған. Алматы мұрағатындағы осы құжатқа қарамастан тарихшы И. Ерофеева соңғы еңбегінде Қарабайдың қайтыс болуын негізсіз 1822 жылдан кейін деп көрсетеді. Бүгінде өздерін «Қарабай төреміз» дейтін ұрпақтары бабалары табан тіреген бөкейлікте, Қазталов ауданында өмір сүруде.

Жәңгір хан қай жылы туған?

Қарабай тұқымы Атан ханымнан дүниеге келген Жәңгір Бөкейұлының туған жылы туралы да бірыңғай пікір жоқ. 1826 жылы қазан айында Жәңгірді көрген Қазан университетінің профессоры Фукстің сөзінше, хан 24 жаста болған. 1834 жылы ханға бар-ған Гебель сол кезде Жәңгірдің 30 жас шамасында болғанын айтады. 1837 жылы Ордада болған Казанцев ханды 40 жас шамасында деп анықтаған. Ханыков пікірінше, Жәңгір немере ағасы Шығайдың 1822 жылдың соңында өзіне таққан жаласынан ақтала отырып, өзінің кәмелеттік жасқа жеткендігін алға тартып, Орданы басқаруға рұқсат сұраған. Осы деректерді жан-жақты саралаған зерттеуші И. Иванов хан замандастарының мәліметтері 1815 жылы шілде айында Жәңгірді 14 жаста деген анасы Атан ханымның мәліметімен айтарлықтай сәйкес келмейтінін айтып, Бөкей ханның ұлы Жәңгірдің туған уақытын нақты анықтау қиын деп жазды [Иванов И. Джангер, хан внутренней Киргизской орды. – Астрахань, 1895. В сб. Букеевской Орде 200 лет. Книга 2. – Алматы: «Өлке», 2001. 8-9 бб.]. Тәуелсіздік жылдары да Жәңгір хан тарихына қалам тартқан тарихшылар ортақ пікірге келе алмады. «Жангир хан (1801-1845 гг.)» атты еңбегінде тарихшы Ж. Қасымбаев 1801 жы-лы туғандығын жазса, Б. Жанаев 1803/1804 жылы, И. Ерофеева 1804 жылы дүниеге келген дейді. Бүгінде басына қойылған құлпытастағы арабша жазуды оқып, талдаған Жаңақала аудандық мешітінің имамы Мұратбек қажы Жахатов 1845 жылы 11 тамызда 42 жасында фәниден озған Жәңгір ханның 1803 жылы дүниеге келгенін анықтап берді [Т. Кенжеғалиев Құлпытастың құпиясы // Алаш айнасы. – 2012. – 21 сәуір. – №68 (750). 5-б.]. Мұны мұрағат деректері де қуаттайды. 1837 жылы 3 сәуірдегі қызметтік тізімінде Жәңгір хан 34 жаста делінген. Ал келесі 1843 жылы 31 қаңтардағы қызметі туралы жазбада 39 жаста деп берілуінің өзі дұрыс болатын [ҚРОММ. 4-қ., 1-т., 1607-іс, 6-п.,; 78-қ., 4-т., 178-іс, 131-п.]. Себебі, ол кезде қазақтар жыл басы наурыз айынан соң өздеріне бір жас қосатын. Егер наурыздан кейін сұраса, хан өзін 40 жастамын деп көрсетер еді. И. Казанцевтің анықтауынша, Жәңгір хан 1845 жылы 11 тамызда кешкі сағат 6 ½ шамасында 42 жасында Торғын бойындағы жаз жайлауында жүйке қызбасынан бақилық болған [Казанцев И. Описание киргиз-кайсак. – СПб.: Типография Товарищества «Общественная польза», 1867. 220-б.]. Осыған орай алдағы уақытта Жәңгір хан 1803-1845 жылдары өмір сүрді деген тоқтамға келу керек.  Ал Жәңгірдің әкесі Бөкейдің басына орнатыл-ған құлпытастың бүгінге жетпеуі ханның 1815 жылы неше жасында өмірден озғанын және нақты қай жылы туғанын анықтауға мүмкіндік бермей отыр. Міне, сондықтан да қолымызда қандай да бір құжаттық деректің болмауына байланысты Бөкейдің туған жылын тұспалдап айтуға асығыстық жасамаған жөн. Себебі келешекте мұрағат құжаттары арасынан ол жайлы мәліметтердің табылуы ғажап емес. Оның үстіне Ә. Сарай, Ө. Әлімгереев секілді жазушылар Бөкей ханның шикі судан жұғатын бөсір дертіне шалдығып, санаулы күн ғана ауырып, көз жұмғанын жазады. Бұл арада Бөкей хан өлімін Орынбор әскери губернаторы Г. Волконскийге хабарлаған Астрахан казак полкінің командирі В. Скворцовтың 1815 жылы 26 мамырдағы рапортында келті-рілген «будучи одержим водяною болезнью» деген сөзі негізге алынған [ОрОММ. 6-қ., 10-т., 1286-іс, 1-п.]. Шын мәнінде, бөсір ауруының орысша мағынасы аскаридоз болса, «водяная болезнь (водянка)» деген аурудың қазақ тіліндегі аудармасы шемен деп берілген. Шемен – денеге ұйыма сұйықтық, яғни сарысу пайда болудан болатын ауру. Анықтамасын келтірсек, шемен – қан мен лимфа сұйығының қалыптан тыс көп бөлініп, ағза тініне қайта сіңуінің нашарлауынан тері асты май қабаттарына, тіндерге, буынға, органдарға сұйықтықтың (транссудаттың) жиналуы [https://kk.wikipedia.org/wiki/Шемен]. Сондықтан Бөкей хан денеге сарысу жиналудан пайда болатын шемен ауруынан дүниеден озған.

Тобықтай түйін

Түйіндеп айтқанда, бұл Бөкей хан тарихындағы таңдақтардың басы ғана. Өйткені оның өмірі мен қызметіне тереңірек үңіле түскен сайын ашылмаған ақтаңдақ беттер алдыңнан шыға береді. Мұның өзі «Халқына шекер шайнатып, бал ішкізген» Бөкей хан бітім-болмысының бүгінге дейін арнайы зерттелмеуімен байланысты. Ел жадында сауатты, ақылды, ұстамды адам кейпінде әдіптелген, қаншама жерді кейінгі ұрпағына аманаттап қалдырған, өз қаржысына Астраханнан астық пен түрлі жарма алдыртып, халқына таратқан, заманында «Байларға құба жайлатқан, Жарлыға мыңдап жылқы айдатқан», яғни жұртының мерейіне бөленген Бөкей ханның ел алдындағы еңбегін бүгінгі ұрпақтың толық танып, одан тағылым алуы үшін әлі де айтылмай һәм ашылмай жатқан тұстарына сәуле жүгіртіп, кеңірек насихаттау қажет.

Жәнібек АЛЛАЯРҰЛЫ,

М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың

аға оқытушысы,

тарих ғылымдарының кандидаты


Ақсайдағы жарылыс

Күні: , 219 рет оқылды

37877


Бейсенбі күні сағат 14.45-те  Ақсай қаласына кіреберістегі газ құю стансасында жарылыс болып, өрт шықты.


Өрт көп ұзамай сөндірілгенімен, одан 1958 жылғы және 1957 жылғы екі ер едам қатты зардап шегіп, Бөрлі аудандық орталық ауруханасына жатқызылды. Екеуінің де жағдайы аса ауыр.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы медициналық көмек көрсету бөлімінің бас маманы Ғалия Құлмұханованың айтуынша, олардың бірін 95 пайыз, екіншісін 75 пайыз күйік шалған. Жансақтау бөлімінде жасанды дем алу аппаратына қосылулы жатқандықтан, оларды әзірге облыстық ауруханаға жеткізу мүмкін емес. Облыстық клиникалық аурухана мамандары сол күні-ақ кеңес берсе, кеше санавиациямен комбустиолог (күйіктен емдеу маманы) пен реаниматолог жіберілді. Науқастардың жағдайын жақсарту бағытында барлық қажетті шаралар алынуда.

Елжан ЕРАЛЫ


Үміттер тоғысқан Рио

Күні: , 195 рет оқылды

Колик 13


Кеше төрт жылда бір рет төрткүл дүниенің назарын өзіне аударатын жазғы олимпиада ойындары басталды.


Бұған дейін бес жазғы олимпиадаға қатысқан еліміз ешқайсысынан жүлдесіз қайтқан емес. Сол ойындардағы жетістіктерімізді еске түсіріп көрейік. Тәуелсіз мемлекет ретінде алғаш рет жазғы ойындарға 1996 жылы қатысыппыз. Америка жерінде үш алтын, төрт күміс, төрт қола медаль иеленген спортшыларымыз жалпыкомандалық есепте 24-орыннан көрінді. Ол кезде алтын медальдарды бессайысшы Александр Парыгин, грек-рим күресінің шебері Юрий Мельниченко мен боксшы Василий Жиров иеленген болатын. Айта кетейік, Балқаштың барысы Василий Жиров олимпиада ойындарының үздік боксшысына берілер Вэл Баркер кубогын да елге алып келген-ді сол жылы. Одан кейін Сиднейде өткен ойындар қорытындысында үш алтын, төрт күміс еншілеп, командалық есепте 22-орынға көтерілдік. Осы 2000 жылы өткен ойындар елімізді әлемдегі бокс державасы ретінде танытқан еді. Бірден төрт боксшымыз финалға шығып, олардың екеуі алтын алғанда, қуанбаған қазақ болмады десем, артық айтқаным емес. Оған дейін де, одан кейін де боксшыларымыз Австралиядағы жетістігін қайталап көрмеді. Австралия төрінде алтынды Ольга Шишигина, Бекзат Саттарханов пен Атлантадағы қоласын алтынға айналдырған Ермахан Ыбрайымов мойындарына тақты. Жасыл құрлық ойындарына аттанар алдында Елбасының қолынан көк Туды алып тұрып, міндетті түрде алтын медальмен ораламын деген уәдесін орындаған Ермахан ағамыздың ерлігі әр қазақтың есінде. Сиднейден соң Грекия астанасы Афинада өткен ойындарда медаль санын көбейткен спортшыларымыз алтын алуға «асықпады». Ол жылы асыға күткен алтынымызды сол олимпиаданың соңғы күні боксшымыз Бақтияр Артаев алып берді. Онымен қоса Вэл Баркер кубогын тағы да біздің боксшы еншіледі. Афина ойындарында бір алтын, төрт күміс, үш қоламен жалпы есепте 40-орынға табан тіредік. Кейін олимпиада алауын шығыстағы көршіміз тұтатты. Бейжің ойын-дарында екі алтын, төрт күміс, жеті қола еншілеп, 29-орыннан көріндік. Осы ойындарда еліміздің ауыр атлеттері өздерін жақсы қырынан танытты. Бұл үлкен жетістіктің басы ғана болатын.

Бейжің төрінде Әнұранымызды Илья Ильин мен Бақыт Сәрсекбаев шырқатты. Бұл ойындар қазақ есінде тағы бір жайтпен қалады. Ол – бірден екі қазақ баласының мінберде тұруы, бірі Қытай намысын қорғаған Қанат Ислам болса, бірі – біздің Бақыт. Араға төрт жыл салып Лондонға аттанған спортшыларымыз жеті алтын, бір күміс, бес қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте отандық олимпиадашылар 12-орынға тұрақтады.

Ойындардың алғашқы күнінен-ақ алтын медальдарды қанжығасына баса бастаған қазақ елінің спортшылары әлем назарын өздеріне аударды.  Александр Винокуров (велошабандоз), Ольга Рыпакова (жеңіл атлет), Илья Ильин, Майя Манеза, Зульфия Чиншанло, Светлана Подобедова (бәрі ауыр атлет) және Серік Сәпиев (боксшы) сияқты спортшыларымыздың жеңіс тұғырынан қол бұлғаған сәттерін жанкүйер қауым әлі ұмытқан жоқ. Араға жеті жыл салып, Серік Сәпиевтің Вэл Баркер кубогы қазақ еліне қайта оралды. Әзірге Лондон ойындары еліміз үшін ең нәтижелі олимпиада болып тұр. Енді Риода осы жетістігімізді қайталай  аламыз  ба?

Еліміздің атынан аттанған 104 спортшымыздың қайсысы қуантуы мүмкін? Әрине, ең басты үміт боксшыларымызда. Алғаш рет толық құрамда аттанған былғары қолғап шеберлеріміздің ішінде Біржан Жақыпов сияқты тәжірибесі толысқан шеберлер мен ересектер сынына енді қосылған Абылайхан Жүсіпов сияқты жас перілер де бар. Бабы келіскен әр боксшымыз олимпиада жүлдесіне таласа алады. Ал негізгі үміт аса ауыр салмақтағы Иван Дычко, 69 келідегі Данияр Елеусінов пен 81 келіде шаршы алаңға шығатын Әділбек Ниязымбетовке артылады. Бұдан бөлек бүкіләлемдік бокс сериясында қарсылас шыдатпаған Василий Левит пен әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлына да сенім артсақ болады. Сондай-ақ грек-рим күресінен әлем біріншіліктерінде қола алудың шебері (дүниежүзілік доданың үш мәрте қола жүлдегері) Нұрмұхан Тінәлиев пен еркін күресте өзін көрсете білген Дәулет Шабанбай да алысқа баруы мүмкін. Алмас Кебісбаев пен Досжан Қатықов, Гюзель Манюрова мен жерлесіміз Екатерина Ларионова сияқты палуандарымыз бен жүзуден Азия ойындарының чемпионы Дмитрий Баландин де «өліспей беріспейтіні» анық. Жеңіл атлетикаға келер болсақ, үмітті Ольга Рыпаковаға артамыз. Дзюдо күресінде Максим Раков пен Елдос Сметов те барын салатын болады.

Бұған дейінгі ойындарда алтыннан тау тұрғызған толағайларымыз да өз сөзін айтуы мүмкін. Иә, қазақ елінің жанкүйерлері Жазира Жапарқұл мен Нижад Рахимов және Маргарита Елисеевадан да жақсы нәтиже күтеді.

Үлкен спорттық жарыстарда күтпеген нәтиже де тіркеліп жатады. Ондай кереметті біздің спортшылар да көрсеткен. Ғасырлар тоғысында әлі таныла қоймаған 20 жасар Бекзат Саттарханов әлемді аузына қаратқаны ел спорты тарихында қалды емес пе? Сол сияқты жас талант Абылайхан Жүсіпов те алтыннан алқа тағып жатса, тақиямызға тар келмесі анық. Көркем гимнасшымыз Сәбина Әшірбаева жүлде салса, Әлия Жүсіпованың ғана емес, барша қазақ елінің арманы орындалған болар еді. Ауыр атлет Жазира Жапарқұл мен жеңіл атлет Гүлжанат Жанатбек қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы атануына кім қарсы?!? Қалай десек те, біздің қолымыздан келетіні – үміттену. Жақсы нәтижені тек спортшылардың өздері көрсетеді.

«Ал өңірімізден олимпиадаға кімдер барады?» деген сұрақ тууы мүмкін. Оның да жауабы бар. Биыл облысымыздан бес спортшы Пеленің Отанына барады. Олар байдарка және каноэ есушілер Андрей Ергучев пен Алексей Дергунов, спорттық жүрісте бақ сынайтын ерлі-зайыпты Григорий Шейко мен Полина Репина, әйелдер күресінде бақ сынайтын Екатерина Ларионова. Бұл бестіктің ішінде жүлдеге Екатерина ғана таласуы мүмкін. Бірақ басқалары да турист емес. Бұған дейінгі олимпиадаларда облыс спортшылары арасында еркін күрес шебері Таймураз Тигиев 2008 жылы күміс медаль алып берсе, 2012 жылы тағы бір палуанымыз Даниял Гаджиев қола еншіледі. Өңірімізге алтын ғана жетпей тұр. Иншалла, ол да болып қалар.

Баласы атқа шапса, үйде отырып тақым қысатын халықпыз ғой. Ел намысын арқалап, мұхит асқан спортшыларымызға жаппай қолдау білдірейік, ағайын!

Түгелбай  БИСЕН,

Зеленов  ауданы


Ешбір сауал назардан тыс қалмайды

Күні: , 190 рет оқылды

DSCN2345[1]новый


«Нұр Отан» партиясының Зеленов аудандық филиалы облыстық мәслихат депутаттарының көшпелі қоғамдық қабылдауын өткен аптада Дариян ауылында ұйымдастырды. Облыстық мәслихаттың депутаты Иван Енютиннің қатысуымен өткен қоғамдық қабылдауға «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы қоғамдық қабылдау кабинетінің меңгерушісі Гауһар Шайхиниязова, аудандық мәслихаттың хатшысы Рамазан Исмағұлов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Дүзбатыров, сондай-ақ коғамдық кеңес,  ардагерлер кеңесінің мүшелері, ауыл белсенділері, шағын және орта кәсіп иелері қатысты.


Қоғамдық мәселелерді қаузаған жалпы отырыста аудандық мәслихаттың хатшысы Рамазан Исмағұлов ауданда мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарылып жатқан жұмыстар жайын сөз етті.

— «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы ауданға бөлінген 258 млн. теңге қаражат жылдар бойы тұрғын үй салу үшін жер кезегінде тұрған 560-тан астам тұрғынға берілетін жер телімдеріне инфрақұрылым тартуға бағытталды. Трекин округіне қа-расты Володар ауылы маңынан берілетін аймаққа электр желісі, аудан орталығынан бөлінген жер телімдеріне электр желісі мен ауыз су тарту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа Рубежин ауылдық клубы, Переметный мектебі күрделі жөнделсе, Озерный ауылынан 48 орынға шақталған мектеп құрылысы басталды. Садовое және Зеленый елді мекендерінің тұрғындарын қала орталығымен Шаған өзені арқылы байланыстыратын, жалпы құны 92 млн. теңге болатын екі аспалы (ванттық) көпір құрылысы да басталмақ. Аудан орталығында орталық стадион мен алаң жаңғыртылып, мектептер мен ауылдық клубтарға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ауыл-аймақты абаттандыру жұмыстары әр округте «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы негізінде іске асырылуда, — деген ол бөлінген қаражат-тың тиімді әрі мақсатты игерілуі партия тарапынан қатаң бақылауда екендігін жеткізді.

Облыстық мәслихаттың депутаты И. Енютин өзінің сайлауалды бағдарламасында жоспарланған жұмыстардың орындалу ретін баяндап өтті.

— Қазір Трекин, Володар, Дариян, Озерный, Рубежка, Красноармейск, Раздольный, Кирсанов, Январцев ауылдарын облыс орталығымен жалғайтын «Орал – Кирсанов» тас жолы жөнделуде. Мемлекеттік «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы арқылы несие алған тұрғындар өз кәсіптерін ашып, жаңа жұмыс орындары құрылуда. Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдымызға қойған міндеттерін орындауда халықтың мұң-мұқтажын ұдайы назарда ұстап, мәселелерінің оң шешілуіне қол-дан келгенше ықпал етудеміз, — деген депутат Чувашка, Достық ауылдарынан көң-қоқыс павильоны жасақталып, Володар мектебін оңтайландыру мәселесінің түбегейлі шешілгендігін атап өтті.

– Облыстық филиалдың қоғамдық қабылдауына тұрғындардың көптеп келуі ауылдық деңгейде шешімін күткен мәселелердің әлі де баршылық екендігін аңғартады. Негізінен өңір тұрғындарын жеке үй салуға жер телімін беру, жұмысқа орналастыру, әлеуметтік қолдау білдіру мәселесі алаңдатады. Тұрғын үй салуға жер телімін беру ісі биыл Зеленов пен Бөрлі аудандарында шешімін табуда және бұл бағыттағы жұмыстардың алдағы уақытта жалғасын табатыны бізді ерекше қуантады. «Нұр Отан» партиясының алға қойған негізгі міндеттерінің бірі – Елбасы ұсынған «100  нақты  қадам» Ұлт жоспарын уақтылы жүзеге асыру, «Нұрлы  жол»  бағдарламасы арқылы Ұлттық қордан бөлінген қомақты қаражаттың тиімді әрі мақсатты игерілуін қадағалау. Бұл жұмыстарға аудандық мәслихат депутаттары белсенділікпен атсалысуда, — деген Гауһар Жәрдемқызы қатысушыларға мазалаған сұрақтарымен кез келген жұмыс күні облыстық филиалдың 24-44-77 телефонына хабарласуын қаперлеп өтті.

Партияның аудандық филиалының бірінші жартыжылдықта атқарған жұмысына қысқаша тоқталған Нұржан Тоғызбайұлы Дүзбатыров сайлауалды бағдарламада межеленген міндеттердің орындалу барысын түйіндеп, аудан басшылығы, мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдары төрағалары, салалық бөлім-мекеме басшыларымен жоспарлы жүргізілетін қоғамдық қа-былдауларға халықтан түсетін өтініш-талаптардың қаралуын баяндады.

Басқосуда еңбек ардагерлері Р. Бабақожа мен Н. Калашникова ауылды абаттандыру ісіне халық болып жұмылудың қажеттігін сөз етсе, Сұлукөл ауылдық қоғамдық кеңесінің төрағасы С. Сәрсенғалиев ауылға барар жолдың жөнделуіне депутаттардың ықпал етулерін талап етті. Сонымен қатар қоғамдық қабылдауда Макаров округіне қарасты Садовое ауы-лындағы электр қуатының тапшылығы, ауылішілік жолдарды қалыпқа келтіру қажеттігі айтылды.

Көтерілген мәселелердің оң шешімі рет-ретімен табылатынын жеткізген депутаттар ешбір сауалдың ескерусіз қалмайтынына сендірді. Жеке сұрақпен келген тұрғындарды арнайы қабылдаған депутат И. Енютин мен облыстық филиалдың өкілі Г. Шайхиниязова әр мәселенің шешімі бойынша жауап берілетінін алға тартты.

Нұрәлі ЖАПАҚ,

Зеленов ауданы


ҮЕҰ-ның қызмет аясы кеңеймек

Күні: , 210 рет оқылды

Собес3


Жақында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік және мемлекеттік емес секторда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін дамыту» атты тақырыпта семинар-кеңес өтті.


Бұған қала және аудандар әкімдерінің орынбасарлары, қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшылары, үйде әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінің мамандары, үкіметтік емес ұйымдар және БАҚ өкілдері қатысты.

Семинар жұмысын облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ділдәш Исқақова жүргізді.

— Қазіргі таңда ҚР «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» заңына сәйкес елімізде әлеуметтік қызметтер жүйесіне реформалау жүргізілуде. Мемлекеттік, жеке және үкіметтік емес секторларда стационар, жартылай стационар жағдайында және үйден әлеуметтік қызмет көрсету, белгілі тұрағы жоқ тұлғаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандарттары кезең-кезеңімен енгізілуде. Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетудің жаңа, баламалы нысаны – үкіметтік емес ұйымдарда (бұдан әрі ҮЕҰ-да) арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету болып табылады. Біздің басқармада 2010 жылдан бастап мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде үкіметтік емес ұйымдарда арнаулы әлеуметтік қызмет бойынша сатып алу өткізіліп келеді. Бүгінгі күні Орал қаласы бойынша Батыс Қазақстан облыстық мүгедек балалардың «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігі психоневрологиялық ауруы бар 20 баланы, Сырым ауданы бойынша «Нұр шуағы» қоғамдық бірлестігі психоневрологиялық ауруы бар 10 баланы жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызметпен қамтып отыр. Осы семинар-кеңес арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге үкіметтік емес ұйымдарды тарту мақсатында өткізіліп отыр, — деді ол өз сөзінде.

Бұдан кейін сөйлеген аталмыш басқарманың медициналық-әлеуметтік мекемелердің жұмысын үйлестіру бөлімінің басшысы Е. Доспаев интеграциялық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетудің жүйесін дамыту бағытындағы жұмыстардың сапасын арттыру туралы баяндады.

Заңға сәйкес жетімдік жағдайына байланысты ата-ананың қамқорлығынсыз қалғандар, қадағалаусыз қалған кәмелетке толмағандар, оның ішінде девианттық мінез-құлық иелері, ерекше режімде ұстайтын білім беру ұйымдарындағы кәмелетке толмаған балалар, туғаннан бастап психофизикалық даму мүмкіндіктері шектелген үш жасқа дейінгі балалар, дене немесе ақыл-ой мүмкіндіктеріне байланысты ағза қызметтері тұрақты бұзылған жандар, әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулардың салдарынан тыныс-тіршілігі шектелген адамдар, жасының егде тартуына байланысты, ауруы және (немесе) мүгедектігі салдарынан өзіне-өзі күтім жасай алмайтындар, әлеуметтік бейімсіз-дікке және әлеуметтік депривацияға әкеп соқтырған қатыгездік жағдайындағы адамдар, баспанасыздық (белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар), бас бостандығынан айыру орындарынан босағандар, қылмыстық-атқару инспекциясы пробация қызметінің есебінде болу негіздері бойынша өмірлік қиын жағдайда қалғандар арнаулы әлеуметтік қызметке мұқтаж болып танылады. Арнаулы әлеуметтік көмек психоневрологиялық ауытқулары бар мүгедек балаларға, тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балаларға, психоневрологиялық аурулары бар 18 жастан асқан мүгедектерге, бірінші, екінші топтағы мүгедектерге және егде жасына байланысты өзіне қызмет көрсетуге мүмкіндігі жоқ адамдарға көрсетіледі. Арнаулы әлеуметтік қызметке мұқтаж өмірлік қиын жағдайда жүрген адам тұрғылықты жері бо-йынша жоғарыда аталған стандартта көрсетілген құжаттармен жергілікті атқарушы органға жүгінеді.

Бүгінде облыс бойынша тоғыз медициналық-әлеуметтік мекеме жұмыс жасайды. Олар стационарлық үлгідегі сегіз медициналық-әлеуметтік мекеме және жартылай стационарлық үлгідегі «Шапағат» балалардың күндіз болуына арналған медициналық-әлеуметтік мекемесі. Сонымен қатар облыста 33 үйде әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшелері, белгілі тұрағы жоқтарға арналған әлеу-меттік бейімдеу орталығы және үкіметтік емес ұйымдар арқылы мұқтаж тұлғаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі, — деген Е. Доспаевтың сөзін облыстық ішкі саясат басқармасы саяси партиялармен және ҮЕҰ-мен жұмыс бөлімінің бас маманы Е. Рахматуллин одан әрі жалғастырды. Оның сөзінше, Ұлт жоспарының 97-қадамын жүзеге асыру барысында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің құзыретіндегі ҮЕҰ салалары бойынша мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыстарды іске асыру мониторингісін және әлеуметтік тапсырыстарды қалыптастыратын тақырып жобалар, атаулар немесе лот-атауларды ҮЕҰ-ға немесе екінші секторларға беру қарастырылуда.

— Жоғарыда аталған мемлекеттік функциялар ҮЕҰ-ға 2017 жылдан бастап біртіндеп берілмек. Бұл функциялар бәсекеге қабілетті ортаға берілу үшін мемлекеттік функциялардың алдын ала жасалған тізіміне енгізілді. Қазіргі таңда біздің басқарма тарапынан ҮЕҰ-ға жоғарыда айтылған екі функ-цияның берілуі көзделіп отыр. Сондықтан аталған функциялардың бір бөлігін 2017 жылдан бастап аукцион механизмімен Үкіметтік емес секторға беруді ұсынамыз. Сондай-ақ ҮЕҰ-ның аккредитациялау процедураларын енгізу қажет деп санаймыз. ҮЕҰ-ны аккредитациялауды Қазақстандағы қолданыста жүрген тәжірибеге сәйкес жеке кәсіпкерлік субъектілерін, спорттық федерацияларды аккредитациялай отырып жүргізген жөн. Бұдан басқа мемлекеттік сектордың әлеуметтік қызмет көрсету құқығын ҮЕҰ-ға беру ісіндегі халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, ҮЕҰ-ның талап-шарттарын енгізуді ұсынамыз. Бірінші шарт бойынша ҮЕҰ-ның қабілеттілігін растайтын құжаттардың, жарғылық құжаттардың болуы керек. Екіншіден, ұсынылатын әлеуметтік қызметтердің мақсат-міндеттеріне ҮЕҰ-ның Жарғылық мақсаттары міндетті түрде сәйкес келуі тиіс. Үшіншіден, ҮЕҰ-ның ұйымдастырушы құрылымы, яғни ұйымның штаттары болуы тиіс. Төртіншіден, ұйымның стратегиялық жоспары және нақты мемлекеттік қызмет көрсету бойынша жоспары болуы керек. Бесіншіден, ресурстарды тиімді басқару, бухгалтерлік байланыстың куәліктері, басшылық пен қызметкерлердің оқытылуы туралы, яғни біліктілікті көтеру жөніндегі сертификаттар болуы тиіс. Сондай-ақ аталған ұйымды мониторингтеу және бағалау жұмысы енгізілуі керек. Бұған қоса ҮЕҰ-ға бөлінетін сенімділік деңгейінің болуы қажет және ол қоғамға танымал ҮЕҰ-ның қатарында болуы тиіс. Сонымен қатар мақсатты топтардың ұсынымдары және БАҚ-та жарияланымдары болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асырушы ҮЕҰ шынайы болуы керек және ол өз жұмысына есеп бере білуі шарт. Ағымдағы жылдың 19 ақпанындағы ҚР Мәдениет және спорт министр-лігінің №51 бұйрығына сәйкес ҮЕҰ-ның жеке қоры (база данных) жасақталды. Соған сәйкес болашақта мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысқа қатысу үшін әрбір үкіметтік емес ұйым осы ҮЕҰ-ның жеке қорына тіркелуге міндетті. Егер ҮЕҰ осы аталған дерек-қорға тіркелмеген болса, онда олардың 2017 жылдан бастап мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысқа қатысу жұмысында кедергілер туындайды. Сондықтан өңіріміздегі барлық ҮЕҰ-ның осы аталған дерекқорға өз мәліметтерін беріп, осы қазірден тіркелгені дұрыс, — деген облыстық ішкі саясат басқармасының өкілі өздерінің биылғы наурыз айынан бастап осы жұмысты қолға алғандарын айтты. Оның сөзінше, бүгінгі таңда еліміз бойынша 18-20 мың ҮЕҰ бар. Біздің облыста ағымдағы жылдың 25 шілдесіне дейін 671 ҮЕҰ тіркелген. Соның тек 120-сы ғана ҚР ҮЕҰ-ның дерек қорына тіркелген.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


Медиация институттарын дамыту – ассамблея қызметінің жаңа бағыты

Күні: , 199 рет оқылды

IMG_8821


«Медиация күні» республикалық акциясы аясында «Медиация институтының дамуы» атты форум өтті. Қаламыздағы Достық үйінде өткен шараға облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов қатысты.


Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген Қазақстан халқы ассамблеясының 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасына сәйкес Қазақстан халқы ассамблеясы қызметінің жаңа бағыттарының бірі елдегі медиация институттарын дамыту болып табылады. Ағымдағы жылдың 30 маусымында Қазақстан халқы ассамблеясы мен Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты елімізде медиация институтын дамыту жайлы меморандумға, сонымен қатар меморандумды жүзеге асыру бойынша іс-қимыл жоспарына қол қойды. Біз бүгін Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан халқы ассамблеясы аясында барлық аудандарда, ауылдық округтерде және ірі кәсіпорындарда «Медиация күні» республикалық акциясын өткізіп отырмыз. Ондағы мақсат – медиация институттарын Қазақстан халқы ассамблеясы жұмысының негізгі бағыттарының бірі ретінде қарастыра отырып, оны шиеленістер мен дауларды шешудің әдісі ретінде насихаттау, келіспеушілік пен дауларды шешудегі табыстыру процедураларының тиімділігін түсіндіру болып табылады, — деді облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов жиынды ашқан кіріспе сөзінде.

Форумда облыстық соттың төрағасы Бек Әметов, Қазақстан халқы ассамблеясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов, кәсіби медиатор Дархан Қабиев даулы мәселелерді шешудегі, бейбітшілік пен келісімді сақтаудағы медиацияның маңызы жайында баяндамалар жасады.

– Медиация ғасырлар бойы бейбітшілік пен келісімді орнықтыру мақсатында қолданылғаны мәлім. Бүгінгі таңда, бүкіләлем-дік тәжірибе медиацияның ірі бизнестерден бастап, отбасылық дау-жанжалдарда, үй шаруашылығына байланысты дүниені бөлісу мәселелерінде қолданылатынын дәлелдейді. Халықаралық санаққа жүгінетін болсақ, медиация арқылы бүкіл келіспеушіліктердің 30-40 пайызы қаралса, оның 85 пайызы ойдағыдай нәтижеге ие болады. Медиация достық қарым-қатынастарды сақтап қалумен қатар абыройға кір келтірмеуге мүмкіндік беретіні сөзсіз. Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясының Достық үйлерінің базасында, селолық әкімдіктер жанында медиация кабинеттері ашылып, бірқатар жұмыстар қолға алынды. Бұл бағытта алда атқарылар істер көп. Сол жоспарланған жұмыстардың пәрменділігін арттыру – бүгінгі кездесудің басты мақсаты, – деді Ғайса Хамидоллаұлы өз баяндамасында.

Шара барысында «Татулас» медиация орталығының кәсіби медиаторы Дархан Хабиев, Батыс Қазақстан облысының әділет департаменті бастығының орынбасары Хамидолла Құсдәулетов, «Медиация дамыту орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша өкілдігінің директоры, кәсіби медиатор Қатира Құлмағамбетова медиация саласындағы белсенді жұмыстары үшін облыс әкімінің алғысхатымен марапатталды.

Аталмыш акция аясында қаламыздағы Достық үйінде, «Батыс су арнасы» АҚ-да, сондай-ақ аудандарда, ауылдық округ әкімдіктерінде барлығы 144 медиация кабинеті жұмыс жасады. Онда тұрғындар өздеріне қажетті құқықтық мәселелер бойынша кеңес алды.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Суретті түсірген

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика